Latin Common Turkic

Айлакер Идальго Ламанчалық Дон Кихот Орыс Тілінен Аударған Құрманғазы Қараманұлы - II - 40

Total number of words is 3938
Total number of unique words is 2200
33.3 of words are in the 2000 most common words
47.0 of words are in the 5000 most common words
53.5 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
— Жә, жетер сізге, сеньор! — деді Санчо. — Қой, қоразым, үйдеме, тіліңе шыққыр түйнеме, дейді мұндайда, сондай-ақ, дүние — кезек, деген сөз де бар, ана бір ұрыс-қағыс, айтыс-тартысқа бола түңіліп-тұнжыраудың қажеті жоқ, себебі бүгін жатып қалған адам ертең қайта бас көтереді, егер тек өзі төсектен тұрғысы келмей жүрмесе, — яғни, күдері үзіліп, жаңа айқасқа жүрегі дауаламай жүрмесе, дегенім ғой. Ал сіздің, тақсыр, дон Грегорьомен жүздесу үшін қазір енді тұруыңызға тура келеді: үйдің ішінде абыр-сабыр басталып жатыр, шамасы, ол келіп те қалған шығар.
Айтқандай-ақ, діннен безген екеуі вице-корольге жолығып, барып қайтқан сапары жайында баяндап бергеннен кейін, Ана Фелиспен тезірек жүздесуге ынтық болған дон Грегорьо діннен безгенді ертіп Антоньоның үйіне жетуге асыққан-ды; Алжирден дон Грегорьо әйел киімімен шыққан, алайда жолда өзімен бірге қайтып келе жатқан бұрынғы тұтқынмен киім ауыстырған, — айта кетерлігі, қандай киім кисе де жұрт оған еріксізден еріксіз таңдана, сұқтана қарап қалатын әрі құрметтейтін, өйткені керемет келбетті еді, ал түріне қарап он жеті - он сегізде деуге болатын. Рикоте қызымен екеуі оның алдынан шықты, әкесі — көңілі босап кемсеңдеп тұрды, қызы — әдептен аттамау мақсатында сырттай барынша сабырлы болды. Дон Грегорьо мен Ана Фелис көрген бойда құшақтаса кеткен жоқ, өйткені шынайы сезім күйіп-жанып лапылдағанды жөн көрмейді. Дон Грегорьоның келбеттілігі мен Ана Фелистің әдемілігінің құп жарасуы сол араға жиылған қауымды қайран қалдырды. Екі ғашықтың бір-біріне ләм деп тіл қатпауы жан сырларын айтпай-ақ әйгілеп, қуанышты да бейкүнә арман-ойларын ауыздан шыққан сөз емес, көз жанары паш етіп тұрған. Діннен безген дон Грегорьоны азат ету үшін қандай айлакерлік амал қолданғанын әңгімелеп берді; дон Грегорьо болса, өз тарапынан, әйелдер арасында тұрған кезінде қандай қатерге бас байлағанын баян етті, — егжей-тегжейіне бармай, қысқаша түрде ғана айтты, ерте есейіп, ақыл тоқтатқандығы осының өзінен-ақ анық байқалған-ды. Одан соң Рикоте діннен безгенмен және ескекшілермен есеп айырысып, оларға мейлінше жомарттықпен сыйақы төледі. Діннен безген шіркеумен қайта табысты, шіркеу аясына қайта оралып, күнәдан арылу мен епитимьядан өткен соң, оның азғын да арамза мүшесі атағынан құтылып, қайтадан сау-сәлемет әрі пәк-таза мүшесіне айналды.
Екі күннен кейін вице-король дон Антоньомен бірге Ана Фелис пен әкесінің Испанияда қалуы үшін не істеуге болатыны жайында кеңес құрды; вице-король де, дон Антоньо да христиандыққа осынша шын пейілімен берілген қыз бен оның, шамасы, дәл сондай пиғылдағы ізгі ниетті әкесінің осында қалғанынан ешкімге ешқандай зиян келмейді, деген ойда болатын. Дон Антоньо бір шаруасына байланысты астанаға бармақшы екенін айтып, сол жерде өзінше әрекет жасап көруге ықылас білдірді, сөз арасында, жоғары лауазымды адамдардың көмегі мен тарту-таралғының арқасында астанада көп нәрсеге қол жеткізуге болатынын құлаққағыс етті.
— Жоға, бізге қатысты жағдайда жоғары лауазымды адамдар да, сол сияқты тарту-таралғы да дәрменсіз, — деді осы әңгімеге қатысып отырған Рикоте. — Жоғары мәртебелі ағзам бізді қуып шығу міндетін жүктеген қадірменді дон Бернардино де Веласкоға, Саласар графына, жалынып-жалбарыну да, уәде де, сыйлық та, адамның қайғы-қасіреті де әсер етпейді. Әдетте ол мейірімділік пен әділеттілік тұрғысынан әрекет етеді, алайда халқымыздың тәні ауруға шалдығып, іріп-шіріп бара жатқанын көргеннен кейін оған жұмсартатын май жағып әуре болмай, отқа қыздырылған темірмен қарып жатыр. Міне, өзінің әлеуетті иығына артылған ауыр да күрделі міндетті ол осылайша парасаттылық, алды-артын байқағыштық және ынталылық таныта отырып, сонымен бірге үрей тудыра отырып атқару үстінде, осы себепті біздің ықылас-ынтамыз, айла-шарғымыз бен қулық-сұмдығымыз оның көзін алдай алмайды, оның көзі нағыз Аргустың көзі, ешқайсымыздың осында қалып қоймауымыз, жасырынып қалмауымыз үшін, сөйтіп топырақ астына тығылған тамырдай қайта жапырақ жайып, қазіргі кезде түгелдей тазарған, біздің қауым төндірген қатерден қазіргі кезде толық құтылған Испанияда улы жемістерін қайта таратпас үшін бұл көздер қас-қағым сәтке де жұмылмайды. Даңқты Үшінші Филипп игілікті істі қолға алды және оны орындауды дон Бернардино де Веласко сынды адамға жүктеу арқылы керемет көрегендік жасады!
— Қалай болғанда да, әйтеуір қолымнан келгенше әрекеттеніп бағам, қалғанын көре жатармыз, — деп мәлім етті дон Антоньо. — Дон Грегорьо менімен бірге жүрсін, ата-анасын қуантсын, мұның хабар-ошарсыз ғайып болуы оларға аз қайғы әкелмеген шығар; Ана Фелис менің зайыбымның қасында, не монастырьда бола тұрар, ал енді мейірбан Рикотеге келсек, ана жақтағы әрекетімнен бір нәтиже шыққанша, оны сеньор вице-король паналата тұруға ризалық білдірер деп ойлаймын.
Вице-король дон Антоньо ұсыныстарының бәрімен түгел келісті, алайда дон Грегорьо олардың осындай шешім қабылдағанын естіп, донья Ана Фелисті қалдырып, жалғыз кете алмайтынын айтып азар да безер болды, бірақ соңынан, ата-анасымен көріскеннен кейін, дереу донья Анаға қайтып оралатын боп, қолқаға көнді. Ана Фелис дон Антоньо әйелінің қасында қалды, ал Рикоте вице-корольдің үйіне орналасты.
Сөйтіп, дон Антоньоның сапарға аттанар күні де келді; ал Дон Кихот пен Санчо болса, тек екі күннен кейін ғана жолға шықты, себебі аттан құлау зардабынан Дон Кихот әлі толық айыға қоймаған. Дон Грегорьо Ана Фелиспен қоштасқан шақтағы жылап-сықтаудың шетіндігі шексіз болды, еңіреп жылау мен күңірене күрсіну құлақ тұндырды. Рикоте дон Грегорьоға керегі боп қалар деп мың эскудо ұсынған, бірақ анау одан бас тартып, астанаға барған соң қайтарып беруге уәде етіп дон Антоньодан қарызға бар-жоғы бес эскудо сұрап алды. Ақыры бұл екеуі жүріп кетті, одан соң, әлгінде айтылғандай, Дон Кихот пен Санчо жолға шықты: үстіне жол киімін киген Дон Кихот — қару-жарақсыз еді, ал Санчо — жаяу болатын, себебі есекке сауыт-сайман артылған-ды.
LXҮІ тарау
Мұнда оқырман оқығанда, ал тыңдарман тыңдағанда мәлім болатын жайлар баяндалады.
Барселонадан аттанып бара жатқан Дон Кихот аттан құлаған жеріне көз кідіртіп, былай деп дауыстап жіберді:
— Осы жерде Троя болды! Осы жерде қоян жүректігім емес, тақсіретім абырой-даңқымды тәрк етті, осы жерде Фортуна маған қаншалықты құбылмалы екенін көрсетті, осы жерде ерен ерліктерім қадірін жоғалтты, тоқ етерін айтқанда, осы жерде бақытымның жұлдызы сөнді, енді ол ешқашан қайта жарқырамайды!
Мұны естіген Санчо былай деді:
— Айбынды жүректерге, мархабатты мырзам, жолы оңғарылған шақта асып-тасып қуанған, жолы болмаған шақта мейлінше төзімді болған жарасады және мұны өз басымнан білем: губернатор атанған кезімде керемет көңілді болғам, енді қазір жай әншейін жаяу атқосшыға айналғанымда да қайғы шегіп келе жатқам жоқ, себебі, естуімше, Фортуна дегеннің өзі — масқұмар әрі бәлеқұмар қатын көрінеді, оған қоса, оны соқыр деседі: не істеп, не қойғанын көрмейді екен, кімді көкке көтеріп, кімді тақырға отырғызғанын білмейді екен.
— Сен өзің әжептәуір философсың, — деді Дон Кихот, — ой-пікірлерің өте орынды, кімнен үйреніп алғаныңды қайдам. Дегенмен, айтып қойғаным артық болмас деп ойлаймын, дүниеде Фортуна дейтін атымен жоқ, ал өмірде өзіміз куә боп жүрген оң немесе теріс істерді алсақ, бұлар кездейсоқ түрде емес, аспанның айрықша пәрмені бойынша туындап жатады: “Әркім өз бақытының ұстасы” деген баршаға мәлім нақыл осыдан шыққан. Мен де өз бақытымның ұстасы болғам, бірақ тиісті дәрежеде парасаттылық көрсете алмадым, мені өпіремдік құртты: өйткені, көтерем Росинантым Аппақ Ай Рыцарының әйдік те әлеуетті атына шыдас бере алмайтынын түсінуге тиіс едім ғой. Бір сөзбен айтқанда, мен тәуекел еттім, жүрексініп, жалтақтамадым, әйтсе де мені аттан түсіріп кетті, алайда ар-намыстан айрылғаныммен, есесіне, сертіме адалдығымнан көрініс беретін ізгі қасиетімнен айрылғам жоқ және айрылуға тиіс те емес едім. Батыл да өжет, жаужүрек кезбе рыцарь шағымда шын мәнінде кім екенімді қайрат-күшіммен, ерліктеріммен дәлелдеп бергем, енді міне, қарапайым идальгоға айналған шағымда, мен уәдемді орындап шығам және сол арқылы айтқан сөзде тұра білетін адам екенімді дәлелдеп берем. Сонымен, енді тарт алға, достым Санчо: бұл сынақ жылын біз үйде өткіземіз, қамақта жатып күш жинаймыз, сосын өмірбақи ұмытылмас, ешқашан естен кетпес әскери қарекетімізді қайтадан қолға аламыз.
— Сеньор! — деді Санчо. — Жаяу салпақтаған онша жағымды нәрсе емес және алысқа жаяу сапар шегуге де онша ынталы боп келе жатқам жоқ. Қанеки, сауыт-саймандарды қарақшы орнына ағашқа асып қояйық, сұр жорғамның үстіне жайғассам, аяғым жерге тимейтін болса, өзіңіз, тақсыр, талап еткен және белгілеп берген қандай жырақ сапарға да тарта беруімізге болады, ал, бірақ, алыс қиырларға жаяу-жалпылап жол шегу мен үшін мүлдем мүмкін емес нәрсе.
— Мынауың өте орынды әңгіме екен, — деді Дон Кихот, — сауыт-сайманымды әскери олжа ретінде іліп қояйық, ал астына немесе жанына бір жерге ағаштың қабығына Роландтың сауыт-сайманнан тұратын олжасына арналған сөзді жазып қояйық:
Роландты айқаста жеңе алғандар
Олжаға мынау кенелуге қақы бар.
— Қандай ғажап, — деді Санчо, — егер Росинанттың жолда қажеті болмаса, оны да іліп қойған жөн болар еді.
— Жоқ, — деді Дон Кихот, — Росинантты да, сауыт-сайманымды да ілудің қажеті жоқ, әйтпесе мен жайында жұрт: “Адал қызметіне айтқан алғысы осы ма?” дейтін болады.
— Мұныңыз көңілге қонады, тақсыр, — деп қоштай кетті оны Санчо. — Есектің кінәсін ерден көруге болмайды, деседі ақылды адамдар, болған іске кінәлі өзіңіз ғана, сондықтан жазаласаңыз өзіңізді жазалаңыз, өшіңізді қираған әрі қан жапқан сауыт-сайманнан да, қойдан жуас Росинанттан да алмаңыз, менің нәуетек аяғымды да аяңыз, шамасы жететін жерден арыға сүйретілуді одан талап етпеңіз.
Олардың бұл күні, сол сияқты одан кейінгі төрт күні де, осындай әңгіме-сұқбатпен өтті, бұл уақыт ішінде оларды жолда ештеңе кідірткен жоқ, ал бесінші күні бір елді мекеннің шетіне іліккен олар бекеттің жанында көп адамның топырласып тұрғанын көрді: бұлар мерекеге байланысты көңіл көтеріп жүрген әлеумет еді. Дон Кихот тобырға таянғанда шаруалардың бірі дауысын көтеріп былай деді:
— Мына екі сеньор осы қазір ғана келді, мұндағы ешкімді танымайды, дауымызды осы екеуінің біреуі шешіп берсін де.
— Мен дайынмын, — деді Дон Кихот, — қолымнан келгенше әділ төрелік жасайын, тек әуелі дау-шардың мән-жайына қанығайын.
— Әңгіменің мәнісі мынадай, жолаушы мырза, — деді шаруа, — біздің бір селоласымыз, — ол өзі өте семіз, салмағы он бір арроба тартады, — көршісін жаяу жарысқа шақырды, ал оның салмағы бар-жоғы бес-ақ арроба. Шарты бойынша, екеуі біп-бірдей жүкпен жүз қадам қашықтыққа жүгіруге тиіс. Жарысқа шақырушыдан жүкті қалай теңестіруге болады деп сұрағанда, анау: бес арроба тартатын жарыскер алты арроба темір арқалап алсын, дейтін көрінеді. Сонда семіз бен арықтың салмағы теңеседі: ол да, бұл да он бір арроба тартатын болады, депті.
— Жоқ, олай болмайды, — деп Дон Кихот жауап қатып үлгергенше сөзге Санчо қыстырылды. — Таяуда ғана губернатор әрі сот болғаным баршаға мәлім, ендеше сендердің дауыңа мен билік айтып, үкім шығаруға тиіспін.
— Олай болса, тіпті жақсы, достым Санчо, айта бер билігіңді, — деді Дон Кихот, — қазір менің бірдеңемен айналысарлық халым жоқ, ойым онға бөлініп, басым мың-дың боп тұр.
Рұқсат алған Санчо шаруаларға қарап сөйлеп кетті, ал аналар мұның үкімін естімекке оны айнала қоршап алып, аңқия тыңдап қалды.
— Ағайындар! Семіздің қойып отырған шартында ешқандай қисын жоқ және әділдіктен де мүлдем аулақ; ежелден қалыптасқан және барша жұртқа мәлім ереже бойынша, жекпе-жекке шақырылған адамның қару түрін таңдауға қақы бар, ендеше, семіздің көпе-көрінеу өзіне жеңілдік беретін, арықтың жеңіске жетуіне бөгет жасайтын қару түрін таңдауына жол бермеу керек. Сендерге айтарым мынау: арықты жарысқа шақырған семіз өз денесінің кез-келген жерінен, қай жеріне көңілі соқса сол арадан, өз етін өзі кесіп, тазартып, қырнап, қысқартып, алты арроба етті азайтсын, одан соң онда бар-жоғы бес арроба ғана салмақ қалады, сөйтіп ол қарсыласымен теңесіп, онымен біп-бірдей боп шыға келеді: себебі қарсыласы да дәл сонша тартады ғой, — міне, сөйтіп екеуі тең жағдайға жеткен соң, мейлі жүгіре берсін.
— Әй, қатырдың-ау, қара басқыр! — деп дауыстап жіберді бір шаруа Санчоның үкімін естіп. — Мына сеньор әулие сияқты сөз саптайды екен өзі, дау-шарға кез-келген канониктен кем билік айтпайды екен! Бірақ, мәселе басқада: семіздің өз бойынан алты арроба түгіл бір унция да ет кеспейтініне кепілдік беруге бармын.
— Мүлдем жүгірмей-ақ қойсын да олар, — деді екінші біреу, — арыққа босқа зорығып, семізге өзін-өзі пәршалап не басына күн туыпты, — одан да, қане, кепілдіктің жартысына шарап алайық, мына сеньорларды бір жақсы тавернаға шақырайық, сонымен әңгіме тәмам.
— Көптен-көп рақмет сіздерге, сеньорлар, — деді Дон Кихот, — мен қас қағым сәтке де кідіре алмайын деп тұрмын: көңілсіз ойлар мен қайғылы оқиғалар сыпайыгершілік сақтауыма жол бермей, асықтырып тұр.
Осыны айтып, Росинантқа шпорын қадаған ол әрмен қарай асты, ал шаруалар оның көзге ұрып тұрған сырт пішініне де, малайының парасат-пайымына да таңырқанбай қала алмады; айта кетер нәрсе, олар Санчоны шынымен-ақ малай деп қалған. Сол арада біреуі былай деді:
— Малайы осындай сұңғыла болса, қожайыны қандай болғаны! Егер олар Саламанкаға оқуға бара жатса, кейін бұлардың астаналық алкальд боп шыға келетініне кепілдік беруге бармын. Оқи бер, оқи бер — керегі тек осы ғана, қалғаны бос сандырақ; әрине, оған қоса, өзіңе біреудің қамқорлық жасағаны және жолың оңғарылғаны да керек-ақ: сөйтсең, күндердің күнінде қолыңа жезл ұстап шыға келесің, тіпті басыңа митра киюің де мүмкін.
Бұл түнді мырзасы мен малайы жазық далада, жел өтінде, ашық аспан астында өткізді, ал ертеңінде өз бағыттарымен кетіп бара жатқан бұлар қарсы алдарынан иығына дорба ілген, қолына жаяу хат тасушының міндетті жарағы — әлде шолақ найза, әлде қысқа сапты сүңгі ұстаған бір адамның келе жатқанын көрді; Дон Кихотқа жақындай берген ол адымын оқыс тездете түсті де, оған жүгіре басып жеткен бойы оң жақ санынан сүйіп алды, өйткені одан жоғарыға бойы жетпеген еді, содан соң шектен тыс қуанышқа кенелгендей кейіпте былай деп дауыстап жіберді:
— Аһ, сеньор Ламанчалық Дон Кихот! Жазғы сарайына сіздің қайтып келе жатқаныңызды білсе герцог, менің қожайыным, қандай керемет қуанар еді десеңізші! Өйткені, сеньора герцогиня екеуі әлі сонда тұрып жатыр ғой.
— Сізді танымай тұрмын, бауырым, — деп мәлім етті Дон Кихот, — кім екеніңізді өзіңіз айтып бермейінше бәрібір тани қоймаймын.
— Сеньор Дон Кихот! — деп жауап қатты шабарман. — Мен Тосилоспын, герцогтың, қожайынымның, малайымын, тап сол, ана жолы донья Родригестің қызына үйлену үшін өзіңізбен жекпе-жек айқастан бас тартқан жігітпін.
— Құдай шебер-ай, не деуге болар! — деп дауыстап жіберді Дон Кихот. — Апырай, сіз сиқыршылар, арам ниет жауларым, мені жеңімпаз атағынан айыру үшін, өзіңіз айтқандай, малайға айналдырып жіберген тап сол адамбысыз?
— Жә, неғыласыз ондай әңгімені, қадірменді сеньор, — деді шабарман. — Ол жерде ешқандай сиқыршылық жасалған емес, менің бетімде де ешқандай өзгеріс болған жоқ: аренаға малай Тосилос күйімде шыққам, айна-қатесіз малай Тосилос қалпымда одан жөнімді таптым. Айқасқа түспей-ақ үйлене салғым келген себебі қыз маған ұнап қалған, алайда бұл ойым орындалмады: өзіңіз қақпадан шығып үлгермей жатып қожайыным, герцог, айқас алдында өзіме арнайы берілген нұсқауды орындамағаным үшін маған жүз шыбық дүре салуға әмір етті; сөйтіп, бұл әңгіме былай аяқталды: қыз монахиня боп кетті, донья Родригес Кастильяға қоныс аударды, ал мені қожайыным Барселонадағы вице-корольге хат апаруға аттандырып жіберді. Ал енді шамалы жылылау болса да тәуір шараппен тамақ жібіткіңіз келсе, менде бір қауақ күшті шарап және қолма-қол шөл шақырып, шөліркете қоятын трончондық сүтсірненің бірнеше тілімі бар.
— Ұсыныс қабыл алынды, — деп мәлім етті Санчо. — Ырғалып-жырғалудың қажеті жоқ. Анау әлгі жат жерлік сиқыршыларға қасақана түрде қане, тартып жіберелік, мейірбан Тосилос!
— Олай болса, Санчо, — деді Дон Кихот, — дүниедегі ең араны ашылған ашқарақ және жер бетіндегі ең дауасыз делқұлы тап мына сен боласың да шығасың, өйткені мына шабарманның жадыланған жан екенін, оның жалған Тосилос екенін түсінуге шамаң жетпей тұр. Ендеше, қала бер сонымен, мелдектет қарныңды, ал мен аяңмен алға тарта берем, кейін қуып жетерсің.
Тосилос күліп жіберді де, қауағын, сүтсірнесін, домалақ етіп пісірген нанын алып шықты, сосын Санчо екеуі мәз-шат көңілде көк шөпке отыра кетіп, дорбадағының бәрін жылан жалағандай етті, сүтсірненің иісі бұрқырап тұрғандықтан тіпті хат салынған пакетті де жалап алысты. Тамақтанған соң Тосилос Санчоға:
— Достым Санчо, қожайының сау адамға ұқсамайды, ол жынды болуға тиіс, — деді.
— Ау, тиісің не? — деп айқайлап жіберді Санчо. — Ол ешкімге ештеңе тиіс емес, жұрттың бәрімен қолма-қол есеп айырысады, ал төлейтін тиын-тебені — таза есуастық. Мен мұны жақсы білем, өзіне әлденеше рет айттым да, бірақ одан не пайда? Ал енді қазір екібастан: өйткені, Аппақ Ай Рыцарынан жеңіліс тапқаннан кейін нағыз нәгүманға айналды ғой.
Тосилос мұның қалай болғанын сұрады, бірақ Санчо қожайынды күттіріп қоюдың ыңғайсыз екенін ескертіп, мұны тағы бір жолы, өздері әйтеуір бір кездескенде айтып бермек болды. Одан соң киімі мен сақалына жабысқан қиқымдарды қағып-қағып жіберіп орнынан көтерілді; Тосилоспен қоштасып, сұр жорғасын тепеңдетіп тартып кеткен ол ұзамай-ақ ағаш көлеңкесінде тосып тұрған қожайынын көрді.
LXҮІІ тарау
Дон Кихоттың бақташы болуға, сөйтіп жылдық мерзім өткенше маң далада тіршілік етуге қатысты ұйғарымы жайында, сол сияқты шын мәнінде жанға жағымды да ұнамды нәрселер жөнінде.
Жеңіліс тапқанға дейін Дон Кихотты алуан ой мазалайтын болса, күйрей жеңілгеннен кейін ондай ойдың қарамы тіптен молайып кетті. Бұрын айтылып өткендей, ол Санчоны ағаштың түбінде тосып тұрған, ал ойлары болса балға үймелеген арадай қаптап, оңдырмай шағып жатқан: бұлардың кейбірі Дульсинеяның жадысын қайтару жайын айналшықтаса, екіншілері амалсыз оқшаулануға тура келген кездегі тіршілігі жайын төңіректеп жүрген. Ақыры Санчо да келіп, Тосилос малайдың мырзалығын мақтай бастады.
— Шыныңмен-ақ, әліге дейін соны нағыз малай деп ойлайсың ба, Санчо? — деп шамдана тіл қатты Дон Кихот. — Дульсинеяның — шаруа әйелге, Айна Рыцарының — бакалавр Карраскоға айналдырылып және өзгертіліп жібергенін өз көзіңмен көргеніңді есіңнен шығарып алғансың ғой, шамасы, шындығында ол да, бұл да қыр соңымнан қалмай жүрген сиқыршылардың ісі болатын. Одан да сен маған мынаны айтшы, Тосилос деп атап тұрған адамыңнан Альтисидораның не істеп жүргенін сұрадың ба: менен қол үзіп қалғанына қапаланып жылап па екен әлде өзім барда мігір таптырмай мазалаған сүйіспеншілік сезімінен біржола суынып па екен?
— Жоқ, сеньор, мен өз ойларыммен әуре болдым, түкке тұрғысыз нәрселер жайында сұрауға мұрша таппадым, — деп наразылық білдірді Санчо. — Апырай, тақсыр-ай! Дәл қазір сізге біреудің сезіміне, оның ішінде махаббат сезіміне әуестік білдіретін кез бе?
— Әңгіме онда емес, Санчо, — деді Дон Кихот, — махаббат — бір басқа да, ризашылық — екінші басқа. Рыцарь селқос болуы мүмкін, бірақ ол, түптеп келгенде, ризашылық білдірмей қала алмайды. Альтисидора, меніңше, маған ғашық боп қалған сыңайлы: үш шаршы сыйлағанын, кетіп бара жатқанымда жылағанын және ұят дегенді былай жиып қойып көптің көзінше маған қарғыс жаудырғанын, балағаттағанын, назаланғанын өзің білесің, — мұның бәрі оның өзіме кетәрі болмағандығының белгісі, өйткені ғашықтардың ашу-ызасы әдетте қарғыс жаудырудан көрініс табады. Мен оған үміт ұштығын ұстата алмадым, оған ешқандай қазына-байлық сыйлай алмадым, өйткені өз үмітім тек Дульсинеяға бағышталған, ал кезбе рыцарьлардың қазына-байлығы — жын-шайтанның қазына-байлығы іспетті алдамшы елес қана, егер Альтисидораны ұмытпай еске алып жүрсем — оған білдірер ризашылығым сол ғана болмақ, алайда бұл, әрине, Дульсинеяға ешқандай зиян келтірмеуге тиіс; айтпақшы, Санчо, сен оңдырмай жүрсің, өйткені өзіңді-өзің шықпырту мен тәніңді (қасқыр жеп кетпейді-ақ екен соныңды) жансыздандыруды кейінге қалдырып келесің, шамасы, оның ана бақытсыз сеньораның әжетіне жарағанша құрт-құмырсқаға жем болғанын артық көресің-ау деймін.
— Әңгіменің ашығына көшсек, сеньор, — деп сөйлеп кетті Санчо, — құйрығыма дүре соғудың жадыланғанның жадысын қайтаруға қандай қатысы барын біле алмай жүрмін. Өйткені, бұл “Басың ауырса — тізеңе май жақ” дегенмен бірдей нәрсе ғой. Қалай болған күнде де, тақсыр, дүре салудың арқасында жадысы қайтарылған адамды өзіңіз оқыған кезбе рыцарьлар жайындағы хикаялардың ешқайсысынан кезіктірмегеніңізге ант ішуге бармын. Әйтсе де, көңілім соққан кезде және қолайлы жағдай туған шақта өзімді-өзім шықпыртарым анық.
— Ендеше, іске сәт, — деді Дон Кихот, — ханымыма көмектесу жөніндегі парызыңды жаныңмен сезінуіңе жаратқан иеміздің жәрдемі тисін саған, өйткені менің малайым болуың себепті ол сенің де қожайын ханымың ғой.
Олар осылай әңгіме-дүкен құрып өз бағыттарымен жүріп келе жатты, сөйтіп ақыры ана жолы өздерін бұқалар төңкеріп кеткен жерге де жетті. Дон Кихот бұл араны бірден танып, Санчоға былай деді:
— Әне бір көк шалғында көз жауын алардай сәнді киінген бақташы қыздар мен бақташы жігіттерді кездестіргенбіз, олар осы арада бақташылық Аркадияны қайта жаңғыртып, қайта тірілтпек болған, олардың бұл ойы маған әрі өзіндік ерекшелігі бар, әрі мейлінше парасатты әрекет тәрізді көрінеді; қарсы болмасаң, Санчо, соларға еліктеп біз де, — ең болмағанда, маған тып-тыныш тірлік кешу міндеттеліп тұрған мерзімге, — бақташыға айналсақ қайтер еді. Мен қой сатып алам және бақташыларға қажет жарақты табам, өзім бақташы Кихотис атанам, ал сен бақташы Пансино атанасың, сөйтіп біз біресе әуелете ән салып, біресе әлденеге налып, тауларды, тоғайлар мен шалғындарды кезіп жүретін боламыз, бұлақтардың, мөлдір жылғалардың, арналы өзендердің балдай суымен шөл қандырамыз. Емендер бізге тіл үйіретін тәтті жемісін береді, тығындық емендердің қуатты діңі бізге сәкі болады, талдар — көлеңкесін, раушан гүлдер — хош иісін, шетсіз де шексіз көк шалғын — гүлге оранған кілемін тарту етеді, мөлдір де таза ауа бізді өз демімен тойындырады, ай мен жұлдыздар түн қараңғылығының тынысын тарылтып, бізге жарық себелейді, ән — жан рақатын, көз жасы — қуаныш әкеледі, Аполлон бізді өлең шығаруға шабыттандырады, ал махаббат — есімімізді мәңгілік етіп, тек бұл ғасырда емес, болашақ ғасырларда да даңқымыз дүрілдеп тұратындай ой-жоспарлар туындауына себепкер болады.
— Олла-біллә, осындай өмір маған өте ұнайды, — деп ағынан жарылды Санчо, — тек маған ғана емес, бізді көрсе бұл тірлік бакалавр Самсон Карраскоға да және шаштараз маэсе Николасқа да ұнап қалып, қолма-қол бізге қосылып, бақташы боп шыға келері кәміл, одан соң, кім біледі, священниктің өзі де қызығып кетер: ол өзі ырду-дырдуды ұнататын өте сауыққой адам ғой.
— Ойың өте орынды, — деді Дон Кихот, — бакалавр Самсон Карраско біздің бақташылар қауымына кірсе, — ал оның кіретініне күмән жоқ, — бақташы Самсонино немесе бақташы Карраскон деп атануына болады, ал шаштараз Николас, Боскан қариямыздың Неморосо атанғаны секілді, Никулосо атана алады. Тек священникке қандай есім ойлап табуға боларын білмей тұрмын, әйткенмен, діни дәрежесінен туындатып оған бақташы Пресвитериамбро деген лақап ат беруге болар. Ал енді өзіміз ғашық болатын бақташы қыздарға ат ойлап табу — оңайдың оңайы, өз ханымымның есімі бақташы қызға да, принцессаға да бірдей лайықты болғандықтан, маған одан гөрі тәуірірек есім іздеп әлекке түсудің қажеті жоқ, ал сен, Санчо, бақташы қызыңа қоятын есіміңді өзің таңдап ал.
— Мен оны тек Тересона деп атайтын болам, — деп мәлім етті Санчо, — бұл оның жуандығына да, шын атына да толық сәйкес келеді: өйткені оның есімі Тереса ғой. Ол аз болса, оны өлеңге қосып әспеттеймін, сол арқылы ізгі ниетті адам екенімді, бөтен шаңыраққа жалтақтап, ізгіліктен ізгілік тілемейтінімді дәлелдеп берем. Арбау мен азғыруға ілікпес үшін священникке бақташы қызбен әуейі болу жараспайды, ал бакалаврдың неғылам десе де өз еркі.
— Құдай сақтасын, қандай ғажап ғұмыр кешер едік екеуіміз, достым Санчо! — деп дауыстап жіберді Дон Кихот. — Кларнеттердің, саморалық волынкалардың, тамбуриндердің, дабылдар мен равельдердің не түрін тыңдамаспыз дейсің екеуіміз! Ал, егер осынау алуан түрлі аспапқа альбогалар үні қосылса ше? Тоқ етерін айтқанда, бізде бақташылық музыкалық аспаптардың бәрі дерлік болады.
— Альбогалар деген не? — деп ынтықты Санчо. — Мен ондайды ешқашан естімеппін және өмірі көрмеппін де.
— Альбогалар деген, — деп түсіндірді Дон Кихот, — мыс шамдалға ұқсас металл бұйымдар; егер оларды бір-біріне ұрсаң, іші кеуек және бос болғандықтан, белгілі бір дыбыс шығарады, рас, мұны онша нәзік әрі әуенді деуге бола қоймас, бірақ, жалпы алғанда, құлаққа жағымды, волынка мен тамбурин секілді деревнялық қарабайыр аспаптар дыбысына ұқсас. Ал альбогалар дегеннің өзі — испан тіліндегі бастапқы буыны al боп келетін, мысалға almohaza, almorzar, alhombra, alguacіl, alhucema, almacen, alcancіa және басқа да кейбір осындай сөздер секілді мавр сөзі; тек үш мавр сөзі ғана испан тілінде і әрпімен аяқталады, яғни: borceguі, zaquіzamі және maravedі. Ал, alhelі және alfaquі47 сөздерінің араб тілінен енгендігінде дау жоқ, өйткені al буынымен басталып, і әрпімен аяқталып тұр. Мұның бәрін саған жай әншейін айтып жатырмын — альбогалар сөзіне байланысты есіме түсіп кеткені. Ал енді өзімізді жаңа салада жақсы жағымыздан көрсетуіміз үшін бізге мына бір жағдаят айтарлықтай көмектеседі: өзің білесің, менің аздап өлең жазатыным бар ғой, бакалавр Самсон Карраско болса — әжептәуір жақсы ақын. Священник жайында бәлендей ештеңе айта алмаймын, алайда оның да өлеңге әуестігі бар екеніне бәс тігуге бармын. Маэсе Николастың да құралақан еместігіне күмәнім жоқ, өйткені шаштараз атаулының бәрі немесе бәрі дерлік шетінен — гитарашы мен өлеңші боп келеді. Мен сүйіктімнен қол үзіп қалғаныма налитын болам, сен махаббаттағы тұрақтылығыңды дәріптейсің, бақташы Карраскон тауы қайтқанын айтып күйзеліп-күңіренеді, ал священник Пресвитериамбро көңілі не қаласа соны таңдап алады, — бір сөзбен, бәрі де ойдағыдай боп шығады.
Санчо бұған былай деп жауап қатты:
— Мен, сеньор, жолым ауыр адаммын, бұл күнге жете алмай қаламын ба деп қорқам. Өй, шіркін-ай, бақташы болсам, әдемі ағаш қасықтарды көл-көсір ғып жасар едім-ау! Қандай ғажап қуырылған нан, қандай дәмді кілегей, қандай әдемі гүлтәждер болар еді бізде, — қысқасы, бақташыларда бар нәрсенің бәрі де болар еді бізде, сондықтан керемет ақылды деп табына қоймаса да, жұрттың мені керемет шебер деп табарында күмән жоқ. Қызым Санчика далада жүрген бізге түскі ас алып келер еді. Жоға, шатып кеттің, ол өзі сондай сүйкімді қыз, ал бақташылардың арасында аңқаулардан гөрі айлакерлер көп, ойнақтап жүріп от басып қалуы да ғажап емес, өйткені аярлық пен арсыздық — далада да, қалада да, бақташы лашығында да, король сарайында да жетіп артылады, сондықтан арам ойдан аулақ болсаң — абзал адамға айналасың, көзден кеткен — көңілден кетеді, жалғыз рет жаза бассаң — өмір бойы өкінесің.
— Жә, жетер, мақалдатқаның, Санчо, — деді Дон Кихот, — әлгінің кез-келгені-ақ ойыңды айқын жеткізіп тұр. Мақалды судай сапырма, шектен шықпа деп саған қанша рет қақсадым десеңші! Бірақ, саған айтқан не, айтпаған не — оң құлағыңнан кіріп, сол құлағыңнан шығып кетеді: шешем сабаймын деп зәремді алып жатыр, мен болсам әлі зырылдауық ойнап отырмын!
— Меніңше, — деді Санчо, — “Өзінің басындағы отты көрмей, біреудің басындағы шоқты көреді” дегенді тап мына сіз сияқты, тақсыр, адамдарға арнап айтқан секілді. Мақалдатпа деп маған ұрсасыз, ал өзіңіз қос-қостан ытқытасыз.
— Сен қызықсың, Санчо, — деді Дон Кихот, — мен мақалды оңтайлы жерде ғана келтірем, ол өз орнына келіп тұра қалады, ал сен болсаң оны келтірмейсің — тартқыштайсың, шашынан сүйрейсің. Мақал — тәжірибеден туындаған қысқа да нұсқа нақыл сөз, бағзыда ғұмыр кешкен кемеңгерлердің ой тұжырымы дегенді саған бұрын да бір рет құлаққағыс еткем, ал орынды жерінде келтірілмеген мақал да бір, мылжыңның сөзі де бір. Жә, бұл жайында осы айтқанымыз да жетер, қараңғы түсіп кетті, қане, күре жолдан бұрылайық та, жақын маңайдағы бір жерге түнеп шығайық, — қалғанын таңертең көре жатармыз.
Олар бір бүйірге бұрылды, кешкі астарын тым кештетіп ішті, азықтары да ауыз жарымайтындай еді, бұл Санчоны қамықтырып қойды: кезбе рыцарьлық саласында жүрген шақта, орман мен тауды шарлап тентіреген кезде көрген тауқыметтері қайтадан көз алдына көлденеңдеді, бұл көңілсіз көріністі қамал-сарайлар мен үйлерде, мысалға, дон Дьего де Мирандада, Камачо байдың үйлену тойында, дон Антоньо Моренода қонақта болған кездегідей мырғамға батқан сәттер әредік-әредік қана ауыстырып тұрды, алайда күн жарығы секілді, түн қараңғылығының да түгесілер кезі болатынын қаперге алған Санчо ұйқы соққанды жөн деп тапты, ал мырзасы ұйықтамауға бекінді.
LXҮІІІ тарау
Дон Кихоттың шошқалар шатағына қалай душар болғаны жайында
You have read 1 text from Kazakh literature.
Next - Айлакер Идальго Ламанчалық Дон Кихот Орыс Тілінен Аударған Құрманғазы Қараманұлы - II - 41