Latin Common Turkic

Айлакер Идальго Ламанчалық Дон Кихот Орыс Тілінен Аударған Құрманғазы Қараманұлы - II - 24

Total number of words is 3991
Total number of unique words is 2152
32.1 of words are in the 2000 most common words
46.2 of words are in the 5000 most common words
53.1 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
— Кандайяда да альгуасилдер, ақындар мен сегидильялар бар болса, онда жер бетіндегінің бәрі біркелкі жаратылғанына ант ішуге бармын. Тек сіз, мейірбан ханым, сеньора Үшфальди, тездетіңкіреп айтсаңызшы: күн болса кешкіріп кетті, мына ұзыншұбақ хикаяның немен аяқталарын білмекке сұмдық құмартып отырмын.
— Қазір, қазір, — деді графиня.
ХХХІХ тарау
Мұнда Үшфальди өзінің таңғаларлық әрі есте қаларлық хикаясын әрмен жалғастырады
Санчо Пансаның әр сөзі герцогиняны мәз қылып, Дон Кихоттың жынын келтірумен болды; Дон Кихот оған аузын жабуға әмір еткеннен кейін Құсавана әңгімесін әрмен жалғады:
— Ақыры, қисапсыз сұрақ-жауаптан кейін, инфантаның ұйғарымы нық екеніне, алғашқы шешімінен айнымайтынына және оны өзгертпейтініне ақи-тақи көз жеткізген викарий істі Шалдуарионың пайдасына шешіп, Метонимияны оған заңды түрде әйелдікке берді, ал бұған инфанта Метонимияның шешесі королева Майнцияның қатты қайғырып, қапаланғаны сонша, арада үш күн өткенде біз оны жерлеп те үлгердік.
— Олай болса, ол, шамасы, өлген ғой, — деп тұжырды Санчо.
— Енді қалай деп ең! — деп дауыстап жіберді Үшфальдин. — Кандайяда тек дүние салғандарды болмаса тірі адамдарды жерлемейді.
— Ес-түс жоқ талып жатқан адамды қайтыс болдыға санап, молаға апарып көміп тастаған жағдайлар да кезіккен, сеньор қызметші, — деп Санчо оған қарсылық білдірді. — Ал, королева Майнцияға келсек, меніңше, оған өліп қалғаннан гөрі талып қалған дұрыс еді: олай дейтінім, қанша дегенмен, бойыңда жаның барда көп нәрсені орнына келтіруге болады, оған қоса, сол үшін осылай өле қалатындай инфантаның соншалықты бір ауыр күнәға батқан да дәнеңесі жоқ қой. Егер ол өзінің пажына немесе құл-құтанының біреуіне тиіп кетсе, — бұл секілді сеньоралардың басында ондай жағдайлардың жолығып тұратынын құлағым шалған, — онда бұл шынымен-ақ орны толмас өкініш болар еді, ал бірақ дворянға, осында бізге сипаттап бергендей, соншалықты ізгі жүректі, соншалықты қабілетті адамға күйеуге шығуды, құдай ақы, ақ-адал шыным, есалаңдық дегеннің өзінде де, бұл анау айтқандай онша керемет есалаңдық емес, себебі қожайыным, ол өзі осы арада отыр және қателессем түзете жатар, ғалым адамдардан епископ шығатыны секілді, рыцарьлардан, соның ішінде, әсіресе, кезбелерінен, корольдер мен императорлар шығуы мүмкін дегенді әрдайым құлаққағыс етіп жүреді.
— Дұрыс айтасың, Санчо, — деп қоштады оны Дон Кихот, — егер өмірде сәл-пәл жолы боп кетсе кезбе рыцарьдың қысқа мерзімнің ішінде-ақ әлем әміршісіне айналуға толық мүмкіндігі бар. Алайда, әңгімеңізді жалғастыра беріңіз, графиня: менің ойымша, осы кезге шейін өте тартымды бұл хикаяның өкінішпен аяқталар кезі әлі алда сияқты.
— Өкінішті болғанда қандай! — деп іліп әкетті графиня. — Өкініштілігі сонша, онымен салыстырғанда шомыр бізге балдай тәтті, ал шіріген жеміс керемет дәмді көрінері хақ. Сонымен, королева дүние салды, әсте талып қалған жоқ, біз оны апарып жерледік, сөйтіп, бетін топырақпен жауып, қоштасу сөзімізді айтып үлгергеніміз сол еді, кенет (quіs talіa fando temperet a lacrymіs?)37 королева қабірінің үстінен ағаш атқа мінген Бәлеқұмар деген дәу пайда бола кетті, бұл — Майнцияның немере ағасы болатын, ол өзі әрі зұлым, әрі оған қоса сиқыршы еді; не керек, сөйтіп немере қарындасының өлімі үшін кек алуды және оспадарсыздығы үшін дон Шалдуарионы жазалауды көздеп, сондай-ақ Метонимияның ұятсыздығына деген күйініштен анау оларды сиқыршылық айла-амалдар арқылы тура сол моланың басында тұрған жерінде жадылап тастады: инфантаны — мыстан жасалған маймылға, дон Шалдуарионы — беймәлім металлдан жасалған қорқынышты қолтырауынға айналдырып жіберді, екеуінің ортасына металлдан құйылған бағана орнатты, сосын оған сириялық жазу таңбаларын түсірді, ал бұл жазбаларды әуелі кандайя тіліне, одан соң испан тіліне аударғанда мынадай мағына береді: “Айбынды ламанчалық менімен жекпе-жекке шықпайынша мына оспадарсыз ғашықтар да әу бастағы кескін-кейпін қайта таппайды, өйткені бұрын-соңды болмаған осынау шытырман оқиғаны жазмыш тек соның ғана дәріпті даңқына бұйыртып тұр”. Одан соң ол қынынан сала құлаш жалпақ наркескенін суырды, сосын мені шашымнан ұстап алды да, тамағымнан орып жіберіп, басымды кесіп тастауға оқталды. Зәрем зәр түбіне кетті, не дерімді де, не істерімді де білмей есім шықты, әйтсе де әупірімдеп өзіме-өзім келіп, діріл қаққан жалынышты дауыспен оған әр нәрсені бір айтып жалбарынғаным сонша, ақыр аяғында анау қатыгез үкімін өзгертті-ау. Сөйтіп, ол сарайдағы барлық дуэньяны, — қазір олар осы арада тұр, — қабірдің басына алып келуге әмір етті, одан соң айып-кінәмізді барынша дабырайта көрсетіп сөйлеп кетті: мінез-құлқымызды, сөлекет дағдымызды, одан да сөлекет арам пиғылымызды әшкереледі, менің кінәма бәрімізді ортақ қып шығарды, сосын бізге белгілеген өлім жазасын әрі ұятты, әрі үзілмес-тынбас өлімге айналмақшы ұзаққа созылатын өлім жазасымен ауыстыратынын мәлім етті. Ол сөзін аяқтаған бойда, сол қас-қағым сәтте-ақ, бет терімізден титімдей ұсақ қуыстар ашылып, оған иненің өткір ұшы қадалып жатқандай сезіндік. Қолымызды бетімізге апарып, қазір өздеріңіз куә болатын нәрсені таптық.
Осыны айтып Құсавана да, басқа дуэньялар да бетіндегі шілтерді кейін серпіп жіберді, сол арада бәрінде де: бірінде ақ сары, бірінде қара, бірінде аппақ, бірінде бурыл тартқан сақал бар екені көзге шалынды, бұл көрініс герцог пен герцогиняны қайран қалдырғандай, Дон Кихот пен Санчоны абыржытып тастағандай, қалғандарының бәрін есеңгіретіп жібергендей болды. Ал, Үшфальди әңгімесін әрмен жалғай берді:
— Сұрқия һәм жексұрын Бәлеқұмардың бізге берген жазасы, міне, осындай болды: бетіміздің үлбіреген жұп-жұмсақ терісін қатты қылшықпен көмкеріп қойды. Әттең, әлпетіміздің күн сипатты ажарын бетімізді басқан қалың жүн көз таса қылғанынан, жаратқан иеміз хош көріп, әлгінің сала құлаш наркескенімен басымызды шауып тастағаны жақсы еді! Олай дейтінім, егер ой жіберіп көрсеңіздер, мархабатты мырзаларым (шіркін-ай, осы сөздер аузымнан шыққанда көз жасым көл боп ақтарылса қандай ғанибет болар еді, бірақ тақсіретіміз жайында күндіз-түні бірдей уайым шегу мен ағыл-тегіл еңіреп жылау көзімнің жасын суалтып, оны сабан секілді құрғатып қойды, сондықтан маған көзден жас төкпей-ақ айта беруге тура келеді), — міне, сіздерден сұрайтыным да осы: сақалды дуэнья кімге қажет? Қандай әке мен қандай шеше оған аяушылық білдіреді? Оған кім көмекке келеді? Тіпті бет терісі татаусыз кездің өзінде де, бетке арналған не қилы жағатын мен майлайтынды пайдаланып жүрген кездің өзінде де дуэньяға көз салатындар өте сирек болатын, ал енді бетінде тұтас бір орман өсіп тұрғанда қайтпек? Қайран, құрбыларым менің, дуэньялар! Бұл дүниеге мезгілді уақытымызда келмеппіз, ата-аналарымыз бізді бақытты шақтарында жаратпапты!
Осыны айтып ол талып кеткендей болды.
XL тарау
Осы шытырман оқиға мен есте қаларлық бұл хикаяға қатысты нәрселер жайында.
Бұл секілді хикаяларды ұнататындар оның алғашқы авторы Сид Ахметке әуесқойлық қасиетінің арқасында бұған қатысты жәйттердің ұсақ-түйегіне дейін анықтап, тіпті елеусіздеу көрінетін нәрселерін де назардан тыс қалдырмай айшықты суреттеп бергені үшін шын жүректен ырзашылық білдіретін шығар. Ол ой-түйіндерді қайта тірілтеді, арман-мақсаттар сырын ашады, іште жатқан сұрақтарға жауап береді, күдіктерді сейілтеді, нендей наразылық болатынын алдын-ала біліп отырады, қысқасы, қандай бір әуесқой жанның да күллі көңіл ауанын тап басып таниды. Беу, мақтауға тұрарлық автор! Беу, диуана Дон Кихот! Беу, атақты Дульсинея! Беу, күлкілі Санчо Панса! Тірлік кешіп жүргендердің қуанышы мен алданышына айналып, бәрің бірге және әрқайсың өз алдыңа ұзақ жасайтындарың анық сендердің!
Одан әрі хикаяда талып қалған Құсаванаға көзі түскен бойда Санчоның былай дегені айтылады:
— Жөні түзу адамның ар-ұяты және марқұм болған күллі Пансалар жанының жаһаннамнан амандығы атымен ант етем, өмірі мұндай ештеңені көрген де, естіген де емен, мұндай шытырман оқиға жайында мырзам да ешқашан ештеңе айтқан емес, оның үстіне мынадай нәрсе оның ойына кіріп те шықпас еді. Қазір менің ұрсысқым келіп тұрған жоқ, сондықтан айтарым тек мынау ғана: әй, атың өшкір сиқыршы, антұрған дәу Бәлеқұмар! Апырай, мына күнәкар қатындарға сақалдандырудан басқа жаза таба алмағаның ба? Бұлардың сақалын өсіргенше, мұрнының жоғары бөлегін шекіп алып, пұшық еткенің, — мыңқ-мыңқ етіп жүре берер еді ғой, — жақсы емес пе еді және өздеріне әбден үйлесіп тұрмас па еді? Бәс тігуге бармын, бұлардың шаштаразға төлейтін ақшасы да жоқ шығар.
— Тауып айттыңыз, сеньор, — деп қоштады оны он екі дуэньяның бірі, — сақал қыруға төлейтін ақшамыз жоқ екені рас, сондықтан кейбіріміз мынадай арзан әдіс қолданып жүрміз: жабысқақ пластырь немесе әлденендей бір жапсырманы аламыз да, бетімізге басамыз, сосын бар күшпен тартып кеп қаламыз, сонда жағымыз тас келінің түбіндей тап-таза, теп-тегіс боп шыға келеді. Айтқандайын, Кандайяда үй аралап жүріп шаш қиятын, қас тегістейтін, ханымдарға қажетті әртүрлі сыланып-сипанатын нәрсе әзірлейтін әйелдер бар, бірақ біз, мәртебелі ханымның дуэньялары, олардан ешқашан көмек сұраған емеспіз: өйткені, олар бізге туған сіңлі де, тіпті өгей сіңлі де емес, — олар жүрген әншейін жеңгетайлар, сондықтан егер сеньор Дон Кихот ара түспесе, біз ана дүниеге де сақалды күйімізде кете барамыз.
— Сақалдарыңыздың өсуіне ерік бергенше, маврлардың өз сақалымды жұлып алуына ерік бергенім жақсы, — деп мәлім етті Дон Кихот.
Ол осыны айтқанда Үшфальди есін жиып алды да, былай деді:
— Берген уәдеңіз, айбынды рыцарь, талықсып жатқан кезімде құлағыма алыстан талып естілді, мені оятып, есімді жиғызған да сол. Сонымен, сізге, кезбе рыцарьлар ішіндегі даңқтылардан да даңқтыға, сеньорлар ішіндегі өжеттерден де өжетке, тағы да жалбарынам: кеңпейілдікпен берген уәдеңізді іске асырыңызшы.
— Мен қашан да дайынмын ғой, — деді Дон Кихот, — тек не істеуім керегін ғана айтыңыз, сеньора, ал қайтпас-қайсар батылдығым сізге қызмет көрсетуден аянып қалмайды.
— Әңгіменің мәнісі мынада боп тұр, — деп мәлім етті Құсавана. — Егер құрлықпен жүрсең осы арадан Кандайя корольдігіне дейін бес мың немесе соған жуық миль болады, ал әуемен және төтелей ұшсаң, онда бар болғаны үш мың екі жүз жиырма жеті миль шығады. Одан соң мынадай нәрсені де біліп қойған жөн: Бәлеқұмар маған тағдыр өзіме құтқарушы-рыцарьды жолықтырса, онда ол, Бәлеқұмар, әлгі рыцарьды дығал мініс атына отырғызатынын және одан жалға берілетін аттарда кездесіп тұратындай кемістік табылмайтынын айтқан еді, өйткені бұл тап сол айбынды Пьер айдай сұлу Магелонаны алып қашқан және маңдайына бекітілген, тізгіннің орнына жүретін, қазық арқылы басқарылатын ағаш ат болмақ; ал бұл аттың әуеде көз ілеспес шапшаңдықпен ұшатыны сонша, бейне бір оны шайтандар алып ұшқан секілді көрінеді. Ежелгі аңыздың айтуынша, бұл атты данагөй Мерлин өз қолымен жасап, досы Пьерге уақытша пайдалануға беріпті, сөйтіп анау онымен ұзақ уақыт сапар шегіп, әлгінде айтқанымдай, айдай сұлу Магелонаны аттың сауырына отырғызып алып қашыпты және оны отырғызған бойда бірден аспанға самғай жөнелгені сонша, осы кезде оларға төменнен көз салып тұрғандар таңғалғаннан талып түсе жаздапты. Алайда Мерлин атын тек өзі жақсы көретіндерге немесе бұл үшін өзі бірдеңе алатындарға ғана беретін болған, әйтсе де атышулы Пьерден кейін оған басқа біреу мінді ме, жоқ па, ол жағы бізге беймәлім. Бәлеқұмар оны сиқыршылық айла-амалдар арқылы қолына түсірген, енді өзі жеке-дара меншіктеніп, оған мініп шартарапты шарлап жүр: бүгін осында болса, ертең Францияда, бүрсігүні Потосиде жүреді. Ал, ең бастысы, аталмыш ат жем де жемейді, көз де ілмейді, тағаны да тоздырмайды және қанаты жоқ болғанына қарамай әуеде төрт аяғы тең жорғалап ұшатыны сонша, оған мінген адам қолына су толы тостақ ұстап отыра алады және судың бір тамшысы да төгілмейді, — ол аттың жүрісінің жайлылығы мен бірқалыптылығы осындай. Айдай сұлу Магелонаның бұл атпен қуана-қуана сапар шеккені де содан.
Осы арада Санчо сөзге араласты:
— Жайлы да бірқалыпты жүріске келсек, сұр жорғам аспанда ұша алмағанымен, әйтеуір, жер бетінде кез-келген жорғамен бақ сынасуға дайын.
Бәрі мәз боп күлді, ал Құсавана сөзін сабақтады:
— Міне, дәп сол ат (егер тек Бәлеқұмар азап-ақиретімізді аяқтауға бейіл берсе) қараңғылық түскеннен кейін жарты сағатқа жетпейтін уақыттың ішінде осы арадан табылады, өйткені Бәлеқұмар маған атты еш кідіріссіз жіберетінін алдын-ала ескерткен еді: ал аттың келуі — іздеп жүрген рыцарымды ақыры тапқанымды өзіме сездіретін белгі-нышан болуға тиіс.
— Сонда атыңызға қанша адам жайғаса алады? — деп сұрады Санчо.
Құсавана былай деп жауап берді:
— Екеу ғана. Біреуі аттың еріне, екіншісі сауырына отырады, егер алып қашатын әлдебір қыз ұшырасып қап жүрмесе, әдетте, бұл екеу — рыцарь мен атқосшы боп келеді.
— Білгім кеп тұрғаны, сеньора Құсавана, ол тұлпарыңыздың аты қандай? — деп сұрады Санчо.
— Оның аты Беллеропонттың Пегас деп аталған тұлпарының атындай емес, — деп жауап қатты Құсавана, — Ұлы Александрдың Буцефал деп аталған тұлпарының да атындай емес, Қаһарлы Роландтың да Брильядор деп аталған тұлпарының атындай емес, сондай-ақ, ол Ринальд Монтальванскийдің тұлпары Баярд деп аталғандай да емес, Руджердің тұлпары Фронтин деп аталғандай да емес, Күннің сәйгүліктері, ұмытпасам, Боотос және Перифой деп аталғандай да емес, сол сияқты, готтардың соңғы королі сормаңдай Родригоның өмірінен де, корольдігінен де айрылған шайқасқа мініп шыққан тұлпарының атымен Орелья деп те аталмайды.
— Бәс тігуге бармын, — деді Санчо, — егер бұл сәйгүлікке осынау даңқты тұлпарлардың бірде біреуінің дәріпті аты қойылмаған болса, онда оған менің мырзамның — Росинант дейтін тұлпарының да аты берілмегені кәміл, ал бұл тауып қойылғандығы жөнінен өзіңіз айтып өткен барлық лақап аттың бәрін жолда қалдырады.
— Ол рас, — деп мақұлдады оны сақалды графиня, — бірақ бұған да мейлінше лайықты ат берілген: оны Клавиленьо Желаяқ деп атайды, — леньо, яғни ағаш кесіндісі, оның неден жасалғанын көрсетеді, ал клави — клавиха, яғни қазық деген сөзден, бұл оның маңдайындағы қазықты меңзейді, ал анықтауыш шабысы қандай екенін куәландырады, осы себепті лақап атқа қатысты мәселеде оның атақты Росинантпен тайынбай бәсекеге түсуіне болар еді.
— Лақап ат маған, жалпы, ұнап тұр, — деді Санчо, — ал оны қалай басқаруға болады, соны білсек: жүгені немесе ноқтасы бар ма өзінің?
— Қазықтың көмегімен басқарылады, деп айттым емес пе, — деп жауап қатты Үшфальди. — Оған мінген рыцарь қазықты біресе бір жағына, біресе екінші жағына бұрады, сонда ат та оның барғысы келген жағына қарай жүреді: не бұлттарға қарай заулайды, не тұяғы жерге тиер-тимес болады, не қақ ортасымен зымырайды, — күллі парасатты іс-шараның бәрінде де, абзалы, осындай орта тұсты тапқан және соны ұстанған дұрыс қой.
— Ол атқа көз жіберуге еш қарсылығым болмас еді, — деді Санчо, — бірақ, ерге болсын, сауырға болсын, қайда болса онда болсын, мені оған отырады деп ойлау да бір, шегіршіннен алмұрт іздеу де бір. Сұр жорғамның үстінде қалт-құлт етіп шақ отырғанымның өзіне рақмет айтыңыздар, ал ондағы ерім болса — жібектен жұмсақ, енді келіп сіздер ешқандай көпшігі де, көрпесі де жоқ ағаш сауырға отыр дейсіздер! Құрып кетсін! Әлдекімдердің сақалдан арылуы үшін мұндай атқа мініп селкілдей алмаймын: сақалынан кім қандай жолмен құтылғысы келсе, солай құтыла берсін, ал мырзаммен бірге мұндай алыс қиянға сапар шегуге ешқандай ықыласым жоқ. Оның үстіне, аталмыш сақалдарды жоюдан гөрі сеньора Дульсинеяның жадысын қайтаруға пайдам көбірек тиері кәміл.
— О не дегенің, достым, — деп қарсылық білдірді Үшфальди, — егер сен қатыспасаң бұл шаруамыздан ештеңе шықпай ма деп қорқам.
— Сақта құдай бәледен! — деп дауыстап жіберді Санчо. — Ау, мырзалар бастаған шытырман оқиғада атқосшылардың шаруасы қанша? Бұдан табатын атақ-даңққа мырзалар ие болады да, бізге тек әуре-сарсаңы ғана еншіленеді. Тапқан екен! Егер хикая авторлары: “Бәлен деген рыцарь осындай да осындай шытырман оқиғада жеңіске жетті, бұл істе оған түген деген атқосшы көмек көрсетті, ол қол ұшын бермесе жеңістің ауылы алыс еді...” деп жазса ғой. Жоқ, өйтпейді: “Дон Паралипоменон, Үш Жұлдыз Рыцары, алты құбыжықпен айқаста жеңіп шықты”, деп жазады, ал мұның басы-қасында болған атқосшы жайында бір ауыз сөз таппайсың, бейне бір ол тіпті жарық дүниенің де есігін ашпағандай! Сонымен, сеньорлар, қайталап айтам: мырзам мейлі өзі бара берсін, оған табыс тілеймін, ал өзім осында, сеньора герцогиняның қасында қалам, бәлкім, қожайыным қайтып оралғанша сеньора Дульсинеяға қатысты шаруада бір жаңалық боп та қалар, себебі қол боста және не істерді білмей еріккенде өзімді өзім жата да, отыра да алмайтын халге жеткізгенше жақсылап тұрып шыбыртқыламақ ойым бар.
— Қалай болған күнде де, ақпейіл Санчо, қажеттілік туа қалған жағдайда мырзаңа серік болуыңа тура келеді, абзал жандардың бәрі өзіңнен осыны өтінеді: тектен-тек қатер ойлағаныңның салдарынан мына сеньораларды бетін жүн басқан күйде қалдыру обал емес пе, — бұл деген тіптен келіссіз нәрсе ғой.
— Тағы да айтам: сақта, құдай бәледен! — деп дауыстап жіберді Санчо. — Егер монастырьдағы әлдебір жас әйелдерге немесе жетімдер мектебіндегі қыз балаларға көмек қажет боп жатса, онда бұл үшін қандай машақатқа да шыдап бағуға болар еді, бірақ дуэньяларды сақалдан арылту жолында мен неге азап шегуім керек? Атамаңыз! Мейлі, сақалдарын сапситып жүре берсін бәрі: жасы үлкені де, жасы кішісі де, барып тұрған назданғышы мен барып тұрған бәлденгіші де.
— Сен дуэньяларды жек көреді екенсің, достым Санчо, — деп құлаққағыс етті герцогиня, — толедолық дәріханашының нағыз жақтасы екеніңді қазір анық көрсетіп бердің. Бірақ, әділін айтайын, мұның дұрыс емес, өйткені менің үйімде үлгілі дуэньялар бар: міне, донья Родригесті көріп отырсың, — кім екенін кескін-кейпінің өзі-ақ көрсетіп тұр емес пе.
— Сіздің айтайын дегеніңізден де көбірек көрсетіп тұр, мәртебелі ханым, — деп іліп әкетті Родригес, — әлбетте, жаратқан иемізге аян ғой бәрі де, онан соң біздер, дуэньялар, қандай болсақ та: жақсы болайық, жаман болайық, сақалды болайық, сақалсыз болайық, мейлі, басқа әйелдер жарық дүниеге қалай келсе, бізді де аналарымыз өмірге солай әкелген еді, ендеше, құдай бізге өмір тарту етсе, не үшін тарту еткенін өзі білетін болғаны ғой, сондықтан мен әлдекімдердің сақалынан емес, жаратқанның мейірім-қайырымынан ғана үміт күтем.
— Бұл әңгімені осымен доғарайық, сеньора Родригес, — деді Дон Кихот. — Сеньора Үшфальдиге және оның нөкері боп табылатын мына сіздердің бәріңізге айтарым, жасаған иеміз қайғы-қасіретіңізге аяушылықпен қарар және қандай бұйрық бермейін, Санчо оны бұлжытпай орындар деп сенем. Тек Клавиленьо тезірек келсе екен, Бәлеқұмарды сол бойда-ақ шайқасқа шақырар едім; семсерім Бәлеқұмардың басын қас пен көздің арасында қырқып тастар еді — ешқандай ұстара сақалыңызды ондай жылдам қыра алмас еді, оған еш күмәнім жоқ, — жаратқан жауыздарға шыдамдылық көрсетіп бағады, бірақ шыдамның да шегі болады.
— Аһ! — деп дауыстап жіберді осы жерде Құсавана. — Айбынды рыцарь, құдіреттілер мекен еткен әлемнің барша жұлдызы мәртебелі жүзіңізге жылы шырайлы назарын салса нетті, әманда жолыңызды оңғарып, рухыңызды ерлікке деген құштарлықпен нықтаса нетті, сонда сіз дәріханашылар жек көретін, малайлар қаралап күйе жағатын, паждар алдап жіберетін, қара бет болған және қыспаққа түскен дуэньялар қауымының қалқаны мен қорғанына айналар едіңіз. Ал, болып-толған жасында монастырьға кетудің орнына, дуэнья болуға ең тұңғыш тілек білдірген сол бір сұмпайыны қарғыс атсын! Бақытсыз сорлымыз ғой біз, дуэньялар! Тіпті әке жағынан троялық Гектордың өзінен тараған ұрпақ болсақ та, бәрібір, сеньораларымыз бізді жай күтуші секілді жайдақтап, бізге “Былай ғой, бикеш” деп сөйлейді, құдды бір осылай тәлімсігенде өздері королеваға айналып кететіндей-ақ! Беу, Бәлеқұмар дәу! Сен өзің сиқыршы болғаныңмен уәдеңе сондай беріксің, ендеше азап-ақиретіміз аяқталуы үшін ғажайып Клавиленьоны жіберсеңші бізге, өйткені күн ысып кетсе, ал жағымызды әлі сақал жауып тұрса, онда қырсығы арылмаған біз бейбақтың көрген күніміз құрысын!
Бұл сөздерді Үшфальдидің ерекше тебіреніс үстінде айтқаны сонша, сол арада тұрғандардың бәрінің де көзіне жас үйірілді, тіпті Санчо екеш Санчо да көзіне жас алды, сөйтіп ол осынау мейірбан әлпеттердегі жүн-жыбырды аластауға пайдасы тиер болса, жер түбіне барса да мейлі, мырзасының қасынан қалмауға өзіне-өзі іштей уәде етті.
ХLІ тарау
Клавиленьоның қалай пайда болғаны және осынау ұзаққа созылған шытырман оқиғаның немен аяқталғаны жайында.
Бұл екі аралықта күн қараңғы тартқан, яғни Клавиленьо аталатын атақты тұлпардың пайда болатын мезгілі туған, ал оның кешігуі Дон Кихотты абыржыта бастаған да еді, — Бәлеқұмар атты жіберуге асықпай жатқандай немесе бұл шытырман оқиға басқа бір рыцарьдың сыбағасына бұйыратындай немесе Бәлеқұмардың өзі мұнымен жекпе-жекке шығудан жүрексініп қалғандай көрінген еді оған. Бірақ дәл осы кезде ойда жоқ жерден баққа дығал ағаш атты иықтарына салған, шырмауықтың жасыл сабағына оранған төрт жабайы кіріп келді. Олар ағаш атты жерге түсіргеннен кейін жабайының бірі тұрып:
— Бұған тек батылы жеткен рыцарь ғана отырсын, — деді.
— Мен отырмаймын, — деп Санчо оны бөліп жіберді, — біріншіден, батылым жетпейді, ал, екіншіден, рыцарь емеспін.
Жабайы сөзін сабақтады:
— Егер рыцарьда атқосшы болса, онда ол сауырға отырсын және екеуі де өз тағдырын айбынды Бәлеқұмарға сеніп тапсырсын, өйткені Бәлеқұмардың семсерінен басқа ешқандай семсер де, ешкімнің қаскүнемдігі де оларға зардабын тигізе алмайды. Аттың мойнына орнатылған қазықты бұраса болды, рыцарь мен атқосшыны ол әуе арқылы Бәлеқұмар өздерін тосып отырған жерге жеткізеді, алайда биікте ұшудан басы айналмауы үшін екеуі де көзін байлап алуға тиіс және ат кісінеп қоя бергенше таңғышты шешпеу керек, ал аттың кісінегені саяхаттың аяқталғанын білдіреді.
Бұдан соң жабайылар Клавиленьоны қалдырды да, асықпай адымдап келген жақтарына қайтып кетті. Атқа көзі түскен бойда Құсавана жыламсырап, Дон Кихотқа қарап былай деді:
— Айбынды рыцарь! Бәлеқұмар уәдесін орындады: ат міне тұр, ал біздің сақалымыз болса өскен үстіне өсіп барады, оны қырқып және қырып тастауды сенен әрқайсымыз сақалымыздың әр қылшығы атынан жалбарынып сұраймыз, ол үшін саған атқосшыңмен бірге атқа отыру, сөйтіп адам таңғаларлық бұл саяхаттарыңа сәтті қадам жасау ғана қалып тұр.
— Сеньора графиня Үшфальди, өз еркіммен және ықтиярыммен тап солай істегелі де тұрмын және күттіріп қоймау үшін астыма салатын көпшік те алып жатпаймын, шпорымды да тақпаймын, — өзіңіздің, сеньора, бетіңізді және басқа да дуэньялардың бетін жүн-жыбырдан таза қалпында көруге деген ынтызарлығымның ересендігі, міне, осындай, — деді Дон Кихот.
— Ал, мен олай істемеймін, — деп мәлім етті Санчо, — өз ықтиярыммен де, біреудің ықтиярымен де олай істемеймін. Егерде сақалдан арылту тек өзім ат сауырына отырғаннан кейін ғана іске асатын шаруа болса, онда мырзам өзіне серіктікке — басқа атқосшы, ал сеньора дуэньялар — бетін жылтырататын басқа амал іздей берсін, мен әуеде ұшуды рақат санайтын сиқыршы емеспін. Оның үстіне, губернаторлары ұшып-қонып жүр дегенді естігенде аралдағы адамдарым қандай ойда қалмақ? Одан соң тағы бір мынадай мәселе шығып тұр: осы арадан Кандайяға дейін үш мыңдай миль, егер ат болдырып қалса немесе дәу ашу шақырса, онда қайтар жолға алты жылдай уақытымыз кетеді екен, олай болса арал жайындағы уәденің әншейін әңгіме боп қалары кәміл. Өйткені, кеш қалудан асқан қатер жоқ, деген сөз текке айтылмаған ғой, сондай-ақ: баспақ берген екен, дереу бас жібін байла, деген бар; сосын, мына сеньоралардың сақалы кешіре көрсін, шадияр Петрге Римнен жайлы жер жоқ, — айтайын дегенім, маған осы арадан жайлы жер жоқ, бұл үйде маған күтім жасалады, ал қожайыннан үлкен жақсылық күтіп жүрмін, яғни губернаторлыққа бекітер деген үмітім бар.
Бұған герцог былай деп жауап қатты:
— Достым Санчо! Өзіңе уәде еткен арал жылжитын немесе жүзетін аралдар санатына жатпайды, тамырының тереңдігі сонша, жеті қат жер астына кеткен, сондықтан оны екі-үш ырғап жұлып тастай алмайсың, орнынан да қозғалту мүмкін емес. Одан соң, кез-келген жоғары қызметке қол жеткізу үшін аз ба, көп пе, міндетті түрде пара беру керек екенін өзің де менен кем білмейсің, ал мен болсам, сенен губернаторлықтың өтеміне мырзаң Дон Кихотпен бірге аттанғаныңды және осынау айта қаларлықтай шытырман оқиғаны аяқтап, ақырына дейін жеткізгеніңді қалап тұрмын. Бірақ, сен Клавиленьоға салт мініп, оның ұшқырлығына сай шапшаңдықпен жедел қайтып ораласың ба, әлде, күтпеген кепке ұшыраған жағдайда, бір тавернадан екінші тавернаға, бір бекеттен екінші бекетке тентіреумен, ілініп-салынып, сүйретіліп, жаяу-жалпылап жетесің бе, тоқ етерін айтқанда, қашан және қалай қайтып оралма мейлің, аралыңды тап сол бұрынғы орнынан табасың, арал тұрғындары өздерін қашан басқаратыныңды күтіп сені сол бұрынғыша шыдамсыздана тосып отыратын болады; сондай-ақ, мен де, өз тарапымнан, шешімімді өзгертпеймін, осы себепті, Санчо, бұған зәредей де күдік келтірме, әйтпесе өзің жайындағы жақсы ойларымның жалған боп шыққанына үлкен өкініште қалуым ықтимал.
— Жә, жетер, сеньор! — деді Санчо. — Мен қара табан атқосшымын, мұндай ілтипат-ықыласыңызға дәрежем сай келмейді. Қожайыным отырсын атқа, сосын менің көзімді байлаңыздар, құдайға мен үшін мінәжат етіңіздер; одан соң мынаны айтыңызшы: ана жақта, зеңгір көкте ұшып жүрген кезімізде өзімді құдайға тапсыруға, періштелерді көмекке шақыруға қақым бар ма?
Үшфальди оған былай деп жауап қатты:
— Сенің, Санчо, өзіңді құдайға және кімді қаласаң соған тапсыруға толық қақың бар: Бәлеқұмар өзі сиқыршы болғанымен, бәрібір христиан ғой, шатаққа қалмас үшін арбаушылық айла-амалдарын ол алды-артын байқап, асқан сақтықпен жасайды.
— Онда ештеңе емес екен, — деді Санчо. — Өзіме жаратқан ием мен Гаэтаның үш кейіптегі әулие бейнесі жар болсын!
— Шұға басатын шеберханаға қатысты есте қаларлық сол оқиғадан бері, — деді Дон Кихот, — Санчоның дәл қазіргідей үрейге бой алдырған кезін ешқашан көрген емеспін, егер басқа біреулер секілді ырымшыл болсам, онда мұның сужүректігі менің ержүректігімнің еңсесін түсіріп те жіберер еді. Қане, бермен келші, Санчо! Мына сеньорлар рұқсат етсе, саған оңашада бір ауыз бірдеңе айтайын деп ем.
Сөйтіп, ол Санчоны ағаш аясына алып барып, екі қолынан ұстап тұрып оған былай деді:
— Байқаған да шығарсың, бауырым Санчо, сапарымыз ұзаққа созылғалы тұр ғой, қашан қайтып оралатынымызды да және бос уақыт, қолайлы жағдай табылар-табылмасын да құдай біледі, осы себепті қазір жолға бірдеңе ала шыққың келетінін сылтауратып өз бөлмеңе барып, мойныңда жүрген үш мың үш жүз дүренің, бастапқы үлес ретінде, құрығанда бес жүзін қас қағым сәттің ішінде өзіңе-өзің шықпырта салғаныңды жөн көріп тұрмын, — сонда, қалай дегенмен де, әйтеуір, азды-кем бірдеңе жасалған есепті болады ғой, — ал қандай істі болсын бастау — оны жартылай аяқтап тастаумен бірдей.
— Апырай, шынымен анандай екенсіз ғой! — деп дауыстап жіберді Санчо. — Бұныңыз: “Айым-күнім жетіп әрең отырсам, балиғатың бар ма дейсің” деген мақалды есіме салып тұр. Маған қу тақтайға қонжиюға тура келеді, ал сіз болсаңыз құйрығымды қан-жоса қылуды талап етесіз, ә? Оллаһи, тақсыр, мұны мүлде ойланбай айттыңыз. Одан да әуелі дуэньялардың сақалын қырайық, сосын, өзіміз қайтып оралған соң, — атқосшылық адал сөзім, — борышымнан барынша тез құтылатыным сонша, өзіңіз риза боп арқамнан қағатын боласыз, сонымен әңгіме де тәмам.
Бұған Дон Кихот былай деді:
— Не деуге болады енді, мейірбан Санчо, уәдеңді қанағат тұтам және оны орындарсың деп сенем, — шындығына келсек, аңқаулау көрінгеніңмен, сен өзің басалқалы адамсың.
— О не дегеніңіз, әсте басбұзар емеспін, өз жөнін білетін жуас адаммын, — деп қарсылық білдірді Санчо, — ал, жалпы, қандай болсам да, әйтеуір, айтқан сөзімде тұрам.
Одан соң олар Клавиленьоға қарай бет алды, Дон Кихот оған мінгелі жатып былай деді:
— Көзіңді байла да, отыр атқа, Санчо: анадай алыс елдерден арнайы алдыртқалы жатса, бізді ешкімнің алдамайтыны сөзсіз, өйткені өзіңе имандай сенетін адамды алдау — абырой әперетін іске жатпайды, тіпті олай болмай, басқаша болған күннің өзінде де, осындай ерлікке тәуекел етуіміз арқылы бөленер даңқымызға қандай зымияндық та қара күйе жаға алмайды.
— Қане, жүрелік, сеньор, — деді Санчо, — мына сеньоралардың сақалы мен көзінен төгілген жасы жанымды қоярға жер тапқызбай тұр, бұлардың беті туа бітті татаусыз қалпын қайта тапқанын өз көзіммен көрмейінше, нәр татып алмауға да бармын. Әуелі сіз отырыңыз, тақсыр, сосын көзіңізді байлап алыңыз: мен сауырға отырам ғой, ендеше, ерде кім отыратын болса, сол бірінші боп мінуі керек.
— Дұрыс айтасың, — деп келісті Дон Кихот.
Сосын қалтасынан орамал шығарды да, Құсаванадан көзін жақсылап байлап беруін өтінді; бірақ, анау өтінішін орындаған кезде, ол ойда жоқ жерден таңғышты жұлып алып, былай деді:
— Қара басып қателесіп жүрмесем, Вергилийдің троялық Палладиум жайында жазғандарын оқығам: ол — гректер ару-құдай Палладаға тарту еткен ағаш ат болатын және оның ішінде кейін Трояны тас-талқан етіп қиратқан қарулы сарбаздар отырған, сондықтан Клавиленьоның құрсағында не бар екенін алдын-ала біліп алғанның артығы болмас еді.
— Оны білудің қажеті шамалы, — деді Құсавана келіспей. — Бәлеқұмардың әлденендей бір опасыз сатқын еместігі маған жақсы мәлім және оған кепілдік бере алам. Ештеңеден қауіп ойламай-ақ отыра беріңіз атқа, сеньор Дон Кихот, — ешқандай зиян шекпейтініңізге басымды бәске тігуге бармын.
You have read 1 text from Kazakh literature.
Next - Айлакер Идальго Ламанчалық Дон Кихот Орыс Тілінен Аударған Құрманғазы Қараманұлы - II - 25