Latin Common Turkic

Айлакер Идальго Ламанчалық Дон Кихот Орыс Тілінен Аударған Құрманғазы Қараманұлы - II - 35

Total number of words is 4020
Total number of unique words is 2147
33.5 of words are in the 2000 most common words
47.4 of words are in the 5000 most common words
55.8 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
— Жан түршігерлік қатыгездік! Құлақ естіп, көз көрмеген рақымсыздық! — деп дауыстап жіберді Санчо. — Мен болсам, аузынан шыққан алғашқы жылы сөзінен-ақ буыным босап, балқып жүре берер ем. Апырай, неғылған тас жүрек, меңіреу көңіл, мыс көкірек едіңіз! Бірақ, басым жетпейтін бір нәрсе — ана қыз сіздің қай жеріңізге қызықты екен, неліктен буыны босап, балқып кетті екен деймін-ау: қандай бір ерекше қасиет, қандай бір керемет кескін, қандай бір ғажайып көрік тапты екен ол сізден, сондай-ақ бет-әлпетіңізде оның есін алып еліктіретіндей не бар сіздің, — ақыр аяғында, осының бәрін қоса есептегендегі болмыс-бітіміңіз бе әлде жеке-дара алғандағы бір ерекшелігіңіз бе оның басын айналдырған? Шынымды айтсам, өзіңізді талай рет басыңыздан бақайшағыңызға дейін көзбен шолғам және, жасыратын не бар, тақсыр, әрдайым бойыңыздан тамсанудан гөрі талып түсуге лайық нәрселерге көбірек кезігетінмін. Оның үстіне, естуімше, ең әуелі және негізінен, әдемілікке бола ғашық болатын көрінеді ғой, ал сіздің, тақсыр, тіптен әдемі еместігіңіз себепті ана бейшараның сізге не үшін ғашық болғаны маған мүлдем түсініксіз.
— Есіңде ұста, Санчо, — деді Дон Кихот, — әдеміліктің: жан сұлулығы және тән сұлулығы дейтін екі түрі болады. Жан сұлулығы ақыл-ой алғырлығынан, пәк-тазалықтан, мінсіз мінез-құлықтан, мейірімділік пен тәрбиеліліктен көрініс беріп, мен мұндалап тұрады және бұл қасиеттердің бәрі көріксіз кісінің де бойынан тоғысып, үйлесім таба алады, ал егер назар тән сұлулығына емес, тап осындай жан сұлулығына ауса, онда нағыз албырт та баянды махаббат туындайды. Мен, Санчо, әдемі еместігімді өзім де білем, сондай-ақ ұсқынсыз еместігім де өзіме мәлім, ал жақсы адамды ұнату үшін оның тек құбыжық болмауы ғана шарт, есесіне ол әлгінде ғана өзім санамалап берген қасиеттердің иесі болуға тиіс.
Осылайша әңгіме-дүкен құрған олар жолмен емес, орман ішімен келе жатқан-ды, кенет, өзі мүлдем күтпеген жерден, Дон Кихот ағаштар арасына тартылып, тор секілді етіп ұстатылған жасыл жіптерге маталып қалды; мұның не екенін түсінбеген ол ақыры Санчоға қарап былай деп тіл қатты:
— Менің ойымша, Санчо, мына торға байланысты туындап тұрған жағдай —басымыздан бұрын-соңды кешпеген керемет шытырман оқиғаның бірі. Қысастық көрсетіп жүрген сиқыршыларым, шамасы, Альтисидораға қаталдық жасағаным үшін мені тормен шырмап, жолымды бөгемек қой — егер осы айтқаным өтірік болса тұрған жерімде өлтіре сал. Алайда, олар біліп қойсын, құрған торы мынадай жасыл жіптен болмай, ең қатты алмастан болған күнде де, ол да ештеңе емес, тіпті ұсталардың қызғаншақ құдайы Венера мен Марсты шырмап тастаған тордан берік болғанның өзінде де, бәрібір, мен оны бейне бір теңіздің балдырындай немесе мақтаның талшығындай әп-сәтте быт-шыт қып тастар едім.
Сөйтіп, ол алға қарай жылжып, торды талқан қылмаққа оқтала бергенінде, кенет тура қарсы алдынан ағаш тасасынан керемет сүйкімді екі бақташы қыз шыға келді: қалай болған күнде де олар, әйтеуір, бақташы секілді киінген еді, бақташыдан айырмашылығы күртешелері мен белдемшелері аса бір әдемі қамқадан тігілген болатын — айтқандайын, олай емес: белдемшелері аса қымбат, алтын жіптен зер төгілген тафтадан еді. Иықтарына төгілген, жылтыраған алтын шашы басқа ештеңемен емес, тек күн сәулесімен ғана бәсекелесе алатын; екеуі де басына жап-жасыл лавр мен қып-қызыл амаранттан гүлтәж киіпті. Түрлеріне қарап бұларға аз дегенде он бес, көп дегенде он сегіз жас беруге болатын.
Санчо оларға қарап аузын ашып қалды, Дон Кихот түк ештеңе түсінбей дал болды, тіпті күннің өзі де оларға көз тастау үшін бір сәтке жүгірісін тиды, сөйтіп төртеуі де түк үн қатпай мелшиіп тұрды да қойды. Ақыры бақташы қыздардың бірі бірінші боп тіл қатып, Дон Кихотқа қарап былай деді:
— Тұра тұрыңыз, сеньор кавальеро, торды үзбей-ақ қойыңыз, — біз оны бұл араға сізге кедергі жасау үшін емес, тек көңіл көтеру үшін ғана жайғанбыз; ол неғылған көңіл көтеру және сендер кімсіңдер дейтін сұрақ қоярыңызды алдын-ала біліп тұрмын, сондықтан қазір бұл жайында қысқаша айтып берем. Осы арадан екі мильдей жердегі бір елді мекенде біраз ақсүйек әулет, идальго мен бай адам тұрады; достарымызбен, жақын-жуықтарымызбен бірге бәріміз осы арада бас қосып, — арасында әйелдері де, ұлдары мен қыздары да бар, — көңілді демалыс өткізуге, сөйтіп, жаңа бақташылық Аркадия құруға уәделескенбіз, — ал бұл ара осы өңірдегі ең көрікті жердің бірі, — сол үшін қыздар да, ұлдар да бақташы боп киініп алғанбыз. Біз екі эклоганы жаттадық: бірі — атақты ақын Гарсиласонікі, екіншісі — айтулы Камоэнстікі, португал тілінде, бірақ әлі қойып үлгерген жоқпыз. Біз мұнда кеше ғана келдік, сосын ағаш өскен алаңқайға, айнала маңайдағы шалғынды дымдап жатқан суы мол жылғаның жағасына жорық шатыры деп аталатын шатырларды тіктік, ал кешкісін аңқау құстарды аулау үшін ағаш арасына тор құрып тастадық: біз оларды әдейі үркітеміз, олар қорқып ұша жөнеледі де, торға барып түседі. Егер, сеньор, бізге қонақ болғыңыз келсе, сізді қуана-қуана құшақ жайып қарсы аламыз, — ендігі жерде мұнда, біздің ортамызда, уайымға да, зерігіп бос отыруға да орын жоқ.
Соны айтып ол сөзін аяқтады; Дон Кихот болса, оған былай деп жауап қатты:
— Шын сөзім, аса сүйкімді сеньора, үріп ауызға салғандай әсем әлпетіңізді көріп есеңгіреп қалғандай күйде тұрмын, тіпті суға шомылып жатқан Диананың түр-пішініне тосыннан көзі түскен Актеон да осынша таңырқанып, таңдай қақпаған шығар. Көңіл көтеріп жатқандарыңызға шынымен тәнті болдым, шақырғаныңыз үшін алғыс айтам, егер қандай да бір көмекке ділгер болсаңыз — бір ауыз сөзіңіз жетіп жатыр, қолма-қол орындауға дайынмын, өйткені ырзашылығымды іс жүзінде дәлелдеу және жұрттың бәріне бірдей, соның ішінде әсіресе өзіңіз бір өкілі боп табылатын текті әулеттерден шыққан жандарға жақсылық жасау менің тікелей парызым, сондай-ақ мына шағын ғана аумақты алып тұрған торлар тіпті жер бетін түгел шырмап жатқан күннің өзінде де, сапарымды бұлардың бір тінін үзбей әрмен жалғайтын жаңа бір жол-соқпақ тауып алуға тырысар едім, ал мұның құр әншейін көпірме сөз еместігіне көз жеткізгіңіз келсе, айтайын — қарсы алдыңызда тұрған адам басқа ешкім де емес, нақ сол Ламанчалық Дон Кихоттың өзі, әрине, тек оның кім екенінен хабардар болсаңыз.
— Аһ, сүйкімді құрбым-ай! — деп дауыстап жіберді сол сәт екінші бақташы қыз. — Біз қандай бақыттымыз десеңші! Мына сеньордың кім екенін білесің бе? Білмесең біліп қой, егер жарық көрген, өзім оқып шыққан, оның ерлік істері жайындағы хикая бізді алдап, өтірікті суқитып жүрмесе, бұл кісі көзсіз батыр атаулының ең көзсізі, ғашықтар атаулының ең албырты, адам атаулының ең ізеттісі. Жанындағы серігі — әзілкештігіне ешкім теңесе алмайтын атқосшысы Санчо Панса екеніне де кепілдік бере алам.
— Оныңыз рас, — деп қоштай кетті Санчо, — өзіңіз айтқандай, мен тап сол атқосшы, тап сол әзілкешпін, ал мына сеньор — менің қожайыным, кітапшада сөз болып, әңгіме етілетін тап сол Ламанчалық Дон Кихот.
— Қымбатты құрбым! — деп дауыстап жіберді алғашқы қыз. — Сеньорды бізде қонақ болуға үгіттеп көндірейік те, — ата-анамыз да, ағаларымыз да бұған қатты қуанып қалар еді. Оның айбынды істері мен адамгершілік абзал қасиеттері жайында мен де хабардармын, оған қоса, жұрттың айтуынша, ол таңғаларлықтай табанды әрі адал ғашық көрінеді, ал оның ханымы — күллі Испания жан тең келмес сұлу деп мойындап отырған Дульсинея Тобосская есімді бикеш деседі.
— Егер көрерге көз керек көркіңіз соған күмән келтіруге мәжбүр етпегенде, мұны шынымен солай деп ойлауға да болар еді, — деді Дон Кихот. — Алайда мені жолымнан қалдырмаңыздар, сеньоралар, өйткені борышымды өтеуге тікелей қатысы бар, кейінге шегеруге көнбейтін шаруалар маған қай жерде болсын демалып жатуға мүмкіндік бермейді.
Осы арада бұлардың қасына қыздардың бірінің інісі келді, бұл да үстіне апасы секілді бақташының қымбат матадан тігілген сәнді киімін киіпті; қыздар оған қарсы алдарында тұрған адамның айбынды Ламанчалық Дон Кихот, ал ана екіншісі — атқосшысы Санчо екенін айтты, Дон Кихоттың бастан кешкендері жайындағы хикаяны оқығандықтан бұл есімдер қыздың інісіне таныс болатын. Мұнтаздай бақташы балақан Дон Кихотқа өз есімін айтып, шатырына шақырды; Дон Кихоттың келіспеске амалы қалмады. Осы екі аралықта аңшылық та басталып, түрлі құстар торға топырлап түсіп жатты, оның жасыл түсінен алданған олар өздері бас сауғалап қашқан торға өздері барып ұрынып жатыр еді. Бұл араға отыздан астам адам жиналған болатын; еркектер де, әйелдер де — барлығы да үстіне бақташының сәнді киімін киіп алыпты, мына екі бейтаныстың өздері кітаптан білетін айтулы Дон Кихот пен оның атқосшысы екені бір демде-ақ мәлім болды, бұл хабар бәрін қуантты. Жиылған қауым таза етіп әзірленген түрлі тәтті-дәмді қымбат тағамдарға толы дастарқан жаюлы шатырларға қарай қозғалды; Дон Кихотты төрге әкеп отырғызды; бәрі де оған таңырқай қараумен болды. Ас ішілгеннен кейін Дон Кихот дауысын қатайтып, менмен де маңғаз кейіпте былай деп сөйлеп кетті:
— Кейбіреулер адамзат баласына тән күнәлардың ішіндегі ең ауыры өркөкіректік деп есептейді, ал өз басым мұндай күнә — жақсылықты білмеушілік дер едім, өйткені “тозақ толы — жақсылықты білмейтіндер” дейтін жалпыға ортақ пікірді ұстанам. Ес жиған жасқа жеткелі бері бұл күнәдан қолымнан келгенінше аулақ болуға тырысып жүрмін; егер өзіме көрсетілген жақсылыққа дәл сондай дәрежеде қарымта қайтаруға шамам жетпесе, қайткен күнде де әйтеуір, жарылқаушыма қарымта қайтарғым келетіні жайындағы тілегімді білдірем, ал егер бұл өзіме аздау көрінсе, оның тигізген шарапаты жөнінде жүрген жерімде айта жүрем, өйткені адам көрген жақсылығын жұрттың бәріне жайып жүрсе, бұл азды-көпті мүмкіндігі болған жағдайда ол әсте қарыздар қалмас еді дегенді білдіреді, ал берушілердің қоғамда алып отырған орыны алушылардан көп ретте әлдеқайда жоғары болатыны баршаға мәлім: құдайдың баршамыздан жоғары тұратындығының, жақсылықтан құр қалдырмай, әркімге сыбаға сыйлайтын заңғар жарылқаушы екендігінің де себебі осында және жаратқанның сый-тартуы мен адамның сый-тартуын салыстыруға да болмайды, — олардың арасы жер мен көктей, ал ырзашылық білдіру — қаражатымыздың тапшылығы мен мүмкіндігіміздің шектеулілігін ішінара болса да толтырады. Осы себепті, мен де өзіме мына жерде көрсетілген меймандостыққа ырза болғаныммен, бұған тең дәрежеде қарымта қайтаруға дәрменім жоқтығынан өз мүмкіндігімнің тар шеңберінде қала беруге мәжбүрмін және тек қолымнан келетін, шама-шарқым жететін бір-ақ нәрсені ғана ұсына алам, атап айтқанда: Сарагосаға баратын күре жолдың қақ ортасына тұрып алам да, осы арада отырған, бақташы қыз боп киінген сеньоралар дүниедегі ең сүйкімді және ең инабатты қыздар деп екі күн бойы қатарынан жария ететін болам, алайда мына жерде өзімді қаумалап отырған ханымдар мен мырзалардың көңіліне келмесін, күллі ой-ниетімнің жалғыз ғана әміршісі, жан тең келмес Дульсинея Тобосскаяны олардан жоғарылау қоятыным, әрине, өзінен-өзі түсінікті ғой.
Дон Кихотты ынты-шынтысымен тыңдап отырған Санчо осы арада қатты дауыстап былай деді:
— Осыдан кейін күллі әлемнен қожайынымды есуас деуге батылы жететін және соған ант-су ішетін бір адам табылар ма екен? Қалай ойлайсыздар, бақташы сеньорлар: қожайыным айтқан әлгіндей уағызды ең білімдар, ең ақылды деген селолық священниктің қайсысы айта алар еді, сондай-ақ ержүректігімен ерекше даңқы шыққан кезбе рыцарьлардың қайсысы қожайыным әлгінде уәде еткенді уәде ете алар еді?
Ызадан жүзі түтігіп кеткен Дон Кихот Санчоға қарай бұрылып, былай деді:
— Осыдан кейін аспан асты, жер үстінде сені зымияндық пен қасақылыққа да бейімді, барып тұрған миғұланың өзі демейтін бір адам табылар ма екен? Ау, менің ісіме аралас, естімін бе, есуаспын ба, соның бағасын бер деп сенен біреу сұрап па еді? Өшір үніңді және қарсыласпа — одан да ері алынған болса Росинантты барып ертте: қазір біз әлгі уәдемді орындауға аттанамыз, ал ақиқат менің жағымда болуы себепті, маған қарсы шығатындардың бәрі жеңіліс тапты деп алдын-ала есептей бер.
Соны айтып, қатты қынжылып, ашуға булыққан Дон Кихот үстел басынан тұрды, сол арада отырғандар айран-асыр боп, оның есалаң ба әлде есі дұрыс адам ба — кім екенін біле алмай аңтарылып қалды. Мұндай іске бармауын сұрап, табиғатына тән ырзашылық сезімі мұқым жұртқа мәлім екенін, рухының мықтылығын тағы да тағы дәлелдеудің текке керегі жоқтығын, себебі қарекеті жайындағы хикаяда келтірілген деректердің өзі-ақ жеткілікті екенін айтып, қанша үгіттегендеріне қарамастан Дон Кихот алған бетінен қайтпады: Росинантқа отырып, кеудесін қалқанмен көлегейлеп, қолына найзасын алып, шалғынның іргесімен өтіп жатқан күре жолдың қақ ортасына шықты. Сұр жорғасына қонған Санчо да солай қарай бет түзеді, бұрын-соңды болып көрмеген осынау оспадарсыз әурешіліктің немен тынарын білгісі келген бақташы боп жүрген қауым топырласып оның соңынан ерді.
Әлгінде айтқанымыздай, жолдың қақ ортасына шыққан Дон Кихот маң даланы мынадай сөзбен жаңғырықтырды:
— Оу, сендер, жолаушылар мен жиһанкездер, рыцарьлар мен атқосшылар, салт аттылар мен жаяу жүргіншілер, осы жолмен қазір келе жатқандардың және алдағы екі күннің ішінде өтетіндердің барлығы! Мына менің, кезбе рыцарь Ламанчалық Дон Кихоттың, бұл жерге дүйім жұрттың алдында өз пікірімді қорғау үшін тоқтап тұрғанымды біліп қойыңдар: жүрегімнің әміршісі Дульсинея Тобосскаяны есепке қоспасақ, мына тоғайлар мен шалғындарды мекен ететін нимфалардың сұлулығы мен сыпайылығына ешкім теңесе алмайды! Осы жағдаятқа байланысты, кімде-кім басқа пікірде болса — келе қойсын, оны осы арада күтіп алам.
Бұл сөзді ол екі мәрте қайталап айтты, бірақ шытырман оқиға іздеушінің ешқайсысы оған қай жолы да құлақ аса қоймады, алайда қашан да өзіне қарасып жүрген тағдырдың көмегі арқасында көп ұзамай-ақ жол бойында қыруар салт атты қара көрсетті; көпшілігінің қолында найза бар-ды және олар топтанып, шоғырланып, суыт келе жатқан болатын. Дон Кихоттың жанындағылар оларды көрген бойда-ақ жалт бұрылып, жолдан әжептәуір жыраққа барып тұрды: әлгілерді тосып тұра берсе басына бәле тілеп алатынын олар жақсы түсінген еді; қорқу деген қаперіне кіріп шықпаған Дон Кихот қана орнынан қозғалмады, ал Санчо Росинанттың тасасына тығылды. Сол екі аралықта салт атты найзагерлер отряды жуықтап та қалған, алда келе жатқан біреуі Дон Кихотқа айқайлап былай деді:
— Былай тұр жолдан, есалаң, әйтпесе қазір сені бұқалар таптап өтеді!
— Өй, оңбаған! — деп айқайлап жіберді Дон Кихот. — Мен ешқандай бұқадан қорықпаймын, тіпті Харама өзені жағалауында жайылған бұқалардың ішіндегі ең шектен шыққан жабайыларынан да! Әлгінде айтқаным ақиқат шындық екенін мойындаңдар қане, малғұндар, қаншаң болса соншаң, әйтпесе сендерді жекпе-жекке шақырам.
Мал айдаушы бұған жауап қатып үлгерген жоқ, Дон Кихот болса, тіпті мақұл көргеннің өзінде де былай шығып үлгермейтін, себебі арасында үйретілгені де, жуасы да бар, жабайы бұқалар табынын бір қауым мал айдаушы мен басқа да адам ертеңгі күні бұқамен сайыс өтетін бір елді мекенге қарай қуалап бара жатыр еді, — міне, осы табын Дон Кихот пен Санчоға, Росинант пен сұр жорғаға қарай лап қойып, олардың ойран-ботқасын шығарып кетті. Санчо денесін қатты ауыртып алған, Дон Кихот мәңгіріп қалған, сұр жорға соққы жеп, Росинантқа да сыбаға тиген; әйткенмен, ақыры бәрі бойын тіктеді, ал Дон Кихот болса, бір құлап, бір тұрып табынның соңынан жүгіре жөнелді.
— Тоқтаңдар, тұра тұрыңдар, қарақшылар тобыры! — деп айқайлады ол. — Сендерді бір-ақ рыцарь тосып тұр, ал бұл рыцарьдың өзіндік дәстүрі мен дағдысы бар, ол қашқан жауды желкелеуді жөн көрмейді!
Алайда бұл айқай тым асығыс қашқындарды тоқтата алмады: олар үшін өткен жылғы бұлттардың маңызы қаншалықты болса, Дон Кихот қоқан-лоқысының да маңызы соншалықты еді, — олар тоқтаған жоқ, Дон Кихоттың өзі тоқтады, себебі әбден сілікпесі шыққан еді; сөйтіп, өшін ала алмаған, ашу-ызасы одан әрі өрши түскен ол Санчоны, Росинант пен есекті тосып, жолдың жиегіне отыра кетті. Арада шамалы уақыт өткеннен кейін мырзасы мен малайы қайтадан көліктеріне қонды. Сөйтіп, жалған да жасанды Аркадиямен қоштасуға қайтып оралмаған, өз істерінен өздері қатты ыңғайсызданған олар әрмен қарай аса берді.
LІX тарау
Мұнда Дон Кихот бастан кешкен аса сирек кездесетін және шытырман оқиға санатына жатқызуға болатын бір жағдай баяндалады.
Бұқалардың әдепсіздігі салдарынан үсті-басын шаң басып, шаршаңқырап қалған Дон Кихот пен Санчоға ағаштардың қоңырсалқын көлеңкесімен сылдырап ағып жатқан таза да мөлдір бұлақ жан сая болды; әбден сілікпесі шыққан олар әуелі сұр жорға мен Росинантты жүген-ноқтасын сыпырып жайылуға жіберіп, одан соң өздері соның жағасына кеп жайғасқан-ды. Санчо өзінің қоймасына, яғни қоржынына қол жүгіртіп, одан, өзі айтатындай, ішке ел қондыратын нәрселерді алып шықты; сосын ол аузын шайды, ал Дон Кихот беті-қолын жуды, бұл оларды сергітіп, күшіне күш қосқандай болды. Алайда өзегін өртеген өкініштен әлі арыла алмағандықтан Дон Кихоттың асқа зауқы соқпады, ал Санчо болса, тамаққа тек сыпайыгершіліктен ғана қол созбай, қожайыны бастап бергенін күтіп отырған, бірақ оның өз ойымен өзі боп кеткенін, қажеттілігін қанағаттандыру жайын қаперден шығарғанын көрген соң, мырзасы ұмытқанымен, бұл жайды өзі ұмытпауы керегін ескеріп, тәуір тәрбие алған адам ұстанар қағидалардың бәрін тәрк етіп, нан мен сүтсірнені аузына бұрап тыға бастады.
— Жеп тойып ал, достым Санчо, — деді Дон Кихот, — күш-қуатыңды кемітіп алма, менен гөрі саған өмір қымбатырақ, ал маған мазасыз ойларымның ауыртпалығы мен басымнан арылмаған қырсықтың күйігінен мүрдем кету ғана жазған. Менің өмірім, Санчо, — кез-келген сағатта өлім табуға арналған, ал сен өлім аузында жатып та аузыңмен бірдеңе талмап жатасың. Ал енді осы айтқанымның өтірік еместігіне көз жеткізгің келсе, мені кітапта қалай бейнелегеніне көңіл аудар, ал онда мені айқаста айбынды, қарым-қатынаста кішіпейіл, шонжарлар құрмет тұтатын, бикештер ұнататын адам ретінде бейнелеген. Сөйтіп, енді ақыр соңында, ерен ерліктерім арқылы ие болған және қол жеткізген сый-сияпат, мадақ, марапаттарымды күтіп отырғанымда, бүгін таңертең осынау жеркенішті де жексұрын мақұлықтар үстімнен жосылып өтті, аяқтарымен таптап, тепкілеп кетті. Осыны ойлағанда күрек тістерім мұқалып, азу тістерім босап, қолым жансызданып, тамаққа мүлдем тәбетім шаппайды, сондықтан тіпті өзімді аштан қатыруға, яғни ажал атаулының ең ауыр түрімен өлуге де бейілмін.
— Ендеше, — деп түйді Санчо шапшаңдата шайнап отырған күйі, — сіз, тақсыр, “Тамаққа тыңқия тойған, ажалды ойлап абыржуды қояды” дейтін мақалды мақұлдамайды екенсіз ғой. Қалай болғанда да, мен, әйтеуір, өзімді өзім өлтіру жайындағы ойдан аулақпын, — одан да былғарыны тісімен созып, өзіне керек жеріне дейін жеткізетін етікші секілді болғаным жақсы. Мен де сөйтем: ішем-жеймін және өмірімді құдай өзі белгілеп қойған шекке дейін жеткізем, ал сіздің, сеньор, өзін-өзі қасақана үмітсіздікке ұрындырудан артық есалаңдық жоқ екенін біліп қойғаныңыз жөн, ал сіз тап солай істеп жүрсіз; менің ақылымды тыңдаңыз: әуелі ас ішіп әлденіңіз, сосын мына көк шалғыннан төселген көрпеге көсіліп жіберіп, шамалы көз шырымын алыңыз — көріңіз де тұрыңыз, оянғаныңызда жаныңыз едәуір жай тауып қалады.
Дон Кихот Санчоның сөзінде ешқандай сөлекеттік жоқ екенін, керісінше, өте орынды екенін түсінді, сондықтан тап солай істегенді жөн көрді, алайда Санчоға мынадай өтініш білдірді:
— Аһ, Санчо! Егер қазір өзіңе айтқалы отырған тілегімді орындауға келісіміңді берсең, көңілім, сөз жоқ, едәуір көтеріліп қалар еді, өкініш-күйінішімнің ауыртпалығы да әжептәуір азаяр еді! Айтайын дегенім мынадай жағдай: жаңағы ақыл-кеңесіңді орындап, демалып жатқан кезімде сен шамалы былайырақ шықсаңшы, сосын жалаңаштанып алып, Дульсинеяның жадысын қайтару үшін денеңе дарытуға міндеттенген анау әлгі үш мыңнан астам дүренің есебінен Росинанттың тізгінімен өзіңді үш жүз - төрт жүз рет шықпыртсаңшы: расында да, обал-ақ тіпті — немқұрайдылығың мен немкеттілігің салдарынан бейшара сеньораның әлі күнге дейін сиқыршылық айла-амалдар құрсауында қалып отырғанына жүрегің қалай қан жыламайды.
— Бұл жайында әлі ойланып көру керек, — деді Санчо келісіңкіремей. — Одан да қазір екеуіміз де ұйқтап алайық, сосын құдайдың салғанын көре жатармыз. Біліп қойғаныңыз артық болмас, тақсыр, ешқандай дайындықсыз, салған жерден өзіңді өзің шықпырта жөнелу, әсіресе соққыны дұрыс қоректенбеген және семіздігі де шамалы денеге дарыту — оңай нәрсе емес. Сеньора Дульсинея кішкене шыдай тұрсын-дағы, сәті түскен бір күні өзімді оңдырмай қан-жоса қылармын: себебі, тірі адам тіршілігін істейді емес пе, — яғни, айтайын дегенім, өлмей аман-сау жүрмін ғой, ендеше, уәдемді де міндетті түрде орындаймын.
Бұған ырзашылық білдірген Дон Кихот аздап жүрек жалғады, ал Санчо мелдектей тойды, бұдан соң екеуі ұйқтауға жатты, ал айнымас серік әрі дос Росинант пен сұр есек шөбі шүйгін шалғындықта емін-еркін жайылып жүрді. Олар кештетіп барып бір-ақ оянды, тұрған бойда көліктеріне қонды да, асығыс жүріп кетті, өйткені бір мильдей қашықтан көрініп тұрған бекетке жетіп алмаққа асыққан еді. Мен “бекетке” деп отырмын, себебі Дон Кихоттың өзі бекет атаулының бәрін қамал-сарайға балайтын дағдысын өзгертіп, оны бекет деп атаған болатын.
Сөйтіп, екеуі бекетке келіп, мұнда қонып шығуға бола ма деп сұрады. Оларға болатыны және тіпті Сарагосаның өзінен табылмайтын жайлы орын беріліп, жақсы күтім жасалатыны мәлім етілді. Олар көліктерінен түсті, бұдан соң, бекет қожайынынан кілтін алғаннан кейін, Санчо азық-түлігін шоланға кіргізіп қойды, сосын жануарларды атқораға апарып, жемін салды да, мына бекеттің Дон Кихотқа қамал-сарай секілді боп көрінбегені үшін жаратқанға арнайы алғыс айтып, қандай бұйрық беретінін білмекке мырзасына қарай тартты, ал Дон Кихот болса, қақпа жанындағы сәкіде отырған болатын. Бұл кезде кешкі тамақ ішетін уақыт та таяп қалған-ды, Дон Кихотпен бірге өздеріне бөлінген бөлмеге бармас бұрын Санчо бекет иесінен кешкі асқа не ұсынатынын сұрады. Бұған жауап ретінде қожайын мынадай жайды алға тартты: бізде жаныңызға не керектің бәрі бар, не қаласаңыз соны сұрай беріңіз, өйткені бұл бекеттен ауладағы құстың еті де, аспандағы құстың еті де, теңіздегі балық та, бәрі де табылады, деді.
— Бізге ондай көп ештеңенің керегі жоқ, — деп құлаққағыс етті Санчо, —қуырылған екі балапан жетіп жатыр, себебі мырзам өте бір сыпайы адам, тамақты көп жемейді, өзім де әкетіп бара жатқан мешкей емеспін.
Қожайын бұларға балапан қуырып бере алмайтынын, себебі балапандарды кезқұйрық іліп тауысқанын хабарлады.
— Ендеше, сеньор қожайын, бір семіздеу тауықты қуыруға әмір ете қойыңыз, — деді Санчо.
— Тауық деймісіз? Әй, құдай-ай! — деп айқайлап жіберді қожайын. — Оллаһи-білләһи, шын сөзім, елуден астам тауықты күні кеше ғана қалаға сатуға беріп жібергем, тауық жоқ, бірақ басқасының бәрін сұрай беріңіз.
— Олай болса, сізде бұзау еті немесе ешкі еті бар шығар, — деп сауалын жалғастыра түсті Санчо.
— Қазір анаусы да, мынаусы да таусылып қалды, бүкіл үйден бір кесім ет таба алмайсыз, — деп жауап қатты қожайын, — есесіне келесі аптада қалағаныңызша болады.
— Айтары жоқ! — деді Санчо. — Мұның бәрі қаншалықты қат болғанымен, есесіне сізде шошқа майы мен жұмыртқа жетершілік екеніне бәс тігуге бармын.
— Құдай ақы, жолаушы сеньордың табандылығы таңғаларлық! — деп дауыстап жіберді қожайын. — Ау, сізге әлгінде ғана айтпап па едім, менде балапан да, тауық та жоқ деп, ендеше жұмыртқа қайдан болады? Әңгіме ауанын басқа дәмді тағамдар жайына аударсаңызшы, құстың сүтін сұрап неғыласыз.
— Жә, сөзден іске көшейік, құрып кетсін бәрі! — деп мәлім етті Санчо. — Өзіңізде не бар, енді соны айтыңызшы, сеньор қожайын, сосын бұл әңгімені біржола тәмамдайық.
Қожайын бұған былай деп жауап қатты:
— Расында және шын мәнінде қолымда бары — сиырдың бұзау сирағына ұқсас қос тұяғы ғана немесе, дәлірек айтқанда, бұзаудың сиыр тұяғына ұқсайтын қос сирағы ғана; бұлар бұршақ қосып пісіріліп те қойылған, пиязбен, маймен дәмделген және түрінің сүйкімділігі сондай: “Жеп қойыңдаршы! Жеп қойыңдаршы!” деп тұрғандай.
— Бұларды мен алам, — деп мәлім етті Санчо, — ешкім тиіспейтін болсын; бағасын да басқалардан тәуірірек төлеймін, өйткені, ең сүйікті тағамым осы, ал бұлар тұяқ бола ма, сирақ бола ма — маған бәрібір.
— Ешкім де тиіспейді, — деді қожайын, — басқа тұрғындарым ақсүйек адамдар, өз аспазы, күтушісі мен азық-түлігі бар.
— Өй, тектілік жағынан менің мырзама ешкім теңесе алмайды ғой! — деп қарсылық білдірді Санчо. — Қызметінің ыңғайы оған өзімен бірге ыдыс-аяқ пен азық-түлік алып жүруге мүмкіндік бермейді: екеуіміз көкорайға отыра кетеміз де, емен жаңғағымен және қызылдың жемісімен жүрек жалғаймыз.
Санчо мен бекеттің қожайыны екеуара осылай әңгімелескен: алайда Санчо әңгімені әрмен жалғастырғысы келмеді және мырзасының қандай кәсіппен шұғылданатыны, немен айналысатыны жайындағы сұрақты да жауапсыз қалдырды. Сонымен, кешкі ас ішетін уақыт та келіп, Дон Кихот өз бөлмесіне өтті, тапсырыс берілген тағамды қожайын сонда алып келді, Дон Кихот бұл астан тайлықпай, сол бойда-ақ тамақтануға кірісті. Бірақ, дәл осы кезде жұқалтаң ғана қабырға бөліп тұрған көрші бөлмедегі әлдекімнің:
— Кешкі асымызды алып келгенше, сеньор дон Херонимо, Ламанчалық Дон Кихоттың екінші бөлімінің тағы бір тарауын оқып шықсақ қайтеді? — деген сөзі Дон Кихоттың құлағына шалынды.
Есімі аталған бойда Дон Кихот орнынан ұшып тұрды, бар зейінін салып тың тыңдады, сол арада жоғарыда аталған дон Херонимоның жауабын да естіді:
— Ондай сандырақты оқудың не қажеті бар, сеньор дон Хуан? Өйткені, Ламанчалық Дон Кихот хикаясының бірінші бөлімін оқығандар оның екінші бөлімін оқуға онша құштар бола қоймаса керек еді.
— Әйткенмен, — деп қарсылық білдірді дон Хуан, — оны оқып шығудың зияны жоқ, себебі нашар кітаптың өзі де қызықты бірдеңеден құралақан болмайды. Дегенмен, екінші бөлімде Дон Кихоттың Дульсинея Тобосскаядан жерініп қалатыны маған мүлдем ұнамайды.
Мұны естіген Дон Кихоттың зығырданы қайнап кетті де, бұлқан-талқан боп ашуланып, дауысын қатайтып былай деді:
— Ламанчалық Дон Кихот Дульсинея Тобосскаяны ұмытты немесе ұмытуға бейім деуге дәті баратындардың қай-қайсысының да шындықтан қаншалықты алшақ екенін жекпе-жек айқаста дәлелдеп берем, өйткені жан тең келмес Дульсинея Тобосская ешқашан ұмытылмайды және Ламанчалық Дон Кихот та ұмытшақтыққа салынбайды: оның девизі — тұрақтылық, ал парызы — тұрақтылығын өзгеге де жария етпей-ақ, өзін де мәжбүр етпей-ақ сақтау.
— Бізге жауап беріп тұрған кім? — деп сұрады көрші бөлмедегілер.
— Ламанчалық Дон Кихоттың өзі болмағанда басқа кім болушы еді? — деп айқайлады Санчо. — Және ол сіздерге қазіргі айтқан сөзінің де, сондай-ақ болашақта айтар сөзінің де бәрі түгел ақиқат шындық екенін дәлелдеп бере алады, өйткені тиянақты төлемшіге кепілден қорқатын дәнеңе жоқ.
Санчоның осыны айтып аузын жабуы мұң екен, есік ашылып, кавальеро екендері түр-пішінінен танылып тұрған екі адам ішке кірді де, біреуі Дон Кихотты құшағына алып, былай деді:
— Кескін-келбетіңіз есіміңізге куәлікке жүреді екен, ал есіміңіз кескін-келбетіңізбен үйлесім табады екен: есіміңізді пайдаланып кетуге, сөйтіп ерлік істеріңізді мансұқ етуге ниеттенген адамға, атап айтқанда, мына кітаптың авторына әдейі және қасақана түрде ғұмыр кешіп жүрген сіздің, сеньор, кезбе рыцарьлықтың шамшырағы әрі жол көзер жұлдызы, шын мәніндегі Ламанчалық Дон Кихот екеніңізге ешқандай күмән жоқ.
Сол арада ол серігінің қолындағы кітапты алып, Дон Кихотқа ұсынды; Дон Кихот оны үнсіз парақтап шықты да, ұзатпай қайтарып беріп, былай деді:
— Мен жай ғана шолып шықтым, соның өзінде де айып санауға лайық үш нәрсені байқап үлгердім: бұл, біріншіден, прологтағы кейбір сөйлемшелер; екіншіден, кітаптың арагондық сөйленісте жазылғаны; үшіншіден, — автордың дүмшелігін бәрінен анығырақ аңғартатыны, — маңызды бір мәселеде шатасып, лағып кетеді: атқосшым Санчо Пансаның әйелінің есімі Мари Гутьеррес дейді, ал шындығында оның есімі мүлдем басқа, оны Тереса Панса деп атайды, ал енді осындай маңызды нәрселерді былықтырған адамның басқа жайларды да былықтырмағанына ешқандай кепілдік жоқ.
Сол жерде Санчо сөзге килікті:
— Тек қана шындықты жазам дейтін әңгімешінің түрін! Зайыбым Тереса Пансаны Мари Гутьеррес деп атайтын болса, ау-жайымызды жетік білетін адамды тапқан екенбіз! Ана кітапты қолыңызға тағы бір алыңызшы, сеньор, онда мен де бар ма екем өзі, менің де аты-жөнім бұрмаланған жоқ па екен, қарап жіберіңізші.
— Сөзіңнің сиқынан танып тұрмын, достым, сен, шамасы, сеньор Дон Кихоттың атқосшысы Санчо Пансасың ғой, солай ма? — деп сұрады дон Херонимо.
— Иә, сол менмін және соны мақтан тұтам, — деп нықтады Санчо.
— Өтірік айтып тұрған ештеңем жоқ, — деді кавальеро, — бұл жаңа автор сені қазір өзімізге ұнап тұрған қалпыңдағыдай сүйкімді адам түрінде суреттемейді: ол сені мешкей және күлкілі мінезден мақұрым ашықауыз етіп бейнелейді, тоқ етері, мырзаң жайындағы хикаяның бірінші бөліміндегі Санчоға тіптен ұқсамайтын біреу боп шыққансың.
— Ар-ұяты білсін, — деді Санчо. — Абзалы, оның мазамды алмай, мені мүлдем ұмыт қалдырғаны жөн еді: астау табылса — шошқа да табылады, деген ғой, көңілім баяғыдай.
Кавальеролар Дон Кихотты кешкі ас ішуге өз бөлмесіне шақырды: бұл секілді құрметті адамға лайық тағам бекетте жоқ екенін жақсы білетіндерін айтты. Дон Кихот шақыруды табиғатына тән сыпайыгершілікпен қабыл алып, олармен бірге отырып тамақ ішті; осының арқасында бұзау сирақтарына Санчо басы бүтін ие боп қалды; өзі төрден орын алды; қасына сирақ пен тұяқты Санчодан кем жақсы көрмейтін қожайын жайғасты.
You have read 1 text from Kazakh literature.
Next - Айлакер Идальго Ламанчалық Дон Кихот Орыс Тілінен Аударған Құрманғазы Қараманұлы - II - 36