Latin Common Turkic

Айлакер Идальго Ламанчалық Дон Кихот Орыс Тілінен Аударған Құрманғазы Қараманұлы - II - 31

Total number of words is 4035
Total number of unique words is 2243
32.2 of words are in the 2000 most common words
47.2 of words are in the 5000 most common words
54.7 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
Губернатор өз аралын аралап шыққан түннен кейінгі таң да атты; бұл түнді аға малай ұйқысыз өткізді, себебі киімін ауыстырып киген қыздың шырайлы әлпеті мен шынардай сымбаты көз алдында көлбеңдеп тұрды да қойды, ал үй басқарушы болса, түннің қалған бөлегін қожайындарына хат жазуға жұмсап, оларға Санчо Пансаның істеген ісі мен айтқан сөзін бүге-шігесіне дейін жеткізді, өйткені губернатордың ақыл-парасат пен ақымақтық қойыртпағы түрінде көрініс берген лебізі мен қарекеті мұны өзіне тән ерекшелігімен қайран қалдырған-ды. Ақыры сеньор губернатор ұйқысынан оянды, сосын оған, дәрігер Педро Қатыбезероның нұсқауына сәйкес, таңғы асқа аздаған тосап пен бірнеше жұтым салқын су берілді, Санчо мұндай таңғы асты нанның бір кесегі мен жүзімнің бір шоғына қуана-қуана айырбастаған болар еді; алайда тағам түрін таңдау еркі өз қолында еместігін көргендіктен, жүрегі қаншалықты жабырқап, асқазаны қаншалықты қасірет шеккенімен, Педро Каныпезероның аз көлемдегі әрі мейлінше жеңіл тағам ой жұмысын жандандыра түседі, ал билік басында тұрған және маңызды қызмет атқаратын, тән қуатынан гөрі жан қуаты көбірек қажет болатын адамдарға бұл айрықша қажет қасиет деген дәлелдемелеріне мойын ұсынуына және ден қоюына тура келді.
Осындай софистикаға қарамастан, Санчоның қарыны шұрылдағаны қояр болмады және шыдас бермегені сонша, губернаторлыққа да, тіпті соны өзіне тарту еткен адамға да іштей қарғыс жаудырумен болды; тосап жегенімен тоят таппаған ол, әйтсе де, қазылық жасауға қайта кірісті, сөйтіп оған алыстан келген біреу алдымен жүгініп, үй басқарушы мен басқа да малайлар қатысып тұрған жерде мынадай жайды айтты:
— Сеньор! Бір адамның иелігі ағыны қатты өзен арқылы екі бөлікке бөлінген. (Сөзімді мұқият тыңдауды сұраймын, мырзалар, себебі бұл өте маңызды әрі күрделі мәселе.) Ал, өзеннің үстінен көпір салынған, сол араға, көпірдің жанына, дар ағашы орнатылған, ол жерде төрт адам қазылық ететін сот мәжіліс құрады және олар өзеннің, көпірдің, сондай-ақ күллі иеліктің иесі бекіткен заңның негізінде үкім шығарады, ал заңда: “Бұл өзеннен көпір арқылы өтетіндердің қай-қайсысы да қайда және қандай шаруамен бара жатқаны жайында ант ішіп тұрып мәлім етуге міндетті, кімде-кім шынын айтса, оны өткізіп жіберу керек, ал кімде-кім өтірік айтса, ешқандай аяушылық жасамай осы арадағы дар ағашына асу керек”, делінген. Бұл қатыгез заң кеңінен жария етілген кезден бері көп адам көпір арқылы арғы бетке өтіп те үлгерді, өйткені жүргіншілер шынын айтып тұрғанына көзі жеткен соттар оларға рұқсат берген-ді. Сөйтіп жүргенде бір күні әлдебіреу келіп, ант-су ішкеннен кейін: ант етем, мен мұнда өзімді мына тұрған дар ағашына ассын деп келдім, басқа ешқандай мақсатым жоқ, деп мәлімдейді. Ант үстінде айтылған бұл сөзден соттар абдырап қалады: “Егер бұған бөгеуіл жасамай, әрмен кете беруіне рұқсат етсек, онда бұл оның антын бұзғаны боп шығады және заңға сәйкес өлім жазасына кесілуге тиіс; сондай-ақ оны бірден дарға асуымыздың да жөні жоқ, себебі ол мұнда өзін дарға тартсын деп келгені жайында ант ішті ғой, ендеше антының шын екендігі расталады, сондықтан аталмыш заңға сәйкес оны өткізіп жіберген дұрыс”, десіп лажын таба алмайды. Бұл адамға соттар қандай амал қолдануы керек, сізден сұрайын дегенім де осы еді, сеньор губернатор, — олар әлі күнге шейін бір жағына шыға алмай дағдарып отыр. Сіздің ұшқыр ой, терең парасат иесі екеніңізден құлағдар болғаннан кейін осынау бытысып-шатысқан шым-шытырық іс жайында пікір білдіруіңізді қалап, өздерінің атынан өтініш айтуым үшін сізге мені арнайы жіберді.
Санчо бұған былай деп жауап қатты:
— Шынымды айтсам, сот мырзалар сені маған жібермей-ақ қойса да болатын, өйткені мен сұңғылалығымнан гөрі миғұлалығым басым адаммын, сөйте тұрғанымен, мән-жайына қанығыңқырауым үшін оны маған тағы бір мәрте баяндап берші: бәлкім, бір ұштығын ұстап та қалармын.
Хабаршы бәрін бастан-аяқ қайталап айтып берді, одан соң Санчо мынадай түйін түйді:
— Бұл істің шешімін қиналмай-ақ табам ғой деп ойлаймын, атап айтқанда: әлгі адам дарға тартылу үшін келдім деп ант-су ішіп тұр, егер оны дарға ассақ, онда оның анты жалған болмағаны, сол себепті оны заң бойынша арғы бетке өткізіп жіберу керек, ал егер оны дарға аспасақ, онда ол өтірік айтқан боп шығады, демек, аталмыш заң бойынша ол дарға асылуға тиіс.
— Сеньор губернатор мейлінше салиқалы пікір айтты, — деді хабаршы, — бұл істің жайын бұдан артық терең түсіну де, толығырақ қамту да мүмкін емес, бұған еш күмән жоқ.
— Тоқ етері былай, — деп Санчо сөзін сабақтады, — адамның шындықты айтқан бөлегін олар әрмен қарай өткізіп жіберсін, ал өтірік айтқан бөлегін дарға ассын, осылай істегенде ғана көпірден өту жөніндегі ереже мүлтіксіз орындалады.
— Ондай жағдайда, сеньор губернатор, — деп қарсылық білдірді хабаршы, — бұл адамды шыншыл және суайт делінетін екі бөлікке қақ жаруға тура келеді ғой; өйтіп қақ жаратын болсақ ол міндетті түрде өледі, мұның салдарынан заңның бірінші бабы да, екінші бабы да орындалмай қалады, ал заң болса, өз тәртібін өзгертпей іске асыруды талап етіп тұр.
— Әңгіме былай, шырағым, — деді Санчо, — бәлкім, мен топас шығармын, бірақ мына жүргіншің өлім табуға қаншалықты лайықты болса, аман қалып, көпірден өтуге де соншалықты лайықты: өйткені, шындық оны құтқарып алса, екінші жағынан, өтірік оны өлім жазасына кеседі, ендеше, менің байламым мынау және мұны өзіңді маған аттандырған сеньорларға айтып барарсың: әлгіге үкім шығарарлық та, сондай-ақ ақтап аларлық та желеу тепе-тең болғандықтан, дұрысы оны өткізіп жіберсін, себебі қатыгездік жасағаннан гөрі қайырымдылық жасаған дұрыс. Осы шешімнің соңына қолымды ойланбастан-ақ қойған да болар ем, бірақ қол қоя білмеймін. Бұл айтқандарымның бәрін өзім ойлап тапқан жоқпын, аралға аттанар алдында мырзам Дон Кихоттың аузынан естіген сансыз көп ақыл-кеңесімнің бірі ойыма орала кетті, атап айтқанда: күмәнді жағдайларда мейірімділік жасауға бейілді болу керек, деген еді ол, міне, құдай сәтін салып, осы кеңес есіме түсе кетті және қарастырып отырған ісімізге де өзі сұранып тұр.
— Жөн, — деді үй басқарушы, — лакедемондықтарға заң жасап берген Ликургтің өзі де атақты Пансадан артық шешім шығара алмас еді деп ойлаймын. Осымен таңертеңгілік мәжілісімізді тәмамдаймыз, сосын мен сеньор губернаторға түскі асқа не қаласа соны әкеп беру жөнінде қолма-қол тәртіп берем.
— Ақ-адал шынымды айтсам, өзіме керегі де сол боп тұр, — деп мәлім етті Санчо. — Маған тек тойып ішетін тамақ беріңіздер, одан соң не қилы бытысқан бәлелі істің бәрінің де шешімін оп-оңай тауып берем.
Үй басқарушы сөзінде тұрды: мынадай жөн білетін, аңғарымпаз губернаторды аштан қатыруға ар-ұяты жібермеді, оған қоса қожайын ұйғарымы бойынша оған Санчоны тағы бір мәрте әуреге салу ғана қалған-ды, одан соң бәрін доғармақ болатын. Сөйтіп, дәрігер Қиянтүкпірионың ереже-нұсқауына қасақана түрде тыңқия тойып алған Санчоның үстелден енді тұра бергені сол еді, Дон Кихоттың губернаторға жазған хатын алып шабарман да келіп жетті. Санчо хатшыға оны әуелі іштей оқып шығуға, егер құпия ештеңе болмаса, дауыстап оқып беруге әмір етті. Хатшы бұйрықты орындап, хатқа көз жүгіртіп шыққан соң:
— Бұл хатты дауыстап оқуға болады, өйткені сеньор Дон Кихоттың өзіңізге арнаған сөзінің бәрі де алтын әріптермен кестеленуге лайықты, — деді. — Мұнда былай делінген:
«Жіберген қателіктерің мен ағаттықтарың жайында естірмін деп жүргем, достым Санчо, оның орнына тапқырлықтарың турасында құлағдар болдым, кедейді ұшпаққа шығаратын, кещені кемеңгерге айналдыратын Жаратқан иемізге, сол үшін айрықша алғыс айтып, мінәжат еттім. Маған толыққанды адам ретінде билік жүргізіп жатқаның жөнінде және сондай адам бола тұра момақандығыңмен тілсіз мақұлықты еске салатының жайында хабар түсіп жатыр, алайда біліп қойғаның артық болмас, Санчо, өз билігіңді нығайту үшін көп ретте туа бітті көнпістігіңе кереғар әрекет жасауың қажет болады, себебі жоғары лауазым иесі атанған адамға зәузатының нашарлығы тежеу сап отыратын жайларға құлақ аспай, осы жоғары дәрежесіне лайық мінез көрсету керек. Жақсы киініп жүретін бол, адам көркі шүберек, ағаш көркі жапырақ, деген ғой. Әрине, бұл тұла бойыңа толтырып сылдырмақ тақ, сәнқойлан немесе сот қызметін атқара тұрып, әскери адамша киін деген сөз емес, қоғамда алып отырған орның талап ететіндей дәрежеде, атап айтқанда: мұнтаздай таза киініп жүруге тиіссің.
Басқарып отырған халқыңның сүйіспеншілігіне ие болу үшін сенің екі нәрсені естен шығармағаның абзал болар еді: біріншіден, жұрттың бәріне кішіпейілдік көрсеткенің жөн (жалпы, бұл турасында өзіңе айтқан да едім); екіншіден, азық-түлік қорының мол болуына қам жасауың керек, өйткені кедейлерді аштық пен қымбатшылықтан артық қатты ашындыратын ештеңе жоқ.
Шамадан тыс көп жарлық шығарма, шығара қалсаң, пайдалы болуы жағын қарастыр; ең бастысы — бұлардың қолданылуы мен орындалуын қадағала, өйткені орындалмайтын жарлық та бір, мүлдем шығарылмаған жарлық та бір; ол өз алдына, мұндай жағдай жұртты: әкімнің жарлық шығаруға ақылы жетті, қолында билік барын сезінді, бірақ оны қолдануға мәжбүр ете алмады, батылы жетпеді, деген ойға итермелейді; расында да, үрей тудыратын, бірақ іске асырылмайтын заң да дөңбекке, яғни көлбақалар патшасына ұқсас: әу баста ол бақалардың зәре-құтын алғанымен, артынан олар бұған қорсына қарап, басына әңгір-таяқ ойната бастаған-ды. Жақсы әдеттерге туған әке, жаман әдеттерге өгей әке бол. Әрдайым қатал немесе әрдайым жайдары болма – осынау екі шектің ортасын таңдап ал, кемеңгерліктің белгісі – орта жолмен жүру. Абақтыларға, қасапханалар мен базарларға барып тұр; губернатордың мұндай орындарда төбе көрсетуінің маңызы айрықша зор: бұл – істерінің тезірек біржақты болуынан үмітті тұтқындардың көңілін жұбатады, бұл – қасапшылардың құтын қашырады, оның көзінше олар кем өлшеуден тыйылады; осындай себептерге байланысты бұл, сондай-ақ, алыпсатар әйелдердің де апшысын қуырады. Егер құлқынқұмар, мансапқұмар немесе тәттіқұмар (ал сені ондай деп ойламаймын) болсаң, онда мұныңды байқатпа, өйткені бірден көзге ұратын мұндай жаман әдетіңді білген көпшілік қауым мен қосшыларың оны дәйім бетіңе басатын болады және ақыр соңында өзіңді тақтан құлатып тынады. Аралға аттанарың алдында жазбаша түрде берген ақыл-кеңесімді байсалдылықпен бағамдап, қайта-қайта ой елегінен өткізіп отыр, егер осыны бұлжытпай орындасаң, әкімдерге адым аттаған сайын жолығатын кедергілер мен қиыншылықтарды жеңуде мұның өзіңе қандай баға жетпес көмек көрсететініне әлі-ақ көзің жетеді. Герцог пен герцогиняға хат жаз, ризашылығыңды айт – жақсылықты білмеушілік өркөкіректік туымы және дүниедегі кешірілмес ауыр күнәлардың бірі; ал енді өзін жарылқаған жандарға деген деген ырзашылығын ұмытпаған адамның осынша рақымшылық жасаған және жасап та жатқан Жаратқан иемізге де алғыс жаудырары кәміл.
Сеньора герцогиня зайыбың Тереса Пансаға шабарман арқылы киіміңді және арнаулы сыйлығын беріп жіберді; әне келер, міне келер деп жауабын тосып отырмыз. Мысықтардың алас-күлесі салдарынан ойламаған жерден мұрным жарақаттанып, біраз күн мазам болмады, дегенмен соңынан бәрі ойдағыдай аяқталды, өйткені маған сиқыршылардың бір парасы зиян жасаса, екінші парасы ара түседі.
Қол астыңда жүрген үй басқарушының, өзің бұрын көңіліңе күдік алғаныңдай, Үшфальдиге ұқсастығы бар ма екен, соны маған жазып жібер; жалпы, қандай кепке тап болғаныңның бәрін маған хабарлап тұр: екеуіміз өте жақын жерде тұрып жатырмыз ғой; оның үстіне, жуық арада мен мынадай мамыражай тірліктен бас тартқалы жүрмін, себебі мұндай тіршілік маған қол емес.
Мына жақта бір жағдаят орайласып қалды, соның қырсығынан, шамасы, жоғары мәртебелілердің кәріне ұшырайтын шығармын – осыған көңілім ортайыңқырап жүр; бірақ енді бұған ештеңе істей алмайсың, өйткені баршаға белгілі: amіcus Plato, sed magіs amіca verіtas42 деген нақыл сөзге сәйкес, ақыр аяғында, оларға ұнайды-ау немесе ұнамайды-ау деген ұстаныммен емес, өз тағдырымның таңдауымен есептесуге тиіспін. Әлгі сөзді саған әдейі латынша жазып отырмын, себебі губернаторлық еткен уақытыңның ішінде бұл тілді меңгеріп те алған шығарсың деп ойлаймын. Жаратқан жар болсын саған және біреу-міреу өзіңе мүсіркеушілікпен қарайтындай жағдайға ұшырамауыңа септігін тигізсін.
Өзіңнің досың
Ламанчалық Дон Кихот».
Санчо зейін сала тыңдады, сол арада тұрғандардың бәрі мақтап, терең ойлы хат екен, десті; одан соң Санчо орнынан тұрып, хатшысын шақырып, онымен бірге жатын бөлмесіне кіріп кілттеніп алды; сеньор Дон Кихотқа жауапты кейінге қалдырмай, қолма-қол қайтаруға ұйғарғандықтан, хатшыға өзі, Санчо, не айтса соның бәрін сөзбе-сөз қағазға түсіруді әмір етті. Хатшы айтқанын бұлжытпай орындады, сөйтіп жауап хат мынадай боп шықты:
«Шаруаның көптігі сонша, тіпті басымды қасуға да, тырнағымды алуға да мұршам жоқ, сол себепті тырнағымның сорайып өсіп кеткені сонша, айтуға ауыз бармайды. Аралда қалай тұрып жатқаным жайында осы күнге дейін өзіңізге хабар бермегеніме бола алаңдамасын деп мұны Сізге, алтыннан ардақты сеньорым, мен өзім жазып отырмын; айтайын дегенім, мына аралда екеуіміз ормандар мен шөл далаларда тентіреген кездегіден де қаттырақ ашығып жүрмін.
Жақында сеньор герцог маған хат жазып, аралымызға қайдағы бір жансыздардың өтіп кеткенін және мені өлтірмекші екенін айтқан, әйтсе де осы күнге дейін маған тек жалғыз біреуін – жаңадан тағайындалған губернаторлардың бәрін о дүниеге аттандыруы үшін осы жерде тұрақты жалақы төленетін әлдебір емшіні ғана анықтаудың сәті түсті. Оның есімі Педро Қатыбезеро, ал туып-өскен жері әлде Тиртеафуэра ма, әлде Қиянтүкпірио ма, бірдеңе, бірақ есімінің өзі неге тұрады, тақсыр: жаныңды жаһаннамға жібере ме деп қарадай қорқасың! Айтуынша, ол ауруды емдемейтін көрінеді, тек оның алдын алуға тырысатын көрінеді, барлық дертке қолданатын емі біреу ғана: құдды қырым етің қалмай арықтау қызба ауруынан қатерлі еместей, қашан құр сүлдері қалып қурап біткенше науқас диета, тек қана диета ұстану керек! Бір сөзбен айтқанда, ол мені аштан қатырғалы жүр, ал менің өкініштен өзегім өртеніп барады: губернаторлыққа барар алдында бұл жерден ыстық тамақ, салқын сусын ішермін, голланд ақжаймасы мен құс төсекте рақаттанып жатармын деп ойлап ем ғой, мұнда келдім де осындай қатаң тәртіппен өмір сүре бастадым: құдай-ау, құла түздегі тақуадан айырмам болсайшы, ал мұндай тірлікке ықыласым жоқтығы себепті күндердің күнінде бәріне қолымды бір сілтеп бетім ауған жаққа кете барам ба деп қорқам.
Осы күнге дейін ешкім маған алым-салық та әкелген жоқ, тарту-таралғы да берген жоқ, не себепті бұлай екенін түсіне алмай далмын, өйткені осы арадағы біреулерден, әдетте, жаңа губернатор тағайындалғанда, анау аралға келіп жетпестен бұрын-ақ тұрғындар оған көп ақша тарту етеді немесе несие береді дегенді, сондай-ақ мұндай сый-сияпат тек осы арадағы әкімдерге ғана емес, әлемдегі әкім атаулының бәріне көрсетіледі дегенді естігем.
Өткен түнде, аралды аралап жүрген кезімде, еркекше киінген сүп-сүйкімді бір қыз бен әйелше киінген інісі кезікті. Әлгі қызға аға малайым ғашық боп қалды, оған үйленгісі келетінін айтты, ал інісін өзім күйеу бала қылмақ ойым бар; бүгін аға малайым екеуіміз олардың әкесімен, Диего де ла Льянмен, осы төңіректе сөйлеспекшіміз: ол өзі идальго және шынайы христиан, шынайылығы сондай, одан артықты таба да алмайсың.
Өзіңіз кеңес еткендей, базарларға барып жүрмін; кеше менің көзімше бір әйел жаңғақ сатып жатты: жаңа піскен деп тұрған, мен оның жаңа піскендерін дән салмағандарымен, шірігі бар ескілерімен араластырып жібергенін дәлелдеп бердім; жаңғақтың бәрін жетімдер мектебіне жөнелтуге бұйырдым – ондағылар мұның жөнін табады, ал саудагер қатынға екі апта бойы базарға аттап баспауға әмір еттім. Жұрт бұл ісімді өте орынды деп тапты; біліп қойғаныңыз артық болмас, тақсыр, қаламыздың тұрғындары үшін дүниеде саудагер әйелден асқан оңбаған адам жоқ секілді көрінеді, себебі оларды арсыз, тасбауыр әрі бетсіз жанға балайды, өзім де сондай ойдамын: олай дейтінім, бұлардың сырына басқа жерлерде жүргенде мейлінше қаныққан ем ғой.
Сеньора герцогиняның зайыбым Тереса Пансаға хат жазғанына, сосын өзіңіз хабарлағандай, оған сыйлық жібергеніне сондай қуаныштымын және кейін оның қарымтасын қайтаруға тырысып бағамын; мен үшін оны қолынан сүйіңіз, тақсыр, сондай-ақ оған қарыздар боп қалмайтынымды айтыңыз, — бұған ол іс жүзінде көз жеткізетін болады.
Герцогпен және герцогинямен араңыздың суып кеткенін қаламас едім, себебі сіз олармен ұрсысып қалсаңыз мұның зардабы, әрине, маған да тиеді; ризашылық білдіру жөнінде маған ақыл айта отырып, өзіңіз сондай ризашылықты бізге осынша көп жақсылық жасаған және қамал-сарайларында осынша зор құрметпен қарсы алған адамдарға білдірмейтініңіз мүлдем келіспейді-ақ.
Мысықтарға қатысты жайдан ештеңе түсінбедім; әйткенмен, мұның зұлым сиқыршылар, әдетте, өзіңізге жасап жүретін арамзалықтың бірі екенінде еш күмән жоқ. Жүздескенде бәрін айтып берерсіз.
Өзіңізге бірдеңе беріп жіберсем бе деп едім, бірақ клизма жасайтын түтікшеден басқа не жіберерімді білмей отырмын; бұларды мұнда, біздің аралда, резеңке дорбаға әп-әдемі етіп бекітіп қояды екен; жә, егер губернаторлығым одан әрі жалғасса жіберетін нәрсе табам ғой: өзім би, өзім қожа болмаймын ба.
Зайыбым Тереса Пансадан хат келе қалса, жеткізу ақысын төлеп, маған салып жіберерсіз: үйімде не болып жатқанын, әйелім мен балаларымның жағдайы нешік екенін білгім кеп қатты уайымдап жүрмін. Сонымен, Жаратқан иеміз өзіңізді зұлматты сиқыршылардан қорғай көрсін, ал маған мына жерден аман-есен жөнімді табуыма жәрдем етсін; алайда аман-сау кететініме күдігім күшейіп тұр: шамасы, осы аралда сүйегім саудырап қалатын да шығар – дәрігер Педро Қатыбезероның ем-домы текке кетер деймісің.
Өз малайыңыз губернатор
Санчо Панса».
Хатшы хатты желімдеді де, шабарманды қолма-қол кері аттандырып жіберді, Санчоны ақымақ қып жүрген сыбайластар болса, өзара бас қосып, бұл арадан губернатордың өзін қалай аттандырып жіберуге болатыны жайында ақылдаса бастады; ал бұл күні губернатор өзіне басқаруға берілген, өзі арал деп ойлап жүрген өңірде мемлекеттік тәртіпті жақсарту жөнінде шаралар қабылдады; мысалға, ол жейтін тағамдарды бөлшек сауда арқылы алып сатуға бүкіл мемлекет бойынша тыйым салды, сондай-ақ шарапты қай жақтан болсын әкеле беруге рұқсат етті, алайда дайындалған жерінің көрсетілуі және бағасы шын мәніндегі құнына, сапасы мен маркасына сай келуі міндет етілді, ал шарапқа су қосқаны, сол сияқты жалған жапсырма жасағаны әшкереленген сатушыларға губернатор өлім жазасын тағайындады; ол аяқ киімнің, негізінен, өзіне шектен тыс қымбат көрінген шәркейлердің, бағасын арзандатты; құлқынқұмарлыққа салынып кеткен малайларға төленетін жалақы мөлшерін белгіледі; күндіз бе, түнде ме, бәрібір, бұзақы да әдепсіз әндерді айтатындарға қатал шара қарастырды; зағиптарға ғажайыптар жайында өлең айтуға тыйым салды, ондай өлеңді айту үшін ғажайыптардың өмірде шын мәнінде орын алғаны турасында бұлтартпайтын дәлел келтірулері керек болды, өйткені зағиптар өлеңге қосатын жайлардың көбі жалған болғандықтан, шынайы діни ғажайыптарға деген сенімді әлсіретеді деген пікірді ұстанатын еді ол; ақыр соңында жаңа қызмет орнын — кедейлер ісі жөніндегі альгуасил қызметін ойлап тапты, әлбетте, кедейлерді қуғындау үшін емес, олар шын мәнінде де кедей ме, соны тексеру үшін: өйткені екі қолы бірдей сау ұрының өзін кемтар ғып көрсететіні, жардай маскүнемнің жалған ойық жарасын жұрт көзіне жария етіп бағатыны жиі кездесетін жағдай ғой. Тоқ етері, оның айтарлықтай көп жаңалық енгізгені сонша, бұлар сол аймақта осы кезге шейін өз күшінде қалып тұр және әлі күнге дейін “Даңқты губернатор Санчо Панса шығарған заң ережелері” деп аталады.
LІІ тарау
Мұнда бұл да Құсавана, басқаша айтқанда, Қайғышерия аталатын екінші бір дуэньяның, яғни — донья Родригестің басындағы шытырман оқиға жайында әңгімеленеді
Сид Ахмет былай деп әңгімелейді: жарақатынан жазылған Дон Кихот мына қамал-сарайдағы тіршілігі рыцарьлықтың бүткіл болмысына қайшы келеді деген ойға тірелді, осы себепті ерлі-зайыпты герцогтардан рұқсат сұрауды, сөйтіп Сарагосаға бет алуды ұйғарды; ал онда таяу уақыттарда ұланғайыр мереке басталмақшы еді, сол мерекеде сайысқа түсіп, өзіне сауыт-сайман ұтып алудан үміттенген: жеңімпаздарға әдетте осындай сыйлық берілетін. Алайда, күтпеген жерден бір оқиға қабаттаса кетті: жоғары мәртебелілермен бірге дастарқан басында отырған ол тап сол күні аталмыш ниетін іске асырмаққа, яғни жол жүруге рұқсат сұрамаққа оқталған, кенет үлкен залдың есігі айқара ашылды да, басынан аяғына дейін қара жамылған, кейін белгілі болғанындай, екі әйел ішке кіріп келді, сол арада біреуі Дон Кихотқа таяп кеп, еденге ұзынынан сұлай кетті де, Дон Кихоттың аяғын құшқан күйі аза бойды қаза қылатын аянышты дауыспен зар илеп жылай бастады, мұны көріп және естіп тұрғандардың құты қашып, дегбірден айрылып қалды; герцог пен герцогиня әу баста малайларының бірі Дон Кихотты мазақ етпек шығар деп жорамалдаған, алайда әлгі әйелдің қалай өкіре жылап, өксігенін көрген соң бұл ойдан айнып, қашан Дон Кихот жанашырлық білдіріп, әйелді орнынан тұрғызып, бетіндегі жамылғысын алып тастауын өтінгенінше аң-таң боп абдырап отырды да қойды. Әйел оның өтінішін орындады, сол кез олар мүлдем күтпеген жағдаятқа куә болды: жамылғы астынан герцогтар дуэньясы донья Родригестің әлпеті көрініс берді, ал қара жамылған екінші әйел — оның әлгі сол дәулетті шаруаның баласы алдап кеткен қызы боп шықты. Дуэньяны білетіндердің бәрі түгел айран-асыр болды, әсіресе герцог пен герцогиняның таңырқауы таусылмады: олар мұны ақылсыздау, аңқаулау әйел санағанымен, дәл мұндай есалаңдыққа барады деп әсте ойламаған. Ақыры донья Родригес қожайындарына қарап былай деді:
— Жоғары мәртебелілерім! Рақымшылық жасап, маған мына рыцарьмен тілдесуге рұқсат етіңіздерші, әйтпесе әлдебір арсыз еркектің пасық пиғылы салдарынан тап болған тақсіретімнен жол тауып шыға алар емеспін.
Герцог рұқсат беретінін, донья Родригестің сеньор Дон Кихотпен қанша әңгімелескісі келсе де ерікті екенін мәлім етті. Бұдан соң дуэнья Дон Кихотқа қарап тұрып былай деп сөйлеп кетті:
— Айбынды рыцарь, жанымдай жақсы көретін қызыма әлдебір арам ниетті шаруаның опасыздық жасағаны жайында өзіңізге бұдан бірнеше күн бұрын айтып бергем, — ол бейшара міне қазір қарсы алдыңызда тұр, — ал сіз болсаңыз бұл істе оған көмек көрсетуге, қисықты түзетуге уәде берген едіңіз, соны күтіп жүргенімде қызықты шытырман оқиға іздеу мақсатында, — құдай сәтін салып, мақсатыңызға жетіңіз, — қамал-сарайдан кеткелі жатқаныңызды естіп қалдым. Сөйтіп, енді бұл жерден аттанбас бұрын нәпсіқұмар сүмелекті жекпе-жекке шақырып, қызыма үйленуге мәжбүр еткеніңізді қалар едім, өйткені ол әу баста, қойнына кіріп қызыққа батарының алдында, некеге тұратыны жөнінде қызыма серт берген-ді, ал сеньор герцогтың әділ сотына сену де бір, шегіршін ағашынан алмұрт іздеу де бір — мұның жайын өзіңізге құпия түрде мәлім қылғам. Сонымен, енді өзіңізге жаратқан иеміз жар болсын, бізді де елеусіз қалдырмасын.
Оның бұл сөзіне Дон Кихот мейлінше маңғаз да тәкаппар кейіпте былай деп жауап қатты:
— Мейірбан дуэнья! Көз жасына ерік бермеңіз немесе, дәлірек айтқанда, оны құрғатыңыз және бекерден-бекер күрсінбеңіз: мен қызыңызға көмектесем, әйтсе де, айта кеткеннің артығы жоқ, ғашықтарының уәдесіне құлай сенбегені жөн еді, өйткені ғашықтардың басым бөлегі уәдеге мырза болғанымен, орындауға келгенде тас сараң. Сонымен, сеньор герцог рұқсат етсе, осынау берекесіз бозбаланы іздеуге осы қазір аттанам, тауып алам да, жекпе-жекке шақырам, берген сертін орындаудан бас тартса, өлтірем, өйткені өмірімнің басты мақсаты — тәубеге келгенге кешірім жасау, асып-тасқанның сазайын беру, басқаша сөзбен айтқанда, қарып-қасерге қолғабыс ету, тасбауырдың тұқымын құрту.
— Мына мейірбан дуэнья шағым айта келіп тұрған жігітті іздеп әуреге түспей-ақ қоюыңызға болады, — деді герцог оған, — сол сияқты, оны жекпе-жекке шақыру үшін менен рұқсат сұраудың да қажеті жоқ: шақырдым деп есептей беріңіз, шақыруыңызды оған жеткізуді, оны қабылдатуды және тілегіңізді орындау үшін қамал-сарайыма келтіруді өз міндетіме алам, сондай-ақ екеуіңізге жекпе-жекке қолайлы орын тауып берем, оған қоса әдетте осындай жағдайларда сақталатын және сақталуға тиісті барлық шарттың орындалуына қам жасаймын, ал өзім сіздерге төреші болам, — билік басында отырған, иеліктерінен жекпе-жекке орын бөліп берген князьдар төрешілік міндетін өздері атқаруы қажет.
— Егер маған осындай кепілдік берсеңіз, жоғары мәртебелім, — деп қайтадан сөйлеп кетті Дон Кихот, — кеңшілігіңізді пайдаланып, осы арада мынадай жайды мәлім еткім келеді: бұл жолы мен дворяндық лауазымым беретін артықшылықтарға көңіл аудармаймын, зорлықшы дүниеге келген әулеттің дәрежесіне дейін төмендеп, өзімді қор тұтам, сөйтіп оған өзіммен айқасқа түсуге ерік беру арқылы онымен тең құқылы болам. Сонымен, осы арада жоқтығына қарамастан, оны жекпе-жекке шақырам және бұрын қыз болған, ал қазір оның кінәсінен ондай болмай қалған мына міскінді алдап соғып, арамзалық жасады деп айыптаймын: не ол бұған берген уәдесін орындап, заңды күйеуі атануы керек, не кек қайтарушының қолынан ажал табуға тиіс.
Сол арада Дон Кихот қолынан бір қолғабын сыпырып, залдың ортасына қарай лақтырып жіберді, герцог оны көтеріп алды да, бұрын айтылғанындай, вассалының атынан бұл шақыруды қабыл алатынын, жекпе-жек алты күн өткеннен кейін болатынын, қамал-сарай алдындағы алаңды оның өтетін орны деп белгілейтінін мәлім етті; ал қару түріне келсек, найза, қалқан, сауыт және басқа да сол сияқты әдеттегі рыцарьлық жарақтар қолданыла берсін, әйтсе-дағы қару-жарақтың бәрін төрешілер мұқият тексеріп, қарап шығуға міндетті, сондықтан алдап соғуға, айла жасауға және сиқыршылыққа жол берілмейді, деді.
— Алайда, ең әуелі әдепті мына дуэнья мен әдепсіз мына бикештің сеньор Дон Кихотқа өз құқын қорғау жөнінде сенім білдіруі қажет, онсыз мұның бәрі бос әңгіме боп қалады және жекпе-жекке шақырудан да ештеңе өнбейді.
— Мен сенім білдірем, — деді дуэнья.
— Мен де, — деді қатты күйзеліп, дебдіреп тұрған бикеш жыламсырай үн қатып.
Сөйтіп, герцог тиісті нұсқауларын берді, сосын мұны қалай өткізудің ретін қарастырды, бұл екі аралықта қара жамылған ханымдар залдан шығып кетті, ал герцогиня болса, ендігі жерде бұларға қызметші әйелдер ретінде емес, қамал-сарайына өзінен пана іздеп келген ақсүйек саяхатшы әйелдер ретінде қарауға әмір етті; сол үшін оларға арнаулы жатын бөлме беріліп, әлдебір шетелдік ханымдар іспетті күтім жасала бастады; бұған басқа қызметші әйелдер әжептәуір алағызып қалды, өйткені донья Родригес пен сормаңдай қызының мына қисынсыз қылығы неге апарып соқтыратыны оларға беймәлім еді.
Тап осы кезде, ойламаған жерден, құдды бір көңілді одан әрі көтере түсуге, түскі астың соңына шырай кіргізуге әдейі орайластырылғандай боп залға губернатор Санчо Пансаның зайыбы Тереса Пансаға хат пен сыйлық апарған паж кіріп келді; бұған жоғары мәртебелілер мәз-майрам боп қуанды, өйткені оның қалай барып қайтқанын білуге екеуі де айрықша ынтық еді; сөйтіп, бұлар одан осы жайында айтып беруін сұрады, бірақ анау мұның бәрін бір-екі ауыз сөзбен, оның үстіне басқа адамдар тұрған кезде айтып бере алмайтынын мәлім етіп, бұл әңгімені өзі жоғары мәртебелілермен оңашаланғанға дейін кейінге қалдыруға рұқсат сұрап, әзірше хаттарды оқып қызыққа бата тұруды өтінді. Соны айтып, герцогиняның қолына екі хат тапсырды. Оның бірінде: “Сеньора герцогиняға хат — есімін білмеймін”, екіншісінде: “Күйеуім Санчо Пансаға, Баратария аралының губернаторына, құдай өмір жасын менің жасымнан да ұзақ қылғай” деп жазылыпты. Герцогиня тыпыршып, дегбірден айрылып қалды — Тересаның хаты әуесқойлығын соншалықты қатты қоздырып жіберген-ді; хатты ашып, көз жүгіртіп шыққан соң, мұны герцог пен сол жерге жиылғандар алдында оқып берудің еш әбестігі жоқ деп тапты, сондықтан дауыстап оқуға кірісті:
«Көптен күткен хатыңыз, жоғары мәртебелі ханым, маған зор қуаныш сыйлады. Маржан моншақ керемет жақсы екен, жұбайым жіберген аңшы шекпені де одан қалыспайды. Ал, сіздің жоғары мәртебелім, жұбайым Санчоны губернатор етіп тағайындағаныңызға селомыз қуанып қалды; дегенмен, бұған жұрттың бәрі күдік келтіреді, соның ішінде, әсіресе, священникті, шаштараз маэсе Николас пен бакалавр Самсон Каррасконы атап айтуға болады, бірақ бұған қиналып жүрген мен жоқ: әйтеуір шын мәнінде солай болса болғаны, одан соң жұрт аузына не келсе соны айта берсін; сөйте тұрғанымен, шындығына келсек, егер маржан мен шекпенді көрмесем, өзім де бұған сенбес ем, себебі мұндағылардың бәрі күйеуімді кеңкелес санайды, осы кезге дейін ол ешкі отарынан өңге ештеңені басқармағандықтан, бөтен бірдеңені басқарып кете алатынына күдікпен қарайды. Құдай өзі септесіп, балалардың игілігіне еңбек ете берсін.
Ал мен, қадірменді сеньорам, бақыт құсы қолыма өзі келіп қонып тұрған шақта, Сіздің рұқсатыңыз бойынша астанаға аттанып, күндестерімнің, — менде қазір күндес көбейіп тұр ғой, — қызғаныштан көзі ағып түсуі үшін күймеге отырып қыдыруға ұйғарым жасадым; осыған байланысты өзіңізден өтінерім, күйеуіме айтыңызшы, маған азын-аулақ ақша салып жіберсін және тым сараңдық жасап жүрмесін, себебі астанада қымбатшылық емес пе: бір таба нанның өзі бір реал, ал бір фунт ет — отыз мараведи тұрады, — бұл деген сұмдық қой. Ал егер барғанымды хош көрмесе, онда тезірек жазып жіберсін, өйткені жолға шығуға сондай құлшынып тұрмын: құрбыларым мен көршілерім айтады, қызың екеуің үлде мен бүлдеге оранып, танауды тәкаппарлана шүйіріп, зырғытып отырып астанаға барсаң, күйеуің сенің атыңды шығарғаннан, сен күйеуіңнің атын көбірек шығарасың дейді; шынында да, жұрттың бәрі дерлік: «Апырай, мына күйме мініп келе жатқан кімдер өзі?» деп жапыр-жұпыр болары анық қой. Ал малайым оларға: «Бұлар Санчо Пансаның, Баратария аралы губернаторының, зайыбы мен қызы» деген жауап қайтарады; осылайша Санчомның да абыройы асады, өзіме де құрмет тиеді, бәрімізге де жақсы болады.
You have read 1 text from Kazakh literature.
Next - Айлакер Идальго Ламанчалық Дон Кихот Орыс Тілінен Аударған Құрманғазы Қараманұлы - II - 32