Latin Common Turkic

Айлакер Идальго Ламанчалық Дон Кихот Орыс Тілінен Аударған Құрманғазы Қараманұлы - II - 37

Total number of words is 4030
Total number of unique words is 2219
34.1 of words are in the 2000 most common words
48.1 of words are in the 5000 most common words
55.4 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
— Сеньор! Екеуіміз де испан жаяу әскерінің офицеріміз, бөлімдеріміз Неапольде тұр, өзіміз Барселонаға бара жатырмыз, естуімізше, ол жерден Сицилияға бірнеше галера шығатын көрінеді. Бізде екі жүз бе әлде үш жүз бе эскудо бар, осының өзін көңілімізге тоқ санап, тағдыр-талайымызға дән риза боп келе жатырмыз: өйткені солдаттардың кедей болатыны сонша, бұдан артық байлықты армандау қаперіне де кірмейді.
Роке тауап етушілерге де осындай сұрақ қойды, — олар Римге баратын кемеге отырмақшы екенін, екеуіндегі ақшаның жиынтығы алпыс реалдай боп қалатынын айтты. Одан соң Роке күймедегілердің кім екенін, қайда бағыт алғанын және өздерімен бірге қанша ақша әкеле жатқанын сұрады, бұған салт атты қызметшінің бірі былай деп жауап берді:
— Күймеде қожайын ханымым, Неапольдегі жоғарғы соттың зайыбы донья Гьомар де Киньонес келе жатыр, қасында кішкентай қызы, күтушісі мен дуэньясы бар. Оларға алты малай еріп келеді, ал өздерімен бірге алты жүз эскудо әкеле жатыр.
— Сонымен, — деп тұжырды Роке Гинарт, — қолымызда бары тоғыз жүз эскудо және алпыс реал, ал жігіттерімнің саны алпысқа жуық. Адам басына шаққанда қаншадан келетінін тексеріп көрейік, әйтпесе мен өзім есепке шорқақтау жанмын.
Сол арада тонаушылар жапа-тармағай:
— Роке Гинарттың ғұмыр жасы ұзақ болсын, оған өлім тілеп жүрген оңбағандар өкініште қалсын! — деп шуласып қоя берді.
Қаражаты тартып алынатынын білген офицерлер налығандай болды, жоғарғы соттың зайыбы қамығып қалды, тауап етушілер де мәз бола қойған жоқ. Роке оларды бір минуттай осындай әрі-сәрі халде қалдырды, сосын одан әрі қинамауды хош көріп, — қиналысқа түскендері әлпеттерінен аңғарылып тұрған, — офицерлерге қарап қайтадан сөйлеп кетті:
— Офицер мырзалар! Рақымшылық етіп, маған алпыс эскудо беріңіздер, ал жоғарғы соттың зайыбынан сексен эскудо сұраймын, жігіттерім осыған ырза болады, — өйткені, поптың дұғаны ән ғып айтатынын, онысы оған нан боп қайтатынын білесіздер, — содан соң ештеңеге алаңдап-абыржымай сапар шеге беріңіздер: осы өңірден орын тепкен жасақтарымның қайсы біреуі тағы да тоқтатқан жағдайда тиіспеуі үшін сіздерге қорғау қағазын жазып берем, өйткені сарбаздарға, сол сияқты, әйелдерге, оның ішінде текті әулеттен шыққан әйелдерге, жәбір көрсету салтымда жоқ.
Осынша мейірім-қайырым көрсетіп, ақшаларын қалтасында қалдырғаны үшін офицерлер Рокеге не бір ажарлы сөзбен және үсті-үстіне алғыс жаудырумен болды. Сеньора донья Гьомар де Киньонес күймеден секіріп түсіп, айтулы атаманның қолынан және аяғынан сүймекші болып еді, бірақ ол бұған үзілді-кесілді қарсылық білдірді, оған қоса сеньорадан жағымсыз жайға душар еткені үшін кешірім өтінді, өйткені кеспірсіз кәсібі соған мәжбүр етіп тұрғанын айтты. Жоғарғы соттың зайыбы малайларының біріне берешек сексен эскудосын табанда төлеуге әмір етті, ал офицерлер алпыс эскудо санап берді. Тауап етушілер де жарытымсыз тиын-тебенімен қош айтыспаққа оқталған, бірақ Роке оларға әуре болмай-ақ қойыңдар, дегенді айтты; сосын жігіттеріне қарап, мынадай шешімін жеткізді:
— Бұл ақшадан әрқайсың екі эскудодан аласыңдар, сонда жиырмасы қалады: он эскудоны — тауап етушілерге, қалған онын — бүгінгі шытырман оқиға жайында жаман әсерде қалмас үшін мына рыцарьдың сүйікті серігіне тарту етеміз.
Қайда барса да қалдырмай ала жүретін қағаз-қаламы келтірілген соң Роке барлық жасағының бастығына қорғау қағазын жазды, сосын тұтқындармен қоштасып, жөндеріне жіберді, ал тұтқындар болса, оны атақты қарақшыдан гөрі Ұлы Александрға көбірек ұқсатып тұрған ізгі ниеттілігіне, паң да маңғаз кескін-келбетіне және елден ерек мінез-құлқына таңырқанудан танбады.
Атқосшылардың бірі сол арада өзінің гаскондық-каталондық қойыртпақ тілінде:
— Біздің атаманға қарақшы болғаннан монах болған дұрыс. Алдағы уақытта да осындай шүлеңгірлік жасаса, онда біздің есебімізден емес, өз есебінен жасағаны жөн, — деді.
Ол байғұс бұл сөзді Роке еститіндей етіп айтқан-ды, — атаман семсерін суырып алды да, әлгінің бас сүйегін қақ айырып тастады, сосын:
— Аузына келгенді оттайтын арсыздарды осылай жазалаймын, — деді.
Қарақшылар қалшиып тұрып қалды, бірде-біреуінің жақ ашып бірдеңе деуге батылы жетпеді: олар атамандарынан өлердей қорқатын.
Роке былай шығып, барселондық дос-жар адамына хат жазды, бұл хатында ол мұқым елге мәшһүр Ламанчалық Дон Кихоттың, жұрт аузында алуан түрлі әңгіме айтылып жүрген дәп сол атақты кезбе рыцарьдың, өзінде мейман боп жатқанын мәлім етті, оның дүниедегі ең бір қызықты да парасат-пайымы мол адам екенін, бірнеше күннен соң, атап айтқанда, әулие Шоқындырушы Иоанн күні, өзі, Роке, бес қаруын асынған, Росинантқа салт мінген Дон Кихот пен есек мінген атқосшысы Санчо Пансаны барселондық жағалауға алып баратынын хабарлады, көңіл көтеріп, қызыққа батуы үшін достары Ньяраларға хабар беруін сұрады; одан әрі Роке бұл қызықтан жаулары Каделдерді құралақан қалдыру жайын да ойластырғанын, бірақ мұның мүмкін еместігін, себебі Дон Кихоттың есалаңдығы мен естілігі, сол сияқты оның атқосшысы Санчо Пансаның әзіл-оспағы күллі әлемнің ермегіне айналмай қала алмайтынын айтты. Роке хатты атқосшыларының біріне берді, анау қарақшы киімін шаруа киіміне ауыстырып киген соң, Барселонаға барып, хатты тиісті адамына табыс етті.
LXІ тарау
Барселонаға кіре берісте Дон Кихоттың қандай кепке тап болғаны жайында және бір қарағанда қисынсыз көрінгенімен шындықтан онша алшақ кетпейтін басқа да нәрселер жөнінде.
Дон Кихот үш күн, үш түнді Рокемен бірге өткізді, онымен тіпті үш жүз жылды бірге өткізгеннің өзінде де қарақшылардың қалай тірлік кешетініне таңырқай көз тігуден әсте жалықпаған болар еді: олар бір жерге қонып шығатын, екінші бір жерде түскі асын ішетін; біресе, кімнен екенін өздері де білмей, қаша жөнелетін, біресе әлденені күтіп отыратын. Ұйқыларында да береке жоқ-ты, минут сайын дерлік оянып, тынымсыз орын ауыстырып көшіп жүретін. Қашан да дәйім шолғыншылар жіберіп, қарауыл жеткізген хабарды тыңдап, аркебуздар пілтесін тұтатпаққа әуре боп жататын, — айта кетерлігі, оларда аркебуз аз-ды, қарақшылардың барлығы дерлік шақпақты пистолетпен жарақтанған еді. Түнде Роке жігіттерінің ешқайсысы білмейтін оңтайлы орын тауып жататын, өйткені барселондық вице-корольдің атаман басы үшін берілетін сома көрсетілген қисапсыз жарлығы оған күндіз де, түнде де маза бермей, үнемі үрейде ұстайтын; ол ешкімге сенбейтін, әсіресе өз жігіттерінің ажал таптыруынан немесе өкімет орындарына ұстап беруінен қатты қорқатын: шын мәніндегі аянышты әрі тақсіретті тірлік еді бұл.
Адам көптен аяқ баспаған жолдармен, ну жыныстың арасындағы құпия соқпақтармен сапар шеккен Роке, Дон Кихот пен Санчо алты атқосшымен бірге ақыры Барселонаға да келді. Жағалауға олар Шоқындырушы Иоанның қарсаңындағы түнде жетті, сол жерде Роке әуелі Дон Кихотты құшағына алып, сосын Санчоны құшақтап, уәде еткен он эскудосын да осы арада қолына ұстатып, екеуімен ұзақ сыпайыгершілік алмасқан соң жөніне кетті.
Роке ғайып болды, ал Дон Кихот атқа мініп отырған күйі таңның атуын күтіп қала барды; айтқандай-ақ, көп ұзамай шығыстың терезелерінен Аврораның әлпеті айқын көрініс берді: бұл адам құлағының құрышын қандыра қоймағанымен, әйтеуір, гүл мен шөпке керемет үлкен қуаныш сыйлады; дей тұрғанмен, дәл осы сәтте Дон Кихот пен Санчо, шамасы, қала жақтан болса керек, бәленбай керней мен барабанның, сан қилы сылдырмақтың дыбысын және жылдам басып жақындап келе жатқан адамдардың: “Жол беріңдер! Жол беріңдер!” деген айқайын естіп, аңтарылып қалды. Аврораның орнын күн иемденіп, оның қалқаннан қымқа қомақты әлпеті көкжиектен жайлап жоғары көтеріле бастады.
Дон Кихот пен Санчо жан-жағына қаранып, өмірде алғаш рет теңіз дидарын тамашалады: бұларға ол шегі де, шеті де жоқтай орасан үлкен, өздері Ламанчада жүздескен Руидера айдындарынан әлдеқайда аумақтылау көрінді. Кемежайда галералар тұр еді; жабындылары түсіріліп тасталғандықтан, желмен жағаласқандай, кейде су бетіне жанасқандай жұлқына желбіреген алуан түрлі жалаушалары мен тулары көзге анық шалынып тұрған; галералардан мүйіз сырнайлардың, кернейлер мен гобойлардың дыбысы шалқып, кейі нәзік, кейі жігерлі әуендер алыс-жақын маңайды түгел баурап алған-ды. Міне, кемелер тыншу судың толқынын сүріп, әрлі-берлі сырғи бастады: бұл теңіз шайқасы ойыны болатын; келісті сәйгүлік мініп, сәнді киінген, қаладан келген салт аттылар да дәл осы кез жағалауда осыған ұқсас ойын көрсетуге кірісіп кетті. Галералардан тоқтаусыз зеңбірек атылып жатты, қала қабырғалары мен форттардан оқ бір мезгілде атылып, қамал артиллериясының зәрені ұшырған гүрсіліне теңіз артиллериясы сондай гүрсілмен жауап қатып тұрды. Шадыман теңіз, шаттыққа оранған бар маң, әредік-әредік зеңбірек түтіні тұмшалап кететін мөлдір ауа — осының бәрі жұрттың жүрегін қуанышқа шып-шып толтырды. Ал, Санчо сорлы суда қозғалып жүрген осынау алыптарға соншалықты көп аяқтың қалай біткенін білмей алмай бас қатырумен болды.
Осы сәт қуанышты үнмен қиқулай шулап, айқайды салған салт аттылар төбесіне тас түскендей аңырып тұрған Дон Кихоттың қасына таяп кеп, іштеріндегі өткен жолы Роке хат арқылы хабарласқан біреуі Дон Кихотқа қарап қатты дауыстап былай деді:
— Хош келдіңіз қаламызға, кезбе рыцарьлықтың шарайнасы, шамшырағы, шырағы және жол көзер жұлдызы! Осындай қасиеттердің иесі екеніңізге күллі рыцарьлық хикая көзімізді әбден жеткізген болатын! Хош келдіңіз, әсте жаңада жарық көрген хикаяттардағы жалған, жасанды, ойдан шығарылған кейіпкер емес, бүткіл хикаяшы атаулының ең айтулысы Сид Ахмет Бен-инхали суреттегендей, шынайы, нағыз, ешқандай күдік келтірмейтін айбынды Ламанчалық Дон Кихот!
Дон Кихот бұған ешқандай жауап қатқан жоқ, оның үстіне, салт аттылар да жауап тосып тұрмаған: басқалармен бірге олар да аттарын ойнақшыта бастырып, шыр айналып ойқастап жүрген; Дон Кихоттың айнала-маңында шын мәніндегі ат жарысы өтіп жатқан.
— Мыналар, шамасы, бізді танып қойған болды, бұлардың өзіміз жайындағы шыншыл хикаяны ғана оқып қоймай, жуырда әлгі арагондық жарыққа шығарғанды да оқығанына бәс тігуге бармын, — деді ол Санчоға қарап.
Дон Кихотпен сәлемдескен салт атты оған қайтадан жақындап:
— Сеньор Дон Кихот! Бізбен бірге жүріңіз: біз — құлдығыңыз болар қызметшіміз және Роке Гинарттың ең жақын досымыз, — деді.
Дон Кихот оған былай деп жауап қатты:
— Бір кішіпейілділік екіншісін туындатады деген сөз рас болса, онда сіздің кішіпейілділігіңіз, сеньор кавальеро, Роке кішіпейілділігінің туған қарындасы, қалай болған күнде де, әйтеуір, ет жақын туысы. Қайда қаласаңыз мені сонда бастай беріңіз: көңіліңізді табуға ден қойғаным себепті, дәл қазіргі кездегі менің ықтиярым — сіздің ықтиярыңыз.
Анау бұған осыған тең дәрежеде сыпайыгершілікпен жауап қатты, сосын салт аттылар айнала қоршап алған Дон Кихот кернейлер мен барабандар дыбысы жебеуімен қалаға қарай бет алды; сөйтіп олар қалаға келіп кірген кезде, қашан да қасірет ұрығын егіп жүретін әзәзіл ібілістің азғыруымен екі әдепсіз де тентек бала, — балалар кейде қандай жылпостың өзін де жолда қалдырады, — топтың арасынан сыналана өтіп, есек пен Росинанттың құйрығын көтеріп жіберіп, бір-бір уыс тікенекті шомыртты сұға салды. Шпордың осынау жаңа түрін сезген бейшара жануарлар, құйрығын қыспақ болып еді, мұның салдарынан жағымсыз әсер одан бетер күшейіп кетті: содан ес жоқ, түс жоқ тулап-мөңки жөнелген олар ақыры үстіндегілерді жерге атып ұрды. Қатты ыңғайсызданып, абыржып-абдыраған Дон Кихот мәстегінің құйрығы астындағы бәлені алып тастауға асықты, Санчо болса, сұр жорғасына көмекке келді. Дон Кихоттың серіктері қиямпұрыстығы үшін балаларды жазаламақшы болған, бірақ қалмай ілесіп жүгіріп келе жатқан басқа жүгермектер тобына қосылған сотқарлар ұстатпай кетті.
Дон Кихот пен Санчо көліктеріне қайта отырып, сол баяғы музыка ырғағының жебеуімен, сол баяғы салтанатпен бастаушыларының үйіне келіп жетті: бұл өзі дәулетті кавальерода ғана болатын, еңселі де ерекше сәнді үй еді; енді біз осы арада Дон Кихот пен Санчоны аз-кем уақытқа жайына қалдыра тұрамыз, өйткені Сид Ахмет осыны қалап отыр.
LXІІ тарау
Мұнда сиқырланған басқа қатысты шытырман оқиға жайында және айтпай кетуге болмайтын өзге де ұсақ-түйектер жөнінде әңгімеленеді.
Дон Антоньо Морено — Дон Кихотты қарсы алған адамның есімі осындай еді — дәулетті, тапқыр да ұтқыр сөйлейтін, әдептен озбайтын әрі жанға жағымды ойын-күлкіні ұнататын кавальеро еді; Дон Кихотты үйіне ертіп келген ол кезбе рыцарьдың есалаңдығын көпшілік алдында паш етудің амал-айласын іздестіре бастаған, бірақ Дон Кихоттың намысына нұқсан келтірмеу жағын да қарастырған, өйткені жанға бататын қалжыңда ешқандай қадір-қасиет қалмайтыны және басқа біреуді қорлау арқылы көңіл көтерудің де еш қызығы болмайтыны белгілі ғой. Ең алдымен ол Дон Кихоттың сауыт-сайманын шешуге әмір етті, сосын, өзіміз талай мәрте еске салған әрі сипаттап берген, тарлау түйе жүн камзолымен ғана қалған кезде оны қаланың адам арылмайтын көшесіне қарайтын балконға алып шықты: ағылып өтіп жатқан жұрт пен балалар бейне бір маймылды көргендей оған таңырқана қарап қалды. Дон Кихоттың көз алдында салт аттылар қайтадан ойқастап жүре бастады, осыған қарап тұрып бұлар мереке құрметіне емес, бұның жеке басының құрметіне осылай сән-салтанат құрып жүр екен деп ойлап қалуға болатын. Ал, Санчо құдды бір өзін ғайыптан тайып әлде Камачоның үйлену тойына ма, әлде дон Дьего де Миранданың қожалығына ма, әлде герцогтың қамал-сарайына ма қайта тап болғандай көріп, көңілі тасып, мәз-майрам болды.
Бұл күні дон Антоньода достары түстеніп жатыр еді, олардың бәрі Дон Кихотқа кезбе рыцарь ретінде қарап, оған барынша қошемет көрсетумен болды, ал Дон Кихот маңғаз да тәкаппар кейіпке еніп, төбесі көкке екі елі жетпей отырды. Санчоның әзіл-оспақ сөзін қатты ұнатқандары сонша, малайлар да, басқа тыңдаушылар да оның аузына қарап қалды. Дастарқан басында дон Антоньо Санчоға былай деп тіл қатты:
— Құрметті Санчо! Естуімізше, сен курник пен фрикаделькаларды керемет ұнатады екенсің, мелдектеп тойған соң, қалғанын кейін жермін деп қойныңа тығып алатын көрінесің.
— Жоқ, сеньор, бұл жалған сөз, — деп наразылық білдірді Санчо, — мен тазалық сақтай білетін адаммын және соншалықты қомағай да емеспін, — өтірік болса осы арада отырған қожайыным Дон Кихоттың өзі айтсын, екеуіміздің апталар бойы бірер уыс емен жаңғақпен немесе жай жаңғақпен өзек жалғаған кезіміз аз болмаған. Рас, маған баспақ береміз десе, дереу бас жібін байлауға асығатын кезім де болып тұрады: яғни, берген астан бас тартпай, оңтайлы сәтті пайдаланып тойып алатыным бар. Егер біреу-міреуден мені қомағай екен, нас екен дейтін сөзді естісеңіз, ол адам жаңылысып тұр деп есептей беріңіз, — бұдан да гөрі батымырақ айтар едім, бірақ мына құрметті қауымның көңіліне қаяу түсіріп алам ба деп ыңғайсызданып отырмын.
— Санчоның тамақ ішудегі қанағатшылдығы мен тазалығы, — деп мәлім етті Дон Кихот, — кейінгі ұрпақтар қаперінде мәңгілік сақталуы үшін мыс тақтайша бетінде бедерленуге лайық екенінде еш күмән жоқ. Рас, қатты ашыққанда мешкейлік көрсетіп қалатыны бар: ондай кезде ол үсті-үстіне қарбытып асап, тыным таппай шайнаңдаумен болады, есесіне тазалық сақтауынан мін таба алмайсың, мұны аз десең, губернатор боп жүрген шағында тамақ ішудің өзгеше үрдісін де үйренген, — тіпті жүзім мен анар дәніне дейін шанышқымен жейтін.
— Не дейді? Санчо губернатор болып па еді? — деп дауыстап жіберді дон Антоньо.
— Иә, Баратария аралының губернаторы болғам, — деп жауап қатты Санчо. — Оны он күн бойы өз қалауымша басқардым және осы он күн ішінде жан тыныштығынан біржола айрылып, дүниедегі билік атаулының бәрінен біржола безіп шықтым. Ол жерден алды-артыма қарамай қаштым, жолшыбай жер асты қуысына құлап түстім, өлген жерім осы ғой деп ем, бірақ ақыры құдіреттің күшімен аман қалдым.
Санчоның губернаторлығы жайында Дон Кихот егжей-тегжейлі әңгімелеп берді, бұл тыңдаушыларды біраз қызыққа кенелтті.
Түскі астан кейін дон Антоньо Дон Кихотты қолтығынан алып, түкпірдегі жатын бөлмеге ертіп апарды; бөлмедегі жалғыз ғана жиһаз — сырт сипатына қарағанда тұтасымен яшмадан жасалғандай көрінетін үстел ғана еді, ал үстелде адамның қоладан құйылғандай көрінетін, Рим императорларының мүсінін еске салатын, басы тұрған-ды. Дон Антоньо Дон Кихотпен бірге үстелді бірнеше қайтара айналып өтті де, ақыр соңында былай деп сөйлеп кетті:
— Ал, қазір, сеньор Дон Кихот, бізді ешкім тыңдап тұрмағанына және естімейтініне, сондай-ақ мұнда кіретін есіктің жабық екеніне көзім анық жетіп тұрғандықтан өзіңізге бір ерекше шытырман оқиға турасында, дәлірегі, ілуде бір кездесетін жағдаят жөнінде айтып бермекпін, тек бір ғана шартым бар: өзіңізге мәлім етілер бұл жағдаят жайында ешкімге ешқашан сыр шашпайтын боласыз.
— Ант етем, — деп нықтады Дон Кихот, — және кәміл сенімді болу үшін бұл құпияны тас тақтамен бастырып тастауға да бармын, өйткені, біліп қойғаныңыз артық етпес, сеньор дон Антоньо (оның есімі Дон Кихотқа мәлім боп та үлгерген): сіз құлағына құйып алатын, бірақ құпияны сыртқа шығармас үшін аузын құлыпқа салатын адаммен әңгімелесіп тұрсыз, сондықтан не жайында айтқыңыз келсе де айта беріңіз маған — бәрі де үнсіздік тұңғиығына тоғытылып кететінінде шүбә жоқ.
— Олай болса, уәдеңізге арқа сүйеп, — деп сөзін сабақтай түсті дон Антоньо, — көргелі және естігелі тұрған нәрсеңіз арқылы сізді шынымен қайран қалдырғалы тұрмын, — құпиямды ешкіммен бөлісе алмау салдарынан шегіп жүрген азабымнан осы арқылы аздап болса да арылсам деймін, өйткені оны сенім білдіріп екінің біріне айта да алмайсың.
Дон Кихот бұлайша орағытудың не білдіретінін түсіне алмады. Ақыр соңында дон Антоньо Дон Кихотты қолынан ұстап, қоладан жасалған басты, үстелдің үстін, оның яшмадан жасалған аяғын сипатып өтті де, былай деді:
— Бұл бас, сеньор Дон Кихот, әлемдегі ең атақты сиқыршылар мен көз байлаушылардың бірі, қателеспесем, нәсілі поляк, ғажайып өнері жайында не қилы әңгіме айтылып жүрген аты шулы Эскотильо шәкіртінің қолынан шыққан дүние. Аталмыш көз байлаушы үйімде қона-түстене жатып, құлағына сыбырлаған қандай сұраққа да жауап қайтара алатын айрықша қасиеті мен қабілеті бар бұл басты маған мың эскудоға жасап берді. Іске кіріспес бұрын сиқыршы түрлі фигура сызды, құпиялы белгілер түсірді, жұлдыздарды бақылады, ғаламшар біткеннің орналасу нүктелерін анықтады, сөйтіп ақыр соңында мынадай ғаламат нәрсе өмірге келді, бұған сіз ертең анық көз жеткізе аласыз, өйткені жұма күндері бас үн шығармайды, ал бүгін — жұма, сондықтан ертеңге дейін тоса тұруға тура келеді. Қоятын сұрақтарыңызды алдын-ала ойластыра беріңіз, өз тәжірибемнен білетінім, оның жауабында жалғандық болмайды.
Дон Кихот бастың мұндай қабілеті мен қасиетіне қатты таңырқанды, дон Антоньоның сөзіне сенер-сенбесін де білмеді, алайда сынаққа аз ғана уақыт қалғандықтан оның ұңғыл-шұңғылына үңілмей-ақ қойғанды, тек өзіне көрсеткен айрықша сенімі үшін дон Антоньоға ризашылық білдірумен шектелгенді жөн көрді. Олар бөлмеден шықты, дон Антоньо есікті кілттеді, сосын екеуі басқа кавальеролар отырған залға қайтып оралды. Бұл екі арада Санчо оларға мырзасының басынан өткен сан қилы шетін де шытырман оқиға жайында әңгімелеп үлгерген болатын.
Сол күні кешкісін Дон Кихотты алдап-сулап қаланы атпен аралап қайтуға көндірудің сәті түсті, бірақ оған сауыт-сайманын шешіп, сән-салтанатқа арналған бешпет-шалбар мен ашық түсті қызыл-қоңыр шұғадан тігілген плащ кию жөнінде өтініш жасалды: жылдың бұл маусымында мұндай киімнен тіпті сірі мұздың өзі де сіркіреп тұрып терлер еді. Санчоны үйде қалдыру үшін малайларға оны әрнемен алдандыра тұру тапсырылды. Дон Кихот Росинантқа мінген жоқ, ер-тұрманы келісті, аяңшыл дығал қашырға жайғасты. Үлкен әріптермен Ламанчалық Дон Кихот деп жазылған пергаментті Дон Кихотқа байқатпай плащының арқасына іліп қойысты. Серуеннің өне бойында жүргіншілер бұл жазуға бірден назар аударып, “Ламанчалық Дон Кихот” деп дауыстап оқып жатты; көз салған жанның бәрі өзін ә дегеннен тани кететініне және есімін дауыстап айтатынына Дон Кихоттың таңырқауы таусылмай қойды, сөйтіп ақыры жанында келе жатқан дон Антоньоға қарап былай деді:
— Кезбе рыцарьлықтың бір керемет артықшылығы бар: осы салада қарекет жасайтын жандардың қай-қайсысының да атын әлемге мәшһүр етіп, даңқын арттырады. Шынында да, дон Антоньо, өзіңіз ойлап көріңізші: мына қалада мені тіпті ойын баласына шейін біледі, ал бұлар мені бұрын өмірі көрмеген еді ғой.
— Дұрыс айтасыз, сеньор Дон Кихот, — деп қоштады оны дон Антоньо. —Оттың жалынын жасырып қоюға немесе тығып тастауға болмайтынындай, ерлік істер де беймағлұм күйде қала алмайды, ал әскери саладағы ерлікке келсек, ол басқа саладағы ерліктің бәрінен де абыройлы, бәрінен де үстем екені шүбәсіз.
Алайда күтпеген жерден мынадай жағдай жолықты: Дон Кихот жоғарыда суреттелгендей сән-салтанатпен қаланы аралап келе жатқан шақта, арқасындағы жазуды оқып алған әлдебір кастильдік былай деп айқайды салды:
— Әй, антұрған, Ламанчалық Дон Кихот! Таяқ жеуден көз ашпаған тасмаңдай, жолда бір жерде тырапай аспай қалай ғана мұнда аман-сау жетіп жүрсің өзің? Сен — есуассың, егер сол есуастығыңның қапасына қамалып, өзіңмен өзің есуастана берсең ештеңе етпес еді, бірақ сенің өзіңмен тілдескен һәм сөйлескен жанның бәрін жынды қып жіберетін, ақылынан адастыратын қасиетің бар, — қасыңа еріп келе жатқан мына сеньорлар соның дәлелі. Үйіңе қайт, миғұла, шаруашылықпен шұғылдан, қатын-балаңа қарас, ақылды аздыратын, парасат-пайымды тоздыратын мәжлүмдікті қой.
— Бауырым, жолыңнан қалмай жүре бер, — деді оған дон Антоньо, — сенен біреу ақыл сұрап жатқан жоқ. Сеньор Ламанчалық Дон Кихоттың ақыл-есі ешкімнен кем емес, оның қасына еріп келе жатқан біздер де нәгүман біреу емеспіз. Қай жерден жолықпасын мейлі, көзсіз батырға қашан да құрмет көрсетілуге тиіс. Қараңды батыр жылдам, біреудің ісіне араласушы болма.
— Олла-біллә, сөзіңіздің жалғаны жоқ, — деді кастильдік, — бұл сабазға ақыл айту да бір — қара судан қаймақ қалқу да бір, алайда, солай бола тұрғанымен, мына есалаңның, естуімше, басқа мәселеде керемет сұңғылалық танытатын ақыл-ойының кезбе рыцарьлыққа деген әуестік салдарынан босқа рәсуа болғанына сондай өкініштімін. Әйтсе де, алдағы уақытта, тіпті Мафусаилдан да ұзағырақ ғұмыр кешейін мейлі, біреуге, ол жалынып сұраған күннің өзінде де, ақыл айтқанша, өзім де, үрім-бұтағым да, өзіңіз кеңес еткендей, дереу қарамызды батыратын шығармыз.
Соны айтып кастильдік жөніне кетті; серуен одан әрі жалғасты; алайда, балалар мен басқа да жолыққан жұрттың жазуды жабыла оқып жаңғырта бергені соншалық, дон Антоньо оны алып тастағанды жөн көрді: бұл үшін оған, әрине, басқа бірдеңені алып жатқандай түр жасауға тура келді.
Кеш түсті; бәрі үйге қайтты; ал бұл кезде үйде бал әзірленіп қойылыпты; айта кетер нәрсе, дон Антоньоның әйелі, текті әулеттен шыққан, көңілді, көркем әрі ақылға да бай сеньора, бірге болуы арқылы мейманына құрмет білдіруі үшін әрі оның бұрын-соңды көз көріп, құлақ естімеген қиямпұрыс қылықтарын тамашалауы үшін аталмыш балға құрбыларын да шақырып қойған-ды. Құрбылар келді, кекірік аздыратын кешкі ас ішілді, одан соң түнгі онға таман би басталды. Ханымдар арасында шалдуарлау, шолжақайлау екі келіншек бар еді: олар әдептен аттай қоймайтын, бірақ күлкіге қарық қылатын не қилы әзіл-қалжыңды ойлап табудан алдына жан салмады. Міне, осы әзілкештер Дон Кихоттың басын шыр айналдырып, биге сүйрелеумен болды, осы қылықтары арқылы оның жанын да, тәнін де азапқа батырды. Биге шыққан ұзынтұра, ебедейсіз, тыриған арық, жүзі қуқыл тартқан, тарлау киім киген, икемсіз, қимыл-қозғалысы қолапайсыз Дон Кихоттың сұрқы сондай аянышты болатын! Ханымдар басқаға білдірмегенсіп оны сипалап қоятын, анау да басқаға білдірмегенсіп олардың бұл әрекетін тойтарып тастайтын; алайда әлгілердің әбден өрекпіп кеткенін көрген Дон Кихот былай деп қатты дауыстап жіберді:
— Fugіte, partes adversae!45 Арбама мені арам ой, арам пиғыл! Мұндай құштарлықты басқа біреуге білдіріңдер, сеньоралар, өйткені ықылас-ниетімнің патшайымы, жан тең келмес Дульсинея Тобосская өзінен басқа ешкімнің құштарлығы еркімді алып, бойымды баурамауын талап етеді.
Осыны айтып, би билеу жаттығуларынан әбден титықтап, діңкесі құрыған ол залдың орта тұсында еденге сылқ етіп отыра кетті. Дон Антоньо оны кереуетке апарып жатқызуға әмір берді, ал Дон Кихотқа бірінші боп көмекке ұмтылған Санчо болды.
— Әй, мырзам-ай, соншалықты нашар биледіңіз ғой! — деп дауыстап жіберді ол. — Жаужүрек атаулының бәрі міндетті түрде — биші, ал кезбе рыцарьдың бәрі бірдей — биқұмар болады деп ойлап па едіңіз? Шынымен солай ойласаңыз, қатты қателесесіз: бидің әлдебір фигурасын орындағаннан гөрі жекпе-жекте дәуді өлтіргенді оңай көретін адамдар да бар. Егер алақанмен ұлтан қағатын би биленсе орныңызға өзім шыққан болар ем, өйткені ондайдан маған тең келер жан жоқ, ал андай-мұндай қалалық билер менің қолым емес.
Осындай және осыған ұқсас сөздермен Санчо балға қатысушыларды күлкіге қарық қылды; сосын қожайынын төсекке жатқызып, биден тиген салқын термен шықсын деп, оны жақсылап қымтап тастады.
Келесі күні дон Антоньо сиқырлы баспен тәжірибе жасауды ұйғарып, Дон Кихотпен, Санчомен, аралас-құралас екі танысымен және балда Дон Кихоттың сілесін қатырған, сосын дон Антоньо әйелінің үйінде қонып қалған екі ханыммен бірге бас тұрған бөлмеге кіріп, іштен кілттеніп алды. Ол бұларға бастың өзіндік ерекшеліктері жайында айтып берді, сосын олардан мұны құпияда сақтау жөнінде сөз алғаннан кейін, сиқырлы бастың қабілет-мүмкіндігін бүгін тұңғыш рет сыннан өткізгелі тұрғанын мәлім етті. Дон Антоньоның екі танысынан басқа ешкім мұнда нендей кілтипан барын білмейтін, егер дон Антоньо ол екеуіне мұны алдын-ала айтып қоймаса, олар да басқалардан кем қайран қалмас еді және бұған таңырқанудың да жөні жоқ-ты: өйткені, бас соншалықты шеберлікпен әрі ықтияттылықпен жасалған-ды.
Бастың құлағына бірінші боп дон Антоньоның өзі еңкейді; бәсең дауыспен, алайда жұрттың бәрі еститіндей етіп одан:
— Өзіңде орын тепкен сиқырлы күштің атымен өтінем сенен, бас: қазір не жайында ойлап тұрғанымды айтшы маған? — деп сұрады.
Ернін жыбырлатпағанымен, жұрттың бәріне анық та айқын естілетіндей етіп бас оған:
— Мен біреудің ойын оқымаймын, — деген жауап қатты.
Бұл сөзді анық естіген, бөлме ішінде де, сол сияқты сиқырлы бас орналасқан үстел жанында да ол үшін жауап берердей бөтен ешкім жоғын көріп тұрған жұрттың есі шығып, мелшиіп қатты да қалды.
— Мына арада қанша адам бармыз? — деген сұрақ қойды дон Антоньо тағы.
Оның бұл сауалына да сол бұрынғыдай бәсең үнмен, нақпа-нақ жауап қайтарылды:
— Бұл арада сен барсың, сенің әйелің, екі досың, әйеліңнің екі құрбысы, сондай-ақ Ламанчалық Дон Кихот есімді айтулы рыцарь мен оның Санчо Панса ныспылы атқосшысы бар.
Расында, бұған да таңырқанбау мүмкін емес-ті! Қорқыныштан бәрінің төбе шашы тік тұрды. Ал, дон Антоньо шегіншектей түсіп, былай деді:
— Беу, ақылды бас, сөйлейтін бас, жауап қайтаратын бас, ғажайып бас, сені маған сатқан адамның өзімді алдамағанына көз жеткізуім үшін маған осы да жеткілікті! Енді басқалар да жақындап сұрағын қоя берсін.
Әйелдер әдетте тағатсыз әрі әуесқой келеді ғой, дон Антоньоның зайыбы ертіп келген ханымдардың бірі басқа бірінші боп жақындап, оған мынадай сұрақ қойды:
— Айтшы маған, бас, сұлу әйел атану үшін не істеуім керек?
Жауап мынадай болды:
— Ізгі қасиеттердің иесі бол.
— Менде басқа сұрақ жоқ, — деді келіншек.
Бұдан соң оның құрбысы жақындап, былай деді:
— Күйеуім мені шынымен сүйе ме, соны білейін деп едім, бас.
Оған мынадай жауап қайтарылды:
— Өзіңе деген пиғыл-ниеті қандай екеніне көз жеткіз, сонда бәрін түсінесің.
Күйеуі бар ханым бастан былайырақ шығып:
— Мынадай жауап алу үшін сұрақ қоюдың қажеті шамалы еді. Адамның сезімі пиғыл-ниетінен аңғарылып тұратыны онсыз да белгілі емес пе, — дегенді айтты.
Одан соң дон Антоньоның екі досының бірі жақындап келіп:
— Мен кіммін? — деген сұрақ қойды.
— Кім екеніңді өзің жақсы білесің, — деген жауап болды оған.
— Сенен ол жайында сұрап тұрғам жоқ, — деді кавальеро. — Мені білесің бе, соны айтшы маған.
— Иә, білем, — деген жауап қайтарылды оған, — сен дон Педро Нориссің.
— Маған басқа ештеңенің керегі жоқ, сенің, бас, бәрін білетініңе илануым үшін осының өзі-ақ жетіп жатыр.
Ол былай шыққан бойда дон Антоньоның екінші танысы келіп, мынадай сұрақ қойды:
— Айтшы маған, бас, барлық дүние-мүлкіме мұрагер болмақшы үлкен ұлымның арман-ойы қандай?
— Арман-ойға жорамал жасамаймын деп әлгінде ескерткем, — деген жауап берілді оған. — Солай бола тұрғанымен, саған айтарым: ұлың сені тезірек жерлеуге асық.
— Дәл таптың, — деп мақұлдады кавальеро. — Айна-қатесі жоқ шындық.
Ол бөтен сұрақ қойып жатпады. Дон Антоньоның әйелі жақындап, былай деді:
— Өзіңнен не жайында сұрарымды да білмей тұрмын, бас. Білгім келетіні тек бір ғана нәрсе: сүйікті жұбайым, өз бағыма, ұзақ ғұмыр сүре ме, соны айтшы.
Оған мынадай жауап болды:
— Ұзақ ғұмыр кешеді, өйткені мықты денсаулығы мен қанағатшыл өмір тәртібі оған осындай ұзақ ғұмыр сыйлайды, ал көп адам әдетте қанағатсыздығының қырсығынан өз өмірін өзі қысқартады.
Бұдан соң Дон Кихот жақындап, төмендегідей сұрақ қойды:
— Айта қойшы маған, бәріне жауап қайтарғыш: Монтесинос үңгірінде бастан кешкен, өзім баяндап берген жайдың бәрі өңім бе әлде түсім бе? Санчоның өзіне-өзі дүре салуы — көмегі тиетін нәрсе ме? Дульсинеяның жадысы шынымен қайтарыла ма?
— Үңгірге қатысты әңгімеге келсек, — деген жауап болды оған, — бұл жайында бәлен дей қою қиын: онда не түрлі жағдай орын алды; Санчоның өзіне-өзі дүре салуы ақырындап алға баса береді; Дульсинеяның жадысы ыңғай-ретіне қарай қайтарылады.
— Ендеше, маған басқа ештеңе қажет те емес, — деді Дон Кихот. — Дульсинеяның жадысы қайтарылғанына көзім жеткен бойда-ақ бұл дүниеде арман еткен нәрсемнің бәріне түгел қол жеткіздім деп есептейтін болам.
Ең соңы боп Санчо жақындады, ол мынаны сұрады:
You have read 1 text from Kazakh literature.
Next - Айлакер Идальго Ламанчалық Дон Кихот Орыс Тілінен Аударған Құрманғазы Қараманұлы - II - 38