Latin Common Turkic

Айлакер Идальго Ламанчалық Дон Кихот Орыс Тілінен Аударған Құрманғазы Қараманұлы - II - 23

Total number of words is 3979
Total number of unique words is 2169
30.8 of words are in the 2000 most common words
45.6 of words are in the 5000 most common words
52.3 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
мың үш жүз мәрте соққы дарытуға тура келеді, осыған дейін дарытқан бес соққымды алып тастағаннан қалғаны түгел атқарылған соң ол жадысынан арылып, екеуімізден еш айырмашылығы жоқ боп шығады. Бұл жайында ешкімге ештеңе айтушы болма, әйтпесе абайсызда аузыңнан шығып кетсе — өсек-аяң қаулай жөнеледі. Бірнеше күннен соң мен ақшаны күреп табуға деген ерен құштарлықпен губернаторлық етуге аттанам, — біреулерден естігенім бар-ды: жаңадан тағайындалған бастықтардың бәрі дәл осындай құштарлықпен аттанатын көрінеді. Онда барған соң жағдайды көрем ғой, мұнда келуің керек пе, жоқ па — оны сосын жазып жіберермін. Сұр жорғам есен-сау, саған көптен-көп сәлем айтып жатыр, мені тіпті түрік сұлтанының тағына отырғызса да, бәрібір, оны ешқашан тастамаймын. Сеньора герцогиня сені қолыңнан мың рет сүйеді, ал сен оның қолынан екі мың рет сүй, өйткені, мырзам айтатынындай, кішіпейілдік ишараты дүниедегі ең арзан және ешқандай міндет артпайтын нәрсе. Өткен жолғы сапардағыдай ішінде жүз эскудосы бар тағы бір шамаданға тап қылуды құдай қош көрмеді, бірақ сен, сүйікті Тересам, бұған қайғырма, ешкіні бақшаға жіберді емес пе, губернатор қызметінде есемізді артығымен қайтарармыз. Мені әсіресе қатты мазалап жүрген бір ғана жәйт: білетіндердің айтуынша, бұл өзі бір рет татып көрсең, дәмі таңдайыңнан өмір бақи кетпейтін нәрсе көрінеді, ал егер шынымен сондай боп шықса, онда губернаторлық маған арзанға түспейін деп тұр. Айта кетерлігі, мұнда мүгедектер мен мүсәпірлерге садақаның мол берілетіні сонша, олар канониктер сияқты тұрмыс кешеді. Сонымен, енді олай болмаса, бұлай болар, қайткен күнде де, әйтеуір, дәулетің таситын кез келер деген сенімім бар. Құдай саған бақ бергей, ал мені өзің үшін аман-сау сақтағай.
Осы қамал-сарайда 1614 жылғы шілденің 20-да жазылды.
Күйеуің, губернатор
Санчо Панса».
Герцогиня хатты оқып шықты да, Санчоға былай деді:
— Мейірбан губернатор, сіз екі жерде азын-аулақ ағаттық жасапсыз. Біріншіден, губернаторлық сізге өзіңізді өзіңіз шыбыртқылауға келіскеніңіз үшін берілді деп хабарлайсыз және солай ұғындырасыз, ал шындығында, герцог жұбайым губернаторлықты уәде еткен кезде шыбыртқылау мәселесі түсіңізге де кірмегенін жақсы білесіз және олай емес деп айта алмайсыз. Екіншіден, мына жерде шамадан тыс пайдакүнемдік байқатыпсыз, олай дейтінім, тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп жүріп құлақтан айрылыпты, деген бар ғой, сондай-ақ, өзі тоймастың көзі тоймайтыны және ашкөз бастықтың қашан да әділетсіз болатыны мәлім.
— Айтпағым мүлде басқа еді, сеньора, — деп құлаққағыс етті Санчо, — ал егер бұл хатты ойдағыдай жазылмаған деп тапсаңыз, онда біз оны қолма-қол жыртып тастайық та жаңасын жазайық, бірақ өз зейін-зердеме сүйенсем, оның әлгіден де нашар боп шығуы ықтимал.
— Жо-жоқ, — деп қарсылық білдірді герцогиня, — бұл өте жақсы хат, оны герцогқа апарып көрсеткім келеді.
Бұдан соң олар бұл күні түскі ас берілетін баққа қарай бет алды. Герцогиня Санчоның хатын герцогқа көрсетті, анау оны оқып мәз-майрам болды. Түстік ішу тәмамдалды, ыдыс-аяқ жинап әкетілді, бұдан кейін де герцог пен герцогиня талай уақыт бойы Санчоның қызықты әңгімелерін тыңдап, рақатқа батты; өстіп отырғанда кенет флейтаның зарлы үні мен барабанның үзік-үзік қатқыл дыбысы құлаққа шалынды. Осынау түсініксіз, қатулы және қайғылы музыка сол арада отырғандардың бәрін де дегбірден айырғандай болды, әсіресе Дон Кихоттың қатты толқығаны сонша, отырған жерінен тұрып кетті; Санчо жайында айтпаса да түсінікті: зәре-құты қалмай қорыққан ол дағдылы панасына, яғни герцогиня қанатының астына кірді, өйткені музыка әуені шынымен-ақ тым жабырқау, тым зарлы болатын. Асып-сасып, абыржып тұрған бұлар кенет бақтың ішімен қара жамылған екі адамның келе жатқанын көрді: етегі жерде сүйретілген ұзын киім киген бұл екі бейтаныс та үлкен барабанды дүңкілдете соғып келе жатыр еді, барабандар да қара матамен қапталыпты. Олардың жанында флейташы бар-тын, бұл да әлгілер секілді қап-қара әрі қорқынышты-тұғын. Бұл үшеудің соңынан үстіне шұбатылған ұзын сүйретпесі бар көмірдей қара хламида киген, дәлірек айтқанда, жамылған, бойы еңгезердей алып денелі адам келе жатты. Хламиданың сыртынан жалпақ, бұл да қара түсті, қайыс белбеу буыныпты. Белбеуге тұтқасы қара, қара түсті қынға салынған дырау наркескен ілініпті. Бетін селдірлеу қара шілтер кіреукелепті, одан аппақ қардай ұзын сақалы көрініс беріп тұр. Адымын барабанның ырғағына сай маңыздана алып, алшаң басып келеді. Бір сөзбен айтқанда, сомадай бойы, жай басып, жалпақ алған жүрісі, қара түсті киімі, сондай-ақ нөкері мұның кім екенінен хабары жоқ жандарды абыржытып жіберуі мүмкін еді және абыржытып та тастаған болатын.
Сонымен, жоғарыда суреттелгендей шабандау жүріспен және айрықша салтанатпен ол герцогқа таман жақындады, ал герцог оны басқалармен бірге орнынан түрегеліп қарсы алды; анау жақындап келген бойда герцогтың алдына тізерлей кетті, бірақ герцог тізесінен тұрмайынша онымен сөйлесуден үзілді-кесілді бас тартты. Құбыжық айтқанға көнді, бойын тіктеп, бетіндегі шілтерді былай серпіп тастады, ал шілтердің астынан адам баласы бұрын-соңды көрмеген, сондай ұзын, аппақ әрі керемет қалың сөлекет сақал көзге шалынды. Бұдан соң сақалдының керегедей кеудесінен жуан да қуатты дауыс лек-легімен лықсыды; герцогтан көз алмай қарап тұрған қалпы сақалды былай деп сөйлеп кетті:
— Мәртебелі де құдіретті сеньор! Менің есімім Үшфальдин Ақ Сақал, мен графиня Үшфальдидің, қосалқы ныспысы бойынша дуэнья Құсавананың, қызметшісімін және соның тапсыруы бойынша сізге елшілікпен келіп тұрмын, атап айтқанда: сізден, жоғары мәртебелім, оған осы араға келуге және жер бетіндегі ең жабырқау ой-қиял иесі ғана көз алдына елестете алуы мүмкін алабөтен әрі қайран қалдырарлық қайғы-қасіреттің бірінен саналатын өз қасіретін паш етуге рұқсат беруді өтінеді. Бірақ, алдымен ол жеңіліс дегенді білмейтін айбынды рыцарь Ламанчалық Дон Кихот қамал-сарайыңызда бар ма, жоқ па, соны білгісі келеді, өйткені соны іздеп Кандайя корольдігінен сіздің мемлекетіңізге жаяу және нәр татпай ұзақ сапар шеккен еді, яғни ғажайып немесе сиқыршылық деп санауға болатын және солай саналуға тиіс те іс тындырған-ды. Қазір ол бекінісіңіздің, айтпақшы, жазғы қамал-сарайыңыздың қақпасы алдында күтіп тұр, келісіміңізді берген бойда-ақ алдыңызға келеді. Мен болдым.
Соны айтып, жөткірініп, сақалын қос қолымен салалады да, барынша байсалдылықпен жауап тосып тұрып қалды. Ал, герцог былай деп жауап қатты:
— Сиқыршылар өзін дуэнья Құсавана деп атауға мәжбүр етіп жүрген жоғары мәртебелі графиня Үшфальдидің басына түскен бақытсыздық жайындағы хабардың, қадірменді Үшфальдин Ақ Сақал, бізге жеткеніне де біраз болды, сол себепті, алабөтен қызметші, одан ішке кіруін өтін және жүрегінің мейірімділігі сонша, қандай да болсын көмек беруге және қанатының астына алуға дайын жаужүрек рыцарь Ламанчалық Дон Кихоттың осында екенін айт. Бұған қоса менің атымнан оған мынаны жеткіз: егер ол менің де қамқорлығыма мұқтаж болса, мен де қарап қалмаймын, өйткені рыцарь атағым өзіме осындай міндет жүктейді, ал әйел атаулыға, әсіресе қуғын көріп, қайғы шегіп жүрген жесір дуэньяларға, — жоғары мәртебеліні сондай халде деп ойлауға болатын секілді, — қамқорлық жасау рыцарь біткеннің борышы және парызы боп табылады.
Герцогтың бұл сөзінен кейін Үшфальдин оның алдына барып тізесін иді де, барабаншылар мен флейташыға белгі берді, сосын баққа келіп кіргенде естілген музыканың жебеуімен және тап сондағыдай алшаңдай басқан адыммен шығар есікке қарай бет алды, ал сол жерде тұрғандар оның кескін-келбеті мен түр-пішініне тағы да таңырқаушылық білдірді. Герцог болса, Дон Кихотқа қарап былай деді:
— Сонымен, айбынды рыцарь, надандық пен зымияндықтың қара түнегі ізгілік пен тектіліктің жарық сәулесін тұншықтыруға дәрменсіз боп шықты. Мұны айтып отырған себебім, қамал-сарайымда тұрып жатқаныңызға аптаға да толмас уақыт өткеніне қарамастан қиырдағы жат өлкелерден жұрт сізге қарай ағыла бастады — күймемен де, түйемен де келіп жатқан жоқ, нәр сызбастан әрі жаяу-жалпылап жетіп жатыр; олардың бәрі де — аса құдіретті айбынды білегіңіздің арқасында барша уайым-қайғысы мен әуре-сарсаңынан арылатынына анық сенетін жапа шеккендер мен жәбір көргендер, ал бұл өзіңіздің қастерлі қарекетіңіздің нәтижесі, ол жайындағы қауесеттің бізге мәлім елдердің бәрін түгел құстай ұшып аралап шыққаны мәлім.
— Ана жолы дастарқан басында отырып, — деп сөйлеп кетті Дон Кихот, — кезбе рыцарьлар жайында соншалықты жақтырмаушылық пен соншалықты жек көрушілік танытқан құрметті діни қызметшінің тап қазір осы арадан табылғанына қарсылық білдіре қоймас ем, сеньор герцог: аталмыш рыцарьлардың жұртқа қажеті бар ма, жоқ па — бұған қазір өзі-ақ кәміл көз жеткізген болар еді. Қайткен күнде де, әйтеуір, шектен тыс жәбір көрген және тығырыққа тірелген жандардың, өмірде айтып жеткізгісіз ауыр қасіретке душар болған шақта жанға пана іздеп соттардың үйіне де, селолық псаломшы үйіне де, қожалығынан ешқашан қарыс адым былай шығып көрмеген дворянға да, не жаңалық барын тіміскілеп тауып, оны басқа біреулерге жария қылуды және айтып беруді ұнататын, бірақ басқа біреулердің әңгіме етуіне және жазуына татитын әрекеттер мен ерліктер жасауға аттап баспайтын қалалық жатып ішерлерге де бармайтынына иланар еді. Бәледен құтқаруға, қиналғанда қол ұшын беруге, бойжеткендерді қорғауға және жесірлерді жұбатуға кезбе рыцарьлардан артық ептейлі ешкім жоқ, осы себепті өзімнің рыцарь болғаным үшін құдайға айтар алғысым шексіз және осынау құрметті салада өзіме жолығатын қандай тақсірет пен теперішке де налымаймын. Келсін әлгі дуэнья, сұрасын менен өзіне не керегін: білегімнің қуаты мен мәңгі сергек рухымның бет қаратпас батылдығы оны нендей қырсықтан да құтқара алады.
ХХХҮІІ тарау
Бұл тарауда дуэнья Құсаванаға қатысты айтулы шытырман оқиға өз жалғасын табады.
Өздері ойластырып іске асырған осынау әурешілікке Дон Кихоттың имандай сеніп қалғанына герцог пен герцогиняның қуанышында шек болмады, бірақ сол арада Санчо сөйлеп кетті:
— Бұл сеньора дуэнья губернаторлығыма байланысты ши шығарып жүре ме деп қорқам. Толедолық бір дәріханашының, — өзі керемет айтқыш адам еді, — дуэньялар жүрген жерде шөп шықпайды, дегенін естігенім бар-ды. Апырай, қалай жек көретін еді десеңші оларды әлгі дәріханашы! Осыған орай, дуэнья атаулының бәрі атағы мен әл-ауқаты қандай екеніне қарамай беймаза әрі бетпақ болса, онда шын әулет есімі әлде Үш Фалда35, әлде Үш Құйрық боп табылатын әлгі дуэнья Құсавана атанып жүрген графиня қандай адам екен деген ойға қалып тұрмын. Олай дейтінім, біздің селода фалданы құйрық деп атайды.
— Қоя тұр, достым Санчо, — деді Дон Кихот, — бұл сеньора дуэнья мені алыс елдерден арнайы іздеп келіп тұр, сондықтан оны дәріханашың айтқан дуэньялар санатындағы біреу деуге аузым бармайды, оның үстіне, ол — графиня, ал графинялар дуэнья боп қызмет етсе тек король айымы мен патша айымы төңірегінде ғана жүреді, ал өз үйінде бұлар — жоғары қауымдық ақсүйек, оларға басқа дуэньялар қызмет көрсетеді.
Осы арада әңгімеге донья Родригес араласты.
— Қолайлы жағдай орайласқанда, — деп құлаққағыс етті ол, — біздің сеньора герцогиняға қызмет көрсетіп жүрген дуэньялар да графиняға айналар еді, бірақ адам көзін тігеді, ал құдай өзі біледі емес пе. Қалай болған күнде де, дуэньялар жайында, әсіресе кәрі қыздар жөнінде сөлекет сөз айтуға ешқашан жол бермеймін, — өзім кәрі қыз қатарына жатпасам да, бәрібір, жесір дуэньядан бикеш дуэньяның артықшылығы болатыны мен үшін айдан анық, ал енді кімде-кім біздер, дуэньялар, жайында жаман сөз айтса, соның аузы қисайып кетеді.
— Ол енді басқа мәселе, — деді Санчо келіспей, — менің таныс шаштаразым: дуэньяларды қисайған жағынан қайтып түзете алмайсың, дейді, сондықтан бұл әңгімені жылы жауып қоя салғанымыз жөн шығар.
— Малайлар атам заманнан бізбен бақталас, — деп қарсылық білдірді донья Родригес, — олар күндіз-түні ауыз үйден шықпайды, біз қашан да солардың көз алдында жүреміз, бізді тек құдайға құлшылық еткен кездерінде ғана жайымызға қалдырады, ал қалған уақыттың бәрінде өсек айтып, жерден алып, жерге салады, не түрлі сөзбен ғайбаттайды. Жә, мейлі, ол әумесерлер не десе о десін, біз оларға қасақана түрде өз тірлігімізді жасай береміз, оның үстіне дәріпті мырзалардың үйінде тұрмыс кешетін боламыз, алайда, айта кетерлігі, бұл жерде бізге ашығуға да тура келеді, мерекелік шерулер өткенше көң-қоқырды кілеммен жауып қоятыны секілді, нәзік денемізді, — ал кейбіреулердікі, мүмкін, онша нәзік те емес шығар, — қара хламидамен бүркемелеуге де мәжбүр боламыз. Шын сөзім, егер маған рұқсат етілсе және оңтайлы жағдай туса, дуэньялардың барша ізгі қасиеттер қоймасы екенін тек осы арада отырғандарға ғана емес, күллі әлемге дәлелдеп берер едім.
— Менің ойымша, — деді герцогиня, — мейірбан дуэньям донья Родригестің айтып отырғаны рас және дау тудыра қоймайды, бірақ қазір өзіңді де, басқа дуэньяларды да ақтап алам деп және әлгі берекесіз дәріханашының қадірменді Санчоның көкейінде қалып қойған пікірін теріске шығарам деп әуреге түсетін уақыт емес.
Бұған Санчо былай деді:
— Губернаторлыққа көңілім ауғалы бері малайға тән тартыншақтықтан арылып та үлгердім, сондықтан дүниедегі дуэнья атаулының бәріне, шынымды айтсам, түкіргенім бар.
Дуэньялар жайындағы талас әлі жалғаса түсер ме еді, кім біледі, бірақ дәл осы кезде флейта мен барабандардың дуэнья Құсавананың баққа келіп кіргенін аңғартқан үні естілді. Герцогиня герцогқа оны алдынан шығып қарсы алған жөн бе, не дегенмен, ол графиня ғой әрі ақсүйектер әулетінен емес пе, деген сұрақ қойды.
— Ол графиня болғандықтан, — деп герцогтың орнына Санчо жауап қатты, — сіздерге, жоғары мәртебелілерім, оның алдынан шыққандарыңыз жөн деген ойға кеп тұрмын, бірақ, сонымен бірге оның дуэнья болуы себепті, менің ойымша, отырған орындарыңыздан тырп етпегендеріңіз дұрыс.
— Саған аралас деген кім бар, Санчо? — деп сұрады Дон Кихот.
— Кім дейсіз бе? — деді Санчо саспай. — Өз мектебіңізде әдептілік қағидаларынан дәріс алған атқосшы ретінде араласуға қақым болғандықтан араласып тұрмын, ал сіз болсаңыз — айрықша кішіпейіл, айрықша тәрбиелі рыцарьсыз, әдептілердің ішіндегі ең әдептісісіз, оған қоса, өзіңіз айттыңыз емес пе, тақсыр: бұл ыңғайда көбірек тұздықтасаң да, азырақ тұздықтасаң да — нәтиже біреу демедіңіз бе? Жә, осымен доғарайын, — ұғынықты қып жеткіздім-ау деймін.
— Санчоның сөзі орынды, — деді герцог, — әуелі графиняның түрін көріп алайық, қандай құрмет көрсетуге лайық екенін сосын жобалай жатармыз.
Осы арада, дәп сол алғашқы реттегідей боп, флейта мен барабандар жүз көрсетті.
Қысқа ғана бұл тарауды автор осымен аяқтайды да, баян етіліп жатқан шытырман оқиға одан әрі жалғасын табатын жаңа тарауды бастайды, ал бұл оқиға бүкіл хикаямыздағы назар аударуға тұрарлық ең тәуірлерінің бірі боп табылады.
ХХХҮІІІ тарау
Мұнда дуэнья Құсавананың өз тақсіреті жайындағы әңгімесі келтіріледі.
Жабырқау музыканттардың соңында қос қатар боп тізіліп, қолпылдаған кең және, сірә, әжептәуір тығыз шұғадан хламида киген, оның сыртынан канекендік ақ жамылғы жамылған, — ал мұның ұзындығы сонша, хламида етегінің тек жиегі ғана көрініп тұрған-ды, — он екі дуэнья келе жатыр еді. Бұлардың арт жағында атқосшы Үшфальдин Ақ Сақалдың қолына сүйеніп, кербездене басып графиня Үшфальдидің өзі келе жатты; үстіне сапалы қара бәйкеден тігілген киім киіпті, бәйке түгінің ұзындығы сондай, егер шиыршықтаса әр қылшығының өзі кәдімгі мартос бұршағындай боп шығар еді. Сүйретпесінің, басқаша айтқанда — құйрығының (мұны олай да, бұлай да атай беруге болады) үш тарамға бөлінген ұшын қара жамылған үш паж көтеріп келеді: оның үш сүйір бұрыш құрап тармақталған ұштары геометриялық көркем фигура жасап тұрған-ды; үшкірлене бітетін осы сүйретпеге көзі түскен кез-келген адам оның неліктен графиня Үшфальди, яғни Үш Фалда графинясы атанғанын сол бойда-ақ аңғара қояр еді; мұның шынында да солай екенін, ал өзінің төл әулет есімі — графиня Бөруана екенін Бен-Инхали да растайды, өйткені оның графтығында бөрі өте көп болған, егер де сол графтықта бөрі емес, түлкі өте көп болса, онда ол графиня Түлкиана атануы мүмкін еді, дейді ол; себебі иелігінде нендей нәрсе немесе нәрселер молынан ұшырасса билік басындағы князьдар да өз әулет есімін жергілікті дәстүр бойынша соның атауынан туындатып отырған; алайда біздің графиня сүйретпесінің алабөтен ерекшелігін ескерту үшін Бөруана деген әулет есімін Үшфальди деп өзгертіпті.
Графиня да, оның он екі дуэньясы да кербездене адымдап жүріп келе жатты; дуэньялардың беті қара шілтермен кіреукеленген еді, бірақ Үшфальдин шілтері секілді селдір емес-ті, керісінше, тығыздығы сонша, түк ештеңе көрсетпей тұрған. Дуэньялар тобы бақ ішімен бермен жақындаған бойда герцог, герцогиня және Дон Кихот, сондай-ақ оларға ілесіп осынау шабандау шеруді тамашалап тұрғандардың бәрі түгел орындарынан тұрды. Ақыры он екі дуэнья тоқтап орталарынан жол ашты да, сол бұрынғыша Үшфальдиннің қолына сүйенген Құсавана солардың арасымен өтті, ал герцог, герцогиня және Дон Кихот үшеуі оған он екі адым қарсы жүрді. Графиня тізерлей кетіп, жіңішке де нәзік деуден гөрі қатқыл да қырылдақ деуге келіңкірейтін дауыспен сөйлей жөнелді:
— Өздеріңізді айрықша қадір тұтатын құлға, айтпақшы, күңге мұншалықты қошемет көрсетпеуіңізді өтінем, жоғары мәртебелілерім: олай дейтінім, мен қазір ерен қайғы үстіндемін, соның салдарынан сіздерге қарымтасын қайтара алмаймын, өйткені бұрын-соңды көз көріп, құлақ естімеген бақытсыздығым ақыл-ойымды санамнан ажыратып тастады және әлдебір жаққа алып кетті, шамасы, өте алысқа әкетті-ау деймін, себебі қанша іздегеніммен ақыл-ойымды әліге шейін таба алмай жүрмін.
— Біздіңше, ақыл-ойдан шын мәніндегі ада адам — бойыңыздағы асыл қасиеттерді бір қарағанда-ақ тани алмаған адам, сеньора графиня, — деді герцог, — ал бұл қасиеттеріңіз ең жоғары деңгейдегі қошемет пен ең жоғары дәрежедегі салтанатты рәсімге лайық.
Осыны айтып герцог оған қолын созды, сосын оны герцогиня жанындағы креслоға отырғызды, герцогиня да оған әлгіден кем ілтипат білдірген жоқ. Дон Кихот үндемей тұрды, ал Санчо Пансаның есіл-дерті Үшфальдидің өзінің немесе оның қисапсыз дуэньяларының кез-келген біреуінің бет-әлпетін көру болды да қалды, алайда мұның мүмкіндігі олар шілтерді өз еркімен және ықыласымен алып тастағанда ғана туатын-ды.
Ешкім қыбыр еткен жоқ, біреудің бірдеңе деп тіл қатуын тосып бәрі де үнсіз тұрды, ақыры дуэнья Құсавана алғаш боп тіл қатып, былай деп сөйлеп кетті:
— Құдіреттіден де құдіреттірек сеньор, сүйкімдіден де сүйкімдірек сеньора және мәдениеттіден де мәдениеттірек барша қауым, менің зардаптыдан зардапты тақсіретіме сіздердің ізгі ниеттіден ізгі ниеттірек жүрегіңіз әрі кеңпейілдікпен қарап, әрі мейірім мен жанашырлық білдірер деп сенем, өйткені маған тап болған тақсіреттің ауырлығы сондай, ол жер бетіндегі ең қатыгез жүректің мәрмәрін жібітіп, алмасын жұмсартып, құрышын майыстырып жібере алады. Алайда оны сіздердің назарыңызға (құлақ деген сөз маған тым тұрпайылау көрінеді) жеткізбес бұрын, сіздің қауымда, ортада және топта мүлтіксізден де мүлтіксізірек рыцарь — Ламанчалықтан да Ламанчарақ Дон Кихот пен оның атқосшыдан да атқосшырақ Пансасы бар ма екен, соны білгім келеді.
— Панса осында, Кихоттан да Кихотырақ Дон да осы арада, — деп мәлім етті Санчо, біреу жауап қатып үлгергенше, — сондықтан да сіз, бақытсыздан да бақытсызырақ және дуэньядан да дуэньялырақ, не жайында айтқыңыз келсе сол жайында айта беруге еріктісіз, ал сізге қызмет көрсетуге біз әр қашаннан да әр қашанырақ әзірден де әзірірекпіз.
Осы кезде Дон Кихот орнынан көтеріліп, жабырқау дуэньяға қарап былай деді:
— Егер қайғы-қасіретіңіз, құсалы сеньора, кезбе рыцарьдың қайраты мен айбаты өзіңізге көмек бере алады-ау деген болмашы үмітке орын қалдырса, онда мен аз болсын, әлжуаз болсын бар қуатымды сізге қызмет ету жолына сарп етуге дайынмын. Мен — Ламанчалық Дон Кихотпын, менің парызым — қаріп-қасірлерді қорғау, ендеше сізге, сеньора, ықыласымды аударам деп әуреге түсудің, сөйтіп алғы сөзден бастаудың қажеті жоқ, — өкініш-налаңыз жайында тұспалдамай-ақ турасын айтыңыз: өзіңізді бәледен құтқарып алуға құдіреті жететін, тым құрығанда, қайғыңызға ортақтаса алатын адамдар әңгімеңізге құлақ тосып отыр.
Мұны естіген дуэнья Құсавана Дон Кихоттың аяғына жығылуға оқталғандай қимыл жасады және шынымен-ақ жығылды да, сосын оның аяғын құшуға әрекеттеніп жатып, былай деп сөйлеп кетті:
— Беу, жеңімпаз рыцарь, аяғыңызға жығыламын сіздің, өйткені бұл аяқ — кезбе рыцарьлықтың негізі және тірегі боп табылады! Басымдағы барлық қайғы-қасіретімнен арылуым басқан қадамына тығыз байланысты болып тұрған бұл аяқты өпкім келеді менің, беу, шындығы шүбә келтірмейтін ерлік істері Амадистердің, Эспландиандардың және Бельянистердің адам айтса нанғысыз ерлік істерінен әлдеқайда асып түсетін және оларды жолда қалдыратын айбынды кезбе рыцарь!
Одан соң ол Санчо Пансаға бұрылды да, оны қолынан ұстай алып, былай деді:
— Беу, сен, бұл ғасырда да, сондай-ақ бұрынғы ғасырларда да кезбе рыцарьларға қызмет еткен атқосшылар ішіндегі адалынан да адалырақ, қадір-қасиеті осы арада тұрған серігім Үшфальдиннің сақалынан да көбірек атқосшы! Даңқты Дон Кихотқа қызмет көрсетіп жүргеніңді мақтан тұтуға қақың бар сенің, өйткені оған қызмет ету арқылы бұрын-соңды қолына қару алған тәмам рыцарьға түгел қызмет істеп жүрсің. Бұлжымайтын ізгі қасиеттеріңнің атымен жалбарынамын: осынау момыннан да момынырақ және жолы ауырдан да жолы ауырырақ графиняға қол ұшын беруге жедел кірісуі үшін қожайының екеуіміздің арамызға ақжүрек делдал болшы.
Санчо бұған былай деп жауап қатты:
— Қадір-қасиетімнің, сеньора, атқосшыңыздың сақалындай көптігі мен кереметтігі мені мүлдем дерлік толғандырмайды. Тек ана дүниеге ауысқан кезде жанымның сақалы мен мұрты болсын деңіз, — міне, мен үшін ең маңыздысы осы, ал мына жақтағы сақалдарда шаруам аз, дәлірек айтқанда, шаруам тіптен жоқ. Алайда, мұндай алдап-сулау мен тілемсектенусіз-ақ мырзамнан сізге қолынан келгенінше көмек көрсетіп, қамқорлық жасауын өтіне алам (оның мені, әсіресе қазір, өзіне мәлім бір шаруаны атқаруым қажет боп тұрған шақта, айрықша жақсы көретінін білем). Қандай бәлеге тап болғаныңызды айтып беріңіз бізге, бәрін рет-ретімен баян етіңіз және құр босқа абыржымаңыз: сіз бен біздің бірдеңе ғып тіл табысарымыз кәміл.
Герцог пен герцогиняға бұл шытырман оқиғаның астары жақсы мәлім-ді, сондықтан қазір олар күлкіден езу жия алмай қалған және графиня Үшфальдидің аңғарымпаздығы мен аярлығына іштей дән риза боп отырған, ал графиня бұл екі арада қайтадан креслоға барып жайғасты да, әңгімесін бастап кетті:
— Атақты Трапобана мен Оңтүстік теңіз аралығында, Коморин мүйісінен екі мильдей жерде орналасқан әйгілі Кандайя корольдігінде Архипелаг есімді корольдің жесірі королева Майнция билік құрды, ол марқұм жұбайы мен әміршісінен тақ мұрагері боп табылатын Метонимия деген қызды жарық дүниеге әкелген-ді. Аталмыш инфанта Метонимия менің қадағалауыммен және бақылауыммен бағым көріп, тәрбиеленді, өйткені мен анасының ең байырғы және ақсүйек әулеттен шыққан дуэньясы болатынмын. Сөйтіп жүргенде кішкентай Метонимия он төртке толды және сүйкімділігі сонша, бұдан асқан кереметті сомдау табиғаттың қолынан келмейтіндей көрінетін. Бірақ ақыл-ой жағы олқылау болған екен деп ойлап қалмаңыздар! Жоға, әлпеті қандай ажарлы болса, ақылы да сондай зерек еді, ал сұлулығы жағынан әлемде оған ешкім тең келмейтін, егер іші тар жазмыш пен қатыгез тағдыр өмірінің қылын үзіп жібермесе, ешкім тең келе де алмайтын. Алайда, олай болуы мүмкін емес: жер бетінде мұндай зұлымдықтың орын алуына, дүниедегі ең тәуір жүзім сабағының пісіп-жетілмей тұрған шағында үзілуіне жаратқан иеміз жол бере қоймас. Жеріне жеткізе дәріптеуге ебедейсіз тілім дәрменсіздік көрсетіп тұрған оның сұлулығы жергіліктісі бар, шет жерден келгені бар, жоғары лауазымды сансыз көп князьды дәмелендірген-ді, солардың ішінде қыздың айдай сұлу ажарының аспанына көз тігуге әлдебір қарапайым кавальеро да тәуекел еткен болатын; ол өзінің жастығы мен жүректілігін, сан салалы қабілеті мен дарынын, ойының ұшқырлығы мен алғырлығын арқа тұтқан еді, оған қоса, егер әңгімем сіздерді әлі жалықтырмаса, мынаны да біліп қойғандарыңыз артық болмас, жоғары мәртебелілерім: оның қолына түскен гитара адамша сөйлеп қоя беретін, сондай-ақ, ол өлең шығаратын, керемет жақсы билейтін және құстарға арналған тор жасай білетін, егер ерен мұқтаждыққа тап болса, осы торларымен-ақ нанын тауып жей алатын, — тоқ етерін айтқанда, мұндай қасиеттер мен қабілеттер балауса қыздың басын айналдырмақ түгіл, тау қопаруға да жарайтындай еді. Алайда, бұл бұзақы, бұл ұятсыз әуелі мені өзіне қаратып алуды жөн көрмегенде оның күллі сүйкімділігі мен жанды баурайтын жайдарылығының, сол сияқты күллі дарын-қабілетінің тәрбиемдегі қыздың бейнесіндегі бекіністі өзіне қаратарлық дәрмені аз еді, немесе, тіпті, түк ештеңе істей алмайтын. Осынау мүттайым, осынау ардан безген алаяқ ең әуелі оңбаған комендант — менің аузымды майлауға, көңілімді аулауға ниет қылды, сөйтіп қорғап отырған бекінісімнің кілтін қолына түсірмек болды. Қысқасын айтқанда, не түрлі жарамсақтықпен ақылымнан адастырды ғой, не түрлі бұйымдармен, ұсақ-түйек әшекейлермен жүрегімді жібітті ғой. Ақыры бір күні түнде тұйық көшеге қарайтын терезе алдында отырып оның әнін естіген кезімде қарсы тұрарлық әддім қалмай, ақи-тақи беріліп тындым; ал, ұмытпасам, ол мынадай әнді айтқан болатын:
Жек көретін бір сұлу
Жаралады жүрегімнен.
Ең ауыры бәрінен —
Үнсіз шыдап, тұншығу.
Бұл маған ән атаулының жауһары, ал дауысы балдай тәтті боп көрінген, тек кейін ғана, осы секілді және осыған ұқсас өлеңдердің өзімді қалай қапыда қалдырғанын білген кезімде ғана, Платон кеңес еткендей, ақындарды, соның ішінде, әсіресе, құшаққұмар ақындарды, түтіні түзу мемлекеттерден қуып тастау керек деген ойға тірелдім — өйткені, мұндай ақындар өлеңдерінің маркиз Мантуанский жайындағы, — тыңдаған жұртты тәнті қылатын, балаларды да, әйелдерді де көз жасын көлдетуге мәжбүр ететін, — өлеңдермен үш қайнаса сорпасы қосылмайды, ал құшаққұмар ақындардың тапқыр сөзі жаныңызды қылдай нәзік тікенек секілді тесіп өтеді, найзағай секілді күйдіреді, бірақ сыртыңыз сау күйінде қалады. Одан соң ол тағы мынадай ән айтты:
Ажал! Сол сәтті иек қағатын
Жеткізе ғой сен жылдам.
Өзіңнен тауып мен мырғам,
Ұмытайын өмір рақатын.
Әнге қосқанда арбап алатын, дауыстап оқығанда қайран қалдыратын осы тақылеттес әндер мен шумақтардың ол тағы да талайын айтты. Ал, ақындар сол тұста Кандайяда кеңінен тараған және сегидилья деп аталатын поэзия түріне ден қойғанда қандай ахуал орнайды десеңізші! Мұндайда жаның гүл жайнайды, тәнің билеп ала жөнеледі, күлкіден езу жимайсың, сезімдерің алабұртады. Мұндай ақындарды Кесірткелер аралына жер аударып жіберген әбден әділетті іс болар еді дегенді айтуымның да себебі, міне, осы болатын, мархабатты мырзаларым менің. Әйтсе де кінәлі бұлар емес, бұларды дәріптеуші ашық ауыздар мен соларға сенетін су мыйлар; егер парызына мүлтіксіз адал, ізгі ниетті дуэнья болсам, жеті түннің ортасында орындалатын осынау әнсымақтарға бейіл бермес ем, сондай-ақ: “Өліп қалсам да өмір сүрем, мұз ортасында от боп жанам, от ортасында қалтырап тоңам, үміт жоқ болса да үміттімін, кетіп қалсам да қалып қойдым” секілді сөздер мен мұндай шатпақтарда бықып жүретін осыған ұқсас басқа да ерсіліктердің шын жүректен шыққанына күдікпен қараған болар ем. Шындығына келейікші, өлең жазғыштардың өз ғашықтарына Арабияның фениксін36, Ариаднаның тәжін, Күннің сәйгүліктерін, Оңтүстіктің жауһарларын, Тибардың алтынын және Панкайяның бальзамын тарту етем дейтіні өтірік пе? Алда ғана сорлы басым-ай! Өз бойымдағы кемшіліктерді әлі айтып тауыса алмай отырғанда біреудің кем-кетігін жіпке тізгенім неғылған кещелігім, неғылған есалаңдығым! Тағы да айтам: алда ғана сорлы басым-ай! Өйткені, мені құртқан өлеңдер емес, аңқаулығым еді ғой; мені түзу жолдан тайдырған музыка емес, жеңілтектігім еді ғой; менің миғұла тәжірибесіздігім мен сақтықты азайтып алғаным дон Шалдуариоға — әлгі кавальероны осылай атайтын — даңғыл жол ашып берді. Сөйтіп, ол менің жеңгетайлық етуіммен Метонимияның, — ал мұның басын айналдырған анау емес, өзім болатынмын, — жатын бөлмесіне бір емес, екі емес, бәленбай рет кірді және заңды қосағы секілді емін-еркін келіп-кетіп жүрді, егер бұл іске өзім араласпасам, онда қаншалықты күнәкар болсам да, өз күйеуінен басқа біреуге, ғафу өтінем, басқа біреуге емес, басқа ешкімге шәркейінің жұлығынан да сипауға жол бермес едім. Жо-жоқ, атамаңыз. Қандай іске араласпайын мейлі, некені мен ең алдыңғы орынға қоям. Ал, мына істе бәленің бәрі әулет теңсіздігіне тірелетін: дон Шалдуарио — қарапайым дворян еді, ал инфанта Метонимия, бұрын айтқанымдай, король тағының мұрагері болатын. Бұл ашынажайлық біраз уақыт бойы сақтығымның саналы әрекеті саясында бүркеулі, жасырулы жатты, бірақ кейін мұның қалайда ашылмай қалмайтынын түсіндім, өйткені Метонимияның құрсағы белгісіз себептен томпайған үстіне томпая берген-ді, міне осы Метонимия ішінің өскенінен зәре-құтымыз қалмағандықтан, үшеуіміз бас қосып мәжіліс аштық, бұл бәлелі іс жұртқа жария болмас бұрын дон Шалдуарио викарийдің көзінше Метонимияға өзіне күйеуге шығуға ұсыныс жасайтын болды, ұсынысқа инфантаның оған әйел болуға уәде еткен хатын желеу ету ұйғарылды; бұл хатты өзім оған айтып жаздырғам және тапқырлығымның арқасында оны не түрлі жан тебірентерлік сөзбен толтырғам, мұны тіпті Сампсонның қуаты да қаусата алмастай еді. Қажетті шаралар қабылданды, инфантаның хатын оқып шыққан соң викарий инфантамен әңгіме өткізді, ол бәрін мойнына алды, бұдан соң викарий оған астаналық бір қадірменді альгуасилдің үйіне барып бой тасалауға кеңес берді.
Сол арада Санчо сөзге килікті:
You have read 1 text from Kazakh literature.
Next - Айлакер Идальго Ламанчалық Дон Кихот Орыс Тілінен Аударған Құрманғазы Қараманұлы - II - 24