Latin Common Turkic

Айлакер Идальго Ламанчалық Дон Кихот Орыс Тілінен Аударған Құрманғазы Қараманұлы - II - 25

Total number of words is 3975
Total number of unique words is 2213
31.0 of words are in the 2000 most common words
46.3 of words are in the 5000 most common words
54.0 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
Қауіп айта берсе, жұрт арасында берік қалыптасқан, өзін көзсіз батырға балайтын пікірге сызат түсіп қалар деп ойлаған Дон Кихот көп сөзді қойып Клавиленьоға мініп алды, сосын қазықты қозғап көрді: бақса, қазық оп-оңай бұралады екен; ал үзеңгі болмағандықтан Дон Кихоттың аяғы салбырап қалған-ды, осы қалпында ол әлдебір фламанд кілеміне салынған немесе, дәлірек айтқанда, тоқылған Рим триумфын кескіндейтін бейнеден аумайтын. Санчо атқа ырғалып-жырғалып әрі ықылассыз мінді, ақыр соңында сауырға ыңғайын тауып жайғасты, алайда аттың сауыры әсте жұмсақ емес, керісінше тіптен қатты екен, осы себепті герцогтан өзіне сеньора герцогиняның дивандар қойылған бөлмесінен болсын немесе күтуші қыздарының біреуінің кереуетінен болсын көпшік әкеп берілуін өтінді, өйткені мына аттың сауыры ағаштан гөрі мәрмәрға көбірек ұқсас екен, дегенді айтты. Бұған жауап ретінде Үшфальди Клавиленьо басына жүген, арқасына тоқым салуға көнбейтінін ескертті, — бұдан шығар жалғыз ғана жол, атқа әйелдерше отыру екенін, сонда оған жұмсақтау болатынын құлаққағыс етті. Санчо тап солай жайғасты, сосын жұрттың бәрімен қоштасып, көзін байлатуға кеңшілік жасады, бірақ оны сол бойда шешіп алып, бақ ішінде тұрғандарға жалынышты жүзбен жаутаңдай қарап, кемсең қағып тұрған күйі олардан осынау сын-сынақтан аман-сау оралуын тілеп мінәжат етуді, “Pater noster” дұғасы мен “Ave Marіa” дұғасын әлденеше қайталап оқуды сұрады, ал мұның өтеміне жаратқан оларға осындай сын-сынаққа тап болған кездерінде өздері үшін мінәжат ететін адам тауып беретінін тілге тиек етті. Бірақ сол арада Дон Кихот килікті:
— Мұндай өтініш айтатындай не көрінді саған, жексұрын-ау: әлде сені біреу дарға асуға әкетіп бара ма, әлде жан тәсілім еткелі жатырмысың? Ау, ар-ұяттан жұрдай кембағал сорлы, сен дәп сол анау айдай сұлу Магелона жайғасқан орында отырған жоқпысың, осы орыннан ол, жылнамашыларға сенер болсақ, әсте көрге қарай емес, француз тағына қарай қадам басқан жоқ па еді? Ал, қасыңда отырған мына мен дәл қазір өзім жайғасқан орынды иеленген айбынды Пьерден қалыса қоям ба екем? Қане, байла көзіңді, қоян жүрек найсап, бірдеңеден қорқатыныңды ең болмаса өзім тұрған жерде байқатпа.
— Жә, бопты, байлаңдар көзімді, — деді Санчо. — Құдайға мінәжат етейін десем — хош көрмейді, басқа жұрт мен үшін мінәжат етейін десе, оны да хош көрмейді, — бұдан соң жолда бір қора жын кездесіп, бізді Перальвильоға қарай сүйрей жөнеле ме деп қорқатыныма таңғалатын не бар?
Екеуі де көзін байлап алды, сосын бәрі де ойдағыдай екеніне көңілі кәміл сенген Дон Кихот қазықты қозғады, сөйтіп оның қазыққа қолы жанасуы мұң екен, дуэньялар мен сол арада тұрғандар жапатармағай былай деп айқайға басты:
— Сақтай гөр құдай, айбынды рыцарьды!
— Құдай жар болсын саған, жаужүрек атқосшы!
— Мінекей, жерден көтеріліп те кеттіңдер, енді қазір ауаны жебедей жарып барасыңдар!
— Сендерге жерден көз салып тұрғандардың бәрі таң-тамаша боп таңырқанысып тұр!
— Қозғалмай тыныш отыр, айбынды Санчо, шайқалақтама! Байқа, құлап қалма, әйтпесе, сенің құлағаның әкесінің, яғни Күннің, күймесін айдауға тәуекел еткен өжет жігіттің құлағанынан да өкініштірек болады!
Бұл айқайды естіген Санчо мырзасына қарай лықсып, оны екі қолымен құшақтай алды да, былай деді:
— Сеньор! Бізді шырқау биікке көтеріліп кетті дейтіндері қалай, шындығында, олардың дауысын әлі естіп отырмыз ғой және ап-анық естілетіні соншалық, осы арада, тап жанымызда сөйлесіп тұрған секілді.
— Бұған көңіл аударма, Санчо: мына шытырман оқиғалар мен ұшулардың бәрі дағдылы өмір құбылыстарына қарама-қайшы келетін жайлар, сондықтан нені болсын мың мильден астам қашықтықтан да көзің шалып, құлағың ести береді. Сосын тым тығылыспа, өйте берсең құлатып та жіберерсің. Шынында да, неге сонша елегізіп, неге сонша зәре-құтың қалмай тұрғанын түсінбей отырмын, — жүрісі осыншама бірқалыпты атқа өмірі мініп көрмегеніме ант ішуге әзірмін: тіпті орнымыздан қыл елі қозғалмаған секілдіміз. Қорқа бергенді қой, достым: рас айтамын, желіміз оңынан тұрып, бәрі ойдағыдай өтіп жатыр.
— Мұныңыз рас, — деп қоштай кетті оны Санчо, — мына жақтан маған сондай қатты жел соғып тұр, құдды бәленбай көрік бір мезгілде жел үрлеп жатқандай.
Шын мәнінде де солай болатын: жел тұрғызып жатқан бірнеше үлкен көрік еді; герцог пен герцогиня екеуі үй басқарушымен бірігіп бұл шытырман оқиғаны жан-жақты ойластырып, ұсақ-түйегіне шейін мейлінше нанымды боп шығуын қарастырған-ды.
Желдің лебін сезген Дон Кихот былай деді:
— Әуенің бұршақ пен қар туындайтын екінші қатпарына жеткенімізге еш күмәнім жоқ, Санчо; ал, үшінші қатпарда күннің күркірі, найзағай мен күн сәулесі туындайды, егер осындай керемет жылдамдықпен ұша беретін болсақ, онда ұзамай от-жалын қатпарына жетеріміз анық, бірақ өртеніп кетер жерге барып қалмас үшін қазықты қай жаққа қарай бұру керегін білмей отырмын.
Дәл осы кезде Дон Кихот пен Санчо нар қамыстардың басына байланып, от қойылған зығыр талшығының қызуынан ыстықтай бастаған да еді, ал зығыр талшығының тез тұтанатыны және оны жырақтан жылдам өшіре қоюға болатыны мәлім. Қызуды сезген Санчо былай деді:
— Олла-біллә, от-жалын қатпарына еніп кеткеніміз немесе соған жақындап қалғанымыз кәміл: сақалымның жартысы күйіп қалды, сондықтан, сеньор, таңғышты шешіп, қайда тап болғанымызға қарағым келіп отыр.
— Олай істеме, — деп қарсылық білдірді Дон Кихот, — лиценциат Торральбаның бастан кешкен бір өтірігі жоқ хикаясын есіңе ал; шайтандар оны көзін байлап, шыбыққа отырғызып әуеге көтерген еді: он екі сағаттан кейін ол Римге жетіп, Тор ди Нонда — көшенің аты осындай, — жерге түсті, әйгілі шабуыл мен қырғынға, сондай-ақ герцог Бурбонскийдің қазасына куә болды, ал ертеңіне таңертең Мадридте жүрді және не көріп, не қойғанын баяндап берді. Сөз арасында ол әуеде ұшып келе жатқанда шайтанның бұған көзін ашуға әмір еткенін, бұл көзін ашқан кезде айдың қол созым жерде тұрғандай көрінгенін хабарлады, бірақ басым айналар деп қорыққандықтан жерге көз жіберуге ақыры жүрегі дауаламапты. Сондықтан, Санчо, бізге таңғышты шешуге болмайды. Бізге кім кепілдік етсе, сол бәріне жауап береді, оған қоса, сұңқардың немесе қырғидың тырнаға шырқау биіктен шүйілетіні секілді, бәлкім, біз де кейін қас қағым ішінде Кандайя корольдігіне құлдилау үшін осынша биіктікке көтеріліп, қалықтап жүрген болармыз; ал екеуіміздің бақтан ұшып шыққанымызға жарты сағаттан аспағандай көрінгенімен, тым-тым жыраққа шығандап кеткенімізде шүбә жоқ.
— Нендей құпиясы бар екеніне басым жетер емес, — деп ағынан жарылды Санчо Панса, — бірақ, бір білетінім: егер сеньора Миғұлонаға — айтпақшы, қалай еді: Магелона ма еді? — мына аттың сауырында отыру керемет ұнаған болса, онда оның құйымшағы аса бір нәзік болмаған-ау деп ойлаймын.
Бақтағылардың бәрі секілді, герцог пен герцогиня да қос батырдың әңгімесін бір сөзін қалдырмай естіп, одан ләззат тауып отырған-ды; сосын осынау аса бір шетін әрі аса бір шеберлікпен іске асырылған шытырман оқиғаны тәмамдауға ниет қылған олар Клавиленьоның құйрығына жанып тұрған зығыр талшығын тигізуге әмір етті, ал оның құрсағы шартылдақ ракетаға толы болатын, сондықтан сол сәтінде-ақ сұрапыл қатты гүрс еткен жарылыс шығып, ағаш ат быт-шыт боп бөлшектеніп кетті, азды-кем жалын шарпыған Дон Кихот пен Санчо жерге құлап түсті.
Бұл екі аралықта Үшфальди бастаған сақалды дуэньялар тобы бақтан дереу қарасын батырып та үлгерген-ді, ал өңгелерінің бәрі талып қалғандай кейіпте жерде сұлап жатқан болатын. Дон Кихот пен Санчо құлаған кезде денесін қатты ауыртып алған еді; ақыры бас көтеріп, орындарынан тұрып жан-жағына қаранған олар не дерді білмей аңтарылып қалды: қарсы алдарында — өздері сапарға аттанған сол баяғы бақ, ал жерде адамдар қатар-қатар боп тырайып жатыр; бірақ оларды әсіресе қайран қалдырған нәрсе бақтың бір бұрышында жерге шаншулы тұрған ұзын сапты найза болды: оған екі жасыл жібек жіп байланыпты, ал жіптерде жылтыр ақ пергамент салбырап тұр, онда алтын түстес ірі әріптермен мынадай сөз жазылыпты:
«Мұқым елге мәшһүр Ламанчалық Дон Кихот осы сапарға тәуекел етуі арқылы қосалқы есімі дуэнья Құсавана боп табылатын графиня Үшфальди мен оның серіктеріне қатысты шытырман оқиғаны тәмамдап, ақыр аяғына дейін жеткізді. Бәлеқұмардың оған енді ешқандай өкпе-реніші жоқ, дуэньялардың иегі татаусыз қалпына келіп, жүн-жыбырдан арылды, ал ерлі-зайыпты корольдер дон Шалдуарио мен Метонимия әу бастағы қалпына қайта оралды. Атқосшының өзін-өзі қамшымен шықпыртуы аяқталған бойда ақ көгершін қазір өзін тырнағында тұтып отырған сасық кезқұйрықтың шеңгелінен сытылып шығады да, гүркілге салып тұрған ғашығының құшағына барып құлайды, өйткені сиқыршы атаулының ең атақтысы данагөй Мерлин солай ұйғарым етті».
Пергаменттегі жазуды оқып шыққан Дон Кихот әңгіме Дульсинеяның жадысын қайтару жайында болып тұрғанын түсіне қойды, сөйтіп осындай теңдесі жоқ қарекетті онша жан қинамай атқарып шығуына және қадірменді дуэньяларға, — айта кетерлігі, олар зым-зия жоғалған болатын, — беттерінің әу бастағы татаусыз қалпын қайта таптыруына жәрдем еткен жаратқанға алғысын жаудырған ол герцог пен герцогиняның қасына келді, ал олар талмаусыраған күйден әлі арылмаған-ды, — соны көрген Дон Кихот герцогты қолынан алып, былай деді:
— Жә, болар, мейірбан сеньор, тұра қойыңыз, ештеңеден қорықпаңыз! Мемориалдық ұстындағы жазудан айқын көрініп тұрғанындай, шытырман оқиға ойдағыдай аяқталды.
Терең ұйқыдан әзер оянғандай болған герцог ақыры көзін ашты, герцогиня да, бақ ішінде сұлап жатқан басқалар да оның қарекетін аунытпай қайталады; қатты үрейленіп әрі таңырқанып тұрғанын олардың мейлінше шыншылдықпен бейнелегені сонша, жоғарыда суреттелген жайды шектен тыс шеберлікпен іске асырылған әзіл-қалжың емес, шын мәнінде болған оқиға деп ойлап қалуға болатын. Герцог жаңағы мадақнамадағы жазуды көзі жартылай жұмық қалпында оқып шықты да, құшағын айқара ашқан күйі Дон Кихотқа қарай қадам басты, сосын оны құшағына алып, жер бітіп, су аққалы дәл өзіндей айтулы рыцарь болмағанын айтты. Бұл екі арада Санчо көзімен Құсавананы іздей бастаған: сақалынан арылған кездегі кейпі қандай екенін, бетінің ажары тұлғасының сымбатына сай шығар-шықпасын көргісі келген, алайда оған от-жалынға оранған Клавиленьо күйреген бойда дуэньялардың Үшфальди бастаған тобының бірі қалмай тайып тұрғаны, әйтсе де беттеріндегі жүн-жыбырдың ізі де қалмағаны, — дуэньялар беті аса мұқият түрде қырылғаны мәлім етілді. Герцогиня осынау ұзақ саяхатты Санчоның қалай өткергенін білмекке ынтықты. Санчо оған былай деп жауап қатты:
— Сеньора! Мырзам ұғындырғандай, от-жалын қатпарымен ұшып бара жатқан кезімізде сәл ғана сығалап қарағым келді. Мырзамнан таңғышты шешуге рұқсат сұрағам, бірақ ол рұқсат бермей қойды, ал мен өзім керемет әуесқой адаммын, маған біреу мынаған жолама, маңынан жүрме десе болды, оның не екенін білмекке ынтығам да қалам. Көзімді жауып тұрған орамалдың шетін кеңсірігім тұсынан жайлап қана, білдірмей ғана көтердім, титтей саңылау жасап, төменге қарадым, — сонда мұқым жер маған қыша дәніндей, ал онда жүрген адамдар жаңғақтай боп көрінді: шамасы, сол тұста біз тым биікке көтеріліп кеткен болдық.
Ал, герцогиня оған былай деді:
— Достым, Санчо! Не айтып тұрғаның жайында ойлансаңшы, — мына сөзіңе қарағанда сен жердің өзін емес, онда жүрген адамдарды көрген боп шығасың ғой: өйткені, егер саған жер — қыша дәніндей, ал әр адам —жаңғақтай боп көрінсе, онда бір адамның өзі ғана жерді толайым-тұтасымен көлегейлеп кетпей ме.
— Дұрыс айтасыз, — деп қоштады оны Санчо, — әйтсе де, жер бір жақ бүйірінен көрініп тұрған, сондықтан оны тұтастай көрдім.
— О не дегенің, Санчо, — деп қарсылық білдірді герцогиня, — қандай затқа болсын бір жақ бүйірінен қарап, оны тұтастай көріп алу мүмкін емес.
— Менің деген-демегенімде тұрған не бар, — деп құлаққағыс етті Санчо, — айтарым тек біреу ғана: әлдеқашан-ақ аңғаратын уақытыңыз болды ғой, жоғары мәртебелім, біз сиқырдың күшімен ұшқан жоқпыз ба, ендеше мен де, қай тұсынан қарамайын мейлі, жердің күллі аумағы мен ондағы барлық адамды сиқырдың күшімен көрдім емес пе, ал егер бұған сенбейтін болсаңыз, онда басқа нәрсеге де сенбейсіз, атап айтқанда: қабағымдағы таңғышты ысырып тастап қарасам — аспан деген мынадай жерде ғана тұр екен, әрі кетсе бір жарым сүйемдей болар және ол, өтірік айтсам оңбай кетейін, айтып жеткізгісіз ғаламат үлкен екен, мархабатты ханым! Одан соң бізге жеті ешкінің жанынан ұшып өтудің орайы келді, мен өзім бала кезде ешкі баққан адаммын ғой, сондықтан, оллаһи-белләһи ақ-адал шыным, көрген бойда олармен аз уақытқа болса да бірге жүре тұруға сондай қатты аңсарым ауды!.. Олардың қасына жақындап бармасам, өкініштен өртеніп кететін шығармын деп ойладым. Мұндайда не істеу керек енді? Амал жоқ, ешкімге ештеңе айтпастан, әсіресе мырзама түк ештеңе білдірместен, Клавиленьодан жайменен сырғып түстім де, ешкілермен бір сағатқа жуық бірге болдым, ал бұл ешкі дегенің қырмызы ғой, қалампыр ғой, айтары жоқ; Клавиленьо болса, осы уақыттың ішінде тұрған орнынан тырп етпеді, бір адым да алға аттап баспады.
— Ал, мейірбан Санчо ешкілермен шұғылданып жатқанда сеньор Дон Кихот немен айналысты екен? — деп сұрады герцог.
Дон Кихот оған былай деп жауап берді:
— Бұл уақиғалар мен оқиғалардың қай-қайсысы да өмірдің табиғи жолмен қалыптасқан тәртібіне бағынбайды, сол себепті Санчоның әңгімесі бізді таңғалдырмауға тиіс. Өзім жайында айтсам, мен таңғышты көтерген де, түсірген де жоқпын, аспанды да, жерді де, теңізді де, құмды да көрген емен. Рас, ауа қатпарынан өтіп бара жатқанымызды, одан соң от-жалын қатпарына жақындап қалғанымызды бірден сездім, бірақ одан да биік көтерілдік деп ойламаймын, өйткені от-жалын қатпары айдың аспаны мен ауаның соңғы қатпарының арасында, олай болса, Санчо сөз қылған жеті ешкі орналасқан жерге күйіп қалмай жетуіміз мүмкін емес еді, ал енді біздің отқа үйтілген ештеңеміз жоқ, сондықтан, Санчо не өтірік айтып тұр, не қиялға беріліп тұр.
— Өтірік те айтқан жоқпын, қиялға да берілген емеспін, — деп қарсылық білдірді Санчо. — Ондай жағдайда, менен ешкілердің түр-түсін сұрасаңыздаршы, өтірік пе әлде шын ба, сонда өздеріңіз-ақ білесіздер.
— Ал, айта қойшы, Санчо, олардың түсі қандай екен? — деп сұрады герцогиня.
— Ешкілердің екеуі жасыл, екеуі қызыл, екеуі көгілдір, ал біреуі шұбар-ала, — деп жауап қатты Санчо.
— Бұл бір жаңадан шыққан тұқым екен, — деді герцог, — бізде, жер бетінде, мұндай түстер болмайды, яғни мұндай түстегі ешкілер.
— Бұл түсінікті ғой, әрине, — деді Санчо өзіндік тұжырымға келіп, — бірақ, аспан мен жердің ешкілерінде айырмашылық болуы керек емес пе.
— Ал, айтшы, Санчо, сол ешкілердің арасында мүйізді теке болған жоқ па? — деп сұрады герцог.
— Болған жоқ, сеньор, — деп жауап қатты Санчо, — бірақ айдың мүйізіне жердегі мүйізділердің ешқайсысы да мүйізін түйістіре алмайды, дегенді естігенім бар.
Саяхатқа қатысты басқа сұрақ қойылған жоқ; Санчоның бақтың ішінде отырып-ақ аспан астымен серуен жасап, онда болып жатқан жайларды түгел баяндап беруге қабілетті екенінде күмән қалмады.
Дуэнья Құсаванаға қатысты шытырман оқиға осылай аяқталды; бұл хикмет герцог пен герцогиняның тек сол кезде ғана емес, өмір бойы мәз бола күліп жүруіне жететін азық болды, сондай-ақ бұл оқиға жайындағы әңгіме Санчо Пансаға да бірнеше ғасыр бойы айтуға жетер еді, әрине, тек егер осынша өмір сүрсе; ал, Дон Кихот болса, Санчоның қасына жақындап, құлағына былай деп сыбырлады:
— Санчо! Аспанда көргендеріңіз жайындағы әңгімеңізге жұрт сенсін десеңіз, Монтесинос үңгірінде көргендерім жайындағы менің әңгімеме де сенетін болыңыз. Айтайын дегенім осы ғана еді.
XLІІ тарау
Дон Кихоттың Санчо Пансаға аралды басқаруға аттанар алдында айтқан ақыл-кеңесі турасында, сондай-ақ басқа да мейлінше маңызды нәрселер жайында.
Құсаванаға қатысты шытырман оқиға көңілдегідей аяқталғанына дән риза болған және осынау әзіл-мазақтың шындық екеніне зәредей шүбә келмейтінін көрген герцог пен герцогиня әзіл-мазағын әрмен жалғастыра түспекке ниеттенді; осы мақсатта герцог малайларына Санчо уәде етілген аралды басқаруға кіріскен кезде оның алдында өздерін қалай ұстауы керегі жөнінде нұсқау берді, ал Клавиленьо ұшқан күннің ертеңіне Санчоға үсті-басын тәртіпке келтіріп, губернатор қызметіне кірісуге дайын болуы қажеттігін мәлім етті, өйткені аралдықтар оны мамырдағы жаңбырдай асыға күтіп отыр, деді. Санчо оған еңкейе басын иіп құрмет көрсеткен соң, мынадай әңгіме айтты:
— Аспаннан жерге түскелі бері және сонау шетсіз-шексіз шырқау биіктен жерді көзбен шолып, оның қандай бәлекей екенін көргелі бері губернатор болсам деген ықыласым суыңқырап қалды: шынтуайтында да, қышаның дәніне қожа болуда тұрған қандай керемет өпіремдік бар, жаңғақтай ғана бес-алты адамды басқару деген неғылған зор мансап және неғылған ала-бөтен билеп-төстеушілік? Өйткені, сонда өзіме жер бетінде басқа ешқандай адам жоқтай көрінген еді. Ал, егер сіз, шарапатты мырзам, маған аспанның титтей ғана, көлемі жарты мильдей-ақ, бөлігін тарту етсеңіз, бұған әлемдегі ең үлкен аралды алғаннан бетер қуанар ем.
— Бері қара, достым Санчо, — деп сөйлеп кетті герцог, — аспанның қандай бөлігін де, тіпті көлемі қара тырнақтайын да, кімге де болсын үлестіруге менің құқым жоқ, — мұндай мырзалық пен шүлеңгірлік тек жаратқан иеміздің ғана тарапынан жасалуы мүмкін. Саған қолымда бар нәрсені ғана, атап айтқанда, дөңгелек те теп-тегіс, аса бір құнарлы да несібелі нағыз аралдың өзін бергелі отырмын, оны меңгеріп кетсең, жер бетіндегі осынша игілікке ие болуың арқылы аспандағы игілікке де қол жеткізе аласың.
— Мейлі енді, арал болса арал болсын, — деді Санчо, — алаяқтар атаулыға қасақана түрде жаным жұмақта жай табуы үшін ғаламат губернатор болуға барымды салам. Дөкей бастық атануға және шонжардың сәнді сарайына бас сұғуға мені пайдакүнемдік итермелеп тұрған жоқ, — губернаторлық деген не екен өзі, соны байқап көргім ғана келеді.
— Бір байқап көрсең, дәмі өмірі таңдайыңнан кетпейді, — деп құлаққағыс етті герцог, — бұйрық беруден және жұрттың саған сөзсіз бағынатынын көруден асқан ғанибет жоқ. Көр де тұр, қожайының император атанған кезде, — істің барысына қарағанда, оның міндетті түрде сондай болары кәміл, — бұл лауазымды одан ешқандай амал-айламен қайтарып ала алмайсың, ал өзі іштей тым кештеу император атанғанына өкініп жүретін болады.
— Сеньор! — деп мәлім етті Санчо. — Мен өзім, тіпті қотандағы қойға болсын, бұйрық бергеннен артық жанға жағымды ештеңе жоқ деп білем.
— Екеуіміздің, Санчо, талғамымыз ұқсас екен және өзіңнің не нәрседен де тәп-тәуір түсінігің бар, — деп құлаққағыс етті герцог. — Аузыңнан шыққан сөз қандай парасатты болса, басқаруда да сондай парасаттылық танытарсың деп сенем. Әзірше айтарым осы, тек мына бір жайды — аралды басқаруға күні ертең аттанатыныңды ұмытпа, ал бүгін кеште саған жаңа лауазымыңа лайық киім-кешек береді және өзіңді жолға дайындайды.
— Қалай киіндірсе олай киіндіре берсін, бәрібір сол баяғы Санчо Панса қалпымда қала берем, — деді Санчо.
— Бұл да жөн сөз, — деп келісті герцог, — дей тұрғанмен, киім-кешегің айналысатын кәсібің мен атқаратын қызметіңе сай келуі керек қой: мысалға айтсақ, заң маманына солдат секілді, ал солдатқа священник секілді киінген жараспайды. Ал, сен, Санчо, жартылай сот, жартылай әскер басы тәрізді киінуге тиіссің, өйткені өзіңе тарту еткелі тұрған аралым ғалымдарға қандай мұқтаж болса, әскерилерге де сондай мұқтаж, әскерилерге қандай мұқтаж болса, ғалымдарға да сондай мұқтаж.
— Анау әлгі ғалымдық деген мәселе менің осалдау жерім, — деп ағынан жарылды Санчо, — мен тіпті әріп екеш әріпті де танымаймын. Әйткенмен, жақсы губернаторға қол қоюдың орнына крест сала білудің өзі жетіп жатыр. Ал егер маған қару берілсе, онда оны, жаратқан иеміз жар болса, қашан құлап түскенімше қолдан шығара қоймаспын.
— Қашанда осындай биік ұстанымдарды басшылыққа ал, Санчо, сонда қателік жібермейсің, — деді герцог.
Осы кезде ішке Дон Кихот кіріп, әңгіменің ау-жайынан Санчоның шұғыл түрде билікке ие болғалы жатқанын білген соң оны қолынан жетелеп алды да, бұл қызметте өзін қалай ұстауы қажеттігі жайында ақыл-кеңес бермекке герцогтың рұқсатымен өз бөлмесіне ертіп кетті. Сөйтіп, жатын бөлмесіне кіріп, есікті кілттеп алғаннан кейін, Санчоны күштеп дерлік қасына отырғызып, байыппен, баппен былай деп сөйлеп кетті:
— Қолыма бақыт қонардан көп бұрын және ертерек осындай сәттілікке тап болғаның үшін құдайға айтар алғысым шексіз, достым Санчо. Адал қызметің үшін өзіңе сый-сияпат жасауға қолайлы жағдай кездесіп қалар деп үміттеніп жүргем, сөйтіп, міне, енді-енді ғана жолым оңғарыла бастаған кезде сенің арманың мезгілінен бұрын және парасат-пайымға керіғалаң түрде іске асып та үлгерді. Біреулер пара беру арқылы әрекет жасайды, мазаны алады, тыным таппайды, таң атпай тұрады, жалынып-жалпаяды, қыр соңынан қалмайды — мақсатына, алайда, ақыры жете алмайды, ал енді біреу қалай және неліктен екені белгісіз, талайлар битін салған лауазым мен қызметке аяқ асты ие бола кетеді, осы араға “таудай талап бергенше, бармақтай бақ бер” деген мақал өзінен-өзі сұранып тұр. Менің түсінігімде, сен — можантопай біреусің, басқа ешкім де емессің: сен таң атпай тұрған жоқсың, түн ортасы ауғанша үстел басында да отырмадың, талаптанып талпынған да емессің, бірақ саған кезбе рыцарьлықтың рухы шарапатын тигізді — міне, енді сен, ал керек болса, аралдың губернаторысың. Мұны саған айтып отырған себебім, Санчо, өзіңе жасалған жақсылықтың бәрін өз қадір-қасиетім арқылы таптым деп ойлаушы болма, — жоқ, сен әуелі не нәрсені де әкелік қамқорлықпен игілікке бағыштап отыратын жаратқан иемізге рақмет жаудыр, сосын ең ізгі қасиеттерді бойына жинақтаған кезбе рыцарьлық орденіне алғысыңды білдір. Сонымен, осы айтқанымның бәрін шын ықыласыңмен қабыл алуға тырыс; одан соң, балам, өзің қадам басуға ниет қылған осынау буырқанған теңізден жайлы да тыныш жағалауға қарай бағыт сілтейтін әрі соған алып шығатын жетекші және жол көзер жұлдыз болуға ынталы Катоныңның ақыл-кеңесіне бар ынты-шынтыңмен құлағың сал, өйткені жоғары лауазым мен жоғары қызметтер — жанжал мен шатақтың шеті де, шегі де жоқ ми батпағы есепті нәрсе.
Ең алдымен, балам, сен құдайдан қорқуға тиіссің, өйткені даналық құдайдан қорқудан туындайды, ал дана болсаң қателіктен де ада боласың.
Екіншіден, өз ішіңе үңіліп, өзіңді өзің тани біл, қиындық атаулының ең ақиреті де осы таным. Өзіңді танығаннан кейін, өгізбен теңеспекке тырысқан бақа секілді ісініп-кебінбейтін боласың, ал ісініп-кебіне қалсаң, онда кеспірсіз аяғына көзі түсіп қымсынып, көрерге көз керек құйрығын жасыра бастайтын тауыс тәрізді, туған өлкеңде бір кезде шошқа баққаның есіңе оралып, парықсыз атаққұмарлығыңның құйрығын еріксізден еріксіз жасыра бастайтын боласың.
— Жөн сөз, — деп келісе кетті Санчо, — бірақ ол кезде мен бала едім, ал естияр шағымда шошқаны емес, қазды бақтым. Алайда бұл әңгіменің маған пайдасы аз сияқты: өйткені, билеушінің бәрі бірдей король тұқымынан емес қой.
— Дұрыс айтасың, — деді Дон Кихот, — маңызды қызметте отырған, бірақ ақсүйек әулеттен шықпаған жандар, міне, осы себептен де жұмсақтық пен мейірімділік танытуы қажет; ал бұл қасиеттер саналы түрдегі сақтықпен астасса, оларды өшпенді өсек-аяңнан сақтап қалады, өйтпеген жағдайда одан қандай қызметте жүрсең де құтыла алмайсың.
Нашар нәсілден өрбігенің жөнінде, Санчо, мақтанышпен айтатын бол және қара шаруадан шыққаныңды еш қысылып-қымтырылмай мойында, өйткені бұдан өзің ұялмасаң, мұны бетіңе басу ешкімнің ойына келмейді; жалпы, менмен күнәкар болғанша момын тақуа болуға тырыс. Тегі нашар екеніне қарамастан қисапсыз көп адам ең жоғары дәрежеге жетті, лауазымы биік дінбасы немесе император атанды, бұған соншалықты көп мысал келтірер едім, бірақ сен тыңдаудан жалығып кетесің ғой.
Есіңде болсын, Санчо: ізгілік жолына түссең және игі істер тындыруға тырыссаң, саған князьдар мен сеньорлар қарекетіне іштарлық жасаудың қажеті болмайды, өйткені адамның тегі туа бітті меншікке айналады, ал ізгілік жүре қалыптасады; ізгілік — өз алдына дара құндылыққа ие, ал текте ондай құндылық жоқ.
Ендеше, жақын-жуықтарыңнан біреу-міреу өзіңмен жүз көріспекке аралыңа келе қалса, сен оны қума және ренжітпе де, керісінше, оны құрметпен қарсы ал, күтім жаса, — осы арқылы сен қай пендесінен болсын жиренгенді хош көрмейтін жаратқанның көңілін табасың, оған қоса жаратылыс заңын жүзеге асырасың.
Егер өзіңмен бірге әйеліңді ала келсең (өйткені, ұзақ мерзімге созылатын қызмет бабындағы міндетін орындап жүргендердің зайыбынан қол үзіп қалғаны жақсы емес), оған ақыл-кеңес бер, баулы және табиғатына тән әумесерлігінен арылт, өйткені ақылды губернатордың жиып-тергенін ақылсыз да әумесер әйелінің шашып-төгуі оп-оңай.
Егер зайыбың дүние салса (ондай жағдай болмай тұрмайды), сөйтіп мансабыңның маңыздылығына байланысты тәуірірек тең тапсаң, онда, байқа, жаңа әйелің ұзын сапты қармаққа айналып: “Ақ балық-ау, ақ балық, қармағымды қап, балық!” деп зар илей бастамайтын болсын, — ақ-адал шыным, соттың әйелі бопсалап алған параға Қорқынышты сот күні оның күйеуі жауап береді және көзі тірісінде көңіл аудармаған көлденең табыстары үшін өлгеннен кейін төрт есе көп азап шегеді.
“Айттым — бітті, кестім — үзілді” дейтін қағида бойынша ешқашан қарекет жасаушы болма: бұл қағиданы өзін оқып-тоқыған адам санайтын надандар көбірек ұстанады.
Екі жаққа да бірдей қалтқысыз әділ болу ниетіңнен айнымағаныңмен, байдың шағымынан гөрі кедейдің көз жасына көбірек көңіл бөл.
Байдың қандай сыйлық ұсынып, нендей уәде бергеніне және кедейдің қанша жерден жылап-сықтағанына қарамастан, ақиқатты анықтауға барыңды сал.
Кеңшілік жасаудың мүмкіндігі бар жерде және жасалуға тиіс жерде айыпкерге заңның барлық қатаңдығы бойынша жаза кеспе, өйткені қатал соттың абырой-атағы қайырымды соттың абырой-атағынан әсте артық емес.
Егер әділ соттың қолыңдағы асатаяғы күндерде бір күн майыса қалса, онда ол тарту-таралғының салмағынан емес, аяушылық білдірудің әсерінен майысатын болсын.
Егер күндерде бір күн дұшпаныңның дау-шарын қарауыңа тура келсе, өзіңе көрсеткен жәбірі жайындағы ойдың бәрін былай ысырып таста да, шындық кімнің жағында екенін анықтаумен ғана шұғылдан.
Іс қарағанда жеке басыңның пайдасын күйттеушілік алға түсіп кетпесін, ондайда қателікке ұрынасың, ал мұны жөндеу көпшілік жағдайда мүмкін болмайды, егер мүмкін боп жатса, жақсы атыңа, тіпті дүние-мүлкіңе де зардабы тиеді.
Егер әлдебір сұлу араша түсуіңді сұраса, көзіңді сұлудың көл боп аққан жасынан, құлағыңды аһ ұрған ащы даусынан аулақ ұста, сөйт те өтінішінің мән-жайын салқынқандылықпен сарапта, әйтпесе ақыл-парасатың оның көз жасына тоғытылып, ізгілігің — күрсінісіне көміліп қалады.
Егер біреуді іс-әрекетің арқылы жазаласаң, онда оған қоса сөзбен де сазайын беруден сақтан, өйткені сормаңдайға тән жазасының өзі-ақ жеткілікті, уытты сөздер арқылы оған жан жазасын қосарлаудың қажеті аз.
Әділ үкіміңді есту үшін алдыңа келетін айыпкерге жарасымы бұзылған жаратылысымыздың кемшіліктерінен арыла алмаған, аяушылық көрсетуге лайық адам ретінде қара және оған, мүмкін болғанынша, талапкерге залал келмейтін дәрежеде, мейірім білдір, өйткені жаратқан иеміз бойымызға дарытқан қасиеттің бәрі тең құқылы болғанымен, біз үшін, алайда, аяушылықты білмейтін әділдіктен гөрі қайырымдылық әлдеқайда сүйкімді әрі тартымды.
Егер де, Санчо, осынау ақыл-кеңестер мен қағидаларды бұлжытпай орындасаң, онда ғұмырың сенің ұзақ болады, абырой-атағың мәңгіге кетеді, керемет зор игілікке кезігесің, айтып жеткізгісіз жан рақатына кенелесің, балаларыңды өз қалауыңмен үйлендіресің, балаларың мен немерелерің құрметті атаққа жетеді, жанға жайлы тіршілік пен жұрттың сый-құрметін сыбаға етесің, сосын әбден қартайып тыныш тапқаннан кейін, уақыт болғанда сені ажал келіп алып кетеді, шөберелеріңнің нәзік те жұмсақ қолы кірпігіңді жабады. Бұл ғибратты сөздің бәрі жаныңды көркейтуге қызмет етпек, ал енді тәніңді көркейтуді мұрат тұтатын ғибратты сөзге құлақ сал.
XLІІІ тарау
Дон Кихоттың Санчо Пансаға айтқан ақыл-кеңесінің екінші бөлегі жайында.
Дон Кихоттың жоғарыда келтірілген пайымдауларын естігендер арасында оны кәдімгі ақыл-есі бүтін, жүрегі ізгі мұраттарға толы адам қатарына қоспайтындар табылар ма екен? Алайда, бұл жайында теңдесі жоқ осынау хикаямыздың өне бойында әлденеше мәрте құлаққағыс етілгеніндей, әңгіме ауаны рыцарьлық жайына ойысқанда ол мағынасыз бірдеңені шатып кететін, ал бірақ басқа кез-келген тақырыптан сөз таратқанда ақыл-парасатының айқындығы мен ауқымдылығын паш ететін, сондықтан іс-әрекеті ой-пікірімен, ой-пікірі іс-әрекетімен әрдайым қабыспай жататын; ал енді Санчоның құлағына құйған ережелерінің екінші бөліміне келсек, бұл жерде ол шектен тыс тапқырлық танытып, парасаттылықтың да, ақылдан алжасқандықтың да шырқау шыңына көтерілді. Санчо оны зейін қоя тыңдап, ақыл-кеңестерін қаперінде сақтап қалуға тырысты: жаңа губернатордың өмірге келуінде кінәрат болмауы үшін бұларды жақсылап есте сақтамақ ниеті бары байқалып тұрды. Ал Дон Кихот сөзін одан әрі жалғастырды:
— Үйіңе және өзіңе қандай күтім жасау қажеттігі жайына келсек, Санчо, саған ең алдымен айтарым: тазалық сақта және тырнағыңды алып жүр; әлдекімдерге ұқсап оны ешқашан ұзын ғып өсіруші болма, олар өз надандығына бағып, тырнақтың ұзындығы қолдың сәнін келтіреді деп ойлайды, ал шындығында, уақытылы алып отырмаса бұлар жыртқыш құстың тырнағына ұқсап кетеді: бұл — жан шошырлық сиықсыздық әрі настық.
Ешқашан, Санчо, белбеуленбей алқам-салқам жүруші болма: киім киюге жүрдім-бардым қараушылық — рухтың әлсірегендігінің белгісі, егер бұл тек енжарлық пен жүгенсіздік көрінісі боп шықпаса, — Юлий Цезарьға, мысалға, сондай айып тағылған-ды.
You have read 1 text from Kazakh literature.
Next - Айлакер Идальго Ламанчалық Дон Кихот Орыс Тілінен Аударған Құрманғазы Қараманұлы - II - 26