Latin Common Turkic

Айлакер Идальго Ламанчалық Дон Кихот Орыс Тілінен Аударған Құрманғазы Қараманұлы - II - 34

Total number of words is 3905
Total number of unique words is 2229
31.3 of words are in the 2000 most common words
45.6 of words are in the 5000 most common words
53.7 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
Санчо Пансаны губернаторлыққа аттандырып мазақ қылғандарына жоғары мәртебелілер әу бастан-ақ ешқандай өкініш білдірмеген; сол күні үй басқарушы келіп, губернатордың содан бергі күндерде аузынан шыққан сөзі мен істеген ісінің бәрін дерлік тәптіштеп баяндап бергені, ақыр соңында жау әскерінің шабуылын, Санчоның қалай үрейі ұшқанын және жөнін тапқанын майын тамыза суреттегені олардың айызын қандырып, рақатқа батырған. Одан соң, хикаяда айтылғанындай, жекпе-жек өтетін күн де келіп жетті, Дон Кихотты өлтірмей әрі жарақаттамай қалай жеңуге болатынын малайы Тосилосқа әлденеше қайтара ескерткен герцог найзалардың темір ұштығын алып тастауға әмір етті; ал Дон Кихотқа өзі христиан діні заңдарын қастер тұтатынын, бұл заңдардың алдағы айқастың өмірге қатер төндірерліктей болуына рұқсат етпейтінін түсіндірді, — жекпе-жектің қол астындағы иелікте өтуіне кедергі келтірмегенінің өзі-ақ герцог тарапынан жасалған үлкен жақсылық екенін айтты: өйткені бұған рұқсат етуі арқылы қасиетті собордың мұндай сайысқа тиым салатын қаулысын бұзып отырғанын, онсыз да мейірімсіз ұрыстың шектен тыс қатыгездікпен өтуіне жол бермейтінін ескертті. Бұған жауап ретінде Дон Кихот жекпе-жекті жоғары мәртебелі көңілі қалай қаласа солай өткізуге ерікті екенін, өзінің қандай шартқа да келісетінін мәлім етті. Ақыры осынау үрейлі күн де келіп жетті; герцогтың әмірімен қамал-сарай алдындағы алаңда жекпе-жек төрешілеріне, сол сияқты екі талапкерге — шешесі мен қызына арналған ауқымды тұғыр орнатылды; бұл өңірде бағзы заманда да, бүгінгі заманда да бұрын-соңды болып көрмеген осынау керемет сайысты тамашалауға айнала-маңдағы селолар мен деревнялардан нөпір адам жиналды.
Айқас алаңында алдымен рәсімгер пайда болды; сайыс кезінде сүрініп кетіп, құлап қалуға септесетіндей, байқала қоймайтын бөгде бір нәрсе жоқтығына көз жеткізу үшін ол жекпе-жек өтетін орынды түгел аралап шықты. Одан соң бетін түгел тұмшалап тұрған жамылғысы бар екі әйел келіп өз орындарына жайғасты; Дон Кихоттың сайыс алаңында бой көрсетуі оларды айрықша толқытып жіберді. Көп ұзамай кернейлер үні астында алаңның шетіне мұқым елге мәшһүр малай Тосилос келіп тұрды: үстіне денесін саңылау қалдырмай жапқан, жарқыраған құрыш сауыт киіп, бет бүркеуішін түсіріп қойыпты, астына тұяғының дүңкілінен жер дірілдейтін дығал ат мініпті; оның теңбіл сұр түсті, аяғы түкті, бүйірлі аты, шамасы, фриз тұқымынан болса керек. Айбынды бұл сарбаз айбынды Ламанчалық Дон Кихотпен қалай айқасу керектігі жөнінде қожайыны герцогтан нақты нұсқау алған-ды, сондай-ақ Ламанчалық Дон Кихотты өлтіруге болмайтыны жөнінде қатаң ескертілген еді, — ол өз алдына, Тосилосқа алғашқы бетпе-бет қақтығыстан жалтарып кету жүктелген: осының нәтижесінде өлім қатерінен құтылатыны, егер екеуі бір-бірімен аттың бар шабысымен келіп тоқайласса ондайдың болмай қалмайтыны айтылған. Тосилос алаңды айналып өтті де, екі әйел жайғасқан тұғырға таяп келіп, өзіне күйеу болуын талап етіп отырған біреуіне бірқыдыру уақыт тесіле қарап қалды. Тосилостың жанында тұрған басқарушы, алаңға әлгі әзірде келіп кірген Дон Кихотты қасына шақырып алып, әйелдерден Дон Кихоттың өздерін қорғауға ризашылығы бар-жоғын сұрады. Олар ризашылығы барын айтып, осы арада Дон Кихот қандай қарекетке барса да, оны сөзге келместен, қарсылық білдірместен мақұлдайтынын мәлім етті. Бұл екі аралықта герцог пен герцогиня алаң жаққа қарайтын галереядан орын алды, ал алаңды бұрын-соңды болмаған кескілескен айқасты тамашалауға ынтық жұрт айналдыра қоршап, топырласып тұр еді. Жекпе-жектің шарты бойынша, Дон Кихот жеңсе қарсыласы донья Родригестің қызына үйленуге тиіс-ті, ал жеңілген жағдайда айыпкер берген сертінен азаттық алатын, оған басқа ешқандай жауапкершілік жүктелмейтін.
Рәсімгер екеуіне күн сәулесін еншілеп берді, сосын тұратын жерлерін көрсетті. Барабандар дүңкіл қақты, ауа керней дыбысына толды, сұрапыл гуілден жер де ыңырсып сала берді; көрермендер түрлі-қилы сезімді бастан кешті: біреулердің зәре-құты қалмаса, екіншілер бұл немен аяқталар екен — қуаныш әкелер ме екен әлде қайғы әкелер ме екен дейтін әуесқойлықпен тағатсызданып тұрды. Дон Кихот өз тағдыр-талайын құдіреті күшті құдай мен сеньора Дульсинея Тобосскаяның ықтиярына табыс еткен, енді қазір тек айқасты бастайтын шартты белгіні ғана күтіп тұрған, ал малайымыз болса, мүлдем басқа нәрсе жайында қиял кешіп кеткен-ді, не жайында екенін қазір айтып берем.
Қапалы қызға көз салған кезде ол бұған бұрын-соңды көрген әйелдерінің ең кереметі секілді көрінген еді, ал бізде Амур деп аталатын, көп ештеңені анық көре бермейтін балақан болса, малайдың жанын жаулап алатын, сөйтіп оны құрбандықтарының қатарына қоса салатын орайлы сәттен айрылып қалмауды ұйғарған-ды; осы мақсатпен ол жаймен басып білдірмей жақындап келді де, сала құлаш жебені бейшара малайдың сол жақ бүйірінен сұқты да жіберді, ал жебе оның жүрегін тесіп өтті; мұндайды ол еш кедергісіз істей алады, өйткені Амур — көзге көрінбейтін бейне: өз әрекеті жайында ешкімге ешқандай есеп берместен кіретін жеріне кіріп, шығатын жерінен шығып жүре береді. Міне, айқастың басталуына да белгі берілді, ал малайымыз болса, өзін басы бүтін баурап үлгерген әйелдің сұлулығын ойлап, шалықтап тұрғандықтан керней дауысын естімей қалды. Дон Кихот, керісінше, бұл дыбысты құлағы шалған бойда-ақ ілгері ұмтылып, Росинанттың бар шабысымен жауға қарай ат қойды; ал оның айқасқа шыққанын көрген адал атқосшысы Санчо бар дауысымен былай деп бақырып жіберді:
— Құдай жар болсын өзіңе, кезбе рыцарьлықтың қуанышы мен мақтанышы! Жаратқан ием жеңіске жеткізсін сені, өйткені әділдік сенің жағыңда!
Тосилос болса, Дон Кихоттың өзіне қарай тура тартып көсілтіп келе жатқанын көргенімен, тұрған орнында тырп етпей тұра берді — болғаны тек бар дауыспен айқайлап басқарушыны шақыра бастады; не боп қалғанын білмекке қасына келген басқарушыдан Тосилос:
— Сеньор! Мен ана қызға үйленуге тиіспін бе әлде тиіс емеспін бе — мына сайыс соны шешу үшін ұйымдастырылды ма? — деп сұрады.
— Сол үшін, — деген жауап болды оған.
— Ондай жағдайда, — деп салды малай, — мен ар-ұятымның алдында айыпты сезініп тұрмын, өйткені айқасты жалғастыра берсем үлкен күнәға батарым хақ. Тоқ етері, жеңілгенімді мойындаймын және мына қызға мүмкін болғанынша тезірек үйленгім келетінін мәлім етем.
Осынау әурешілікті ұйымдастырушылардың бірі боп табылатын басқарушы Тосилостың мына сөзіне таң-тамаша боп, не жауап қайтарарын білмеді. Қарсыласының өзіне қарай аттап баспағанын көрген Дон Кихот орта жолдан тоқтады. Герцог айқастың неге басталмай жатқанын түсінбей дал болды: басқарушы оған Тосилостың сөзін жеткізген кезде бұл оны әрі қайран қалдырып, әрі қатты ашуландырды. Ал, Тосилос бұл екі аралықта тұғырға жақын келіп, донья Родригеске қарап қатты дауыстап былай деп сөйлеп кетті:
— Сеньора! Қызыңызға үйленуге дайынмын және өлімге басыңды тікпей-ақ, бейбіт жолмен қол жеткізуге болатын нәрсені ұрыс-керіспен және ұстасумен тартып алуға құлықты емеспін.
Мұны естіген айбынды Дон Кихот былай деп мәлім етті:
— Ендеше, міндетімнен босадым және уәдемді орындадым деп есептей беруіме болады. Көңілдері үйлессе үйлене берсін бұлар, құдай жолдағанды шадияр Петр де қолдайды.
Герцог галереядан түсті де, Тосилостың қасына келіп, одан:
— Жеңілгеніңізді мойындағаныңыз және ар-ұят алдындағы азаптан қорқып мына қызға үйленуге ниет қылғаныңыз шын ба, рыцарь? — деп сұрады.
— Шын, сеньор, — деп растады Тосилос.
— Онысы өте дұрыс, — деді сол арада Санчо, — қату болғаннан тату болған артық.
Сол аралықта дулығасын шешуге кіріскен Тосилос көмек сұраған еді, себебі осыншама тар аяда ұзақ болғандықтан ауа жетпей тынысы тарылып кеткен. Дулығасы ә дегенде сыпырып алынды, сол сәт әлгі жерге жиналғандардың көз алдына малайдың әлпеті аян берді. мұны көрген донья Родригес пен қызы жан дауысы шығып шыңғырып жіберді:
— Бұл нағыз алдау! Нағыз алдау бұл! Күйеу жігітімнің орнына сеньор герцогтың малайы Тосилосты өткізіп жіберіпті! Құдай мен корольден залымдыққа бергісіз мұндай зымияндықтан қорғауды сұраймын!
— Сабыр етіңіз, сеньора, — деді Дон Кихот, — мұнда зымияндық та, залымдық та жоқ, ал егер ондай бола қалса, бұған кінәлі герцог емес, менің қыр соңымнан қалмай жүрген зұлым сиқыршылар: осы жеңісім арқылы ие болған даңқымды көре алмаған олар күйеу жігітіңіздің бет-әлпеті герцогтың малайы деп тұрған адамға ұқсас боп шығуына қам жасаған. Айтқан ақылымды тыңдаңыз, жауларымның зымияндығына қарамастан, оған күйеуге шығыңыз, өйткені мұның сол өзіңіз күйеу еткіңіз кеп жүрген жігіт екенінде дау жоқ.
Мұны естіген герцог өкініш-күйінішін тарс ұмытып, тап қазір қарқылдап тұрып күліп жіберетіндей сезінді.
— Сеньор Дон Кихоттың не қилы ғажайыптарға килігіп жүретіні сонша, — деді ол, — мына жігіттің өз малайым емес, басқа біреу екеніне сеніп те қалғандаймын. Әйткенмен, мынадай бір амал-айла жасап көрейік: рұқсат етсеңіздер, үйлену тойын екі аптаға кейін шегерейік, ал өзімізге күдікті көрініп тұрған мына сабазды қамап тастайық: бәлкім осы уақыттың ішінде мұның бұрынғы бет-ажары өзіне қайтып оралар, себебі сиқыршылардың Дон Кихотқа деген өшпенділігі сонша ұзаққа созыла қоймас, оның үстіне мынадай жымысқы әрекеттер мен өң айналдырудан ұтатындары да шамалы-ақ.
— Аһ, сеньор! — деп дауыстап жіберді Санчо. — Бұл қаныпезерлердің дағдысы мен дәстүрі мынадай: мырзама жолап кеткен жанның қолма-қол өңін өзгерте қояды. Жақында өзі тізе бүктірген, Айна Рыцары деп аталатын бір рыцарьды олар селоласымыз әрі жақын досымыз бакалавр Самсон Карраскоға айналдырып жіберді, ал сеньора Дульсинея Тобосскаяны қарапайым шаруа әйел ғып өзгертті, — осы себептен мына малай нақ осы малай қалпында өле ме деп қорқам.
Сол арада Родригестің қызы сөйлеп кетті:
— Өзіме үйленуге тілек білдірген адамға, ол кім болсын мейлі, бәрібір, ырзашылық білдіргім келеді: дворянның алданған ашынасы болғанша, малайдың заңды зайыбы болған артық, — айтпақшы, өзімді алдаған жігіт әсте дворян емес-ті.
Бұл әңгімелер мен оқиғалардың бәрі, алайда, ғайыптан болған өзгерісі немен аяқталарын білу үшін Тосилостың қапасқа қамалуымен тынды; жұрт бірауыздан Дон Кихотты жеңімпаз деп тапты, дей тұрғанмен, көпшілігі осынау көптен күткен жекпе-жекте қарсыластардың бір-бірін пәрша-пәрша ғып кескілеп тастамағанына қатты күйініп, қапаланып қалды, — дарға асылуға тиіс адамның талапкердің кешірім жасауы немесе соттың рақымшылық етуі салдарынан дарға асылмай қалғанына балалар ғана тап осылай қатты қапаланатын. Жұрт тарап кетті, герцог пен Дон Кихот қамал-сарайға қарай беттеді, Тосилос қамауға алынды, донья Родригес пен қызы, қайткен күнде де, әйтеуір, бұл әурешіліктің соңы үйлену тойымен бітетініне қуанып, мәз-майрам болды, Тосилостың да тілегені сол еді.
LYІІ тарау
Мұнда Дон Кихоттың герцогпен қалай қоштасқаны жайында, сондай-ақ герцогиняның күтушісі, өткір де өжет қыз Альтисидора екеуінің арасында қандай оқиға орын алғаны жөнінде әңгімеленеді.
Қамал-сарайдағы мамыражай тірлік Дон Кихотты мезі ете бастаған; жалқаулық пен жайбарақаттыққа бой алдырып, кезбе рыцарь ретінде өз құрметіне қожайындар өткізіп жатқан ұшы-қиырсыз той-томалақ, ойын-сауықпен күн кешуді өзіне үлкен күнә санаған, осынау жайбарақаттығы мен жаймашуақ тірлігі үшін жаратқан өзін жазаға тартуы мүмкін-ау дейтін ойға тіреле берген, — міне, осы себептен бір күні жоғары мәртебелілерден сапарға шығуға рұқсат сұрады. Жоғары мәртебелілер рұқсат етті, сонымен бірге кететініне қатты өкінетіндіктерін де білдірді. Герцогиня Санчо Пансаға зайыбының хатын берді, анау оны көз жасымен жуып отырып, өзіне-өзі былай деді:
— Губернаторлығым жайында білген кезде әйелім Тереса Пансаның көңілін елеуреткен асқақ арман қожайыным Ламанчалық Дон Кихоттың шатағы мол шытырман оқиғаларына қайта оралуыммен құмбыл болады деп кім ойлаған? Сөйте тұрғанымен, Тересамның ұятты жағдайда қалмай, герцогиняға емен жаңғағын жібергеніне дән ризамын, себебі егер ол оны жібермесе, оның үстіне өзім жабырқау күйде оралсам, бұл онша әдептілікке жатпас еді. Сондай-ақ, бұл сыйлықты параға жатқызуға болмайтыны да мені қуантады: әйелім жаңғақты жібергенде мен губернатор қызметін атқарып жүргем, сондықтан мардымсыз бірдеңемен болса да жақсылыққа қарымта қайтаруда тұрған дәнеңе жоқ. Расында да, солай: губернатор қызметіне жалаң аяқ күйімде кіріп, одан сол жалаң аяқ күйімде кеттім және ар-ұятымның алдында ашығын айтсам, — ал, ар-ұят тазалығына ештеңе жетпейді: “Бай болып көргенім жоқ, кедей болып өлгенім жоқ”.
Жолға шығар күні Санчо өзіне-өзі осындай уәж айтты, Дон Кихот болса, жоғары мәртебелілермен кеше кешкісін қоштасқандықтан, ертеңіне таңертең сауыт-сайманын киіп, қамал-сарай алдындағы алаңнан бой көрсетті. Қамал-сарайдың тәмам тұрғыны оған галереялардан көз тігіп тұрды; герцог пен герцогиня да оған көз салмаққа шықты. Санчо өзінің сұр жорғасына жайғасты, қоржыны, шамаданы мен азық-түлік те соған артылған-ды; герцогтың анау әлгі Үшфальдиді бейнелеген үй басқарушысының жол қаражатына деп өзіне екі жүз алтын теңге салынған шилан бергеніне Санчоның шаттығында шек жоқ еді, ал Дон Кихот бұл жайында әлі ештеңе білмейтін. Сөйтіп, жұрттың назары, әлгінде айтылғанындай, Дон Кихотқа ауған шақта, герцогиняның рыцарьға жаудырай қарап қалған дуэньялары мен күтуші қыздары тобынан, мүлдем күтпеген жерден, өткір де өжет қыз Альтисидораның дауысы естіліп, мына төмендегідей аянышты әнімен сол араға жиылғандардың бәрін таң-тамаша етті:
Беу, қайырымсыз рыцарь!
Тізгініңді босата ғой шамалы,
Астыңдағы асау аттың бүйіріне
Асықпағын шпорыңды қадауға.
Ашкөз айдаһардан сен, алдамшы,
Қашып бара жатқан жоқсың ғой,
Қорқып тұрғаның сенің қозы ғой,
Қойға да айналып үлгермеген.
Жексұрын! Сен бикешті ренжіттің;
Көрмеген еді одан асқан сұлуды —
Венера да өз ормандарынан,
Диана да өз тауларынан.
Эней қашқын, рақымсыз Бирено,
Жоғал, құры, тозақта өртен Вараввамен бірге!
Қанды шеңгеліңмен сығымдап,
Сезімсіз мақұлық, әкетіп барасың,
Өзіңе көнпістікпен күң болуды
Арман еткен сорлының жүрегін.
Әкетіп барасың — арсыздық-ай! —
Қара-ала сәнді жолақтары бар
Үш шаршы мен шұлық байлағышты —
Мәрмәрдай әдемі аяққа арналған.
Оған қоса жүз мыңдай күрсінуді,
Жалыны сұрапыл лапылдаған —
Дүниеде жүз мың Троя болса,
Соның бәрін демде отқа орайтын.
Эней қашқын, рақымсыз Бирено,
Жоғал, құры, тозақта өртен Вараввамен бірге!
Дульсинея ханымың мәңгі бақи
Жадыланған күйде қалуы үшін,
Атқосшың сенің, антұрған Санчо,
Тасжүрек боп жүре берсін.
Мынадай арсыз қылығың үшін
Ғашығың қорлық көре берсін.
Өйткені, мына дүниеде дәйім
Күнәкар үшін тақуа азап шегеді.
Даңқ іздеген арманың әр кез
Сәтсіздікке жолыға берсін,
Қуанышың қайғы әкелсін,
Адалдығың үшін өкініп қал.
Эней қашқын, рақымсыз Бирено,
Жоғал, құры, тозақта өртен Вараввамен бірге!
Лондоннан Темзаға дейін,
Гранададан Атарфеге дейін,
Севильядан Марченаға дейін
Бәрі сені зымиян санасын.
Егер "жүзді", "корольдікті",
Не "кім біріншіні" ойнауға отырсаң
Қолыңа сенің тұз келмесін,
Корольдер де жоламасын.
Сүйеліңді сылдыруға барсаң
Етімен бірге кесіп алсын;
Тісіңді жұлдыруға барсаң
Түбіртегі қызыл иегіңде қалсын.
Эней қашқын, рақымсыз Бирено,
Жоғал, құры, тозақта өртен Вараввамен бірге!
Қайғы шеккен Альтисидора осындай жолмен шерін ақтарып жатқанда Дон Кихот оған тесіле қарап үн-түнсіз тұрды да қойды, сосын Санчоға қарай бұрылып:
— Ата-бабаларыңа деген құрметіңе бола өтінерім, мейірбан Санчо, менен шындықты жасырушы болма. Ғашықтық дертіне шалдыққан мына қыз айтып тұрған үш шаршы мен ұйық байлағышты байқаусыз салып алған жоқсың ба, соны айтшы? — деді.
Санчо бұған мынадай жауап қайтарды:
— Шаршыларды алғаным рас, бірақ байлағышты өңім түгіл түсімде де көргем жоқ.
Альтисидораның оспадарсыздығына герцогиняның таңырқауы таусылмады; айта кетерлігі, оның өткір де өжет, ойнақылау бикеш екенін бұрыннан білетін, әйтсе де жүгенсіздігі тап осындай дәрежеге жетер деп ойламаған, оның үстіне, Альтисидораның мынадай әзіл-мазақ жайында өзіне алдын-ала ескертіп қоймағаны герцогиняның таңырқануын тіптен үдетіп жіберген. Отқа май құя түспек болған герцог былай деді:
— Сеньор рыцарь! Осында өзіңізге көрсеткен қонақжайлығымды пайдаланып, күтуші қызымның, қалай болғанда да, әйтеуір, үш шаршысын ұрлап кетуді ұйғарыпсыз, бәлкім, тіпті ұйық байлағышын да алған шығарсыз: бұл сіздің жарамсыз әдетке бейімділігіңізді байқатады және өзіңіз жайында қалыптасқан ортақ пікірге қиғаш келеді. Қызға ұйық байлағышын қайтарып беріңіз, әйтпесе сізді өліспей-беріспейтін жекпе-жекке шақырам, жауыз сиқыршылардың өзіңізбен сайысқа түскен малайым Тосилосқа істегенін істеп, әлпетімді өзгертіп немесе өңімді бұзып жіберуінен де қорықпаймын.
— Өзіме осынша жақсылық жасаған сізге, жоғары мәртебелім, — деп қарсылық білдірді Дон Кихот, — семсер сілтеуімді құдай хош көрмес. Шаршыларды қайтарам, өйткені бұлар Санчода, ал ұйық байлағышқа келсек — ол жайында әңгіме жоқ, себебі ондайды ол да, мен де алған жоқпыз, бөлмесінен жақсылап іздесе қызметші қызыңыздың оны оп-оңай тауып алары анық. Мен, сеньор герцог, ешқашан ұрлық жасаған емеспін, құдай хош көрсе, өмірімнің ақырына дейін жасай да қоймаспын. Мына бикеш ғашықтық дертіне шалдыққан жандай сөйлейді және онысын ашықтан-ашық мойындайды да, ал онда менің шаруам қанша, сондықтан маған бұл бикештен де, өзіңізден де кешірім сұраудың еш қисыны жоқ, ал сізден, жоғары мәртебелім, өзім жайындағы ой-пікіріңізді өзгертуді және сапарымды жалғауға қайтадан рұқсат етуіңізді өтінем.
— Жолыңыз болсын, сеньор Дон Кихот, — деп іліп әкетті герцогиня, — ерлік істеріңіз жайында бізге ылайымда тек жақсы хабар ғана жетіп тұрсын. Сапарыңызды жалғай беріңіз, әйтпесе неғұрлым ұзақ кідірсеңіз, өзіңізден көз аудара алмай тұрған мына бикештердің жүрегіндегі от та соғұрлым өрши түседі, ал күтуші қызыма келсек, оның сазайын жақсылап тартқызам: болашақта көзімен де, сөзімен де әдепсіздік танытпайтын болады.
— Бір-ақ ауыз сөз айтуға рұқсат бер, айбынды Дон Кихот! — деп дауыстап жіберді сол арада Альтисидора. — Ұйық байлағышымды ұрладың деп айыптағаным үшін кешір мені: оллаһи-білләһи ақ-адал шыным, оны өзім тағып алыппын, — астындағы есегін іздеген адам секілді аңғырттыққа салыныппын.
— Сіздерге айтқаным қайда? — деп киіп кетті сол арада Санчо. — Ұрлықы дүниені жасыратын біреуді тапқан екенсіздер! Ұрлағым келсе губернатор боп жүрген кезімде-ақ көкесін көрістірмес пе едім: ол кезде қанша жымқырғым келсе де қолымды ешкім қақпайтын.
Дон Кихот герцог пен герцогиняға, сондай-ақ сол жерде тұрған басқаларға сыпайыгершілікпен бас иді, сосын Росинантты бұрып алды да, есегіне салт мінген Санчоны соңынан ертіп, қамал-сарай қақпасынан шығып Сарагосаға қарай бет түзеді.
LYІІІ тарау
Мұнда Дон Кихоттың тыныс алып, тыным табуына мұршасын келтірмеген не қилы шытырман оқиғалар жайында баяндалады.
Альтисидораның арбауынан біржола құтылған Дон Кихоттың жазық далаға шығуы мұң екен, бейне бір өз отауына оралғандай жаны жадырап сала берді, рыцарьлық парызын орындауға құлшындырған рухани күш-қайраттың қайта пайда болғанын сезінді, сөйткен соң Санчоға қарап жүзін бұрып, былай деді:
— Бостандық, Санчо, аспандағы құдіретті күштің адамдарға тарту еткен ең бағалы сыйының бірі; онымен жер қойнында жасырынған, теңіз түбінде тұмшалаулы жатқан қандай қазына да теңдесе алмайды. Ар-намыс секілді, бостандық үшін де қатерге бас тігуге болады және солай ету керек те, ал бұған керісінше, кіріптарлық адам баласына тап келетін тәмам бақытсыздықтың ішіндегі ең шетіні. Мұны саған, Санчо, мынаған байланысты айтып тұрмын: жаңа ғана өзіміз аттанып кеткен қамал-сарайда бізге қандай күтім жасалғанын, бабымызды қалай тапқанын өзің көрдің, алайда онда керемет дәмді тағам мен салқын сусын берілгеніне қарамастан, өз басым ашқұрсақ жүргендей сезімнен арыла алмадым, өйткені оның бәрін өз тамағым секілді алаңсыз, емін-еркін отырып ішпеген едім; шынында да: жақсылық пен мейірім-қайырым жүктейтін міндет адам рухының еркіндігін тежеп тастайтын тұсау іспетті. Жейтін нанын табуға жаратқан жәрдем берген, бұл үшін өзінен басқа ешкімге алғыс айтпайтын адамнан асқан бақытты жан жоқ!
— Солай бола тұрғанымен, — деді Санчо келісіңкіремей, — сіз не десеңіз о деңіз, бірақ маған герцогтың үй басқарушысы берген, екі жүз алтын теңгесі бар шилан үшін ризашылық білдірмеуіміз тасбауырлығымызды көрсетер еді: жанға сая таптыратын пластырь секілді етіп, оны жүрегіме жақын жерде ұстап жүрмін, — әйтпесе не боларын кім біліпті: ас-суын аузымызға тосатын қамал-сарайларға әрдәйім тап бола бермейміз ғой, аузымызды қан жалататын бекеттерге де соғатын кезіміз болады.
Кезбе рыцарь мен кезбе атқосшы осындай және осыған ұқсас әңгімелермен мильден сәл ғана астам жерді артта қалдырған шақта, ойда жоқта, деревня тұрғындарынша киінген он шақты адамның плащтарын жерге төсеп жіберіп, көк шалғында тамақ ішіп отырғанын көріп қалды. Әріректен бір-бірінен оқшаулау орналасқан, көмпиіңкіреп көрінетін заттарды бүркеп қойған ақжаймаға ұқсас әлдене көзге шалынып тұрған. Дон Кихот тамақтанып жатқандардың қасына келіп, олармен сыпайы түрде амандасқан соң кенептің астында не барын сұрады. Оның бұл сауалына шаруалардың бірі мынадай жауап қайтарды:
— Сеньор! Кенептің астында әулиелердің жапсырмалы және қашап жасалған бейнелері жатыр, бұл бейнелермен селолық ғибадатханамызды безендіргіміз келеді. Бүлініп қалмасы үшін бұларды кенеппен бүркеп қойдық, ал сынып қалмасы үшін иығымызға салып көтеріп жүреміз.
— Рақым етіп, қарап шығуға рұқсат етіңізші, — деді Дон Кихот, — осынша сақтықпен алып келе жатқандарыңызға қарағанда, шамасы, бейнелер өте жақсы болса керек.
— Жақсы болмағанда ше! — деп іліп әкетті екінші шаруа. — Бағалары да, әділін айтқанда, онша арзан емес: әрқайсысы бізге елу дукаттан кемге түскен жоқ. Тұра тұрыңыз, мұның ақиқат шындық екеніне қазір өзіңіз де көз жеткізесіз.
Соны айтып, ішіп отырған асын тастай сап орнынан көтерілген ол жақын тұрған мүсінге барып, бүркемесін сыпырды: бұл — Жеңімпаз Георгийдің әдетте бейнеленетіндей кейіпте кескінделген мүсіні болатын, — атқа салт мінген ол аяғының астында ирелеңдеп жатқан айдаһардың аузына найзасын қаһар төге қадап тұр. Көз тартарлық көркем дүние екен. Мүсінді көріп шыққан Дон Кихот былай деді:
— Бұл рыцарь күллі аспан қосынындағы ең таңдаулы кезбе рыцарь болатын. Оны әулие Жеңімпаз Георгий деп атайтын әрі ол бикештердің қамқоры еді. Енді басқа бейнелерге көз салайық.
Шаруа екінші мүсінді ашты: ол атқа мінген әулие Мартин екен, бір кедейге хитонын бөліп беріп жатқан кейпінде сомдалыпты; соны көрген бойда Дон Кихот:
— Бұл рыцарь да христиандық жиһанкездер қатарынан; меніңше, айбындылығынан қайырымдылығы басымдау болған секілді; бұл оның, Санчо, жартысын кедейге беру үшін хитонын жыртып жатқанынан-ақ көрініп тұр. Шамасы, бұл қыс мезгілі болса керек, әйтпесе хитонын басы бүтін бере салар еді, — оның мейірбандылығы сондай-тұғын, — деді.
— Әй, қайдам. Абзалы, ол “есті адам есесін жібермейді” дейтін мақалды жақсы білген тәрізді. — деді Санчо.
Дон Кихот күліп жіберді де, келесі кенепті ашуды сұрады, оның астынан Испания қамқорының бейнесі шыға келді: атқа салт мінген ол қанға малшынған семсерімен маврларды қырып-жойып жатыр; бұған көз жүгіртіп өткен Дон Кихот мынаны айтты:
— Шын мәнінде де бұл Христос әскерінің рыцары, есімі — әулие Маврқырған Дьего. Ол — жер бетінде бұрын-соңды ғұмыр кешкен, қазір көкті мекен ететін ең айбынды әулие рыцарьлардың бірі.
Бұдан соң тағы бір жамылғы сыпырылып, шадияр Павелдің аттан құлаған бейнесі көрініс берді, оның дінді қабылдауы әдетте қалай бейнеленсе, бұл да сондай егжей-тегжейімен кескінделген-ді. Табиғилығы сонша, құдды Христостың өзі сауал қойып, Павел оған жауап беріп тұрғандай көрінетін.
— Бұрын ол Христос шіркеуін қуғындаушылар ішіндегі заманының ең залым да қатыгез адамы болған, ал кейін шіркеуді қорғаушылар ішіндегі ең адал да абзал адамға айналды, — деді Дон Кихот. — Ол — көзі тірісінде кезбе рыцарь болып, дүние салғаннан кейін мәңгі тыныштық мекеніне енген әулие адам, ол — Христос жүзімдігіндегі тыным таппас еңбекқор, ол — халықтар ағартушысы, мектебі — аспан әлемі, ал тәлімгері мен ұстазы — Христостың өзі болған.
Басқа бейне жоқ еді, сондықтан Дон Кихот мүсіндерді кенеппен жауып тастауды сұрады да, мүсін тасушыларға қарап былай деді:
— Туысқандар, мына бейнелерді көрудің сәті түскенін зор бақыт әкелер жақсылыққа жорып тұрмын, өйткені бұл әулие рыцарьлар да өзім қарекет жасап жүрген салада, яғни әскери салада әрекет еткен-ді, арамыздағы айырмашылық мынадай ғана: олар әулие адам болатын және құдай меңзеген мақсаттарды іске асырумен шұғылданған еді, мен болсам, күнәкар пенде, жер бетіндегі тіршілікке қатысты істермен айналысам. Олар күш-қайратының арқасында өздеріне көктен орын сайлады, өйткені аспан патшалығын күшпен ғана алуға болады, ал мен небір ауыртпалықты арқалап жүріп, нені жаулап алатынымды әлі білмеймін, — дей тұрғанмен, егер Дульсинея Тобосская өз басындағы ауыртпалығынан арылса, менің де тағдыр-талайым қолма-қол жақсарып, ақыл-парасатым кемелдене түсер еді, бәлкім, тіпті осы күнге дейін жүріп келген жолымнан шығып, одан гөрі тәуір, басқа жолға ауысуым да ықтимал.
— Сәтті күнде гөй-гөйле, сәтсіз күнде сөйлеме, — деп қосып қойды Санчо.
Мүсін тасушылар Дон Кихоттың сырт пішініне де, айтқан сөзіне де таңырқанды; ал не айтпақ болғанының тең жарымын да түсінбеді. Тамақ ішіп алған соң мүсіндерін иыққа салды да, Дон Кихотпен қош айтысып, әрмен қарай асты.
Қожайынын алғаш көріп тұрғандай Санчо оның білімдарлығына тағы да таң-тамаша болды: дүниеде Дон Кихот бес саусағындай білмейтін және қаперінде сақтамайтын бірде-бір аңыз-әңгіме мен оқиға жоқтығына ол кәміл сенімді еді; ал Дон Кихотқа мынадай лебіз арнады:
— Ақ-адал шынымды айтайын сізге, қадірменді қожайыным: егер бүгінгі бастан кешкенімізді шытырман оқиға қатарына жатқызуға болса, онда бұл — жиһан кезгелі өзімізге ұшырасқан ең әсерлі және ең қуанышты шытырман оқиғалардың бірі, — бұл жолы бізді ешкім сабаған жоқ, басқадай тауқыметке де ұшырамадық, семсер суыруымызға да, денемізбен жер сабалауға да, ашығуымызға да тура келмеді. Ризамын саған, осындай шытырман оқиғаны өз көзіммен көруге жеткізген жаратқан ием!
— Сен дұрыс айттың, Санчо, — деп құлаққағыс етті Дон Кихот, — алайда, бүгінгі күннің ертеңгі күнге ұқсамайтынын, бақыт айнымалы болатынын қаперіңе ал. Қарапайым халық ырым деп атайтын, ақылға қонымды негізі жоқ нәрселерге көзі ашық адам тек көңілге ұнамды құбылыс ретінде қарауға тиіс. Кейбір ырымшыл пенде таң елең-алаңда тұрады, үйінен шығады, сөйтіп оған жол бойында Диуана Франциск орденіне мүше монах ұшыраса қалса, құдды бір грифті кезіктіргендей шошынып, жалт бұрылып табанын жалтыратады. Әлдебір Мендоса үстелге тұз шашады, соған қараған бойда жүрегі жабырқап сала береді: бейне бір табиғат оны дәл осындай түкке тұрғысыз белгі-нышандар арқылы алдағы жайсыздықтардан сақтандырып отыруға міндетті секілді. Ал, білімдар христиан құдіретті күштің ықтиярын мұндай қисынсыз нәрсе арқылы біліп алуға тырыспайды. Сципион Африканы жаулап алуға келеді, кемеден түсіп жағалауға шыға бергенінде сүрініп кетіп етпетінен құлайды, сарбаздары мұны жаман ырымға балап, секем алып қалады, сөйтсе анау жерді құшақтап жатқан күйі: “Енді менен қашып құтыла алмайсың, Африка, өйткені сені құшағыма алып жатырмын!” дейтін көрінеді. Айтайын дегенім, Санчо, жаңағы бейнелермен жүздесу мен үшін өте қуанышты оқиға болды.
— Мен де солай ойлаймын, — деп келісе кетті Санчо, — тек бір білгім келетіні, тақсыр, ұрысқа кірер алдында испандардың қашан да: “Әулие Яго, Испанияны құлыпта!” деп әулие Маврқырған Дьегоны көмекке шақыратыны несі, соны түсінбеймін. Әлде Испания ашық тұратындықтан оны құлыптап тастау қажет болып па еді? Мұнда қандай гәп бар?
— Әй, сен де бір жүрген кещесің-ау, Санчо! — деп дауыстап жіберді Дон Кихот. — Сен мынаны біл, қан қызыл крестің осынау даңқты рыцарына құдай Испанияға қамқор әрі құтқарушы болуға, — әсіресе испандар маврларға қарсы жүргізген сол бір сұрапыл соғыс жылдарында, — әмір еткен еді, міне сондықтан да испандар айқасқа түсер алдында өз қорғаушысы ретінде осы әулиеге сиынып, есімін атап шақырады және оның шайқасқа қатысып жүргенін, агарлардың қарақұрым әскерін күйретіп, табанға салып таптап, қыран жапқандай қырып-жойғанын көп адам өз көзімен көрген, — бұған дәлел ретінде испанның шыншыл хроникаларынан көптеген мысал келтіре алам.
Осы арада Санчо әңгіме ауанын өзгертіп, мырзасына былай деді:
— Апырай, сеньор, герцогиняның күтушісі Альтисидора не деген әдепсіз бикеш еді! Шамасы, анау әлгі, аты кім еді, Амур оңдырмай жаралап, жақсылап атқан ғой жебемен, — жұрт оны көзі шамалы көретін балақан деседі, көзі іріңдеп жүрсе де, тегінде, тіпті бірдеңе көруден қалса да, бәрібір, әлдебіреудің жүрегін нысанаға алса бітті, ол тіпті титімдей жүрек болса да мейлі, әрдайым дәл тигізеді және оғы оны әрқашан тесіп өтеді. Сосын тағы бір құлағым шалғаны, оның махаббат жебесі қыздың ұялшақтығы мен ибалылығына соқтықса ұштығы мұқалып, сынып қалады деуші еді, ал мына Альтисидораға келгенде мұқалудың орнына өткірленіп кеткен секілді ғой.
— Бір нәрсені ұмытпа, Санчо, — деді Дон Кихот, — махаббат ешкіммен санаспайды, тоят дегенді білмейді және оның дағдысы мен дәстүрі де ажалдың дағды-дәстүрінен аумай қалған: бақташының жыртық лашығына қалай емін-еркін кірсе, корольдің салтанатты сарайына да тап солай кіріп барады, ал адам жанын толайым-тұтасымен баураған шағында ол ең алдымен одан үрей мен ұятты қуып шығады: міне, ұят дегенді былай жиып қойған Альтисидораның сүйіспеншілік сезімін білдіруінің де себебі осында, ал мұнысы мені абыржытып тастағаны болмаса, аяушылық сезімімді оята алмады.
You have read 1 text from Kazakh literature.
Next - Айлакер Идальго Ламанчалық Дон Кихот Орыс Тілінен Аударған Құрманғазы Қараманұлы - II - 35