Latin Common Turkic

Айлакер Идальго Ламанчалық Дон Кихот Орыс Тілінен Аударған Құрманғазы Қараманұлы - II - 43

Total number of words is 3991
Total number of unique words is 2090
33.0 of words are in the 2000 most common words
46.3 of words are in the 5000 most common words
53.7 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
— Шынымен-ақ жақсымын ба, ол жағын білмеймін, — деді Дон Кихот, — айтарым тек, онша нашар да емеспін; бұған дәлел ретінде, мархабатты мырзам дон Альваро Тарфе, мынадай бір деректі қаперіңізге салайын: мен Сарагосада өмірімде бірде бір рет болып көргем жоқ, мұны аз десеңіз, ойдан шығарылған Дон Кихоттың сарагостық турнирге қатысатынын білгеннен кейін әлгі жазғышты әшкерелеу үшін Барселонаға қарай тартып кеттім, ол өзі — меймандостық ордасы, жат жерліктер мекен-жайы, кедей-кепшіктер баспанасы, ержүректер отаны, қыспақ көргендер қорғаны, шынайы достықтың қонақжай шаңырағы, орналасқан жерінің көріктілігі жөнінен теңдесі жоқ қала. Рас, онда бастан кешкен жайларым онша қуанарлық болған жоқ, керісінше, тіптен қайғылы болды, сөйте тұрғанымен, көңілге медет санарым — қаланың өзін көргенім. Сонымен, сеньор дон Альваро Тарфе, даңқы алысқа тараған Ламанчалық Дон Кихот деген мына мен болам, ал анау әлгі менің есімімді иеленіп, ой-арманымды олжалап, сол арқылы әлеуметтің алдында абыройын арттырғысы кеп жүрген арамза — ол басқа біреу. Сізді шынайы кавальеро санап, мынадай өтініш айтқым кеп тұр: рақымшылық жасап, күні бүгінге дейін мені ешқашан көрмегеніңізді, менің екінші бөлімде бейнеленген Дон Кихот еместігімді, сондай-ақ атқосшым Санчоның да өзіңізге жақсы мәлім Санчо емес, басқа адам екенін жергілікті алькальдқа мәлім еткеніңізді қалар едім.
— Бұл өтінішіңізді қуана-қуана орындаймын, — деді дон Альваро, — алайда, өзіңіз айтыңызшы, есімдері бірдей, бірақ іс-әрекеті мүлдем басқа екі Дон Кихотпен және екі Санчомен бірден таныс болу деген көз көріп, құлақ естімеген нәрсе емес пе. Әйткенмен, көрген жайларымды көрмедім деп, басымнан өткен оқиғаларды өтпеді деп растап беруге әзірмін.
— Сіздің де, мырза, дәп сол сеньора Дульсинея Тобосская секілді жадыланғаныңызға шүбә жоқ, — деп тұжырды Санчо. — Сол сеньора үшін тәуекел етіп жүргенімдей, өзімді өзім қамшымен үш мыңнан астам осу арқылы сіздің де жадыңызды қайтара алсам қандай ғанибет болар еді — сіз үшін, әрине, мұны тегін-ақ атқарар едім.
— Қамшылау жайынан хабарсыз екем, — деп мойындады дон Альваро.
Санчо оған мұның ұзақ әңгіме екенін, бірақ егер бірге жүретін болса жолда бәрін жыр ғып беретінін айтты. Сөйтіп жүргенде түскі ас ішетін уақыт та таяды; Дон Кихот пен дон Альваро бірге түстенді. Сол арада ғайыптан тайып бекетке хатшысын ертіп жергілікті алькальд келе қалды, Дон Кихот аталмыш алькальдқа заңға негізделген мынадай өтініш білдірді: өзінің, Дон Кихоттың, құқына қол сұғудан қорғану үшін осы жерде отырған кавальеро дон Альваро Тарфенің алькальд мырзаның алдында өзі де осы жерде отырған Ламанчалық Дон Кихотты бұрын ешқашан білмегеніне, сондай-ақ оның Тордесильяста туып-өскен Авельянеда дегеннің шығармасы боп табылатын, Ламанчалық Дон Кихоттың екінші бөлімі деген атпен жарыққа шыққан кітапта бейнеленген Дон Кихоттан мүлдем басқа адам екеніне куәлік етуін қалаймын, деді. Алькальд мұның бәрін заңға сәйкес туралап берді: куәгер берген түсінікті хаттау тәртібі мүлтіксіз сақталды; Дон Кихот пен Санчо, бейне бір мұндай түсінікке ие болу өздері үшін шын мәнінде де айрықша маңызы бар нәрседей және екі Дон Кихот пен екі Санчоның арасындағы айырмашылық олардың істеген ісі мен айтқан сөзі арқылы онсыз да жеткілікті дәрежеде дараланып тұрмағандай бұған мәз-майрам боп қуанды. Дон Альваро мен Дон Кихот бір-біріне ұзақ сыпайыгершілік лебіз білдіріп, адалдықтарын жария қылды, осы сұқбат барысында даңқты ламанчалық өзінің бар парасат-пайымын паш етті, ал дон Альваро Тарфенің ол жайында ұшқары ойда болғанын мойындауына тура келді: осынау мүлдем екі басқа Дон Кихотты өз көзімен көрген ол өзінің де жадыланып қоюы мүмкін-ау деген ойға жақындап та қалған-ды.
Кеш түсті, селодан екі мейман бір мезгілде аттанды, алайда жарты мильдей ұзаған соң жол екі айырылды: бірі Дон Кихоттың селосына, екіншісі дон Альваро бармақшы өңірге қарай бастайтын. Осынау азғантай ғана уақыт аралығында Дон Кихот кесір боп тиген жеңілісі жөнінде, Дульсинеяның жадылануы мен жадысын қайтарудың амал-айласы жайында дон Альвароға тәптіштеп айтып берді, бұл әңгімесімен дон Альвароны таң-тамаша қалдырды, одан соң Дон Кихотпен және Санчомен құшақтасып қоштасқан дон Альваро бір бағытқа, ал Дон Кихот екінші бағытқа ат басын бұрды. Санчоның өз епитимьясын тәмамдауына мүмкіндік беру үшін Дон Кихот бұл түнді ағаш арасында өткізді, ал Санчо онысын бұл жолы да өткен түнде қолданған сол бұрынғы тәсілмен атқарды, яғни шамшат қабығын аямай қаусатты, ал өзінің жон арқасын айрықша мәпелегені сонша, оған дарытқан соққылары тіпті шыбынды да үркіте алмайтын. Алданған Дон Кихот санақтан бірде бір рет жаңылған жоқ, сөйтіп кешегіні қоса есептегенде қамшының жалпы саны үш мың жиырма тоғызға жеткенін айтты. Бұл күні күн тек осынау құрбандыққа көз тігу үшін ғана ертерек көтерілгендей еді, оның сәулесі шашырай бастаған бойда-ақ Дон Кихот пен Санчо дон Альвароның қандай қате пікірде жүргені жайында және одан сот өкілі алдында, тиісті тәртіпті сақтай отырып түсінік алғандары қандай ақылды іс болғаны жөнінде әңгімелесе отырып әрмен асты.
Бұл күнді де, сол сияқты келесі түнді де олар жолда өткізді және бұл уақыт аралығында сипаттап беруге лайық ешқандай оқиға оларға жолыққан жоқ; айта кетуге тұрарлық бір ғана жай: өткен түнде Санчоның өз жаттығуын ойдағыдай орындағаны Дон Кихотты шексіз қуанышқа кенелтіп, таңның атуын тағатсыздана тосумен болған, өйткені жүрегінің әміршісін, жадысынан құлан таза арылған Дульсинеясын, күндіз міндетті түрде жолықтырып қалатындай көрінген; сөйтіп, сапарын жалғап келе жатып, жолда ұшырасқан әйел атаулының бәріне мынау Дульсинея Тобосская емес пе екен деп шұқшия қараумен болды, ал Мерлиннің уәдесін орындамауы мүмкін екені қаперіне кіріп те шықпады. Осындай ой-армандар жетегіндегі ол Санчомен бірге төбеге көтерілді, бұл жерден туған селолары көрініс беріп тұр еді. Сол арада Санчо жерге тізерлей кетті де, былай деп дауыстап жіберді:
— Көзіңді аш, сүйікті туған жерім, өз ұлыңа, Санчо Пансаға назарыңды сал: ол саған онша дәулетті адам боп оралып тұрған жоқ, қамшымен қан-жоса боп осылған қалпында келіп тұр. Құшағыңды жай, өз ұлың Дон Кихотты да қарсы ал: ол біреуден жеңіліс тапты, есесіне, өзін өзі жеңді, қандай адам үшін де бұдан артық айбынды жеңіс болмайды, дегенді маған соның өзі еді ғой айтқан. Мен ақшалы оралдым, себебі олар қатырып жон терімді сыдырды, есесіне қатырып атқа мініп қыдырдым.
— Жә, жетер, сайқымазақтанбай, — деді Дон Кихот, — селомызға аман-сау жетіп алайық әуелі, онда барған соң, қол боста, ой-қиялға ерік беріп, өзіміз ниет қылған бақташылық өмірдің жоспарын жасармыз.
Содан соң олар төбеден түсіп, селоларына қарай бет алды.
LXХІІІ тарау
Дон Кихот селосына енді кіре бергендегі жаман ырымдар жөнінде, сол сияқты осынау теңдесі жоқ хикаяны көркемдеуге және шыншылдығын арттыра түсуге көмектесетін басқа да оқиғалар жайында.
Сид Ахмет айтқандай, екеуі селоға енді кіре берген кезде Дон Кихот астық сақтайтын сарай жанында екі баланың өжектесіп жатқанын байқап қалды, бірі екіншісіне:
— Босқа әуре болма, Перикильо, — енді сен оны өмір бақи көрмейсің! — деп айқайлап жатыр еді.
Дон Кихот Санчоға былай деді:
— Естідің бе, достым, балақайдың не дегенін: “Енді сен оны өмір бақи көрмейсің”, деді ғой.
— Онда тұрған не бар? — деп қарсылық білдірді Санчо. — Бала не демейді!
— Не бар, деймісің? — деп дауыстап жіберді Дон Кихот. — Егер бұл сөзді өзіме қарата бейімдейтін болсам, онда Дульсинеяны енді ешқашан көрмейтін боп шығам ғой, соны да түсінбейсің бе?
Санчоның жауап қатқалы оқталғаны сол еді, аңшылар мен тазы иттер соңына түскен қоянның жазық даламен зымырай қашып келе жатқанын оқыстан көзі шалып қалды, зәресі ұшқан қоян қашқаннан қашып отырып сұр есектің бауырына кіріп бүрісіп жата кетті. Санчо оны құр қолмен ұстап алды да, Дон Кихотқа әкеп берді, бірақ Дон Кихот былай деді:
— Malum sіgnum! Malum sіgnum!51 Қоян қашып келеді, соңынан тазылар қуып келеді, — Дульсинеяны көре алмайды екем!
— Қызық адамсыз, тақсыр, — деді Санчо. — Айталық, мына қоянды — Дульсинея Тобосская десек, оны өкшелеген тазыларды — Дульсинеяны шаруа әйелге айналдырған зұлым сиқыршылар десек, қоян қашып келе жатса, оны мен ұстап алып қолыңызға берсем, сіз оны құшақтап, бауырыңызға бассаңыз — мұнда тұрған қандай жаман ырым бар, бұдан нендей жамандық нышанын аңғаруға болады?
Әлгінде ғана шекісіп қалған екі балақай қоянды көруге келді, сол арада Санчо біреуінен олардың не үшін өжектескенін сұрады. Санчоға әлгі: “Енді сен оны өмір бақи көрмейсің”, дегенді айтқан бала жауап қатып, жолдасынан шілделік салынған торды тартып алғанын және оған оны ешқашан қайтарып бермейтінін мәлім етті. Санчо қалтасынан төрт куарто шығарып, балақайға берді де, торды алып Дон Кихотқа тапсырып тұрып былай деді:
— Осымен бәрі тәмам, сеньор: ырым атаулының бәрі құрып, күлі көкке ұшып кетті, ал шындығында, бұл ырымдардың сіз бен бізге қатысы өткен жылғы жауын бұлтындай ғана; саяздау адам болғаныма қарамастан, мұны тіпті менің өзім де шамалап тұрмын. Егер қара басып қателесіп жүрмесем, шынайы христиандарға, оның үстіне көзі ашық, оқыған адамдарға мұндай болымсыз нәрсеге мән берген жараспайды, дегенді священнигімізден естігем, оған қоса, өзіңіз де, тақсыр, жақында ғана маған: ырымға сенетін христиандар — ақымақтар, деп түсіндіріп едіңіз ғой. Ендеше, оған бола мына арада кідіре беруіміздің жөні жоқ, жүрейік, үйімізге барайық.
Аңшылар келіп, қояндарын талап етті, Дон Кихот оны бере салды; Дон Кихот пен Санчо жүрісін әрмен жалғап, селоға келіп кіргенде көкорайда дұға оқып отырған священник пен бакалавр Каррасконы көрді. Айта кетерлігі, Альтисидораны тірілтетін түнде герцогтың қамал-сарайында өзіне кигізген әлгі жалын тілі бейнеленген бомази мантияны Санчо Панса ат жабу орнына пайдаланып, сұр жорғаны және жіппен байланған сауыт-сайманды жауып қойған-ды. Оған қоса, есектің басына қалпақ кигізген еді, — тоқ етері, есек тұқымдас хайуанаттардың ешқайсысы жер бітіп, су аққалы мұндай құбылуды бастан кешіп, мұндай сәнді киім киіп көрмеген болатын.
Священник пен бакалавр саяхатшыларды бірден танып, құшақ жая ұмтылды. Дон Кихот атынан түсіп, оларды құшағына қысты; деревня балалары есектің басындағы қалпақты сілеусін көзіндей өткір көздерімен шалғай жерден-ақ шалған-ды, енді олар топырлай жүгірісіп келіп, өзді-өзі былай деп дабырласып жатқан:
— Әй, баллар, қараңдар, мынау Санчо — есек мінген: есегі Мингодан да сәнді киініпті, ал анау Дон Кихот — мәстек мінген: мәстегінің қазір барлық қабырғасы бірдей ырсиып тұр!
Ақыр соңында балалар қаумалап алған, священник пен бакалавр серік боп ерген Дон Кихот пен Санчо селоға кіріп, Дон Кихоттың үйіне қарай бет алды; үйдің табалдырығында олардың келгенінен хабардар боп үлгерген күтуші әйел мен жиен қыз тұр еді. Бұл хабар Санчоның зайыбы Тереса Пансаға да жеткен; шашы ұйпа-тұйпа, шала-шарпы киінген қалпы қызы Санчиканы қолынан жетелеп алған ол күйеуін қарсы алмаққа жүгіре жөнелген; алайда күйеуінің, өз ойынша, губернаторға лайық киінбегенін көріп, оған былай деді:
— Саған не болған, әкесі-ау? Үйге жаяу оралып келе жатқандайсың, оның үстіне аяғыңды әзер басасың; түр-сықпытың губернаторға тіптен ұқсамайды, керісінше, губернатор болып тынған адам секілдісің.
— Жап аузыңды, Тереса, — деді Санчо, — адамды киіміне қарап қарсы алып, ақылына қарап шығарып салады, үйге жеткенімше шыдай тұр — не ғажапты еститін боласың. Мен ақша әкелдім, ең бастысы осы және оны епсектілігімнің арқасында таптым, ешкімді ренжіткем жоқ — одан құдай сақтасын.
— Бере ғой ақшаңды, аяулы әкесі, — деді Тереса елп етіп, — ақша қолыңа әрқилы жолмен түсуі мүмкін. Оны қалай тапқаныңмен ешкімді таңғалдыра алмайсың.
Санчика әкесін құшақтап, өзіне не әкелгенін сұрады: оны көктемдегі жаңбырдай сағына күткені көрініп тұрды; одан соң бір қолымен әкесінің белдігінен ұстап, екінші қолымен есектің сулығынан алды, әйелі Санчоның екінші жағынан шығып, қолынан ұстады, сөйтіп олар үйлеріне қарай бет алды; ал Дон Кихот болса, үйінде — күтуші әйел мен жиен қыздың қамқорлығында қалды, оның жанында, сондай-ақ, священник пен бакалавр бар еді.
Біреудің бірдеңе деуіне мұрша келтірмеген Дон Кихот сол бойда-ақ бакалаврмен және священникпен бірге бөлмесіне кіріп кілттеніп алды да, оларға өзінің жеңілісі жайында, сондай-ақ бір жыл бойы селодан шықпауға міндеттеме алғаны және бұл міндеттемесін жарғысын қастер тұтатын шынайы кезбе рыцарь ретінде мүлтіксіз әрі бұлжытпай орындайтыны жөнінде қысқаша түрде баян етті; сонымен бірге, жылды бақташы боп өткізбекші екенін, адам тұрмайтын маң далаға кетпек ойы барын, онда ізгі ниетті бақташылық тұрмыс кеше жүріп, махаббатқа қатысты ой-қиялына кең өріс ашуына болатынын айтты; сондай-ақ, священник пен бакалаврға бос уақыты болса және басқадай маңызды шаруалары кедергі келтірмесе өзіне қосылуға ұсыныс білдірді; бір отар қой сатып алғалы отырмын, бұл бәріміз бақташы атану құқын иеленуімізге әбден жеткілікті, оған қоса, қаперге салар тағы бір нәрсем — негізгі шаруа тындырылды, яғни бас-басыңа есім тауып қойдым және бұлар өте лайықты есімдер, деді. Священник атап айтқанда қандай есімдер екенін сұрады. Дон Кихот өзінің бақташы Кихотис, бакалаврдың — бақташы Карраскон, священниктің — бақташы Пресвитериамбро, ал Санчо Пансаның — бақташы Пансино атанатынын айтты. Дон Кихот есалаңдығының осынау жаңа өрісі священник пен бакалаврды қайран қалдырды, алайда оның рыцарьлық ерлік жасау мақсатында қайта тентіремеуін көздеген және бір жыл мерзімнің ішінде тәуір боп кетер деп үміттенген олар мұның бұл жаңа әурешілігін мақұлдады, сөйтіп есуастық ойын өте бір есті ой деп танып, онымен бірге жаңа салада әрекет ете бастауға келісім берді.
— Тағы бір ескеретін нәрсе бар, — деп қосып қойды Самсон Карраско. — Менің атақты ақын екенім баршаға мәлім, сондықтан қорыс пен жықпылда ішіміз пыспас үшін мен бақташылық, зайырлық және басқа да тұрғыда үздіксіз өлең шығаратын болам, ал ең бастысы, мархабатты мырзаларым менің, әрқайсымыз өзі дәріптейтін бақташы қыздың есімін ойлап табуы керек, одан соң ғашықтық дертіне шалдыққан бақташылардың салтына сай, бұл есімдер ойып жазылмаған бірде бір қабығы қатты ағаш қалмауға тиіс.
— Мұның бәрі өте орынды нәрсе, — деді Дон Кихот, — бірақ жан тең келмес ДульсинеяТобосская тұрғанда маған қиялдағы бақташы қыз үшін есім ойлап табудың қажеті жоқ, ол — жақын маңайдағы жағалаудың мақтанышы, даламыздың сәні, сұлулықтың сарайы, әсемдіктің асқар шыңы, — ұзын сөздің қысқасы, асыра сілтеп жібердім-ау деп қауіптенбей мақтау сөздің қандайын да айта беруге әбден лайықты қыз.
— Дұрыс айтасыз, — деп келісе кетті священник, — ал біз болсақ, өзімізге бақташы қыздардың икемге көнгіштеуін іздестірерміз, бірі илікпесе басқасы табылар.
Самсон Карраско іліп әкетті:
— Ал егер таба алмасақ, жұрттың бәрі оқыған, бәрі білетін кітаптарда сомдалған және бейнеленген Филида, Амарилис, Диана, Флерида, Галатея және Белисарда секілділердің есімін алармыз. Бұл кітаптар барлық базарда сатылып жатқандықтан, неге бізге оларды сатып алып жеке меншігімізге айналдырмасқа? Егер менің ханымымды, дәлірегі, бақташы қызымды, айталық, Ана деп атайтын болса, мен оны Анарда деген есіммен жырға қосам, егер Франсиска деп атайтын болса, Франсения атандырам, егер Лусия деп атайтын болса, Лусинда деймін, осылай кете береді. Ал егер Санчо Панса да біздің ағайындықтың қатарына қосылса, онда ол әйелі Тереса Пансаны Тересайна деген есіммен дәріптей алады.
Дон Кихот жаңадан жасалған мына соңғы атауға мәз бола күлді, ал священник Дон Кихоттың құрметті де ізгі ниетті бастамасына тағы да толық қолдау білдіріп, тікелей міндетін орындаудан ауысқан уақытының бәрін өзімен бірге өткізуге уәде етті. Осымен священник пен бакалавр Дон Кихотпен қош айтысты, кетер алдында одан денсаулығын сақтауға өтініш білдірді және ауқаттану жағына айрықша көңіл бөлуге кеңес берді.
Жиен қыз бен күтуші әйел тағдырдың айдауымен бұл әңгімені бастан-аяқ естіп алған, сөйтіп священник пен бакалавр шығып кеткен бойда екеуі Дон Кихотқа кіріп, жиен қызы оған мынаны айтты:
— Бұл не әңгіме, ағатай-ау? Сізді үйге біржола оралған екен және өзіне лайық мамыражай тірлік кешеді екен деп ойлағанбыз, бақсақ, әлгі бір әнде —
Бақташы бала, тоқтай қал!
Қайдан келдің, барасың қайда? —
делінетіндей, жаңа бір хикметті бастауға басыңыз қисайып тұр екен ғой. Шын сөзім, ондай жастан кеттіңіз ғой!
Сол арада күтуші әйел сөзге араласты:
— Жаз мезгіліндегі — түскі аңызақ, қыс мезгіліндегі — түнгі ызғар мен қасқырдың ұлуы, осының бәрі сізге тиімді ме, мырза? Әлбетте, тиімді емес; бұл — шымыр, шыныққан, оған жөргегінен дерлік көндіккен адамдар айналысатын шаруа. Егер екі тауқыметтің бірін таңдау қажет болса, онда бақташы емес, кезбе рыцарь болған артық. Ақ-адал шыным, сеньор, айтқан ақылымды тыңдаңыз, — мұны сізге шала мас қалпымда емес, сау-сәлемет қалпымда айтып тұрмын және жарты ғасыр ғұмыр кешкен жасым бар, — үйде болыңыз, шаруашылықпен шұғылданыңыз, жарлы-жақыбайларға жәрдемдесіңіз, егер сізге мұның шарапаты тимесе, күнәсын мен-ақ артайын.
— Жарайды, қыздарым, — деді Дон Кихот, — не істеуім керек — оны өзім білем. Мені төсекке жатқызыңдар, — аздап дімкәстанып тұрмын, — сосын естеріңде болсын: кезбе рыцарь ма, бақташы ма, кім болсам да, бәрібір, қашан да өздеріңе қамқорлық жасаймын, оған іс жүзінде көз жеткізесіңдер.
Екі бауырмал қыз (күтуші мен жиені, шын мәнінде де оның қыздары іспетті еді) оны төсекке жатқызды және жақсылап тамақтандырып, күтім жасауға барын салып бақты.
LXХІҮ тарау
Дон Кихоттың сырқатқа шалдыққаны, өсиет қалдырғаны және дүние салғаны жайында.
Дүниеде мәңгілік ештеңе жоқ, бәрі де, соның ішінде адам баласының ғұмыры да, алғашқы кірпік қағымнан соңғы қас қағымға дейін дәйім тек ақыр аяғына қарай жылжумен болады, ал көктегі құдірет Дон Кихот өміріне өз ағымын бәсеңдету қабілетін дарытпағандықтан, оның демі үзілуі мен дүние салуы өзі үшін мүлдем күтпеген жағдайда болды; бәлкім, ол жеңіліп қалғанына бола қатты қамыққан шығар әлде көктегі Құдірет солай орайластырып, ұйғарым етті ме, әйтеуір безгекпен ауырып, алты күн бойы төсек тартып жатты, осы уақыттың ішінде достары: священник, бакалавр мен шаштараз келіп көңілін сұрап тұрды, ал мейірбан атқосшысы Санчо Панса болса, күні-түні басында отырды. Оның мұндай күйге ұшырауы жеңіліс табуы мен Дульсинеяның жадысын қайтарып, оған азаттық әпере алмайтын дәрменсіздігіне деген күйінішінің салдары деп ойлаған достары қолдарынан келгенінше Дон Кихоттың көңілін көтеруге тырысып бақты; ал бакалавр оған өзін-өзі қолға алып, төсектен тұрып, бақташылық өмірді бастауы керегін айтып қақсаумен болды, тіпті бұл тақырыпқа, өзі, бакалавр, Саннадзаро эклогынан да артық бір дүниені дайындап қойғанын және өз ақшасына кинтанарлық малшыдан отарды күзететін екі дәу төбет сатып алғанын, бірі Құбажирен, екіншісі Құсқабар аталатынын мәлім етті. Мұның бәрі, алайда, Дон Кихоттың қайғысын сейілте алмады.
Достары емші шақырды; ол тамырын ұстап көріп, көңілі толмай, Дон Кихотқа жан саулығы жайында ойланғаны артық болмайтынын, өйткені тән саулығына қатер төніп тұрғанын айтты. Дон Кихот оның сөзін сабырмен тыңдады, алайда күтуші әйел, жиен қыз бен атқосшы бұған олай қарамады — олар Дон Кихот бейне бақиға кетіп те қалғандай дауыс сала бақырып жіберді. Емші Дон Кихотты діңкелетіп жатқан сағыну мен сары уайым деген тұрғыда пікір білдірді. Дон Кихот қатты ұйқысы келіп тұрғанын айтып, өзін оңаша қалдыруды сұрады. Бұл өтініш орындалып, ол алты сағаттан астам уақыт бойы тұяқ серіппестен ұйқтады, күтуші әйел мен жиен қыз тіпті ол ұйқтап жатқан қалпы жүріп кеткен жоқ па екен деп те қорықты. Аталған уақыт өткен соң, алайда, ол оянып, былай деп дауыстап жіберді:
— Өзіме осынша мейірімділік білдірген құдіреті күшті Құдайға мың да бір рақмет! Оның шапағаты шынымен шексіз және адам баласының айып-күнәлары оны азайта да, тауыса да алмайды.
Жиен қыз нағашысының сөзін ықылас қоя тыңдады, оның сөзі әдеттегіден, қалай болған күнде де, әйтеуір ауырып жатқан кезде айтқандарынан, әлдеқайда қисындылау көрінді, сондықтан оған қарап былай деді:
— Не жайында айтып жатырсыз, ағатай? Тағы бір жаңалық бар сияқты ғой? Қандай шапағат, қандай айып-күнәлар жөнін сөз етіп жатырсыз?
— Айып-күнәларыма қарамастан Құдайдың өзіме дәл осы сәтте тигізген шапағаты жайында айтып жатырмын, жиенжан, — деп жауап қатты Дон Кихот. — Ақыл-есім қалпына түсті, енді ол жеркенішті рыцарьлық романдарды бас алмай оқудың қырсығынан тап болған надандықтың қара тұманынан құлан таза арылды. Бұл романдардың пәтуасыздығы мен жалғандығын қазір жақсы түсінем, бір ғана өкінішім, осыны кеш ұққаным болып тұр және бұл қатемді түзетіп, жан дүниеміздің шамшырағы боп табылатын басқа кітаптарды оқуға уақытым қалмай тұр. Жиенжан-ай, дүниеден өтерімді сезіп жатырмын, алайда дүниеден өткенімде өмірге босқа келмегенімді жұрттың білгенін, артымда делқұлы деген атақ қалмағанын қалар едім, — тіпті сондай болғанымның өзінде де ажалды күнім арқылы ондай емес екенімді дәлелдегім келеді. Жақсы достарымды: священникті, бакалавр Самсон Каррасконы және шаштараз маэсе Николасты шақыршы, қарағым, олармен арыздасып, өсиет қалдырсам деймін.
Алайда жиен қызға бұларды шақырудың қажеті болмады, өйткені дәл осы кезде үшеуі де Дон Кихоттың бөлмесіне келіп кірді. Оларды көрген бойда Дон Кихот былай деп сөйлеп кетті:
— Мені құттықтауларыңа болады, қымбаттыларым: мен енді Ламанчалық Дон Кихот емеспін, Алонсо Киханомын, мінез-құлқы мен әдеп-әдеті үшін Ақпейіл атанған адаммын. Мен енді Амадис Галльский мен оның қисапсыз ұрпағының қас жауымын, енді менің кезбе рыцарьлық жайындағы жексұрын кітаптардан жүрегім айниды, кемақыл болғанымды, бұл кітаптардың маған қаншалықты зиянды ықпал жасағанын жақсы түсіндім, қазір енді жаратқанның жақсылығы арқасында тәубеге келіп, бұл кітаптарға қарғыс айтам.
Келіп отырған үшеу бұл әңгімені естіп, Дон Кихот, шамасы, есуастықтың басқа бір түрін тапқан шығар деп шешті. Сол арада Самсон оған былай деді:
— Сонда қалай болғаны, сеньор Дон Кихот? Дәл қазіргі кезде, сеньора Дульсинеяның жадысы қайтарылды деген хабар алып отырған шағымызда, бәрінен бас тартпақсыз ба? Баршамыз жиылып бақташы болуға, ән шырқап, шат-шадыман тірлік кешуге оқталған шағымызда, бізді тастап тақуа боп кетпексіз бе? Қойыңыз ондайды, ойланыңыз, бос сандырақ қой мұныңыз.
— Ал, мен осы күнге дейін болғанды сандырақ санаймын, — деп қарсылық білдірді Дон Кихот. — Ол маған сор боп жабысқан сандырақ болды, алайда өлерімнің алдында жаратқанның жәрдемімен оны өз пайдама айналдырмақпын. Сеньорлар, ұзамай бақиға аттанарымды сезіп жатырмын, сондықтан бұл арада әзіл-қалжыңға орын жоқ; қазір маған діни тәлімгер қажет, өйткені арыздасқым келеді, сосын өсиет қалдыруым үшін хатшы керек. Мұндай сәтте адамға өз жан-дүниесімен қалжыңдасқан жараспайды, сондықтан сіздерден сұрарым: священникпен арыздасып біткенімше, хатшыны алдырыңдаршы.
Әлгі жерде тұрғандар бір-біріне таңырқана қарасты — Дон Кихоттың оларды қайран қалдырғаны сондай, онша ықыласты бола қоймағанымен, бәрі де оның сөзіне илануға бейіл берді. Есалаңның аяқ асты есті адамға айналуы бұларға мұның татар дәмі таусылуға таяп қалғандығының айқын белгісіндей боп көрінді, оған қоса ол жоғарыда келтірілген сөзден басқа да жүйелі, христиандық рухтағы әрі мейлінше қисынды біраз әңгіме айтқандықтан, ақыр аяғында олардың күдігі біржола сейіліп, Дон Кихоттың ақыл-есі қайтып оралғанына еш күдігі қалмады.
Священник жұрттың шыға тұруын сұрап, Дон Кихот екеуі оңаша қалған соң онымен арыздасты. Бакалавр хатшы шақыруға кеткен, ұзамай хатшыны және Санчо Пансаны ертіп қайтып оралды; Санчо соның алдында бакалаврдан мырзасының қандай халде жатқанын сұрап білген еді, сөйтіп енді күтуші әйел мен жиен қыздың жылап тұрғанын көріп, түсі бұзылып, еңіреп қоя берді. Арыздасудан соң священник сыртқа шығып:
— Ақпейіл Алонсо Кихано шынымен бақиға кеткелі жатыр және шынымен ақыл-есі бүтін. Жүріңдер, барайық бәріміз, қазір ол өсиетін жазып қалдырмақшы, — деді.
Бұл сөздер күтуші әйелді, жиен қызды және мейірбан атқосшы Санчо Пансаны одан әрмен күйзелтіп, онсыз да құрғамай тұрған көздерінен жас бұршақ-бұршақ төгіліп, кеуделерінен күңірене күрсінген дыбыс шығып жатты, өйткені, бұрын айтылғандай, жай ғана Ақпейіл Алонсо Кихано атанып жүрген кезінде де, сол сияқты Ламанчалық Дон Кихот атанған кезінде де Дон Кихот дәйім мінез-құлқының ұяңдығымен және сыпайы қарым-қатынас жасай білетіндігімен ерекшеленетін, сол үшін оны отбасындағылар ғана емес, өзімен таныс-біліс болғандар да ұнататын. Басқалармен бірге оның бөлмесіне хатшы да кірген, ол өсиеттің тақырыбын жазып қойғаннан кейін құдайға құлшылық етіп алған Дон Кихот мұндай жағдайда христиандық салтқа сәйкес атқарылуға тиісті рәсімдерді сақтай отырып өсиетін айтып жаздыруға кірісті, сөйтіп ол былай деп бастады:
— Іteм52, делқұлы боп жүрген кезімде атқосшылыққа алған Санчо Пансаның қолындағы ақшамды қайтарып беру жөнінде талап қойылмасын және қайда кеткені сұралмасын, себебі екеуіміздің өз есебіміз бар; егер өзіне тиесілі сомадан бірдеңе ауыса қалса, мұны өзі ала берсін: ол көп ақша емес және оған артық болмайды; ақылдан адасып жүрген шағымда аралдың губернаторы боп тағайындалуына септік жасасам, қазір енді ақыл-есім бүтін кезде, қолымнан келсе оған тұтас корольдікті тарту еткен болар ем, өйткені оның қарапайымдығы мен адалдығы мұндай сыйға әбден лайық.
Сол арада ол Санчоға қарап былай деді:
— Менің қырсығымнан сен де делқұлы деген атқа қалдың, өзім сияқты адасып, дүниеде кезбе рыцарьлар болған және қазір де бар деп сеніп жүрдің, сол үшін кешір мені, достым.
— Аһ! — деп дауыстап жіберді Санчо жылап тұрып. — Өлмеңізші, мархабатты мырзам, айтқан ақылымды тыңдаңызшы: ұзақ ғұмыр кешіңізші, өйткені қайғы-шерден басқа ешкім сені өлтіріп жатпаса, көрер күніңді бір уыс қып жатпаса, қараптан-қарап аты-жөні жоқ өле салу деген ақылға қонбайтын есалаңдық қой. Жетер енді төсекте шалжиып жатқаныңыз, тұрыңыз, бақташы құсап киініңіз — сосын келіскеніміздей далаға кетейік: бәлкім, әлдебір бұтаның түбінен жадысы қайтарылған Дульсинеяны тауып алармыз, ал бұдан асқан қуаныш бар ма! Егерде жеңіліс тапқаныңызға деген өкініш-күйініштен өлгелі жатсаңыз, онда бәленің бәрін маған жаба салыңыз: атқосшым айылды дұрыстап тартпағанының қырсығынан Росинанттан құлап қалдым, деңіз, оған қоса, бір рыцарьдың екіншісін жерге сұлатып жататыны, бүгін — ол, ертең — анау жеңетіні әдетке айналған нәрсе екені рыцарьлық кітаптардан өзіңізге бек жақсы мәлім емес пе.
— Мейірбан Санчо Пансаның бұл сөзі өте орынды, — деп қоштап қойды оны бакалавр.
— Жә, жетер, сеньорлар, — деді Дон Кихот, — жаңа құс ескі ұяны жат көреді. Мен нақұрыс болғам, енді қазір сауықтым, бұрын Ламанчалық Дон Кихот болғам, қазір енді, қайталап айтайын, Ақпейіл Алонсо Киханомын. Шын жүректен тәубаға келуім арқылы өздеріңнің бір кездегі сый-құрметтеріңе қайтадан ие болсам деймін, ал сіз, хатшы мырза, әрмен қарай жазыңыз. Іtem, барлық дүние-мүлкімді осы арада отырған жиен қарындасым Антония Киханоға мұраға қалдырам, алайда оның өзім басқа мақсаттарға белгілеген бөлегі бұдан алдын-ала бөліп алынғаны жөн; ең әуелі күтушімнің өзімде қызмет еткен уақытына тиісті жалақысы толығымен төленгенін қалаймын, бұған қоса, киім-кешек алуы үшін оған жиырма дукат берілуін сұраймын. Өсиетімді орындаушы етіп священник мырза мен бакалавр мырзаны белгілеймін, олар да осы арада отыр. Іtem, жиен қарындасым Антония Кихано күйеуге шығуға ниет қылса, онда рыцарьлық романдардан мүлдем хабары жоқтығы өзіне алдын-ала мәлім адамға шықсын; егер оның мұндай романдарды оқығаны анықталса, ал жиен қарындасым соған қарамастан бәрібір оған күйеуге шығуға келіссе және шын мәнінде шықса, ондай жағдайда оны мұрадан айырам және өсиетімді орындаушылардан мұраны өз ұйғарымына орай игі істерге жұмсауды өтінем. Іtem, жоғарыда аталған өсиетімді орындаушы мырзалардан егер қашан да болсын оларға Ламанчалық Дон Кихот ерліктерінің екінші бөлімі деген атаумен мәлім кітапты жазған адаммен жолығудың реті келсе, оған кітабын шаш-етектен келетін қисынсыз нәрсемен толтыруына лажсыз себепкер болғаным үшін кешірім өтінетінім жайындағы тілегімді жеткізуді сұраймын, өйткені осыған түрткі болғаным үшін о дүниеге аттанып бара жатып аса бір ыңғайсыздық сезініп тұрған жайым бар.
Осымен Дон Кихот өсиетін тәмам қылды, сосын талықсып кетті де, төсегіне ұзынынан сұлады. Бәрі шошынып оған көмекке ұмтылды; өсиетін жаздырғаннан кейінгі үш күннің ішінде Дон Кихот сәт сайын дерлік есін жоғалтып алумен болды. Үйдің ішін үрей жайлады; дей тұрғанмен, бұл жиен қызға тамақ ішуге, күтуші әйелге стақаннан ұрттап қоюға бөгет болмады, сондай-ақ Санчо Панса да есесін жіберген жоқ: дүние салғалы жатқан адам жайында мұрагерлер жүрегінде еріксізден-еріксіз туындайтын қайғыны мұра жөніндегі ойдың қашан да қожыратып және сейілтіп жіберетіні — мойындамасқа болмайтын жай. Сөйтіп, ақыры Дон Кихотқа қатысты барлық рәсім-салт атқарылған соң және өзі сан-алуан салмақты дәлел келтіру арқылы рыцарьлық романдарды айыптағаннан кейін, оның соңғы сағаты таялды. Сол арада болған хатшы бірде бір рыцарьлық романнан кезбе рыцарьлардың ешқайсысының Дон Кихот секілді өз төсегінде жатып тып-тыныш әрі христиандық үрдіспен өмірден өткені жайында оқымағанын құлаққағыс етті; айнала қоршап тұрғандар жылап-сықтап, күйзеліс білдіріп жатты, ал бұл кезде Дон Кихоттың демі үзіліп те кеткен болатын, былайынша айтқанда — өлген еді.
You have read 1 text from Kazakh literature.
Next - Айлакер Идальго Ламанчалық Дон Кихот Орыс Тілінен Аударған Құрманғазы Қараманұлы - II - 44