Latin Common Turkic

Айлакер Идальго Ламанчалық Дон Кихот Орыс Тілінен Аударған Құрманғазы Қараманұлы - II - 38

Total number of words is 3102
Total number of unique words is 1788
34.2 of words are in the 2000 most common words
49.0 of words are in the 5000 most common words
56.6 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
— Қане, айта қойшы, бас, тағы да губернатор болу жазып па екен маған? Әлі қанша уақыт атқосшының татымсыз тірлігін кешеді екем? Әйелім мен балаларымды көре алам ба?
Бұған мынадай жауап қайтарылды:
— Енді сен тек үйіңде ғана губернаторлық етесің; егер үйіңе қайтып оралсаң әйеліңмен және балаларыңмен жүздесесің, ал қызметтен кеткен кезіңде атқосшылықпен де хош айтысасың.
— Па, шіркін, жауабының сиқын! — деп дауыстап жіберді Санчо Панса. — Мұндай жауапты мен де бере алам ғой. Апырай, кемеңгерін-ай, айтатыны жоқ!
— Топас! — деді Дон Кихот. — Бұдан артық қандай жауап керек өзіңе? Бастың қойылған сұраққа жалтармай тура жауап беріп тұрғанының өзі жетпей ме саған?
Осымен сұрақ пен жауап тәмамдалды, бірақ дон Антоньоның бар жайдан бек жақсы хабардар екі досынан басқалары таңырқану мен таңдану сезімінен арыла алмады. Алайда Сид Ахмет Бен-инхали оқырмандарға тап осы арада тиісті түсінік бере кеткенді хош көріпті, өйткені олардың әрі-сәрі халде қала беруіне, сөйтіп аталмыш баста әлденендей сиқырлы әрі шектен тыс құпия бірдеңе орын тепкен-ау деген ойға қарай ойысуына жол бергісі келмепті, осы себепті ол дон Антоньо Мореноның көңіл көтеру үшін және хабары жоқ жұртты қайран қалдыру үшін Мадридтен көрген, әлдебір шебер сомдаған мүсіннің үлгісімен тап сондайдың бірін өз үйінде жасаттырғанын мәлім етеді; ал оның құрылғысы төмендегідей болатын. Үстелдің тақтасы мен жалғыз аяғы ағаштан болғанымен, яшмадан жасалған сияқты көрінетіндей әшекейленіп, сырланған еді, ал үстел орнықтырақ тұруы үшін аяғы бүркіт аяғының төрт саусағындай боп тармақталатын. Қоланың түсіне боялған және Рим императорының мүсінін еске салатын бастың іші қуыс еді, сол сияқты ол орнатылған тақтаның да ортасы кеуек-ті және бастың оған жымын білдірмей жымдастырылғаны соншалық, бас пен тақта біртұтас екен деп ойлап қалуға болатын. Сиқырлы бастың кеңірдегі мен кеудесі секілді көрініс беретін үстел аяғының іші де ойық еді және осының бәрі бас тұрған бөлменің астындағы басқа бөлмемен жалғасып жататын. Үстелдің аяғы мен тақтасындағы, мүсіннің кеудесі мен кеңірдегіндегі осы бос кеңістік арқылы ешкім байқай алмайтындай асқан шеберлікпен қаңылтыр түтік өткізілген болатын. Аталмыш бөлменің астындағы бөлмеде отырған адам түтікті аузына тақап, сұрақтарға жауап беретін: айта кетерлігі, оның дауысы, бейне бір рупор арқылы шыққандай, жоғарыға да, төменге де бірдей тарайтын және әр сөзі анық естіліп тұратын, — осы себепті бұл қулықтың сырын ашудың еш мүмкіндігі жоқ-ты. Жауапты студент, дон Антоньоның немере жиені, аңғарымпаз да тапқыр жігіт беріп отырды; бас орналасқан бөлмеге кімдерді ертіп келетінін нағашы ағасы алдын-ала ескертіп қойғандықтан, алғашқы сұрақтарға дереу және дұрыс жауап қайтару оған қиындыққа түскен жоқ, ал кейінгілеріне жорамалды түрде жауап беруіне тура келген, бірақ алғыр да зерек адам болғандықтан үнемі дөп түсіп отырған. Осы айтылған жайға қосымша ретінде Сид Ахмет: бұл ғажайып құрылғының одан кейін де оншақты күндей аман-сау тұрғанын, сосын қалада дон Антоньоның үйінде кез-келген сұраққа жауап беретін сиқырлы бас бар деген қауесет тарағанын, одан соң бұл әңгіме діни сенім тазалығын қас қақпай қарауылдайтындардың құлағына шалынуынан қорыққан дон Антоньо болған жайдың бәрін сеньор инквизиторларға өзі барып айтып бергенін, ал олардың ондай ермектен тиылуға, білімсіз қара тобырды еліктіріп жүрмесі үшін басты сындырып тастауға әмір еткенін хабарлайды; алайда Дон Кихот пен Санчо Пансаның көңілінде аталмыш бас әрі жұмбақ, әрі асқан шебер жауап қайтарушы ретінде қала барды; рас, оның жауаптары Санчодан гөрі Дон Кихотқа көбірек ұнаған еді.
Дон Антоньоны қызыққа кенелту ниетімен және Дон Кихоттың көңілін тауып, не қилы есалаңдық көрсетуіне мүмкіндік туғызу мақсатымен жергілікті кавальеролар алты күннен кейін шығыршық ілу ат сайысын ұйымдастырмақ болды, бірақ ат сайыс ақыры өтпей қалды, ол жайында төменде айтылмақ. Дон Кихоттың қаланы ешқандай сән-салтанатсыз жаяу аралап көрмекке аңсары ауды: егер атпен араласа тағы да балалар соңымнан топырлап мазамды ала ма деп қорыққан-ды; сөйтіп, үй иесі қосып берген екі малайды ертіп алған Дон Кихот пен Санчо қыдырыстауға шықты. Алайда, ойламаған бір жағдай болды: әлдебір көшемен өтіп бара жатқан Дон Кихот басын көтеріп қараған сәтінде бір үйдің есігінің маңдайшасында үлкен әріптермен таңбаланған Бұл жерде кітап басылады деген жазу барын көріп қалды; бұл оны қатты қуантты, өйткені әлі күнге шейін баспаханада болып көрмеген-ді, сондықтан кітаптың қалай шығатынын білуге ынтықты. Нөкерін ертіп ішке кірген ол бір жерде бедерлеме әзірленіп, екінші жерде түзету жүргізіліп, біреулердің әріп теріп, екіншілердің әріп таратып жатқанын көрді, — қысқасын айтқанда, кітап шығаратын үлкен баспахананың күнделікті тіршілігі көз алдында көлбеп жатты. Бір әріп кассасының қасына келген ол мұның не қажеті барын сұрады; жұмысшылар оған түсіндірді; ол таңырқанды да, әрмен асты. Одан соң ол тағы бір жұмысшыға келіп, немен айналысып жатқанын сұрады. Жұмысшы оған былай деп жауап қатты:
— Сеньор! Мына кавальеро, — ол кескіні көз тоярлық, жылы жүзді, маңғаздау пішінді адамды нұсқады, — итальяндық бір кітапты өз тілімізге аударған еді, мен соны теріп жатырмын, кітап етіп шығарамыз.
— Ол кітап қалай аталады? — деп сұрады Дон Кихот.
Оған аудармашы жауап берді:
— Сеньор! Бұл кітаптың итальянша атауы — Le Bagatelle.
— Le Bagatelle сөзінің испан тіліндегі баламасы қандай? — деген сұрақ қойды Дон Кихот.
— Испан тіліне аударғанда le вagatelle сөзі ұсақ-түйек деген мағына береді, — деп түсіндірді аудармашы. — Алайда атауы қарапайымдау болғанына қарамастан, кітапта құнды да пайдалы нәрселер жинақталған.
— Мен аздап итальянша білем, — деді Дон Кихот, — және Ариостоның бірнеше стансын әнге қосып айтып бере алатынымды мақтан тұтам. Ал, енді айтыңызшы, мархабатты мырзам (біліміңізді сынау үшін емес, әншейін әуесқойлықтан сұрап тұрмын), бұл шығармада сізге pіgnatta деген сөз кезіккен жоқ па?
— Әлденеше рет кезікті, — деді аудармашы.
— Ал, оны испан тіліне қалай аудардыңыз? — деп сұрады Дон Кихот.
— Ау, оның пеш құмыра дегеннен басқа баламасы бар ма еді? — деді аудармашы таңырқанып.
— Ғаламат! — деп дауыстап жіберді Дон Кихот. — Байқауымша, итальян тілінің майын ішкен адам секілдісіз! Итальянша pіace сөзін лазым деп аударатыныңызға, pіu сөзін — көбірек, su сөзін — жоғарыда, gіu сөзін — төменде деп тәржімелейтініңізге нендей нәрсеге болсын бәс тігуге бармын.
— Әлбетте, солай тәржімелеймін, — деп қоштай кетті оны аудармашы, — себебі тіліміздегі баламасы тура сондай.
— Зиялы ортада танымал еместігіңізге кепілмін, — деді Дон Кихот, — өйткені зиялы орта айрықша дарын мен айта қаларлық еңбекті лайықты бағалай білмейді. Осының қырсығынан қанша қабілет босқа құрымады! Қанша дарын елеусіз-ескерусіз қалмады! Қанша қасиет тиісті құрмет таппады!.. Солай бола тұрғанымен, меніңше, тіл атаулының падишалары боп табылатын грек және латын тілдерінен жасалатын тәржімелерді есепке алмағанда, бір тілден екінші тілге аудару да бір, фламанд кілемін теріс жағынан тамашалау да бір: рас, ою-өрнектері көрініп тұрады, бірақ босалаң жібінің молдығы бедерін анық байқатпайды, сондай-ақ, өң жақ бетінің көңіл сүйсінер татаусыздығы мен қанық бояулары да жоқ, оған қоса, көшіріп жазушылар мен көшірме жасаушылар үшін тапқырлық та, шұрайлы сөз де қажет болмайтыны секілді, жеңіл тілдерден аударушылар да ондайға бола бас қатыра бермейді. Әрине, аудармамен айналысу мақтауға татырлық іс емес дегелі тұрғам жоқ; бұдан да бағасыз кәсіп жетершілік және бізге аудармадан әлдеқайда аз пайда әкелетініне қарамастан, онымен айналысуды ар көріп те жатқан біз жоқ. Мен тек екі айтулы аудармашыны ғана білем, олар: Адал бақташыны аударған доктор Кристобаль де Фигероа мен Аминтаны тәржімелеген дон Хуан де Хауреги, — шебер қолдан шыққан осынау еңбектерді оқып отырғанда мұның қай жері аударма, қай жері түпнұсқа екенін аңғара алмай қаласың. Алайда, мынаны айтыңызшы маған, мейірімді мырзам: бұл кітапты өз есебіңізден шығармақсыз ба әлде оны әлдебір кітап саудагеріне сатып та жібердіңіз бе?
— Оны өз есебімнен шығармақпын, — деп жауап қатты аудармашы, — және тек алғашқы басылымының өзінен ғана мың дукаттан кем табыс таппаспын деп тұрмын, ал кітап екі мың данамен шығады, әр данасының бағасы алты реалдан болады және көзді ашып-жұмғанша сатылып кетеді.
— Қолмен қойғандай нақпа-нақ! — деп дауыстап жіберді Дон Кихот. — Кітап шығарушылардың қандай қитұрқы да жымысқы және бір-бірімен қандай ауыз жаласқан сыбайлас екенінен түк хабарыңыз жоқтығын байқатып қойдыңыз. Көріңіз де тұрыңыз, ана екі мың кітапты иығыңызға артқан кезде, салмағынан денеңіз сұмдық қатты жаншылатын болады, әсіресе егер кітабыңыз мазмұны жағынан бұлыңғырлау әрі тартымдылығы да шамалы болса.
— Сонда маған не істе дейсіз? — деп наразылық білдірді аудармашы. — Оны баспагерге бергенімді қалап тұрсыз ба? Өйтсем, ол кітапты басып шығару құқын алғаны үшін маған үш мараведиден ғана берер еді, әрі мені жарылқап тастағандай бәлсінер еді. Мен кітаптарымды атағымды асыру үшін шығармаймын, — онсыз да өз туындыларым арқылы танымал адаммын, — маған керегі — ақша, өйткені ақшасыз атақ-даңқтың құны қара бақыр.
— Құдай жолыңызды оңғарсын, — деді Дон Кихот.
Сосын ол әрмен қарай өтті де, Жанның шырағы деп аталған кітаптың бір баспа табағына жасалған түзетулерді көріп, былай деп құлаққағыс етті:
— Мұндай дүниелер аз жарияланған жоқ, әйтсе де осындай кітаптарды алдағы уақытта да шығара беру керек, өйткені жер бетінде күнәкарлар өте көп: қарақұрым қараңғы жанға қисапсыз көп шырақ қажет.
Ол әрменірек өтіп, тағы бір кітаптың баспа табақтарына түзету жасалып жатқанын көрді; қалай аталатынын сұрағанында, оған бұл Тордесильяста тұратын әлдебір автордың шығармасы, Айлакер идальго Ламанчалық Дон Кихоттың екінші бөлімі, деген жауап қайтарылды.
— Бұл кітап жайында құлағдармын, — деді Дон Кихот. — Шынымды айтсам, қисынсыз сандырақ болуы себепті оны өртеп, күлін желге ұшырып та жіберген шығар деп ойлағам, дегенмен, Мартин күнінде шошқа қайтсе де бауыздалмай қалмайды. Ойдан шығарылған хикаялар шындыққа жанасымды немесе шындыққа ұқсас болғанда ғана ұнамды әрі тартымды боп шығады, ал өмірде орын алған оқиғаларды тақырып еткен хикаялар тек шыншыл болғанда ғана ұнамды.
Көңіліне азды-кем кірбің ұялаған Дон Кихот соны айтып, баспаханадан шығып кетті.
Сол күні дон Антоньо Дон Кихотқа кемежайда тұрған галераларды көрсетпекші болды, бұған Санчо есі кетіп қуанды, өйткені ол өмірі кемеге мініп көрмеген-ді. Дон Антоньо кешкісін өзінің мейманы, даңқты Ламанчалық Дон Кихотпен бірге кемелерге баратынын командорға алдын-ала хабарлап қойған, қаланың басқа тұрғындары секілді командор да оның жайынан құлақтанып үлгерген; ал Дон Кихоттың кемелерде қандай кепке тап болғаны жайында келесі тарауда әңгімеленеді.
LXІІІ тарау
Мұнда кемелерді көру кезінде Санчо Панса тап болған бақытсыздық жөнінде және сүйкімді мавр қызына қатысты таңғаларлық шытырман оқиға жайында әңгімеленеді.
Сиқырлы бастың жауабы турасында Дон Кихот ұзақ қиялданды, алайда мұның әншейін алдау екені жайындағы ойдан мүлдем аулақ болатын: оның бар ой-аңсары бастың Дульсинеяның жадысы қайтарылатыны жөніндегі, өзіне ақиқат шындық тәрізді көрінген, уәдесі төңірегінен алысқа ұзамады. Ол бұған әлсін-әлі қайтып орала берді және уәденің орындалатын күні жақын деген сенімнен жүрегі қуанышқа бөленді; ал Санчо, өзіміз білетіндей, губернаторлықтан азар да безер болғанына қарамастан, бұйрық беруді, басқаларды әміріне бағындыруды қайтадан арман ете бастады, — мұндай пендешілік әйтеуір бір кезде, тіпті әзіл-қалжың түрінде болса да, билік жүргізіп қалған қай адамның басынан да кездеспей тұрмайды.
Сөйтіп, сол күні кеште үй иесі дон Антоньо Морено мен оның екі серігі Дон Кихотпен және Санчомен бірге кемелерге аттанды. Дон Кихот пен Санчо секілді екі атақты адам жағалаудан төбе көрсеткен бойда-ақ, осынау аса қуанышты оқиға жайында алдын-ала құлақтандырылған командордың белгісі бойынша барлық галераның тенті сыпырылып, кернейлер ойнап қоя берді; сосын көз жауын алатын көркем кілемдер төселіп, қызыл барқытпен тысталған көпшіктер қойылған шлюпка суға түсірілді, Дон Кихот жағалаудан қайыққа қарай адым аттаған сәтте командор галерасынан палубалық зеңбірек гүрс еткізіп оқ атты, басқа галералардан да оқ атылды, ал Дон Кихот штирборт баспалдағымен жоғары көтеріле бастаған кезде, теңізшілердің кемеге келетін жоғары лауазымды адамдарды қошеметтеу дәстүрімен, бүкіл команда оны үш мәрте қайталанған “У-у-у!” деген қуанышты айқаймен қарсы алды. Бастық (валенсиялық ақсүйек дворяндар әулетінен шыққан командорды осылай атағалы отырмыз) Дон Кихотқа қолын ұсынып, оны құшағына қысты.
— Бұл күнді мен ақ таспен белгілеп қоям, — деді ол, — өйткені, бұл өз өмірімдегі ең бақытты күн секілді көрініп тұр: бүгін мен кезбе рыцарьлықтың күллі асыл қасиеті бір бойына жинақталып, қордаланған сеньор Ламанчалық Дон Кихотпен жүздестім.
Өзіне ерекше құрмет көрсетіліп жатқанына шектен тыс қуанышқа бөленген Дон Кихот осынау жылы лебізге одан асып түспесе кем түспейтін сыпайылықпен жауап қатты. Жұрттың бәрі кеменің әсем безендірілген артқы жағына қарай ойысып, борт жиегіне жағалай орнатылған сәкілерге жайғасты; палубамен боцман жүріп өтіп, ескекшілерге ысқырық арқылы: “Киімді шеш!” дегенді білдіретін команда берді, әмір сол бойда бұлжытпай орындалды. Белуарына дейін жалаңаштанған мұншама көп адамды көрген Санчо мелшиіп тұрып қалды, әсіресе оған тенттің қас пен көздің арасында қайта жабылғаны ерекше әсер етті: құдды бір теңізшілерге дүниедегі дүйім шайтан дереу көмекке келгендей көрінді; алайда алда әңгіме болатын нәрсемен салыстырғанда бұл дәнеңе емес-ті. Санчо оң жақ бортта, бірінші ескекшінің жанында отырған, міне, не істеу керегі алдын-ала үйретілген тап осы ескекші кенет оған шап беріп жармаса кетті де, оны қолына көтеріп алды, командадағы басқа ескекшілер де сақадай сай даяр отырғандықтан соры қайнаған Санчо бір қолдан екінші қолға өтіп, оң жақ бортты жағалап қалықтап кете барды және жедел ұшқаны сонша, көз алды қарауытып кетті: әрине, бұл кезде оның жын-перілер өзін әлдебір жаққа әкетіп бара жатқандай сезінгенінде дау жоқ-ты; ал ескекшілер болса, Санчоны екі бортты жағалай айналдырып шыққанша тыным таппады, тек содан кейін ғана оны кеменің арт жағына әкеп тастады. Сорлының сілікпесі шыққан еді; дем ала алмай ентігіп, қара суға түсіп терлеп, не болғанын түсіне алмай әрі-сәрі халде мәңгіріп отырып қалды. Санчоның қанатсыз қалықтап ұшқанын көрген Дон Кихот бастыққа кемеге алғаш аяқ басқан жанның бәрін осындай рәсімнен өткізу қалыптасқан дәстүр ме, деген сұрақ қойды; егер ондай рәсім бар болса, өзінің оны орындауға бейілді еместігін, мұндай жаттығуға құлқы соқпайтынын, ал қақпақыл жасамақ оймен әлдекім өзіне жармасатын болса, жанын жаһаннамға аттандыратынына ант ететінін мәлім қылды, соны айтып Дон Кихот орнынан тұрып, семсерінің тұтқасына қолын қойды.
Дәл осы сәтте теңізшілер тентті жинап алды да, құлақ тұндыратын қатты гүрсілмен реяны46 төмен түсіріп жіберді. Санчоға аспан күмбезі опырылып, тұп-тура төбесіне құлап келе жатқандай боп көрінді, зәресі ұшып қорыққаны сонша, басын екі тізесінің арасына тығып алды. Айта кетерлігі, Дон Кихот та шошынып қалды; ол да сескеніп, бұғына түсті, өңі құп-қу боп кетті. Одан соң команда реяны әлгінде төмен түсірген кездегідей жылдамдықпен және тарсыл-гүрсілмен қайтадан жоғары көтерді, бұл істің бәрін теңізшілер тіл-ауызы байланып қалғандай үн-түнсіз атқарып жатты. Боцман зәкір көтеруге белгі берді, сосын қолына ұстаған әлде қамшы, әлде шыбығымен ескекшілерді иығынан шықпыртып ұра бастады, содан кейін ғана галера жай қозғалып теңізге қарай бағыт алды. Қозғалысқа түскен мұншама көп қызғылтым сирақты көрген Санчо, — ескектерді ол сирақ деп білген-ді, —өзімен-өзі былай деп сөйлесіп кетті:
— Міне, нағыз сиқыршылық деп осыны айт, қожайыным көйітіп жүрген нәрселер мұның ширегіне де татымайды. Аяушылықты білмей шықпыртатындай бұл бейшаралар не жазды екен сонша? Оған қоса, мына арада әрлі-берлі талтаңдап, ысқырып жүрген жалғыз адамның соншама көп жұртты ұрып-соғуға қалай батылы барады екен? Міне, нағыз тамұқ, тамұқ болмаса да мақшар деген тап осы шығар.
Санчоның айнала-маңдағы қилы әрекетті зейін сала бақылап отырғанын байқаған Дон Кихот оған былай деп тіл қатты:
— Әй, Санчо достым-ай! Ықылас-зауқың болса ғой, белуарыңа дейін ылдым-жылдым жалаңаштанып жіберіп, мына сеньорларға қосылып кетер едің де, Дульсинеяның жадысын қайтаруды ә дегенде аяқтап тастар едің! Қасыңдағылардың бәрі қайғы мен қасірет шегіп жатқандықтан саған да азабың онша ауыр көрінбеген болар еді. Оның үстіне, данагөй Мерлин осынау қайратты қолмен соғылған бір қамшыны, бәлкім, онға балап, өзіңді-өзің шықпыртуға тиісті дүренің жалпы санын әжептәуір азайтып та берер ме еді, кім біледі.
Бастық бұл неғылған дүре екенін, сондай-ақ Дульсинеяның жадысын қайтару деген нені білдіретінін сұрамаққа оқталған, бірақ дәл осы кезде вахтадағы матрос:
— Монжуиктегі манар белгі беріп жатыр, батыстан ескекті кеме көрінді! — деп айқайлады.
Мұны ести сала бастық палубаға жүгіріп шықты да:
— Әй, жігіттер, ана кемеден айрылып қалмаңдар! Шамасы, манардағылар бізге алжирлік қарақшылар бригантинасы келе жатқаны жайында белгі беріп тұрған шығар, — деп айқайлады.
Бұған іле-шала қалған үш кеме қандай бұйрық боларын білмекке командорлық галераға жақындады. Бастық екі галераға ашық теңізге шығуға, ал үшіншісіне жағалауды бойлап олардың соңынан еріп отыруға әмір етті, — сонда әлгі кеме құтылып кете алмайды, деді. Ескекшілер барын салып жұмыла есе жөнелді де, галералар қанат біткендей зырлап кетті. Ашық теңізге шыққан екі галера шамамен екі мильдей қашықтықтан әлде жиырма сегіз, әлде отыз ескекті секілді көрінген бір кемені ұшыратты, кейін ол шын мәнінде де сондай боп шықты; галералардың жақындап қалғанын көрген кеме жеңілдігіне үміт артып, бұлтара жүзіп, жүрісін шапшаңдатып ұзап кетпекші болды, алайда онысынан ештеңе өнбеді, себебі командорлық галера бұрын-соңды теңізге шыққан кемелер ішіндегі ең жеңілі болатын; сондықтан оның оқтай ұшып заулап келе жатқанын көрген бригантинадағылар қашып құтылудың мүмкін еместігін бірден түсіне қойды, сөйткен соң командорды шамадан тыс ашуландырып алудан қорыққан аррайыс ескек есуді дереу доғарып, берілуге әмір етті; алайда, тағдыр оларға басқадай шешім белгіледі: командор галерасы бригантинаға таяп қалғанда, ондағылар біздің теңізшілердің қарақшыларға: “Беріліңдер!” деп айқайлаған дауысын еститін жерге жеткенде, басқа да отандастарымен бірге әлгі бригантинада келе жатқан екі мас торак, басқаша айтқанда — екі мас түрік мушкеттен оқ атып, бакта тұрған екі теңізшімізді сеспей қатырды. Бұдан соң бригантинадан қолға түсірген адамның бәрін түгел қырып салуға ант берген командор оны асқан әбжілдікпен шұғыл түрде шабуылдауға кірісті, алайда бригантина ескектерін аямай есіп, екпін алған галерадан бұлтарып үлгерді. Галера екпінімен едәуір жерге шығандап кетті; ол кейін қарай бұрылып, қайта оралғанша бригантинаның командасы жанталаса қимылдап желкендерін көтеріп үлгерді, сөйтіп желкеннің және ескектің көмегімен тағы да қашып құтылуға әрекет жасады, алайда оның бұл пысықтығынан пайда болмады, ал тәуекелшілдігі басына сор боп жабысты, өйткені жарты мильден сәл ғана астам қашықтықты артта қалдырған соң галера бригантинаны қайтадан қуып жетті де, оған ескектерін іліп, кемедегілердің бәрін түгел тірідей қолға түсірді. Бұл кезде басқа екі галерамыз да келіп жеткен-ді, сөйтіп барлық төрт галера олжаларын алып айлаққа оралды, бұл жерде олардың не әкелетінін білуге құмартқан қыруар жұрт тосып тұрған. Командор жағаға жақындап келіп зәкір тастады, сол арада ол жағалауда қала вице-королінің өзі тұрғанын көрді. Командор оны алып келуге қайық жіберді, сондай-ақ реяны көтеруге және оған аррайыс пен басқа да түріктерді асып қоюға әмір етті, ал олардың ұзын саны отыз алты адам-тұғын, бәрі де өңшең тепсе темір үзетін жігіт еді, көпшілігі мушкетер болатын. Командор олардан қайсысы аррайыс екенін сұрады; оған тұтқындардың бірі, діннен безген испандық, кастиль тілінде:
— Сеньор! Біздің аррайыс — алдыңда тұрған мына жас жігіт, — деп жауап қатты.
Соны айтып ол адамзат баласының арман-қиялы ғана тудыра алатындай аса келбетті де сымбатты жас жігітті нұсқады. Түріне қарап оны әрі кеткенде жиырмада деуге болатын. Бастық оған былай деп тіл қатты:
— Қане, жауап бер, милау төбет, қашып құтылар амалың жоқтығына көзің анық жетіп тұрған кезде жігіттерімді өлтіру не үшін қажет болды саған? Флагмандық кемеге көрсеткен құрметің бе бұл? Әлде сен есерліктің ерлік еместігін білмеуші ме ең? Жан алқымға келгенде адамның көзсіз батырлық жасауына болады, бірақ әсте есерсоқтық жасамауға тиіс.
Аррайыс оған бірдеңе айтпаққа оқталған, алайда командордың оның жауабын тыңдарлық мұршасы болмады: жанына бірнеше малайы мен қала тұрғынын ерткен вице-корольдің галераға көтеріліп келе жатқанын көріп, соны қарсы алуға ұмтылды.
— Аңшылықтан олжалы оралыпсыз ғой, командор мырза! — деді вице-король.
— Айтатыны жоқ, — деп қоштай кетті оны командор, — аулап әкелген аң-құсымызды мына реяға салбыратып іліп қойған кезімізде, жоғары мәртебелім, оған өзіңіз де қазір анық көз жеткізетін боласыз.
— Не үшін өйтпексіз сонда? — деп сұрады вице-король.
— Әскерилер арасында қалыптасқан заңдарды, ережелер мен дәстүрлерді мансұқ етіп, ең жақсы екі теңізшімді өлтіргендері үшін, — деп жауап қатты командор. — Осы себепті қолға түсіргендерімнің бәрін түгел, соның ішінде әсіресе, мына сабазды, бригантина аррайысын, дарға асуға серт бергем.
Соны айтып ол вице-корольге қолы байланып, мойнына арқан ілінген қалпы ажалын тосып тұрған жас жігітті нұсқап көрсетті.
Вице-король жігітке көз кідіртті, ол бұған таңғаларлықтай көркем де сымбатты әрі таңғаларлықтай момын көрінді, сөйтіп, сол арада жігіттің көз тартар көркі өзі жайында жазылған ең тәуір кепілдік хаттың өтеміне жүргендей болды, осы себепті вице-корольдің жігітті ажалдан арашалап қалғысы келіп, оған:
— Сен өзің кім екеніңді айтшы, аррайыс: түрікпісің әлде маврмысың, әлде, бәлкім, діннен безген адам шығарсың? — деген сұрақ қойды.
Аррайыс та оған кастиль тілінде жауап қатты:
— Мен түрік те, мавр да, діннен безген адам да емеспін.
— Сонда сен кімсің? — деп сұрады вице-король.
— Христиан әйелмін, — деп жауап қатты жас жігіт.
— Өзің әйел болсаң, оған қоса христиан болсаң, мынадай киім киіп, мынадай ахуалға қалай тап боп жүрсің? Бұған сену қиындау, бірақ, рас болса, шынымен-ақ таңдануға тұрарлық жағдай екен.
— Сеньорлар, жазалау сәтін сәл кідірте тұрсаңыздар етті, — деді жас жігіт. — Менің өлімімді тағдыр-талайым жайындағы әңгімемді аяқтағанша кейінге қалдыра тұрғаннан көп ештеңе жоғалтпайсыздар.
Мұндай сөзден соң қандай қатыгез жүрек те жібімей қалмас, қайғылы һәм қапалы жас жігіттің басындағы жағдайға құлақ салуға қалай кеңшілік жасамас? Командор оның әңгімесін тыңдауға келісім берді, бірақ айдан анық айып-кінәсі үшін кешірім алудан үміттенбеуін алдын-ала ескертіп қойды. Рұқсат алған соң, жас жігіт әңгімесін былай деп бастап кетті:
You have read 1 text from Kazakh literature.
Next - Айлакер Идальго Ламанчалық Дон Кихот Орыс Тілінен Аударған Құрманғазы Қараманұлы - II - 39