Latin Common Turkic

Айлакер Идальго Ламанчалық Дон Кихот Орыс Тілінен Аударған Құрманғазы Қараманұлы - II - 32

Total number of words is 3770
Total number of unique words is 2238
32.8 of words are in the 2000 most common words
47.9 of words are in the 5000 most common words
55.2 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
Күйініштен неғыларымды білмей отырмын: емен жаңғағы биыл бізде мардымды болмады, дегенмен, жоғары мәртебелім, сізге жарты дорбасын жібердім; бұларды өзім орманнан бір-бірлеп жинадым, өз қолыммен іріктедім, бірақ, амал қанша, бұдан ірілеуі табылмады, ал мен бұлардың түйеқұс жұмыртқасындай болғанын қалап едім.
Сән-салтанаты мол мәртебелім, маған хат жазуды ұмытпаңыз, ал мен міндетті түрде жауап қайтарам, өз денсаулығым жайында, деревнямызда қандай жаңалықтар болғаны турасында хабарлаймын. Ал әзірше Жаратқаннан өзіңізге қамқор болуын, мені де ұмыт қалдырмауын тілеп жалбарынам. Қызым Санча мен ұлым Сізді қолыңыздан сүйеді.
Өзіңізге хат жазғаннан гөрі
дидарыңызды бір көруге зар малайыңыз
Тереса Панса».
Тереса Пансаның хатына барлығы да мәз-майрам болды, әсіресе жоғары мәртебелілер бір жасап қалды, герцогиня сол арада Дон Кихоттан губернатордың атына жазылған хатты ашу әбестік болмас па екен, соған қалай қарайтынын сұрады, өйткені өзіне ол өте тартымды жазылғандай көрініп тұрғанын айтты. Дон Кихот жиылған қауымның көңілінен шығу үшін хатты өзі ашуға әзір екенін мәлім етті; сөйтіп, оны ашып, мына төмендегіні оқып берді:
«Хатыңды, қымбатты Санчом, алдым және шынайы христиан ретінде ант ете отырып айтайын, қуанғаннан жынданып кете жаздап шақ қалдым. Шын сөзім, сүйіктім, губернатор екеніңді естігенім сол, біттім, осы қазір қуаныштан тіл тартпай кетем деп ойладым. Олай дейтінім, өзің де білесің ғой, халықта «қуанған мен қорыққан бірдей» деген сөз бар емес пе, екеуі де бірдей сеспей қатыра алады. Ал қызың Санчиканың шаттанғаны сонша, кіші дәретін бұтына жіберіп қойды. Маған жолдаған киімің алдымда жатты, сеньора герцогиня сыйлаған маржандар мойныма тағулы тұрды, қолымда хаттар болды, шабарман осы жерде отырды, — бірақ не нәрсеге көзімді салмайын, нені қолыммен ұстап көрмейін, бәрі де тәтті түс секілді боп елестей берді. Шынында да, ешкі бақташы аяқ астынан губернатор боп шыға келеді деп кім ойлаған? Шешемнің: «Көп жасаған адам көп көреді» дейтіні есіңде ме, достым? Мұны айтып отырған себебім, дәм-тұзым таусылмай тағы да жүре тұрсам, бұдан да артықты көрермін деп ойлаймын. Жоқ, шыным сол, арендатор немесе жүн жинаушы болғаныңды көрмей көңілім тыныш таппайды менің, ал мұндай орында жүргендер қиянат жасаған жағдайда тозақ отында өртенуі де мүмкін, бірақ әйтеуір ақшасыз болмайды. Сеньора герцогиня өзіңе хабарлай жатар, менің астанаға баруға аңсарым ауып тұр: ойланып көр,
ризашылығың бар ма, соны айтып хат жазып жібер, ал онда барсам күймемен анда-мында қыдырып жүретін болам және сенің атыңа кір келтірмеуге тырысам. Священник те, шаштараз да, бакалавр да және тіпті шіркеу қызметшісі де губернатор атанғаныңа ешбір сенгісі келмейді. Мұның бәрі қожайының Дон Кихотқа қатысты жайларға тән әзәзілдік немесе сиқыршылық, деседі; ал Самсон болса, сені іздеп тауып алам да, губернаторлыққа әуестігінен құлантаза арылтып берем, ал Дон Кихотты есалаңдығын ешқашан қайталамайтындай етем, дегенді айтады, ал мен бұған тек күлем де қоям, маржан моншақтан көз ала алмаймын және шапаныңнан қызымызға қандай киім тігуге болатынын бажайлаймын.
Сеньора герцогиняға азын-аулақ емен жаңғақ жібердім — бұлар жаңғақ емес, өңкей алтын болса ғой шіркін. Егер аралыңдағылар інжуден алқа тағып жүрсе, сондай алқаның бірнешеуін маған беріп жібер.
Селомыздағы жаңалық мынадай: Беруэка қызын селомызға не болса соны шимайлау үшін келген әлдебір шалағай бояушыға ұзатты; біздің кеңес оған аюнтамьенто қақпасының үстінен король гербін салуға тапсырыс берген, бұл үшін ол екі дукат сұрады, оған бұл ақша алдын ала төленді, бірақ анау бір аптадай әуреленіп, ақыры ештеңе сала алмады: мұндай сан қилы өрнекті аудыртпай бейнелеу қолымнан келмейді, деді. Ақшаны қайтарды, бірақ есесіне үйленіп алды: шебер суретші деген дақпыртпен жұртты алдарқатып үлгерген еді; сосын қылқаламын былай лақтырып тастады, сөйтіп қазір қолына күрек ұстап помещик құсап егістікте жүр. Ал Педро де Лобоның ұлында – тонзура43, барлық дәрежесін алды, енді священник болмақшы; Минго Сильватоның немере қызы Мингилья мұны естіп қап, әлгінің өзіне үйленуге уәде бергенін айтып арыз түсірді, алыпқашты әңгімеге қарағанда, қыз одан жүкті боп қалғанға ұқсайды, бірақ анау ондай ештеңе болған жоқ, деп қарғанып-сіленіп отыр.
Биыл зәйтүн жеміс салмады, бүкіл селодан уксустың да бір тамшысын емге таппайсың. Селомыздың үстімен бір полк солдат өтіп, үш қызды ертіп кетті. Саған олардың кім екенін айтпаймын, бәлкім олар қайтып оралар, мүмкін, күнәкар болғанына қарамай, күйеуге де тиер.
Санчика шілтер тоқиды, күніне сегіз мараведи таза табыс табады, онысын сандықшаға салып қояды — жасауына ақша жинап жүр, бірақ қазір енді губернатордың қызы атануы себепті, бұл үшін арам тер болудың да қажеті жоқ: жасауды оған өзің-ақ бересің ғой. Алаңдағы фонтанымыз кеуіп қалды; қорлық бағанасына жасын түсті, мұндай бағананың бәрі осының кебін құшса нетті.
Хатыма жауап қайтар және астанаға баратын сапарыма қатысты шешіміңді айт. Жаратқан өзіңе мен жасайтын жастан да ұзақ ғұмыр берсін немесе дәл сонша жас берсін, өйткені мына жалған дүниеде өзіңді жападан-жалғыз қалдырып кеткім келмейді-ақ.
Әйелің
Тереса Панса».
Аталмыш хаттар жұртты мәз-майрам қылды, күлдірді, біреулер мақтап, екіншілері таңырқанып жатты, бұл аз болғандай дәл осы кезде Санчоның Дон Кихотқа жазған хатын алып тағы бір шабарман келіп жетті, бұл хат та дауыстап оқылды, бұдан соң губернатордың кеңкелестігіне деген күмән тіптен күшейе түсті. Санчоның деревнясында өзін қалай қарсы алғанын сұрап білу үшін герцогиня шабарман пажды өз бөлмесіне ертіп әкетті, анау ештеңені қалыс қалдырмай, болған жайдың бәрін егжей-тегжейлі баяндап берді; одан соң герцогиняға емен жаңғағы мен сүтсірнені табыс етті, Тереса мұны өте дәмді, тіпті трончондықтан да артық деп есептеп, жаңғаққа қоса беріп жіберген. Герцогиня сүтсірнені үлкен ырзашылықпен қабыл алды, біз енді оны осы арада қалдыра тұрамыз да, арал губернаторы атаулының бетке ұстары мен айнасы, атақты Санчо Пансаның губернаторлығы немен тынғаны жайындағы әңгімеге ойысамыз.
LІІІ тарау
Санчо Панса губернаторлығының қалай өкінішті түрде тәмамдалғаны жайында “Жер бетіндегі нәрсенің бәрі әу бастағы қалпынан айнымай тұра береді деп ойлайтындар қатты қателеседі; біздің ойымызша, дүниедегі нәрсенің бәрі, керісінше, дамылсыз өзгерісте болады, дәлірек айтқанда, шеңбер жасап өзгеріп отырады: көктемнен кейін жаз шығады, жаздан кейін күз келеді, күзден кейін қыс түседі, қыстан кейін көктем туады, — міне, тыным таппай айналар доңғалақ секілді, уақыт та осылай тоқтаусыз қозғалып отырады, тек адам ғұмыры ғана шекара атаулыдан ада басқа өмірде қайта тірілермін деген үмітпен ақыр аяғына қарай желдей есіп жүйтки береді”. Мұсылман философы Сид Ахмет осылай дейді және бұған таңғалудың да жөні жоқ, өйткені жер бетіндегі тіршіліктің тым шолақтығы мен тұрақсыздығын, сондай-ақ өзіміз үміт ететін мәңгілік өмірдің шексіздігін түсінуге шынайы діннің шамшырағы жол көрсетпейтін, жаратылыстың жарығымен ғана жол табатын жандардың көпшілігінің-ақ өресі жеткен болатын; айта кетерлігі, авторымыздың бұл пайымдауы Санчо губернаторлығының қалайша тез тәмамдалғанына, қирағанына, күйрегеніне, көлеңке не түтін тәрізді қалай жылдам сейіліп кеткеніне қатысты туындаған еді.
Губернаторлығының жетінші түні аталмыш Санчо тойып ішкен тамақ пен шараптан емес, сотқа түскен арыз-шағымдарды сараптаудан, үкім айтудан, ережелер дайындау мен төтенше заңдар шығарудан местей болып төсегінде жатқан-ды, қарнының шұрқырағанына қасақана түрде ұйқы кірпігін айқастыра бастаған; кенет, адам айтқысыз айқай-ұйқай мен қоңыраудың құлақ тұндыратын қаңғыры естілді, құдды қара жер қақ жарылып, арал соның астына түсіп бара жатқандай болды. Санчо кереуетінде отырған қалпы осынау сұрапыл сүргіннің себебі неде екенін білмекке тырысып, тынысын тартып тың тыңдады; алайда ол ақыры ештеңе аңғара алмады, керісінше: адамдардың шулаған дауысы мен қоңыраулар үніне кернейлер дыбысы мен барабан дүңкілі қосылды, сол арада Санчо дегбірден біржола айырылып, қорқыныш пен үрейден тұла бойы қалтырап кетті; орнынан ұшып тұрып, аяқ киімін киді, өйткені жатын бөлменің едені салқын еді, сосын халат немесе сондай бірдеңені иығына ілуге де мұршасы болмай, есікке қарай жақындап, қолына тұтатылған алау ұстаған, семсерін жалаңаштап алған жиырмадан астам адамның дәлізді бойлап жүгіріп келе жатқанын көрді; оған қоса олар бар дауыспен:
— Қаруланыңыз, қаруланыңыз, сеньор губернатор! Қаруланыңыз, аралымызға қисапсыз жау әскері басып кірді! Тапқырлығыңыз бен табандылығыңыз құтқарып қалмаса — құрығанымыз! — деп айқайлап келе жатыр еді.
Осылайша айқай-сүрең салған, еліріп, аласұрған тобыр көзі көріп, құлағы естіген жайлардан құты қашып, төбесіне тас түскендей есеңгіреп тұрған Санчоның жанына жүгіріп келді, сол арада іштеріндегі біреу:
— Өзіңіз де құрып, аралымызды да құртқыңыз келмесе, қолыңызға қару алыңыз, жоғары мәртебелім! — деді.
— Ау, маған қаруланудың қажеті не? — деп дауыстап жіберді Санчо. — Қару-жарақ пен қорғаныстан мені бірдеңе біледі деймісіңдер? Бұл істі қожайыным Дон Кихотқа тапсырған жөн болатын еді — ол мұның қас-қағымда-ақ қыбын тауып, шабуылға тойтарыс берер еді, ал мен, күнәкар пенде, мынадай алатопалаңда есімнен айрылып қалам.
— Аһ, сеньор губернатор! — деп дауыстап жіберді екінші біреу. — Неге сонша бейғамсыз? Қаруланыңыз, тақсыр, сізге қару-жарақ пен сауыт-сайман әкелдік, алаңға шығыңыз, көсеміміз әрі қолбасшымыз болыңыз, өйткені сіздің, губернаторымыз ретінде, мұндай құрметке толық қақыңыз бар.
— Жарайды, қаруландырыңдар мені, — деді Санчо.
Сол бойда-ақ алдын-ала дайын етіп қойылған екі қалқан әкелінді де, Санчоның кеудесі мен арқасына тұп-тура көйлегінің сыртынан қабыстырылды, — үстіне тағы бірдеңе киюіне рұқсат етілмеді; қолдарын осы үшін арнайы жасалған тесіктерден өткізіп жіберді, сосын әлгілер қалқандарды жіппен қатты етіп таңып тастады, сығымдап, сірестіре байлағандары сонша, тізесін бүгуге де, адым аттауға да шамасы болмай, таяқ тәрізді қақиды да қалды. Қолына найза ұстатты, құлап қалмас үшін Санчо сол найзаға сүйеніп тұрды. Сөйтіп, осылайша жарақтанған оны алға шығуға, жұртты соңынан ертуге және әскердің рухын көтеруге үгіттей бастады, егер ол өздерінің жол көзер жұлдызы, білтесі, шамшырағы болуға келіссе, бәрі ойдағыдай аяқталады, десті.
— Ау, мен пақыр, ол жерге қалай бармақпын? — деп қарсылық білдірді Санчо. — Тіпті тіземді де бүге алмаймын ғой, себебі теріме жабысып қалған мына тақтайлар тыпыр еткізетін емес. Сендерге қалатыны мені қолдарыңа тік көтеріп алып, әлдебір ауланың есігіне тігімнен не қиғашымнан қою ғана, сонда оны найзаммен немесе өз денеммен қорғайтын болам.
— Жүріңіз, сеньор губернатор, — деді топтың ішінен біреу, — сізге сауыт-сайманнан гөрі, қорқыныш қадам бастырмай тұр. Күш-жігеріңізді жинап, қайратқа мініңіз, асығыңыз, әйтпесе кеш болады: жаулар үсті-үстіне көбейіп барады, айқай-шу үдеп кетті, қауіп күшейіп келеді.
Ақыр соңында үгіттеу мен кінәлау өз әсерін тигізді: бейшара губернатор орнынан қозғалмаққа талпынды да, сол бойда-ақ бар салмағымен еденге гүрс етіп құлап түсті, қатты құлағаны сонша, көзінің оты жарқ ете қалды. Ол бейне жоғарғы және төменгі сауыттарының арасында тұтқында жатқан тасбақа құсап, немесе бейне екі табаның ортасына түскен қуырылатын ет құсап, немесе, ақыр соңында, бейне тұмсығымен құмға тірелген қайық құсап еденде жалпасынан түскен күйі жата берді; мазақ етушілер арасында оны мүсіркеген жан баласы болған жоқ, керісінше: алауларын сөндіріп, бұрынғыдан да қатты айқайға басып, бұрынғыдан да бетер екіленіп қарулануға шақырды, сосын бейшара Санчоның үстінен олай да бұлай секіріп өтіп жүріп, қалқандарын семсермен аяусыз соққылай бастады: егер тасмаңдай губернатор аяғын бауырына, басын қалқанның ішіне қарай тартып алмағанда, саудасы бітіп те кететін еді; қалқандар арасына қыбыр ете алмастай қатты қысып таңылған Санчо қара суға түсіп терлеп, мына қасіреттен құтқаруын сұрап құдайға ауыз жаппай жалбарынумен болды. Оған біреулері соқтығып, екіншілері сүрініп құлап жатты, енді бірі тіпті үстіне шығып алып, құдды қарауыл мұнарасында тұрғандай, бар дауысымен айқай сап әскерлерге әмір бере бастады:
— Әй, біздің адамдар, мұнда келіңдер! Дұшпан бізді мына жақтан тықсырып барады! Мына кіре берісті қорғаңдар! Қақпаларды құлыптаңдар! Баспалдақтарды бітеңдер! Өрт салатын снарядтарды мұнда жеткізіңдер, май қайнатылып жатқан қазандарға қарамай мен шайыр құйыңдар! Көшелерді кептеп тастаңдар!
Қысқасы, ол қаланы қорғап қалуға қажетті не қилы әскери жабдықты, әр-алуан қару-жарақ пен оқ-дәріні ықтиятты түрде санап шықты, ал бұл кезде сілесі қатып титықтаған Санчо осының бәрін тыңдап, осының бәріне шыдап, өзіне-өзі былай деп жатты: “Беу, жаратқан ием! Аралды жаудың тезірек жаулап алуына көмектесе гөр, ал өзімді не өлтір, не мынадай ауыр бейнеттен құтқар!” Аспан оның өтінішін естіді, өйткені мүлдем күтпеген жерден мынадай айқай шықты:
— Жеңіс, жеңіс! Жау жеңілді! Сеньор губернатор, ау, сеньор губернатор! Түрегеліңіз, тақсыр! Рухыңыздың мықтылығы мен қайтпас-қайсарлығы арқасында жеткен жеңістің қызығын көруге және дұшпаннан тартып алынған олжаны бөлуге асығыңыз!
— Тұрғызыңдар мені, — деді әбден қалжыраған Санчо бәсең дауыспен.
Сол арадағылар оған қолғабыс көрсетті, еденнен тұрған ол былай деді:
— Егер шынымен-ақ біреуді жеңген болсам, бетіме түкіріңдер. Олжаны бөлуге ешқандай зауқым жоқ, сендерден сұрайтыным, өтінерім бір-ақ нәрсе: біреуің маған, адамшылық жасап, бір жұтым шарап беріңдер, әйтпесе тамағым тіптен кеуіп кетті, сосын үстімді сүртіп алыңдар, тұла бойым терге малшынып тұр.
Тері құрғатылып, шарап әкелініп, қалқандар алынған соң Санчо кереуетіне келіп отырды да, үрейден, толқудан және қажып-талғаннан сол бойда-ақ талықсып кетті. Әзіл-мазағының Санчоға осынша азап әкелгеніне қалжыңбастарымыз азды-кем ыңғайсыздана бастаған да болатын, бірақ Санчо ұзамай есін жиып алды, бұл олардың көңілін бірледі. Санчо сағат қанша болғанын білгісі келді; оған таң атып келе жатқаны айтылды. Ол басқа ештеңе жайында сұраған жоқ, тұрды да, ешкімге ешқандай тіл қатпастан, жұмған аузын ашпастан киіне бастады, сол араға жиналғандар оған таңырқай қарап, осынау асығыс-үсігіс киінудің мақсаты қандай екенін түсіне алмай дал болды. Ақыры ол киінді, сосын аяғын әрең-әрең басып, — өйткені әбден сілікпесі шыққан еді, сондықтан шақ қозғалатын, — ат қораға қарай бет алды, өңгелер соңынан ілесті; Санчо болса сұр жорғасының қасына барды, оны құшақтап, сәлемдесу ретінде маңдайынан сүйді, сосын көзіне жас алып тұрып былай деді:
— Қуанышты да, қайғыны да бірге бөліскен досым және жолдасым менің, кел, бірге болайық енді! Өзіңе қамқор боп жүрген кезімде, әбзеліңді жөндеу мен қарныңның тоқтығын күйттеуден басқада шаруам болмаған шақта, өмірімнің әр сағаты, күні мен түні бақыт құшағында өтетін, бірақ өзіңді тастап, атаққұмарлық пен менмендік мұнарасына көтерілуім мұң екен, мені мың пәле, мың әуре-сарсаң және бірнеше мың мазасыздық меңдеп алды.
Санчо осылай дей жүріп есегін ерттеп жатты, қасында тұрғандардың ешқайсысы оны бөлген жоқ. Сұр жорғасын ерттеп алған соң әжептәуір күш жұмсап, әжептәуір азапқа түсіп ақыры оған мінді, сосын үй басқарушыға, хатшыға, аға малайға, дәрігер Педро Қатыбезероға, сондай-ақ сол жерде тұрған басқа да бірқыдыру жанға қарап сөз арнап, онысын былай деп бастады:
— Қане, жол беріңдер, мархабатты мырзаларым! Қазіргі мына табытымды тастап, қайта тірілуім үшін бұрынғы бостандығыма қайта оралуға, бұрынғы тіршілігімді қайта бастауға рұқсат беріңдер. Мен губернатор болу үшін және жаудың нөпір әскерін аралдар мен қалалардан жасқау үшін туған жоқпын. Заң шығарудан, провинциялар мен корольдіктерді қорғаудан гөрі жерді жырту мен қопсытуды, жүзім бұтағын қырқып алып, басқа жерге отырғызуды жақсырақ білем. Шадияр Петрге Римнен жайлы жер жоқ, — айтайын дегенім, әркім туа бітті бейімі бар ісімен айналысқаны жөн. Маған қолыма губернатордың жезлін ұстағаннан қол орақ ұстаған көбірек жарасады. Өзімді аштан қатырғалы жүрген арсыз емшінің мырзалығын күтіп мөлигенше, қатықсыз қара көжемді ішіп тыңқия тойып алғаным жақсы. Губернаторлық қамытын киіп, голланд кенебінен тігілген ақ жаймада ұйқтап, бұлғын терісін кигеннен, өз билігім өзімде екенін сезініп, жаз айларында еменнің түбінде ұзынымнан түсіп, қыс мезгілінде тоқтының терісін жамылып жата кеткенім артық. Сөге жамандамаңдар, мырзалар және сеньор герцогқа сәлем айтыңдар: бай болып көргенім жоқ, кедей болып өлгенім жоқ, яғни губернатор қызметіне кіріскенімде қалтамда көк тиын болмаған, қазір одан кетіп бара жатқан кезімде де қалтамда көк тиын жоқ, дегенді айтқым келеді — әдетте губернаторлар аралдан аттанғанда мүлдем керісінше жағдай болатыны белгілі ғой. Ал, енді қақ жарылып, өткізіп жіберіңдер мені: пластырь жапсырып емделмекке бара жатырмын, түнде өзімді аяғымен аямай таптаған жаулардың жасаған жақсылығынан сау қалған қабырғам санаулы-ақ болар.
— Мұныңыз бекершілік, сеньор губернатор, — деп қарсылық білдірді дәрігер Қатыбезеро, — сізге жарақат пен сынықты емдейтін сұйықтық берген болар ем, сырқатыңыздан қолма-қол айықтырып, сауықтырып жіберер еді. Ал, енді тамақ жайына келсек, қателігімді түзеуге уәде берем және не ішем, қанша ішем десеңіз де қарсылық жасамаймын.
— Баяғыда сөйтуің керек еді! — деп Санчо шорт кесті. — Ниетімнен бас тартқанша, түрікке айналғаным тәуір. Осыған да шүкіршілік. Оллаһи-белләһи, мен мұнда да губернатор болмаймын, әке-көке деп жалынып-жалпайсын мейлі, басқа жақтың да губернаторлығын қабылдамаймын, аспанда қанатсыз ұша алмайтының қандай шындық болса, бұл да сондай шындық. Мен өзім Панса әулетіненмін, ал Пансалардың қай-қайсысы да бір айтса қайтпайды, егер ішіміздегі біреу “дақ” десе, шын мәнінде “жұп” болғанына қарамай, күллі әлемге қасақана түрде “дақ” деген сөзінде табандап тұрып алады, неғыласың енді. Қарлығаштар мен басқа да торғайлар шоқып жеп қоюы үшін мені сорыма қарай аспанға әуелеткен әлгі құмырсқа қанаттары осы жерде, мына атқорада қала берсін, ал біздің жерге түскеніміз, өз аяғымызбен жер басып жүргеніміз жөн: әлбетте, аяғымыздан кордовалық кестелі етікті көре алмайсыңдар, бірақ есесіне жіптен тоқылған аяқ киімнен кенделік болмайды. Тең теңімен, тезек қабымен деген, сондай-ақ көрпеңе қарай көсілгенің абзал, ал енді маған жол беріңдер, уақыт біраз болды ғой.
Үй басқарушы бұған мынадай жауап қайтарды:
— Сеньор губернатор! Әрине, сізді қоя беруге қарсы емеспіз ғой, әйтсе де кетіп бара жатқаныңыз жанымызға батады-ақ, өйткені парасат-пайымыңыз бен христиандық іс-әрекетіңіздің ерекшелігі соншалық, өзіңізден қол үзетінімізге өкінбей қала алмаймыз, дей тұрғанмен губернаторлардың қай-қайсысы болсын өзіне сеніп тапсырылған аймақтан аттанар алдында не істеп, не қойғаны жайында есеп беруге міндетті екенін өзіңіз де білетін шығарсыз. Ендеше, тақсыр, губернаторлық еткен он күніңіз үшін есеп тапсырыңыз, баратын жағыңызға сосын барарсыз.
— Сеньор герцогтан өкілдік алған адамнан басқа, — деді Санчо келіспей, — ешкімнің менен есеп талап етуге қақы жоқ, ал мен герцогқа бара жатырмын және есепті тиісті тәртібі бойынша соның өзіне тапсырам. Оның үстіне бұл жерден тыр жалаңаш кетіп барам, ал мұның өзі менің елді періште секілді басқарғанымның бұлтартпас айғағы.
— Құдай ақы, құрметті Санчо шын айтып тұр, — деді дәрігер Қатыбезеро, — бұл кісіні қоя берген дұрыс деп білем, герцогтың оны көріп қуанып қалатыны кәміл.
Бәрі осыған бәтуаласып, Санчоны қоя беруге ұйғарым жасалды; оған күзет, сондай-ақ жанын жай тапқызарлық және жолдың ауыртпалығын жеңілдетерлік нәрселер ұсынылды. Санчо сұр жорғасына деп аздаған сұлы және өзіне деп таба нанның жартысы мен сүтсірненің жарты дөңгелегін алуға қарсы болмайтынын айтты: жол онша қашық емес, сондықтан азық-түліктің ең тәуірі мен бұдан молырақ қорының қажеті жоқ, деді. Барлығы онымен құшақтасып қоштаса бастады, бұл да көзіне жас алып бәрін шетінен құшақтап шықты, сөйтіп ақыры жолға түсті, ал әлгі жерге жиналғандар оның айтқан сөзіне және өр мінез де өте орынды шешіміне көпке дейін таңырқанысумен болды.
LІY тарау
Мұнда тек осы хикаяға ғана қатысты жайлар төңірегінде әңгіме болады.
Дон Кихоттың әлгінде сөз болған жағдайға байланысты өз вассалдарына тастаған шақыруын герцог пен герцогиня аяқсыз қалдырмау керек деп шешкен-ді, алайда аталмыш жігіт бұл кезде донья Родригесті қайын енеге айналдырудан қашып, Фландрия жақта бой тасалап жүрген, осы себепті жоғары мәртебелілер оны өз малайларының бірі, Тосилос есімді гаскондықпен ауыстыруды ұйғарып, қандай міндет атқаруға тиіс екенін оған алдын-ала жақсылап ұғындырып берді. Екі күннен соң герцог Дон Кихотқа қарсыласы төрт күннен кейін келетінін, жекпе-жек өтетін орынға дәстүрлі рыцарьлық жарақпен шығатынын, оған қоса, қыздың сөзі өтірік деп жариялайтынын, ал егер қыз үйленуге уәде берді дегенді айтар болса, онда мұны жәй өтірік деп емес адам сенгісіз өтірік деп паш ететінін мәлім қылды. Бұл хабарға Дон Кихот есі шығып қуанды, жекпе-жекте ерліктің ерен үлгісін көрсетуге өзіне-өзі серт берді және жоғары мәртебелілерге құдіретті білегінің қуаты қандай екенін байқату мүмкіндігі туғанын сирек кездесетін сәттілікке балады; сөйткен соң, шаттықтан масайраған ол бұл төрт күннің қашан өтерін күтті, шыдамсыздық шырқын алғаны сонша, төрт күн оған төрт жүз ғасырдай боп көрінді.
Алайда біз бұл төрт күннің өтуіне кедергі келтірмей-ақ қояйық (басқа да нәрселерге кедергі келтіріп жатқанымыз шамалы ғой), сөйтейік те Санчоның соңынан ерейік, ал ол сұр жорғасын тепеңдетіп қожайынына қарай бағыт ұстаған, әлемдегі күллі аралға бастық болғаннан, мырзасымен бірге жүру әлдеқайда ұнамды көрінген, сондықтан жүрегін бір жеңіл мұң жайлап алған-ды. Алайда, таяуда ғана өз қарамағында болған аралдан (айта кетерлігі, аралды ма, қаланы ма, елді мекенді ме әлде селоны ма, нені басқарғанын анықтауға ақыры мұрша таппаған) онша алысқа жырақтап үлгермей-ақ, ойда жоқ жерден жол бойымен өзіне қарай асатаяқ ұстаған алты қаңғыбастың келе жатқанын көріп қалды: бұлар ән айтып қайыр-садақа жинайтын жат жерліктер еді; мұнымен жанаса берген бойда әлгілер қаз-қатар тұра қалды да, қолма-қол дауысын қатайтып, өз тілдерінде әлдебір әуенді азыната жөнелді, Санчо бұдан түк ештеңе ұққан жоқ, тек олардың ап-айқын етіп айтып тұрған бір ғана сөзін, яғни қайыр-садақа деген сөзді ғана жете түсінді, бұл Санчоны бұлар қайыр-садақа сұрап тұр екен деген ойға жетеледі; Сид Ахметтің айтуынша, Санчо тым көңілшек адам болғандықтан, қоржынындағы бар байлығын: таба нанның жартысы мен сүтсірненің жарты дөңгелегін шығарып, әлгілерге ұстатты да, өзінде басқа ештеңе жоғын ым-ишарат арқылы түсіндірді. Олар мұның садақасын қуана-қуана қабылдап:
— Гельте, гельте!44 — деп дабдырласты.
— Түк түсінсем бұйырмасын, сендерге менен не керек өзі, туысқандар, — деді Санчо.
Сол кез тауап етушілердің бірі Санчоға қойнынан әмиян алып көрсетті, сонда ғана мынау олардың өзінен ақша сұрап тұрғанын ұқты; сол бойда Санчо бас бармағын кеңірдегіне қойып, басқа саусақтарын тарбита жазып жіберіп, өзінде соқыр тиын да жоқ екенін білдірді, сосын сұр жорғасын тебініп, әрмен қарай аса берді; сөйтіп, тауап етушілердің жанынан өтіп бара жатқан кезінде әлгінде өзіне зер сала қарап қалған біреуі оны шап беріп құшақтай алды да, таза испан тілінде былай деп сөйлеп кетті:
— Оу, жасаған! Бұл сенбісің-ей шынымен! Апырай, аса қымбатты досым, аяулы көршім Санчо Пансаны құшақтап тұрмын ба мен? Тап соның өзі ғой бұл, — түс көруден де аманмын, ішіп алған да ештеңем жоқ.
Қайдағы бір жат жұрттықтың атын атап, құшақтап жатқаны Санчоны таң қалдырды, алайда ләм деп тіл қатпаған күйі оған қанша қадалып қарағанымен, ақыры оны тани алмады; ал тәу етуші болса, мұның аңырып қалғанын көріп:
— Ау, достым Санчо Панса, көршің Рикоте-морискіні, селодағы дүкеншіні, шынымен танымадың ба? — деді.
Бұдан соң Санчо оған бұрынғыдан да байыптырақ көз жіберіп, ептеп-септеп есіне оралтып, ақыр аяғында алдында кім тұрғанын түсінді де, есегіне мініп отырған күйі оны мойнынан құшақтап, былай деді:
— Албасты құсап әлем-жәлем киініп алыпсың, сені шайтаным танысын ба, Рикоте? Ау, сені мынадай мүттайымға айналдырып жіберген кім және Испанияға қайтып оралуға дәтің қалай жетті? Ұстап алуы, біліп қоюы мүмкін ғой, ондай жағдайда саудам бітті дей бер.
— Егер өзің ұстап бермесең, Санчо, мына киімнен мені ешкім танымайды, — деп қарсылық білдірді тауап етуші. — Қане, анау тұрған терек тоғайына қарай бұрылайық, бауырым, серіктерім сол жерде өзек жалғап, жан шақырмақ, сен де бізбен бірге тамақ іш; бұлар бейбіт жандар, ұлы мәртебелі ағзамның жарлығы бойынша селомыздан кеткен соң қандай кепке тап болғанымды сол жерде өзіңе түгін қалдырмай айтып берермін: бейшара қандастарыма бұл жарлықтың қандай қатер төндіргені жайында сен, шамасы, естіген де шығарсың.
Санчо Рикотенің шақыруын қабыл алды, сосын анау тауапшы серіктерімен сөйлескен соң, бұл қауым күре жолдан қиғаштау бағытқа ауытқып, терек тоғайына қарай бет түзеді. Осы арада жат жұрттықтар асатаяқтарын былай тастап, әлде плащ, әлде пелериндерін шешіп, әдеттегі киімдерімен ғана қалды; мосқал тартқан Рикотеден басқаларының бәрі әлі жасаң және айтарлықтай сымбатты адам болатын. Бәрінің де арқалаған дорбасы бар-ды, бәрі де шетінен тырсиып тұрған-ды, шамасы, азық-түлікке лық толы секілді, негізінен, иісі екі миль жерден танау қытықтайтын не қилы дәмді тағам тәрізді. Тауап етушілер жерге қисая кетті де, дастарқан міндетін атқарған жайқалған көк шөпке нан, тұз, пышақ, жаңғақ, сүтсірне тілімдері мен мүжілген сүйектерді жайып тастады; сүйектерден мүжитін бірдеңе табу мүмкін емес-ті, бірақ кемігін соруға қай-қайсысы да ықтиярлы еді. Бұған қоса олар қаралтым түсті бір дәмді шығарды, кавьяль деп аталатын, балық жұмыртқаларынан дайындалатын бұл тағамның ащылығы сондай, соңынан бірдеңе ішіп жібермесең болмайтын. Сондай-ақ, мұнда зәйтүннен де кенделік жоқ-ты, әрі кепкен, әрі дәмдеуіш те қосылмаған бұл жеміс, сонысына қарамастан, өте дәмді еді әрі көзді арбайтын. Алайда осынау той-томалақ танабындағы ең әдемі өсімдіктер — әр дорбадан шыққан шарап толы алты құты болды; тіпті морискіден неміске айналған мейірбан Рикоте де өз құтысын шығарды, көлемі жағынан ол да қалған бесеуімен бірдей-тұғын.
Олар тамақ ішуден зор ләззат тауып, астың дәмін тамсана татып, асықпай шайнап жеп отырды; әр тағамнан пышақ ұшымен құйттай ғана бөлегін іліп алатын да, келесі сәтте бәрі қолдары мен құтыларын жоғары көтере қоятын; құтының аузынан тамақ жібітіп жатып, бейне бір нысанаға алғандай аспанға қас қақпай қарап қалатын, сосын, құтыдағы сұйықтық асқазанға қотарылып жатқан шақта, жаны рақат тапқандықтың белгісі ретінде бастарын ұзақ уақыт олай да бұлай шайқаумен болатын. Санчо осының бәріне зер сала қарап отырды және бұған әсте налыған жоқ; керісінше, өзіне жақсы мәлім: “Римде тұратын болсаң — басқалардан қалыспау мұратың болсын” дейтін мақалды малданып, Рикотеден құтысын сұрап алды да, әлгілердің үлгісімен аспанды айызын қандыра нысанаға алды.
Құтылар өзін төрт мәрте көтеруге кеңшілік жасады, бірақ бесінші реттің қисыны келмеді, себебі ондағы нәрсе соңғы тамшысына дейін сыздықтатылып, құтылар қурайдан бетер құрғап қалған-ды, бұл мырғамға батып отырғандардың көңілін ортайтыңқырап тастады. Дастарқандастары кезекпен-кезек деміл-деміл Санчоның қолын қысып: “Шпан мен немес — екеуі фірдей: чақсы чолдас”, дейтін, ал Санчо: “Чақсы чолдас, олда-пілдә!” деп жауап қататын және жарым сағат бойы қарқылдап кеп күлетін, губернатор боп жүргенде бастан кешкендері бұл кезде тарс есінен шығып кететін, өйткені адам ас-су ішуге ден қойған мезгіл аясында мазасын алатын жайлар жырақтап қалады. Шараптың тәмам болуы жат жұрттықтарды жаппай маужырата бастады да, олар әлгінде өздері той тойлаған үстелдері мен дастарқандарына көсіліп жата кетті; тамақты жұрттан көбірек, ал шарапты азырақ ішкендіктен Рикоте мен Санчо ұйқтаған жоқ; Рикоте Санчоны оңашаға шақырды, сөйтіп жат жұрттықтарды тәтті ұйқының құшағында қалдырған олар шамшат ағашының көлеңкесіне барып жайғасты, сол арада Рикоте әңгімесіне маврша бірде-бір сөз араластырмай, таза кастильдік тілде өз тағдыр-талайы жайында мына төмендегі жайды мәлім қылды:
You have read 1 text from Kazakh literature.
Next - Айлакер Идальго Ламанчалық Дон Кихот Орыс Тілінен Аударған Құрманғазы Қараманұлы - II - 33