Latin Common Turkic

Айлакер Идальго Ламанчалық Дон Кихот Орыс Тілінен Аударған Құрманғазы Қараманұлы - II - 29

Total number of words is 3950
Total number of unique words is 2214
35.3 of words are in the 2000 most common words
49.8 of words are in the 5000 most common words
56.8 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
— Солай болатынын білгем, — деді дуэнья, — ізгілік шуағын себелеген жылы жүзіңізден бұдан бетер христиандық жауап күту қиын еді. Әңгіменің мәнісі мынадай, сеньор Дон Кихот. Дәл қазір қарсы алдыңыздағы мына креслода отырғаныммен және Арагон корольдігінен орын тепкеніммен, үстімде жұрттың бәрі жек көретін және жәбірлейтін дуэньяның киімі болғанымен, мен өзім Овьедолық Астурияда туып-өскем және сол провинциядағы ең тәуір әулеттермен туыстығы бар отбасында дүниеге келгем, алайда тақсіретті тағдыр-талайым мен мүлдем күтпеген жерден, неліктен және қалай екені белгісіз, кедейленіп шыға келген ата-анамның қамсыздығы мені астанаға, Мадридке алып келді, сол жерде ата-анам өз келісімім бойынша және бұдан да жаман бәлеге тап болмауым үшін мені бір ақсүйек сеньораға тігіншілікке берді; ал енді, біліп қойғаныңыз артық болмас, тақсыр, сәнді тігіс пен іш киім тігісі саласында осы күнге дейін менен озған ешкім жоқ. Сөйтіп, ата-анам мені малайлыққа берді де, өздері қайтып кетті, бірақ арада бірнеше жыл өткенде екеуі де дүние салды, — сірә, қазір олар аспанда шығар, себебі екеуі де ізгі ниетті, шынайы христиан еді. Мен жетім қалдым, бар дүние-мүлкім — жарытымсыз жалақым мен дәулетті үйлерде малай қыздарға берілетін болымсыз оны-пұныдан ғана тұратын; сол шамада мені, — оған өзім қандай да бір ыңғай танытып, ықылас білдірмегем, — атшы малай сүйіп қалды, ол өзі жасамыстау, толықша, қою сақалы бар еркек еді, ал тәрбиелілігі сонша, құдды бір король ме дерсің: себебі ол тау тұрғыны болатын. Кездесуімізді қаншалықты жасырып баққанымызбен, қожайын ханымым бәрібір мұны біліп қойды да, өсек-аяң мен ғайбат сөзден құлағы тыныш болуы үшін қасиетті анамыз римдік-католиктік шіркеудің батасымен және рұқсатымен екеуімізді үйлендіріп тынды; бұл некеден қыз баламыз дүниеге келді, міне тап осы қыздың қырсығынан өмірімдегі ең қастерлімнен айрылып қалдым, бұған себеп — босану кезінде өліп кетпегендігім емес: жоқ, мен ай-күнім жетіп, жеңіл босандым, бұған себеп — босанғаннан кейін көп ұзамай күйеуімнің үрейден дүние салғаны еді; егер асығыс болмағанымда сізге бұл жайында да айтып берер едім және сіз бұған шынымен-ақ таңырқанып қалар едіңіз.
Сол арада ол еңірей жылап жіберді де, былай деді:
— Өзімді өзім ұстай алмағанымды кешіріңіз, сеньор Дон Кихот: сол сормаңдай күйеуім есіме түссе болды, көзімнің жасын тия алмай қалам. Құдай-ай десеңші, ханымды көмірдей қара дығал қашырдың сауырына отырғызып алып, қандай маңғаз кейіпте көшеге шығатын еді ол! Ол кезде қазіргідей күйме де, зембіл де болған жоқ қой, — ханымдар қашырға салт мініп жүретін: алда — атшы малай, артта — ханым. Жоқ, бұл жайында сізге міндетті түрде айтып беруге тиіспін, сонда сүйікті күйеуімнің қандай тәрбиелі әрі ыждағатты адам болғанына өзіңіз де көз жеткізесіз. Бір жолы Мадридтегі Әулие Иаков көшесіне қарай бұрылған кезінде алдында екі альгуасилі бар алькальд қарсы ұшырасады, ақкөңіл жұбайым оны шығарып салуға ниеттеніп дереу қашырының басын бұрады. Артта отырған ханым оған сыбырлап: “Қайда бет алдың, ақымақ? Баратын жағым басқа екенін білмейсің бе?” дейді. Алькальд та ізеттілікпен тізгін тартып: “Өз жолыңмен жүре бер, бауырым, мені сеньора донья Касильда емес, менің оны шығарып салғаным жарасымды” (біздің ханымды солай атайтын), дегенді айтады. Алайда жұбайым, бас киімін сыпырып алған қалпы, алькальдты шығарып салу керек деп тұрып алады, бұған қатты ыза болып, қызбаланып кеткен ханым қорапшадан жуан түйреуіш шығарып, оны кәдімгі біздің өзі десе де болғандай еді, бар күшімен күйеуімнің арқасына шаншады; күйеуім шыңғырып жібереді де, екі бүктетілген күйі жерге гүрс етіп құлап түседі, ханымды да өзімен бірге ала кетеді. Екі малай ханымға қол ұшын бермекке тұра ұмтылады, сондай-ақ алькальд пен альгуасилдер де көмекке келеді. Гуадалахар қақпасы азан-қазан болады, әрине, мен қақпаның өзін емес, сол арада ермек іздеп сенделіп жүрген жұртты айтып отырмын. Ханым үйге жаяу кетеді де, күйеуім жүгіріп шаштаразға барып, оған түйреуіш іш құрылысын тесіп өткенін айтады. Жұбайымның кішіпейілдігі жайындағы қауесеттің ауыздан-ауызға тез тарап кеткені сонша, балалар көшеде соңынан қалмай жүгіріп жүретін болды, міне осы себептен және оған қоса, көзі алыстан онша көрмейтіндіктен, ханым онымен есеп айырысып, жұмыстан шығарып жіберді, оның құсадан өлгенінде еш күмәнім жоқ. Осылайша жастай жесір боп қызымды құшақтап қала бардым, ал қызымның көркі гүл шанағындай күн өткен сайын ажарлана түсті. Ақыр соңында, сол тұста сеньор герцогқа күйеуге шыққан сеньора герцогиня, айтулы ісмерлігім жайындағы дақпырт кең жайылып үлгергендіктен, қызым екеуімізді өзімен бірге Арагон корольдігіне ала кетуді ұйғарды; міне, тап осы жерде, арада жылдар өткенде, қызым да толған айдай толықсып бой жетті, ал енді оның қандай сүйкімді қыз боп өскенін мынадан-ақ көре беріңіз: ән салса — бозторғай ма дейсің, билесе — от-жалынға айналып, құлап түскенше бір тынбайды, оқу мен жазуда мектеп мұғалімінен қалыспайды, есеп-қисапта саудагермен бірдей. Тазалығы жайында айтып та жатпаймын: ағын судың өзі де одан таза емес. Қателеспесем, қазір оған он алты жас, бес ай, үш күн толды, — шатыссам, күнінен шатысқан шығармын. Бір сөзбен айтқанда, қызалағымды осы араға жақын маңайдағы, сеньор герцогтың иелігіндегі деревнялардың бірінде тұратын дәулетті шаруаның ұлы ұнатып қалды. Олардың бір-бірін қалай тапқандарын білмеймін, әйтеуір әзіл-күлкісі жарасып, жұбы жазылмайтын болды, ұзамай жігіт оған үйленетінін айтты, бірақ алдап соққан екен, қазір уәдесін орындау жайын ойына да алмайды. Сеньор герцог та бұдан жақсы хабардар, себебі оған әлденеше мәрте шағынып, әлгі жігітке қызыма үйленуге әмір етуін сұрағам, бірақ бұл өтінішім герцогтың бір құлағынан кіреді де, екінші құлағынан шығып кетеді. Өйткені, кілтипан мынада боп тұр: алдамшының әкесі асқан бай, герцогқа қарызға ақша береді, оны-мұны шаруасын шыр айналдырады, сондықтан герцог оны ашуландырып алам ба деп қорқады. Міне, өзіңізден өтінерім де, мархабатты мырзам, осы бір міндетті мойныңызға алып, сендіру арқылы ма әлде қарудың күшімен көндіру арқылы ма, әділдік орнатыңызшы: өйткені, сіздің мына жарық дүниеге жалғандықтың тамырына балта шабу үшін, қисық-қыңырды түзетіп, үлестен қағылғанды қорғау үшін келгеніңізді жұрттың бәрі біледі. Оған қоса, тақсыр, қызымның жетімдігін қаперге алыңыз; сондай-ақ, әлгінде ғана өзім сипаттап берген сүйкімділігі мен өндірдей жастығын, басқа да ерекше қабілеттерін ұмыта көрмеңіз, — құдайдың атымен және арыммен ант етем, қожайын ханымның күтуші қыздарының қай-қайсысы да, тіпті соның ішінде Альтисидора дейтіні де, оның басқан ізіне татымайды: әлгіні мұндағылар ең еркін де ерке, ең көркем қызға балайды, бірақ оның өзі де менің қызыммен бәске түсе алмайды. Біліп қойғаныңыз артық болмас, мархабатты мырзам, жылтырағанның бәрі алтын емес: анау әлгі Альтисидора дейтін өңділігімен емес, өпіремдігімен дақпыртқа көбірек ие боп жүр ғой және оның қарапайымдылығынан қарабайырлығы басымдау, оған қоса денсаулығы да онша емес: аузынан алап жаман иіс шығатыны сонша, қасында қатар тұрудың өзі ақирет. Тіпті, сеньора герцогиняның өзін алсақ та... Жә, жетер, аузымды жабайын, үй артында кісі бар, дегендей.
— Ал сеньора герцогиняға не болған, айтыңызшы, құдай ақы, сеньора донья Родригес? — деп сұрады Дон Кихот.
— Шын ықыласпен сұрап отырғаныңыз сонша, сізге бәрін ағымнан жарылып айтып бермеуге шарам қалмай тұр, — деді дуэнья. — Сеньора герцогиняның қандай әдемі екенін өзіңіз де білесіз ғой, сеньор Дон Кихот: терісі айнадай жылтыратылған мәрмәр тәрізді теп-тегіс, бетінен қаны тамып тұр, көзі көктегі жұлдыз іспетті, ал жүргенде қалықтап ұшып бара жатқандай көрінеді; осыған қарап оның денсаулығында дым кінәрат жоқ екен деуге болады, ал шын мәнінде, тақсыр, мұның бәрі құдайдың қамқорлығы мен аяғындағы екі фонтанельдің арқасы, солар арқылы сеньора герцогиняның бойында, емшілер айтып жүргендей, шамадан тыс көп жиналған арам сөл түгелімен ағып кетеді.
— Сұмдық-ай, не дейді! — деп дауыстап жіберді Дон Кихот. — Апырай, шынымен-ақ сеньора герцогиняның осындай су ағатын науасы болғаны ма? Егер мұны маған жалаңаяқ ағайындар айтса мүлдем сенбес ем, бірақ бұл әңгіме сеньора донья Родригестің аузынан шығып тұрғандықтан, бәлкім, солай болса солай да шығар. Дегенмен, ондай әсем аяқтағы фонтанельдердің арам сөл емес, хош иісті сұйықтық ағызып тұратыны анық. Осыған қарап, фонтанель дегеннің өзі денсаулыққа өте пайдалы нәрсе ме деп қалдым.
Дон Кихоттың осыны айтып үлгеруі мұң екен, бөлменің есігі сарт етіп айқара ашылды, шошып кеткен донья Родригес шырағын жерге түсіріп алды, бөлме ішін көзге түртсе көргісіз қараңғылық басты. Бұдан кейін бейшара дуэнья әлдекімнің қолы кеңірдегінен ала түскенін сезді және қатты сығымдағаны сонша, қыңқ еткен дыбыс шығарарлық шамасы болмады, ал екінші біреу асқан ептілікпен, түк ешқандай тіл қатпастан, тілдеместен, дуэньяның белдемшесін түріп тастады да, әлденемен, сірә, туфлимен шығар, төмпештің астына алып, бейбақты адам аярлық халге жеткізді; Дон Кихот та оны аяп кетті, бірақ қыбыр етіп қозғалған жоқ: ол мұнда не болып, не қойып жатқанын түсінбеген, сондықтан өзіме де сыбаға тиіп қалар деп қорқып, тынысын ішке тартып, жата берген. Ол бекерден-бекер қауіп ойламаған екен, өйткені дуэньяны сілейтіп салған соң (ал дуэньяның дыбыс шығаруға да дәрмені жетпеді), меңіреу жендеттер Дон Кихоттың қасына келді де, ақжаймасы мен көрпесін жұлып алып, оны оңдырмай шымшуға кірісті және үсті-үстіне әрі жанға батыра шымшығандары сонша, жауап ретінде оның жұдырық жұмсауына тура келді: айта кетерлігі, осы әрекеттің бәрі құлаққа ұрған танадай тыныштықта іске асып жатты. Шайқас жарты сағаттай уақытқа созылды, сосын елестер ғайып болды да, белдемшесін жөндеп киіп алған донья Родригес қырсыққа ұшырағанына күңірене зар илеп, бөлмеден шығып кетті, Дон Кихотқа тіс жарып тіл қатқан жоқ. Әптер-тәптері шыққан, шымшудай-ақ шымшылған, абдырап, дағдарған Дон Кихот жалғыз қалды; өзін көк ала қойдай қылған зұлым сиқыршының кім екенін білуге қаншалықты құштар боп отырғанына қарамастан, біз оны осы арада қалдыра тұрамыз. Бұл жөнінде кезінде айтыла жатады, ал қазір хикая тәртібінің талабына сай Санчо Пансаның жайына ойысамыз.
XLХІX тарау
Аралды аралау кезінде Санчо Пансаның қандай кепке тап болғаны жөнінде.
Даңқты губернаторды өзі суретші, өзі суқит бір шаруаға қатты ренжіп, күйіп-пісіп жатқан жерінде қалдырған едік, өйткені үй басқарушы үйретіп қойған шаруа, — ал үй басқарушыны, өз тарапынан, герцог үйретіп қойған-ды, — Санчоны келеке қылған-ды; алайда аңқаулау, можантопайлау және күпшектей жуан болғанына қарамастан Санчо ешкімге есе жібере қоймайтын, сөйтіп, герцогтың хатына байланысты өткізілген құпия кеңес аяқталып, дәрігер Педро Қатыбезеро залға қайтып оралған кезде, Санчо сол арада тұрғандарға қарап былай деді:
— Соттар мен губернаторлардың мыстан жаратылуы керегін енді ғана жақсы түсіндім, әйтпесе беймаза келімсектер бұлардың түбіне жетпей тынбайды; олар дау-дамайына кез-келген сағатта, кез-келген уақытта құлақ қоюды және төрелік айтуды талап етеді, олар тек өз шаруаларын тындырып алуды ғана ойлайды, одан соң күл болмаса, бүл болсын; ал егер бейшара сот арыз-шағымына құлақ қоймаса және оны қолма-қол қарастырмаса, — бәлкім, мұның анық-қанығына жетуге оның әл-дәрмені жоқ шығар, бәлкім, әлгілер оған беймезгіл уақытта келген шығар, кім біледі, — оны дереу қарғап-сілеп, ол жайында не қилы өсек таратып, ғайбаттап күстаналайды, тіпті жақын-жуықтарын да тыныш қалдырмайды. Су ми сұраншақ, кеще сұраншақ! Асықпа, қолайлы уақытты тап, орайлы сәтті күт, қандай шаруамен келгеніңді сосын ғана баянда, түскі ас мезгілінде де, ұйқыға жатар кезде де келуші болма. Өйткені, соттар да — адам, олар да табиғат алдында табиғи борышын өтеуге тиіс, — айтпақшы, мұның маған қатысы жоқ, осы арада тұрған сеньор дәрігер Педро Қатыбезеро Қиянтүкпірионың арқасында табиғи тілегімді тояттандырудан тиылдым: ол мені аштан қатырып отыр және өмір дегеніміз — өлім деп сендіргісі келеді, құдай оның өзін де, әріптестерін де дәп сондай өмірге тап қылғай, — әрине, мен жаман емшілер жайында айтып отырмын, ал жақсыларын қалай ардақтасақ та артық емес.
Санчоны білетіндер оның айтар ойын ажарлы сөзбен жеткізетініне қайран қалысты, мұндай қабілетке қайдан ие боп жүргенін түсіне алмады, сөйтіп мұның себебі, сірә, жоғары лауазым мен қызметке қолы жеткен адамның ой-сезімі не ұштала түсетінінде, не мұқала түсетінінде шығар деген байламға келді. Ақыр аяғында Тиртеафуэра немесе Қиянтүкпірио елді мекенінде туып-өскен дәрігер Педро Қатыбезеро Гиппократ белгілеген барша тәртіпке қайшы келетініне қарамастан кешкісін губернаторға тоя тамақ ішуге рұқсат беретінін айтты. Губернатор мұны қанағат тұтты да, кеш түсіп, кешкі ас берілетін кезді тағатсыздана тосумен болды, уақыт тоқтап қалғандай, орнынан жылжымайтындай көрінгенімен, алайда, көптен күткен сәт те туып, кешкі тамаққа оған пияз туралған бұқтырылған сиыр еті мен жасамыстау бұзаудың суға піскен сирағы берілді. Санчо мұның бәріне өзін миландық құрмен, римдік қырғауылмен, соррентолық бұзау етімен, морондық шілмен немесе лавахостық қазбен қонақ еткеннен де бетер ден қойыңқырады. Ас үстінде ол дәрігерге қарап былай деді:
— Әңгіме былай, сеньор дәрігер! Алдағы уақытта маған бөлекше әзірленген тағам мен ерекше дайындалған ас берем деп әуре болмасын, — ондайдың асқазанымды бұзғаннан басқа пайдасы жоқ: өйткені, асқазаным ешкінің, сиырдың, шошқаның етіне, ветчинаға, шалқан мен пиязға дағдыланып қалған, егер оған не түрлі сарай тағамын тықпалайтын болсаңыздар, бұл оған ұнамауы мүмкін, кейбірінен тіпті лоқсуы да ықтимал. Аға малай одан да маған олья подрида дейтінді, яғни буға піскен көкөністерді әкелсін, бұлар буға неғұрлым ұзағырақ бөксе, иісі де соғұрлым сүйкімді бола түседі, ал аға малай оған ойына не келсе соның бәрін салып, араластыруға ерікті, тек әйтеуір жеуге жарамды нәрсе болса болды, бұл үшін оған алғыс қана айтам және реті келгенде сыйлық та берем, бірақ өзімді келеке-мазаққа айналдыруға ешкімге жол бермеймін, ондай жағдайда ісіміз оңға баса қоймайды. Ендеше, бәріміз тату-тәтті тірлік кешіп, тамағымызды ішейік. Жетпейтін не бар бізге? Бұл аралды мен алым-салықты кешірмеу, сонымен бірге пара сұрап есірмеу қағидасын ұстана отырып басқармақпын, ал сендер менің қарауымда бетегеден биік, жусаннан аласа болыңдар, сонда біз, біліп қойғандарың артық емес, ешкімге есе жібермейміз және, орайы кеп жатса, не ғажайып іс тындырамыз. Кейде аңшыға аңның өзі кеп соқтығатын жағдайы болады.
— Әлбетте, сеньор губернатор, — деді аға малай, — айтқан сөзіңіздің бәрі орынды, арал тұрғындарының атынан сізге бар ынтамызбен, ыстық ықыласымызбен және адал ниетімізбен қызмет етуге уәде берем, өйткені өзіңіз әу бастан-ақ ұстанған басқарудың биязы түрі сізге қарсы әлденені іске асырмақ түгіл, тіпті ойластыруға да ырық бермейді.
— Ондай бірдеңені іске асырсаңдар немесе ойластырсаңдар нағыз ақымақ сендер болар едіңдер, — деді Санчо. — Ендеше, тағы да қайталап айтам, өзіме және сұр жорғама қажетті азық-түлік жағын естен шығармаңдар, тәмам шаруаның ішіндегі ең маңыздысы да, ең шұғылы да осы болсын, ал белгіленген уақытта сіздермен қаланы аралауға шығамыз: аралды әр қилы азғындардан — қаңғыбастардан, жалқаулар мен қырсыздардан арылтқым келеді. Біліп қойғандарың артық болмас, достарым, мемлекеттегі не істерді білмей зеріккен жұрт та бір — жұмысшы аралар жиған балды жалап-жұқтап жеп қоятын омартадағы еркек ара да бір. Мен шаруаларға қамқорлық жасамақпын, идальго қауымының атаулы құқын қорғамақпын, ізгі ниетті адамдарға сый-сияпат жасамақпын, ал ең бастысы — дінге құрметпен қарап, діни қызметшілерге қошемет көрсетпекпін. Ал қалай, достарым? Дұрыс айттым ба әлде шатып кеттім бе?
— Сізді тыңдап отырған адам, сеньор губернатор, — деп жауап қатты герцогтың үй басқарушысы, — таңырқанбай қала алмайды: өзіңіз секілді сауатсыз кісінің, — білуімше, тақсыр, сіз оқи да, жаза да алмайсыз ғой, — ойламаған жерден осыншама көл-көсір ғибратты да лұғатты сөзді үсті-үстіне түйдектеткені қайран қалдырады: бізді осында жіберген жандар да, өзіміз де сізді мұндай пайым-парасат иесі деп ойламаған ек. Күн сайын бір жаңалыққа тап боламыз: әңгіме әзілден басталады да, арты шынға айналып кетеді, біреуді ақымақ қылғың келеді — қалай ақымақ боп қалғаныңды артынан бір-ақ білесің.
Сонымен, кеш түсіп, сеньор дәрігер Қатыбезероның рұқсатымен губернатор кешкі асын ішті. Одан соң шолғын жасайтын топ құрылды; губернатормен бірге аралды аралауға үй басқарушы, хатшы, аға малай және Санчоның іс-әрекетін тарих тақтасына түсіріп отыру тапсырылған жылнамашы, сондай-ақ альгуасилдер мен сот қызметшілерінің тұтас бір отряды аттанды; қолына жезл ұстаған Санчо қақ ортада қораздана қадам басып келе жатты. Сөйтіп олар бірнеше көшені артта қалдырған кезде қаржасқан қылыштардың шақыр-шұқыры құлаққа шалынды; бәрі сол тұсқа қарай борсаңдап, айқасқа түскендердің бар-жоғы екі-ақ адам екенін көрді; әлгілер өкімет адамдары келгенін біліп, төбелесті доғара қойды да, біреуі былай деп саңқ етті:
— Құдайдың және корольдің атымен ант етем! Қаламызды азғындық жайлап алған: адамға көшенің қақ ортасында тарпа бас салады, қаптаған жұрттың көз алдында тонап кетеді!
— Сабыр ет, туысқан, — деді Санчо, — әуелі маған не нәрсеге бола ұстасқандарыңның жайын мәлім қыл. Мен — губернатормын.
Сол арада қарсы жақ сөзге араласты:
— Сеньор губернатор! Сізге бәрін қысқаша түрде айтып берейін. Білгіңіз келсе, тақсыр, осы жаңа ғана мына мырза әне жердегі, қарсы беттегі ойын үйінде мың реалдан астам ақша ұтып алды, оны қандай жолмен ұтқанын бір құдайдың өзі біледі. Мен сол арада тұрдым және бірқатар күмәнді нәрсені ардан аттап мұның пайдасына шешіп бердім. Мынау ұтысын күреп қалтасына салып алды, одан құрығанда бір эскудо сыйақы алармын деп үміттенгем: ойын кезіндегі жүрістің дұрыстығын қадағалайтын, заңсыздықтарға жол бермейтін және дау-дамайдың алдын алатын мына мен сияқты маңызды тұлғаларға сый-сияпат көрсету — ежелден қалыптасқан дәстүр ғой, ал мынау ақшаны алып тайып тұрды. Мен ызаланып кеттім, қуып жетіп, мейлінше сыпайы да биязы тілмен ең болмаса сегіз реал беруін сұрадым, ал менің адал адам екенімді, ешқандай лауазымды қызметімнің жоқтығын, көлденең табыс таппайтынымды, — өйткені, ата-анам маған ештеңе үйретпеген және еш нәрсе қалдырып та кетпеген, — бұл өте жақсы білетін еді, бірақ әртүрлі арамзалықта Кактың өзін, картадағы залымдықта Андрадильяның өзін тақырға отырғызып кететін бұл алаяқ маған төрт реалдан артық қимады. Ойлап көріңізші, сеньор губернатор, неткен ұятсыздық, неткен арсыздық! Шын сөзім, тақсыр, егер өзіңіз келіп қалмағанда, ұтысты мұның өңешінен суырып алатын едім, тәубасына келтіретін едім!
— Ал, сен не дейсің? — деп сұрады Санчо.
Анау қарсы жақтың шындықты айтып тұрғанын, шынымен-ақ төрт реалдан артық бергісі келмегенін, себебі бұл бірінші рет еместігін мәлім етті; одан әрі ол сыйақы дәметкен адамның кішіпейіл болуы қажеттігін, бергенді қуана-қуана алуы керектігін, қолы шыққан адаммен, — егер тек бұның — шулер, ал ұтқаны — арам ақша екеніне көзі кәміл жетіп тұрмаса, — саудаласудың жараспайтынын айтты; ал өзінің, нағыз ойыншының, бопсашылға бой ұсынбағаны, мынау бет бақтырмай тұрғандай, әсте алаяқ еместігінің, жөні түзу адам екендігінің бірден-бір айғағы, өйткені шулер атаулы өздерінің картаны қақшып жіберетінін жақсы білетін осындай аңдуылдарға өне бойы алым төлеп тұруға мәжбүр, деді.
— Бұл сөзің көңілге қонады, — деді үй басқарушы мақұлдап. — Сеньор губернатор! Мына адамдарға не істеуге болады, әміріңізді күтіп тұрмыз.
— Бұл адамдарға былай істеу керек, — деп мәлім етті Санчо. — Сен, ақша ұтқан жігіт, — оны қалай ұттың: адал жолмен бе, арам жолмен бе, олай ма, былай ма, бәрібір, — сен қазір қолма-қол мына бұзақыға жүз реал бересің және отыз реалды түрмеде отырғандарға бөлесің. Ал, сен, лауазымды қызмет атқармайтын, көлденең табыс таппайтын, құр әншейін ай қарап жүрген жігіт, сен сол жүз реалды ал да, ертең таңертеңнен қалмай он жыл мерзімге аралымыздан көзіңді жоғалт, егер әмірімді орындамасаң мерзіміңді о дүниеде өтейсің, себебі сені бағанға өз қолыммен асам, өзім болмасам менің әмірім бойынша жендет асады. Және бұған осы арада тұрған ешқайсың қарсы шығушы болмаңдар, оңдырмаймын!
Алғашқы қарсылас ақшасын берді, екіншісі оны алды, бірі қоныс аударатын болды, екіншісі үйіне кетті, ал губернатор былай деді:
— Қайткен күнде де бұл ойын үйі дегеннің бәрін түгел жаппай тынбаймын: менің ойымша, бұлардың зияны ұшан-теңіз.
— Басқасын білмеймін, бірақ мына тұрған үйді, — деді сот қызметшісінің бірі келіспей, — жаба алмайтыныңыз анық: оны бір белгілі шонжар ұстап отыр, айта кетерлігі, оның өзі бір жылдың ішінде осы ойынханадан түсетін табыстан әлдеқайда көп ақшаны картаға ұтқызып жібереді. Есесіне, өзге сұрықсыз притондарды қалай жәукемдеуіңізге де болады: олардан келетін зиян да көп және онда неше түрлі азғын мен арамза бас қосады. Ал, енді ашығын айтсақ, ақсүйек кавальеролар мен сеньорлар ұстап отырған үйлерге нағыз шулер алаяқтық жасау пиғылымен ешқашан аттап баспайды, карта ойынына деген кесірлі құмарлық соңғы уақытта кең құлаш жайып кеткендіктен ойынның жұмыскерлер үйінде емес, ақсүйектер үйінде өткені жақсы; өйткені жұмыскерлер үйіндегі дәстүр мынадай: түн ортасына таман кезіккен әлдебір сормаңдайды алдап-сулап алып барады да, тұттай жалаңаш қалдырады.
— Мәселе, былай, сот бауырым, — деді Санчо, — бұл өзі айта берсең әңгімесі таусылмайтын тақырып, одан өзім де жақсы хабардармын.
Осы кез бұларға бір жігітті қолынан сүйрелеген полицей жақындап, былай деді:
— Сеньор губернатор! Мына бұзық бізге қарсы келе жатқан, бірақ полицияны көрген бойда жалт бұрылып қаша жөнелді — қылмыскерлер ғана сөйтеді. Мен оны тұра қудым, алайда бұл сүрініп кетіп, жалпасынан түспегенде оған өмірі жете алмас едім.
— Неге қаштың, жігітім? — деп сұрады Санчо.
Жігіт оған былай деп жауап қатты:
— Сеньор! Полицияның ананы сұрап, мынаны сұрап әуре-сарсаң қылатыны бар, ал менің жауап бергім келген жоқ.
— Өзің немен шұғылданасың?
— Мен тігіншімін.
— Не тігесің сонда?
— Айып ете көрмеңіз, найзаның ұштығын тігем.
— Әу, сен қалжыңбас екенсің ғой! Ендеше, әзіл-оспақпен айналысатын болдың ба? Жарайды! Ал, қай жаққа бармақ едің?
— Таза ауада серуендеп қайтқым келген.
— Сендердің мына аралдарыңда қай жерде серуендейді?
— Қай жерде жел соғып тұрса, сол жерде.
— Бопты! Сөзге жеңістік бермейтінің көрініп тұр. Ақылды жігіт екенің байқалады, бірақ енді көз алдыңа елестетіп бақ — жел дегенің мына мен және мен тура арқаңнан соғып, сені тура түрмеге қарай айдап бара жатырмын. Қане, қамауға алыңдар мынаны, әкетіңдер тез! Бүгін түрмеде ұйықтап шықсын, бір жолға таза ауасыз да бірдеңе қылар.
— Олла-біллә, тақсыр, мені түрмеде ұйқтауға мәжбүр ете алмайсыз, одан да мені король еткеніңіз оңайырақ! — деп қарсылық білдірді жігіт.
— Қалайша сені түрмеде ұйқтауға мәжбүр ете алмаймын? — деп сұрады Санчо. — Сені кез-келген сәтте қамауға алуға немесе қоя беруге билігім жетпей ме менің?
— Билігіңіз қанша жерден құдіретті болғанымен, бәрібір, мені түрмеде ұйқтауға мәжбүр ете алмайсыз, — деді жігіт көніңкіремей.
— Ау, неге мәжбүр ете алмаймын? — деп айқайлап жіберді Санчо. — Әкетіңдер мұны түрмеге — қалай қателескенін ол жерде бұл табанда түсінетін болады, ал егер түрменің бастығы бұған пайдакүнемдік мақсатта кеңшілік жасап, түрмеден бір адым былай шығарса, ол бастыққа екі мың дукат айып салам.
— Қалжыңдап тұрсыз ғой, — деді жігіт. — Мені түрмеде ұйқтауға мәжбүр ететін адам әлі дүниеге келген жоқ.
— Әй, айтшы сен, малғұн! — деп айқайлап жіберді Санчо. — Ау, сені түрмеден алып шығатын кім және өзім саған салуға әмір ететін кісенді қирататын кім, періште ме?
— Қанеки, сеньор губернатор, мәселенің мәніне ден қояйық, — деп сөйлеп кетті жас жігіт жайдарылана жымиып. — Айталық, сіз мені түрмеге тығуға әмір еттіңіз дейік, онда маған кісен кигізіп, шынжыр тағып, мені кілтке салып тастасын, ал түрменің бастығы ауыр жазаға ұшырамас үшін бұйрығыңызды бұлжытпай орындап түрмеден шығармасын, — сонда да, бәрібір, ұйқтамауға бел бусам және түні бойы кірпік ілмей шықсам, қалай ғана сіз, тақсыр, қолыңыздағы бар билігіңізбен мені ұйқтауға мәжбүр ете аласыз, егер өзімнің шынымен ұйқтағым келмей тұрса?
— Әрине, бұл мүмкін емес, — деп хатшы сөзге араласты, — бала оп-оңай бұлтарып кетті.
— Сонда сен, — деп сұрады Санчо, — маған қасақана қарсы келу үшін емес, тек өзіңнің ұйқың келмегеніне байланысты ұйқтамайсың ба?
— Қарсы келу ойымда да болмаған нәрсе, сеньор, — деп жауап қатты жігіт.
— Ендеше, жөніңе жүре бер, — деп тұжырды Санчо, — үйіңе барып ұйқта, жаратқан саған жақсы түс көрсетсін, сені ұйқыңнан айыруға құлшынып тұрған мен жоқ, бірақ болашақта есіңде болсын: өкімет адамдарымен қалжыңдаспа, әйтпесе басқа біреуге тап келсең мұндай қалжың үшін басыңнан сипай қоймасы анық.
Жігіт жөніне кетті, ал губернатор аралды аралауын әрмен жалғастырды, сөйтіп арада аз уақыт өткенде оған әлдебір еркекті қолынан жетектеген екі полицей жақындап, мынадай әңгіме айтты:
— Сеньор губернатор! Мына адам — былайынша сырттай қарағанда ғана еркек, ал шын мәнінде бұл киімін ауыстырып киген әйел және өзі әп-әсем.
Олар күдіктінің бетіне екі ме, үш пе фонарьды жақындатты, бұлардың жарығы шашын алтын түсті және жасыл жібек жіптен тоқылған тормен ұстатқан, жасы он алтыдан енді ғана асқан жас қыздың әлпетін паш етті: көрерге көз керек сұлу, нағыз жауһардың өзі екен. Сол арада тұрғандар бойжеткенді басынан аяғына дейін шолып, оның қызыл жібек шұлығы, ұсақ моншақтар мен алтын жіптерден шашақ тұтылған ақ жібектен шұлық буғышы, алтын тінді жасыл қамқадан шаровары, сол матадан тігілген шолақ кафтаны, кафтанның астынан киген, алтын түсті жіп араластыра тоқылған айрықша сапалы ақ матадан тігілген камзолы барын, аяғына еркектердің ақ шәркейін кигенін көрді; семсердің орнына беліне асыл тастармен безендірілген қанжар тағыныпты; саусақтарында — ғажайып көркем сақиналар. Тоқ етерін айтқанда, қыз бәріне ұнады; бірақ оны ешқайсысы білмейтін; жергілікті тұрғындар мұның кім екенінен мүлдем хабары жоқтығын мәлім етті, әсіресе, Санчоны ақымақ қылуға әмір етілгендер қатты таңырқанысты, өйткені бұл оқиға мен бұл кездесуді өздері ұйымдастырмаған болатын, сондықтан олар бұның бәрі немен аяқталарын абыржи күтті. Мынадай сұлуды көрген Санчо дебдіреп қалды, сосын оның кім екенін, қайдан келгенін, мұндай киімді киюге кім мәжбүр еткенін сұрады. Қыз ұялшақтап төмен қарап, айрықша сыпайылықпен былай деді:
— Сеньор! Жан баласына айтпауға тиіс құпиямды жұрттың көзінше жария ете алмаймын. Тек менің ұры да, қылмыскер де еместігімді, қызғаныш өзін әдептен аттап өтуге мәжбүр еткен бір бейшара қыз екенімді ескеруіңізді қалар едім.
Осыны естіген бойда үй басқарушы Санчоға қарап:
— Сеньор губернатор! Сеньора айтқысы келгенінің бәрін қысылмай-қымтырылмай еркін баяндап беруі үшін мына адамдарға әрірек барып тұруға әмір етіңізші, — деді.
Губернатор бұйрық берді, үй басқарушы, аға малай мен хатшыдан басқалары жылыстай жөнелді. Олардың әжептәуір жырақта тұрғанына көз жеткізіп алған қыз әңгімесін былай деп бастады:
— Сеньорлар! Мен Педро Перес Масорканың қызымын: ол біздің қалада жұрттан жүн жинайды және әкемнің үйінде жиі болып тұрады.
— Бұл арада түсінбейтін бір жай бар екен, сеньора, — деді үй басқарушы, — мен Педро Переспен жақсы таныспын, онда ұл да, қыз да, яғни ешқандай бала жоғын жақсы білем, ал сіз оны әкем дейсіз, онымен қоймай, әкемнің үйінде тұрақты болып тұрады дегенді айтасыз.
— Мен де соған таңырқап қалдым, — деп сөз қыстырды Санчо.
— Кешірім өтінем, сеньорлар, қатты абыржып тұрғандықтан не айтып, не қойғанымды білмей қалдым, — деп келісе кетті бойжеткен. — Ашығын айтсам, мен Дьего де ла Льянның қызымын, оны, сірә, жақсы білетін шығарсыздар.
— Міне, бұл басқа әңгіме, — деп құлаққағыс етті үй басқарушы. — Дьего де ла Льянды да білем — ол ақсүйек тұқымнан шыққан, дәулетті идальго, ұлы мен қызы бар, бірақ зайыбы дүние салғалы бері қызының жүзін бір рет болса да көрдім дегенді қаладағылардың ешқайсысы айта алмайды: ол қызын құлыпта ұстайды, тіпті күннің өзіне де көз салуға рұқсат етпейді, сөйте тұрғанымен, қыздың керемет сұлу екені жайында қауесет гулеп тұр.
— Ол рас сөз, — деді бойжеткен, — сол қыз — мен болам. Сіздер, сеньорлар, мені көрдіңіздер, сұлулығым жайындағы қауесеттің шын әлде жалған екеніне баға бере аласыздар.
Соны айтып қыз еңіреп жылап жіберді, ал хатшы үй басқарушының қасына келіп, оған былай деп сыбырлады:
— Анадай ізгі ниетті ата-анадан туған қыздың мынадай киімде және осындай беймезгіл уақытта көше кезіп жүргеніне қарағанда, бұл бейшараның бір үлкен бәлеге тап болғанында шүбә жоқ.
— Оған дау бар ма, — деп қоштады оны үй басқарушы, — оның үстіне, ағыл-тегіл ақтарылған көз жасы да долбарымыздың дұрыстығын дәлелдеп тұр ғой.
Қызды жұбату үшін Санчо бар ділмарлығын пайдаланып бақты, нендей бәлеге ұшырағанын бұларға жасырмай баяндап беруіне болатынын айтып, оған сөз жүзінде емес, іс жүзінде қандай да көмек көрсете алатындарын алға тартты.
You have read 1 text from Kazakh literature.
Next - Айлакер Идальго Ламанчалық Дон Кихот Орыс Тілінен Аударған Құрманғазы Қараманұлы - II - 30