Latin Common Turkic

Айлакер Идальго Ламанчалық Дон Кихот Орыс Тілінен Аударған Құрманғазы Қараманұлы - II - 21

Total number of words is 4039
Total number of unique words is 2211
31.5 of words are in the 2000 most common words
44.9 of words are in the 5000 most common words
52.6 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
— Әй, сендер, мархабатты мырзалар! Бұл жігітті жайына қалдырыңдар да, келген жақтарыңа немесе қайда беттерің ауса, сол жаққа қайқайыңдар! Менің атқосшым басқалардан артық нас емес, ал мына ағаш астау — оған мүлдем келіссіз әрі оны кемсітетін ыдыс. Ақылымды алыңдар — оны жайына қалдырыңдар, өйткені ол да, мен де мұндай қалжыңды жаратпаймыз.
Санчо оның ойын іліп әкетіп, әрмен қарай өрістетті:
— Үй-күйсіз жүрген қаңғыбастарды ғана осылай мазақ етуге болады. Мұндайға төзер болсам, Санчо Панса деген атым өшсін! Тарақ немесе соған ұқсас бірдеңе әкеліп, сақалымды тарап көріңдерші, егер одан тазалықтарыңызға нұқсан келетін әлдене тапсаңыздар, онда шашымды “саты-саты” қылып қырқып-ақ тастасын.
Осы арада күлкіден әлі аузы жиылмай отырған герцогиня сөйлеп кетті:
— Санчо Пансаның айтқанының бәрі жөн және не демесін мейлі, оның айтқаны қашан да жөн болады. Ол — таза және, өзінің айтуынша, жуындыруға мұқтаж емес, ал егер біздің дәстүріміз оған ұнамаса, онда ерік өзінде. Ал, сендер, тазалық сақтағыштар, мұндай кісіге және анандай сақалы бар кісіге таза алтыннан жасалған леген мен құмыраны, немістердің сүлгісін берудің орнына, қайдағы-жайдағы ағаш астау мен ыдыс-аяқ сүртетін сүлгіні ұсынып, қиямпұрыстық демесем де, ағаттық әрі жаңсақтық жасағансыңдар. Жалпы, сендер түкке тұрғысыз адамсыңдар және теріс тәрбие алғансыңдар, сондай-ақ, ардан безгендерің сонша, кезбе рыцарь атқосшыларына деген өшпенділіктеріңді де іште сақтай алмайсыңдар.
Ас үйдің шеберлері ғана емес, аға малайдың өзі де герцогиняның шындап кеткенін сезді, сөйтіп, ыңғайсыз жағдайға тап болған әрі азды-кем ұялыңқырап та қалған олар Санчоның иығындағы шүберекті алды да, оны жайына қалдырып, залдан шығып жүре берді; ал Санчо өз түсінігіндегі осы бір қатері мол қауіптен құтылғанын көріп, герцогиняның алдына тізерлей кетіп, былай деді:
— Шоң сеньорлардың мейірім-қайырымы да шоң, ал сіздің маған жасаған қайырымдылығыңыз сондай, оның өтемін тек өмірімнің ақырына дейін өзіңізге, жоғары мәртебелі сеньора, қызмет ету үшін кезбе рыцарьлар қатарына қабылдануға дайын екенімді мәлім ету арқылы ғана қайтара алмақпын. Мен — шаруамын, есімім Санчо Панса, әйелім, балаларым бар, атқосшы болып қызмет етем — егер осының біреуі болмаса біреуі әжетіңізге жарай қалса, онда тек әмір етсеңіз болды, мен сізге, шарапатты ханым, қызмет етуге әзірмін.
— Бұл айтқан сөзіңнен, Санчо, әдепті болуды кішіпейілділік аталатын ізгі қасиеттің өз мектебінде оқып-үйренгенің анық көрініп тұр, — деп құлаққағыс етті герцогиня, — сеньор Дон Кихот сені өз құшағында әлпештеп өсіргені қазір анық көрініп тұр дегенді айтқым келеді менің, ал ол болса, әрине, кішіпейілділіктің ең жоғарғы сатысы және рәсімдердің, немесе өзің айтатындай, рәсуалардың ең үздік үлгі-өнегесі ғой. Мұндай сеньор мен мұндай малай қандай мадаққа да лайық, өйткені бірі — күллі кезбе рыцарьлықтың жол көзер жұлдызы, ал екіншісі — барлық адал атқосшылардың шамшырағы. Түрегел, Санчо дос, кішіпейілділігіңе лайықты өтем аласың: герцогтан, өз әміршімнен, уәде етілген губернаторлыққа қолыңды мүмкін болғанынша тезірек жеткізуін сұраймын.
Осымен әңгіме тәмамдалды да, Дон Кихот түскі астан кейін демалмақ болды, ал герцогиня Санчодан егер онша ұйқысы келіп тұрмаса, өзімен және күтуші қыздарымен бірге қоңыр салқын залда бола тұруын өтінді. Санчо оған жаз айларында өзі, шындығына келгенде, түскі астан кейін қатарынан бес сағат бойы ұйқтауға дағдыланып қалғанымен, герцогиняның мейір-шапқатына ырзашылығын білдіру үшін әмірін орындауға және бүгін мүлдем ұйқтамауға бар күшін салатынын мәлім етті, соны айтып залдан шығып кетті. Ал, герцог болса, малайларына Дон Кихотқа кезбе рыцарь ретінде қарау қажеттігін, бағзыдағы кезбе рыцарьлар ұстанды делінетін жол-жораны қатаң сақтау керектігін тағы да қайталап ескертті.
ХХХІІІ тарау
Герцогиня мен күтуші қыздарының Санчомен арада өткен, оқып шығуға және атап өтуге әбден лайық тартымды сұқбаты жайында
Сонымен, хикаяда былай делінеді: түскі астан кейін Санчо демалған жоқ, айтқан сөзінде тұрып, түстеніп алған бойда герцогиняға келді, ал герцогиня болса, оның әңгімесін тыңдап рақатқа батпақ боп, қасындағы аласа орындыққа отыруын сұрады, бірақ Санчо, сөздің тура мағынасындағы тәрбиелі адам болғандықтан, бұл құрметтен бас тартты, алайда герцогиня оның губернатор секілді жайғасып, атқосшы секілді сөйлеуге ерікті екенін және бұл екі атақтың екеуі де оған тіпті Сид Руй Диас Сардардың креслосына отыруға да ерік беретінін мәлім етті. Санчо иығын қиқаң еткізіп, үнсіз бой ұсынды, герцогиняның дуэньялары мен күтуші қыздары оны айнала қоршап алды да, тым-тырыс тына қалып, зейін қоя тыңдауға бейіл берді, әйтсе де герцогиня бірінші боп сөйлеп кетті, ол былай деп бастады:
— Қазір біз оңаша отырмыз, ешкім тыңдап тұрған жоқ, сондықтан даңқты Дон Кихоттың жақында жарық көрген хикаясын оқыған кезде пайда болған кейбір күдігімді сеньор губернатордың сейілткенін қалаймын. Бұл күдіктің бірі мынадай: мейірбан Санчо Дульсинеяны, кешірім өтінем, сеньора Дульсинея Тобосскаяны, өмірі көрмегендіктен және Дон Кихоттан ешқандай хат апармағандықтан, өйткені хаты Сьерра Моренада қойын дәптерде қалған-ды, оған Дульсинея атынан жауап әкелуге және оны дән елеп жатқан кезде жолықтырғаны жайында өтірік айтуға қалай батылы жеткенін білсем деп ем. Өйткені, мұндай өтірік пен алдау жан тең келмес Дульсинеяның жақсы атына кір келтіреді, сондай-ақ мейірімді атқосшының абыройын ақсатады және адалдық парызымен де онша қабыспайды.
Герцогиня сөзін аяқтаған соң Санчо Панса үн-түнсіз орындығынан тұрды да, бүктетіле еңкейіп, “дымың ішіңде болсын” дегеннің ишаратын жасап саусағын ерніне қойып, дыбысын шығармай адымдап жүріп залдағы терезе жапқыштар қалтарысын түгел тінтіп шықты; сосын қайтадан орнына келіп отырып, мынаны мәлім етті:
— Міне, енді, жоғары мәртебелім, осында отырғандардан басқа ешкім бізді ұрлана тыңдап тұрмағанына көзім анық жеткеннен кейін, жаңағы қойған сұрағыңызға, сондай-ақ, білгіңіз келетін басқа да нәрсенің бәріне ештеңеден қорықпай-үрікпей жауап қайтара алам. Сізге ең алдымен айтарым: меніңше, мырзам Дон Кихот — дауасыз делқұлы, алайда кей-кейде оның салиқалы әңгіме айтатыны бар және көкейге қонымды, санаға сіңімді ғып баяндайтыны соншалық, өз ойымша да, оның сөзіне құлақ салған жандардың ойынша да, ібілістің өзі де ондай әдемі сөйлей алмайды. Солай бола тұрғанымен, ағымнан жарылып, ақ адал шынымды алдыңызға тартсам, оның жарымес екенінде зәредей шүбәм жоқ. Осыны көңіліме тоқып алғаннан кейін оған жаңағы хатқа жауап секілді не қилы шатқаяқ нәрселерді шатып-бұта беруден тайынбайтын болдым. Одан соң анау әлгі, бұдан бір апта бұрын болған, — сол себепті де кітапқа кірмей қалды ғой ол, — сеньора донья Дульсинеяның жадылануы да тап сондай нәрсе: оның жадыланғанына қожайынымды сендірген өзім ғой, ал шындығында бұл ақылға қонбайтын сандырақ, қоғадан жасалған қуырдақ.
Герцогиня сиқырлауға қатысты бұл қитұрқылық жайында егжей-тегжейлі айтып беруді сұрады, Санчо болған жайдың түгін қалдырмай баяндап, тыңдаушыларды қызыққа қарық қылды, герцогиня басталған әңгімені әрмен жалғап, былай деді:
— Мейірбан Санчоның әңгімесін естігеннен кейін көңілімде тағы бір күдік пайда болды, әлденендей бір дауыс құлағыма: “Егер Ламанчалық Дон Кихот жарымес, нақұрыс әрі делқұлы болса, ал оның атқосшысы Санчо Панса мұны біліп жүрсе, бірақ соған қарамай оған қызмет етіп, қайда барса да соңынан қалмай еріп жүрсе және оның орындалмайтын уәделеріне әлі күнге шейін сенетін болса, онда оның, шамасы, мырзасынан да асқан ауыш әрі ақымақ болғаны ғой. Ондай жағдайда сен байқа, герцогиня, Санчо Пансаға аралды басқартуға сенім білдірем деп қапыда қалып қойма: өйткені, ол өз еркін өзі билей алмаса, басқаларға қайтіп билік жүргізбек?” деп сыбырлайды.
— Құдай ақы, сеньора, — деп жауап қатты Санчо, — бұл күдік сізде бекерден-бекер пайда болған жоқ, тек дауысыңызға айтып қойыңызшы, кішкене қаттырақ сөйлесе нетті, бірақ, жалпы алғанда, қалай сөйлесе де өз еркі, — оның сөзі орынды екенін өзім жақсы білем ғой: ақылға бай адам болсам мырзаммен баяғыда-ақ қоштасар едім. Алайда, сірә, тағдырым сондай болар, маңдайыма жазылған мехнат шығар, өзгеше істей алмаймын, қалайда оған серік боп жүруім керек, басқадай амалым жоқ: екеуіміз бір селоданбыз, ол маған ас-су берді, мен оны құрмет тұтам, ол мұны бағалай біледі, тіпті маған бірнеше қодық та тарту етті, ал, ең бастысы, мен адал адаммын, сол себепті екеуімізді көрден басқа ештеңе ажырата алмайды. Ал әгәрәки, жоғары мәртебелім, уәде еткен аралыңызды беруден бас тарта қалсаңыз, онда неғылам енді, жасаған ием өзімді осындай тұзы жеңіл біреу ғып жаратқан болар; бәлкім, тіпті мұның өзі, бір жағынан, жанымның жай табуына септесетін де шығар, мен өзім аңқаулау болсам да, “Қатер төнгенде құмырсқаға да қанат біткен” дейтін мақалдың қандай мағына беретінін жақсы түсінем: кім біледі, жұмаққа губернатор-Санчодан гөрі атқосшы-Санчо көбірек лайықтау боп шығар. Губернаторлыққа тіреліп қалған дәнеңе де жоқ, одан соң: қараңғы түнде мысық атаулының түсі бірдей және түс ауғанша нәр татпаған адамнан асқан сорлы жоқ, сол сияқты, біреудің қарыны екінші біреудің қарнынан қарыс сүйем артық жаратылмайды және оны не болса сонымен, яғни қаймақпен де, қаспақпен де толтыруға болады, ал енді көкте ұшатын құстардың несібесін көктегі құдіреттің өзі береді, сеговиялық төрт кез жұқалтаң шұғадан куэнкалық төрт кез қалың шұға жылырақ, сондай-ақ, ажалымыз жетіп, қара жердің қойнына барған кезде ханзада болсын, қара жұмысшы болсын, екеуі де бірдей тар соқпаққа түседі, пономарьдың мәйіті моладан қанша орын алса, мансабы одан әлдеқайда биік бола тұрғанымен Рим папасының мәйіті де сонша орын алады: көрге түсіргеннен кейін бәріміз де құрысып, сіресіп қаламыз немесе, дәлірек айтқанда, бізді құрыстырып, сірестіріп тастайды, сосын — қайырлы түн! Тағы да қайталап айтам: егер сіз, жоғары мәртебелім, ақымақ болуым себепті маған аралды сыйға тартудан айнып қалсаңыз, оған опына қоймаймын және есебім түгел деп білем, олай дейтінім, крестің тасасында шайтан тұрады, жылтырағанның бәрі алтын емес, дегенді құлағым шалған, ал анау қарапайым қара шаруа Вамбаны өгіздерінен, соқасы мен мойынтұрығынан айырып, апарып испан королі етіп қойыпты, ал Родригоны үлде мен бүлдеден, шылқыған байлық пен ойын-күлкіден айырып бақа-шаянға жемге тастапты, егер тек ескілікті ән-жырлар өтірік айтып жүрмесе.
— Өтірік айтқаны қалай? — деп дауыстап жіберді тыңдаушылар арасында отырған дуэнья Родригес. — Бір романста былай делінген: король Родригоны тірі күйінде бақа, жылан, кесіртке құрттай қайнап жатқан шұңқырға лақтырыпты, арада екі күн өткеннен кейін шұңқырдан оның:
Күнәкар менің құрсағымды жын-жыбыр,
Жеп жатыр-ау, жеп жатыр-ау аямай! —
деген құмығыңқы әрі аянышты дауысы естіліпті, ал егер корольдердің өзі құрт-құмырсқаға жем болып жатса, онда мына сеньордың қара шаруа күйінде қала беруді қалағаны өте орынды.
Дуэньяның аңғалдау лебізі герцогиняның күлкісін келтірді, ал Санчоның ой-толғамдары мен мақалдары қайран қалдырды, сосын ол оған былай деді:
— Мейірбан Санчо, шамасы, білетін де шығар, егер дворян әлдене жайында уәде берсе, оны өлген-тірілгеніне қарамай қалайда орындап шығады. Күйеуім әрі әміршім герцог та, кезбе болмағанымен, рыцарь, сол себепті уәде етілген аралға қатысты сөзін, күллі әлемдегі қызғаныш пен күйінішке қарамай, қасақана түрде орындайды. Сонымен, Санчо, қуана бер: күндерде бір күн сен де өз аралың мен мемлекетіңнің тағына мінесің, билікті қолыңа аласың, сөйтіп қағанағың қарқ, сағанағың сарқ ғұмыр кешесің. Саған міндет қып айтарым жалғыз мынау ғана: бағынышты адамдарыңды қолыңнан келгенінше жақсылап басқар, олардың адал да абзал жандар екенін алдын-ала ескертіп қойғым келеді.
— Жақсылап басқару жағына келсек, ол жайында маған өтініш айтудың керегі жоқ, — деп мәлім етті Санчо. — Мен өзім иі жұмсақ адаммын, жоқ-жұқаға аузымдағыны жырып берем, ал кімде-кім нанды өзі илеп, өзі пісірсе, оның бір тілімін де ұрлатпайды, және, құдай куә, мен тұрған жерде атышулы ұры да аштан өледі, көре-көре көсем боласың дегендей, мені ешкім тақырға отырғыза алмайды, әр нәрсенің аңысын аңдимын және аңдамай сөйлеген ауырмай өлетінін білем, жалпы, өзім, негізі, ақырын жүріп, анық басқанды ұнатам, мұның бәрін айтып тұрған себебім, жақсылардың алдында жатып жастық, иіліп төсек болам, жамандарды маңайыма да жуытпаймын. Байқауымша, ел басқаруға тәуекел де де тас жұт дегендей, бірден кірісіп кету керек секілді, сонда бірер аптада губернаторлыққа әбден машықтанып, оны диқаншылықтан да артық меңгеріп кетерім кәміл, ал өзім көзімді тырнап ашқалы бері диқанмын ғой.
— Дұрыс айтасың, Санчо, — деп құлаққағыс етті герцогиня, — ешкім іштен ғалым боп тумайды, тіпті епископтардың өзі де ағаштан емес, адамнан жаратылады. Алайда, әлгінде әңгіме еткен жайымызға, атап айтқанда, сеньора Дульсинеяның жадылану жайына, қайта оралайық: мырзасын күлкіге айналдыруға, оны әлгі шаруа әйел — Дульсинея дегенге сендіріп бағуға, ал егер танымастық білдірсе, мұның себебі оның жадылануынан деп ұғындыруға бағытталған Санчоның осынау әурешіліктерінің бәрі, — иә, осының бәрі сеньор Дон Кихоттың қыр соңынан қалмай жүрген сиқыршылардың әлде біреуінің айла-шарғысы екендігі маған еш күмән туғызбайды және мұны даусыз ақиқат деп білем. Олай дейтінім, мәшіге секіріп мінген шаруа әйелдің шын мәнінде де тап сол Дульсинея Тобосская екені және мейірбан Санчоның басқа біреуді алдаймын деп жүріп өзінің алданып қалғаны маған сенімді дерек көздерінен қолмен қойғандай анық мәлім боп отыр. Бұл да көзбен көруімізге жазбаған жайлар секілді шүбә келтіруге болмайтын шындық. Сеньор Санчо Пансаның біліп қойғаны артық етпес, біздің де мұнда өз сиқыршыларымыз бар, олар бізді қадір тұтады және жарық дүниеде нендей оқиғалар болып жатқанын жауып-жасырмай, барынша дәлдікпен, бұлтарыс-жалтарыссыз баяндап тұрады. Сол секіргіш шаруа әйелдің шын мәнінде де дәп сол Дульсинея Тобосская екені, өзіміз қаншалықты жадыланған болсақ, оның да соншалықты жадыланғаны жайындағы бұл сөзіме Санчо сенуге тиіс, күндердің бір күнінде ол бізге өзінің шынайы кескін-кейіпімен көрінеді, қалай қателесіп жүргенін Санчо сонда ғана түсінеді.
— Әбден мүмкін, — деп Санчо қайтадан сөйлеп кетті. — енді қазір мен мырзамның Монтесинос үңгірі жайындағы әңгімелеріне де сенуге бармын: сол жерден ол сеньора Дульсинея Тобосскаяны көрдім дегенді айтып еді ғой, үстіндегі киім-кешегі де сол жолы мына мен Дульсинеяны жолықтырып-мыс, жадылауға аңсарым ауған кездегідей деген; иә, аууын ауып еді-ау, бірақ, айналып келгенде, бәрі басқаша боп шықты ғой, — шамасы, жоғары мәртебелім, жаңағы айтқандарыңыз рас та болар, себебі жартыкеш ақылым ондай қитұрқы қулықты қас қағымда қайдан ғана қиыстыра қойсын, оның үстіне, дүдәмал да шалағай дәлелдеріме қарап анандай адам айтса нанғысыз нәрсеге илана қоятындай мырзам да соншалықты дәнекүс емес шығар деймін. Солай бола тұрғанымен, ақпейіл сеньора, мені қаскөй біреу екен деп қалмаңыз: өйткені, ана қарғыс атқыр сиқыршылардың арам ойлары мен қулық-сұмдықтарын алдын-ала аңғару мен секілді милаудың қолынан келмейді, — мұның бәрін сеньор Дон Кихотқа жамандық жасау үшін емес, одан сөгіс естімеу үшін ғана ойлап тапқам, ал егер керісінше боп шығып жатса, онда көкте құдай бар, пиғылымыз қандай екенін біліп отыр.
— Жөн сөз, — деді герцогиня. — Жаңа сен Монтесинос үңгірі жайында бірдеңе дегендей болып ең, енді маған сол жайында айтып берші, Санчо. Білгім кеп сондай қызығып отырмын.
Сол арада Санчо Панса жоғарыда сипатталған шытырман оқиға жайында егжей-тегжейлі әңгімелеп берді. Герцогиня мұны тыңдап алған соң былай деді:
— Бұл оқиғадан мынадай қорытынды жасауға болады: егер қадірменді Дон Кихот ол жерден Санчо тап сол Тобосо төңірегінен жолықтырған шаруа әйелді көрдім деп бой бермей тұрса, онда, әрине, оның тап сол Дульсинея болғаны, бұдан сиқыршылардың шектен тыс пысық әрі елгезек пәле екенін байқау қиын емес.
— Мен де соны айтып тұр емеспін бе, — деп Санчо Панса іліп әкетті, — егер сеньора Дульсинея Тобосская жадыланған болса — өзіне сол керек, ал мен мырзамның дұшпандарымен дүрдараз болғым келмейді: олар қисапсыз көп және бәрі де шетінен шақар екені анық. Ақ-адал шынымды айтсам, менің көргенім — шаруа әйел, оны шаруа әйел деп таптым және шаруа әйел деп есептеймін де, ал бұл Дульсинея боп шықса, мұнда менің шатағым жоқ және онда ешқандай шаруам да жоқ, әйтпесе ренжіп қалуым мүмкін. Бұл не пәле өзі, расында, соңымнан қалмай сүмеңдеп ереді де жүреді, не істейсің енді бұған. “Пыш-пыш-пыш, пыш-пыш-пыш, Санчо олай деді, Санчо былай қылды, Санчо кетті, Санчо келді”, құдды Санчо құр далақбай біреу секілді, ау ол деген күллі әлем кітаптардан таныс-біліс боп отырған Санчо Панса емес пе, — қалай болғанда да, әйтеуір, бакалавр Самсон Карраско маған солай деген-ді, ал ол кісі Саламанкада бакалаврлардың бакалавры саналады, мұндай адамдар әдетте өтірік айтпайды, тек өздері өте бір құштар болмаса немесе өте бір мұқтаждық туып қалмаса. Сондықтан маған жармаса бергендерін қойсын, ал енді өзім осындай абыройға жетіп отырсам, — адамның абыройы қандай байлықтан да бағалы дегенді мырзамнан естігем, — онда маған губернаторлықты ыңғайлап жіберіңіздер, сонда көресіздер қолымнан не келетінін; әлбетте, жақсы атқосшы жаман губернатор бола алмайды.
— Мейірбан Санчоның қазіргі айтқанын, — деп құлаққағыс етті герцогиня, — Катонның қанатты сөздері немесе, аз дегенде, florentіbus occіdіt annіs33 Микаэле Верринодан алынған үзінділер деуге келеді. Ақыр аяғында, мұның өз сөзімен айтсақ, жақсы маскүнем жаман плащ бүркенер, деудің қисыны бар.
— Тауып айттыңыз, сеньора, — деді Санчо, — арам ниеттің арбауымен өмірі бірдеңе ішіп көрген емен, — шөлдеген шақтарда ішкенім рас, өйткені көлгірсу дегеннен атымен аулақ жанмын: мен өзім зауқым соққан кездерде ішем, сондай-ақ біреу сый көрсеткенде бұлданшақ немесе кісәпір атанбас үшін зауқым соқпай тұрған кездерде де ішем. Өйткені, дос-жар адамың денсаулығың үшін стақан көтеріп жатса, жүрегің тастан жаралған жан болмасаң, оның денсаулығы үшін ішпей қалай тартынып қаласың? Дегенмен, шамамды білем, оның үстіне, кезбе рыцарь атқосшылары көбіне-көп қара су ұрттайды, себебі олар бар уақытын тоғайларда, ормандарда, шалғындарда, таулар мен жартастарда өткізеді, ал мұндай жерлерден бір жұтым шарапты емге де таба алмайсың.
— Әлбетте! — деді герцогиня. — Ал, енді қазір, Санчо, барып демал, қалған жайды бұдан да гөрі толығырақ, егжей-тегжейлі әңгіме ете жатармыз және саған губернаторлықты мүмкін болғанынша тезірек, өзің айтқандай, ыңғайлап жіберу жағын қарастырармыз.
Санчо герцогиняны тағы да қолынан сүйді, сосын айрықша көрсеткен жақсылығыңыз болсын, сұр жорғама қамқорлық жасаңызшы, өйткені оны көзімнің қарасындай көрем, дегенді айтты.
— Қандай сұр жорғаға? — деп сұрады герцогиня түсінбей.
— Есегіме, — деп жауап қатты Санчо. — Мұндай сүйкімсіз сөзбен атамау үшін мен, әдетте, оны “сұр жорға” деймін. Қамал-сарайға келіп кірген кезімде мына отырған сеньора дуэньядан оған көз қырын салуды өтінгем, ол болса, бейне бір мен оны кеспірсіз әйел немесе кемпір деп атағандай ал келіп байбалам салды дейсің, шынтуайтына келгенде, дуэньяларға сарайда сән түзегенше мал жайғау көбірек үйлесімді әрі ұнасымды ғой. Ойпырай, бір идальго, менің селоласым, бұларды иттің етінен жек көруші еді-ай!
— Шамасы, можантопай біреу болды ғой, — деп сөз қыстырды донья Родригес, — егер ол тәрбиелі идальго болса, мен сияқтыларды әулие тұтар еді.
— Жә, болды, қойыңыздар, — деп герцогиня оларға басу айтты, — донья Родригес, сіз де сабыр етіңіз, сен де, сеньор Панса, ашуыңды бас, — сұр жорғаға қамқорлықты өз міндетіме алам: Санчо үшін ол соншалықты бағалы болса, оны көздің қарашығындай сақтауға қам жасаймын.
— Оны есек ретінде сақтағаныңыздың өзі-ақ жетіп жатыр, — деп қарсылық білдірді Санчо, — есегіміз екеуіміз өте қарапайым жанбыз, сізге ауыртпалық түсіргенше өзімізді қанжармен жарып тастағанды артық көреміз. Рас, мырзамның: кішіпейілдік көрсетуге келгенде тұздықтың кемдеу болғанынан молдау болғаны тәуір, дейтіні бар, алайда, сөйте тұрғанымен, әңгіме есек мырзаларға тірелген кезде шектен шықпай, орта деңгейде қалған абзал.
— Басшылық жасауға аттанғанда есегіңді өзіңмен бірге ала кет, Санчо, — деді герцогиня, — ол жақта есегің айрықша күтім табады, жұмыстан да арқасы босайды.
— Енді қалай деп ойлап едіңіз, сеньора герцогиня? — деді Санчо. — Есектерді басшылық жасауға жібергендеріне өз басым талай куә болғам, сондықтан оны өзіммен бірге ала кетсем, бұған ешкім таңырқай қоймас.
Санчоның сөзі герцогиняны тағы да күлкіге кенелтіп, көңілін біраз көтеріп тастады, сосын оны демалуға жіберді де, өзі осы әңгіменің бәрін баян ету үшін герцогқа кетті; сөйтіп екеуі Дон Кихотты қатырып мазақ қылуға және мұны дәлме-дәл кезбе рыцарьлық рухында өткізуге келісіп, өзара уәде байласты; сөйтіп, олар оны бір мәрте емес, сан мәрте осындай күлкі-мазаққа ұшыратты: оның бәрі де қисынды еді, әрі тапқырлықпен ойлап табылған болатын және осынау теңдесі жоқ хикаяда суреттелетін шытырман оқиғалар ішіндегі ең тәуірі де солар еді.
ХХХІҮ тарау
Мұнда бұл кітаптағы ең керемет шытырман оқиғаның бірі — жан тең келмес Дульсинеяның жадысын қайтару амалы қалай ойлап табылғаны жайында әңгімеленеді.
Дон Кихотпен және Санчо Пансамен сұқбат герцог пен герцогиняны айтып жеткізгісіз жан рақатына кенелтті; сөйтіп, олар бұл екеуін шытырман оқиғаның ортасында жүргендей әсерде қалдыратын қалжыңмен әурелеуге бекінді, ал мұның шын мәнінде де есте қаларлықтай болуы үшін герцог пен герцогиня бұған Дон Кихоттың Монтесинос үңгірі жайындағы әңгімелерінің желісін арқау етуге ұйғарым жасады (айта кетерлігі, герцогиняны әсіресе Санчоның аңқаулығы қайран қалдырған-ды: Дульсинея Тобосскаяның жадыланғанын ол ақиқат шындық ретінде мойындаған еді, ал расында сиқыршының орнында жүрген де, осының бәрін реттестірген де өзі болатын); сөйтіп Дон Кихот қамал-сарайға келіп түскеннен кейін алты күннен соң, малайларына тиісті нұсқау берген герцог пен герцогиня оны итпен аң аулауға алып шықты, бұған король аңшылығында ғана көруге болатындай сұмдық көп аң қағушы мен итбегі қатысты. Дон Кихот пен Санчоға айрықша сапалы жасыл шұғадан тігілген аңшы киімі берілді, алайда Дон Кихот ұзамай қиындыққа толы жорық жолына қайта түсетінін, өзімен бірге киім-кешек және басқа да ұсақ-түйек арқалап жүруге мүмкіндігі жоқтығын айтып одан бас тартты. Санчо болса, киімді сәті түскен бойда сатып жібермек оймен қабыл алды.
Сөйтіп, белгіленген күні сауыт-сайманын асынған Дон Кихот пен киімін ауыстырып киіп, сұр жорғасына қонған Санчо, — оған жұтынып тұрған жақсы ат ұсынылғанымен, есегінен қол үзгісі келмеген, — аң қағушыларға келіп қосылды; бұдан соң барынша сәнді киінген герцогиня шықты: өзін кішіпейіл де ізетті кавалер ретінде көрсеткісі келген Дон Кихот оған герцогтың көмектесуіне жол бермей, жедел барып герцогиня мінген жорғаның сулығынан алды. Ақыры олар екі биік таудың арасындағы қалың орманға жақындады; аң соқпақтары, тұрақтар мен аңшы үйшіктері бекітіліп беріліп, жұрт әр жаққа тарағаннан кейін аңшылық басталып кетті де, құлақ тұндыратын ызы-қиқы шу мен ит қосып айтақтаған дауыстан, иттердің абалағаны мен кернейлер дыбысынан адамдар бір-бірін естуден қалды.
Герцогиня атынан түсіп, қолына үшкір шолақ найза ұстап, қабандар жүгіріп өтеді-ау дейтін өзіне мәлім тұсқа барып тұрды. Герцог пен Дон Кихот та түсіп, оның оң жағы мен сол жағынан орын алды; Санчо болса, герцогиняның арт жағына барып тұрды — есегі әлденендей бір жамандыққа ұшырап қала ма деп қауіп ойлап, ақыры одан түскен жоқ; сөйтіп герцог, герцогиня және Дон Кихоттың толып жатқан малаймен бірге аттарынан түсіп, қатар түзеп тұра қалғаны сол еді, үсті-басын ақ көбік жапқан, тістерін сақылдатқан бір дәу қабан кенет салып ұрып бұларға қарай төтелей тартты: оны өршелене абалаған бір қора ит пен итбегілер өкшелеп келе жатқан болатын. Соны көрген Дон Кихот қалқанын кеудесіне тосып, семсерін суырып алды да, қабанға қарсы жүрді, қолында шолақ найзасы бар герцог соңынан ілесті, герцогиня болса, герцог тоқтатпағанда, екеуінің де алдына шығып кететін еді. Ал, Санчо дығал хайуанды көрген бойда сұр жорғасынан секіріп түсіп, алды-артына қарамай зыта жөнелді де, бір биік еменге өрмелеп шығуға тырысты, бірақ оның сәті түспеді: ағаштың ортан беліне жеткен ол ұшар басына қарай көтерілу үшін бір бұтаққа жармаса кеткен, сорына қарай бұтақ омырылып кетті де, анау төмен құлдилай жөнелді, алайда жолшыбай басқа бір бұтаққа ілініп, аяғымен жер тіренуге мүмкіндігі болмай әуеде салбырап қалды. Осындай кепке душар боп, жасыл шолақ шекпені тігісінен ыдырап бара жатқанын байқап және қорқынышты хайуан осы жаққа қарай қашса, өзін жарып кететінін көз алдына елестеткен оның бар дауыспен және жан ұшыра бақырып көмек сұрағаны сонша, өзін көрмегенімен дауысын естіген жұрттың оны жабайы аңның жәукемдеп жатқанында еш күдігі қалмаған. Сансыз шолақ найзаға шаншылған, шошқа тістері арсиған қабан ақыры жер қауып құлады; Санчоны дауысына қарап таныған Дон Кихот айқай шығып жатқан жаққа қарай бұрылып, оның аяғы аспаннан келіп еменде салбырап қалғанын, қырсыққа ұшыраған қожасын тастап кеткісі келмеген есегі жанында тұрғанын көрді; осы арада Сид Ахмет Бен-инхали: жалпы алғанда, есегі жоқ Санчо Пансаны, Санчосы жоқ есекті жолықтыру өте сирек кездесетін жағдай еді — екеуінің бір-біріне шын берілгендігі мен іңкәрлігі сондай болатын, деген құлаққағыс жасайды.
Дереу жеткен Дон Кихот Санчоны ағаштан түсіріп алды, өзінің босағанын, жерді аяғымен нық басып тұрғанын сезген Санчо жыртылып қалған шолақ шекпенін көріп, жүрегі мұздап сала берді, өйткені мұндай киімнің бағасы бір үйдің ырыс-дәмін айыратын шығар деп жүрген. Бұл екі аралықта дәу қабанның ұшасы қашырға артылып, гүлшетен және мирт бұтақшаларымен бүркеліп, ормандағы алаңқайға тігілген даладай кең шатырға жеңістен түскен олжа іспетті жеткізілді; ол жерге үстелдер қойылып, ішіп-жемі мол дастарқан дайын етіліпті, қожайындардың жомарттығы мен жайсаңдығын дастарқандағы тағамдардың тек осы ас та төк молдығы мен алуан түрлілігіне қарап-ақ байқай беруге болатын. Санчо герцогиняға киімінің жыртығын көрсетіп, былай деді:
— Егер қоян немесе құс ауласақ, шолақ шекпенім мынадай күйге түспес еді. Шошқа тіспен бір шұқыса-ақ бітті, жаның шиқ ете қалатын аңды сарсыла күтіп тұрудан қандай пайда түсетінін түсінбеймін. Ежелгі бір әнде мынадай сөз бар емес пе еді:
Атақты Фавила секілді
Аю талап мерт қылсын сені.
— Бұл гот королі жайындағы романс, аң аулап жүргенінде оны аю талап өлтірген болатын, — деген түсініктеме берді Дон Кихот.
— Айтайын дегенім де сол, — деп Санчо сөзін жалғады, — шонжарлар мен корольдердің қызыққа кенелеміз деген дәмемен осындай қатерге бас тігетінін суқаным сүймейді, оның үстіне ешқандай айып-кінәсі жоқ жануарды өлтіруде тұрған қандай қызық барын да білмеймін.
— Жоқ, Санчо, қателесіп тұрсың, — деп қарсылық білдірді герцог, — корольдер мен шонжарларға әрі лайықты, әрі аса қажетті ермек — тап осы ит қосып аң аулау. Аңшылықта соғыстың сипаты бар: аң қағудың да өз басыңды аман сақтай отырып қарсыласты тізе бүктіруді көздейтін әскери айла-амалдары, торуылы мен тосқауылы бар. Аңға шыққанда біз қақаған аяз бен аңқа кептірер аңызақтың азабын көреміз, тәтті ұйқы мен жайлы төсектен жерінеміз, күшімізге күш қосамыз, шымыр тарта түсуі үшін денемізді шынықтырамыз, — қысқасын айтқанда, бұл ешкімге зиян тигізбейтін, ал жұрттың көбіне қуаныш сыйлайтын ермек, ал ит қосып аң аулаудың басты ерекшелігі — онымен екінің бірі айналыса алмайтындығында, аңшылықтың басқа түрінен оның айырмашылығы да осында, айтпақшы, бұған құс салуды қоспай отырмын, ол да тек корольдер мен ақсүйектерге арналған. Сонымен, Санчо, пікіріңді өзгерт, сосын губернаторлық еткен кезіңде аңға шығып тұр, мұның саған қандай пайда тигізетінін сонда өзің де білетін боласың.
— Жоға, атай көрмеңіз, — деп қарсылық білдірді Санчо, — адал губернаторлар үйде отырады, құр босқа далада тентіремейді. Өтініш айтушылар оған өте мұқтаж шаруасымен келсе, ал анау орманда көңіл көтеріп жүрсе — масқара емес пе! Өйте берсе, күллі мемлекеті күйреп қалмай ма! Сізге шынымды айтайын, сеньор: аң аулау мен басқа да ырду-дырду — губернаторлардан гөрі еріккендерге тән ермек. Ал өзім уақытты көңілді өткізу үшін үлкен мерекелерде карта соғып, жексенбілер мен шағын мейрамдарда — кегель ойнайтын болам, ал енді ана аңшылық-маңшылық дегендеріңіз жаным сүймейтін нәрсе және ондайға ұятым да жібермейді.
— Ылайымда солай болсын, Санчо. Ауызбен орақ орғанға шеберміз ғой бәріміз де.
— Сіз не десеңіз о деңіз, — деп қарсылық білдірді Санчо, — ал, тиянақты төлемшіге кепілден қорқатын дәнеңе жоқ және таудай талап бергенше, бармақтай бақ бер, деген, сондай-ақ көз қорқақ, қол батыр екені де мәлім. Айтайын дегенім, жаратқан иеміз жар болса және өз міндетімді адал атқарсам, қатардағы бастыққа емес, қалаулы бастыққа айналарым кәміл — өзімдікі дегенде өгіз қара күшім бар емес пе!
— Әй, сен де бір нағыз антұрғансың-ау, айтпады деме! — деп дауыстап жіберді Дон Кихот. — Ау, өзім осынша үйреткендей, қашан ғана сен осы мақалдатпай, жатық та жүйелі сөйлейсің, а, Санчо? Ал, сіздер, мәртебелі мырзалар, абзалы бұл мұндарды жайына қалдырыңыздар, әйтпесе ол мақалдарымен әбден діңкелетері хақ: ондай дүниелер мұнда екеу де, үшеу де емес, көл-көсір және құдай оған да, онымен бірге маған да саулық бергей, тыңдауға бейіл бере қалсам, мақалдарын әманда дер мезгілінде және орынды жерінде қыстыра қояды, тіпті неғыларыңды білмейсің.
— Санчо Пансаның мақалы Командор Греческий мақалынан да көп екен, — деп құлаққағыс етті герцогиня, — және Командор мақалынан еш те бір кем түспейтін ерекшелігі — қысқа да нұсқа екендігі. Командордікі сәттірек сомдалғанына және сәтіне көбірек сай келетініне қарамастан, өзіме Санчонікі көбірек ұнайды.
You have read 1 text from Kazakh literature.
Next - Айлакер Идальго Ламанчалық Дон Кихот Орыс Тілінен Аударған Құрманғазы Қараманұлы - II - 22