Latin Common Turkic

Айлакер Идальго Ламанчалық Дон Кихот Орыс Тілінен Аударған Құрманғазы Қараманұлы - II - 22

Total number of words is 3933
Total number of unique words is 2156
33.3 of words are in the 2000 most common words
46.9 of words are in the 5000 most common words
53.8 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
Осындай және осы тектес басқа да қызғылықты жайлар төңірегінде әңгімелесумен болған олар шатырдан шығып, орманға қарай бет алды, мұндағы аңшы үйшіктері мен тұрақтарын аралап көрумен жүргенде күн де кешкірді, сөйтіп байқаусызда қараңғы түсіп кетті, алайда бұл — маусымның осы мезгіліне тән айы сүттей жарық, тып-тыныш түн емес-ті; ал айнала-маңайдағы заттың бәрін бүркеген түнек герцог пен герцогиняның ойға алған ісінің орындалуына керемет жақсы жағдай жасаған еді, сөйтіп қараңғылық қоюланған кезде ойда жоқта орманның барлық жерінен бірдей дерлік лап етіп өрт шықты да, іле-шала, құдды бір орман ішімен қалың қол келе жатқандай, оңнан да, солдан да, аннан да, мыннан да сансыз көп мүйіз сырнай мен басқа да әскери аспаптардың дауысы естілді. Оттың жарқылы мен әскери музыканың әуені сол арада тұрғандардың, соның ішінде тіпті осыны ұйымдастырушы сыбайластардың да, көзін қарықтырып, құлағын тұндырды. Одан соң жан-жақтан маврлар ұрысқа кірген кездегі дағдылы: “Алла ил алла!” деген айқай естіле бастады, кернейлер мен кларнеттер тартылды, барабандар дүңкілдеді, флейталар боздады және бәрінің бір мезгілде дерлік, тоқтаусыз әрі қатты дауыспен үн қосқаны соншалық, осынша аспаптың беталды шыққан жүйесіз дыбысынан тек есі жоқ адам ғана есін жоғалтпастай еді. Герцог мелшиіп қалды, герцогиня не дерін білмей аңырды, Дон Кихот қайран болды, Санчо Панса қалтырап кетті, тіпті сыбайластардың да жүрегі түршікті. Қорқыныш буып тастауы себепті ешкім қыңқ ете алмады, осы сәт олардың қарсы алдынан шабарман бой көрсетті: үстіне қара түсті киім киіпті, ал корнеттің орнына қырылдаған үрейлі үн шығаратын, тесігі аумақты, алабөтен үлкен мүйіз сырнай ұстапты.
— Ей, қадірменді шабарман! — деп айқайлады герцог оған. — Сен кім боласың, қайда барасың және орман ішімен лек-лек боп келе жатқандай әсер етіп тұрған неғылған әскер?
Бұған шабарман құлақ жарардай қатты әрі жағымсыз жарғақ дауыспен былай деп жауап қатты:
— Мен — ібіліспін, Ламанчалық Дон Кихотты іздеп жүрмін, ал орман ішімен сиқыршылардың алты отряды салтанатты күймемен жан тең келмес Дульсинея Тобосскаяны әкеле жатыр. Ол мұнда жадыланған күйде жаужүрек француз Монтесиноспен бірге келеді, ал Монтесинос Дон Кихотқа жадыны қалай қайтаруға болатынын хабар етпекші.
— Өзің айтқаныңдай және сиықсыз сұрқыңа қарап-ақ шамалап тұрғанымдай, шын ібіліс болсаң, қарсы алдыңдағы мына менің рыцарь Ламанчалық Дон Кихот екенімді әлдеқашан аңғара қоймас па едің, — деді Дон Кихот шамданып.
— Құдайдың атымен және ар-ұятымның атымен ант етейін, байқамай қалдым, — деді ібіліс, — басымның қатып кеткені сонша, ең елеулі тұлғаға назар аудармаппын.
— Ендеше, бұл шайтанның — құрмет тұтуға лайық, мейірімді христиан болғаны, — деп құлаққағыс етті Санчо, — әйтпесе ол құдай мен ар-ұятын айтып ант бермес еді ғой. Осыған қарап, тозақтан да абзал жандарды жолықтыруға болады екен-ау деген ой келіп тұр маған.
Ат үстінде отырған шайтан сол арада Дон Кихотқа қарап жүзін бұрып, былай деді:
— Беу, Арыстан Рыцары (өй, арыстан талап жегір!), мені саған бақытсыз болғанымен көзсіз батыр, рыцарь Монтесинос жіберді және маған өзіңмен қай жерде кездессем сол жерде өзін күтіп тұруың керегін айтуға әмір етті: ол өзімен бірге Дульсинея Тобосская деген біреуді алып келе жатыр және саған оның жадысын қайтару үшін не істеу керегін хабарламақшы. Ал, енді саған айтар басқа ештеңем болмағандықтан, маған бұл арада қала берудің қисыны жоқ. Жә, сонымен, сені тап өзім сияқты шайтандар айналдырсын, ал сіздерді, сеньорлар, — ақ ниетті періштелер ғана төңіректесін.
Соны айтып, адам шошырлық сырнайын бажылдатып-бажылдатып жіберген ол атының басын бұрып алды да, зым-зия жоғалды.
Сол арада тұрғандар, әсіресе Санчо мен Дон Кихот, тағы да таңырқанып қалды: Санчо — ақиқат шындық басқа екеніне қарамай, жұрттың бәрі бір ауыздан Дульсинеяны жадыланған деп тұрғанына аң-таң болса, Дон Кихот — Монтесинос үңгіріндегі сан-алуан оқиғаны шынымен-ақ бастан кешкеніне нық сенімі жоқтығынан таңырқанған еді. Осы оймен дал боп тұрғанында герцог одан:
— Күте тұрасыз ба, неғыласыз, сеньор Дон Кихот? — деп сұрады.
— Күтпегенде ше? — деп жауап қатты Дон Кихот. — Маған тіпті тәмам тозақ қарсы шықсын мейлі, бәрібір, түршікпей һәм тайсалмай тосып тұрам.
— Ал егер тағы бір осындай шайтанды — көзім, тағы бір осындай сырнайды — құлағым шалатын болса, онда мен Фландрияның бір түкпіріне барып тосатын шығармын, — деп мәлім етті Санчо.
Бұл екі аралықта қараңғылық әбден қоюланды да, жер бетінен көтерілген құрғақ тозаңның аспанда жылт-жылт етіп көрінетіні, мұның көзімізге аққан жұлдыз секілді елестейтіні іспетті орман ішін жылт-жылт еткен от кеуледі. Осының артынша-ақ өгіз жегілген сансыз көп арба доңғалақтарының шиқылына ұқсайтын аса бір ұнамсыз дыбыс естілді; білетіндердің айтуынша, осынау үзілмес-тынбас әрі өзектен өтерлік ащы дауыстан тіпті қасқыр мен аю да зәресі қалмай қорқатын көрінеді. Бұл зобалаңға одан да өткен ұнамсыз, одан да бетер зардапты жаңа зобалаң қосылды, атап айтқанда: сол арада тұрғандарға орманның төрт бұрышынан бірдей және бір мезгілде қызу шайқас басталып кеткендей көрінді, себебі әне бір жақтан зеңбіректердің жан түршігерлік гүрсілі естіліп, мына бір жақта мушкеттерден жиі-жиі оқ атылып жатты, таяу маңнан жауынгерлердің айқай-сүреңі ес кетіріп, алыстан маврлардың: “Алла ил алла!” деп тыным таппай сарнаған дауысы құлаққа шалынды. Ұзын сөздің қысқасы, корнеттер, аңшы сырнайлары, мүйіз сырнайлар, кларнеттер, кернейлер, барабандар, зеңбіректер, аркебуздар, ең бастысы, арбаның жан шошырлық шиқылы — бәрі қосылып аза бойды қаза қылатын бей-берекетсіз гуілге айналды; қорқынышқа бой алдырмас үшін Дон Кихоттың барынша батылданып бағуына тура келді, ал Санчо болса осалдық танытып қойды: ес-түстен айрылып, тура герцогиняның белдемшесіне құлап түсті, — анау оны киімімен бүркемелеп, тезірек су әкеліп бүркуге әмір етті. Су әкеліп бүріккеннен кейін ол есін жиды; тап сол кезде доңғалағы шиқылдаған арбалардың алғашқысы да көрініс берген болатын.
Арбаны қара түсті жабу жабылған төрт өгіз сүйретіп келе жатыр еді; әрқайсысының мүйізіне балауыз шырақ байланыпты, ал арбаның өзіне биік орынтақ орнатылыпты, оған қара кенептен тігілген қолпылдаған кең хламида киген, беліне түсетін ұзын, аппақ қардай сақалы бар мосқал жастағы бір қария жайғасыпты; арбаның іші самаладай жарық еді, сондықтан онда не бар, не жоғы алақандағыдай анық көрініп тұрған. Үстіне дәл сондай кенеп шапан киген, сұрықсыз екі шайтан делбеші міндетін атқарып отырған болатын, ұсқындарының ұнамсыздығы сонша, оларға қараған сәтте-ақ Санчоның жүрегі қозғалып, енді қайтып көрмеу үшін көзін тас қып жұмып алды. Арба тұраққа қатарласа берген сәтте мосқал жастағы қарт биік орынтағынан тұрып, бойын тіктеді де, бар дауысымен:
— Мен данагөй Лиргандеймін! — деп бақырып жіберді.
Ол басқа дым ештеңе айтқан жоқ, арба әрмен қарай жылжып жүре берді. Одан соң орынтағына басқа бір қария жайғасқан, тап осындай екінші арба жақындады; қария белгі беріп, арба тоқтаған соң, ол да алғашқы қарт секілді мейлінше салтанатты түрде:
— Мен данагөй Алкифпін, Ұстатпайтын Урганданың ең жақын дос-жарымын! — деп жария етті.
Сосын әрмен қарай аса берді.
Мұнан кейін осындай тәртіппен үшінші арба келді, алайда бұл жолы орынтақта отырған қария емес, кеспіріне қарап қарақшы деп ойлауға болатын мығым денелі еңгезердей біреу еді; таяп келген соң ол да алғашқы екеуі секілді орнынан тұрып, әлгілердің де дауысынан өткен қырылдақ әрі қатулы үнмен:
— Мен сиқыршы Аркалаймын, Амадис Галльский мен оның барлық туысының қас жауымын! — деді.
Сосын әрмен қарай асты. Үш арба да былайырақ барып тоқтады, доңғалақтардың маза кетірген шиқылы тиылды, орманда мүлгіген тыныштық орнады, осы сәт музыканың жанды баураған әдемі әуезі құлаққа шалынды, соны естіген Санчоның бойын қуаныш кернеді, өйткені мұны жақсы ырымға жорыған-ды; осы жағдаятқа байланысты ол өзі қасынан әліге шейін бір адым былай жырақ шықпаған, қас қағым сәтке көз таса қылмаған герцогиняға қарап:
— Сеньора! Музыка ойнап жатқан жерде жамандық болуы мүмкін емес, — деді.
— Оттың жарқылы көрініп, жарық түсіп тұрған жерде де солай, — деп қоштай кетті оны герцогиня.
Санчо оған қарсылық білдірді:
— Жарқыл — оқ атылғаннан, ал жарық — дәл қазіргідей айналамызда лаулап жанған алаудан болады және бұл бізді оңдырмай үйтіп те жіберуі мүмкін, ал музыка ойналып жатқаны — ол жердегі жұрттың ойын-сауық өткізіп, көңіл көтеріп жатқанының белгісі.
— Бал ашпай қоя тұр, — деді бұл әңгіменің бәрін естіп тұрған Дон Кихот.
Оның айтқаны рас-ты, ал мұны келесі тараудан білуге болады.
ХХХҮ тарау
Мұнда Дон Кихоттың Дульсинея жадысын қайтару әдісін қалай білгені жайындағы, сондай-ақ басқа да таңғаларлық оқиғалар төңірегіндегі әңгіме әрмен жалғасады.
Сол кез жұрттың бәрі осынау жанға жағымды музыка әуенінің жебеуімен сән-салтанатқа арналған алапат арба тәрізді бірдеңенің өздеріне қарай жақындап келе жатқанын көрді: оған аппақ жабу жабылған алты торы қашыр жегіліпті, әр қашырға қолына жарқырай жанған үлкен балауыз шырақ ұстаған бір-бір тақуа мініпті. Бұл арба бұрынғыларынан екі, тіпті үш еседей дерлік аумақты болатын; арбаның өзінде және жиектерінде аппақ киім киген, қолына жанған шырақ ұстаған тағы он екі тақуа отыр еді: бұл әрі қайран қалдырарлықтай, әрі зәрені аларлықтай көрініс-тұғын; ал биік орынтақта, күмістей көркем матадан тігілген сан қатпар жамылғының астында, нимфа отырған-ды, жамылғының бәрі алтын түсті жылтырауықпен көмкерілгендіктен бұл әшекей қыздың қарапайымдау киім-кешегіне ерекше сән беріп тұрған-ды. Бикештің беті мөлдір де жұқа торғынмен бүркеулі болатын, әйтсе де қыртыстарының қатпарынан жас қыздың сүйкімді сиығы айқын аңғарылатын, ал оған жарық түсіріп тұрған қыруар шырақ ажарлы әлпеті мен он жетіден асқан, бірақ жиырмаға әлі жете қоймаған жас шамасын бажайлауға мүмкіндік беретін. Оның жанында ұзын сүйретпесі бар, етегі тобығына дейін жететін киім киген, қара жамылғы бүркенген тағы біреу отыр еді. Арба герцог пен герцогиняның және Дон Кихоттың тура қарсы алдына кеп тоқтады, сол сәт ондағы гобойлардың, лютнялар мен арфалардың да үні өшті, әлгі отырған белгісіз біреу орнынан тұрып шұбатылған киімін айқара ашып, жамылғысын серпіп тастады, сол арада жұрт мұның сүйегі арсиған, сұрықсыз Ажалдың тап өзі екенін көрді. Соған көзі түскенде Дон Кихоттың бойы дір ете қалды, Санчоның зәресі зәр түбіне кетті, тіпті герцог пен герцогиняның да құты қашты. Орнынан тұрып, бойын тіктеп алған осынау тірі Ажал ұйқылы-ояу дауыспен әрі тілі күрмеліңкіреп былай деп сөйлеп кетті:
Әкесі Шайтан делінетін аңызда
Мерлин деген мен болам.
(Жалған сөз бұл келе жатқан бағзыдан!)
Сиқыршылық серісі, ежелгі Зороастр
Ілімінің бас абызы һәм қазынасымын.
Уақытпенен ұстасып келем әдейі,
Сендер ұмыт қалдырмасын деп,
Кезбе рыцарьларды айбынды:
Өжеттігі үшін ардақ тұтам оларды.
Жұрт айтады: сиқыршы, дуагер мен
Жәдігер шетінен қызғаншақ,
Зымиян әрі зұлым жандар деседі.
Ал мен жуас, мейірбан, ақпейілмін,
Жақсылық жасауға дәйім талпынам.
Диттің үрейлі үңгірінде болғанмын,
Шеңбер, ромбы және басқа да
Құпия белгі сап жүргенмін.
Кенет сүйкімді Тобосолық Дульсинеяның
Қайғылы үнін құлағым шалды.
Сиқыршылық оны ақсүйек ханымнан
Шаруа әйелге айналдырғанын түсініп,
Жаным ашып кетті де, өз рухымды
Діңкелеп қалжыраған тәннің
Құр сүлдеріне әкеп енгіздім.
Сиқыршылық құпиялары сақталған
Жүз мың кітапты қарап шықтым.
Сосын мына оқыс та ауыр қырсықты
Аластау үшін осында асықтым.
Беу, сен, құрыш және диамант сауыт
Кигендердің көркі мен мақтанышы;
Сен, дымға зауқы жоқ жалқаулық пен
Құс төсекте босқа уақыт өткізуден
Қанды да қатерлі істі артық көретіндердің
Шырағы, манары, үлгісі, ұстазы, көсемі!
Беу, ерлік істерімен мәңгілікке
Даңқы кеткен қаһарман, сен біліп қой,
Испания жұлдызы, Ламанча күні,
Әрі ақылман, әрі әдепті Дон Кихот!
Сенің адал атқосшың Санчо
Ашық аспан астында өз еркімен,
Жалаңаш құйрығынан өзін-өзі қамшымен,
Кәдімгідей қыз-қыз қайнап, дуылдап,
Жан шыдатпай дызылдағанша,
Үш мың үш жүз рет ұрмайынша
Тобосолық Дульсинеяң балшекер,
Әу бастағы әлпетін қайта таппайды.
Оның бақытсыздығына айыптылардың
Бәрі түгел мақұлдаған бұл шешімді
Сендерге айтқалы келдім, сеньорлар.
— Оттапсың! — деп айқайлап жіберді сол арада Санчо. — Үш мың түгіл қамшымен үш шықпыртудың өзі де мен үшін қанжармен үш ұрғанмен бірдей. Жадыны қайтаратын мұндай әдісіңмен бірге құры сен біржола! Ау, сиқыршылық айла-амалдарға менің құйрығымның қатысы қанша! Құдай ақы, егер сеньор Мерлин сеньора Дульсинея Тобосскаяның жадысын қайтарудың басқа жолын таппайтын болса, онда сеньорамыз да о дүниеге сол жадыланған қалпында кете барсын!
— Ендеше, сен найсапты қазір ұстап алайын да, тырдай жалаңаш күйіңде ағашқа апарып байлайын, — деп сөйлеп кетті Дон Кихот, — сосын саған үш мың үш жүз емес, алты мың алты жүз қамшы жегізейін және мейлі, тіпті үш мың үш жүз рет жұлқынсаң да, құсып тастай алмайтындай қылайын. Қарсыласып көр тек, жаныңды жаһаннамға жөнелтейін.
Бірақ, осы арада Мерлин сөзге араласты:
— Жоқ, олай болмайды, мейірбан Санчо мәжбүрлеу арқылы емес, өз ықтиярымен көнуге тиіс және көңілі соққан кезде ғана орындалуы керек, өйткені ешқандай нақты мерзім белгіленбеген. Оған қоса, егер дүренің екінші жартысы басқа бір адамның қолымен, тіпті қолы ауыр болса да мейлі, соғылса, онда қамшылау тең жартысына қысқарады.
— Басқаныкі болсын, өзімдікі болсын, ауыр болсын, жеңіл болсын, — деп мәлім етті Санчо, — маған ешкім қол тигізбеуге тиіс. Ау, сеньора Дульсинея Тобосскаяны мен туып па екем? Оның қылтың-сылтыңы үшін неге мен құйрығыммен жауап беруім керек? Ал, мына менің мырзам болса, шын мәнінде-ақ оның бір бөлшегі іспетті, күндіз-түні ауыз жаппай оны өмірім, жаным, тірегім және қамқорым дейді де жүреді, сондықтан сеньора үшін ол өзін-өзі дүрелей алады және дүрелеуге міндетті де, сондай-ақ оның жадысын қайтару жолында қолынан келгеннің бәрін жасауы керек, ал мен не себепті өзімді өзім қамшымен сабауға тиіспін?.. Abernuntіo34.
Санчо осыны айтып аузын жапқаны сол еді, Мерлин рухының жанында отырған күмістей жылтыраған нимфа орнынан атып тұрды да, айдай сұлу дидарын бүркемелеп тұрған жұқа жамылғыны былай серпіп тастап, Санчо Пансаға қарап еркекке лайық әдепсіздікпен және дөрекілеу дауыспен былай деп сөйлеп кетті:
— Беу, ақылсыз атқосшы, ешкі бас, емен жүрек, іш құрылысы малта тас пен тасқайрақ мақұлық! Егер саған, арсыз неме, биік мұнарадан жерге құла деп әмір етсе, егер саған, адамзат баласының қас жауы, он шақты бақа, жиырма шақты кесіртке, отыз шақты жылан же деген өтініш айтылса, егер сені өткір де қайқы қылышпен әйелің мен балаларыңды айуандықпен шауып өлтіруге үгіттесе, онда мына секілді бәлденуің мен еріншектенуің ешкімді таңғалдырмас еді, ал бірақ жетімханадағы ең әдепсіз жүгермектің өзі ай сайын жеп жүрген үш мың үш жүз қамшыға осынша мән беруің — бұл енді осы арада саған құлақ сап тұрған мейірбан жандардың қай-қайсысын да қайран қалдырады, таңдандырады, шошынтады және бұл жайында кейінірек хабарланатындарды да шошынтатын болады. Үріккен үкінің көзіндей шадырайған көзіңді сал деймін саған, сезім атаулыдан жұрдай жексұрын жануар, сал деймін көзіңді менің жұлдыздай жайнаған жанарыма, көз жасымның тасқын-тасқын, жылға-жылға боп тоқтаусыз сылдырай төгіліп, бал-бұл жанған бетімнің бар кеңістігінде жыра, шұқанақ, жол жасап жатқанын көр. Әліге шейін жиырмадан аспаған гүл атқан жастық шағыма аяушылық білдір сен, алаяқ әрі қаскүнем құбыжық: өйткені, мен бар-жоғы он тоғыз жаста ғанамын, жиырмаға әлі толғам жоқ, алайда еркекке тән кескін-кейіпте өмірім өтіп, қурап, солып барам, ал дәл қазір ер пішінде көрінбей тұрсам, онда бұл тек осы арада тұрған сеньор Мерлиннің арқасы ғана: әдемі ажарым аяушылық сезіміңді оятуы үшін ол маған айрықша жақсылық жасады, өйткені қайғы шеккен сұлу қыздың көз жасы жартасты топыраққа, жолбарысты қоянға айналдырады. Сабала өзіңді, сабала құйрықтан, қасиетсіз хайуан, қомағайлыққа, тек қана қомағайлыққа бағытталған батырлығыңды жұмса соған, сөйт те маған терімнің нәзіктігін, мінезімнің биязылығын, әлпетімнің ажарын қайтарып бер. Ал егер маған жаның ашымаса және көңілге қонымды шешім қабылдағың келмесе, онда, ең болмаса, мына қасыңдағы, жаны шығар-шықпастың аз-ақ алдындағы бейшара рыцарь үшін, яғни өз қожайының үшін ақылға кел; осы арадан жақсы көріп тұрмын: оның жаны ернінен он елідей жерде, кеңірдегіне кеп тіреліп тұр және жауабың қандай болатынына — қатыгездік танытасың ба әлде қайырымдылық көрсетесің бе, соған байланысты не аузынан ұшып шығуға, не ішкі құрылысына қайта оралуға оқталып тұр.
Бұл сөздерді естіген Дон Кихот кеңірдегін сипап қойды, сосын герцогқа қарап:
— Құдай атымен ант етем, сеньор, Дульсинея рас айтады: жаным шынымен-ақ арбалеттің добы іспетті кеңірдегіме кеп тіреліп тұр, — деді.
— Ал, сен не дейсің бұған, Санчо? — деп сұрады герцогиня.
— Сол бұрынғы айтқаным — айтқан: қамшы жайын — аbernuntіо, — деп жауап қатты Санчо.
— Аbrеnuntіо деу керек, Санчо, дұрыс айтпай тұрсың, — деп түзетті оны герцог.
— Жә, неғыласыз мені, жоғары мәртебелім, — деді Санчо, — бір әріпті қосып жібердім бе әлде қалдырып кеттім бе, қазір ондайға мән беретін халым жоқ, — әлдебіреудің мені шыбыртқылайтыны немесе өзімді-өзім шыбыртқылауға тиіс болатыным көңілімді құлазытып жібергені сонша, не айтып, не қойғанымды білмей тұрмын. Алайда, өстіп те өтініш айтуға бола ма екен, мұндайды сеньора донья Дульсинея Тобосская ханымым қайдан көрді екен: теріңнен таспа тілуге келісіміңді бер деп маған өзі келіп дігерлейді, сөйте тұра мені ешкі бас, қасиетсіз хайуан атандырады және жерден алып, жерге салып тілдейді: бұған тіпті шайтан екеш шайтан да төзбес. Ау, қалай сонда, менің тәнім тастан жаралған ба немесе оның жадыланған-жадыланбағанының маған бәлендей бір қатысы бар ма? Басқа ханым болса, көңіл аулау үшін себет толы іш киім ала келер еді, жейделер, орамалдар және, өзім кимейтін болсам да, қысқа қонышты етіктер әкелер еді, ал мынау балағаттаудан басқа ештеңе білмейді, — шамасы, біздің елде айтылатын: есекке алтын артсаң тау басына шейін талмай емпеңдейді, ақысын берсең боқысын шығарады, сондай-ақ, құдайдан сұрауын сұра, бірақ өзің де қапы қалма, көктегі тырнадан қолдағы шымшық артық деген сөздерді қаперінен шығарып алған-ау. Ол аздай, мына мырзам да көңілімді табудың, арқамнан қағудың орнына, — сонда бұл балауыз сияқты жұмсақ болады, нендей мүсін жасағың келсе де еркің, деген оймен, — мені ұстап алып, тыр жалаңаш күйде ағашқа байлап қоятынын, екі сыбаға қамшы жегізетінін мәлім етті. Шер жұтқан бұл сеньорлар бір нәрсені естен шығармауы керек еді: олар әлдебір атқосшыға емес, губернаторға қамшы жегізбекке құлшынып тұр ғой, абайлаған абзал емес пе. Соны айтам-ау, жоқты соқпасын, әуелі сұрауын табуды үйренсін, адамның тілін таба білсін және әдептірек болсын, әйтпесе кешегі күн бүгінгіге ұқсамайды және адам әрдайым ақжарқын қалпында қала бермейді. Жасыл шолақ шекпенімнің дар-дары шыққанына күйініп, жарылып кете жаздап шақ тұрсам, маған келіп шыбыртқылауға өз ықыласыңмен келіс дегенді айтады, өзіме салса, ондайға ықылас білдіргенше касикке айналғаным артық.
— Саған ашығын айтайын, достым Санчо, — деді герцог, — егер уылжып піскен інжірден де жұмсақ мінез көрсетпесең, аралға иелік ете алмайсың. Қайғы шеккен қыздардың көз жасы да, парасатты, құдіретті және ежелгі сиқыршылар мен данагөйлердің өтініші де шемен боп қатқан жүрегін жібіте алмаған қатыгез губернаторды аралымның тұрғындарына бастық қылуға ар-ұятым жібере ме? Тоқ етері, Санчо, не сен өзіңді өзің шыбыртқылайсың, не сені біреу шыбыртқылайды, немесе губернаторлықтан үмітіңді үзесің.
— Сеньор! — деді Санчо. — Не істеу керегін ойлануым үшін маған екі күнге пұрсат бере алмайсыз ба?
— Жоқ, берілмейді, — деп қарсылық білдірді Мерлин. — Бұл мәселе осы арада және тап қазір шешілуге тиіс: не Дульсинея Монтесинос үңгіріне қайтып оралып, шаруа әйел кейпін қайта табуы керек, не дәл қазіргі кескінінде Елисей даласына апарылып, белгіленген дүре саны түгел санақтан өткенше сол жерде тосып отыруы керек.
— Жә, жетер, мейірбан Санчо, — деді герцогиня, — тәуекел ет те, қожайының Дон Кихоттан жеген наныңның өтемін жақсылықпен қайтар, —жағымды мінез-құлқы мен рыцарьлық жарқын істері үшін оған бәріміз де қызмет етіп, көңілін табуымыз керек. Дүреге келісіміңді бере ғой, достым, қоянжүрек біреу секілді көрінбе: өйткені, тәуекел деген желқайық, өтесің де кетесің, деген ғой.
Жауап орнына Санчо Мерлинге мынадай мәнсіздеу әңгіме айтты:
— Сеньор Мерлин, рақымшылық етіп маған мынаны түсіндіріңізші: осында шабарман ретінде келген бір шайтан сеньор Монтесиностың атынан менің мырзама оны осы арада күтіп тұруы керегін айтқан, себебі ол осы жерге өзі келіп сеньора донья Дульсинея Тобосскаяның жадысын қалай қайтарудың жолын үйретемін, депті, бірақ әліге шейін біз ешқандай Монтесиносты көре алмай тұрмыз.
Мерлин бұған былай деп жауап қайтарды:
— Достым Санчо! Ол шайтан — нағыз надан әрі барып тұрған алаяқ: оны мырзаңа Монтесиностың атынан емес, өз атымнан жібергем, ал Монтесинос болса сол баяғы үңгірінде отыр және жадымды қашан қайтарар екен деп тағаты таусылып бара жатқанын да айта кету керек, жұмаққа барғым-ақ келеді, бірақ күнәм жеңімнен тартады, деген ғой. Егер ол саған қарыздар болса немесе оған әлденендей ісің түсіп жатса, саған оны ән сағатта жеткізіп бере алам және қайда алып кел десең сол жерге әкелем. Ал әзірше дүреге тезірек келісіміңді бер, — қара да тұр, бұл сенің жаныңа да, тәніңе де өте пайдалы болады: жаныңа пайдалы болатын себебі — жақсылық жасайсың, ал тәніңе пайдалы болатын себебі — байқап тұрғанымдай, сен тым етженді адамсың, сондықтан аздап қан алғанның саған еш зияны жоқ.
— Бұл дүниеде не көп — емші көп: тіпті сиқыршылардың өзі емші боп кеткен, — деп құлаққағыс етті Санчо. — Жә, енді, өзім басқаша пікірде болғаныммен, жұрттың бәрі жалынып қоймай тұрғандықтан, келісейін бұған, өзімді өзім үш мың үш жүз рет қамшымен шықпыртайын, алайда бір ғана шартым бар: өзімді қашан көңілім соқса, сонда шықпыртатын болам және ешкім маған оның күні мен сағатын көрсетпеуге тиіс, ал мен өз тарапымнан жұрт сеньора донья Дульсинея Тобосскаяның сұлулығын тамашалауға мүмкіндік алуы үшін, — ол, шамасы, күткендегідей емес, шынымен-ақ керемет көрікті шығар, — мұны тезірек тындыруға тырыспақпын. Бұған қоса айтар тағы бір шартым: өзімді қан-жоса ғып қамшылауға міндетті емеспін, сондай-ақ кейбір соққым шыбын үркітерліктей боп шықса да, бәрібір, есепке алынуға тиіс. Сол сияқты, әгәрәки есептен жаңылып қалғандай болсам, онда жердің асты мен үстіндегінің бәрін білетін сеньор Мерлин санап шықсын да, қаншасы жетпей тұрғанын немесе артылып қалғанын маған хабарлауды өз міндетіне алсын.
— Артылып қалғаны жайында хабарлаудың қажеті болмайды, — деп қарсылық білдірді Мерлин, — соққының белгіленген мөлшері толық өтелген бойда сеньора Дульсинея жадысынан аяқ асты арылады да, жасаған жақсылығы үшін мейірбан Санчоға келіп алғыс айтады және тіпті оған ізгілікті ісі үшін сыйлық та береді. Сол себепті, артылып қалуы немесе кем шығуы жайында уайым жемей-ақ қой, оның үстіне саған зәредей болсын қаралық жасауға маған көктегі құдіреттің өзі де жол бермейді.
— Ендеше, жаратқан ием жар болғай! — деп дауыстап жіберді Санчо. — Тағдыр-талайым тап болған тақсіретке бой ұсынам, яғни мына епитимьяны әлгінде аталған шарттар бойынша қабыл алам.
Санчо осыны айтып үлгеруі мұң екен, кернейлер қайтадан ойнап кетті де, аркебуздың сансыз көп тарсыл-гүрсілі қайтадан құлақ тұндырды, ал Дон Кихот болса, Санчоны мойнынан құшақтай алып, маңдайы мен бетінен шөпілдетіп сүйе бастады. Герцог, герцогиня және басқалары мәз-майрам болды, іле арба да орнынан қозғалды; кетерінде Дульсинея герцог пен герцогиняға бас иіп тағзым етті, ал Санчоға басын тіптен еңкейтіңкірей иді.
Ал, бұл екі аралықта қуанышты да көңілді таң шапағы аспан аясын үсті-үстіне әрлендіріп, даланың әсем гүлдері басын көтеріп, жылға атаулының мөлдір суы ақ және сары түсті малта тастар арасымен сылдырай жүйткіп, өзін күткен өзенге сыбаға ала жөнелген еді. Шаттыққа толы қара жер, ажарлы аспан, мөлдір ауа, өткір сәуле — осының бәрі, тұтастай алғанда да, жекелей алғанда да, Аврораға ілесе жеткен күннің тымық та ашық болатынын аңғартып тұрған. Герцог пен герцогиня болса, аңшылықтың ойдағыдай өткеніне, сондай-ақ өз мақсаттарына осынша жарасымды да ұнамды жолмен жеткеніне риза көңілмен және жаңа бір істі қолға алмақ ниетпен өз қамал-сарайларына келді: не қилы қитұрқыны ойлап табу оларға орасан зор қуаныш сыйлайтын.
ХХХҮІ тарау
Мұнда дуэнья Құсавананың, қосалқы есімі бойынша графиня Үшфальдидің, басынан кешкен адам айтқысыз шытырман оқиғасы жайында әңгімеленеді, сондай-ақ зайыбы Тереса Пансаға Санчо Пансаның жазған хаты келтіріледі.
Герцогтың керемет әзілқой әрі сауықшыл үй басқарушысы бар-тын: Мерлиннің рөлін орындаған сол еді, осы шытырман оқиғаның басы-қасында болған да, өлең шығарып, паждардың біріне Дульсинеяны бейнелеуді үйреткен де сол болатын. Шамалы ғана уақыттан кейін ол мырзаларының көмегімен жаңа шытырман оқиғаның жоспарын жасап, ой-қиялының асқан шалымдылығы мен шектен тыс байлығын паш етті.
Ертеңіне герцогиня Санчодан Дульсинеяның жадысын қайтару мақсатында өз міндетіне алған тәубеге келу шарасына кіріскен-кіріспегенін сұрады. Санчо кіріскенін, өткен түнде ғана өзіне бес рет соққы бергенін хабарлады. Герцогиня одан соққыны немен бергенін сұрады, Санчо қолымен бергенін айтты.
— Ол шапалақпен соғу ғой, шыбыртқымен емес, — деп құлаққағыс етті герцогиня. — Өзіңе мұншалықты жан аярлық жасауың данагөй Мерлинге онша ұнай қоймас деп ойлаймын. Абзалы, мейірбан Санчо, тікенегі немесе түйіні бар қамшыны таңдағаның жөн, — сонда жанға батыңқырайтын болады: өйткені, оқу мен тоқуға да тоқпақ керек, деген сөз тегін айтылмаған ғой, ал Дульсинея секілді айтулы ақсүйек ханымға мұндай татымсыз да жарытымсыз құрбандықпен бостандық әпере алмайсың. Одан соң, Санчо, сылбыр әрі жүрдім-бардым атқарылған игі істердің есепке алынбайтынын және ондайдың ешқандай құны болмайтынын қаперіңде ұстағаның жөн.
Бұған Санчо былай деп жауап қатты:
— Ондашы, сіз маған, биік мәртебелім, қамшы ма немесе арқан ба, қайсысын хош көрсеңіз соны тауып бере қойыңызшы, сосын өзімді шықпыртуға кірісейін, бірақ қатты ауыратындай етіп ұрмаймын, себебі, біліп қойғаныңыз мақұл, мейірбан ханым, қарапайым мұжық болғаныммен, тәнім қалың кендір матадан емес, мақта матадан жаралғандай, ал біреудің пайдасы үшін өзіңді өзің мүгедек қылудан асқан миғұлалық жоқ.
— Ендеше, іске сәт, — деді герцогиня, — ертең тілегіңе сай келетін бір қамшы тауып берейін, үлбіреген терің оны туған апасындай жақсы көріп кететін болады.
Одан соң Санчо герцогиняға былай деді:
— Сізге айтып қойғаным артық етпес, қымбатты сеньорам, зайыбым Тереса Пансаға хат жазып, өзінен қол үзгелі бері басымнан кешкен жайларымның бәрін түгел хабарлаған едім; хатым осында, қойнымда, тек адресін жазу ғана қалып тұр; осы хатты, парасатты ханым, өзіңіз оқып шықсаңыз деп ем, өйткені, меніңше, ол губернаторларша жазылған секілді, яғни, басқаша айтқанда, губернаторлар ғана жазуға тиісті хат секілді.
— Оны жазған кім? — деп ынтықты герцогиня.
— Кім жазсын, мына күнәкар пендеңіз тұрғанда? — деді Санчо.
— Сонда оны өз қолыңмен жаздың ба? — деп тімтіне берді герцогиня.
— Қайдан, — деп жауап қатты Санчо, — мен оқи да, жаза да алмаймын, тек қол қоюды ғана білем.
— Жарайды, көрелік, — деді герцогиня, — бұл хатыңда ақыл-ойыңның қаншалықты ұшқыр екенін анық көрсеткеніңде еш күмәнім жоқ.
Санчо қойнынан желімделмеген хатты алып герцогиняға ұсынды, ал онда былай делінген еді:
«Олар қатырып жон терімді сыдырды, есесіне қатырып атқа мініп қыдырдым; жақсы аралға ие болатын түрім бар, бірақ өтеміне жақсылап тұрып таяқ жеуден қашып құтыла алмасым анық. Сен қазір мұның мән-жайын түсінбейсің, сүйікті Тересам, кейін өзім айтып берермін. Біліп қой, Тереса, мен мынадай нық шешімге келдім: енді сенің тек күймемен ғана жүруің керек, әйтпесе саған басқаша үйлеспейді, себебі басқадай бірдеңеге мініп жол шегуің — ендігі жерде сен үшін төрт аяқтап еңбектеп жүрумен тең боп шығады.
Сен губернатордың зайыбысың, байқағын: ешкім саған ешқандай мін таға алмайтын болсын! Осы хатпен бірге сеньора герцогиня өзіме тарту еткен аңшының жасыл шекпенін де қоса жолдап отырмын, бұдан қызымызға белдемше мен кофта шықпас па екен, байқап көрші. Бұл жақтағылар қожайыным Дон Кихотты есуас ақылман және күлкілі кеше атандырып жүр, ал мені оған іздесе таптырмайтын серікке балайды. Біз Монтесинос үңгірінде болғанбыз, ал данагөй
Мерлин келіп Дульсинея Тобосскаяның, — айтқандайын, оны жерлестерінің бәрі Альдонсо Лоренсо деп атайды, — жадысын қайтаратын құрал етіп мені таңдап алды: енді маған өзіме өзім үш
You have read 1 text from Kazakh literature.
Next - Айлакер Идальго Ламанчалық Дон Кихот Орыс Тілінен Аударған Құрманғазы Қараманұлы - II - 23