Latin Common Turkic

Айлакер Идальго Ламанчалық Дон Кихот Орыс Тілінен Аударған Құрманғазы Қараманұлы - II - 30

Total number of words is 3891
Total number of unique words is 2062
33.8 of words are in the 2000 most common words
49.1 of words are in the 5000 most common words
57.2 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
— Бұл жағдайдың мәнісі мынада, — деп сөйлеп кетті қыз. — Әкем мені құлыпта он жыл ұстады, марқұм анамды қара жердің қойнына бергелі де сонша жыл өтті. Тіпті месса тыңдауға да не керектің бәрімен молынан жабдықталған үйдегі тауапханаға барам, сондықтан осы күнге шейін күндізгі және түнгі аспан шырақтарынан өзге ештеңе көргем жоқ, көшелер, алаңдар мен ғибадатханалар жайында да ешқандай түсінігім болмады, сондай-ақ әкемнен, інімнен және жүн жинаушы Педро Перестен басқа еркек кіндіктіні де көрмедім; жүн жинаушы біздің үйде жиі болып тұрады, шын әкемнің кім екенін сіздерге білдірмеу үшін өзімді жүн жинаушының қызы етіп көрсетпек болғаным да содан. Осы қамақ, тіпті шіркеуге бару үшін болса да, үйден шыға алмаушылық — жанымды көптен күйзелтіп жүр: мен дүние дидарын көргім келеді, ең құрығанда туған қаламның көркіне көз салғым келеді және бұл тілегім өнегелі отбасынан шыққан қыздар сақтауға тиісті әдеп қағидаларына қарсы келе қоймайды ғой деп ойлаймын. Қалада бұқамен шайқас, түрлі қызықты сайыс көрсетіледі немесе әлденендей комедия қойылады деген сыбыс құлағыма шалынғанда, өзімнен бір жас кіші інімді сұрақтың астына алатынмын, сондай-ақ көруге мүмкіндігім болмаған тағы да талай нәрсе жайында қадала сұрайтынмын, ол маған бәрін шамасы жеткенше ұғынықты етіп түсіндіруге тырысатын, бірақ оның бұл әңгімелері соларды өз көзіммен көруге деген құштарлығымды онан сайын арттыра түсетін. Алайда, қалай құрдымға құлағанымның баяны тым ұзаққа созылып кетті-ау деймін, — ұзын сөздің қысқасы, інімнен қоярда қоймай жалынып сұрап... аһ, әттеген-ай! ештеңе сұрамауым керек еді одан, жалынбауым да керек еді...
Сол арада қыз көз жасына қайтадан ерік берді. Үй басқарушы оған былай деді:
— Айта беріңіз әрмен қарай, сеньора, қандай жағдайға душар болғаныңызды аяғына дейін айтып беріңіз: әңгімеңіз де, жылағаныңыз да бізді дал қылып тұр.
— Ендігі айтар әңгімем азырақ, есесіне көз жасым молырақ болмақ, — деді қыз, — қисынсыз тілектердің салдары қашан да осындай ғой.
Қыздың сұлулығы үй басқарушының есін кетірді, жүзіне тағы бір мәрте көз салу үшін фонарьды қайтадан оның бетіне жақындатты, сосын еріксізден еріксіз: қыздың бетінен көз жасы емес, моншақ немесе шалғындағы шық домалап жатыр-ау, деген ойға келді, бірақ, мұны да тым әлсіз теңеуге балап, оның көзінен тамған жас — Шығыс жауһарынан бір де кем түспейтін керемет, дегенге тоқтады; үй басқарушы қыздың қайғы-қасіреті көзінің жасы мен ауыр-ауыр күрсінісі айғақтап тұрғандай тым ауыр болмағанын қалады. Ал, губернатор бойжеткенге әңгімесін тым ұзартып жібергені үшін налып тұрған; ақыры, шыдамы таусылып, тоқ етерін айтып беруін сұрады: уақыттың кешкіріп кеткенін, аралды енді ғана аралауға шыққанын, мәлім етті. Өкіре жылауы мен өксуі айтар сөзін жиі-жиі бөліп кетумен болған бойжеткен бұдан соң қайтадан былай деп сөйлеп кетті:
— Менің барлық бақытсыздығым, маған тап болған барлық қырсық біреу ғана, ол — інімнен еркекше киінуіме рұқсат етуін, маған өз киімін бере тұруын және түнде, әкеміз ұйқтаған кезде, маған қаланы көрсетуін сұрағаным. Өтінішімнен әбден ығыр болған ол ақыры көнді, мен мына үстімдегі костюмді кидім, ол менің көйлегімді киіп алды, — айтпақшы, бұл оған өте үйлесе кетті, өйткені мұрты әлі тебіндей қоймағандықтан, бет-пішіні әдемі қыздың әлпетін еске салады, — сосын бүгін түнде, шамамен бір сағаттай бұрын, үйден шығып кеттік те, жастық желіктің жетегіне еріп, жүгіріп отырып бүкіл қаланы аралап шықтық, сөйтіп енді үйге қайтқалы тұрғанымызда, күтпеген жерден өзімізге қарай қаптап келе жатқан тобырды көрдік, сол арада інім маған: “Апатай! Бұл кешкі шолғын секілді, бізді танып қоймас үшін қашып кетейік, бар пәрменіңмен жүгір соңымнан, әйтпесе жаман болады”, деді. Соны айтты да, жалт бұрылып, алды-артына қарамай қаша жөнелді. Мен болсам, бір-екі адым аттағаннан кейін-ақ қорыққаннан құлап түстім, сол арада қасыма тәртіп күзетшісі келіп, сізге ертіп әкелді, қазір ұялғанымнан кірерге жер таппай тұрмын: маған соншама адам қарап тұр, шамасы, шолжақай, еркетотай қыз деп ойлайтын шығар мені.
— Басыңызға түскен бақытсыздықтың бар-жоғы осы ғана ма, сеньора? — деп сұрады Санчо. — Әлгінде үйден кетуіңізге қызғаныш себеп болды демеп пе едіңіз?
— Бұдан өзге оқиғаны бастан кешкем жоқ және үйімді қызғаныштан емес, дүние көргім келгендіктен тастап шықтым, — соның өзінде де, дүние көрмек тілегім қаламыздың көшелерінен өңге жерді көксемеген.
Қыздың шындықты айтып тұрғаны полицейлер оның інісін алып келген кезде ақи-тақи анықталды, полицейлердің бірі оны апасын тастап қашып бара жатқан жерінде ұстаған болатын. Ол сәнді белдемше мен көгілдір қамқадан тігілген, зер төгілген мантилья киіпті, ал бас киімнің міндеті өзінің алтын сақиналарға ұқсап шиыршықтала төгілген ақ сары шашына жүктеліпті. Губернатор, үй басқарушы мен аға малай бойжеткен естіп қалмасы үшін баланы әрменірек алып барып, бұлайша киінуінің себебін сұрады, — апасы секілді қатты ыңғайсызданып, абыржып қалған ол соның айтқанын қайталап айтып берді, ал мұнысы аға малайды шексіз қуанышқа бөледі.
Алайда, губернатор былай деп құлаққағыс етті:
— Әлбетте, сеньора, мұның бәрі әншейін баланың ісі ғана, ал енді осынау қыңырлау қылығыңыз жайында баяндап беру үшін осынша көп сөздің, көз жасын төгу мен аһылап-уһілеудің не қажеті бар еді. “Біз, пәленше мен түгенше, қыдырыстап қайту үшін үйімізден қашып шықтық, мұны біз әуестіктен ғана істедік, басқа ешқандай ойымыз жоқ”, дегеніңіздің өзі-ақ жетер еді ғой, сонда әңгіме де тәмамдалып, жылап-сықтап, ананы айтып, мынаны айтып, жалтарып-бұлтарудың қажеті болмас еді.
— Рас-ақ, — деді қыз, — алайда, біліп қойғандарыңыз артық етпес, мырзалар, не істерімді білмей сондай абдырап кеттім, белгілі бір шеңберде қалуға шамам жетпеді.
— Жә, құрысын шеңбері де, басқасы да, — деп түйді Санчо. — Қазір екеуіңді үйлеріңе шығарып саламыз, — бәлкім, әкелерің әлі ештеңе байқап үлгермеген де болар. Бірақ болашақта мұндай балалық жасамаңдар және дүние көруге сонша асықпаңдар: жібі түзу қызға керегі — жіп иіретін ұршық, әйел де бейне бір — тауық, көп жүгірсе — өзіне қауіп, түптеп келгенде, жұртты көруге ынтық әйел, өзін де жұртқа көрсетуге ынтық. Басқа ештеңе де айтпаймын.
Өздерін шығарып салмақ болған ізгі ниеті үшін бозбала губернаторға ризашылық білдірді, сосын бәрі бұлардың жақын маңайда орналасқан үйлеріне қарай бет алды. Таяп келген бетте бозбала титімдей тасты терезе торына лақтырды, оның өзін де, апасын да тағатсыздана тосып отырған күтуші әйел сол бойда сыртқа шығып есік ашты, сөйтіп бұлар ішке кірді, ал шығарып салушылар олардың сүйкімділігі мен сымбаттылығына, сол сияқты түннің қараңғылығына қарамай және құйттай қалашықтан жырақ шықпай, қайткенде де әйтеуір дүние көрмек болған ынтызарлығына тағы да тағы таңырқанысумен болды; әйткенмен, мұның бәрін олар екеуінің жастығына жорыды. Аға малайдың жүрегі жаралы боп қалған-ды, сол себепті ол ертеңнен қалмай қыздың әкесіне барып құда түспекке бекінді; герцогтың малайы білдірген тілектен бас тартуға ешкімнің тәуекелі жетпейтініне сенімді еді. Тіпті Санчо екеш Санчо да қызы Санчиканы әлгі бозбалаға бергені қалай болатыны жайында ойланып қалды, сөйтіп, ақыры губернатордың қызынан ешқандай күйеу бас тартпайды деген байламға келіп, бұл ойын кейіндеу іске асыруға өзіне өзі сөз берді.
Сол күнгі түнде аралды аралау осымен аяқталды, ал арада екі күн өткенде губернаторлықтың өзі де тәмамдалды, онымен бірге Санчоның күллі арман-ойының да күлі көкке ұшты, ал мұның бәрі алда баяндалатын жайлардан мәлім болады.
L тарау
Мұнда дуэньяны соққыға жығып, Дон Кихотты шымшып, тырнап тастаған сиқыршылар мен жендеттердің кім екені анықталады және Санчо Пансаның зайыбы Тереса Пансаға герцогиняның пажы хатты қалай табыс еткені баяндалады.
Осынау мейлінше шыншыл хикаяның ұсақ-түйек дерегіне дейін барынша мұқият зерттеген Сид Ахмет былай деп хабарлайды: донья Родригеспен бір бөлмеде жататын дуэнья оның Дон Кихотқа бармаққа жатын бөлмеден шыққанын сезіп қалды, басқа дуэньялар секілді бұл да бәрін біліп алуға, көріп алуға және естіп алуға әуес болғандықтан ол донья Родригестің соңынан ерді және аяғын барынша білдірмей басқаны сонша, мейірбан Родригес оны байқамады; ал барлық дуэньяға ортақ өсек-аяңға әуестік бұған да тән болғандықтан донья Родригестің Дон Кихоттың жатын бөлмесіне барып кіргенін көргеннен кейін қас-қағым сәтте герцогиняның қасынан табылып, оған бәрін түгел айтып берді. Герцогиня мұны герцогқа баян етіп, Альтисидорамен бірге барып, донья Родригеске Дон Кихоттан не керегін білуге рұқсат сұрады; герцог рұқсат берді де, екі әйел аяғын ұшынан басып, мейлінше сақтықпен, баспалап Дон Кихоттың жатын бөлмесінің есігіне жақындады және өте жақын келгендері сонша, іштегі әңгіменің бәрі оларға ап-анық естіліп тұрды; бірақ өзінің аранхуэстік фонтандары жайындағы құпияны Родригестің ашып қойғанын естігенде герцогиняның шыдамы шетінеп кетті де, ызаға булыққан және өш алмақ болған ол, дәл сондай ахуалды бастан кешіп тұрған Альтисидорамен бірге жатын бөлмеге кіріп барды, сол арада екеуі күш біріктіре отырып Дон Кихоттың бетін қан-жоса ғып тырнап, дуэньяны оқырманға мәлім тәсілмен құйрықтан оңдырмай шықпыртты; осы арада айта кеткеннің артығы жоқ, әйелдің сұлулығын кемсітетін және ар-намысына тиетін нәрсенің бәрі олардың жойқын ашу-ызасын туғызады, әсіресе кекшілдігін ерекше өршітеді. Герцогиня бұл оқиға жайында герцогқа айтып беріп, анау күлкіге кенеліп бір жасап қалды; одан соң герцогиня Дон Кихотты одан әрі мазаққа айналдырып, күлкіге қарық болу мақсатында әлгі Дульсинеяны бейнелеген және өзінің жадысын қайтаруды талап еткен пажды (әрқилы мемлекеттік шаруамен басы қатып жүрген Санчо бұл жайында мүлдем ұмытып та кеткен-ді) Санчоның зайыбы, Тереса Пансаға аттандырып, оған күйеуінің хаты мен өзінің хатын, сондай-ақ керемет әдемі маржандардан түзілген үлкен моншақты сыйлық ретінде табыс етуге бұйрық берді.
Хикаяда одан әрі былай делінген: аталмыш паж, ақылды да аңғарымпаз һәм елгезек жас жігіт, бұл сапарға қуана-қуана аттанды; селоға келіп жеткен соң, жылға бойында бір қауым боп жиналып, кір шайып жатқан әйелдерге қарап дауыстап, өзін Ламанчалық Дон Кихотпын деп атайтын рыцарьдың Санчо Панса дейтін атқосшысының зайыбы Тереса Панса есімді әйел қайда тұратынын сұрады; кір шайып жатқан қыз балалардың бірі бұл сұрақты естіп, басын көтеріп:
— Тереса Панса — менің шешем, өзіңіз атаған Санчо — менің әкем, ал ана рыцарь — біздің қожайынымыз, — деді.
— Олай болса, бойжеткен, мені шешеңе ертіп бар: оған әлгінде есімі аталған әкеңізден хат пен сыйлық әкеле жатырмын, — деді паж.
— Қуана-қуана ертіп барам, мархабатты мырзам, — деп мәлім етті қыз бала; түріне қарап оны он төртте деуге ғана болатын.
Жуып отырған кірін құрбысына қалдырған ол, аяқ киімін де киместен, шашын да түйместен, жалаң аяқ, шашы ұйпа-тұйпа күйінде секіре басып паждың қасына келіп:
— Тура жүре беріңіз, мырза, біздің үй — анау ең шеткісі, шешем қазір үйде, әкемнен көптен хабар болмағанына қатты алаңдап жүр еді, — деді.
— Есесіне мен соншалықты жақсы хабар әкелдім, — деп іліп әкетті паж, — шешеңе тек құдайға алғыс жаудырудан басқа ештеңе қалмайды.
Қыз бала секектей, ойнақтай басып үйіне қарай тартты да, табалдырықтан аттар-аттамастан:
— Апа! Мұнда кел жылдам, бол тез! Біздің үйге бір сеньор келе жатыр, әкемнен хат және басқа да түрлі нәрсе әкеле жатыр, — деп айқайлады.
Айқайға сұр белдемше киген, қолына иірген жіп орамын ұстаған шешесі, Тереса Панса шықты. Тереса белдемшесінің шолақтығы сонша, құдды оны ұятты жеріне дейін әдейі қысқартқандай көрінетін-ді; сондай-ақ оның сұр түсті төстартқышы мен көйлегі бар-тын. Қырықтан асқаны айқын аңғарылып тұрғанымен, оны жасамыс әйел деп айтуға әсте болмайтын, ал шындығында бұл қайраты қайтпаған, әлі күнге шейін сымбатты, дені сау, күнқақты әйел еді; өзінің қызы мен атқа салт мінген пажды көрген ол:
— Жайшылық па, қызым? Мына сеньор кім? — деп сұрады.
— Сеньора донья Тереса Пансаның құлдығы болар бейбақ, — деп жауап қатты шабарман.
Сосын аттан лып етіп секіріп түсті де, сеньора Тересаның алдына келіп айрықша құрметпен тізерлей кетті.
— Қолыңызды беріңіз, сеньора донья Тереса, — деп паж сөзін сабақтады, — Баратария аралының бас губернаторы, сеньор дон Санчо Пансаның басыбайлы заңды зайыбы ретінде қолыңыздан өбуге рұқсат етіңіз.
— Аһ, мархабатты мырзам, жетер енді, қойыңызшы! — деп сөйлеп кетті Тереса. — Мен сарай ханымы емеспін, мен — қарапайым шаруа әйелмін, қарапайым диқанның қызымын және әлденендей бір губернатордың емес, кезбе атқосшының зайыбымын.
— Жоға, қадірменді ханым, — деді паж келіспей, — сіз лайықтылардан да лайықты губернатордың лайықтылардан да лайықты зайыбысыз, мына хаттар мен сыйлық соның айқын дәлелі.
Соны айтып, қалтасынан алтын ілгішегі бар маржан моншақты алып, Тересаның мойнына тағып берген ол сөзін әрмен жалғады:
— Мынау — сеньор губернатордың хаты, ал екінші хат пен маржанды сізге сеньора герцогиня беріп жіберді, мені өзіңізге аттандырған да сол.
Тереса мелшиді де қалды, қызы да сондай күй кешті; ақыры қыз бала былай деп тіл қатты:
— Осының бәріне сеньор қожайынымыз Дон Кихоттың тікелей қатысы болмаса, атымды басқа қойыңдар: губернаторлық дегенді ме, әлде графтық дегенді ме, әкеме тарту еткен тап сол кісі екені анық — өйткені, ол мұны оған талай рет уәде еткен еді ғой.
— Дұрыс айтасың, тап солай, — деп қоштай кетті паж, — сеньор Дон Кихоттың сіңірген еңбегі арқасында сеньор Санчо қазір Баратария аралының губернаторы боп тағайындалып отыр, бұл жайында хаттан оқып білуге болады.
— Маған хатты оқып беріңізші, мырза, — деген өтініш айтты Тереса, — иіруге келгенде қолым қолыма жұқпайды, ал оқуға келгенде оқтау жұтқандай боп қалам.
— Мен де, — деді Санчика. — Тұра тұрыңыздар, мен қазір сауаты бар біреуді: не священниктің өзін не бакалавр Самсон Каррасконы шақырып келе қояйын, — олар қуана-қуана келеді, өйткені әкем жайындағы хабарға ынтық екендері күмәнсіз.
— Оларды шақырудың қажеті жоқ, — деп қарсылық білдірді паж. — Менің жіп иіре білмейтінім рас, бірақ есесіне оқи білем және сіздерге хатты оқып берем.
Шынында да ол оны бастан-аяқ оқып берді, алайда аталмыш хат ілгеріде келтірілгендіктен бұл жерге оны орналастырмаймыз; одан соң ол қалтасынан герцогиня жазған мынадай мазмұндағы хатты шығарды:
«Досым Тереса! Зайыбыңыз Санчоның жан-дүниесі мен ақыл-парасатының айрықша қасиеттері күйеуім герцогқа оны сансыз көп аралының біріне губернатор етіп тағайындау жөнінде өтініш айтуыма түрткі болды және соған мәжбүр етті. Маған оның жай әншейін губернатор емес, нағыз марқасқа әкім екендігі жөнінде мәлімет келіп түсті, әрине, бұған өзім дe, күйеуім герцог та қатты қуанып қалдық. Губернатор таңдауда қателік жібермегенім
үшін Құдайға ризашылығым шексіз. Өйткені, біліп отырғаныңыз артық болмас, сеньора Тереса, жақсы басшылар өте сирек кездеседі, ал Санчоның өте жақсы басқаратыны сонша, өзім де сондай жақсы әкім атансам арманым болмас еді.
Өзіңізге, аяулы ханым, алтын ілгішегі бар маржан моншақ жолдап отырмын; Сізге тіпті Шығыстың жауһарларын сыйлаудан да бас тартпас едім, бірақ қолымызда барды қанағат тұтамыз ғой. Кейін өзіңізбен танысып, достасып кетеріміз кәміл. Оның бәрі де бір
Құдайдың еркінде. Қызыңыз Санчикаға менен сәлем айтыңыз және дайындалып жүруін ескертіңіз: күндердің күнінде оны бір ақсүйекке тұрмысқа берем.
Естуімше, сіздің жақта ересен ірі емен жаңғағы көп деседі: маған жиырма шақтысын беріп жіберіңізші, бұларды өзіңіз жинағаныңызды құрметпен еске алып жүрер едім; хал-жайыңыз қалай екені жайында, қалай тұрып жатқаныңыз жөнінде маған егжей-тегжейлі жазып жіберіңіз. Егер әлденеден мұқтаждық көріп жүрсеңіз, бір ауыз тілек айтсаңыз болды, тілегіңіз сол бойда бұлжытпай орындалады. Жаратқан өзі жар болсын Сізге.
Менің қамал-сарайымда жазылды.
Өзіңізді ерекше сыйлайтын досыңыз герцогиня».
— Аһ, — деп айқайлап жіберді Тереса хат оқылып болғаннан кейін, — бұл неткен қайырымды, қарапайым және сыпайы сеньора еді! Мұндай сеньоралармен адамша сыйласып, тату-тәтті тұрмыс кешуге болады, ал біздегі дворян әйелдердің сұрқы тіптен басқа, олар дворян болғандықтан маңымыздан ешкім жүрмеуге тиіс деп ойлайды, ал шіркеуге барғанда тіптен мардымсып кететіні сонша — оларды королева екен деп қала жаздайсың; шаруа әйелге көз тастаудың өзі оларға қорлық секілді, ал мынау, көрмейсіз бе, қандай сүйкімді сеньора: өзі — герцогиня, ал мені досым деп атайды және маған өзімен тең адамша хат жазады, бұл ниеті үшін құдай оны күллі Ламанчадағы ең биік лауазыммен теңгергей-дағы. Ал, емен жаңғақтың, мархабатты мырзам, аяулы ханымға мен тұтас бір дорбасын және жұрт таңғалып, талып түсердей ең ірілерін, жіберем. Ал, әзірше, Санчика, сеньорға күтім жаса, атын жайғастыр, сарайдан жұмыртқа әкел, сосын шошқа майын көп қылып тура — жақсылап қонақ етейік оны, еңбегі сіңді оның бұған: бізге өте жақсы хабар әкелді, өзі де жақсы жігіт екен, ал мен оған дейін көрші әйелдерге кіріп шығайын, қуанышыммен бөлісейін олармен, сосын священнигіміз бен шаштараз маэсе Николасқа соғайын — олар әкеңмен баяғыдан дос-жар болатын, әлі дос-жар боп қалып отыр.
— Жарайды, апа, — деді Санчика, — бірақ тек, ұмытпа, алқаның жартысын маған бересің, — алқаның бәрін бір өзіңе жіберетіндей сеньора герцогиня соншалықты су ми емес шығар.
— Бұл түгелімен сенікі болады, қызым, — деді Тереса, — тек кішкене шыда, екі-үш күн өзім таға тұрайын, — шынымды айтсам, бұған қарасам болды, қуаныштан жүрегім атқақтап кетеді.
— Мына жол қапшықта не жатқанын көрсеңіздер, — деп іліп әкетті паж, — екеуіңіз де одан кем қуанбайсыздар: онда сапалы шұғадан тігілген шекпен жатыр, губернатор мұны бір-ақ рет аңға киген, енді сеньора Санчикаға жіберіп отыр.
— Ол менің мың жылдық игілігіме жарағай, — деді Санчика, — оны маған алып келген адамның да сонша жыл, ал егер қаласа, тіпті бір мың емес, екі мың жыл ғұмыр кешуін тілеймін.
Бұдан соң Тереса алқасын мойнына таққан қалпы үйден ытқып шықты да, хаттарды саусағымен дабыл құсатып шерткілеген күйі жүгіре жөнелді; ойда жоқта оған священник пен Самсон Карраско ұшыраса кетті, олардың алдында бұл аяғын билей басып тұрып мынаны айтты:
— Біздің де күніміз туды! Енді біз губернатормыз! Сенбесеңіздер, осы араға ең кербез деген дворян әйелді алып келіңіздер, жынын басып берейін!
— Саған не болған, Тереса Панса? Неге бұлай құтырып жүрсің және қолыңдағы мына қағаздарың немене?
— Бұл ешқандай да құтыру емес, ал қолымдағы — герцогинялар мен губернаторлардың хаттары, мойнымда “Құдай ананы” оқитын керемет көркем маржан, “Әкемізді” оқуға арналған — алтыннан құйылған моншақтар, ал менің өзім — губернатор айымымын.
— Не деп тұрғаныңды бір құдайдың өзі біледі, Тереса, біз сені түсінуден қалдық.
— Міне, көріңіздер, онда, — деді Тереса.
Осыны айтып, оларға хаттарды ұсынды. Священник бұларды Самсон Карраскоға дауыстап оқып берді, сосын екеуі бұған қатты таңырқанып, бір-біріне көз тастап қойды, ал бакалавр хаттарды кім әкелгенін сұрады. Тереса екеуін үйіне барып, шабарманды өз көзімен көруге шақырды: ол өзі жігіт емес, алтын, маған тағы бір баға жетпес сыйлық алып келді, дегенді айтты. Священник оның мойнынан алқаны шешіп алды да, аударып-төңкеріп мұқият қарап шықты, сосын мұның нағыз маржан екеніне әбден иланғаннан кейін, тағы да қайран қалып, былай деді:
— Діни дәрежеммен ант етейін, бұл хаттар мен сыйлықтар жайында не айтарымды да, қандай долбар жасарымды да білмеймін: нағыз маржан екенін көзіммен көріп, қолыммен сезіп тұрмын, сонымен бір мезгілде әлдебір герцогиняның өзіне жиырмашақты емен жаңғағын беріп жіберуін өтінген хатын да оқып тұрмын.
— Ал, шешіп көр мұның жұмбағын! — деді Карраско да аңтарылып. — Не істейміз енді, барып шабарманмен танысайық: дағдарыстан шығуымызға, бәлкім, соның көмегі тиіп қалар.
Осыған бәтуаласқаннан кейін Тереса оларды үйіне ертіп барды. Олар келгенде паж атына сұлы елеп жатыр еді, ал Санчика қонақты тамақтандырмақ боп, жұмыртқаға аралас қуырылатын майды турап жатқан; шабарманның сырт пішіні мен киген киімі священник пен бакалаврға жақсы әсер қалдырды; олар бұған сыпайыгершілікпен бас иді, бұл да сөйтті, одан соң Самсон Дон Кихот пен Санчо Панса жайында не жаңалық барын сұрады: Санчо мен сеньора герцогиняның хатын оқығандарын, алайда Санчоға тиген неғылған губернаторлық екенін түсінбей дал боп қалғандарын айтты, оның үстіне оған аралдағы губернаторлық берілгенін, ал шынтуайтына келгенде, Жерорта теңізіндегі барлық арал түгелдей немесе түгелге жуық ұлы мәртебелі ағзамның меншігіне жататынын құлаққағыс етті. Паж оның бұл сауалына былай деп жауап қатты:
— Сеньор Санчо Пансаның губернатор екендігінде ешқандай күдік-күмән болмауға тиіс. Ал, енді ол қай жерде губернаторлық етіп жатыр — аралда ма әлде басқа аймақта ма, оның жайын біле қоймайды екем. Әйтеуір, қарамағында мыңнан астам адам мекендейтін қала бар екенін айтсам да жеткілікті болар. Ал, емен жаңғағына келсек, сеньора герцогиня өте қарапайым, тәкаппарлық дегеннен мүлдем ада...
Тоқ етері, шаруа әйелден емен жаңғағын сұрауды ол өзіне айып санамайды, тіпті бір жолы көрші селоға адам жіберіп, тарағын уақытша ұстай тұруға бір әйелге өтініш айтқан да кезі болған.
— Біле жүрген артық етпес, мырзалар, біздің Арагондағы небір айтулы ақсүйек ханымдардың өзі де Кастилиядағыдай паң, өр көкірек емес: шетінен сыпайы, шетінен сынық.
Осы әңгіменің кезінде жүгіре басып ішке Санчика кірді, етегін толтырып жұмыртқа алып келіпті.
— Айтыңызшы, сеньор, — деп сұрады ол, — губернатор атанғалы бері әкейім ұзын балақты шалбар киіп жүрген шығар, солай ма?
— Көңіл аудармаппын, сірә, ұзын болуға тиіс, — деп жауап қатты паж.
— Құдай-ай! — деп дауыстап жіберді Санчика. — Құйып қойғандай шақ шалбар киген әкейімді көретін күн болар ма екен! Айтсам сенбейсіздер ғой: әкем ұзын шалбар киіп жүрсе деп құйттай кезімнен арман етуші ем!
— Аман болсаңыз көресіз әлі, — деп жұбатты оны паж. — Өтірік айтсам оңбай кетейін, әкеңіздің губернаторлығы әлі де кем дегенде екі айға созылса, істің қазіргі барысына қарағанда, бұл бұл ма, әлі оның жол-сапар бетпердесін киіп жүргеніне де куә боларымыз хақ.
Малайдың келемеш қылып тұрғаны священник пен бакалавр назарынан тыс қалған жоқ, бірақ маржанның жалған еместігі мен Тереса оларға көрсетіп те үлгерген аңшы киімі мұның сайқымазақтығымен мүлдем қабыспайтын; ал Санчиканың арманы, әсіресе Тересаның мына төмендегі сөзі оларды күлкіге қарық қылды:
— Сеньор священник! Мадридке немесе Толедоға бізден біреу-міреу бармай ма екен, рақымшылық жасап, соны біліп бере аласыз ба: өзіме дөп-дөңгелек жаңа фижма, оның ішінде де ең тәуірін және соңғы модамен жасалғанын, сатып әкелуге өтініш айтқым келеді. Шын сөзім, губернатор күйеуімнің абыройына қылау түсірмеуге хал-қадарымша тырысып бағуға тиіспін. Керек десеңіз, шын ашулансам бір күні астанаға өзім аттанам, оған қоса басқа жұрттан сорлы көрінбес үшін күймеге мініп жүрем. Күйеуіңіз — губернатор ма, ендеше — мінекейіңіз: сатып алыңыз да мініңіз күймеге!
— Әлбетте, солай, апатай! — деп саңқ ете қалды Санчика. — Құдай тек соған тезірек қолыңды жеткізсе екен, сосын шешеммен, яғни губернатор айымымен бірге күймеге мініп анда-мында барып жүргенімді көргендер іші күйіп: “Қарай гөр мынаны, пәлен-пәштуан, кір-қожалақ шұнақ қар, папесса құсап, күймеде шалжиып отыр!” дей берсін. Оқасы жоқ, олар балшықты шылп-шылп кешіп бара жатады, ал мен аяғымды суламай, күймемен зырғытып өте шығам. Дүниедегі өсекші атаулыға, қаншасы болса соншасының бәріне түгел түкіргенім бар: маған керегі жылылық пен жайлылық, аузына келгенді оттай берсін былайғы жұрт. Дұрыс па, апа, айтып тұрғаным?
— Дұрыс болғанда қандай, қызым! — деді Тереса. — Осындай қуанышқа, тіпті бұдан да зорырағына, кенелетінімізді мейірбан менің Санчом алдын-ала айтып еді өзіме, қара да тұр, қызым, мен әлі графиня да болармын: құдай берсе құлай береді деген емес пе. Мейірбан әкеңнен, — әкеңді, сондай-ақ, мәтел атаулының атасы деуге де болады, — мынадай мәтелдерді талай естігенім бар еді: баспақ берген екен, дереу бас жібін байла; губернаторлықты берсе — ал, графтықты берсе — жармас; бір тәуір затты “ала ғой” десе, ал да қалтаңа сала ғой. Бақыт пен байлықтан құралақан қалғың келсе, олар қақпаңды қаққанда тұруға ерініп бұйығып жата бер!
— Шынымен-ақ мардымсып, дандайсып кеткен кезімде жұрттың мен жайында не айтатынында шаруам қанша? — деп сөз қыстырды Санчика. — Төбетке төбетей кигізсең, иттерді ит екен демейді.
Мына әңгімені тыңдап тұрған священник былай деді:
— Пансаның шаңырағындағылар өзімен бірге бір дорба мақал ала туады ғой деймін: қай-қайсысының да кез-келген уақытта, кез-келген орайлы сәтте уытты сөзді уыстап төкпейтіні жоқ.
— Дұрыс айтасыз, — деді паж. — Сеньор губернатор Санчо да өне бойы мақалдап сөйлейді, онысын әрдайым орынды қолдана бермегенімен, тыңдаған жұрт оған қашан да тәнті болады, герцог пен герцогиня да оның бұл ғадетін барынша қолдап отырады.
— Сонымен, мархабатты мырзам, — деп сөйлеп кетті бакалавр, — Санчоның губернатор екені анық және бұл дүниеде оның зайыбына хат жазып, оған сыйлық жолдайтын герцогиня бар дегеніңізден танбай отырсыз ғой, солай ма? Алайда, бұл сыйлықтарды қолымызға ұстап көріп, хаттарды оқығанымызбен, қайткен күнде де, бәрібір, бұған сене алмай тұрмыз, біздің ойымызша, мұның бәрі жерлесіміз Дон Кихоттың ойлап тапқан бәлесі секілді: олай дейтінім, ол қай қарекетінің де сиқыршылық аясында жасалып жататынына сеніп алған адам ғой. Осы себепті, елестен жаралған елшімісіз әлде ет пен сүйектен жаралған адамбысыз — кім екеніңізге кәміл көз жеткізу үшін, шынымды айтсам, денеңізді қолыммен сипап, ұстап көргім келеді.
— Бұған айтарым мынау ғана, сеньорлар, — деп жауап қатты паж, — мен — шын мәніндегі елшімін, сеньор Санчо Панса — шын мәніндегі губернатор, қожайындарымның, герцог пен герцогиняның, оған губернаторлықты тарту етуге мүмкіндігі бар еді және шын мәнінде де оны оған тарту етті де, сондай-ақ, естуімше, аталмыш Санчо Панса аралды ойдағыдай басқарып жатыр, ал бұл іске тылсым күштің араласы бар ма, жоқ па — ол жағына, мырзалар, өздеріңіз баға беріңіздер, бұдан өзге мен ештеңе де білмеймін және осыған басқа ешнәрсемен емес, ата-анамның өмірімен ант етем, ал олардың әлі көзі тірі, оларды жанымдай жақсы көрем әрі ардақ тұтам.
— Бәлкім, бұл солай да шығар, — деді бакалавр, — алайда, dubіtat Augustіnus41.
— Сенгілеріңіз келмесе, сенбей-ақ қойыңыздар, — деді паж, — бірақ жаңағы айтқанымның бәрі — ақиқат шындық және майдың су бетінде қалқып жүретіні секілді, шындық та әрдайым жалғандықтың бетіне қалқып шығады, ал сөзіме сенбестік білдірсеңіздер, істеген ісімді көріңіздер. Араңыздан бір адам менімен бірге барсын, құлағы шанбағанға көзі куә болады сонда.
— Жоға, одан да мен барайын, — деп лып етті Санчика. — Атыңыздың сауырына отырғызып алыңыз мені, сеньор: әкетайымды сондай керемет сағынып жүрмін.
— Губернатордың қызына топырлатып нөкер ертпей, күймесіз, зембілсіз, сыбай-салтаң жүрген жараспайды.
— Құдай ақы, маған мәшіге мініп жүрген не, күймеге мініп жүрген не, бәрібір, — деп реніш білдірді Санчика. — Мен тіптен күй талғамаймын!
— Жап аузыңды, қызым, — деді Тереса, — не айтып, не қойғаныңды өзің де білмейсің: сеньордың сөзі өте орынды. Қазіргі жағдай басқа: әкең — әншейін Санчо болса, сен де — Санчасың, ал губернатор болса, сен — сеньорасың. Осы сөзімде ағаттық жоқ-ау деймін.
— Сеньора Тересаның бұл тұжырымы тіпті өзі ойлағаннан да гөрі өміршең, — деді паж. — Маған тамақ берсеңіздер, сосын рұқсат етсеңіздер, қараңғы түскенше жетіп алайын деп ем.
Сол арада священник оған былай деді:
— Сізден өзіммен бірге тамақтануыңызды өтінем, мейірбан мырза, әйтпесе сеньора Тереса барын салып баққанымен, сіз секілді қадірменді қонаққа лайықты дастарқан жая алмас.
Паж әуелі бас тартқан, бірақ ақыр аяғында барғанын жөн көрді, сөйтіп қонақасы барысында шабарманнан Дон Кихот пен оның іс-әрекетінің жай-жапсарына мейлінше қанығу мүмкіндігіне ие болғанына қуанған священник оны үйіне ертіп кетті.
Бакалавр Тереса үшін жауап хаттар жазуға тілек білдірген, алайда Тереса бакалаврдың өз шаруасына араласқанын қаламады, өйткені оның мазаққұмар неме екенін білетін, осы себепті шіркеудегі сауатты қызметшіге таба нан мен екі жұмыртқа апарды да, ол бұған екі хат жазып берді, оның біреуі — күйеуіне, екіншісі — герцогиняға арналған еді: бұл хаттарда Тересаның өзіне тән ақыл-парасатының табы бар-ды және осынау теңдесі жоқ хикаяда келтірілетін басқа хаттардың ең нашары да бұлар емес-ті, ал мұны алда баяндалатын жайлардан аңғаруға болады.
LІ тарау
Санчо Пансаның губернаторлығын қалай жалғастырғаны жайында және басқа да шын мәніндегі қызықты оқиғалар жөнінде.
You have read 1 text from Kazakh literature.
Next - Айлакер Идальго Ламанчалық Дон Кихот Орыс Тілінен Аударған Құрманғазы Қараманұлы - II - 31