Latin Common Turkic

Айлакер Идальго Ламанчалық Дон Кихот Орыс Тілінен Аударған Құрманғазы Қараманұлы - II - 39

Total number of words is 4044
Total number of unique words is 2122
33.0 of words are in the 2000 most common words
47.5 of words are in the 5000 most common words
54.8 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
— Мен өзім парасатты деуден гөрі пақыр деп аталуға көбірек лайық қауымнан, қазіргі шақта не қилы кесір-кесепаттың бәрін бастан кешіп жатқан қауымнан шыққан едім: айтайын дегенім, ата-анам — морискілер болатын. Қауымдастарымның төбесіне қасірет бұлты үйірілген шақта өзімнің христиан екенімді айтқаныма қарамастан немере ағам мен әпкем мені Берберияға алып кетті, ал мен өзім шын мәніндегі христианмын: жалған да, жасанды да емес, шынайы әрі шын берілген христианмын. Бұл шындықты өзімізді қуғындауды қолға алған адамдарға жария етіп текке әуре болыппын, бұған тіпті туыстарымның өзі де сенбей қойды: туған жерде қалу үшін әдейі ойлап тапқан өтірігі деп ұқты, сөйтіп өз тілегіммен санаспай, еріксіз түрде алып кетті. Шешем — христиан еді, әкем де, — ол кісі өте парасатты адам-ды, — христиан болатын. Шынайы діни сенім маған анамның ақ сүтімен дарыған-ды, қатаң тәртіп бойынша тәрбиеленгем, тілімде де, жүріс-тұрысымда да, өз ойымша, маврлық үрдіске ұқсас ештеңе жоқ-ты. Осы ізгі қасиеттерім (әлгі ерекшеліктерімді ізгі қасиеттер деп бағалаймын) бойымда нық орныққан сайын, өзім де сүйкімді бола түстім, — шынымды айтсам, соншалықты сүйкімдімін бе, оны өзім де білмеймін; менің жан баласымен жуыспай оңаша тірлік кешуімде қапы жоқ-ты, алайда, шамасы, шектен тыс қатал жағдайда болмаған секілдімін, өйткені бір күні көршіміздің үлкен ұлы әрі тікелей мұрагері, жас кавальеро дон Гаспар Грегорьо орайын тауып мені көріп қалды. Оның маған қалай жолыққаны, біздің не жайында сөйлескеніміз, маған қалай ес-түссіз ғашық болғаны және менің де оны құлай сүйгенім жайында айтып жатудың реті жоқ, — әсіресе дәл қазір, мойнымдағы қатыгез тұзақ қашан қылғындырар екен деп зәре-құтым қалмай тұрған шақта, ол турасында әңгіме етудің мәні жоқ, сондықтан бірден дон Грегорьоның қуғындағы тауқыметімді бөлісуге тәуекел еткеніне ойысайын. Ол араб тілін керемет жақсы білетін, бұл оған басқа өңірлерден келе жатқан морискілер арасына сіңісіп кетуге мүмкіндік берді, немере ағаммен де, әпкеммен де жолда достасып алды, ал менің бұл екеуімен бірге келе жатқан себебім, аса бір парасатты әрі алды-артын аңдағыш адам болғандықтан әкем бізді қуғынға ұшыратқан алғашқы жарлықтан құлағдар болған бойда-ақ деревняны тастап, басқа мемлекеттерден бізге пана іздеуге аттанып кеткен болатын. Жалғыз тек маған ғана мәлім бір орынға қыруар інжу мен асыл тасты, сондай-ақ крусада мен алтын дублон түріндегі біраз ақшаны көміп тастаған еді. Әкем маған өзі қайтып оралғанға дейін, тіпті бұл екі аралықта бізді күшпен қуып тастайтын күн туғанның өзінде де, бұл қазынаға тиіспеуім керегін ескерткен. Мен оның әмірін орындадым, сөйтіп, әлгінде айтқанымдай, немере ағаммен және әпкеммен, сондай-ақ басқа да жақын-жуықтарыммен бірге Берберияға аттанып кеттім, онда барған соң Алжирді, — басқаша айтқанда, барып тұрған тозақты, — тұрғылықты орын етіп таңдадық. Алжирдің королі менің сұлулығым жайында құлақтаныпты; онымен қоса байлығым жайындағы қауесетті де естіп үлгеріпті, ал мұның маған, бір жағынан, пайдасы да тимей қалмады. Король мені шақыртып алды да, Испанияның қай жерінен екенімді, өзіммен бірге қанша ақша және қандай асыл тас пен алтын-күміс әкелгенімді сұрады. Мен оған туып-өскен селомды атадым, сосын ақша мен асыл тас, алтын-күмістің бәрін сонда көміп кеткенімізді айттым, өзім сонда аттана қалған жағдайда, оны қазып алудың еш қиынға соқпайтынын ескерттім. Бұлай деген себебім, сұлулығыма сұқтануын азайту үшін ашкөздігін әдейі қоздырғым келді. Сол арада оған менімен бірге бір жас жігіттің келгені, сымбаты мен сүйкіміне тіл жетпейтіні хабар етілді. Әңгіме дон Гаспар Грегорьо жайында болып жатқанын бірден түсіне қойдым, өйткені оның сұлулығына жан баласы теңдесе алмайтын. Дон Грегорьоға төнген қатер жайында ойлағанымда не істерімді білмей дал болдым: өйткені, бұл жабайы түріктерде әдемі бала немесе жас жігіт кез-келген әйелден, — тіпті ол айдай сұлу болса да мейлі, — артық бағаланады ғой. Король сол бойда-ақ оны көруге ынтығып, алып келуге әмір етті, ал менен әлгі жігіт жайында айтылған әңгіме рас па деп сұрады. Сол арада, құдіретті күш дем бергендей болды да, бәрі рас екенін, бірақ корольге серігімнің еркек емес, өзім секілді әйел екенін хабарлауды міндет санайтынымды айттым, сосын корольден серігіме әйел киімін кигізуіме рұқсат беруін өтіндім, сонда оның сұлулығы бар сәнімен көрініс беретінін, сонда ол мұның алдына онша қысылып-қымтырылмай еркін шығатынын мәлім еттім. Король Испанияға барып көмбедегі қазынаны қалай алып келуге болатыны жайында өзіммен кейінірек сөйлесетінін айтып, мені босатып қоя берді. Мен дон Гаспармен әңгімелесіп, әдемі еркек ретінде басына төніп тұрған қатер жайында ескертіп, мавр қызы етіп киіндірдім де, сол күні кешкісін оны корольге алып бардым, — король оны көріп дән риза болды, сосын кейін сұлтанға сыйға тарту үшін алып қалуға ұйғарым етті, бірақ гаремінде қалдырған жағдайда оның басына қатер басқа ешкімнен емес, корольдің өз тарапынан төнетіндіктен, оны әлдебір ақсүйек мавр әйелдерінің үйіне жайғастыруға, жақсы күтім жасап, бағып-қағуға бұйрық берді, оның бұл бұйрығы қолма-қол орындалды. Сол кезде екеуіміздің қандай күйде болғанымыз (дон Грегорьоны сүйемін, оның несін жасырайын) жайында айтып жатпаймын, мұны сүйген адамынан қол үзіп қалудың қандай ақирет екенін өз басынан өткергендер жақсы біледі. Сол арада король мені осы бригантинамен Испанияға жеткізіп тастауға әмір етті және қасыма тумысы таза екі түрікті қосып берді: бұлар екі теңізшіңізді өлтірген түріктер болатын. Сондай-ақ, менімен бірге мына діннен безген испан да аттанды (сол арада қыз әлгінде командор жұрттың бәрінен бұрын сөйлескен адамды нұсқады), — бұл адам жайында анық білетін нәрсем: оның құпия түрдегі христиан екендігі, Испанияда қалғысы келетіндігі, Берберияға қайтып оралуға мүлдем ықыласы жоқтығы. Команданың қалған бөлегі маврлар мен түріктерден құралған: олардың бәрі құр әншейін ескекші. Өзімізбен бірге ала шыққан христиан киімдерін киініп алған діннен безген екеуімізді Испанияның кез-келген бөлігінен түсіріп кету жөніндегі бұйрықты бұзған ашкөз де арсыз екі түріктің әуелі жағалауды шолғындап, олжа ала қайтуға ойлары кетті; бізді бірден жағаға түсіре салудан қорықты — бізге сенбестік білдіріп, жағалауға жақын маңда бригантина барын, егер жағалауды күзететін галералар болса, оны оп-оңай қолға түсіре алатынын өкімет орындарына айтып қояр деп ойлады. Кеше кешкісін алыстан сіздің айлақты көрдік, алайда ақыр соңында өзімізді аңдатып алдық, өйткені теңізде төрт галера бар деп ойламаған едік, ал қалған жайды өздеріңіз де білесіздер. Сонымен, әйелше киінген дон Грегорьо әйелдер арасында тұрып жатыр, оның кез-келген қас қағымда әшкере боп ажал табуы әбден мүмкін, мен болсам қолым бұғаулы, өмірмен қош айтысар сәтті тосып, дәлірек айтқанда, содан иманым ұшып, осы арада тұрмын, ал, шындығында, өмір сүруге деген ынтам да онша көп емес. Қасіретке толы, қаншалықты шыншыл болса, соншалықты қайғылы, хикаямның ақыр соңы осындай, сеньорлар. Сіздерден сұрайтыным біреу ғана: маған христианша өлуге мүмкіндік беріңіздер, — әлгінде айттым емес пе, халқым айыпты болған нәрседе менің ешқандай кінәм жоқ.
Осыны айтып ол үнсіз қалды, көзінен жас бұршақтады, сол жерде тұрғандар да соны көріп көзін сулап алды. Көңілі босап, жүрегін аяушылық сезімі баураған вице-король үн-түнсіз жақындап келді де, мавр қызының сүйкімді білегін шырмаған жіпті өз қолымен шешті.
Галераға вице-корольмен бірге көтерілген бір мосқал тауапшы осы уақыт аралығында, христиан мавр қызы өзінің таңғаларлық тағдыр-талайы жайында баяндап тұрған шақта, одан көз алмай тесірейе қараумен болған; анау әңгімесін аяқтаған бойда ол қыздың аяғына жығыла кетті де, аяғын қолымен құшақтап алған күйі еңкілдей жылаған дауыстан үзік-үзік боп шыққан үнмен былай деді:
— Уа, Ана Фелис, сорлы қызым-ай! Мен әкең Рикотемін ғой, сені іздеп келдім, өйткені сенсіз тұра алмаймын: менің жаным сенде, жарығым!
Бұл сөзді естіген Санчо көзін бақырайта ашып, басын көтерді (ал бұған дейін ол сәтсіз серуені жайында көңілсіз ой кешіп, басын төмен салып тұрған), сөйтіп тауапшыға қарап қалды да, оның дәп сол өзі губернатор қызметінен кеткен күні жолықтырған Рикоте екенін таныды, одан соң мавр қыздың шынымен соның қызы екеніне көз жеткізді, ал бұғаудан босаған қыз бұл кезде әкесін құшақтап егіле жылап жатқан, көзінің жасы әкесінің көз жасымен қосылып кеткен; ақыр соңында Рикоте командор мен вице-корольге қарап былай дедіі:
— Сеньорлар, бұл менің қызым, өкінішке қарай, болымсыз бақ-талайына есімі мүлдем қарама-қайшы. Есімі оның Ана Фелис, әулет есімі Рикоте болады, менің байлығыммен де, өзінің сұлулығымен де даңқы алысқа жайылған қыз. Отбасыма шет мемлекеттерден қолайлы орын мен баспана іздеп отанымды тастап шыққам, сөйтіп сондай жерді Германиядан тапқан соң, қызымды және осында жасырын көміп кеткен мол қазынамды алып қайту үшін тауап етушінің кейпінде бірнеше неміспен бірге мұнда қайтып оралғам. Қызымды таппадым, бірақ қазынамды тауып, қазір оны өзіммен бірге алып келе жатырмын, ал енді қазір оқиғалардың ғажайып түрде орайласуы арқасында, оған өздеріңіз де куәсіздер, ең асыл қазынамды, атап айтқанда, жанымдай жақсы көретін қызымды тауып тұрмын. Егерде айып-кінәміздің мардымсыздығы, сол сияқты өзімнің көз жасым мен қызымның көз жасы аяушылықты білмейтін әділ сотыңыздың тосқауылын бұзып өтіп, мейірім-қайырымыңызды оята алса, бізге соның шарапатын тигізсеңіздер етті, өйткені сіздерге қарсы ешқашан жамандық ойлаған емеспіз және әділетті түрде қуғынға ұшыраған қауымдастарымыздың арам пиғылына араласымыз жоқ.
Сол арада Санчо сөзге килікті:
— Рикотені жақсы білем және Ана Фелис шынымен өзінің қызы екеніне кепілдік бере алам, ал ол неге кетіп қалды, сосын неге қайтып келді, ой-ниеті қандай болды — бұл шырғалаңда ешқандай шатағым жоқ.
Бұл ғажайып оқиға сол араға жиылғандарды қайран қалдырды, ал командор мынадай байлам айтты:
— Көз жасыңызды көрген соң сертімді орындауға ықыласым болмай қалды: аспан алғыс берген жасыңызды жасай беріңіз, сүйкімді Ана Фелис, ал ана оспадарсыз оңбаған қылмыскерлер тиісті жазасын алады.
Соны айтып, теңізшілерін тырапай асырған екі түрікті дереу реяға асуға әмір берді, алайда вице-король бұл олардың ержүректігінен емес, есуастығынан болған іс екенін желеу етіп, үзілді-кесілді қарсылық білдірді. Командор вице-корольдің өтінішімен қиналмай-ақ келісті, өйткені кекті ізін суытпай қайтарғанда ғана айыз қанатыны белгілі. Бұдан соң дон Гаспар Грегорьоны қатерден қалай құтқаруға болатыны ойластырыла бастады; Рикоте оны құтқару жолына екі мыңнан астам дукат тұратын інжу мен басқа да асыл тас, алтын-күмісті ортаға салуға әзір екенін айтты. Алуан түрлі айла-амал ұсынылды, алайда ақыр соңында жоғарыда атап өтілген діннен безген испан ұсынған тәсіл ең тәуір деп танылды: ол Алжир жағалауының қай жеріне, қалай және қашан барып түсуге болатынын біледі екен, сондай-ақ дон Гаспар тұрып жатқан үйді де білетін боп шықты; сөйтіп Алжирге тіпті он екі ескектік болса да шағын, өңкей христиандардан іріктелген ескекшісі бар қайықпен баруға ұйғарым жасалды. Командор мен вице-король діннен безгенге сенім білдіруге, ескекші етіп оған христиандарды сеніп тапсыруға болатынына күдік келтірді, алайда Ана Фелис ол үшін өзі кепілдік ететінін айтты, ал Рикоте христиандар тұтқынға түскен жағдайда өтемақы төлеп босатып алуға уәде берді.
Осы жоспар жұрттың барлығы тарапынан қолдау тапқан соң вице-король галерадан кетіп қалды; дон Антоньо Морено мавр қызы мен әкесін үйіне шақырды; галерадан аттанар алдында вице-король дон Антоньодан оларға барынша қошемет көрсетуді өтінген еді: оларды айрықша қадірлеп қонақ ету үшін үйімде бар нәрсенің бәрін де беруге дайынмын, дегенді айтқан, — Ана Фелистің сұлулығы оны өзіне соншалықты тәнті етіп, көңілін керемет елжіреткен болатын.
LXІҮ тарау
Мұнда Дон Кихотты осы күнге шейін кездескен қайғы-қасіретінің бәрінен де ауыр бақытсыздыққа ұшыратқан шытырман оқиға жайында баяндалады.
Дон Антоньо Мореноның әйелі Ана Фелистің келгеніне сондай қатты қуанды, делінеді хикаяда. Ол қызды құшақ жая қарсы алды, өйткені Ана Фелис сұлулығымен де, сұңғылалығымен де (айта кетер нәрсе, жаратылыс мавр қызын ажардан да, ақылдан да кенде қылмаған-ды) оны бір көргеннен-ақ баурап алған болатын, ал кейін мавр қызын көруге ынтыққан қала жұртшылығы, құдды бір қоңырау қаңғырына жиылғандай, дон Антоньоның үйіне қарай тоқтаусыз ағыла бастады.
Дон Кихот дон Антоньоға дон Грегорьоны құтқару жоспары, өз ойынша, онша оңды көрінбейтінін мәлім етті: жоспардың оңтайлы еместігі өз алдына, керісінше, өте қауіпті екенін, ең дұрысы Берберияға өзін, бес қаруы сай, атқа салт мінген Дон Кихотты, жіберген жөн болатынын айтты, сонда дон Гайферос зайыбы Мелисендраны қалай құтқарып алса, мен де, сөз жоқ, маврлардың қандай қарсы әрекетіне қарамастан, дон Грегорьоға да тап солай бостандық әперер едім, деді.
— Бір нәрсені ұмытпаңызшы, тақсыр, — деп құлаққағыс етті бұған жауап ретінде Санчо, — сеньор дон Гайферос зайыбын құрлықта азат етіп, оны Францияға құрлық арқылы алып өтті емес пе, ал біз болсақ, тіпті дон Грегорьоны құтқарғанның өзінде де, оны Испанияға алып өте алмаймыз, өйткені бізге теңіз бөгет жасайды.
— Бұл дүниеде өлімнен басқа нәрсенің бәрінің де орнын толтыруға болады, — деді Дон Кихот келіспей. — Жағаға кеме келіп тоқтайды, одан соң тіпті күллі әлем кедергі келтірмекке ұмтылса да, бәрібір, біз сол кемеге отырмай қоймаймыз.
— Ауызбен орақ орғанға қандай шеберсіз, тақсыр, бәрін оп-оңай орайластырып қоясыз, — деді Санчо, — бірақ қара суды қанша шайқағанмен бетіне май шықпайтыны белгілі, — жоқ, маған жолдан тайғанның жоспары ұнайды: меніңше, ол адал да турашыл адам тәрізді.
Дон Антоньо егер діннен безген ештеңе тындыра алмаса, онда Берберияға аттануға Дон Кихотқа міндетті түрде өтініш білдіретіндерін мәлім етті.
Екі күннен соң діннен безген ержүрек командасы бар он екі ескекті жеңіл кемешікпен жөнеп те кетті; ал арада тағы екі күн өткенде галералар Левант жағалауларына қарай аттанды; сапарға шығар алдында командор вице-корольден дон Грегорьоға азаттық әперудің қалай жүзеге асқаны жайында, сол сияқты Ана Фелистің тағдыр-талайы қалай болғаны турасында өзін хабардар етуді өтінді, вице-король оған уәде берді.
Бір күні таңертең барлық сауыт-сайманын асынып алған Дон Кихот, — өйткені, ол киімім — сауыт-сайманым, жан тыныштығым — қанды шайқас, дегенді қайталап айтуды ұнататын, сондықтан сауыт-сайманынан қас қағым сәтке қол үзбейтін, — атына мініп, жағалау бойымен серуендеуге шыққан-ды, кенет қарсы алдынан тап өзі секілді басынан бақайшағына дейін қаруланған, оған қоса, қалқанына жарқыраған айдың суреті салынған бір рыцарьдың өзіне қарай беттеп келе жатқанын көрді; сөзі анық естілетіндей жерге жақындаған соң әлгі рыцарь дауысын қатайтып, Дон Кихотқа қарап былай деп тіл қатты:
— Даңқы жер жарған, бірақ лайықты бағаланбаған рыцарь Ламанчалық Дон Кихот! Мен — теңдесі жоқ қарекеті өзіңе бек жақсы мәлім болуға тиіс Аппақ Ай Рыцары дегеннің тап өзімін. Сенімен айқасқа түсіп, білегіңнің қуатын байқап көрмекпін; мақсатым: Дульсинея Тобосскаяңның менің ханымымның, ол кім болсын мейлі, тырнағына да татымайтынын саған мойындату және мақұлдату, егер сен мұны ашықтан ашық мойындасаң, онда өзіңді — өлімнен, мені — өзіңді өлтіруге қатысты әурешіліктен құтқаратын боласың. Ал егер менімен ұрысқа шықсаң және мен сені жеңсем, онда жеңген адам ретінде саған қояр талабым мынадай болады: қаруыңды тастайсың, шытырман оқиға іздеуден біржола тыйылып, бір жылдық мерзімге туған селоңа барып оңаша тірлік кешесің және семсерге жоламай, өміріңді бейбіт те мамыражай, берекелі тыныштықта өткізесің, өйткені дәулетіңді арттыру мен жаныңның жаһаннамнан амандығы өзіңнен соны талап етеді. Әгәрәки сен жеңсең, онда басымды кесіп алуға да еріктісің, сауыт-сайманым мен атыма ие боласың, атақ-даңқым өз даңқыңа үстеме боп қосылады. Сонымен, екінің бірін таңда және жауабын кідіртпе, себебі бұл істі тап қазір қолма-қол тәмамдамақпын.
Дон Кихот Аппақ Ай Рыцарының оспадарсыз сөзіне де, жекпе-жекке шақыру себебіне де айран-асыр боп, абдырап қалды, алайда, байсалды кейіпте, сырттай барынша сабырлы түрде, оған былай деп жауап қатты:
— Аппақ Ай Рыцары! Ерлік істеріңіз жайында осы күнге шейін ештеңе естімеген екем, оған қоса нұр жайнаған Дульсинея Тобосскаяны өмірі ешқашан көрмегеніңізге де ант ішуге бармын; егер оны көрсеңіз, жекпе-жекке шақырып әуре болмайтыныңызға кәміл сенімдімін, өйткені дидарына көзіңіз түскен бойда-ақ күллі әлемде Дульсинеямен теңдесе алатын сұлудың болмағанын да және болмайтынын да бірден түсіне қояр едіңіз. Сондықтан сізді өтірік айтып тұр демеймін, жаңылысып тұр деймін, ал енді жекпе-жекке келсек, атап көрсеткен шарттарыңызды мақұлдаймын және шақыруыңызды қабылдаймын, оған қоса, ертеңгі күнге қалдырмай тап қазір айқасқанымыз жөн деп білем. Келісе алмайтын бір ғана нәрсем — атақ-даңқыңыздың маған ауысатыны жайында айтқаныңыз, өйткені бұл нендей даңқ және қадір-қасиеті қандай — ол жағы маған беймәлім: жақсы болсын, жаман болсын өз даңқым өз басыма жетіп жатыр. Айқас алаңынан өзіңізге кез-келген орынды таңдап алыңыз, мен де таңдайын, сосын құдайдың салғанын көрерміз.
Аппақ Ай Рыцары қала тұрғындарының да назарына іліккен, сөйтіп олар рыцарь жайында, оның Ламанчалық Дон Кихотпен сөйлесіп жатқаны жөнінде вице-корольге хабарлап та үлгерген. Мұны дон Антоньо Морено немесе барселондық дворяндардың әлдебіреуі ойлап тапқан жаңа шытырман оқиға шығар деп жормалдаған вице-король дон Антоньомен және басқа да көптеген кавальеромен бірге жағалауға жетуге асықты, сөйтіп ол жерге Дон Кихот екпін алмаққа Росинанттың басын бұрып жатқан сәтке дөп келді. Салт аттылардың енді болмаса бір-біріне тұра ұмтылмағын көрген вице-король екеуінің арасына тұра қалды да, аяқ асты айқаса кетуге не себеп болғанын сұрады. Оған Аппақ Ай Рыцары жауап беріп, екеуінің арасындағы дау дүниедегі ең сұлу ханым кім дегеннен шыққанын хабарлады, сосын әлгінде Дон Кихотқа айтқандарын қысқаша түрде баяндап, жекпе-жектің екі жақ бірдей мақұлдаған шарттарын мәлім етті. Вице-король дон Антоньоның қасына жақындап, сыбырлай сөйлеп, Аппақ Ай Рыцары дегеннің кім екенін білетін-білмейтінін, Дон Кихотты мазақ етпек ниеті бар-жоғын сұрады. Дон Антоньо оған бұл рыцарьды білмейтінін, сондай-ақ Дон Кихотты жекпе-жекке ойнап әлде шындап шақырып тұрғанынан да хабарсыз екенін айтты. Дон Антоньоның жауабы абыржытып қойған вице-король сайысқа рұқсат етерін әлде тыйым саларын білмей екі ойлы боп қалды; қалай болған күнде де, мұның әншейін әзіл үшін өткізіліп жатқан жекпе-жек еместігін ол түсінген-ді, сондықтан атын тебініп, әрменірек барып тұрды да, былай деді:
— Сеньор кавальеролар! Ақыры қай-қайсыңыз үшін де қарсыластың пікірін құп алудан, болмаса өлім табудан басқа ешқандай жол жоқ екен, сеньор Дон Кихот өз айтқанынан қайтпай, сіз де, Аппақ Ай Рыцары мырза, өз ойыңыздан айнымай тұр екенсіздер, ендеше, бастай беріңіздер.
Сайысуға кеңшілік жасағаны үшін Аппақ Ай Рыцары вице-корольге тапқыр да ұтқыр сөзбен алғыс айтты; Дон Кихот та вице-корольге осындай жылы лебіз білдірді, содан соң өзін аспандағы құдіретті күштердің, сол сияқты Дульсинеяның қамқорлығына (қандай айқастың болсын алдындағы дағдылы әдетінше) бүтіндей табыстаған Дон Кихот шамалы екпін алды, өйткені қарсыласының қарқын алғанын байқаған-ды; бұдан кейін рыцарьлар керней дыбысын да, айқас басталғанын білдіретін басқа белгіні де күтпей-ақ, атының басын бір мезгілде бұрып алып, бір-біріне қарай көсілте шапты, бірақ Аппақ Ай Рыцарының сәйгүлігі алымдырақ боп шықты да, араларындағы қашықтықтың үштен екі бөлегін ә дегенше артта қалдырып үлгерді, сол арада Аппақ Ай Рыцары найза жұмсап жатпай-ақ (онысын ол, шамасы, әдейі жоғары көтеріп алса керек), Дон Кихотқа атының бар екпінімен қойып кеп кетті: Дон Кихот Росинантымен қоса жерге жалп ете түсті. Аппақ Ай Рыцары заматта оның жанынан табыла кетіп, бет бүркеуішіне найзасын төндірген күйі:
— Жеңілдіңіз, рыцарь, егер жекпе-жегіміздің шартын орындамасаңыз — өлесіз! — деді.
Оңбай құлағанның салдарынан тұла бойы түгел қан қақсап, есеңгіреп қалған Дон Кихот құдды бір жер астынан шыққандай қалжыраған құмығыңқы үнмен былай деді:
— Дульсинея Тобосская — әлемдегі ең әдемі әйел, ал мен дүниедегі ең бақытсыз рыцарьмын, бірақ менің дәрменсіздігім бұл ақиқатқа еш күмән келтірмеуге тиіс. Түйре найзаңмен, рыцарь, айыр мені өмірден, өйткені ар-намысымнан айырып та үлгердің.
— Жоқ, түйремеймін, — деп мәлім етті Аппақ Ай Рыцары, — сеньора Дульсинея Тобосская сұлулығының даңқы сол қалпында әлемді шарлап жүре берсін. Маған қадірменді Дон Кихоттың, айқас алдында шарттасқанымыздай, бір жыл бойы, қысқасы, өзім арнайы рұқсат еткенге дейін, өз ата қонысында болатыны да жетіп жатыр.
Вице-король де, дон Антоньо да, сол арада тұрған басқа адамдар да мұны өз құлағымен естіді, сондай-ақ олар Дон Кихоттың оған қайтарған жауабын да естіген: ал Дон Кихот болса, өзінен Дульсинеяның намысын қорлайтын еш нәрсе талап етілмеуі себепті және адал да ақ ниетті рыцарь болғандықтан, қалған шарттың бәрін орындауға дайын екенін мәлім еткен еді. Осы уағданы естігеннен кейін Аппақ Ай Рыцары атының басын бұрды да, вице-корольге бас иіп құрмет көрсеткен соң текіректей желіп қалаға қарай тартып кетті.
Вице-король дон Антоньоға оның соңынан еріп баруға, қайткен күнде де кім екенін біліп алуға тапсырма берді. Дон Кихотты бәрі жұмылып орнынан тұрғызды, бүркеуішін көтерген кезде бетін тер басып, құп-қу боп кеткені көзге шалынды. Ал Росинант жағдайының мүшкілдігі сонша, әлі де болса тырп ете алмай тырайып жатқан-ды. Қатты қайғырып, қапаланған Санчо не дерін де, не істерін де білмеді; көз алдында өтіп жатқан жайдың бәрі оған бейне бір көрген түстей, жын-жыбырдың араласуымен болған істей әсер берді. Санчоның көз алдында қожайыны жеңілгенін мойындады және тұтас бір жыл бойы қолына қару ұстамауға міндеттенді; Санчоға Дон Кихоттың ерен ерліктерінің даңқы божырап, Дон Кихоттың таяудағы уәделеріне байланысты қайта жандана бастаған үміт-арманы жел желпіген түтін секілді сейіліп бара жатқандай сезілді. Ол Росинанттың сүйегі сынған жоқ па екен деп қорықты, сондай-ақ қожасы ауыштықтан құлантаза арылып кетті ме деп те қауіптенді (ал, шындығында, бұл айтып жеткізгісіз қуаныш болмас па еді!). Ақыр соңында Дон Кихотты қалаға зембілмен әкетуге тура келді: зембіл мұнда қаладан вице-корольдің бұйрығы бойынша жеткізілген-ді; вице-король оның соңынан ілесті, өйткені Дон Кихотқа аяусыз зәбір көрсеткен Аппақ Ай Рыцары дегеннің кім екенін білуге ынтық боп қалған.
LXҮ тарау
Бұл тарауда Аппақ Ай Рыцары дегеннің кім екендігі хабарланады және дон Грегорьоны құтқару жайында, сондай-ақ басқа да оқиғалар жөнінде әңгімеленеді.
Дон Антоньо Морено Аппақ Ай Рыцарының артынан жүріп отырды, рыцарь қашан қаладағы көп мейманхананың біріне еніп қарасын батырғанша балалар да топырлап соңынан ерді, әділін айтқанда, соңына түсті. Рыцарьмен танысуды мұрат тұтқан дон Антоньо да мейманханаға кірді; рыцарьды малайы қарсы алып, сауыт-сайманын шешуге көмектеспек болды; рыцарь залға қарай өтті, бұл неғылған адам екенін білмекке құмартқан дон Антоньо да ілесе кірді. Кавальероның өзінен қалмай қойғанын көрген Аппақ Ай Рыцары оған былай деп тіл қатты:
— Байқауымша, сеньор, менің кім екенімді білуге келген секілдісіз, жасырып-жабатын дәнеңем жоқ, сондықтан, малайым сауыт-сайманымды шешіп жатқан кезде сізге бәрін бүкпесіз баяндап берейін. Біліп қойғаныңыз артық етпес, сеньор, мен бакалавр Самсон Карраско деген болам, Ламанчалық Дон Кихоттың селоласымын; оның ақылдан жаңылуы мен есі кемдігі барлық таныс-білісінің аяушылығын туғызып жүр, бұған әсіресе қатты алаң білдірушілер арасында мен де бармын. Оның сауығып кетуінің кепілі — жан тыныштығы, туған жерінде, өз шаңырағында мамыражай тұрмыс кешу деген тұжырымға келгендіктен, елге қайтуға оны қалай мәжбүр етудің амалын ойлап тапқам; сөйтіп, бұдан үш ай бұрын кезбе рыцарьдың киімін киіп және Айна Рыцары деген лақап атты жамылып, оны жолда кетіп бара жатқан жерінен жолықтырғам; онымен айқасқа түсуге және зәредей зиян келтірмей жеңуге ниеттенгем, сонымен бірге, жеңілген адам жеңгеннің ықтиярына бағынады деген шартпен айқаспақшы болғам, сөйтіп одан туған селосына қайтып оралуын және бір жыл бойы ешқайда аттап шықпауын талап етпекші ем (себебі, оны әу бастан-ақ жеңілген адамға санағам), осы уақыттың ішінде ол сауығып кетер деп ойлағам; алайда тағдыр басқаша ұйғарды, яғни мен жеңген жоқпын, ол жеңді — мені ерден аунатып тастады, соның салдарынан ойлаған ісім орындалмай қалды; ол әрмен қарай асты, ал мен, жеңіліс тапқан, масқара болған, аттан құлаудың салдарынан мәңгіріп қалған бейбақ, — айта кетерлігі, мұның нәтижесінде мерт болуым да мүмкін еді, — үйіме қайттым, әйтсе де оны қайтадан тауып алуға және жеңуге деген құштарлығым суыған жоқ, ақыры соны бүгін көз алдыңызда орындап та шықтым. Ол кезбе рыцарьлық қағидаларын қатаң сақтайтындықтан, берген сертінен айнымауды көздеп, талабымды бұлжытпай орындары анық. Міне, сеньор, бары осы ғана, бұған қосар басқа ештеңем жоқ; сізден өтінерім: мені ұстап бермеңіз, Дон Кихотқа кім екенімді айтып қойып жүрмеңіз, өйтсеңіз рыцарьлық қисынсыз сандыраққа қатысы жоқ нәрселер жайына келгенде кемел пікір айта алатын адамның ақыл-есін қайтару жөніндегі ізгі ниетім іске аспай қалады.
— Аһ, сеньор! — деп дауыстап жіберді дон Антоньо. — Дүниедегі ең күлкілі есалаңды ақылға келтірмек әрекетіңізбен күллі әлемге осынша зор қиянат жасағалы тұрғаныңызды бір құдайдың өзі кешірсін! Апырай, сеньор, Дон-Кихоттық есі бүтіндіктен келетін пайда оның есалаңдығы әкелетін рақат-қызықпен әсте шендесе алмайтынын түсінбейтін болғаныңыз ба? Дей тұрғанмен, сеньор бакалавр, мынадай ауыр сырқатқа шалдыққан адамның ақыл-есін қайта оралтуға, меніңше, қандай амал-айлаңыз да көмектесе алмайды. Әрине, бұлай деу жарамсыз-ақ нәрсе, бірақ өз басым Дон Кихоттың сол баяғы кеңкелес күйінде қала бергенін қалар едім, себебі ол сауығып кетсе, біз тек оның ғана емес, сонымен бірге атқосшысы Санчо Пансаның да күлкілі іс-әрекетінен мәңгілік көз жазамыз, ал, шынын айтқанда, бұл екеуінің қай-қайсысы болсын қандай қапалы жанды да көңілдендіре алады. Әйтсе де, бәрі ішімде қалады, Дон Кихотқа да ештеңе айтпаймын, — осынау күллі әурешілігіңізден, сеньор Карраско, ештеңе өнбейтіні жайындағы долбарым дұрыс боп шығар ма екен, соған көз жеткізу үшін ақырын күтем.
Карраско бұған жауап ретінде, ісінің оңғарылып келе жатқанына күмәні жоқтығын және ойдағыдай аяқталарына сенімді екенін айтты. Дон Антоньо қызмет көрсетуге қашан да әзір екенін мәлім етті, бұдан соң олар қош айтысты да, малайына сауыт-сайманын қашырға артуға әмір еткен Самсон Карраско одан әрі бір минуттей де кідірмей, Дон Кихотпен айқасқа мінген атына отырып, қаладан шығып кетті; сөйтіп, ол еліне келіп жетті, айта кетерлігі, жолда оған осынау мейлінше шыншыл хикая беттерінде атап өтуге тұрарлық ешқандай көлденең оқиға кезіккен жоқ. Каррасконың айтқандарын дон Антоньо вице-корольге түгін қалдырмай баяндап берді, вице-король бұл әңгімеге онша қуана қоймады, өйткені Дон Кихоттың әрекеттен тыйылуы есалаңдығы жайынан мәлімет алуға мүмкіндігі бар жандарды көп қызықтан құр қалдырады деп шамалайтын.
Әлсіреген, қамкөңіл, қапалы, қалың ойға шомған Дон Кихот алты күн бойы төсек тартып жатты, осы уақыттың ішінде өне бойы тек өзі жеңіліс тапқан жекпе-жек жайында ғана ой кешумен болды. Санчо оны қолынан келгенінше жұбатып бақты, сөйтіп, сөз арасында, оған былай деді:
— Налымаңыз, мархабатты мырзам! Көңілді болуға тырысып бағыңыз және аттан жығылғанда бір жеріңізді жарақаттап алмағаныңызға құдайға шүкіршілік етіңіз. Қай жерде асатса, сол жерде қақсататыны белгілі ғой, сол сияқты бүгін мырғамға батып жүрсең, ертең әркімге көзіңді сатып жүруің де мүмкін, ендеше емші дегендерге түкіргеніңіз бар ма, себебі сіздің сырқатыңызға ешқандай емші қажет емес, одан да үйге қайтайық, жат өлкелер мен бейтаныс жерлерден шытырман оқиға іздегенді доғарайық. Ойлап қарасақ, бұл істе мен көбірек зардап шегіппін, алайда, шындығына келгенде, сіз көбірек таяқ жедіңіз. Губернаторлығымнан кеткенде енді қайтып губернаторлық етпеспін дегем, есесіне граф болсам деген арманнан қол үзбегем, бірақ енді бұл арман орындалмайды, себебі сіз рыцарьлық саладан кетіп барасыз, демек, ешқашан король бола алмайсыз: ендеше, бұл менің де үмітімнің үзілгені емес пе.
— Қойсаңшы, Санчо! Қамағым мен қамашау тірлігім бір жылдан артыққа созылмайтынын өзің де жақсы білесің ғой, одан соң қадірменді кәсібіме қайта оралам да, қайтсем де бір корольдікті өзіме қаратып алам, ал сені граф атандырам.
— Сәтті күнде гөй-гөйле, сәтсіз күнде сөйлеме, — деп құлаққағыс етті Санчо. — Сондай-ақ, жаман бірдеңеге жармасқанша, жақсы бірдеңе жайында армандаған артық, деген сөзді де жиі еститінмін.
Осы әңгіменің үстіне дон Антоньо келіп кірді де, аса бір қуанышты жүзбен былай деп дауыстай сөйледі:
— Қуанышты хабар, сеньор Дон Кихот! Дон Грегорьо мен оны алып қайтуға кеткен әлгі діннен безген айлаққа келіп кірді! Айтпақшы, қайдағы айлақ, оларды қазір вице-король қабылдап жатыр, енді қазір менің үйіме келуге тиіс.
Дон Кихот көңілденіп қалды.
— Шынымды айтсам, — деді ол, — бұл сапар сәтсіз аяқталғанда мен оған қуанбасам қайғырмас едім, себебі ондай жағдайда Берберияға менің аттануыма тура келер еді, ал онда барған соң білегімнің қуатымен тек жалғыз дон Грегорьоны ғана емес, Берберияда тұтқында жүрген барша христианды тұтқыннан босатып алар ем... Бірақ, мен бейбақ не оттап отырмын? Жеңіліс тапқан мен емес пе ем? Жер құшып қалған мен емес пе ем? Жыл бойы қару ұстамауға мәжбүр етілген жоқпын ба? Ендеше, уәде беру менің не теңім? Енді маған семсер ұстағаннан гөрі таяқ ұстау көбірек үйлесетін болса, мақтанар нем қалды?
You have read 1 text from Kazakh literature.
Next - Айлакер Идальго Ламанчалық Дон Кихот Орыс Тілінен Аударған Құрманғазы Қараманұлы - II - 40