Latin Common Turkic

Айлакер Идальго Ламанчалық Дон Кихот Орыс Тілінен Аударған Құрманғазы Қараманұлы - II - 36

Total number of words is 4002
Total number of unique words is 2239
32.5 of words are in the 2000 most common words
46.9 of words are in the 5000 most common words
54.4 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
Дастарқан басында дон Хуан Дон Кихоттан сеньора Дульсинея Тобосскаядан не хабар барын сұрады: күйеуге шыққан жоқ па екен, босанған жоқ па екен, аяғы ауыр емес пе екен, ал егер сертіне берік күйде жүрген болса, онда сеньор Дон Кихоттың махаббат жайындағы қиял-арманын қарапайым да пәк-таза қаперінде сақтап қалды ма екен — соны білгісі келді. Оның бұл сауалына Дон Кихот былай деп жауап берді:
— Дульсинея сол пәк-таза күйінде, менің қиял-арманым бұрынғыдан да бекемірек, өзара қарым-қатынасымыз салиқалы, ал оның сүйкімді әлпеті шаруа әйелдің тұрпайы түр-пішініне ауыстырылып жіберілген.
Сөйтіп, сол арада ол сеньора Дульсинеяның қалай жадыланғаны жайында, Монтесинос үңгірінде қандай кепке тап болғаны жөнінде, сол сияқты Дульсинеяның жадысын қайтару үшін данагөй Мерлиннің не істеуге әмір еткені турасында, яғни Санчоның өзіне-өзі дүре салуға міндетті болғаны хақында тәптіштеп айтып берді. Дон Кихоттың бастан кешкен қызық-шыжықтары жайлы әңгімесін тыңдау екі кавальероны рақатқа батырды, оның қисынсыз сандырағымен қатар, соны балын тамыза баяндаған сөз саптау мәнеріне де ерекше тәнтілік білдірді. Бұлар оны ақыл-есі бүтін адам деп мойындауға бейіл боп та қалған, бірақ сол арада анау қайтадан аяқ асты лағып, ауа жайыла бастады, осыны көрген олар мұны дені сау адам ба әлде делқұлы ма, кімге баларын білмей әбігерленді.
Ал, тамағын ішіп алған Санчо шала бурыл мас қожайынды жайына қалдырып, көрші бөлмеге өтті де, былай деп мәлім етті:
— Олла-біллә, сеньорлар, өзіңізбен бірге әкелген мына кітап авторының менімен араздасқысы келіп жүргені кәміл. Жарайды, мені қомағай десе десін-ақ, бірақ әйтеуір ішкіш демесе болғаны.
— Дегенде қандай, ол сені ішкіш деп те атаған, — деді дон Херонимо, — ал мұны қандай сөзбен жеткізгені дәл қазір есімде жоқ, — әйтеуір ол өзің жайында көңілге келетін сөзді көп айтқан, оның үстіне, бәрі де қазір қарсы алдымдағы мейірбан Санчоның сиқынан көріп тұрғаныма, өз ойымша, мүлдем жанаспайтын жалған нәрсе.
— Шын сөзім, мейірімді мырзалар, — деді Санчо, — бұл хикаяда біз, Санчо мен Дон Кихот, байқауымша, Сид Ахмет Бен-инхали өз кітабында суреттеп берген деңгейде және өзіміз өмірде қандай болсақ сондай дәрежеде бейнеленбегенбіз ғой деймін: Сид Ахметте қожайыным ержүрек, парасатты, оған қоса махаббатта албырт адам түрінде көрсетіледі, ал мен болсам, әсте ішкіш те, мешкей де емес, аңқау әрі күлкілі адам кейпінде көрінем.
— Бұл сөзіңмен келісем, — деп мәлім етті дон Хуан. — Александр Македонскийдің Апеллестен басқа суретшінің бәріне өзін бейнелеуге тыйым салғаны секілді, мүмкіндік болса, тұңғыш ғұмырнамашысы Сид Ахметтен басқаның бәріне даңқты Дон Кихот жайында әлде бірдеңе жазуға шек қойған жөн болар еді.
— Мейлі, мені кім бейнелегісі келсе сол бейнелей берсін, — деп құлаққағыс етті Дон Кихот, — бірақ тек бұрмаламасын, өйткені өзіңді адым аттаған сайын қорласа, шыдамыңнан да айрылып қалатындайсың.
— Ондай қорлау сеньор Дон Кихот шыдамдылығының қалқанына соғылады да, күл-талқаны шығады, әйтпесе, дүниеде ол кек қайтара алмастай қорлық жоқ, — ал бұл қалқан, меніңше, айрықша ауқымды әрі берік болуға тиіс, — деді дон Хуан келісіңкіремей.
Түннің едәуір бөлегін олар осындай және осыған ұқсас әңгімемен өткізді, бірақ Дон Кихоттың кітапқа тағы бір мәрте көз жүгіртіп, осы тақырып төңірегінде әңгіме көйітуіне сондай құштар болған дон Хуанның жанкешті әрекетінен ештеңе өнбеді; Дон Кихот табандап тұрып алды: шын мәнінде оны оқып шықтым деп айтса да болатынын, кітаптың пәтуасыз да парықсыз екенін, оған қоса авторы, өзінің, Дон Кихоттың, оны қолына ұстағанын байқаусызда біліп қалып, оқыды екен деп ойлап, қуанып жүре ме деп қауіптенетінін, ал ұждансыз да ұсқынсыз нәрседен ой ауанын ғана емес, көз жанарын да аулақ ұстаған жөн болатынын айтып, басын алып қашты. Оған қай жаққа бағыт алғаны жайында сұрақ қойылды. Ол Сарагосаға бара жатқанын, сол қалада жыл сайын өткізілетін, сыйлық тағайындалған турнирге қатыспақ ойы барын білдірді. Дон Хуан мына жаңа кітапта Дон Кихоттың, дәлірек айтқанда, оның атын жамылған біреудің, шығыршық ілу ат сайысына — жұтаң жарақталған, девизі жадау, киім-кешегі одан да жүдеу, есесіне не қилы келеңсіздік кеңінен орын алған турнирге қатысқаны әңгімеленетінін хабарлады.
— Ондай жағдайда, — деп мәлім етті Дон Кихот, — Сарагосаның қарасын да көрмеймін, — сөйтіп, жаңадан пайда болған жалған әңгімешінің бетін аймандай қылам — ол бейнелеген Дон Кихоттың мен емес екенін жұрттың бәрі білетін болады.
— Мұныңыз тіптен тамаша болар еді, — деді дон Херонимо, — оның үстіне, Барселонада тағы бір осындай турнир өтпекші: сеньор Дон Кихот өз айбатын сол жерде де анық танытып бере алады.
— Тап солай істеймін де, — деп мәлім етті Дон Кихот. — Ал енді қазір, мырзалар, сіздерден рұқсат сұрағалы отырмын: демалатын уақытым болды. Сонымен бірге, мені нағыз шын берілген достарыңыз бен қызметшілеріңіз қатарына жазып та, қосып та қоюларыңызды сұраймын.
— Мені де, — деп қосарланды Санчо. — Мен де, бәлкім, бір әжетке жарап қалармын.
Осымен олар қош айтысты: Дон Кихот пен Санчо өз бөлмелеріне кетті, ал дон Хуан мен дон Херонимо болса, есі бүтіндік пен есі кемдіктің осынау қойыртпағына әлі де ұзақ уақыт таңырқанумен отырды, сөйтіп арагондық жазғыш сипаттаған біреулерді емес, нағыз Дон Кихот пен Санчоның өзін көргеніне олардың еш күмәні қалмады.
Ертеңіне Дон Кихот ертерек тұрды да, көрші бөлмені бөліп тұрған қабырғаны қағып, кеше кешкісін өзін қонақ еткен кавальеролармен қоштасты. Санчо қожайынға тиісті ақысын артығымен төлеп, бекетіндегі азық-түлік қорын тым асыра мақтамауға, ал, ең абзалы, бекетін сондай қормен жабдықтауға кеңес берді.
LX тарау
Дон Кихоттың Барселонаға бара жатқан жолда бастан кешкендері жайында.
Дон Кихот бекеттен таң ата аттанған, күн әжептәуір салқын болатын және кешке дейін осы қалыпта тұратындай көрінген; аттанар алдында қай жолдың Сарагосаға соқпай тікелей Барселонаға қарай тартатынын сұрап біліп алған, — әркім айтып жүргендей, өзін оңдырмай қаралаған жаңа шығармашының өтірігін осылайша тағы бір әшкерелемекші еді. Аттай алты күн бойы ол сипаттап беруге тұрарлық ешқандай ерекше оқиғаға кезіккен жоқ, ал жетінші күні кеште күре жолдан жырақтау жердегі емен тоғайының қалыңына келіп кірді, ал бұл қандай емен — әдеттегі емен бе әлде тығындық емен бе, дағдысынан жаңылған Сид Ахмет мұны дәл атап көрсетпейді.
Мырзасы мен малайы көліктерінен түсіп, ағаш түбіне жайғасты, сөйткен соң сол күні тамаққа тыңқия тойған Санчо бірден ұйқы қақпасына еніп кетті, ал қарнының ашқанынан гөрі қайғы-мұңнан мазасы қашқан Дон Кихот кірпігін іле алмады, сөйтіп ойша бір қиырдан екінші қиырға сырғумен болды. Біресе өзі Монтесинос үңгірінде жүргендей, біресе шаруа әйелге айналдырылған Дульсинея мәшіге қарғып мініп алғандай, біресе Дульсинеяның жадысын қалай қайтарудың шарты мен әдіс-тәсілін баяндап тұрған данагөй Мерлиннің дауысы құлағына шалынғандай көрінді. Атқосшысы Санчоның немқұрайдылығы мен безбүйректігі жынын келтірді, өйткені, Дон Кихоттың білуінше, ол өзіне бар-жоғы бес-ақ соққы дарытқан еді, ал бұл деген Санчо өзіне-өзі дарытуға тиіс қыруар соққының салыстыруға да тұрмайтын, татымсыз бөлегі болатын. Осы ой Дон Кихоттың зығырданын қайнатып, ашуын қоздырғаны соншалық, өзімен өзі былай деп сөйлесіп кетті:
“Гордий түйінін шауып түсіргенде Ұлы Александр: “Шапқан не, шешкен не — бәрібір”, депті және бұл оның күллі Азияның жеке-дара билеушісіне айналуына бөгет жасаған жоқ, ендеше, ықыласы бар-жоғына қарамай, Санчоға өзімнің дүре салуым да Дульсинея жадысын қайтаруда осындай оң нәтиже беруі ықтимал. Бұл шаруаның жалғыз ғана шарты — Санчоның үш мыңнан астам соққы алуында болып тұр, ендеше оған оны кім дарытады: өзі ме әлде басқа біреу ме, маған бәрібір емес пе? Ең бастысы, оның тиісті соққыны алғаны, ал оны қалай алады — онда менің шаруам шамалы”.
Осы мақсатпен Росинанттың жүгенін алып, шықпыртуға болатындай етіп шумақтап, Санчоның қасына келді де, оның иық бауын, дәлірек айтқанда, шароварын ұстап тұрған жалғыз алдыңғы ілгегін ағыта бастады. Алайда анау Дон Кихоттың қолы денесіне тиген бойда-ақ шошып оянды.
— Бұл не пәле? Маған тиісіп, мені шешіндіріп жатқан кім? — деп сұрады Санчо.
— Бұл — мен, — деп жауап қатты Дон Кихот. — Ағаттығыңды жөндеп, азабымды жеңілдету үшін келіп тұрмын, Санчо: сені шықпыртқалы, мойныңа алған міндетіңді жарым-жартылай болса да орындауыңа қол ұшын бергелі келдім. Дульсинеяның дымы бітіп барады, сен ешқандай шара қолданбайсың, өзім оған деген ғашықтықтан өлер болдым, сондықтан шалбарыңды өз еркіңмен шеше ғой, өйткені осынау жан адам жоқ оңаша жерде өзіңе санап тұрып екі мың соққы дарытуды ұйғардым.
— Жә, қоя тұрыңыз, — деді Санчо келіспей, — сабаңызға түсіңіз, тақсыр, әйтпесе, өтірік айтсам құдай бар, өзімді-өзім ұстай алмай қалуым мүмкін. Мойныма алған соққылар мәжбүрлеу арқылы емес, ерікті түрде іске асуға тиіс, ал қазір менің өзімді-өзім шықпыртуға ешқандай зауқым жоқ. Көңілім соққанда өзімді оқсатып тұрып сойып салам деп сізге уәде берем, соны қанағат тұтыңыз.
— Сен қарық қылмайсың, Санчо, — деп қарсылық білдірді Дон Кихот, — себебі тас бауырсың, шаруа адам болғаныңа қарамай, әрі нәуетексің.
Осыны айтып, Дон Кихот барын салып Санчоның шалбарын төмен түсіруге тырысты; ақыр соңында Санчо орнынан атып тұрды да, қожайынына тап беріп, онымен ұстаса кетті, сөйтті де, аяғынан шалып жіберіп жерге жалп еткізді; сосын оң аяғының тізесімен кеудесінен басып, қолдарын сығымдай қысып ұстап алды: Дон Кихоттың қыбыр етуге де, көкірек кере тыныс алуға да шамасы келмей қалды.
— Бұ неғылғаның, сатқын? — деп айқайлады Дон Кихот. — Қожайыныңа, туа бітті сеньорыңа қарсы шыққаның ба? Өзіңді асырап отырған адамға қол көтергенің бе?
— Корольдерді таққа отырғызатын да, тақтан құлататын да мен емес, — деп жауап қатты Санчо, — мен тек өз басымды қорғап жатырмын, себебі — өзіме өзім сеньормын. Тыныш жүруге және дүре соғу жайында миымды ашытпауға уәде беріңіз, тақсыр, сөйтсеңіз босатам, әйтпесе, —
Донья Санчаның қас дұшпаны,
Осы арада өлесің сен, опасыз.
Дон Кихот уәдесін берді және өзін-өзі дүрелеуді Санчоның ықтияры мен ықыласына салып, оған саусағының ұшын да тигізбеуге бар асыл ой-армандары атынан ант етті. Санчо тұрды да, әжептәуір жерге жырақтап кетті; сөйтіп, сол жердегі бір ағаштың түбіне жата қалып, көз шырымын алмақ болған шағында, кенет әлдекім басына жанасқандай көрінді; жоғары көтерген қолы адамның шәркей пен шұлық киген аяғын қармады. Санчоның иманы тас төбесіне шықты; ұшып тұрып басқа бір ағаштың түбіне барып жатты, бірақ, бұл жерде де тап сондай кепке кезікті. Жалма-жан Дон Кихотты көмекке шақырды. Дон Кихот келді, оның не боп қалды, неге бола сонша қорықтың, деген сұрағына Санчо мына арадағы ағаштың бәріне адамның аяғы ілінген деп жауап берді. Ағаштарды сипалап көрген Дон Кихот мұның не екенін бірден сезе қойып, Санчоға мынаны айтты:
— Ештеңеден қорықпа, көріп тұрмасаң да сезіп тұрған бұл аяқтарың осы ағаштарға асылған қанішерлер мен қарақшылардың аяғы: өкімет орындары оларды құрықтағанда әдетте осындай жерлерге жиырма-отызын бірден асып кетеді. Осыған қарап, Барселонаға да жақындап қалдық-ау деп тұрмын.
Дон Кихоттың жорамалы шынымен расқа шықты.
Таң қызарып атқан шақта жолаушылар жоғары қарай көз жіберіп, ағаштарға асылған қарақшылар денесінің тұс-тұстан самсап тұрғанын көрді. Бұл екі аралықта күннің жарығы молайып та қалған, алғашында өліктерден зәрезеп болған бұлар сол арада өздерін тұтқиылдан қоршап алған қырықтан астам тірі қарақшыны көргенде әлгіден әсте кем соқпайтын үрейден көздері атыздай болды; қарақшылар оларға каталон тілінде атаман келгенше орындарынан қыбыр етіп қозғалмауға әмір етті. Дон Кихот жаяу болатын, атының жүгені сыпырылып алынған еді, найзасы ағашқа сүйеулі тұрған, — қысқасын айтқанда, қорғансыз қалған-ды, сол себепті күш-қайратын оңтайлы сәт туғанша, қолайлы жағдай орайласқанша сақтай тұру мақсатында бұйрыққа сөзсіз бағынғанды жөн көрді.
Қарақшылар есектің жүгін тінтіп, қоржын мен шамадандағы заттарды тонап та үлгерген-ді, бірақ Санчоның бағына қарай, герцог тарту еткен ақша туған селосынан жорыққа аттанарда ала шыққан қаражатпен бірге белінде жасырулы жатқан. Әйтсе де, әлгі жауыздар тұла бойында тығулы бірдеңе бар-жоғына көз жеткізу үшін оны басынан аяғына дейін қармалап қарап шығудан да тайынбас еді, бірақ дәл осы кезде атаман да келіп жетті; бұл өзі жасы отыз төрттер шамасындағы, ортадан жоғарылау бойы бар, жауырыны қақпақтай, қабағы түксиген, қараторы адам еді. Астына дығал ат мініп, үстіне құрыш сауыт киген-ді, ал екі жақ бүйірінен төрт пистолет салбырап тұрған (мұндай пистолеттер ол жақта шақпақты деп аталады). Атқосшыларының, — кәсіптің мұндай түрін таңдағандарды, әдетте, осылай атайтын, — Санчо Пансаны тонағалы жатқанын көріп, оған тиіспеуге әмір етті, аналар айтқанын екі еткізген жоқ; ақшалы белдік өстіп аман қалған. Ағашқа сүйеулі тұрған найзаны, жерде жатқан қалқанды және сауыт-сайман асынған, құдды ауыр қайғысы бар адамдай ұнжырғасы түсіп, жабырқау кейіпте ойға шомған Дон Кихотты көрген атаман аң-таң боп тұрып қалды. Сосын қасына жақындап былай деп сөйлеп кетті:
— Торықпаңыз, туысқан: әлдебір қаныпезер Озириске емес, қатыгездігінен гөрі қайырымдылығы басым Роке Гинартқа тап болдыңыз.
— Атақ-даңқы төрт тарапқа кең жайылған айбынды Роке Гинарт, — деп жауап қатты Дон Кихот, — сенің қолыңа түскеніме емес, бейғамдығым салдарынан сарбаздарыңның өзімді қапыда басып қалғанына қапаланып тұрмын, өйткені өзім мүшесі боп табылатын кезбе рыцарьлық орденінің жарғысына сәйкес мен мәңгі сергек күйде болып, өзімді өзім қас қақпай күзетуге тиіс едім. Біліп қойғаның артық етпес, атақты Роке, егер сарбаздарың астымда атым, қолымда найзам мен қалқаным бар кезде тап бергенде оларға мені тізе бүктіру оңайға түспес еді, өйткені, мен — ерлік істерінің даңқы жер-жиһанға молынан мәшһүр Ламанчалық Дон Кихот болам.
Дон Кихотты ең әуелі есалаң, сосын барып ержүрек ретінде бағалау керегін Роке Гинарт бірден түсіне қойды, ол жайында бұрын естігенімен, қимыл-қарекетіне бейіл бермеген және ақылға сыйымсыз мұндай әумесерлік адам жүрегін баурап алады деген нәрсе ойына да келмеген. Бұл кездесуге ол өте қуанып қалды, өйткені осының арқасында алыстан, ұзынқұлақтан естігендерін жақыннан, өз көзімен көруіне мүмкіндік алған-ды; ал Дон Кихотқа ол мынадай лебіз білдірді:
— Айбынды рыцарь! Ренжімеңіз және бәлеге ұшырадым-ау деп те ойламаңыз: кім біледі, қисық-қыңыр таланыңыз, бәлкім, дәл осы ойқы-шойқыда түзеліп кетер, өйткені жарылқаушы иеміз әдеттен тыс, алабөтен, бұрын-соңды ешкім естімеген жолмен азғандарды күнәдан арылтып, жазғандарды байлыққа кенелтеді ғой.
Дон Кихоттың оған алғыс айтып үлгергені сол, арт жақтан бір үйір жылқы шауып келе жатқандай тұяқ дүңкілі естілді, ал шын мәнінде бұл жалғыз ғана салт атты болатын; ерде отырған жиырмалардағы жасөспірім үстіне алтын оқалы жасыл жібек камзол, шаровар мен шолақ шекпен, басына қауырсын үкі тағылған валлондық мәнердегі қалпақ, аяғына балауыздалған кішкене етік киіпті, алтын жалатқан семсер тағынып, қолына бәлекей мушкет ұстапты, беліне екі пистолет байлапты. Роке дабыр-дұбыр шыққан жаққа жалт қарап, осынау сүйкімді салт аттыдан көз аудара алмай қалды, ал салт атты болса, оған жақындап келіп, былай деп сөйлеп кетті:
— Мен саған, айбынды Роке, басыма түскен тақсіреттен арылтсын деп келгем жоқ, тауқыметімді аз да болса жеңілдетсін деп келдім. Аңырып қалғаныңа қарап, мені танымағаныңды көріп тұрмын, ендеше саған өзімнің кім екенімді айтайын: мен Клаудиа Херонимамын, Симон Фортенің қызымын, ол өзіңе өте жақын дос-жар, ал Клаукел Торрельясқа ымыраға келмейтін жау адам, сондай-ақ бұл Торрельяс сенің де дұшпаның екені белгілі, себебі ол саған қастық ойлайтындар тобынан. Сен, әрине, оның дон Висенте Торрельяс деген баласы барын, — әйтеуір осыдан екі сағаттай бұрын оның өмірде болғаны анық, — білетін шығарсың. Қасіретім жайындағы әңгімемді ұзартпау үшін, бұл адамның мені қандай бақытсыздыққа ұшыратқанын бірер ауыз сөзбен баяндап берейін. Біз екеуіміз кездескенбіз, ол маған ғашық екенін айтқан, мен оған сеніп қалғам, сөйтіп, әкемнен жасырын түрде оны ұнатқам; осы арада ескерте кеткеннің ерсілігі жоқ: он жерден салмақты да салиқалы, он жерден ибалы болғанымен, өзінің іңкәр тілегіне жетуге және оны іске асыруға қанша керек болса сонша уақыт таппайтын әйел баласын күллі әлемнен кезіктіре алмайсың. Ақыр соңында ол маған үйленуге уәде берді, мен де оның зайыбы болуға серт еттім, алайда құр сөзден әрі аспадық. Сөйтіп жүргенде, кеше оның өзіме берген антын ұмытып, басқа біреуге үйленейін деп жатқанын, бүгін таңертең олардың тойы болатынын естідім, бұл хабардан қаным басыма шапшыды, ақыл-есімнен айрылып қалдым; әкем бір жаққа сапарға шығып кеткендіктен, үстіме мына киімдерді киіп алдым да, атқа қамшыны басып, дон Висентені осы арадан бір мильдей жерден қуып жеттім, сосын шағым айтуға, оның ақталған сөзін тыңдауға уақыт жіберіп жатпай, мушкетпен, оған қоса мына екі пистолетпен атып-атып жібердім, сөйтіп, өз ойымша, оған кем дегенде екі оқты дарытып, қақпаны ашып тастадым — сол қақпа арқылы оның қанына боялған ар-намысым өзіме қайтып оралды. Жанында малайлары қалды, — оны қорғауға олардың дәті де, дәрмені де жетпеді. Ал мен — мен болсам, Францияға өтіп кетуіме көмектесуің үшін өзіңе қарай тарттым, онда туыстарым бар, соларды барып паналамақпын; бұған қоса, дон Висентенің қаптаған ағайыны қатыгездікпен кек қайтармасы үшін әкемді өз қамқорлығыңа алуыңды өтінем.
Айдай сұлу Клаудианың сымбатына, киімінің сәніне, сүйкіміне, сол сияқты бастан кешкен жайына таңырқанған Роке:
— Әңгіме былай, сеньора: дұшпаның дүние салды ма, жоқ па, әуелі соған көз жеткізейік, өз жағдайыңды сосын біржақты қылармыз, — деді.
Клаудианың әңгімесі мен Роке Гинарттың жауабын мұқият тыңдап алған Дон Кихот былай деді:
— Сеньораны қорғаймын деп ешкім әуре болмай-ақ қойсын, — мұны мен өз міндетіме алам. Атымды әкеліңдер, қару-жарағымды беріңдер, сосын мені осы арадан тосыңдар: әлгі рыцарьға барам да, өлі болғанына да, тірі болғанына да қарамай, мына сұлуға берген уәдесін орындауға мәжбүр етем.
— Оның тап осылай істейтініне күмән келтірмей-ақ қойыңыздар, — деді Санчо, — қожайынымның құдалықтағы жолы жеңіл: жақында ғана тап сондай бір қарағымды некеге тұруға көндірді: ол да уәдесінен танып, қалыңдығына опасыздық жасаған-ды, егер мырзамның қыр соңынан қалмай жүрген сиқыршылар жаңағының бет-әлпетін малайдың бет-әлпетіне ауыстырып жібермегенде, әлгі қыз қазір күйеуі бар әйел атанар еді.
Роке Гинартты мырзасы мен малайының мылжыңынан гөрі сүйкімді Клаудианың басындағы жай қатты алаңдатып тұрған, сондықтан олардың әңгімесін тыңдаған жоқ. Атқосшыларына есектің жүгінен тонап алғандарын Санчоға түгел қайтарып беруге және өткен түнде қонып шыққан орындарына баруға әмір еткен ол әлде жарақат алған, әлде жазым болған дон Висентені іздестіруге Клаудиамен бірге асығыс аттанып кетті. Олар Клаудиа жігітті жолықтырған жерге барды, алайда таяуда төгілген қанның ізінен басқа ештеңе таппады; әйтсе де жан-жағына қаранып, жотаның баурайымен баяу жылжып бара жатқан адамдарды көріп, бұлар дәуде болса әлде өлі, әлде тірі қожайындарын, — тірі болса емдеп жазып алмаққа, өлі болса жерлемекке, — әкетіп бара жатқан дон Висентенің малайлары шығар деген жорамал жасады (бұл жорамалдары шындыққа сай келетін); сөйткен соң жолаушыларымыз әлгілердің соңынан ат қойды, дон Висентенің малайлары жаймен жүргендіктен оларды қуып жету қиынға түскен жоқ. Малайлар дон Висентені қолына көтеріп алған-ды, ал анау жарақаты жан шыдатпай тұрғандықтан одан әрі қозғалар әуселесі болмай, өзін осы арада қалдыруды сұрап, осы арада жатып өлім тапқысы келетінін айтып, әлсіз, үздіккен үнмен жалбарынып жатыр еді.
Клаудиа мен Роке аттарынан түсе-түсе қалып, оның қасына жақындады; Рокенің келгені малайлардың үрейін ұшырды, ал Клаудиа болса, дон Висентенің түрін көріп шошып кетті; қамқор да қатулы жүзбен еңкейген қыз оны қолынан алып:
— Екеуара келіскеніміздей маған біржола бейіл бергеніңде, тағдыр-талайың басқаша болатын еді, — деді.
Жаралы кавальеро біржола дерлік жабылуға айналған кірпігін ашып, Клаудианы танып, былай деп сөйлеп кетті:
— Айдай сұлу әрі аңғал сеньора, мені өлтірген өзің екенін білем, алайда мұндай жазаға лайық емес ем, пиғыл-ниетімнен де, іс-әрекетімнен де оған желеу табылмайтын, өйткені сені қорлайтындай ештеңе жасағам жоқ және ондай ойым да болған емес.
— Бальвастро байдың қызы Леонорамен бүгін таңертең некеге тұрмақшы емес пе ең? — деп сұрады Клаудиа.
— Жоға, о не дегенің, — деп жауап қатты дон Висенте. — Ондай жалған хабардың құлағыңа шалынғаны, қызғаныштан маған ажал таптырғаның, сірә, тұрлаусыз тағдырымның қырсығы шығар, — солай бола тұрғанымен, өз қолыңда және құшағыңда жан тапсыруымды өзіме зор бақыт санаймын. Ал енді осыған көз жеткізгің келсе, қолымды қыс және, егер хош көрсең, менің зайыбым бол, — өзіме жәбір-жапа көрсеттің деген өкпе-ренішіңнің қарымтасын бұдан артық қайтара алман.
Клаудиа оның қолын қысты және осы сәт өзінің де жүрегі қысылып, дон Висентенің қанға боялған кеудесіне ес-түс жоқ құлап түсті, ал дон Висенте бұл кезде өлім аузында жатқан-ды. Рокенің көңілі алай-түлей боп, не істерді білмеді. Малайлар жалма-жан су әкеліп дон Висенте мен Клаудиаға бүрікті. Клаудиа есін жиды, бірақ дон Висенте қимылсыз қалды, өйткені демі үзіліп те кеткен болатын. Қадірменді жұбайының өмірмен қош айтысқанын білген Клаудианың аһ ұрған ащы дауысы айнала-маңды жаңғырықтырып, зар илеп жылаған үні сай-сүйекті сырқыратты; шашын жайып жіберіп, уыстап жұла бастады, бетін тырнауға кірісті, оның осынау орны толмас опынысы мен алабөтен азабын дүниедегі күллі қасіретті жаранның қай-қайсысы да бастан кешіп көрмеген шығар.
— Уа, қатыгез де ақылсыз әйел! — деп дауыс салды Клаудиа. — Қара ниетті пиғылыңды қалай ғана оп-оңай іске асырдың сен! Уа, қызғаныштың бой бермес бәлекеті! Жүрегінде пана таптырғандарды қалай тәлкек қыласың сен! Уа, зайыбым! Сен асыл қазынам едің, бірақ тағдыр іштарлық жасап, сені неке төсегіне емес, көрге апарып жатқызды!
Клаудиа қайғы-шерінің соншалықты назалы болғаны әрі ұзаққа созылғаны сондай, тіпті Рокенің көзіне де жас үйірілді, ал әдетте оның ешқандай жағдайда ешқашан көңілі босамайтын. Малайлар еңірей жылады, Клаудиа әлсін-әлі талып қала берді, сөйтіп, мына маңай жылап-сықтау мекендеген орынға, қайғы-қасірет тұрағына айналып кеткендей көрінді. Ақыр соңында Роке Гинарт дон Висентенің малайларына марқұмды сол араға жақын жердегі әкесінің деревнясына алып баруға және сонда жерлеуге әмір етті. Ал, Клаудиа Рокеге нағашы апайы әйел монастырьларының бірінде тәлімгер екенін, өзінің сол монастырьға барып, абзал да ажалсыз басқа күйеудің келуін күтіп, қалған өмірін ақыр соңына дейін сонда өткізуді ұйғарғанын айтты. Роке оның бұл ниетін қолдады, баратын жеріне дейін шығарып салуға ұсыныс білдірді, сондай-ақ қажет бола қалған жағдайда әкесін дон Висентенің ағайындарынан да, сол сияқты оған жамандық жасауға ойы кеткен басқа біреулерден де қорғауға уәде етті. Клаудиа шығарып салудан үзілді-кесілді бас тартты, өзіне қол ұшын беруге деген ықылас-пейілі үшін аса бір сыпайы сөзбен алғыс жаудырып, онымен көзінің жасын көл ғып төккен күйі қоштасты. Дон Висентенің малайлары мәйітті алып кетті, ал Роке жігіттеріне қайтып оралды. Клаудиа Херониманың махаббаты осылайша тәмам болды, бірақ қайғылы хикаясының іргетасы алған беттен айнымайтын, аяушылықты білмейтін қызғаныш қолымен тұрғызылса, бұған таңғалатын не бар?
Роке Гинарт атқосшыларын уағдаласқан жерден тапты; оған ілесіп барған Дон Кихот Росинанттың ерінде отырған қалпы әлгілерді жанға да, тәнге де бірдей қатерлі мынадай тірліктен бас тартуға үгіттеп бақты; алайда қарақшылардың басым көпшілігі дарақы да дөрекі гаскондықтар еді, сондықтан оларға Дон Кихот уағызының әсері шамалы болды. Роке келген бойда Санчо Пансадан өзінің, Роке Гинарттың, жігіттері есегінен сыпырып алған бағалы қазыналар мен асыл бұйымдардың түгел қайтарылып берілген-берілмегенін сұрады. Санчо қайтарылғанын, бірақ аса құнды, әрқайсысын бір-бір қалаға айырбастауға болатын үш шаршының жетпей тұрғанын айтты.
— Өй, әпенді, не шатып тұрсың өзің? — деп бір қарақшы сөзге килікті. — Шаршыларың менде, бірақ құны үш реалдан артпайды ғой бұлардың.
— Ол рас, — деді Дон Кихот, — алайда бұларды маған бір ханым тарту еткен, сол ханымды қатты құрметтейтіндіктен атқосшым аталмыш шаршыларды айрықша қымбат бағалайды.
Роке Гинарт шаршыларды Санчоға табан астында қайтаруға әмір етті, сосын жігіттерін қатарға тұрғызып, соңғы олжа бөлістен бергі уақытта өздері тонап алған киім-кешекті, асыл бұйымдарды, ақшаны, бір сөзбен айтқанда, қолға түсіргендерінің бәрін түгел ортаға тастауға бұйрық берді; содан соң қолма-қол бұлардың бағасын белгілеп, бөліске көнбейтін нәрсенің құнын ақшаға шағып, қарақшыларына теңдей ғып үлестірді: дистрибутивті құқ қағидаларынан бір табан ауытқымай, оған қылдай қиянат жасамай, барынша әділетті әрі дәл ғып бөлді. Қарақшылар қанағат тауып, көңілдері жайланып, лайықты сыйларын алғаннан кейін Роке Дон Кихотқа қарап:
— Қара қылды қақ жарған осындай әділдік болмаса, бұлар айтқанға көніп, айдауға жүрмейді, — деді.
Санчо тұрып:
¬— Жаңағы көргенімнен байқағаным: әділдік шіркіннің жақсылығы сондай, оны тіпті ұры-қарылармен арада да сақтауға болады екен, — дегенді айтты.
Мұны естіген атқосшылардың бірі Санчоны аркебуздың дүмімен қойып қалмаққа оқталды, өйтсе бас сүйегін опырып жіберетіні кәміл-ді, бірақ Роке Гинарт оны айқаймен тыйып тастады. Санчоның жүрегі зырқ ете түсті, сосын бұл жарандардың арасында ендігі әрі жұмған аузын ашпауға өзіне-өзі серт берді.
Тап осы кезде жол бойымен өтіп бара жатқандар мен кетіп бара жатқандарды бақылап, бастығына хабарлап тұру үшін қарауылға қойылған атқосшылардың бірнешеуі жүгіріп келіп, іштеріндегі әлдебіреу:
— Сеньор! Жақын маңайдан, Барселонаға баратын жолдан, көп адамның қарасы көрінді, — деді.
— Кімдер екенін байқай алмадың ба: бізді аңдып жүргендер ме әлде біз аңдып жүргендер ме? — деп сұрады Роке одан.
— Біз аңдып жүргендер, — деп жауап қатты атқосшы.
— Ендеше бәрің барыңдар, — деп бұйырды Роке, — мүмкін болғанынша тездетіп осында алып келіңдер және, байқаңдар, біреу-міреуі қашып кетіп жүрмесін.
Қарақшылар тұра жөнелді, ал Дон Кихот, Санчо мен Роке олардың кімдерді ертіп әкелерін күтіп отырды; сол арада Роке Дон Кихотқа қарап былай деді:
— Біздің мына тіршілігіміз, іс-әрекетіміз бен шытырман оқиғаларымыз сеньор Дон Кихотқа әдеттен тыс әрі аса қатерлі көрінуі мүмкін және бұл мені онша таңғалдырмайды, біздің өмір салтымыздан асқан мазасыз әрі тауқыметті тірлік жоқ екенін өзім де білем. Бұл іске әу баста мені кек алуға деген дегбірсіз құштарлық итермелеген еді, ал мұндай құштарлықтың ең момын адамның өзін өжет қып жіберетіні белгілі ғой: жаратылысымда мен қайырымды әрі ізгі ниетті адаммын, алайда, әлгінде айтқанымдай, өзіме көрсетілген жәбір үшін кек алуға деген ынтызарлықтың абзал қасиеттерімнен әлдеқайда басым шыққаны сондай, ақыл-парасатқа кереғар және қасақана түрде бұл құштарлығыма бар ынты-шынтыммен құлай беріліп кеттім, ал бір жаман ғадеттің соңынан екіншісі, бір күнәнің соңынан басқасы ілесе жүретіндіктен, кек алу мақсатындағы қарекеттерімнің ажыратып алғысыздай біте қайнасып кеткені сонша, қазір енді өзімнің ғана емес, өзгенің де күнәлары үшін кек қайтарып жүрмін. Әйтсе де, шырғалаңы мол шытырман өмір дағдарысында дебдіреп қалғаныммен, құдай хош көрсе, бұдан ақыры жол тауып шығып, бір тыныш түкпірден пана табармын деп үміт етем.
Рокенің игі мұратты әрі парасатты әңгімесін Дон Кихот таңырқана тыңдады, — бұрын ол тонаушылықпен, кісі өлтірушілікпен және қарақшылықпен айналысатындардың арасында орынды ой-пікірі бар адам болмайды деген түсінікте жүретін, осы себепті ол атаманға қарап былай деді:
— Сеньор Роке! Сырқатыңның сырын білу мен дәрігер белгілеген дәрілерді ішуге ықыласты болудың өзі-ақ сауыға бастағаныңның алғашқы нышаны: сіз, мейірімді мырзам, сырқатсыз, ауруыңызды білесіз, ендеше, баршамыздың дәрігеріміз боп табылатын аспанның, дәлірек айтқанда, жаратқан иеміздің сізге ауруыңыздан айықтыратын, — тез арада және кереметтің күшімен емес, біртіндеп айықтыратын, — дәрі-дәрмек белгілеп берері хақ. Сондай-ақ, санасыз күнәкардан гөрі саналы күнәкар тезірек түзеледі, ал сөйлеген сөзіңізден парасатты адам екеніңіз көрініп тұрғандықтан, сізге қалатыны тек жігеріңізді жасытпау және ар-ұжданыңыздың дерті жеңілдейтініне үміт ету ғана. Егер бұған барар жолды қысқартқыңыз келсе және арылу жолына мүмкіндігінше тезірек түскіңіз келсе, онда маған еріңіз: мен сізді кезбе рыцарь болуға үйретем, ал кезбе рыцарь соншалықты көп тауқымет пен тақсірет тартатындықтан, мұның бәрі оның тәубаға келуінің өтеміне жүріп, оны тұп-тура жұмаққа алып барады.
Дон Кихоттың кеңесін тыңдап алған Роке мырс етіп күлді де, әңгіме ауанын өзгертіп, Клаудиа Херониманың басындағы қайғылы жайды баяндап берді, бұл Санчоны қатты күйіндірді, өйткені қыздың сұлулығы, жүректілігі мен өжеттігі оған айрықша әсер еткен болатын.
Сол екі арада қарақшылар да кәсіптен оралып, қашырға салт мінген екі адамды, екі жаяу тауапшыны, әлдебір ханымдар отырған күйме мен күйменің аттылы-жаяу бес алты нөкерін және салт аттыларға қызмет етіп келе жатқан екі жалшыны айдап келді. Қарақшылар оларды айналдыра қоршап алды, Роке Гинарттың не айтатынын күтіп, жеңіліс тапқандардың да, жеңгендердің де ешқайсысы ләм деп тіл қатқан жоқ; атаман салт аттылардан кім екенін, қай жаққа бет алғанын және қанша ақшасы барын сұрады. Бұған салт аттылардың бірі былай деп жауап қатты:
You have read 1 text from Kazakh literature.
Next - Айлакер Идальго Ламанчалық Дон Кихот Орыс Тілінен Аударған Құрманғазы Қараманұлы - II - 37