Latin Common Turkic

Айлакер Идальго Ламанчалық Дон Кихот Орыс Тілінен Аударған Құрманғазы Қараманұлы - II - 41

Total number of words is 4009
Total number of unique words is 2292
33.8 of words are in the 2000 most common words
46.3 of words are in the 5000 most common words
53.3 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
Түн әжептәуір қараңғы еді; рас, ай туған болатын, алайда көзге шалынатындай жерде емес-ті: біліп қойған артық етпейді, кей-кейде Диана ханым антиподтарға серуен жасауға аттанады да, тауларды түнекте, алқаптарды тас қараңғыда қалдырады. Дон Кихот жаратылыспен жағаласа алмады, сөйтіп бірінші ұйқы оны бағындырды, есесіне екінші ұйқының оған дәрмені жетпеді; ал Санчоның жағдайы мүлдем басқа еді: онда екінші ұйқы дейтін атымен болмайтын, себебі таң атқанша тырп етпей ұйқтайтын, бұл, әрине, оның денсаулығы мықты және қамсыз-мұңсыз екенін айғақтайтын. Ал бұл кезде алуан ой Дон Кихоттың ұйқысын қашырып жіберген-ді, сөйтіп, Санчоны оятып алған ол былай деді:
— Бейқам мінезің мені қайран қалдырады, Санчо: сен құдды бір мәрмәрдан немесе мыстан сомдалғандайсың, өйткені ол да, бұл да қимылсыз әрі жансыз ғой. Мен ұйықтамаймын, ал сен қорылға басып жатасың, мен жылап отырам, ал сен ән саласың, мен ораза ұстап өзімді азапқа батырам, ал сен кекірігің азғанша тойып аласың — орныңнан қозғалуың да, тыныс алуың да қиындап кетеді. Мейірімді малай қожайын басындағы мехнатты бірге көтеруге тиіс, көз қылу үшін болса да, онымен бірге қайғыруға міндетті. Түн қандай тыныш екеніне, төңірек қалай құлазып тұрғанына көңіл аударшы, — мұның бәрі бізді ұйқы мен сергектікті кезектестіруге үндейді. Олай болса, тұрсаңшы, қане, былайырақ шықсаңшы, сосын адамды ардақтау, ризашылық білдіру және жүректілік сезіміне бөленіп, Дульсинеяның жадысын қайтаруға қажетті дүренің жалпы санынан үш жүз - төрт жүздейін өзіңе өзің салсаңшы. Бұ жолы саған тек өтініш білдіріп, жалынумен ғана шектелем, өзіңмен қайтадан қоян-қолтық айқасқа шығып жатпаймын, өйткені әл-қуатың бар екенін білдім. Ал, сен өзіңді-өзің шықпыртуды аяқтағаннан кейін, түннің қалған бөлегін біз ән салумен өткізетін боламыз: мен қол үзіп қалғандығым жайында шырқаймын, сен — адалдығың жөнінде шырқайсың, осылайша біз селомызға барғаннан кейін бастайтын бақташылық өмір салтының негізін қалаймыз.
— Сеньор! — деді Санчо келіспей. — Түн ортасында тұрып алып өз тәнімді өзім жансыздандыра бастайтындай мен монах емеспін, оның үстіне, менің ойымша, қамшы жегеннен кейін, тұла бойың қан қақсап тұрған шақта, ән салу мүмкін емес. Ұйқтап алайыншы, тақсыр, дүре жайындағы әңгімеңізді айтпаңызшы, әйтпесе тәнім түгіл, киімімнің түгіне де қол тигізбеймін деп ант етем.
— Өй, қатыбас! Өй, мейірімсіз атқосшы! Саған ас-су берген, бар жақсылықты басыңа үйіп-төккен және алдағы уақытта да үйіп-төгуге ниеттеніп жүрген мен емес пе едім! Менің арқамда губернатор болдың, менің арқамда граф лауазымына ие болам деп үміттенуге толық негізің бар және бұл үмітің бір жылдан әріге бармай орындалғалы тұр, өйткені post tenebras spero lusem48
— Мұны түсінбедім, — деді Санчо, — менің білетінім бір ғана нәрсе: ұйықтаған кезімде мен ештеңеден қорықпаймын, ештеңеден үміттенбеймін, қайғырмаймын да, қуанбаймын да. Ұйқыны ойлап тапқанның көсегесі көгерсін: өйткені, бұл — адамның бар пиғыл-ниетін бүркеп тастайтын плащ, аштықтан құтқаратын азық, шөлден құтқаратын сусын, ызғарды қайтаратын от, ыстықты тойтаратын ызғар, — тоқ етерін айтқанда, бұл не қаласаң соны сатып алуға болатын жалпыға ортақ алтын шақа, бұл король мен бақташыны, ашық ауыз бен ақылдыны теңгеретін таразы және оның тастары. Жұрттың айтуынша, ұйқының бір ғана жаман жері: өліммен ұқсастығы бар, себебі ұйқтап жатқан мен өліп жатқанның арасында бәлендей айырма жоқ.
— Бұрын сен ойыңды ешқашан дәл осылай әдемі өрнектеген емессің, Санчо, — деп құлаққағыс етті Дон Кихот, — өзің талай мәрте келтірген “Сынықтан өзгенің бәрі жұғады” деген мақалдың қаншалықты рас екеніне енді ғана көзім жеткендей болды.
— Ә, солай ма еді, алтыннан ардақты мырзам! — деп дауыстап жіберді Санчо. — Енді мен мақалды судай сапырмайтын болдым, — енді ол сіздің тіліңізден тоқтау жоқ төгілетін болды, мен жолда қалдым, — бар-жоғы тек сіздің мақалыңыз — орынды, ал менікі — орынсыз қолданылады, айырмашылығы осында ғана, ал, шынтуайтына келгенде, ол да, бұл да — мақал емес пе.
Осы әңгіменің үстінде аяқ астынан айнала-маңды түсініксіз дабыр-дұбыр мен әлденендей жағымсыз дыбыс дендеп кетті. Дон Кихот орнынан атып тұрып семсеріне жармасты, Санчо болса, жалмажан есегінің астына еніп, жан-жағын сауыт-сайманмен және ер-тұрманмен қалқалап алды: Дон Кихот қаншалықты қатты қобалжыса, анау соншалықты қатты қорыққан-ды. У-шу күшейе түсіп, үрейі ұшқан екеудің құлағына анығырақ естіле бастады, — шындығына келгенде, үрейі ұшқан екеу емес, біреу ғана еді, өйткені екіншісінің көзсіз батырлығы көпке мәлім ғой. Ал, істің мәнісі мынада болатын: дәл осы кезде бірнеше адам алты жүзден астам шошқаны жәрмеңкеге айдап бара жатқан, Дон Кихот пен Санчоны айран-асыр қалдырып, есеңгіретіп жіберген, міне, тап осы шошқалардың шыңғырған дауысы мен қорсылы еді. Орасан үлкен қорсылдақ үйір Дон Кихот пен Санчоға тап беріп, оның да, мұның да кім екеніне қарамастан, Санчоның қалқасын қиратып, Дон Кихоттың өзін ғана емес, ақыр соңында Росинантты да топырақ қаптырып, рыцарь мен атқосшыны қоғадай жапырып өте шықты. Осынау жексұрын мақұлықтардың тұтқиылдан және жедел тап беруі, сол сияқты олардың қорсылы, екеуінің есін шығарып, ер-тұрманды, сауыт-сайманды, сұр есекті, Росинантты, Санчо мен Дон Кихотты жерге сұлатып салды. Санчо орнынан тұрып, қожайынынан семсерін бере тұруын сұрады: осынау әдепсіз мырзалардың алтауын жарып тастағысы келетінін мәлім етті, ал өзін таптап өткен мақұлықтардың шошқа екендігіне оның қазір еш күмәні қалмаған-ды. Алайда, Дон Кихот оған мынаны айтты:
— Неғыласың бұларды, достым: бұл жәбір — менің күнәм үшін берілген жаза, өйткені жеңіліс тапқан кезбе рыцарьға аспанның тарттырар сазайы нақ осындай болады: оларға шибөрілер шабуыл жасайды, оларды ара талайды, шошқа таптайды.
— Ал, жеңілген кезбе рыцарьға қызмет ететін атқосшыларға аспанның берер жазасына келсек, — деп іліп әкетті Санчо, — бұл, шамасы, оларды шыбын шағатынынан, бит жейтінінен және аштық азапқа салатынынан көрініс табатын шығар. Егер біз, атқосшылар, рыцарьдың туған баласы немесе ет жақын туысы болсақ, онда оның күнәлары үшін бізді төртінші буынға, яғни шөберемізге шейін жазаласа да өкінбес едік, алайда Кихоттар мен Пансалар арасында қандай туыстық бар? Жә, болар, жайланып жатайық та, таң атқанша ұйқы қандырып алайық, қалғанын кейін көре жатармыз.
— Ұйқта, Санчо, — деді Дон Кихот, — сен ұйқы үшін жаралған жансың, ал мен сергектік үшін жаралған адам болғандықтан, таң жарқырап атқанға дейінгі қалған сағаттарда ойыма өріс беріп, оны өткен түнде саған білдірмей жатқа шығарып қойған шағын мадригалым арқылы жеткізбекпін.
— Меніңше, ән айту үшін көп ақыл керек емес секілді, — деп құлаққағыс етті Санчо. — Айта беріңіз әніңізді, тақсыр, қалағаныңызша, ал мен ұйқтағанымша ұйқтап алайын.
Бұдан соң жайлы орын тапқан Санчо бүктетіліп алды да, қарыздар мен кепілдіктер жайындағы мазасыз ойдан да, күйініш-наладан да құлан-таза тақуа адам тәрізді алаңсыз ұйқыға батты. Дон Кихот әлде шамшаттың, әлде тығындық еменнің діңіне сүйеніп отырған күйі (Сид Ахмет Бен-инхали оның дәл қандай ағаш екенін айтпайды) күрсінісінің сүйемелдеуімен былай деп әндете жөнелді:
Махаббаттан қатты күйзелген шағымда,
Ауыр ойдан қажып, ізгі тілекпен,
Аңсаймын өлімді шын жүректен,
Аттануға құштар боп қас қағымда.
Қабірге, бірақ, таяп келген кезімде, —
Азап теңізіндегі осы бір арман-айлаққа, —
Өлімнің тәттілігі сонша, тәуекелім қай жақта
Қалғанын білмейтін тап болам сезімге.
Осылайша өлім, өкінішті молайта,
Оралтады мені өлім сыйлайтын өмірге.
Жеңістік ала алмайтын өмір де, өлім де
Мағынасыз айқас жалғасады қайта.
Өлеңнің әр жолын айтқан сайын ол әлденеше мәрте ауыр-ауыр күрсініп, көзінің жасын көл ғып төгіп отырды, бұл оның жүрегін қасірет жайлағанын, жеңіліс табуы мен Дульсинеядан қол үзуі жайындағы ойдан тақсірет тартып жүргенін аңғартатын.
Бұл екі аралықта таң да атты, күн сәулесі Санчоның маңдайын күйдіре бастады да, ақыр соңында оятып алды, — анау керіліп-созылып, нәуетектеніп кеткен мүшелерін қимылға келтірді; сосын шошқалардың азық-түлік қорына тигізген зиянын анықтап, әуелі әулекі үйірді, сонан соң жоғарырақтағы әлдекімдерді жақсылап сыбап алды. Сөйтіп, ақыры Дон Кихот пен Санчо әрмен қарай қозғалды; күн кешкірте бастаған шақта олар қарсы алдарынан он салт атты мен бес жаяудың келе жатқанын көрді. Бұл адамдардың найзасы мен қалқаны барын және түрі мейлінше қатулы екенін көрген Дон Кихоттың жүрегі лүп-лүп соқты, ал Санчоның жүрегі зырқ ете қалды. Дон Кихот Санчоға былай деп үн қатты:
— Қару қолданатын мүмкіндігім болғанда, берген сертім қол байлау жасамағанда өзімізге қарай беттеп келе жатқан мына нөпірмен ұстаса кету мен үшін үлкен қуанышты оқиғаға айналар еді. Алайда біз, бәлкім, босқа қауіп етіп тұрған шығармыз.
Бұл екі аралықта салт аттылар жақындап та келді, найзаларын жоғары көтеріп, Дон Кихотты үн-түнсіз қоршап алды, сосын қарсыласса өлтіретіндерін айтып, кеудесі мен арқасына найзаның ұшын тіреді. Жаяулардың бірі тұтқындардың дыбыс шығармауы керегін мегзеп, саусағын ерніне басты да, Росинантты сулығынан алып, жолдан аулаққа қарай жетектей жөнелді, өңгелері сол баяғы ләм деп тіл қатпаған күйлері Росинантты жетектеген адамның соңынан Санчо отырған сұр есекті айдап кетті. Дон Кихот өзін қайда апара жатқандарын, бұларға не керегін білмекке бірнеше мәрте талпынған, бірақ аузын ашқан бойда-ақ найзаның ұшы оны қайтадан қарыстырып қоятын. Сондай кепті Санчо да бастан кешті: сөйлеуге ынта білдірген бойда-ақ жаяулардың бірі оны үшкір таяқпен түртіп қап тұрды, тек оның өзі ғана емес, бейне бір сөйлемек ойы бар деп айыпталғандай сұр есек те сондай түрткі көрумен болды. Қараңғылық қоюланды, аттылар да, жаяулар да мазасыздана бастады, тұтқындар болса одан әрмен тынышсызданып кетті, оның үстіне жасауылдар оларға оқтын-оқтын былай деп зіркілдеп келе жатқан-ды:
— Қашып кете алмайсыңдар, троглодиттер!
— Тіл қатушы болмаңдар, эфиоптар!
— Күңкілдемеңдер, антрофагтар!
— Ыңырсымаңдар, скифтер, бақырайып қарамаңдар, қанішер полифемдер, қанқұмар арыстандар!
Бұған олар бейшара Дон Кихот пен малайының жанын жаралайтын басқа да осы секілді атауларды қосақтаумен болған-ды.
Санчо өзімен-өзі былай деп сөйлесіп келе жатты:
“Біздер тұрғылықты иттер ме едік? Біздер әптиектер мен антұрғандар ма едік? Біздер пәлекеттер ме едік? Жоқ, бұл атаулар маған ұнамайды. Сендерді сорымызға тап қылды-ау біздің, соққандар-ай, енді қалғаны сол еді: құдай бір айналдырғанды шыр айналдырады, деген, басымызға тап болған бұл бәледен таяқ жеумен ғана құтылсақ етті”.
Дон Кихот мәңгіріп қалды; аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып жатқан бұл неғылған адамдар екенін түсінуге қанша ширықса да ақылы жетпеді, — әйтеуір мұндай жарандардан еш жақсылық күтуге болмайтынын, олардың тек айтып жеткізгісіз жаманшылық қана әкелетінін ұғынды. Ақыры, түнгі сағат бірге таман, олар қамал-сарайға келіп жетті, Дон Кихот оны бірден таныды, өйткені бұл Санчо екеуі өткен жолы қонақ болған герцогтың қамал-сарайы еді.
“Құдай-ау, бұл неғылған нәрсе өзі? — деп ойлады Дон Кихот қайда келіп тұрғанын аңғарған кезде. — Осы күнге шейін бұл үйдегілер маған тек жылы шырай мен ілтипат қана көрсеткен жоқ па еді; солай бола тұрса да, жеңіліс тапқандар үшін жақсылықтың бәрі — жарытымсызға, ал жарытымсыздың — болымсызға айналатыны белгілі жай ғой”.
Дон Кихот пен Санчо қамал-сарайдың қонақ қабылдайтын ауласына келіп кіріп, оның керемет көркем безендіріліп, жарақтандырылғанын байқады; келесі тараудан көруге болатынындай, бұдан олардың таңырқауы күшейіп, қорқынышы одан әрі ұлғая түскен еді.
LXІХ тарау
Осынау айтулы хикаяның ұзына бойында Дон Кихот бастан кешкен жайлардың ішіндегі айрықша сирек кездесетін және айрықша таңғаларлық оқиға жайында.
Салт аттылар атынан түсе-түсе қалды да, жаяулармен бірігіп Санчо мен Дон Кихотты әй-шай жоқ қолтықтап алып аулаға келіп кірді; ауланы жағалай орнатылған тұғырда жүзге жуық алау лапылдай жанып тұр еді, галереялардан бес жүзден астам білтелі шам жарық төгіп тұрған, осы себепті түн әжептәуір қараңғы болғанымен, оқиға күндіз өтіп жатқандай әсер беретін. Ауланың қақ ортасына, айта қаларлықтай енді қара барқыт балдахинның астына, биіктігі шамамен екі шынтақтай боп қалатын катафалк қойылыпты, катафалктың айналасындағы баспалдақтарда қатар түзген, ұзын саны жүзден астам күміс шырағданда ақ балауыз шырақ жанып тұр, ал катафалктан сүйкімділігі соншалық, тіпті әдемі әлпетіне өлімнің өзі өзгеріс енгізе алмаған сұлу қыздың мәйіті көрініс береді. Оның алуан түрлі хош иісті гүлдерден гүлтәж кигізілген басы қамқамен тысталған көпшікті жастанып жатыр, ал кеудесіне айқастырылған қолына сарғыш түсті пальма жеңіс бұтағын ұстатыпты. Әрменіректе тақтайдан тұғыр орнатылып, оған екі кресло қойылыпты, бұл креслоларда екі құрметті кісі отыр; олар басына тәж киіп, қолына скипетр ұстапты, осыған қарап бұларды әлде нағыз, әлде жалған патша деген тұжырым жасауға болатын. Бірнеше баспалдағы бар тұғырдың қос қанатында тағы екі кресло тұрған, тұтқындаушылар Дон Кихот пен Санчоны осы креслоларға әкеп отырғызды, айта кетерлігі, осы уақыт ішінде өздері жақ ашқан жоқ және тұтқындарға да жақ ашпауға белгі берді; шындығында, Дон Кихот пен Санчо олар белгі бермесе де үндемес еді, өйткені көз алдарындағы көріністен тілі байланып қалғандай болған-ды. Сол арада қыруар нөкері бар екі сыйлы адам тұғырға көтеріліп, патша кейпіндегі әлгі екеудің жанындағы айрықша сәнді креслоларға кеп жайғасты: бұлар өздерін қонақ еткен үй иелері герцог пен герцогиня екенін Дон Кихот бірден таныды. Сондай-ақ, оның катафалкте жатқан марқұм қыздың сүйкімді Альтисидора екенін танығанын да айтсақ, мұның бәріне қалайша қайран қалмауға болар? Герцог пен герцогиня тұғырға көтерілген бойда Дон Кихот пен Санчо орнынан тұрып оларға еңкейе бас иіп құрмет көрсетті, ал аналар жөндем жауап қатпады.
Осы кез бір малай пайда бола кетті де, Санчоның қасына жақындап, жалын тілі түріндегі қызыл жолақ жапсырмалары бар қара бомази мантияны иығына жапты, одан соң бөркін алып тастап, қасиетті инквизицияның кәріне ұшырағандар киетін бас киімге ұқсас қалпақты кигізді, сосын оған сыбырлап тіс жармауы керегін, айтқанды тыңдамаса аузына шүберек кептелетінін, жә болмаса тіпті мүрдем кететінін айтты. Санчо үсті-басына көз жүгіртіп, тұла бойын түгел жалын орап алғанын көрді, алайда еш жерінің отқа күйгендей ауырмайтынын сезді, бұл оның көңілін жұбатты. Сосын басындағы қалпақты алып қарады, онда шайтандардың суреті салынғанын байқап, қайтадан киіп алды да:
— Егер жалын күйдірмесе, шайтандар да мені бір жаққа алып кете қоймас, — деп күбірледі.
Дон Кихот Санчоға көз салды; бойындағы сезім атаулының бәрін үрей билеп-төстеп тұрғанына қарамастан, Санчоның түрі оның күлкісін келтірді. Осы арада, шамасы, катафалктың астынан болса керек, флейтаның жанды баурап алатын сызылған бәсең дыбысы шықты, бұған адам дауысы қосарланбағандықтан, — өйткені бұл жерде құлаққа ұрған танадай тыныштық орнаған-ды, — дыбыстар айрықша ұнамды да жағымды естілді. Бақиға аттанғандай көрінген қыздың бас жағынан кенет Рим тұрғынынша киінген бір сүйкімді жас жігіт пайда бола кетті де, таза да тартымды дауыспен, өзін-өзі арфамен сүйемелдеп, мына екі шумақты әндетті:
Дон Кихоттың құрбандығы болған қар —
Альтисидораға жан біткенше қайтадан,
Қайғыруды қойғанша сөйтіп ханымдар,
Жібек пенен камлоттан һәм қамқадан
Сәнді киім киінгенін дуэньялар
Көргенінше герцогиня болып таң,
Тағдырын қыздың жыр етем тағы да тағы,
Артық қып фракиялықтан бағзыдағы.
Парызымды бұл қайғылы да қасиетті,
Жер бетінде өтеп қана тынбаймын,
Стикс жылғасы көбік шашқан, қасіретті
Өлім патшалығында да, көркіндей айдың
Ажарыңды әсем, барша жұрт бас иетін,
Таңырқана таңдай қағып жырлаймын;
Бір сәтке баяулатар, ести сап бұл сарынды,
Бақилық өзені сонда ағысын арынды.
— Жетер! — деп дауыстап жіберді сол арада әлгі патшаны бейнелеп отырғандардың бірі. — Жетер, ғаламат жыршы! Жан тең келмес Альтисидораның өлімі мен көз тартатын көркі жайында бұлайша шетсіз де шексіз жырлай беруге болады, бірақ ол кей надандар ойлайтындай о дүниелік жан емес, тірі жан, — тірі болатын себебі, даңқы дүрілдеп тұр, тірі болатын себебі, осы арада отырған Санчо Панса оның қайта тірілуі жолында азап шегетін болады. Сонымен, өзіммен бірге Диттің жабырқау үңгірлерінде қазылық ететін, уа Радамант, бұл бикешті өмірге қайта оралту үшін не істеуіміз керектігі жөнінде тағдырдың болжап болмас ерік-қалауы арқасында өзімізге алдын-ала ескертілген нәрсенің бәрін де білетін серігім, қызға жан бітуі емексітіп тұрған қуанышқа мүмкін болғанынша тезірек кенелуіміз үшін осыны сен қазір қолма-қол айтып бер бізге, мәлім қыл бәрін.
Радаманттың серігі, Минос қазы осыны айтып ауыз жабуы мұң екен, Радамант орнынан тұрып, сөйлей жөнелді:
— Әй, сендер, осы үйдің малайлары, үлкенің бар, кішің бар, мосқалың бар, жасың бар! Тез мұнда келіңдер бәрің, сөйтіп Санчоны жиырма төрт рет тұмсықтан шертіңдер, он екі рет шымшыңдар және иығы мен белінен түйреуішпен алты рет түйреңдер, өйткені Альтисидораның аман қалуы осы жораға тікелей байланысты.
Бұл сөзді естіген Санчо өзін-өзі ұстай алмай, былай деп сөйлеп кетті:
— Құрып кетсін бәрі! Ау, мұрнымнан шертіп, бетімнен бүргенге көнгеннен түрікке айналғаным тәуір ғой менің! Неғылдейді!.. Мені бетімнен бүргенде бұл бикеш шынымен-ақ тіріліп кететіндей-ақ! Жуас түйе жүндеуге жақсы деген-ау: Дульсинеяны біреулер жадылап тастайды, — ал оның жадысын қайтару үшін алып кеп мені дүрелеу керек; құдай ауру жібергендіктен Альтисидора дүние салады, — ал оның қайта тірілуі үшін, көрдіңдер ме, мені мұрнымнан жиырма төрт рет шерту керек, денемді түйреуішпен шұрқ-тесік ету керек және иығымды көкала қойдай қып шымшу керек! Дәмелерінің зорын қара, мен әккі арланмын, қақпанға түскен жеріме қайтып бармаймын!
— Сен өлесің! — деп айқайлап жіберді Радамант. — Жуасы, жолбарыс, көндік, тәкаппар Немврод, төз және тіл қатпа: қолыңнан келмейтін нәрсені талап етіп тұрған жоқпыз сенен. Және бұл шаруаның қиындығы жайында жоқтан өзгені шатпа: сен бәрібір шертілесің, түйреуішпен шұрқ-тесік түйрелесің және шымшудан зар қағасың. Әй, малайлар! Бұйрығымды орындаңдар деп тұрмын ғой сендерге, әйтпесе, оллаһи, көкелеріңді көрістіріп берем!
Осы кез аулада алты дуэнья пайда болды; олар тізбектеліп бірінің соңынан бірі жүріп келе жатыр еді, сонымен бірге, төртеуі көзілдірік киіп, бәрі түгел қолын жоғары көтеріп алыпты, мода талабына сай, қол ұзындау көрінуі үшін жеңдері төрт елідей қысқартылыпты. Дуэньяларға көзі түскен бойда Санчо өгіздей өкіріп жіберді.
— Бетімнен бүкіл адамзат баласы келіп бүрсе де қарсы емеспін, — деп күңірене сөйледі ол, — бірақ тек дуэньялар жақындаушы болмасын — шыным сол! Осы қамал-сарайда қожайынымды тырнағандай, бетімді мысық тырнасын мейлі, тәнімді өткір қанжармен осқылаңдар мейлі, иығымды отқа қыздырылған қысқашпен жұлыңдар мейлі — мырзалардың көңілін табу үшін бәріне көнем, бірақ шайтан бір жаққа сүйреп алып кетсе де, дуэньялардың денеме жанасуына жол бермеймін.
Сол арада Дон Кихоттың да шыдамы таусылып, Санчоға қарап былай деді:
— Шыдамды бол, балам, сеньорлардың өтінішін орында және бойыңа азап шегу арқылы жадыланғандардың жадысын қайтаратын, қайтыс болғандарды қайта тірілтетін игі қуат дарытқан жаратқанға алғыс жаудыр.
Бұл екі арада дуэньялар Санчоға жақындап та келген-ді, мырзасының уәжіне уанып, райынан қайтқан Санчо креслоға жайғасып отырды да, алда келе жатқан дуэньяға бетін тосты, ал анау оны жақсылап тұрып бір шертті де, тізе бүгіп тәжім етті.
— Маған сыпайыгершілігіңіздің қажеті жоқ, сеньора дуэнья, сондай-ақ иіс майыңыздың да керегі шамалы, — деп салды Санчо, — құдай ақы, қолыңыздан хош иісті майдың иісі мүңкіп тұр.
Дуэньялар бірінен соң бірі келіп оны оңдырмай шертіп кетті, ал қалған қисапсыз құл-құтан шымшылап ит-әлегін шығарды, бірақ Санчоның шыдамын шынымен тауысқан нәрсе — түйреуішпен түйреу болды: креслодан атып тұрды да, сірә, зығырданы қайнап кетсе керек, қолына іліккен алаудың бірін ала сап дуэньялар мен дүйім жендетіне тұра ұмтылып, былай деп айқай салды:
— Аулақ, тозақтың жалдаптары! Мен тастан жаратылған жоқпын, мынадай жан түршігерлік азапқа шыдай алмаймын!
Осы сәт, шамасы, шалқасынан жата-жата әбден жалықса керек, Альтисидора бір бүйіріне аунап түсті, соны көрген қаумалаған қауым бәрі дерлік бір мезетте:
— Альтисидораға жан бітті! Альтисидора тірілді! — деп дауыстап жіберді.
Радамант Санчоға тынышталуға әмір етті, өйткені азап шегуге мәжбүр болғандағы мақсатың орындалды, деді.
Альтисидораның тіршілік нышанын байқатып жатқанын көрген Дон Кихот дереу Санчоның алдына тізерлей кетіп, былай деді:
— Беу, сен, қазір атқосшылықтан қалған, сөйтіп енді сүйікті ұлыма айналған, Санчо! Күткен күн туды, Дульсинеяның жадысын қайтару мақсатында мойныңа алған соққылардың жалпы саны есебінен өзіңе өзің бірнеше соққы дарытшы. Қайталап айтам: бойыңдағы дарулық қуат шырқау шегіне жетті, сондықтан өзіңнен үміт етіліп отырған ізгілікті істі ойдағыдай орындап шығатыныңа еш күмән жоқ.
Санчо бұған былай деп жауап қатты:
— Бірін бірыңғайлы қылсаң, екіншісі емініп тұрады, бұл неғылған сұмдық! Шерту, шымшу мен түйреу аз болғандай, енді қамшы жеуім керек, ә! Одан да бір нән тасты алыңыз да, мойныма байлап, құдыққа лақтырыңыз мені: біреудің қайғы-қасіреті үшін тауқымет тартқаннан өкініштірек бола қоймас бұл. Жайыма қалдырыңыз мені, әйтпесе, құдай ақы, мына жердің ойран-ботқасын шығарарым хақ!
Осы кез Альтисидора катафалкына тұрып отырды, сол бойда гобойлардың үні естіліп, оған флейталардың дыбысы мен сол араға жиылғандардың қуанышты айқайы қосылды:
— Альтисидора тірілді! Тірілді Альтисидора!
Герцог пен герцогиня орнынан тұрды, олармен бірге Минос пен Радамант патшалар да орнынан көтерілді, сөйтіп барлығы, араларында Дон Кихот пен Санчо да бар, жылы лебіз білдіру үшін және катафалктан түсуіне көмектесу үшін Альтисидораға қарай қозғалды. Альтисидора болса, тәлтіректеп шақ тұрғандай түр жасап, жоғары мәртебелілер мен ұлы мәртебелі ағзамдарға бас иіп тәжім етті, одан соң Дон Кихотқа көз тастап қойып, былай деп сөйлеп кетті:
— Қатыгездігіңе бола ана дүниеге барып қайтқаным үшін, ал онда мен мың жылдан артық болған секілдімін, сені бір құдайдың өзі кешірсін, сезімнен жұрдай рыцарь! Ал саған, аспан асты, жер үстінде ғұмыр кешіп жүрген атқосшылардың ішіндегі ең қайырымдысы, мені өмірге қайтарғаның үшін алғыс айтам. Бүгіннен бастап, достым Санчо, бес-алты көйлегім сенің иелігіңе беріледі, оны өзіңе шақтап қайта тігіп ал: рас, бәрі бірдей бүтін емес, бірақ есесіне бәрі таза.
Тізесіне шөккен, бас киімсіз Санчо Альтисидораны қолынан қайта-қайта өпті. Герцог атқосшыдағы қалпақты алып, бөркін қайтарып беруге, жалын атқан мантияны шешіп, күртесін кигізуге әмір етті. Санчо мантия мен митраны өзінде қалдыруын сұрап герцогқа жалына бастады: бұларды осынау ғажайып оқиғадан ескерткіш ретінде алып қалғысы келген. Герцогиня оған рұқсат етті: адал дос екенімді Санчо біледі, деді. Герцог бәріне ауланы босатып, бөлмелеріне тарауды бұйырды, ал Дон Кихот пен Санчоны сол бұрынғы өздері жатқан бөлмеге орналастырды.
LXХ тарау
Алпыс тоғызыншыдан кейін келетін және бұл хикаяны дұрыс түсінуге көмегі тиетін нәрселер жөнінде баяндайтын тарау.
Санчо Пансаға бұл түнді аласа кереуетте, Дон Кихотпен бір бөлмеде өткізуге тура келді, егер ерік өзінде болса бұл ахуалдан қуана-қуана басын алып қашар еді, өйткені мырзасының әңгімеге шақырып, ұйқы бермейтінін алдын-ала білген-ді, ал өзінің ұзақ-сонар әңгіме көйітуге зауқы жоқ-ты, себебі азапқа салудың сарқыны жанына батып, жақ ашқанды жақтыртпай тұрған, сондықтан екеуі орын тепкен мынадай сән-салтанаты келіскен кең бөлмеде емес, бұл түні жыртық лашықта, бірақ жалғыз жатып ұйқы соққанды хош көрген. Қорқынышы бекер болмады және бәрі өзі ойлағандай боп шықты, өйткені төсекке қисайған бойда-ақ мырзасы бұған дереу мынадай сұрақ қойды:
— Бүгінгі оқиғалар жайында қандай ойдасың, Санчо? Өзіңді сүйетін адамды менсінбеушілік дегеннің әсер әлеуеті ғаламат-ақ қой: Альтисидораның жебеден де, семсерден де немесе басқадай бір қарудан да, сеспей қатыратын удан да өлмегенін, менің тарапымнан дәйім жолықтырып отырған қатыбастық пен менсінбеушіліктің салдарынан дүниеден баз кешкенін өз көзіңмен көрдің ғой.
— Өй, мейлі, ол қашан және қалай көңілі соқса солай өле берсін, құдай алдынан жарылқасын, тек менің тынышымды алмаса болды, — деді Санчо наразылық білдіріп, — өйткені, ол өзімді ұнатса екен деп өңмеңдеген жоқпын және өмірі оған менсінбеушілік білдірген емеспін. Альтисидораның, епсекті болғанымен есерлеу бикештің, айығуы мен Санчо Пансаның азап шегуін ортақтастырып тұрған не нәрсе екенін білмейтінім және жүде ақылым жетпейтіні жайында өзіңізге айтқан да едім. Міне, тек қазір ғана дүниеде сиқыршылар мен арбаушылық айла-амалдар болады дегенге бүтіндей және біржола көзім жетті, тек жаратқан ием мені солардың бәле-жаласынан сақтай көрсін, әйтпесе олардан өз күшіммен құтылар шамам жоқ. Ұзын сөздің қысқасы, өзіңізден өтінерім, тақсыр: маған ұйқтауға мүмкіндік беріңізші және енді ештеңе жайында сұрамаңызшы, әйтпесе терезеден секіріп кетем.
— Ұйқта, достым Санчо, тек түйреуішпен түйреудің, шымшылау мен шерткілеудің ұйқыңа бөгеті болмаса, — деді Дон Кихот.
— Тұмсықтан шерткеннен асқан қорлық жоқ екен, — деп құлаққағыс етті Санчо, — соның ішінде, әсіресе, сені антұрған дуэньялардың шерткені жаман екен. Сізден тағы қайталап сұраймын, тақсыр: маған ұйқтауға бөгет жасамаңыз, өйткені ұйқы өңіңде көрген азабыңды азайтады.
— Солай-ақ болсын, — деді Дон Кихот. — Ықтиярың білсін.
Ақыр соңында екеуі де ұйқтады. Осынау айтулы хикаяның авторы Сид Ахмет жоғарыда сипатталған, аса бір айлакерлікпен жүзеге асырылған әрекетке баруға мархабатты мырзаларға не түрткі болғаны жайында оқырмандарға баяндап беруді енді ғана жөн көріп отыр. Сонымен, Сид Ахметтің айтуынша, Айна Рыцары бейнесінде келген кезінде Дон Кихоттан жеңіліс тауып, аттан ауып қалғанын бакалавр Самсон Карраско ұмыта қоймаған-ды. Бұл жеңілу мен жер қабу бүкіл жоспарын быт-шыт қылғандықтан, тәуір нәтижеге қол жеткізем бе деп үміттенген ол тағы бір мәрте тәуекел етуді ұйғарды; Санчоның әйеліне, Тереса Пансаға хат пен сыйлық әкелген малайдан Дон Кихоттың қайда жүргенін сұрап білген бакалавр осы мақсатпен жаңа сауыт-сайман мен ат тауып алды, қалқанына аппақ айдың суретін салды, сауыт-сайманын қашырға артып, өзіне серік етіп бұрынғы атқосшысы Том Сесьялды емес, Санчо да, Дон Кихот та танымайтын бір шаруаны ертті. Осы қамал-сарайға келіп жеткен соң бакалавр герцогтан Сарагосадағы турнирге бармаққа ниеттенген Дон Кихоттың қандай жол, қандай бағытпен кеткенін сұрап білді. Оған қоса, герцог оған Дульсинеяның жадысы Санчо құйрығының көмегі арқасында ғана қайтарылатыны жайындағы қисынды ойлап тауып, Дон Кихотты қалай әуре-мазақ еткендерін әңгімелеп берді. Ақыр соңында герцог бакалаврға Санчоның Дульсинея жадыланды, шаруа әйелге айналды деп қожайынын қалай қатырғаны жайында да, сол сияқты, зайыбының, герцогиняның, Санчоға оңбай алданып қалғанын, себебі Дульсинея шынымен жадыланғанын айтып, оны қалай сендіргені жөнінде де мәлім етті; бакалавр Санчоның айлакерлігі мен аңқаулығын, сондай-ақ Дон Кихот тарапынан байқалған шектен тыс есуастықты көз алдына елестетіп, мұның бәріне бір жағынан мәз-майрам боп күліп, бір жағынан айран-асыр боп таңырқанды. Герцог бакалаврдан егер Дон Кихотты кездестіре қалса, оны жеңе ме әлде жеңбей ме, бәрібір, қамал-сарайға қайта оралып, не болып, не қойғанын хабарлауын сұрады. Бакалавр солай етті де; ол Дон Кихотты іздеуге аттанды, бірақ оны Сарагосадан таппаған соң әрмен кетті, одан соң өзімізге мәлім оқиғалар орын алды. Бакалавр жолшыбай герцогқа соғып, оған бәрін баяндап берді, жекпе-жектің шарты қандай болғанын айтты, сосын нағыз кезбе рыцарь ретінде берген сертін орындау үшін Дон Кихоттың сол бойда үйіне қарай бет алғанын, үйіне барған соң ешқайда аттап баспай бір жыл бойы отыратынын, осы уақыттың ішінде, бакалаврдың ойынша, Дон Кихоттың ақыл-есі қайта оралуы әбден мүмкін екенін, тек осы мақсат үшін ғана ол, бакалавр, осылайша құбылуды хош көргенін, өйткені өзіне, Самсон Карраскоға, Дон Кихот сынды үлкен ақыл-парасат иесінің кеңкелеске айналғаны жанына қатты бататынын хабар етті. Осымен бакалавр герцогпен қош айтысты да, үйіне оралып, соңынан келе жатқан Дон Кихотты күтіп жата берді. Бакалаврдың әңгімесі герцог үшін жаңа бір қызық пен шыжыққа желеу болды, — Санчо мен Дон Кихотқа қатысты нәрсенің бәрінен күлкі іздеуге деген құлшынысы сондай еді оның: қайтарында Дон Кихот өтуі мүмкін-ау деген барлық тұсты, алыс-жақын жолдарды толып жатқан аттылы-жаяу малайына бақтырып қойды және оларға Дон Кихотты қолға түсірудің орайы келген жағдайда ерікті түрде болсын, еріксіз түрде болсын оны қамал-сарайға жеткізуге бұйрық берді; ал малайлары оны шын мәнінде ұстап алды және мұның хабарын герцогқа қолма-қол жеткізді, ал герцог болса бәрін алдын-ала ойластырып қойғандықтан Дон Кихоттың келіп жеткенін естіген бойда аулада алаулар мен білтелі шамдарды жағуға, Альтисидораны катафалкке жатқызуға әмір етті: ал, мұның жоғарыда сипатталған қосымша құрылғылары болғаны және асқан шеберлікпен, аудыртпай жасалғаны сонша, нағыз катафалктен айырмашылығы байқалмайтын. Сид Ахмет тағы мынаны айтады: қалжыңбастар да өздері қылжаққа айналдырған жандар іспетті есалаң ғой деп ойлаймын, өйткені герцог пен герцогиняның қос делқұлыны мазақ қылуға деген құлшынысы олардың ауыш екенін аңғартады, дейді. Ал бұл кезде ашық ауыздарымыздың бірі тұяқ серіппей ұйқтап жатқан-ды, ал екіншісі сергек болатын және басы не қилы бұлдыр ойға толы еді; таң атар шақта олар осындай ахуалда болды, ал таң жарқырап атқан кезде екеуі де төсегінен жедел атып тұрды, — айта кетерлігі, жеңіліс тапқанына немесе жеңімпаз атанғанына қарамастан, Дон Кихотты құс төсек рақаты мүлдем қызықтырмайтын.
You have read 1 text from Kazakh literature.
Next - Айлакер Идальго Ламанчалық Дон Кихот Орыс Тілінен Аударған Құрманғазы Қараманұлы - II - 42