Latin Common Turkic

Айлакер Идальго Ламанчалық Дон Кихот Орыс Тілінен Аударған Құрманғазы Қараманұлы - II - 26

Total number of words is 4020
Total number of unique words is 2276
32.4 of words are in the 2000 most common words
46.1 of words are in the 5000 most common words
52.9 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
Қызметіңнің маңызы қандай екеніне анық көз жеткіз, егер қоғамда алып отырған орның адамдарыңның ливрей киіп жүруіне мүмкіндік берсе, онда ливрейдің ашық түсті, сәнді болғанынан гөрі, оңды әрі төзімді болғанына қам жаса және бұларды малайларың мен кембағалдарыңа бөліп бер, яғни алты малайды киіндірудің орнына үш малай мен үш кембағалды киіндіргенің жөн, сонда сенің жерде де, аспанда да малайың болады: ливрей үлестірудің бұл жаңа әдісін түсінуге атаққұмар адамдардың ақылы жетпейді.
Сарымсақ та, пияз да жеме, өйткені бұлардың иісі қара табан шаруадан шыққаныңды білдіріп қояды.
Адымыңды жаймен ал, асықпай сөйле, бірақ өзіңді өзің тыңдап отырғандай тым баяулап қалма, өйткені тәлімсу жеркеніш туғызады.
Түскі асты шамалап іш, ал кешкі асты одан да шамала, себебі денеміздің саулығы асқазанымыздың көрігінде шыңдалады.
Қызыңқырап қалған адамның құпия да сақтамайтынын, уәдесін де орындамайтынын ескеріп, ішімдік ішкенде шектен шықпа.
Тағамды ұртыңды толтырып шайнаңдап жеме, Санчо, сондай-ақ, ол кім болса да мейлі, басқа бір адамның көзінше эрутирлеме.
— Эрутирлеме дегеннің не білдіретінін ұқпадым, — деп мәлім етті Санчо.
Дон Кихот оған түсіндірді:
— Эрутирлеме, Санчо, кекірме дегенді білдіреді, ал мұның өзі әжептәуір бейнелі сөз болғанымен, күллі испан тіліндегі ең анайы сөздердің бірінен саналады, осы жағдайға байланысты құлағы нәуетектеу адамдар латын тіліне жүгініп, “кекірді” деген сөзді эрутирледі деген сөзбен, “кекіру” дегенді эрутация деген сөзбен ауыстырған; ал жаңадан пайда болған сөздерді жұрттың көбі әлі түсінбейтіндігінен қорқудың қажеті жоқ, уақыт өте келе бұл сөздер қолданысымызға енеді де, баршаға бірдей ұғынықты боп кетеді: тіл — дәстүр билігі мен қара халық билігіне бағынады, осындай жолмен байи түседі.
— Шын сөзім, сеньор, — деді Санчо, — барлық айтқан ақыл-кеңесіңіздің ішінен анау әлгі кекірмеу жайындағысын есімде әсіресе жақсы сақтап қалуға тырысармын, себебі ондай жағдай менде жиі болып тұрады.
— “Кекірмеу” демесеңші, Санчо, эрутирлемеу десеңші, — деп түзетті оны Дон Кихот.
— Бүгіннен бастап эрутирлемеу деп айтатын болам, қам жемеңіз, ұмытпаймын, — деді Санчо.
— Сол сияқты, Санчо, сөз арасына не қилы мақалды қиыстыра беретін ғадетіңді қойғаның жөн, өйткені мақалдың өзі шағын ғана нақыл сөз болғанымен, сен оны көп ретте орынсыз қыстырасың, соның салдарынан сенің аузыңнан шыққанда олар әдемі нақыл сөзге емес, әншейін бір пақыр сөзге айналып кетеді.
— Бұдан мені тек жасағанның өзі ғана құтқара алады, — деп қарсылық білдірді Санчо, — себебі менің басымда кітаптағыдан да көп мақал бар, сөйлеп тұрған кезімде солардың бәрі түгел тілімнің ұшына келіп үйіріледі де, бірін-бірі кимелеп, бұрын ұшып шықпақ боп арпалысқа түседі, ал тілім болса орынды-орынсызына қарап жатпастан алғаш кездескен біреуін ытқыта салады. Енді мен, әрине, жеке басымның қадір-қасиетіне зардабы тимейтін мақалды келтіруге тырысам ғой, өйткені дәулетті үйдің дастарқаны да жылдам дайын болады, кішкентай тастан қауақтай бас жарылады, қоңырау соғып жатқанның өрт сөндіруге бармасы анық, сондай-ақ, есті адам есесін жібермейді.
— Жарайсың, Санчо! — деп Дон Кихот дауыстап жіберді. — Сөзіңе қосып өр мақалды, сөз арасында тізбектет мақалды, сөзіңді шырма мақалмен — тіліңді тұсап тұрған ешкім жоқ! Шешем сабаймын деп зәремді алып жатыр, мен болсам әлі зырылдауық ойнап отырмын! Мен саған мақалдан аулақ жүр дегенді айтам, ал сен болсаң қас қағым сәтте оның бір дорбасын бір-ақ лақ еткізесің және бұл мақалдарыңның әңгімеміздің тақырыбына сиырға ер салғандай жараспайтынына да қарап жатпайсың. Сен мынаны түсін, Санчо: орынды жерінде қолданылған мақалға ешқандай қарсылығым жоқ, бірақ қалай болса солай үйіп-төгіп, тізбектей берсең — сөзің мәнсіз боп шығады әрі ұзарып кетеді.
Атқа мінген кезіңде ердің артқы қасына қарай шалқалақтаушы болма, аяғыңды алшайта созып жіберме, аттың бүйіріне жақынырақ ұста, одан соң сұр жорғаңа мініп келе жатқан кезіңдегідей мықырайма, өйткені адамның ат үстінде қалай отырғанына қарап, оның атқұмар ақсүйек пе әлде қарапайым атшы ма — кім екенін бірден біле қоюға болады.
Ұйқыңды шекте: таңмен таласа тұрмаған адам ол күннің қызығынан құр алақан қалады; одан соң, Санчо, мынаны қаперіңе ал: сәттіліктің серігі — жинақылық боп табылады, ал оның қас дұшпаны — жалқаулық ізгі мұратқа жетуге қашан да кедергі келтірумен болады.
Қазір өзіңе айтқалы отырған соңғы ақылымның тәнді көркейтуге қатысы жоқ, әйтсе де оны қаперіңде қастерлеп сақтағаныңды қалар едім, өйткені мұның саған ілгеріде айтылғандардан кем пайдасы тимейді деп білем: сонымен, қандай да болсын бір әулеттің тектілігіне күдік келтіруші болма, қайткен күнде де, әйтеуір, бір әулетті екіншісімен салыстырма, себебі салыстырудың нәтижесінде бір әулет лажсыздан лажсыз екіншісінен тектілеу боп шығады да, өзің кемсіткен адам сені өлердей жек көріп кетеді, ал өзің айдынын асырған адам сені әсте жақсы көріп жарылқай қоймайды.
Тағы бір айтпағым: ұзын балақ шалбар, ұзын етекті камзол және одан да ұзындау плащ киюің керек; ал шаровар жайында ауыз ашпай-ақ та ғой, өйткені шароварлар рыцарьларға да, губернаторларға да жараспайды.
Өзіңмен әңгімелеспек болғанда ойыма оралғаны осылар ғана, Санчо. Кейін, жағдайға қарап, жаңа ақыл-кеңес берермін, ал сен шаруаң қалай жүріп жатқанынан мені хабардар етіп тұратын бол.
— Сеньор! — деп сөйлеп кетті Санчо. — Сіздің маған ізгілікті, қастерлі және қажетті нәрселерді үйретіп отырғаныңызды жақсы түсінем, алайда бәрі түгел тарс есімнен шығып кетсе, бұл айтқандарыңыздың маған пайдасы тие қояр ма екен? Әйтсе де, анау әлгі тырнақты өсірмеу және реті келіп жатса екінші рет үйлену жайындағыларды құлағыма құйып алдым, ал басқа қитұрқылар, айла-шарғылар мен қулық-сұмдықтар есімде қалған жоқ және олар жадымда өткен жылғы бұлт секілді ғана сақталмақ, сондықтан осының бәрін қағазға түсіріп, қолыма ұстатқаныңыз абзал болар еді: әрине, мен өзім оқи да, жаза да алмаймын, бірақ қағазды тәлімгеріме берер едім де, қажет бола қалған жағдайда ол бұларды қайталап есіме салып тұрар еді.
— Саған не деуге болады енді! — деп дауыстап жіберді Дон Кихот. — Губернатордың оқи да, жаза да алмайтыны қандай жаман! Айтып қойғаным артық етпес, Санчо, егер біреу қара танымайтын болса немесе солақай болса, бұл екінің бірін: не оның өте қарапайым немесе тіпті мүлдем жұпыны шаңырақтан шыққан адам екенін, не өз басының мұндарлығы мен милаулығы сонша, ізгілікті өнеге де, ізгілікті ілім де қонбаған адам екенін білдіреді. Бұл сенің үлкен кемшілігің; құрығанда, әулет есіміңді жазып қол қоя білгеніңді қалар едім.
— Қолымды қоюды білем ғой, — деді Санчо. — Селомызда старшина болған кезімде жүк теңдерінде таңбаланатындай әріптерді жазып үйренгем, жұрт маған өз әулет есіміңді жаздың, деген. Одан соң оң қолым жансызданып қалғандай түр жасап, біреу-міреуге өзім үшін қол қоя салуға қашан да әмір ете алам ғой: бұл дүниеде өлімнен басқа нәрсенің бәрінің де орнын толтыруға болады, ал анда мен өзім би, өзім қожа емеспін бе, ендеше, менің сөзім — заң. Әкесі алькальд адам сотқа да ақ жарқын көңілмен барады, деген сөз тегін айтылмаса керек. Ал, мен болсам әлдеқандай бір алькальд емес, ауыз толтырып айтарлық губернатормын ғой, — ойнап көрсін менімен. Қане, тиісіп көр маған: мүйіз сұраймын деп жүріп құлақтан айрылғың келмесе, ал жаратқан біреуді жарылқайын десе оны теңіздің түбінен де іздеп тауып алады және сосын: аузы қисық болса да бай баласы сөйлесін, деген бар, губернатор атануым себепті мен де бай болам, оған қоса жомарт губернатор болмақпын, ендеше кемшіліктерім де көлеңкеде қалады. Иә, біз де бірдеңе білеміз, “ақшаң қанша болса, қадірің де сонша” деуші еді әжем, сондықтан: қалталымен алыспа, босқа қансорпа боласың.
— Өй, сен құры, Санчо, құрып кет! — деп дауыстап жіберді сол арада Дон Кихот. — Алты мың шайтан алып кетпейді екен сені, мақалдарыңмен қосып! Бір сағат бойы ағыл-тегіл ақтарып жатырсың — мен үшін бұл жанымды ақырын азаптаумен бірдей болды. Айтпады деме, күндердің күнінде осы мақалдарың сені дар ағашына да алып барады. Осы мақалдарыңның қырсығынан вассалдарың сені тақтан да құлатады — шыдамы таусылып, шатақ шығарады. Айтшы, сауатсыз, сен бұларды қайдан аласың осы және оны қалай қолданасың, миғұла? Өйткені, ең болмаса бір мақалды еске түсіріп, оны орынды қолдану — мен үшін қияметтің қияметі.
— Олла-біллә, қожайын, түкке арзымас нәрсеге бола бұлқан-талқан боп отырсыз. Сол да сөз бе екен! Өз байлығымның пайдасын көргенімді қызғанасыз ба? Ал мендегі бар байлық пен дүние-мүлік осы мақалдар ғой. Міне, қазірдің өзінде бірнешеуі тілімнің ұшында тұр және әңгімемізге сай келетіні сонша, құдды арнайы өлшем бойынша жасалғандай-ақ, бірақ бұларды сізге айтып жатпаймын: “Ізгі ниетпен үндемесең, атанасың Санчо сен”.
Дон Кихот бұған былайша қарсылық білдірді:
— Сен — Санчосың, бірақ ана Санчо емессің: ізгі ниетті үндемес еместігің өз алдына, парықсыз мылжың, парықсыз қиқарсың. Әйтсе де, әлгінде өзі сұранып тұр дегендеріңнің қандай мақал екенін білуге сондай құмартып қалдым: ал өзім қаперімді қопарыстырып көргеніммен, лайықты ештеңе таппай қойдым, ал менің қаперім әжептәуір екенін білесің ғой.
— Бұлардан артық орынды мақалды табу да қиын болар, — деді Санчо: — “Абайла-байқа, ақыл тістің астына саусағыңды салма”, сосын тағы: “Саған біреу: қане, аман-сау тұрғаныңда жөніңді тап және әйеліме де бір ауыз тіл қатпа, десе, — аузыңа төрт елі қақпақ қой”, деген бар; одан соң: “Жер тепкілегеннен тас жарылмайды”, — бұлардың бәрі осы араға өзі сұранып тұрған жоқ па? Губернатормен немесе басқа да бастықтармен ешқашан байланыспа, әйтпесе ақыл тістің астына саусағыңды салғандай шыңғыратын боласың, — жалпы алғанда, ақыл тіске салу шарт емес, әңгіме — азу тісте. Сосын, құдды біреу саған: “Қане, аман-сау тұрғаныңда жөніңді тап және әйеліме де бір ауыз тіл қатпа!” деген кездегідей, губернатор не айтса да оған қарсы келуге болмайды. Ал, енді жер мен тас жайына келсек, бұл енді соқырға таяқ ұстатқандай нәрсе ғой. Әңгіме қайда, жұрт өзі туралы: “Жығылып жатып сүрінгенге күліпті” демес үшін, біреудің басындағы шоқты көре қоятындар, әуелі өзінің басындағы отты көріп алғаны абзал емес пе, оған қоса, тақсыр, біреудің үйінде отырған ақылдыдан гөрі өз үйінде отырған ақымақтың ойы ұшқырлау болатыны да сізге бек жақсы белгілі ғой.
— Жоға, оныңа келіспеймін, Санчо, — деді Дон Кихот, — өз үйінде де, басқаның үйінде де ақымақтың басына ақылды ой кірмейді, себебі: кещеліктің іргетасына келісті ғимарат тұрғыза алмайсың. Жә, бұл әңгімені осымен доғаралық, Санчо: дұрыс басқармайтын болсаң — жауабын өзің бересің, масқарасы менде қалады. Дегенмен, қолымнан келгеннің бәрін жасағанымды, сені терең мағыналы және мейлінше парасатты ақыл-кеңестермен қамтамасыз еткенімді көңіліме медеу тұтам: парызым мен уәдемді орындап шықтым. Құдай өзі жар болғай саған, Санчо, билік жүргізген жеріңде ол сені өз билігінде ұстап тұрғай және менің алаңға толы көңілімді тыныш таптырғай, өйткені күндердің күнінде аралыңмен бірге аяғың аспаннан келіп жүрмей ме деген ойдан ала көңіл боп алдым ғой әбден, ал, шынтуайтына келгенде, герцогқа сенің кім екеніңді айтып берсем, етженді, тұлғалы түріңе қарамастан сенің бар-жоғы мақал-мәтел мен айла-шарғы толы қапшықтан басқа ештеңе емес екеніңді түсіндірсем, мұның алдын алуыма да болар еді.
— Сеньор! — деп қарсылық білдірді Санчо. — Мені губернаторлыққа лайық емес деп ойласаңыз, онда бұл лауазымнан тап осы отырған жерімде, қолма-қол бас тартайын, себебі жанымның қара тырнақтай бөлегінің өзін бүкіл тәнімнен қымбат санаймын: әншейін ғана Санчо боп қала берейін, нан мен пияз жеп-ақ қуырылған құр мен семіртілген қораз жейтін губернатордан кем тірлік кешпеспін, олай дейтінім: ұйқыға батқан кезде бәріміз бірдейміз ғой — бастық та, бағынышты да, бай да, кедей де. Егер сіз, тақсыр, бұл төңіректе ой кешіп көрсеңіз, мені губернаторлыққа итермелеген мына өзіңіз екенін еске түсірер едіңіз, өйткені шошқаның апельсин жайындағы түсінігі қандай болса, губернаторлықтар мен аралдар жайындағы менің түсінігім де сондай, ал егер мені губернатор болуымның қырсығынан шайтанның шырмауына ілігіп кетеді деп ойласаңыз, онда губернатор ретінде тамұққа аттанғанша, қарапайым Санчо ретінде пейішке барғаным жөн деп білем.
— Құдай ақы, Санчо, — деді Дон Кихот, — мына соңғы лебізің үшін сені бір емес, мың аралдың губернаторы етіп тағайындауға болады-ақ. Сенің жүрегің мейірімге толы, ал мұнсыз ешқандай тағылымның көкірекке қонбайтыны мәлім. Өзіңді құдайға тапсыр және әу баста қабылдаған шешіміңнен ауытқымауға тырыс: айтайын дегенім, бұлжытпай орындайтын қағидаң, нақтылы бағыт-бағдарың болуы керек, ол — қандай істе де көздеген мақсатқа жету; ал жаратқан иеміз ізгі ниеттен жәрдемін қашан да аямайды. Енді барып түстік ішейік, қожайындар бізді күтіп те қалған шығар.
XLІY тарау
Санчо Пансаның билікке қалай ие болғаны жайында және герцогтың қамал-сарайында Дон Кихот тап болған таңғаларлық шытырман оқиға жөнінде.
Жұрттың айтуынша, хикаяның түп нұсқасымен салыстырып қарағанда, тәржімашы бұл тарауды Сид Ахметтің жазғанындай етіп аудармаған көрінеді, ал мавр болса оны Дон Кихоттың бастан кешкендері секілді жақсы атақ әпермейтін әрі тар шеңбердегі тақырыпты қайдан ғана таңдап алғанына өзіне өзі шағымданғандай түрде жазыпты, өйткені өне бойы тек Дон Кихот пен Санчо жайында ғана айта беруге мәжбүр болатынын, шегіністер жасау және маңыздырақ әрі қызықтырақ әр-алуан басқа эпизодтар енгізу мүмкіндігінен айрылғанын сөз етіпті; бұған қоса, мавр ой-қиялдың, қол мен қаламның тек жалғыз осы тақырыпты сипаттауға бағытталуын қас қақпай қадағалап отыру және саусақпен санарлық басты кейіпкерлердің атынан сөйлеу — айта қаларлықтай ауыр жұмыс екенін, нәтижесі автордың еңбегін ақтамайтынын, осы себепті алғашқы бөлімде, бір қарағанда, хикая желісінен шеттеу тұратын “Пәруайсыз әуестік жайындағы хикаят” және “Тұтқын капитан жайындағы хикаят” тәрізді бірнеше хикаятты сыналап енгізу тәсіліне жүгінгенін, ал оған кірген өзге хикаяттар Дон Кихоттың басынан өткен жағдайлар екенін, осы себепті суреттелуге тиіс болғанын құлаққағыс етеді. Одан әрі мавр: өз ойынша, Дон Кихоттың ерлік істеріне еліккен оқырманның көпшілігі даралық сипаты бар хикаяттарға жете көңіл бөлгісі келмейді: асығыс, тіпті кейістікпен көз жүгіртіп өтеді де, бұлардың қаншалықты көркем де шебер жазылғанын байқамай қалады, ал бұл хикаяттар Дон Кихоттың делқұлы әрекеті мен Санчоның сандырақ сөзінен іргесін басы бүтін аулақ салып, өз алдына бөлек жарық көргенде аталмыш қасиеттері барынша айқын көзге ұрып тұратын болады, дегенді айтады — осы себептен де, ол, автор, дара және жалғамалы хикаяттардың орнына екінші бөлімге тек оқиғалардың, өз ойынша, табиғи даму барысынан туындайтын бірнеше эпизодты ғана енгізуге ұйғарым жасапты, тіпті солардың өзін мейлінше ықшам, қысқа да нұсқа түрде баяндағанды жөн көріпті; міне, енді күллі әлемді сипаттап беруге шеберлігі де, қабілеті де, ақыл-ойы да әбден жететіндігіне қарамастан, өзін-өзі хикаяның тар шеңберіне қамап, шектеп тастаған ол өз еңбегіне қорсына қарамауды және өз атына мақтау айтыла қалса жазып отырған нәрсесі үшін емес, көп нәрсені жазбай тастап кеткені үшін айтуды сұрайды.
Осы арада автор өз тақырыбына қайта ойысады да, тап сол Санчоға кеңес берген күні түскі астан кейін Дон Кихоттың кейінірек біреу-міреу Санчоға оқып беруі үшін аталмыш ақыл-кеңестерін қағазға түсірумен айналысқанын хабарлайды; алайда бұл қағазды Санчо сол бойда жоғалтып алды да, ол герцогтың қолына түсті, ал герцог оны герцогиняға оқып берді, сөйтіп екеуі Дон Кихоттың есалаңдығы мен ақыл-ойының тереңдігіне тағы да қайран болысты; одан соң әурешіліктерін әрмен жалғастырған олар сол күні кеште қасына көп нөкер қосып беріп Санчоны арал атын жамылған қалашыққа аттандырып жіберді. Санчоны қызмет орнына бастап баратын адам герцогтың үй басқарушысы боп шықты, бұл өзі өткір тілді әрі ойын-күлкіні ұнататын жан еді (айта кетерлігі, өткір сөз бен қалжыңсыз ойын-күлкінің болмайтыны белгілі), әлгі графиня Үшфальдиді жоғарыда суреттелгендей сүйкімді бейнелеген де сол-тұғын; міне, осындай қасиеттерге ие болғандықтан, оған қоса Санчоның алдында өзін қалай ұстауы керектігі жөнінде қожайындарынан тиісті нұсқау алғандықтан бұл міндетін де ол мүлтіксіз атқарды. Алайда, үй басқарушыны алғаш көрген сәтте Санчо оның бет әлпеті Үшфальдиге ұқсас екенін аңғарып қалған-ды, сол себепті мырзасына қарап:
— Сеньор! Герцогтың үй басқарушысының, әне тұрған адамның, бет-әлпеті Құсаванадан аумайды-ау аумайды, егер олай емес десеңіз тап осы қазір тозақ отына топ ете түсуге дайынмын, — деді.
Дон Кихот үй басқарушының жүзіне қадала қарап біраз тұрды да:
— Саған тозақ отына осы қазір де, кейін де (мұны неге айтып тұрғаныңды түсінбедім) топ етудің қажеті жоқ, Санчо: үй басқарушының бет әлпеті Құсаванадан аумайтыны рас, бірақ бұдан үй басқарушыны сол Құсавананың тап өзі екен дейтін ой тумауға тиіс, өйткені ондай жағдайда бұдан үлкен қарама-қайшылық туындар еді, ал қазір мұндай зерттеулер жүргізетін уақыт емес, өйтсек бұл бізді шығар жолы жоқ шытырманға кіргізіп жіберері хақ. Сөзіме сен, достым, өзімізді жауыз сиқыршылар мен жауыз көз байлаушылардан құтқаруын сұрап құдайға құлдық ұрып жалбарынуымыз керек, — дегенді айтты.
— Мен ойнап тұрған жоқпын, сеньор, — деп қарсылық білдірді Санчо, — әлгі әзірде оның біреумен сөйлесіп тұрғанын естіп, оны Үшфальди екен деп қала жаздадым. Жарайды, бұл жайында енді ештеңе айтпай-ақ қоям, бірақ өзім өте сақ болам, тағы қандай ұқсастықтары байқалар екен, соны аңдимын, бәлкім бұл ұқсастықтары күдігімді күшейте түсер, бәлкім, керісінше, сейілтіп те жіберер.
— Солай ет, Санчо, — деді Дон Кихот, — және осы тұрғыда байқастағандарыңды, сондай-ақ губернаторлығыңа қатысты жайлардың да бәрін маған хабарлап тұр.
Сөйтіп, ақыры Санчо жолға шықты; қыруар нөкер оны айнала қоршап алған-ды; үстіне лауазымды сот қызметшісінің костюмін киген болатын, кең пішілген сырт киімі қызғылт-сары жолағы бар камлоттан еді, ал басында дәл сондай матадан тігілген телпек бар-тын; ол өзі қашырға шірене жайғасқан-ды, ал қашырдың соңынан, герцогтың айрықша нұсқауына сәйкес, сұр жорғасы еріп келе жатқан: ол жаңа жібек әбзелмен және есек атағына лайық әшекейлермен жабдықталған болатын. Санчо есегіне деміл-деміл көз тастап қойып отырды, оның өзімен бірге келе жатқаны жүрегін қуанышқа толтырғаны сондай, тіпті герман императорымен де орын айырбастамас еді. Герцогпен және герцогинямен қоштасарда Санчо оларды қолынан сүйді, сосын мырзасынан бата беруін өтінді, анау көзіне жас алып тұрып бата берді, Санчо болса оны жылап жіберудің аз-ақ алдында тұрып тыңдады.
Ал, енді мейірбан Санчоны жөнімен қоя бер, құрметті оқырман, және оған сәт сапар тіле, — жаңа қызметінде оның өзін қалай ұстағанын білген кезіңде сен әлі талай рақаттана күлетін боласың, ал әзірше сол күні түнде оның қожайыны қандай кепке тап болғанын біл: ішек-сілең қата күле қоймасаң да, құрығанда, мартышка құсап тісіңді ақситарың хақ, өйткені Дон Кихоттың бастан кешкен бұл жағдайы тек таңырқауға немесе күлуге ғана лайық. Тоқ етерін айтқанда, хикаяда одан әрі былай делінеді: Санчо аттанып кеткен бойда-ақ Дон Кихоттың жалғыздықтан көңілі жабырқап сала берді, егер ықтияры болса, Санчоның қызметке тағайындалуы жайындағы бұйрықтың күшін жойып, оны губернаторлықтан айырар еді. Оның көңілі пәс екенін герцогиня байқап қалып, себебін сұрады; егер Санчодан қол үзіп қалғандығынан қапалы болса, қамал-сарайда қызметшілер, дуэньялар мен күтуші қыздардың көп екенін, олар мұның кез-келген тілегін орындайтынын айтты.
— Санчоның жоқтығын сезініп тұрғаным рас, сеньора, — деп жауап қатты Дон Кихот, — бірақ мұңға батуымның негізгі себебі басқада; маған жасап жатқан сансыз көп жақсылығыңызды өзіме деген құрметіңіздің белгісі ретінде қабылдаймын және солай бағалаймын да, ал енді басқадай мәселелерге келсек, жатын бөлмемде өзіме өзім қызмет көрсетуіме рұқсат етуіңізді және келісім беруіңізді сұраймын.
— Әуре боп неғыласыз, сеньор Дон Кихот, — деді герцогиня, — сізге гүлдей әсем төрт қыз қызмет көрсететін болады.
— Маған олар гүл сияқты емес, жүректі жаралайтын тікенек секілді боп көрінеді, — деп наразылық білдірді Дон Кихот. — Олар да, солар секілді басқа біреулер де, жатын бөлмеме ешқашан ешқандай себеппен кіре алмайды. Егерде, жоғары мәртебелім, бұған лайықты болмағаныма қарамай, басыма бар жақсылықты үйіп-төге бергіңіз келсе, маған есігімді жауып алып өзіме өзім күтім жасап, қызмет көрсетуіме рұқсат етіңіз, құштарлығым мен пәктігімнің екі арасына тас қабырға тұрғызуға рұқсат етіңіз, — өзіме көрсетіп жатқан осынау ізеттілігіңіздің салдарынан қалыптасқан дағдыма сатқындық жасағым келмейді. Қысқасы, өзімді біреудің шешіндіруіне келісім бергенше, киімшең ұйқтағаным жақсы.
— О не дегеніңіз, о не дегеніңіз, сеньор Дон Кихот! — деді герцогиня. — Ант етейін сізге, жатын бөлмеңізге қыз түгіл, шыбын кірмейтін болады: сеньор Дон Кихоттың сыпайылығын сыйламайтындай теріс тәрбие көрген адам емеспін, — менің түсінігімше, өзіңізге тән көптеген ізгі қасиеттің ішінде, әсіресе пәктігіңіз сізге айрықша жарасады. Өз ықтиярыңыз бойынша және қашан, қай кезде зауқыңыз соқса, сонда, оңаша отырып шешінуіңізге де, киінуіңізге де еріктісіз, — ешкім сізге бөгет жасамайды: есікті кілттеп алып ұйқтайтындарға және әлдебір табиғи мұқтаждығы оны ашуға мәжбүр еткенін жақтырмайтындарға қажет боп қалатын сауыттарды да өз бөлмеңізден табасыз. Атақты Дульсинея Тобосская мың ғасыр жасағай, даңқы күллі әлемге жайылғай, өйткені ол өзіне мынадай көзсіз батыр, мынадай пәк рыцарь ғашық болу құрметіне ие болды ғой, сондай-ақ осынау сеньорамыздың ғажайып сұлулығына әлем қайтадан сұқтана қарап, сүйсінуі үшін губернаторымыз Санчо Пансаның өзін-өзі шықпыртуды тезірек тәмамдауына жарылқаушы жаратқан иеміз қамқор болғай!
Дон Кихот бұған былай деп жауап қатты:
— Сөзіңізді тыңдап отырған адам оны кімнің айтып тұрғанын бірден білер еді, өйткені ізгі ниетті сеньораның аузынан нашар сөз шықпауға тиіс және сіздің, жоғары мәртебелім, мақтауыңыз Дульсинеяға әлемнің ең ділмар шешендерінің дәріптеуінен де гөрі көбірек бақыт пен даңқ әкеледі.
— Бопты онда, сеньор Дон Кихот, — деді герцогиня, — ал енді қазір кешкі асқа барайық: герцог бізді күтіп те қалған шығар. Барып тамақ ішейік, мейірбан мырза, сосын ертерек жатып ұйқтауыңызға болады: Кандайяға жасаған кешегі саяхатыңыз әжептәуір ұзаққа созылды ғой, шамасы шаршаңқырап та қалған шығарсыз.
— Шаршаған дәнеңем жоқ, сеньора, — деді Дон Кихот келісіңкіремей. — Шын сөзім, жоғары мәртебелім, Клавиленьо секілді соншалықты жуас, аяғын соншалықты бірқалыпты алатын жануарға өмірі ешқашан отырып көрмегем, — мұндай желаяқ әрі асыл туған мініс атымен қош айтысуға және оны себепсізден-себепсіз өртеп жіберуге Бәлеқұмарды не итермелегенін түсінбеймін.
— Менің ойымша, — деді герцогиня, — Бәлеқұмар, шамасы, Үшфальдиді, оның құрбыларын және басқа да адамдарды қайғыға батырғанына, сол сияқты, сиқыршы әрі көз байлаушы ретінде не қилы зұлымдық жасағанына өкініш білдіріп, тәубеге келсе керек, сөйтіп кәсіби құралдарының көзін құртпақ болған ол, ең әуелі негізгі құралы — өзіне бір сәт мігір таптырмай бір елден екінші елге ұшыртып алып барып, алып келіп жүрген Клавиленьоны өртеп жіберсе керек, ал Клавиленьоның күлі мен Бәлеқұмардың олжа есебіне жатқызуға болатын мадақнамасы даңқты Ламанчалық Дон Кихоттың ерлік істерінің мәңгілік ескерткіші боп қала береді.
Дон Кихот герцогиняға тағы да алғыс жаудырды, сосын кешкі асын ішіп, жалғыз өзі жатын бөлмесіне кетті, кетерінде өзіне қызмет көрсетуге ешкімді жібермеуді екінші мәрте өтінді, — жүрегінің әміршісі Дульсинеяға пәктігін сақтау жөнінде берген сертін бұзуға әлденендей бір кездейсоқтық түрткі боп, өзін соған мәжбүр етіп жүре ме деген ой оны керемет қатты үрейлендіріп тұрған, өйткені кезбе рыцарьлардың бетке ұстары һәм шарайнасы Амадистің ізгі қасиеттері оның санасына қайта өшпестей боп сіңген еді. Ол есігін іштен кілттеп алды да, қос балауыз шырақтың жарығында шешінді, ал аяқ киімін шешіп жатқан кезде естілген (неткен қисынсыз қырсық!), күрсініске ұқсас немесе кіршіксіз тәрбиесіне көлеңке түсірерлік басқадай бірдеңеге ұқсас дыбысты шығарған оның өзі емес-ті, бұл дыбыс шұлығының ойда жоқта жиырма шақты ілмегі бірден тарқатылып кетуі салдарынан шыққан-ды, сөйтіп шұлығы терезе торына ұқсады да қалды. Мейірбан сеньорымыз бұған қатты қапаланды: ол қазір жасыл түсті жібек жіптің бір сабағына бір унция күміс бере салуға әзір еді, жасыл түсті деп тұрмын — себебі, шұлығы жасыл болатын.
Осы арада Бен-инхали былай деп саңқ ете түседі:
“Беу, кедейлік, кедейлік! Кордовалық ұлы ақынның өзің жайында:
Қасиетті де қадіріне ешкім жетпеген сый, —
деуіне не түрткі болғанын білмеймін.
Мен өзім мавр болсам да христиандармен аралас-құралас жүргендіктен, әулиелік дегеннің қайырымдылық, бой ұсыну, сенім, тәубеге келу және кедейлік секілді ерекшеліктердің жиынтығынан тұратынын жақсы білем, әйтсе де кедейліктен көңіл хошын табатын адам көп сипатында құдайға ұқсас болуға тиіс деп есептеймін, егер бұл тек данышпан әулиелердің бірі айтып кеткен кедейліктің түрі боп жүрмесе, ал аталмыш кедейліктің сыңайы: “Бұл дүниенің қызығын көріп жүргендер ол қызықты көрмей жүргендер секілді болмақ”, яғни рухани қайыршылық дейтін нәрсе. Әй, сен, кедейліктің екінші түрі (қазір сен жайында айтып отырмын)! Неге ғана сен өз құрбандығың етіп көбінесе идальголар мен басқа да текті тұқымнан шыққан жандарды таңдап аласың осы? Неге ғана сен оларды аяқ киімін күйе жағып тазартуға және жібектен, қылдан, әйнектен істелген әрқилы ілгек тағылған киім киюге мәжбүр етесің? Неге олардың жағалары қатпарлы болмай, көбіне-көп тегіс боп келеді?”
Осы айтылғаннан крахмал мен қатпарлы жағалардың ерте заманнан қолданыста келе жатқаны аңғарылып тұр.
Бен-инхали сөзін сабақтайды: “Үйінде оны-мұнымен жүрек жалғап, көшеге шыққан соң маңғаз да паң кейіпке еніп, екіжүзділеніп мәсуекпен тісін шұқып тұратын дворян қандай бейшара — өйткені ол тісін шұқуға мұқтаждық туатындай түк ештеңе жемеген еді ғой! Сондай-ақ, меніңше, арланғыш та намысқой, шәркейінің жамауы барын, қалпағының терден жылтырап кеткенін, жамылғысының жырымдалғанын және қарнының шұрылдап тұрғанын жұрт анадайдан байқап тұр-ау деп қыпылықтайтындар да — бейшара!”
Тарқатылған ілмектер Дон Кихотты осындай ойға жетелеген еді, алайда Санчоның жолға киетін етігін өзіне қалдырып кеткенін көріп көңілі орнына түсті де, ертеңіне соны киюді ұйғарды. Ақыры ол қамкөңіл де қапалы күйде төсегіне жатты: бұған, біріншіден, Санчоның қасында жоқтығы, екіншіден, шұлыққа қатысты көлденең ұшырасқан қырсық әсерін тигізген-ді; ол шұлығын өзге түсті жібекпен жамап алуға да дайын болатын, рас, бұл кедейленген идальго бастан кешер қорлықтың ең соңғы сатыларының бірі боп шығар еді. Ол шырақтарды өшірді, бірақ бөлме іші қапырық болғандықтан көз іліндіре алмады; ақыры тұрып, әдемі баққа қарайтын, темір тор тұтылған терезені сәл ашып қойды; терезені ашқан оған бақта біреулер серуендеп жүргендей көрінді, сөздерін де құлағы шалғандай болды. Елегізіп қалды. Сол кез бақтағылар дауысын көтере сөйлеп кетті де, біреудің былай дегені анық естілді:
— Ән айт деп жалынба маған, Эмеренсья! Қамал-сарайымызға келіп түскен мына жолаушыны алғаш көзім шалған сәттен бері ән салуды біржола қойғанымды, тек қана жылайтынымды өзің де білесің ғой. Оның үстіне ханымымыз да құс ұйқылы, бізді мына арадан көріп қалса масқарамыз шығар. Тіпті ханым ұйқысынан оянбаған күнде де, бәрібір, мына жаңадан пайда болған Эней ұйқтап жатса, ықылас қойып тыңдамаса, онда ән салғанымда қандай мән бар, — ол өзі, шамасы, біздің жаққа мені мазақ ету үшін келген ғой деймін.
— Қорықпашы, күнім Альтисидора, — деп жауап қатты біреу оған, — герцогиня да, қамал-сарайдағы басқа адамдар да, әлбетте, ұйқтап жатыр, — тек сенің жүрегіңнің әміршісі, көңіліңнің қуанышы ғана ояу: жаңа маған жатын бөлмесінің тор тұтылған терезесі ашылғандай көрінді, ендеше, оның ояу екені анық. Арфаның сүйемелдеуімен, балдай тәтті баяу дауыспен айта бер әніңді, байғұсым, егер герцогиня естіп қалса, бөлме қапырық дей салармыз.
— Мен одан қорқып тұрғаным жоқ, Эмеренсья, — деп жауап қатты Альтисидора, — салған әнім жүрегімнің сырын аңғартып қоя ма деп, махаббаттың ес кетірер керемет сиқырын бастан кешпегендер мені жеңілтек, еркетотай біреу деп ойлап жүре ме деп қауіптенем. Жә, енді не болса ол болсын: жүрегім күйгенше, бетім күйсін.
Іле арфаның сыңғырлаған әсем сазы есілді. Бұл дыбысты естігенде Дон Кихот селк ете қалды, өйткені дәл осы жағдаяттан аумайтын: терезелер, тор тұтылған жақтаулар, бақтар, музыка, ғашықтығын айту мен есінен танып, талып қалуға толы шытырман оқиғалар ойына сап ете түскен-ді — мұның бәрін ол кімді де болсын есінен тандыра алатын рыцарьлық романдардан оқып, көңіліне тоқыған еді. Сол жерде ол герцогиняның күтуші қыздарының бірі өзіне ғашық боп қалған екен, алайда қызға тән ұялшақтық салдарынан ынтызарлығын білдіре алмай жүр екен деп түйді, сөйтті де, елтіп кетермін деп қорқып, қайтсе де табанды болуға өзіне-өзі ойша сөз берді; бар жан-тәнімен сеньора Дульсинея Тобосскаяның қамқорлығына берілген ол, алайда, әнді тыңдауға тәуекел етті, сөйтіп, бар екенін білдіру үшін өтірік жөткірініп қойды, бұл бикештерді қатты қуантты: өйткені, оларға керегі де Дон Кихоттың тыңдағаны болатын. Сонымен, арфасының күйін келтіріп, бірнеше аккордты алған Альтисидора мына романсты әндете жөнелді:
Сен голландтық ақжаймада,
Күн батқаннан таң атқанша
Тәтті ұйқымен манаурап,
Жылы төсекте жатқан жан;
Сен, жаужүрек ұлы Ламанчаның,
Рыцарьлықтың көркі мен мақтанышы,
Арабияның бар қазынасынан
Ғажапсың әрі қымбатсың!
Тағдырдан қатты теперіш көрген,
Сұлу қыздың тыңда зарын.
Өйткені жанын қуратып жіберді
You have read 1 text from Kazakh literature.
Next - Айлакер Идальго Ламанчалық Дон Кихот Орыс Тілінен Аударған Құрманғазы Қараманұлы - II - 27