Latin Common Turkic

Айлакер Идальго Ламанчалық Дон Кихот Орыс Тілінен Аударған Құрманғазы Қараманұлы - II - 44

Total number of words is 494
Total number of unique words is 387
41.0 of words are in the 2000 most common words
52.7 of words are in the 5000 most common words
61.1 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
Сол арада священник хатшыдан Ламанчалық Дон Кихот аталып жүрген Ақпейіл Алонсо Киханоның шын мәнінде о дүниелік болғанын, мәңгілік ұйқыға кеткенін растайтын куәлік беруін өтінді; аталмыш куәлік оған Сид Ахмет Бен-инхалидан басқа шығармашының алаяқтық жасап Дон Кихотты қайта тірілтіп, ерлік істерінің ұзыншұбақ хикаясын жазуына жол бермеу үшін қажет болған-ды. Ламанчалық айлакер идальгоның ақыры осындай болды; алайда гректің жеті қаласының Гомер үшін айтыс-тартысқа түскені секілді, Ламанчаның қалалары мен елді мекендері де Дон Кихотты өз ұлым деп тану және оны өз түлегі ретінде құрмет тұту құқына ие болу жолында таласқа түссін деген мақсатпен оның тұрғылықты мекенін Сид Ахмет дәл атап көрсеткен жоқ.
Біз Санчоның, жиен қыз бен күтушінің қалай жылап-сықтағанын сипаттап жатпаймыз, сол сияқты тек мына төмендегі, Самсон Карраско жазғаннан басқа, оған арналған жаңа эпитафияларды да келтірмейміз:
Тас тақтаның астында мына мүк басқан,
Жатыр Идальго ұйқыда мәңгілік.
Тәні қуатты, рухы ерен асқақ
Болған соң, өлім де жұртты таң қылып,
Жібере алмады даңқын аластап.
Ел кезді талмай лепірген көңілмен,
Күлкі де болды кез келген кещеге,
Мансұқ етті әлеумет пікірін мүлдем.
Кеңкелес боп ғұмыр кешсе де,
Кемеңгер боп аттанды өмірден.
Ал, сұңғыла Сид Ахмет қаламына қарап былай дейді:
«Мына арада, осынау ілмешек пен мыстан созылған сымда ілулі тұратын боласың енді, қаламым, ұшың өткір ме әлде мұқалған ба, ол жағыңды білмедім және әлдебір әумесер де әдепсіз жазғыштар сені арамдау үшін қолына алғанша сен бұл жерде ғасырлар бойы тұра беретін боласың. Алайда саған жанасып үлгермес бұрын оларды сақтандыр және шошынатындай сес көрсетіп, мынаны айт:
Содырлар, аулақ жүріңдер,
Мазамды менің алмаңдар!
Жалғыз ғана маған, король,
Осындай ерлік бұйырған.
Дон Кихот тек мен үшін ғана дүниеге келді, ал мен тек сол үшін ғана тудым; оған әрекет ету, ал маған оны сипаттау бұйырған еді; біз екеуіміз алабөтен тату жұппыз — айбынды рыцарымның ерлік істерін өзінің дөрекі де дұрыс ұшталмаған түйеқұс қаламымен сипаттауға тәуекел еткен (кім біледі, алдағы уақытта да тәуекел етер) ана бір тордесильястық алдамшы жазғышқа әдейі әрі қасақана түрде сондаймыз, өйткені мұндай ерен еңбекке оның шамасы жетпейді және бұл оның сіресіп қалған ақыл-ойының ісі емес; егер оған жолығуыңның реті келсе, онда Дон Кихоттың табыттағы қажып-талған және тозғындап та үлгерген сүйегін қозғамауын, дүние салған жанның құқына қол сұғып, оны Ескі Кастилияға алып бармауын, қабірін қазбауын талап ет, — Дон Кихот шынымен-ақ қабірінде ұзынынан түсіп жатыр, өйткені үшінші мәрте сапар шегіп, жаңа жорық бастарлық дәрмені жоқ; ал қисапсыз кезбе рыцарьдың таусылмас жорығын келеке ету үшін оның алғашқы екі сапарының өзі-ақ жеткілікті боп шыққанын, бұл екі сапардың отандастарымыз ба әлде жат жерліктер ме, бәрібір, құлағдар болғандардың баршасына ұнағанын, бәрін қызыққа кенелткенін айт. Арам пиғылды адамыңа осындай ізгі кеңес беру арқылы сен өзіңнің христиандық парызыңды орындайсың, ал мен болсам, еңбегімнің жемісінен, өзім арман еткендей, бірінші боп тоят тапқанымды мақтан тұтам және сол үшін өзімді бақытты санаймын, өйткені рыцарьлық романдарда суреттелетін ойдан шығарылған әрі мүлдем қисынсыз хикаяларға жұрттың жеркенішін туғызудан басқа менде ешқандай мақсат болған емес; сөйтіп енді, менің хикаямда Дон Кихоттың ақиқат іс-әрекеті жайында әңгіме болғандығының арқасында аталмыш романдар шатқаяқтап қалды және таяу арада тырапай асатынына еш күмән жоқ». Vale 53.
Соңы
ТҮСІНІКТЕМЕЛЕР
Айлакер идальго
Ламанчалық Дон Кихот
Екінші бөлім
You have read 1 text from Kazakh literature.