Latin Common Turkic

Грек қазыналары - 32

Total number of words is 3831
Total number of unique words is 2235
32.0 of words are in the 2000 most common words
44.2 of words are in the 5000 most common words
52.1 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
Рельефтік əшекейлері бар жүздеген алтын пластинаны, отыз алты
жапырақ тігілген алтын тəжді, төртінші қабірден табылған екі үлкен
алтын масканы, алтыннан соққан екі ұрғашы көгершіні бар «Нестор
кубогін» көрсетті. Ақыр соңында сопақша жүзді, қыр мұрынды,
қысқалау мұрты мен шоқша сақалы бар, адам айтқысыз əдемі алтын
масканы — Агамемноның маскасын алып шықты.
Көрермендер есеңгірегендей үн-түнсіз тұрып қалған-ды. Бір мезет
жер асты күмбезін ду қол шапалақтау жаңғырықтырып жіберді де,
əлдекім: «Жарайсыңдар!» деп айқайлады. Алтынды əуесқой қолдардан
— оның ішінде өз қолынан да — қызғыштай қорып тұрған қоғам
президенті Иоанну сөйледі:
— Доктор Шлиман, сізді шын жүректен құттықтаймын. Менің тек
сіз бен Шлиман ханымды ғана емес, осындай ғажайып сыйлыққа ие
болған бүкіл грек халқын, жалпы алғанда бүкіл əлемді құттықтағым
келеді. Мен жер жүзіндегі атақты музейлердің көбінде болғанмын,
бірақ еш жерден мынадай ғаламатты көре алмағанмын. Сіздер адамзат
байлығын арттыруға баға жетпес үлес қостыңыздар.
Əріптестеріне қарай бұрылған ол бəріне ортақ пікірді білдіргенін
аңғарды.
— Ертеңнен бастап суретке түсіре беріңіз.
1877 жылдың январы қауырт жұмысқа толы болды. Генри күні
бойы банкіден шықпай, олжалардың ішіндегі ірілерін қай тұсынан
суретке түсіру тиімді болатынын іздеп əуреленумен жүрді. Ал,
олжалардың ұсақтау түрлерін — алқа, сырға, білезік, əшекейлі алтын
жапырақтарды — көзге əдемі көрінетіндей етіп орналастыруға
тырысты. Маңызды деген дүниелердің бəрі кітапқа енгенін қалаған.
Джон Мэррейдің кітапқа гравюра беру жөніндегі шешімі міндетін
жеңілдете түсті. Осыған байланысты шаруалар мен жұмсалатын
қаражатты да Мэррей өзі көтеретін болды. Күнде таңертең ағайынды
Ромаидистер Генриге бұрын түсірілген негативтерді алып келетін.
Бейненің айқындығы Генриге ұнамаса басқа негативті шығаратын.
Ал, банкінің қоймасындағы жұмыс бұлайша жүйелі жүріп жатқан
жоқ-ты. Құрамына бес адам: Стаматакис, Археология қоғамының екі
мүшесі, ежелгі заман ескерткіштерінің бас инспекторы жəне Ұлттық
банктің вице-президенті кірген комиссия барлық жұмысын қас қақпай
қадағалап тұратындығы Генридің зықысын келтіріп жүр еді. Əрине,
бесеуі бірдей күні бойы қарауылдап тұрмайтын: вице-президенттің
жоғарыдағы шаруалары да жетершілік еді, басқаларының да қалада
атқаратын міндеттері бар-тұғын. Шамасы, олар кем дегенде үшеуі
қоймадағы жұмысқа тұрақты түрде қатысатын боп өзара келіссе керек.
Комиссия мүшелері Генри жəшіктен шығарған нəрселердің егжейтегжейлі тізімін жасап, банк жабылар алдында əлгілердің түгел
орнына қайтарылғанын тексеретін.
— Олар мені бірдеңе ұрлап кете ме деп қорқады-ау деймін,— деп
шағынды ол Софьяға.— Ондай ойым болса Микенде-ақ ретін келтірмес
пе едім?
— Бəрі де Приам қазынасын Түркиядан жасырын алып
шыққанымыздан. Олар оны ешқашан ұмытпайды,— деді Софья.
Қырсық қырық ағайынды болатынын Софья əлдеқашан-ақ байқаған.
Болашақ қазба орындарын барлап қайту үшін жəне акропольдан
күзетшілерге арнап үй салдыру үшін Археологиялық қоғам, Генридің
қуанышына орай, Стаматакисті Микенге аттандырған еді. Алайда
эфордың жоқтығы салдарынан оған тек керамиканы, қола мен тас
бұйымдарды ғана суретке түсіруге рұқсат етілді.
20 январь күні Генри лейтенант Дросиностан телеграмма алды.
Оны қосымша план жасау үшін Микенге өзі жіберген болатын.
Дроеинос агораның шеңбер қабырғаларының сыртында жатқан тағы
бір қабірге кезіккеніне сенімді көрінеді. Генридің дереу Микенге
келуін өтініпті.
— Бара алмаймын. Шаруаларымды ашып-шашып кете алмаймын!—
деп дызақтады Генри.
26 январь күні жандарына Эдинбург герцогы мен герцогинясын
ерткен король Георг пен король ханымы Ольга Ұлттық банктің
қоймасына келді. Генри ең əдемі деген маскалар мен диадемаларды
алып көрсетті. Мəртебелі қонақтар қатты риза боп кетті. Ал, кешкісін
телеграмма келді: эфор Стаматакис-лейтенант Дросинос телеграф
арқылы хабарлаған қабірді қазып, алтын көмбе тауыпты. Көмбеде
иттің тұмсығы бейнеленген төрт ваза, ыдыстар, пальма жапырақтары
мен көз жауын ала киінген əйелдер бейнеленген сақиналар, бұқаның
бастары, алқалар бар екен.
Генри сұп-сұр боп кетті. Тұла бойын діріл басты. Əрең дегенде
бірнеше адым аттап барып, креслоға гүрс құлады.
— Қалай ғана қапы қалдым!— деді алақанымен бетін басып
отырған ол ah ұрып.— Сол бойда-ақ Микенге аттану керек еді.
Алтыншы қабірді басқа біреу тапса ештеңе демес ем, бірақ мына
Стаматакистің тапқаны жаныма батып тұрғаны-ай! Микен басы бүтін
біздікі еді ғой. Енді оны бөліп-жаруға мəжбүр боламыз-ау...
Софья жұбату сөздерін іздестіріп əлек болды:
— Қымбаттым, сен тым артықтау кетіп тұрсың ғой. Микен шын
мəнінде де біздікі ғой. Арыстандар қақпасын аршу, қазына қоймасы,
патша қабірлері — бəрі де біздікі. Кітабың — соның дəлелі.
Басын сілки көтерген Генри Софьяға қанталаған көзбен қарады. Ол
бірден жиырма жылға қартайып кеткендей көрінді.
— Бұрын да онымен жұғысып жарытпайтынбыз, енді мүлдем қиын
болатын болды.
— Қайғыратын дəнеңе жоқ!— деді Софья шат дауыспен.— Тапқан
олжалары жайлы ол еш жерге хабар жариялай алмайды. Келісім
шартында Микен олжалары жөніндегі мəліметтерді тек бір өзің ғана
пайдаланатындығың атап көрсетілген ғой.
Генридің сол жақ беті əлсін-əлі тартып кетіп, кескінін бұзып тұрған.
Ол да басылды.
— Иə, біз оған олжалары жайлы мақала жариялауға тыйым сала
аламыз, бірақ ол да олжаларын кітабымызға сипаттап жазуымызға
рұқсат етпеуге ерікті. Қандай ақымақ едім десеңші! Қарға адым
жердегі көмбеден құр алақан қалдым — бұл əлгі дөңгелек зират
қабырғаларының сыртындағы циклоптың үйдің жаны ғой. Сəл əрірек
қазсам қайтетін еді?
— Эррикаки, көп күйіне бермесеңші.
Генри кеткен кезде Софья да əл-дəрменнен айырылып, діңкелеп
қалған. He істерін білмей дал болып дегбір таппады. Соңғы екі жылда
тұңғыш рет іші бүріп ауыра бастады.
Арада бірнеше күн өткен соң Дросиностан егжей-тегжейлі хат келді.
Микенге 20 январь күні барыпты. План жасаумен шұғылданып жүрген
кезінде қабір шеңбері қоршауының сыртынан бұрын табылған
қабірлерге ұқсас алаңды көзі шалыпты. Қарауыл Панопулосқа ешкімді
жақын жуытпауды ескертіп, Генриге телеграмма салуға кетіпті.
Нафплионға қайтып оралған соң сонда өзін тосып отырған
Стаматакиске кезігіп, телеграмма жайлы жəне қарауылға берген əмірі
жайлы мəлім етіпті. Стаматакис дереу Микенге барып, əлгі алаңқайды
қазуға кірісіпті. Хатының көшірмесін лейтенант Дросинос «Стоя»
газетіне жолдапты.
Январьдың аяқ кезінде, дəл сол Дросиностың хаты «Стоя» газетінде
жарық көрген күні, Стаматакис те Афиныға қайтып оралып, жаңа
көмбені Ұлттық банктің қоймасына əкеп қосқан-ды. Дросиностың
хатына бұрқан-талқан болған ол жауап жазып, онысы 21 февральда
«Эфимеристе» жарияланды.
Стаматакистің айтуынша, жасаған планын көрмекке Дросиносқа
келгенінде одан қабір шеңберінің сыртында тағы бір қабір бар дегенді
естіген. Стаматакис Дросиносқа шеңбер сыртында қабірдің болуы
мүмкін еместігін түсіндірген. Сонымен əңгіме де тəмам болған.
Дросинос оған ешқандай алаңды көрсетпеген. Көмбені эфор қабірден
емес, қираған үйдің орынынан тапқан, ал əлгі жерден жануарлардың
сүйегінен басқа ештеңе кезікпеген. Бір сөзбен айтқанда, алтын
көмбеде басқаның алты аласы, бес бересі жоқ.
Генри мен Софья газет бетінде жүріп жатқан бұл айтысты зер сала
қадағалап отырды. 7 март күні Дросинос жаңа мақала жариялап,
Стаматакистің жауабында бір түйір шындық жоқтығын үзілді-кесілді
түрде мəлім етті. Арада екі күн өткен соң Стаматакис газет арқылы
қарымта қайтарды: «Дросинос маған ештеңе көрсетуден аман. Оның
мақала жазуы — Шлиман мырзаға жағудың амалы, өйткені бұл үшін
анау оған ақша төлейді. Генри Шлиман менің таяуда ашқан
жаңалықтарымды басқа біреу сипаттап жазып қоя ма деп қорқады.
Бұны ол өзін пайданың астында қалдырғалы отырған кітабына
енгізбекші».
Археологиялық қоғам мен қызметтестері Стаматакистің айтқанына
сенді. Лейтенант Дросиностың басына қатер төнді. Лейтенанттың
Микенге Генридің тапсырмасы бойынша барғаны, бастықтарынан
рұқсат сұрамай кеткені анықталды. Шені төмендетіліп, бір айлығы
мөлшерінде штраф салынды.
— Мен үкімнің күшін жойдырмай қоймаймын,— деп мəлімдеді
Генри.— Шынтуайтында, оның қызметтен қолы бос болатын, ал бос
уақытын қалай пайдаланам десе де ерікті емес пе?
— Көмекшілеріміздің бəрі де əйтеуір бақытсыздыққа тап болады,—
деп күйінді Софья.
Дросиностың жазасын жеңілдету үшін Генриге көп күш жұмсауға
тура келді. Ағарту министріне, Археологиялық қоғам мүшелеріне, бір
сөзбен айтқанда, үкімет адамдарына жақын жүретіндердің бəріне
барып жəрдем сұрады. Еңбегі ақыры еш кетпеді: Дросиносқа шені
қайтып берілді, бірақ штраф төлейтін болды. Генри бұл шығынның
орынын өзі толтырды.
Дросиностың басын бəледен құтқарғаны сол еді, тағы бір ескі досы,
Нафплион полицмейстері Леонидас Леонардос шатаққа шырмалды.
Оны орнынан алып тастапты, енді абақтыға жапқалы жатыр екен.
Леонидас Бразилия императоры дон Педро Нафплионға келгенде
күзеткені үшін ұлы мəртебелі тақсырдан мың франк алып,
қарауындағыларға бар-жоғы осы деп қарғанып, қырың франкты ғана
бөліп берген деп айыпталған еді. Мен шынында да бар болғаны қырық
франк, яғни сегіз доллар алғанмын, деп жазыпты Леонардос. Генри
Леонардосқа кешірім етуді сұрап сол бойда-ақ премьер-министрге
өтініш жіберді. Премьер-министр жауап қайтармады. Генри оған
қайтадан хат жазып, Леонардостың кіршіксіз таза адам екенін,
қарамағындағыларын алдауы мүмкін еместігін айтып ант-су ішті. Бұл
шатақтың тууына себепші болған нəрсе Нафплионның мэрі мен
полицмейстер арасындағы кикілжің еді. Əлгі қауесетті таратқан да сол
мэр болатын. Премьер-министр бұл жолы да жауап қатпағаннан кейін
Генридің императордың өзіне хат жазудан басқа амалы қалмады. Дон
Педро бұл кезде Каирде жүрген. «...Əділет пен адамгершілік атынан
өтінерім, Леонардостың қанша алғанын айтыңызшы — қырық франк
па əлде одан да көп пе?» деп жазды Генри.
Хатты алған император сол бойда телеграмма жіберді: ол артықкемі жоқ қырық франк беріпті. Премьер-министр телеграмманың
мəнін ұзақ уақыт пайымдады. Сосын хаттарына жауап қайтармағаны
үшін Генриден кешірім өтініп, Леонидос Леонардосты қызметіне қайта
алуға жарлық берді.
Генридің жаңадан табылған алтын олжаларды көргісі кеп шыдамы
таусылып жүрген. Стаматакистің Археологиялық қоғамға жіберген
қысқаша
телеграммасынан
олжаның
бұрын
табылғандарға
ұқсамайтындығын аңғаруға болатын. Оның көмбені қабірден емес,
көне үйдің қираған орнынан таптым деп мəлімдеуіне қарағанда, бұл
алтын əлдебір əулеттің меншігі болуы мүмкін ғой, деп түйді Генри.
Бұндай жағдайда олжаның аса құнды нəрсе деп есептеле қоймайтыны
анық еді. Дегенмен, фотосуреттерін кітапқа енгізу керек-ті. Өйтпеген
жағдайда кітап олжалардың толық сипаттамасын жасай алмайтын.
Эфор Стаматакис қала ортасындағы үкіметке арналған үйдің бір
шағындау ғана кабинетінде отыратын. Есік қағылған кезде: «Кіріңіз»,
деді де, Генриге бедірейе қарап қалды. Генри одан Ұлттық банкіге
барып, Микеннен əкелген алтынын көруге бола ма, деп сұрады.
— Жəшіктерді ашуға əлі əзір емеспін,— деді Стаматакис салқын
ғана.
— Сұрағанымды айып санамасаңыз, қашан əзір болатыныңызды
айтпайсыз ба?
— Айта алмаймын. Қалай болған күнде де, əйтеуір таяу арада аша
алмаймын. Əуелі есеп жазуым керек. Жəшіктерді тек Археологиялық
қоғам мүшелері мен университет профессорлары қатысып тұрған
кезде ғана ашамын.
— Олжаларды Микен жайлы кітабыма енгізуім қажет екенін
түсінесіз бе?
Стаматакис оған қадала қарады.
— Сіз дос адамдарымның қатарына жатпайсыз, Шлиман мырза. Сіз
мені тəмам жұрттың алдында алдаушы деп айыптаған лейтенант
Дросиностың жағында болдыңыз.
— Ол жақсы инженер ғой. Оның əскери мансабына нұқсан
келтірудің қажеті не?
— Қажеті бар! Əділет үшін қажет!— Стаматакисті ыза биледі.—
Жалпы, бұл мəселеге сіздің ешқашан жаныңыз қиналмағаны белгілі.
Сіз тек қара басыңызды ғана ойлайсыз. Ғыссарлық пен Микендегі
табыстарыңызға мəз болатын себебіңіз де мəлім — бұлар сізге атақ пен
ақша əкеледі.
Генри тағы да мекемелердің табалдырығын тоздыруға кірісті.
Стаматакистің тапқан олжаларын көруіне ашықтан-ашық ешкім де
қарсылық білдірмейді, бірақ кішкене кідіре тұруын сұрайды. Өтініш
айта барған жерінің бəрінде де Генри өзін өте əдепті ұстай білген, бірақ
Стаматакиске деген ашу-ызасын үйіне келген соң ақтаратын. Осынау
клерктің, осынау бейшараның қырсығынан бір мекемеден екіншісіне
кіріп, таныстан таныс жағалап, босқа сандалып жүргенін көрмеймісің!
Ежелгі заман ескерткіштерінің бас инспекторы Генриге айырықша
ілтипат көрсетпейтін. Бұдан үш жыл бұрын, Микенге барған алғашқы
сапарларынан қайтып оралған кездерінде айыптарын мойындап,
аяғына жығылған адам осы болатын. Сонда ол бұларды грек заңын
сыйламайсыңдар деп мінеген. Сөйткен Эвстратиадис бұл жолы ойда
жоқ жерден өзгеріп, Стаматакиске Шлимандар мен өзін 18 февраль
күні түстен кейін Ұлттық банктен қарсылап алуға əмір берді. Сол
жерде доктор Шлиман оның рұқсаты бойынша қажет деген суреттерін
түсіріп алатын болды. Генридің беймаза көңілі (Софья бұл сөзді «оның
буырқанып-бұрқанған көңілі» деп түзеткен болар еді) азды-көпті
тынышталғандай еді.
Суретке түсіру жұмысы пулеметтік жылдамдықпен атқарылса да,
Троя мен Микеннен əкелген коллекцияларына тұрақты орын тептіру
жайлы ой Генриге дəл осы минуттарда келген болатын. Кешкі астың
үстінде Софьяға:
— Түріктермен арамыздағы дау-дамайдың салдарынан
қабылданбай қалған ұсынысыма қайта оралам. Университетке таяу
жердегі бұрыштағы участок пен музей құрылысына арналған қырық
мың долларды Грецияға тарту ету жөнінде тағы да тілек білдірем.
Архитектор Циллер жоба жасауға келісіп те отыр,— деді.
— Сенің жалғыз ғана коллекцияң бар, Генри. Микеннен табылған
олжалар Грецияның меншігі.
— Бос соз! Шлиман музейі қандай боп шығатынын алтындарымыз
бен геммаларымызды, вазаларымыз бен стелаларымызды апарып
қойғанда көресің! Оған жұрт əлемнің түкпір-түкпірінен ағылып келіп
жататын болады.
Софья үндеген жоқ. Генри грек мінез-құлқының сырын ақыры ұғына
алмады. Рас, Харватида Финдиклис пен Стаматакистің бұның қатысып
отырғанын қаперлеріне де алмай, қазынаның болашақ тағдыры
жөнінде пікір алыса бастаған кездерінде оған бір шындықтың шеті
қылаң бергендей көрінген: бұлардың ендігі жерде өз көмегін
қажетсінбейтінін түсінген. Археологиялық қоғамның мүшелерін де,
антикалық ескерткіштермен шұғылданатын чиновниктерді де —
бəрін де Афины университеті баулып, қанаттандырған. Алған білімдері
мен ұстаған идеалдары да ұқсас еді. Бұл біртектес орта болатын, бұл
ортада Генриге орын жоқты. Өйткені, ол жат елдік, əумесер,
«əуесқой»... Сол себепті, өтінішінің орындалмайтыны анық-ты.
Тап солай болды да. Премьер-министр, халық ағарту министрі,
Археологиялық қоғамның президенті — бəрі де бұған жомарттығы
үшін алғыстарын айтып шығарып салды. Өйткені олар Ұлттық
музейді салуға кірісіп те кетіпті. Бұнда қазіргі кезде қолда бар жəне
болашақта Олимпия мен Дельфыдан табылатын гректің барлық көне
дүниелері қойылмақшы.
Сағы сынған Генри бірнеше күн бойы тіл қатпай түнеріп жүрді.
Көңілін жадыратқан нəрсе Микен қазыналарының көрмесін
ұйымдастыру жайлы басына сап ете қалған ой болды. Сөйткен соң
стеллаждар мен стенділер даярлауға рұқсат сұрап, қайтадан
департаменттердің есігін қаға бастады. Оған көрме жайлы қоя тұру
керек деген жауап берілді. Себебі əлі көптеген даярлық жұмысын
жүргізу қажет: бұйымдарды қалпына келтіріп, қыш сынықтарын
желімдеп, каталог жасау керек.
Əңгімесін тыңдап отырған Софья жаны аши қабақ шытты. Генри
көрмені тезірек қолға алуға қоғамды асықтырмақ ойы барын айтқанда,
бүл əрекетінің де сəтсіздікке ұшырайтынын алдын-ала сезген.
Бірақ, Генриді алған бетінен қайтару қиын еді.
— Көрмені биылғы жылы ұйымдастыра алмай отырғандарының
себебі — лайықты орынның жоқтығы екені кəміл. Бүкіл қаланы
адақтап шықсам да, бір əдемі зал таппай қоймаймын.
Ол Афиныны əлденеше күн аралады, бірақ көрмеге лайықты зал
университеттен де, басқа мекемелерден де табылмады. Ақыры,
тынымсыз аяқтары оны Политехникалық мектептің салынып бітіп
қалған əдемі корпусына алып келді. Ректорымен сөйлесіп, жалға
алғаны үшін ақы төлейтін боп келісім жасасты. Бірақ, археологиялық
қоғамдағылар бұл хабарына қуана қойған жоқ.
— Шлиман мырза, көрмені биыл да жəне, шамасы, келесі жылы да
өткізбейтінімізді сізге айтқан жоқ па едік? Көрме қай жағынан алғанда
да көңілдегідей болуы үшін əлі орасан көп жұмыс атқару керек.
Жүрегі шайлыққан Генри Софьяға кеп мұңын шақты. Бұл Софьяның
да жанына батып жүрген нəрсе еді.
— Отандастарым жайлы бұл əңгіме өзіме де жеңіл тиіп тұрған жоқ,
— деді ол.— Оғаштау көрінсе де айтайын — олар есімің біртіндеп елдің
есінен ұмытылғанша бір емес бірнеше жыл күтуге бар. Сонда бұл
доктор Шлиманға ешқандай қатысы жоқ, Афинылық — тек қана
Афинылық — көрме, өздерінің жеке меншік көрмесі боп шығады.
Генри оған жаны жүдеген кейіппен, кірпік қақпай қарап қалды. Көзі
боталап тұр еді.
— Мейлі, ендеше, мұнда қажетім болмаса Лондондағы Кенсингтон
музейімен келіссөз жүргізем. Приам қазынасын көрмеге қоюды
ұсынам. Премьер-министр Гладстон маған осындай ой салды. Ол
коллекциямызды қуана-қуана көрсетер едік, деп жазады.
Осылай шешім қабылдаған Генри көңілденіп кетті. Софья өз
сезімдерін құрбандыққа шалып, күйеуінің қуанышына ортақтастық
білдірді. Троя көмбесі Афиныдан бір шықса қайтып оралмауы да
мүмкін еді.
Ойда жоқ жерден Лондоннан телеграмма келді. Оны сан қайталап
оқыған Генридің шаттығында шек болмады. Май айында
Ұлыбритания мен Ирландияның корольдік археология институтында
лекция оқуға шақырылыпты. Құрметті мүше боп сайланғандары
жайлы дипломдар да оларға сол кезде тапсырылмақшы екен.
— Бірден екі диплом бермек. Бейне біз университетті бірге
бітіргендей,— деп езу тартты Софья.
Генри Микенге енді қайтып оралмау жайлы ұйғарым жасады.
— Патша қабірлерінен кейін сарайды қазудың түк қызығы жоқ.
Жалпы, енді Грециядан ештеңе қазбаймын. Троядағы жұмысымызды
қайта жалғастырам.
— Тағы да Трояға бармақсың ба? Одан не іздемексің?
— Приамның сарайын толық аршып шығарамыз.
Бұны ақырына жеткізе алмадық, себебі алтынды қорғау қажет
болды ғой. Өртке ұшыраған үшінші қала мен қоршау қабырғаларын
қазғым келеді. Онда өзіміз ойлағаннан əлдеқайда көп қабаттар болуы
мүмкін. Бəлкім, жетеуден кем емес шығар. Солардың бəрін де қазсам
деймін. Бұл талай жылға жетерлік жұмыс. Менде қазір тəжірибе
баршылық, енді қазбаларды бұрынғыға қарағанда жүйелілеу етіп
жүргізем.
Софья күрсінді. Ол Андромаханы Трояға өзімен бірге алып бара
алмайтын — онда мектеп те, дəрігер де жоқ-ты. Генридің қолында
пəрмені бар, бірақ оның мерзімі бір жылдан соң, 1878 жылдың 8
майында таусылмақ. Ал, бұл болса Корольдік археология
институтының шақыруымен жол жүргелі отыр!
Пікірлерін бүкіл əлем қадір тұтатын неміс оқымыстылары патша
қабірлері мен алтын қазыналардың атына кір жағуға Микен жайлы
кітаптың шығуын күтпей-ақ ерте бастан кірісіп кетті. Олар
Шлиманның Лондондық «Таймста» жарияланған мақалаларын нысана
етті.
Пелопоннес жайында жəне Греция тарихы туралы атақты
кітаптардың авторы, Берлин университетінің бұрынғы профессоры,
доктор Эрнст Курциус таяуда ғана Олимпияны қазуға рұқсат алған.
Сөйтіп, қазір пруссиялық экспедицияны басқарып жүрген. Генри
онымен 1871 жылы Берлинде танысқан болатын. Олар өзара хат
алысып тұрған. Курциус Трояны Бунарбашыда деп есептегенімен,
екеуінің арасындағы достықтың жібі үзілмеген-ді.
Доктор Курциусқа Ұлттың банктегі Микен алтынын қарап шығуға
рұқсат берілді. Ол зайыбына:
«Алтынның жұқалығы сондай, Агамемнон батыр азып-тозған
əкімсымақ қана болғанға ұқсайды. Антикалық көне дəуірден Микен
қабірлеріне ұқсас ештеңе кездестіре алмайсың», деп жазды.
Күйеуінің осы сөзін желеу еткен фрау Курциус немістің бір газетіне
Шлиманның тұжырымдарын талқандап, олжаларының құндылығына
күдік келтірген мақала жариялады. Курциустің пікірін пруссиялық
жəне австриялық ғалымдар қолдап əкетті де, газеттер бұны бүкіл
əлемге таратып жіберді.
Көзіне қан толған Генри соққыға соққымен жауап берді; «Пруссия
үкіметінің,— деп жазды ол,— Олимпияда жүргізіліп жатқан қазбаларға
көңілі толмай отыр. Егер Олимпиядан əлі күнге шейін көңіл
тояттарлық ештеңе табылмаған болса, онда оның себебін өз
жұмыстарын жүйесіз де жоспарсыз жүргізіп жатқан, шығарған
қоқыстарын қазбадан елу ярд жерге төгіп жатқан ана шала сауатты
сүмелектерден сұрау керек. Солар жұмсаған қаражаттың үштен
бірімен-ақ мен не бір керемет істерді тындырған болар едім. Оларға
қазба жүргізу қол емес, өйткені бəрі де шамадан тыс оқымысты
адамдар».
Пруссия армиясының капитаны, ғалым болсам деп дəмеленіп
жүрген Эрнст Бёттихер де аянып қалмады. Ғыссарлықтағы алғашқы
қазбалардан кейін-ақ іле-шала ұйымдастырылған конференцияда
капитан Бёттихер : Троя деген ешқашан болған емес, Гомер есімі —
бірнеше ғасыр бойында өмір сүрген ақындар мен өлеңшілердің ортақ
аты деп мəлімдеген. Сонда Генри отырған орынынан дауыстап:
капитан Бёттихер «Илиада» мен «Одиссеяны» түсініп оқи алмаған ғой,
түсініп оқыса Гомердің өмірде болғандығына, оның адамзаттың
алғашқы ұлы ақыны екендігіне ешқашан күдік келтірмес еді, деген
реплика тастаған. Содан беpi. Бёттихер оның өліспей беріспейтін
жауына айналды. Кейін Бёттихер Шлиман жайында бірнеше мақала,
тіпті кітап та жазды. Бұл кітабында ол Ғыссарлық — бағзы заманда
өлгендердің сүйегі өртелген крематорий дегенді айтуға дейін барды.
Генриді пештердің қабырғасын құлатып, Троя жайлы кітабына жалған
жоспарлар мен чертеждер жариялады деп жазғырды.
Енді ол өзінің сандырақтары үшін Микен қазбаларының
материалдарын пайдалана бастаған еді. Бёттихер Генриді салған
жерден алаяқ деп айыптады: жартастың қуысын алдын-ала алтынға
толтырып қойған, онда да көп шығындалғысы келмей «шамадан тыс
жұқа» нəрселер жасаттырған, бұны профессор Курциус бірден
байқады, дегенді айтты.
Ғайбатшылардың үшінші тобы оны жиған дəулетін атаққұмарлық
жолында босқа шашып, рəсуа қып жүрген желөкпе атандырды.
Генриге аздап сыр ашуға тура келді: қазба жұмысына жыл сайын
жұмсалып жатқан елу мың доллар капиталдың өзінен емес, оның
өсімінен алынып жатқандығын, бұдан тіпті семьясының мұқтажын
өтеуге де артылып қалатындығын хабарлады.
— Сірə, мен де табысқа тым ертерек мастанып кеттім білем,— деп
шағынды Софья. — Трояның өмірде болғандығына сенбейтін
адамдардың бар екенін, олардың көзге ұрып тұрған фактілерге
қарамастан теорияларыңды мойындағысы келмейтінін түсінуге
бейілмін. Бірақ, Микендегі патша қабірлері, сол дəуірдің дəстүрлеріне
орай олардың алтынға сықасып жатқаны атамзаманнан белгілі нəрсе
емес пе? Жəне қазбаның барысын грек үкіметі бақылап отырғаны да
жұртқа мəлім. Ғажайып алтын маскаларымызды, диадемаларымызды,
кубоктарымызды мұқатудың Курциусқа қанша қажеті болды екен?
Генридің ашуы тарағанымен, түксиген кейпі өзгермеген.
— Курциус зайыбын қазбаларымызды даттауға айдап салады-ау
деп ешқашан ойламағам. Қызғаныш пен көре алмаушылық қой. Енді
Археологиялық қоғамдағылар: Шлиман отыз фунт алтынына қосып
отыз қап жаманат ала келді дейтін болды.
Софья өзін өте бір нəзік жанмын деп есептемейтін. Оның
денсаулығы Троаданың жағымсыз ауа райына да, Қыбұлақ пен
Ғыссарлықтағы ауыр тұрмысқа да қайыспаған. Сүйектен өтер суық жел
мен жаңбыр кезінде де, ми қайнар ыстықта да тəулігіне он бес сағаттан
жұмыс істей алатын. Ерік күші де жетершілік еді, қандай жағдайда да
солқылдақтық таныта қоймайтын.
— Жаным мен тəнім сау, бірақ жүйкем жұқарып кеткен,— деп кейіді
Софья.
Тиісу, табалау, жазықсыз жазғыру, «дарынсыздар», «шала
сауаттылар», «алаяқтар», «ғылым тəніне жабысқан қан сорғыш
сүліктер», «нағыз ғалымдардың қолына су құюға жарамайтын даңқ
құмарлар мен даңғойлар» деген сықылды ар-намысты қорлайтын
сөздер... Софья өзін дүлей дауылға тап болған желқайықтай сезініп
жүрді. Генри ашу-ызаға толы жауап жазу арқылы шерін тарқататын.
Ал, бұл Софьяның қолынан келмейтін. Ə дегенге, мə деушілік оның
мінезіне жат нəрсе болатын. Оған қоса Генри жұмысқа да басы бүтін
беріліп кеткен-ді — Микен жайлы кітапқа арналған жүздеген суретті
əзірлеп болып, «Стаматакис есімді чиновник» тапқан олжалар жайлы
соңғы тарауды жазып жатыр еді. Ал, Софьяға шұғылданатын шаруа
қалмаған: шаруашылықты Яннакис жүргізетін, Андромахамен
Поликсена айналысатын, Плакадан келген аспаз қыз дəмді етіп тамақ
əзірлейтін.
Софияның бойын енжарлық басып, тəбетінен айрылды. Генридің
«бірдеңе қаужап, бір бокал шарап іш» деген үгітіне де илікпеді.
Ұйқысы қашып, жүдеп кетті. Бір күні түскі тамаққа үйіне оралған
Генри оның төсек тартып жатқанын көріп, қатты шошыды. Кереуеттің
жанына отырып, білегінен ұстап, сүйіп алды.
— Көгершінім, шыдай түс, берілме. Бірнеше аптадан соң Англияға,
өзімізді сыйлайтын адамдардың арасына барамыз. Сосын мына
жиіркенішті жəйттердің бəрі де түтіндей сейіледі. Бізге қысастық
жасап жүрген кімдер? Оқымысты қызғаншақтар? Бірінің ауызына бірі
түкіріп қойғандай жарыса жамандайды. Ал, қарапайым адамдар бізді
нағыз қаһарман санап, қадір тұтады. Біз мазасыз да қызықты өмір
кешіп жүрміз. Бəлкім, бұл сөзім саған сүйеу боп, көңіліңді жұбатар.
— Оны білемін, Эррикаки. — Софья əлсіз ғана езу тартты. — Соған
бола ұнжырғам түскеніне өзім де ыңғайсызданам. Сəл шыдай тұр, тəуір
болайын, сосын əлі Трояны да қазармыз.
Генри Лондонға Пирейден 18 март күні жүріп кетті. Софья үйде
қалды; ұзақ жолды көтере алмайтынына көзі жеткен. Өтінің
сыздағаны тыйылмай қойғандықтан, өне бойы төсекте жатуына тура
келді. Орынынан тұрудың өзі үлкен күшке түсетін. Оған төртінші
баласын қиналып босанған Катинго көмектесіп жүрді. Андромаха да
ұзамай алтыға толатын; тісеп жүргендіктен қызуы көтеріліп,
мазасызданып кеткен. Бибі Виктория да төсек тартып қалды. «Жүрек
талмасымен ауырғанын айтып үрейлендірмеген жөн. Бір айдай
төсекте жатып күтінсін», деді дəрігер Скиадарасеис. Софья шешесін
жатын бөлмеге, өз қасына алды.
Марттың аяқ шеніне таман Софьяға Британ музейіндегі Чарльз
Ньютон кіріп шықты. Мұқият тегістелген мұрты мен қысқалау шашын
ақ шалайын деген-ді, бірақ, көгілдір көздерінен əлі де жігер оты
ұшқындап тұрған. Онымен қайта жүздесу, қонақ бөлмедегі атлас
диванда қатар отырып əңгіме шертісу Софьяға өте ұнады.
— Шлиман ханым, осының алдында ғана алтындарыңызды көріп
келдім. Ғажап! Керемет! Эрнст Курциустің пікірі қате. Бұл көне
бұйымдарды Агамемнон заманының дүниесі деп толық сеніммен
айтуға болады. Ертең Курциусты банк қоймасына алып бармақшы боп
отырмын.
Бұған алғысын айтқан Софья бəсең дауыспен:
— Немістер Генриді ешқашан қолдап көрген емес, ал ағылшындар
əрқашан қолдап жүр,— деді.
Ньютон оны əкелік мейіріммен қолынан қағып қойды:
— Қымбатты мадам Шлиман, бəріміз де патриотпыз, бірақ
отандастарымыздың озғанын ешқайсымыз қаламаймыз.
Арада екі күн өткен соң профессор Эрнст Курциустың өзі кіріп келді.
Софья оны алғаш көріп тұрған. Қалың ақ шашы тарам-тарам боп
құлағы мен мойынын жауып кеткен, қазан бастау адам екен. Аралары
алшақтау орналасқан көздері кісінің көкейіндегісін бірден біле
қоятындай əсер қалдыратын.
— Шлиман ханым, күйеуіңіздің Микендегі олжаларын сынайтын
мақаланың қырсығы тиіп кетпес пе екен деп қатты алаң боп жүрмін.
Фрау Курциус бұл мақаланы өзіне жолдаған хаттарымның біріндегі
кездейсоқ ескертпеме сүйеніп жазған. Өтінішім бойынша əйелім
осындай мақалалар жазып тұратын — өйткені, өзім «Греция тарихы»
атты кітабыма материал жинап, жылдар бойы Грецияны аралаумен
шұғылданатынмын. Бірақ, бұл орынсыздау нəрсе болды.
— Мақаланың өзі ме əлде «кездейсоқ ескертпеңіз» бе?— деп сұрады
Софья салқын ғана.
— Екеуі де. Микен олжалары жайлы пікірім асығыстау айтылды
жəне жасыратын не бар, аздаған іштарлығымның да болғаны рас.
Мейірбан досыңыз Чарльз Ньютон екеуіміз кеше қоймада үш сағаттай
болып, алтын маскаларды, диадемаларды, көкірек пластиналарын
көріп шықтық. Мен қателесіппін. Бұлар шын мəнінде де көне дүниелер.
Алтын да өзім жазғандай жұқа емес, қалың. Əрі асқан шеберлікпен
өңделген. Жұбайыңыз бен екеуіміздің арамызда титтей де кірбеңдік
болмағанын қалаймын. Мына хатымда пікірімнен бас тартқанымды
жəне кешірім өтінетінімді жаздым. Соны жұбайыңызға салып
жіберіңізші.
Софья жұқа конвертті қолына алып:
— Мұны зайыбыңыздың мақаласы жарияланған газеттің бетінде
айта алмас па едіңіз?— деп сұрады.
— Жоқ, Шлиман ханым, айта алмаймын... Бұл əйелімді ыңғайсыз
жағдайға душар етеді, жағымсыз əңгімелер туғызады. Егер
қателеспесем, доктор Шлиманның Микен туралы кітабы ұзамай
жарыққа шыққалы жатқан көрінеді ғой. Соған рецензия жазып, оны
неміс археология журналдарына бастырмақшы боп жүрмін. Осы
рецензияларымда айыбымды еселеп өтермін деп ойлаймын.
Софьяның иығынан жүк түскендей болды. Курциусқа алғыс
жаудырған ол қонағының шыны аяғына шай құйып берді де:
— Сізге патша қабірлерін қалай қазғанымызды айтайын ба?— деді.
Жақсылықтың ерте-кеші жоқ деген ғой. Арада бірнеше күн өткенде
афинылық
газеттер
бетінде
Генриді
Лондондағы
ежелгі
ескерткіштердің корольдік қоғамы қалай керемет қарсы алғаны жайлы
хабар жарық көрді. Бір газет: «Грецияның бұл адамды лайықты
бағалай білмегендігін мойындауымыз керек» деп ашып айтыпты.
Арада тағы да бірнеше күн өткен кезде Софья «Лондонның
иллюстрацияланған жаңалықтарының» «Шлиман ханымның қазына
қоймасы» жайлы мақала жарияланған санын алды. Онда Софьяның
қазбаға қатысқаны арнайы əңгіме болыпты.
«Көрхананың күмбезі тесік болғандықтан, бұның не нəрсе екені,
жалпы алғанда, бұрыннан белгілі еді. Енді қазір Шлиман ханымның
арқасында
көрхана
тұтастай
аршылды.
Күйеуі
акрополь
қабырғасының ішкі бетінде еңбек етіп жатқан кезде ол ежелгі
заманның осынау ескерткішін зерттеумен шұғылданды...»
Мақаланы оқып отырған Софьяның көзіне жас тығылды. Генри
Шлиманмен бірге өмір сүру, əрине оңай емес. Бірақ, бұл неткен ғажап
өмір десеңші! Əттең, тек оның қазір қасыңда жоғын көрмеймісің.
Бір күні түнде,— бұл май айының іші болатын,— ұйқысыздық пен
You have read 1 text from Kazakh literature.
Next - Грек қазыналары - 33
  • Parts
  • Грек қазыналары - 01
    Total number of words is 3918
    Total number of unique words is 2399
    31.0 of words are in the 2000 most common words
    44.4 of words are in the 5000 most common words
    51.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Грек қазыналары - 02
    Total number of words is 3931
    Total number of unique words is 2343
    33.4 of words are in the 2000 most common words
    47.6 of words are in the 5000 most common words
    54.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Грек қазыналары - 03
    Total number of words is 4014
    Total number of unique words is 2349
    33.3 of words are in the 2000 most common words
    48.3 of words are in the 5000 most common words
    55.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Грек қазыналары - 04
    Total number of words is 3953
    Total number of unique words is 2417
    32.0 of words are in the 2000 most common words
    45.6 of words are in the 5000 most common words
    52.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Грек қазыналары - 05
    Total number of words is 3921
    Total number of unique words is 2376
    31.9 of words are in the 2000 most common words
    45.3 of words are in the 5000 most common words
    51.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Грек қазыналары - 06
    Total number of words is 3944
    Total number of unique words is 2319
    32.8 of words are in the 2000 most common words
    47.1 of words are in the 5000 most common words
    54.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Грек қазыналары - 07
    Total number of words is 3931
    Total number of unique words is 2376
    31.0 of words are in the 2000 most common words
    43.5 of words are in the 5000 most common words
    50.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Грек қазыналары - 08
    Total number of words is 3977
    Total number of unique words is 2392
    32.4 of words are in the 2000 most common words
    46.6 of words are in the 5000 most common words
    54.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Грек қазыналары - 09
    Total number of words is 3988
    Total number of unique words is 2436
    30.5 of words are in the 2000 most common words
    45.0 of words are in the 5000 most common words
    52.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Грек қазыналары - 10
    Total number of words is 3981
    Total number of unique words is 2340
    31.7 of words are in the 2000 most common words
    46.1 of words are in the 5000 most common words
    52.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Грек қазыналары - 11
    Total number of words is 3874
    Total number of unique words is 2337
    32.7 of words are in the 2000 most common words
    46.7 of words are in the 5000 most common words
    53.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Грек қазыналары - 12
    Total number of words is 3901
    Total number of unique words is 2358
    31.3 of words are in the 2000 most common words
    45.2 of words are in the 5000 most common words
    52.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Грек қазыналары - 13
    Total number of words is 4004
    Total number of unique words is 2351
    33.3 of words are in the 2000 most common words
    46.8 of words are in the 5000 most common words
    53.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Грек қазыналары - 14
    Total number of words is 3939
    Total number of unique words is 2302
    32.0 of words are in the 2000 most common words
    45.3 of words are in the 5000 most common words
    53.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Грек қазыналары - 15
    Total number of words is 3901
    Total number of unique words is 2356
    32.4 of words are in the 2000 most common words
    46.8 of words are in the 5000 most common words
    53.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Грек қазыналары - 16
    Total number of words is 3921
    Total number of unique words is 2296
    32.0 of words are in the 2000 most common words
    45.1 of words are in the 5000 most common words
    52.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Грек қазыналары - 17
    Total number of words is 3841
    Total number of unique words is 2450
    30.8 of words are in the 2000 most common words
    43.3 of words are in the 5000 most common words
    50.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Грек қазыналары - 18
    Total number of words is 3926
    Total number of unique words is 2289
    32.8 of words are in the 2000 most common words
    46.8 of words are in the 5000 most common words
    53.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Грек қазыналары - 19
    Total number of words is 3993
    Total number of unique words is 2196
    31.2 of words are in the 2000 most common words
    46.5 of words are in the 5000 most common words
    54.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Грек қазыналары - 20
    Total number of words is 3992
    Total number of unique words is 2259
    34.0 of words are in the 2000 most common words
    49.0 of words are in the 5000 most common words
    56.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Грек қазыналары - 21
    Total number of words is 3908
    Total number of unique words is 2298
    32.1 of words are in the 2000 most common words
    45.7 of words are in the 5000 most common words
    52.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Грек қазыналары - 22
    Total number of words is 3844
    Total number of unique words is 2330
    31.8 of words are in the 2000 most common words
    43.4 of words are in the 5000 most common words
    50.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Грек қазыналары - 23
    Total number of words is 3870
    Total number of unique words is 2275
    32.9 of words are in the 2000 most common words
    45.5 of words are in the 5000 most common words
    52.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Грек қазыналары - 24
    Total number of words is 3867
    Total number of unique words is 2222
    31.8 of words are in the 2000 most common words
    44.9 of words are in the 5000 most common words
    51.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Грек қазыналары - 25
    Total number of words is 3920
    Total number of unique words is 2287
    30.7 of words are in the 2000 most common words
    44.5 of words are in the 5000 most common words
    51.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Грек қазыналары - 26
    Total number of words is 3873
    Total number of unique words is 2264
    32.0 of words are in the 2000 most common words
    44.6 of words are in the 5000 most common words
    51.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Грек қазыналары - 27
    Total number of words is 3887
    Total number of unique words is 2208
    32.6 of words are in the 2000 most common words
    45.7 of words are in the 5000 most common words
    52.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Грек қазыналары - 28
    Total number of words is 3911
    Total number of unique words is 2262
    31.5 of words are in the 2000 most common words
    45.0 of words are in the 5000 most common words
    52.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Грек қазыналары - 29
    Total number of words is 3969
    Total number of unique words is 2122
    33.8 of words are in the 2000 most common words
    46.4 of words are in the 5000 most common words
    53.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Грек қазыналары - 30
    Total number of words is 3934
    Total number of unique words is 2135
    31.6 of words are in the 2000 most common words
    44.7 of words are in the 5000 most common words
    51.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Грек қазыналары - 31
    Total number of words is 3940
    Total number of unique words is 2237
    31.8 of words are in the 2000 most common words
    45.6 of words are in the 5000 most common words
    53.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Грек қазыналары - 32
    Total number of words is 3831
    Total number of unique words is 2235
    32.0 of words are in the 2000 most common words
    44.2 of words are in the 5000 most common words
    52.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Грек қазыналары - 33
    Total number of words is 3900
    Total number of unique words is 2329
    30.7 of words are in the 2000 most common words
    43.8 of words are in the 5000 most common words
    50.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Грек қазыналары - 34
    Total number of words is 3944
    Total number of unique words is 2258
    31.0 of words are in the 2000 most common words
    44.2 of words are in the 5000 most common words
    51.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Грек қазыналары - 35
    Total number of words is 3867
    Total number of unique words is 2261
    30.3 of words are in the 2000 most common words
    43.1 of words are in the 5000 most common words
    49.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Грек қазыналары - 36
    Total number of words is 3792
    Total number of unique words is 2305
    30.0 of words are in the 2000 most common words
    41.9 of words are in the 5000 most common words
    49.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Грек қазыналары - 37
    Total number of words is 3891
    Total number of unique words is 2187
    31.5 of words are in the 2000 most common words
    43.1 of words are in the 5000 most common words
    50.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Грек қазыналары - 38
    Total number of words is 3898
    Total number of unique words is 2318
    29.8 of words are in the 2000 most common words
    43.1 of words are in the 5000 most common words
    49.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Грек қазыналары - 39
    Total number of words is 3537
    Total number of unique words is 2100
    26.8 of words are in the 2000 most common words
    39.3 of words are in the 5000 most common words
    45.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.