Latin Common Turkic

Грек қазыналары - 10

Total number of words is 3981
Total number of unique words is 2340
31.7 of words are in the 2000 most common words
46.1 of words are in the 5000 most common words
52.9 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
екенін көпшілік алдында мойындауға мəжбүр болды. Бұл шатақ грек
күштерінің бірлесе қимылдауына іріткі салып тұрған. Агамемнон
Хрисуді тізе бүктірген кезінде абыздың айдай сұлу қызы Хрисеиданы
тұтқынға алған-ды. Əкесі қызы үшін төлем ұсынады, бірақ патша
абызды мазақтап тəлкек етеді. Сөйткен соң анау Аполлоннан ахей
қосынына індет жіберуді жалбарынады. Індет тоғыз күн бойы
жайлайды. Оныншы күні Агамемнон Хрисеиданы əкесіне қайтаруға
мəжбүр болады. Бірақ, оның орнына Ахиллден Брисеиданы алып
кетеді. Бұл да асқан сұлу қыз-тұғын. Ахилл оны Трояға таяу маңдағы
Фивы түбіндегі шайқаста қолға түсірген жəне оған шынымен көңілі
ауып қалған. Соған долданған Ахилл троялықтармен соғысты
тоқтатам, деп серт етеді. Ахиллмен келіссөз жүргізуге Одиссей мен
Аякс аттанып, Агамемнонның атынан:
Он талант алтын, жалтыраған жиырма лахань;
От шалмаған үр жаңа, үш аяқты жеті қазан;
Он екі тұлпар желбақай бəйгенің алдын бермеген(...)
Бармағынан бал тамған жеті əйел сыйлаймын,
Барша жұртты табындырған көркіменен,Лесбостық
Соларды да беремін; жəне қосып бұларға
Əкеткен қызды қайтарам...
дегенді айтады.
— «Илиаданы» кейде «Ахиллестің ашуы»18 деп те атайды.— Софья
күйеуінің жанына құмға созыла жатты.— Мен, шамасы, миғұла
романтик шығармын. Мысалға, маған дүниедегі ең тұңғыш, ең тамаша
романның еркектің əйелге деген махаббатына арналғандығы айрықша
ұнайды.
. — Екеуіміз де романтикпіз,— деп жұбатты оны Генри.—
Романтиктер əлемнің астын-үстіне келтіреді, ал реалистер қарын
қамынан басқа дəнеңе ойламайды.
Олар балықшы ауыл Құмқаланы кесіп өтіп жайдақ жолға шықты да,
сол арқылы үлкен жолға барып қосылды. Ұзамай өздері өткенде кофе
ішуге тоқтаған
Ренкейге келіп кірді. Қыр бұлақ ауылынан түрік иісі аңқып тұрған
болса, үш жарым мың грек мекендейтін мына қалашықтан грек иісі
аңқып тұрған. Генри жер қазушыларды Ренкейден жалдауды ұйғарған:
мұнда адам көп еді, керек кісілеріңді іріктеп алуыңа болатын, сондайақ ол грек тілін де түрік тілінен гөрі тəуірірек білетін.
— Сонда біз оларды қалай жалдамақпыз?— деп сұрады Софья.
— Əр ауылдың өз отағасысы бар. Əдетте бұлар сақайған, салиқалы,
билік тізгінін арғы аталарынан мұра еткен адамдар. Оны табу онша
қиын емес. Кездескен біреуге шаруаң жайлы əңгіме ұшығын ұстатсақ
болды, анау қас қаққанша қасыңа жетіп келеді.
Біздің заманымызға дейінгі 334 жылы басталған Ұлы
Александрдың жорығынан кейін Кіші Азияның батыс жағалауларында
грек рухы мəңгілік орын тепті. Мұнда қос мəдениет қоян-қолтық өмір
сүріп жатты. Аралас некелер өте сирек кездесетін. Екі қауымның да
тұрмыс дəрежелері деңгейлес болатын. Он тоғызыншы ғасырда
құрылық пен грек аралдарынан ағылған адамдар саны күрт өсіп кетті:
шаруаларды бос жатқан жердің көптігі қызықтырған-ды. Мысалға,
оңтүстікке қарай есептегенде екі жүз мильдей жердегі жақсы өркендеп
келе жатқан үлкен портты қала Смирнада тоғыз мың грек пен бар
болғаны екі-ақ мың түрік тұратын.
Ренкейдегі грек қауымы өз бетінше оқшау өмір сүріп жатқан: мұнда
грек балаларына түрік тілін оқытатын мектеп те жоқ болатын,
аурухана да жоқ еді, тіпті жергілікті өкімет орындары да жоқ-ты. Қой
үстіне бозторғай жұмыртқалаған замандағыдай, қарапайым тірлік еді.
Қысты күні малдарын үйге кіргізіп алатын. Еркектер семьяға нəпақаға
жетерліктей ғана жұмыс істейтін, бірақ темекі егілген танапқа əрқашан
айырықша көңіл бөліп отыратын. Киім киюлерінде де мейлінше:
қарапайымдылық бар-ды. Əдетте, əйелдер некеге тұрғанда киген
көйлегін ғұмыр бойы киіп өтетін. Еркектер де шалбарлары мен
күртелерін жылдар бойы ауыстырмайтын, тесілген, тозған аяқ
киімдерін өздері жамап алатын. Мұндағылар ақша дегеннің не екенін
білмейтін. Əлдебір мұқтаждық қылаң берсе, қожайын (негізінде — көп
ретте қожайынның əйелі) соқасын алып, өгізін жегіп, артық ауыс жерін
жырта қоятын. Сосын бір жексенбіде жүктерін қашырға артқан үй-іші
Шанаққаладағы жəрмеңкеге аттанатын. Мұнда азық-түліктің
артығы киім-кешекке немесе ыдыс-аяққа айырбасталатын.
Айтқандайын, Генридің алғаш кезіккен біреумен əңгіме бастағаны
сол-ақ еді, ауылда бөтен біреулер барын біліп қойған отағасы жау
шапқандай жетіп келді.
Бұл орта жастардағы адам еді. Ашаңдау бетін ақ қылтан жауыпты.
Төбесіне де ақ қырау қонақтай бастапты. Киген киімі денесінің терісі
іспетті туғалы үстінен түсіп көрмегендей əсер қалдырды. Азын-аулақ
тістері трубкадан сарғайып кетіпті. Бірақ, тəжім етуі тым-тым
салтанатты шыққаны Софьяның назарынан қағыс қалған жоқ. Олар
аттарынан түсті.
— Мырза бірдеңе іздеп жүр-ау?— деп сұрады отағасы шырылдаған
жіңішке дауыспен.
— Маған жер қазушылар керек еді.
— Құрметті сэр, уақыт оздырып алдыңыз ғой — сүдігер көтерілгелі
қашан. Енді тек көктемде ғана қазасыз.
Бірнеше қадам жерде кішкене кофехана бар-ды. Ішіндегісін
əлдеқашан ішіп болған бос ыдыстарын былай қойып, жырым-жырым
карталарын қолдан қолға ауыстырып жатқан келімсектер олардың
əңгімелеріне құлақ тігіп тұрған.
— Мен бірдеңе егу жайлы ойдан аулақпын. Менің жер қазғым келеді.
— Сонда мырза қандай жерді қазғысы келеді?
— Жотаны. Ғыссарлықты.
— Ə-ə, қамалды ма. Бірақ, онда ешқандай қамал жоқ қой. Онда тек
қойлар мен ешкілер ғана бар ғой.
Ойыншылар карталарын былай тастап, бар зейіндерімен тыңдап
қалды.
— Бұлар да бүкіл Аттикадағы гректер сияқты екен,— деді Софья
сыбырлап.— Сен оларға енді ештеңе айтпа. Бəрібір түсінбейді, тіпті
шошып кетулері де кəдік. Өз шартыңды хабарла да қой.
Генри басын изеді. Елегізіп қалған жұртты қол бұлғап шақырып,
шартын жариялады.
— Əр жұмысшы күніне тоғыз пиастрдан алады. Жұмысты таңғы
сағат бес жарымнан кешкі бес жарымға дейін істейміз. Сағат тоғызда
— таңертеңгі асқа жарты сағаттық үзіліс, сəскеде — түскі ас пен темекі
тартуға бір жарым сағаттың үзіліс беріледі. Құрал-жабдық қажет емес,
бəрі өзімде бар. Қанша адам келе алады?
Отағасы көне тоз қалпағын шешіп, кір-кір кетік тырнақтарымен
басындағы бес тал шашын ұйпалап қойды. Қалғандары бір-біріне көз
тігіп, үнсіз тұрып қалды.
— Бұлар неге үндемейді? Ғұмырында күніне тоғыз пиастр тапқан
ешқайсысы жоқ қой,— деді Генри.
— Олардың үндемей тұрғандары да сондықтан. Грек шаруалары
жалпы бөтен адам атаулыға сенімсіздікпен қарайды. Ал, біз, əсіресе,
сюртук киіп, галстук таққан сен, мына түрімізбен оларға мүлдем жат
жерлік сияқты көрінеріміз анық. Маған рұқсат етші: олармен ауызекі
тілде сөйлескен жөн сияқты.
Софья олардың өздеріне етене тілдерінде сөйлей жөнелгенде
жағдай да өзгеріп сала берді. Сегіз адам таң елең-алаңнан Ғыссарлыққа
баруға тілек білдірді.
— Маған көбірек керек еді,— деді Генри.
— Қанша?— деп сұрады отағасы.
— Мысалға, жұмыстың ыңғайына қарай елу, жетпіс бес...
— Мына сегізі бастап көрсін. Алғашқы күнге төленетін еңбек
ақыларының тең жартысын маған қазір беpiп қойыңыз. Кейін
жұмыстың соңынан есеп айырысатын боласыз,— деп шешті отағасы.
Генри шиланын шығарып, тиісті пиастрларын санап алды да,
əкімнің қолына тапсырды.
— Егер ертең мыналар қанағаттанып қайтса, онда сəрсенбі күні
жұмысшыларыңыздың саны бұдан əлдеқайда көп болады.
Софья оларға криттіктер ишаратымен рақмет айтты. Жұрт жайраң
қағып, бұлардың қолдарын қысып жатты... Тек еңгезердей біреу ғана
жуымай аулақтау тұрды. Оның салбыраған қою мұрты бар-ды, келбеті
— көзі кідірген адамның жүрегін кілт еткізетіндей қорқынышты еді.
«Құдай рақымын беріп, мынау манағы сегіздің ішіне кірмейтін
шығар», деп ойлады Софья, бойы дір етіп.
Қайтар жолда Генри ат үстінен созылып, оны қолынан ұстады:
Көмегің үшін көп рахмет, жаным. Сен маған ауызекі тілді үйретесіңау деймін. Онсыз болмайтын түрі бар. Ал, мен саған оның ақысына
түрік тілін үйретейін.
Софья оянғанда төңірек тас қараңғы болатын. Генри оны иығынан
жұлқылап жатыр екен.
— Немене? Не боп қалды?
— Ештеңе де болған жоқ. Аттарды ерттеп қойдым. Суға түсуге
барамыз.
— Түн ортасында ма?
— Сағат төрт болды. Жеткенімізше күн де көтеріледі. Саған
шомылған пайдалы.
— Ұйқы одан да пайдалырақ.
— Ақылдым-ау, сен өз отандастарыңның: «Теңізге шомылу —
теңіздей денсаулыққа кенелу» деген нақылын ұмытып та үлгергенсіңау, шамасы.
— Рақмет, сенен кенелгендерім де бір басыма жетіп артылады. Өзің
бар да шомылып кел, мені мазалама.
— Ең болмаса бір рет байқап көрсеңші.
Софья ер үстінде ерсілі-қарсылы шайқатылып, Скамандрдың
сағасына жеткенше ұйқыдан көзін аша алмай келді.
Генри шешініп, суды шалпылдата жүгіріп барып қойып кетті де,
ұзамай алакөлеңке арасында көзден таса болды. Үстінде асығыс
ыңғайластырыла салған шомылу костюмінен басқа ештеңе жоқ Софья
тұла бойы қалтырап аяғын суға əрең батырды. Енді шегінетін жол жоқ
еді, ең болмаса бір сүңгіп шығуы керек. Тізесінен келетін жерге шейін
барып, отыра қалды да, төсі мен иығын шылады. Жанға жайсыздау осы
міндетін орындап бола салысымен жағаға қарай оқтай атылып, одеял
тəрізді жалпақ орамалға оранып алды. Сосын жылы киімдерін киіп,
шəлісін жамылды. Генри теңізде жарты сағаттай шомылды. Екпіндей
құлаш ұрып, тым алыс кеткені соншалық, Софья одан көп уақытқа көз
жазып қалды. Міне, енді ол да жағаға шығып, түкті орамалмен сүртініп
алды. Денсаулығында қылау жоқ адамның тəні қандай сұлу
болатындығын Софья өмірінде тұңғыш рет сонда ғана көрген.
— Əбден шыныққаның көрініп түр. Қазір сенің қаның суықтың
өзінен де суық шығар,— деді Софья.
Есектерін ақырын аяңдатып сегіз жұмысшы бес жарымда келіп
жетті. Олар жолда екі сағат жүрген-ді. Арғы тегі осы араға таяу
маңдағы Самофракиядан, Лемнос пен Лесбостан шыққан адамдар
болғандықтан бұлар да тумысынан аралда өскен гректердей үстеріне
балағы балтырмен балтыр боп тұратын тар балақ кең шаровар, ақ
ұйық, ақ көйлек, шолақтау кең күрте киіп, белдерін жалпақ мата
белбеумен буыныпты. Бастарында тақия. Тек тұмсығы қайқиған аяқ
киімдері ғана Түркиянікі.
Софьяның өкінішіне қарай бұлардың арасында кешегі мұрты
едірейген сомадай грек те бар еді. Софья одан аулақ жүрмек болды.
Өткен жылы Генри үстірттің солтүстік-шығыс бұрышын бірнеше
күн қазғанында қалыңдығы алты фут тас қабырғаға кезіккен. Кеше
таңертең жотаны шолған кезінде ол Софьяға қазатын орынды дұрыс
таңдамағанын мойындаған. Енді солтүстік-батыс шетке таман жердегі
еңістіктен қазбақшы еді. Бұл арада мыңдаған жылдар бойы
қалыптасқан қалың шөгінді қабаттар бар деп есептеген.
— Генри, мұнда ондай еңкіштер өте коп қой!
— Оның есесіне жотаның биігі осы жақта. Тұрған орынының
тиімділігі мен қол жете қоймайтын қиындығы бұл араның
акропольды, патша сарайын, зəулім күзет мұнарасын жəне
цитадельдің қалың қабырғаларын орнатуға іздесе таптырмайтын жер
екенін көрсетіп тұр ғой.
Софья Ғыссарлықтың Генри əзірлеген картасына зер салды.
— Маған мынаны түсіндірші. Сен шайқастар мен жекпе-жектер міне,
мына жерде: жотаның етегі мен — бұл араның теңіз деңгейінен
биіктігі жиырма төрт фут екенін көрсетіпсің — Симоис жəне Скамандр
өзендерінің құйылысу аралығындағы үшбұрышта өтті, дейсің. Бірақ,
оларға солтүстік беткейде соғысудың не қажеті болды екен? Өйткені
оларға,— Софья картаға үңілді - бұл арада 45 градусқа тік өрлеуге тура
келеді ғой. Оның үстіне жоғарыда бой жетпес биік қамал бар. Шығыс
пен оңтүстік жақтың жолы бұдан əлдеқайда жеңіл, ондағы беткейлер
де жайпақ. Қамал қабырғаларына өрмелеп шығу амалының мүлдем
аздығына қарамастан, ахейліктер неліктен өне бойы солтүстік жақтан
шабуылдауға тиіс?
Генри көп ойланған жоқ.
Трояның достары да, одақтастары да көп-ті. Гомер осынау
тайпалардың
ұзын-шұбақ
тізімін
келтіреді:
мидиялықтар,
фракиялықтар, фригиялықтар, жүрек жұтқан жауынгер əйел —
амазонкалар. Бұл тайпалардың жекелеген батырлары мен көсемдері
əскери күймеге мініп немесе қолына жалақ найза ұстап, ахейліктерге
қарсы майдан алаңына шыққан-ды. Бірақ, олардың басты міндеті
жаңағы жеңіл жолдарды: Скей қақпасы мен басқа да қақпаларды, бүкіл
оңтүстік беткейді гректерден қорғау болатын. Оның үстіне ахейліктер
де өз кемелері мен лагерьлерін көзден таса қылғылары келмеді. Қаружарақ пен əскери күймелер шығынын толтырып отыру, азық-түлік
тасымалдау да жеңілге түсетін.
Жұмысты бастайтын уақыт жеткен. Бұларда сегіз француз қол
арбасы, бес қайла, он шақты ағаш күрек пен елу екі себет бар еді.
Гомердің Троясы табиғи жотаның үстіне тұрғызылған қамал
болғандықтан құрылық деңгейінде қазудың қажеті жоқ деп түйді
Генри. Беткеймен қырық футтай жоғары көтерілгені жөн. Солтүстік
беткей тікенекті бұта, қураған ағашқа бытысып жатқандықтан
өздеріне шаппашоттармен жол салып отыруларына тура келді.
Жабысқан тікенектен əбігері шығып, үстіне киген ұзын жүн көйлегіне
айтпаған қарғысы қалмаған Софья топтың соңында келе жатты.
Жотаның төбесіне алпыс футтай қалған кезде Генри тоқтап, осы
қалай деген ең қайратты төрт жұмысшыны іріктеп алды да (бұлардың
ішінде əлгі сомадай неме де бар еді), ені он төрт футтық тайыз
траншея қазуға əмір етті. Екеуі себеттерге топырақ толтырып, екеуі
оны төмен тасып тұратын болды. Генри траншеяның енін іргелеп екі
қазық қағып, оған жіп байлады. Сосын жұмысшыларды жалғыз аяқ
жолды жоғары қарай жалғастыруға, жолшыбай кезіккен бұталарды
отап қайтуға жұмсады да, соған қатар-қатар етіп қазық қақтырды.
Артынан өзі сол қазықтарға жіп тартып, қазылатын жердің көлемін
нақтылап берді.
Софья жұмыстың əр кезеңі қанша уақыт алғанын күнделікке жазып
қойды. Жотаның солтүстік беткейінің картасын түсірді. Алғашқы
шурфтың орыны мен биіктігін белгіледі. Генри бұған қоса шығарылып
жатқан топырақтың сипатына да көңіл бөлу қажеттігін ескертті.
— Шөгінділер аяқталып, құрылық қашан бой көрсететінін білу үшін
бе?
— Əрине сол үшін. Бізге кептеген мəдени қабатты көктей өтуге тура
келеді.
— Құрылық қандай тереңдікте жатыр деп ойлайсың?
— «Бұл шөгінділердің қалыңдығына байланысты. Шурфымыз
қырық футтық биіктен қазылып жатыр. Траншеяны жоғары қарай
тартамыз. Жоғары өрлей отырып, оны он-он бес футтай тереңдетеміз.
Менің ойымша, отыз фут тереңдікке барғанда ғана құрылыққа жетеміз
ғой деймін.
— Түу, тіптен адамның басы қатып кетеді екен!
— Қататын түк те жоқ əлі,— деп күңк етті Генри.
Қара шашағы бар қызыл тақия киген дəу жігіт үнемі аулақтан
орағытып жүрді. Обалы не керек, қайланы қолына ұстаса жұмысты
жандырып жібереді екен. Ал, Софьяның жанынан өтуге тура келген
жағдайларда басын төмен түсіріп жіберетіні өз алдына, көзін де тарс
жұмып алатын.
Үзілісте Ренкейден келген жұмысшылар шуаққа шығып, бірдеңе
қаужаған болды да, темекі тартып алған соң, көз іліндірмекке отырған
жерлеріне қисая кетісті. Генри мен Софья əріректен бір тегістеу жер
таңдап, ықтияттылық жасап Константинопольдан сатып алған
брезенттерін төсеп, Драмали ханымның дайындаған тамағын ортаға
қойды. Ешкінің еті — егер бұны ешкінің еті деуге болатын болса — тіс
батпайтын қу шандыр боп шықты.
Софья сыр білдірмей бағайын деп еді, бірақ Генри өз үлесін былай
ысырып қойды.
— Қытайда да болдым, Жапонияда, Мысырда, Мегопотамияда,
Үндістан мен Явада да болдым. Жемеген тамағым жоқ. Кептірілген
құмырсқаларды да, балықтың көздерін де жедім... Бірақ, дəл
мынадайды ешқашан аузыма алмағам. Бұны қандай тағам деп атауға
болар екен?
— Оған бас қатырмайық. Лақтырып таста. Шанаққаладан ала
шыққан азын-аулақ бірдеңем бар еді. Тек өзек жалғап алам демесең
жұмырыңа жұқ бола қоймас.
Софья зəйтүн, сүтсірне, тұздалған сардина жəне кептірілген інжір
салған буыншағын шығарды. Өткенде ол Ренкейден помидор сатып
алған. Сондай-ақ, азын-шоғын үйде əзірлеген печеньесі де бар-ды.
— Мəссаған!— деп мəз болды Генри.— Саған осы сиқыршы міндетін
жүктеген жөн-ау.
Дəл осы сəтте олардың жанынан əлгі сомадай неме сопаң етті.
Тақиясын шешіп, бас иіп құрмет көрсетті де, ыңғайсызданған кейіпте
сөйлеп кетті:
— Қожайын, менің атым Яннакис. Ертең 35 жұмысшы келеді.
Олармен кім есеп айырыспақ? Сіз күнбе-күн төлеп тұрам дедіңіз. Мен
грекше де, түрікше де оқып, жаза білем. Есеп те жүргізе алам. Мені
мердігер жəне қазынашы етіп белгілесеңіз қайтеді?
Қой аузынан шөп алмайтын момынның қалайша қасқыр кейпін киіп
жүргеніне таңырқаған Генри:
— Сонда, əділін айтқанда, нендей іспен шұғылданғыңыз келеді?—
деп сұрады.
— Сіз маған бір дəптер бересіз. Мен оған жұрттың аты-жөнін қай
жұмыс күні екенін жазып қоям. Жұмысқа шыққан адамның тұсына
белгі соғам. Сізге қанша адам келгенін хабарлаймын. Кешкісін маған
соншама рет тоғыз пиастрдан бересіз. Мен оны бас-басына үлестіремін
де, тұстарына тағы да белгі қоям. Константинопольдағы верфьте
осылай еткенбіз.
— Мердігер де өзі, қазынашы да өзі,— деп шотқа салды Софья.—
Генри, біз көп уақытымыз бен күшімізді үнемдейтін тəріздіміз.
Бірақ, Яннакистің тағы бір жасырып қалғаны бар екен. Сорайған
бойын қазықтай қаздитып, қақпақтай жауырынын жазды да, мұртын
едірейтіп жіберіп:
— Оған қоса мен тамақ та пісіре аламын!—деп мəлім етті.
Яннакис Шлимандардың мына жотаға неліктен байланып
қалғандарына мүлдем ақыл жеткізе алмаған. Əйткенмен, өз
жерлестерінен бір өзгешелігі, бұларды «палавос»— делқұлылар деп
есептемеген.
Келесі күні таңертең сағат бес жарымда Яннакис Ренкейден 35
жұмысшы ертіп келді. Бұларды қызықтырған басты нəрсе — еңбек
ақыларын кешкісін қолма-қол алатындары еді. Софья үйден жол-жол
етіліп сызылған дəптер, қалам-сия əкелген. Басынан тақиясын
сыпырып, еңкейе тəжім еткен Яннакис жаңа жұмыс жарақтарын алғыс
жаудыра қабыл алды. Сосын өзіне еріп келгендерді тез-тез тізіп
шықты. Келесі минутта қайласын құлаштай бұлғаған Яннакис тау
текедей орғып беткеймен жоғары өрлеп те бара жатты. Оның
алдындағы жұмысшылар бұталарды шауып, ағаш құлатуға кірісіп те
кеткен.
Генри жотаның төбесіне қарай — бұл алпыс ярдтай ғана жер-тұғын
— тереңдігі бір-ер футтай тайыз траншея тартпақ еді. Өзі есебі
бойынша Троя бастиондарының тап үстінен шықтық-ау деген
мезгілде:
— Міне, енді осы арадан төмен қарай үңгиміз,— деді.
Беткейде құмырысқадай қаптап жүрген отыз бес жұмысшыға сегіз
қол арба мен он шақты күрек қайла аздық ете бастады. Генри он бес
жұмысшыны топырақты төменге себетпен тасуға бөлген. Бірақ, түгіп
шығу көп уақыт алатын. Траншеяның қос қапталын қалың бұта мен
тікенекті қара бүлдірген басып жатқан, оған қоса тастар мен аяқтан
шалатын бұтақ, тамырлар да мол болатын.
— Бəлкім, траншеяның қапталдарындағы қорысты отап тастау
керек шығар?
— Қажеті жоқ. Алты футтай тереңдікке жеткенімізде себетті
арқанмен тарту күшке түсе бастайды. Сол кезде қол арбаны траншея
ішімен еңіске қарай итеріп, қазба шетіне барған соң топырақты төмен
лақтырып жіберетін боламыз.
Сағат тоғызда, таңертеңгі асқа үзіліс жарияланған кезде Георгий
Саркис төбе көрсетті. Ол Қыбұлақта қонып шыққан. Ұйқысы қанбағаны
көрініп тұр. Бұл өзі,көздері бақырыштай терісі сырқат адамның
терісіндей сарғыш тартқан орта бойлы жігіт еді. Қолында Яннакистің
дəптеріндей дəптері бар. Оттоман музейі тиісті үлесінен құр қалмас
үшін бұған Шлимандардың тапқан олжалары күнбе-күн жазылып
отырылмақшы.
Жігіттің жолы болмағаны көрініп-ақ тұр. Шанаққаладағы жанға
жайлы, бауыр басқан орнынан айырып, ит байласа тұрмайтын
түкпірге жібергендерін қарасайшы,— деді Генри оған жаны ашып.
Иə, түрі кісі түңілерліктей. Бейне бір: «Мен ғой армиянмын. Бірақ
түрік қызметкері атанам. Өзім неміс, орыс, ағылшын мырзасы мен
əлдебір грек бикешінің жұмысын бақылап жүрмін. Ал, енді осында
қандай мəн-мағына бар?!» деген жалғыз ой жер-жебіріне жетіп
болғандай.
Əзірше олжа ілігіп жатпағандықтан, Саркис тесірейіп тұрып алмай,
төңіректі аралап қайтты. Бұл мақсатсыз жүріс еді, бірақ мағынасыз
емес-ті. Бір орында тапжылмай тұрғаннан гөрі əрлі-берлі жүрген кезде
уақыт тезірек өтетін сияқты көрінетін. Генридің жалпақ алтын
сағатынан бір-екі рет уақыт біліп алған Софья өз күзетшілерінің
траншеяға шамамен жарты сағат сайын оралып тұратынына көз
жеткізді.
— Ол бізге онша көп қолбайлау болмайтын сияқты,— деп жұбатты
Софья Генриді.— Оның жалғыз арманы — қара жаңбырлардың бізді
бұл арадан тезірек қуып жібергені ғана.
— Жалпы, мұндай қамқоршы неге керек? Бұл жерден мені не
табады дейді екен? Тастан салынған сарайларды, ғибадатханалар мен
мұнараларды, айталық, қамал қабырғаларын табармын... Ұлы уəзірдің
тас кесектерді Константинопольға таси қоймайтыны анық қой!
— Құдай оны басқа салмасын!— деп көңілсіз езу тартты Софья.—
Пəрменде олжаларды жеткізіп беруге кететін жол шығынын өзің
өтеуге тиісті екенін жазылған ғой.
Генри ызадан дір-дір етті.
— Қандай ақымақ едім! Осы сөйлемді саған өзім оқып, аударып
беріп ем ғой — ойлансам нетті!
— Сабыр ет: сен маған тас қабырғалар in siti19 қалады дегенсің.
Кешке таман оларға тұңғыш олжа тап болды. Софья траншеяның
жоғарғы жағында тұрған. Толыңқырап қалған себетке жұмысшы соңғы
күрек лақтырған мезетте Софья топырақ арасынан əлдененің жылт ете
түскенін байқап қалды. Жер қазушы себетті жоғары əперді де,
тасушылар оны қағып алып төмен қарай томпаңдай жөнелді. Софья
ілесе жүріп, топырақты қопсытып, төрт-бес теңгені іліп шықты.
Ғасырлар бойы қатталған кір мен ласты тырнағымен тазартып,
бұлардың мыстан немесе қоладан соғылғанын аңғарды.
— Біздің алғашқы олжамыз!— деп айқайлап жіберді зор мақтаныш
пен қуанышқа кенелген Софья.
Генри де таяу маңда, жер қазушыларға траншеяны тереңдетіп, алты
футқа жеткізіп, жотаның төбесіне қарай өрлеген кезде осы тереңдікті
сақтап отыру жөнінде нұсқау беріп тұрған. Өзін шақырып жатқанын
естіп, қуаныштан мəз-мейрам болған Софьяға қарай асықты.
— Саған не болған, Софидион? Трояны тауып алғаннан аманбысың?
— Енді мен де археологпын! Арсакейонда диплом алғаннан бері
мұндай толғанысты сəтті бастан кешсем не дейсің!
Соны айтып Софья оның алақанына теңгелерді төге салды. Генри
бір-екеуін тырнағымен шұқылап көрген соң, бəрін де дымқыл
шүберекпен сүртіп алды. Біріншісінде үш айдарлы дулыға киген
Афина бейнеленіпті; екінші қола бақырда Ромул мен Ремді емізіп
жатқан қасқыр бейнесі бар екен; бір теңгеде қолына лира ұстаған, ұзын
хитон киген Аполлон кескінделіпті; келесісінде, шамасы, бес қаруын
асынған Гектор бейнеленсе керек.
Мұндай бақырларды Софья Неаполь мен Рим музейлерінен, Афины
кітапханасынан көрген. Генри оны нумизматика стендісінің алдында
сағаттар бойы ұстап, теңгелердің жасын, таралу ареалын, қалыпта
құйылғанын немесе қолдан соғылғанын анықтауды үйреткен. Сол
кезде аяғына айрықша салмақ түскенімен қазір сонда алған сабағы
үшін айтар алғысы шексіз болатын.
— Генри, мына екеуін танып тұрмын. Мына Аполлон Жаңа
Иллионнан ба еді? Ол осы жерде, христиан дəуірінде тұрған грек
қаласы емес пе?
— Дұрыс айтасың. Афина бейнеленген мына бақыр да грек ақшасы.
Сірə, Троада Александриясынан шығар. Бұл қала оңтүстікте, осы
арадан елу мильдей қашықта орналасқан-ды. Оны Александрдың
қолбасшысы Антигон салдырған.
— Ал, Ромул мен Рем мұнда қайдан тап болған?
— Кəдімгідей. Римдіктер Сигей қаласының іргесін қалаған-ды —
Троя жазығын аралаған кезде мен саған оның тұрған орынын
көрсеткем. Кезекті бір провинцияны жаулап алған соң римдіктер
мұнда өз теңгелерін жə болмаса теңге құятын қалыптарын алып
келетін.
— Троялық теңгелерді тапқан кезімізде олардың ақшалық құнын
айыра алар ма екенбіз?
— Əй, білмеймін-ау. Гомердің шығармасында троялықтар да,
ахейліктер де тек айырбас саудамен шұғылданды. Тұтқын қыз,
мысалға, төрт өгізге бағаланады.
Софья ойланып, қабағын жиырды.
— Ахейліктерде алтын таланттары болған еді ғой...
— Тек таланттар ғана ма! Жан досы Патроклдың асын берген кезде
Ахилл əскери күймелер жарысында жеңіп шыққанға алтын үш аяқ,
жаяу жарыстан озғанға — «күмістен жасалған көркем ыдыс»,
жұдырықтасудан жеңгенге — кубок сыйлайды. Ал, садақшыларға
«қара темір: екі жүзді он айбалта, он жай айбалта» береді.
Троялықтардың асқан бай болғаны мəлім. Жекпе-жекте жеңілген
Адраст Менелайдың аяғын құшып:
О, Атрид, қисаң маған өмірді, алар едің мол сыйлық!
Əкем үйі — қазынаға қайысқан,
Алтын да көп, мыс та көп,
сансыз — темір бұйымдар...—
дейді. «Гектордың өтемі» деген тарауда Приам
Жатын бөлме — хош иісті сарайға,
Биік етіп самырсыннан салдырған,
Қазына толы мекенге...
қарай бара жатады.
— Генри, мына теңгелерді ескерткішке алсам қайтеді? Ал, Саркиске
кейін тағы да тапқан кезде берерміз.
— Ала ғой. Бірақ, тек табылған орыны мен тереңдігін көрсетіп,
конвертке салып желімде де, күні мен айын жазып қой.
Генри Яннакиске ақша салатын қалталары бар белбеу сыйлады.
Бұны Константинопольдан сатып алған. Жұмыстың аяғына қарай оған
төлеуге тиісті сомасын санап беретін. Бірнеше күннен кейін Яннакис:
— Қожайын, ертең жұрттың күндегіден көп келуі мүмкін. Қанша
адам əкелейін?— деді.
— Егер жұмысқа ынталы жандар болса қанша əкелсең де ықтиярың,
Яннакис. Сексен адам əкелсең де қой демеймін. Мына қоқысты тазарту
оңайға түспейін деп тұр.
— Дəптер бойынша төлемді бірнеше қайтара тексеріп шықтым.
Бірде-бір пиастр артық, не кем емес. Сосын кеше бір қызық жағдай
болды: Яннакис біздің барлық кірімізді жинап, үлкен себетке сықап
алды да, ясууға үйіне алып кетті,— деді Софья кешкі астың үстінде.
— Алтын адам. Ертеңнен бастап оған отыз пиастрдан төлейтін
боламын. Бұл жерде бұндай ақша деген ұйықтасаң түсіңе кірмейтін
нəрсе. Жəне оны десятник етіп тағайындаймын,— деді Генри.
Бірақ, бұл құрметтен Яннакис ат-тонын ала қашты.
— Қожайын, өмірімде жан баласына əмір жүргізіп көрген адам
емеспін. Бұлардың бəрі де аға-інілерім, апа-қарындастарым, достарым
ғой. Бəріміз бірге жұмыс істеп жүрміз. Жоқ, бұл маған қол емес. Əйелім
де, балам да жоқ — біреуге билік жүргізу қолымнан келмейді.
Генри бұрынғыша төртте тұрып, теңізге шомылып жүрді. Софья
өзін мұншалықты ерте тұрғызбауын өтінген. Бірақ, сағат бесте Генриге
ыстық кофе əзірлеп, хининнің төрт граны мен түскі астарын түйген
буыншақтарын дайын қып қоятын.
Жұмыстан соң Софья жоғарыдағы екінші бөлмелеріне барып үлкен
шылапшынға шомылып алатын. Бұны олар өздерінің жұмыс бөлмесіне
айналдырған. Дөрекілеу жасалған бір үстелдері бар-ды. Қыбұлақтағы
күйдірілмеген кірпіштің үстіндегі жабындыдан бір тақтайдан
жымқырып, Генри сөрелер жасап іліп қойған. Олар түннің бір уағына
шейін отырып хат жазатын, бүгін нендей іс тындырғандары, қанша
адам жұмыс істегені, қанша пиастр төленгені жайлы есеп-қисап
жүргізетін.
Терезелерінің қақ алдындағы құс қораның мүңкіген сасық иісін жою
үшін Софья күнде кешкісін көпшіктеріне одеколон себетін. Бірақ, одан
бұрын күндіз өрген қандалаларды жоюдың міндетке айналған рəсімі
орындалатын: матрасқа екі жағынан бірдей май жағылып,
медициналық спиртпен сүртілетін. Бұдан соң да Софья талай уақытқа
шейін таза сейсептер мен одеялдарды жаюға жүрексініп тұратын.
Драмали ханымның пісірген тамағын бұлар онша сүйсініп жей
қоймайтын. Үсті ашық ошағы бар, жер еденді ас үй таза болғанымен
мал қораның мұрын жаратын иісінен ішкен астары бойларына
батпайтын. Тамақты жұмыс бөлмелеріне əкеліп ішетін. Ауылда бір
жадау дүкен бар-ды, бірақ онда сатып алатын ештеңе жоқ еді. Софья
күнде таңертең Яннакис үйінен келетін жаңа піскен жемістер мен
помидорларды, нан мен сүтсірнені талғажау етіп жүрді. Кейде тауық
балапаны мен бағылан табудың орайы туатын. Бұларды Яннакис
Драмалидың ауласында істікте шыжғырып, жұмыс орынына ыстықтай
жеткізіп беретін. Бұндай күндері олар бір жетісіп қалатын.
Софья арықтап, қыз күніндегі сымбатын қайта тапты. Ал, Генри
бұрынғы сыптығыр қалпын сақтап қалды.
«Оның он сегіз сағат бойына тыным таппайтыны тамақтан емес.
Бұның да бойында сағаттың серіппесіндей серіппе бар»,— деп түйді
Софья.
Траншеяның тереңдігі алты футтан асқан кезде Генри төбесінде
орасан үлкен қойтас жатқан римдік қабырғаға кезікті.
— Не себепті бұны римдік дейсің?— деп сұрады Софья.
— Себебі тастар цемент ерітіндісімен бекітілген. Бізге бұның қажеті
шамалы.
Беткейге тереңдей енген траншея, алға, жотаның басына қарай
үздіксіз жылжып бара жатқан. Яннакис күн сайын жаңа адамдар ертіп
əкелетін. Ұзамай Ғыссарлық құмырсқа илеуінен аумай қалды: оның
солтүстік беткейінде сексен адам жұмыс істеп жүрген болатын. Құралжабдық жетіспей жатты.
Бір күні, алғашқы апта аяқталып қалған шамада, асып-сасқан Генри
Софьяны жанына шақырып алды. Қашалған тастардан салынған
құрылыс
қалдықтарын
ұшыратыпты.
Бірсыпыра
жерінде
байланыстырғыш ерітінді жоғы байқалады. Генридің қуанышында
шек болмады. Бұның Афина ғибадатханасының жұрнақтары боп
шығуы да ғажап емес еді. Ендеше, бұның астында Троя
ғибадатханасының өзі жатуы да əбден ықтимал. Бірақ, мына дəу
тастарды не істеу керек?
— Сірə, қазып алып, бір жаққа жытыру керек шығар. Босқа бөгет
жасайды,— деді Генри күрсініп.
— Бұлардың онша маңызы жоқ па?
— Бертініректе қалаған тастар ғой... Темір сүймен əкелмегенім
қандай ақымақтық болған десеңші! Енді қолмен қозғауға тура келеді.
Жер қазушылар қаланған тастардың іргесін жалаңаштады. Яннакис
Қыбұлақтан өгіз алып келді. Тасты жіппен айналдыра шырмап
байлаған соң шірене тартқан өгіздер оны орныққан орнынан оп-оңай
жұлып алатын. Жібін босатқаннан кейін, тас жарқабақтың шетіне
əкелінетін. Келесі кірпік қағымда ол теңселіп кететін де, беткеймен
допша секіріп, жер солқылдата дүңкілдетіп, бұталар мен ағаштарды
шелпектей жаншып домалап бара жататын. Қызыққа кенелген сексен
адам мəз бола күліп, дабырласып жарқабаққа қарай ұмтылатын.
Жұмыстағы жөнсіз үзілістер Генридің жынына тиіп жүрді.
— Бұл Менелай мен Паристің жекпе-жегі болса бір жөн,— деп күңк
етті ол Софьяға. Бірақ, оның тарапынан қолдау таба қойған жоқ.
— Олар да өзіміз сияқты адамдар емес пе. Мысалға, біз де Афины
сарайының алдындағы қарауыл ауысу салтанатын тамашалаудан
тартына қоймаймыз ғой.
Екінші тасты түсіру кезінде де осы жəйт қайталанды. Ал, үшінші
қызық басталарда Генри де қалтасынан сағатын шығарып
дайындалып тұрған. Ол жұмыстың он екі минут бойына жайына
қалғанын анықтады.
— Енді осы он екіні сексенге көбейт — бұл мың минутқа жуық
уақыттан айырылу деген сөз. Əр тас16 жұмыс сағатымызды жоқ
қылады. Мен ақшаны аяп тұрғам жоқ, уақытты аяп тұрмын. Бұл
думанды тоқтатсам деймін, əйтпесе құрылыққа жетіп үлгере
алмаймыз — қара жаңбырлар жақындап қалды.
You have read 1 text from Kazakh literature.
Next - Грек қазыналары - 11
  • Parts
  • Грек қазыналары - 01
    Total number of words is 3918
    Total number of unique words is 2399
    31.0 of words are in the 2000 most common words
    44.4 of words are in the 5000 most common words
    51.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Грек қазыналары - 02
    Total number of words is 3931
    Total number of unique words is 2343
    33.4 of words are in the 2000 most common words
    47.6 of words are in the 5000 most common words
    54.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Грек қазыналары - 03
    Total number of words is 4014
    Total number of unique words is 2349
    33.3 of words are in the 2000 most common words
    48.3 of words are in the 5000 most common words
    55.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Грек қазыналары - 04
    Total number of words is 3953
    Total number of unique words is 2417
    32.0 of words are in the 2000 most common words
    45.6 of words are in the 5000 most common words
    52.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Грек қазыналары - 05
    Total number of words is 3921
    Total number of unique words is 2376
    31.9 of words are in the 2000 most common words
    45.3 of words are in the 5000 most common words
    51.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Грек қазыналары - 06
    Total number of words is 3944
    Total number of unique words is 2319
    32.8 of words are in the 2000 most common words
    47.1 of words are in the 5000 most common words
    54.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Грек қазыналары - 07
    Total number of words is 3931
    Total number of unique words is 2376
    31.0 of words are in the 2000 most common words
    43.5 of words are in the 5000 most common words
    50.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Грек қазыналары - 08
    Total number of words is 3977
    Total number of unique words is 2392
    32.4 of words are in the 2000 most common words
    46.6 of words are in the 5000 most common words
    54.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Грек қазыналары - 09
    Total number of words is 3988
    Total number of unique words is 2436
    30.5 of words are in the 2000 most common words
    45.0 of words are in the 5000 most common words
    52.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Грек қазыналары - 10
    Total number of words is 3981
    Total number of unique words is 2340
    31.7 of words are in the 2000 most common words
    46.1 of words are in the 5000 most common words
    52.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Грек қазыналары - 11
    Total number of words is 3874
    Total number of unique words is 2337
    32.7 of words are in the 2000 most common words
    46.7 of words are in the 5000 most common words
    53.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Грек қазыналары - 12
    Total number of words is 3901
    Total number of unique words is 2358
    31.3 of words are in the 2000 most common words
    45.2 of words are in the 5000 most common words
    52.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Грек қазыналары - 13
    Total number of words is 4004
    Total number of unique words is 2351
    33.3 of words are in the 2000 most common words
    46.8 of words are in the 5000 most common words
    53.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Грек қазыналары - 14
    Total number of words is 3939
    Total number of unique words is 2302
    32.0 of words are in the 2000 most common words
    45.3 of words are in the 5000 most common words
    53.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Грек қазыналары - 15
    Total number of words is 3901
    Total number of unique words is 2356
    32.4 of words are in the 2000 most common words
    46.8 of words are in the 5000 most common words
    53.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Грек қазыналары - 16
    Total number of words is 3921
    Total number of unique words is 2296
    32.0 of words are in the 2000 most common words
    45.1 of words are in the 5000 most common words
    52.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Грек қазыналары - 17
    Total number of words is 3841
    Total number of unique words is 2450
    30.8 of words are in the 2000 most common words
    43.3 of words are in the 5000 most common words
    50.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Грек қазыналары - 18
    Total number of words is 3926
    Total number of unique words is 2289
    32.8 of words are in the 2000 most common words
    46.8 of words are in the 5000 most common words
    53.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Грек қазыналары - 19
    Total number of words is 3993
    Total number of unique words is 2196
    31.2 of words are in the 2000 most common words
    46.5 of words are in the 5000 most common words
    54.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Грек қазыналары - 20
    Total number of words is 3992
    Total number of unique words is 2259
    34.0 of words are in the 2000 most common words
    49.0 of words are in the 5000 most common words
    56.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Грек қазыналары - 21
    Total number of words is 3908
    Total number of unique words is 2298
    32.1 of words are in the 2000 most common words
    45.7 of words are in the 5000 most common words
    52.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Грек қазыналары - 22
    Total number of words is 3844
    Total number of unique words is 2330
    31.8 of words are in the 2000 most common words
    43.4 of words are in the 5000 most common words
    50.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Грек қазыналары - 23
    Total number of words is 3870
    Total number of unique words is 2275
    32.9 of words are in the 2000 most common words
    45.5 of words are in the 5000 most common words
    52.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Грек қазыналары - 24
    Total number of words is 3867
    Total number of unique words is 2222
    31.8 of words are in the 2000 most common words
    44.9 of words are in the 5000 most common words
    51.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Грек қазыналары - 25
    Total number of words is 3920
    Total number of unique words is 2287
    30.7 of words are in the 2000 most common words
    44.5 of words are in the 5000 most common words
    51.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Грек қазыналары - 26
    Total number of words is 3873
    Total number of unique words is 2264
    32.0 of words are in the 2000 most common words
    44.6 of words are in the 5000 most common words
    51.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Грек қазыналары - 27
    Total number of words is 3887
    Total number of unique words is 2208
    32.6 of words are in the 2000 most common words
    45.7 of words are in the 5000 most common words
    52.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Грек қазыналары - 28
    Total number of words is 3911
    Total number of unique words is 2262
    31.5 of words are in the 2000 most common words
    45.0 of words are in the 5000 most common words
    52.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Грек қазыналары - 29
    Total number of words is 3969
    Total number of unique words is 2122
    33.8 of words are in the 2000 most common words
    46.4 of words are in the 5000 most common words
    53.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Грек қазыналары - 30
    Total number of words is 3934
    Total number of unique words is 2135
    31.6 of words are in the 2000 most common words
    44.7 of words are in the 5000 most common words
    51.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Грек қазыналары - 31
    Total number of words is 3940
    Total number of unique words is 2237
    31.8 of words are in the 2000 most common words
    45.6 of words are in the 5000 most common words
    53.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Грек қазыналары - 32
    Total number of words is 3831
    Total number of unique words is 2235
    32.0 of words are in the 2000 most common words
    44.2 of words are in the 5000 most common words
    52.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Грек қазыналары - 33
    Total number of words is 3900
    Total number of unique words is 2329
    30.7 of words are in the 2000 most common words
    43.8 of words are in the 5000 most common words
    50.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Грек қазыналары - 34
    Total number of words is 3944
    Total number of unique words is 2258
    31.0 of words are in the 2000 most common words
    44.2 of words are in the 5000 most common words
    51.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Грек қазыналары - 35
    Total number of words is 3867
    Total number of unique words is 2261
    30.3 of words are in the 2000 most common words
    43.1 of words are in the 5000 most common words
    49.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Грек қазыналары - 36
    Total number of words is 3792
    Total number of unique words is 2305
    30.0 of words are in the 2000 most common words
    41.9 of words are in the 5000 most common words
    49.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Грек қазыналары - 37
    Total number of words is 3891
    Total number of unique words is 2187
    31.5 of words are in the 2000 most common words
    43.1 of words are in the 5000 most common words
    50.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Грек қазыналары - 38
    Total number of words is 3898
    Total number of unique words is 2318
    29.8 of words are in the 2000 most common words
    43.1 of words are in the 5000 most common words
    49.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Грек қазыналары - 39
    Total number of words is 3537
    Total number of unique words is 2100
    26.8 of words are in the 2000 most common words
    39.3 of words are in the 5000 most common words
    45.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.