Latin Common Turkic

Иудаизм, христиандық пен исламдағы 4000 жылдық ізденіс: Құдайтану баяны - 27

Total number of words is 3708
Total number of unique words is 2157
26.4 of words are in the 2000 most common words
38.0 of words are in the 5000 most common words
45.0 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
ескертулер жасап қамданбады. Реформациядан жəне протестанттар мен
католиктердің арасындағы жаңа аристотелизмге деген ынта-ықыласынан
бастап, олар Құдайды кез келген басқа бір объективті нысан ретінде
қарастыра бастады. Бұл жағдай, сайып келгенде, XVIII ғасырдың соңы мен
XIX ғасырдың басындағы жаңа «атеистердің» Құдайдан бас тартуларына
таптырмас себеп болды.
Осылайша, Ливанның аса ықпалды иезуит теологі Леонард Лессиус
(15541623) өзінің «Құдайдың қасиетті болжампаздығы» (The Divine
Providence) атты доктринасындағы өз таңдауын философтардың Құдайы
ретінде белгілейді. Құдайдың бар болуы, тіршіліктің кез келген фактісі
мүлдем басқа ғылыми түрде көрсетілуі ықтимал. Бұл тұжырым əлемнің
құрылуы кездейсоқ болмауы мүмкін деген ойға, алғашқы əрекет етуші жəне
қорғаушының бар екеніне сене отырып жасалынды. Алайда Лессиустың
Құдай туралы түсінігінен христиандық бағыт көрінбейді, ол өзінің пікірімен
бірге ғылыми дəлел келтірді, яғни оны кез келген ақыл-ойы дұрыс адам
баласы түсіне алатын еді. Лессиус өз əңгімелерінде Иса туралы боларболмас сөз қозғайды. Оның ойынша, Құдайдың бар екенін философия жəне
салыстырмалы дінмен қатар, саналы тұрғыда қарапайым тəжірибе арқылы
жасалатын күнделікті бақылау арқылы тəпсірлеуге болады. Ғалымдар мен
философтар Құдайды діни тұрғыдан қарастырғанда, құндылығы аз
материалдық бір түр ретінде пайымдады. Акуинолық Томас Құдай барлық
болмыстан ең жоғары əрі қасиеттісі болса да, оның бар екені дəлелденген
тізбектердің бірі ретінде көрінуі мүмкін екеніне, алайда адамгершілік
тұрғысынан, философиялық пікір-таластардың өзінің жеке ғибадатындағы
мистикалық құдайға ешқандай қатысы жоқ екеніне сенімді болды. Сонымен
қатар XVII ғасырдың басында өз заманының алдыңғы қатарлы жетекші
теологтері мен шіркеу қызметкерлері Құдайдың өмір сүріп жатқанын
барынша дəлелдеуге тырысып, талқылауларын бүгінгі күнге дейін
жалғастырып келеді. Олардың аргументтері жаңа ғылым тарапынан жоққа
шығарылған кезде Құдайдың бар екеніне күмəнмен қарайтындар да
көбейеді. Құдай туралы идея ақиқаттың нышаны ретінде емес, болмыстың
басқа бір дерегі сипатында алға тартылады. Лессиус тəрізді
дінтанушылардың еңбектері айқын көрсеткендей, Еуропа жаңа дəуірге
қарышты қадаммен бет алған кезде теологтердің өзі болашақ атеистердің
қолына қару ұстатып, олардың адамдарға үміт пен сенімнің орнына,
қорқыныш сыйлайтын, дін тұрғысынан еш пайдасы жоқ Құдайдың бейнесін
жоққа шығаруына жол ашып берді. Реформациядан кейін христиандар
философтармен жəне ғалымдармен бірлесіп, мистиктер қиялында жүрген
Құдайдан батыл түрде бас тартты жəне «ақылмен танылатын» Құдай
арқылы көкірек көзін ашуға тырысты.
ІХ. АҒАРТУШЫЛЫҚ
XVI ғасырдың соңына таман Батыста өндірістік төңкеріс басталды. Соның
нəтижесінде, уақыт өте келе қоғам түбегейлі түлеп, адамзат жаңа
мұраттармен қанаттанды. Бұл, əлбетте, Құдайдың мəні мен сипаты туралы
түсініктерге де əсер етті. Өндірісі күрт дамып, ықпалы мейлінше артқан
Батыс жұртының табыстары əлем тарихының көшін басқа бағытқа бұрды.
Мəдениетті əлемнің өзге аймақтары бұрын өркениеттің соңында салпақтап
келген Батысты енді мойындамауға амалы таусылып, сондай-ақ онымен
жаңадан қалай тіл табысарын білмей дағдарды. Өйткені бұрын-соңды
мұндай белесті еңсерген басқа қоғам болмаған еді. Батыс тыңнан пайда
болған əрі күрмеуі қиын мəселелерді талқыға шығарды. Мəселен, ислам діні
он сегізінші ғасырға дейін Африкада, Таяу Шығыс пен Жерорта теңізі
аймағында үстемдік құрды. Он бесінші ғасыр ренессансы Батыс
христиандығына бəсекенің кей тұсында ислам əлемінен мойны сəл озық
көрінуіне мүмкіндік бергенімен, мұсылмандардың əртүрлі тегеурінді
күштері мұндай қарсыластықтан еш қаймыққан жоқ. Осман империясы
Еуропаға ішкерілеп ене берді, ал мұсылмандар португалиялық саяхатшылар
мен олардың соңынан шұбаған саудагерлерге тосқауыл қоя білді. Алайда он
сегізінші ғасырдың соңына қарай Еуропа əлемге үстемдік ете бастады.
Сөйтіп, өзінің орасан зор жетістіктерімен басқа өңірлерден қара үзіп кетті.
Британия Үндістанды қол астына қаратты. Еуропа əлемнің түкпір-түкпірін
шамасы жеткенше көбірек отарлауға əзірленді. Батыстану үдерісі қанат
жайды, сонымен қоса-қабат Құдайдан тəуелсіз болуға шақырған
секуляризм (зайырлылық) культі төбе көрсетті.
Жаңа техникалық қоғам несімен ерекшеленді? Бұрынғы өркениеттің бəрі
ауылшаруашылығына байлаулы еді. Ендігі өркениет қала өмірінің
жетістіктерінен көрінді, онда тұратын игі жақсылар қарапайым диқанның
маңдай терінің арқасында қамбасын толтырған аста-төк өніммен қарын
тойдырып қана қоймай, бос уақытқа кенелді жəне мəдениетпен жан-жақты
айналысты. Таяу Шығыс қалалары мен Еуропада Бір Құдайға деген сенім
басқа негізгі діни идеологиялармен үзеңгілес дамыды. Бірақ
ауылшаруашылығына сүйенген барша өркениеттің осал тұстары бар еді.
Олар тұқымдық, астық шығымы, ауа райы жəне топырақ тозуы сияқты
құбылмалы нəрселерге тəуелді болатын. Əр патшалық іргесін кеңейтіп,
оның міндеті мен жауапкершілігі көбейген сайын қазынадағы байлығының
шеті көріне бастайтын. Қуатының шырқау шегіне жеткен соң құлдырауы
мен шөгуі болмай қоймайтын. Дегенмен жаңа тұрпатты Батыс
ауылшаруашылығына байланып қалмаған еді. Оның техникалық тегеуріні
жергілікті жайсыз жағдайлар мен сыртқы, өткінші қолайсыздықтарға
тəуелсіз болуын қамтамасыз ететін. Ал капитал қоры соңғы кезге дейін
үнемі жаңаланып жатқандай көрінетін экономикалық арналарға барып
құйылды. Модернизация процесі Батысты лек-легімен түбегейлі бетбұрыс
жолына түсірді: ол индустрияландыруға, ауылшаруашылығын бірте-бірте
жаңғыртуға, интеллектуалдық «ағартушылыққа», саяси жəне əлеуметтік
төңкерістерге бастады. Əлбетте, бұл зор өзгерістер адамдарды өздеріне де,
дəстүрлі түрде «Құдай» деп аталатын Ұлы ақиқатқа да қарым-қатынасын
қайта қарауға мəжбүр етті.
Батыстың техникалық қоғамында белгілі бір кəсіпке мамандану шешуші
маңызға ие болды: экономикалық, зияткерлік жəне əлеуметтік салалардағы
барлық жаңашылдықтар əр алуан бағытта жинақталған əмбебап тəжірибені
қажет етті. Ғалымдар, мəселен, құрал-сайман жасаушылардың біліктілігіне
иек артты, өнеркəсіп жаңа машиналар мен қуат көздерін, сондай-ақ ғылыми
теориялық білімді талап етті. Əртүрлі мамандықтар бір-бірімен араласыпқұраласып, уақыт өте келе өзара тəуелді сипатқа көшті: қайсыбір кəсіптің
иесі осыған дейін өзіне мүлдем қатысы болмаған басқа бір салада жаңа
нəрсені қолға алып, соған құштарлық танытып жатты. Бұл процесс сан
тарапты тоғыстырды. Тұтынушылар бір мамандықтың табыстарын басқа
салаларға енгізді, ақырында бұл олардың өз деңгейінің өсуіне де септігін
тигізді. Капитал жүйелі түрде қайта қорланды жəне үздіксіз даму үстінде
қомақты бола бастады. Өзара өзектес өзгерістер қарқынды өрлеудің
толассыз серпінін танытқандай болды. Уақыт өткен сайын барлық
əлеуметтік жіктен шыққан қалың көпшілік түрлі салаларда модернизация
өрісіне тартылды. Өркениет пен мəдени жетістіктер бұдан былай үркердей
топтың игілігі болудан қалып, зауыт жұмысшыларына, кеншілерге, сондайақ жұмыскер ретінде ғана көрінбей, аясын кеңейтіп келе жатқан нарықта
тұтынушыға айналып үлгерген қарапайым қызметшілерге де пайдасын
тигізе бастады. Күндердің күнінде осы төменгі топтағылардың білімін
көтерудің жəне олардың қоғамдық байлықтың белгілі бір мөлшеріне
ортақтасуының қажеттігі туды, бұл тұрақтылықты сақтаудың кепілі еді.
Өнімділіктің едəуір өсуі, капиталдың қорлануы жəне қоғамдық нарықтың
кеңеюі, сондай-ақ ғылымдағы жаңа интеллектуалдық табыстар əлеуметтік
төңкерiске алып келді: жер иеленуші таптың қауқары азайды жəне оны
буржуазияның қалталы алпауыттары ығыстырды. Қоғамдық құрылыс
мəселелерінде де соны талпыныстар сезілді. Бұл Батысты бірте-бірте
əлемнің Қытай мен Осман империясы секілді аймақтарында
бағындырылған белестерге жетелеп, түптің түбінде, оларды басып озуына
мүмкіндік берді. Қоғамдық қызмет 1789 жылы Францияда болған
революциядан кейін тиімділігі мен əкелетін пайдасына қарай бағалана
бастады. Еуропа үкіметтері өзгеріс үстіндегі заманға бейімделу үшін,
заңдарды ұдайы жаңартып жəне үздіксіз түзетіп, толықтырып отыру
керектігіне көз жеткізді.
Қатып қалған жəне көктен түсірілген дейтін заңдары бар бұрынғы аграрлық
өмір салты тұсында мұндай өзгерістер қаперге кіріп-шықпайтын. Бұл
техника өндірісінің Батыс қоғамына əкелген жаңа еркіндігінің нышаны еді:
адамдар бұрын-соңды болмаған дəрежеде өз істеріне жауапты екенін
сезінді. Дəстүрлі қоғамда жаңашылдық пен өзгеріс қатты қорқыныш
туғызды, өйткені онда өркениет алдамшы жетістік саналатын жəне
бұрынғымен сабақтастықтың үзілуіне қарсылық күшті болатын. Соған
қарамастан, Батыстың заманауи техникалық қоғамы тұрақты даму мен алға
жылжу үмітіне арқа сүйеген еді. Өзгерістер орнықтырылды жəне
үйреншікті қалыпқа түсірілді. Шынында да, Лондондағы Король Қоғамы
сияқты ұйымдар ескі таным-түсінікті шеттетіп, оның орнына жаңа
сипаттағы білім енгізуді қолға алды. Түрлі ғылым саласының өкілдері осы
процеске атсалысып, өздері тапқан олжаларын бір жерге шоғырландыруға
ықылас танытты. Жаңадан құрылған ғылыми ұйымдар ашқан
жаңалықтарын құпия ұстамай, көпшілікке таратуға ынталы болды, осы
арқылы өздерімен қатар басқа салалардың да дамуына үлес қосқанды
қалады. Осылайша өркениетті əлемнің керітартпа жоралғысын Батыстың
төңкерісшіл рухы мен тұрақты дамуға деген сенімі алмастырды. Жас
толқынның жаман жолға түсуінен қауіптенетін байырғы үрейдің орнына,
енді аға ұрпақ балалары өздерінен жақсы өмір сүреді деп үміттенді. Тарих
толқынында Прогресс (Ілгерілеу) атты жаңа миф үстемдік құра бастады.
Соның нəтижесінде ұлы жетістіктер дүниеге келді, бірақ ескі тіршілік
дағдысы секілді, қазіргі заманда оның қоршаған ортаға тигізген зияны, бізге
бұл өмір салтының да осалдығын көрсетіп отыр. Бəлкім, ғасырлар бойы
адамзатқа шабыт сыйлаған басқа мифологиялар сияқты, мұның да алдампаз
қиял жемісі екенін аңғара бастадық.
Барша əлеуетті қор мен өнертабыстың бір жерге шоғырлануы адамдардың
басын біріктіргенмен, жаңа кəсіптерге мамандану оларды қайтадан
жолайрыққа тіреді. Осыған дейін əр терең білімпаз адам барлық саладан
хабардар болатын. Мысалы, мұсылман файласуфтары медицина,
философия жəне эстетиканы қатар игерді. Расымен де, фалсафа шəкірттерге
болмыстың сырын тұтас қамтиды деп есептелетін дəйекті жəне жан-жақты
мəлімет ұсынды. Батыс қоғамының ерекше белгісіне айналған кəсіби
мамандану процесі он жетінші ғасырға қарай айқын сипатқа ие болды.
Астрономия, химия мен геометрия жеке сала болып бөлініп, олардың
əрқайсысы бір-біріне тəуелсіз қалыпта жəне өз бетінше дами бастады.
Соның салдарынан бүгінде бір саланың білгірі басқа саладан мүлде
хабарсыз болатын жағдайға жеттік. Сөйтіп, əрбір зор білімпаз өзін
дəстүрдің сақтаушысы емес, ізашар тұлға ретінде сезінеді. Ол жұмыр
жердің беймəлім түкпірлеріне табаны тиген теңізші сияқты еді. Қоғам үшін
бұрын-соңды игерілмеген тылсымға тəуекелдікпен бой ұрды. Жұмбағы
ашылмаған тың нəрселердің төркінін тануға қиялы жетіп, соның барысында
ескі құндылықтарды қиратқан жаңашыл жандар мəдени қаһарманға
баланды. Адамзаттың бойында жаңа үміт оянды: жұмыр басты пенде бұрын
өзінің қол-аяғын бұғаулап келген табиғи ортаға орасан зор ауқымда билік
жүргізе бастады. Адамдар кемел білім мен əділ заң өздерінің санасына сəуле
себетініне сенді. Тұла бойына табиғи түрде дарыған қуаттың барлығына
иланған адамдар ағартушылыққа жеке қабілетімен қол жеткізе алатынына
күмəнданбады. Олар Ақиқатты тану үшін атадан-балаға мирас болған
дəстүрге, білім беретін ұйымдарға немесе көзі ашық қауымға, сондай-ақ
Құдайдан келген уахиға (аян, хабар) жүгінуді қажетсінбейтін астамшылық
сезімді бастан кешті.
Бірақ кəсіби маманданудың қайнаған ортасына түсіп кеткен адамдар барған
сайын дүниені тұтастай қабылдай алу қабілетінен айырылды. Нəтижесінде
жаңашыл ғалымдар мен зиялылар ескі қағидалардан арылып, тыңнан
тіршілік жасау мен дін ұйымдарын құруға қажеттілікті сезінді. Олар жаңа
мазмұндағы білім мен артып келе жатқан еңбек өнімділігі, болмыс туралы
дəстүрлі христиан түсініктерін заман талабына сай қайта қарап, соған
бейімделуді талап ететінін түйсінді. Эмпиризм жаңа ғылымның өзегіне
айналды, ол тек қана бақылау мен тəжірибеге сүйенетін еді. Біз фалсафа
рационализмінің əуелден ғаламның рационалдығы туралы сенімге
негізделгенін білеміз. Керісінше, Батыс ғылымы ешнəрсеге сенген жоқ,
оның ізашарлары қателіктер жіберуге тəуекел етті, тіпті Тəурат, шіркеу мен
христиан дəстүрі сияқты құндылықтар мен құрылымдарды терістеуге дейін
барды. Құдайдың бар екеніне қатысты көне «дəлелдер» енді оларды
қанағаттандырмады, қарабайыр (эмпирикалық) тəсілге құмар
жаратылыстанушылар мен философтар, мəселен, басқа айқын көрінетін
құбылыстарды бақылайтыны секілді Құдайдың да шынымен бар екеніне
көз жеткізгісі келді.
Атеизм əлі де жеккөрініш сезімін қоздыратын. Ілгеріде біз Ағартушылық
дəуір философтарының көбі іштей Құдайдың бар екеніне шəк келтірмегенін
көреміз. Дегенмен Құдайдың нақты дерегіне күмəнмен қарайтындар да
пайда бола бастады. Мұны алғашқылардың қатарында жіті түсініп, атеизмге
байсалды түрде назар аударғандардың бірі француз физигі, математигі жəне
теологі Блез Паскаль (1623-1662) болатын. Ол жас күнінде аурушаң болып,
басқа құрбықұрдастарынан ерте жетілгенімен ерекшеленді. Он бір жасар
Блездің жасырын түрде Евклидтің алғашқы жиырма үш тұжырымын өз
бетінше шешкенін білген ғалым əкесі оны өз тəрбиесіне алды. Блез он алты
жасында геометрия туралы еңбегін жариялады. Рене Декарт сияқты
ғалымдар уыздай жасөспірімнің осындай жұмыстың авторы екеніне сенгісі
келмеді. Кейін Паскаль есептегіш құралды, барометр мен гидравликалық
құрылғыны ойлап тапты. Паскальдың үй-іші аса бір діндар емес еді, бірақ
1646 жылы Янсеншілікті қабылдады. Блездің қарындасы Жаклин Париждің
оңтүстік-батысында орналасқан Янсендiк Порт-Рояль монастырына кіріп,
кейіннен осы католиктік сектаның ең жанкешті уағызшыларының біріне
айналды. 1654 жылдың 23 қарашасында Блездің өзі кешкі сағат он
жарымнан түнгі бір жарымға дейін созылған бір діни əсерді бастан өткерді.
Осының нəтижесінде ғалым өз сенімінің қасаң жəне салғырт екенін сезді.
Қайтыс болғаннан кейін Паскальдың күртешесінен бұл толғаныс
жайындағы «Естелік» (Memorial) табылды:
«От.
Ыбырайымның Құдайы, Ысқақтың Құдайы, Жақыптың Құдайы –
Философтар мен ғалымдардың Құдайы емес.
Сенімділік. Сенімділік. Сезім. Қуаныш. Əлем.
Иса Мəсіхтің Құдайы.
«Сенің Құдайың менің Құдайым болады»
Дүние мен Құдайдан басқаның бəрін тəрк ету.
Оған тек Інжіл көрсеткен жолмен баруға болады».
Бұл таза мистикалық тəжірибе Паскальдың Құдайының осы тарауда сөз
етілетін басқа ғалымдар мен философтардың Құдайынан ерекше екенін
аңғартты. Бұл философтардың емес, уахидың (аянның) құдайы еді. Бұл
хабардың адамды үйіріп əкететін қуаты Паскальдың тағдырын
Янсеншілермен түйістіріп, олардың ата жауы иезуиттерге қарсы шығарды.
Игнатий де Лойола əлемді Құдай толтырып тұр деп есептеді жəне
иезуиттердерді бір сəтте барлық жерде бола алатын, құдіретті Құдайдың
сезімімен тəрбиелеуге шақырды. Ал Паскаль өз жақтастарымен бірге,
əлемді бұлыңғыр жəне бос, құдайлық сипаттан мақұрым деп санады.
Уахиды бастан кешкеніне қарамастан, Паскальдың Құдайы рационалдық
дəлелдер арқылы табылмайтын «жасырын Құдай» күйінде қалды. Паскаль
қайтыс болғаннан кейін, 1669 жылы жарияланған «Ойлар» (Pensees) атты
діни мəселелер туралы қысқаша жазбалары адам өміріне қатысты терең
күйреуік сезімдерге толы еді. Жазбаларда «ақырзаманға дейін азап
тартатын» Исаның өзі түзете алмаған адамның «бұзық пиғылы» мен
«дөрекілігі» туралы баяндау жиі ұшырасады. Жалпы алғанда, құлазу мен
Құдайдың жоқтығынан қорқу сезімі жаңғырған Еуропаға тəн көңіл күйдің
басты сипатына айналды. Реnsеesmiң əлі жаппай назарда болуы –
Паскальдың бұлыңғыр руханилығы мен «жасырын Құдайы» Батыс
жұртының діни санасындағы нəзік пернелерді дөп басқанын байқатады.
Тіпті Паскальдың ғылыми табыстарының өзі оны адам өмірінің мəнділігіне
сендіре алған жоқ. Əлемнің ұшы-қиыры жоқ кеңістік екенін ойлағанда, ол
үрейге беріледі:
«Адамның мағынасыз жəне міскін халін көргенімде, бүкіл меңіреу əлемді
жəне дүниенің қараңғы бір ұмытылған түкпірінде оңаша қалдырылып,
адасып жүрген, ештеңені түсінбейтін жəне оны бұл жерге кімнің
жібергенін, не істеуі керегін, өлген соң өзіне не болатынын білмейтін
адамды көргенімде, менің бойымды қорқыныш билеп алады. Бұл сезім үрей
жайлаған елсіз аралға апарып тастап, одан қашып шығуға ешқандай жол
жоқ екенін түсінде көріп, ұйқыдан шошып оянған адамның халіне ұқсайды.
Сосын, мұндай сұмдық жағдайдың адамдарды ашындырмайтынына
таңғалдым».
Паскальдың сөздері бірден ес жиғызады. Бұл ғылым дəуірінің жарқын
болашағына енжар қарағанын аңғартады. Паскаль абсолюттік мəнін
жоғалтқан əлемнің қырсықтарын болжай білді. Жат əлемде үркіп ояну –
адамзатты баяғыдан бері қинап келе жатқан қорқынышты сезімін бұрынсоңды тап осылай жеткізе алған біреудің табыла қоюы қиын. Паскаль
ойындағысын еш бүркемелемей, ақтарып салды, өзінің көп замандасынан
айырмашылығы – Құдайдың бар екенін дəлелдеудің ешқашан мүмкін
емесіне кəміл сенді. Паскаль еш сенімі жоқ біреумен дауласқанын көз
алдына елестеткенде, өз сұхбаттасын иландыра қоятындай еш дəлел
таппағанын мойындайды. Бірқұдайлық тарихында жаңа кезең басталды.
Осыған дейін ешбір жан Құдайдың бар екеніне шəк келтірген емес. Паскаль
- мына астаң-кестең дүниеде Құдайға сенім адамның жеке таңдауы екенін
алғаш айтқан кісі. Осы тұрғыдан қарағанда, оны қазіргі заманның
бастауында тұрған бірінші адам деп бағалауға болады.
Паскальдың Құдайдың барлығы мəселесіне көзқарасы өзінің салдары
тұрғысынан төңкерістік сипатта еді, бірақ мұны ресми Шіркеу қабыл етпеді.
Жалпы, христиандықты жақтаушылар алдыңғы бөлімнің соңында
талқыланған Леонард Лессиустың рационалистік көзқарасын құптайтын.
Бірақ мұндай көзқарас Паскаль түйсінген уахи Құдайына емес, тек
философтардың Құдайына барып тірелетін еді. Оның пайымынша, сенім
сарабдал ақылға сүйенген қисынды жоралғы емес. Бұл – немен
аяқталатыны беймəлім ойын. Құдайдың бар екенін дəлелдеу мүмкін емес,
бірақ ақыл-ой Оның жоқ екенін де айғақтай алмайды: «Егер Құдайдың бар
екені рас болса, оған жетуіміз мүмкін емес... Ақыл бұл сұраққа жауап таба
алмайды. Бізді түпсіз бейберекетсіздік бөліп тұр. Бұл шексіз-шетсіз жолдың
қиырында нəтижесі белгісіз бір ойын жүріп жатыр. Сіз не нəрсеге бəс
тігесіз?».* Əлбетте, бұл ойын кездейсоқтық емес: Құдайдың жолына бəс
тігу тиімдірек. Паскаль «Құдайға сенімді таңдасаң, тəуекел азаяды, ал пайда
шаш-етектен болады» деген еді. Сенімі артқан сайын христианның санасы
сəулеленіп, Құдайдың барлығын түйсінеді, ал бұл – құтқарылуға апаратын
жол. Құндылықтарға арқа сүйеудің керегі шамалы. Əр христиан өз бетінше
шешім қабылдауы тиіс.
Паскальдың пессимизмі Penseesmiң беттерінде бірте-бірте азайып,
жасырын Құдай өзіне үміт артқан жəне ұмтылған əрбір адамға бар екенін
көрсетеді деген сезіммен таразы басын теңестіре бастайды. Паскаль
Құдайға былай деп айтқызады: «Мені қазірге дейін таппасаң, іздемеген де
болар едің». Расымен де, адамзат алыстағы Құдайға талас-тартыспен
немесе қисын-қағидамен жол тарта алмайды, бұған ресми шіркеудің ілімін
мақұлдағандық та көмектеспейді. Бірақ өз еркімен Жаратушыға толық
мойынсұну арқылы христиан түгелдей жаңғыру сезімін кешіп, «сенімді,
адал, кішіпейіл, сыйласымды, ізгі, шын досқа»° айналады. Христиандар
мағынасыздық пен шарасыздыққа қарсы құдайлық сенім мен сеЗімді
қалыптастыра отырып, тіршіліктің мəні мен мазмұнына қол жеткізе алады.
Құдай – шындық, өйткені ол əрекет етеді. Сенім – интеллектуалдық иланым
емес, қараңғылық əлеміне сүңгіп, адамгершілік нұрлану сыйлайтын
нəрселермен жанастыратын тəжірибе.
Жаңа сипатты адамның бірі Рене Декарт (1596-1650) Құдайды ақылмен тану
мүмкіндігіне көбірек сенді. Оның бар екеніне «пайым қуаты арқылы көз
жеткізуге болады» деп есептеді. Декарт Паскальдың тек қана субьективті
əсерлерге негізделген «бəс тігу жүйесін» мақұлдай қоймасы анық еді.
Декарт француз ойшылы Мишель Монтеньнің (1553-1592) күмəншілдігін
(скептицизмін) жоққа шығарды, ол не нəрсенің де барлығына жəне
шынайылығына күдікпен қарайтын.
Математика жəне нағыз католик болған Декарт мұндай күмəншілдікті жоққа
шығаратын жаңа тəжірибелік рационализмді қалыптастыру міндетін алға
қойДы. Лессиус сияқты, Декарт та адамдарға діни жəне моральдық
қағидаларды сіңіру үшін ақыл қуаты жеткілікті деп санады, ойшыл одан
өркениеттіктің негізін көрді. Оның пікірінше, дінде рационалды жолмен
дəлелдеуге болмайтын ешнəрсе жоқ. Бұл туралы Əулие Павелдің өзі
римдіктерге жазған хатының алғашқы бөлімінде былай деп айтқан: «өйткені
Құдай жайында білінетін нəрсе оларға (адамдарға) мəлім, мұны Құдайдың
өзі көрсеткен, өйткені оның сипаттары (көзге көрінбесе де), Оның мəңгі
құдіреті мен Ұлылығы əлем жаралғаннан бері ақылмен көру үшін жасаған
нəрселерінде бар...». Əрі қарай Декарт, басқа нəрселерге қарағанда, Құдай
оңай жəне айқын (facilius et certius) танылатынын тұжырымдады. Бұл идея
Паскальдың «бəрінен» де гөрі төңкерісшіл сипатта болды, себебі Декарттың
дəлелі əсіресе əулие Павел иек артқан қоршаған əлемнің айғақтарын
терiстедi. Декарт үшін адамның өзін-өзі бақылауы, ақылдың өз ішіне үңілуі
маңыздырақ еді.
Əуелгі қарапайым қағидалардан қисынды жəне дəйекті түрде бастау алатын
өзінің əмбебап математикасының тəжірибелік əдісін қолдана отырып,
Декарт Құдайдың бар екенін тап осылайша мінсіз талдау арқылы
дəлелдемекші болды. Алайда Аристотель, Əулие Павел мен барлық
бұрынғы бірқұдайшыл философтардан айырмашылығы, Декарт ғаламнан
Құдайды мүлде таба алмады. Табиғат бедерленбеген болып шықты.
Шындығында, əлем бейберекет көрініп, ақылмен жоспарлаудың
нышандары еш сезілмеді. Сондықтан табиғаттан бастапқы қағидалар
хақында сенімді мағлұматтар табу мүмкін емес еді. Əрі мүмкін немесе
ықтимал нəрселермен айналысуға Декарттың уақыты да жоқ болатын: ол
математика ұсына алатын айқын дəлелдерді кəдеге жаратуға ұмтылды.
Сондай-ақ мұны «жасалғанды жоққа шығара алмайсың» деген секілді
қарапайым да айқын, сол себепті талас тудырмайтын қағида да растап
беретін. Сөйтіп, бірде ішінде ағаш лаулап жанып жатқан пештің жанында
ойға шомып отырғанда, оның көкейіне «ойлаймын, демек, өмірде бармын»
(Cogito, ergo sum) деген əйгілі қанатты сөздері қонақтай қалды. Өзінен он
екі ғасыр бұрын жасаған Аугустин сияқты, Декарт та Құдайдың дəлелін
адам санасынан тапты: тіпті күмəннің өзі күмəнданушының бар екенін
айғақтады! Біз сыртқы əлемдегі еш нəрсеге сенімді емеспіз, бірақ өзіміздің
ішкі тəжірибемізге иланамыз. Декарттың тұжырымы Ансельмнің
онтологиялық дəлелінің қайта қарастырылған түрі болып шығады.
Күмəнданған кезімізде «меннің» (эго) шектеулі жəне түпкі болмысы
əшкереленіп қалады. Алдымен, «толымдылық» туралы түсінігіміз
қалыптаспаған болса, кейін «толымсыздық» туралы пайымдай алмас едік.
Ансельм секілді, Декарт та болмыста жоқ толымсыздықтың ұғымдар
тұрғысынан қайшылықты болатыны жөнінде қорытындыға келеді.
Сондықтан бойымызды билеген күмəннің өзі бізге ұлы жəне мінсіз болмыс
– Құдайдың бар болуы керектігін растайды.
Осы дəлелге сүйенген Декарт Құдайдың болмысына қатысты деректерді
өзінің математикалық есептерін шығарғандай етіп қиыстыруды жалғастыра
берді. «Əдіс туралы пайымдар» (Discourse on Method) атты шығармасында
айтқандай: «Кемел бір Құдайдың бар екені – кез келген геометриялық дəлел
сияқты нақты». Евклидтің постулатында үшбұрыш бұрыштарының
қосындысы 180 градусқа тең болуы кереrі сияқты, Декарттың мінсіз
Құдайы да белгілі бір сипаттарды иемденуі тиіс еді. Өмірлік тəжірибеміз
айналада объективті əлемнің жəне өзімізді алдамайтын, шыншыл, кемел
Құдай бар екенін меңзейді. Сондықтан Құдайдың бар екенінің айғағы
ретінде тіршілік əлемін пайдаланудың орнына, Декарт қоршаған болмысқа
сенімін орнықтыру үшін Құдай идеясын іске жаратты. Паскаль секілді,
Декарт та бұл дүниеден бойын тартты. Сыртқы əлемге қол созудың орнына,
өз ойының ішіне үңілді. Құдай идеясы адамның жеке тіршілігіне сенімділік
дарытып, сол себепті Декарттың эпистемологиясы үшін маңызды
болғанына қарамастан, картезиандық əдісте біздің заманымызда адам
болмысы жайындағы Батыстық ұғымның өзегіне айналған оқшаулық пен
еркіндік белгі берді. Əлемді жатсыну, менмен, тəкаппарлық нəтижесінде
көп адам Құдай идеясын түгелдей терістеп, Оны өздерінің тəуелсіздігіне
тұсау салатын нəрсе деп есептеді.
Дін əуел бастан адамдардың сыртқы əлеммен байланыс орнатуына жəне
оған тамыр жаюына жəрдем берді. Киелі орындарға тағзым ету - əлем
туралы басқа түсініктердің баршасының алдында тұрды жəне адамдарға
қорқынышты дүниеде жанға сая болатын жерлерді тауып берді. Табиғи
күштердің құдіретіне сиыну - əркез адам баласының сыртқы дүниеден
əсерленуінің көрінісі болған таңғалыс пен үрей сезімдерін білдірді. Тіпті
Аугустиннің өзі рухының азап тартқанына қарамастан, əлемді таңғажайып
сұлулық мекені ретінде көрді. Бірақ философиясында Аугустиннің өзін-өзі
пайымдау дəстүріне сүйенген Декарт таңғалуға еш уақыт таппады.
Тылсымға елігуден бойды мүлде аулақ салу қажет болды, өйткені ол
өркениетті адамға тұрпайы сананың белгісі ретінде ерсі көрінетін. Декарт
«Аққан жұлдыздар» (Les Meteores) атты зерттеуінің алғысөзінде
«деңгейлес немесе төмен тұрған құбылыстарға қарағанда, өзімізден жоғары
нəрселерге көбірек таңғалатынымыз»° біздің жаратылысымызға тəн екенін
түсіндірді. Сол себептен шайырлар мен суретшілер бұлттарды Құдайдың
тағы деп бейнеледі, Құдайдың өз қолымен бұлттардың үстіне шық
себелеуін немесе қия жартастарға найзағай лақтырғанын қиялмен
сипаттады:
«Бұл – егер мен олардың (бұлттардың табиғатын – адамның көзіне
көрінетін жəне олардан шығатын нəрселерге таңғалатын себеп
таппайтындай етіп суреттесем, онда жер үстінде бар таңғажайыптың
себептеріне де сол сияқты үңілуге болады деген сөз».
Декарт əрі қарай: «таңғалыс себебін болдырмау үшін бұлтты, желді, шық
пен найзағайды жай табиғи құбылыстар» деп сипаттайды. 10 Алайда
Декарттың Құдайы дүние істеріне араласпайтын, Өзін Тəурат кереметтері
емес, ол бекіткен мəңгі заңдар арқылы танытатын философтардың Құдайы
секілді болатын. Les Meteore шөлінде көне Израил қауымын тойдырған
көктің күлшесі (таппа) шықтың бір түрі болғанын айтады. Осылайша,
əртүрлі кереметтер мен мифтерді рационалды тұрғыдан түсіндіріп,
Тəураттың растығын «дəлелдеуге» тырысқан, жөн-жосықсыз бір теология
саласы дүниеге келді. Мəселен, Исаның бес мың кісіні тойдыру оқиғасы
былай баяндалды: Иса өз шəкірттері əкелген тамақты таратып, адамдарды
келеке қылған. Мұндай хикаялар ізгі ниеттен туындап жатқанмен, Тəурат
хабарларының маңызды бір қыры – символизмнің қадірін қашырады.
Декарт əрдайым Рим Католик шіркеуінің ережелеріне мойынсұнуға
тырысты жəне өзін православ христианмын деп санады. Ол сенім мен ақыл
арасынан қайшылық таппады, «Əдіс туралы пайым» (Discourse on
Method) еңбегі нде адамзатқа бүкіл ақиқатты жеткізе алатын бір жүйенің
бар екенін тұжырымдады. Одан тысқары ешнəрсе жоқ. Əр ілімге ең керегі –
дұрыс əдіс қолдана білу. Сонда бүкіл білімді бір жерге шоғырландырып,
адасу мен надандықтан құтылуға болады. Құпия тылсым шым-шытырық
халге жетті. Ал бұрынғы рационалистер басқа құбылыстардан бөлуге
тырысқан Құдай енді адам дүниетанымының ішіне енді. Мистицизм
реформацияның догмалық дағдарысынан бұрын Еуропада тамыр жаятын
уақыт таппады. Сондықтан мистика мен мифологияда бой көрсеткен
руханияттың бұл түрі, өзінің олармен құрған терең байланысы атынан да
көрініп тұрғандай, Батыстағы христиандардың көбі үшін жат еді. Тіпті
Декарт баратын шіркеуде де мистиктер аз ұшырасатын жəне олар туралы
халық жағымсыз пікірде болды. Болмысты діни тəжірибеге апарып тіреген
мистиктердің Құдайы, пайымды толығымен ми еңбегінің нəтижесі деп
түсінген Декарт сияқты адамға барынша жат болатын.
Құдайды өз механикалық жүйесіне дейін төменшіктетіп көрсеткен
ағылшын физигі Исаак Ньютон (1642-1727) да христиан дінін мистикадан
құтқару мəселесінде дəл осылай уайым шекті. Оның əдепкі сүйенгені
математика емес, механика болды, өйткені ғалым болам деген адам
геометрияны меңгермей тұрып, əуелі, дұрыстап шеңбер сызуды үйренуі тиіс
еді. Өзінің, Құдайдың жəне табиғи əлемнің бар екенін рет-ретімен
дəлелдеген Декарттан айырмашылығы – Ньютон жүйенің маңызды бөлігі
ретінде Құдайды қарастырып, физикалық дүниені түсіндіруден бастауға
тырысты. Ньютонның физикасында табиғат толықтай ырықсыз да,
əрекеттің жалғыз көзі Құдай еді. Осылайша, Аристотельдің түсіндіргені
сияқты, Құдай тек қана табиғи, физикалық тəртіптің жалғасы болды.
«Табиғат философиясының математикалық бастаулары» (Philosophiae
Naturalis Principia Mathematica, 1687) атты əйгілі еңбегінде Ньютон
аспан жəне жердің əртүрлі денелері арасындағы байланыстарды
математикалық терминдермен түсіндіретін үйлесімді жəне ауқымды бір
жүйе қалыптастырғысы келді. Ньютонның ойлап тапқан тартылыс күші
(гравитация) ұғымы оның жүйесінің құрамдас бөліктерін бір арнаға
тоғыстырды. Тартылыс күші туралы ұғым кейбір ғалымдардың
наразылығын тудырып, олар Ньютонға «Аристотельдің материяның
еліктіргіш күштері жайындағы тұжырымын бұрмалаған» деп айып тақты.
Мұндай көзқарас Құдайдың шексіз үстемдігі хақындағы протестанттар
қағидасына қайшы келді. Бірақ Ньютон мұны жоққа шығарды: өйткені
құдіретті Құдай оның жүйесінің негізгі ұстанымы болды, онсыз құдайлық
механика да болмас еді.
Паскаль мен Декартқа керісінше, Ньютон əлем туралы ойланған кезде
Құдайдың бар екеніне дəлел тапқанына сенімді еді. Аспан денелері
арасындағы өзара тартылыс неліктен оларды біртұтас қылып, орасан үлкен
жұмыр затқа айналдырмайды? Өйткені мұны болдырмау үшін олар ұшықиырсыз кеңістіктің арасы əжептəуір шалғай нүктелерінде мұқият түрде
шашырай орналастырылған. Кембридждегі Тринити колледжінің деканы,
досы Ричард Бентлиге айтқанындай, бұл тек ақылы үстем бақылаушының
ғана қолынан келеді: «Мұны табиғи себептермен түсіндіруге болады деп
ойламаймын, сондықтан əлдебір қуатты күштің ниеті мен шеберлігі ретінде
мойындауға мəжбүрмін». 11 Бір айдан кейін Бентлиге қайтадан былай деп
жазды: «Тартылыс күші планеталарға қозғалыс беруі мүмкін, бірақ ұлы
You have read 1 text from Kazakh literature.
Next - Иудаизм, христиандық пен исламдағы 4000 жылдық ізденіс: Құдайтану баяны - 28