Latin Common Turkic

Иудаизм, христиандық пен исламдағы 4000 жылдық ізденіс: Құдайтану баяны - 15

Total number of words is 3817
Total number of unique words is 2083
27.7 of words are in the 2000 most common words
39.9 of words are in the 5000 most common words
47.3 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
арабтардың жаңаша саяси проблемаларын шешуге итермеледі. Хижра мен
Мұхаммедтің өлімінің (632 ж.) арасындағы он жыл барысында, үмбетті жер
бетінен жойып жібергісі келетін меккелік құрайыштар жəне мəдиналық
дұшпандарымен мұсылмандар табандылықпен күресті. Батыста көбінесе
Мұхаммедті қарсы шыққан халыққа күшпен исламды қабылдатқан
қолбасшы бейнесінде қабылдайды. Ал, шындығында, барлығы керісінше
болды: Пайғамбар өз өмірі үшін күресті, Құранда тіпті христиандықтың
өлшемдеріне сай əділ соғыстың теологиясын дамыта алды жəне ешқашан
дінін күшпен қабылдауға мəжбүрлеген емес. Құран осы ойды анық
жеткізеді: «(Пенде баласын) дінге мəжбүрлеп кіргізуге рұқсат жоқ».
Сонымен қатар Құдай сөзі ұрыс-керіс пен жанжалға қарсы жеккөрінішті
сіңіреді жəне əділ соғыс деп тек қана өзін-өзі қорғауды айтады. Кейде
адамдарға шынымен игі іс үшін күресуге тура келеді. Мысалы, христиандар
бірауыздан Гитлерге қарсылық көрсетті. Қалай болғанда да, Мұхаммед өте
үздік саяси талант иесі еді. Өмірінің соңында араб тайпаларының көп бөлігі
үмбетке қосылып үлгерді, алайда Мұхаммедтің өзі айқын білгеніндей,
олардың «мойынсұнуы» (ислам) кейде жасанды, кейде саяз болды. 630
жылы Мұхаммедке Меккенің қақпалары да ашылды, пайғамбарға қан
төгіссіз туған қаласын қол астына қарату нəсіп болды. Əлерінен аз уақыт
бұрын, 632 жылы Мұхаммед «қоштасу қажылығын» атқарды, бұл
арабтардың пұтқа табынушылық қажылығының мəнін өзгертіп, исламның
бес парызының біріне айналдырған қажылық болды.
Содан бері əрбір мұсылман – егер бұған кедергі болатын жағдайлар болмаса
– ғұмырында кемі бір рет қажылық жасауы тиіс. Əрине, қажылар ең əуелі
Мұхаммедке құрмет көрсетеді, бірақ, шынтуайтында, қажылық санада
Пайғамбардан гөрі Ыбырайым, Ысмайыл жəне Ажарды жаңғыртады.
Сырттай бақылаушыға қажылық бір қызық рəсім секілді көрінуі мүмкін.
Əдеттегідей, жатжерліктер үшін бөтен елдегі əлеуметтік жəне діни
дəстүрлер қызық болып көріне береді. Дегенмен, қажылық көбінесе діни
тəжірибенің ерекше толқынысын туғызады, сондықтан да ислам
руханиятының əлеуметтік жəне жеке тұлғалық шегін айқын көрсетеді.
Қазіргі кезде белгілі уақытта Меккеге қажылыққа келгендердің арасында
тек арабтар емес, барлық ұлттан мұсылмандар бар, осылайша басқа
жұрттың адамдары да ежелгі арабтық ғұрыпты орындауға мүмкіндік алды.
Қажылардың бəрі дəстүрлі киімге оранып, нəсілдік жəне таптық
айырмашылықтан ада күйде Қағбаға жақындап, əрбір мұсылман уақытша
болса да, күйбең тіршіліктің қамытынан босайды. Олар эгоистік
құмарлықтан арылып, бір ғана нəрсені назарға алып, бір бағытта
қозғалатын үлкен қауымның ішіне сіңіп кетеді. Олар Қағбаға тəуап етпестен
бұрын «Я, Раббым құлдық ұрып, қызметіңе келіп тұрмын» деп бəрі қосыла
дауыстайды. Бұл рəсімнің терең сырын өте ғажап түрде бақилық болған
ирандық философ Али Шариати былайша жеткізеді:
«Қағбаға жақындап, оны айнала тəуап ете бастағанда, өзіңді ұшы-қиыры
жоқ өзенге құйылып аға жөнелген бұлақтай сезінесің. Бейне бір аяғың
жерден көтеріліп, сені толқын алып бара жатқандай болады. Қуатты
ағыстың сүйреуімен заулай жөнелесің. Қағбаға жақындай түскен сайын,
сені жан-жағыңнан сіресе қалған топ қыса түседі, ал сен болсаң, осы сəтте
қайта туасың. Енді сен - Халықтың бөлшегісің, сен - тірі жане мəңгі
жасайтын адамсың... Қағба - ғаламның шырағы, осы жарқыраған нұр сені өз
орбитасына тарта түседі. Сен осы жаппай қозғалыстың бір бөлшегіне
айналасың жəне өзіңді ұмытқан күйі Құдайдың дəл қасында айналып
жүресің. Сен көп өтпей еріп кететін түйіршікке айналасың. Міне, осы –
шынайы махаббаттың ең биік шыңы!».
Яхудилер мен христиандар қауымдастықтың рухани маңыздылығын талай
рет ескерткен еді. Сол сияқты қажылық та, əр мұсылманға ортасында Құдай
тұр деп саналатын қалың үмбетпен сіңісіп араласуға мүмкіндік береді.
Басқа да діндегі сияқты қажылықтың басты мұраты – тыныштық пен
үндестік. Зияратшыға киелі мекеннің шекарасын бір қадам аттап өтсе жетіп
жатыр. Сол сəттен бастап, кез келген зорлық ауыр күнə саналады. Киелі
мекенде қажыларға дөрекі сөйлеуге болмайды. Тіпті жəндік өлтіруге тыйым
салынады. 1987 жылы ислам əлемін түгел шарпыған дүрбелеңді осымен
ғана түсіндіруге болады. Ол кезде ирандық қажылардың кінəсінен
тəртіпсіздік бұрқ етіп, артынша 402 адам опат болып, 649 кісі жарақат алған
еді.
632 жылдың маусым айында қатты сырқаттанған Мұхаммед көп ұзамай көз
жұмды. Оның қазасынан соң, көптеген бəдəуи үмбеттен бөлінгісі келді.
Бірақ бұған дейін арабтардың саяси бірлігі нығайып алған еді. Көп ұзамай
ең жүгенсіз деген тайпалардың өзі бірқұдайлық дінді қабылдады.
Мұхаммедтің таңғажайып жеңісі арабтарға бірнеше ғасыр бойына жақсы
қызмет етіп келген, бұрынғы мəжусилік сенімдерінің ендігі заманда пайдаға
аспайтынын анық көрсетті. Аллаға деген сенім – барлық дамыған дінге тəн
кісінің басқаға жаны ашу сезімін тудырды. Əлеуметтік теңдік пен
бауырластық сезімі оның ең өзекті қасиеті саналды. Бұлжымас əділдік
принципі əлі күнге дейін ислам идеалының негізгі сипаты болып тұр.
Мұхаммедтің көзі тірісінде бұл идеалдың ішіне ер мен əйелдің тең құқығы
да кірген еді. Қазір Батыс жұртында исламды бейне бір əйел затын
бұрыннан жек көретін дін сияқты сипаттайтын көзқарас орныққан. Бірақ
Алланың діні де христиандық сияқты əуелден əйел затына жайлы қараған.
Исламға дейінгі жəһилет (надандық дəуірінде «Кіндік кезеңге» дейін
салтанат құрған əйелдерге деген теріс көзқарастың тамыры Арабияда
тереңге кеткен еді. Мысалы көп əйел алу кең тараған болатын. Тұрмысқа
шыққан қыздың өзі əкесінің үйінде тұра беретін. Ақсүйек əйелдерде ғана
біраз бедел мен билік болды. Мысалы, Мұхаммедтің əйелі Хадиша саудасы
дөңгелеген кəсіпкер еді. Бірақ ол кезде көп əйел күңнің дəрежесінде күн
кешетін. Олардың не саяси, не адами құқықтары болмады. Қала берді, қыз
баланы нəресте кезінде өлтіру қалыпты ғұрып саналды. Мұхаммедтің ізінен
ең бірінші ергендердің ішінде əйелдер де болды. Ер мен əйелдің
құқықтарын теңестіру пайғамбардың арманы еді. Сəбилерді өлтіруге Құран
сөзі қатаң тыйым салды жəне қыз бала туылғанда, бұлқан-талқан болатын
арабтарды сөкті. Одан бөлек ажырасу мен мирас бөлісуде əйелдердің заңды
құқықтарын орнықтырды. XIX ғасырдың аяғына дейін мұндай теңдік Батыс
əйелдерінің түсіне де кірмеген еді. Мұхаммед үмбет ісін қалыпқа келтіруде
əйелдерді белсенді болуға жігерлендірді. Əйелдер ой-пікір ұсыныстарының
жерде қалмайтынына сенімді болғандықтан, пікірлерін ашық айтатын
дəрежеге жетті. Бірде мынадай оқиға болады: Мəдинадағы əйелдер
пайғамбарға келіп, «Құран игеруде ерлер бізден озып кетті. Мүмкін болса,
қыз-келіншектерге арнап Құраннан арнайы сабақ өтсеңіз. Біз де оқуда
оларды қуып жетсек» деп өтініш жасаған. Пайғамбар бұл өтінішті
орындады. «Неліктен Құран тек ерлерге қарата сөйлейді? Біз де Құдайға
бағынып тұрмыз ғой?» деген сұрақты əйелдер жиі қоятын. Нəтижесінде
əйел мен ердің ар-намыс жəне рухани мəселеде тең құқықтығы туралы уахи
енді. Содан бастап Құран тікелей əйел жұртына жиірек тіл қататын болды.
Мұндай құбылыс еврейлер мен христиандардың киелі мəтіндерінде сирек
кездесетін.
Өкінішке орай, христиандар сияқты исламда да еркектер дінді өздеріне
бейімдеп, жекешелендіріп алды. Олар Құран мəтіндерін мұсылман əйелінің
теңдігін жоққа шығаратын жолдармен тəпсірлеп тастады. Құран бүкіл
əйелге «жаппай бетіңді бүркеп жүр» деп бұйырмаған. Ондай аят
Мұхаммедтің əйелдеріне ғана қатысты енген еді. Бұл олардың ерекше
мəртебесін айқындап тұру үшін керек болған. Алайда ислам діні əлемдік
өркениеттен орын алып, іргесі бекіген соң, бұл дəстүрді бүкіл əлемге
таратты. Соның кесірінен əйелдер екінші дəрежедегі адамға айналып шыға
келді. Арабтар əйелдердің бет-əлпетін бүркеп, гаремдерге қамап қоюды
парсы жұрты мен христиандық Византиядан «жұқтырған» еді. Ол жақта
əйелдер ежелден-ақ теңдік көрмей оранып, қамалып, тапталып жататын.
Аббасидтер əулеті дүркіреп тұрған дəуірде (750-1258) əйелдерінің жағдайы
христиан мен еврей қауымындағы қыз-келіншектердің халіндей өте мүшкіл
болатын. Қазіргі кезде мұсылман феминистері еркектерін Құранның ілкідегі
рухани өсиетіне оралуға үндеп жатыр.
Осының өзі барлық дін сияқты, исламды да түрлі жолмен тəпсірлеуге
болады дегенді тағы бір еске салады. Сондықтан да уақыт өте келе
исламның ішінен түрлі ағымдар мен бағыттар бөлініп шықты. Олардың ең
біріншісі пайғамбардың күтпеген өлімінен соң, билік үшін басталған
(сүнниттер мен шииттер) текетірес еді. Көпшілік дауыспен Мұхаммедтің ең
жақын досы Əбу Бəкір ең бірінші халиф болып сайланды. Бірақ біреулері
пайғамбардың туысы əрі күйеу баласы, Əбу Тəліптің ұлы – Əлиді халиф
тағында көргісі келген. Əли Əбу Бəкірдің билігін мойындады. Бірақ Əбу
Бəкір, Омар ибн Хаттаб, Осман ибн Аффан есімді алғашқы үш халифтің
саясатына наразы болған кей мұсылмандар Əлиге деген адалдығын іштей
сақтап жүрді. 656 жылы Əли халиф болып сайланды. Шииттер кейін, уақыт
өте келе, Əлиді үмбеттің көсемі, бірінші имам деп танитын болды.
Сүнниттер мен шииттердің екіге жарылуы доктриналық емес саяси
тұрғыдан басталды. Осының өзі саясаттың мұсылмандардың Құдай туралы
түсінігі мен дінінде қаншалықты маңызды орын алғанын тағы бір көрсетіп
берді. ШиитИ-Əли – «Əлидің партиясы» үмбеттің ішінде азшылық болып
қалды. Енді олар қарсылық ретінде өздерінің діни парыздары туралы
түсініктерін айшықтауға кірісті. Шииттер Мұхаммедтің немересі, Əлидің
ұлы Хұсейін қайғылы өлімін өздеріне символ етіп алды. Əли қаза тапқан
соң, Хұсейін халифатты билеген Омейядтар əулетінің билігін мойындамай
қойған еді. 680 жылы халиф Йазид Куфа қаласының жанындағы,
Кербаланың шөлінде Хұсейінді қасына ерген шағын əскерімен қырып
жіберді. Сол шайқаста пайғамбардың немересі де опат болды. Йазидтің
мына қанды қырғыны бүкіл мұсылман жұртын шошытты. Осыдан бастап,
Хұсейін шииттер үшін, керек кезінде тирандарға қарсы қайтпай күресудің
нағыз қаһарман үлгісі болып саналды. Бұл кезеңде мұсылмандар өздерінің
империясын құра бастаған еді. Алғашқы халифтерді сол кезде қуаты
қайтып, шөгіп бара жатқан Парсы жəне Византия империясының
қарамағындағы араб тайпаларына исламды тарату мəселесі алаңдатқан еді.
Оммейядтар династиясы кезінде халифаттың шекарасын Азия мен
Солтүстік Африкаға дейін кеңейтті. Бірақ бұл кезде исламның бұлайша
қанат жаюына шабыт берген дін емес, арабтардың империялық пиғылы
болатын.
Жаңа империя құрамына ешкімді зорлап исламға кіргізген жоқ.
Шындығында, Мұхаммед дүниеден озған соңғы ғасырда басқаларды
исламға кіргізуді ешкім қош көрмеді. Ал 700 жылдар шамасында тіпті
басқаны исламға кіргізуге заңмен тыйым салды. Мұсылмандар иудаизмнің
Жақыптың ұрпағына ғана нəсіп болғаны сияқты, ислам да арабтарға ғана
бұйырған дін деп түсінетін. «Кітап иелері» (əһлі-китаб) саналғандықтан,
яхудилер мен христиандарға өз діндерін ұстанып жүре беруге рұқсат етті
жəне азшылық ретінде қорғалатын зимми деген мəртебе берді. Ал
Аббасидтер кезінде халифтер басқа жұрттың исламға өтуін қош көрді. Сол
кезде семит жəне арий тайпалары исламды қуана-қуана қабылдады. Иса
пайғамбардың қорлық тартып өлім құшуы – христиандықтың
қалыптасуына қаншалықты рөл ойнаса, Исламның да осылайша сəтті
дамуы оның қалыптасуына тура сондай дəрежеде ықпал етті. Осы дүниедегі
жетістігіне жете қуанбайтын христиандармен салыстырғанда,
мұсылманның жеке діни өмірі үшін саясат жат саналмайтын. Мұсылмандар
өздерін Құдайдың қалауына сəйкес əділетті қоғам құруға міндеттіміз деп
білді. Сол себепті де үмбетке ерекше қасиетті сипат дарытуға тырысты.
Үмбет деген адамзатты əділетсіздік пен езгіден құтқаруға арналған жəне
Құдайдың өзі үмбеттің сондай əрекетіне шапағатын төгіп тұрушы қасиетті
«белгідей» қарайды. Үмбеттің саяси қабілетінің мықты болуы
мұсылманның жеке рухани өмірі үшін де өте маңызды. Мысалы,
христиандардың дін қабылдарда теологиялық таңдау жасағаны сияқты
(Олар «христиандықтың қай тармағын - католик, протестант, методизм
жəне баптизм қабылдағаным жен» деп басын қатырады). Христиандарға
мұсылмандардың саяси белсенділігі қалай түсініксіз көрінсе, өздерінің
шым-шытырық діни тартысқа жиі араласуы да мұсылмандар мен
еврейлерге дəл солай мағынасыз көрінеді.
Қалай болғанда да, исламның алғашқы тарихында Құдайдың болмысы
туралы пікірлер мұсылмандарда билік пен халифаттың саяси ахуалына
қатысты алаңдаудан туды. Христиандар үшін Исаның тұлғасы мен сипатына
қатысты айтыс-тартыс қаншалықты маңызды болса, «үмбетті кім басқарады
жəне ол үшін адамның қандай қасиеті басты назарға алынуы керек» деген
сұрақтың айналасындағы пікірлер, ислам доктринасын негіздеуде дəл
сондай маңызға ие болды. Рашид халифалар кезеңі (əділетті төрт халиф)
аяқталған соң, мұсылмандар Мəдинадағы ат төбеліндей жауынгер
жамағатқа мүлде ұқсамайтын жаңа дəуірде өмір сүріп жатқанын түсінді.
Арабтардың территориясы жылдам кеңейіп бара жатқан империяның
қожайыны болып шыға келді. Енді олардың көсемдерін дүнияуи нығметтер
көбірек қызықтырған сияқты. Ақсүйектер үлде мен бүлдеге оранды. Халиф
сарайындағы ықпалды тұлғалар былыққа белшеден батты. Мұндай аста-төк
өмір, бір заманда пайғамбар мен сахабалар сүрген, тақуа тіршілікке мүлде
ұқсамайтын. Шын берілген мұсылмандар Құрандағы əлеуметтік теңдік
туралы аяттарды көлденең тартып, исламды қазіргі жағдайға бейімдеуге
тырысты. Осылайша қаптаған ағымдар мен тармақтар исламнан бөлініп
шыға берді.
Ең тиімді шешімдерді мұсылмандарға Мұхаммедтің идеалы мен төрт халиф
кезеңіне қайтуға талпынған факихтер мен дəстүршіл ғұламалар тапты.
Сөйтіп, Тəурат сияқты Құран аяттары мен пайғамбар сүннетіне негізделген
шариғат заңдары пайда болды. Сахабалар мен Мұхаммедтің өмір сүру
салты (сүннеті) мен айтқан өсиеттері (хадистер) ел ішіне кеңінен таралған
еді. VIII – IX ғасырларда мұсылмандар хадистерді жинақтап шығара
бастады. Олардың ішінде ең танымалы Мұхаммет ибн Ысмайыл əл-Бухари
мен Муслим ибн əл-Хаджадж əл-Кушайри болды. Елдің бəрі Мұхаммедті
«Құдайға толығымен берілген кəміл адам» деп санағандықтан,
мұсылмандар күнделікті өмірінде барынша оған еліктеуі тиіс болатын.
Мұхаммедтің сөйлеу мəнерін, адамдарды сүюін, ас ішуін, жуыныпшайынуын, құлшылық ету əдетін сіңірумен, исламның киелі заңдары
мұсылмандардың құдайлық əлемге жолын ашып бергендей болды.
Пайғамбарға барынша еліктеу арқылы ішкі əлеммен де Құдайға барынша
жақындай түсеміз деп үміттенді. Мұсылмандар пайғамбар сүннетіне сəйкес
бір-біріне «Ас-Саляму алейкум» (сізге тыныштық болсын) деп сəлем
бергенде жетім-жесірлер мен кедей-кепшіктерге де, жан-жануарға да
мейірімді күйге енеді. Бір-бірімен келісіп іс қылғанда, қарым-қатынас
жақсарады. Құлшылықтың қимыл-əрекетін діннің ең биік шыңы осы деп
қабылдауға болмайды. Бұлар тақуалыққа жетудің құралы ғана. Құран
қағидалары мен пайғамбар сүннеті бойынша, «Құдайды танып білу»
дəрежесіне биіктеуге болады. Оның негізгі өзегінде Құдайды үздіксіз еске
алатын құлшылық та (зікір) тұр. Мұсылмандар арасында сүннет пен
хадистің растығы жөнінде біраз тартыс та болды. Хадистердің бір парасын
сенімді деп тапса, енді біразын күмəнді деп таныды. Жеме-жемге келгенде
бұл дəстүрлердің тарихи растығы аса маңызды емес. Ең бастысы, олар
жеміс берсе жетіп жатыр. Пайғамбар сүннеті бірнеше ғасыр бойына
миллиондаған мұсылмандардың өмірін илəһи мазмұнмен толтыруға
қабілеті екенін дəлелдеп шықты.
Хадистер жинағында, негізінен, күнделікті тұрмыстағы проблемалар сөз
болады. Бірақ кей кездері метафизикалық, космологиялық, құдайлық
тақырыптар да қозғалады. Тіпті «құдыс хадистер» (киелі хадистер) деп
саналатын кей хадистерді Құдайдың өзі Мұхаммедке тікелей айтқан деп
сенеді. Хадистің мұндай түріне қарап, нағыз тақуаның ішінде бола алатын
Құдайдың имманентті сипатын тануға болады. Мұсылманның құдайлық
болмысқа дейін жете алатын қасиетін сатылап түсіндіретін танымал хадиске
қарап, Құдайдың өзі дінге сенушінің ішіне еніп кеткен бе деген ой келеді.
Мұсылмандар Құран мен шариғаттың қағидаларын қатаң сақтай отырып, өз
еркімен діни парыздарын орындауға кіріседі:
«Менің сүйген құлым маған жақындау үшін не істесе де, Мен оған міндет
етіп жүктеген парыздарды жасамайынша, соншалықты жақын келе
алмайды. Менің құлым Маған жету үшін міндеттелген борышынан да артық
нəрсені жасауға бейіл. Мен оны жақсы көріп, сүйген құлдарымның
қатарына қоспайынша, ол да əрекетін тоқтатпайды. Ол Менің сүйікті
құлыма айналғанда, Мен де оның естір құлағына, көретін көзіне, ұстайтын
қолына, жүретін аяғына айналамын!». 36
Яхудилер мен христиандардың Құдайы сияқты Алла да трансцендентті һəм
жердегі тіршілікке де араласып кете алатын имманентті Құдай саналады.
Мұсылмандар өздерінің болмысындағы осы құдайлық сезімдерді,
психотехникалық амалдар арқылы тəрбиелеп өсіре алады. Олардың осы
əдістері яхудилер мен христиандардың діни тəсілдеріне қатты ұқсайтын.
Мұхаммедке еліктеу арқылы тақуалық жолды ұстанатын мұсылмандар
типін əһлі-хадис (дəстүршiлдер) деп атайтын. Олар барлық адам тең деген
əділдік принципін ұстанатындықтан, қарапайым жұртты қатарына көптеп
тарта білді. Дəстүршiлдер Омейядтар мен Аббасидтердің аста-төк
шылқыған өмірін қолдаған жоқ. Шииттердің бүлікшіл тактикасын да
қоштамады. Əһлі-хадистердің пікірінше, халифтердің ерекше рухани
қасиетпен дараланып тұруы міндетті емес. Халиф – бар болғаны,
ұйымдастырушы қарапайым əкім. Олар Құран мен сүннеттің илəһи
сипатына ерекше мəн бере отырып, əр мұсылманның Құдаймен тікелей
байланыс орнатуына септесетін құрал ұсынды. Бірақ мұндай діндарлықтың
ішінде абсолютті билікті сынап, оның тағын шайқайтын қауіпті идея
жатады. Себебі дəстүршiлдердің көзқарасы бойынша, Құдай мен құлдың
арасын жарастырушы діни кастаның керегі жоқ. Кез келген мұсылман
ақыретте Құдай алдында жеке тағдырына өзі жауап береді.
Бəрінен бұрын дəстүршiлдер: Құран - Тəурат немесе Логос сияқты мəңгілік
ақиқат тіпті белгілі бір дəрежеде Құдайдың өзімен де сипаттас болып кетеді
деп санады. Құран Құдайдың ойында ежелден бері бар болған. Құранның
жаратылмағаны туралы доктринаға сəйкес, Құранды дауыстап оқығанда,
мұсылмандар Құдайдың дауысын тікелей естиді. Алланың адамдар
арасында ұдайы болуына, Құран бейне бір оның жердегі өкілі сияқты
айғақтық қызмет атқарады. Мұсылмандар Құран аятын дауыстап оқығанда
Құдайдың сөзі естіліп жатады. Мұсылмандар Құранды ұстағанда,
Құдайдың сипатымен əсерлеседі. Алғашқы христиандар да Адам
бейнесіндегі Иса туралы, шамамен осылайша ой толғады:
«Əлем басталғалы
Біз құлақпен естіп,
Көзбен көрген, Қолмен ұстап,
Сипалап сезген бар нəрсе,
Ол – сөзден шыққан тіршілік.
Біз осы ақиқатқа куəлік етіп, оны жеткіземіз!».
Сөз сипатты Исаның (Логос, Құдайдың кəламі) мəртебесін дəл анықтау
христиандарды сергелдеңге салды. Мұсылмандар арасында да Құранның
сипатына қатысты дəл осындай пікірталас күшейген еді. Расында, араб
тілінде жазылған бұл кітап қай мағынада, Құдайдың Сөзі саналады?
Құранды мұндай деңгейде əспеттеу – көптеген мұсылманға бейне бір
дінбұзарлықтай көрінді. Осы арада еске сала кетейік, кезінде
христиандарды да Иса – Логостың жердегі инкарнациясы деген ойлар əбден
мезі қылған еді. Иса кəлимолланың шынайы жағдайы христиандарды
барынша толғандырды. Қазір мұсылмандар Құранның құрылымын талдай
бастады: арабша мəтін қандай мəнде Құдайдың шын сөзі бола алады? Кей
мұсылмандар Құранға берілген осы сипатты – христиандардың Исаның
тірілген сөз деген көзқарасына қарсы болу сияқты – сандырақ деп
қабылдады.
Шииттер болса, ойларын христиандағы тірілу көзқарасына барынша жақын
сипатта дамытты. Хұсейіннің трагедиялық өлімінен кейін, шииттер тек Əли
бин Əбу Тəліптің тегінен өрбігендер ғана үмбетке билік жүргізе алады деп
мəлімдеді жəне исламның ішіндегі бөлек бір мəзһабқа айналды. Əли
Мұхаммедтің немере інісі жəне күйеу баласы болғаны үшін, онымен
туыстық байланысы бар еді. Пайғамбардың перзенттерінің бəрі сəби кезінде
шетінеп кеткендіктен, оның бас кəтерер еркек туысы Əли ғана еді. Құранда
пайғамбарлар құдайдан ұрпағына нығмет беруін жиі сұраған. Шииттер бұл
ұғымның аясын кеңейтіп, тек Мұхаммедтің Əлиден тараған отбасы
нəсілінің (əһлі бəйт) тікелей илəһи білімге (ілім) ие екеніне сене бастады.
Олар үмбетті тек илəһи нұсқаумен ғана билейтін еді. Əлидің бір ұрпағы
билікті қолына алса, мұсылмандар əділетті Алтын ғасырда тіршілік ететін
еді жəне үмбет Құдайдың қалауына сай басқарылатын еді деп сенетін.
Əлидің жеке тұлғасына деген сүйіспеншілік таңғаларлық дəрежеге жетті.
Радикалды шиит топтары Əли мен оның тегін Мұхаммедтен де жоғары
қойып, оларды тіпті Құдайдай көрді. Бұл үрдіс – көркем бір илəһи нəсілден
өрбіген таңдаулы отбасына қатысты – антикалық Иран дəстүріне ұқсайтын.
Омейядтар кезеңінің соңына қарай кейбір шииттер кемел ілімнің тек Əлидің
нəсіліне нəсіп болғанына сене бастады. Мұсылмандар үмбеттің нағыз
имамы Құдайдың назары түскен осы отбасыдан шығады деп иланды. Билік
құрсын-құрмасын, мұсылмандар оның жетегіне еруге барынша мұқтаж. Əр
мұсылман оны іздеп тауып, мойынсұнуға міндетті. Халифтер бұл
имамдарға билікке қарсы оппозиция ошағы ретінде қарап, оларды биліктің
дұшпанына балады. Шииттердің сөзіне қарағанда, имамдардың көбісін улап
өлтірді, біразы жасырынуға мəжбүр болды. Əр имам опат болған кезде оның
ілімін кейінгілер мирасқа алып қалулары тиіс еді. Таңдау олардың бір
туысқанына түсіп отырды. Біртіндеп имамдарды илəһи күштің аватарына
(бейне) балай бастады. Олардың əрқайсысы жасырын түрде адам
бойындағы илəһи қасиетті тірілтетін, Құдайдың дүниедегі болмысының
айғағы (хужжат) еді. Оның сөздері, əмірі мен бұйрықтары Құдайдан келеді.
Христиандардың Исаны адамдарды Құдайға бастайтын жол, Ақиқат жəне
Нұр деп санайтыны сияқты, шииттерда имамдарға Құдайдың қақпасы (баб),
жол (сəбил) жəне əр ұрпақтың көсемі ретінде құрмет көрсетеді.
Шииттік əр ағым осы құдайлық тізбекті өздерінше жалғады. Мəселен, он екі
имам шииттері Əлидің Хұсейіннен тарайтын он екі немересін қабылдады.
939 жылы соңғы немере-имам жасырынып, жоғалып кетті. Кіндігінен
өрбіген перзенті қалмағандықтан, одан тарайтын тізбек тоқтады. Жетілік
деген атпен танылған Ысмайылшылар осы имамдардың жетінші буынының
соңғы имам екеніне сенді. Он екі имам шииттерінің арасында христиандық
түсінік туды. Он екінші немесе Ғайып Имамның «Алтын ғасыр» орнату
үшін қайта келетіні туралы сенімі тарады. Бұлар ашықтан-ашық қауіпті
ойлар еді. Ол тек саяси тұрғыдан ғана қауіпті емес болатын. Сонымен бірге
дөрекі, қарабайыр жорамалдардың да көбеюіне жол ашты. Кейбір шектен
шыққан шииттер батини (ішкі сезім) жолды дамытып, Құранның символдық
тəпсіріне мəн бере бастады. Бұл туралы келесі тарауда баяндаймыз.
Шииттердің сенім жүйесі басқа мұсылмандарға қарағанда, шымшытырық
сипатымен ерекшеленетін. Мұсылмандар олардың қайта тірілу қағидасын
қисынсыз бір сандырақ деп санады. Шииттер көбінесе ақсүйектер табы мен
зиялылар арасынан шықты. Ирандағы төңкерістен кейін, Батыс жұрты
шииттерді Исламның ескіден келе жатқан радикал мəзһабы ретінде
қабылдайды, бірақ бұл тұжырымның өзі дұрыс емес. Шииттік
софистикалық дəстүрге жатады. Шындығында, шииттердің Құранды ақылға
сүйеніп (рационалдық), тəпсірлеуге тырысқан мұсылмандармен бірнеше
ортақ тұстары бар еді. Мутазила деген атпен танылған бұл топ бөлек мəзһаб
қалыптастырды. Олардың саяси көзқарастары барынша қатаңдығымен
ерекшеленді. Шииттер сияқты Myтaзила да сарайдың салтанатты өмірін
өткір сынады жəне билік жүйесіне қарсы жиі-жиі саяси наразылық танытып
отырды.
Құдайдың адам ісіне жөн сілтеуі мəселесінде саяси түйткілдер теологиялық
тартыс тудырды. Омейядтардың қолдаушылары еш шімірікпей, исламға сай
келмейтін мінез-құлықтың өз міні емес екенін, Құдайдың өздерін солай
жаратқанын алға тартатын. Құран Құдайдың əр нəрсеге күші жететінін жəне
əр жерде əзір əрі нəзiр (көруші) екенін жиі-жиі тілге тиек етеді. Бірнеше
мəтін билеушілердің билікке қатысты көзқарастарын қорғау үшін
қолданылуы мүмкін. Бірақ Құрандағы табанды тұжырымдар адамның
жауапкершілігі мəселесінде де көрініс табады: «Шындығында, адамдар
өздерін өзгертпейінше, Алла оларды өзгертпейді». жүйені сынап келгендер
соңында ерік-қалау мен моральдық жауапкершіліктің мəніне тоқталатын.
Мутазила орта жолды ұстанып, бір мəселеде ұшқары кетуден тартынып
отырды (итазабу – аулақ тұру). Адамның моральдық қасиетін қолдау үшін
қалау еркіндігін қорғап шықты. Құдайдың қарапайым, жаңсақ-дұрыс
сияқты пенделік ұғымдардан пəк екеніне иланған мұсылмандар. Оның
əділетіне шек келтіргендей көрінетін. Бүкіл жалаң ережелерді бұзып,
олардан арылған Құдай, қатыгез билеуші кейпінде тек бір жыртқыш болуы
мүмкін еді. Шииттер сияқты Мутазила да əділеттің Құдайдың негізі екенін
алға тартады. Ол ақылға кереғар құбылысты қабыл етпейтін.
Мутазила ағымы – «адам өз тағдырын өзі жасап, өзі жаратады» деген
көзқарасқа бекіген. Олардың осы мəндес ойлары Құдайдың құдіретті
Жаратқан (қадир-и мұтлақ) сипатына қайшы келеді. Яғни дəстүрлі
ағымдардың түсінігіне теріс түседі. Дəстүршiлер Мутазиланың «Құдайды
тек ақылдың күшімен тануға болады» деген ойынан жəне оған толығымен
адамдық сипаттарды бергенінен тіксініп қалды. Олар Құдайдың болмысына
ақыл жетпейді деген түсінікті орнықтыру үшін «тағдыр алдын-ала жазылып
қойған» деген қағиданы қабылдады. Егер Оны танып-білдік десек, бұл
ойдың өзі Құдай емес, жай бір адамның түсінігі ретінде қалады. Құдай –
адамдардың қарабайыр дұрыс-бұрыс деген ұғымдарынан пəк. Оны біздің
өлшеміміз бен тұжырымдарымыз арқылы тану мүмкін емес. Бір əрекеттің
жаман не жөнсіз екенін адами қасиеттердің артықшылығы арқылы аңғара
алмаймыз. Оны Құдайдың жазмышы ретінде бағалау жеткілікті. Мутазила
адамдық идеалға айналған əділетті – Құдайдың негізі деп танытқан сəтте
ағаттыққа ұрынды. Христиандарды да толғандырған тағдыр мен қалау
еркіндігі мəселесі - адами сипатпен көмкерілген - Құдай идеясына келгенде
қиындай түсті. Брахман сияқты адамдық сипаттан ада Құдай - ой жетпейтін
илəһи болмыстың пердесі сияқты көрінетін «жақсы» жəне «жаман»
ұғымдарынан ұзақ тұруы мүмкін. Бірақ жасырын түрде адами сипатқа енген
жəне адамзат тарихында ықпалды рөл атқарған Құдай келе-келе сынға
ұшырай бастады. Мұндай «Құдайды əдеттегіден тыс қатыгез билеуші
немесе тергеуші етіп көрсету жəне оның біздің қалауымызды орындауын
күту өте оңай, «Құдайды кісілік көзқарасымызға сай, консерваторға немесе
социалистке, нəсілші немесе төңкерісшіге айналдыра аламыз. Бұл қауіп
кейбіреулерді адами сипатқа ие Құдайға діннен тыс құбылыс ретінде
қарауға алып келді. Өйткені мұндай көзқарас бізді соқыр сеніміміздің
құрбаны қылады жəне біздің адамдық ойларымызды тереңдете түседі.
Дəстүршiлдер бұл қауіптен сақтану үшін əрi яхудилер, əрі христиандарда
ескіден бері келе жатқан Құдайдың болмысы мен əрекеті арасындағы
айырмашылықты қолға алды. Бұл сипаттамалардың кейбірі тылсым
Құдайды əлеммен байланыстыруға жарады. Ал Құранда: билік, білім, қалау,
есту, көру жəне сөйлесу сияқты сипаттардың Аллаға тəн екені айтылған.
Дəстүршiлдер бұлардың Құран сияқты жаратылмағанын, ежелден бері
Оның сипаттары екенін алға тартты. Бұлар – Құдайдың танылмаған,
əрқашан біздің түсінігімізден тыс қалған болмысынан бөлек сипаттар.
Яхудилердің «Құдай – Дана болмыс» немесе «Тəурат дүние жаратылмай
тұрып, Құдаймен бірге бар еді» деп ойлағаны сияқты, мұсылмандар да осы
кезде Құдайдың адами сипаттары мəселесінде оның толықтай адам
ақылына сыймайтыны туралы көзқарасты жетілдіріп жатыр еді. Халиф əлМамун (813-832) Мутазила жағына шығып, олардың көзқарастарын
Исламның ресми көзқарасына айналдыруға талпынбаса, бұл ойлар тек бір
шоғыр адамға əсер еткен болар еді. Бірақ Халиф Мутазила көзқарасын
қабылдату үшін дəстүршiлдерді қыспаққа алған соң, қарапайым кісілер
мұндай исламға жат əрекеттен қорқа бастады. Ахмад ибн Ханбал (780-855)
əл-Мамунның қыспағынан əзер құтылды. Ол кемеңгер дəстүршіл əрі халық
қаһарманы ретінде тарихта қалды. Тіпті өзін азаптаушылар үшін де дұға
етті. Ханбалдың қасиеті мен харизмасы халифты жекпе-жекке шақырған
кезде көрінді. Оның «Құран жаратылмаған» қағидасы - Мутазиланың
шектен тыс ақылдылығына қарсы, халық наразылығының құпия сөзіне
айналды.
Ибн Ханбал Құдай туралы қандай да бір рационалдық тартысқа түсуден бас
тартты. Осылайша, байсалды Мутазила əл-Хуайан əл-Қарибиси (859 қатыс
болған) «шындығында, Құран Құдайдың сөзі ретінде жаратылмаған, бірақ
адам оқыған кезде жаратылған қыры пайда болады» деп бітімге шақырған
көзқарас ұсынғанда, ибн Ханбал бұл пікірді де жоққа шығарды. ƏлҚарибиси өз көзқарасын жетілдіруге дайын еді. Ол «Құран араб тілінде
жазылды жəне оқылды. Егер бұл тіл – Құдайдың ежелдегі сөзінің бөлшегі
болса, онда Құран жаратылмаған» деген көзқарасты алға тартты. Ибн
Ханбал бұл ойды да іске алғысыз етіп тастады. Өйткені мұндай рационалды
таныммен Құранның түп-төркіні жайлы ой толғау – қауіпті. Рационалды
тəсіл ақылға сыймайтын Құдайды танып-білуге жарамайды. Ол: «Мутазила
Құдайды бүкіл жасырын сипаттарынан арылтып, оны ешқандай діни мəні
қалмаған дерексіз формулаға айналдырды» деп кінə тақты. Ибн Ханбал
Құранның Құдайдың осы əлемдегі іс-əрекетін сипаттағанда немесе
«сөйлегенін», «көргенін», «тағында отырғанын» түсіндірген кезде, не
антропологиялық терминдермен айтылғанда, осы сөздер тілдік мəнінде
(била кəйф) қолданылуы қажет деген пікірінде табандап тұрып алды.
Бəлкім, оны Афанасий сияқты радикал христианға ұқсайды деуге болатын
шығар. Өйткені Афанасий де «тірілу қағидасын» түсіндіру кезінде
рационалистік бұрмалауларға қарсы тұрды. Ибн Ханбал «Құдайдың
болмысын қисын мен ұғым арқылы ұғыну, Құдайдың болмысына ой
жетпейді» деген ұстанымдардан ауытқыған жоқ.
Дегенмен Құранда əрдайым білу мен ұғудың маңызы жиі
айтылатындықтан, ибн Ханбалдың көзқарасы қарабайырлау көрінеді.
Бірқатар мұсылмандар оның ойларын теріс жəне кедергі қоюшы деп тапты.
Əбу əл-Хасан ибн Ысмайыл əл Əшари (878-941) да бітімге келуге шақырды.
Əшари Мутазила болып жүргенде түсінде Пайғамбардың оған «хадиспен
айналыс» деп бұйырғанын көріп, Дəстүршіл болған. Сөйтіп, Мутазила
исламның бəлесі деп, пəтуа шығарды. Содан кейін тағы бір түс көрді.
Мұхаммед оған ренжіген сыңай танытып: «Мен саған ақылшы көзқарастан
бас тарт демеп пе едім, тек хадистің шындығын негізде деп едім, ғой» деді.
You have read 1 text from Kazakh literature.
Next - Иудаизм, христиандық пен исламдағы 4000 жылдық ізденіс: Құдайтану баяны - 16