Latin Common Turkic

Иудаизм, христиандық пен исламдағы 4000 жылдық ізденіс: Құдайтану баяны - 02

Total number of words is 3815
Total number of unique words is 2084
28.1 of words are in the 2000 most common words
41.6 of words are in the 5000 most common words
49.3 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
(сəуір айында қасиетті Бабыл қаласында тойланатын еді: патша тағына
салтанатты түрде жайғасатын, ал абыздар оның билігін тағы бір жылға
созуға рұқсатын беретін. Алайда саяси тыныштық осы əлемді жаратып,
ондағы бастапқы бейберекетсіздікті (хаос) тəртіпке келтірген құдайлардың
ұзақ та салиқалы билігінің бір бөлігі болғандықтан ғана сақтала алатын.
Осылайша, ғұрыптық əрекеттер жаңа жылдық мейрамның қасиеттi он бір
күнінде қатысушыларды əдепкі уақыттан құдайлардың қастерлі де мəңгі
əлеміне алып баратын. Өлім аузындағы Қарт жылға арналып құрбандыққа
теке (символикалық түрде бүкiл күнə мойнына артылып, далаға жіберілетін
«күнəһар текенің» нақ өзі) сойылатын. Əуелгі бейберекетсіздік көрінісі
ретінде, халық алдында патшаның намысы қорланып, оның тағына
маскарадтық киімдегі сайқымазақ отырғызылатын, содан кейін
құдайлардың қаскөй күштермен шайқасын бейнелейтін театрландырылған
көрініс қойылатын.
Бұл рəміздік əрекеттердің ғұрыптық мəні бар еді: олар Бабыл халқына
өздерінің ұлы өркениетінің негізі болған қасиетті күшке - манаға жанасуына
септігін тигізетін. Мəдениет уақытша, əлжуаз жетістік саналды,
бейберекетсіздік пен өлім күштері оны кез келген уақытта жоя алатын.
Мейрамның төртінші күні кешкісін абыздар мен жыршылар құдайлардың
бейберекетсіздікті жеңіп шығуы жырланатын қасиетті «Энума злиш» (Епита
Elish) эпосын оқу үшін ең киелі орынға жиналатын. Аңыз жердегі өмірдің
пайда болуының нақты баяны емес, ұлы құпияны рəміздік түсіндірудің
саналы əрекеті жəне оның құдіретті күшінің еркіндікке шығуы болып
саналатын. Əлемнің жаратылуын егжей-тегжейлі сипаттау мүлде мүмкін
емес, өйткені бұл ғажайып құбылысты ешкім көрген жоқ. Оны көзге
елестетудің жалғыз ыңғайлы тəсілі мифтер мен рəміздер ғана болатын.
«Энума элиш» эпосымен қысқаша танысып шығу – араға жүзжылдықтар
салып – біздің Жаратушы Құдайды дүниеге келтірген руханилықтың мəнін
сəл де болса түсінуімізге мүмкіндік береді. Жаратылыстың тəураттық жəне
құрандық баяндары əртүрлі болғанмен, ұмытылған бабылдық мифтер ізтүзсіз жойылған жоқ жəне де олар кейінгі дəуірде монотеизм бетпердесін
киіп, құдайтану тарихына қайта енді.
Біраздан соң көзіміз анық жететіндей, аңыз яхудилік жəне исламдық
мистицизмде өте маңызды сюжет болып саналатын құдайлардың өз
жаратылысынан бастау алады. «Энума элиш» эпосында айтылғандай,
алғашқыда құдайлар жұпжұбымен онсыз да құдіретті субстанциядан –
түссіз сұйық қоймалжыңнан пайда болған. Бабылдық мифте (кейін Тəурата
да) жоқтан жаратылу деген мүлде кездеспейді, жалпы, ежелгі əлемге
мұндай ой мүлде бөтен. Құдайлар мен адамдардан бұрын əлдебір қасиетті
материал, бастапқы шикізат болған. Алғашқы субстанцияны бейнелеуге
əрекеттенген бабылдықтар оны Месопотамияның батпақты далаларына
ұқсатуға шешім қабылдаған болу керек, ол жерде адамның қолынан шыққан
нəзік дүниелерді селдің шайып кету қаупі үнемі төніп тұрған. Сол себептен
«Энума элиш» эпосында бейберекетсіздік бұрқырап қайнап жатқан
қойыртпақ емес, не шет-шегі, не кескін-келбеті, не атауы жоқ біртектес
қоймалжың түрінде көрінді:
«... біртұтас сулары алып жататын.
Қамыс лашықтар əлі болмаған,
Қамыс қопасы əлі көзге шалынбаған.
Құдайлардан əлі ешкім болмаған,
Ештеңенің аты аталып, тағдыры белгіленбеген,
Қойнауларда құдайлар пайда болғанда...»?
Осы алғашқы сұйық қоймалжыңнан үш Құдай жаратылды: Абзу (тəтті өзен
суларына теңелетін), оның жұбайы - Тиамат (тұзды теңіз) жəне Мумму,
Бейберекетсіздік Құрсағы. Алайда бұл құдайлар, былайша айтқанда,
алғашқы сынама үлгілер болды да, жетілдіруді қажет етті. Абзу мен Тиамат
есімдерін: «Шыңырау», «бос қуыс», «түпсіз тұңғиық» деп аударуға болады.
Олар əлі алғашқы бейберекетсіздіктің кескінсіз қалпынан арыла қоймаған
еді жəне айқын болмыс ретінде анықталмаған болатын.
Кейін олардан құдайлар тізбегі туындады – бұл «эманация» процесі,
кейіннен біздің «Құдайтану баяны» үшін өте маңызды болады. Жаңа
құдайлар бірбірінен жұбымен пайда болды жəне құдайлық эволюция
барысында əрқайсысы айқынырақ кейіпке ене бастады. Алғашқы болып
Лахму жəне Лахаму туды (олардың есімдері «балшықты» білдірді, яғни су
əлі де топырақпен араласқан). Содан соң аспан мен теңіз көкжиегін
бейнелейтін Аншар мен Кишар жаратылды. Олардың артынан Ан («аспан»)
мен Эйя («жер») пайда болды. Осымен іс біткен тəрізді көрінеді: енді
Құдайлар əлемінің нақты бөлінісі – аспаны, мұхиты мен құрлығы – бар еді.
Бірақ əлемнің жаратылысы енді басталды. Өйткені бейберекетсіздік пен
қаскөй күштерді тек азапты да тынымсыз əрекет арқылы ауыздықтауға
болатын. Жасы кіші жəне жігерлі құдайлар өз ата-аналарына қарсы тұрды,
бірақ тіпті Абзу мен Муммуды жеңген Эйяның өзі, шайқас барысында
жексұрын құбыжықтарды топ-тобымен жасап шығарған Тиаматты тізе
бүктіре алмайды. Бағына орай, Айяның көркем ұлы, күн құдайы, бүкіл
құдайлар патшалығының ең кемел жаратылысы Мардук бар еді.
Құдайлардың ұлы жиынында Мардук кейін жоғары билеуші болу
шартымен Тиаматты өлтіруге келісімін береді. Ұрыс ұзақ, қорқынышты
жəне қиын болса да, ақырында, ол алғашқы əйел құдайды өлтіреді. Бұл
мифте жаратушылық əрекет тəуелсіздік жағдайындағы кескілескен күрес
түрінде берілетін.
Ақырында, денесін май басқан өлі Тиаматтың үстіне төнген Мардук жаңа
əлем жаратуды ойлайды. Ол денені екіге бөліп, əуелі аспан күмбезін, сосын,
адам əлемін жаратты, кейін барлық нəрсені тиісті орнына қоятын міндетті
заңдарды жасады. Үйлесімділік орнады, бірақ күрес мұнымен аяқталған
жоқ. Тəртіпті жыл өткен сайын, ылғи да бір ерекше ғұрыппен қалпына
келтіру керек болды. Құдайлар жаңа жердің кіндігі – Бабылда бас қосып,
сол арада аспан рəсімдерін орындау үшін ғибадатхана тұрғызады.
Осылайша, Мардук құрметіне зиккурат - «шексіз аспанды бейнелейтін
жердегі ғибадатхана» салынады. Құрылыс аяқталған кезде Мардук заңғар
шыңдағы тағына жайғасып, құдайлар: «Міне, сіздің ендігі мекеніңіз Бабыл!» десті. Кейін қасиетті рəсім өткізілді: «Барлық ережелер мен
қағидалар белгіленді, барлық құдайлардың жер мен аспандағы орындары
бекітілді!». Мұндай заңдар мен рəсімдерге бағыну барлығына міндеттеледі;
жаратқан əлемін сақтап қалу үшін тіпті құдайлар да оларға бағынады. Бұл
миф бабылдықтардың түсінігіндегі өркениеттіліктің терең мазмұнын
көрсетеді. Олар зиккуратты ата-бабаларының тұрғызғанын жақсы біледі.
Бірақ «Энума элиш» эпосында баяндалған оқиға шығармашылық
жемістерінің құдайлық құдіретпен астасқанда ғана мəңгі болатыны сенімін
күшейтеді. Жаңа жылда орындалатын рəсімдер адам пайда болғанға дейін
бар еді: олар құдайлардың өзі бағынуға тиіс заттар табиғатына телініп
қойған болатын. Миф, сонымен бірге Бабылдың қасиетті мекені, əлем
кіндігі жəне құдайлар қонысы екеніне сенімді де білдіреді. Мұндай түсінік
ертедегі діндердің барлығына дерлік тəн деуімізге болады. Адам баласы
онда тұрғанда өзінің ұлы құдіретке, болмыс пен жаратылыстың қайнар
көзіне мейлінше жақын екенін сезінетін қасиетті қала идеясы, кейін біздің
құдайдың барлық үш монотеистік дінінде де қолданылған.
Мардук адамдарды есіне кездейсоқ жəне кеш түсіріп, ең соңынан жаратқан.
Ол Кингуды (Тиаматтың Абзу қаза тапқан соң, жаратып алған ақымақтау
жұбайын осылай атайды) ұстап алып, өлтіріп, оның құдіретті қанымен
араластырылған күлден бірінші адамды илеп шығарды. Құдайлар мұның
бəрін таңдана жəне масаттана бақылады. Адам жаратылысын түсіндіретін
осы мифте астарлы мысқыл жатыр: адамдар кемелдіктің шыңы емес,
ақымақ та жалқау құдайлардың ұрпағы екен. Сюжетте сондай-ақ мынадай
маңызды ой бар: алғашқы адам құдайлық субстанциядан жаралған, яғни аз
да болса жоғары бастамаға ие. Ол уақытта адамдар мен құдайлар арасын
терең шыңырау бөліп тұрмаған еді. Табиғат əлемі, адам мен құдайлардың
өзі ортақ болмысқа ие болды жəне біртұтас құдайлық субстанциядан
туындады. Пұтқа табынушылық дүниетанымы біртұтас болды. Құдайлар
адамдардан олардың көзіне көрінбейтін онтологиялық аймаққа ұзай
қоймаған еді; құдайлық бастау мəні жағынан əлі адамилықтан ажырамаған
болатын. Дəл осы себептен жоғарыдан келетін ерекше уахиларға немесе
құдайлар бекітіп берген жердегі заңдарға деген мұқтаждық сезілмеді.
Құдайлар да, адамдар да бірыңғай күрделі жағдайда болды, айырмашылығы
құдайлар күштірек еді жəне ұзағырақ өмір сүретін.
Ғаламды тұтас қабылдау тек Таяу Шығысқа ғана емес, барлық ежелгі
əлемге тəн болды. Б.д.д. VI ғасырда Пиндар сондай сенімнің гректік
нұсқасын Олимпиадалық ойындарына арнаған өлеңдерінде білдірді:
«Адамдар қауымы бар,
Құдайлар қауымы бар,
Тынысымыз бір анадан берілген.
Бірақ күш-қуатымыз əрқилы:
Адам – түк те емес, Ал мыс реңді аспан –
Ғасырлар бойы мызғымас мекен.
Бірақ бізді көктің иелеріне қарай
Көтеретін əлдебір нəрсе бар:
Құдіретті рух па екен,
Жаратылыс күші ме екен?
Күндіз-түнгі сапарымыз
Қай жерде үзілері,
Тағдырдың қалай белгілегені,
Бізге мүлде беймəлім десек те».*
Пиндар үшін атлеттер əрқайсысы жеке жеңімпаз болуды армандайтын
адамдар ғана емес. Ақын спорт жетістіктерін барлық адам
жасампаздығының жоғары үлгісі саналатын құдайлардың ерліктерімен
салыстырады. Адамдар қол жетпес алыстағы құдайларға құлдық ұрып,
еліктеп қана қоймайды, өз бойларындағы құдайлық бастауы бар қабілетін
де дамытуға тырысады.
Мардук пен Тиамат туралы миф, қалай болғанда да, Ханаан тұрғындарына
ықпал еткен секілді; олардың найзағай жəне құнарлылық құдайы ВаалХаддад (дəл осы Ваал турасында Тəурата теріс пікір білдірілген) туралы
осыған өте ұқсас аңызы болған. Ваалдың теңіз бен өзен құдайы йаммумен
шайқас баяны бізге б.д.д. XIV ғасырға тиесілі делінетін қыш қалақшалар
арқылы жетті. Ваал мен Йамму ханаандықтардың жоғары құдайы —
Илумен қатар өмір сүрген. Құдайлар кеңесінде Йамму Ваалдан өзіне құл
болуын талап етеді. Ваал Йаммуды екі сиқырлы қаруының күшімен жеңеді
жəне өлтіруге шақ қалады, алайда Илудың жұбайы əрі екі қарсыластың
анасы Асират өзінен əлсіздің бəрін өлтіре беруге болмайтынын ескертеді.
Ұялған Ваал Иаммуды кешіреді. Иамму құрлықты үнемі су астында
қалдырамын деп қорқытатын адамзатқа өш – теңіз кейпінде болса,
керісінше, Ваал мейірімді еді, өйткені жер жүзін жауынмен жарылқайтын.
Осы мифтің екінші нұсқасы бойынша, Ваал көне еврейлер Левиафан деп
атаған жеті басты айдаһар Латанды өлтіреді. Барлық дерлік мəдениеттерде
айдаһар бейнесі ұйықтап жатқан, қалыпқа түспеген жəне дүлей күшті
білдіреді. Осы жасампаз ерліктің арқасында бастапқы бейберекетсіздікке
қайта апаратын жол жабылды. Сол үшін Ваал құдайлар тарапынан
марапатталып, оның құрметіне сəулетті сарай салынады. Ең көне діндерде
кез келген шығармашылық құдайлық əрекет ретінде танылды. Айтқандай,
осы күнге дейін біз тіршілікке соны леп пен жаңартылған мазмұн беретін
шығармашылық шабыт туралы сөз қозғағанда, діни сөздерді жиі
пайдаланамыз.
Бұл ретте Ваалдың жағдайы айтарлықтай мəз болмады: ол қаза тауып, өлім
мен ұрықсыздық құдайы Мутудың жерасты əлеміне түседі. Ұлының
тағдырын естіген Илу тақтан түсіп, кенеп қапқа оранады жəне екі бетін
тырнайды, бірақ ұлын құтқара алмайды. Ваалды іздеуге оның қарындасы
əрі сүйіктісі Анат кіріседі. Ол аспан əлемінен түсіп, ағасы əрі жұбайын
«сиыр бұзауын немесе қой қозысын аңсағандай»? жанұшыра іздейді.
Сосын, оның өлі денесін табады, құрметтеп жерлейді, бұдан кейін Мутуды
ұстап, қылышпен кескілеп, қалдығын өртеп, ұнтақтап, дəн құсап ұшырып,
жерге себеді. Өлген құдайды іздеу жəне топырақты жаңартуға қатысты
осыған ұқсас оқиға Инанна, Иштар жəне Исида сынды басқа ұлы əйел
құдайлар туралы да баяндалады. Анаттың жеңісін жыл сайын ерекше
рəсімдер арқылы жаңғыртып отыру керек болды. Кейіннен (дəл қашан екені
белгісіз, өйткені дереккөз толық емес) Анат Ваалды тірілтеді. Еркектік жəне
əйелдік бастаманың бірігуін көрсететін бұл тұтастық пен бірліктің
шарықтау шегін Көне Ханаанда салттық жыныстық қатынастармен атап
өтетін болған. Құдайларға еліктеп, адамдар қуаңшылықпен бірігіп
күресетін болған, табиғаттың өсімталдығын сақтауға жəне оның өздігінен
жаңару қабілетіне көмек беріп отырған. Құдайдың өлімі, əйел құдайдың
сергелдеңі мен екеуінің Құдай патшалығына жеңісті оралуы – əлемнің
көптеген мəдениетінің тұрақты діни сюжеті. Ол яхудилер, христиандар мен
мұсылмандар ұстанатын мүлде басқаша мазмұндағы Бір Құдай дінінде де
қайталанады.
Тəураттың баяндауынша, бұл діннің негізін, туған жері Урды тастап, кейін
Ханаанды мекен еткен Ыбырайым салған. Бұл – шамамен б.д.д. XX-XIX
ғасырларда болған оқиға. Тарихи жылнамалар бізде жоқ, бірақ
ғалымдардың жобалауынша, Ыбырайым б.д.д. үшінші мыңжылдықтың
соңында Месопотамиядан Жерорта теңізі жағалауларына жеткен үш кезбе
тайпаның бірінің көсемі болған. Месопотамиялық жəне мысырлық
мəтіндерде абиру, апиру немесе хабиру халқы деп аталған бұл кезбелер
батыс семит тілдерінде, соның ішінде көне еврей тілінде сөйлеген. Алайда
бұл адамдар жыл мезгілдерінің ауысуына орай малдарын бір жерден екінші
жерге айдап жүретін бəдəуилер сынды əдеттегі көшпелілер болмаған.
Хабирулардың өмір сүру салтын анықтау мейінше қиын, кезінде мұндай
түсініксіз жағдай бұл халықты жергілікті билеушілермен жиі қақтығыстарға
итермелеп отырған. Жалпы айтқанда, олардың даму деңгейі шөлейтті
жердің əдепкі халықтарының мəдениетінен əлдеқайда жоғары болған.
Кейбір хабирлар жалданып жұмыс істесе, екінші біреулері мемлекеттік
қызметпен айналысқан, үшінші топтағылары саудагер, қызметші немесе
қолөнерші болған. Кейбіреулері байлыққа қол жеткізген бойда жер телімін
сатып алатын жəне отырықшылыққа көшетін, «Болмыс кітабына» сəйкес,
Ыбырайым қызметін Содом патшаның сарайында жалдамалы жауынгер
болудан бастаған, оның ханаандық билеушілермен жəне көршілерімен
бірнеше қақтығыстары болған. Жұбайы Сара өлген соң Ыбырайым қазіргі
Батыс Жағалау орналасқан Хевроннан жер сатып алады.
Ыбырайым жəне оның жақын ұрпақтары туралы тəураттық хикаяларда
Ханаанда, қазіргі Израилда еврейлердің үш ірі тайпасының орналасуына
қатысты сілтемелер берілген. Алдымен (шамамен б.д.д. 1850 ж.), Ыбырайым
Хевронға келеді. Иммиграцияның екінші көші Ыбырайымның немересі
Жақыппен байланыстырылады, кейін ол Израил деген жаңа ат алады (тік.
ауд.: «Құдай оның құдіретін ашсын»). Ол Сихамға, Батыс Жағалаудағы
қазіргі араб қаласы Наблусқа жайғасады. Тəурата айтылғандай, Жақыптың
ұлдары, еврейлердің он екі тайпасының арғы аталары, Ханаанда жойқын
ашаршылық болғандықтан, Мысырға жайғасады. Еврейлер көшінің үшінші
толқыны шамамен б.д.д. 1200 ж. басталады, бұл кезде өздерін
Ыбырайымның ұрпақтары санайтын тайпалар Мысырдан Ханаанға
оралады. Олардың айтуынша, мысырлық құлдықтан оларды көсемдері
Мұсаның Құдайы — Яхве құтқарған. Ханаанға жол тапқан бұл тайпалар
жергілікті еврейлермен араласып, Израил халқы дүниеге келеді. Таураттың
нақтылауынша, көне израилдықтар деп аталған адамдар - Мұсаның Құдайы
Яхвеге деген сенім біріктірген көптеген этностық топтардың одағы.
Таураттық кітаптар жүздеген жылдардан кейін, б.д.д. сегізінші ғасыр
шамасында жазылғанмен, мейлінше ерте жазба дереккөздеріне негізделгені
сөзсіз.
ХІХ ғасырда Тəуратты зерттеген неміс ғалымдары бес тəураттық кітап «Болмыс», «Шығу», «Левит», «Сандар» жəне «Қайталанған заңның» - төрт
дереккөзін ажыратып алуға мүмкіндік беретін сыни əдіс жасап шығарады.
Б.д.д. бесінші ғасырда бұл мəтіндер толықтырылып, Бес кітапты құрайды.
Неміс ғалымдарының ойлары қатал сынға ұшырады, алайда Бес кітаптың
неліктен қарамақайшы болып келуі; онда, мəселен, əлемнің жаратылысы
немесе бүкіл əлемдік топан сынды маңызды оқиғалар туралы бір-біріне
ұқсамайтын бірнеше хикаялардың болу себептерін түсіндіретін, басқа
шынайы теорияны əлі ешкім ұсынған жоқ. «Болмыс» пен «Шығу»
мəтіндерін құраған Тəураптың ең алғашқы екі авторы оларды б.д.д. VIII ғ.
Тіпті одан да ертеректе жазған болулары керек. Біреуін / деп белгілеу
қабылданған, өйткені ол Құдайын «Яхве» деп атаған, екіншісін Е деген,
өйткені ол өзіне ең салмақты «Элохим» атын алуды дұрыс деп тапқан. Б.д.д.
сегізінші ғасырда израилдықтар Ханаанды екі патшалыққа бөледі. І
оңтүстікте, Иудеяда өмір сүреді, ал Е солтүстік патшалық, Израилдан
келеді. Бес кітаптың басқа екі қайнар көзі – авторларын «Қайталанған заң»
(D) мен «Шіркеу қызметкері» (P) деп атау қабылданған Израилдың көне
тарихының жылнамаларын келесі тарауда талдайтын боламыз.
/мен Е-нің өздерінің таяушығыстық көршілерінің діни көзқарастарын
бөліскендеріне оңай көз жеткізуге болады. Олардың баяндауынша, б.д.д.
VІІІ ғ. басында-ақ израилдықтар ерекше дүниетаным қалыптастырады.
Мəселен, өзінің Құдай баянын «Энум Элиш» нұсқасымен салыстырғанда,
қарапайым суреттеуден бастайды:
«... Құдай (Яхве) аспан мен жерді жаратқанда, жер бетінде əлі жоқ дала
бұтасын, əлі өсіп шықпаған далалық шөпті жаратқанда; Құдай (Яхве) жерге
жаңбыр жібермей тұрған-ды, жерді өңдейтін адам да болмады; бірақ жерден
бу көтерілді жəне жердегінің барлығын суарды.
Құдай (Яхве) адамды топырақтан жаратты да, оның жүзіне өмір демін
үрледі, осылай адам тірі жанға айналды».*
Бұл мүлде басқа көзқарас. Месопотамия мен Ханаанның пұтқа
табынушылары əлемнің жаратылысына жəне тарихқа дейінгі кезеңге мəн
берсе, əдеттегі тарихи уақытқа ден қояды. Жалпы айтар болсақ, Израилда
əлемнің жаратылысы барысына деген қызығушылық б.д.д. VI ғ. дейін
болмаған, бұл кезде Рдеп белгіленген автор «Болмыс Кітабының» бірінші
тарауына арқау болған таңғаларлық əңгімесін жазады. J, атап айтқанда, Яхве
– аспан мен жерді жаратқан жалғыз Құдай деп тұжырымдамайды. Ескере
кететін тағы бір нəрсе, адамилық пен құдайлық арасындағы шекара
айқындығы: адам өзінің Құдайы жаралған заттан емес, топырақтан (адамах)
жаралған.
Көршілес пұтқа табынушылардан айырмашылығы, адамзат тарихын
құдайлардың қасиетті де мəңгі дəуірімен салыстырғанда, оларды дүниеге
жақын, ұсақ жəне мəнсіз деп есептемейді. Ол тарихқа дейінгі оқиғаларды
жинақы түрде баяндайды жəне ақыры Израил халқының тарихына өткенде,
мифтік дəуірдің аяқталуын (Топан жəне Бабыл мұнарасы жайлы сюжет)
суреттеуге асығады. Ол он екінші тарауда күтпеген жерден басталады, кейін
Ыбырайым («баршаның əкесі») деген кісіге Яхве Харрандағы (қазіргі
Шығыс Түркия) туыстарын тастап, Ханаанға, Жерорта теңізіне баруға
бұйырады. Бұдан бұрын Ыбырайымның əкесі – пұтқа табынушы Фарраның
отбасымен Урдан батысқа қоныс аударғаны туралы айтылады. Сол кезде
Яхве ыбырайымға оның ерекше міндетін білдіреді: оған болашақта саны
аспандағы жұлдыздардан асатын жəне бүкiл Ханаан жерін өз жеріндей
билейтін қуатты халықтың əкесі болу жазылғанын айтады.
1-дің Ыбырайым туралы əңгімесі осы Құдайдың кейінгі бүкіл тарихына
ықпал етеді. Ежелгі дəуірде құдайлық мана Таяу Шығыста салттар мен
мифтерде сезілетін болған. Ешкім де Мардук, Ваал немесе Анат
діндарлардың жербетілік күнделікті өміріне араласа бастайды деп болжай
алмады, олар өз əрекеттерін тек ерекше, қасиетті дəуірде жүзеге асыратын.
Керісінше, Израил Құдайы кəдуілгі əлемнің ағымдағы оқиғаларында
ықпалды күшке ие болып, «осы жерде жəне тап қазірдің» айқындаушы
факторына айналды. Алғашқы ашық көрінуінде-ақ Ол Өз еркін былайша
білдірді: Ыбырайым туыстарын тастап, Ханаан жеріне кетуі керек.
Алайда Яхве деген кім? Ыбырайым бас иген Құдай Мұсаның да Құдайы ма,
тек аты бөлек пе? Қазіргі таңда бұл сұрақ өте маңызды. Бірақ Тəурат, бір
таңғаларлығы, бұл мəселеде бұлыңғыр жəне қарама-қайшы жауаптар
береді. І нұсқасының сендіруінше, адамдар Яхвеге Адам немерелерінен
бастап табына бастаған, бірақ кейін б.д.д. VI ғасырда, Р-дің айтуынша,
израилдықтар Яхве туралы Оның отқа оранып лауласа да, жанып кетпейтін
тікенек бұта ішінен Мұсаға көрінуіне дейін ештеңе естімеген. РЯхве атынан
өзінің Ыбырайымның да Құдайы екенін айтады, бірақ мұнда қайшылық
туындайды:Ол Мұсаға Ыбырайымның Оны «Аса құдіретті Құдай» (ЭльШаддай) деп атағанын, бірақ «Яхве» деген Құдай есімін білмегенін
жеткізеді. Дегенмен мұндай ұсақ-түйектер Інжілді жазғандар мен
түзеткендерді қатты толғандырмаған сияқты. Јүнемі өз Құдайын «Яхве» деп
атаған, өйткені ол жазуға кіріскен тұста, Яхве мəңгілікке Израил Құдайы
болып қалған еді, шынында да, осы маңыздырақ болды. Израилдықтардың
діні прагматикалық сипатта болды. Бізді қазір мазалайтын ұсақ-түйектерге
сол кезде назар аударатындар өте аз еді. Ыбырайым мен Мұса өз
Құдайларына қазіргі кездегілер сияқты сенді деп қарауға болмайды. Біз
тəураттық əңгімелер мен кейінгі Израил тарихына үйреніскеніміз сонша –
бертінгі иудаизм туралы білімімізді де ең көне тарихи кейіпкерлерге тели
салуға үйірміз. Үш израилдық патриарх – Ыбырайым, оның ұлы Ысқақ пен
немересі Жақып бір Құдайға сенген деу қалыптасқан, шындығында, бұл
күмəн туғызады. Ең дұрысы, олар көне еврей пұтқа табынушылары болған
жəне көптеген діни түсініктерін Ханаандағы көршілерімен бөліскен, яғни
Мардук, Ваал жəне Анат сынды құдайларға сенген. Сонымен қатар олар Бір
Құдайға сенбеулері де мүмкін: Ыбырайымның Құдайы, Ысқақтың
«қорқынышы» мен Жақыптың «құдіретті Құдайы» əртүрлі құдайлар болуы
əбден мүмкін.
Ыбырайымның Құдайы – Ханаанның жоғары Құдайы – Илу (Эль) болуы
шындыққа жанасады, өйткені ол Ыбырайымға Илу аталып келген ЭльШаддай, «Көк Құдайы»° атымен белгілі. Басқа жерлерде оны «Эль-Элион»
(Ұлы Құдай) немесе Вефильдік Эль деп атаған. Басты ханаандық Құдайдың
Илу есімі «эль», «ил», «иль» формаларында Израйл жəне Ысмайыл
есімдерінде сақталған. Еврейлер оған Таяу Шығыстағы пұтқа табынушылар
арасында қабылданған тұрғыда қарым-қатынас жасаған. Ғасырлар өткеннен
кейін ғана израилдықтардың Яхве манасы, яғни Оның «қасиеттілігі»
қорқынышты болуы мүмкін екенін байқағанын көре аламыз. Мəселен,
Синай тауында Ол Мұсаға үрей ұшыра атқылаған жанартау арасынан
көрініп, израилдықтардың Оған жақындауына тыйым салынған. Онымен
салыстырғанда, Ыбырайым Құдайы Эль мейлінше мейірімді болып
көрінеді: Ол оған досы ретінде, кейде тіпті адам кейпінде келетін. Құдайдың
көрінісі (уахи) деп аталатын мұндай жүздесулер туралы аңыздар көне пұтқа
табынушылар арасында кең тараған. Құдайлар адамдар ісіне араласпайды
деп саналғанмен, мифтік дəуірлерде таңдау түскен сирек кісілер Құдаймен
бетпе-бет кездесіп отырған. Мұндай эпизодтар «Илиада» эпосында өте көп.
Онда еркек құдайлар мен əйел құдайлар гректердің де, троялықтардың да
түстеріне енетін болған, яғни адамилық пен құдайлық арасындағы шекара
жойылған. Поэманың соңында Приам патшаны грек кемелеріне, кейін
мəлім болғандай, сымбатты жігіт Герместің өзі жұмсайды. Бұрынғының
қаһармандары өмір сүрген алтын ғасырды аңсаған гректер Құдайлармен
тығыз туыстық байланысты сезінетін; Олардың табиғаты адамдарға жақын
болды. Құдай көрінісі туралы аңыздарда пұтқа табынушылық
дүниетанымның тұтастығы бейнеленетін: шын мəнінде Құдай болмысы
табиғат пен адамнан ерекшеленбейтін, оған арнайы рəсімсіз-ақ жанасуға
болатын. Əлем құдайларға толы жəне олармен күтпеген жерден, кез келген
бұрышта бейтаныс біреумен ұшырасып қалғандай кездесуге болады. Соған
қарағанда, қарапайым халық мұндай жағдай əркімнің басында бола
алатынына сенген; бұл ой «Əрекеттердегі» оғаш оқиғаның сырын түсіндіріп
береді; онда б.д. I ғасырында Листра (қазіргі Түркия) халқы Апостол Павел
мен оның шəкірті Варнаваны Гермес пен Зевс деп қабылдағаны айтылады.11
Израилдықтар да шамамен осындай күй кешті. Өздерінің алтын ғасырына
қарап, олар Ыбырайым, Ысқақ пен Жақыптың өз Құдайларымен жақын
жерден, тез арада тілдескендерін көрді. Шейх немесе қауым ақсақалы
секілді Эль достық рəуіштегі кеңестер берген, кезбелерге жол көрсеткен,
қалыңдыққа (күйеуге) кімді таңдау керектігін айтқан жəне түстеріне кірген.
Ара-тұра патриархтар Оны адам кейпінде кездестірген, ал кейінірек бұлай
ойлаудың өзі израилдық үшін қауымнан аласталу қаупін туғызған.
«Болмыстың» он сегізінші тарауында Құдайдың Ыбырайымға Хеврон
маңындағы Мамре орманында көрінгенін айтқан. Ыбырайым назарын
салғанда, «күндізгі аңызақ уақытында» өзінің шатырына келе жатқан үш
кісіні көреді. Таяу Шығысқа тəн əдеттегі қонақжайлыққа басып, Ыбырайым
олардың жайғасып, тынығуларын сұрайды да, өзі меймандарына дереу ас
əзірлеуге қамданады. Əлбетте, əңгіме барысында кісілердің бірі оның
Құдайы екені анықталады, оны үнемі «Яхве» деп атайды; Оның екі жолдасы
періштелер болып шығады. Бұл оқиға ешкімді қатты таңғалдыра қоймайды,
бірақ б.д.д. VII ғасырда, -дің жазғанындай, бірде-бір израилдық Құдайды
«көруге» үміттене де алмайтын заманда, керісінше, көпшілік үшін мұндай
ойдың өзі қол жетпес құдіретті қорлау саналар еді. 1-дің замандасы Е-нің
ойынша, патриархтардың Құдайларға жақындығы туралы аңыздар – қиял
жемісі. Ыбырайымның немесе Жақыптың Құдаймен кездесулерін
баяндағанда, ол ізетті ара қашықтықты сақтайды жəне көне аңыздарды
антропоморфты етіп көрсетпейді. Кейін ол Құдайдың Ыбырайыммен
періштелер арқылы сөйлескенін айтады. 2-ге мұндай кірпияздық тəн емес
жəне ол өзінің əңгімелерінде Құдайдың көрінісіне қатысты алғашқы
аңыздарға тəн ескi сарындарды ұстанады.
Жақып та бірнеше рет Құдаймен кездеседі. Күндердің күнінде
туыстарының арасынан өзіне əйел таңдау үшін Харранға қайтып оралады.
Жолай Иорданияға жақын Лузға түнеп шығуды ойлап, басына тас жастанып
ұйықтайды. Сол түні түсінде жерден аспанға қарай көтерілген баспалдақты
көреді, періштелер сол баспалдақпен Құдай мен адам патшалығы арасын
жол қылып, біресе түсіп, біресе көтеріліп жүреді. Бұл жерде Мардуктың
зиккураты еріксіз ойға оралады. Онда аспан мен жердің арасында адам
құдайлармен кездесе алатын. Өз баспалдағының ең жоғары сатысында
Жақып Эльді көреді, Ол жарылқаушылық танытады жəне бұрындары
Ыбырайымға уəде еткенін шамамен сол күйінше қайталайды: Жақып
нəсілдері қуатты халыққа айналады жəне Ханаанның барлық жеріне иелік
етеді. Тағы басқа да уəде беріледі, ол Жақыпқа қатты əсер етеді. Пұтқа
табынушылық діндер көбінесе бір аумақтың ішінде таралатын: құдайдың
билігі шектеулі аймақта ғана жүретін, сондықтан бөтен жерлерге саяхат
шеккен кезде өмірлік тəжірибесінен ақыл түйген адамдар жергілікті
құдайларға табынатын. Алайда Эль Жақыпқа оны Ханааннан басқа елге
барса да қорғайтынын айтып уəде береді: «Мен сенімен біргемін; жəне Мен
сені қайда барсаң да қорғаймын». Құдайдың көрінісіне қатысты бұл көне
аңызда Ханаанның жоғары құдайы жалпылық сипатқа ие бола бастағаны
көрсетілген.
Жақып оянған кезде өзінің адамдар Құдайлармен сөйлесе алатын киелі
орында ұйықтап қалғанын түсінеді. Јоның аузына мына сөздерді салады:
«Шынында, Құдайдың (Яхве) өзі осы жерге келіп отыр, ал мен мұны
білмеппін!». Жақыптың тұла бойы түгел керемет сезімге бөленеді, құдіретті
күшпен бетпе-бет келген пұтқа табынушылар мұндай сезімді бастан жиі
кешіріп отырған: «Мына орынның қорқыныштысын-ай! Бұл Құдай үйінен
басқа ештеңе емес (веф-иль), бұл – аспан қақпасы».13 Олай екенін
сезінбестен, Жақып өз заманы мен мəдениетіне сай дін тілінде сөйлейді,
өйткені Бабылдың өзін де «Құдай қақпасы» Баб-или деп атайтын. Сосын,
Жақып бұл ерекше орынды жергілікті пұтқа табынушылар салтымен киелі
жерге айналдырады: басына жастанған тасты алып, тігінен қояды да, оған
зəйтүн майын құйып дəріптейді. Бұдан кейін Луз – Beфил, «Құдай үйі» деп
атала бастайды. Тас ескерткіштер – ханаандықтардың Вефилде б.д.д. VIII
ғасырдың соңына дейін өркендеген құнарлылық культінің əдепкі сипаты.
Кейінгі дəуірде израилдықтар діндарлықтың мұндай көріністерімен
барынша күресіп бақты, бірақ Вефилдегі пұтқа табынушылықтың киелі
орнын бұрынғыша Жақыптың өз Құдайымен кездесу аңызына байланысты
қарастырды.
Жақып Вефилден кетпес бұрын, көзбен көрген Құдайын өзінің элохимі
етуге шешім қабылдайды; бұл ұғым өз бойына адамдардың құдайлардан
қаншалықты мəн табатынын түгел сыйғызады. Жақыптың пайымынша, егер
Эльдің (немесе, атағандай, Яхвенiң оны, Харранды қорғауға қабілеті жетсе,
онда ол, шынында да, құдіретті Құдай болғаны. Ол мəмілеге келуді
ұсынады: Эль қорғаныш бола алған жағдайда, Жақып Оны өзіне элохим етіп
таңдайды, сөйтіп, тек оның бір өзіне ғана табынатын болады.
Израилдықтардың Құдайға сенімі өте прагматикалық сипатта болатын.
Ыбырайым мен Жақып Эльге сенеді, себебі ол оларға көмектескен. Даналық
танытып, оның бар екенін дəлелдеуге əрекет жасамады; олар үшін Эль тіпті
де дерексіз философиялық ұғым болған жоқ. Ертеде мана күнделікті
өмірдегі үйреншікті құбылыс болатын, ал Құдай өз құдіретін іс жүзiнде
дəлелдесе ғана сиынуға лайық саналатын. Мұндай құнттылық əркез Құдай
тарихында маңызды фактор болып қала берді. Көп адам əлі күнге дейін
Құдайға қатысты түсініктерін олардың ғылыми немесе философиялық
тұрғыда негізделгені үшін емес, дəл сол практикалық ұтымдығы үшін
ұстанып келеді.
Жылдар өткен соң Жақып Харраннан əйелдерімен жəне бүкіл отбасымен
кері оралады. Ханаан жеріне аяқ басысымен қайтадан Құдай көрінісі
оқиғасын бастан кешіреді: Батыс Жағалаудағы Иавок өткелінде бейсеубет
біреуді жолықтырып, онымен түні бойы күреседі. Таң ата бере оның
қарсыласы табиғаттан тыс күштерге тəн дағдымен Жақыптан өзін босатып
жіберуін өтінеді, бірақ өз кезегінде Жақып бейтаныс жаннан атын айтуын
талап етеді. Ежелгі заманда басқаның атын біліп алу оның иесіне белгілі
дəрежеде билік жүргізуге жол ашатындықтан, жұмбақ кісі өзінің есімін
айтудан бас тартады. Сонда Жақып қарсыласының Эльдің өзі екенін
түсінеді:
«Жақып: - Айтшы, Есімің кім? – деп сұрады:
Ол: – Менің атымды не үшін сұрайсың? – деді. Сол жерде оны Құдай
жарылқады. Содан Жақып ол жерге Пенуэл (Эльдің жүзі) деген атау берді:
мен Құдайды бетпе-бет көрдім, осылай жаным аман қалды, – деді».
Рухы жағынан осы Құдай көрінісі хикаясы яхудилік бірқұдайлыққа
қарағанда «Илиадаға» əлдеқайда жақын, өйткені көктегі Құдаймен
жербетілік əңгімедүкен құру Құдайды қорлау саналар еді.
Көне аңыздарда патриархтар өз құдайларымен пұтқа табынушы
замандастары секілді сөйлескендеріне қарамастан, бұл сюжеттерде тұңғыш
рет діни əсерлердің жаңа пішіні көрініс береді. Інжіл хикаяларының өн
бойында Ыбырайымды «діни сенім» адамы деп атайды. Қазіргі кезде
You have read 1 text from Kazakh literature.
Next - Иудаизм, христиандық пен исламдағы 4000 жылдық ізденіс: Құдайтану баяны - 03