Latin Common Turkic

Иудаизм, христиандық пен исламдағы 4000 жылдық ізденіс: Құдайтану баяны - 13

Total number of words is 3824
Total number of unique words is 2141
29.3 of words are in the 2000 most common words
43.1 of words are in the 5000 most common words
50.5 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
Тайпа тіршілігін қамтамасыз етуге тиіс қоғамдық рухты əлсіретіп алмай,
қауіпсіз өмірдің кепілдігі үшін, арабтар тіпті діннің орнын да алмастыра
алатын мурувва идеологиясын қалыптастырды. Дəл мағынасында бұл дін
арабтарға тəн емес болатын. Оларда пұттар пантеоны мен құлшылық
орындары болды, əйтсе де бұл құдайлары мен қасиетті орындарының
рухани өмірдегі орнын айқындап беретін, жетілген мифология
қалыптастыра алмаған еді. Арабтарда о дүниелік өмір сенімі де жоқ еді,
оның орнына «заман» немесе «тағдыр» ретінде аударуға болатын, дəһрдің
жоғарғы күшіне сенетін, өлім көрсеткіші өте жоғары саналатын бұл қоғамда
мұның маңыздылығы түсінікті жағдай. Батыстық ғалымдар мурувва
түсінігін көбінесе «ерлік, жауынгерлік» мағынасында аударып жүр, бірақ
оның мазмұны бұдан да ауқымды: бұл ұғым соғыста – жауынгерлікті,
қайғы-қасіретте - сабырлық пен қайсарлықты жəне өз тайпасына
адалдықты, шын берілгендікті көрсетеді. Мурувваның адамгершілік
канондары бойынша, бəдəуи қарақан басының қауіпсіздігін ойламастан,
тайпа басшысы сайидқа сөзсіз бағынуы тиіс. Əрбір араб тайпасына қарсы
жасалған қиянат өшін алу үшін, осы іске өзін тұтастай арнауы тиіс жəне
тайпаның əлсіздерiн панасына алуы керек. Сайид тайпа тіршілігін үйлестіру
үшін азық-түлік пен мүліктерді теңдей бөлетін, ал тайпаластарынан біреуі
өлтірілсе, «қанға – қан, жанға – жан» ұстанымы жүзеге асатын. Міне, осы
жерде қауымдық этика анық көрінетін: қылмыскердің өзін жазалау: дың
қажеті жоқ еді, өйткені исламға дейінгі Араб қоғамында тұлғаның артына ізі
қалмай жоқ болып кетуі бір сəттік шаруа болатын. Кек алу үшін, жау
тайпаның кез келген мүшесі жарай беретін. Орталық басқару тетігі
қалыптаспаған, əр тайпа өз заңымен өмір сүретін жəне қазіргідей тəртіп
сақшылары жоқ қоғамда қанды кек əлеуметтік низамды реттейтін жалғыз
ғана жол болатын. Егер тайпа кек қайтара алмаса, басқа тайпалар алдында
дереу абыройынан айрылатын, сəйкесінше көршілері оларды қырып-жойса
да, жазасыз қалу құқығына ие болатын. Осылайша, қанды кек «əділдіктің»
тұрпайы түрі болатын, əйтсе де осының арқасында, ешбір тайпа
басқаларынан өзін үстем санай алмайтын. Бір жағынан, бұл дəстүр кейбір
тұста көптеген тайпаны зорлық-зомбылықтың тұйығында қалдыратын:
кейде кектің құны – əуелгі қылмысқа сəйкеспесе, тағы да адам өліміне
ұласып кете беретін.
Қатыгездігіне қарамастан, мурувва, сөзсіз, көптеген артықшылыққа ие еді.
Тайпаластар арасында теңдік сезімі қалыптасты, сонымен қатар
материалдық қажеттіліктер тапшы болған қоғамда молшылыққа аса мəн
бермеуге үйрететін. Кеңпейілділік пен жомарттық культін жоғары тұту арабтарды келешек үшін алаңдаудан құтқаруы тиіс болатын. Кейінірек куə
болатынымыздай, бұл қасиеттер исламда да маңызды орын иеленді.
Мурувва ғасырлар бойы арабтар үшін сенім мен ақиқат рөлін қамтамасыз
еткенмен, VI ғасырдан бастап, сол кезеңнің шарттарына жауап бере
алмайтын халге жетті. Мұсылмандар джахилиа (надандық кезеңі) деп атаған
исламға дейінгі кезеңнің ең соңғы шақтарында, тұтас араб əлемінде үрей
мен рухани күйзеліс белең алды. Түбекті жан-жағынан екі алып империя Византия мен Парсылық Сасанидтер əулеті қоршап жатты. Отырықшы
елдерден Арабияға жаңаша идеялар ене бастады. Ал Ирак пен Сирия
жерінде болып келген саудагерлер өз жұртына өркениеттің небір
кереметтерін айтып беретін. Дегенмен арабтар тағылықтың мəңгі қамытын
кигендей көрінетін. Тайпалар арасындағы соңы жоқ соғыс оларды онсыз да
тапшы ресурстарын біріктірулерін кешеуілдетіп қана қоймай, біртұтас араб
ұлты ретінде қалыптасуын тежеді. Əйтсе де əлсіз болса да, ортақ бір
тұғырдың қажеттілігін бəрі де сезетін. Олар тағдырларын өз қолдарына
алып, өз өркениеттерін қалыптастыра алмай келді. Оның орнына əрдайым
сыртқы күштердің ықпалында қалып отыратын: шынында да, қазіргі Йемен
орналасқан оңтүстік Арабияның ең құнарлы əрі дамыған өлкесі (оның
артықшылығы муссон жауындарына байланысты еді) Парсының əдепкі
провинциясының біріне айналған еді. Сонымен қатар осы аймаққа енген
жаңа идеялар бұрынғы қауымдық тұтастықты ыдыратып, оның орнына
индивидуализмнің белгілерін қалыптастыра бастады. Мысалы, о дүниелік
өмір туралы христиандық доктрина əрбір тұлғаның тағдырына қасиетті мəн
дарытатын, алайда мұны жеке тұлғаны жамағатқа байлаған, адам жанының
мəңгілігі қауымның амандығына байланысты деп түсінетін тайпалық
көзқараспен қалай үйлестіруге болады?
Дəл осы жерде Мұхаммедтің ерекше кемеңгерлігі айқын көрінді. 632 ж.
дүниеден озар тұста, ол бүкіл араб тайпаларын біртұтас үмбет қылып
біріктіре алды. Ол арабтарға бұрынғы дəстүрлерімен ғажап үйлесетін
руханилықты мирас етті. Бұл жүз жыл ішінде, Гималай тауларынан бастап,
Пиреней түбегіне дейінгі аралықты қамтитын, төл өркениеті мен ұлы
империяны құруға жетерліктей, ғаламат қуатты ішіне бүккен руханилық еді.
Əрине, Мұхаммедтің өзі де мұны 610 жылы, Рамазан айында, Хира
тауының ұшар биігіндегі қуықтай ғана үңгір ішінде, құлшылық қылған
кезінде болжай алмаған. Көптеген арабтар секілді Мұхаммед те ескі Араб
пантеонындағы ең ұлы Құдайды, яғни есімі «Құдай» мағынасын беретін
Алланы яхудилер мен христиандардың Құдайымен бір деп сенетін.
Сонымен қатар халқын қазіргі тауқыметтен тек осы Құдай жіберген
пайғамбар ғана арашалап алатынына сенетін, бірақ сол пайғамбар өзі екенін
білген жоқ. Шынында да, арабтар Алланың өздеріне пайғамбар мен уахи
жібермегеніне күйінетін, əйтсе де Арабияның дəл орталығында, есте жоқ
ескі замандардан бері, араларында Оған арналған қасиетті орын бар
болатын. Көптеген араб Қағбаны (Мекке орталығында орналасқан, тік
төртбұрышты ғимарат) əуелден Алланың үйі деп шүбəсіз сенетін, алайда
VII ғасырда набатия Құдайы Хубалуға көшті. Барлық меккеліктер
Арабияның ең маңызды, қасиетті орны Қағбамен мақтанатын. Жыл сайын
түбектегі барша арабтар қажылық (хадж) үшін Меккеге ағылатын. Бірнеше
күн дəстүрлі рəсімдерін жасайтын. Қағбаның төңірегінде біреуге зорлық
жасауға жəне күш қолдануға тыйым салынатын, сондықтан арабтарға тəн
өзара қырқысу тыйылып, емін-еркін, қауіпсіз сауда жасауларына септігін
тигізетін. Құрайыштар сауда-саттықтағы жетістіктері жəне басқа
тайпалардың құрметіне бөленуі – Қағбаның шырақшысы, қасиетті мекеннің
қорғаушысы болғанының арқасы екенін жақсы түсінетін. Құдай
құрайыштарға айрықша бедел сыйласа да, оларға ешқашан Ыбырайым,
Мұса немесе Иса секілді пайғамбар жібермеген еді жəне арабтардың өз
тілінде Киелі кітаптары да жоқ еді.
Осыған байланысты жаппай рухани күйзеліс, тоқырау белең алды.
Арабтармен жақын қарым-қатынасқа түскен яхудилер мен христиандар,
оларды «кітап түспеген тағы халық» деп келемеждейтін. Арабтар қол
жетпес ілім иесі саналатын бұл халықтарға өкпелі болса да, оларға
құрметпен қарайтын. Яхудилік пен христиан діні бұл аймаққа енбеген еді,
сонда да арабтар бұл прогрессивті діндердің Араб түбегіндегі пұтқа
табынушылықтан əлдеқайда басым түсетінін мойындайтын. Фадақ
оазисіндегі Йасриб елді мекенінде (кейінірек Мəдина аталды) шығу тегі
белгісіз, яхуди қауымы өмір сүретін. Ал Парсы жəне Византия иеліктерімен
шектесетін кейбір солтүстік өңір тайпалары христиан дінінің моноФизиттік
жəне несториандық бағытын ұстанатын.
Алайда бəдəуилер еркіндікті бəрінен жоғары қоятын, сондықтан да ірі
қауымдастықтардың ықпалына табанды түрде қарсы шықты (Йемендегі
туыстас тайпалар секілді сіңісіп кетуді қаламады) жəне парсылар болсын,
византиялықтар болсын, яхудилік пен христиандықты Арабияға
империялық билігін жаю мақсатында қолданатындарын жақсы түсінді.
Бəлкім, жергілікті дəстүрлері еріксіз құлдырағаннан болар, арабтар
мəдениетінің үлкен соққыға ұшырап жатқанын сезетін. Бұлай кете берсе,
бөгде тіл мен жат дəстүр арқылы көрініс тапқан бөтен идеология байырғы
мəдениетке ақтық үкім шығаруы мүмкін.
Кейбір арабтар бірқұдайлық империялық ниеттен ада бейтарап нұсқасын
табуға тырысқан болуы керек. Бұрынырақ, V ғасырда Палестиналық
христиан тарихшысы Созомен: «сириялық арабтар Ыбырайымның байырғы
дінін қайта жаңғыртты» деп жазды. Ыбырайым Құдайы əлі Тəурат пен
Інжілді түсірмеген кезде өмір сүрді, сондықтан ол яхуди де, христиан да
емес еді. Ислам пайғамбарының алғашқы биографы Мұхаммед ибн Ысқақ
(767 қатыс болған): Мұхаммедке алғашқы уахи келмей тұрып, меккелік төрт
құрайыш Ыбырайымның ақиқат діні ханифилікті (Ханифийа) қайта
жаңғыртуға күш салғанын айтады. Батыстық кейбір ғалымдардың
пікірінше, бұл шағын ханафийа тобы жəһилия кезеңіндегі рухани ізденісті
білдіретін қияли тұжырым ғана, алайда тіпті ойдан шығарылған дүниенің де
деректі негізі болуы тиіс. Төрт ханифтің үшеуі алғашқы мұсылмандарға
жақсы таныс: Абдолла ибн Жəһш – Мұхаммедтің немере інісі, Барака ибн
Нəфəл – оның алғашқы рухани ұстазы, ал Зəйд ибн Əмр болса,
Мұхаммедтің жақын серігі əрі Ислам империясының екінші халифы Омар
ибн Хаттабтың ағасы болатын. Аңыз бойынша, Мұхаммед Сирия мен Ирак
жеріне Ыбырайымның дінін іздеп сапарға шықпастан бұрын, Зəйд біраз
уақыт Қағбаның қабырғасына сүйеніп тұрып, сол кездегі дəстүрге сай
қасиетті жерді айналып, тəуап жасап жатқан құрайыштарға: «Ей, құрайыш,
жанымды құдірет қолында ұстаушының атымен ант етемін, менен басқа
ешбірің Ыбырайымның дінімен жүрмейсің», – деді. Жүзін мұң шалған ол: –
«Уа, Құдайым, егер саған қалай құлшылық қылу керектігін білгенімде,
солай құлдық етер едім. Бірақ мен оны білмеймін...», – деді.
Зəйдтің уахи туралы арманы Хира тауында, 610 жылы рамазан айының он
жетінші түнінде орындалды. Мұхаммед ұйқыдан оянған сəтте, Құдайлық
ғажайыптың құшағында қалғанын түсінді. Кейінірек ол тілмен жеткізе
алмайтын бұл тəжірибені нағыз араб рухында жазып қалдырады. Оның
айтуынша, періште оған былай деп бұйырды: – «Оқы!». Яхуди
пайғамбарларының Құдайының сөзін айтудан жасқанғаны сияқты,
Мұхаммед те қарсылық білдірмек болды да: – «Мен сəуегей емеспін!» –
деді. Ол өздеріне жоғарыдан келген сəуегейлік сөздерді буырқана қайталап,
Арабияны кезіп жүретін ғайыптан хабар таратушы каһиндердің бірі емес.
Алайда періште оны қапсыра құшақтап алғаны соншалық - Мұхаммедке
дем жетпей қала жаздады. Одан əрі төзе алмайтын халге жеткен кезде
періште оны босатты да қайтадан: «Оқы!» деді. Бұл жолы да келіспеген
Мұхаммедті шыдамы жеткенге дейін періште тағы да қатты қысып тұрды.
Ең соңында, жанын қинаған құшақтан босаған сəтте, Мұхаммед өз аузынан
жаңа Киелі кітаптың сөздері төгіліп жатқанын сезді:
«Барлық болмыс атаулыны жаратқан Жаратушы Иеңнің есімін атап барып
оқы, Адамзатты ұйыған қаннан жаратқан! Оқы! Өйткені сенің Раббың
шексіз жомарт. Адамға ол қаламмен жазуды үйретті. Жəне оның
білмейтіндерін де білдірді».?
Осылайша, Құдай сөзі алғаш рет араб тілінде айтылды жəне бұл кітап
кейінірек Құран (дауыстап оқу) атымен танылды.
Мұхаммед бойын үрей билеген күйде оянып, жан дүниесі астан-кестен
болды. Есін жыйған сəтте, түйелері жоғалғанда жүгінетін, «жиіркенішті
сəуегей-каһин болдым ба?» деген ой шырмап, үрейлене бастады. Жұрт
каһиндерді «жын ұрған» жəне «бұлар адамдарға кез келген сұмдықты істеуі
мүмкін» деп ойлайтын. Əрбір шайырдың жеке жыны болатынына, соның
əміріне бағынатынына сенетін. Кейінірек мұсылман болған Иасрибтік
шайыр Хасан ибн Тəбиттің айтуынша, көз алдында пайда болған жын оны
жерге алып ұрып, аузынан жалынды сөздерді суырған сəтте, ақындық
қабілеті ашылып кеткен. Сыртқы күштің ықпалымен шабыттанудың
Мұхаммед білетін жалғыз жолы – осы, сондықтан да оны, бəлкім, мəжнүн,
яғни «жын ұрған» болуым мүмкін деген ой қатТы қажытқаны соншалық –
өмір сүргісі келмей кетті. Шайырларды бұрыннан ұнатпайды, олар
болжамдары мағынасыз, ақылға сыйымсыз, былшыл болып көрінетін жəне
Құран шумақтарының дəстүрлі араб поэзиясынан өзгеше болуына əрдайым
күш салатын. Дəл сол сəтте үңгірден атып шығып, өзін жардан тастауға
бекіген еді. Алайда тау қиясында оны тағы да бір елес қарсы алды. Кейін
оны Жəбірейіл періштеге теңеді:
«Сосын, мен шықтым да, таудан түсе бере көктен шыққан дауысты естідім:
Ей, Мұхаммед, сен Алланың елшісісің, мен - Жəбірейілмін. Мен басымды
көтеріп, жоғары қараған сəтте, Жəбірейілдің адам кейпінде көкжиекке
аяқтарын тіреп тұрып, былайша сөйлеп жатқанын көрдім: «Ей, Мұхаммед,
сен – Алланың елшісісің, мен - Жəбірейілмін». Мен не артқа, не ілгері
жүрместен тұрып қалдым, одан жүзімді бұрып əкеткен кезде, қайда қарасам
да, оны дəл сол қалпында көріп тұрдым».
Исламда көбінесе Жəбірейіл періштені Құдайды адаммен тілдестіретін
Киелі Рухпен теңестіреді. Бұл біз үшін бəрін қамтитын, барлық жерден
табылатын, одан жасырыну мүмкін болмайтын періштенің сүйкімді бейнесі
еді. Мұхаммед адамның үрейін ұшыратын Құдайдың беймəлім құдіретті
таңғажайып ақиқатын басынан кешіреді. Яхуди пайғамбарлары бұл
құдіретті қаддаш деп атайтын. Мұнымен бетпе-бет келгенде, ежелгі
яхудилер де бейне бір жан тапсыратындай, өте күшті физикалық жəне
психологиялық толқуды бастан өткеретін. Бірақ Исайя мен Иеремиямен
салыстырғанда, Мұхаммедтің мұндай сəтте көңілі орнығатындай жəне оған
көмек боларлықтай, қалыптасқан дəстүрі жоқ болатын. Қорқынышты
тəжірибе күтпеген жерден басына тап болды да, не істерін білмей қалды.
Жан шыдатпас күйзеліс халінде Мұхаммед жұбайы Хадишаға жетіп келді.
Бойын үрей билегені соншалық – дірілдеген күйі еңбектеп барып оған
тығылады. «Үстімді жап! Үстімді жап!» деп, жан даусы шыға əйелінен
илəһи жаратылыстан арашалап алуын тіледі. Алғашқы үрей кішкене
басылған сəтте, Мұхаммед болған жайды Хадишаға айтып: «Мен мəжнүнге
ұқсаймын ба?» – деп сұрады. Əйелі оған дереу: «Сен туыстарыңа
қамқорсың. Сен кедей-кепшік пен жоқ-жітікке көмектесіп, олардың
ауыртпалығын көтерісесің. Сен жұртымыз жоғалтқан игі қасиеттерді қайта
тірілтуді армандайсың. Сен – қонақжайсың, қиындыққа душар болған
барша адамға көмектесесің. Жоқ, жаным, олай болуы мүмкін емес!» – деп
көңілін орнықтырды.* Құдай бұлай жөнсіз іс жасамайтын. Хадиша өзінің
христиан жəне Інжілді оқитын немере бауыры Бəрақа ибн Нəуфəлға барып,
ақыл-кеңесін алуға кеңес береді. Бəрақада еш күмəн тумады: Мұхаммедке
Мұса мен басқа да пайғамбарлардың Құдайынан уахи келген еді, Мұхаммед
арабтар үшін Алланың жіберген елшісіне айналды. Пайғамбардың өзі бұған
бірнеше жыл өткеннен соң ғана көз жеткізді, содан кейін құрайыштарға ізгі
хабарды олардың ана тілінде жеткізе бастады.
Інжілде баяндалғандай, Синай тауында Мұсаға уахи болып тұтасымен
түскен Тəуратпен салыстырғанда, Мұхаммед Құранды бір сөзден соң – бір
сөзді, бір аяттан соң бір аятты 23 жыл бойына бөлек-бөлек алып тұрды.
Уахи алу бұрынғыдай оны ауыр азапқа салатын. Қартайған шағында
Мұхаммедтің өзі: «Мен уахиды алған кезде бейне бір жанымды суырып
жатқан сияқты сезімде болушы едім. Дəл солай азапқа түспеген кезім жоқ»
деп есіне алатын.? Құдайдың уахиларына өте мұқият құлақ түрмесе,
болмайтын еді жəне уахи оған əрдайым анық жəне сөз қалпында келмейтін
болғандықтан, оның маңызы мен мəнін дəл ұғыну үшін жанталасатын.
Кейде оған уахи мазмұны анық болатын: «Жəбірейілді анық көріп, оның не
дегенін анық естідім» дейтін. Енді кей сəттері мағынасы түсініксіз уахи оны
азапқа салатын. Кейде уахи қоңыраудың талмаусырап жеткен үніндей,
құлаққа əрең шалынатын: «Мен үшін ең қиын сəт осы еді. Ал уахиды
түсініп болам дегенше, илəһи əуез əрең естіліп жататын».* Классикалық
кезеңнің алғашқы өмірбаяншылары Пайғамбарды «көбінесе өз рухына
мұқият құлақ түретін» деп жазады, біз қазіргі кезде оны «түпсанаға» үңілу
деп айтуымыз керек шығар. Бұл құбылыс – шабыт қысқан шайырдың өлең
«тудырар» сəттегі, санасының түбінде шөгіп жатқан шумақтардың айқын
санаға қалқып шыққан сəтін еске салатын сияқты. Шумақтардың сыртқа
шығар заматтағы қуаты мен айқындығы құпия, тысқары бір күштің əсерін
көрсететін секілді. Құранда Құдайы Мұхаммедке, Уордсуорттың «əрекетсіз
кемеңгерлікпен» деп айтқанындай, үзік-үзік жететін уахи сөзін асықпай,
мұқият түрде ден қоя тыңдауды бұйырады. Ақиқаттың мағынасы ашылар
уақыты келгенше, сөздерді түсінуге қиналып немесе кейбір ұғымдарға
асығыс талдау жасаудың қажеті жоқ:
«(Уа, Мұхаммед! Құран аяттары түсіріліп тұрған кезде) жаттап алуға
тырысып, тіліңді безей берме. Шын мəнінде, оны сенің көкірек сарайыңа
салып жатату – Біздің ісіміз. Біз оны саған оқыған кезде оқылуын тыңдап,
сөздерін қайталап, бізге ілескейсің. Ал мағынасын ұқтыру - Біздің
міндетіміз».
Барлық шығармашылық процестердегі сияқты бұл да өте ауыр құбылыс еді.
Əдетте Мұхаммед өзгеше трансқа түсетін, кейде тіпті есінен танып қалатын
кездері де болатын. Тіпті салқын күндері одан шелектеп тер шығатын; кейде
ауыр қайғы еңсесін басқандай, денесі ауырлап, басын тізесіне салбыратып
отыратын; Мұхаммед Мұны білмесе де, сол дəуірдегі кейбір яхуди
мистиктерінің түпсаналарында басқа бір халге өткен кезде дəл осындай
күйге түсетін.
Мұхаммедтің уахиды мұндай қорқынышты түрде қабылдауы таңғаларлық
нəрсе емес еді. Өйткені ол халқына мүлдем жаңаша саяси идеология
ұсынып қана қоймай, адамзат тарихындағы ғаламат рухани жəне
шығармашылық туындыны өмірге əкелген еді. Бұған дейін ешқашан арабша
түсіндірілмеген Құдай сөзін айтып жүргенін, ол жақсы сезінетін. Өйткені
Құран Логостың, Исаның христиандықтағы орны қандай маңызды болса,
ислам руханиятында тура сондай орын иеленетін. Кез келген ірі діннің
негізін қалаушылармен салыстырғанда, Мұхаммед туралы көбірек білеміз.
Əрбiр сүренің түсу тарихы анық білінетін Құранда пайғамбардың
көзқарастары қалай жетіліп, дамығаны айқын көрінеді. Əуелі, ол өзін
қандай істерді атқару күтіп тұрғанын білмейтін. Бірақ бұлар оған біртіндеп,
оқиғалардың ішкі логикасына сай əрекет еткен кезде ашыла бастады.
Құранда Исламның пайда болу процесіне қатысты дін тарихына қажетті
бірегей түсіндірмелер бар. Бұл Киелі кітапта Құдай ағымдағы болып жатқан
оқиғаларға бейне бір үн қатқандай əсер қалдырады: Мұхаммедтің
сұрақтарына жауап береді, исламға дейінгі қауымның қайшылықтары мен
ұрыс-керістерінің түп себебін түсіндіріп, адам өміріндегі илəһи өлшемнің
мəнін ақтарады. Сүрелерді Мұхаммед қазіргі кездегі Құрандағы ретпен
алмаған еді, уахи – жағдайлардың қажеттілігіне жəне терең мағынасын
Пайғамбардың ұғыну сатыларына сай үзік-үзік болып келетін. Кезекті бөлім
енген тұста, оқу-жазу білмейтін Мұхаммед оны дауыстап айтатын.
Мұсылмандардың көпшілігі шумақтарды жатқа айтатын, ал сауаты аз бөлігі
жазып та алған. Мұхаммед дүниеден өткен соң, жиырма жылдай өткенде,
уахи алғаш рет ресми түрде жинақталды. Құрастырушылар сүрелерді
көлеміне қарай реттеп қойды: ұзын сүрелерді – басына, қысқаларын соңына
топтастырды. Бұлайша реттеу тым еркін көрінуі де мүмкін. Дегенмен Құран
– тұтас сюжеттік жүйеге ие емес, əрі фрагменттердің бірізділігін талап
етпейтін кітап. Керісінше, əртүрлі тақырыптарды қозғайды: Құдайдың
əлемдегі көрінісі, бұрынғы өткен пайғамбарлардың өмірі немесе ақырет
күні жайындағы мəліметтерді қамтиды. Араб тілін білмейтін жəне оның
ғажайып көркемдігін бағалай алмайтындар үшін, Құрандағы көп кездесетін
қайталаулар іш пыстырарлықтай көрінуі мүмкін. Бірдей тақырыптарды
үсті-үстіне қайталап тұрғандай əсер қалдырады. Бұл кітап оңаша отырып,
тəптіштеп оқу үшін емес, ең əуелі, көпшілік алдында дауыстап оқуға
арналған. Мұсылмандар мешітте кез келген бір сүренің оқылуын естігенде,
сенімдерінің негізгі догматтарын еске түсіреді.
Мұхаммед Меккеде насихат айта бастаған кезде өзінің қадір-қауметі
жайында ойлаған да жоқ. Ол жаңа ғаламдық бір діннің іргесін салушы
екеніне сенбейтін, құрайышқа ескі бір құдайлық дінді əкелдім деп
ойлайтын. Əуелгі кезде бұл дінді басқа араб тайпаларына уағыздау тіпті
ойына да кіріп-шықпайтын, тек Мекке жəне оның маңындағы халыққа ғана
насихаттаймын деп ойлаған еді. Теократияның құрушысы болатыны туралы
ойлаған жоқ, тіпті теократияның не екені жөнінде ешқандай түсінігі де жоқ
еді. Ол саяси қызмет атқармаған еді, тек нəзір, яғни «ескертуші» ғана
болатын. Алла оны құрайыштарға ахуалдарының қаншалықты ауыр екенін
ескерту үшін жіберді. Оның алғашқы аяндарында қатал тағдыр жайында
айтылмайтын. Керісінше, үмітке толы қуанышты хабардың желі есетін.
Мұхаммедке ағайын-туысына Құдайдың барлығын дəлелдеудің қажеті жоқ
болатын. Олар онсыз да жер мен көкті жаратқан Алла деп сенетін, көпшілігі
Оның яхудилер мен христиандардың да сенген Құдайы екеніне шəк
келтірмейтін. Құдайдың барлығы онсыз да белгілі болатын. Алғашқы
сүрелердің бірінде Құдай Мұхаммедке былай дейді:
«Егерде олардан (имансыздардан): «Ғарыштар мен жерді жаратып, Күн мен
Айды бағынышты қылып қойған кім?» деп сұрасаң, олар міндетті түрде,
«Алла» деп жауап береді. (Сөйте тұра,) олар ақиқаттан қандай алшақ
десеңші! Алла өзі қалаған құлдарының ризық-берекесін төгіп беріп
молайтады, ал кейбіреулерінің нəсібін азайтып, шектейді. Шын мəнінде
болмыс атаулының барлығының білермені – бір Алланың Өзі. (Уа,
Мұхаммед), егерде сен олардан: «Аспаннан берекелі жауын жауғызып,
қуаңшылықтан құрғап қалған өлі жерге жан беріп, (жайқалтып өнім
шығаратын) кім?» деп сұрасаң, олар міндетті түрде «Алла» дейді...».
Ең қиыны сол, арабтар осы сенімдерінің қандай қиын зардапқа апарып
соқтырарын тереңнен толғап түсінбейтін. Құдай, алғашқы уахидың
дəлелдегеніндей, олардың əрқайсысын бір тамшы ұрықтан жаратты, олар
ішіп-жеу үшін Құдайға мұқтаж еді. Бірақ олар адам сенгісіз тəкаппарлықтан
(uaтқа) өздерін əлемнің тұтқасы санайтын жəне өздеріне тоқмейілділікпен
(истақа) қарайтын; бұл берекесіз істері үлгілі араб қоғамының мүшелеріне
үйлесімді емес сипатта еді.
Сондықтан Құранның алғашқы бөлімдері табанды түрде құрайыштарды
барлық жерде көрініс табатын Құдайдың мейірімін сезінуге шақырады,
олар өздерін қоршаған күллі нəрсеге мұқият қараса, Оған қаншалықты
қарыздар екендерін ұғып, соңғы кездері жеткен жетістіктерінің болмашы
ғана екенін түсінер еді, əрі əлемнің тəртібінде Жаратушыға толықтай
мұқтаж екендерін ұғынар еді:
«Адамға өлім келсін! Оның күпірлігі не деген сұмдық еді! Оны (Алла) неден
жаратты?
Бір тамшы ұрықтан жараты жəне оған жан-жақты жетілдірілген денемушелерін берді. Содан кейін оның жер бетіндегі өмір жолын жеңілдетті.
Содан соң оны өлім қалпына түсіріп, қабірге кіргізеді. Кейін қалаған кезінде
оны қайта тірілтеді.
Соған қарамай, (Алланың) жарлықтарынан бас тартады. Адам баласы
қандай тағамдармен қоректеніп отырғанына назар салмай ма? Соларды
өндіру үшін, Біз мол етіп жауын жауғызамыз. Одан соң жыртылып
тырмаланған жерге, дəнді дақылдарды, жүзім мен көкөністі, зəйтүн мен
құрма ағаштарын, мол етіп бау-бақшаларды, жемістер мен жем-шөптерді
өздеріне жəне малдарыңа қорек болсын деп өсірдік».15
Осылайша, мəселе Құдайдың барлығына тіреліп тұрған жоқ. Құранда кəпір
(кафир би нимəт Аллох) деп, бізге əдеттегідей таныс мағынадағы Құдайдың
бар екенін тіпті сенбейтін атеистерді атамайды, оның орнына Аллаға
ризашылықты сезінбейтін, Оның алдындағы міндеттерін түсінсе де, терең
құрмет көрсетпей, қыңырлық танытып, нығметтеріне шүкіршілік
етпейтіндерді нұсқайды.
Құран құрайыштарға жаңа бір нəрсе үйреткен жоқ. Керісінше, қайта-қайта
астын сызып тұрып, мұның бұрыннан белгіліні «еске салу» ғана екенін, тек
бұл ақиқаттар айқынырақ түсіндіріліп жатқанын айтады. Құран шумақтары
көбінесе мынадай сөз саптаулармен басталады: «Көрмедіңдер ме...» немесе
«Білмеуші ме едіңдер...». Құдай сөзі жоғарыдан қалауына сай жарлық
түсірмейді, құрайыштармен сұхбат құрады. Мысалы, оларға Алланың үйі –
Қағбаның, жалпы алғанда, олардың жетістіктерінің өлшемі екенін жəне бұл
нығметтер үшін, шынында да, бір Құдайдың құдіретіне мұқтаж екендерін
еске салады. Құрайыштар қасиетті жерді айнала тəуал жасағанды жақсы
көретін. Бірақ материалдық молшылықтарының басты себебін, өз
еңбектерінің нəтижесі деп білуші еді. Яғни ескі құлшылық рəсімдерінің
бастапқы мəнін ұмытып кете беретін. Табиғаттағы заттардың ақиқатынан
құдайлық мейірім мен құдіреттің белгілерін (ayat) тани білудің уақыты
келген еді. Егер құрайыштар Құдайлық мейірімді қауым арасында қайтадан
жаңғырта алмаса, заттардың ақиқатымен байланысты үзіп алу қаупіне
душар болады. Осыған байланысты Мұхаммед ізіне ергендерге күніне екі
рет иіліп құлшылық (салат-намаз) қылуды тапсырды. Бұл əрекеттер
мұсылмандарда рухани бойсұнушылықты тəрбиелеп, өмірлеріндегі жалпы
бағытты өзгертуі тиіс еді. Уақыт өте келе Мұхаммедтің діні ислам деп
аталды. Яғни ізбасарларының əрқайсысынан Аллаға шынайы берілу талап
етілетін. Шын мұсылман - өз өмірін тұтасымен Жаратушыға арнаған жан.
Алғашқы мұсылмандардың құлшылық Қылғанын (salat) көргенде,
меккеліктер шоши бастады: олардың пікірінше, құл сияқты иіліп, жерге
сəждеге жығылу паң мінезді бəдəуи, еркіндігі мен сан ғасыр жалғасқан
тарихы бар құрайыш секілді тəкаппар рудың өкілдеріне оғаш іс саналатын.
Осыған байланысты алғашқы мұсылмандарға құлшылықты қалаға жақын
маңдағы таудың сай-саласында тығылып орындауға тура келді.
Құрайыштардың реакциясы – Мұхаммед олардың рухани əлеміндегі басты
ақауды айна-қатесіз анықтай алғанын көрсетті.
Тəжірибелік тұрғыдан алғанда, ислам – мұсылмандар барлық адам тең
болатын, əділетті қоғам құруға міндетті дегенді білдірді. Ол қоғамда тіпті
кедейлер мен мүгедектерге де лайықты құрмет көрсетілуі тиіс. Құрандағы
алғашқы этикалық үндеу өте қарапайым болды: байлықты жинап, тек
қарақан бастың қамын күйттеу – жаман, жақындарымен бөлісіп, тұрақты
түрде мал-мүлкінің белгілі бір бөлігін жоқ-жітікке беріп тұру – жақсы.14
Садақа беру (zakati жəне намаз оқу (salat) - Исламның бес парызының
(rukn) екеуін немесе тəжірибелік қағидаларын білдіреді. Яхуди жұртының
пайғамбарлары секілді, Мұхаммед те бір Құдайға құлшылық етудің
нəтижесінде қазір біз социализм деп атауымызға болатын этикалық жүйені
насихаттады. Құдайдың өзі жайында міндеттелген доктрина Құранда жоқ,
керісінше, теологиялық спекуляцияларға үлкен күмəнмен қарап қана
қоймай, оларды занн – ешкім біле алмайтын заттар жайында дəлелсіз һəм
жауапсыз болжам жасау деп, жоққа шығарады. Занның мысалы ретінде
қайта тірілу (Инкарнация) мен Үштік секілді христиан доктриналарын алуға
болады. Мұсылмандардың бұл идеяларды күпірлік санаулары таңғаларлық
емес. Иyдаизмдегі секілді, Исламда да Құдай, ең əуелі, моральдық
императив ретінде қабылданған. Яхудилермен де, христиандармен де,
олардың Киелі кітаптарымен де ешқандай байланысы болмаса да,
Мұхаммед интуитивті түрде тарихи монотеизмнің нағыз мəніне бойлай
алған.
Құранда Алла YHWH-тан гөрі тұлғалық сипаттарға азырақ ие. Інжіл
Құдайы секілді зауық пен құмарлықтан ада. Құдай хақында тек қана
табиғаттағы «белгілерден» бір нəрселер сезе аламыз, ол соншалықты биік,
ол туралы тек «баян» арқылы айта аламыз. Осылайша, Құран үнемі
мұсылмандарды қоршаған əлемді құдайлық көріністің (эпифания) орны
ретінде тануға шақырады, олар күш-жігерлерін бөлек-бөлек дүние
құбылыстары арқылы ақиқат болмыстың бар құдіретін, əрбір затта бар
трансцендентті шындықты көре білуге арнаулары тиіс. Мұсылмандар
өздерін сакралды немесе символдық ой-қабілетке тəрбиелеулері керек:
«Ақиқатына келер болсақ, көк пен жердің жаратылысында, түн мен
күндіздің алмасуында, адамдарға пайдасы тиетін теңізде жүзген кемелерде,
Алланың аспаннан жауын жауғызып, өлі жерді қайта тірілтуінде жəне оның
бетіне барлық жануарларды таратуында, аспан мен жердің арасында (ecin)
жүрген желді Өзіне бағындыруында, (өзіне) бағынышты бұлттарды
жүргізуінде саналы қауым үшін, белгілер бар».
Құран үнемі құдайлық «белгілер» мен «үндеулерді» жоруда ақылға
басымдық береді. Мұсылмандар қисынға қатты беріліп, қиындатпаулары
керек, оның орнына əлемге мұқият əрі таңданыспен қарауы тиіс. Кейінірек,
дəл осы ұстаным - арабтарға жаратылыстану саласында керемет дəстүрді
дамытуға мүмкіндік берді. Христиандықпен салыстырғанда олар бұдан
ешқандай қауіп көрмейтін. Табиғатты зерделеу - əлемде Ол жайлы тек
символ мен белгілер арқылы айтуға болатын трансцендентті өлшемнің бар
екенін көрсетті: тіпті пайғамбарлардың тарихы, ақырет күні мен жаннаттың
лəззаты жайлы түсіндірмелер де тура мағынада қабылданбауы тиіс, бұлар
тым жоғары, сөзбен сипаттауға келмейтін ақиқаттың «баяны» ретінде
ұғынылуы тиіс.
Бірақ əр нəрсе туралы ең ғажап ишара, əрине, Құранның өзі болды. Яғни
Құранның сөйлемдері аят деп аталады. Батыс Құранды түсінуде қиындыққа
тап болады. Бұл, негізінен, аударма мəселесінен туындайды. Араб тілі
тəржімаға қиын тіл, қарапайым əдебиет пен саясатшылардың күнделікті
сөздері де, мəселен, ағылшын тіліне аударылғанда, барынша көркем əрі жат
көрінеді. Ал Құранға келгенде бұл жағдай екі есе қиындай түседі. Өйткені
Құран барынша терең жəне ишаралы, қысқа да нұсқа, аз сөзбен көп мағына
береді. Əсіресе алғашқы сүрелер – бір тылсым лебіз, адам тілін бұзып,
бөлшектеп тастаған сияқты əсер қалдырады. Мұсылмандар Құранның
тəржімасын оқыған кезде басқа бір кітап оқып отырғандай күй кешетінін,
себебі араб тілінің əдеттегі мəнінен жұрнақ та қалмайтынын сөз қылады.
Атының өзі айтып тұрғандай, Құран ашық əуезбен оқу үшін түсірілген, бұл
– дауыс мəнері адамға əсер ету үшін өте маңызды. Мұсылмандар мешітте
Құран оқылып жатқанын естігенде, Хира тауында Жəбірейіл періштенің
Мұхаммедті құшақтағаны сияқты немесе қайда көз салса да, оны көргені
сияқты, əуездің илəһи күшінің баурап алатынын сезінгенін айтады. Құран
тек қана білім алу үшін оқылатын кітап емес. Оны адамдар илəһи сезімнің
дəмін тату үшін оқиды. Ол асығыс оқыла салатын кітап емес:
«Осылайша, Біз пенделерiмiз (Құдайдың) қаһарынан қорқып, күнəға
бармауы үшін жəне осы берген іліміміз ұғынықтырақ болуы үшін Құранды
араб тілінде (барша адамзатқа) ескерту ретінде түсіріп, егжей-тегжейлі
баяндап, жүйелі түрде түсіндірдік. Шынайы түрде билік жүргізуші Алла
Ұлық.
(Уа, Мұхаммед!) Саған жіберілген уахиы аяқталып бітпей тұрып, Құранды
оқуға асығыстық жасама. «О, Құдайым, мендегі білімді толықтыра гөр!» деп
(Аллаға жалбарын)».
Мұсылмандар тура жолмен Құранға жақындау арқылы ғайып əлемге самғау
сезімін бастан кешіретіндерін алға тартады, өткінші дүниенің көзге
көрінетін жəне алдамшы пердесі түріліп, арғы жағындағы түпкі шындық
пен күш сезіле түседі. Сол себептен Құран оқу - рухани тəртіппен жүретін іс
You have read 1 text from Kazakh literature.
Next - Иудаизм, христиандық пен исламдағы 4000 жылдық ізденіс: Құдайтану баяны - 14