Latin Common Turkic

Иудаизм, христиандық пен исламдағы 4000 жылдық ізденіс: Құдайтану баяны - 03

Total number of words is 3856
Total number of unique words is 2146
29.4 of words are in the 2000 most common words
42.1 of words are in the 5000 most common words
48.9 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
иланым деп көбінесе əлдебір діни сеніммен саналы келісуді ұғынады, бірақ
тəураттық авторлар үшін ол ақылды керек ететін немесе метафизикалық
ұғым емес еді. Олар Ыбырайымның дінін мадақтағанда, оның
ортодоксалдығын (діни тұрғыдан құдай туралы дұрыс түсініктерді
ұстануын) емес, сенім деңгейін ойға алады, мəселен, біздің басқа бір адамға
немесе идеалға сеніміміз сияқты. Ыбырайым – діни сенімнің адамы,
өйткені Құдайдың ақылға сыймайтын, небір ғажайып сипаттағы өз
уəделеріне дейін орындайтынына күмəн келтірмейді. Əйелі Сара бедеу
болса, Ыбырайым қалай құдіретті, халықтың əкесі атанбақ? Шындығына
келгенде, бала туу жасынан асып кеткен Сараның құрсақ көтеру қабілеті
бар екенін ойлаудың өзі ақылға сыймайтындығы соншалық – мұндай
сəуегейлікті естіген ерлі-зайыптылар күлкілерін ұстап тұра алмайды.
Дегенмен табиғаттың заңына қайшы, ақырында, олар ұлды болған кезде
нəрестеге Ысқақ деп ат қояды, бұл есімді «күлегеш» деп аударса болады.
Əзілдің соңы удай зəрлі болып шығады, себебі Құдай бұдан кейін
қорқынышты талап қояды: Ыбырайым жалғыз баласын құрбан етуі керек!
Пұтқа табынушылар ортасында адамды құрбандыққа шалу əдеттегі іс
болатын; оның өзінше логикалық түсіндірмесі де бар еді. Көп жағдайда
отбасындағы тұңғыш сəби неке түнінің талабы бойынша, Құдайдың
кіндігінен жаратылып, соның баласы саналатын. Бала туғызған Құдай
қуатының бір бөлігін жоғалтатын да, мана айналымын толық қалпына
келтіру үшін əлгі тұңғыш перзентті ҚұдайƏкеге қайтарып беру керек
болатын. Бірақ Ысқақтың жағдайы басқаша болды: ол Құдайдың ұлы емес,
сыйы болатын, сондықтан құрбандыққа шалуға еш себеп болмады,
Құдайдың қуатын толықтыру қажет емес еді.
Шындығында, мұндай құрбандық Ыбырайымның өмірін мəнсіз етер еді;
Құдайдың уəдесі бойынша оған ұлы халықтың əкесі болу міндеттелген
болатын. Бұдан шығатыны, бұл Құдай көне дүниенің басқа құдайларынан
өзгеше болды. Ол адамдардың қасіретін мүлде бөліспейді жəне адамдардың
көмегіне мұқтаж емес. Оның тұрған сатылық дəрежесі басқадан жоғары
жəне қалағанын талап ете алады. Ыбырайым өзінің Құдайына сенім
артпаққа шешім қабылдайды. Ол Ысқақпен Мория тауына үш күндік
сапарға аттанады, сол жерде кейін Құдыс ғибадатханасының негізі
қаланады. Құдайдың əмірінен бейхабар Ысқақтың тіпті өзін өртейтін
ағашты Иығында алып жүруіне тура келеді. Тек Ыбырайым қолындағы
пышағын оңтайлай бастаған соңғы сəтте ғана Құдай жұмсарып, мұның
сынақ екенін түсіндіреді. Ыбырайым аспанда самсаған жұлдыздай немесе
теңіз жағалауында жайылған қиыршық құм секілді көп халықтың əкесі
болуға лайықты екенін дəлелдейді.
Қазіргі кезде бұл хикая құлаққа ауыр естіледі, өйткені Құдай жауыз жəне
бірбеткей қатыгез кейіпте көрінеді. Бұл аңызбен қаршадайынан таныс
көптеген адамның қазір тап мұндай құдайға жон арқасын көрсететіні
таңғалдырмайды. Сонымен бірге Мысырдан шығу туралы мифте
замандастарымыз үшін мейлінше мəнсіз, онда Құдай Мұсаға жəне Израил
перзенттеріне еркіндік сыйлайды. Оқиға желісі баршаға мəлім: перғауын
израилдықтарды тұтқыннан босатқысы келмейді; көндіру үшін Құдай оның
халқына он қорқынышты апат жібереді: Ніл суы қанға айналады; елдің ішін
бақа мен шегіртке қаптайды да, соңынан қара түнек басады.
Жантүршігерлік жазаны Құдай кейінге қалдырады: Ол жіберген Өлім
Періштесі еврей құлдардың үйін айналып өтіп, Мысырда тұңғыш дүниеге
келген ұл балалардың бəрін өлтіреді. Перғауын израилдықтарды босатуға
мəжбүр болады, бірақ іздерін суытпай, соңдарынан əскер жібереді.
Еврейлерді Қара теңіздің жағасында қоршауға алады, бірақ тағы да құдай өз
халқына көмекке келеді: суды қақ жарып, жермен жүретін жол жасайды.
Қуып келген мысырлықтар теңіз түбінен ашылған жолға лап қойған кезде
Құдай жарылған су «қабырғаларын» қосып жіберіп, перғауынның өзін
əскерлерімен қоса қырады.
Бұл Құдай – кейін Яхве Саваоф, «соғыс құдайы» деп аталған сұсты, жауыз
жəне қанішер құдай. Ол өз жақтастарынан басқаға титтей де мейірімі
түспейтін бірбеткей қызуқанды сарбазды еске салады; ол – бір шағын
тайпаның ғана құдайы. Егер Яхве осындай жабайы Құдай болып қала
бергенде, көп ұзамай оны барлығы ұмытар еді, көпшілік үшін бұл жақсы
болар еді. Шығу туралы ақырғы мифті – бізге Тəурат арқылы жеткен
қалпында – сөзбе-сөз оқиғалар тізбегі деп қабылдауға болмас, алайда Таяу
Шығыс тұрғындары Құдайлардың теңіздерді қақ жаруын əдепкі іс деп
қарайтындықтан, оның мəні айқын болды. Дегенмен Мардук немесе Ваал
туралы мифтерден айырмашылығы, бұл хикая Яхвенiң нақты бір тарихи
дəуірде, шынайы өмірде бар теңізді қақ жарғанын растайды. Мəселе
шындықты анықтауда емес. Израилдықтардың шығу оқиғасында қазіргі
замандағыдай тарихи шындықты анықтау маңызды болмағаны мəлім.
Сипаты қандай болса да, олар алғашқы оқиғаның маңызына назар
аударғысы келді. Қазіргі заманғы кейбір ғалымдардың пайымдауынша,
шығу туралы хикая – бұл Мысыр билеушілері мен оның одақтастарына
қарсы бас көтерген ханаандық шаруалардың бірқатар ереуілдері туралы
мифтік жорамал.15 Сол дəуірлерде ереуілдер өте сирек болған, сондықтан
адамдардың жадында өшпестей із қалдырғаны күмəн келтірмейді. Мифтің
астарында құдіретті билікке қарсы шыққан бұқара халықтың жеңіс
салтанаты бедерленген болуы əбден мүмкін.
Монотеистік діндердің үшеуінде де мифтің зор маңыз атқарғанына
қарамастан, біз əлі Яхвенiң шығуда қатал жəне жендет Құдай болып
қалмағанына көзіміз жететін болады. Таңғаларлығы, уақыт өте келе,
израилдықтар Құдай бейнесін танымастай етіп өзгертті. Оны
трансценденттілік пен бауырмалдықтың символдық мазмұнымен
толықтырды. Соған қарамастан, Шығудың қанды оқиғасы осы күнге дейін
қатерлі құдайлық концепциясына иландырады жəне кекшіл дін іліміне
назар аудартады. Б.д.д. VII ғасырда «Қайталанған заң» авторы (0) бұл мифке
кейіннен барлық үш дін тарихында талай рет тағдыр шешті рөл атқарған,
қалаулықтың үрей шақыратын теологиясын негіздеу үшін сүйенді.
Адамның кез келген ойы сияқты Құдай туралы түсінікті жақсыға да,
жаманға да жаратуға болады. Құдайдың таңдаған халқы жəне оған ерекше
ықыласы түсуі туралы «Қайталанған заң» мифі барлық дəуірлерде иудаизм,
христиандық жəне мұсылмандықта тар, тұйықталған теологияны
туындатып, өкінішке орай, исламдық фундаментализм кең өріс алған қазіргі
кезеңге дейін созылып отыр. Алайда Мысырдан шығуды түсіндіруде
«Қайталанған заң» авторы, сондай-ақ бір Құдайға табынушылықтың
маңызды да пайдалы сипатын - əлсіздер мен жəбірленушілер жағында
болған Құдай бейнесін сақтай білді. 26-тарауда Шығу туралы мифтің
негізінде тіпті 1 жəне E хикаялары жазып алынған уақыттан бұрын
құрастырылған оқиғалар жатқан ең көне түсіндірмесі баяндалған болуы
мүмкін. Израилдықтарға егіннің алғашқы өнімін Яхве дін қызметшілеріне
апарып беріп, соның кезінде мына сөздерді айту міндеттелген:
«... Менің əкем ел кезуші арамейлік еді, ол Мысырға барып, сол жерді аз
ғана адаммен қоныстанды, сол жерде одан ұлы, қуатты жəне саны көп
халық тарады. Бірақ мысырлықтар бізге жапа шектірді, қысым көрсетіп,
ауыр жұмысқа салды. Содан біз Құдайға (Яхве), əкелеріміздің Құдайына
жалбарындық, Құдай (Яхве) бізді естіді, қайғымызды, бейнетімізді жəне
жəбірленгенімізді көрді. Сөйтіп, бізді Құдай Мысырдан қуатты қолымен,
кең қаусырған білек күшімен, ұлы қорқынышпен, белгі-нышандарымен
жəне кереметтерімен алып шықты. Бізді осы жерге (Ханаанға) алып келді
жəне осы мекенді, сүт пен бал тасып аққан жерді берді. Сонымен, міне, Сен,
Құдайым (Яхве), маған берген жеріңнің алғашқы өнімін алып келдім».
Бəлкім, халықты тарихта тұңғыш рет жеңіске бастаған құдай - төңкеріс
құдайы. Тіпті яхудилер, христандар мен мұсылмандар көбінесе қасиетті
қағидаларды бұзып, өз Құдайын status quo сақтаушысына айналдырғанына
қарамастан, Ол үш дінге де қоғамдық əділеттілік идеалдарын енгізді.
Израилдықтар Яхвені – «Біздің əкелеріміздің Құдайы» деп атаса да, ол
патриархтар сиынған ханаандық ұлы құдай Эль-Илуға ұқсамайтындай əсер
қалдырды. Израил елінің Құдайы болудан бұрын, қандай да бір басқа
халықтың Құдайы болған болуы мүмкіндігін есептен шығармау керек.
Мұсаға бағытталған сөздерінің бірінде Яхве өзінің Ыбырайымның Құдайы
екенін кеңінен ұғындырады, дегенмен алғашқыда Оны Эль-Шаддай деп
атаған. Мұндай табанды түрде түсіндіру Мұсаның Құдайы кім еді деген
байырғы пікірталастың сарқыншағы болуы мүмкін. Алғашқыда Яхве деген
жауынгер құдай, жанартаулардың иесі, оған Мадиан (қазіргі Иордания)?
жеріндегілер сиынып келген деген болжамдар болды. Израилдықтардың
Яхвемен, егер Ол, шынында, жаңа Құдай болса, қай жерде танысқандарын
ендігі жерде анықтай алмаспыз. Қазіргі таңда бұл маңызды мəселе болуы
мүмкін, бірақ Тəурат авторларын қатты толғандырмағаны анық. Пұтқа
табынушылықтың көне дəуірінде құдайлар аяқ астынан кез келген жерде
пайда болып, бір-бірімен қосылып та кете берген, ал бір жердің
құдайларынан басқа халықтардың құдайларына ұқсастықты оңай тауып
алуға болатын. Бір нəрсе даусыз: Яхве қайдан келсе де, Шығу оқиғасы оны
Израил Құдайы деңгейіне көтерді, ал Мұса болса, оның Ыбырайым, Ысқақ
жəне Жақып Құдайы – Эль екеніне израилдықтардың көздерін жеткізді.
Яхвенің алғашқыда Мадиан жерінің Құдайы болғаны туралы «Медиандық
теория» деп аталатын болжамды қазіргі таңда ешкім де мойындамайды,
бірақ дəл сол жерде Мұса Яхвені алғаш рет көреді. Мұсаның құл
израилдықты азаптаған иесін өлтіріп, Мысырдан қашқанын еске түсірейік.
Мұса мадиандықтарды паналайды жəне өзіне əйелін сол жерден табады.
Күндердің күнінде қайын атасының қойын бағып жүргенде таңғаларлық
көрініс елестейді: бұта оттай лаулап тұрады, бірақ жанып кетпейді.
Таңғалған Мұса жақын келгенде, Яхве атын атап шақырады, ал Мұса:
«Міне, бұлт – Менмін!» (Хинени!) деп дауыстайды: барлық израилдық
пайғамбарлар Құдай олардан шексіз бойсұну мен сенімді талап еткенде, дəл
осылай жауап беретін:
«Содан Құдай былай деді: бұл жерге жақын келме, аяқ киіміңді шеш,
өйткені сен тұрған жер – киелі жер. Мен – сенің əкеңнің Құдайымын,
Ыбырайымның Құдайымын, Ысқақтың Құдайымын жəне Жақыптың
Құдайымын, Мұса қолымен бетін басты, өйткені Құдайды көруге
жүрексінді».
Яхвенiң Ыбырайымның Құдайы екені туралы алғашқы куəдүрлікке
(растауға) қарамастан, бұл Құдай кезінде Ыбырайымның шатырында
отырып, онымен достық рəуіште тамағын бөлісіп ішкен жанға еш
ұқсамайды. Енді бұл Құдай қорқыныш туғызып, арада алшақтық сақтайды.
Мұса атын айтуды, яғни өзін таныстыруды сұрағанда, Яхве оған
бүркемеленген сөздермен жауап береді, бұл жұмбақ сөздердің мағыналары
төңірегінде теологтер ұзақ ғасырлар бойы бас қатырып келеді. Атын атай
салудың орнына Ол: «Эхие aшeр эхие» (Мен - болмыспын) дейді.19 Сонда,
бұл нені білдіреді? Кейінгі философтар пайымдағандай, Құдай өзінің
өзіндік Болмыс екенін ойға алмағаны айқын. Ол кездері еврейлердің өздері
екі мың жылдан кейін бойлай бастаған метафизикалық терең ойларға əлі
бармағаны анық. Бұл сөздердің əлдеқайда қарапайым мағыналары болуы
қажет. Эхие aшeр эхие – əдейі екіұштылыққа құрылған көне еврей
идиомасы. Інжілде «бара жатқан жағына бара жатыр» секілді сөз тіркестері
кездессе, оның мағынасы жай ғана: «олардың қайда бара жатқанын кім
білсін». Осылайша, Құдай Мұсаға: «Сенің ісің емес!» немесе «Саған қатысы
жоқ!» деп жауап берген. Ол Құдайдың болмысын талқылау жəне бұл аздай,
Оған ықпал ету əрекеттерінің кез келгеніне мүлде тыйым салады, ал пұтқа
табынушылар құдайлардың аттарын атау арқылы осыған ұмтылған
болатын. Яхве ешкімге жəне ешнəрсеге бағынбайды: «Мен – кім болсам,
Солмын». Ол өзі кім боламын деп шешсе, сол болады, еш нəрсеге кепілдік
бермейді. Ол тек бір нəрсеге, өз халқының тарихына үнемі араласып
отыруға уəде береді. Бұл Шығу туралы мифте айқын көрсетілген: Яхве ең
қиын-қыстау жағдайлардың өзінде еврейлерді болашаққа үмітпен қарауға
иландыра алады.
Құдіретті жаңаша сезінудің құны соған сəйкес қымбатқа түсті. Көне Аспан
Құдайы жердегі істерден мүлде алыс еді. Кейіннен пайда болған Ваал,
Мардук пен Құдай-Ана адамдарға сəл де болса жақындады, бірақ Яхве
адамилық пен құдайлық арасын алынбас қамалдай бөліп тастады. Мұны
Синайдағы кездесу туралы хикая айқын көрсетті. Құдай таңдаған халық
тауға жақындағанда, оған киім-кешегін жууға жəне алыста тұруға бұйрық
берілді. Мұсаның израилдықтарға мынадай ескерту жасауына тура келді:
«Тауға шығудан жəне оның етегіне жақындаудан сақтаныңдар,тауға қол
тигізген əрбір жан өлім құшады». Адамдар таудан жырақта жиылып тұрады,
таудың басына от пен жалынға оранған Яхве түседі:
«Үшінші күн дегенде, таң атқанда күн күркіреп, найзағай ойнайды, тау
басын қалың бұлт басып, күшті керней даусы естіледі. Қосындағы бүкіл
халық қорқыныштан дірілдеді. Сосын, Мұса қосындағы халқын Құдаймен
кездесу үшін тау етегіне жинайды. Синай тауы, Құдай (Яхве) оған отқа
оранып енген кезде түгел бықсып жанып тұрды, пештен шыққан жалындай,
таудан түтін будақтап шығып, бүкіл тау теңселіп тұрды».
Мұса тау басына жалғыз өзі көтеріліп, Өсиет тақтасын қабылдап алды.
Пəрмен жоғарыдан түсірілді, бұл пұтқа табынушылардың құдайдың
жарлығын тəртіп, келісім жəне əділеттілік ұстанымдарына негізделген кез
келген нəрседен көруге болады деген түсініктеріне қарама-қайшы болды.
Тарихи Құдай өз əрекетінің басты алаңы болып саналатын күнделікті өмірді
ерекше назарда ұстауы мүмкін, ал бір жағынан қарасақ, Ол бұл дүниеден
мүлде жырақ болуы ықтимал.
Шығудың б.д.д. V ғасырда қалыптасқан соңғы мəтінінде Құдай Синай
тауында Мұсамен одақ немесе шарт жасасқаны айтылған (бұл шамамен
б.д.д. 1200 жылы болған деп болжанады). Бұл мəселе де ғалымдар арасында
көптеген пікірталас туғызды; кейбіреулер Өсиеттің Израил үшін тек б.д.д.
VII ғасырдың соңына таман ғана маңызға ие болғанын алға тартты. Қалай
десек те, одақ идеясы сол кезде израилдықтардың діні Бір Құдайға
табынушылық болмағанын тағы бір көрсетті, өйткені мұндай келісімнің
политеистік ортада ғана мəні болар еді. Израилдықтар Яхвенi - Синайлық
Құдайды жалғыз Құдай деп санамады. Олар тек Оған Сенен басқа ешкімге
сиынбаймыз деп сөз берді, ал басқа құдайлардан бас тартты. Бес кітаптан
монотеистік мəндегі бір тұжырым табудың өзі қиын. Басқа құдайлардың бар
екені Он Өсиеттің өзінде айтылып кеткен: «Менің жүзімнің алдында басқа
құдайларың болмасын».21 Бір Құдайға табыну – ол тұста теңдесі жоқ қадам.
Перғауын Эхнатон бір күні тек Күн құдайына табынуды жəне басқа
дəстүрлі мысырлық құдайларды ұмытуды ойлайды, бірақ оның мұрагері
бірінші кезекте бұрынғы саясатты қайта орнатады. Мананың потенциалды
қайнар көзінен бас тарту – бұл асқынған ақымақтық, кейінгі
израилдықтардың тарихы көрсеткендей, олар басқа культтерінен
оңайлықпен айырылғысы келмеген. Соғыс жағдайында Яхве ықпалды
екенін көрсетті, бірақ ол құнарлылық құдайы емес еді. Ханаанға орныққан
израилдықтар бірден жергілікті «жер иеленуші» Ваал культінен көмек
сұрайды: ол ежелден бері егіншілікті иемденіп келген болатын.
Пайғамбарлар оқтын-оқтын өсиетке адалдық сақтауға шақырып отырды,
бірақ көпшілік ескіше Ваал, Асират пен Анатқа сиынып келді. Тəураттың
өзінде Мұса халқының көп ұзамай антты бұзып, ескі ханаан пұтқа
табынушылығына ауысып кеткені айтылған. Адамдар Илудың дəстүрлі
белгісі болған алтын бұзаудың мүсінін орнатып, соның алдында көне
рəсімдерін орындаған. Бұл туралы хикая Синай тауындағы қорқынышты
құдай көрінісімен сабақтасып тұр; мұндай сабақтастықты Бес Кітаптың
соңғы түзетушілері Израилдың бөлінуінің ащы дəмін айқын сездірту үшін
əдейілеп құрастыруы мүмкін. Мұса жəне пайғамбарлар Яхвенiң ұлы дінін
уағыздады, бірақ халықтың көп бөлігі құдайлар, табиғат пен адамдар бірлігі
тұтастығын сезіндіртетін ескі салттарға беріктігін сақтап қалды.
Дегенмен Шығу оқиғасынан кейін израилдықтар Яхвенiң жалғыз Құдай
екеніне ант берді, пайғамбарлар да арадағы келісімді үздіксіз еске салып
отырды. Адамдар тек Яхвеге, элохиміне табынатындарына серт қылды, Ол
өз кезегінде олардың Оның таңдаулы халқы болатынына жəне оларға
теңдесі жоқ қолдау беретініне уəде берді. Сондай-ақ Яхве олар одақты
бұзатын болса, қатал жазаланатынын ескертті, мұндай қауіп-қатерге
қарамастан, израилдықтар шартты қабылдады. «Иисус Навин кітабында»
Израилдың өз Құдайымен жасасқан одағына қатысты бұрынғы мəтіннен
алынған болуы мүмкін үзінді бар. Ол кездегі таяушығыстық саясатта,
тараптар арасындағы міндеттерді бекіту үшін қолданылған ант, ресми
келісімге жатқызылған. Оның айқын бекітілген нұсқасы болатын: келісім
мəтіні ең құдіретті патшаны жəне келісім жасалғанға дейінгі екі жақтың
қарымқатынастар тарихын таныстырумен басталатын. Соңынан шарттарды,
міндеттерді жəне келісімді бұзғаны үшін қолданылатын жазалар тізбектеліп
көрсетілетін. Ант мазмұнында адалдықты қатаң сақтау талабы маңызды
орын алды. Хетт патшасы II Мурсилис пен оған тəуелді Дулпи билеушісі
Ташет (б.д.д. XIV ғ.) арасындағы келісімде біріншісі мынадай талаптар
қояды: «Басқа ешкімнен көмек сұрама. Сенің əкелерің Мысырға салық
төлеп келді, ал сен олай істеме... Достарыма - дос, жауларыма жау бол!».
Тəурата айтылғандай, израилдықтар Ханаанға келіп, туыстарына қосылған
кезде Ыбырайымның бүкіл ұрпақтары Яхвемен ангтасады. Салтанатты
рəсімді Өз Құдайы атынан Мұсаның мұрагері Иисус Навин жүргізеді. Бұл
келісім жалпы қабылданған дəстүрге бағынады: алдымен, Яхвені
таныстырады, сосын, Оның Ыбырайым, Ысқақ жəне Жақыппен
кездесулерін жəне шығу оқиғасын еске салады. Қорытындылай келе, Иисус
Навин келісімнің шарттарын айтып шығады да жиналған Израил халқынан
ресми ант берулерін талап етеді:
«Сонымен, Құдайдан (Яхве) қорқыңдар жəне оған тазалықпен жəне
адалдықпен қызмет етіңдер; өзеннің (Иордан) арғы жағы мен Мысырда
əкелерің сиынған Құдайлардан бас тартыңдар, Құдайға (Яхве) қызмет
етіңдер. Егер де Құдайға (Яхве) қызмет етуді қаламасаңдар, онда өзеннің
арғы жағында тұрғанда əкелерің сиынған құдайларға немесе сол жерде
тұрып жатқан аморейлердің құдайларына қызмет қылыңдар...»?
Халық алдында Яхве мен дəстүрлі ханаандық құдайлар арасында таңдау
жасау тұрды. Израилдықтар бір сəтке де кідірмейді. Яхве сынды басқа
құдайлар жоқ еді. Сондықтан оларда басқа ой болған жоқ. Бірде-бір Құдай
өзіне сенетіндерге мұндай белсенді, нақты көмек бермеген еді. Адамның ісəрекеттеріне құдіреттің араласуы болғанына еш күмəн жоқ: Яхве - элохим
етіп сайлайтынның нағыз өзі жəне израилдықтар тек соған ғана сиынады, ал
басқа Құдайлардан бас тартады. Иисус Навин Яхвенiң аса қызғаншақ екенін
ескертеді: израилдықтар уəдені бұзатын болса, ол оларды сол сəтте бірден
жойып жібереді. Дегенмен халық тұрақты шешім ұстанады, олардың
элохимі тек Яхве болады, «Сонымен, өздеріңдегі жат Құдайлардан бас
тартыңдар, - деді Иисус Навин, – жүректеріңді Израйл Құдайына (Яхве)
бұрыңдар!».
Тəураттың айтуынша, халық өз сөздеріне онша бекем болған жоқ. Соғыс
уақытында Яхвенiң қорғауына мұқтаж болған кезде ғана олар антты еске
алды, ал бейбіт шақта бұрынғыша Ваал, Анат пен Асиратқа сиынды. Яхве
культі басқалардан өзінің тарихи шындыққа жақындығымен күрт
ерекшеленсе де, ол əдеттегі пұтқа табынушылық түсініктерінде жиі көрініс
табатын. Сүлеймен (Соломон) патша Құдыста, əкесі Дəуіт иевусейлерден
тартып алған қалада Яхве ғибадатханасын салдырғанда, құрылысы жағынан
ханаан Құдайларының құрметіне тұрғызылған храмдардан қатты
айрықшаланбады. Ол тең төртбұрышты үш бөлмеден тұрды, ал
ғибадатхананың жүрегі «киелі орын» деп аталған текше пішіндес кішігірім
бөлме болды, ол жерде израилдықтардың жылдар бойы шөл кезгенде,
өздерімен бірге алып жүрген қасиетті мүлкі – Өсиет Қобдишасы сақталды.
Ғибадатханада ханаандық мифтерде айтылатын алғашқы дəуір теңізі
Иамның символы ретінде, қоладан жасалған үлкен көзе ыдыс жəне
құнарлылық əйел құдайы Асираттың құрметіне арналған екі он метрлік
баған орнатылды. Вефильде, Хевронда, Вифлеемде жəне Дандада,
израилдықтар бұрындары ханаандықтар пұтқа табыну ғұрыптарын жүзеге
асырған ғибадатханада Яхвеге сиынды. Құдыс ғибадатханасы көп ұзамай
ерекше жағдайға ие болса да, онда сирек кездесетін ортодоксалды емес
шаралар да өткізілгеніне көзіміз жететін болады. Ғибадатхананы Яхвенiң
аспан сарайына ұқсата бастайды. Израилдықтардың күзде тойланатын өз
Жаңа жыл мейрамы пайда болды: Тазару күнінде күнəһар текемен
байланысты рəсім өткізілетін, ал бес күннен кейін келетін Кернейлер
күнінде егіншілік маусымының басталуына орай, астыққа мадақ айтылатын.
Кейбір діни жырлар, Мардуктың зиккурат теріне жайғасқаны сияқты,
Яхвенiң Кернейлер күні ғибадатхана тағына отыру оқиғасына арналып,
алғашқы бейберекетсіздікті (хаосты) ауыздықтау құбылысын бейнелеген
деп топшыланды. 4 Сүлеймен патша да аса қаталдығымен ерекшеленбейтін:
оның пұтқа табынатын көп əйелі өз құдайларына құлшылық етті, ол
көршілерінің нанымдарына да біршама жылы шырай танытты.
Яхве культінің халыққа етене пұтқа табынушылықтың құрамына толықтай
жұтылып кету қаупі қашан да болған, бұл жайт əсіресе тоғызыншы
ғасырдың екінші жартысында ушыққан. Б.д.д. 869 ж. Ахав Солтүстік
Патшалықтың билеушісі болады. Оның əйелі, Тир мен Сидон (қазіргі
Ливан) патшасының қызы Иезавель пұтқа табынушылыққа құлай
берілгендіктен, израилдықтарды Ваал мен Асират дініне кіргізбекші
болады. Оның қолдауын пайдаланған Ваал абыздары солтүстіктегілермен
тез тіл табысады, ал кезінде Дəуіт патша бағындырған бұл жердегілер
Яхвеге салқын қабақ танытатын. Ахавтың өзі Яхвеге сенімін сақтайды,
бірақ Иезавельдің басқа дінді тарату əрекеттеріне қарсы болмайды. Алайда
оның билігінің соңында, елді алапат құрғақшылық жайлаған кезде, Ілияс
(тік. ауд.: «Яхве – менің Құдайым») деген пайғамбар пайда болады. Ол ұзын
жүн шекпенін тері белдікпен буып алып, ел кезіп жүрді жəне Яхвеге
сатқындық жасағандарды ауыр жаза күтіп тұр деп қорқытты. Ілияс (Илия)
Яхве мен Ваалдың күштерін салыстырып көрмек болып, халықпен бірге
Ахав патшаның өзін Кармил тауына шақырды. Ваалдың 450 пайғамбары
қатысып отырған сол жерде ол: «Қашанға дейін екі Құдайдың арасында
сабылып жүресіңдер?» деп жалынды сөз сөйлейді: содан кейін оның белгі
беруімен құрбандық шалатын орынға: бірі – Ілияс үшін, екіншісі Ваал
пайғамбарлары үшін деп екі бұзау (торпақ) қойылады. Бақталастар
Құдайларына жалбарынғанда, кімнің құдайы аспаннан от жіберіп,
құрбандықты жалмайтынын көздерімен көрулері керек болды. «Жақсы!» –
десті халық. Ваал пайғамбарлары таң атқаннан құдайларының атын атап
шақырып, құрбандықты айнала селкілдеп билейді, екіріп жылап жүріп,
өздерін пышақпен де, найзамен де түйрейді, бірақ «дыбыс та, жауап та
болмайды». «Қатты дауыстаңдар, - деп Ілияс оларды одан ары масқаралай
түсті, - бұл Құдай ғой: ол ойланып кеткен шығар, немесе шұғылданып
отырған жұмысы бар шығар немесе жол үстінде болар, мүмкін ол ұйықтап
жатқан шығар, онда оятыңдар». Бірақ ештеңе де болған жоқ: бұрынғыша
«дыбыс та, жауап та жоқ, құлаққа ұрған танадай тыныштық».
Ілиястың кезегі келеді. Халық Яхвенiң құрбандық орнына жақындайды,
пайғамбар болса, айналдыра ор қазып, ылғал тартқан отынның жануы
қиындау үшін оған су толтырады. Кенет Ілияс Яхвенiң атын атағаны сол еді,
аспаннан от түсіп, бұзауды, құрбандық орнын, тіпті ордағы суды қоса
жалмайды. Халық етпетінен жығылады. «Құдайдың (Яхве) аты – Құдай! деп айқайлады халық. – Құдайдың аты – Құдай!». Дегенмен Ілияс аса
мейірімді жеңімпаз емес екен. «Ваалдық пайғамбарларды тұтқындаңдар, деп бұйырды ол, - біреуі де қашып кетпесін»; кейін өзі абыздарды жақын
маңдағы аңғарға алып барып, барлығын түйреп өлтіреді.25 Пұтқа
табынушылық əдетте басқа халықтарға өзін-өзі таңбайды (бұл орайда
Иезавель – бір түрлі қызық ерекшелік), өйткені пантеонда жаңа құдайларға
қашан да орын табылады. Ілиястың əрекеттері туралы көне мифтік хикаялар
иеговизмнің əу бастан бөтен сенімге тыйым салғанын жəне толығымен
жоққа шығарғанын көрсетеді, оның осы сипатын біз келесі тарауда
талдайтын боламыз. Қырғыннан кейін Ілияс Кармил тауына көтеріліп,
басын тізелерінің арасына қойып, ғибадат жасауға кіріседі, арагідік
қызметшісін көкжиекті қарап келуге жұмсайды. Қызметшісі теңіздің
үстінен «адамның алақанына сыйып кететіндей», титтей ғана бұлтты
көргенін хабарлайды, Ілияс оған Ахав патшаға барып, нөсер жауынның
астында қалмай тұрғанда, үйіне жетіп алуы керектігін айтуды тапсырады.
Сол екі ортада бұлт пен желден аспан түнеріп, үлкен жауын басталды,
көңілі шаттыққа толған Ілияс белдігін қыса тартып, Ахавтың күймесінің
алдына түсіп, жүгіріп бара жатты. Жауын жіберген Яхве дауыл құдайы
болған Ваалдың билігін тып-типыл етіп, əскери əрекеттермен қоса,
егіншілік ісін де жетік игергенін дəлелдеді.
Абыздарға жасаған соққысы үшін кекке ұшыраудан сақтанған Ілияс Синай
түбегіне қашып барады жəне Мұсаға Құдай көрінген тауда жасырынады.
Сол жерде иеговизмнің жаңа руханилығы белгі берген Құдайдың көрінісі
болады. Құдайдың көрінісімен қабаттаса жүретін қауіп-қатерден сақтануы
үшін Ілиясқа жартастың жықпылына барып жасырына тұру бұйырылады:
«Міне, Құдай (Яхве) алдынан тауларды жарып, жартастарды бұзатын үлкен
де күшті жел өтер, бірақ Құдай желде емес. Желден кейін зілзала болады,
бірақ Құдай зілзалада емес. Зілзаладан соң от болады, бірақ Құдай отта
емес. Оттан кейін самал жел еседі. Осыны естіген Ілияс бетін
мейірімділікпен бүркейді.»26
Пұтқа табынушылардың құдайларынан ерекшелігі, Яхве қандай да бір
табиғат құбылысына теңестірілмейді жəне мүлде басқа кеңістікте
орналасқан. Ол жұмсақ самал лебінің əрең сезілетін дірілінде, үнсіздік
сарыны үлесіне тиген ой жетпес ғажайыпта бүркемеленген.
Ілияс оқиғасы – көне еврей мəтіндеріндегі өткенді баяндайтын соңғы
мифтік хикая. Сол кезде айналаның бəрінен өзгеріс қарсаңындағы көңіл күй
сезілді. Б.д.д. VIII-II ғғ. аралығын «Кіндік кезең» деп атау қабылданған,
өйткені осы алты ғасыр ішінде өркениетті əлемнің шешуші аймақтарында
халықтар жаңа бетбұрысты жəне ілгерішіл идеологиялар қалыптастырды.
Жаңа діни жүйелерде экономикалық жəне қоғамдық өмірдегі өзгерістер
көрініс берді. Себебін əлі ақырына дейін анықтай алмай келеміз, бірақ
барлық ірі өркениеттер тіпті араларында сауда байланыстары болмағанның
өзінде (мəселен, Қытай жəне Еуропа), өзара жарыса дамыды. Əл-ауқаттың
көтерілуі саудагерлер сословиесінің күшеюіне алып келді. Ендігі жерде
билік патша сарайлары мен ғибадатханаларда емес, сауда алаңдарында
шоғырланды. Баю интеллектуалдық пен мəдени көркеюге, сондай-ақ жеке
сананың өсуіне алып келді. Қаладағы өзгерістер жылдамдаған сайын,
теңсіздік пен қанау ушыға берді, адамдар бірте-бірте өз əрекеттерінің
болашақ ұрпақтар тағдырына қатты əсер ететінін түсіне бастады. Əр
аймақта осы шиеленістерді шешуге ұмтылған өзіндік идеологиялар:
Қытайда - даосизм жəне конфуцийлік, Үндістанда – индуизм жəне буддизм,
Еуропада философиялық рационализм пайда болды. Таяу Шығыс бірыңғай
шешімге келе алмады, бірақ Иран зороастрлары мен израилдық
пайғамбарлар Бір Құдайға табынушылықтың түрлі нұсқаларын жасап
шығарды. Құлаққа жат естілгенмен, сол дəуірдің басқа да діни
жаңалықтары сияқты, «Құдай» идеясы ентелеген капитализм рухындағы
нарықтық экономика заңдарымен дамыды.
Келесі тарауға өтіп, Яхвенiң жаңғырған дінін талқыламас бұрын, жаңа екі
бағытқа қысқа шолу жасайық. Үнді діндарлығы жоғарыда айтылған
діндерге ұқсас жолдармен дамыды, бірақ оның тарихындағы басқаша
басымдықтар Құдай туралы Израилдық түсініктерге тəн сипаттамалар мен
айрықша мəселелерді жақсырақ талдауға көмектеседі. Платон мен
Аристотель рационализмінің маңызын еш кемсітуге болмайды, өйткені
яхудилер, христиандар мен мұсылмандар көне гректерден көл идеяны
сіңірді жəне грек Құдайы олардың Құдайларынан мүлде басқа болғанына
қарамастан, оларды өздерінің діни тұжырымдарына бейімдеп алды.
Б.д.д. XVII ғасырда қазіргі Иран жерінен Үнді алқабына арийлер баса
көктеп кіріп, жергілікті халықты тез бағындырды. Арийлер жергілікті
халыққа «Ригведа» деп аталатын гимндер жинағында баяндалған өз діни
түсініктерін таңды. Бұл киелі мəтіндерде көптеген құдайдың аттары аталып,
олар шамамен таяушығыстық құдайлар тұтынған құндылықтарға табан
тіреді, яғни табиғат күштеріне билік, жан жəне даралық дарытты. Дегенмен
«Ригведада» көптеген құдайлардың бетперделерінің артында ұлы да жалғыз
құдіретті Абсолюттің жүзі жасырынғаны туралы түсініктің белгілері
байқала бастайды. Бабылдықтар сияқты, арийлер де мифтерінің ақиқат
туралы шынайы əңгіме емес, құдайлардың өздері де сөзбен суреттеп бере
алмайтын жұмбақтың астарлы кескіндері екенін жақсы сезінген. Алғашқы
бейберекетсіздіктен Құдайлар мен күллі əлемнің келіп шығуын елестетуге
тырысқан арийлер болмыс құпиясын ешкім тіпті құдайлардың өздері де
тани алмайды деген қорытындыға келеді:
«Бұл жаратылыс қайдан келіп шықты,
Өзін-өзі жаратты ма, əлде жоқ па?
Жоғары аспаннан əлемді бақылаушы,
Сол ғана мұны біледі
Немесе білмейді».
Веда діні өмірдің пайда болуын түсіндіруге жəне философиялық сұрақтарға
дəл жауап беруге тырыспады. Ол адамдарға тек болмыстың сыры мен
қорқынышына етене болуға көмектесті. Ведалар жауап іздеуден гөрі
сұрақтарды көп қойды; олардың міндеті адамдардың рухындағы
ризашылық таңданыс күйін демеу ғана болды.
Б.д.д. VIII ғасырда Таяу Шығыста мен E өздерінің жылнамаларын
құрастырып жатқан кезде Үнді түбегінің қоғамдық жəне экономикалық
жағдайларының қатты өзгергені соншалық - ескі ведалық дін оларға
қажетсіз болып қалды. Арийлер жаулап алғаннан кейінгі көптеген ғасырлар
бойы жергілікті халықтың жаншылып келген идеялары қайта бас көтерді
жəне дінге ықылас сезімін күшейтті. Адам тағдыры түгелдей өз
əрекеттерімен анықталады деген түсінік беретін карма идеясына деген
қызығушылық қайта туындайды. Осылайша, адамдардың жауапсыз мінезқұлқының күнəсін құдайларға аудару тоқтатылды. Сансыз көп құдайды
біртұтас, дүниеден тыс шындықтың белгісі ретінде көре бастады. Ведалық
дін құрбандыққа негізделген рəсімдерге ерекше назар аударатын, алайда
көне үнділік йога (жұмылдыру дағдысы көмегімен ақыл күштерін
«біріктіру») тəжірибесіне деген талпыныс адамдарды ендігі жерде тысқары,
о дүниелік əлемге бағытталған дін қызықтырмайтынын білдіртті.
Құрбандық пен рəсімнің өзі адамды қанағаттандырмайтын болды. Ендігі
жерде осы салттардың (дəл осындай қанағаттанбауды Израил
пайғамбарлары да бастан кешіргенін ескерткеніміз дұрыс) құпия
You have read 1 text from Kazakh literature.
Next - Иудаизм, христиандық пен исламдағы 4000 жылдық ізденіс: Құдайтану баяны - 04