Latin Common Turkic

Ботагөз - 27

Total number of words is 3985
Total number of unique words is 2063
36.2 of words are in the 2000 most common words
51.1 of words are in the 5000 most common words
58.9 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
Екі көзі алдында тұрған Амантай, бір кезде артында бірдеме күрс ете
түскенге жалт қараса – төбеден түсіп жатқан адам емес, оттың жалыны
екен. Жалынмен бірге сарайға тақтайлар да құлады. Іші тар дүкенге қопқою қара түтін лап беріп кірді. Түтінге тұншыққан Амантай, көзін уқалай,
жан-жағынан тескіндік жер іздеп еді, құлаған сарай төбесінің бір пұшпағы
бықсып жанып, еркін тұтанбай жатыр екен. Сол арадан құлаған ағаштарға
жармасып, Амантай жан-дəрмен дегенде төбесіне шықса, аржағы огородты
шарбақ, ол жақта кісі жоқ, ақтар есік алдында шулайды.
Огородтың сырты – суы сарқылған, бірақ сазына тал өскен өзеннің биік
жарлы арнасы еді. Көзіне тіршілік үміті елестеген Амантай, жанып жатқан
сарайдан сырғып түсіп, огородты айнала тоқыған шарбаққа денесін
жапсыра, өзенге қарай жүгірді. Абырой бергенде өртенген дүкеннен
желмен шалқыған көк түтін оған жамылғы болып, оны ешкім көрген жоқ.
Өкпесі аздап алқынған ол, бауырына бұйра тал өскен биік жарға домалай
құлады.
7
Талай түндерді жамылғылап жүріп, Амантайдың тағы да тапқан
баспанасы Бурабай тауының етегіндегі Меңіреудің қарағайы. Берік бекініс
тапқаннан кейін, жан-жағына құлақ түрсе, есек сөз желдей гулейді, сонда
айтары: «руссияның бар жерінде де совет өкіметі құлаған, бар жерде ақтар
өкіметі орнаған, енді жуық арада ақтар патшаны тағына қайта отырғызбақ
та, патшашылдық дəуір қайта басталмақ...»
«Бұ қалай болды!– деп қайғырады Амантай,– еңбекші көпшіліктің
қараңғы өміріне Октябрь революциясы жаққан бостандық шамы шынымен
сөнгені ме?!».
Октябрь революциясын Ленин басқарған большевиктер партиясы
жасағанын Амантай жақсы ұққан. Енді, жергілікті Совдеп құлап, Меңіреу
қарағайына жалғыз тығылған Амантай «Ленин қайда екен?»,
«большевиктер партиясы не халде екен?» деген сұрауларды өзіне сағат
сайын емес, минут сайын қояды да, жауабын таба алмай дал болады...
Тауды төңіректеген елдермен астыртын араласып көрсе, ақтар
үкіметінің орнауына орыс – қазақтың байлары ғана қуанады да, еңбекші
көпшілігі қайғырады. Олардың да айтары – Амантайдың аузындағы сөз.
Бірақ олар да Амантай сенген өсекке сеніп, совет өкіметі жойылды деп
ойлайды, оның енді қайтып тірілер-тірілмесіне көзі жетпей дал болады,
олар да Амантайдай ауыр күрсінеді... Ой туманы олардың басында да
қалыңдай түседі...
Осындай күндердің, бірінде Амантайдың алдынан тағы да бір бақыт
жұлдызы жарқырап қалды. Оған кеп, бір топ адамымен Гроза қосылды.
Переворот күні командировкада жүрген ол, алмақ боп қамаған ақтардың
отрядымен соғысып, оларды да шығынға батырыпты, өзі де қатты
шығынданыпты. Сонда да ол беріспей, аз кісімен тауға паналап үлгіріпті.
Басында ол Н... қаласындағы əзге коммунистермен қатар, Амантайды да
өлгенге жорыған екен, оның тірі құтылып Меңіреуге тығылғанын Амантай
жасырын қатынасып жүрген Шортанның бір орысынан естіпті.
Амантайдың жатқан жерін тауып берген де сол орыс. Ол Грозаны да жақсы
біледі екен.
Жата-жастана сырласқан Гроза, Амантайға саяси хал-жайды баяндап
берді. Оның түсіндіруінше, мына переворот өткінші жауын сияқты
болмашы бірдеме. Совет өкіметі, оның ойынша, орталық Россияда мықтап
орнаған, Өйткені, онда ұйымдасқан саналы, қуатты пролетариат табы бар,
большевиктер партиясы басқарған бұл пролетариатқа ешбір ақтың да,
ешбір сыртқы жаудың да тісі бата алмайды, ал мына Сібір өлкесінде
переворот болған себебі – мұнда орталық Россиядағыдай ұйымдасқан
пролетариат табы жоқ, оны басқаратын большевиктер партиясының
басшылығындай мызғымас қырағы басшылық жоқ.
– Бірақ,– дейді Гроза, осы жайларды Амантайға баяндай. кеп, Сібірдегі
хал – уақытша қиыншылық. Большевиктер халықтың қамқоры, ендеше,
халық ақтарға емес большевиктерге ереді. Халық қайда болса күш сонда.
Сөз аралата көп сұраулар қойғанмен, Гроза Амантайдың күдіктерін
жеңіп, өз сөзіне сендіреді.
– Сонда не істейміз?–деген сұрау қояды, сөнген үміті қайта тұтанған
Амантай.
– Күресеміз,– деді Гроза.– Екі жолы бар оның: не орталық Россиядағы
Қызыл Армияға қосыламыз, не осы маңда партизан боп жүре тұрамыз да
соғыспен бері беттеген Қызыл Армияны тосып аламыз...
Ақылдаса келе, Гроза мен Амантай Орал тауына беттеп, Қызыл
Армияға қосылуға бекінді жəне олар көп қиыншылықты бастарынан
өткізіп, армандарына жетті де. Ол жайлы кеңес кейінірек...
ЕКІНШІ ТАРАУ
СƏБИДЕН СƏЛЕМДЕМЕ
1
Н...ның бір жақ шетінде, қаладан оғашырақ кірпіш заводы болушы еді.
Революциядан кейін бұл завод тоқтап, үйлері бұзылып, аңырайып кірпіш
күйдіретін орлар мен кетиген сарай қабырғалары қалған.
Қалада переворот боп, əкімшілікті ақтар мен алашорда алғаннан кейін,
атыста өлген совдепшілерді жəне соғыстан жазамен атылғандарды кірпіш
сарайдың ішіне үйіп, олардан белгі қалмау үшін денелерін өртеп жіберуге
ұйғарды.
Амантайды еліктердің де, тірілердің де арасынан іздеп таба алмаған
олар, оны қашып кетті деп жорыды. Тірі қалғандардың ішіндегі Асқар мен
Кузнецовты олар атуға қаулы қып, ол туралы жоғарғы жерлерінен сұраған
еді: «бастықтарын мұнда жіберіңдер, оларды мұнда тергейміз» деген жауап
алды.
Асқардың өлі-тірісін білмеген Ботагөз, босандым деп ораныпшымқануға дəті шыдамай, жұрт көзінен ұрланып кірпіш сарайға барды.
Бұл переворот болғаннан үш күн соң еді. Сарай ішінде жүзден астам елік
жатыр екен. Өліктердің біреуінде де бүтін дене жоқ, бəрінің де қиянаттық
азаппен өлгендігіне денелерінде айқын таңба бар. Маңайда күзетші
көрінбейді. Ақтардың азабы аз дегендей, құзғын қарғалар мен иттер де
өліктерді басынып алған.
Ботагөз Амантайды да, Асқарды да өліктердің ішінен таба алмады.
Оның тапқаны Балтабек. Балтабектің ажалы – жарасы жазылды ма деген
жүрегін тағы сыздатты. Бірақ, амал қанша, оның зарын кім тыңдайды.
Өліктерді тағы да ақтарған ол бір адамның киім, дене жобасы Амантайға
келеді, бірақ, бет-пернесі бұзылған, «осы Амантай болар» деп жорыған
Ботагөз, көрші жігіттің біреуін жалдап, түнде ұрлатып алып, Балтабек пен
оны көмдірді.
Асқардан хабар-ошар болмай қайғының қара теңізіне тұншыққан
Ботагөз, бес-алты күннен кейін, мынадай хат алды:
«Білетін жолдастардың айтуына қарағанда Амантай нағашың оққа
ұшып өлген,– деп жазған еді Асқар,– бұл бізге үлкен қаза. Амантай
қазақтың еңбекші бұқарасының ішінен қайнап шыққан құрыш болат еді.
Оны жанымдай жақсы көруші едім. Ескерткіш болсын – баланың атын
Амантай қой. Сенен екінші өтінішім: мені қорғауға, ізденіп шығаруға
шамаң келмейді. Менің басым бəйгеге тігілді. Жау қақпаны аяққа мықтап
түсті. Алдымда не күн туғалы тұрғаны маған қараңғы. Не күтсе де бір
тəуекел! Оны келешек көрсетер. Ал, сен мені уайымдаймын деп баланы
жүдетпе. Бір баланы ептеп асырарсың! Баланы оңдап өсірсең, маған
көрсеткен жəрдемің сол. Кім біледі: егер ауыр азапты қалжыраған дене
көтере алмаса, артымызда нəсіл деген аты қалар!»
Баланың аты оған шейін қойылған жоқ еді. Асқардың тірі қалғанына
қуанған Ботагөз, бала туралы тапсырмасын орындап, атын Амантай қойды.
Жас баланы ғылым жолымен күтуді Ботагөз білетін еді. Өткен қыстың
басында Асқар Омбыға барып, Ботагөздің жүкті болғанын есіне алып, бала
тəрбиелеудің жолдарын үйрететін бірнеше кітаптар əкеп берген. Оларды
Ботагөз тегіс оқып шыққан.
Бала туып, Асқардың «баланы оңдап өсір» деген хатын алғаннан кейін
Ботагөз тұтқынға түскен серігін қайғыра отыра, баланың тəрбиесін де кітап
айтқан жолдан аудырған жоқ. Баланы жақсы өсіруге бас себептер күн, таза
ауа, таза киім, таза тамақ, таза орын. Бұлардың бəрінен де тарықпаған сəби
Амантай екі беті құндыздай құлпырып, балтыры бесіктей, дені сау боп өсті.
Қырқынан шыққан кезінде денесі екі-үш айлық баладай болды. Жас
баланы кескінінен айыру қиын, дегенмен, бет бітімі аумаған əкесі сияқты.
Асқар тұтқынға алынғаннан кейін, Ботагөзге жоғарыда айтылған бір
ғана хат бере алды. Оған Ботагөз жауап жазып, түрме күзетшісі арқылы
берейін деп іздеп еді, əлде неменеге күдіктеніп, ақтар ол күзетшінің өзін
қамап қойғаны мəлім болды. Содан кейін Асқармен қатынасы үзілді. Хат
былай тұрсын, ас та бергізбейді. Бірақ хаттаса, қатынаса алмағанмен, ас
бере алмағанмен, оның абақтыда жатуының өзі Ботагөзге медеу боп жүр
еді. Бір күні Асқар түрмеде жоқ деген хабар алды. Өлтіріп тастағаны, не бір
жаққа жібергені белгісіз болды. Ботагөз састы. Не істеуді, хабарын қалай
алуды білмеді. Совдеп құлағаннан кейін Ботагөз «өзімді де тұтқынға
алатын шығар» деп қауіптенген еді. Бірақ қауіптенгенмен қайда қашады?
Барар жер жоқ. Сондықтан ол, «тəуекел!– деп ойын бекітті,– ажалды да,
бейнетті де күтіп алайын!»
Ақтардың штабынан, алашордада күн сайын тұтқын адамдарын. күткен
Ботагөз, Асқардың абақтыдан жоғалған хабарын естіген соң шыдап отыра
алмады, «менің бұл қалада екенімді олар білмей отырған жоқ,– деп ойлады
ол,– енді бойтаса болуымның орны жоқ, тəуекел деп алашордаға барайын
да, Асқардың хал-жайын сұрайын, өлі я тірісін білейін! Азар болса өзімді
де ұстар. Қайтем, көнем! Амантайды көтеріп ала барайын. Олар да адам
баласы ғой, мүмкін аяр!»
Ботагөз баласын орап көтерді де алашорда комитетіне барды. Ол барса,
кеңседе: Мадияр, Алексей жəне Сарыбас отыр екен. Мадияр Ботагөзді
еркін танымайтын еді. Сондықтан Ботагөз кабинетіне кіргенде: «Бұл қай
келіншек!» дегендей, ол көз астымен қарады да, үндемеді. Ботагөзді
танитын Алексей мен Сарыбасқа бұл келу таңқаларлық көрініс болды.
– Я,– деді Сарыбас сызды күлкімен қарап,– жол болсын, сұлу келіншек!
Не деп сөз қатарын білмеген Алексей: «амансыз ба?» деп қолын
ұсынды, Ботагөз оның қолын алды.
– Сіз танисыз ба, бұл кісіні?–деді Сарыбас Мадиярға:
– Ж-ж-жоқ!
– Таныстырайын: Досанова Ботагөз! Қаталаспасам, солай болар, сұлу
келіншек?
– Сол-ла-ай-ммма?!.. Сөйлеңіз!–деді Мадияр.
– Жөнімді біліп отырсыз,– деді Ботагөз Мадиярға,– келген жұмысымды
айтайын. (Ол аз кідірді.)
– Сөйлеңіз дедім ғой.
– Асқар туралы еді.
– Асқар?.. А-а-а!.. Я, ия, оның несі туралы?
– Көруге мүмкіншілігі болар ма деп келіп ем.
– Мүмкін қасында тұрғыңыз келетін болар!–деді Сарыбас,– оған
ұлықсат əперуге болады.
– Көруге?–деді Мадияр, сүзіле қарап,– ха-ха!. Көруге! Болмас ол, жас
ханым.
– Коммунисті «ханым» дейсіз, сіз де қызықсыз-ау, ашуланса қайтесіз?–
деді Сарыбас.
Мадиярдың ойы қалжыңда емес, Ботагөздің өзін еркін ұстауында.
«Досың да, дұшпаның да ер болсын» деген мақалды дұрыс санайтын
Мадияр, жауының алдындағы Ботагөздің бұл қайратына іштей сүйсініп те
тұр.
– Көруге болмаса, дəм беруге ұлықсат етіңіз?– деді Ботагөз.
– Болмайды, ханым.
– Ең болмаса, мұнда бар я жоқ хабарын жəне қашан сотталатынын
айтыңыз!
– Он да не істемексіз? Адвокат жалдамақсыз ба?
– Құзғынбаевты жалдар!–деді Сарыбас,– айтпақшы, Құзғынбаев та
абақтыда екен ғой, Асқармен екеуі күнде ақылдасып жататын болар.
– Ие, ие, ол солай!–деді Мадияр, Сарыбастың сөзіне елегізе қараған
Ботагөзге,– біздің ауылда бір мақтаншақ айтатын еді «қасқырды керегінде
соғып ап, керексізінде өсірем» деп, сол айтқандай, Құзғынбаевты керегінде
асырадық та, керексізінде қамап қойдық. Жас келіншек, мен сені естігенім
болмаса, жүздескенім жоқ. Айтуда да солай еді, көзіме де солай көрініп тұр,
сіз сөзге түсінетін адам сияқтысыз. Сізді əурелемей қысқасын айтайын:
Асқар туралы сізге хабар бере алмаймын. Бұдан былай бұл мекемеге, бұл
мəселемен келмеңіз? Ұқтыңыз ба?
– Түсінікті!– деді Ботагөз, жалынуды ар санап жəне жалынудан өнер
ешнəрсе жоғын шамалап. Ботагөз шығып кетті. Кеңседегі үш адам оны
қадалған көзқараспен жөнелтіп қалды.
– Хаталық!– деді Мадияр, зілденіп,– сөз жоқ, хаталық! Хаталастық!
Əлгіні қамау керек еді.
– Бұған Алексей Андреевич не айтар екен?– деді Сарыбас.
– Орынды кекету!– деді Алексей,– қабылдаймын.
Алексейдің бұлай деуі: Н...да переворот болған күннің ертеңінде
жазалау экспедициясын бастап, Алексейдің қарындасы Лизаны алған
офицер Кабанов келді. Сол күні ақтардың штабында большевиктердің
қалдығын құрту туралы сөз боп, Сарыбас Ботагөзді абақтыға алуды
ұсынды. Бұл ұсынысқа Алексей, əуелде: «кеше ғана жас босанды, есін
жинасын, содан кейін көрерміз» деп отырып, Мадияр мен Сарыбас өз
сөздерін қуаттай берген соң, «солай-ақ болсын!» деп ризаласты. Бұл
мəжілісте Лиза да бар еді, «жас босанды» дегенге елегізген Лиза: «ол кім?»
деп сұрап еді, Алексей қарындасының есіне Ботагөздің онымен баяғыда
бірге оқығанын түсірді.
– А-а-а, білдім!–деп Ботагөзді көз алдына елестеткен Лиза, оны
абақтыға жабуға қарсы болды, өз көңілінде: «баяғыдан кейін көргем жоқ.
Қандай боп өсті екен? Көрейін, сөйлесейін. Мүмкін, біздің кісі боп кетер»
деп дəмеленді.
Өткір, өз ортасына ықпалды Лиза мəжілісте ұсынысын өткізді. Ертеңіне
ол Ботагөзді іздеп, пəтерінен тапты. Көптен көрмеген соң, Лизаның
кескінінен ол жаңылған екен. Сөйлесе келе таныған соң, Лиза оған оны
аяйтындығын, қатерден қорғағысы келетінін, большевиктерді жақтау
пікірінен қайтудың қажеттігін айтты. Ботагөз Лизаны бетке соқпады. «Есім
жоқ, жиналайын, ойланайын, бірер айға шейін маған ешбір ақыл
айтпауыңызды өтінем» деді. Лиза есек дəмелілеу боп қайтты, содан кейін
тағы бірер іздеп барып, пəтерінде жолықтыра алмады.
Алексейдің Сарыбасқа: «орынды кекету, қабылдаймын» деу себебі,
қарындасы Лизаның Ботагөзге қамқорлық жасауына жол бергенін есіне алу
еді.
Алексейдің көзі Ботагөзге бұл жолы бұрынғыдан да артық қадалды.
«Жақсы əйелдің бала – шешек атқан гүлі» дейтін еді,– деп ойлады Алексей,
Ботагөз шыға жөнелгенде, соңынан қадала қарап отырып,– бала туғаннан
кейін қандай сұлуланған өзі!.. Бұрын да сұлу əйел енді тіпті құлпырып
кетіпті! Өзіне үйленер ме еді?» деп қорытты Алексей ойын.
Сарыбас пен Мадиярдың ойы бір түйінде еді. «Бұл көзге шыққан
сүйел,– деп ойлады олар,– оны сылып тастау керек, баласын да, өзін де
құрту керек!»
Мадияр бұл ойын Алексейге сыпайылап айтып еді: толқыған көңілді
Алексей былқылмен: «көрерміз» дей салды да, өз ішінде, «оған жолығу
керек екен!» деп орнынан тұрып, тысқа шығып кетті.
– Көрдің бе, былқылдауын – деді Мадияр Сарыбасқа – осы офицердің
осы əйелде ойы бар.
– Ол бұрыннан мəлім мəселе.
– Ол ойы орындалмасын де! Көрерсің, Алексей алам десе осы келіншек
оған тиеді.
– Жоқ, тимейді.
– Жақсы көріп емес, залымдықпен тиеді. Мен кісі танысам, осы əйел
залым. Егер Алексейге тисе, оның ең зор мақсаты сені мен мені құрту.
– Оны істей алар ма екен?–деді Сарыбас үрейленіп.
– Істейді. Сондықтан бұдан құтылу керек.
– Қалай?
– Екі жол бар: біреуі – егер Алексей көнбесе, осы қалаға келіп жатқан
трибуналдың бастығына айту керек. Ұғындырсақ, трибунал сөз жоқ, ол
келіншекті жазалайды.
– Алексейді өшіктіріп алмасақ?
– Өшікпейді, тəйірі! Өшігетін ол оған ғашық деймісің. Жəй, көрсе
қызар, нəпсі құмар офицерлігінен елтіп жүргені емес пе.
– Екінші жолыңыз ше?
– Ұрыларды жалдап өлтірту!..
2
Үйіне беттеп келе жатқан Ботагөздің ойы: үстіндегі іске татыр
киімдерін сатып амалдап, Қызылжарға жету болды. «Қызылжарда завод та
көп, жұмыс та көп,– деп ойлады ол,– соның біреуіне орналасармын. Жақын
жерге барсам, Ержан да көз-құлақ болар».
Осы ойға табанын тіреген ол, аяғын жылдамырақ аттап, үйіне келсе,
есік алдында бір жат жігіт тарантас майлап жатыр екен.
– Есенсіз бе?–деді жігіт, Ботагөз қасына келгенде, бойын жазып.
– Танымайтын жігіт болғасын, Ботагөз тоқтап амандаспай, қасынан өтіп
кетті.
Үйден орап алып шыққаннан ұйықтаған Амантай əлі оянған жоқ еді.
Баланың тиыштығын қымбат санайтын Ботагөз: «оянып кете ме» деген
қорқынышпен аяғын ұшынан басып, демін ептеп алып, аспа бесікке баланы
ақырын салды. Үйдің таза ауасы мол болсын деп терезені ашты. Жел
улемесін деп есікті жапты. Содан кейін ауыз бөлмеге шығып еді, манағы
арба майлаған жігіт ауыз бөлмеде қолын сабындап жуып жатыр екен.
– Тағы да амандасайыншы,– деді жігіт Ботагөзге қарап,– денің сау ма?
– Шүкір,– деді Ботагөз, ішінен: «осынша қадала амандасқан бұл кім?»
деп ойлап.
– Құрбым, сен мені танымай тұрған шығарсын,. Танымайтын жөнің
бар. Сен мені бұдан бұрын көрген жоқсың. Мен мына Есіл өлкесінде
тұратын елдікімін. Ементай деген кісінің баласымын. Еліміз бұл арадан көп
жер. Бір жолаушыға атымды жалдап келіп ем, қасымда оқуға түсем бе деп
келген бір жігіт бар. Сенің кім екеніңді осы үйдегі кемпірден естідім.
Сөзден сөз шығып отырып айтты. Жəне қасымдағы жігіт те біледі екен.
Жаза баспасам, сен Асқардың əйелі болатын шығарсың?
– Болсақ болармыз,– деді Ботагөз күмілжіп:
Скамейкаға қолын сүртпестен отырып, Асқармен қалай таныс екендігін
жігіт түрегеп тұрған Ботагөзге баяндады. Кеңесіне қарағанда ол жігіт 16
жылы приемға ілігіп, майданға кеткен екен. Жолда, вагонда қатты ауырып,
Калуга қаласында жолдас жігіттерінен қалып қойып, больницаға түскен
екен, онда көп жатқан екен.
– Өлім халінде, кірпігім ғана қимылдап жатыр ем,– деді жігіт,– орысша
киінген бір жас қазақ жігіті көзіме ұшырай кеткенде денемдегі ауруым
серпіліп жүре бергендей болды. Жас жігіт менің қасыма келгенде жылайын
деп ем, күшім жоқтығынан ба, қуанғандықтан ба – көзімнен жас шықпай
қалды. Сол жігіт Асқар екен. Менің балнесте жатқанымды естіп əдейі іздеп
келіпті. Өзім бұрын орыстың «но» деген сөзін білмейтін, қала-қалаға аз
шыққан момын жігіт ем. Балнесте тілімді түсіндіре алмай сілем қатып еді.
Асқар келгеннен кейін тілді де түсіндім, ауруымнан да айыға бастадым.
Күнде келіп-кетіп, ол мені жазылғанша күтті. Маған көп ақша жұмсады.
Сонымен не керек, сауығып, зауытқа жұмысқа түсіп, жігіттер елге
қайтқанда мен де бірге қайттым. Асқардың халін естіп, ішім ашып отыр.
Əй, садағаң кетейін Асқар-ай, ондай бауырмал, ондай көпшіл жігіт дүниеде
сирек шығар! Нашарға етінен ет кесіп беретін жігіт еді. Жалғыз мен емес,
талай жылаған жігіттің көз жасын құрғатып еді, «көп тілеуі көл» деген,
сонда менімен бірге болған мың шамалы жігіттің қайсысы болса да
Асқардың жолына өзін құрбандыққа шалуға даяр. Түбі қайырлы болар.
Ешнəрсе етпес. Таныстырып қояйын, өз атым Асан.
– Қасымдағы жігіт кім дедіңіз?–деп сұрады Ботагөз, біраз үндемей
тұрып.
– Сағит.
– Пəмелиясы кім?
– Бектеміріп.
Осы кезде баланың дыбысы шыққасын Ботагөз төргі бөлмеге кіріп,
оянған Амантайды құрғатып, емізіп отыр еді, Асан төргі бөлмеге кірді де,
екі терезенің арасындағы орындыққа отырды.
– Кішкенеңнің бауы берік болсын!– деді жігіт,– «Ат ұстар» ма, «қырық
жеті» ме?
– «Ат ұстар».
– Бəр-рек-келді!
Асанның есіне «ат тұяғын тай басар» деген мақал түсіп, аузын жия
қойды. Ботагөздің көңіліне келер деп ойлады. Екінші – ол сөзге Асқарды
қимады.
«Жас балаға көз тиеді» деген қазақтың ырымын Ботагөз елемейтін еді.
Сондықтан ұйқысы қанып, тамаққа тойған баланы ол алақанына салып
секіртіп, біраз ойнатты.
«Тіпə-тіпə, тіл-аузым тасқа!– деді ішінен Асан.– Əкесінің аузынан түсіп
қалған екен, бақыр!»
Далада жұмысы боп түрегелген Асан, есікке бара берді де, теріс қарап
қалтасынан күмəжнигін алып, Ботагөзге Николайдың қағаз бір сомын
ұсынды.
– Балаңа көрімдік!–деді ол, беріп жатып,– күмісі құрғыр осы күні жоқ
қой, мынаны ырым қыл!
«Тəңір жарылғасын» айтып, бір сомды қалтасына салып, баланы орап
алып Асаннан аз кейін Ботагөз ауыз үйге шықса, қойдың семіз етін Салиха
табаққа салып жуып жатыр екен. Бұл үйге ондай ет көптен келген жоқ еді.
Ол кезде есік алдына ағытқан арбаның үстіне отырып, Асан қамытының
бірдемесін жөндеп жатыр еді, қасында Сағит.
Ботагөз Сағитты танымай, арбаның қасынан өте беріп еді:
– Асқардың əйелі осы кісі,– деген Асанның сыбыры құлағына естіліп
қалды.
Амандасқысы келген Сағит, Ботагөзге ұмтыла беріп, қуып жетіп
амандасуды ерсі көргендей тоқтады. «Сағит осы ма?» деген ой келді, оны
сезген Ботагөзге.
Н... қаласы «Бұқпа» деген бір кішкене таусымақтың ығына салынған
еді. Таусымақтың аты «Бұқпа» болуын əркім əр түрлі жориды. Біреулер:
бұқпантай, аласа тау болғандықтан қойған дейді. Ал енді, біреулер: осы
таудың басына «Бұқпа» деген батыр көмілген дейді. Бірақ қайсысы расын
ешкім білмейді. Таусымақтың оңтүстігін ала біткен, бергі жарынан арғы
жарына адамның көзі жетпейтін қаланың бір қабырғасын түгел ораған
дария шалқар көл бар. Көлдің аты «Бұқпа». Тау қаланын, күнбатыс
оңтүстігін қоршай, қалаға қорған сықылданып біткен.
Қаланың бұл таудың етегіне салынуын жұрт екі түрлі ертегі ғып
айтады: біреуі–«жаугершілік заманда, қазақ Россияға жаңа бағынған кезде,
қала салуға қорған сықылды тау екен деп, осы «Бұқпаға» əдейі салыпты».
Екінші – «Қазақ бағынғаннан кейін, өкімет əскері дуан саламын деп осы
жаққа шығыпты. Іздеген орны Көкшетау екен дейді. Көкшетауды іздеп келе
жатқан патша өкіметінің солдаттары жолда Көлбай, Жанбай деген
батырларға жолығыпты. Жөн сұраған солдаттарға Көкшетауды сілтеуге
батырлар қимай, Көкшетау осы деп «Бұқпаға» алып барыпты. Солдаттар
Көкшетау осы екен деп, Бұқпаға діңгек қағып, келесі жылы дуан түсіпті».
Бұқпантай кішкене тау болғанмен «Бұқпа» əдемі тау. Бір жағынан
қарағанда ол тау да емес, Өйткені тауға меншікті тас онда өте сирек
кездеседі. «Бұқпа» тауында тас жоқтың қасы. Оның тауы қорған
сықылданып біткен кəдімгі топырақты жер. Қорған таудың үстіңгі қыртысы
қалың қара топырақ. Сондықтан май мен сентябрь араларында жасыл
барқыт жабуы бар жиған жүк сықылданады да тұрады.
Таудың биігінде ара-тұра сайлар кездеседі. Оларда өскен шоқ-шоқ
қайың мен қарағай. Жазды күні сайрандағысы келген халық – тауға
өрмелеп шығып, сайлардағы ағаштардың ішіне сіңіп, шайын құйып,
қымызын сапырып, етін асып, гармонын ойнап, өлеңін айтып... деген
сықылды рахаттанады да жатады.
«Бұқпа» тауының солтүстік күнбатысын «Бұқпа» көлінің оңтүстік
күнбатысы сиыр мүйізденіп ораңқырап тұрады. Таудың көл жақ беті
жарқабақтау. Сол қабақтан арбалы ат жүре алатын жол түскен.
Асқар абақтыға түспей тұрып «Бұқпа» тауының үстінде сайрандауға
ара-тұра Ботагөз екеуі шығатын еді. Асқар қамалғасын, тауға баруды
қойған Ботагөз, Амантай қырқынан шығып қолға көтеруге жарағасын,
балаға таза ауа жұтқызу ниетімен тағы да шығатын болды. Сол дағдысымен
ол, есік алдындағы арба үстінде қамытын оңдап отырған Асанның қасынан
өткесін, тура тауға жөнеліп, төбесіне шықты.
Таудың үсті қаптаған кісі екен. Олардың қалың ортасына кіргісі
келмеген Ботагөз, көлдің қабағына тақалған жердегі бұрын Асқармен кеп
отыратын бір сандықша тасқа отырды. Көлдің тау жақ жиегінде сирек
өскен қамыс болатын еді. Осы қамыстың іші қайығының шынжырын судың
түбіне шөктіріп, бір орыннан қозғалмай қармақ салған адамдар екен.
Ондай қармақты Асқар мен Ботагөз де талай рет салған. Көлдің балығы
өте көп болатын. Ерінбей отырған кісі, таңертеңнен кешке шейін салған
қармағына іліккен балықты арбамен алып қайтатын.
Асқармен отыратын сандық тасты, Асқармен қармақ салатын көлді
көргенде есіне Асқар түскен Ботагөз, күн ол күні желсіз, бұлтсыз өте əдемі
болғанмен, ұзақ жүре алмады. Тауға шыға ойнаған Амантайды жаялығынан
босатып, құрғатып, күн көзіне ұстап, күлдіріп, аз отырды да, өткен күннің
еске түскен минуттары кеудесін сыздата бастағасын, баланы орап алып,
үйіне қайтты.
Ботагөз үйінің алдына келсе, арба үстінде «Сағит па?» деп
жорамалдаған жігіт қана отыр екен, Асан жоқ.
– Денің сау ма, Ботагөз?–деді жігіт арбадан түсіп, Ботагөзді қарсы алып.
Ботагөз «шүкір» дей қойған жоқ. Бірақ Сағит қарсы жүргесін тоқтады.
Мана ол Сағитқа көз тоқтатып қараған жоқ еді. Сағиттың кескінін ол енді
көрді: орта бойлы, жауырынды, денесі талдырмаш, жалпақ беттеу қара
бұжыр, шамасы 18–19 дағы жігіт екен.
– Мен Сағит деген жігіт болам,– деді Сағит Ботагөзге,– Асқардың
жақсылығын көп көріп ем. Сізді де бірер көрдім. Мен көргеннен өзгеріп
қапсыз. Əлгінде тани алмадым. Денің сау, аман жүрсің бе? Асқарды да
естідім. Ақыры қуаныш болсын! Қиын болған екен. Тумаңыз қайырлы
болсын!..
– Мен сізді білем,– деді Ботагөз.– Асқар сізді көп айтатын еді. «Зерен
бала еді» дейтін еді Асқар, «егер оқыса адам боп кететін бала еді, жетім
бейшара қайда жүр екен деп» соңғы кезде іздеп тауып алуға сұрау сала
бастаған еді, бірақ ол тілегіне жете алмай...
Одан əрі сөйлесе, көз жасы сөзбен жарысатын болғасын, Ботагөз сөзін
де, жасын да зорлықпен бөгеді.
Біраздан кейін қайғысын жадыратқан Ботагөз бен Сағит арбаға қатар
отырып, Асқар жайында біраз кеңестер сұрап, өз жайын да қысқаша айтты.
Оның сөзіне қарағанда 1912 жылы Асқар Итбаймен Петербург кеткенде
Сағит Кенжетай үйінде қалып, бірер ай тұрғаннан кейін əкеңнің жиені едім
деп біреу қамқорсып алып кетіпті. Ол адам келесі жазда Сағитты орыс
қаласында мал бағатын бір жатаққа жалдап, содан 1916 жылға дейін көбіне
қала арасында мал бағу, егін салу жұмысында жүріпті. 16 жылы Көкшетау,
Қызылжардың арасына шойын жол салу жұмысы басталғанда, бір жыл жер
қазуда болыпты. 1917 жылы Көкшетау елі, Жайылған деген болыста,
ауылдық мектепте мұнын, бір немере ағайыны мұғалім болып, сол мұғалім
Сағитты қасына алып 1917 жылдың күзінде сабақ оқытыпты. 18 жылдың
январында Н... қаласында мұғалімдер жиылысы боп, сонда Сағитты
оқытқан мұғалімді земства Асанның еліне жіберіпті. Мұғалім Сағитты сол
елге ала кетіп, қыстай оқу оқытып, қазір: «алдағы қыста Омбыда
мұғалімдік курс ашылады» деген хабармен Асанға еріп, Н...ға соны білу
үшін келген екен.
Сағит кеңесін аяқтағанда бір жақтан Асан да келді. Осы кезде үйден
Салиха шығып, қонақтарға ас піскендігін айтты.
– Үйде кездессең,– деді Асан, Ботагөзді дəмге шақырып,– мал басын
жейтін жолын, бар адам ең. Ретсіз жерде кез келдің,. Ол дүниеде болмаса,
бұл дүниеде Асқардың жақсылығын қайыра алмаймын. Аз дəмді көптей
көріп, бірге отырып же. Қай қазақтың əйелін асқа шақырып отырмыз.
Əркім не істесе өзі үшін істейді. Сені жұрт Асқардың əйелі деп сыйлайды.
Асан да, Сағит та құрақ ұшып, Ботагөзді жақын тартқанмен, «бөрі
арығын білгізбес» деген мақалды еске алып, Ботагөз күн көріс жағынан
сыр бермеп еді; ол айтпағанмен, оның жайын жолаушылар Салихадан
естіген екен.
Ертеңіне Сағитты алып еліне қайтуға ыңғайланған Асан, атын
жекпестен бұрын Ботагөзді оңаша шығарып сөйлесті.
– Жарықтығым!– деді ол,– тілеуім алдымдағы жас жігітпін! Ниетім ақ.
Ақ ниетіммен айтамын: «сыпайы сырын жасырмас» деп мынау жас балаңа
да, өзіңе де қиын боп тұр екен. Сен ұят, намысты қойып, мына біздің елге
жүр. Бай болмағанмен өзіме-өзім тоқ шаруалы жігітпін. Мінер ат, киер
киім, ішер ас бар. Өзге байлықтың керегі де жоқ. Үйде шешем бар. Басқа
жаным жоқ. Келіншегім биыл опат болды. «Кебін кигеннен түңіл, кебенек
кигеннен түңілме» деген. Тірі болса Асқар ертең-ақ босанар. Баласы мен
əйелін аман-есен қолына тигізсем, оған одан үлкен олжа болмас. Асқардың,
жақсылығын қалай қайтарам деп жүр ем. Құдай айдап əдейі кез келгендей
болдың. Бұл имандай сезім.
Асанның шын жүректен шыққан сөзіне Ботагөз сенді. Сондықтан
«пəлен-түген» деген бұрма, қалтарыс сездер айтуды орынсыз көрді.
О
сы кезде сырттан Сағит келді.
– Жасырын сөздерің жоқ па?– деді ол.
– Жоқ.
Ботагөзге айтқан сөздерін Асан Сағитқа да айтты.
– Дұрыс. Достық сөз, жан ашыған сөз, сені Асан кем ғып ұстамайды.
Жақсылығы тиген Асқардың əйелі сен түгіл, айдаладағы алты аласы, бес
бересі жоқ мен де мінезінің жақсылығынан Асанға үйір боп жүрмін. Маған
да жақсылығы тиіп жүр,– деді Сағит,– бұл арада бөтен кісі жоқ қой,– деді
ол, жан-жағына қарап алып,– əлгінде мен барып отырғанда Мадиярға бір
офицер келді. Осындағы ақтардың бастығы дейді. Соның сөз ыңғайы
жаман екен. Ботагөзге бұл арадан кетпесе болатын емес. Тегі осы арадан
тез аттанайық. Сөз түрлерін мен жаман көрдім.
Бұл «түрі жаман сөзді» Ботагөз жорамалдап, кескіні сұрланайын деді.
– Жұмысын, бітсе қайтайық,– деді Асан Сағитқа.
– Жұмыс бітті. Күзге қарай Омбыға оқуға баратын қағазымды алдым.
Ас ішейік те жүрейік. Сонымен бізбен бірге елге жүресің ғой, Ботагөз?..
– Қайдан білейін...
– «Қайдан білейінді» қой. Достық сөзді ұқ. Кемшілік көрсең, обалжазығың мына Асан мен менің мойнымда.
– Жарайды,– деді Ботагөз аз ойланып, жыламсырап.– Бармағанда не
істеймін. Салт басым, сабау қамшым болса Асқардың жолында өлер ем.
Мына бір кішкене болып...
Ботагөз бетін басып, өксіп-өксіп алды.
– Жылама,– деді Ботагөзге Асан мен Сағит қосынан,– бұған да
шүкіршілік ет. Көз қырын салар жан болмаса қайтер ең. Қазақтың «берсең
аларсың, ексең орарсың» деген мақалы бар. Асқардың жақсылығына
жақсылық көрсетуге басымызды беруге даярмыз. Жақсымен жолдас
болғанның жақсылығы осында.
Жолаушылар түскі астарын ішкеннен кейін ат жегіп жүргенде, Ботагөз
жылап отырып, Салихаға сырын айтып еді, Салиха мақұл да көрді, қуанып
та кетті. Салиханың қимағаны Амантай. Амантайға оның сүйіспендік
ықласы ете кеткен еді. Иісі сіңіп, үйреніп қалған нəрестеден айрылу есіне
түскенде – о да жылап, бірақ артқы халді ойлады да, шын ықласымен
батасын берді.
– Мені қайда деп ақтар сұрап келсе,– деді Ботагөз,– баласымен шығып
кетті, содан жоқ, қайда кеткенін білмеймін дерсіз, əнкей.
Кемпірмен жылап айрылысып, Ботагөз жолаушыларға еріп жүріп кетті.
– Мен сендерге бір ақыл айтайын,– деді Сағит, қаладан ұзап шығып, ат
шалдырған бір жерде,– Ботагөз, сен көңіліңе ауыр алма, Асан, сен де қарсы
болма.
– Айт!
– Мына Асанның ауылының қасында Байтөбет деген ақсақал бар. Мен
соның қолында тұрам. Коммунистерге өш. Егер Ботагөз Асқардың əйелі
екенін білсе, сөз жоқ, көрсетеді.
You have read 1 text from Kazakh literature.
Next - Ботагөз - 28
  • Parts
  • Ботагөз - 01
    Total number of words is 3875
    Total number of unique words is 1990
    36.3 of words are in the 2000 most common words
    52.3 of words are in the 5000 most common words
    59.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Ботагөз - 02
    Total number of words is 3835
    Total number of unique words is 2043
    36.5 of words are in the 2000 most common words
    51.7 of words are in the 5000 most common words
    59.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Ботагөз - 03
    Total number of words is 3843
    Total number of unique words is 2116
    35.7 of words are in the 2000 most common words
    50.6 of words are in the 5000 most common words
    58.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Ботагөз - 04
    Total number of words is 3808
    Total number of unique words is 2017
    35.4 of words are in the 2000 most common words
    50.5 of words are in the 5000 most common words
    58.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Ботагөз - 05
    Total number of words is 3894
    Total number of unique words is 2042
    34.9 of words are in the 2000 most common words
    49.8 of words are in the 5000 most common words
    57.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Ботагөз - 06
    Total number of words is 3848
    Total number of unique words is 2153
    33.5 of words are in the 2000 most common words
    46.8 of words are in the 5000 most common words
    53.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Ботагөз - 07
    Total number of words is 3837
    Total number of unique words is 2123
    36.2 of words are in the 2000 most common words
    50.5 of words are in the 5000 most common words
    57.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Ботагөз - 08
    Total number of words is 3863
    Total number of unique words is 2003
    35.6 of words are in the 2000 most common words
    51.5 of words are in the 5000 most common words
    59.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Ботагөз - 09
    Total number of words is 3912
    Total number of unique words is 2050
    37.3 of words are in the 2000 most common words
    51.7 of words are in the 5000 most common words
    59.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Ботагөз - 10
    Total number of words is 3931
    Total number of unique words is 2112
    35.4 of words are in the 2000 most common words
    50.1 of words are in the 5000 most common words
    57.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Ботагөз - 11
    Total number of words is 3906
    Total number of unique words is 2051
    36.9 of words are in the 2000 most common words
    51.8 of words are in the 5000 most common words
    59.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Ботагөз - 12
    Total number of words is 3799
    Total number of unique words is 1988
    34.2 of words are in the 2000 most common words
    48.2 of words are in the 5000 most common words
    55.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Ботагөз - 13
    Total number of words is 3882
    Total number of unique words is 2197
    34.0 of words are in the 2000 most common words
    48.4 of words are in the 5000 most common words
    55.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Ботагөз - 14
    Total number of words is 3932
    Total number of unique words is 2200
    35.8 of words are in the 2000 most common words
    50.5 of words are in the 5000 most common words
    58.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Ботагөз - 15
    Total number of words is 3900
    Total number of unique words is 2095
    35.7 of words are in the 2000 most common words
    49.5 of words are in the 5000 most common words
    57.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Ботагөз - 16
    Total number of words is 3886
    Total number of unique words is 2023
    36.1 of words are in the 2000 most common words
    50.9 of words are in the 5000 most common words
    58.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Ботагөз - 17
    Total number of words is 3916
    Total number of unique words is 2124
    36.2 of words are in the 2000 most common words
    50.8 of words are in the 5000 most common words
    59.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Ботагөз - 18
    Total number of words is 3875
    Total number of unique words is 2066
    36.0 of words are in the 2000 most common words
    50.6 of words are in the 5000 most common words
    59.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Ботагөз - 19
    Total number of words is 3964
    Total number of unique words is 2060
    36.1 of words are in the 2000 most common words
    51.1 of words are in the 5000 most common words
    59.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Ботагөз - 20
    Total number of words is 3874
    Total number of unique words is 2125
    36.0 of words are in the 2000 most common words
    50.6 of words are in the 5000 most common words
    59.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Ботагөз - 21
    Total number of words is 3934
    Total number of unique words is 2108
    36.6 of words are in the 2000 most common words
    52.0 of words are in the 5000 most common words
    60.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Ботагөз - 22
    Total number of words is 3807
    Total number of unique words is 2017
    34.9 of words are in the 2000 most common words
    49.9 of words are in the 5000 most common words
    58.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Ботагөз - 23
    Total number of words is 3701
    Total number of unique words is 2061
    32.6 of words are in the 2000 most common words
    45.8 of words are in the 5000 most common words
    53.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Ботагөз - 24
    Total number of words is 3805
    Total number of unique words is 2129
    32.6 of words are in the 2000 most common words
    46.1 of words are in the 5000 most common words
    54.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Ботагөз - 25
    Total number of words is 3901
    Total number of unique words is 2145
    34.4 of words are in the 2000 most common words
    50.0 of words are in the 5000 most common words
    56.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Ботагөз - 26
    Total number of words is 3808
    Total number of unique words is 2103
    33.6 of words are in the 2000 most common words
    48.1 of words are in the 5000 most common words
    56.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Ботагөз - 27
    Total number of words is 3985
    Total number of unique words is 2063
    36.2 of words are in the 2000 most common words
    51.1 of words are in the 5000 most common words
    58.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Ботагөз - 28
    Total number of words is 3944
    Total number of unique words is 2001
    37.0 of words are in the 2000 most common words
    52.0 of words are in the 5000 most common words
    59.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Ботагөз - 29
    Total number of words is 4005
    Total number of unique words is 2142
    35.6 of words are in the 2000 most common words
    49.8 of words are in the 5000 most common words
    57.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Ботагөз - 30
    Total number of words is 3880
    Total number of unique words is 2028
    34.8 of words are in the 2000 most common words
    49.3 of words are in the 5000 most common words
    56.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Ботагөз - 31
    Total number of words is 3818
    Total number of unique words is 1962
    37.0 of words are in the 2000 most common words
    52.4 of words are in the 5000 most common words
    60.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Ботагөз - 32
    Total number of words is 3979
    Total number of unique words is 2086
    34.7 of words are in the 2000 most common words
    50.0 of words are in the 5000 most common words
    58.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Ботагөз - 33
    Total number of words is 1885
    Total number of unique words is 1150
    38.1 of words are in the 2000 most common words
    52.5 of words are in the 5000 most common words
    59.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.