Latin Common Turkic

Қазақ солдаты - 22

Total number of words is 3985
Total number of unique words is 2066
35.9 of words are in the 2000 most common words
50.3 of words are in the 5000 most common words
57.2 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
— Астым тіпті тұрақтай алар емес... — деп, Сережа жылжып қайықтың
түбіне түсіп кетеді де, əркімнен ұстанып, қайта келіп арамызға
қыстырылады...
Теңіз беті ойылып кетіп, кейде терең түбі көрініп қалғандай болады.
Қара теңіз тасып төгілердей, дөңбекшіп жатыр. Жота-жота толқындар
іргесімен қопарыла ырғып жөнелгенде, теңіз сені жұтып қоярдай көрінеді.
Биік толқынның қыр арқасына шыққанда артта келе жатқан қайықтарды
бір аңдап қаласын, да қырқадан төмен қарай сырғығанда теңіздің дəл
түбіне барып соғылардай тұңқиясың. Биік толқындардың астынан түпсіз
бір үңгір көрініп, қап-қара аузын ашып қалғандай сезіледі.
Əуелі бір полк тұтас аттанып едік, жүре-келе жайлау көшіндей керіліп,
шашылып, бытырап кеттік. Теңіз алдыңнан, бүйірден түйгіштеп, бір
шоңқайтып, бір тоңқайтып, қатты мазалап келеді. Бізден қалыспай, су
сиырдай сумаңдап бір-екі «аңшы» қайықтар ғана келе жатыр. Толқын бізді
біресе сүмеңдетіп жағаға қарай айдап, біресе тартып теңіздің ортасына
қарай əкетеді. Ай сəулесі біресе қырқада, біресе төмен бір жыра түбінен
көрінгендей болады.
— Жаһаннам түбі бұдан терең болмайды екен... — дейді Самед.
— Немене, түсіп көргенің бар ма еді?
— Түсіп көргенім жоқ... Хожа Насреддин талай хат жазып еді...
Жаһаннамнан қорықпа, онша терең емес екен депті...
Үсті-басымыз малмандай... Иығыңнан асылып қалған суық толқын
мойныңнан сорғалап, арқаңмен жылжып астыңа құйылады. Суық бір
жылан қыр арқаның қуысымен сүмп етіп астыңа кіріп кеткендей болады.
Сығылысып отырысқан тар қайықта қозғалуға да дəрмен жоқ. Айнала
қолтықтасып алып, ұшып кетпеудің ғана қамын ойлап отырмыз. Қайықтың
ернеуіндегі темір қоршаудан гөрі су суық сезіледі.
Ер қайық таудай толқындарға көлденең асылып, қорықпай ілгері
басады. Керчьпен арамызды он сегіз километр деп еді, алыстан орап,
«Эльтиген» деген балықшы поселкесіне төніп келеміз. Түнгі сағат бірде,
белгілі мерзімде барлық қайық бір рет қанаттасып алып, енді бар күшімен
жағаға қарай қатты жосылтып кетті. Толқын артымыздан айдап, əрең-əрең
аман қалып келеміз.
Теңіз дем алысы қанша қатты болса да, саққұлақ немістер көп
мотордың күжілін естіп қалыпты. Бір сəтте су бетіне мыңдаған ракеталар
атылып, жібек қанаттары желбіреп, асылып-асылып тұра қалды. Түпсіз
тұңғиықтай қара-қошқылданып жатқан теңіз беті күндізгідей жарқырайды.
Оқ су бетін бұршақтай сабалап, шып-шып етеді. Зеңбірек снарядтары суға
үсті-үстіне түсіп, аспанға шапшыған судан күміс бағаналар орната бастады.
Сап-сап толқындар кеңсірігінен су атып, жөңкіліп келе жатқан кит3
балығына ұқсап кетеді. Жақынырақ түскен снарядтар қайығымызды
қақбақтай лақтырып, ойға-қырға қуалай бастады... Жағаға жақындаған
сайын аспалы шамдай асылып тұрған жарықтар да көбейіп барады.
— Жарықтарды атыңдар! —деді Мирошник.
Қайықтың екі жағына қарама-қарсы отырған жиырма жауынгер
салбырап тұрған жарықтарды ата бастадық. Қызылды-жасылды оқтармен
от сөндіріп келеміз!..
Жағаға жақындаған сайын қайығымыз көп күміс бағаналардың
арасымен жүруге қалды. Бірін тасаланып, біріне сүйеніп өтеді. Қайық
тұмсығынан есілген су екі ұртынан салбыраған ақ мұрт сияқтанып, кейде
сол бағаналарға оралып қалғандай, жүрісіміз де өнбей келеді. Оқ бірімізді
тырнап кетіп, біріміздің бетімізді қарып кетеді, ыстық емес, суық қариды.
Немістердің өздері көтерген оқ бораны өз көздеріне де шымылдық
құрып тастаса керек, оқ бораны төпеп тұрғанмен дəлдік жоқ сияқты. Қатар-
қатар, жіп-жиі тұрып қалған меруерттей аппақ су бағаналары қалың қырау
басқан қалың, кəрі тоғайға да ұқсап кетеді.
Лек-легімен көтерілген самолеттер біздің арт жағымызға үймелеп жүр.
Снаряд оқтары да ортаға қарай ауып барады. Бір кезде жарықтан да
құтылып, қою қараңғылыққа кіріп кеттік. Оқ қоршаудан да өтіп кетіппіз.
Бірақ айнала қарансақ, жақын маңайда бізден басқа бір қайық жоқ...
— Біз озып, бөлініп кетіппіз... Сапар оңға айналар... — деді Мирошник.
Алдымызда қарауытып теңіз жағасы сезіледі. Артымыз аспанды
жарғылап, тілгілеп жатқан найзағай...
— Жараланған ешкім жоқ па? — деді Мирошник.
— Жоқ сияқты...
Аздан кейін ұялғандай қысылып сөйлеп:
— Мені аздап жанап өткен сияқты... — деді Сережа.
Сережаның оң қолы жараланыпты. Оң қолының шынтағынан тиген оқ
тесіп өтіпті. Ол қазір солдат болса да, күні ертең көркемөнер адамы,
суретші еді. Сондықтан оң қолының жаралануы бəрімізге де қатты батты.
Сол оң қолы үшін Сережаның екі аяғын бірдей садақа қылуға да əзір едік.
— Аздап қана... — дейді Сережа. — Ештеңе ететін емес, асып алам ғой
мойныма...
— Жоқ, осы қайықпен кейін қайтасың, — деді оған Мирошник.
Қайық жағаға жақындай беріп, əдеті бойынша бұрыла бергенде
Мирошник:
— Секіріңдер! — деп əмір етті.
Сережамен қоштаса да алған жоқпыз. Аман қайтып жете алар ма, жоқ
па... Қандай күйге түссең де, жолдастарыңмен бірге болуға не жетсін!
Жалғыз Петр ғана, Сережаның автоматын алып жатып, су болған мұртын
Сережаның алқымына апара жатқанын аңдап қалдым. Өзгеміз ең əрі
кеткенде, арқасына қолымызды бір апаруға ғана үлгірдік. Сонымен төрт
жылға жақын ойын-күлкі, қайғы-қуанышымыз ортақтасып кеткен бір
жолдасымызбен іштей ғана қоштасып, айрылысуға тура келді... Қош,
Сережа, қош бол, бауырым!..
Өзі шылқылдап отырған солдат бұл жолы қымсынған да жоқ... Жиырма
жігіт жапырлап қарғып түсе қалып едік, терең судың түбіне барып былқ ете
түстік... Төбеңнен қорғасындай басқан терең су қозғалтар емес. Володя
Толстов екеуміз қатар секіріп едік, теңіздің түбіне де бірге түсіппіз. Ол мені
көтеріп жібергісі келеді, мен оны көтеріп жібергім келеді. Қолдарымыз
қарманады, қайрат қылар дəрмен жоқ. Ұйықтап жатып бастырлыққандай,
дəрменсіз бір ділгір халде қалыппыз... Есте қалған нəрсе, егер менен
жолдастық деген не екен деп сұраушы болса — ол, өзі он екі метр тереңнің
зілдей басқан ауырдың астында жатып, мені құтқарғысы келген Володя
Толстовтың мінезі дер едім.
Бұл хал қас қаққанша өтіп кететін, көз ілеспес қана бір кез екен. Шірене
толқындаған теңіз екеумізді де жоғары алып шығып, жағаға қарай айдап
əкетті. Бастағы пилотка, иықтағы қоржын сияқты жеңілдердің бəрін
сыпырып алып, домалатып айдап жағаға лақтырғалы келеді.
Аяғым жерге тие бергенде, арт жақтан соққан тағы бір толқын мені
алып ұрды да, сүйреп ортаға қарай қайта əкетті. Екінші бір толқын қағып
əкетіп, домалай-домалай жұмырланып қалған жаға тастарының үстіне
ырғытып жіберді. Келер толқын етегіме жармасқанша, жан-дəрмен дегенді
түгел салып, құрғаққа шықтым. Қара теңіз қапылыста қауып бір қалып, опоңай жұта алмаған соң, қанға құсып жағаға лақтырып кетті білем...
Көзімді ашып, алдыңғы жаққа қарасам, екі адам қарауытып тұр екен.
Автоматымды алып, оңтайлай бастадым...
— Отставить! — деді ақырын ғана Мирошниктің дауысы...
Теңіз толқынынан əркім өзінше құтылып, толқынмен лықсып кеп
жағаға түсіп жатыр. Самед бөренедей серейіп, Володяның үстіне түсіп еді,
түскен бойы қолдары Володяның алқымын тауып алып, езіп тастай
жаздады.
— Бұл өзім — деп, үш рет құлағына айғайлап, əрең айырып алдым.
— Нама боп кетіпті бұ? — деп, Самед айран-асыр болып отырып қалды.
Судан кейін шыққан жолдастар бұрын шыққандарды көргенде əр түрлі
асығыстық істеді. Бірақ жау қолына түсіп қалдым ба деп «берілем!» деген
біреуі болған жоқ... Қойны-қонышы мұздай суға лық толып, местей
бүлкілдеп жүріп, жастығын ала өлгілері келіп жүр. Мыңда бір кездесетін,
қапылыста келген ауыр сыннан ешкім сүрінбей өтті. Неге екенін түсінер
жай жоқ, жиырма жігіт үнсіз бір құшақтасып та қалыппыз. Киімдерден
шұрылдап суық су ақса, көзіңнен тамған тамшылар ыстық-ақ еді.
Жау жақ алдымыз биік жар қабақ екен біз соның тап астынан
шығыппыз, теңізге қарасақ, келе жатқан жалғыз қайық жоқ... Жарқырап
аққан пулемет оқтары мен ракета жарығының теңіз ортасына қарай
ауғанына қарағанда, біздің полк шегініп кеткенге ұқсайды. Жағаға жете
алмаса, теңіз бетіндегі айқасқа кіре кетуге бұл полктың əзірлігі де жоқ еді.
Ондай дарақы «жан қиярлық» біздің жақтың арманы да емес еді.
Қабақты шолып көрсек екі пулемет теңіз бетін жалқау ғана атқылап
отыр. Біздің жайды əлі ешкім білмеген сияқты. Көп қайықтың кейін
бұрылғанын көріп отырған немістер, жалғыз-жарым қайық жағаға келуге
батылы барар деп ойламаған. Екі пулемет анда-санда бір үн беріп,
марғаулана бастапты. Жақын ауылдың иттері таласып жатқанда, тұмсығын
бүйірінен көтермей жатып қана, анда-санда бір мыңқ етіп қоятын иттер
болушы еді, тап сол сияқты.
— Мынау жаға жұмақ екен... Тек палауы ғана жоқ... — деді Самед.
— Палаусыз-ақ ішеміз де! — деп, əркім сауытын аузына апарып жатыр.
Əлдеқайда оң жағымызда көп зеңбірек барлығы байқалады. Жүн
сабалағандай дүркіретіп, жиі-жиі атады. Манағы қарбаласта миномет,
пулеметтер қосыла арсылдасып еді, енді сөз құлаштап ұратын
зеңбіректерге беріліпті. Бұ да біздің полктың кейін бұрылғанын көрсетеді.
Жар астында бастаса жатып, капитан Мирошниктің ұғынысы бойынша,
Керчь жағасында болған бірінші «соғыстық кеңесімізді» өткіздік... Етіктегі
су ағып кетсін деп, етпетімізден жатып, аяғымызды көтеріп қойдық.
— Біздің қарамақтағы жердің көлденеңі бес метр, — деді Мирошник:
— Артымызда теңіз, алдымызда жау — от пен судың арасында деген осы
болады. Тұяқ ілектіріпті деген де осы, шегінер жер жоқ деген де осы...
Шабуыл жасаймын десең, алдыңда жер жеткілікті... Барлық жағдай
шабуылға арналғандай орайласып тұр... Немістер ақмақ емес. Теңіз
жағасын қазір түгел оқпен тінтіп, отпен аластап шығады. Оны күтіп
отырмай, шабуылға өзіміз көшеміз! Керчь біздің совет жері, иесі келгенін
көрсетейік! Шегінетін кезекті жауға ұсынайық...
Мирошник қалжың араластыра сөйлегісі келгендей еді. Мүмкін, арт
жағымызда шегінерлік жер болса, тап осы күйде шабуыл жасауға бармас та
едік. От пен судың арасында қалғанда, біз отқа қарай ұмтылуды қаладық.
Аттанарда берген антымызды еске алдық та, шабуыл жасауға байладық.
Колға түссек қайтеміз, құтылғанымыз қайтеміз деген сөздер ауызға да
алынған жоқ. Ешкімнің тірідей қолға түспейтінін жаңағы теңіз сынының
өзі-ақ көрсетіп еді.
Жиырма жауынгер ешбір қаланы да босата алмайды, түгел бір жарты
аралдан жауды айдап та шыға алмайды. Бірақ берік бір бекініске табан
тіреп алса, арт жақтан келер мол күшке дейін шыдай алады. Ревякин айтқан
шыдам да осы сияқтанады. Бұған, əрине, бас керек.
Біздің басымыз капитан Мирошник. Талай сыннан сүрінбей өткен
сенімді жиырма жауынгер, бастай білсең, едəуір күш. Мұнда біз қыдырып
қайтуға келген жоқпыз. Отаның үшін жаныңды қияр жер осы болса, оған
біз əлдеқашаннан дайын! Бірақ, арзан өлімге дайын біріміз де жоқ.
Өлігімізді көрген жау — жаны болаттан жаралған ба! — дейтін болсын...
Жоқ, алар мақтауымыз болса, жаудан алу емес, өзіміздің елден алу!
Етіктегі су тіземізге құйылып, тіземізден жерге кетіп, үстіміз де едəуір
жеңілденіп қалды. Қару-құралдарымызды сүртіп, тексеріп алдық. Жиырма
жауынгер екі топқа бөлініп, сол жақтағы топты капитан Мирошник алды,
оң жақтағысын маған тапсырды. Бұл жердің жағдайымен біраз
танысқанымыз да бар еді. Мирошник соны қайта бір анықтап бергісі келіп:
— Тым шетірек келіп түспеген болсақ, осы арадан екі километр
шамасында «Эльтиген» поселкесі болу керек, — деді. — «Эльтигеннен»
атылған оқтай ағып өтуіміз керек!
— Иə, оқтай ағып... — деп, Самед бір қалжың айтқысы келін барып
тоқтады.
— «Эльтигеннің» солтүстік бетінде жарты километр жерден биік обақорғандар басталады. Біздің ротаға берілген əмір сол обалардың бірін алу
болатын. Əмір сол күйінде қалады. Түсінікті ғой?
— Түсінікті, жолдас капитан.
— Ендеше, түйілер жеріміз де, аларымыз да сол биік қорған-оба
болады!
Жиырма жігіт жиырма түрлі ұран шақырып, шабуылға ұмтыламыз:
— Отан үшін! Қырым үшін!..
— Севастопольға дейін! Одессаға дейін! Берлинге дейін!
«Отан үшін!» деген ұранды Мирошник алды да, сол ұран бəрімізге
берілген команданың орнына жүретін болды. Ол айғай шықпай, ешкім үн
шығармасқа керек.
— Қазақ батальоны, алға!..
— Өзбек батальоны, алға!..
— Украина батальоны, алға! — деген қосымшаларымыз жəне бар.
Бұл «батальондарымызда» бір-ақ адам барлығы ешқайсымызға күлкі де
көрінер емес. Оны өзіміз білеміз, немістер үшін батальон болып
көрінбесіне кім кепіл?..
— Үнсіз қозғаламыз... Қашан жауға кездесіп қалғанша сақ қозғалыңдар!
— деді Мирошник.
Мен өз тобымды алып оң жақ қанатқа шықтым. Он жігіттің арасы он
метрден жүз метр. Мирошник тобымен арамызда елу метрдей ашық
аралығымыз тағы бар. Жау оқтары осы ашық аралыққа үймелер деген
жорамалымыз болып, əдейі қалдырдық.
Ақырын жылжып біз де қабаққа шықтық, араның ұясы да гуілдеп қоя
берді. Арандай оқ, арсылдаған пулемет, байлаулы төбеттей өршеленіп, теңіз
жағасы азан-қазан болды. Айқас басталып қалды.
Мирошник «Отан үшін!» дей бергенде, мен де анадан туғалы шыққан
ең ұзақ айғайға бастым:
— Қазақ батальоны, алға-а-а!..
«Батальон» командирлерінің бəрі де дүние жүзіндегі ең бір, кəрлі дауыс
пен ең кəрлі айғайларға басып келеді.
— Украин батальоны!..
— Өзбек батальоны!..
— Сталинград батальоны!..
Жиырма жігіттің үні қосыла өріліп, жер жара шықты. Оған
автоматтарымыз бен қол пулеметтеріміз үн қосқанда, жау түгіл, өзіміз де
қайдан көбейіп кеткенбіз деп қалғандаймыз. Үніміз бір полктай шығады,
батылдығымыз — артымызда самсаған сары қол бардай көрінеді...
Қараңғыда кездесіп қалған жау окоптарына бірер ғана граната
лақтырып, қолма-қолға жоламай, ілгері қарай кете бердік. Неміс əскері оқ
боранын біздің айғайдың ең алғаш шыққан жеріне, арт жағымызға төгіп
жатыр. Оқты алдымыз бен оң-солымызға кезек төгіп, біз нысанаға алған
қорғанға қарай тартып келеміз. Біздің айғайымызды қуалай атып жатқандар
да бар...
Бірақ бізді өлімнен құтқарған немістердің өздері болды. Алғашқы қымқуытта қанша жау барын, қай жақта екенін анықтай алмай қалып, неміс
əскері автомат дыбысының молырақ шыққан жағына оқ төгіп, бізді емес,
өздерін атқылап кетті. Оң жағымыз бен сол жағымыздағы неміс əскерлері
өзара атысып қалды. Ол сыр байқалған соң-ақ, жау қолына кездесіп
қалғанда болмаса, оқ тізгінін біз де тарта қойдық.
Қара теңіздің жағасы түгел атысқа кірісті...
— Төк оқты!.. Пулемет!.. Миномет!.. — деп, аласұрып жатқан неміс
офицерлерінің айғайын естігендейсің. Алақандай жерден басталып, енді
күркіреген күндей жайылып бара жатқан атыс шеңбері осыны аңғартады.
Əлдеқайдан, абайсызда кіріп кеткен жау қолы жалпағынан шабуылға
көшіп, тықсырып бара жатқандай, неміс əскері алай-түлей, əбігер болып
қалды.
Осы қарбаласта «Эльтигеннен» өтіп кеттік. Алдымызда өркештеніп,
қарауытып биік қорған көрінеді. Енді біз айқас шенінен өтіп, саябырға
шығып қалыппыз. Қаңғырып жоғары зулаған оқ болмаса, бұл маңайда атып
жатқан бір пулемет жоқ, түнеріп, тұнжырап қорған ғана тұр.
Қорғанның төбесіне үнсіз ғана шықтық. Сала-сала болып, тармақтанып
жатқан траншеялар, үңірейген окоптар бос жатыр. Кенеттен автомат
шаңқылдап қалды.
— Жат! — деген Мирошник даусына араласа екі граната борс-борс
жарылды.
Самедтың «иə, ханнанына» Васяның «қолыңды көтер!» дегені араласа
шықты.
— Хендехох!..
Енді апанынан ата жөнелген қасқырға ұқсап, əр окоптан сұр киінген
неміс солдаты тұра салып қашып барады. Биік төбенің жай төбе емес
екендігі де айқындала бастады. Бір топ қорғаушысы бар, ұзақ атыстың
бекінісі екен.
Тас пен темірден берік жасалған бекіністе ешкім жоқ. Манағы қарбалас
басталған кезде офицерлер айқасты басқаруға кетіп, содан əлі оралмаса
керек. Қазір олар жағадағы атыста жүрген болар. Бекіністі қорғауға қалған
он шақты солдат автоматтарын бізге қалдырып, бұдан былай «хабарсыз
кеткендердің» тізіміне қосылатын болды: бізде тұтқын бағып отыратын
жай да жоқ еді...
— Сарталиев, Толстов, бекіністі түгел тексеріп шығыңдар.
Шаруашылығымыздың жайы қандай екен біліп отырайық... — деді
Мирошник. Өзі бекіністің ішін тексеруге кірісті.
Бұл бір ерекше ыңғайлы жасалған бекініс екен. Биік қорғанның нақ
төбесіндегі үлкен бөлме тарам-тарам қазылған ұңғы-жолдар арқылы екі
бүйірдегі пулемет ұяларымен қатынаса алады. Төбені айналдыра жасалған
автомашиналарға арналған ұялар да солай төбеден етекке дейін, біріненбірін төмен етіп, қос етектеп қазылған үш қатар окоп бар. Бəрі де
траншеялармен қатынасатын етіп жасалған. Етектен төбеге қарай үш сала
болып өрмелеген жыра-траншеялар жатыр. Айнала ататын зеңбірек орны
да əзір тұр. Тек зеңбірегі орнатылмапты. Қайда да айқыш-ұйқыш салынған
темір, құйылған тас, төбенің астымен қатынасатын жолдар... Қорғанның
сыртын тексеріп шығу үшін, бір бүйірінен екінші бүйіріне баруға мен үш
рет капитан отырған орталық бекініске соғып еттім. Барлық жолдар осында
əкеледі екен. Мен осы жайларды баяндап тұрғанда, Василий Гришин осы
бекіністің планын тауып алып, Мирошниктің алдына жайды:
— Планы мынау болу керек... Төбенің биіктігі де көрсетілген...
Бұдан əрі, мен көргендерімді ауызша айтып тұрдым да, Мирошник
қағаз бетіне қарап тексеріп отырды.
— Бізге болысқан қай құдай десем екен? — дейді Мирошник.
— Мынадай бекіністі жиырма жауынгер түгіл бір дивизияға алдырмауға
болады ғой! Пулемет екеу дедің бе?
— Ие, екеу... Оқтары да жеткілікті, окоптарына жүз автоматшыны еркін
орналастыруға болады.
— Ракеталарын күндіз-түні бірдей атсаң да он күнге жететін! — деп,
Самед келді. — Арақы аз тамакісі шөп татиды...
Қорғанды айнала күзетуге алты адам қойып, енді өзімізді түгендесек,
жеті жауынгер шығынымыз бар екен. Жаудың мықты бір бекінісін қолға
түсіру үшін бұл көп шығын емес. Кейде мұндай қимылға жүздеген адам
құрбан болады. Жаудың арасына келіп түсіп, бекінісін ала қою деген
оңайлықпен орындалмайды. Жаудың өзі жəрдем етпесе, бұл біздің арман
етерлік нəрсеміз емес. Бірақ біздің азғана топ үшін жеті жауынгер деген өте
ауыр шығын еді. Осы ауырлықтан едəуір уақыт үндеспей қалып едік, Петр
кеудесіне орап алған қызыл жалауды жайып жіберіп:
— Орнатайын ба төбеге? — деді капитанға қарап.
Батальон түгел келіп жетер күн болса, жалау орнату менің бөліміме
тапсырылып еді де, мен оны Петрға жүктеп ем.
— Тоқтай тұр, сержант Ушаков, — деді Мирошник. — Күте тұрайық...
Мүмкін, қорған өз қолымызда деп ойлап, біраз мазаламас та...
Капитанның аузы осыны айтқанмен ойы бұған сене алмай отырғандығы
көзінен көрініп тұр. Айнала күзет қойылып, пулеметшілер де ұяларында
əзір отыр. Тағы бір жарты сағат, тым болмаса, бес минут тыныштық
тілейтініміз де рас... Тыныштық болар деп сенбейтініміз де рас...
Тыныштық минуттары біткенін хабарлағысы келгендей, телефон дір-дір
шарылдап қоя берді.
— Гришин, бері кел!.. Сөйлес! Сен обер-ефрейтор Груббесің. Бекіністе
ешбір өзгеріс жоқ, бəрі орынша де!..
Вася телефонды қолына алды:
— Алло!.. Тап солай, обер-ефрейтор Груббе... ешбір өзгеріс жоқ... Бəрі
де орынша... Тойтарылды, тойтарылды... Даусым?.. Өзімдікі!.. Мен Груббе
емеспін бе?.. — Васяның беті сопайып, көзі қыпылықтай бастап,
жалғандығын жасыра алмайсың дауыспен — обер-лейтенант Вайсберг
ұйықтап жатыр... — деді.
— Жасқанба!.. Танба! — деп, Мирошник қысады.
Енді Вася өтірікті өршіте алмай, турасынан бір-ақ қайырғалы тұрғанын
сезіп, Петя кіжініп тұр.
— Мен Груббе емеспін бе? — деп, Вася қызарып кетті де, — өзің
шошқасын!.. Өзің сволочь! —деп, манадан немісше сөйлесіп тұрып, енді
аяғын орысшылап жіберді!
— Немене, бүлдіріп тұрғаның! — деп, Мирошник орнынан атып тұрды.
— Бəрібір сенбеді... Орысша боқтайды иттің күшігі! — деп Вася
капитанға бір бұрылып қалды да боқтаған немісте кегі кетіп бара
жатқандай, өршелене сөйлеп:
— Мен большевик. Сен иттің күшігі фашист! Тұтқын? Оңай екен!..
Ақмақ өзің!.. Əуелі жақындап көр!.. Арқаның асылып өлерде өзіңе керек
болар!.. — деді.
— Жə, болар енді, таста! — деді Мирошник, күліп.
Вася қатты қызып кетіп:
— Біздің генерал сенің генералыңды... — деп бастап келе жатты де, аяқ
жағын айта алмай, телефонды тастай салып, — кешіріңіз, жолдас капитан
— деп теріс айналып кетті. Мирошник қолын сілтей салды да:
— Ушаков, қорғанның төбесіне туды орнат! — деді, — Сарталиев,
бірінші түннің күзеті түгел сенің мойныңда! Күштеріңді дұрыстап
орналастыр!.
Жап-жарық бекініс тыныш бір бөлмеге ұқсап кетеді. Бұл жаудың жүйке
тамырлары ширатылып, оңай үзілуге айналған кезі. Сондықтан болу керек,
бекініс бір демалатын тыныштық жайы сияқты. Соғысты еске түсірер
барлық нəрсенің бетінде перде бар.
Ортадағы дөңгелек столдың үстінде екі топ карта жатыр. Картаның
сыртына екі кеуделі əйелдің жарым-жарты жалаңаш суреті салынған. Екі
офицер төсегінің айналасын да əр түрлі қалыпта түскен жалаңаш əйелдің
өз реттері. Осындай тыныштық жағдайда үш жылдай отырған неміс
офицерлері əлдеқайда соғыс барын ұмытып кетсе де, таңданатын еш нəрсе
жоқ сияқтанады. Олар Қырымға келіп орнағалы соғыс бұл маңға оралған
жоқ. Бірінші рет олардың тиышын алған жаяу əскер біз ғана.
Қорғанның төбесіне шықсам, жағадағы атыс тоқтапты. Айнала тыптыныш... Ракета жарығы анда-санда бір барып теңіз бетіне түседі.
Ерінгендей, есінегендей ұзақ орап, иіліп барып түседі.
Петр қызыл жалауды шаншып, өзі соның тырс-тырс шерткенін
тыңдағандай қасында тұр. Ай батқан, жел бəсеңдей бастаған...
Қою қараңғылықтың іші жыбыр-жыбыр қозғалғандай əлдене түйіліп,
түнеріп жақындап келе жатқандай сезіледі. Қызыл ту еш нəрседен бойын
жасырғысы келмейтінін андатқысы келгендей, керіле желпініп, бүкіл
дүниеге қол бұлғағандай болады...
9
Керчьтегі бірінші түніміз майданда сирек кездесетін тыныштықпен өтіп
барады. Ең аяғы қаңғырған оқтың сыбысын да естіген жоқпыз. Біздің
əлсін-əлсін атып тұрған ракетамызға да ешбір жауап жоқ. Қараңғы түнде
қоршауға алынар болсақ, шамасын байқайық деп, түн бойы төбенің
айналасын түгел жарықта ұстадық. Мұнымызды ешкім елемейтіндей,
жауап қатпай қойды. Алақандай аралда қалғандай, бір уыс совет жауынгері
жау ортасындағы жалғыз ғана төбенің басында қалдық..,
Жаудың желкесінен көп қолмен келіп түсерміз деген ой орындалмағаны
анық. Полк түгел кейін қайтты ма, қанша қайық суға батырылды, біз мұның
бірін де білгеміз жоқ.
Таң алдында Қара теңіздің жағасы тұтас дүрлігіп, қызылды-жасылды
ракеталармен белгі берісіп, өзара сөйлесе бастады. Əлдекім алыстан көзін
қысып, бізді нұсқағандай болады. Жау дүниесі бір байламға келіп, енді
соны іске асыруға ым қағысып, əзірленіп жатқан сияқты.
— Сөйлесіп жатыр... — деді Самед, одан өзгеміз көрмей отырғандай.
Самедке ешкім жауап қайырмады. Əркім өз ойымен отыр. Мүмкін, ойы
тіпті бұл төбеде емес алыстағы елде жүрген шығар... Əркім отырған
орнына жабысып қалғандай, қимылсыз, үнсіз отыр. Аттанғаннан бергі
шаршағандығымыз енді ғана еске түскендей, жауынгерлер, əлдеқандай
ауыр ойға кеткендей, өз ішіне үңіліп кетіпті.
Күні кеше ғана енді осы етіктерімізбен Берлинге жетерміз деп
қалжыңдасып едік. Енді, міне, совет дүниесінен тыс, жат дүниенің
қараңғылығына көз үйрене алмай, жүдеу отырмыз. Бекіністің ішіндегілер
де, сыртындағылар да осы күйде. Жауынгерлер еш нəрсені елемей,
ұйықтағысы келгендікті көрсетеді... Айқаста сергек болу үшін ұйықтап алу
керек. Екі сағатта бір ауыстырып тұрған күзет кезегіне қазір басқалар
барады. Бірақ ешкім үйықтай алған жоқ. Ұйықтаған боп жатқандар жай
жатыр, ойда жатыр...
— Хожа Насреддиннің бір айтқаны бар еді: сен не ойласаң, жауың да
осыны ойлайды деп еді... Володька, сен не ойлап отырсың? — деді Самед,
мұндай мұңайысты көтермейтін əдетімен.
Ұйықтап жатқанда оятып алсаң да, қалжыңдаса кететін əдетімен:
— Жау бізді торға түскен торғайдай көріп, қазір келіп қалтасына салып
алып жүре бермекші... Соны ойлап отырмын, — деді Володя.
— Ай-яй-яй! — деді Самед, басын шайқап. —Жауды еш уақытта
өзіңнен гөрі ақмақ санама деген қайда?.. Ақмақ болса, түн бойы неге тырп
етпей жатыр? Олар біздің қанша екенімізді біліп алғылары келіп үндемей
отыр деп ойламайсың ба?.. Мынау қараңғылықтың іші толған бізге
қадалған көз, түрілген құлақ болар...
— Оны сен қорыққаныңнан айтасың, Самед...
— Жоқ, Володька... Келіншек алып, ер балаң болатын болса, менен оған
сəлем айтарсың: Хожа Насреддин — жау қорықсын десең, ең əуелі өзің
қорықпа, құйрығын қысып алған ит таланбай қалмайды деген...
— Осы біз туралы айтқаны бар ма? — дейді Вася.
Самед мүдірместен:
— Осыны тап бізге айтыпты!.. — дейді.
Егор көптен бері бір түсіне алмай жүргенін анықтап алайын деген
пішінмен:
— Сенің қожаң соғыста болған ба өзі, жоқ па? Командир ме бір,
комиссар болған ба? — дейді.
— Е-е-й, Егор, Егор... — дейді Самед. — Осы аңқаулықты қоймасақ,
екеуміз бір күні күлкі боламыз ғой... Хожа Насреддин əрі солдат, əрі
командир болғанын əлі ұққан жоқпысың? Ол мыңдармен жалғыз
соғысқан!.. Оны жеңген жау болған емес!..
Бұрын Хожа Насреддинның атын естімеген Егор, оның кім екенін əлі
айыра алмай жүр. Өзім қазақ болғанмен Самед айтқан Хожа Насреддинға
мен де бірталай таңданып жүрдім. Əуелі Самед ылғи Хожаның өз сөздерін
айтатын шығар деп қалып ем, бара-бара өзгере беретінін аңғардым. Талай
естіген əңгімелерім Самедтің айтуында мың құбылып, замандардан аттап
өтіп, кейде тіпті ұзап алға шығып кетеді. Қытай, Индия, Америка елдеріне
барып палау жеп отырып:
— Жолдастар, біздің тəжірибеден мынаны алсаңдаршы!.. — деп аяғын
еркін көсіліп қояды...
Шынында, Самед Хожа Насреддинның атын ғана алып, жаңа бейне
жасап жүр. Ата-бабалардан келе жатқан Хожа Насреддин да осылай əр
ауыздан туып, жасаған сайын өсіп, өзгеріп бізге жеткен болу керек деген ой
келеді. Өмірді сүйген шындықты сүйген əр кезде елдің бойын көтеріп,
ойын сергітетін данышпан Хожа жасаған сайын жасара да берген
сияқтанады. Қазір Самед Хожаны Ұлы Отан соғысына салып, қасынан
қалдырмайды. Данышпан күлдіргіш қолынан келген жəрдемін істеп, өз
ортамызда жүреді. Самед кейде гранаталарын асынып жатып — мына
біреуін Хожа Насреддин үшін тағы алайын... — деп те қояды. Егордың
жаңағы сұрауы да осындайдан туып еді.
— Батыр десеңші бір! — дейді Егор, əлі де ажырата алмаған бойы.
— Сен өзің ше?.. Батыр емеспін деп ойлаймысың?
— Мен бе? — дейді Егор, біреу жала жауып отырғандай қысылып, —
менің мақтанар түгім болған емес... Жолдастар, сендер көп
қалжыңдасасыңдар, ұят болып жүрер, маған ондайды жапсыра
көрмеңдерші... Мен қатыным қабағын түйген күні орманнан қайтқан
емеспін... Үй жаққа қарауға батылым да бармайтын еді... — дейді Егор.
— Орманда аю кездесіп қалса?
— Аю деген қауіп емес қой ол... Атып та аласың, алысып та көресің...
Бірақ қатынға мұны істей алмайсың ғой!..
Егор Орал тауында орман күзетінде болған адам. Өзге əңгімеге олақтау
болғанмен аңшылық жайын айта бастаса, бұл да ақты-қарасын аңдатпай
кетеді... Сол əңгімелерінің бірін қозғағысы келіп, Володя оған:
— Аюға жалғыз баратын ба едің? — дейді.
— Жалғыз бармай, қатынымды ала барады ғой деп пе ең?
— Аюдан гөрі əйелің аюырақ көрініп кеткенге айтқаным да...
— Ой, тəңір, ол үйде ғой əшейін... Азырақ ығысыңқырап жүргеніңді
əйеліңнің де жақсы көретіні есіңде болсын... — дейді Егор күлімсіреп...
— Е, кезінде көреміз де.
— Аюдың еті қандай, шіркін, сүрлеп қойсаң!.. Анау бір шоқтық
тұсынан бастап сауырға дейін тұтас ойып алып сүрлеп тастасаң!..
— Соның бір кесегі қазір қолымызға түсер ме еді...
— Хожа Насреддин — қолға түспесті арман етпе деген... Керчьтегі
аюлардың еті арам болу керек...
Капитан Мирошниктің бір тапсырғаны азық-түлік қорымыздың жайы
еді, мен осы араға соны қыстырып жібердім:
— Таңертең, үш жүз грамнан аласыңдар... Қорымыздың жайы осындай
ғана... — дедім.
— Үш жүзден алсақ, неше күнге жететін жайы бар екен? — деді Петр
Ушаков.
Петя жасырын сырға жататын жайды сұрап отыр. Əскердің азық-түлік
қоры қанша екені ешкімге айтылмайтын сыр. Бірақ бұл жауынгерлерден
жасыратын сыр болмауға керек. «Ең соңғы оғымыз осы» десең де, одан
ешқайсысы үрке қоймайды бұлардың. Мен шындықты жасырғым келмей:
— Екі күнге жетеді, — дедім.
— Онда, екі жүз грамнан ғана беріңдер. Тым болмаса, үш күнге жететін
болсын! — деді Петр. Ойланып жасалған ұсыныстай кесіп айтты.
— Тағы екі күнге сауытымыз асырайды. Сонымен бес күн деңіз! — деді
Самед.
— Су неше күндік!
— Су одан гөрі азырақ...
— Су жоқ болса, сексеуілді есіңе ал деген Хожа Насреддин... — деді
Самед, — құлазыған құмды далаға өседі, су көрмей өседі, шыдай береді,
өсе береді деген!..
Бұған қарсы айтар жауап жоқтай, жауынгерлер мұны да мақұлдап
отыр...
Жауынгерлердің ұсынысынан жаңа бір сұрау есіңе түседі. Мұның аты
бірер күн болса да ұзағырақ өмір сүру ме, бірер күн болса да ұзағырақ
соғысу ма?.. Шынында, мұныңның өзі əшейін сұрау. Шегенше айтсақ,
химиялық... Қалай аударсаң да бəрібір, жауынгердің бір күн артық өмір
сүруі — тағы бір күн соғыста болуы деген сөз. Дəл бұл кезде өмір мен
айқастың арасында біз үшін айырма да жоқ!
Біз əр кезде солдатпыз. Соғыс бітіп, автомат мойыныңнан түскеннен
кейін де солдатпыз. «Қайрақты» колхозында ерте тұрып, кеш жатып жүрген
кəрі шешем де солдат, еңбек солдаты. Қазір майданда жүрміз демесек, біз
де сол еңбектің солдатымыз. Артық жасайтын əрбір күн бізге сол үшін ғана
керек.
Манадан бұйығып отырған жауынгерлерді қорқыныш басып отырған
жоқ. Əркім өмірінің, алғашқы беттерін ғана ашты. Үлкен бір кітаптың бетін
ашты да, сол күйінде тастап, майданға кетті. Майданнан қайтқан соң, сол
ашық қалған беттен бастап қайта оқу керек. Кітап аты «Жас өмір» болған
соң, оның қызық қуанышы түгел алдымызда — елде, күтіп жатыр...
Таң ата өзіміздің қайда келіп шыққанымыз да айқындалды. Бір
замандарда теңізді жағалай қатар-қатар салынған қорғандар қазір биік-биік
оба-төбе болып қалыпты. Соның орта тұсындағы біріне келіп біз бекініппіз.
Қанаттаса тұрған қорғандардың бəрі де бекініс екені айқын тұр. Бірақ
біздікі ең биігі сияқты.
Түнде біз бұл төбеге дейін ұзақ жүгіріп келген тəрізді едік, енді
абайласақ, дəл төтесінен теңізге дейін бір километрдей-ақ екен.
Қорғандардың арасы бұдан көп алыс.
You have read 1 text from Kazakh literature.
Next - Қазақ солдаты - 23
  • Parts
  • Қазақ солдаты - 01
    Total number of words is 4151
    Total number of unique words is 2163
    35.7 of words are in the 2000 most common words
    48.3 of words are in the 5000 most common words
    56.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 02
    Total number of words is 4074
    Total number of unique words is 2108
    36.0 of words are in the 2000 most common words
    50.9 of words are in the 5000 most common words
    58.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 03
    Total number of words is 4133
    Total number of unique words is 2092
    37.8 of words are in the 2000 most common words
    52.7 of words are in the 5000 most common words
    60.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 04
    Total number of words is 4064
    Total number of unique words is 2142
    36.3 of words are in the 2000 most common words
    51.9 of words are in the 5000 most common words
    60.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 05
    Total number of words is 4112
    Total number of unique words is 2242
    35.2 of words are in the 2000 most common words
    49.8 of words are in the 5000 most common words
    57.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 06
    Total number of words is 4147
    Total number of unique words is 2201
    37.4 of words are in the 2000 most common words
    52.7 of words are in the 5000 most common words
    61.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 07
    Total number of words is 4110
    Total number of unique words is 2267
    35.3 of words are in the 2000 most common words
    50.8 of words are in the 5000 most common words
    57.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 08
    Total number of words is 4062
    Total number of unique words is 2201
    34.5 of words are in the 2000 most common words
    49.9 of words are in the 5000 most common words
    57.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 09
    Total number of words is 4108
    Total number of unique words is 2058
    36.5 of words are in the 2000 most common words
    50.5 of words are in the 5000 most common words
    57.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 10
    Total number of words is 4044
    Total number of unique words is 2113
    36.6 of words are in the 2000 most common words
    52.4 of words are in the 5000 most common words
    60.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 11
    Total number of words is 4036
    Total number of unique words is 2030
    35.8 of words are in the 2000 most common words
    51.1 of words are in the 5000 most common words
    57.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 12
    Total number of words is 4075
    Total number of unique words is 2154
    34.2 of words are in the 2000 most common words
    49.7 of words are in the 5000 most common words
    57.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 13
    Total number of words is 4068
    Total number of unique words is 2144
    33.1 of words are in the 2000 most common words
    48.8 of words are in the 5000 most common words
    55.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 14
    Total number of words is 4063
    Total number of unique words is 2149
    34.0 of words are in the 2000 most common words
    49.8 of words are in the 5000 most common words
    56.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 15
    Total number of words is 4032
    Total number of unique words is 2124
    35.3 of words are in the 2000 most common words
    50.5 of words are in the 5000 most common words
    57.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 16
    Total number of words is 4067
    Total number of unique words is 2018
    35.8 of words are in the 2000 most common words
    50.4 of words are in the 5000 most common words
    57.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 17
    Total number of words is 4089
    Total number of unique words is 2187
    35.0 of words are in the 2000 most common words
    48.7 of words are in the 5000 most common words
    55.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 18
    Total number of words is 4047
    Total number of unique words is 2190
    34.6 of words are in the 2000 most common words
    49.5 of words are in the 5000 most common words
    56.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 19
    Total number of words is 4061
    Total number of unique words is 2162
    33.3 of words are in the 2000 most common words
    49.5 of words are in the 5000 most common words
    56.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 20
    Total number of words is 4061
    Total number of unique words is 2182
    33.5 of words are in the 2000 most common words
    48.0 of words are in the 5000 most common words
    55.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 21
    Total number of words is 3969
    Total number of unique words is 2106
    33.9 of words are in the 2000 most common words
    48.8 of words are in the 5000 most common words
    55.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 22
    Total number of words is 3985
    Total number of unique words is 2066
    35.9 of words are in the 2000 most common words
    50.3 of words are in the 5000 most common words
    57.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 23
    Total number of words is 3821
    Total number of unique words is 2014
    34.1 of words are in the 2000 most common words
    48.4 of words are in the 5000 most common words
    55.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 24
    Total number of words is 3977
    Total number of unique words is 2066
    34.9 of words are in the 2000 most common words
    48.5 of words are in the 5000 most common words
    55.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 25
    Total number of words is 1652
    Total number of unique words is 1004
    41.0 of words are in the 2000 most common words
    55.3 of words are in the 5000 most common words
    60.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.