Latin Common Turkic

Қазақ солдаты - 17

Total number of words is 4089
Total number of unique words is 2187
35.0 of words are in the 2000 most common words
48.7 of words are in the 5000 most common words
55.3 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
тірестер де түптеп келгенде осындай екі жайдың біріне əкеліп соғады. Көп
жасағандардың ішіндегі мінезі өспегенің бірі де осы обыр болады.
Жоқ, бұл оның бір ғана жағы, сыртқы бір көрінісі. Екі түрлі жайдың,
бірінен-біріне ауысу үшін мыңдаған ойлар соқтығысып, тынымсыз
жұлқысады. Оқ есепсіз төгілген сияқты болғанмен мағынасыз төгілмейді.
Бойдағы күштен ойдағы күшке салмақ ауыр түседі. Өзен біресе төмен
қарай ағып, біресе жоғары қарай ағып жатқандай, ой мен сезімнің əрбір қас
қаққанның арасында талқысы көп сындарға түседі. Шабуыл — жеңіс емес
те, шегіну — жеңіліс емес. Көбік атып кеп жағаға соғылған толқын кейін
лықсығанда күш алып қайта ма, күшінен айрыла ма? Əлде сол жағада өле
ме? Жай көзге толқын жағаға соғылып, күш алып кейін шалқып, қайта кеп
соғылып, үздіксіз қайталанып жатқандай көрінеді. Майдандағы
ұқсастықтар да осындай. Бірақ əр айқастан кейін, бір жағы жеңіске қарай,
бір жағы жеңіліске қарай жақындай береді. Бір жағы шабуылмен жүріп
шандырын созып алса, екінші жағы шегініс үстінде шегелене беруі мүмкін.
Сырт көрінісі осындай көңілсіз бір жайда мен де майданға жеттім.
Біздің əскерлер Кавказ кеудесіне қарай өрмелеп, ұзақ шегіну əлі
аяқталмаған екен. Аяқтау үшін арқаңды Кавказға тіреу керек болған
сияқты. Қызылды-жасылды оқтар жазғытұрғы сонадай өріп, ерсіліқарсылы жосылып тұрған бір түнде Гришин екеуміз взвод командирі
Мирошниктің жер жаппасына кірдік. Ревякин екеуі ауыр бір жайды
кеңесіп, əзір байламын таба алмай қаңтарылып тұрған бір кездері сияқты.
Екеуі де жылтылдақ шамның қасында түрегеліп тұр. Екеуінің жүзінде де
командирдің солдатқа сездірмес бір қобалжудың ізі бар. Ревякин едəуір
ашаң тартып қалыпты, аққұба жүзді Мирошник күнге күйіп, қоңырқай
тартқан.
— Жеттің бе... Бөліміңді өзің қолыңа ал! — деді Мирошник, амандасқан
жерден. — Əмірді орныңда күт!
Айрылысқалы алты ай болған жолдастарыммен де жөндеп амандаса
алғаным жоқ. Бір-бір ғана құшақтастық та əзірлене бастадық. Əзірлене
жүріп ара-тұра сұрап қалғандарына қарағанда, жолдастарым да ел жайын
сағынып қалыпты:
— Бізге берілген жаңа бір жаубасарлар, жолдас командир... — деп
бастайды да сөз аяғын, — я, Қарағанды қалай екен? Шын-ақ Донбасстың
орнын баса алып па? — деседі.
Бірақ ел хабарын пайымдап айтуға уақыт жоқ. Қойны қонышым елдің
жойқын күшіне толы келгенмен қазір бірін бастай алар емеспін. Ел
əңгімесінің аузын бір ағытсам, таусылмайтын сияқтанады.
Қарағандыдан Кавказға дейін жүрген жолымда мен көп нəрсені көріп
ем. Егін мен көмір сияқты ел шаруасын былай қоя тұрғанда, бізге келе
жатқан танкілерді, өн-бойын ұзын-ұзын брезентпен жауып алған поездарды
көріп ем. Əңгімемді бір бастасам, сол ұзын поездарға ұсап, тоқтаусыз ағып
кете беретін сияқтанады. Сондықтан мен де өзімді-өзім ірке бердім.
Қазір соғыс Кавказ етегіне келіп тіреліпті. Қазбек қабағы түюлі, тас
кеуденің күрсінгенінен аспан дірілдейді. «Айқай, десеңші!» дегендей, гүр
етіп қалғаны құз шатқалдарды қуалап, мың құбылтып жаңғырық жүр.
Москва түбінде ауыр жараланған жау, есін жиып алып, қазір қатты
ызамен Кавказға өрмелеп келеді. Нысанаға алғаны Грозный, Грозныйда
мұнай!.. Таудың əрбір шатқалын тас қорғанға айналдырып, жау алдында біз
тұрмыз.
Менің, қазіргі орным балалық шақтағы ескі достарым — қарала, торала
иттердің ортасында еді. Бұл арей қанды, ақсүйек иттер болмағанмен ит
деген атына лайық қаны бар, біраз үйретілген едəуір білім алған иттер.
Ішінде төрт көз қанден тұқымы да бар, аңшы иттерге шатыс салпаң құлақ
сабау құйрықтылары да бар. Ең жақсы жері — істейтін істерін жақсы
түсініп алған: тамақты танкының астынан ғана табатындарын ұғынып
болған...
Мүлəйім көздерін маған қадап, немістің қай танкысының астына
жұмсарымды күтіп отыр. Бəрі де аш. Аянышты көздері тесіле қарайды,
қыңсылап қана үнсіз жалынады. Көзіңді басқа жаққа тез аударып
əкеткенмен телмірген көздердің суреті ойыңнан кетпейді.
Біздің бөлім терең бір жыраның бүйірін көлденең қуалап кеткен тас
үңгірдің ішінде. Түп-түп болып тырбық біткен сұр тікендер үңгірдің тар
аузын жауып кетіпті. Төбеміз қыжыр-қыжыр, жақпар күрең тас. Түнде бізді
осы үңгірге Ревякин əкеліп орналастырды да:
— Бұдан артық бекініс ешбір соғыста болған емес, — деді. Мана
берілген Тарасенконың хатын да фонарь жарығымен осы үңгірде оқыды.
Кавказ бойында мұндай үңгір біреу ғана болса — бұл үңгір бəлен
əулиенің үңгірі деп аталып кетерлік екен. Дəл ортадағы тостағандай ғана
ояңға бір сауыт қана мөлдір су жиналады. Су бір кемерден аспайды да,
азаймайды да. Сауытыңа құйып алсаң, лезде қайта жиналып, кемеріне
келеді де тоқтай қалады.
Біздің оң жағымыз бен қарсы алдымыз — жау əскері, арт жағымызда
біздің бөлімдер. Екі жақтың атқан оқтары да төбемізден өтіп, алыс түсіп
жатыр. Бұл жерде окоп қазудың да керегі жоқ. Таудың жосылып жатқан
терең əжімдеріне полк түгіл дивизиялар оп-оңай сыйып кететін.
Кеше біздің жақ бекінген жерлерде бүгін немістер отыр. Одан əрі жазық
дала, танкі табандары шимайлап қопарып кеткендіктен алаланып қалған
егіс. Көз ұшында жанып жатқан колхоз поселкесі. Желсіз тымықта жер
бауырлай ұшқан көк түтіннің ішінен су бетінде қалқып бара жатқандай
шоқ-шоқ ағаштар көрінеді.
Петя мен Вася үңгірдің аузында, кесек тасқа кеуделерімен асылып,
етпетінен жатыр. Петяның кесек денесі корғасындай ауыр сезіледі. Вася
бойшаңдау, сымбаттырақ.
— Сенің көздеп жатқаның офицер емес, асбасшы, — дейді Петя Васяға.
— Оның бізге керегі жоқ. — Петя мұны мойнын бұрмай, əлденеге қадаған
көзін сол ноқаттан аудармай айтады.
Васяның жиырыла бастаған жауырын еттері жайылып орнына түседі...
Вася ұнатпаған түрде Петяға азғана бұрылып қарайды да, қайта
тыншығады. Петя сол қозғалмаған күйі:
— Бұртима! — дейді.
Бұл екеуі бөлім жоспарынан тыс бір міндет атқарып жатыр: атыс қызған
кезде, білдірмей ғана жаудың офицерлерін көздеп атады. Мылтықтарының
арқасында дəл көздейтін қарауыл құралдары бар. Кавказдың қалтасы көп
қатпарлы етегінде біздің жақын жатқанымызды жау абайлаған жоқ. Жаяу
шабуылға əзірленіп, тұра жүгіруге дайын жатқан жау бөлімдері, Петяның
оғынан офицерлері ұшып түскенде ұзақ кідіріп, орындарынан қозғалмай
қалады. Васяның атып құлатқандарын Петя офицер емес деп жатыр:
— Мұның да офицер емес, кейін тұрғанның бəрі офицер бола бермейді!
— дейді.
Петяның бақылауынан қысылып, асыға бастаған Вася бір-екі рет мүлт
кетіріп алды...
— Бұл жолғың не қалаға тиер, не далаға тиер... — деп, Петя жаққа келіп
қосылған жауынгерді біржола баурап бара жатыр.
— Бірің алдыңғы жақты, бірің оң бүйірді аңдыңдар! — деп, мен екеуін
екі жаққа бұрып жатқыздым. Вася оңашаланып алған соң еркінсіп, саспай
атып қалды да:
— Əне, жүрегін басып, əлі құламай тұр... — Офицер! — деді, менен
гөрі Петяға естірте. Петя баяғы мойнын бұрмаған күйі:
— Құттықтаймын ендеше! — деп, мұртын ғана бір бүлк еткізіп қалды.
Мұрындарынан ғана қыңсылап, құйрықтарын бұлғап қойып, иттер
ұйлығып отыр. Аш иттер біріне-бірі азғана соқтығысып кетсе, ыр етіп
қалады.
— Сендер бір бөлімнің иттерісіңдер... Достық керек! — деп, Володя
иттерге өнеге үйретіп, ұялтып қояды.
Жаумен жанын қия соғысып жүрген иттердің халінде толып жатқан
аяныш бар. Бұлар ең соңғы үмітін жау танкысының астынан іздемек. Бір
ғана қауып қаларлық, тамақ іздеп, зырғып келе жатқан танкының астына
кіреді... Бірақ сол бір қауып қаларлық тамақ табылмайды, танкымен бірге
өзі де өледі... Сонда да жау танкыларының жақындауын асыға күтісіп отыр.
— Костя, сен осынша ұзақ емделгенің не? Əлде, еліңе барған соң,
үйленіп қайттың ба? — дейді Володя. Алғашқы кездескен жерде ол мұны
қалжың түрінде сұрап қалып еді, қазір шын сұрап отыр.
Володяның сұрауына өзім де ойланып қалдым. Шынында, мен үйлендім
бе осы, жоқ па?.. Əлде Ақботадан біржола айрылдым ба? Үйленгендіктің
ата-бабаңа таныс бір белгілері болатын сияқты еді, ол біздің арамызда
болған жоқ. Ақботамен арамыздағы жайды дəлірек аңғартатын бір сөз іздеп
кідіріп қалсам керек, Володя қадала түсіп:
— Неге үндемейсің? Əлде, əйеліңмен екі араларыңа түскен көңілсіздік
бар ма? — деді.
— Одан гөрі де көңілсізірек... — дедім, күрсініп қалып.
Володя менің жауабымды ерлі-зайыпты
кездесетін ұнамсыз бір жайға жорыды білем:
адамдардың
арасында
— Иə, шыдай білуге де күш керек қой... — деп теріс айналды.
— Ол емес, басқа... — деп, Володяға бұрылғанымда, алдыңғы жақта
бақылауда жатқан жауынгерім келіп:
— Жолдас аға сержант, жау танкілері шабуылға шықты, — деді.
Танкы дыбысын сезіне қалған иттер де дірілдеп, қыңсылап бір ауыздық
«тамақ келе жатыр!» дегендей болады. Көздері жайнап жұқа қызыл
тілдерімен еріндерін жалана бастапты.
Көгілдір түтінге оранған бақша ағаштарын тасалана жылжып келе
жатқан танкылер алыс көзге сумен жүзіп келе жатқандай көрінеді. Қарсы
алдынан дүрсе қоя берген біздің зеңбіректер жау танкылерін
топтандырмай, бытырата қуады. Батыс жақ бетіміз жырасыз жайпақ, кең
жазық еді. Екі жақтың таласы да сол жазық үшін болып жатыр. Біздің
бөлім сол жазықтың, шығыс жақ босағасына бекінген еді, жазыққа тура
беттей алмаған жау танкылері сай-сайды тасаланып, біздің үңгірге қарай
көбірек ауыса бастады.
Əр жерден жалғыз-жалғыз сытылып кеткен танкылер етек таудың
баурындағы ойпаттарға үшеу-төртеуден жиналып алып, енді өрмелеп
қырқаға қарай тап беруге белгі күтіп тұрғандай, зеңбірек пен танкы
гүжілінен тас үңгірдің сай-сүйегі сырқырағандай, сенің денеңде де
болмашы бір діріл сезіледі.
Жау танкыларына қарсы алғашқы жұмсағаным кəрі қарала ит Петэн еді.
Аяусыз кəрі, алыса кетсе ылғи астыңғы жақта жүретіндіктен жауынгерлер
оны Петэн деп атап кетіпті. Əрі кəрі, əрі аш Петэн беліне бір тізбек
гранатаны байлап алып, бүлкілдеп жортып ұзай берді. Кəнігі кəрі тас
жыраның табанына жабысып, бұғып барады. Келе жатқан тамаққа менен
бұрын біреу жетіп қалмас па екен дегендей, арт жағына қарап-қарап қояды.
Жоқ, кəрі, жорта бер!..
— Алғашқы танкының ұзын мойны қырқадан көріне бергенде, жырадан
шұбатыла жылжып Петэн де қырқаға шықты. Танкыны көрген соң, тамаққа
жақындап қалғандай тезірек ұмтылып барып, танкының алдыңғы жағынан
бір қылаң етті де жоқ болып кетті. Бұл соғыстың алыбы дерлік ауыр танкы
бір кəрі итті астына басты да, сонымен бірге өзі де борс етіп тоқтап қалды.
Орнымызды əшкерелеп алмас үшін, екінші итті басқа жақтан келе
жатқан танкыге жұмсадым. Ол итіміз де өмірде істер соңғы қатасын істеп,
тамақ орнына танкыны құшақтай қаза тапты.
Кешке дейін Кавказ етегінде жанған танкы саны едəуір болып қалды.
Мұның ішінде біздің еңбек те бар. Көпшілігі, сөз жоқ, зеңбірекшілердің
еншісі.
— Тоғызы біздікі! — дейді, майдандағы еңбек күнін есептеп жүретін
Петя.
Бір итіміз хабарсыз кетті. Тегі алыстан келген бір иісті іздеп, бетімен
кетті білем. Тағы бір итімізге қаңғырған оқ тиіп, оқ тиген жерін қауыпқауып қалып, дөңгеленіп барып бір шытырманға кіргенін көріп едік,
қайтып көрінбей қойды. Үлкен бір сұр қаншық бейбіт шақтың табиғи
күшпен əуре болып отыр. Оған қарайтын ет қызуы бар еркек ит
болмағанмен, тіршілік аты тіршілік емес пе, айналасына белгілі
қылмыңмен қарайды.
— Қой деймін, майдан үстіндесің!.. — дейді оған Петя. Қаншық ондай
өсиетті ұғынар емес.
Бұл тұста біздің, итімізден гөрі немістің танкылары көп екен. Алды
қанша қырылып жатқанмен арт жақтарынан ағылып келе береді. Грозный
жолын бұзып-жарып етуге жан таласқан танкы лектері түс ауа біздің ту
сыртымызға шығып кетті де, зеңбірек төмпешін енді арт жағымыздан
көбірек еститін болдық. Екі жақтың жаяу əскерлері де түйісіп қала жаздап,
айналамызды тулақтай сабап барып басылады.
Кешке қарай біздің орнымыз да байқалып қалған екен. Істеп отырған
ісіміз де танылған сияқты. Тонналаған снарядтар төбемізден ұрғылай
бастады. Үңгір айналасындағы кесек тастар жаңқадай жарылып, жан-жаққа
үшкір тастар атылады. Үңгір аузына өскен тікен түптері түбірінен күзеліп
қалды. Болат қалпақты найзаңа кигізіп, азғана қылт еткізсең, бірнеше
жерден атып отырған мергендер барын көресің. Тасқа келіп шып-шып
тиген оқтар сонадай зуылдап əлдеқайда ыршып кетеді.
Енді бізде екі-ақ жауынгер ит қалды. Жалғыз пулеметіміздің үнін
шығартпай, қысылшаң кезеңге сақтап отырмыз. Өйткені, жаудың жаяу
əскері бізге қарай тап беретіні даусыз еді. Ұзамай ол белгілер беріле де
бастады:
— Оң жағымыздан орап бара жатыр, — деп, Вася Гришин екінші рет
артына бұрылды. Алғашқы жолы үндемеп едім, бұл жолы жолдастарымның
бəріне естірте:
— Сол жағымыздан да орап барады. Бірақ бізге тап бере алмайды. Тап
бере қалса, онымыз он-оннан жастығымызды ала қулауға да ризалық
бермеспіз. Əр неге де əзір отырыңдар! — дедім.
Мен мұндай тым берік бекініске неміс əскері бата алмас деп отыр едім,
қаталасқан екемін. Бір кезде қарсы алдымыздан елу шақты жаяу əскер,
билегендей ойнақы жүгіріспен бізге қарай тап беріп қалды. Амал жоқ,
автоматпен қарсы алдық. Олар қырқада, біз аршада, ыңғайлы жақ біздің
қолда еді.
Соғыс қатал мінезді нəрсе. Ойнауды да, билеуді де көтермейді.
Билеушілер тезірек теріс бұрылды.
Енді олар біздің жайды да көбірек байқап қалды. Əсіресе, қатар дүрсе
қоя берген он шақты автомат естерінде қалу керек. Сен шегінген жолы
жауыңның аз күші де көп көрініп кетеді. Немістер «бұл жерде жаудың бір
взвод солдаты бар екен» деп байлам жасаса, онысына таңданудың да керегі
жоқ.
Сол жағымыздан орап бара жатқандар, біздің алдыңғы шептің лебінен
тез шегініп, етекке түсті. Оң жағымыздан орай алмайтындарына енді біз де
сеніп қалдық. Ойдан өрлеп, қырқаға бекінген жаяу əскерді шегіндіру деген
ілуде бір-ақ кездесетін нəрсе. Мен бөлімімді қарсы алдымыз бен оң
жағымызға қаратып бөлдім.
Оң жағымыз біраз жалаңаштанып қалған сияқты. Жау автоматшылары
жыраның ар жағымен өрлеп, енді жыраның табанына жиналып жатқан
сияқты. Сол жағымыздағы кең жазықта астан-кестен айқас жүріп жатыр.
Он жауынгер енді үңгірді тастап, тас жыраның қатпар-қатпар
қалтарыстарына бекіндік. Енді пулеметті жасырудың да керегі болмай
қалды. Айналаң астан-кестен атыс болса да, сен өзіңе қарай ұрланып келе
жатқан жаудың тысыр-сыбдырың аңдисың. Сені ол бұққан бөденедей
көріп, сонша тарсыл-гүрсілдің астында келе жатса да, сөз жоқ, аяғын
ұрланып басатындай көрінеді. Сонша тарсыл-гүрсілдің астында тұрып, сен
де аяғыңның астынан суысып кеткен ұсақ тастардың таспиқтай
тырсылдағанын есітіп қаласың. Өйткені, бұл сенің тап өзіңе келе жатқан
қауіп.
Ауыр халдің жақындап қалғанын неміс снарядтарының бұл маңайдан
ауып кеткенінен танығамыз. Он жауынгер жаудың бір ротасымен айқас
салуға əзірленіп, тас түйін тұрып қалдық. Мұндай халде қапылыста шығып
кеткен жылы сөз де, сасқалақтап берілген əмір де, жауынгер ойына
қобалжу кіргізеді. Жылы сөз ойына кірген босаңдық белгісі де, сасқалақ
əмір үмітсіздік, ұтылыс белгісі.
— Жауынгер Толстов!
— Мең жолдас аға сержант! — сөйлесу райы осылай болу керек.
Дəл қарсы алдымыздан қыр басынан бір тас домалап түсті. Құлақ
біткеннің барын салғаны сонша, домалап келіп түскен тастың дыбысын он
жауынгер түгел естіп, бір-бір қарасып қалдық. Мен қозғалмаңдар деген
белгі бердім. Мұндай қысылшаңда дəл кезінен бір минут бұрын
қимылдасаң да, бір минут соң қимылдасаң да зиян. Асықсаң да зиян,
кешіксең де зиян. Шамаң келсе, дəл кезінде қимылда. Екінші бір есте
болатын нəрсе, командирге бір минут көрген уақыт жауынгерге он есе өсіп
көрінуі мүмкін. Жауынгер жаудың біреуін көрсе-ақ қимылға жанталасады,
командир жаудың түгел қимылын аңдиды. Басқа бір ретте жауды ілгері
аттатпау, кейін шегіндіру үлкен абырой саналса, бұл жағдайда құрту ғана
құтқарады сені. Өйткені, бұл үңгір бізге екі күнге беріліп еді.
Жау ротасымен арамыз бірте-бірте жақындай берді. Алдарақ қия
жартастың тасасында тұрған қарауылымыз ар жағын нұсқады.
Денең қалш-қалш етеді. Бірақ бұл — қорқу қалшылы емес, тағы бір-екі
ұзақ секундтің ішінде өзіңе-өзің шыдам берудің салмағынан туған қалшыл.
Ойың мен бойың қатты бұралған домбыра шегіндей шертіп тұр.
— Жүз елу қадам... Жүз отыз... Жүз жиырма...
Анау бір ашығырақ алаңға дейін əлі бір жиырма қадам жақындату
керек. Қарауылда тұрған жігіт тым жақынды нұсқайды. Енді оған бері кел
демесең, шыдай алмауы да мүмкін... Бұл кəдуілгі, атақты «Чапаев»
картинасындағы Аньканың халін еске түсіретін бір кез. Анағұрлым артық
күшпен жау жақындап келеді де, секундті сегіз бөліп санап, сен отырсың.
Егер мұндай хал бұрын да талай кездеспеген болса, мүмкін, ендігі «от!»
деп қалатындайсың...
Соғыс сорлының салты сол, талай жайды талай қайталап барып есіңді
жидырады, жазушымен де, оқушымен де есептеспейді...
Осындай қысылшаң халде менің ең бір қауіптенгенім əнтек ащырақ
шығатын даусым еді... «От!» деп команда бергенде, дауысыңда инелік
қанатының дікіліндей ғана қобалжу болса да жауынгерлерге сезіле қалады.
Командир даусының қалай шыққанына қарап, жауынгер ойына сенім де
кіре алады, қобалжу да кіре алады. Əр айқастың кілті командиріміздің
қолында деп дағдыланған жауынгер ең алғашқы белгіні командирінің
дауысыңнан аңдайды.
Мұндайда неден қауіптенесің, соған ұшырайтын да бір əдет болады.
Сондықтан «От!» деген команданы мен бүтін бір полкқа бергендей,
қайқайтып тұрып бердім. Менің командамнан неміс автоматшылары дір ете
түспегенмен тоғыз автомат, бір пулемет қарш-қарш оқ жаудырғанда
шабуыл алдын қырқып түсірді. Тас қиялардан от жарқылдап, түтін
бұрқылдайды. Əрбір оқтың үні ортасынан үзілгендей, шаң кетігі қалып,
шыж етіп жоғары серпеді. Малтадай жұмыр көк тастардан бұрқ-бұрқ шаң
шығады.
— Бір адым шегінбеңдер! — дедім, қысылыс үстінде жоғарғы
командованиенің аты шулы əмірін тағы бір еске түсіріп. Бұл Отан əмірі,
оны адал ұлы бұза алмайды.
Шегінуге неміс командованиесі де тыйым салып қойған болатын. Бірақ
олардың əдісі басқа еді. Оны біз осы арада бірінші рет көрдік те, кейін
талай рет кездестік.
Бізге шабуыл жасаған неміс автоматшылары, алдыңғы жақтары едəуір
селдіреп қалғаннан кейін, бізден жиырма метр жерге ғана тасаланды.
Жаралыларының біразы көтеріле беріп қайта құлап, бүктетіле беріп
шалқасынан түсіп, біржола тыншықты. Сау қалғандарына бас көтертпей,
біз оқ себелеп тұрмыз.
Оқ аз да, жау көптігін еске алып, мен атуды тағы тоқтаттым. Енді тек
қылт еткен темір қалпақты аңдыдық. Сол кезде жаудың алдыңғы қатарынан
атып тұрған бір солдат автоматын лақтырып жіберді де, екі қолын жоғары
көтеріп, бізге қарай жүгірді. Бар дəрменімен қатты ұмтылған бойы секіріп
келіп, біздің тас ұяға түсті. Мен Петяны əрең ұстап қалсам да, қашқан
солдаттың ту сыртынан өз жолдастары атып-атып қалды. Кейін көрсек, бір
оқ иығынан, бір оқ арқасынан, енді бір оқ өкшесінен тиіпті. Секіріп келіп
құлаған солдат ышқынып бір аунап түсті де, қозғалмастан қалды.
Бұл ақ кірпік əрең емес, арық қара торы жігіт. Денесі ықшам, орта
бойлы, венгер ме, болғар ма, солардың біреуі сияқты. Немісше білетін
Васяға:
— Тіл қата алса, мəн-жайды сұрастыр! — дедім.
Денесіндегі үш оқтан тірі қалмайтынын тұтқын да түсінген сияқты.
Сондықтан айтуға арман еткен сөздерін шашалып, тұтығып тез-тез айтып
жатыр. Əр сөзі өлер алдағы белгілі сырымен ығады. Кеуіп қалғандықтан
жаңа бүріліп келе жатқан жара сияқтанып тілім-тілім болған еріндерін
ішіне қарай жымқырып, жалап, жұтынып қояды. Күнге күйгенде бетіңнен
гөрі де қоңырланып кететін мұрын енді қуқылданып, көгеріп барады.
Демін де аузынан алып жатыр. Вася аузына су тамызды да біраз жатқызып
қойды.
Бізге шабуыл жасаған рота басын көтермей тасада жатыр. Ішіңнен
жаңағыдай біреу шықса, қалғандарын шабуылға айдау оңай да болмайды.
— Енді түнді күтетін болды бұлар, — дейді Володя маған сыбырлап.
— Түнге біз қалдыра алмаймыз оларды. Штабпен қатынасар жыраның
бойын жауға беріп қойып, өзіміз қайтпекпіз?
— Онда айдап шығамыз ба?
— Жоқ, құртамыз!
Володяның бойына жаңа бір ой келгендей, белін қаттырақ буынып, сұр
гимнастерканың артын жұлқа бір тартып қойды. Мұртын автоматының
шоқтығына жайып салып, тұнжыраған көзін алдынан аудармай Петя
жатыр. Мен əзір танымайтын бір-екі жаңа келіп қосылған жауынгерлер
таспен тас болып, автоматтарымен бірге біткендей, тартып жіберуге əзір
отыр.
— Жоқ, олар түнді күтпесе керек... — деді Вася. — Мынаның
айтуынша бұл венгер мен румын жігіттерінен құралған рота екен.
Арттарынан неміс пулеметшілері атқылай бастамаса, бұл рота басын
көтере қоймас дегенді айтады... Жатқан жерлері артынан да, алдынан да оқ
ала қоймас таса көрінеді, ондай жерден басын көтерер ақымақ жоқ шығар,
— дейді.
— Немене, немене дейді? — дедім мен венгердің жауабына толық
түсіне алмай.
Гришин венгердің жауабын қайта анықтап алғанша, оның не екенін біз
өз көзімізбен көрдік: тасада жатқан автоматшыларды тағы да шабуылға
айдау үшін, алысқа тасаланған немістің екі пулеметі өз жауынгерлерін
атқылай бастады. Екі пулемет қиғаштай оқ себелеп автоматшыларын бері
ығыстырып келеді. Арт жағынан жауған оқ үстіне келіп қалған шөп
машинасындай тарсылдаған соң, жау автоматшылары еріксіз ілгері
жылжып қояды. Арттарына қарап жарқ етіп қалған кездер, түнерген жүздер
бізге де айқын көрінді. Солдат үшін бұдан ауыр мазақ та, қорлық та
болмасқа керек. Қазір айқасар жауың болса да мына қорлығына жаның
ауырады.
Автоматшылардың арт жағын бір тұрғызып алған соң, пулеметшілер
енді бұғуларына ерік бермей, тез қуалап алға қарай айдады. Алдарында
арандай ысылдаған біздің оқтар. Осы екі оттың ортасында, мағынасыз,
мақсатсыз, шынын айтқанда солдатқа лайық айқассыз, бір рота босқа
қырылып қалды. Біздің көргеніміз — қайтсем жаным қалар деп, алдыартынан бірдей ығысқан, басқару шеңберінен біржола шығып кеткен
көбінесе, артына қарап айғайлап ызаланған қарулы ғана адамдар еді.
Əрине, əрбір қарулы адам солдат та емес.
Басқару шеңберінен айрылып, ендігі ойлағаны бір жаны болып қалған
солдат майдандағы ең бишара адам. Онда солдаттың ызғары да жоқ, жай
адамның айла-тəсілі де жоқ. Сонша көп автоматшы біздің бірімізге оқ
дарыта алмай, босқа қырылды да, батып бара жатқан күнге бұлдыр ғана
шағылысып, шашылған автоматтары орындарында қалды.
Күшпен бағындырып отырған халқың соғысқысы келмесе, оны тағы да
күшпен соғысқа салуға болады, əрине, бірақ ол жеңіс армиясы бола
алмайды.
— Мен былтыр күзде-ақ тұтқынға түсіп кетуді арман етіп ем. Венгер
халқы Россияға жауығарлық түк себебі жоқ, — дейді мынау деп, Вася
жаралы венгердің сөзін бізге аудара бастады, — Мен христианин... Өлім
алдында өтірік айтпаймын. Венгер халқы сендермен тіпті соғысқысы
келмейді. Еш уақытта соғысқысы келмейді... Біздің айып айдауға
көнгенімізде. Мен өлем, бірақ қолдарыңа тағы бір венгер тірі түссе, о да
осыны айтар!.. Су беріңдер маған, — рахмет, жолдастар...
Жаралы венгер бұралып бүктетіліп бір ышқынды да үнсіз қалды...
Манадан бір сарынды қоңыр үнмен оның сөзін аударып отырған Вася да
тоқтады. Таудан соққан кешкі салқын жау өліктерінің күлімсі исін де əкеле
бастады.
Іңір кезінде мені Мирошник шақыртып алды. Алпыс шақты жау
автоматтарын əрең көтеріп, төрт жауынгермен келдім. Командиріміздің
жағасына тағы бір төрт бұрышты қызыл қосылып қалыпты. Онысы Кавказ
жұлдызындай ескілерінен гөрі айқын күлімдеп тұр. Бұрын лейтенант
десем, енді аға лейтенант деп, сəлем беруге тура келді.
Мирошник сыпайы ғана езу тартты да, қолымды қысып отыруға
нұсқады. Осы езу тартқаны мен қолымды қысқаны біздің бөлімнің бүгінгі
еңбегіне айтқан алғысы да еді. Кешегі əбігерлік өтіп, командиріміз өзінің
жайдары қалпын тауыпты. Біздікі сияқты тас үңгірде Ревякин екеуі
жайласып, шай ішіп отырған кездері екен. Жалпылдақ шамның əлсіз
жарығымен бокал түбіндегі шай қызыл шарап сияқтанып қою сезіледі.
— Ұстай бер! — деді Ревякин, маған өз бокалын ұсынып. Мен бокалды
тосып тұрдым да, Ревякин екі бүйірін жалын шалғандықтан тəйпік қара-ала
қанды елге ұқсай қалған қалайы шайнектен шай құя бастады:
— Үш күннен бері ішіп отырған шайымыз осы!
— Сарталиев келсе, майдан беті түзеледі демеп пе ем! — деп
Мирошник қалжыңдап қояды. — Сен Жамбыл бабаңнан бата ала келуді
ұмытып кеткен жоқ шығарсың?
— Əрине, ұмытқаным жоқ... Əулие қарт жеңіс бір-ақ белдің астында
тұр депті.
— Білдің бе, күйі қалай екен қарттың?
— Айдап жатыр!..
— Пай-пай, не деген алып, ə?
Майданға біз Кавказ етегіндегі айқас үшінші тəулікке айналғанда
жеткен екеміз. Кеше маған өте əбігер көрінген жай толастаудың алды екен.
— Алдыңғы күнімізді — абыржу деуге лайық болса, кешегі күніміз
айқас əбігерімен өтті. Бүгін жауға еріксіз «тыпру!» дегізген шығармыз, —
деді Ревякин Мирошникке қарап.
— Енді бетін артына бұрғызып «Но!» деп қаламыз да... Солай ма,
жолдас аға сержант?
— Солай, аға лейтенант!
Бұл əңгімеміз есіне жаңа бір нəрсені түсіргендей, Мирошник сары
ұлтаннан жасалған сумкасын сырт-сырт ағытып, бір қағазды суырып алып,
алдына жайды да, алақанының сыртымен бір ұрып қалып:
— Міне! — деді. Мен ол қағаздың ең соңғы бұйрық екенін аңғардым.
Бұлаң қаққан əлсіз шамнан қағаз беті біресе шұбартып, біресе буалдыр
көрінеді. Мен жаудан алынған фонарымды ұсындым. Мирошник фонарьды
жағып, алдына қойды да, біздің бөлімнің басынан кешкен уақиғаларды
ауызба-ауыз сұрады. Мен өзім аңғарған екі жайды баса айттым. Оның
біреуі — жаудың əскерін алға айдау əдісі, біреуі — күшпен соғысып жүрген
венгер, болгар, румын солдаттарының аңысы еді.
Мирошник майданның жалпы жайын айта келіп:
— Бүгін де шегінген бөлімдер бар. Мүмкін, ертең де шегінетіндер
болар. Бірақ мына бұйрық біздің шабуыл басталатын белгілерді береді.
Əзір болыңдар! — деді.
Ертеңгі күннен не күтерін білмеген солдат — ертеңгі күннің оралғысы
ғана болуға жарайды. Ертеңгі күнді сезінбей ұйықтағанша, сол ұйқыны
құрбан ету керек. Сондықтан мен ертеңгі күннің жайын əшейіндегіден гөрі
тəптештеп сұрап алдым.
— Тағы бір тəулік сол үңгірге ие бол! — деді Мирошник, — анықтаған
боларсың, батыс жағың жазық, шығыс жағыңда жол бар. Сен ортада
мүйісте отырсың. Сол қақпаны тағы бір тəулік жабық ұста! Одан кейін,
мүмкін, орын ауыстырармыз...
Орын ауыстырармыз деген екі ұшты сөзді анықтай бастап едім, Ревякин
орнынан тұрып:
— Сталинград халі ауырлай бастады ғой. Бізге толықтыру беріле қояр
ма екен... Осы күшпен-ақ көрерміз не болса да, — деді.
— Иə, бізге толықтыру кейін бұрылды деп, полковник өзі де айтты.
Тағы бір тəулік шыдап бақ, Сарталиев. Керегіңді қазір сұра. Бірақ қозғалма
орныңнан! — деді Мирошник. — Ертеңгі күн ең соңғы ауыр күн болсын
деп тіле!..
Əлгі жайласып отырған жай ақырын-ақырын өшіп, үңгірдің іші суына
бастағандай сезіледі. Жарқыраған электр фонары да қызғылт тартып,
күңгірттеніп бара жатқандай.
— Мүмкін, ертең жиі хабарласа да алмаспыз... — дей беpiп, Мирошник
маған қолын созды. Мұнысы байланыс үзіліп те қалар дегендей естілді.
Ревякин менімен бірге шықты да, далада қоштасты:
— Ростов үшін берілген орденіңді ертең аларсың. Ертең сені партияға
аламыз. Өліп қалып жүрме! — деді.
Əскер уставы бойынша политругіңді құшақтауға болмаса да, мен
қараңғыны пайдаланып, Ревякинді құшақтай алдым.
— Өй, мұның не? — дегенмен мені Ревякин де құшақтап алыпты.
Құшағымыз айрылғаннан кейін Ревякин:
— Тарасенкомен танысқаның жақсы болған екен. Ол бір адал жігіт! —
деп, қолымды қысты. Маған мұнысы Тарасенкоға арналғандай сезілді...
Тас жыраның ойпатына түскенше, жау оқтары мені екі рет атқылады.
Бір жерде тасты тасаланып біраз жатып та қалдым. Ертең партия
жиналысында болатыным есіме түсті. Төбемде Кавказдың қаракөк аспаны
мен айқын жарқыраған жұлдыздары тұрады. Арқамды Кавказ құзына тіреп
тұрып, мен партияға алынам, басқа жерде емес, Кавказда алынам. Ұлы
Кавказ алдында ұлы көсеміміз бастаған партияға кірем. Кавказ атынан
айыра алмайтын ыстық бір ойлар шумақ-шумағымен келіп, теңіз
толқынындай тербетеді, сайрап тұрған ойлар егізім білер тіл шеңберіне сыя
алмай, не екенін атай алмай жатырмын. Бəрі де Кавказдай алып, Кавказ
жұлдыздарындай ірі де шұғылалы сезіледі.
Мен үңгірімізге келсем, Петр Ушаков тағы бір топ иттерді алып келіп
жайғастырып жүр екен. Жыраның арғы бетінде үш жерде күзетші
қарауылдар тұр. Үңгірдің түбінде фонарь жарығын тасалап қойып, Володя
мен Вася неміс автоматтарын бұзып, жинап отыр.
— Неге демалмадыңдар? — дедім мен қастарына келіп.
— Біз демалдық. Қазір басқа екеуі демалып жатыр. Ендігі кезек өзіңдікі,
— деді Володя байырғы қалпымызға көшіп.
Өткен күннің олжасынан жауынгерлерімнің бəрі де қызуланып, сергіп
алыпты.
— Күн бойы демалдық қой, жолдас аға сержант... Күн батардағы бір
сағат болмаса, өзгесі демалыспен өтпеді ме... Тұруға рұқсат етіңіз! — деп,
жатқан екі жауынгер де тұра келді. Ол екеуінің мен келе жатқанда ғана
жата қалғандарын да білдім. Бірінің беті де уқаланбаған, бəрі де
ұйықтамаған адамдар.
— Қырынып алсақ қайтеді? — деп, Петя жарыққа қарай келе жатыр.
Мұндай жауынгерлермен бір тəулік емес, бес тəулік шыдауға болар деген
сеніммен мен қырынуға отырдым...
4
— Костя, сенің қатының қайда осы?..
— Өзінің орнында ғой деймін...
— Хатында не жазыпты?
— Бұл хат оныкі емес.
— Е, сен əлі күнге дейін басқа əйелдерден де хат ала беремісің?
— Оны қайдан білдің?
— Қолыңда отырған əсем хатты əйел ғана жазған болар.
— Əйелдер əсем хат жазуға олақ келеді.
— Не дейді!
— Есіңде болсын, олақ келеді.
— Е, сен үйренген адамсың ғой, бірдеме білетін шығарсың...
— Дауласпа, білем...
— Дегенмен қолыңдағы хатты əйел жазғанына бəс тігем!
— Бəс тіксең, ұтқаның... — Ендеше, əйел жазған болды ғой? — Гуля
жазыпты...
Біздің дивизияны толықтыру аяқталып келеді. Ол екі арада едəуір
демалып қалдық. Жауынгерлер ине-жіптен жаңа шыққан киімдерін киіп,
жалт-жұлт етеді. Əлі тер сіңбеген ішкі киім, қыры сынбаған сыртқы киім,
сықырлаған жаңа етік, бірінші рет тағылған погон солдат көңілін қатты
көтеріп тастады. Екі жылдан асқан соғыс кейістігі ұмытылып, əр солдат
майданға жаңа келе жатқандай қызу да, сергек те. Кеудеге қатарланып
қалған орден мен медальдар тыстан естілген шолпыдай сыңғырлайды. Бұл
бір көңілге өте жайлы тиетін сыңғыр. Етігіміз де сықыр-сықыр етеді.
Ұлтандары табан елі, Берлинге дейін аяңдасаң да шыдайтындай көрінеді.
You have read 1 text from Kazakh literature.
Next - Қазақ солдаты - 18
  • Parts
  • Қазақ солдаты - 01
    Total number of words is 4151
    Total number of unique words is 2163
    35.7 of words are in the 2000 most common words
    48.3 of words are in the 5000 most common words
    56.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 02
    Total number of words is 4074
    Total number of unique words is 2108
    36.0 of words are in the 2000 most common words
    50.9 of words are in the 5000 most common words
    58.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 03
    Total number of words is 4133
    Total number of unique words is 2092
    37.8 of words are in the 2000 most common words
    52.7 of words are in the 5000 most common words
    60.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 04
    Total number of words is 4064
    Total number of unique words is 2142
    36.3 of words are in the 2000 most common words
    51.9 of words are in the 5000 most common words
    60.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 05
    Total number of words is 4112
    Total number of unique words is 2242
    35.2 of words are in the 2000 most common words
    49.8 of words are in the 5000 most common words
    57.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 06
    Total number of words is 4147
    Total number of unique words is 2201
    37.4 of words are in the 2000 most common words
    52.7 of words are in the 5000 most common words
    61.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 07
    Total number of words is 4110
    Total number of unique words is 2267
    35.3 of words are in the 2000 most common words
    50.8 of words are in the 5000 most common words
    57.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 08
    Total number of words is 4062
    Total number of unique words is 2201
    34.5 of words are in the 2000 most common words
    49.9 of words are in the 5000 most common words
    57.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 09
    Total number of words is 4108
    Total number of unique words is 2058
    36.5 of words are in the 2000 most common words
    50.5 of words are in the 5000 most common words
    57.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 10
    Total number of words is 4044
    Total number of unique words is 2113
    36.6 of words are in the 2000 most common words
    52.4 of words are in the 5000 most common words
    60.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 11
    Total number of words is 4036
    Total number of unique words is 2030
    35.8 of words are in the 2000 most common words
    51.1 of words are in the 5000 most common words
    57.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 12
    Total number of words is 4075
    Total number of unique words is 2154
    34.2 of words are in the 2000 most common words
    49.7 of words are in the 5000 most common words
    57.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 13
    Total number of words is 4068
    Total number of unique words is 2144
    33.1 of words are in the 2000 most common words
    48.8 of words are in the 5000 most common words
    55.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 14
    Total number of words is 4063
    Total number of unique words is 2149
    34.0 of words are in the 2000 most common words
    49.8 of words are in the 5000 most common words
    56.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 15
    Total number of words is 4032
    Total number of unique words is 2124
    35.3 of words are in the 2000 most common words
    50.5 of words are in the 5000 most common words
    57.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 16
    Total number of words is 4067
    Total number of unique words is 2018
    35.8 of words are in the 2000 most common words
    50.4 of words are in the 5000 most common words
    57.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 17
    Total number of words is 4089
    Total number of unique words is 2187
    35.0 of words are in the 2000 most common words
    48.7 of words are in the 5000 most common words
    55.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 18
    Total number of words is 4047
    Total number of unique words is 2190
    34.6 of words are in the 2000 most common words
    49.5 of words are in the 5000 most common words
    56.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 19
    Total number of words is 4061
    Total number of unique words is 2162
    33.3 of words are in the 2000 most common words
    49.5 of words are in the 5000 most common words
    56.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 20
    Total number of words is 4061
    Total number of unique words is 2182
    33.5 of words are in the 2000 most common words
    48.0 of words are in the 5000 most common words
    55.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 21
    Total number of words is 3969
    Total number of unique words is 2106
    33.9 of words are in the 2000 most common words
    48.8 of words are in the 5000 most common words
    55.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 22
    Total number of words is 3985
    Total number of unique words is 2066
    35.9 of words are in the 2000 most common words
    50.3 of words are in the 5000 most common words
    57.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 23
    Total number of words is 3821
    Total number of unique words is 2014
    34.1 of words are in the 2000 most common words
    48.4 of words are in the 5000 most common words
    55.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 24
    Total number of words is 3977
    Total number of unique words is 2066
    34.9 of words are in the 2000 most common words
    48.5 of words are in the 5000 most common words
    55.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 25
    Total number of words is 1652
    Total number of unique words is 1004
    41.0 of words are in the 2000 most common words
    55.3 of words are in the 5000 most common words
    60.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.