Latin Common Turkic

Қазақ солдаты - 15

Total number of words is 4032
Total number of unique words is 2124
35.3 of words are in the 2000 most common words
50.5 of words are in the 5000 most common words
57.1 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
сұрланып кеткен. Құшақтай ұстаған мылтығы қисайыңқырап барады.
Баланың бар бейнесінен «қатты ауыра ма, аға?» деген сұрауды
көргендеймін. Мұндайда бар баланың ойына түсетін сұрау осы болады.
Мұны ол орыс тілінде «Дядя, больно?» деп сұрай қалса, шын «больно»
сонда болады... Володя менің көңілімді аулағысы келгендей, тасада тұрып
мені атып қалған неміс офицерін жағасынан сүйреп əкеліп, үйіліп жатқан
темір жаңқаларының қасына тастай берді. Жауым кім екенін танып
қалайын дегендей, көзім еріксіз соған барып тоқтады. Эсэстің капитаны
екен. Кеудесі қушиған, жіліншіктері жіп-жіңішке ши борбай, мойны
қылқиған, сары шашты, арық бірдеме. Істік мұрнын қарға тыға, қылжиып
жатыр, өліп те қалған... Жайық жағасында көп көрген өліп қалған сутышқанға да ұқсап кетеді.
Қарсы алдыма сұр палатканы жайып, жігіттер мені ақырын ғана
көтеріп, соған салып жатыр. Мен дыбыс шығарғым келмейді, не болып
жатқанын көріп-біліп жатсам да үн шығара алар емеспін. Көзім қарауытып,
құлағыма мақта тығылып бара жатқандай сезіледі. Мені көтеріп жатқан
адамдардың денелері кейде өзінен-өзі үлкейіп көрінеді.
Жолдастарымның не айтып жатқандарын да естігендеймін бірақ ешбір
сөздің мағынасын аяғына дейін аңғара алмаймын.
Володя менің көзіме қадала қарап, ернін жыбырлатқандай болады. Не
айтқаны естілмейді. Есімнен айрылмайын деп, күшімді жинасам да кейбір
нəрселер алыстан бұлдырағандай, айқын оңдалмай қалады. Володяға өзім
де бірдеме айтқым келеді. Теріміз сіңіскен қайғы-қуанышымыз ортақ
болып кеткен, қиыспас дос жолдастарға жүрегімдегі қырынды бір сөзімді
айтқым келеді. Бар күшімді жинап алып айтқаным:
— Команданы қолыңа ал! — ғана болды. Басқа ойларым айтылмай
алқымымда қалды...
Мені көтеріп алып жөнеле бергенде, өзімді атып қалған жауымды тағы
бір көргім келіп тағы бір қадалып қарадым.
Тұмсығы енді қарға түгел көміліп барады екен. Мұрнынан аққан қара
күрең қан ұсақ-ұсақ отау тігіп, алдындағы қарды едəуір шұбатып бояп
тастапты. Атылған ит осылай өлетін еді деп, ішімнен бір жəбір теңеулер
іздегендеймін... Шолақ киімдері жоғары сырылып кетіпті де, ашылып
қалған жалаңаш арқасына айдама жел түйір-түйір қиыршық қарды тығып
жатыр...
Жолдастарым мені көтеріп əкетті. Биік тас үйлерді дəр-дір еткізіп, танк
лектерінің əлі өтіп жатқанын айқын сезем. Сталинградтан келгендері де бар
шығар-ау... Семен Зониннің қаза болғанын айту керек еді-ау, біреуіне...
Ондай ерекше адамды білмейтін кім бар дейсің деген ой келеді. Бірақ бұл
ойым да аяқталмай, басқа бірдемеге ауысып кетеді.
Əлі өтіп жатқан ауыр самолеттердің бауырларында балапандай тізіліп
бара жатқан бомбаларын да көргендей боламын. Осылардың ішінде Шеген
де кетіп барады, ə? Ол ғой, менің танып қалғанымды сезген де жоқ?..
Шеген аға, бұл бес айда мен де басымнан талайды өткіздім. Енді кездессек,
ана жолғыдай қысылмай-ақ шерте беретін əңгімелерім толып жатыр.
Жолдас капитан, солдатың көпті көрді, ондай-мұндай ұққаны да жоқ емес.
Мүмкін, енді саған жолдастыққа да жарап қалған шығар.
Кеудеме қыздырған темір кіріп бара жатқандай, тек ақырын шайқалған
сайын бойлай түскендей сезіледі. Ойларым тез-тез үзіліп кетеді де, жаңа
бір ойлар киіп кетеді. Қанша уақыт бірге жүрген жолдастарыма ең керекті
сөзім айтылмағандай, əр түрлі ойлар анталап, араласып барады. Ие, ең
айтар сөз немене еді?.. Неғып ұмыта қалдым?.. Осы бір болмашы
шайқалыспен келе жатқанда ойың да шайқала бергені ме?.. Бұрын талай
жүгіретін де едік, сонда неғып түсіп қалмай жүрген?.. Қап, ұмытыла
қалғанын көрдің бе?..
Ұйқылы-ояу бір халде, əйел даусы естіледі.
— Ауыр екен... тез жөнелтілсін... ауыр жара... Марина... Бірінші
кезекте...
«Ол кім екен жаралы? Володя ма, Петя ма?.. Екеуі де қызу, батыл
жігіттер еді. Қайда жұмсап ем?.. Бекер болған екен... Иə, сарайды тінтіп
шық деп дейм-ау, Володяға... Қайда жөнелтейін деп жатыр екен оларды?..
Адрестерін алып қалуым керек қой.. Адрестеріңді, адрестеріңді
қалдырыңдар!..» Даусым, əрине, шықпайды...
— Костя, кейін өзімізге келіп қосыл! Түсінемісің? — дейді бір дауыс.
Бұл, əрине, политрук Ревякиннің даусы...
Білегіме жұмсақ бір салқын саусақтар тиеді. Ақ киінген Ақбота көзіме
шалынып кеткендей болады. Семен көрдім деп еді, дұрыс екен-ау!..
Ақбота, кішкене ғана қаттырақ сөйлеші... Көзімді ашып бірдемені сұрайын
десем, көзім ашылмайды, менің əлсіз үнімді көп дауыстар көміп кете
береді. Əлдекімдер жараланған, əлдекімдер ыңырсиды...
Өз ойларым шолақ-шолақ... Жар басында секірген лақтар біресе ойға
түсіп кетіп, біресе қайта көрінеді. Менің ойым деп осы лақтарды айтып
жатқан сияқтымын. Бұдан былай ойыма түскен нəрселер үркіп-ойнақтап
көз алдыма да келе бастады. Түтін арасында жылт еткен от ұшқынындай
елес береді де, жоқ болады. Адрес десем өзіме жазған хаттар көрініп кетеді.
Жолдастарға бірдеме айтқым келгенін аңдап қалсам, — қатар тізіліп тұрған
Семен Володя, Ревякин, Петяларды көрем... Солардың қатарында Ақбота
да тұрады...
«Гитлер енді Москва маңайын көре алмайды, бұл анық!» — дейді тағы
да Ревякиннің даусы. Ол осылай үзілді-кесілді айтатын адам.
«Əрине, көре алмайды, түсінде де көре алмайды!» — дегім келеді.
Даусым өзіме де естілмейді... Бастыралық қандай ділгір бір хал босатар
емес.
Ростов үстіндегі боранның салқыны бетіме тиеді де, ызыңы құлағыма
тиеді. Мен оны Москва бораны екен деп қалам. Машинамен өтіп жатқан
көп əскердің өлеңдері құлағыма келеді, мен оны Москва көшелерінің үні
деп қалам...
Көз алдыма тұмсығын қарға тығып өлген сутышқандай бүкшиіп жатқан
манағы жау капитаны келеді. Мұрнынан аққан қара-күрең қан ұсақ-ұсақ
отау тігіп, қарды бояп шұбап барады. Жоқ, тіпті лақылдап ағып, сай-салаға
құйылып жатыр. Атылған ит осылай өлетін деп ішімнен əлі де бір жəбір
теңеулер іздегендеймін... Шолақ киімдері жоғары сырылып кетіпті де,
ашылып қалған жалаңаш арқасына айдама жел түйір-түйір қиыршық қарды
тығындап жатыр...

ҮШІНШІ БӨЛІМ
1
— Қа-ра-ған-ды! — деді проводник, төрт буынның төртеуін де созып.
Маған тағы бір əрпі созылмай қалғандай, тым тез айтылып кеткендей ғана
көрінді.
— Қайта бір айтшы! — дегім келгендей, мен қарт проводниктің көзіне
қадалдым.
— Міне, енді сіз үйіңіздесіз... Қазір туған-туысқандарыңыз да қарсы
алар. Түн демей-ақ күтіп жүрген шығар. Қандай қуанысып қалады! Бұл
менің өз басымнан да талай өткен бір кезде... — деп, қарт өзінің бір
əңгімесін бастап кетуге бейімделді де, поезд тоқтайтын белгісін бере
бастаған соң, есікке қарай өтіп кетті. Терезелерден электр жарығы да түсе
қалды.
— Ие, енді мен үйімдемін!.. Бірақ менің үйімнің үлкендігі сондай,
Қарағанды мен Гурьевтің екі ортасына екі Франция, он шақты Швейцария,
он бес шақты Бельгия сыйып кетер еді. Люксембург сияқты
«королевстволы ұлы мемлекет» үшін біздің бір-екі колхоздың жаздық
жайлауы да емін-еркін жетіп жатыр... Гурьев пен Қарағандының арасынан
гөрі Лондон мен Берлиннің арасы көп жақын.
«Онша алыс қиян емес...» деген патша аузынан шыққан сөз босқа мəтел
болып кеткен жоқ...
Қазақстан жерінің кеңдігі жаралы жауынгерлерді майданнан алыс
госпитальдарға жіберіп отыратын адамдарды да жаңылдырса керек. Мені
олар үйіме жақынырақ жерге жіберейік деген жақсы оймен Қарағандыдан
бір-ақ шығарды.
Бұл вагонда көпшілігіміз қазақстандық, сібірлік жауынгерлер келдік.
Туған жерлері əзір жау қолында қалған жауынгерлерден он шақты ғана
адам бар. Қазақстанды бұрын көрмеген жігіттерге Орынбордан бері асқан
соң-ақ əр түрлі қобалжулар кіре бастады. Көбі Қазақстан жайын бұлдырлау
біледі екен.
Аяғынан жараланған жауынгер Гришин қазақ даласын үздіксіз соғып
тұратын жел-борандай сөйлейді. Сықырлаған сары аязда құтыра соққан
боранның лебі келіп тұрғандай, сұрғылт мақта көрпенің үстінен жамылған
шинелін иегіне қарай тартыңқырап қояды. Бұл Одессаның жігіті, студентгеолог.
Орынбордан бері асқан соң, боран шынында да құтырып кетіп еді.
Əдейі Гришиннің қобалжуын күшейте түсейін дегендей, поезд тоқтай
қалған жерлерде боран тереземізге ұйпалақтай соғылып, гу-гу етеді. Вагон
төбесінде байпақ киген біреу жүргендей болады. Кейде вагонның
мұржалары өзара жанжалдасып қалғандай естіледі. Есік ашылғанда
даладан құшақ-құшақ болып кірген суық ауа аппақ тұман сияқтанып,
вагонның жылы ауасын түріп əкетеді.
— Жап, жап! — деген дауыстар үсті-үстіне шығып қалады.
Мен əлі ешкіммен дауласа алмаймын. Сөйлей бастасақ тық-тық
жөтеліп, қиналып қалам. Мен кетер күні Ростовта да осыған жақын боран
болды дегім келеді де, оның аржағы дау болып кетер деп, үндемей ғана езу
тартам.
Ленинград майданынан келе жатқан ауыр жаралы бір жауынгер
Қазақстанды қайнап тұрған ыстық, көлеңкесіз бір күнгей сахарадай көретін
сияқты. Оның ойынша Қазақстанда күн біреу ғана емес, бірнешеу сияқты
болып кетеді. Мұз қатқан окоптың сүйегінен өткен суығын кетіру үшін ол
жауынгер Қазақстанның толып жатқан күніне түгел қыздырынғысы келеді.
Ие, солдаттың кейде ыстықты, кейде суықты сағынатын уақыттары да
болады.
— Біздің Шымкент маңайы осы күні егін салып жатыр-ау иə? — дейді,
оңтүстіктің жігіті, Əбен деген жауынгер. Мұнысы Гришинға қайтарған
сыпайы түрдегі жауап сияқты.
— Егін салып жатыр? Осы февраль айында ма? — дейді, Ленинград
майданынан келе жатқан жауынгер.
— Ие, егін салып жатыр. Былтыр мен февральдың он жетісі күні
шығып ем егінге. Бүгін февральдің он жетісі ғой, — дейді Əбен. — Дəнді
егісті аяқтаған да шығар... Поезд да тоқтады, жаралы қонақтарына құрмет
көрсетіп, сəлем күйін ойнаған оркестр даусын да естідік. Вагонға Қазақстан
қара алтын қоймасының уəкілдері де кірді. Толықшa келген аласарақ жас
жігіт əр ұйымнан қосылған адамдарды бастап келген болу керек, қошемет
сөзді сол айтты. Сөзінің ішінде «обком» бір-екі рет қайталап қалғанына
қарап, мен оны Қарағанды обкомының адамы екен деп ұйғардым. Оған
жақынырақ бір жас қазақ əйелі тұр. Қаракөл жағалы қынама қара пальто
киген басында да сыпайы сəнмен киген қара бұйра бөрік. Азғана сопағырақ
жүзді, қара торы əйел, суықтан азырақ қызарыңқы тартқан. Қара көздерінен
əр түрлі ойдың ұшқындары аңдалып қалады. Кейде бізге арналған
жылылық оты көрінсе, кейде бір мұң пердесі, жүрегіндегі тынышсыздық
байқалады.
Əйел əрқайсымызға да көзін ұзағырақ тоқтатып қарайтын сияқты.
Əсіресе, басын таңып алған жауынгерлерге ұзақ қарап қалады. Əрбір
қарауының артынан көзіне «жоқ, бұл да ол емес!» деген ой елесі шыға
келеді. Жаралы жауынгерлерге тіл қатқанда кеудесін кернеп жүрген ыстық
бір леп барлығын сезесің.
«Сол ма деп қалып ем... — деп өкінген көз енді бір айналып қарағанда,
— менің жарымды көрмедіңдер ме? Бірге болғандарың жоқ па?» — деп
сұрап тұрғандай болады.
Əйел, əрине, бізді қарсы алуға шыққан. Сонымен бірге, жаралылардың
ішінен өз жарын да кездестіріп қалам ба деген үмітпен жүрген сияқты.
Мүмкін, əр эшелонды қарсы алғанда сол үміті ылғи ере жүретін де шығар...
Ие, бауырым, кейбір жақын жандарды енді кездестіре алмауымыз да
мүмкін. Соғыстың аты соғыс қой, ол құрбансыз болмайды. Жас өмірін
Отан жолына құрбандық етсе, жарыңның сол ерлігі демеу болсын жаныңа!
Ер жолдасым деп қана қойма, Отанның адал ұлы деп ал есіңе! Бұл
ойыншық емес.
Жоқ, айналайын бауырым, көзіңе қайта-қайта қараймын да, үзілмесөшпес үміт отын көрем. Үзбе сол үмітті, күте біл. Солдаттың, ең жақсы
көретін өлеңдерінің бірі — «Күт мені, күт!» екенін өзің де жақсы білетін
боларсың. Күт, бауырым, мен де жарыңа аман кездесуіңді тілеймін.
— Қамқорларыңыз осы кісі болады. Облысымыздағы мəдениет
майданының командирі, Күлай Даниялова, — деп, обкомнан келген адам
бізге жаңағы əйелді таныстырды. Осыдан былай қарай біз де сол
қарындастың əміріне көштік.
Вагоннан шыққан соң-ақ, жарты миллион халқы бар көмір қаласының
кең демалысы сезіле бастады. Үркердей жиі тізілген электр жарығы,
əлдеқайда алысқа жайылып, белдерден асып түсіп жатыр. Ерсілі-қарсылы
шұбаған көп поездің тиеп алғаны бəрі көмір сияқты.
Біріне-бірі жақын салынған шахталардан шыққан кен қалдығы тау-тау
болып үйіліп, боранды түнде биік бір тау қырқалардай көрінеді. Кенмен
кеткен көмір ұсағы өзінен-өзі тұтанып, көгілдір оттары алыстан көрінген
тау арасындағы бір қаланың оттарына да ұқсап кетеді. Бұрын көрмеген
адам Қарағандыны бірнеше жоталардың үстіне, шатқалдардың арасына
салынған қала деп те қалатындай екен.
— Бұл немене? Қарағанды тау арасында ма еді? — деді Гришин маған.
Екеуміз бірімізге-біріміз иығымызды сүйей отырып, бір машинада келе
жатыр едік.
— Саған жел тимесін деп, тау жасап қойған ғой... — дедім мен
Гришиннің ең бір қорқатын қаупін есіне салып. Бізбен бір машинаға мінген
Күлай жолдас менің жауабымның қалжың екенін түсіне қалды да,
Гришинге жоталардың жайын түсіндіре бастады.
— Өзім де тіпті алаңғасар екенмін-ау... — дейді Гришин — көмір
шахталарының маңайында кен қоқымы үйіліп қалатынын білмейтіндей
сұрағанымды көрдің бе!
Гришиннің жауабындағы шахта жайын білетіндікті аңдап қалған Күлай:
— Мамандығыңыз қай жағында еді? — деп сұрады.
— Мамандық? Ол қайдан болсын əлі, — деді Гришин қысылыңқырап
қалып, — мен əзір оқушымын... студент едім...
Машина жаңа Қарағандының биік бір үйінің алдына тоқтады. Жаңа
қала бейбіт шақтағыдай жарқырап тұр екен. Күн батса-ақ жарығын
сөндіріп, бар терезесін тұмшалап тастайтын жақтан келген жауынгерлердің
алғашқы қуаныштары да осы жарық еді. Ата-бабамыз мұндай жарықты
көрмей өтсе де, біз оны қатты сағынған екеміз. Жаңа Қарағандының
осынша аруақты екенін мен де білмейтін едім. Бəріміз де таңырқап қалдық.
Тас құйылған кең көшелер, зəулім үйлер, көз сүрінгендей мол жарық түнге
де, боранға да бас идірмей, қала кеудесін жоғары көтеріп əкетіпті.
— Москваның бір кварталдарына ұқсайды екен! — деді, əрнені де азкем асыра сөйлейтін Гришин. Мен оған:
— Желі гулеген далаға ұқсамай ма, əйтеуір? — деп, əлі де қалжың
жауап қайырдым.
Гришин екеуміздің арамызда екі ұшты бір қалжың, барын байқап қалған
Күлай, онымызға ерік бергісі келмегендей, тез киіп кетіп:
— Қарағанды көміршілерінің он жылдық еңбегі ғой бұл қала. Əлі олпысолпысы толып жатыр... — деді, екеумізге де тыйым салатын үнмен.
Біздің совет есебі бойынша, он жыл деген — толық екі жарым
бесжылдық болады. Ал, біздің бір бесжылдық бұрынғы екі жарым
ғасырыңызға да сыя бермейді. «Ата-бабаның ғасырларынан аз жылдардың
ішінде-ақ аттап өткен қазақ даласының таңырқатары жалғыз ғана
Қарағанды деймісің!» дегім келеді Гришинге...
Біріміз өз аяғымызбен енді біріміз теңге түсіп, көпшілігіміз
госпитальдағы апа-қарындастарымыздың иығына сүйеніп, үйге кірдік.
Ұзын-ұзын коридорлы, кең баспалдақты үйдің əр қабатына тарасып
барамыз. Кейбіреулер баяу, кейбіреулер ожар қимылдайды. Бірақ бəрі де
майданда неден зарықса, соның жайын бірден сұрасып бара жатыр:
— Жарық бар ғой? Жылы ғой? Бөлмеміз күн жақта ғой! — деседі əр
жерден.
Осындай бір кезде жауынгерлердің жас балаға ұқсап кететін де бір
мінездері болады...
Біз алтыншы палатаға кездестік. Есіктегі алтыншы санды көре сала,
əрқайсымыз Антон Чеховтың «Алтыншы палата» дейтін əңгімесінен есте
қалғанды айтысып кеттік. Бірақ саны бір келгенмен сапасы басқа, екі
палатаның арасында екі түрлі ғасыр, екі түрлі мағына, екі түрлі адамдар
тұр еді.
Палатамыз жып-жылы, көзге де, көңілге де өте бір жайлы бөлме екен.
Ортада ақ дастарқан жапқан стол. Стол үстінде екі тас күршекке өсірген екі
түрлі гүл, біріне бірі азғана бұрала қарап, еркелесіп тұрғандай. Электр
шамдары да көзіңді тесердей жалаңаш шақырайып тұрған жоқ, қызғылт
жібек арқылы жұмсақ қана жарық төгеді. Госпитальдағы апақарындастармен алдағы күнде неше рет ұрсысып, неше рет
татуласарымызды кім білсін, əзір қас-қабақтарында кірбің жоқ, жарқын
жүзбен ерке сөйлесіп жүр. Жауынгерлер өз үйлеріне келгендей оңай
орналасып, жайраңдасып қалды. Суық та, боран да тез ұмытылып кетті.
Түнде бізді əбден жайғастырып болып, сағат үш кезінде қайтқан Күлай
таңертең тағы келіп қалыпты. Түн бойы біз оны талай аузымызға алып,
Күлай атын өзімізше өзгертіп, Гуля деп сөйлесуге келіскенбіз. Жалғыз
Əбен жауынгер көне алмай қойып еді:
— Біздің бір ағамыз Ыван Ывановна дегендеріңе тілім келмейді деген
екен... Мен де бүлдіріп алып жүрмейін, Күлай дейін, шырақтарым... — деді
ол, жалынардай болып.
Гуля əуелі бірінші қабаттағы жауынгерлерді аралап шығып, біздің
бөлмеге сағат тоғыз кезінде келіп еді. Əр жауынгердің мұң-мұқтажын
сұрастыра отырып, ара-арасында қай майданнан келгенімізді де сұрай
кетеді. Əсіресе, баса сұрайтыны Харьков майданы. Көзінен байқала қалған
күрсініс реңіне қарағанда, ол жақтан келген жауынгерлерге əлі ұшыраса
алмаса керек.
Соғыстың салқын лебі мұнда да қатты сезіледі. Гуля көзіне келе қалған
мұң шырайын қысқарақ келген қою кірпіктерімен тез желпіп тастады да:
— Өз қолымен хат жаза алмайтындарың болса, айтыңдар. Мен жазып
берейін, — деді.
Гуляның қолынан өткен жаралылар жалғыз біз ғана болмасақ керек.
Əрбір сұрауы жауынгерлердің əр түрлі қысылыстарын айтқызбай-ақ қамти
кетіп отыр.
Бұл үйде өз хатын өзі жаза алмайтын мен бармын. Оқ менің төс
сүйектерімді қирата өтіп, оң жақ жауырыныма кіріп тоқтапты. Оң жағым
тұтас таңулы, хат жазу түгіл, одан оңай қозғалыстарға да шама жоқ еді əзір.
Мен хатымды əркімге жаздырып, мұңым мен сырыма əркімді
ортақтастырып жүргелі, міне, екі айдан асып барады. Неге екенін
білмеймін, сол сырымды Гулядан да жасырғым келмеді. Шынымды
айттым. Гуля менің хаттарымды жаза бастады.
Бірінші хатым Володя мен Петяға жазылды. Қайда келіп тоқтағанымды
білдіріп, жазылғаннан кейін мені өз бөліміме қайтарып алуға Мирошник
пен Ревякин жəрдем етсін, ұмытпасын дегенді тапсырдым.
Екінші хатты «Апа!» деп бастағалы екі сағат өтті, əлі аяқталар емес...
Хат Гурьев қаласының кейбір үйлеріне кіріп, əркімдердің жайын білгісі
келеді... Осы бір тұсқа келгенде мен бөгеле берем де, Гуля ұзақ күтіп
қалады. Менің қысылысымды байқамаған болып, басқа жолдастармен
əңгімелесіп кетеді.
Менің майданға ала кеткен жұмбағым, бұдан бұрын айдан артық жатқан
аудандық жердегі бір госпитальда шешіліп қалып еді. Жараланған
жайымды апама жұқалап қана жазып жіберіп ек, Ақбота оп-оңай бетін
ашыпты. Апамның хатын ылғи Ақбота жазып беріп келгенін де түсіндім.
«Н» деп қол қоятын да сол екен. Хаттың, аяғына өз атымнан жазылған
тоғыз жолдың ішінде жаны ауырғанда ғана айтылар сөздер келіпті. Əлі
күнге хатымды басқа адамға жаздырып жүргендіктен мен Ақботаға айтар
сөзімнің бірін ашып айта алмай, сүрлеп жүргендеймін. Енді, міне, сол
бөгетке тағы келіп тірелдім. Басқа бір əйелдің алдында Ақботаның атын
атап, ақтарыла алмай жатырмын.
Менің, бұл жайымды Гуля да аңғарып қалған сияқты. Гришинмен
Əбенмен сөйлесіп отырып езу тартқан себебі менің бөгелісімнен екенін
мен де сезем. Мұндай жайларға бізден анағұрлым сезімтал əйел маған
көзімен демеу беріп:
«Аты кім еді, атай бер... Несіне бөгелесің! Айтар жылы сөздерің менің
ойыма да келіп тұр, іркілме!» — дегендей болады үнсіз ғана.
Хат ақыры аяқталмай қалды. Оның орнына апама телеграмма
жіберттім. Қарағандыдамын, келіп кетсеңдер жақсы болар еді деп
жаздырдым. «Келіп кетсеңдер» дегенді жазғанда, Гуляның көзіне əрең
аңғарылар бір ұшқын жылт етіп қалды. Мен оны аңдамаған болдым... Өзге
жолдастарым хаттарын өздері жазып жатыр. Едəуір жасап қалған, аңқаулау
адам, Əбен бір қысылыс үстінде отыр екен:
— Қайрош шырағым, осы өз қатыныңа өзің қарағым деп жазған қалай
болады екен? — деді.
Мен күлкіден булығып, жауап бере алмай қалдым. Оқ тесіп өткен өкпем
шиқылдап, үнімді шығармады. Гуля күлген жоқ, қайта, ең бір салмақты
үнмен:
— Жазыңыз солай деп. Қарағым деп əйеліңізге айтпағанда, кімге
айтасыз? — деді.
Əбең əрине, əйелін жақсы да көреді, сағынып та жүр. Бірақ ол бар
қазақтың ескі əдетінше əйелін қарағым деп көрмеген адам. Сұраған түріне
қарағанда, «қарағым қатын!» деп жазғысы келетін сияқты. Əрине, бұлай
жазғанда дөрекі шығады...
Əбен тағы да біраз үндемей ойланып отырып, бір кезде қуанып
кеткендей:
— Таптым! — деді.
— Иə, не деп жаздың?
— Мінекей, қарағым Бəтия деп жаздым! Барсын солай... — деп,
Оңтүстікке қарай қолын бір-ақ сермеді.
Бұл Əбен үшін үлкен табыс екені де рас. Ғасырлар бойы қамауда тұрған
жақсы сөз қақпасын міне, қазір бұзып шықты! Мүмкін, əуелі оқығанда
Бəтия жеңгейдің өзіне де ерсі көрініп, күліп жіберер. Бірақ сол сөз арқылы
келген шын жылылық, жар сағынышын жүрегіне де дəл жеткізер. Күңдік
заманынан қалған бір жұғындыны Əбен өз қолымен жұлып тастады да,
сонысына қуанып кетіп еді.
«Соғыс» деген бір ауыз сөзге сыйып тұрған көп ойлар солдат көңілін
əзіл-қалжыңнан, жеке басының мұңдарынан тез аударып əкетеді. Ол
сырттағы халқымыздың да əдетіне кіріп болған. Гуля майдан мен елдің
жаңа хабарларын əкелген екен соны оқи бастады. Хал жаман емес!..
Немістердің Москваға жасаған шабуылдары қазір — «немістердің Москва
түбіндегі қырғыны» деп аталып бара жатыр. Жау аптығы басылмағанмен
Москваға төнген бұлт кейін серпіп қалды. Майдан бетін артына
қаратпағанмен əр табан тіресте біздің ұтыс молая бастады. Москва
түбіндегі жеңістерден кейін жау көңіліне қатер кіргені байқалады.
Майданнан алыс отырған халқымыз да соғыс жайын көз айырмай
бақылайды екен. Өзіміз естімеген бірталай хабарды осында естідік. Гуля
бізге мынадай бір нəрсені айтты. Гитлер Совет еліне арнаған қорлықзорлығын мəңгі есте қалдыру үшін, Москваға орнатуға ұзындығы он жеті
метр мрамор тас əкеле жатыр екен. Күміс өрнегі бар, қызғылт мрамор
көрінеді. Швейцариядан əдейі арнап алдырған. Бар адам баласының алдағы
ұлы үміттерінің ордасы — Москваға əкеліп, сондай қорлау бағанасын
орнатпақ! Бірақ Москва түбінен жау армиялары оқыс шегінгенде, мрамор
біздің қолға түсіп қалыпты...
Сырттағы жұртымыз бұл қалжақтарға шын жауап айтып еңбек
майданын қыздырып жатыр. Бейбіт шақтың жоспарларын жинап қойып,
алдағы жылдардың, ішіне кіріп кетіпті. Бейбіт шақта əлі талай қырдың
астында жатқандай көрінетін істер қазір қолма-қол күнделікке айналыпты.
— Қарағандының əрбір сағатының салмағы бұрынғысымен
салыстырғанда қазір үш есе артты, — дейді Гуля, жұмбақ теңеулермен
сөйлеп.
Бұл көп пе, аз ба деп сұрап қала ма дегендей, — мұнымыз жыл аяғына
дейінгі жайымыз еді, — деп, жаңа жылдың жаңа мөлшермен келгенін де
ескертіп қояды. Заводтар мен шахталардың сағат сайын салған
айғайларының «тағы да бір сағат өтті, не істедің, жолдас?» деген Отан
сұрауын естігендей боласың. Гуля біздің алдымызға ақырын-ақырын
Қарағанды облысының байлықтарын жаяды. Еңбек жұртының, күні мен
түндерін айтады. Жас қана қазақ қызының сонша бай облыстың бар жайын
сонша жақсы білгеніне төбем көкке жеткендей болам.
Гуля мəдениет майданының командирі ғой, жұмыскер жұртшылықтың
мəдениет жақтарын да тəптештеп айтады. Біз соғыс кезінде: театр, кино,
əдебиет жұмыстары шегініп қалған шығар деп ойлаушы едік. Жоқ,
шегінбепті. Қарағандыда осы күзде жоғары дəрежелі мектеп ашылған,
жаңадан екі театр қосылған. Уақыт ауыр, əрине, бірақ жұрт сол уақытты
бейбіт шақтағыдан анағұрлым артық жүк артып жөнелтіп жатыр.
Гуляның жүзінде əр кезде шала ұйықтағандықтан жұмысбастылықтың
іздері тұрады. Сонда да бізге күн сайын бір соғып кетеді. Оның келуін біз
де сағынып күтеміз. Бірақ шаршағандығын көріп:
— Біз енді тек жатқан адамдармыз ғой... Босқа уақытыңызды ала
бергіміз келмейді, — десек.
— Мен сіздерге азырақ демалу үшін келем; үйім де осы арада ғана, —
дейді. Кей күндері түнде де келіп кетеді.
Гуляның қолында Гришин екеуміздің екі түрлі сырымыз бар. Гришин
Қарағандының кен байлықтарын қазбалап сұрайды. Мен телеграммаларым
мен хаттарымды жаздырам. Алғашында іркіп қалған сөздерім бара-бара
түгел айтылып, қоймам түгел ақтарылып қалды...
Гришин Гуляға кен мамандарына беретін сұраулар береді.
— Дүниелік қор дегенде, салыстыратыныңыз немене? Санмен қатар
сапалық қасиеттер, жалғас компаненттер түгел тексерілген бе? — деп те
қояды.
Гуля «мен кен маманы емеспін» деп бастайды да, қолма-қол өмірден
үйренгенін іркілмей сөйлеп, əңгіме созылған сайын Гришиннің таңдануын
молайта түседі.
— Сол байлықтар қазір түгел алынып жатыр ма? — дейді Гришин.
— Түгел емес, əрине. Күш жете бермей, бөгеліп отырған жайымыз да
бар.
— Ғылымдық күштерді айтасыз ғой?
— Ие, ең алдымен ғылымдық күштер...
Гришин Қарағандының байлығына таңдана ма, əлде жас қана қазақ
қызының, сол байлықтарды еркін білетініне таңдана ма, əйтеуір, ұзақ-ұзақ
аңырып қалады.
— Сіз болашақ геолог, білуіңіз керек... Ағылшын обырларының бірі
Урквард Лесли Совет үкіметіне хат жазған ғой. Хатында ол «Балқаштан
арғы далаларды ептеп қазып көруге» рұқсат сұраған. Сол далалар осы
облыста. Оның ойынша бұл далаларға біздің қол бері салса — елу жыл, əрі
кетсе — жүз жылдан бергі жерде жете алмайды деген. Қазір сіз сол
даланың қара қазаны Қарағандыда отырсыз,— дейді Гуля.
Гришин еліңнің осынша байлығын неге жасырып келдің дегендей,
маған кінəлау көзімен қарайды. Қазақстанның байлығын өзім де жаңа
сезініп отырғандай, масаттанып кетіп, мен оған:
— Қалай екен? — деймін. Неменені «қалай екен!» дегенімді өзім де
онша айқын біле бермеймін, бірақ Гришин менің сұрауымды дұрыс
ұғынып:
— Таң қаларлық! — дейді.
Бір күні Гуля кетуге ыңғайланып тұра келді де, аз кідіріп қалды. Түйе
жүн перчаткасын асықпай киіп жатқанына қарағанда, ойына бір сұрау түсіп
кеткен сияқты.
— Сұра, сұра! Біз енді досыңбыз! — дегендей, біз де Гуляға қарадық.
Гуля күрсіністі халін жеңу үшін зорлықпен жымиды да:
— Осы əлгі қара қағазда да қаталықтар болады ғой?— деді.
Сұрау тап желкемізден шағып алғандай, бəріміз де басымызды
жастықтан жұлып алып:
— Неге болмасын!
— Болғанда қандай! — дедік, сол қаталарға өзіміз талай кездесіп, кəнігі
болған адамша.
Семен Зонин жайында келген қара қағазда қата болмайтынын анық
білсем де, дəл қазір мен барлық қара қағазды қатаға шығаруға əзір едім. Ол
аз болса, сол Семен жайында анасына барған қара қағаздың да қата болып
шығуын тілеп тұрмын.
— Қата деген бола береді! — деп, Гришин де өршелене сөйлеп жатыр.
Біз жап-жас əйел жарынан күдер үзбесін, үмітпен жүрсін деп, «қата»
деген жақты бастырмалатып кеттік білем. Гуляның езу тартуында сенерсенбес, екі оқтылық қана байқалады.
— Кейде тіпті жалғыз жауынгер түгіл, тұтас бір бөлім ұзақ уақыт
қоршауда қалып, кейін құтылып кетеді. Əскер шегінгенде, жеке
жауынгерлердің басқа бір топтарға қосылып, хабарсыз кеткендіктен қара
қағазға ілегіп қалатыны да болады, — деп, Гуляның көңіліне демеу болу
үшін, ананы-мынаны едəуір асырыңқырап айтып жібергенімізді аңдаған да
жоқпыз. Снаряд пен бомбадан жараланды дегенше, оқтан жараланды деген
жеңіл тиеді. Өлім жайындағы қағаздың дұрыс шыққанынан да қата
болғанын тілеуіміз кімге болса да түсінікті ғой!
Гуля алғыс ажарын көрсетіп тағы бір жымиды да, үндеместен шығып
кетті. Біз бірімізге біріміз түсініскен көзбен бір қарастық та, Гуляның
жайына енді оралған жоқпыз. Бөлмеміз суып кеткендей болды.
— Мүмкін, соғыстан кейін осы Қарағандыға келерсің, — дедім
Гришинға жаңа бір əңгімеге көшу үшін.
— Келсе қайтеді! Тап менің қалаған жерім осы Қарағанды екен! Сөз
жоқ, келем, — деді ол.
Осыдан кейін, мен оны Вася деп кеттім де, ол мені Костя деп кетті.
Кездескелі бұзылмай келген сіз-біз қалды да, сен-менге көшіп кеттік...
2
Соңғы күндердің ішінде ойлағандарымның бірде-бірі орнынан шықпай,
сандалта бастап еді. Болмашы бір кедергілер көбейіп, кейіс үстіне кейіс
қосумен келеді. «Қыры кеткенге қырын келеді» дегендей, оң аяғыммен
аттасам да сүрінем. Көңілсіздіктер егіздей келіп, енді еңсемді көтермесем,
мойныма мініп алғысы келетін сияқты. Əзірге екі түрлі көңілсіздік қатар
келіп бір соғып өтті де, енді үшіншісін күтіп отырмын.
Келем, деп, күнде үш рет хат жазатын Ақботадан күдер үзе бастадым.
Ендігі менің майданға алып қайтарым Ақбота жазған отыз бес хат, жеті
телеграмма бола ма деп қауіптенем. Хаттар да, телеграммалар да алғашқы
кезде ылғи «келем» деген қуаныш əкелуші еді, соңғы кезде бірте-бірте
дүдамал араласып, аяғы «келе алмаспынға» айналып барады. Сегізінші
телеграмды қауіппен күтем. Мұның бəрін бір көңілсіздік дей тұралық...
Екінші көңілсіздік госпитальдың бас докторымен арамызда туып кетті.
Соңғы бір жетінің ішінде ол кісі екеуіміз екінші майдан ашылу-ашылмасын
сөйлесіп жүрген елшілерге, əсем бір тілде сөйлесуге қалдым. Сіз-бізіміз
көбейіп, бірімізді-біріміз орай сөйлейміз. Бұған дейін, ол кісінің өз
айтуынша, мен ақылды да, тəртіпті де, саналы да едім... Тамақты көп
жеуімнің өзі бір қуаныш сияқтанып, ылғи мақтау алушы ем.
— Госпитальда сізден асар əншіміз де жоқ! — деп қоятын.
Қаланы аралап қайтуға, денешынықтырудың кейбір түрлерін істеуге
еркін рұқсат беріп, қатал бақылаудан құтыла бастағандардың тобына өз
қолымен қосып еді. Қазір бұл бостандықтардан айрылып қалдым.
— Соңғы уақытта сіз маған ұнамай барасыз... — деп бір айтты да,
берген бостандығын түгел сыпырып алды. Жауырынымдағы оқты суырып
алғаннан басталған достығымыз қазір суысып барады да, ылғи бір əдеппен
сөйлесуге көштік. Аңдысатынымыз сөз де емес, көзіміз сияқты...
Кеше мен ол кісіге:
— Достар арасы бұлай суысу үшін елеулі бір себептер керек қой... —
дедім, барымша сыпайылап сөйлеп. Ол кісі маған тіктеу жауап қайтарды:
— Достар арасында бірін-бірі адастыру ыңғайы да байқалмауы керек!
— деді.
— Мұныңыз адалдық дейтін қасиетімізге шек келтіріп тұрған сияқты
екен... Олай болса, ашыңқырап айтсаңыз екен, — деп ем, ол кісі салқын бір
дауыспен:
— Коридор салқын... Тəңірі жарылғасын, палатаңызға кіріңіз! — деді
де, кетіп қалды.
Мұның арты əр түрлі қысаң тəртіптерге əкеп соқты. Қалаға шығып
қайту сияқты нəрселерге біржола тыйым салынды. Баяғы естілігім,
тəртіптілігім, енді сынға алынып, сенімсіздік туғыза бастады. Қазіргі
күндерде үш кісінің тамағын жейтін сауыққандық белгім «əдейі істеліп»
жүрген мінездерге қосылыпты.
— Онда не тұр? Ондай-ондай бола береді! — дейтін көрінеді.
Ертелі-кеш қызуымды өлшетіп, əділ қуа ренгенге де сенуді қойып, енді
You have read 1 text from Kazakh literature.
Next - Қазақ солдаты - 16
  • Parts
  • Қазақ солдаты - 01
    Total number of words is 4151
    Total number of unique words is 2163
    35.7 of words are in the 2000 most common words
    48.3 of words are in the 5000 most common words
    56.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 02
    Total number of words is 4074
    Total number of unique words is 2108
    36.0 of words are in the 2000 most common words
    50.9 of words are in the 5000 most common words
    58.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 03
    Total number of words is 4133
    Total number of unique words is 2092
    37.8 of words are in the 2000 most common words
    52.7 of words are in the 5000 most common words
    60.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 04
    Total number of words is 4064
    Total number of unique words is 2142
    36.3 of words are in the 2000 most common words
    51.9 of words are in the 5000 most common words
    60.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 05
    Total number of words is 4112
    Total number of unique words is 2242
    35.2 of words are in the 2000 most common words
    49.8 of words are in the 5000 most common words
    57.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 06
    Total number of words is 4147
    Total number of unique words is 2201
    37.4 of words are in the 2000 most common words
    52.7 of words are in the 5000 most common words
    61.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 07
    Total number of words is 4110
    Total number of unique words is 2267
    35.3 of words are in the 2000 most common words
    50.8 of words are in the 5000 most common words
    57.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 08
    Total number of words is 4062
    Total number of unique words is 2201
    34.5 of words are in the 2000 most common words
    49.9 of words are in the 5000 most common words
    57.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 09
    Total number of words is 4108
    Total number of unique words is 2058
    36.5 of words are in the 2000 most common words
    50.5 of words are in the 5000 most common words
    57.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 10
    Total number of words is 4044
    Total number of unique words is 2113
    36.6 of words are in the 2000 most common words
    52.4 of words are in the 5000 most common words
    60.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 11
    Total number of words is 4036
    Total number of unique words is 2030
    35.8 of words are in the 2000 most common words
    51.1 of words are in the 5000 most common words
    57.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 12
    Total number of words is 4075
    Total number of unique words is 2154
    34.2 of words are in the 2000 most common words
    49.7 of words are in the 5000 most common words
    57.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 13
    Total number of words is 4068
    Total number of unique words is 2144
    33.1 of words are in the 2000 most common words
    48.8 of words are in the 5000 most common words
    55.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 14
    Total number of words is 4063
    Total number of unique words is 2149
    34.0 of words are in the 2000 most common words
    49.8 of words are in the 5000 most common words
    56.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 15
    Total number of words is 4032
    Total number of unique words is 2124
    35.3 of words are in the 2000 most common words
    50.5 of words are in the 5000 most common words
    57.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 16
    Total number of words is 4067
    Total number of unique words is 2018
    35.8 of words are in the 2000 most common words
    50.4 of words are in the 5000 most common words
    57.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 17
    Total number of words is 4089
    Total number of unique words is 2187
    35.0 of words are in the 2000 most common words
    48.7 of words are in the 5000 most common words
    55.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 18
    Total number of words is 4047
    Total number of unique words is 2190
    34.6 of words are in the 2000 most common words
    49.5 of words are in the 5000 most common words
    56.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 19
    Total number of words is 4061
    Total number of unique words is 2162
    33.3 of words are in the 2000 most common words
    49.5 of words are in the 5000 most common words
    56.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 20
    Total number of words is 4061
    Total number of unique words is 2182
    33.5 of words are in the 2000 most common words
    48.0 of words are in the 5000 most common words
    55.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 21
    Total number of words is 3969
    Total number of unique words is 2106
    33.9 of words are in the 2000 most common words
    48.8 of words are in the 5000 most common words
    55.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 22
    Total number of words is 3985
    Total number of unique words is 2066
    35.9 of words are in the 2000 most common words
    50.3 of words are in the 5000 most common words
    57.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 23
    Total number of words is 3821
    Total number of unique words is 2014
    34.1 of words are in the 2000 most common words
    48.4 of words are in the 5000 most common words
    55.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 24
    Total number of words is 3977
    Total number of unique words is 2066
    34.9 of words are in the 2000 most common words
    48.5 of words are in the 5000 most common words
    55.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 25
    Total number of words is 1652
    Total number of unique words is 1004
    41.0 of words are in the 2000 most common words
    55.3 of words are in the 5000 most common words
    60.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.