Latin Common Turkic

Қазақ солдаты - 02

Total number of words is 4074
Total number of unique words is 2108
36.0 of words are in the 2000 most common words
50.9 of words are in the 5000 most common words
58.7 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
бала жоқ болып шықты. Ал, мен өз суретімді суға түсіп жүргенде талай
көргенім бар, мына сұмпайыға ілуде бір мүшем ұқсамаса керек еді. Тап
мынадай болған түрімді бұрынды-соңды ұшыратқан емеспін.
Осы ренжумен айна қасынан кете алмай тұрғанда ту сыртымнан
бақташының бишігі сарт ете түскендей болды. Жалт қарасам, майлап
тарағандай, бар шашы басына жабысып қалған, кебеже қарын шаш алғыш
шебер үлкен ақ шүберекті менің басыма əкеліп, сілкіп тұр екен. Қара
шаштар, жирен аралас сары шаштар төбемнен сырғып төмен түсіп жатыр.
Байқаймын, шаш алғыш шебер жас баланы жазасыз қорлай алатынына
рақаттанып тұрған сияқты. Қаз-қатар орнатқан алтын тістерін жарқыратып,
күлімдеп тұр.
Бұл маған «кет!» дегені болар деп, айнадан бұрыла беріп ем, басым
кебеже қарынның ең биік деңгейіне келіп қалған екен, дəл кіндік тұсынан
нұқып кеп қалдым да ата жөнелдім. Кебеже қарын гүмп етіп қалды.
Басымның сондай бір өнері де болатын еді, қорлау үстінде кезі келіп қалған
соң, тартына алмай қалдым-ау деймін.
Сол бетіммен сырғып кеп Ақ Жайыққа күмп бердім де, май балшықпен
бет-аузымды, үсті-басымды ысқылай бастадым. Қасуды сағынып қалған
дене түгел қышынып, құтырынып тұр екен он саусақты салдым келіп орайорай...
— Түнде өліп жатқан бала сен бе едің, əй? — дегенге артыма қарасам,
бір ересек, бір кішірек ақсақ бала өзен жағасына жақындай берген екен.
Біреуі ашаң, сұңғақ денелі, үстінде шолақ шалбардан басқа еш нəрсе жоқ.
Күнге күйін күрең тартқан дененің бұлшық еттері иіріліп-иіріліп қояды.
Енді біреуі менімен тұстас болу керек, ақшылт денелі, арық, бір аяғын
ақсай басып келеді.
— Мен əлі өліп көрген жоқпын! — дедім, тайынғым келмей.
Жалғыздық жасқаншақ та етеді, жау жүрек те етеді. Мен жасқанбауға бел
байладым. Аяғыма білінген бір қатты нəрсені суырып алып едім, түйенің
қабырғасы екен. Қабырғаны оңтайлап қолыма алдым да, ана екеуінің
жабыла кетуін күттім. Əдетте таныс емес балалардың алғашқы кездесулері
азды-көпті жанжалсыз, бірлі-жарымды жұдырықсыз өте қоймайтын.
— О!.. Сабаздың өзі екен! — деді ересек бала, менің кескін-келбетіме
көңілі толып кеткендей. Мен ожырая қарап тұрған бойым үндемедім.
Ойымда киімімді ала қаша ма деген қауіп те туа бастады.
Бірақ менің ойлағаным болған жоқ. Екі бала менің шапанымның қасына
барып, өз киімдерін де сыпыра бастады. Ересек бала билегендей бір
қозғалыспен көз ілестірмей шолақ шалбарды сырғытып жерге түсірді де,
содан кейін ерекше бір достықпен кішірек баланы шешіндірді. Ақсақ бала
ересектің көзіне дəрменсіз жаутаңдап, жалыныш көзімен қарайтын сияқты.
Өзен жағасы аздаған жарлау еді, ересек бала ақсақ баланы суға дейін
көтеріп əкелді.
«Анау ағасы, мынау інісі екен»... — деген ойдың келуі-ақ мұң екен
Айдаш есіме түсіп кетіп, жалғызсырай бастадым. Иегім кемсеңдеп, бетаузым бұзыла бастады. Ересек бала əуелі ақсақ баланы судың жағасына
əкеліп қойды да, қарғып қырға қайта шығып, қыр басында жатқан барлық,
шоқпытты аяғымен лақтырып жағаға түсірді. Содан соң, кішірек баланы
тағы көтеріп алып суға беттеді...
3
Ересек бала ақсақ баланы ап менің қасыма əкеліп, ақырын ғана суға
түсірді де маған қарап:
— Өй, өзіңді қасқыр талаған ба? — деді.
Мен ұялыңқырай тұрып жайымды айттым. Ауылда жүргенде кім
ескерген, денем борана жүріп кеткендей екен.
— Қышып барады ғой, сірə?
— Қышиды... Жаурын ортама қолым жетпейді.
Кішірек бала өңі кетіп, бозарған қолын менің, иығыма салып:
— Қасиын ба? —деді.
— Қасы...
— Кел, Бораш, ендігəрі қышымастай етіп берейік! — деп ересек бала
менің арқа-басымды құммен ысқылай бастады. Əлсіз қолдарымен кішкене
бала да қасыған болады. Оның қолы тиген жер қыши түседі.
— Мұның бəрі тазалық жоқтықтан... Кірден! — деп қояды ересек бала.
Менің ол өсиетті ұғынар жайым жоқ.
— Мына жерімді, мына жерімді, — деп, тоқыма қораға сүйкенген
торпаққа ұсап, о жер, бұ жерімді тоса берем.
— Атың кім? —деді ересек бала.
— Қайырғали... Өзіңнің атың кім?
— Шеген... Мынаның аты Бораш... Мұны Боря дейтін боласың. Менің
атым онша бұрмалауға келмейді, Шеген аға дерсің. Мен екеуіңнен де
үлкенмін. Əкем байғұс баласын еркелете алмайтынын білген ғой сорлы,
Шеген дей салыпты...
Шеген менің атымды «Қайырғали, Қайрош, Қайрушке» деп, орысшақазақша оңды-солды бұрмалап көрді де:
— Атың ат емес екен... Сендей жеке батырға түк лайығы жоқ... Бүгіннен
бастап Костя боласың! Оғап молдадан көргенім бар, қазір дұрыстап атыңды
қойып берем! — деп, екі қолын құлағына апарып:
— Бүгіннен бастап сенің атың: Костя! Костя! Костя! — деді үш рет
құлағыма айғайлап.
— Апам ұрсып жүрсе қайтем? — дедім Шегенге қарап.
— Апаң қайда еді?
— Апам Қайрақтыда.
— Сен немене, Қайрақтыңа қайта қайтпақпысың? — деп, Шеген менің
үсті-басымды қайыстай илеп жатқан қолдарын дереу тартып алды. Бораш
та қасуын тоқтатты.
— Жоқ...— дедім, жаңа қосылған үйірімнен айрылғым келмей. Шеген
қолын арқама қайта салды... Сол күннен бастап күні бүгінге дейін менің
атым Костя, Константин болып кетті. Атымды өзгерткенде Шегеннің
берген мықты бір медеуі:
— Атыңды бұзып қойған молда ғой сенің! Ол саған не жақсылық тіледі
дейсің! Енді міне, туысыңа лайық Костя боласың! — деді.
— Туысым, сондай-ақ бір дəстүрлеуге лайық болып тұрса, бола-ақ
қойсын! — деп ойладым да, мен де көндім. Бораш бір аққұба ғана, қағілез,
қыз мінезді бала екен. Көздері де жаңа туған бұзаудың көзіндей бар дүниеге
таңдана қарайтын сияқты. Қуануы да, ренжіп қалуы да оп-оңай. Мөлдір
қара көзінен көңілінің түбі көрініп тұрғандай. Бұл, шынында да, өгей
шешенің отын-суына пысықтық жасай алмаған соң, оңай ғана тентіретіп
жіберген бала болу керек. Манағы «Кел, Бораш» дегеннен бастап менің
арқамды əлі тырналаған болып тұр. Қолы батпайды, сипап тұрғандай ғана
білінеді. Ол жаратылысында ауыр еңбекке арналмай жаралған бала сияқты.
Жүзінде естен бір шықпайтын, жүрегіне мəңгі байланып қалған ауыр бір
күрсініс бар. Ол күрсініс езу тартқанда да түгел жойылып кете алмайды.
Өз əліме қарамай, Борашты аяп кетіп, мен оған:
— Қара əжең келіп кетсін, — деді... ұрыспаймын деді... — дедім.
Бораш əpeң, ғана езу тартқандай болып еді, көзінің түбінде қуаныш
ұшқыны бір ғана жылт ете түскендей болды да қайта сөнді. Тез өшті, із
қалдырмай өшті. Жанары жарқырап бір қалған əдемі қара көздеріне
қайтадан күрсініс кірді.
— Ой, өзің бір құдайдың еркесі екесің, ғой! —деп, Шеген мені жаурын
ортадан шапалақпен шарт еткізді де, өзі де күліп жіберді. Үнсіз ғана Бораш
та жымиды.
— Судың сорып алмайтын ауруы жоқ... Көзің де ашылайын деді. Тап
бір көзін жаңа ашып келе жатқан сұр күшік сияқтысың. Бір жұмадан кейін
бөрі алатын көкжалдай боласың. Бір ай өткен соң көкжал бөрінің өзі
боласың! Ендігі қалғанын дүниенің жалғыз шамшырағы күнге емдетеміз.
Ал, кеттік! — деп, Шеген Борашты арқалап алды да, судан шыға бастады.
Бораштың арқасына мен де барып жармастым. Шеген екеумізді де көтеріп,
жағаға алып шықты. Əуелі ақсия күліп, тулап қалып, мені суға қайта
ырғытып жіберді де, Борашты ақырын ғана жерге қойды. Басым құмға
кіріп кетсе де, мен де қыңқ еткенім жоқ. Қаны шығып тұрған қарала
сирақты Шеген енді ғана көріп:
— Ойбай-ау, бар бəлең аяғыңда екен ғой! — деп, енді менің
аяқтарымды құммен ысқылай бастады.
Жайықтың таңертеңгі түюлі қабағы түгел жадырап, төсін күнге тұтас
тосып, күлімдеп жатқандай сезіледі. Таңертеңгі қатты толқындар өзен
түбінің лайын қопарып жатқандай еді, енді толқын баяулап, жағаның
қызғылт құмын меруерттей жуып жатыр. Өзеннің екі беті де балықтай
шолпылдаған бала. Əріректе ақ шағаладай шуласып əйелдер де суға түсіп
жатыр. Ыстықтаған иттер де өзенге келіп түсе бастады. Таңертең тұнжырап
көрінген қоңырқай қаланың ажары кіріп, еңбек үндері біріне-бірі қосылып,
үлкен бір гүрсіл-дүрсілге айналыпты. Кеше менің теңіз демалысы дегенім,
бүгін қала демалысы сияқтанады.
— Енді қарын қамын ойлалық. Мына қарында түк жоқ, — деп, Шеген
қабысқан қарнын қағып-қағып қойды. Шеген сұлу, сұңғақ денелі, бұлшық
еттері болаттай иірілетін, күнге күйген тобылғы-торы екен. Қақпақ
жаурынды, қыздай қыпша бел, кеудесі шалқақ біткен бəйге атындай жарау,
ете оңтайлы бала екен. Келте мұрын, азғана аузы үлкенірек, қоңыр көздеу
болғанмен маған ол өте сымбатты көрінді. Табаны жалпақ та, тайпақ та
емес, аяғының үсті биік, бар денесі шақпақтай. Əлде ақсиған тістері ме,
əлде ақкөңілділігі ме, əлде қабағына қақ тұрмайтын ойнақылығы ма,
əйтеуір Шеген мені біржола тартып əкетті. Бір көргеннен-ақ мен де Шеген
болғым келді. Шеген сақылдап қатты күледі. Өмірдің, ащы-тұщы, қайғықуаныш дегендері ойына да кіріп шықпайтын сияқты. Тегі, оның сүйері —
уайымсыз еркіндік, өз ойланғанына өз күшімен жету болу керек.
Шеген менің аяғымдағы толып жатқан жара мен жарықтарын көріп,
басын шайқады да:
— Уай, мынауың болмайды, — деді, түсінемісің дегендей көзіме қадала
қарап. — Ең алдымен адамға бас керек. Онсыз өмір Оғап молданың
көрінен де қараңғы болады. Онсыз өмір құраннан жаман, түсіне алмайсың.
Екінші, бізге аяқ керек. Қашсаң — құтылатын бол, қусаң жететін бол.
Керек боп қалса, құстай ұшатын бол! Мынадай табан бола ма екен қырық
тесік! Аяғыңның жалпы бітімі жаман болмағанмен қазіргі хəлі
қанағаттанарлық емес деп танимын... Жата тұр құмның үстінде. Мен қазір
келем, — деп, Шеген қалаға қарай жүгіріп кетті.
— Дəрі əкеледі. Екі күнде жазып береді! —деді Бораш, ұзай берген
Шегенге риза көзбен қарап. Жүзіндегі күрсініс ізі осы арада ғана түгел бір
жойылып кетті.
— Сен қалай ақсадың? — дедім Борашқа, іскен оң, тізесіне қолымды
апарып.
— Əй апам қораның төбесінен құлатып жіберді.
«Əй апасы» өгей шешесі екенін түсіндім де, одан арғыны қазбалағаным
жоқ. Бораш шорланып бітіп келе жатқан оң тізесін сипалай отырып:
— Соқаның үстіне құлап түстім... Шеген ағам жазды ғой əйтеуір... Енді
бір айда жүгіруге жарайсың дейді... Балық майынан жазылды. Тіпті
жазылып қалып еді, əнеугүні «дегдом» ұстап ала жаздап, содан қашқанда
тағы бүлдіріп алдым, — деді. Бұл жолы өзінің қашып құтылғанына
мақтанатындай жымиып та қойды.
— Мен де керемет жүйрікпін! — дедім, мақтанғым келіп кетіп.
— Ойбой... Шегендей емес шығарсың!.. Шеген қайда, ол!.. Ол ағып
бара жатқан машинаны қуып жетіп, асылып кете береді! Біреу көріп қалса,
қарғып түсіп, кете беруі де түк емес. Ол əшейін желаяқ! — деді Бораш,
масаттана сөйлеп.
— Е, сен қалай қаштың, «дегдом» қуғанда?
— Шеген мені көпірдің үстінен өзенге тастап жіберді де судан басыңды
ғана шығарып, шомылған балалардың ішінде отыра бер басқа баланың
басынан сенің басың кем емес, тани алмайды, — деп, өзі көпірдің, үстімен
тартып отырды...
— Шеген неліктен үйінен қашып кеткен?
— Үйінен емес. Оғап молдадан қашып кетіпті. Үш жұма бойы арабша
оқып, əліп-ки-күсін-əн деген бірдемеге түсіне алмапты да «мұныңыз
немене өзі, мен түсінбейтін нəрсені оқығым келмейді» деген екен. Оғап
молда он шыбық сынғанша дүре соғыпты. Оның үйі жоқ, жездесінің
қолында жүреді екен, — деді Бораш, еріксіз күрсініп. Сол кезде:
— Иə! Əуп! — деп, биік жардан бір-ақ секіріп, Шеген де қасымызға
келіп түсті.
Шеген мен Бораш екеуі үсті-басыма қарала, торала етіп йод жағып,
оның үстінен сарғыш бір май жағып, ұзын ақ шүберекпен «бинттеп»
тастады. Маған олардың емдегені емес, екеуі бірдей асты-үстіме түсіп,
достық көрсеткендері қатты ұнады.
— Бір жұмада табаның əмірқан етіктің ұлтанындай жылтырайтын
болады, — дейді Бораш.
— Жоқ, Оғап молданың мəсісінің ұлтанындай жылтырайды! — деп,
Шеген сақылдап күледі. «Əмірқан етік» дегені немене, Оғап молданың
мəсісінің табаны қандай екен менің онда жұмысым да жоқ, əйтеуір
табанымның солқылдағаны басыла бастағанын сезем.
— Сен əлі тоқтай тұр, Костя! Тозған ескі теріңді түгел сыпырып тастап,
тесігі жоқ, теңбілі жоқ, жаңа тері жасап берем. Теңіздің «ит балығындай», я
болмаса, құндыздай жылтылдайтын боласың! — дейді Шеген, менің бар
арманым «ит балық» болудай-ақ... Бірақ мен Шегеннің ешбір сөзіне
қарсылық айта алмайтын халге жеткенімді де сезем.
Екі ақсақ, бір желаяқ — үш боздақ, енді базарға қарай бет алдық.
— Құдай тағала қарын қамы дегенді жаратпаса да болады екен... Амал
қайсы... Кейде өнеріңді соған да жұмсайсың! — деді Шеген.
— «Зəурешті» айтайын ба, «Айнамкөзді» айтайын ба? — деді Бораш,
базар шеті көріне берген кезде. Шеген басын шайқап:
— Костя білмейді ғой. Қоя тұр. Əдемі əндерді кез келген күнге қор қыла
береміз бе? — деді.
Балаға білмейсің дегеннен ауыр тиетін сөз болар ма, мен дереу:
— Неге білмейін! «Зəурешті» зарлатып жіберемін,— дедім.
— Жоқ, білмейсің. Борашқа қосылып айту үшін бір жеті үйренуің
керек. Мұның даусына бүкіл қала жаңғырығады. Не əбден қысылғанда, не
болмаса жексенбі күнгі базарда айтарсыңдар! —деп, Шеген Борашты сол
қолымен бір құшақтады да:
— Сенің де үсті-басың толған өнер білем, қу шеке! — деп, мені де
арқаға қағып-қағып қойды. Бораштың, жүзі де жадырап сала берді, ал, мен
үшін дүниеде бұдан артық достық болмайтындай көрініп кетті.
Тамақ табу үшін бұлар базар халқына əр түрлі өнер көрсетеді екен. Əн
салады, Шеген доңғалақша айнала біледі, ақсақ та, соқыр да, саңырау да
бола алады. Жылатса көзіңнің жасын тыйғызбайтын, күлдірсе шегіңді
қатыратын толып жатқан əңгімелер біледі.
— Мен əшейін «цирк», Бораш барып тұрған «опера»!— деді Шеген.
Мен «опера» дегенді түсіне алмай қалып ем, Шеген:
— Опера деген Саратау театры1 — деп түсіндірді. Мен мұнысына да
түсіне қоя алмаған соң үндемеп едім, Шеген:
— Оны əлі көзіңмен көресің. Көрсетем, — деді. Шеген қайдағының
бəрін біледі. Жасы он бесте екен. Бораш балалар үйін «дегдом» десе,
Шеген «детдом» деп əр дыбысын ашық естіртіп айтады. Өзім іздеп жүрген
балалар үйінің атын қалай айту керек екенін мен де үйреніп ала қойдым —
детдом!
— Детдомды жаратпайтыным — ылғи бір бағында жүргендей боласың.
Ерте де түгендейді, кеш те түгендейді... Өз қолыңнан түк келмейтіндей,
бұзаудай бағады. «Деткоммуна болса, жеңсігі басылып, желігі бітпеген
ойын баласын бірден үлкен адам, естияр адам қылуға жан таласады. Мен
соның екеуіне де көне алмадым. Анда барам десең де «рұхсат», мұнда
барсаң да «рұхсат» керек. Детдом директоры бізді де өзіндей шал көре ме,
немене, рұхсатсыз бір аяқ бастырмайды. Өзі де дүниеге қара қалпағымен
көк сақалымен келген жоқ шығар!.. Жас бала аяқтанар кезде əуелі тəйтəйлап жүріп, құлап-жығылып, сүйтіп барып жүгіріп кетпей ме?.. Ол ылғи
«ойбай, құлайсың! Жүгірме, отыр!» дейді саған... Өмір деген ол үшін
қазулы жатқан ордай көрінеді ғой деймін... Мен соған көне алмадым!
Желдей ескен еркіндікке жететін не болсын! — деп, Шеген маған қарап еді,
мен оның ұзақ сүресіне түсіне алмай Борашқа қарадым. Бораштың жүзінде
түсінгендік бар екен мен қорланыңқырап қалдым.
Базарға арқан бойы қалғанда Шеген Бораш екеумізді жетелеп алды да:
— Ал, қырғилар, аздап болса да өнер көрсетіп жіберейік. Өнер
жылатуға да жарайды, күлдіруге де жарайды. Бұл сиқырдан да керемет. Ал,
аяқты қиралаңдата түсіңдер! — деп, өзі де шойнаңдай қалды. Шеген
ақсағанда, шын ақсақтар далада қалдық. Оң аяғы ағаштай қатып, серейіп
жер сызып келеді. Жүріп келе жатқан жалғыз сол аяғы сияқты.
— Алақан жаю, көз сүзу болмасын! — деді де, Шеген бізді базарға
алып кірді.
Біз жақындай бергенде-ақ айран, сүт сатып отырған базаршы əйелдер
сықылықтап күле бастады.
— Мынау бүгін аяқтан айрылыпты ғой... Байғұс-ай!..
— Ертең бұл басынан да айрылып келер, əлі!..
— Үшеуінің, жараса кеткенін қара!.. Бүгін үшеу болыпты! — деп
базаршы халық мəз болып қалды.
Біз алақан жайғамыз жоқ. Əдейі ақсап, «өнер» көрсетіп келе жатқандай
жақындай беріп едік, азды-көпті сауда істеп көңілденіп қалған əйелдер,
біреуі нанын, біреуі жұмыртқасын ұсына бастады. Таңертеңгі қатыңқы
қабақтар жадырап, түске тармаса мырзалық кірген сияқты.
— Боря, Борашик, əн салып жіберші, айналайын! — деп, бір жас əйел
қылқылдай бастап еді, ересек əйелдер оған дүрсе қоя беріп:
— Мынау ыстық, шаң базарда мойны үзіліп кеткелі тұрған балаға əн
салдырмақпысың? — деп, тоқтатып тастады. Мен осы арада ғана анық
байқадым, — Бораштың мойны қылқиып, көк тамырлары тарам-тарам
болып тұр екен.
Бір тақтайдың бойын сүзіп шықпай жатып-ақ азық-түлікке молығып
қалдық. Көздері соқырайған кепкен балықтар да бар, ортасын ойып ақ
ірімшік салып пісірген қып-қызыл тəтті нандар да бар, жұмыртқа да бар,
үгіршіктер де бар... Бар табысты менің шапаныма орап алып, енді бірдеме
ұсынған əйелдерге қарап, Шеген:
— Сіздің, кезегіңіз кейін... Тек ұмытып кетпеңіз... — деді.
— Қап мынаған кезек тұратын болғанымыз ба?! — деп, əйелдер де
кірбіңсіз, күлісіп қалып жатыр.
— Қане, қырғилар, кеттік! — деп, Шеген қаздаңдай басып, Жайыққа
қарай тартты. Оң аяғымен жер сызып, шаңдатып Бораш келе жатыр,
шандып алған екі аяқтан есілген құмға түйенің ізіндей дөңгелек із тастап
мен келемін.
Мені олар «салқын сарайларына» алып келді. Жайықтың жар
қабағының астын кеулеп кеткен кең бір үңгір екен. Астына көк құрақ төсеп
тастапты. Үңгірдің дəл аузына тіреле өзен жатыр. Үңгір кең, кішігірім
бөлмедей бар. Жарығы аузынан ғана түсіп, күн сəулесі жолай алмайтын
үңгір «салқын сарай» деп босқа аталмаған сияқты. Əрі еркін, əрі салқын,
рахат ұясы осы сияқты көрініп кетті.
Түкпірге таман, қабырғаның бір жерін əдемілеп тұрып қолмен ойыпты
да, оған бірталай кітап тізіп қойыпты. Санай жүру бақташының əдеті ғой,
мен бір қарағанда-ақ он бес кітап екенін сыдыртып санап шықтым. Менің
кітаптарға көзім түсіп тұрғанын Шеген де байқап қалып:
— Оқи білемісің? — деді.
— Білмеймін, — дедім ұялған үнмен. Шеген оныма өкінетіндей, басын
шайқады:
— Оның болмайды, Костя! Оқу керек! Адамның басы қарбыз емес, —
деді.
Мен қайда жүріп, қалай оқы дейтініне түсіне алмай, аңырып қалдым.
Оқымаған өз айыбым сияқтанып, қысылып та тұрмын. Шеген біраз
ойланып қалғандай болды да:
— Есептей білемісің? — деді.
— Білем.
— Нешеге дейін?
— Екі мың сегіз жүз сексен жетіге дейін...
Шеген қарқылдап күліп жіберді. Мақтаныңқырап кеткенімді өзім де
аңғардым. Оның үстіне, «екі мың дегенім дұрыс-ақ болсын... Үлкен сан,
мақтанарлық сан... Сегіз жүз де жаман емес... Ал, сексен жеті деген
немене? Не үшін сексен сегіз емес, не болмаса, тұп-тура тоқсан емес? деген
ой келеді. Шеген көк құрақтың үстіне құлай кетіп күлкісін əлі тыя алмай
жатыр.
— Екі мың сегіз жүз сексен жеті!.. Өлтірдің, Костя, өлтірдің мені! —
деп, кейде қатты қарқылдап жіберіп, кейде де булығып, демін ала алмай,
аунап-аунап күледі.
Əрі-беріден соң ғана есіме түсті, сексен жеті дегенім баққан
сиырларымның саны екен. Шегенге осыны айттым.
— Е, бақташы ма едің! — деді Шеген, күлкісін тыйып.
— Ие, жазғытұрымнан бері сиыр бағам.
— Біз сені түнде көріп, алып кетсек қайтеді деп те ойлап едік. Бірақ,
таптық жағыңа көзіміз жеткен соң көрерміз деп қозғамап едік. Енді көзіміз
жетті, біздіксің! — деді Шеген.
— Мен «таптық жағың» дегенің немене деп сұрадым. Шеген маған:
— Шпана, бұзақылардың бірі болып жүре ме деп, жоламап едік.
Ондайлар да болады. Олар бізге жолдас емес, — деп түсіндірді.
Пұшық мұрын, бақыр шайнекті отқа қойып жатып:
— Бірақ сен оқуың керек! Оны біліп қой! — деді Шеген.
— Оқымаған бала оқыған балаға жолдас бола алмай ма? — деп,
жəбірленгенімді білдіргім келіп бір тұрдым да, бата алмадым. Сұрай
алмадым.
— Өзі орысша-қазақшаға судай! — деді Бораш, ақырын ғана сыбырлап.
— Сен ше?
— Оқи алам...
Көзім жасық тартып, үстіңгі қабаттарым азырақ қызып бара жатқандай,
аузым балдыр татып бара жатқандай сезіледі. Жəбір, қорлану, намыстану
дегендер қол ұстасып, алқымға келіп, буып бара жатқандай сезіледі.
— Əуелі таза болайық, — деп, Шеген менің шапанымды алып өзенді
сабалай бастады. Айналдырған екі түймемнің біреуі үзіліп кете ме деп, мен
қылпылдап отырмын.
— Шапан жарықтық əкеңнен қалса да ескі исінен əбден арылатын
болсын, — дейді Шеген.
Əуелі түймелеріме жаным ашып Шегеннің қасына барып ем. Артынан
сабалаған судың сартылдағанына қызығып кетіп, шапанымды сабаласуға
өзім де қосылып кеттім.
Борашта бір ерекше тəртіптілік бар. Əлдеқайдан ұзындау келген көкала
орамал тауып алып, оны əдемілеп төсеп, əкелген базарлықтарымызды түртүрімен жайып жатыр. Екі ақ қалайы бокалдары бар екен оны ысқылап,
сүртіп, ыстық сумен шайып тастап:
— Шеген аға, шайға келіңдер, — деді.
Шайға отырған соң, Шеген маған тағы үш түрлі өсиет айтты...
— Алтын жатса — алмаймыз! Бір ме?
— Бір
— Өтірік aйтпаймыз Екі ме?
— Екі
— Алдау үшін өтірік айтсаң, кешіреді екен деме, алданбау үшін өтірік
айтсаң, іркілме! — деп, бір тоқтағанда мен:
— Үш, деп қалдым.
— Жоқ, үш емес, əлі екеу-ақ, — деді Шеген. — Үшіншім үш күннің
ішінде бізбен бірге қуанып, бізбен бірге мұңаятын боласың. Өз бетіңмен
оңаша қуанып, оңаша мұңаятын болсаң сен бізге жолдас та емессін. Қуана
біліп, мұңая білмесең тіпті жақсы. Осымен үш болады! — деді.
— Үш! — дедім ризалығымды білдіріп...
— Уəде ғой?
— Уəде!
— Ал енді шайыңды іш...
Қарынды сықап алдық та, көк құраққа аунай кеттік... Əсем денесін
əдейі əдемілеп кергендей, қара көлеңкеде шойыннан құйғандай боп Шеген
жатыр. Оның бүйіріне басымызды тигізе Бораш екеуміз көлденең
жатырмыз. Еркелеп, мазалап қоямыз. Тап осылай, еркелесіп, аймаласып
жататын ұялас күшіктер көз алдыма келеді. Салқын жай, еркін достық,
кешегі көрген кейісімді ұмыттырып жібергендей оңаша қуанып, оңаша
ойланбайын деп, мен де Шегеннің бауырына кіре түскім келеді. Шеген
шалқасынан жатқан бойы менің аузымды сипалап:
— Мұрның, онша əдемі емес... Көзіңнің сынын кейін айтам, əзір өз
қалпына келе қойған жоқ əлі. Денең шымыр... Кеудең шалқақ, құс төс
екесің, жүйрік боларсың... — деді.
Арқасынан сипаған бала мысықтай болып, кезімді жұмып алып ішімнен
мардамсып мен жатырмын. Шегеннің көңілі маған ауған бір сəтті
қызғанып, Бораш Шегенді басымен сүзгілеп қояды...
— Қане, Бораш, бастап жібер. Костя үйрене берсін, — деді Шегең
жатқан қалпын өзгертпей.
Бораш басын көтеріп алып, «Зəуреш» əніне сала жөнеліп еді, мен ілесе
алмадым. Бipece даусым «қиқ» етіп қалып, біресе «шиқ» етіп қалып, бұрала
шыққан Бораш даусына жанаса алмай қойды. Құлдырап жоғары кетіп,
құлдилап төмен құлаған шын дауыс менің шіңкілдегімді маңайталар емес.
Бораштың дауысы бозторғайдай жоғарыда шырылдайды да, мен
қалтылдап, қалықтап тұрған бозторғайдың астынан қарап тұрған
сияқтымын. Кейбір кезде өзімнің тап осылай қарап тұратыным есіме
түседі.
Бораш Жайықтың аржағында Зəурештің моласын көріп отырғандай,
көзін алысқа бір қадап алды да, барынша мұңды, барынша сазды үнмен
əннің иығын шығара, мұң мен шерін жүрегіңе құйғандай зармен айтты.
Үңгіріміз үн қосқандай. Жайық бойындағы бар бозторғай қосыла
шырылдағандай болды. Өлең мен əннің бірге өрілгендей шыққанына таң
қалып, мен тоқтап қалдым. Ұзақ əн ұзын Ақ Жайықтай тартылып,
ойыңның əр түкпірін бір түртіп, өн бойыңды тұтас шымырлатқандай,
алыстағы зар ел есінен əлі шықпағандай, ауыр бір қасірет күйі əрбір шерлі
жанның жүрегіне шоқ тастағандай еді.
— Өз шешесінің аты да Зəуреш екен... — деді Шеген ақырын ғана
құлағыма сыбырлап. Тұлабойым дір ете түсті.
Бораштың кімді жоқтап, зарланып отырғанын мен енді ғана ұғындым.
Туған шешесін көрді ме, жоқ па, есінде ана мейрімінен не қалды, жетім
бала зар қағып, соны айтып отыр. Шешесінің атын атаған сайын жүрегіне
шемен боп қатқан жетімдік шері ұлғая түсетін сияқты. Шерге толы əн
толқыны Бораштың өзін де қаңбақтай домалатып əкетіп бара жатқандай.
Шешем есіме түсіп кетіп, мен де Борашқа қарап, жаутаңдай бастадым.
Көзге келе берген жасымды Шеген сұқ саусағын шошайтып тыйып
тастады. Бірақ үңгір іші манадан бергі ойнақы түрінен айрылып, елден
алыс, жұрттан оңаша, əрі-сəрінің орнындай, бар қызығы бітіп, жүдеп сала
берді. Бораш тоқтаған соң Шеген маған бұрылып:
— Қалай екен? — деді.
— Мен бұлай айта алмаймын, — дедім.
— Өз білетініңді айт. Іркілмейтін бол, — деп Шеген қоймаған соң, мен
«Гурьевті» айтып байқап едім, даусым жүрексіне шықты.
Көрінген сонадайдан, Гурьевім, Көргем жоқ Гурьевтей жер биігін...
— Гурьев жер биігі болса, Ақ Жайық осы араға келіп құйып жатпай,
осы арадан басталып жатар еді, — деді Шеген. Менің өлеңім оған
ұнамағанын сездім де, мен де тоқтадым. Содан кейін Бораштың алдында
өлең айтуды да қойдым.
Үңгір іші қараңғылана түсті. Өмірдің бір қалтарысы сияқты үңгірде бір
күнім өткенін аңғардым. Еркіндігі көп пе, əуре-сарсаң өкініші көп пе, оны
болжар жай жоқ, əйтеуір бір шатқалаңы көп жолға түскендей, жүрегім
орныға алмады. Ұйықтай алмай жатқанымды Шегенге білдірмеу үшін, таң
атқанша бір жатқан жағымнан аунап түсуге қорқып, ұйықтаған боп
пысылдадым да жаттым...
4
Қалада өткен үш күннің ішінде мың түрлі олақтығым барын байқадым.
Аяқ бассам-ақ болғаны, қаланың бір дəстүріне мұрындығым іліне кетеді.
Қала жұртының əдеті де басқа, салты да басқа екен. Қала өміріне үйреніп
қалған Шегеннен қалыспаймын деп, аяғымды ептеп-ақ басам, ептемеймін
десем-ақ ерсі бірдемеге ұрына да кетем. Көрмеген дүниеңде көзің
түспейтін бір нəрсе болсайшы! Көрінгенге қараймын деймін де, кез
келгенге соқтыға берем...
Менің олақтығымнан үш күннен кейін қолға түсіп қалдық. Бұл жолы
бізді милициялар алдап соқты. Даланың əн құмарлығы ұстап берді. Қолға
түскенімізге қуану керек екенін кейін білсем де, дəл сол күні қатты
ренжідім.
Тақтаймен қоршалған «жазғы театрда» Шеген айта беретін Саратау
операсы ойын көрсетіп жатыр екен. Жұрт орнына жайласып болып,
шымылдық етегін түре берген кезде қоршаудың басына біз де қонып қалып
едік. Шеген театр маңайын екі рет айналып келді де:
— Бүгін бір милиционер жоқ екен. Құдай берді аяғына дейін көретін
болдық! — деді.
Өткен түні ойынды бұзылған бір сарайдың төбесінде отырып, алыстан
көріп едік. Бүгін оған шыдай алмадық. Үшкірлеп қана дөрекі күйінде
шегелей салған тақтай қоршаудың басына шығып алдық. Сақ отырайық деп
келіссек те, əн басталған кезде оны бəріміз де ұмытып кетіппіз.
Гурьев желі түнге қарай теңіз жақтан соғады да, түні азырақ салқындау
болады. Менің үстімде шапаным бар. Əрі арық, əрі тоңғақ Бораш Шеген
екеуміздің ортамызда отыр.
Үлбіреген ақ жібекке оранған, өзі де жібектей үлбіреп тұрған ақ
келіншек əн салып болған соң, жұрт алақаны сартылдап түн аспанын
жаңғырықтырып жіберді. Манадан қыбыр етсек Шеген екеумізді кезек
түртіп қалып, өзі үн шығармай тыңдап отырған Бораш алақан соғам деп,
ұшып түсе жаздады. Қоршау басына қонған қара тағанға ұстап, қыпылдап
əрең отырғанымызда жұмысы да жоқ.
— Қалай айтады, ə? Неткен əнші еді! Алақандарыңды аяймысыңдар! —
деп бізге ұрсады. Одан гөрі біздің алақанымыз қатты сартылдап жатқанын
аңғармайтын сияқты.
Сахнада менің таңғалып отырғаным басқа нəрсе еді. Оның атын
бояудың көптігі дер едім. Ақ, қара, қызыл, сары деп жорып, дүниеде бояу
дегеннің көптігін көрмек түгіл, естімеген де екемін. Бір ғана көк дейтін
түсіміздің өзі сахнада толып жатқан түрге бөлініп тұр. Шын мағынада
көрдім. Бұл күнге дейін, мен аспанның, көктігін білуші ем, бірақ шын ашық
көк, айқын көк сахнада болады екен. Əр түрлі бояу əн салып, кейде бірге
күліп, кейде бірге мұңайып қояды... Алтын мен күміс, берен мен жібек,
бояу арқылы үн қосып, əнші əйелге қосылып əн салып тұрғандай.
Салқын желден бірімізге біріміз тығылып, ұйлыға түсеміз. Қараңғы түн
ауырлап, аспан жерге жақындай түскен сияқтанады. Сол ауыр түнді
найзағайдай тіліп, əйел əні аспанға өрлеп бара жатқандай... Үстіндегі
көйлегіндей, көгілдір көзді əнші əйел əнімен бірге өзі де аспанға оп-оңай
көтеріліп кеткендей көрінеді. Əйел екінші əнін аяқтаған кезде тақтай
қоршау соққан алақаннан жарылып кеткен шығар деп едім. Жұрт алғысын
айғайлап айтып, айналамыз ат шапқандай дүңкілдеп кетті.
Осы кезде қоршауды тасаланып, екі милиционер де келіп қалған екен.
Дəл қасымыздан ұрланып қана шыққан ақырын ысқырыққа жалт қарағанда
Шегенге жақындай берген милиционерді көрдім. Шеген биіктен
секіргендей қарғып кетіп, қараңғы жерге барып түсті. Бізге де:
«секіріңдер!»— деді.
Бораш секіремін деп, милиционердің дəл алдына құлап түсті де:
— Ойбай, аяғым! — деді.
Мен бұрылып секіре бергенімде шоқпыт шапан үшкір тақтайға ілегіп,
ту сыртымнан асылдым да қалдым. Еш жерім ауырған да жоқ, қорыққан да
жоқпын. Ұялғаннан тақтайды тепкілеп, бақыра бастадым. «Өлімнен ұят
күшті» дегенді кейінірек естісем де осы арада өз басымнан бір өткіздім-ау
деймін. Арқаңнан асылып қалып, тырп етуге шамаң жоқ, аяққаптай ілулі
тұрғаның ұят-ақ сияқты.
Театр да отырған адамдар менің дауысымды естіп:
— Не деген бұзақылық бұл!
— Кім бар бұған тиым салатын? — десіп, ашу шақыра бастады. Бораш
əрең деп қоршауға сүйеніп, маған жақындады да:
— Шығарма үніңді! Əн салып жатқанын естімеймісің! – деп аяғымнан
тартты. Бірінші рет маған зекіп айтты.
— Сенің ешбір жерің ауырған жоқ. Өтірік бақырасың! – деп қасымда
бір милиционер тұр. Милиционер менің мықтап ілінгенімді бір байқап
алды да:
— Азырақ шыдай тұр. Қазір түсіріп алам... — деді.
Шеген орғып шығып сонадай барып тұр. Бізге дыбыс беріп қояды.
Бораш екеуміздің, біржола қолға түскенімізді білген соң Шегенге қарай
ұмтылды. Шеген театрды айнала қашып, бізді тастап кетпейтінін аңдатып
қойды. Милиционерлер түлкіге төнген бүркіттей түйіліп, қақпақылға
салып, Шегенді аз-ақ іліп түспей жүр. Шеген кейде киіктей орғып, кейде
балықтай бұлт етіп қалып, жалт беріп, оқыс бұрылып, еркін жүрген сияқты.
You have read 1 text from Kazakh literature.
Next - Қазақ солдаты - 03
  • Parts
  • Қазақ солдаты - 01
    Total number of words is 4151
    Total number of unique words is 2163
    35.7 of words are in the 2000 most common words
    48.3 of words are in the 5000 most common words
    56.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 02
    Total number of words is 4074
    Total number of unique words is 2108
    36.0 of words are in the 2000 most common words
    50.9 of words are in the 5000 most common words
    58.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 03
    Total number of words is 4133
    Total number of unique words is 2092
    37.8 of words are in the 2000 most common words
    52.7 of words are in the 5000 most common words
    60.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 04
    Total number of words is 4064
    Total number of unique words is 2142
    36.3 of words are in the 2000 most common words
    51.9 of words are in the 5000 most common words
    60.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 05
    Total number of words is 4112
    Total number of unique words is 2242
    35.2 of words are in the 2000 most common words
    49.8 of words are in the 5000 most common words
    57.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 06
    Total number of words is 4147
    Total number of unique words is 2201
    37.4 of words are in the 2000 most common words
    52.7 of words are in the 5000 most common words
    61.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 07
    Total number of words is 4110
    Total number of unique words is 2267
    35.3 of words are in the 2000 most common words
    50.8 of words are in the 5000 most common words
    57.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 08
    Total number of words is 4062
    Total number of unique words is 2201
    34.5 of words are in the 2000 most common words
    49.9 of words are in the 5000 most common words
    57.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 09
    Total number of words is 4108
    Total number of unique words is 2058
    36.5 of words are in the 2000 most common words
    50.5 of words are in the 5000 most common words
    57.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 10
    Total number of words is 4044
    Total number of unique words is 2113
    36.6 of words are in the 2000 most common words
    52.4 of words are in the 5000 most common words
    60.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 11
    Total number of words is 4036
    Total number of unique words is 2030
    35.8 of words are in the 2000 most common words
    51.1 of words are in the 5000 most common words
    57.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 12
    Total number of words is 4075
    Total number of unique words is 2154
    34.2 of words are in the 2000 most common words
    49.7 of words are in the 5000 most common words
    57.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 13
    Total number of words is 4068
    Total number of unique words is 2144
    33.1 of words are in the 2000 most common words
    48.8 of words are in the 5000 most common words
    55.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 14
    Total number of words is 4063
    Total number of unique words is 2149
    34.0 of words are in the 2000 most common words
    49.8 of words are in the 5000 most common words
    56.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 15
    Total number of words is 4032
    Total number of unique words is 2124
    35.3 of words are in the 2000 most common words
    50.5 of words are in the 5000 most common words
    57.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 16
    Total number of words is 4067
    Total number of unique words is 2018
    35.8 of words are in the 2000 most common words
    50.4 of words are in the 5000 most common words
    57.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 17
    Total number of words is 4089
    Total number of unique words is 2187
    35.0 of words are in the 2000 most common words
    48.7 of words are in the 5000 most common words
    55.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 18
    Total number of words is 4047
    Total number of unique words is 2190
    34.6 of words are in the 2000 most common words
    49.5 of words are in the 5000 most common words
    56.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 19
    Total number of words is 4061
    Total number of unique words is 2162
    33.3 of words are in the 2000 most common words
    49.5 of words are in the 5000 most common words
    56.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 20
    Total number of words is 4061
    Total number of unique words is 2182
    33.5 of words are in the 2000 most common words
    48.0 of words are in the 5000 most common words
    55.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 21
    Total number of words is 3969
    Total number of unique words is 2106
    33.9 of words are in the 2000 most common words
    48.8 of words are in the 5000 most common words
    55.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 22
    Total number of words is 3985
    Total number of unique words is 2066
    35.9 of words are in the 2000 most common words
    50.3 of words are in the 5000 most common words
    57.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 23
    Total number of words is 3821
    Total number of unique words is 2014
    34.1 of words are in the 2000 most common words
    48.4 of words are in the 5000 most common words
    55.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 24
    Total number of words is 3977
    Total number of unique words is 2066
    34.9 of words are in the 2000 most common words
    48.5 of words are in the 5000 most common words
    55.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 25
    Total number of words is 1652
    Total number of unique words is 1004
    41.0 of words are in the 2000 most common words
    55.3 of words are in the 5000 most common words
    60.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.