Latin Common Turkic

Қазақ солдаты - 10

Total number of words is 4044
Total number of unique words is 2113
36.6 of words are in the 2000 most common words
52.4 of words are in the 5000 most common words
60.0 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
Міне, он екінші рет «Аспан! Аспан!» десіп қалдық. Өкіріп, ұлып,
шегірткедей cap бауыр, көк-жағал ауыр самолеттер де келіп, боратып
тұрып, бомбаның астына алды. Айнала құйын көтерілгендей, қара боран.
Қара бораннан күннің көзі де кішірейіп, əрең ғана қызарып көрінеді. Жер
жарылып бара жатқандай, тау құлағандай күркіреген үн айналаны бір сəтте
тып-типыл қылып, жансауға жасар сай-жыраларға қайта тықты. Кейде
бұрқырап аспанға көтерілген шаң-топырақ, аспанға шапшыған сумен
айқасып қалады. Аспанға ұшқан ұсақ тастар көпір үстіне гүрс-гүрс түседі.
Жер ауыр ыңқылдағандай, ұлыған, өкірген үн, дүние төңкеріліп бара
жатқандай сезіледі. Құлағыңмен де, аузыңмен де, тіпті етігіңнің ұлтанымен
де сол бір дүние өкіргендей үрей үнді естисің.
Басым терең қазылған окоптың түкпіріне барып жабысып қалыпты. Бар
денем жермен бірге дірілдейді, жермен бірге гуілдегендей болады. Қорқып
та жатқаным жоқ, қуанып та жатқаным жоқ. Бұл күнге дейін естіп-сезіп
көрмеген жат үнге таң қалып, содан ғана құтылғым келіп жатыр. Жер
баурына денеңді жапсыра түссең, үрей үні де əлсірегендей болады.
Мен əрең деп басымды жерден көтеріп алсам, арқасын окопқа тіреп,
мылтығын алдына көлденең салып, Петр отыр екен. Кескіні құсқысы
келген адамның өңі бұзылып кетіпті. Бірақ көзін аспанға тігіп, тыста не
болып жатқанын бақылап отыр. Окоптың бір бұрышын жалғыз алып Семен
отыр да, Володя оған жапсырыла қойыпты. Енді ғана бір-бір жымиысып
қалдық.
— Арқаң гуілдей ме? — деді Володя маған еңкейіп келіп.
— Сайтанның қайдан үйреніп жүргенін білмеймін, əн салады! — дедім.
— Мен бар ішкен-жегенімді ақтарып тастадым, — деді ақкөңіл, алып
Семен Зонин.
— Иттей ыза қылғаны-ақ батып отыр! — деді Петр. — Қазір мен
жиырма неміс солдатымен жалғыз алысар едім. Мылтықты тастап, құр қол
болсам да тайынбас едім!
Күтпеген жерден Семен қулық айтып:
— Онда маған қоштаса кетерсің... — дейді.
Аспанда қара құс қаптап кеткен соң окопқа қарай ұмтылғанымда, жаңа
ғана əлдеқайдан қайтып кеп, өгіздеріне бір қарап қойып, бері қарай
жөнелген таныс кемпірді көріп ем. Кемпір еш нəрсеге алаң етпей, қорқусасу да ойында жоқ, ақырын ғана кетіп бара жатты. Мен кемпірді
қолтығынан демеп, жедел жүріңкіреп кеп, өзен жар қабағының астына
түсірдім. Бұл маңда қазылған окоптар да, бомба қазып тастаған шұңқырлар
да көп, соның біреуіне түсірейін деп ем, кемпір басын шайқады. Гуілдеген
көп үн кемпірдің не айтқанын да естіртпеді. Енді бір үн толастаған сəтте
кемпір ауыр ыңырсығандай болды.
— Əлде, сіз жараланып қалғансыз ба? — деп сұрадым.
— Жоқ, шырағым, жараланғаным жоқ. Оқ мені не қылсын! — деді.
— Ыңырсығандай болдыңыз ғой?
— Ол жүрегім ғой, балам. Ыңқылдайды, ыңырсиды... Мынау үрей
үнінен оның үні аз деймісің... Қайсысы жеңер əлі, — деді.
Мен кемпірдің үміт күшінің молдығына, терең бір ойды дана бір
теңеумен айтып салғанына таңқалдым. Бомбалау басылысымен сізді өткізіп
жіберем дегім келді де, айтпадым. Кемпірге одан көп үлкен көңілдің сөзін,
үлкен жұбаныштың сөзін айту керек сияқтанды. Анда-санда бір сөз
айтысып, көп ойымызды сөзсіз ұғынысып, екеуміз жар астында ұзақ
отырып қалдық.
Жүзін түгел ажым басқан кемпір, кəрі көздерін шығысқа тігіп, бір тілек
тілегендей мүлгіп отыр. Мынау үрей үні құлағына кірмейтіндей, еріндері
əлденеменені күбірлеп қояды. Көздерінде өшпес үміт, ізгі тілектің ғана
сенімді елесі бар. Тас қабаққа жұмсақ қана сүйеніп, демалып отырғандай.
Бір кезде кемпірдің буалдыр көздері жарқ етіп жоғары қарап қалды.
Аспаннан бір жақсылық көріп қалғандай, бар денесімен елең етіп, қадала
түсті. Мен де кемпір қараған жаққа қадалдым. Кемпірдің тілегі қабыл
болғандай, күмістей жарқырап, біздің көк қырғи көрінді. Мұнартқан
аспаннан сүңгіп шыққандай екінші, үшінші, төртінші, бесінші қырғи
көрініп қалды.
Алдыңғы көк қырғи ағып келген бойы жаудың «қоңыр аласының»
тобына кіріп кетті де, атқып жоғары шығып ап, төге-түйілдіре оқ септі.
Пулеметтің таныс үні əндей естіледі, жердегі гүріл де сейіле қалды.
Оңтайлы көк қырғилар орамалдай ғана ақ бұлтты тасаланып, жалт етіп,
жарып тастап жүр.
— Құйрығына қонды деп ананы айтады, — дедім кемпірге.
— Көріп отырмын, балам, — деді кемпір.
Көк қырғи үлкен бір «қоңыр аланың» соңына түсіп алып, өкшелеп келе
жатыр еді, түтіні будақтаған «қоңыр ала» жерге қарай құйрығынан
шаншыла құлай берді. Ұп-ұзын жалынның бір ұшы аспанда, бір ұшына
«қоңыр ала» асылып қалғандай.
— Өз шегіне асылып қалғандай болады екен, — деді кемпір күлімдеп.
Мұны да бір астармен айтты. Мен:
— Иə, — дедім.
— Құлап келе жатқан немістікі ғой?
— Иə, немістікі.
Өжет көк қырғилар күміс найзадай жарқылдап, біресе ағып аспанға
шығады, біресе көкті тіліп төмен ағады. Құлдырап төмен ағып кеп, қайта
шапшып жоғары кетеді! Əттең, əлі аз! Тас артып алған машинадай салдыргүлдір ауыр «қоңыр алалар» ортаға алып, қамай бастаған соң, біздің көк
қырғилар сытылып шығып, тағы кетіп қалды. Ол кезде аспан ұрыстарында
немістердің қолы бізден көп ұзын, көп əлуетті еді...
Аспанда жүрген үлкен бір тарақан тəрізді қоңыр жол сары бауыр
көрінетін ауыр самолет көпірдің жоғарғы жағынан суға келіп құлады.
Манағы біреуі төмен ұшып келе жатып, тұмсығынан шаншыла құлап еді,
бұл құйрығынан шаншыла түсті. Суға шолп етіп кеп түсті де, кеуде
жағының салмағы басып, өзенге ұзыннан сұлай кетіп, үні өшті. Аспанға
шапшыған сумен бірге, таспадай тарамдалған от та шапшып еді, сумен
бірге қайта тамшылап өзенге түсіп жатыр. Жанып шашыраған бензиннен
өзеннің жағасына топ-топ от торғайлар қонып жатқан сияқтанады. Самолет
жарылып, төгілген бензин құшақ-құшақ от болып лапылдап жанып,
көпірдің астымен төмен ағып барады. Толқын отқа көбігін шашады, от
лапылдап өрши түседі. От пен су арпалысып, алысып барады.
Кемпір көзін жұмып қалып, қолын алдыңғы жағына нұсқады. Мен
көпірге қарадым. Көпірдің дəл түбінен аспанға атқан су өте биік көтеріліп,
гүрс етіп жарылғандай болды да, аздан кейін арнасына қайта құлады. Су
жауып кеткен көпір енді ғана айқын көрінді. Қақ жартысы опырылып
түскен екен. Ойып түскен ауыр бомба көпірді қиратып кетіпті.
Жоқ, немістер бұл көпірді тіпті тегін қиратқан жоқ. Көпір олардан гөрі
бізге пайдалы болып шықты, бір; неміс қолы өзеннің басқа бір тұсынан
өтпек, екі бұл жайды штабқа хабарлау керек, үш...
— Сіз əзір қозғалмаңыз! — деп, кемпірді сол жерде қалдырдым да, өзім
əлгі айтқан окопқа келдім.
— Иə, командир жолдас, ендігі бұйрығыңыз не болмақ? — деп,
жолдастарым маған қарап отыр. Тез бір шара қолдану керектігін бəрі де
аңғартып қояды.
Мен оларға:
— Жиналыңдар! — дедім.
7
Көпір солай қиратылып қалды... Құлап түскен екі самолетпен құны
ақталды ма, жоқ па, біз үшін оның енді бір күн тұра тұруы қымбат еді.
Бірақ бізге қымбат — жауға арзан, оның құмары да біздің қымбатымыз бен
қимасымыз болып келе жатыр.
Пулеметтердің бірінің ғана үні шығады. Жол бойы апат соққандай.
Қираған машина, арба, шашылған үй жиһаздары, əр түрлі халде қаза тапқан
бейбіт халық. Ыңырсып жатқан жаралылар. Жапырақ үстіне қалың шаң,
тұрып қалыпты да, барлық аман қалған ағаш өртке ұрынып шыққандай.
Жан-жануар жерге басын салмай, осынша өзгеріп кеткен дүниеге таңқалып
қарайды.
Сай-салаға жасырынып аман қалған машиналар, арбалы-жаяу
босығандар өзен бойын жоғары-төмен өрлеп, өткел іздеп жүр. Көпірге
əлсін-əлсін келіп қалып жүрген машиналар да тез бұрылып кетеді. Əскер
бөлімдері азайып, енді көп ағылып жатқан бейбіт жұрт.
Қираған көпірдің үстінде инеліктей имиіп немістің барлаушы самолеті
жүр. Төмен ұшып, айналып жүргеніне қарағанда енді бұл жерде көпір
жоқтығын суретке түсіріп алып жүрген сияқты. Кеше лейтенант Горькин
жатқан терең шұңқырда менің үш жолдасым ұйықтап жатыр. Екі
жауынгерді неміс қолдарының қай жерде келе жатқанын барлап келуге
жібердім, бір жауынгерім көпір маңында болған жайларды хабарлап келуге
штабқа кетті. Көпір салушылар сұрадым. Өзім сол жауынгерлерімнің
оралып келуін күтіп отырмын.
Айналам тым-тырыс, өліктей үнсіз, əлсіз ғана қалғып кеткендей. Шаң
басқан қайыңдар қара жамылып, қайғы салмағынан бүгіліп тұрғандай.
Жаншып бара жатқан тыныштықты бұзу үшін айғай салғың келеді. Алыста
күн күркірегендей боп, соғыс үні естіледі. Өртенген дүниенің қоңырсы иісі
қоюлана түсіпті. Құлаған ақ теректердің өлуге айналған жапырақтары дір
қағып, өмірге ынтығып, су сұрап жатыр. Құлап жатқан ағаш жапырақтары
рақымсыздыққа шағым етіп, күнəсіз өміріне сауға тілейтіндей, арызын
айтады. Əлсіз сыбыр осындай бір тыныштық кезде ғана естіледі.
Жапырақтай сарғайып кеткен жас қана жаралы қыз ауыр ыңырсып,
қасымдағы бір шұңқырда жатыр. Ағаш арасында шықылдасып отыратын
торғайлардың бірі қалмаған. Өзен жақтан бозторғай шырылы да
естілмейді. Осы ауыр тыныштық сені де езіп барады.
Мен күндегі ұрысып-керісіп өтіп жататын көп жұртты сағынып
отырмын. У-шусыз оңаша қалған ой ел басына түскен бəленің салмағын
өлшеп əуреленеді. Жау табанына түсіп қалған қалалар мен бауырлас
елдердің ауыр ыңырсуын естігендей боламын. Көзім қайта-қайта жол
бойындағы апат іздеріне түсе береді. Қопарылып, қазылып қалған жер,
қиратылып қалған бақшалар, шашылып жатқан дүниелік, ыңырсып жатқан
жаралы қыз — бəрі қосылып Отанның ауыр халін көз алдыңа əкеледі. Бəрі
көкке шақырады. Үнсіз шақырады. Сонша ауыр тыныштықтан жарылып
кеткендейсің. Кешегі бір əн осы кезде тағы бір шыға қалсайшы дейсің!
Жоқ, ол емес, басқа бір əн керек! Əмірдей қатал, аттан салған, дабыл
қаққан əн керек! Мылтық атып отырып «Ақ ерке» əнін айтып та болмас,
«Ақ еркені» айтып отырсаң, мылтық атып та болмас!
Жауынгерлердің сақалдары өсіп, үсті-бастары кірленген. Күлімсіген
киім исіне еттей ащы тер исі қосылған. Əбден қалжыраған жігіттер
бастары жерге тие бергенде-ақ ұйықтап кетті. Балаша бұратылып, қалай
болса солай, ыңғайсыз жатыр. Дені сау, өкпесі керіктей, жүрегі таза, Семен
Зонин болу керек, біреуі қатты қорылдайды. Істе қандай ызғарлы көрінетін
жігіттер, қазір уқаланып қалғандай, еліктей сұлап, түк дəрменсіз жатыр.
Бұл өз уақытындағы тəтті ұйқы емес, болдыртып жыққан қиналысты ұйқы.
Бірақ өзімді де алып ұра ма деп, мен ананы-мынаны ермек етіп отырмын.
Қолыма төс қалтамда жүретін, шешемнен келген соңғы хат ілікті. Хатта
не жазылғанын жатқа білсем де, қайта оқи бастадым. Шешем қазір
колхозда, құрылыс жұмысынан босаған, алып тұратын пенсиясы бар.
Айдаш əскерге алынып кеткен.
— Өзі атпен баратын жер ме, машинамен баратын жер ме?
Бұрыштамаңды дұрыстап жазсайшы... Қалаңның атын цифрмен жазғаныңа
мен қалай түсінем, қалқам-ау?.. — деп жазады шешем.
Шешем қатты сағынып жүрген сияқты. Соғыс пен неміс жайында
жұрттың не айтатынын шеше не қылсын, колхоздың бір желбезегіне мініп
алып, баласын бір сүйіп қайтқысы келетін сияқты... Менің адресім
цифрмен жазылғандықтан қайда екенімді біле алмайды...
— Қалалы жерде почта жəшігі деген көп болады, балам. Мен оның
қайсысының номерін қарап тауысам... Қаланың өзінің атын жазып жібер...
— дейді.
Шешемнің хаты бесіктей тербетіп əлдеқайда туған елге алып кетеді.
Ояу отырып, түс көргендей болам. Оралдағы балалар үйінде төсегімнің бас
жағына келіп тұрған шешемді көрем. Жүзінде бар ананың қуаныш нұры,
көзінде қуаныш жасы, буылтық саусақтарымен басымды бір сипап қойып,
енді маңдайымнан сүюге еңкейіп келе жатыр... Шешенің ыстық дем алысы,
шешенің таныс исі. Əуелі маңдайымнан сүйеді, одан кейін маңдайың ба,
көзің бе, бетің бе, мұрның ба, бəрібір, құмары қанғанша сүйе береді, сүйе
береді.
— Апа, болды, болды... — дейім, көзімді ашпай, өзіне қарай тығыла
беріп.
— Ойбай-ай, мына жаманды қарай гөр... Жігіт боп қалдым деп
ұяламысың? Мə, саған жігіт болған, мə саған... — деп, көрпеммен бірге
құшақтай көтеріп, алдына өңгеріп алады. Мен бəрібір көзімді ашпаймын.
Əрі еркелегім келеді, əрі жас балаша тыраңдап еркелей беруге ұялатыным
рас. Сондықтан көзімді ашпай еркелеймін. Қасымдағы балалардан ұялып:
— Апа, жіберші, жіберші... — деп, бұлқынған болып жатып, өзіне қарай
жабыса түсем... Қолына бұлай бір түсіп қалған соң, сағынып келген шеше,
шын айтсам да жібермес еді. Енді көрпенің ішінен желкемді де тауып алып
сүйеді, аяғымды да тауып алып сүйеді... Əлден бір уақытта, сүзгілеп жүріп,
құлағыммен бүлк-бүлк соғып тұрған жүрегін тауып алам. Сол жүрекке
құлағым мен бетімді жапсырып қозғалмай, ұзақ жатып қалам. Бір кезде,
шешесі жоқ Бораштың қызыға қарап отыратыны есіме түсіп кетіп атып
тұрғанда, апам құлап қала жаздайды.
— Жігіт болып қалыпсың ғой, құлыным!.. — дейді апам, енді түгел
бойыма қуана қарап отырып. — Қане, енді бір келші... — дейді. Мен
бармаймын...
Баласын өсіріп, ұясына қондыру — барлық ананың ерекше қуанышы
ғой, шешем мені айналып, толғанып, күн бойы көз алдынан шығармайды.
Біресе мен «жігіт боп қалыппын», біресе əлі баяғы он жасар Қайрош...
Еркелетерде мал баласының, бəріне теңеп шақырады да, ақыл айтарда
«енді жігіт болдың» дейді.
Ойыма осы өткен шақ түсіп кетіп, өзім де сағыныш құшағында отыр
едім, сырт жағымнан бұтақ сылдыры естілді. Баяғы екі құбақан өгіз жеккен
кемпір келе жатыр екен. Айналасына сығалай қарап, оң қолымен көздерін
қалқалап, əр ағаштың қанша ауыр жараланғанын қарап келе жатқандай.
Мені көріп:
— Осында екесің ғой, балам, — деді.
— Иə, əже, осындамыз...
— Жолдастарың ұйқтап жатыр екен... Жастар ғой. Кəрі кісі бұлай
ұйықтай да алмайды. Оған бір ермек керек... — деп, шұңқырдың қабағына
отыра берді де:
— Көпір ғой енді жоқ... — деді, əрі маған көңіл айтқандай, əрі сол
жаманшылықты тағы бір анықтағысы келгендей үнмен. — Енді міне,
құлағың бітіп қалғандай тым-тырыс... Құйын соққандай жым-жылас етті
де, тынды... Ана жақты əлі ұрғылап жатыр. Ол бай жер ғой. Онда не жоқ!
Төрт үлкен завод бар. Совхоздар да көп... Əлде жұмыскерлер қарсыласып,
алдырмай жатыр ма екен?
— Мүмкін, шеше.
Кемпір байғұстың тірі қалғанына қатты қуанып кеттім. Барлық кəрі
аналар сияқты елеусіз ғана жүріп, ел үшін мұңайып, көп үшін қайғырып
жүрген кемпір кімге болса да құрметті болуға тиісті. Бұл бір өзім дегенді
ұмытып кеткен адам. Мүмкін, ол мыңдаған адамның көңілін жұбатып,
жарасына ем айтып келген шығар. Бізге де сол бір-екі ауыз жылы сөз
айтуға келіп отыр.
— Өгіздеріңіз қайда? — дедім.
— Аман, балам, аман, — деді кемпір. — Біздікі дегеннің бəрін құртып
кетем дегенмен бола ма ол!.. Тауықтарым да аман... — деп, маған жыпжылы үш жұмыртқа ұсынды. — Үшеуі жұмыртқалады да, төртінші бір
ұятсыз жез-аяқ құр сылаңдап жүр...
Мен жауынгерлерімді оятып, кемпірді ортаға алып, тамаққа отырдық.
Жігіттер де əрқайсысы өз шешелерін бір көріп қалғандай қуанысып, бар
жылы-жұмсақты кемпірдің алдына қарай ысырып қояды. Кемпір ыңырсып
жатқан жаралы қыздың даусын естіп:
— Біреу ыңырсиды ғой, балалар-ау? — деп, орнынан тұра келді.
— Отыра беріңіз, шеше. Қолдан келер жəрдемді көрсеттік. Енді
жаралыларды таситын машина кездессе, жөнелтейік деп отырмыз, —
дедім.
— Су бердіңдер ме? — деді кемпір.
— Бердік, шеше.
— Дегенмен барып келейін. Анасының даусын есітуге зар болып
жатқан шығар, — деп, кемпір кетіп қалды.
Кесімді уақыттан жарты сағат кешігіп барлаушыларым келді. Азырақ
мақтанғандай қалпы бар, Владимир Толстов қолын сермей көтеріп,
шекесіне апарып:
— Жолдас сержант, тапсырмаңызды орындадым! — деді.
— Иə? Отыр.
Толстов неміс əскерлерінің қай жерге жеткені түгіл, өздерін де көзімен
көріпті. Бірінші рет берілген соғыстық тапсырманы ойдағыдай орындап
қайтқанына көңілі көтеріңкі келіпті. Бойына дарытпай, алыстан сермеп, от
пен оқтан қоршау жасап алып, əлі ішіне кіргізбей келе жатқан жауды біз
əзір көре алған жоқ едік. Толстов өз көзімен көріп келген бірінші жауынгер.
Киімді өзгертіп киіп, келе жатқан жау лектеріне үш рет араласыпты. Ақсақ
та болған, соқыр да болған... Арнаулы əзірліктен алған кейбір өнерін
бірінші рет орынды қолданғанына мақтаныңқырап та қояды. Өзі көзге
көрінбей, бейбіт елді оқ қағар қылып алдына салып ап, төгіліп келе жатқан
жау əскерінің бірталай сырын аңдап қайтқан. Көзі жарқырап, айтатыным
əлі көп деп тұр.
Қорықпай араласып кетіп, менен жауды бұрын көріп қайтқан
жолдасыма қызыға қарап:
— Ал, қалай екен? Қандай екен? — дедім.
— Түк те емес! — деді Володя, — ойдан, қырдан жиналған бандит
сияқты. Сен патшаның урядниктерін көріп пе ең?
— Жоқ, өзің ше?
— Мен де көргем жоқ. Бірақ жақсы білем! Танкі дегенің қоңыздай
қаптап келеді. Көз жетер жерде жігі ашылмайды. Машина да сондай. Жаяу
əскер дегеніңіз жаяу жүрмесе керек, бəрі машинада. Тек қана бейбіт елді
көргенде, қызығып кетіп, қасқырдай шабады екен. Адам баласын иттен
жаман қорлап келеді! Урядниктен қай жері артық? — деді Володя. Мен
мақтап, дауласып отырғандай, қатал дауыспен айтты. Жүзіндегі мақтаныш
іздері өше қалды да, күреңденіп күйініш шыға келді.
— Былапыт, нас... Талан-тараж шығар істеп келе жатқандары? — деді
кемпір қайта оралып келіп:
— Одан да жаман! Нағыз айуан барып тұрған! Қандай қылмыстан
тартына алатындарын біле алмадым! — дегенде, Володяның көзіне жас
келіп даусы əлсіреп шықты. Алқымына ашу мен ыза тығылып тұр.
Мен иығына қолымды салып:
— Володя, мұның не! Сен пісіп-қатқан барлаушы емеспісің! — дедім.
— Шыдап көр!— деді Володя, — бала-шағаны танкымен
бастырмалатып, малдай айдап келеді. Құлаған кемпір-шалды жолдан
сүйреп те тастамайды... Басып өте береді! Барлаушы болсам қайтейін,
шыдар жай жоқ! Ағаш пен егін арасындағы қылықтарға қалай шыдарсың!
Фашист шошқалары қорлау мен зорлаудың неше атасын үйреніп шығатын
болса керек. Зарлап, қарғысын айтып жатқан жас əйел, жас қыздардың
қасында айғырдай оқыранып, қарқылдап күліп, мазақтап тұрған нас
айуанды көргенде кім шыдай алар?
— Барлаушы шыдау керек! — деді Петр. — Көрсең де көрмегендей, еш
нəрсеге таңданбай, бетің, бүлк етпей өте бер!
— Сенің шыдағаныңды да көрерміз!
— Мен шыдаймын! Менімен барсаң сен де шыдайсың!
— Иə, шыдамағанда не істедің? — деп мен Володяға қарадым.
Володя үндеместен қалтасына қолын салды да, сары сапияннан
жасалған əмиянды суырып алып, менің алдыма тастай берді. Жаудан қолға
түскен бірінші қағазды бір штабтың қағаздарын қолға түсіргендей-ақ
бəріміз үңіліп, бар ынтамызбен қарап шықтық.
Ең алдымен көргеніміз, басын кекжитіп, мұртын үрпитіп, бар дүниеге
паң қарап түскен офицер суреті еді. Жаратылысына да, өзінің істеп жүрген
істеріне де көңілі риза бір паң, бізге менсінбей қарап тұр. Қағазында
«Капитано Альберто-Николо-Пьятро Коррини» деп жазылыпты.
— Неміс емес, итальян болар, — дедім.
— Біреуі де емес, сволочь!—деді Володя. — Жендет! Ондай арсыз
доңыздың фашизмнен басқа ұлты болмау керек!
Бұл жолы Володядан күтпеген қатал сөздер шығып кеткеніне
жолдастарым түгел таңырқап қалыпты.
— Жаса, Володя! Адам болуға бет алыпсың! — деді, риза болып кеткен
Петр. Зонин кеңкілдей күліп:
— Сен оны қалай жаукемдедің? — деп сұрады. Володя сұрауға
таңданғандай, айнала қарап:
— Қалай болушы еді? Атыс салды деймісің? Егін арасында шешінгелі
жатқанда желкесінен салып жібердім де, алқымынан сығып тастадым, —
деді Володя. Ішіміздегі ең жасымыз Володяның жалғыз жүріп жауға
шапқан ерлігіне бəріміз де қызыға қарап, бір ауыздан мақтау айттық.
— Бір сорлы əйелдің көз жасын жуғасың ғой... Солай ма? — деді,
манадан шетірек отырып қалған кемпір. Соны айтты да, Володяның жауап
беруін күтпей қасына келіп, иығынан сипап, арқаға қақты. Жауынгердің
кімді арашалап, қол іске барғанын енді өзі де түсінгендей еді. Əмияннан
табылған хаттар мен əр түрлі əйел суреттерін ақтарыстырып отырып:
— Осының бəрін штабқа өзің апарып тапсырасың! — дедім.
— Штабқа?.. Жоқ, Костя, мені ондай жерге жұмсама, тəңір
жарылқасын. Көрген-білгенімді сұрай қалса, мен бəрін шатастырып алам,
— деді Володя жүрексініп. Əлде өз ісін ағаттыққа санап қалды ма, əлде
шын-ақ көрген-білгенін тəртіппен айта алмаймын деп қысылды ма, əйтеуір
жүзінде едəуір қобалжу бар еді.
— Жоқ, барасың. Бұл бетте келе жатқандар қандай дивизиялар екендігін
анықтау, біздің штабқа өте қажет істердің бірі болар. Барасың, — деп,
капитан Корринидің қағаздарын Володяның қолына бердім.
— Жарайды, жолдас сержант, — деп, Володя орнынан тұрды.
— Əуелі тамақтанып ал.
— Жоқ, тамақ жегім келмейді... Өзеннен жүзіп өтейін, ə? — деп, Володя
кетуге ыңғайланды. Жүзіндегі қобалжу көбейе түскен соң, тағы бір-екі
ауыз сөз үшін тоқтатқым келіп:
— Жолдас Толстов! Мен сізге тамақтанып ал деп бұйырамын! — дедім.
Володя жауабын ширақ қайтарып, тамаққа отырды. Жауынгерді
жұмысқа жіберерде беретін бұйрығыңды соғыстың өз тілімен қатал беру
керектігі өзімнің есіме де түсе қалды.
Екінші барлаушы Сергей əрі бармай, беріректе қалған екен. Сондықтан
оның əкелгені қашқан жұрттан естіген хабарлар. Оның үстіне Володяның
көрген-білгенін көтерісіп келіпті... Сергей суретші болам деген талабы бар
жас. Курста жүргенде қолы босап кетсе-ақ, сурет салып əуреленуші еді.
Демалыс күндерінде өзгеміз теңіз жағасына кетсек, ол сурет салып үйде
қалатын. Ол қазірде Володя əңгімесінің қалтарыс қалған жақтарын
толықтырып қойып отыр. Володяның əскер тілімен айтқандарына Сергей
əр түрлі бейнелеу береді.
— Сережа дұрыс айтады. Менің есімнен шығып кеткен екен — деп,
Володя мақұлдап қояды.
— Тағы да бір күн өтіп кетті... — деді кемпір.
Біз əңгімемен отырғанда күн батып, қас қарайып қалған екен. Əлі де
ағылып жүрген машиналар мен арбалылар көпір алдына келіп тіреліп тұр.
Машинадан түскен екі жауынгер бізге келіп:
— Жолдастар, көпірлерін, қайда? — деді. Көріп тұрғанын сұраған
адамға ызаланып қалатын Петр, атып орнынан тұрып:
— Көрмей тұрсыңдар ма? — деді.
— Жоқ, біз өткел бар ма деп сұрап тұрмыз.
— Өткелді өткел деп сұрау керек. Өткел бұл жерде жоқ. Жұрттан
сұраңдар. Қайда барын білсеңдер, бізге де айтыңдар.
— Осы арадан өтіп болмас па, тексердіңдер ме?
— Бұл арадан өтем десеңдер қару-құралдарың мен машиналарыңды
тастап, өздерің ғана жүзіп өтесіңдер.
— Жоқ, жолдас, қалжың деген жақсы-ақ шығар. Қару-құралды тастап
кет деген жаман қалжың! — дейді, жөн сұрап тұрғандардың бірі.
— Дұрыс айтасың, жолдас. Мен саған тастап кет деп айтқаным да жоқ!
— Солай шығар!
— Ие, солай!
Жосып жүрген машиналар, өте алмай қалған жаяу адамдар əлі көп, жау
қолы жақындаған сайын көбейе де бермек. Өткел табылып, бүгінгі түн
түгел біздің қолда болса талайлар жан сақтап қалар еді де, талайлардың арнамысы төгілмес еді. Əсіресе, арып-талып келе жатқан бейбіт жұрт, көп
азаптан құтылар еді.
— Осы кезде Захаров өткелінің не күйде екенін кім білсін... — деді
кемпіріміз ақырын ғана. — Қалайда солай қарай беттеуге тура келер...
— Қандай еткел, шеше? — дедім.
— Захаров өткелін айтам... Естіген шығарсың, Захаров дейтін шұға
фабрикасы бар, бай адам еді. Осы арадан он бес шақырым жерде
фабрикасы болды... Бай адамның іші қандай тар келеді, жұрт қолына
түсірмеймін деп, азамат соғысының кезінде өртеп жіберді. Өзі
ағылшындарға қашып кетті. Мыналармен бірге келе жатқан да шығар өзі!
Фабрикасын бір ағылшын ұстап тұрып еді, аяғында Катя дейтін қызын да
берді соған... — деп, кемпір ұзатыңқырап бара жатқан соң, мен тыпыршып:
— Иə, сонымен?.. — дедім.
— Сонымен ол Кита болып кетті, — деді кемпірім,
— Жоқ, өткел жайын айтам...
— Ə, өткел ме?.. Өткел бар да. Фабрикасы өзеннің бер жағында болды
да, жүн жуатын жері ар жағында еді. Менің шалым, Степан марқұм қол
қойып, ақша алайын деп барса дым жоқ, тып-типыл өртеніп кетіпті.
— Өткел ме?
— Жоқ, фабриканы айтам... Өткел қалды орнында... Астына тас
төсеткен «тас өткел» атанған болатын. Асты кейін құм-қайраңданып алған
соң, барлық бала сонда шомылатын. Биыл су көп болып кетпесе, арбаның
астына байлаған қара май шелекті шешіп алмай-ақ өте беруші едік... —
деді.
Енді кемпірдің айналасына бірталай адам жиналып қалды. Бəрі де
көпірді қалай табудың жайын сұрастырып жатыр. Кемпірдің өзін де
машинаға мінгізіп ала кеткілері келеді. Кемпір оларға:
— Сіздер ілгері жүре беріңіздер... Мен де қуып жетермін. Өгіздерім он
шақты күн шөп шабуға салынған, жарау... — дейді.
— Шеше-ау, өзіңіз неге көпірден өтем деп, үш күн отырдыңыз осында?
Өткелден етіп жүре берсеңіз ғой, ендігі əлдеқайда боласыз! — дедім.
— Жалғыз ба? — деді кемпір таңданғандай болып. — Мен жұрт қайда
болса, сонда болам да, балам.
Көпір іздеп жиналып қалған жұрт, өзенді жағалап өткелге қарай
жөнелді. Тракторлар да, кішкене танкылар да кетіп барады. Көпшілігі
арбалы, машиналы жұрт. Зеңбірек үні жақындай түсіпті. Таңертең алыстан
күркіреген күндей күңгірт естілетін соғыс үні, енді ашық естіледі. Айқышұйқыш кездесіп қалған найзағай жарығы көрініп қалады.
— Ал, шеше, енді жұрттан қалмаңыз. Сау болыңыз, — деп, өгізін
жегісіп беріп, кемпірді жөнелтіп жібердік. Кемпір жаралы қызды да алып
кетті.
Қараңғы іңірде өзеннің арғы бетінен таныс белгі берген дауыс естілді.
Штабқа жіберілген жігітім екенін таныдым.
— Көпір жоғын білесің ғой. Жүзіп өт! — дедім.
Бірдемені сындырып, бірдемені аударыстырып жатқан үн келіп еді,
ұзамай, қайықпен келе жатқандай, түрегеп тұрып есіп келе жатқан адам
көрінді. Жаңада ғана қираған машинаның төсек-тақтайын қайық қылып
мініп алып, жауынгерім бері өтті.
Батальон командирі бізге қайт деп əмір етіпті. Бірақ ел білгенді біздің
штаб та біледі екен «көпірден он жеті километр жоғарырақ жердегі тас
өткелді тексере қайт» депті.
Кездескен машинаның біріне мініп əлі бір қыр аспаған кемпірді қуып
жеттік. Өгіздерін ақырын ғана жайқап, кетіп бара жатыр. Енді бізге керексіз
болып қалған азық-түлікті кемпірге беріп, қош айтысып жүріп кеттік.
Бəрімізді бір-бір сүйіп, кемпір қала барды. Əсіресе, Володяны ерекше
сүйді:
— Жүрегің жақсы екен! Бақытты бол, балам! — деді. Əлде, кемпірмен
тағы кездесетінімізді сезінгендей, ешкім қоштасқан жоқ еді. Бұл жолы
кемпірмен бұдан былай кездеспейтінін тағы да айқын сезініп тұрғандай,
жауынгерлер бір-бір ауыз жылы сөз айтып, кемпірдің батасын алып
жатқандай, ұзақ қоштасты.
— Жолдарың оңғарылсын қарақтарым, бақытты болыңдар бəрің де.
Көпір басында біреуің аянған жоқсыңдар! Мен ылғи қандай батыр жігіттер
деп, қуанып қарап отырдым! — деді.
Содан кейін бізге қайта-қайта оң тілек тілеп, жұрттан қалмайын деген
адамша кемпір өгіздерін қозғады. Біз ілгері кеттік. Володяның көзін бір
сүртіп қалғанын көріп қалып ем, ол ұялып:
— Көзіме бір қиқым түсіп кетті білем... — деді.
Біз өткел басына келсек, ұбақ-шұбақ арбалар, табын-табын малдар өтіп
жатыр екен. Етектерін азғана түріп алып, сандары ағараңдап əйелдер де
өтіп барады. Суды көрген соң бар уайымды ұмытып кеткен балалар да
біріне-бірі су шашып, бірінің басын бірі суға тығып алып, шуласып жүр.
Таныс жайылым, күндегі қорасынан айрылған сиырлар азан-қазан.
Сиырлардың меңіреуінде де бір мұң бар сияқты. Мал баласы туған жерін
сағынатынын мен бұрын да байқаушы ем, қазір өте терең, сезіп тұрмын.
Айдау көріп, ашығып келе жатқан сиырлар басын жерге салмастан
мөңірейді. Арттарына қарап ыңылдап, ыңырсып қояды. Əлдеқай жерде
кетіп бара жатқан бұзауларын іздейді.
Жер гу-гу еткендей болады. Табаныңның асты анда-санда қалтырап
кетіп, дір ете түседі. Батыс жақта жанған соғыс өрті тұтасып, қып-қызыл
күреңденіп, түнгі аспанды едəуір белдеулеп кетіпті.
Өткел орнында... Əңгіме неше күн біздің қолымызда тұрарында сияқты.
Осы қорытындымен бөлімімізге қайттық.
8
Барлау взводының жаңа командирі лейтенант Мирошниктің жаппасына
мен сол түні келдім. Кім екенімді баяндаған соң, лейтенант маған қолын
беріп амандасты да.
— Мына бір қағазды бітіріп тастайын, отыра тұр, — деді.
Сығырайған білте шамның қылп-қылп еткен жарығымен лейтенант
қағазын жазып отыр да, мен оны анықтап қарап алып, мінезін танығым
келіп, қадалып тұрмын. Түнде жүзген қайықшының отындай əлсіз
жылтылдап, ұшып кеткісі келгендей зəресіз қыпылдап, айнала жұлқынып
білте шам жанып тұр; болмашы желден бұға шалқып, лейтенанттың
кескінін анықтатпай қойды. Біресе лейтенант ашық жүзді, кең маңдайлы
аққұба жігіт сияқтанады да, біресе күнге күйген күрең түсті көрініп кетеді.
Бірақ ірі денелі, шалқақ төсті, кең жаурынды, кең маңдайлы, үлкен қара
көзді адам екені айқын аңдалады. Қыпылықтаған кішкене жарықтан
лейтенанттың көлеңкесі біресе еңгезердей боп көтеріліп, жаппаның аласа
төбесін жауып кетеді де, біресе мықшиып артына тығылады. Кейде қойқаңқойқаң етіп, екі жағына кезек ауытқып қояды. Лейтенант «отыра тұр»
дегенмен отыратын жер болмаған соң, мен де тұра бергем. Шамның
ойнақтаған жарығы менің көлеңкемді де лейтенантқа қарай төндіріптөндіріп алады. Əлдеқайдан адасып келіп кірген көгілдір көбелек
кішкентай отты қуалап ойнап, бірге қалтылдап жүріп, ақыры қанатын
күйдіріп алып, қалқып тұрған майға құлап кетті.
Лейтенант Мирошник ағаш жəшіктің үстіне көлденең салған екі
тақтайдан құралған столда отыр. Командир жаппасының аз да болса түрін
келтірейін дегендей, стол үстіне сұр палатка жауып қойыпты.
Лейтенанттың астындағысы да ағаш жəшік болу керек, анда-санда
сықырлап қояды.
Мирошник таза киінген, көздерінен бір ой кетпейтін, сабырлы адам
көрінді. Қалың қара қастары аз-ақ айқаспай тұр. Жасы отыздан асқан, аға
жігіт, бар қалпымен жауынгерге бірден ұнайтын командир. Өңменіңнен
өтердей тесіп бара жатқан көзқарасты мен өмірімде ұната алған емеспін.
Ойың жетпей тұрса, көзіңді тесірейткенмен тереңге бойлай алмайсың.
Мирошниктің ойлана қарайтын үлкен қара көздері маған қатты ұнады.
Керексіз жерде қазбалап, болмашы бірдемені сын көріп, арзаны мен
оңайына ұмтылатын адамның көзі бұған ұқсай алмайды. Əр жағы
тайыздығын аңғартып, сенімсіз қыпылықтайды. Мирошниктің көздері
қалтқысыз сенім білдіре қарайды екен. Мұндай командир жауынгерін сеніп
жұмсайды, сен ойдағыдай орындап келесің.
— Ал, жолдас сержант, баянда деді Мирошник, жазған қағазын жинап
қойып.
Мен соңғы үш күннің ішінде көпір маңында болған жайды түгел
You have read 1 text from Kazakh literature.
Next - Қазақ солдаты - 11
  • Parts
  • Қазақ солдаты - 01
    Total number of words is 4151
    Total number of unique words is 2163
    35.7 of words are in the 2000 most common words
    48.3 of words are in the 5000 most common words
    56.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 02
    Total number of words is 4074
    Total number of unique words is 2108
    36.0 of words are in the 2000 most common words
    50.9 of words are in the 5000 most common words
    58.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 03
    Total number of words is 4133
    Total number of unique words is 2092
    37.8 of words are in the 2000 most common words
    52.7 of words are in the 5000 most common words
    60.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 04
    Total number of words is 4064
    Total number of unique words is 2142
    36.3 of words are in the 2000 most common words
    51.9 of words are in the 5000 most common words
    60.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 05
    Total number of words is 4112
    Total number of unique words is 2242
    35.2 of words are in the 2000 most common words
    49.8 of words are in the 5000 most common words
    57.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 06
    Total number of words is 4147
    Total number of unique words is 2201
    37.4 of words are in the 2000 most common words
    52.7 of words are in the 5000 most common words
    61.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 07
    Total number of words is 4110
    Total number of unique words is 2267
    35.3 of words are in the 2000 most common words
    50.8 of words are in the 5000 most common words
    57.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 08
    Total number of words is 4062
    Total number of unique words is 2201
    34.5 of words are in the 2000 most common words
    49.9 of words are in the 5000 most common words
    57.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 09
    Total number of words is 4108
    Total number of unique words is 2058
    36.5 of words are in the 2000 most common words
    50.5 of words are in the 5000 most common words
    57.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 10
    Total number of words is 4044
    Total number of unique words is 2113
    36.6 of words are in the 2000 most common words
    52.4 of words are in the 5000 most common words
    60.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 11
    Total number of words is 4036
    Total number of unique words is 2030
    35.8 of words are in the 2000 most common words
    51.1 of words are in the 5000 most common words
    57.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 12
    Total number of words is 4075
    Total number of unique words is 2154
    34.2 of words are in the 2000 most common words
    49.7 of words are in the 5000 most common words
    57.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 13
    Total number of words is 4068
    Total number of unique words is 2144
    33.1 of words are in the 2000 most common words
    48.8 of words are in the 5000 most common words
    55.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 14
    Total number of words is 4063
    Total number of unique words is 2149
    34.0 of words are in the 2000 most common words
    49.8 of words are in the 5000 most common words
    56.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 15
    Total number of words is 4032
    Total number of unique words is 2124
    35.3 of words are in the 2000 most common words
    50.5 of words are in the 5000 most common words
    57.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 16
    Total number of words is 4067
    Total number of unique words is 2018
    35.8 of words are in the 2000 most common words
    50.4 of words are in the 5000 most common words
    57.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 17
    Total number of words is 4089
    Total number of unique words is 2187
    35.0 of words are in the 2000 most common words
    48.7 of words are in the 5000 most common words
    55.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 18
    Total number of words is 4047
    Total number of unique words is 2190
    34.6 of words are in the 2000 most common words
    49.5 of words are in the 5000 most common words
    56.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 19
    Total number of words is 4061
    Total number of unique words is 2162
    33.3 of words are in the 2000 most common words
    49.5 of words are in the 5000 most common words
    56.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 20
    Total number of words is 4061
    Total number of unique words is 2182
    33.5 of words are in the 2000 most common words
    48.0 of words are in the 5000 most common words
    55.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 21
    Total number of words is 3969
    Total number of unique words is 2106
    33.9 of words are in the 2000 most common words
    48.8 of words are in the 5000 most common words
    55.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 22
    Total number of words is 3985
    Total number of unique words is 2066
    35.9 of words are in the 2000 most common words
    50.3 of words are in the 5000 most common words
    57.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 23
    Total number of words is 3821
    Total number of unique words is 2014
    34.1 of words are in the 2000 most common words
    48.4 of words are in the 5000 most common words
    55.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 24
    Total number of words is 3977
    Total number of unique words is 2066
    34.9 of words are in the 2000 most common words
    48.5 of words are in the 5000 most common words
    55.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қазақ солдаты - 25
    Total number of words is 1652
    Total number of unique words is 1004
    41.0 of words are in the 2000 most common words
    55.3 of words are in the 5000 most common words
    60.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.