Latin Common Turkic

Аты жоқ əңгіме - 05

Total number of words is 4080
Total number of unique words is 2283
35.7 of words are in the 2000 most common words
50.2 of words are in the 5000 most common words
58.1 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
− Бəрібір ойлан! − деген. − Өзіңе қарай ағызып келе жатқан атты
үркітсең, жаяу қаласың.
Ақкүшік тағы ұмтылғанда, анау есікті жаба қойды.
Бекзат терезенің алдына келді. Аяғының басын еденге тық-тық
ұрады. Япыр-ай, бұлар Қалдыбайдың кетіп қалар күнін күтіп жүрген
бе? Енді қайта оралмайтынына күмəндары жоқ па. Өлсе бір жөн, тірі
адам ғой ол. Өздерінің туысы. Өз қолдарында өсірген, көз алдарында
ер жеткен... Өрікайдардың "Қалдыбай-ау, ата-бабамыз осы ауылға
келіп сіңген біз түбі бірге нағыз туыспыз" дейтіні қайда...
Түс ауа əлгі жетім қыз келіп тұр. Екі көзі жайнаң-жайнаң етеді.
− Тəте, сəлеметсіз бе?
− Сəлемет.
− Сұрайын деп едім.
− Нені?
− Ванга деген əулие кемпір болған дейді ғой.
− Естігенмін. Көріпкел. Оны не қыласың?
− Ол дүниедегі болатын сұмдықтарды алдын ала білген екен.
− Сенің де сөйткің келе ме?
− Ғажап қой. Адамдарға бəрін алдын ала ескертіп отырсаң. Бəлежаладан сақтайсың. Өлімнен де құтқарып қаласың.
Келіншек қызды құшақтап бауырына басты.
− Тəте...
− Ау.
− Сіз жылап тұрсыз ба?
− Жоқ, күнім.
− Жылап тұрсыз. Жыламаңыз... Қалдыбай ағам келеді əлі.
− Сөйте ме? − келіншек еңіреп жіберді.
− Əжем айтты.
− Кешікті ғой, кешікті.
− Келеді, тəте. Əжем өтірік сөйлемейді.
Келіншек бет орамалымен көз жасын сүртті.
− Аудан орталығына барғанда Ванга көріпкел туралы кітапты
орталық кітапханадан сұраймын. Сөз жоқ, тауып беремін саған.
− Рас айтасыз ба, тəте?
− Неге өтірік айтамын.
− Жеті жасында-ақ көріпкел болыпты ол. Ал мен он бірдемін.
Азанда ерте тұруды ойлаған Бекзат төсекке ерте қисайған. Алдында
биік тау. Таудың ұшар басы ерекше жап-жарық. Қызылсары.
Шұғыласына көз қарығады. Соған қарай əлгі жайнаң көз қара қыз кетіп
барады. Бұл да оның соңынан ілескісі келеді. Бірақ кібіртіктеп жүре
алмайды. "Тəте, жүр" − дейді қыз айғайлап. − Қалып қоймаңыз! Ана
таудың басында бақыт бар. Жап-жарық ол. Соны аламыз да əлемді
аралап ұшамыз. Шұғыласын шашамыз. Өзіміздің ауылға да. Жүріңіз,
тəте, жүріңіз. Ақкүшік қайда? Ақкүшік көрінбейді ғой.
Жан-жағына қараса, Ақкүшігі жоқ. Қызық, дөңгеленіп-дөңгеленіп
іздері жатыр. Ақкүшік! Ақкүшік!..
Келіншек өз даусынан өзі шошып басын көтеріп алды. Бөлме іші
қара көлеңке. Табалдырықта селтиіп тұрған Ақкүшіктің сұлабасы
ағараңдайды. Түннің қай мезгілі екені белгісіз. Жата бергісі келіп тұрса
да, тұрғанды жөн көрді. Жарық жағып, қабырғадағы сағатқа қарап еді,
төрт болып қалыпты.
Пештің ішін көсеп, күл астында сөнбеген шоқтың үстіне ағаш салды.
Əлгі не түс, не елестің əсерінен көпке дейін арыла алмай қойды. "Қыз періште ғой" деп жорыды іштей, "Мені жақсылыққа жетелеп... Ал мен
кібіртіктеп жүре алмаймын...."
Ақкүшік те зым-зия жоғалып... Дөңгелек іздері ғана...
Ақкүшік бұл ары-бері жүргенде басын бір көтерді де, кайтадан
бұйығып жатып қалды.
Бүгін күшіктің соңынан түсуді Бекзат кеше-ақ ойлап қойған. Түнде
ерте жатқаны да сол. Қайда жоғалып кетіп жүр Ақкүшік? Мүмкін,
Қалдыбайға барып келіп жүр ме? Сөйтіп жүрсе, ол алыста емес қой...
Қайтсе де Бекзат Қалдыбаймен жолығуды шешті. Мейлі, сөздері
жарасар, жараспас. Кездесу қажет. Алдынан өтуге тиіс. Кетуінің себебін
анықтап білер. Айтпаса қайтеді? Бетінен қайтпаса, үйінің кілтін
ұстатып жөнін табар. Бұл ауылда қимайтын не бар. Өрікайдар
сияқтыларды соңынан өңмеңдетіп қоя ма.
Дəл осы кезде Қалдыбай да бір елесте жатыр еді. Лайсаң екен.
Сіркесі су көтермеген дүние. Аспан мен жер ақ мұнар. Ақкүшік мұның
домбырасын ала қашып барады. Онысы несі? Соңынан барын салып
жүгіріп келеді. Жалаң аяқ. "Ақкүшік, Ақкүшік!" өз дауысын өзі
естемейді...
Иығынан біреу қозғап жіберді. Шал екен.
− Что-то не так? Ақкүшік деп жаман айғайладың ғой. Оятып
жібердің.
− Қызық, домбырамды алып қашып барады.
− Қайда?
− Ауылға қарай.
− Значит ол сонда барып жүр. Бір күн онда, бір күн мұнда.
− Қайдан білесіз?
− Думаю, − шал тұсындағы аядай терезенің кір-қожалақ болып
кеткен шолақ пердесін сырды. − Таң ағарып келеді.
Қалдыбай тұрып киіне бастады.
− Еще рано. Жата түсейік.
− Мен ауылдан келетін соқпаққа түсіп, Ақкүшікті қарап байқастан
көрейінші. Шынымен ол үйге барып келіп жүр ме екен?
− Ертеңгісін суық. Оның үстіне көрдің бе, − диірменші тағы да
терезеден сыртқа үңілді. − Күннің райы жаман. Дует вроде.
− Дəнеңе етпейді.
− Барсаң бар. Бүгін қалайда кинологқа апарайық. Кеше бармай
қалдық. Ол ит те бір қырсық. Очередке тұрыңдар деп жүреді.
Бекзат Ақкүшікті далаға өзі ертіп шығып, ертіп
тамақтандырып алды. Сосын жылы киініп, сыртқа шыққан.
кіріп
− Қане, Ақкүшік, алға! − деді. − Баста, қане!
Ақкүшік кақпадан қарғып өтіп, өзенге қарай безе жөнеліп, əдетінше
бір сəт кілт тоқтап, артына қараған. Келіншек соңында жедел басып
келеді екен. Ит оған таңырқағандай іркілді.
− Мен де сенімен барамын, Ақкүшік, − деді келіншек алқынып. −
Тым қатты жүгірме.
Жаяу борасын ойдым-ойдым сұр қардың бетін тырмалап,
қиыршығын қанкөбелек ойнатады. Өзеннің сарылы қатты күркіреп
естіледі. Ақкүшік Бекзатты өзіне жетіп, қатар жүруін қаламайтын
сияқты, шапқылап барып жақын келгеніне дейін тосып тұрады да,
қайта бүлкілдей жөнеледі. Ұстап алады, сөйтіп жібермей қояды, үйге
алып кетеді деп секемдене ме?.. Ол Қалдыбайға асығады. Бекзаттан да
қара үзіп кеткісі жоқ.
Ақкүшік Бекзатты тура өзен үстінен өтетін ағаш көпірге бастап
келді. Судың ағысы орасан - сонау таудан еріген қар суларымен арнасы
үсті-үстіне толып жатқан асау өзен лайланып, жол-жөнекей талшіліктің тамырлары мен қилы-қилы қиқымдарды жинап алып, қатты
буырқанып ағып жатыр. Жағалауынан анағұрлым көтеріліп кеткен.
Ескі көпірдің еңсесі түсіңкі. Едені бірде көрініп, бірде көрінбейді. Қатты
ағыс лоқсып кеткенде, сықыр-сықыр ырғалады. Ақкүшік көпірге
секіріп шыққан. Ортасына енді жеткенде, жағада үрпиіп тұрған
келіншекке жалт қарады. "Жүр енді, жүрсеңші" дейтін сияқты. Осы
кезде арғы жағалаудан Қалдыбайдың да сұлбасы көрінген.
− Ақкүшік! − деген оның тым үрейлі дауысы шыққанда, бар
денесімен солай бұрыла берген итті қатты екпіндеп келген толқын
көпірмен қоса қопара жұлып əкеткен.
Бекзат шыңғырып жіберді.
Ақкүшіктің төбесі екі-үш-ақ көрінді. Дүлей ағыс көпірдің ағаштарын
да, итті де əп-сəтте жоқ қылып жіберді. Арғы жағалауда Қалдыбай,
бергі жағалауда Бекзат, ағысты бойлай біраз жерге жүгірген. Олар бір
толқыны бір толқынын жұтып, өз ағысын өзі жұмарлап ағып бара
жатқан долы өзеннің топан суын ғана көрді...
Ақкүшікті алып кеткен асау өзеннің екі жағалауындағы екеудің
сұлабасы көпке дейін қарайып тұрып алған.
«Айғыркісі»
Баяғыдан, алты ай жаз, сонау қар алғаш түскенге дейін қымыздан
аузы құрғамайтын Есқұл отағасының күндегі əдеті − құлынды желіден
бесін ауа ағытып, кекілі қалың кер биесімен ауылдан аулақтау аласа
таудың қойнауына қарай кетіп бара жатады. Бүгін де солай. Қойнауда
суы мөлдіреген жылға бар. Айналасы көкорай шалғын. Соған биесін
таң азанға дейін жайып алады. Кешелері колхоздың жылқысын талай
жыл бағып, талай күндерін түн күзетіп өткізіп, түзге түнеуге дені ауып
қалған адам емес пе, көкорайы көз жауын алатын қойнаудың тымық
түндегі кəусар ауасын сіміріп жатудың өзі пейіш. Самсаған
жұлдыздарға көз салғанда, ойының сан-саққа кететіні бар; бірі самғап,
бірі сарғайып, бірі сандалып сапырылысқан Құдайдың пенделерінің
кез келгенінің кеудесінде осындай бір төбесінде жарық сəулесі қалың
қойнау болса ғой, шіркін, дейді. Кез келгенінде. Біреуінде шағын,
біреуінде үлкен, мейлі, əйтеуір, болса... Осысын туыстардың бастары
қосылып қалған жиында, айтылып жатқан көп əңгіменің бірінде сөз
етіп қалып еді, елең еткен ешкім болған жоқ, тек немере інісі Бұлдидың
еңкілдеп күлгені. Езуін əзер жиып: "Есағам қойнауға биесімен бірге
түнеп жүріп қиялиға айналып барады, болмаса мына алақандай
кеудемізге қойнау түгілі, ішек-қарынымыз зорға сыйып жүрген жоқ
па" демесін бе...
Кенет кер бие басын кегжең еткізіп, пысқырынды. Ауыл зиратының
тұсына келіп қалыпты. Зират арасында жалғыз жылқының сұлбасы
анадайдан көрінді. Жақынына құран бағыштап отырған біреу шығар
деген. Таяп келгенде байқады, жылқы ер-тұрмансыз. Е, құдай деп
қалды. Е, құдай мынау... Ия, сол, "Айғыркісі" ғой. Осыдан бір жеті бұрын
жерленген Бұлдидың боздағының жас қабірінің темір қоршауына
тұмсығын тіреп үңіліп тұр. Түйедей қаратөбел айғырдың тұлабойына
түгел тер қатқан. Көздерінде қызыл алау. Отағасы жақындай түскенде
оқыранды ма, ыңырады ма бір түрлі үн шығарып, құлағын жымқырған.
− Так, так, жануар, так, − деп отағасы айғырдың мойнына қарай
алыстан қол созып еді, анау айналып, артын беріп, аяғын көтерді.
Кісіні бөтенсігендегі əдеті.
− Так, так жануар, − Есқұл отағасының даусы еңкілдеп шықты. − Бұл
мен ғой, қарағым... Танымадың ба, немене... Өзіммін. Қане... − Қолын
тағы созбақ еді, айғырдың көзі аларып, оң аяғын серпіп жібергені.
Есқұл жалтара беріп, жалпасынан түскен. Жалма-жан тұрып, анадай
жерге барып, тізесін бүкті.
Отағасы дағдарды: Япыр-ай, бұл сонау Таластың қайсыбір
түкпіріндегі қырғыз ауылынан қалай келді. Келсін-ақ, қашып, алайда
мына жас қабір басында тұрысы... Жылқының... Жылқының да адам
секілді аза тұтып... Нендей құдіреті бұл, жаратқан иенің...
Осы менің өңім бе, түсім бе, деп отағасы айнала – төңірегіне көз
салып, үсті-басын сипалап біраз отырды. Сосын, боздаққа бағыштап
құран оқыған. Күн көкжиекке сіңіп кеткенше қозғалмады. Ауылға
қайтып барып мына оқиғаны Бұлдиға жеткізуді ойлап тұрып,
онысынан тез айныды. Өйтіп қайтеді. «Айғыркісі» оған қажет емес қой.
«Айғыркісі де оны іздеп келген жоқ. Мұның өзін де. Жануардың іздеп
келіп тұрғаны шын иесі – Жалғас боздақ. Тегі жануар болса да басына
келіп тұр, міне. Тұрсын, оңаша қалдырайын, ертеңгісін көрермін деп
шешті. Құдайдың құдіреті, бұл қанша отырды, кер бие қанша
пысқырды, айғыр тіпті елең етпеді, басын бұрып бір қараған жоқ.
Қолатқа жетіп, кер биеге шідер салып тастағаннан кейін де отағасы
өз-өзіне келе алмады. Аң-таң. Əлгі... Кісі сенетін нəрсе ме. Сонау, сонау
бала кезінде бір қария бұған "Əй, балам, дүниені білгің келе ме,
дүниені білгің келсе, дүниенің кісі сенетіні көп, сенбейтіні аз" деп еді.
"Бірақ, ондай бар ма?" деп сұраған бұл. "Нені айтасың?" "Кісі
сенбейтінді". "Бар"... Сол кісі сенбейтін барды бірде өз көзімен көрді де
ғой. Ия, көрген... Қайсыбір жылы, мұның бала кезінде осы өңірде қатты
құрғақшылық болды. Жер дүниенің шөбі түгел кеуіп-құрғап, желге
ұшып, айнала-төңірек өлі топыраққа айналған. Соғыста өлердей
күйзеліп, онан кейінгі жылдарда да əлі тойып тамақ іше қоймаған
жұрттың көзі жыпылықтап көкке телміріп қалған. Бірақ, көктен тамшы
тамбады. Сонда ауылдың ақсақалдары ана аласатаудың Ақадыр дейтін
қыстағында жалғыз үй отыратын бір қарияны алып келді. Əулие
десетін. Əулие, əмбие десе қарадай құтырып кететін қызыл
белсенділер қуғынына əбден түсіпті. Ит жеккенге айдадық деп қайтақайта алып кетсе, көп ұзамай қайта-қайта ауылға қайтып келе береді
екен. Соғыс басталғанда ғана ұмытыпты мұны, ауылдың ұранбайшыл
коммунистері. Содан Ақадырдағы ата-бабасының қыстауына жалғыз
үй көшіп кеткен. Əйелі өлген, баласы жоқ. Жарықтықтың көзі…
Қаракөк… Жанары түгел мөлтіл... Айнала қоршаған ауыл жұртының
ақыл-есі − ақсақалдар: "Жағдай қиын, əулие-еке, енді аз болмаса,
тышқан аулап кетер баяғы ашаршылықтың күні туғалы тұр. Өзіңізден
өзге сеп болар ешкімді көріп тұрған жоқпыз. Əрекет етіңіз" десті.
Əулие үнсіз. Бірде анаған, бірде мынаған тесілген қаракөк көздің
мөлтілі молая түскен. Терісі бетіне жабысып қалған қарасұр жүзі
қаракөлеңкеленіп көрінеді. "Құдайдың құдіреті... Адамнан не қайран" −
деп күбір етті бір мезетте. "Əулие-ай, − деп сол кезде бір бəйбіше
басындағы кимешегін жұлып алып, шашын жайып жіберді. – Құдай
кейбіреуге өзіне қарай жақындай түсетін құдірет берген жоқ па, елжұрттың көз жасын жеткізіп тұратын. Əрекет етіңіз, жарықтық!"
"Əрекет етіңіз, əрекет етіңіз, əрекет етіңіз!" деп жас та, кəрі де
ұлардай шулап қоя берген.
"Күнəмізді кешіңіз, − деді манағы шашын жайып жіберген бəйбіше. −
Құдайсызданғанымыз үшін жалбарынамыз тəңіріне. Кəріне ұшырадық,
міне. Сіздің де алдыңызда күнəліміз. Басыңызға іс қайта-қайта
түскенде ара түсіп, араша сұрауға жарамадық. Ақырында жападан
жалғыз қалдырдық. Қайтейік, қорықтық қой, өкіметтен. Кешіңіз енді".
Сол кезде... Əулиенің қаракөк көзінің мөлтілінен жалғыз түйір жас
сорғалап түсті. "Рахымшылығыңа жаным құрбан, жаратқан!" Осыны
айтқанда аузынан жалғыз шөкім көк жалын көкке қарай ұшып шығып,
лезде ғайып болған. Іле жағалай отырған бес-алты қарияның
жүздерінде қол басындай бұлт пайда болып, олар да аспанға көтеріле
берген. Əп-сəтте əуені қара бұлт басты. Қара аспан қақ айырылып
кеткендей қатты бір күркіреп, қара жаңбыр қаңсыған дүниенің бетін
төпелей жөнелген. Сонда... Арты селге айналған қара жаңбырмен
қайғысынан арылып, қабағы ашылып, əрі қайран қалып тұрған қалың
жұрт қария-əулиенің отырған жерінде о дүниелік болып кеткенін
көрді. "О, жарықтық-ай!.." дескен еді. Десіп тұрып: "Көкте Құдай, жерде
əулие, екі құдірет сендерді енді ұмытпаймыз, тобамызға келіп
жүреміз-ді кезек-кезек айтысып, ағыл-тегіл болған. Бірақ қайтесің,
пенде пəтуасыз болып шықты. Қолма-қол басқа болып кете салады
екен. Кешегі өзі бүгін өзі емес. Өзіңнің өзің болып қала алмайтыныңнан
асқан не сұмдық бар.
Туған ағасы, жасынан малсақ Əли əке таяғын ұстап кетті де, ал
Бұлди ауылындағы бар баладан басқа болып өсті. Үшінші, төртінші
класта-ақ қоян өсіріп, оларын жаз жайлауда отырған қойшыларға
апарып тарту етіп, қозы-лақ жинап, ен салып, қора ішінен өз меншігін
бөліп, қоршап алып, өзге түгілі əкесін таң қалдырған. "Мына
қызталақты-ай, ə! − деп отыратын жарықтық. − Дүниенің түбін түсірер,
түбі!"
Орта мектепті о ғып, бұ ғып бітірген Бұлди елдің баласына ұқсап оқу
қуып кеткен жоқ, тұтынушылар қоғамы ма, дайындау кеңсесі ме
соларды жағалап жүріп, дүкеншіге көмекшілікке кірді, кейін жеке
алдына сыра сатты. Одан ауылдың дүкенін алды. Қазір жекешесі.
Əуелде ескі "Москвич" мініп жүрді. Көп ұзамай онысы "Жигулиге",
одан иномаркаға ауысты. Құдайы бергенде əйелі де өзіне сай келген
нағыз жер тесер пысықтың өзі болып шыққанын көрмейсің бе.
Дəрігерлік білімі болған соң, қолы мен сөзі теңдей жүріп тұрған Бұлди
оған ауылдың іргесіндегі былғары заводы поселкесіндегі дəріхананы
алып берді. Қат дəрілерді тығып, бағасын екі-үш есе өсіріп сатудың "о,
сұмдық-айы" енді басталды. Бұл бір жағы екен. Дүкендегі,
дəріханадағы саудаға енді үйдегі сауда қосылды. Келін оңтүстік
жақтың қызы еді. Шешесі Алматы мен Атыраудың арасын бұл қызын
тумай тұрып саудамен қыздырған алпауыт алыпсатар екен, соның қапқап, қанар-қанар тауарлары Бұлдидың үйіне де жеткен. Əлі кеңес
заманы болатын, ол шақ. Бұлди байлыққа сол кезде-ақ бата бастаған.
Ақшаның буы жаман екен. Жаман болғанда біреудің байлығынан біреу
қарадай ығып тұратын болып шықты. Ауыл тұрғындарының аузында
Бұлди Бұлди емес, Бұлдекең. "Бұлдекең айтты", "Бұлдекең сөйтті",
"Бұлдекең келе жатыр", "Əуелі Бұлдекең сөйлесін", "Бұлдекең ішсін"...
Еке-леп елпеңдейтіндері олар Бұлдидан той жасаса да, өлік шығарса да
қарызға ақша алады. Процентпен, əрине. Соның өзі тегін берген сияқты
болып көрінеді, елге.
Дегенмен, жұрт емес пе, күңкіл-шүңкіл де шықпай қалмады.
Сондағылары: "Қалай байып жатқанын білеміз бұл Бұлдидың. Қатыны
үкіметтің қат дəрілерін екі бағасына тығып сатып жүргеніне талай
жыл, саудагер енесінің үйіп-төгіп əкеліп жатқаны анау, о тауарлардың
құны да əкеңнің құнымен бірдей. Ит-ай..." Бірақ, əйтеуір,, бұл
əңгімелерін бір-біріне айтудан əрі аспады. Аспағаны бұлардың кімнің
аузынан шығып жүргенін жұрттың өздері кезек-кезегімен келіп
Бұлдиға жеткізіп жатты, ал Бұлди жеткізіп жатқандар арқылы "О иттің
балалары ендігі жерде қарасын көрсетпесін" деп аналарға сəлем
айтты. Қараларын бүгін болмаса, ертең көрсетулері əбден мүмкін
екенін білетін, қарыз ақша, қат дүниеге тəуелді аналар "аузымыздан
абайсызда айтып қалған арсы-гүрсіліміз алаңғасарлық болды,
айналайын. Алдыңа келсе атаңның құнын кеш" десіп жалынып,
жалпайып жатып іс тынған.
Бұлдида бəрі болды. Тек бала болмай жүрді. "Болады" − деген
немере інісі лекіте күліп. − Қарап жатқан жоқпыз, көке. "Қарап
жатпағанда... Қазған жерден сөзсіз бірдеңе шықпайтын ба еді" деп бұл
жақтырмағанда жана кеп қалатын қиқар мінезімен қия тартқан.
Одан ары қарай "Бұлдижан-ау, еркек ұрғашының ауын ағатай-латып
айызын қандыру үшін ғана астаң-кестең етпейді, бауырын тулатып
балалату басты шаруа" дегісі келіп тұрып, ананың інілігін қаперге
алып тілін тістеген. Мұның сөзі əсер етті ме, жоқ реті солай болды ма,
əлгі əйгілі желтоқсанның қарсаңында Бұлдидың үйінде де бала іңгəлап
еді. Есімін Жалғас деп осы Есқұлдың өзі қойған.
Өзі қатарлы балалардың опыр-топырына көп қосыла бермейтін,
көбіне оқшау жүріп, оқшау отыратын, томаға тұйықтау болып өсті сол,
Жалғас. Əсіресе, қайсыбір жылы ауылдың шетіндегі қалың қамыстың
арасындағы шұқанақтан батпаққа батып жатқан жаман жабағы тай
тауып алғаннан кейін тіпті өзгерген. Тауып алғанда... Талай жылдар
Таластың арғы жағындағы қырғыздар Таластың бергі жағындағы
қазақтардың жерін жалға алып па, əлде жоғары жақтың құзырымен бе,
жылқыларының жаз жайлауына пайдаланып жүрді ғой. Көктемде
келіп, қаракүзде қайтады. Қайтар жолдарында жылқышылар
бұлардың ауылын айналшықтап үш-төрт күн, тіпті бір аптадай жатып
алатыны бар. Жай жатпайды, жабыла араққа кенеледі. Ішістері
сұмдық. Тайларының бірін Бұлдидың дүкенінің алдына жетелеп
əкеліп, байлап қояды да, соның құнына ішеді. Бұлдидың беретіні – екіүш жəшік тегі белгісіз арақ, қант-шай, сусыны қоса...
Енді сол қырғыздар əркім өз жерін өзгеге бермейтін болған анау
жылдары, "осымыз қазақ ағайынының жеріне жылқы айдап соңғы
келіп, кетісіміз" десіп, бірнеше күн қирай ішті ғой. Естеріне əзер келіп,
бет-бетімен бытырап кеткен жылқыларын есеңгіреп жүріп жинап,
аттанып кеткеннен кейін, екі-үш күн өтті ме, өтпеді ме, əке мен
шешенің дүние шіркіннің соңынан далақтаудан қолы тимей, үйдегі бар
шаруа он екі-он үш жасар Жалғасқа қарап қалған соң, қора-қопсының
қайсыбір жерін жамап-жасқауға аздап қамыс керек болып, соны орып
əкелуге бармай ма, бала өзен бойына Шұқанақта батпаққа батып
жатқан жабағы тайдың үстінен сонда түскен. Жалғыз өзі қалай тартып
шығара алсын. Жүгіріп бұған келген ғой. Содан кер биенің мойнына
арқан тағып, бір ұшын жабағыныкіне байлап, екеулеп тартып əзер
шығарып алған. Жабағы тайдың сондағы сұры. Бұты тылтиған, қарны
қабақтай, сиыр құймашағы сорайған, шоқтығы да тым шошақ, басы
ұзын бір селеует. Тек төбелі ерекше екен. Дөңгелек емес, жаңа туған ай
секілді. Бұрын-соңды мұндай төбелді Есқұл бірінші рет көріп, бір түрлі
таң қалған.
Жалғас жабағының үстін сабындап жуып, батпағын зорға кетірді.
Шіркіннің ұсқыны сонда да келіспеді. Ербиген бірдеңе. Əкесі жатып
күлген. Күліп тұрып баласынан сұрағаны:
− Мұны қайтесің?
− Бағам, − деді Жалғас.
− Баққанда, мынау мал болып жарытпас. Колхоздың жылқысы
бартер дегенге түсіп жатыр, Өнербек жылқышыға шай-пұлын беріп,
құнан, байталдың біріне айырбастап алалық.
− Керек жоқ.
− Керек жоғы несі?
− Өзін бағам.
− Сосын?
− Өзін бағам, сол.
Бұлди жандарында тұрған бұған қараған.
− Есаға, мынаған не дейсіз?
− Көңілі осыған ауып тұр да.
− Мына құлпетке ме?
− Өйтпе. Жал-құйрығы күлтеленіп ертең арғымақтың өзі болып
шығар, бəлкім. Кім біледі?
− Өстетініңіз не, Есаға.
− Жылқының қасиеті сыртқы тұрпатында емес, жүрегінде. Анау
кеудеде алапат шабысқа лайық алып жүрек соғып тұрмасына кім
кепіл.
Бұлди қолды бір сілтеп, шырт түкірген.
Бала жаман жабағының асты-үстіне түсіп жүргенінде екі-үш жыл да
өте шығып еді. Осы уақыт ішінде заман да бірде бүк, бірде шік түсіп
дегендей, олай да, бұлай да құбылып, өзгеріп жатты. Жұрт анау айтса
көнді, мынау айтса болды-ның екі арасында не дұрыс, не бұрыстың
дайынын таппай далақтаудың қызығын енді көрген.
Құдайдың құдыреті сонда жүрісінен жаңылмаған санаулының бірі
Бұлди болды. Əрине, əйелі екеуі. Айтқандары: "Дүние қанша рет, қалай
төңкерілсе де қолы жүріп тұрған адамға бəрі, пішту". Бұлары рас екен.
Қаладан кафе, үлкен дүкен, дəріхана салып алды. Соның екеуінің
кішігірімін ауылда да іске қосып қойды.
Бұл кезде Жалғастың жабағысы дөнен шыққан. Түйедей қаратөбел.
Жанына адам жақындата бермейді. Ал Жалғастың алды-артын
айналғанын былай қойғанда, барынан кіріп-шығып жүргені де бəрі бір.
Сол суғарады, соның қолынан жем жейді, соған ғана мінгізеді.
Жалғастың да уақытының көбі қаратөбелдің жанында. Көзінен таса
қылмайды.
Бұлдидың түйедей болған қаратөбелге көзі қайта-қайта түсе
беретінді шығарды.
− Сатса, біраз ақша болады, ə! − деп қояды ана жылғы "бұл мал
болмас" дегенін ұмытып.
− Ешқашан! − деп ұлының жан даусы шығады.
Үй іргесі бір-біріне тиіп тұрған соң бəрі Есқұлдың көз алдында өтіп
жатады. Қазақтың қайсыбір баласы мен жылқының арасында қандай
да бір ұқсастық, үйлесімдік бар екенін бұрыннан білетін. Самғауға
құштарлықтары, сірə. Жаны таза адам өзінің ойы, ниеті, арманымен
төрт құбыланы төңкере түгел сүзіп шығып түпкілікті мұратының
түбіне дейін самғап, ал жылқы тұяғы қара жердің төсін төмпештеп
алдына қара салмай ағызып келе жатқанында бақытты-ау, осы.
Ат танитын Есқұл қаратөбелдің тегін емесін баяғыда-ақ байқаған.
Содан Жалғас екеуі оны құнанында баптады ғой. Сол күндері екеуінің
жұбы жазылмады.
− Жалғас-ай, осы сенің не ойлағаның бар? − деп сұраған бірде бұл.
− Архитектурдың оқуын бітірсем.
− Ол не еді?
− Қала салады.
− Хош.
− Ауылға келсем.
– Бəрекелде.
– Ауыл қалашығын салсақ. Биік, биік сан қабат үйлерден емес. Бір,
екі қабат. Ұлттық нақышпен. Үйлердің жобасы жаңазамандық, ал
келбеті қазақы ою-өрнек… Қалай қарайсыз?
− Қалай қарағанда, ол кезде мен болмаймын ғой, − деп күлген Есқұл.
− Көз алдыңызға елестете алмайсыз ба?
− Сөйтем ғой.
− Ал мен бəрін көріп тұрмын. Қанша үй болады, қандай болады...
Осыны айтып ұшы-қиырсыз далаға көзін салып, демін терең сіңіріп,
біраз тұрып қалған.
− Қазақ түгел қалаға көшіп кетпейді ғой, көке. Ауылсыз да қазақ
бола ма? Қазақ дегеніміз, дала мен ауыл емес пе. Өзім солай ойлаймын,
− деген сосын.
− Сөйтетінің жақсы-ау. Ал əкеңнің мына тірлігіне кім ие болып, кім
жалғайды? − деп сұраған бұл Жалғасқа сынай қарап.
− Білмеймін, − деген ол. − Мен жаңа ауыл саламын, көке.
Қаратөбел сол жазда үш құнан бəйгенің алдында келген. Ал күзде
қаратөбелдің адам айтса сенбейтін бір қасиетіне таң болды ел.
Таратып айтқанда: Есқұл мен Жалғас екі үйдің қорасындағы біраз
малды жылдағы қысқа қарай Əлдидің отарына қосып қоятын əдетпен
тау бөктеріндегі қыстауға айдап барған. Келген туыстарына деп арнап
сойған қойдың етіне мелдектеп, сорпа-суына жырғап отырған
кездерінде Əлдидің соңғы алған келінінің толғағы ұстамасын ба.
Ауылға қарай ала жөнелуге машина жоқ, арбаға жер шалғай. Тұмса
неменің жаны қиналып, бала-шағаның берекесі кетті. Еркек біткен
сыртқа шығып, келіннің жанында енесі мен Əлдидің күйеуінен шығып
келіп отырған үлкен қызы ғана қалды. Қалғанда қайтеді, келін босана
алмай ұзақ қиналды. Ышқынған, ыңырсыған даусы сыртқа ап-анық
естіле бастады. Со кезде арба үстіне салған шөпті шайнап тұрған
қаратөбел оқыс оқыранып, артына қарай қатты-қатты жұлқынып
тартынғанда жүгеннің желкелігі бырт үзіліп, басы босап шыққан бойы
киіз үйге қарай екпіндеп барып есікті басымен ұрды. Есік ары қарай
шалқасынан ашылған үйге жарты денесіне дейін кіріп кеткен айғыр
кісінегенінен құлақ тұнып, сонымен бір мезгілде шар еткен бала даусы
да шықты. Осыны көз алдына елестетсе, Есқұл əлі күнге дейін жағасын
ұстайды. Келінінің айтқаны: "Есік тарс еткенде тура маған қарай екі
көзінен от шашып жылқының басы төніп келеді екен. Өмірімде дəл
бұлай қорыққан емеспін. Баланың даусы шар етісімен жылқы езу
тартқан сықылданды. Сөйтті, рас!"
Бұл əңгіме жұрт құлағына жеткенде бір қария: "Құдайдың құдыреті
мына айғырың да кісі екен ғой" деп қалмай ма. "Ойбай, ақсақал,
жылқыны кісі деп, мұныңыз не?" деседі естіп тұрғандар. "Кісінің киесін
көрсеткен жоқ па? Бізден кетіп қалған кісілік киені құдай сол
жануардың деніне салған шығар. Сөйтпесе, мына ісі қалай, а?!"
Осы оқиғадан кейін қаратөбел − "Айғыркісі" атанып кеткен.
"Айғыркісі" аталған қаратөбелге жұрт енді басқаша қарайтын
болды. Əйел затына оның алдын кесіп өтуге тиым салынды. Біреу
Жалғасқа "Айғыркісіге" деп жаңа шыққан құранды ер, келесісі күміспен
күптелген жүген, өмілдірік, құйысқан, тартпа, айыл, бақалары су жаңа
құлақшын, жабу əкеліп сыйлап жатты. Жаңа орылған жоңышқа, сұлы
əкеліп беретіндер де болды. Бала көтермей, не баласы тұрмай жүрген
жас əйелдер келіп, өздерінше ырым етіп жалынан сипап кетісетін.
Қызығы маңайына бөтен адам жуытпайтын қаратөбел сонда тыптыныш тұрар еді.
Жаздағы үш ат бəйгесінен ұтқан үш машинадан соң Бұлдидың да
қаратөбелге көңілі жібіп: "Əй, бұл өзі пайдалы болғалы тұрған мал
болды" деп баласын иықтан қаққан. "Ұтысқа келген көліктің бірін
Бұлди көкеңе, бірін Əлди тəтеңе бергіздің. Үшіншісін шешең нағашы
ағаңа мінгізіп жіберді. Ендігісі түгел мына əкеңдікі. Бизнеске
жұмсаймын. Как балам, сойдет?" "Ұта алмай қалсақ ше?" "Онда ма,
онда "Айғыркісінің" өзін сатып жібереміз" деп Бұлди күлген болды.
"Ешқашан!" − деп шыр ете түскен Жалғас − "Ешқашан!"
Дөненінде де ат тұяғы жетер жерді былай қойғанда, машинамен
алып барған ауыл, аудан, облыс, тіпті Таластың арғы жағасындағы
қырғыздарының ат бəйгелерінің алдын бермеген "Айғыркісі" ауыл
ақсақалдардың шешімімен үйірге салынды. "Өзі жүйрік, өзінің қасиеті
бар асыл сүйек, арда қылқұйрықтан тұқым алайық. Биесі бар əркім-ақ
бұған дəмелі болғанымен, жылқы қадірін білетін ішінде осы Есқұлдың
өзі бар ақсақал, көксақалдар: ырбиған жердің бəрінен ығай мен сығай
шыѓа бермейтіні сияқты, ұрғашы малдың да ұзынсап барар жатыр
қуаты əрқалай" десіп, өң бір оңды байталдар мен жас биелерді іріктеп
қосқан үйірге.
"Айғыркісі" үйірін онша ұзатып əкетпей, ауыл айнала жайылады. Əр
аптада бір жолы ауыл іргеге айдап əкеліп тастап, өзі үйреншікті
мекеніне келіп, Жалғастың қолынан жем жеп кетіп жүретін, жануар.
Содан қақаған қыстың қайсыбір күнінде Ақадыр жақтан анда-санда
азынап соғатын жел əуелі жаяу борасындатып, бара-бара алапат
күшейіп Бұлдидың да тым биіктеп салған қорасының темір шатырын
қаңғыратып, қолпылдата бастаған ғой. Əке-шешесі қаладағы тірлікке
кетіп, Жалғас үйде жалғыз еді. Қайтеді, қолпылдаған шифрлердің
мүлде ұшып кетпес қамын жасау үшін қораның төбесіне шыққан. Сонда
аяғы тайып жерге құлап түскен. Ішінде не болып, не қойып жатқанын
сырты айнала қоршаудан көру мүмкін болмай қалған аулада есі ауып
едəуір жатып қалған. Үйінде пеш түбінде қисайып, анда-санда келетін
аудандық газеттен оны-мұны оқып жатқан Есқұл қалың дүсірден селк
еткен. Ұмтылып сыртқа шықса, Бұлдидың үйінің артындағы жатаған
жотада бір үйір жылқы иіріліп қалыпты. Жал құйрығына мұз қатқан
"Айғыркісі" үйдің биік қақпасын тарпып тұр. Мұны көріп оқыранып
жіберді. Абырой болғанда Есқұл қақпаны сырттан ашудың амалын
білуші еді, ашса... Жалғас жалпасынан түсіп жатыр...
Сол күні түні бойы айнала астаң-кестеңнің астында қалды. Қаладағы
тірліктерін күнде барып түгендеп, күнде кері қайтып келіп, шыққан
шығындарын, есептегіш аппаратқа салып, кірген кірістерін
компьютерге кіргізіп ақ тер, көк тер болып жататын Бұлди мен əйелі
мына алапат бораннан шығар, келе алмай қалған. Олар түгілі
ауылдағы медпункттің дəрігері ана көшеден мына көшеге əзер жетті.
Жалғасқа қойған диагнозі: миы шайқалған. Бұғанасы тайып кеткен. Екі
қабырғасы сынған. Инесін салды, дəрісін берді. Таң атсын деді. Қалаға
апармай болмайды-ны айтты.
Түн баласы сыртқа бірнеше рет шыққан Есқұл үй артындағы
жатаған жота үйірлі жылқының кетпей, бір-біріне ықтап топтанып
тұрып алғанын көріп таң қалған. Таң қалғанның көкесін таң атқанда,
Жалғас жиі-жиі құсқанын қойып, бір-екі кесе ыстық шай ішуге жарап,
бұл енді "А, құдайлап" сыртқа шыққанда көрді. Үй артында түнімен
топтанып тұрған үйірлі жылқы "Айғыркісінің" соңында, өріске бет
алыпты. Ал түнімен иіріліп тұрған орындарында... О, құдайдың
құдыреті жиырма шақты бие түгел құлын тастап кетіпті. Ауыл жұрты
"Бұл қалай? Бұдан нені пайымдаймыз?" десіп тағы теңселген. Əр түрлі
пікірлер, қилы-қилы болжамдар айтылды. Ақыр соңында келген
тоқтамдары: " "Айғыркісі" шынында да киелі, Жалғастың жағдайын
сол мезет біліп, үйірін айдап келді. Үйірімен таң атқанша Жалғастың
тілеуін тіледі, амандығына құлындарын құрбан етіп кетті..." Бəрі де бас
шұлғып, мақұлдағандарымен бəрі бірдей бұл уəжге сенген жоқ. Есқұл
болса, өз сұрағымен жанын жұлып жеген: Япыр-ау, сонда қалай?
Адамның амандығын адамның тілеуі, адамның жолына адамның
құрбандық қасиеті жылқыға ауған ба, адамдағы кісілік айғырға қалай
көшкен? Адамы көп, киелісі аз кез бе, бұлардың сүріп жүрген ғұмырдəуірі. Мүмкін... Мүмкін, қаратөбел айғыр жылқы кейпіндегі киелі
кісілік шығар. Жаратқанның жіберген. Жарық əлемде жан баласының
қаперіне кірмейтін құдыреттің болатынын бұл баяғыда Ақадырды
жалғыз жайлаған əулиенің жаңбыр жаудырғаны арқылы көзімен
көрмеді ме? Япырай, япырай... мына əлем дегенің неге тұтас жұмбақ
дүние.
Есқұл отағасының тізбек-тізбек, ерсілі-қарсылы, бірі анда басын
ұрып, бірі мұнда басын ұрып алай да, бұлай да сабылтып, сенделткен
ойын көкорайда оттап тұрған кер биенің пысқырына бергені еріксіз
бөліп жіберген. Сүттей жарық түннен тұрпаты түгел, ап-анық көрініп
тұр. Екі құлағын қайшылап басын ауыл жаққа, ауыл жаққа болғанда
оның бер жағындағы зиратқа қарай көтеріп, бір түрлі елеріңкіреп тұр.
Қазір аяғындағы шідерін алсаң, солай қарай ағыза жөнелетін кейіпте.
"Айғыркісіге" қарай ғой сонда. Бауырында тұрған құлынның əкесіне.
Кенет есіне өзі қатты таңқалған жай түсіп кетті: Бірде "Айғыркісінің"
бауырында бүгерлеп тұрған кер бие аузын арандай ашып... Сілекейі
жаман шұбырған. Қанша жыл жылқы бағып жүргенде мұндайды... Ия,
айғыр артылғанда биеден сілекей шұбырғанын көрмеген еді. Жə, оны
қойшы өткен жылдың қайсы күні екен, Бұлдидың үйіндегі келіннің
туған күні боп жатпады ма. Бұл үш-төрт көрші шал-шауқанмен аула
ішіндегі алма ағашының көлеңкесінде əңгіме-дүкен құрып отырған.
Ауланың арғы түкпірінде "Айғыркісімен" осы көршінің бірінің күйті
You have read 1 text from Kazakh literature.
Next - Аты жоқ əңгіме - 06
  • Parts
  • Аты жоқ əңгіме - 01
    Total number of words is 3929
    Total number of unique words is 2197
    35.8 of words are in the 2000 most common words
    48.1 of words are in the 5000 most common words
    55.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Аты жоқ əңгіме - 02
    Total number of words is 3979
    Total number of unique words is 2390
    31.0 of words are in the 2000 most common words
    43.8 of words are in the 5000 most common words
    50.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Аты жоқ əңгіме - 03
    Total number of words is 3953
    Total number of unique words is 2410
    31.2 of words are in the 2000 most common words
    43.5 of words are in the 5000 most common words
    49.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Аты жоқ əңгіме - 04
    Total number of words is 4071
    Total number of unique words is 2262
    34.2 of words are in the 2000 most common words
    46.6 of words are in the 5000 most common words
    53.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Аты жоқ əңгіме - 05
    Total number of words is 4080
    Total number of unique words is 2283
    35.7 of words are in the 2000 most common words
    50.2 of words are in the 5000 most common words
    58.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Аты жоқ əңгіме - 06
    Total number of words is 3867
    Total number of unique words is 2253
    34.5 of words are in the 2000 most common words
    49.1 of words are in the 5000 most common words
    55.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Аты жоқ əңгіме - 07
    Total number of words is 3920
    Total number of unique words is 2312
    34.7 of words are in the 2000 most common words
    49.9 of words are in the 5000 most common words
    56.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Аты жоқ əңгіме - 08
    Total number of words is 4071
    Total number of unique words is 2324
    34.8 of words are in the 2000 most common words
    49.0 of words are in the 5000 most common words
    56.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Аты жоқ əңгіме - 09
    Total number of words is 3891
    Total number of unique words is 2246
    34.4 of words are in the 2000 most common words
    48.0 of words are in the 5000 most common words
    54.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Аты жоқ əңгіме - 10
    Total number of words is 3963
    Total number of unique words is 2223
    35.0 of words are in the 2000 most common words
    49.9 of words are in the 5000 most common words
    57.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Аты жоқ əңгіме - 11
    Total number of words is 4065
    Total number of unique words is 2156
    34.8 of words are in the 2000 most common words
    47.8 of words are in the 5000 most common words
    55.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Аты жоқ əңгіме - 12
    Total number of words is 3922
    Total number of unique words is 2134
    35.8 of words are in the 2000 most common words
    49.5 of words are in the 5000 most common words
    55.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Аты жоқ əңгіме - 13
    Total number of words is 3908
    Total number of unique words is 2235
    34.3 of words are in the 2000 most common words
    47.5 of words are in the 5000 most common words
    54.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Аты жоқ əңгіме - 14
    Total number of words is 3946
    Total number of unique words is 2274
    32.7 of words are in the 2000 most common words
    46.7 of words are in the 5000 most common words
    53.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Аты жоқ əңгіме - 15
    Total number of words is 3887
    Total number of unique words is 2182
    35.4 of words are in the 2000 most common words
    50.0 of words are in the 5000 most common words
    57.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Аты жоқ əңгіме - 16
    Total number of words is 3980
    Total number of unique words is 2314
    34.1 of words are in the 2000 most common words
    47.8 of words are in the 5000 most common words
    55.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Аты жоқ əңгіме - 17
    Total number of words is 4026
    Total number of unique words is 2348
    34.9 of words are in the 2000 most common words
    50.6 of words are in the 5000 most common words
    58.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Аты жоқ əңгіме - 18
    Total number of words is 3834
    Total number of unique words is 2268
    33.8 of words are in the 2000 most common words
    48.1 of words are in the 5000 most common words
    55.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Аты жоқ əңгіме - 19
    Total number of words is 3833
    Total number of unique words is 2238
    34.3 of words are in the 2000 most common words
    45.9 of words are in the 5000 most common words
    53.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Аты жоқ əңгіме - 20
    Total number of words is 4171
    Total number of unique words is 2247
    36.3 of words are in the 2000 most common words
    50.1 of words are in the 5000 most common words
    57.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Аты жоқ əңгіме - 21
    Total number of words is 3874
    Total number of unique words is 2199
    35.5 of words are in the 2000 most common words
    49.7 of words are in the 5000 most common words
    56.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Аты жоқ əңгіме - 22
    Total number of words is 3805
    Total number of unique words is 2239
    34.5 of words are in the 2000 most common words
    47.9 of words are in the 5000 most common words
    55.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Аты жоқ əңгіме - 23
    Total number of words is 3858
    Total number of unique words is 2234
    34.3 of words are in the 2000 most common words
    48.6 of words are in the 5000 most common words
    55.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Аты жоқ əңгіме - 24
    Total number of words is 3019
    Total number of unique words is 1732
    37.0 of words are in the 2000 most common words
    48.7 of words are in the 5000 most common words
    54.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.