Latin Common Turkic

Аты жоқ əңгіме - 01

Total number of words is 3929
Total number of unique words is 2197
35.8 of words are in the 2000 most common words
48.1 of words are in the 5000 most common words
55.3 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
Аты жоқ əңгіме
Ақкүшік
«Айғыркісі»
Архитектор
БАТЫР
Бейғам дүние
Бір қияр, екі жұмыртқа, Ботабай
ДУДАРАЙ
Жалғызілік
Жүрекке тиген оқ
Мəкеңдер, Малсекеңдер, заман
Көгілдір көйлекті келіншек
Көкмойнақтан шыққан «көкжал»
Көрбай
Құмға қашқан құйын
Лениннің мойнына мінген адам
Мінез
Қанқызыл жалқын…
Өнеш, Комбинатор, алжапқыш
Репетиция
Тілалшақ
Шал
Аты жоқ əңгіме
Күн тас төбеге келгенде үй іргесіндегі бұтағы қалың үлкен ағаштың
көлеңкесіне биік етіп салынған тапшан үстінде шайларын қанып ішкен
нағашы атасы мен апасы сол отырған жерлерінде мызғып кетеді де,
Елтүзер көрген-жіткені, естіген-білгендерін жазып жүретін қалың
дəптерін парақтап қойып, өзімен-өзі болады.
Бұлардың үйі аудан орталығының ең шеткі көшесінің сырт жағы еді.
Дəл іргеден ауылды орап өтетін қара жол бара-бара үлкен трассаға
қосылады. Қарсы жақ ойлы-қырлы жадағайлау қаптал. Бұдан екі-үш
жыл бұрын оның ана тұс, мына тұсында үлкенді-кішілі, ескілі-жаңалы
бейіттер ғана көрініп тұратын. Екі-үш жылдан бері сол бейіттерді
аралатып, тіпті кейбірінің іргесі тиіп кете жаздап үйлер салына
бастаған. Былайғы жұрт: «Əруақтардың төбесіне ат ойнатып бұл қай
сұмдық, – десіп жағаларын ұстайды. – Құдайдан қорыққандарын
қойған ба, бұлар?» Оған пысқырып жатқан ешкім жоқ. Алғашқы қар
түскенге дейін сарылдаған, гүрілдеген техникалар ойлы-ойпаңды, дөңдөңесті үй салуға ыңғайлы етіп тегістеп, шаң-тозаң етіп жатады.
Бұрнағы жылы жол апатынан қаза болған Елтүзердің анасы да осы
қапталдың үстіне жерленген еді. Сəл əріректе теміржол өтетін. Биікте
болған соң төбесі үй жақтан қарайып көрініп тұрады. Көз салып
отырам, деп атасы жалғыз қызының қорғанын биік қалатқан.
«Елтүзержан, мына атаң өлгенде жалғызымның жанына апарып
қоярсыңдар,» деп отырады, ылғи.
Деп отырып, қапталдағы ескі қорғандарда жатқандар жайлы толғап
кетеді. «Əнебір шөгіңкіреп қалған зират Əпейбек деген атақты емші,
жарықтықтікі. Осы айналадағы қалың жұртты ауру-сырқаудан емдепдомдап өткен деседі. Болған ғой, қай заманда да небір құдіреттілер.
Көбісін еске ала бермейміз. Өзге түгілі, тікелей өз үрім-бұтағына да
керегі жоқ сияқты болып бара жатыр ма, білмеймін. «Ата, ана
Дандайдың коттеджінің түбіндегі қорған оның өзінің туған атасынікі,
деп едіңіз ғой, – бала қарап отырмай сұрақ қояды». «Қызыл өкіметке
бағынбаймын, деп ит жеккенге айдалып кете барған ғой, есіл ер.
Оралған, он жылдан соң. Он жылдың өткен суығы, онысы-пұнысы
дегеннен оңала алмай, он айдың ар жақ, бер жағында талқаны
таусылған. Жұрт ол кезде кісіден көрген жақсылығын ұмытпаған. Екіүш өзбек тауып, басына күмбездеп соқпа-қорған соқтырған. Туған
немересі болса, əне, жарықтықтың əрауғын баса-көктеп, дəл іргесінен
гүрсілдетіп, тарсылдатып үй салды, – деп атасы басын шайқап,
жағасын ұстайды. – Əруақты қорлағанның оңғанын естімеген, ешкім.
Осы өзіңдей кезіңде көріп қалдым, Керімбай деген-ді. Ауыл-ауылда
түйіншек арқалап қаңғып жүрді. Бірде сау, бірде есалаң. Кезінде қызыл
белсенді болып, айналасындағы ауыл-ауылды қанаттыға қақтырмаған
атақты Бектембай қажының зəулім мазарын тас-талқан бұздырып,
қызыл кірпішін кеңсе салуға жаратып... Содан əруақ ұрды ма, əуелі
мұрнына самал түсіп, маңқылдаған пұшыққа айналып, артынан
есалаңға ұшырапты. Самал миына шапты ма, білмеймін. Қашан, қай
жерде өлді, соны естімедік. Бала сұрайды: «Ата, самал деген ауру ма?»
«Құрт ауру. Мерез». «Дандайдың мұрнына да түсе ме енді?» «Итім
білсін бе. Мұндайлардан аурудың өзі де қорқады, сірə. Ал, енді əруақ...
Əруақ ұрмай қоймайды. Əй, сөйтеді».
Елтүзер осыдан кейін Дандайды біртүрлі жек көріп кетіп еді. Атасы
айтса: ол əуелі – опасыз. Кезінде ауданның тұңғыш əкімінің қызын
алады ғой. Содан жүріп берген, қолы. Агробанк деген құрылып, соған
сұққан басын. Орынбасары ма, бірдеңесі... Орталықтың жұрт ең көп
жүретін екі-үш жерінен қос қабаттап дүкен соғады, ол аздай
мейрамхана, сəн үйі, ақша айырбастау дей ме... Үш-төрт аптека...
Базарда ұзыннан ұзақ ет сататын орын... Тауда жайлауы, қыстауы.
Төрт түлігі... Малшылары қарақалпақ жақтан келген өң оралман. Бір
шыбықпен айдап отыр, шетінен. Қой деп жатқан қожа, əй деп жатқан
əжесі жоқ. Тобасын ұмытқаны сол емей, немене, біраз жыл əкім болып,
орнынан абыройсыз кетіп, сандалыңқырап қалған қайын атасы
қарызға ақша сұрап келгенде «Сонда ол ақшаның түрі қандай болады?»
депті. Қайын атасы түгілі, бұл Дандайдан атасының қорғанына
төндіріп үй сала бастағанда өз əкесі де жаман қатты түңіліп, қияндағы
қызының қолына біржола кетіп қалды ғой, – деді атасы жұдырығын
бір ашып, бір жұмып. – Зіді жуас, біртоға жақсы кісі еді, жылап кетті.
Жұртқа қарар бетім жоқ, деп кетті».
Атасының бір медеті, мұның анасының бейітіне тиістіріп ешкім үй
сала алмайды. Өйткені, қаптал үстімен өтетін темір жолға жақын.
Атасы: «Жолға елу метрден асып жақындап құрылыс салуға болмайды,
деген заң бар» дейді. «Ата, өкіметке айтпайсыздар ма?» дейді Елтүзер.
«Нені?» «Молаларды неғып... үй салып жатыр деп». «Ой-бүй, балам-ай,
өкіметтің өзі беріп отырған жоқ па, оларға осы жерді. Барғанбыз əкімқараларға. «Мола-молаға иін тірестіріп үй салғанды қай аталарыңнан
көрдіңдер?» дейміз ғой, сонда. «Көкелер-ау, ауылдың айналасында
құрылысқа жер қалмады, сонда үйді аспанға апарып саламыз ба,»
дегені. «Ей, шырағым, – дейміз күйіп-пісіп – қазақтың жерінің ұшықиыры жоқ емес пе». «Ұшы-қиыры жоқ жер қайда, біз қайда, – деп
алақан жаяды, – Сарыарқаны айтып тұрсыз ба, Жонарқаны айтып
тұрсыз ба, айтып тұрғаныңыз солар болса, мына жұртты апарып
көріңізші со қу далаға, «Халық қаһарманы» атағын берейік, өзіңізге».
«Қазақ қу даладан қорыққанда, құдай, əруақтан қорықпай ма» дейміз.
Сонда бар ғой, əлгі ит неме екі иығын селкілдетіп жаман күлгені.
«Көке-ау, құдай жоқ деп оқытқан өзіңіз емес пе едіңіз, кеше», дейді.
Қырық жыл мұғалім болғанымды бетіме басып тұр. Еңбек тəрбиесінен
қырық жыл сабақ бергенім рас қой. «Əй, солай етуге мəжбүрледі, бізді,
– деймін. – Сендерді өйтіп діңкелетіп жатқан ешкім жоқ қой». «Ата, –
деп осы арада бала сөз қыстырып қалады. «Сөйткендеріңіз рас па?
«Қайткеніміз?» «Құдай жоқ деп...» «Міне, –деп атасының көзі алаяды. –
Қазіргінің балалары қабырғаның арасынан қазық қағып қояды,
сұрақты. Не дейін енді келіп... Адамды еркінен айырғанда пенде
болады...» «Бар ма, бірақ?» «Не бар ма?» «Құдай?» «Жоқ, деген қызыл
өкіметтің өзі жоқ болып кетті емес пе. Ендігіміз, не. Тəуелсіз елміз. Ар,
ұят, кісілік қайда... Əруақтарды желкелеп үй салған бұлардың тірлігін
бəрі көріп жүр. Өзіміз сияқтылар жағасын ұстамаса, тіпті ауыл ішінде
елеңдеген өзге ешкімді көрмедім. Дым болып жатпағандай, жым-жырт.
Осыдан қорқам...» деп атасы мынаны айтады: Баяғыда... Дүниені
жайлаған бір асқан байдың көп ұлы болады. Көп ұлымен мейманасы
тасып жүргенде, тұңғышының басына бір бөтен жара түседі. Бұл өзі
бұрын-соңды ешкім көріп білмеген оймақ жара екен. Бай оны былайғы
жұрттан жасырады. Намыстанған ғой, сонда. Ұлына «ендігі жерде
басыңнан бөркіңді алма» депті. Сөйтіп, ұлының жарасын бөркімен
жасырады. Мейлі-ақ, бірақ, бір үйде өсіп жатқан балалардың бас киімі
бір-біріне бірер сəтке болса да ауыспай тұрмайды. Бөтен жара бірінен
бірінің басына жаппай жұқпай ма. Күндердің күнінде олары асқынып,
байдың өзінен бастап басқаларына, олардан тұтастай бір əулетке
шауыпты. Содан миларын жара жеп, бүтіндей əулет ақыл-естен
айрылып, бірінен бірі адасып, қайсысының қайда барып өлгені
белгісіз, тып-типыл жоғалып кетіпті...» «Жаман ғой, ата» дейді
баланың денесі түршігіп. «Сол жаманның қай-қайсысы да жаңағы
айтқаным сияқты – жұқпалы. Жасырсаң өршіп кетеді. Мысалы, мына
əруақтарды баса-көктеген... Өсти берсек, балам, қазақ болмай қаламыз,
əрі-беріден соң. Қарғысына ұшыраймыз ата-бабаның».
Елтүзер əрине, атасы айтқандардың барлығының түбіне жетіп,
түсіне бермейді. Бірақ де естігенін түгел қалың дəптеріне жазып қойып
жүр. Бұл əдет алдыңғы жылы мектепте алғаш рет «Қазақ жері –
қазынам» дейтін шығарма жаздырғанда пайда болған. Ол өзі
бейіттерді айнала-төңірек үйлер салына бастаған кезбен тұспа-тұс
келіп қалды. Атасы үнемі қатты күйзелетін. «Сонау жылдары айнала
төңірегі екі ат шаптырымға дейін бос, көкорай шалғыны ғана
көмкеріліп жататын осы ауылдың ендігі жерде төрт құбыласынан тең
тұрғын үйлері бар, басқасын айт, небір құрылыс ғимараттары иін
тіресе салынып, екі өкпесін қысып тастаған. Мейлі... Бұл ел байыған
шығар, өсіп-өнген шығар, бала-бақырдың бас-басына үй керек болар,
шығандап кеткендері тойхана ма, сауна-пауна, тағы немене, əйтеуір,
айтып бітпейсің, бəрін салғаны керек те, бəлкім. Ал енді мынау
əруақтардың басында тұрған қорғандарды баса көктеп...», деп қой,
сонда. Атасынан айтқандарын түгел шығармасына қосып жазып
апарып еді, ағайы: «Мына бір жерлері сенің кəллəңдікі емес қой» деп
сұраулы көзін салған. «Атамның айтқандары» деді. Мұғалім бұған бес
деген бағаны қимаған. «Ағай сіз де құдай, əруақтан қорықпайсыз ба»
деп сұрай жаздап еді, сонда, мұғалімнен.
Өссем, мен де билік болсам, мола аралап салынған үйлердің
барлығын атасы айтатын құдайдың кең даласына көшіріп жіберер
едім, деп армандап та қоятыны бар, кейде.
Онысын бірақ атасының «Мыналардан ба, мыналардан қорқам осы»
деп жиі айтып отыратын зары жиі-жиі жайпап жіберетін. «Əруақтар
күңіреніп жатыр, – дейтін атасы. – Жалғызымның да шырқыраған
дауысы құлағыма жеткендей болады...»
Осыны естігенде баланың сай-сүйегі сырқырап кетеді. Салынып
жатқан үйлерден бейіті əрірек жатқанымен, құрылысқа жер тегістеп,
топырақ-тас тасыған техникалардың гүріл-сарылы мамама да жетіп
жатады ғой, деп жаны тызалақтайды. Қайқаң жаққа үркіп қарайды,
үнемі.
Қапталға үйлер əлі толып кеткен жоқ. Зираттар да əр-əр жерде еді.
Бір тұсында бірнеше, келесі жағында бірен-саран, жалғыз-жарым
тұрғандары да бар-тұғын. Төбесі күмбезге ұқсас Дандайдың атасының
соқпа-қорғаны бұлардың үйіне қарама-қарсы, əрі жақындау. Екі
қабатты коттедждің қасында ол қалқайып ғана тұр. Былайғы жердегі
салынып біткен, тұрғызылып жатқан үйлердің көбісі көзге қораш.
Көбісі алқа-салқа. Құрылысы əлі бітпесе де иелері кіріп алған. Шетінен
жамап-жасқап жатыр. Олар Дандайдың таудағы малын бағатын
оралмандардікі екен. «Бұларға осы қапталдан үй салуға жер алып беріп
жүрген əлмисақтан əкімдікпен əмпей Дандай жазаба ғой, – деген атасы.
– Қамқорлық көрсеткенсіп... Иттің есебіне құрық бойласа қане».
Елтүзердің байқағаны: оралман қазақтар жергілікті қазақтардан
басқалау. Бала-шағасына дейін пысық. Баспаналарының ана жеріне
сылақ ұрып, мына жерін түзеп дегендей, тынбайды. Шал-кемпірлері
қайдан əкелетіндерін, үлкенді-кішілі, бүтінді-жартылай қатып-семген
тері-терсек тауып келіп, илейді де жатады. Керіп, созып, кептіріп
келеге кептіріп базарға шығарады. Таң атқаннан күн батқанға дейін
қиыр-шиыр қилы тірліктен өзгеге елеңдеп, елпілдеп, елікпейді. Атасы
айтса, ақысын төлесең отқа айдасың да ойланбай жүре береді.
Шынында да қатын-қалаштарының кез-келгені Дандайдың үй
шаруасын жандары қалмай жасап жүреді. Ананың үйінен сенбі,
жексенбіде келімді-кетімді үзілмейді. Иномаркалар тізіліп келіп,
ішінен түскен қозы қарындар котедждің мансардында бильярдтың
тасын бұрыш-бұрышқа қуалап, тарқ-тарқ күліп, тарсылдатады да
жатады. Ертесіне Елтүзер талай көрді, қонақ күткен оралман қатынқалаштар Дандайдың үйінен үйлеріне қарай табақ-табақ сорпа-су жəне
басқа да түннен қалған оны-пұныларды көтеріп бара жатады. Сонда
оларға ананы ал, мынаны ал, оған тиме, олай жүр, былай тұр, деп
тұратын өрімдей əдемі бір келіншек бар.
Баланың есінде, бұрын жөні түзу көйлегі жоқ оралман қатынқалаштың бірі еді ол да. Кейін құлпырды. Жүрісі бұлғаң, сөзі өктем. Дəл
бір ертегіде айтылатын байдың жалғыз қызы сияқты.
Қаптал жақта тегістеп үй салуға жер болғанымен, ағып жатқан су
жоқ болатын. Содан да Дандай өз ауласының бұрышына жақын маңнан
құдық қаздырып, мотор орнатқан. Жұртқа екі мезгіл – сəскеде жəне
бесінде су беріледі. Ақылы. «Жұртты жарылқау үшін емес, құдайдың
суын шелектеп сатып пайда көруде ғой, ит-ай» деп атасының
зығырданы қайнап отырады.
Сол құдықтың билігін Дандай əлгі əдемі келіншекке беріп қойған.
Оралман қатын-қалаштың арасында құндыздай құлпырып жүретін
жалғыз сол. Жарқылдаған дауыс, сыңғыраған күлкі де жалғыз содан
естіледі. Үйдегілерден естігені Дандайдың əйелі дімкес. Қаны таси ма...
Сондай, бірдеңе. Сыртқа шыққанын көрмейсің. Келіншек Дандайдың
таудағы малшыларының бірінің əйелі. Ананың қайтыс болған бұрынғы
əйелінен үймелі-сүймелі екі қызбала қалған екен, түс əлетінде болмаса,
олар көзге қораштау екі бөлмелі баспаналарының көлеңкесінен ұзап
шықпайды. Түс əлетінде олар ғана емес, қапталдағылардың бəрі дерлік
күн төбеден едəуір ауғанша үйлерінің терезелерін қараңғылап тастап,
жаппай дерлік дамылдайды.
Мұның ойынша, түс əлетінде өйтпейтін өзі ғана. Мызғып кеткен
атасы мен апасының бір шетінде, алдыңда қалың дəптері мен
қаламсабы, етпеттеп жатады осылай. Қайсыбірде ғой, сол былайғы
жұрт дамылдап қалғанда баланың көзі үйінен шыға келген Дандайға
түскен. Майкешең. Айналасына ұзақ қарады. Үйін бір айналып шықты.
Сосын атасының қорғанына қарай ақырын жүріп барып, жып беріп
кіріп кетті. Кенет... Көп ұзамай көзге қораш баспанасы жақтан əдемі
келіншектіктің де сұлабасы көрінген. Қолында шелек. Дандайдың
үйіне жеткен соң, шелегін бұрышқа қоя салып, айнала-төңірекке көз
салып, біраз тұрды. Сосын Дандайдың соңынан ол да қорған ішіне жып
еткен. Елтүзер таң: Олары несі? Қорғанның ішінде не істегелі жүр?
Сыпырып, тазалай ма? Онда неге жан-жақтарына жаман алақтады?
Неге екеуі екі бөлек кірді?
Бала дəнеңе түсінбеген. Бірақ содан бері осылай отырғанда қорған
жаққа елеңдеп қоятын əдет тапқан. Дандай мен келіншектің ара-тұра
қорғанға ұрланып кіріп-шығып жүргендерінен бойынан өзіне
беймəлім бір үркек сезім лүп-лүп еткен.
Атасына көргенін айтпақ болып, өйтпеді. Бірақ, əуестік билеген
Елтүзер үнсіз жəне қала алмады. «Ата, адамдар қорған ішіне не үшін
кіреді?» деп сұраған. «Əруаққа бағыштап құран оқиды» деді атасы.
«Сосын?» «Оны неге сұрап отырсың?» «Жəй... Бекер де кіре бере ме?»
«Өйтпейді, ешкім». «Өйтсе ше?» «Қой... Беталды... Құтырып кетіп пе».
«Дандай мен келіншек қайта-қайта кіріп жүр ғой,» деп айтпақ болып,
өйтпеді. «Не, сен жұртты аңдып жүрсің бе, деп ұрсар, деді. Атасы мен
апасы өтірік, өсек десе өре түрегелетін. Ең сұрпайы нəрсе «жаптым
жала, жақтым күйе» деп отыратын. Ал Дандай «Слушай шал,
далбасаларың үшін жүгермегіңмен қосып жермен жексен етіп
жіберемін!» деп жұдырығын ойнатып шыға келсе қайтеді.
Жалпы, Дандайдың төбесі көрінсе-ақ, баланың бойы лезде бір суып,
басылатын. Қайсыбірде атасы екеуі, анасының басына барып қайтып
келе жатқанда, Дандай əдейі күтіп тұрғандай, үйінің қалқасынан сұпсұр болып шыға келгені. «Сен шал, менің сыртымнан сапырып жүрген
көр-жеріңді қане, өзіме айтшы» деген аман жоқ, саулық жоқ. Масаңдау.
«Сен де иман жоқ» деген атасы. «Аспанды көздеп оқ аттым ба?» «Туған
атаңның əруағының үстін ат ойнатып отырсың». «Ойнатам ба, жоқ от
қоям ба, сендерге келіп кетері, қане». «Өзіңді əруақ атады, өзгеге бəлең
жұғады,
ит!»
«Көрдегілер
мен
көрінгеннің
пықи-тықиын
көлденеңдетпей көтіңді қыс, шал». «Көсегең көгермейді, сенің. Көк
шыбын үймелейді, көзіңе, нəлеті. Тұр, былай жолдан!» Дандайдың беті
жаман бүлініп, атасының білегіне шап берді. Добалдай саусақтарымен
аяусыз қысты ма, шалдың бойы дірдек қағып, басы қақшаңдап, белі
қайқайды да қалды. «Əй...əй...» дегенде даусы сондай бір аянышты
естілді.
Елтүзер аяғының асатында жатқан кесек тасты қалай іліп алғанын
өзі де байқамай қалды. «Жібер қолын!» деп басқарып жіберген. Дандай
жалт бұрылып, аузы аңқиды. «Əй, сəбікі, таста андағыны, – деді лезде
айбат шақырып, – Мойныңды үзіп алам, күшік!» Атасы зар қақты:
«Керегі жоқ, балапаным. Беті əрмен бəленің, кетелік. Жүр!» деп босаған
қолымен білегінен шап беріп мұны жетелей жөнелген. Сөйлеп келеді,
сонда: Кісілігі қараң қалған қу дүние. Қасиеті жоғалған, сұм өмір. Басқа
шықты, бақа-шаян. Өй, атасының көрі... Өй, бүйткен... Баласы жоқ деп
қой... Іздеп-сұрары жоқ деп қой... Бармысың, құдай... Қайдасың...
Атасының көзінен жас шығармай-ақ, егілген, еңіреген зарлы ма,
аянышты ма, үздік-создық үнін алғаш естіген бала жаман сілейді,
сонда. Жағы қарысып қалғандай сол күні тістеніп жүріп алды.
Дандайдан көңілі – қара жер. Жалғыз одан емес. Көп нəрседен. Атасы
айтқанның бəрінен. Кешкісін дəптеріне солай деп жазды. Олардың не
екенін соншалық түсіне алмаса да, сөйтті. Түн ортасына дейін көзі
ілінбеді. Жапанда жалғыз қалғандай сезінген. Сондай да мамам түсе
кірсе деп тілейтін. Бірақ мамасы кірмейтін еді, түсіне. Сосын да əкесін
алатын есіне. Құшағына барып тығылар едім, дейтін. Бұрнағы жылы
шешесі автокөлік апатынан қаза тапқаннан кейін, ол бір аз уақыт
араққа салынып жүрді. «Мамаңнан айрылып, күйіп барам ғой» дейтін.
Сөйтіп жүріп, жұмысынан шығып қалды. Атасы айтса «қасиеті кетті».
Содан бір күні Елтүзерді нағашы атасы мен апасының қолына əкеліп
берді де: «Қыздарыңыз, иығымнан түртіп, өлі ұйқымнан оятты. Ия,
сөйтті. Шынын айтам, түсімде емес. Өңім деуге де келмейді. Білмеймін.
«Арағыңды қоймасаң, баламыз жалғыз қалады, еркексің, есіңді жи,» деп
жоқ болып кетті. Рас айтам, – деген, – Есімді жимай болмас, енді».
Содан ту-тудегі үлкен қалаға барар жолдың бойында трубалар
тартылып жатқан айлығы жақсы ауыр жұмысқа барып кірген. Оқтатекте келіп, кетіп тұрады. Əр келісінде кемпір-шалға ақша əкеліп
береді. Елтүзердің керек-жарағына, өздеріңіздің шай-қанттарыңызға,
дейді. Ауылдастарына төбе көрсете қоймайды. Бірден бейіт басына
соғады, Елтүзерді ертіп. Екеуден екеу қалғанда қамығады: «Анаң тірі
болғанда... – деп кемсеңдейді. Сосын мұны бауырына басып отырып
айтады: «Жер түбінде жер тістелеп жүрсем де сені жеткіземін. Ал сен
оқы. Жақсы оқы. Оқымағандықтан жүрмін, міне, ту-тудегі Қарағандыға
барар жолдың бойындағы зілдей трубаларды сүйрелеп. «Көке,
өзіміздің ауылда ондай жұмыс жоқ па?» деп сұрайды Елтүзер. «Жақсы
ит өлігін көрсетпейді, солай,» деді əкесі. Бала түсінбей бетіне қарайды.
«Өскенде білесің мəнісін, біздің қазақ бір сүрінгеніңді көрсе, көз
түрткісін қоймайды, – деп əкесі, бауырына қыса түседі. – Ал қазір, оқы.
Мен – жалғызбын, менен сен – жалғыз. Екеу-ақпыз. Өзімізге өзіміз
берік болмасақ, көрдім емес пе, əлгі нетіңкіреп жүргенде... Ешкімнің
жаны ашымайды. Ондай ұмытылып бара жатыр». «Қандай?» деп
сұрайды бала. «Аяушылық».
«Ойбай, бүгінде аяушылық деген адыра қалып барады» дегенді
атасы да көп айтып отыратын. Адыра қалған – ағайынның бір-біріне
қажет ашуы, обал-сауабы... болып кете барады екен.
Осының барлығын қалың дəптеріне сүйкеп жүретін Елтүзер тапшан
үстіне екпеттей жатып алып, оларын қайталап оқып қояды. Бүгін де
сол əдетімен өзімен өзі болатын. Кенет... Есіне əлдене түсіп кеткендей,
басын көріп алып еді, көзі бірден қорғанға емпеңдеп кіріп бара жатқан
Дандайға түскені. Бір жаққа барып келді ме, бес-алты күннен бері
көрінбей қалған. Əне... Ұзамай əдемі жас келіншек те де ар жақтан
шыға келді. Қолында сол, бос шелегі. Əдеттегідей ол да барып кіріп
кетті, Дандайдың соңынан. Бала орнынан қалай ұшып тұрғанын өзі де
байқамай қалды. Əуестік ендігі жерде оған ерік бермеді. Дамылдап
жатқан атасы мен апасына сыбдырын білдірмей, ауладан сытылып
шығып, жан-жағына жалтақ-жалтақ қарап, Дандайдың атасының
қорғанына қарай жаймен, ақырын, абайлап басып келеді. Оған жеткен
соң, кірер есіктің темір шарбағынан ішке бірден көз салуға батпай,
сағана жақтауына жабысып, ішке құлағын тосқан. Əуелі еркек пен
əйелдің қосарлана шыққан ырабайсыз ыңырсыған үнін естіді. Балаға
аналар бір-бірін буындырып жатқандай болып көрінді. «Олары несі?»
деп жалма-жан темір шарбақтан ішке қалай үңілгенін өзі де аңдай
алмай қалған. Сонда, əуелі көргені – қорғанның ортасындағы аласа
төмпешік үстінде... Келіншектің беті бері қарап жатыр екен, бұған көзі
түсіп кетіп: «Əй...əй... Ой...бай!» деп жейдесі желкесіне қарай түріліп
кеткен түйедей еркектің жалаңаш арқасын сабалап, өлердей
тыпырлады. Көзі шарасынан шыққан. Əлем-тапырақ болып кеткен өңі
жан шошырлықтай еді. Мүлде күтпеген көріністен оқыс, əрі сұмдық
қатты шошынған баланың құлақ тұндырып құлындаған даусы жалғыз
сəт көкті тіліп өтті де, кілт үзілді.
Жақын маңайдағы ана үй, мына үйден қайсыбіреулердің сыртқа
атып-атып шығуына оның жалғыз сəт көкті тіліп өткен құлындаған
даусы жетіп жатыр еді. Апалақтап айналаға алақ-жұлақ қараған
жұрттың көргені – Дандайдың атасының қорғаны жақтан сүрінеқабына екі қолы ербеңдеп кетіп бара жатқан Елтүзер.
Баланың шырқыраған шыққан үні атасы мен апасына да жеткен
болу керек, алдынан емпеңдей басып шығып келеді екен, екеуі бірдей,
емпеңдеп.
Япыр-ай, сенің даусың ба, жаңағы? – деп атасы өңі өзгеше бүлініп
кеткен баланы бас салды. – Неден шошындың, күнім?
Елтүзер Дандайдың атасының қорғанына қол сілтей берді.
Ол не? Айтсаңшы...
Балада тіл жоқ еді: Ы...ы..., – деп ыңырсиды.
Артынан белгілі болғаны – ел естімеген сұмдық: Ана екеуі қорған
ішінде ажыраспай қалыпты... Күтпеген жерден оқыс қатты шошып
қалғанда сөйтеді екен.
Тілі байланып Елтүзер ауруханаға түскен. Атасы мен апасында жан
жоқ.
Жалғызымнан қалған жалғыз еді, – деп құдайдың зарын қылған
екеуіне дəрігер басу айтады.
– Емдейміз, əлі-ақ сөйлеп кетеді, – дейді. – Оқыс, сұмдық қатты
қорқып қалудан болады, бұл. Бала түгілі біздің де тіліміз байланып
қалар еді, əуелі.
– Əруақ ұрды, ə иттерді, – деп атасы басын шайқай береді, – Сөйтті,
ақыры... Енді ше...
Елтүзерді бойында бұрын-соңды болып көрмеген бір сұмдық ұят
қысады. Атасы мен апасы түгілі, өзгелердің бетіне де қарай алмайды.
Көп ұзамай ұлының жағдайынан хабардар болған əкесі де жеткен,
екі өкпесін қолына алып. Бірін-бірі құшақтап ұзақ отырды. Көздерінен
жас парлаған.
– Дəрігер айтып отыр, көп ұзамай-ақ жазылып кетесің, – деді əкесі. –
Енді айналып келгенде, сөйтіп отырасың, күнім.
Бала оған елеңдей қоймайды, тіпті елемейтін де сияқты.
Екеуі сыртқа шығып, қол алысып, қоштасып жатқанда, əкесінің
қалтасына төрт бүктелген қағаз салған.
Былай шыққан соң анау қалтасындағы қағаздың бүктеуін жазып
қараса, бір-ақ ауыз сөз: «Енді менің құлағым да естімей, көзім де
көрмей қалса екен, көке...»
Ақкүшік
Ақкүшік алғаш қар басқан жылдың ақпанында күн мезгілінен бұрын
жылынып, сірескен қардың көбесі сетіней бастаған. Ауыл сыртынан
сəл аулақтағы өзеннің сарылы күннен күнге күшейіп, күндіз-түні
күркірейді де жатады. Ақкүшіктің көзі сол жақта. Иесінің солай қарай
кеткеніне біраз күн. Содан қайтып оралмады. Неге? Ақкүшік оны
білмейді. Иесінің ізімен тұра жүгірейін десе, байлаулы. Ары
жұлқынады, бері тартынады...
Иесі осы қыс үйге кешкісін үнемі ішіп келетін əдет тапқан. Ол кезде
Ақкүшік байланбай бос жүретін. Құлағы селтиіп, алдынан жүгіріп
шығар еді. Иесінің қалтасында бұған лақтырып берер нəпақа сөзсіз
болады. Бұл қағып алған сайын анау мəз. "Тағы секірші, қане, Ақкүшік,
тағы" − деп мəре-сəре. Мұның басы-көзін сипалап, ұзақ-ұзақ еркелетеді.
Сол иесі енді үйде жоқ. Кетті. Сосын иесінің келіншегі мұның
мойнына кайыс қарғыбау тағып, шынжырға бекітіп қойған. Өзі
ертеңгісін кетіп, кешкісін келеді. Оның да Ақкүшікке ықыласы ерекше.
Үйшігінің ішін күн сайын тазалап, астына төселген төрт бұрыш құрым
киізді кешке қайта қағып төсеп, тамағын тостағанына толтырып
қояды. Үнемі сылап-сипайды. "Ақкүшігім! Ақкүшігім!" деп ірі тарақпен
ұлпа жүнін олай-бұлай жатқызып отырып алатыны бар.
Ақкүшіктің ауыл иттерінен тұқымы басқа болатын. Денесі шағын,
жүні ұзындау. Көздері қап-қара, дөп-дөңгелек. Иесі мұны көзін жаңа
ашқанда өзеннің ар жағындағы ауылда тұратын диірменші орыс
шалынан ұн тарттыруға барғанда сұрап алған.
Таң ағараңдап атысымен, Ақкүшік үйшіктен басын шығарады. Ауыл
иттерінің жөнді-жөнсіз əупіліне қосылып, бұл да шəуілдеп қояды.
Бұрын мойнында қарғы бауы жоқ кезде секеңдеп аула кезіп кететін.
Аппақ қарға аунап-аунап алудың өзі бір рақат. Қазір байлаулы. Таң
атқалы біраз уақыт. Күннің кызыл шапағы таудан асып, дүние
арайлана бастаған. Сықырлап үйдің есігі ашылды. Үй иесінің келіншегі
келіп, мұның алдына түннен қалған тамақтың сорпа-суын кұйды.
− Сəлем, Ақкүшік!
Ақкүшік оның не айтып тұрғанын білмейді. Бірақ жұмсақ даусынан
бойы бір түрлі жылынып кетеді.
− Ішің пысты ма? Аула кезіп ойнағың келеді, ə? Қайтсем екен?
Босатайын ба? Сөйтсем, мен жоқта жалғызсырап, ауладан шығып
кетсең қайтем. Қазір иттің етін қуырып жейтін пəлекеттер пайда
болды ғой. Сен болсаң қарашы, жұнттайсың. Біз не ішсек, соны іштің.
Əй, əй, Ақкүшігім-ай... Қалдыбегіміз қайда біздің? Кетті ғой, мүлде
кетті. Əлде, қайта орала ма?.. − келіншектің бота көздері жасаурады. −
Айтқандарымды түсінсең ғой, шіркін. Сөйлей алсаң... Жаутаң-жаутаң
етіп кеттің ғой, а, Ақкүшік, босатайын ба?.. Мен жұмысқа кеткенше
аула ішінде ары-бері шапқылап, бой жазып алсаң ба екен. Мейлі,
сөйтші...
Келіншек Ақкүшіктің қарғы бауын ағытып алды.
− Ал шапқыла.
Ақкүшік үйшігінен атқып шыққан. Со бойы аула ішінде күндіз бойы
босап, түнге қарай қайта қатып жатқан ойдым-ойдым қардың үстімен
асыр салып ойнап кетті. Шарбақтың ар жағында көршінің кəрі төбеті
бір бұтын көтеріп алма ағашының діңіне сарып тұр екен, мұны көріп,
жалғыз рет маңқ етті де қойды. Кəрі төбеттің ұсқыны нашар,
омыртқалары шодырайып, қабырғасы ырсиып, құлпетке айналған. Ар
жақтан иесінің төбесі көрінді, Жуан қарын еркек мөлиіп тұрған төбетті
жанынан өте бере іштен бір теуіп қаңқ еткізді де, тауықтарына жем
шаша бастады. Еркекті көрген сəтте Аккүшіктің есіне иесі түсті. Иесі...
Ақкүшік шарбақтан сыртына бір-ақ карғыған. Ол бірден өзенді бетке
алды. Иесінің солай қарай бара жатқанын көріп еді ғой. Қатқақтап
жатқан қардың бетімен заулап отырып өзенге тез-ақ жетті. Өзен
лайланып ағып жатыр екен. Ернеуінен əжептəуір асып кетіпті. Ақкүшік
оған біраз қарап тұрды да, иесі екеуі диірменші орыс шалының
ауылына екі-үш жолы барғанда өткен көпірді бетке алды. Көпір
өзеннің өрлеуіт жағындағы өткелге ыңғайлы тұсында болатын. Оның
қашан салынғанын, əйтеуір, талай жылдар екі ауылдың ара
қатынасына қызмет етіп келе жатқанын, жыл сайын екі ауыл
кезектесіп оңдап отырғанын, алайда соңғы кездері қараусыз қалып
бара жатқанын Ақкүшік білмейтін.
Ағаш көпір өзінің соңғы көргеніне қарағанда қисайыңқырап калған
сияқты болып көрінді оған. Асау ағыстың шашыраған суы бағанатіреулерін жуып жатыр. Ақкүшік заулап өте шықты.
Көрші ауыл бəлендей алыс емес. Аумағы үлкен... Кезінде мұнда
совхоз-техникум болғаны, қазір ол колледжге айналып, оқу
баяғысынша жалғасып жатқаны, анау екі қабатты үйлер солардың оқу
ғимараттары мен жатақханалары екені күшікке, əрине, беймəлім. Ол
тек диірменші орыс шалының үйіне алып баратын жолды ғана біледі.
Диірмен ауылдың сырт жағында болатын. Соған төтелеп тартты.
Бұл келіп жеткенде, орыс шалы мен иесі диірменшінің төбесі аласа екі
бөлмелі үйінің кіре беріс бөлмесінде бір шөлмек самагонды аяқтап,
қыз-қыз кайнап отырған.
Күшік есікті тырмалап, шəу-шəу етуі сол екен, шалдың басы
қылтиды.
− Вот тебе, да! − деді ол. − Кого вижу... Слушай, Калдыбайчик,
погледи-ка сюда.
Ашык есіктің табалдырығында талтайып тұрған диірменшінің
бұтының арасынан зып берген күшік иесіне қарай тұра атылған.
− Ақкүшік! − Қалдыбай итін алдына көтеріп алып, − шынымен
өзіңсің бе-ей? Қалай таптың мені? Қайдан білдің осында екенімді?
Күшігім... Іздеп келгенін қарай көр...
Шал стол үстінде жатқан шошқаның майынан бір кесіп Ақкүшікке
тастады. Өзі стол астынан үлкен шөлмек алып, тығынын аузымен
жұлып тастады да, бос стакандарға мөймілдете құйып жатты.
− Іздеп келді ғой, дядя Паша, − деді Қалдыбай аузынан самагон исі
бұрқырап, − іздеп келді. Ит те болса сөйтті. Ит те болса...
− Давай, Калдыбайчик, − диірменші шал стаканын көтерді, ит үшін
ішейік. Нағыз ит адамның шын досы. Кейде адамның өзінен артық. Ит
иесін қаппайды. Ал адам... Өзге түгілі өз бауырын талап тастайды.
Пойми его теперь... Давай, сынок.
Ішіп қойысты.
− У боп кетті ғой мынау, дядя Паша.
− За то арақтан таза. 90 градусы. Самодельный. Никакой криминал.
А то... повсюду самопал. Люди не те... нанға например, кір жуатын
парашок қосып ашытады, тушу раздувает насосом... Что не делается
кругом. Все для того, чтобы разбогатеть. Тем более за счет здоровья
людей.
Қалдыбай Ақкүшікпен əуре.
− Үй аман ба? Бекзат үйде ме?.. Жоқ ол да кетіп қалды ма?.. Бірақ
қайда? Барар тау, басар жері жоқ оның.
− Қалайша? − шал темекісін тұтатты.
− Ерте жетім қалған.
− Деддомдікі ме?
− Жоқ. Ағайындарының қолында өскен.
− Ни сестры, ни брата что ли?..
− Əпкесі бар. Алыста. Орысқа тиіп кеткен.
− Қандай орысқа?
− Вот ты даешь, дядя Паша... Кəдімгі орысқа да. Офицер. Границада.
Сырттан əйелдің даусы шықты.
− Павлуша!
− Пришла, − деді шал. − Коварная баба.
Үйге жасы қырықтардағы орыс əйелі енді. Халатының сыртынан
күпəйке киіп алыпты. Аяғында пима. Тізесі жалаңаш.
− Ты что, Матрена, − деп шал əйелдің халатының етегін қара санына
дейін көтерді. − Без трусов что-ли?
− Уймисъ! − əйел диірменшінің қолын қағып тастады. Бірак көздері
күлім қағып тұр. − Что готовить к обеду?
− Потом, потом... − шал əйелге де самогон құйды. − Выйпи. Надо
поговорить.
− Случилось что?
− Пей, пей, − деп диірменші Қалдыбайға қарады. − Бұл қатын
You have read 1 text from Kazakh literature.
Next - Аты жоқ əңгіме - 02
  • Parts
  • Аты жоқ əңгіме - 01
    Total number of words is 3929
    Total number of unique words is 2197
    35.8 of words are in the 2000 most common words
    48.1 of words are in the 5000 most common words
    55.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Аты жоқ əңгіме - 02
    Total number of words is 3979
    Total number of unique words is 2390
    31.0 of words are in the 2000 most common words
    43.8 of words are in the 5000 most common words
    50.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Аты жоқ əңгіме - 03
    Total number of words is 3953
    Total number of unique words is 2410
    31.2 of words are in the 2000 most common words
    43.5 of words are in the 5000 most common words
    49.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Аты жоқ əңгіме - 04
    Total number of words is 4071
    Total number of unique words is 2262
    34.2 of words are in the 2000 most common words
    46.6 of words are in the 5000 most common words
    53.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Аты жоқ əңгіме - 05
    Total number of words is 4080
    Total number of unique words is 2283
    35.7 of words are in the 2000 most common words
    50.2 of words are in the 5000 most common words
    58.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Аты жоқ əңгіме - 06
    Total number of words is 3867
    Total number of unique words is 2253
    34.5 of words are in the 2000 most common words
    49.1 of words are in the 5000 most common words
    55.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Аты жоқ əңгіме - 07
    Total number of words is 3920
    Total number of unique words is 2312
    34.7 of words are in the 2000 most common words
    49.9 of words are in the 5000 most common words
    56.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Аты жоқ əңгіме - 08
    Total number of words is 4071
    Total number of unique words is 2324
    34.8 of words are in the 2000 most common words
    49.0 of words are in the 5000 most common words
    56.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Аты жоқ əңгіме - 09
    Total number of words is 3891
    Total number of unique words is 2246
    34.4 of words are in the 2000 most common words
    48.0 of words are in the 5000 most common words
    54.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Аты жоқ əңгіме - 10
    Total number of words is 3963
    Total number of unique words is 2223
    35.0 of words are in the 2000 most common words
    49.9 of words are in the 5000 most common words
    57.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Аты жоқ əңгіме - 11
    Total number of words is 4065
    Total number of unique words is 2156
    34.8 of words are in the 2000 most common words
    47.8 of words are in the 5000 most common words
    55.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Аты жоқ əңгіме - 12
    Total number of words is 3922
    Total number of unique words is 2134
    35.8 of words are in the 2000 most common words
    49.5 of words are in the 5000 most common words
    55.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Аты жоқ əңгіме - 13
    Total number of words is 3908
    Total number of unique words is 2235
    34.3 of words are in the 2000 most common words
    47.5 of words are in the 5000 most common words
    54.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Аты жоқ əңгіме - 14
    Total number of words is 3946
    Total number of unique words is 2274
    32.7 of words are in the 2000 most common words
    46.7 of words are in the 5000 most common words
    53.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Аты жоқ əңгіме - 15
    Total number of words is 3887
    Total number of unique words is 2182
    35.4 of words are in the 2000 most common words
    50.0 of words are in the 5000 most common words
    57.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Аты жоқ əңгіме - 16
    Total number of words is 3980
    Total number of unique words is 2314
    34.1 of words are in the 2000 most common words
    47.8 of words are in the 5000 most common words
    55.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Аты жоқ əңгіме - 17
    Total number of words is 4026
    Total number of unique words is 2348
    34.9 of words are in the 2000 most common words
    50.6 of words are in the 5000 most common words
    58.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Аты жоқ əңгіме - 18
    Total number of words is 3834
    Total number of unique words is 2268
    33.8 of words are in the 2000 most common words
    48.1 of words are in the 5000 most common words
    55.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Аты жоқ əңгіме - 19
    Total number of words is 3833
    Total number of unique words is 2238
    34.3 of words are in the 2000 most common words
    45.9 of words are in the 5000 most common words
    53.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Аты жоқ əңгіме - 20
    Total number of words is 4171
    Total number of unique words is 2247
    36.3 of words are in the 2000 most common words
    50.1 of words are in the 5000 most common words
    57.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Аты жоқ əңгіме - 21
    Total number of words is 3874
    Total number of unique words is 2199
    35.5 of words are in the 2000 most common words
    49.7 of words are in the 5000 most common words
    56.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Аты жоқ əңгіме - 22
    Total number of words is 3805
    Total number of unique words is 2239
    34.5 of words are in the 2000 most common words
    47.9 of words are in the 5000 most common words
    55.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Аты жоқ əңгіме - 23
    Total number of words is 3858
    Total number of unique words is 2234
    34.3 of words are in the 2000 most common words
    48.6 of words are in the 5000 most common words
    55.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Аты жоқ əңгіме - 24
    Total number of words is 3019
    Total number of unique words is 1732
    37.0 of words are in the 2000 most common words
    48.7 of words are in the 5000 most common words
    54.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.