Latin Common Turkic

Қаһарлы күндер - 22

Total number of words is 4107
Total number of unique words is 2182
36.3 of words are in the 2000 most common words
51.5 of words are in the 5000 most common words
59.2 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
– Ондай сөзді екінші қайтара айтпа!—деді ол қатал үнмен.
Раушан үндемей қалды. Ержан шаршап, сүріне басып келе жатқан
Земцовтың қолынан носилканың тұтқасын алды. Өзге жұрттан гөрі
носилканы көбірек көтерген Ержан болды. Раушан бір-екі рет оның қатқыл
өңінің жұмсарып өзіне мұңая қарағанын сезіп қалды. Кейде өзінің
дəрменсіздігін, қалың бұлттай төнген соғыс қаупін ұмытып та кетеді, осы
бір қайратты жас жігіт өзін қандай пəледен болса да алып шығарына
сенеді.
Раушан өмірінде бірінші рет «осындай қайратты қамқоршың болғаны
қандай жақсы»,— деп ойлап, сəтсіз тағдырына қатты назаланды.
– Не ойлап жатырсың, Раушан, — деді Күлəнда.
Раушан селк ете қалды да, қасындағы Күлəндаға біртүрлі таңдана
қарады.
– Саған не болған. Өзің біртүрлі боп кетіпсің ғой, — деді Күлəнда
құрбысының бетіне аңыра қарап.— Соғыс өзгерткен бе өзіңді?
Раушан сəл ғана езу тартқандай болды, бірақ көзіндегі суық сəуле
жылымады.
– Немене, мен қартайыппын ба? — деді ол.
«Иə, қартайған сияқтысың» деген сөз аузынан шығып кете жаздап
Күлəнда сасып қалды.
– Жоқ!.. Неге... Мінезіңді айтамын...
– Өзгергенім рас, — деді Раушан. Даусында күрсініс бар. — Түртүсімнің қанша өзгергенін білмеймін. Айнаға қарамағалы да талай уақыт
болды. Бірақ өзгергенімді білем. Кеудеме əкеліп басқа біреудің жанын
қондырып кеткен сияқты. — Ол аз уақыт Күлəндаға қарап үнсіз жатты да,
төсектен басын көтеріп алды. — Сен жоқта, мен жақсы болғаным жоқ.
Сұмдық қатеге ұрындым. Енді оны өмір бойы еңіресем де түзей алмаймын.
Өзімнен өзім жиренетін болдым. Мейлі, маған керегі де сол шығар.
Раушан енді байсалды, бір ырғақты қоңыр дауыспен сөйледі. Əр сөзі
ақтық шығарған үкімі сияқты естіледі. Күлəнда оның байсалды, үмітсіз
үнінен шошынып қалды.
4
Уəли аса көңілсіз жағдайда отыр. Иесі босып кетіп, аңырап қалған бөлме
де қобалжыған жарым көңілін титықтата түседі. Ол терезеге үңілді.
Мылтықтарын асынып екі-үш солдат кетіп барады. Анау алысырақта жол
бар екен, алғы шепке қарай арба кетіп барады. Оған қарсы бір салт атты
жортып келеді. Осы қимылдардың бəрі Уəлиге сондай бір көңілсіз жат
көрінді. Анау қыбырлаған солдаттар мен офицерлердің мұнымен алуан
түрлі қарым-қатынасы бар еді; бірі бағынатын, бірі сыйлайтын, бірі бұдан
бұйрық күтетін, бірінен бұл əмір күтетін. Енді солардың бəрі теріс
айналған, мұнымен ісі жоқ. Майдан атты жанды алып машинаның бұл да
бір мүшесі еді, істен шыққасын лақтырып тастаған сияқты.
Шыңылтыр көк аспан биігінде жентектеніп қатып қалған қардай реңі
суық ақша бұлттар көрінеді, жылтыр дөңгелек мұздай шақырайған күн
көзінің өзі жылы сəуле емес, ызғар шашатын сияқты. Анау дөңесті жапқан
қарағай орман да аяз қысып жаурап тұр. Суырылмалы жаяу борасын
айналадағы дүниенің ызғарын арттыра түседі. Дүние деген бір азынаған
суық мекен сияқты да, өзі сол жапанда жалғыз қалған қорғансыз мүсəпір
бала сияқты көрінді Уəлиге.
Уəли терезеден көзін тайдырып əкетіп, бұрышқа жата кетті. Өз ойынша
Уəлидің бес-алты күнде басынан кешкені, қайғы-қасіреті ортақол адамның
үшеу-төртеуінің əміріне мол жетеді. Осы азғана күнде ол үрей, қорқыныш,
ойсыраған өкініш, ауыр қайғы, сағымдай алдамшы үміт, ащы ыза, өрттей
жалаған күйініш атаулының алуан түрін басынан өткерді. Ол қаптап келе
жатқан ажал сұсты дұшпанды көргенде зəресі зəр түбіне кетті.
Тіпті Раушанның қасында да табан тірей алмай зыта жөнелгенін еске
алғанда əлі де жерге кіріп кете жаздайды. Бірақ сол кезде ұятты ойлауға
мұршасы болмады.
Оның көзіне төніп келе жатқан қара тажалдан өзге еш нəрсе көрінбеді.
Өлгісі келмеді. Барын сарқып өмірдің қолға іліккен бір пұшпағынан ұстап
қалғысы келіп жанталасты. Қолға іліккені қашу болды. Уəли қаша берді.
Бытырай қашқан басқарусыз рота қалың орманның, көп əскердің
арасына сіңіп жоқ болды.
Уəли сол алғашқы күні түнде дəйек таппай кейін қарай жүре берді.
Қараңғыда жаудың қай жағынан келіп қаларын білмей қорықты. Көп ұзап
ентігін басқан соң, кейінгі жақтағы атысты естіді. Дұшпаннан қарасын үзіп
кеткенін сезіп, құлақ түріп, көз салып көріп еді: атыс қанаттасқан тұтас
емес, əр жерден ала естіледі. Бірі жақын, бірі алыс оң қанаттан зеңбірек үні
жұмсарып, талып кетсе, сол қанатта мылтық даусына дейін анық.
Тура алдынан да атыс бірде жақындап, бірде алыстан кеткендей болады.
Кенет салдырлаған арба, машина дауыстары да құлаққа шалынды. Қымқуыт араласып кеткен бір дүние сияқты, Уəли енді дұшпан қайда, біздікі
қайда айыра алмай əбден шатасты. Ол, қалың орманның ішіне кіріп кеткен.
Қараңғы түнде, тұнжыраған қара орманда батыс қайсы, шығыс қайсы,
айыруға еш мүмкіндік жоқ. Уəли омбы қарды кешіп жүгіре берді. Əріберіден соң майдан қайсы, тыл қайсы, оны да шатастырып алды. Енді
бастапқыдан сиреген атыс та əр тұстан бір естілгендей болады. Қараңдаған
балапан қарағайлар, бұталар бұлаң етіп, жолын тосқан жау солдатындай
елес береді. Уəли бір ағашқа жүгіріп барып, жабыса қалып, алдын
болжайды. Алдынан үш рет жалғыз аяқ жол кездесті. Жолды көрген сайын,
қорқып бір бүйірге жалт береді. Тағы да алдынан жалғыз аяқ жол шыға
келді.
Ентігіп, тынысы тарылған Уəли, жуан қарағайдың тасасына тұра қалды.
Сығалап жолға қарады, ешкім көрінбейді. Кенет ол: «Манадан бері
алдымнан шығып жүрген, бір-ақ жол ғой деп таңданды. Сол жолды
қапталдай кейін қарай кетіп бара жатыр екем ғой», —деп көңілі кішкене
орнығайын деді. Бірақ, сонда да запы, əккі қалпынан аумады. Əрбір қыбыр
еткен дыбысқа, ағаштың сыбдырына құлақ тігіп, үріккен қояндай
елеңдейді. Майдан шебін жарып өткен немістер алда да, артта да болуы
ғажап емес. Кенет арба салдыры, дабырласқан дауыстар естілді. Уəлидің
жүрегі су етіп, төмен түсіп кеткендей болды. Ол дем шығармай сіресіп,
бұтаның түбіне бұға қалды. Дауыстар бір бүйірден тура бұған қарап келе
жатыр. Уəлидің қол-аяғы дірілдеп қоя берді. Дабыр жақындаған сайын
қалшылдап, бұтаның түбіне сүңги түседі. Осылай жатқан бес минут
күтісінің өзі бес тəулікке татыды. Енді əскерлер тіпті жақындап қалды.
Арба салдырының арасынан адам дауыстары да анық естіледі.
– Держи, правее! Голова!
– Подтянись!
Уəли құлағына сенер-сенбесін білмей, елең етіп басын көтеріп алды:
«Біздің адамдар болса неге көлденең келе жатыр» деген қауіп тағы
толқытты. Сөйткенше колонна тұсына келіп те қалды. Енді күмəн жоқ.
Уəли тасадан шығып, колоннаға қарай жүрді. Еңгезердей біреу оның
қарасын көріп:
– Сенбісің, Попов? — деп гүр етті.
Уəли оның тұлғасынан, даусынан сескеніп қалды.
– Жоқ-жоқ... Басқамын, — деді қипалақтап.
– Сен қайдан тап болған адамсың? — деді жуан дауысты дəу.
Жұрт назары өзіне ауған Уəли сасып қалды. Оның үстіне мына дəудің
дауысы да көңілді орнықтырарлықтай емес еді.
– Орман ішінде талай қашқындар бар ғой, зытып жүрген қудың бірі
шығар, — деді дəудің қасындағысы.
– Не дейді. Жігіттер дезертирді ұстап алды,— деп шарылдады, қайта
келе жатқан жіңішке шіңкілдек дауысты біреу.
Уəлидің жүрегі су етіп, тізесі қалтырап бара жатты.
– Жə, үрей туғызба, — деп гүж етті жуан дауысты. — Өзің бір немісті
қуып бара жатқандай.
Уəлидің жүрегі орнына түсті.
– Мен... мен... батальонды іздеп жүрмін. Орманда... адасып кеткенім...
Байланыс командирімін...— деді Уəли салмақты сөйлеуге тырысып.
– Қай полктансың?— деді дəу, қараңғыда Уəлиге үңіле қарап.
– Егоров полкынан.
– Егоров? Ол қай полк? Ондай полкты естіген жоқ едім... Достым, өзің
қай дивизиядансың?
– Панферов дивизиясынан, — деді Уəли, оны да «естімеп едім демесін»
деп дивизияның номерін де қосып айтты.
– О-о, достым, Панферов дивизиясынан болсаң мықтап адасқан екенсің.
Бұл басқа дивизия. Ал, Панферов дивизиясы біздің оң қанатымызда
болатын. — Дəу ащы мырс өтті... — Енді қазіргі бағытымызда — сол
қанатта болады. Сендер де шегінген шығарсыңдар?
– Ия, біз де шегініп барамыз!
– Ендеше, достым, осыдан солға таман ойысып жүре бер, сонда өз
дивизияңа кездесесің.
Дəудің осы сөзі Уəлиге тұжырымды бұйрықтай сезілді де солға қалай
бұрылып кеткенін өзі де байқамай қалды. Топтан бөлініп кеткесін тағы да
көңілі қобалжыды. Соларға қайта қосылғысы келіп еді, бата алмады. Енді
қимылы да жиілей түсті. Алдан тағы да шегініп бара жатқан бөлімдер
кездесті. Сапырылып келе жатқан солдаттар некен-саяқ жүрген жалғызжарымды елер емес. Шегініп бара жатқан тыл бөлімдерінің бірінен соң
біріне ілесіп таң атқанша жүрді.
Іңір мен түннің едəуір уақыты ес жидырмас үреймен өтті, тек қалың
топтың ішіне кіргесін ғана Уəлидің қорқынышы басылайын деді. Бірақ бар
денесін темір шеңгелдей ұзақ уақыт сығып ұстаған қорқыныш əбден
қалжыратып, есеңгіретіп тастаған түрі бар. Уəлидің болған істі ойлап
қорытуға, болашағына көз жіберуге шамасы келмеді. Оған дұшпан
сұсының сұмдық көрінгені сонша, бүкіл майдан өзі сияқты қашып-пысып,
босып бара жатқан сияқты көрінді. Еш нəрсеге ой жүгіртпей мең-зең қалпы
сапырылысқам көптің екпінімен жел айдаған қаңбақтай ыға берді.
Таң атты. Бұлтты қыс таңының қоңыр-күлгін жарығы түндегі қараңдап
сапырылысып жүрген денелерді бір-бірінен ажыратып бет ажарларын
көрсетті. Уəли бұлардың бірін де танымады. Бұл ілесіп келе жатқан бөлім
ошарыла тоқтап еді. Қажыған ұйқысыз жүздерде үрей, қорқыныш нышаны
сезіле қоймайды. Əрқайсысы шаршаған адамның ауыр қимылымен өз
шаруаларына кірісіп жатыр. Уəли де жол шетіне отырды. Оның көз
алдында бір арбакеш əскери пар ат жеккен мығым арбадан қапшығын алып
аузын шешіп жатыр. Арбаның қасына қайқы тұмсық, орта бойлы
талдырмаш сары жігіт келді. Əскери сəндігін ажырайта-ақ жасаған. Бір
будақ шикіл шашын ширата шығарып, құлақшының шекесіне қисайта
киген, қоңыр тысты келте тонының өңірін ашып, белін қынай буған. Аязға
қарамастан жылтырақ хром етік киген, оның да қонышын төмен жиырған.
– Эй, Вася, менің баяным қайда?— деді ол арбакешке.
– Қайдағы баян? А-а... Сенің баяның ба? Білмеймін,— деді арбакеш
қапшығының ішіне үңілген күйі.
– Қалай білмейсің,— деді сары шашты кейи таңданып. — Сен өзің
жоғалтқаннан саумысың. Кеше үрейің ұша қашыпсың ғой.
– Сен, бауырым, Ваня, əн салған шегіртке сияқтысың.
– Сен соғысуға келдің бе, əлде əн салуға келдің бе? — деді арбакеш. —
Баянды қайтесің. Кел, тамақ іш. Менде сало бар.
– Салоңа түйіліп өл сен! — деп кейіді сары шашты. — Тап баянды. Əн
салмаса соғыстың да сəні болмайды.
Оның қымбат зат екенін білесің бе, сен?
– Жə-жə, қымбат екенін білем. Жүктің астына салғамын. Кел сало же.
Ваняның жүзі жылып сала берді.
– Олай болса жеуге болады. Əлгі анауыңнан кішкене... Біp жұтым...
Ишь чего захотел! Ни капли не дам! Лопай.
Уəли қайран болды. «Баян», «əн», «сало» деген сөздер бұған соншалық
жат естілді. «Бұлар соғысып көрмеген бе, əлде соғысты ұмытқан ба? — деп
ойлады ол. — Неміс танктері жарып өтсе мылжалап кететінін, не
артиллериямен-ақ отап тастайтынын білмейтін кещелер ме? Баянның
халқы қымбат» дейді.
Біреулер жата қалып, көз іліндіріп, біреулер құрғақ тағамдарын жеп,
əркім өз шаруасына кірісіп жатыр.
– Қанша тұрады екеміз, бұл арада, — деген дауыс естілді.
– Қайдам. Бұйрық күтсін депті ғой. Мүмкін немістерді тоқтатқан шығар.
Арбакеш пен баянын іздеген сары жігіттің сұр майды кертіп турап, қара
нанмен қоса асап жатқанын көріп Уəлидің жүрегі сазып қоя берді. Бұл
қапшық арқаламайтын, қалтасында да еш нəрсе жоқ. Азық-түлік —
ординареці Полищукте еді. Оны қай жерде жоғалтқанын бір құдайдың өзі
білсін. Дегенмен Уəлидің жүрегі сазып барады. Бірақ ол анау арбакештен
қалай тамақ сұрамақ?
Қарын қамымен қоса бас қамы туралы ойлар келе бастады. Өзі сияқты
жұрттың бəрі тым-тырақай қашты деген жорамалы бекерге шығып барады.
Басынан-ақ Уəли бұл жорамалға мықтап сене қойған жоқ еді, тек əйтеуір өз
көңілін алдаудың қамы болатын. Кенет ол өзінің масқара халін түсініп,
қатты шошынды. Өзге командирлер шегінсе де əскерлерін басқарып, соғыс
салып барады... Ал, Уəлидің ротасы қайда? Өзі қайда? Қорқақ адамдарға
тəн сыртқа шықпай, іштей лып етіп басылатын бір ерлік ұшқыны Уəлидің
де кеудесіне түсті. Кенет тұра жүгіріп, анау жұрт соғысып жатқан
позицияларға барып, немістермен арыстанша алыспақ болды. «Мейлі,
көрсін жұрт менің ерлігімді. Сонда не дер екен!?» Бірақ бұл жерде тыныш
болғанмен онда тарсылдап мылтық атылып жатыр. Сондықтан ба, Уəли
орнынан ұшып тұруға асықпады. «Сонда менің ерлігімді кім көреді» деген
ой келді. — Мыналар басқа бөлімдер. Құдайдың тірі жаны мені
танымайды. Мені елейтін кім бар мұнда. Бір танктің астында мылжаланып
қалсам...» Осы ойдан бүкіл іші-бауыры тітіркеніп қоя берді.
Қайта түн жақсы екен. Таң атқасын жағдай қиынға айналды. Енді
жолдан қосылған тосын лейтенантқа əркім-ақ көз салатын болды.
Кейбіреулері тіпті жиі қарайды. Баяншы сары жігіттің арбакешке иек
қағып:
– Əне біреу кім?—деп күбірлегенін де Уəли естіп қалды.
Арбакеш алыстан Уəлиге көз қиығын тастап, иығым бүлк еткізді:
– Қайдан білейін. Анадайдың бірі шығар...
Уəли бұл күңкілді де естіді. «Анадайдың» қандай екенін де сезді.
Жұрттың күдікті көзқарасының астында ұзақ қалуға болмады. Ол ақырын
ғана орнынан тұрып сытылып жүре берді. Жұрттың бəрі мұның кім екенін
сезіп талай суық көздер желкесін тесіп бара жатқандай.
Уəли сапырылысқан əскер бөлімдерінің əрқайсысына бір ілесіп кете
берді. Өз бөліміне баруға асықпады. Маңдайынан сипап қарсы ала
қоймайтынын жақсы білді. Бірде үрей, бірде емескі үміт алдандырып, əрісəрі болып төрт күн жүрді. Ауытқып, сапырылысып, жылжып бара жатқан
майдан да оның елеусіз сенделе беруіне жəрдем етті.
Басқа түссе баспақшы. Уəли бұрын төзе алмас талай қорлыққа да көнді.
Ол бір тəулік нəр татпай əбден ашыққан соң, жүрек жалғаудың қамын
іздеді. Құдай айдап бір тоғайда тамақ үлестіріп жатқан жорық кухнясының
үстінен шықты. Шүпірлесіп тамақ алып жатқан солдаттардың үстінен
кимелеуге бата алмай бір азырақ шетте күтіп отырды. Жəне тоса қоятын
котелогі де жоқ еді. Солдаттар сейіле бергенде бойындағы бар қайратын
жинап кухняның қасына келді.
– Жолдас аспазшы, котелогің болса маған да сорпа құйып жіберші.
Бөлімімді таба алмай қарным ашып қалыпты, — деді барынша салмақты
сөйлеуге тырысып.
Сөзінің басы салмақты басталса да, соңғы жағы қожырап, жалынышты,
жалтақ үнмен шықты. Соңғы сөзді артық айтқанын сезіп, тіпті қысылып
қалды. Уəлидің түрі онша инабатты болмаса керек, аласа бойлы жуантық
аспазшы оған ажырайып күдіктене қарады. Қазанның алдында жатқан
дөңгелек котелогін алып, əмір еткендей қысқа ғана «ұста» деп Уəлиге
ұсынғаны, ұзын ожаумен шашырата сорпа құйғаны — көлденеңнен тап
болған неғайбіл лейтенантты ұнатпағаны былай тұрсын, менсінбегенін де
анық айтып тұр. Уəли бұған да төзді.
Тіпті аспазшының бетіне күлімсірей қарады. Бірақ анау оңбаған оны
елеген де жоқ.
Уəли енді тамақ сұраудың да əдісін тауып алды. Алды ала дайындалып
бойын түзеп еркін басып келіп, аспазшыларға «Жол бойы əлденіп аламыз
ба қайтеміз. Қане, солдат, құйып жіберші, тамағыңның дəмін көрейік», —
дейтін болды. Аспазшылар да бұған қабағын шытпай-ақ кейде тіпті жылы
қарап, «көріңіз, көріңіз, жолдас лейтенант», — деп жалпақтап котелогін
ұсынады. Əлгі алғашқы кездескен оңбаған аспазшының ызасы да ұмыт
болды. Уəли енді тамақ жағынан көп қиналмайтын да болып алды. Бір күні
төрт-бес солдаттың үлкен термостарына сорпа құйып жатқан аспазшының
қасына келіп үйреншікті сөзін айтып: Қане, солдат, тамағыңның дəмін
көрейік», — дей беріп іркіліп қалды. Аспазшы бұған бажырая қарап тұр
екен. Баяғы оңбаған аспазшы.
– Сіз өз бөліміңізді əлі тапқан жоқсыз ба?— деді сондай ащы
мысқылмен.
Уəли жарылып кете жаздады. Қашаннан бергі біреуге қатты ашуланғаны
осы еді.
– Сенің хақың жоқ! Хақың жоқ! — деп айқайлады ол қалшылдап.
Одан əрі əбден булығып қалды да қатты аяңдап жүре берді. Аспазшы бір
нəрсе айтса керек, желкесінен солдаттардың күлкісі естілді. Ең аяғы
оңбаған аспазшыға дейін басынады. Əттең!.. Басқа бір кезде болса...
Уəлидің «əттеңі» көбейді. Қанша ойлағысы келмей теріс айналып барса
да өз жағдайы ойлатпай қоймады.
Өзінің бұралқы халі жиі мазалайды. Кейде өзінен өзі ыза болады.
Тағдырына ыза болады. Əркімге ыза болады. Оны осындай халге түсірген
кім? Оған да əркім-ақ себепші сияқты. Неге бұл майданға келді. Бір
халықтың келешегі зор болашақ ғалымы емес пе еді? Неге мұны колхоздан,
заводтан, неше түрлі қара жұмыстан келген қалың тобырдың ішіне қосып
жіберді? Мұнда Уəлиді түсінетін кім бар? Ең мықты дегені «айт-двадан»
басқаны білмейтін, күні кеше өзінен сабақ алған Мұрат па?
Тып-тыныш жүрген жоқ па анау Сəлімгереев, кіршіксіз костюм киіп,
жымия күліп. Көрер едім мына дозаққа түссең жымиғаныңды! — Сол
Сəлімгереевтің несі артық осыдан.— Неге бұл жерге ол келмей мен келуге
тиіспін?! — Осыған Уəли қатты назаланады. Өзін біреу алдап соғып,
айдалада шешіндіріп кеткендей өртенеді.
Бірауық, ол ойды тастап кейінгіге көшеді. Дегенмен əскердегі халі де
жаман емес еді. Штаб қызметі əркімнің қолына тие бермейді ғой.
Купцианов та сыйлайтын. Əне бір боқмұрын баланың қырсығы. Мұрат та
дəл сол жерде отқа итере салды. Болмаса Купцианов өз маңынан жібермес
еді. Бірауық Ержанға, Мұратқа өлердей ыза болады, екеуін де өртеп
жібергісі келеді, бірауық сол жаман баламен байланысқан өз қатесіне
өкініп бармағын шайнайды.
Шексіз ызақор, кекшіл адамды тырп еткізбей қол-аяғын матап қойып
сабаса қандай халге түсер еді. Ызадан жарылып өліп кетер еді, егер өліп
кетпесе ақыр аяғында бұлқынып қойып, тағдырына мойынсұнар еді. Уəли
де сондай халге түсті. Дəрменсіз ыза ішін өрттей жалағанмен Мұратқа да,
тіпті Ержанға да бұл еш нəрсе істей алмайды. Сондықтан да болашақ
қамын, тірлік қамын ойлау керек болды. Ол енді өзінің не айтарын, не деп
ақталарын он ойлап, тоқсан толғады. Сұрау салып полкты іздеді.
Сапырылысқан майданда полк та бірден табыла қоймады. Ұзынқұлақтан
біреудің сілтеген деревнясына келсе, басқа бөлімдер болып шығады. Уəли
мұндайға тіпті қуанып та қалады. Қанша іштей дайындалса да бастықтарға
жолығатын сағаты қатты түршіктіреді.
Уəли бесінші күні өз бөлімін тапты. Комбат Қонысбаев Уəлиді суық
қарсы алды.
– Ə, өзің келдің бе? Іздеуге мұршамыз болмай жатыр еді, — деді ол
қалың қабағының астынан сүзе қарап.
Уəли шомбал капитанның көзқарасынан шошып қалды. Бірақ сонда да
көптен жаттап жүрген ойындағы сөзін айтты:
– Уһ! Сіздерді де көретін күн бар екен ғой. Қоршаудан алдыңғы күні
шығып ем, екі күн іздеп əрең таптым ғой.
– Қоршаудан? — Капитан ажырайып таңдана қарады.
– Иə, қоршаудан шықтым. Немістер жапырып кетіп... Қалай аман
шыққаныма өзімнің де таңым бар.
Капитан қарқылдап күліп жіберді:
– Өтірік айтып тұрсың ғой, — деді ол күлкіден оқыс тыйылып, Уəлиге
тіке қарап.
– Жоқ... жоқ... Жолдас капитан! Имандай шыным... Сіздің мұныңыз
қалай? Маған сенбейсіз бе?
Енді Уəлидің сөзі бұрынғысынан да шикілеу болып барады. Капитан
оны тыңдаған да жоқ.
– Сабыр ет, қазір анықтаймыз, — деп тыйып тастады.
Фильчагин кіргенде Уəли селк ете қалды. Талдырмаш денелі елгезек
командир, елпеңдай басып келіп капитанға сəлем берді. Фильчагин Уəлиді
көріп аңтарылып қалды. Оның жыпылықтап таңдана қараған көк көзінде
керемет бір ызғар пайда болды. Енді қадалып, тесіп барады. Уəли көзін
тайдырып əкетті.
– Қандай ротаны қор қылдың! Эх, қандай рота еді! — деді ол
қалшылдап.— Масқара қылдың бізді!
...Уəли жатқан жерінен дөңбекшіп түсті. Өткен күндердің осы елестері
бірінен соң бірі келіп жанын уландырып барады. Жəне қас қылғандай көз
алдына қайдағы бір өзін қор ететін жиренішті оқиғалар елестейді. Өткен
күннің көріністерін ойынан қуған сайын олар өшіккен арадай жабыла
түседі. Уəли тағы да екі рет аударылып түсті. Басын көтеріп алып, жабық
есікке қадала қарады. Есіктің ар жағында сақшы бар. Уəли қамауда отыр.
Ол орнынан тұрып арлы-берлі сенделіп жүре берді. Енді жан қинаған
ойлардан арылып, қатты аурудан кейін есеңгіреп қалғандай бір мең-зең
халге түсті. Ой да, өкініш те жоқ. Басының ішіне мақта тығып қойғандай.
«Сижу за решеткой, в темнице сырой,
Вскормленный в неволе орел молодой».
Осы бір-екі жол өлеңді мағынасына ой жүгіртпей жаттанды қайталай
берді. Ешбір сөздің мəнін ұқпай, қарлығыңқырап күңгірт шыққан өз
дауысын ғана тыңдайды. Кенет есік ашылып сақшы кірді де:
– Қане, жүріңіз!— деді.
Уəли: «Бскормленный в неволе» дей беріп кілт тоқтап, сақшыға таңдана
қарады.
– Қане, жүріңіз! Полк командирі шақырады.
Уəли осы сəтте барып өзінің не айтып жүргенін, өлең сөздерінің өз халін
масқаралап тұрғанын ұқты.
Мұрат кеше ертеңгісін полкты қабылдады. Екі батальон алғы шепте
ұрыста болатын. Өз батальоны тылда қорғаныс шебін қазып жатыр. Ол
штабта көп айналған жоқ. Өзін сыпайы салқындау қарсы алған
Купциановпен біраз отырып барлық жағдайға қанықты да, тыл бөлімшелері
мен азайып қалған артиллерия бөлімшелерін аралап шықты. Соғысып
жатқан батальондарға барды. Кешеден бері немістердің шабуылы бəсең
тартты.
Əр жерден жеке-жеке атака жасайды; бұрынғыдай үлкен күш төгіп,
өрекпімейді. Өткен кеште Панферов полкқа жаңа бұйрық берді. Түн
қараңғысын жамылып, полк алғы шепті өзге бөлімге тапсырып
кейініректен бекініс жасауға шықты. Немістер жаңа бір шабуыл бастау
үшін қайта топталып жатыр. Мұрат қолы бос бір адам қалдырмай барлық
солдатын окоп қазуға жапты. Оқ өтінен тасалау полк, батальон
штабтарының маңын сағалайтын түрлі ординарец, көмекші, писарь
атаулыларды қара жұмыстан қағажу жүретін жаяу əскерлердің еркесі —
барлаушыларды, ең аяғы арбакештерге дейін жер қазуға қуды. Өзі картадан
белгілеп берген траншеяларды, артиллерия позицияларын аралап көзімен
көріп, өзгерістер енгізді. Бойына тың қайрат бітіп серпілгендей Мұрат
ширығып алған. Бəріне барып, бəріне араласып, табанда жарлық етіп түзеп,
өзгертіп жүр. Жауапкершілікпен бірге істейтін жұмыс та көбейген. Ол əлі
полктың масштабына үйрене алған жоқ-ты, қарауындағы командирлерінің,
көмекшілерінің көбейгенін байқамай, бұрынғы əдетінше ұсақ-түйекке
дейін өзі істейді.
Осы көп жұмыстың ішінде, оның есінен кетпеген, бірақ тындыруға да
асықпаған бір шаруасы болды. Ол Уəлидің жайы еді. Аралары онша жақын
болмаса да, Уəли қанша айтқанмен көз көрген, ертеректен таныс адам еді.
Соның жаманатына қынжылып, оның ісіне өзі ұялғандай болады. Кешеден
бері бүгін ғана уақыт тауып Уəлиді шақыртты.
Уəли есіктен жасқана кіріп, Мұратқа жаутаңдай қарап именіп тұр. Сəлем
орнына ернін күбір еткізді. Мұрат бойын билеп ап оған салмақпен салқын
қарады.
– Қандай халге душар болғансың? Айтшы,— деді орнынан түрегеліп. —
Бірақ... Не айтатыны бар. Маған бəрін баяндаған.
– Басыма ауыр іс түсіп тұр. Айыбым да бар шығар.
Бірақ дұшпанның танктері шыдатпады. Ротаны тоқтата алмадым. —
Уəлидің өңі сұрланып, тұла бойында ыстық діріл пайда болды. Ол енді
ақтың сөзімді айта алмай қалам ба деп асығып, қызына жылдам сөйледі. —
Өзімнің де көрмеген азабым жоқ. Айыбым да бар шығар.
Бірақ сонда да бастықтар тым қатты кетті. Үш күн қоршауда болдым.
Əрең құтылдым. Кейбір бастықтар маған сенбейді. Айыбым да бар шығар.
Бірақ нахақтан күйіп барамын. Фильчагиннің сөзіне сенеді. Оған мен қатты
ұрсып, сөгіс берген едім. Өзі маған өшігіп жүр. Əрі жоғарылағысы келеді.
Мейлі, жоғарылай берсін... Тек маған жала жауып несі бар!?
– Уəли, бері қарашы, — деп Мұрат безектеп бара жатқан Уəлиді
тоқтатып тастады. — Маған несіне өтірік айтасың. Бəрі белгілі ғой.
Фильчагинді айыптайтын да ретің жоқ. Ротаның қалған-құтқанын
жиыстырып, батальонға қосқан сол жігіт.— Мұрат қолын артына ұстаған
күйі, басын көтеріп Уəлидің бетіне тура қарады. — Тым болмаса осы жерде
шыныңды айтсаңшы. Қолыңмен істеген істі мойныңмен көтеруге де
жігіттігің жетпей ме!?
Уəли көзін тайдырып əкетіп төмен қарады. Мұраттың сөзінен таяқтан
жасқанғандай бұға түсіп, бір уақытта барып басын көтергендей болды.
Ендігі көзқарасында үрей де, жалбарыну да бар.
– Қайтейін. Менің сөзіме қазір кім сенеді. Менің тағдырым өз
қолдарыңда ғой,— деп налыды Уəли. — Айыбым жоқ деп айта алмаймын.
Бірақ менің сөзімді тыңдайтын кім бар. Ең аяғы жолдас болған сен де
сенбейсің. Мейлі, қашқан-ақ болайын. Менің тағдырым өз қолыңда, Мұқа.
Əйтеуір көз көрген жолдас едің.
Мұрат Уəлиге қабағының астынан қарап тұр. Оның соншалықты
мүсəпір, жалынышты кейпін көргенде тыжырынып қалды. «Осы жерде де
өзін адам сияқты ұстай алмағаны ма? Жаны не деген тəтті еді, бұл
байғұстың?» деп ойлады Мұрат. Ол Уəлиді танымай қалғандай таңданды.
Бір кезде намыскер, өз бағасын аса жақсы білетін жігіт сияқты көрініп еді
ол Мұратқа. Алматыда жүргенде институт мұғалімдерінің ішіндегі көріктісі
де, өткірі де осы емес пе еді? Қатарларынан өзін сəл ғана жарасымды
жоғары ұстап, төмендерге есіркей қарамаушы ма еді? Мұратқа да, қашан
жақын танысқанша: «А-а-а, лейтенант, қызмет жақсы ма?» деп жүретін
кездері бар емес пе еді? Бұл байғұс енді неге соншалық азып, кішірейіп
кеткен? Бұрын осы адам жігерлі де, намыскер де, батыр да көрінетін.
Мұраттың көз алдына өткен өмірдің бір сəті келіп тұра қалды. Ішінде
Уəли мен Мұрат та бар үш-төрт жігіт Алматы маңына аңға шыққан-ды.
Иесі машинасын бергенше түс қайтып қалды. Бұлардың аңшылығы да
күшті емес еді, оның үстіне өзен бойында құс та кездеспеді.
Күн кештетіп енді қайтамыз дегенде, Уəли заповедникке баралық, онда
аң көп, қарақұйрық атамыз деп болмады. Бұлар заповедниктің ішіне
тереңдеп кіргенше қараңғы түсті. Кенет машинаның алдынан бір хайуан
қылаң етті.
Шофер машинасын оқыс тоқтатты. Еліктің лағы жалт етіп шыға келіп,
машинаның жарығына таңдана қарап тұрып қалды. Мұрат жас еліктің сұлу
мүсініне таңдана сүйсініп, қадалып қапты. Сүйріктей ұзын сұлу аяғы,
кеудесі шығыңқы, қарны тартыңқы қағылез əсем тұлғасы шебердің
қолымен ойғандай. Орта тұсы жалпақтау үлкен құлағының өзі əлі мүйіз
шықпаған сүйір тұмсықты кербез басына жарасып тұр. Танауы жыбырлап,
қиғаш көзі мөлдіреп қара түнді қақ жарған жарыққа жас балаша
таңырқайды. Жырынды болмаған аңғал еліктің əсем тұлғасы балғын ерке
күшке толы. «Тəйт» десе жалт беріп, алыс қырқаның басынан бір-ақ қылаң
етеді. Мұраттың осы көрініске сүйсініп, жаны рақаттанғаны сонша,
машинаның алдында Уəлидің мылтықпен елікті көздеп жатқанын да жаңа
көрді. Ол түсінбегендей сəл ақырып қалды да, «тоқта!» деп айқайлап
жіберді. Оның даусымен бірге мылтық та тарс ете қалды. Мұрат
қолтығының астынан ыстық қаны шапшып тыпырлап жатқан еліктің
қасына қалай жүгіріп келгенін білмей қалды.
Дəті шыдамаса керек, шофер машинаның отын сөндіріп тастады.
– Əй, шофер, шамыңды жақ. Қане, олжамызды ала кетейік, — деп Уəли
келе жатыр.
– Жоқ. Алмаймыз. Бұр машинаны, — деді Мұрат шоферге.
– Əй, сен өзің қаннан шошынғанбысың, жауынгер командир, — деп
Уəли қарқылдап күлді. — Ертең соғысқа барғанда қайтесің!?
Соғысқа кіргелі Мұрат талай сұмдық қылмыстарды көрді, ызадан ішін
өрт жалады, бірақ адам баласының осы бір кішкене қиянаты ұмыт
болмапты.
– Менің басыма ауыр іс түсіп тұр. Көз көріскен жолдас едік. Айыбым да
бар шығар. Жолдастық хақы ғой. Азаматшылығың болсын. Өзіңіз білесіз,
Мұқа.
– Мен үкім шығармаймын. Үкімді генерал шығарды. Уəли нəжісті қаза
бермесін деп Мұрат оның сөзін тыйды. — Абыройыңды ақтауға мүмкіндік
берілді. Қатардағы солдат болып соғысасың. Қай ротаға барасың, оны өзің
қала.
– Рақмет, Мұқа, рақмет, жолдас капитан, — деп жалпақтады Уəли. «Сыр
мінез бала еді, ренжіскенмен де ырқымнан шықпас, тым құрса сыйлар», —
деген оймен Ержанның взводына жіберуін өтінді. Енді Уəлидің көңілі
орнығып, еті тіріліп қалды. — Ержан екеуміз араздасып та едік. Мені
маңдайдан сипамас. Бірақ сынағасын қатты сынаңыз.
5
Күн кештетіп қалды. Сурылмалы жаяу борасын да жаңа басылып,
аспанды түгел аласа қоңыр бұлт торлады. Бұлттың ортасы күмбездене
көтеріліп, шеті жерді орай қымтап алған сияқты. Күндізгі аяз да
жұмсарайын деді.
Қылаулаған қар үдей түсіп, окоп ернеуіндегі жас топырақты жасыра
бастады.
Взвод окоп қазып жатыр. Ұзыннан-ұзақ созылып, тереңнен қалған
траншеялардан қылт етіп солдат бастары, күрекпен лақтырылған қоңыр
топырақ көрініп қалады. Ержанның өзі де окоп қазып жатыр. Шинелін
тастап, құлақшынын түріп, шалқайта киген. Жердің тоң қабатынан
асқанмен төменгі жағы да онша жұмсақ болмады. Қатты қимылдаған
Ержан ентігіп қалып, күрегіне асыла сүйеніп дем алды. Бес-алты
жауынгерлерді бастап қасына Кəкібай келді.
– Жолдас лейтенант, траншейді бітірдік. Енді демалуға рұқсат етіңіз, —
деп баяндады ол.
– Ендеше үшінші отделениеге көмектесіңдер. Олар да аз қалған шығар.
Содан кейін демаласыңдар, — деді Ержан.
Кəкібай кішкене тартыншақтап тұрды да:
– Құп!— деді. Содан кейін қасындағыларға бұрылды. — Ал, тез барып
бітіріп тастаңдар.
– Нашандік болмай жатып отырып алып əмір етеді.
Өзің жүрмейсің бе? — деп күңкілдеді Көжек.
– Не рассуждать, — деп зекіді Кəкібай ойынды-шыны араластырып.
Олар кете бергенде окопқа ырғып түсті. — Қанекей, жолдас лейтенант, мен
бітіріп тастайын.
Жұмысын тез тындырып болып, темекі тартып отырған Ержанға қарай
берді. Бір нəрсе айтқысы келеді, бірақ coған екі ойлы болып тұрған сияқты.
– Қалай, Марияштан хат алдың ба?— деді Ержан сөз бастау үшін.
– Марияш хатын үзбейді ғой. Кеше үш хаты бірден келді, — деді
Кəкібай өңі жылып.— Тек менің хатым кешіккен болар. Қоршаудан
шығысымен жазып жібердім.
– Сені Марияш өте жақсы көреді-ау деймін.
Кəкібай төмен қарап мырс етіп күліп жіберді. Күректің сабып сипалай
береді:
– Шыныңды айтшы, жақсы көреді ғой, — деп жармасты Ержан.
– Əрине, енді əйел болғасын.
– Сен де жақсы көресің бе? Шыныңды айтшы.
Ерлі-зайыптың бақытына қызығып, «өте жақсы көрем» деген сөзді асыға
күтеді Ержан. Өз көңілін мұң шалғандай болды.
– Жақсы көрмесем алам ба, — деді Кəкібай, енді қысылмай Ержанның
бетіне қарап. — Бір кезде оған əн де шығарғанмын.
– Əн бе? Өзің композитор екесің ғой. Ол əніңді неге айтпадың бізге.
You have read 1 text from Kazakh literature.
Next - Қаһарлы күндер - 23
  • Parts
  • Қаһарлы күндер - 01
    Total number of words is 4074
    Total number of unique words is 2218
    37.9 of words are in the 2000 most common words
    54.8 of words are in the 5000 most common words
    62.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 02
    Total number of words is 4139
    Total number of unique words is 2198
    37.4 of words are in the 2000 most common words
    52.6 of words are in the 5000 most common words
    60.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 03
    Total number of words is 4119
    Total number of unique words is 2250
    36.7 of words are in the 2000 most common words
    52.7 of words are in the 5000 most common words
    60.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 04
    Total number of words is 4090
    Total number of unique words is 2251
    35.9 of words are in the 2000 most common words
    50.4 of words are in the 5000 most common words
    57.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 05
    Total number of words is 4173
    Total number of unique words is 2089
    37.7 of words are in the 2000 most common words
    53.9 of words are in the 5000 most common words
    61.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 06
    Total number of words is 4102
    Total number of unique words is 2204
    35.4 of words are in the 2000 most common words
    51.8 of words are in the 5000 most common words
    59.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 07
    Total number of words is 4014
    Total number of unique words is 2319
    33.0 of words are in the 2000 most common words
    48.2 of words are in the 5000 most common words
    55.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 08
    Total number of words is 4065
    Total number of unique words is 2283
    32.5 of words are in the 2000 most common words
    47.1 of words are in the 5000 most common words
    54.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 09
    Total number of words is 4074
    Total number of unique words is 2163
    34.8 of words are in the 2000 most common words
    49.5 of words are in the 5000 most common words
    57.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 10
    Total number of words is 3971
    Total number of unique words is 2186
    35.4 of words are in the 2000 most common words
    50.7 of words are in the 5000 most common words
    58.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 11
    Total number of words is 3935
    Total number of unique words is 2117
    35.9 of words are in the 2000 most common words
    50.6 of words are in the 5000 most common words
    57.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 12
    Total number of words is 4031
    Total number of unique words is 2296
    35.3 of words are in the 2000 most common words
    49.9 of words are in the 5000 most common words
    58.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 13
    Total number of words is 4051
    Total number of unique words is 2113
    36.5 of words are in the 2000 most common words
    52.5 of words are in the 5000 most common words
    61.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 14
    Total number of words is 3896
    Total number of unique words is 2104
    36.1 of words are in the 2000 most common words
    50.9 of words are in the 5000 most common words
    58.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 15
    Total number of words is 4041
    Total number of unique words is 2139
    36.3 of words are in the 2000 most common words
    51.3 of words are in the 5000 most common words
    60.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 16
    Total number of words is 4030
    Total number of unique words is 2157
    35.3 of words are in the 2000 most common words
    51.7 of words are in the 5000 most common words
    59.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 17
    Total number of words is 3971
    Total number of unique words is 2156
    36.4 of words are in the 2000 most common words
    51.4 of words are in the 5000 most common words
    59.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 18
    Total number of words is 3896
    Total number of unique words is 2160
    34.7 of words are in the 2000 most common words
    49.3 of words are in the 5000 most common words
    57.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 19
    Total number of words is 4009
    Total number of unique words is 2076
    36.0 of words are in the 2000 most common words
    52.3 of words are in the 5000 most common words
    60.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 20
    Total number of words is 4092
    Total number of unique words is 2141
    32.4 of words are in the 2000 most common words
    45.8 of words are in the 5000 most common words
    54.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 21
    Total number of words is 3977
    Total number of unique words is 2150
    36.1 of words are in the 2000 most common words
    51.0 of words are in the 5000 most common words
    59.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 22
    Total number of words is 4107
    Total number of unique words is 2182
    36.3 of words are in the 2000 most common words
    51.5 of words are in the 5000 most common words
    59.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 23
    Total number of words is 4067
    Total number of unique words is 2204
    36.8 of words are in the 2000 most common words
    51.5 of words are in the 5000 most common words
    59.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 24
    Total number of words is 4086
    Total number of unique words is 2165
    35.5 of words are in the 2000 most common words
    50.5 of words are in the 5000 most common words
    58.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 25
    Total number of words is 4077
    Total number of unique words is 2115
    33.4 of words are in the 2000 most common words
    47.9 of words are in the 5000 most common words
    56.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 26
    Total number of words is 3778
    Total number of unique words is 1884
    37.3 of words are in the 2000 most common words
    51.9 of words are in the 5000 most common words
    60.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.