Latin Common Turkic

Қаһарлы күндер - 06

Total number of words is 4102
Total number of unique words is 2204
35.4 of words are in the 2000 most common words
51.8 of words are in the 5000 most common words
59.4 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
болды. Енді көбірек сөйлеседі, күн сайын жан түкпірінде жатқан бір сыр
ашылып, екеуі бір-бірінің өміріне тереңдеп кіріп барады.
Мұрат өзінің Айшаға деген сезімі туралы көп ойлады. Сұлу əйелге
қызығу ма бұл? Əлде ғашықтық па? Егер ғашықтық болса неге күйдіріпжандырып алып кетпейді? Сондай бір тез тұтанып, лап еткен сезім болып
еді ғой мұның жас шағында. Ынтығып, күйіп бара жатқан Мұрат жоқ. Бірақ
ақырын маздап қызуы артып бара жатқан бір сезім бар. Енді оны бұл тежей
алатын емес. Əр түрлі себептермен бір-екі жылдан бері Мұрат «қағынан
жеріп» жүр. Əлде сол суыған көңілді осы жылытты ма? Өзгенің орнын
басты ма?» деп те ойлады Мұрат. Бірақ Айшаға деген сезімі бұрынғы
сезімінен бөлек, терең жатыр. Мұрат ойлап-ойлап келіп Айшаға өз көңілін
айтты:
– Айша! «Сүйдім-күйдім, дүниеде сенен басқаға көзім түскен жоқ»
десем жалған болар еді. Мен əсіресе саған жалған айта алмаймын. Мен
жаман, жақсыны көрген адаммын. Көңіл желігі болса өзімді өзім тежеуге
қайратым жетер еді... Өзімді-өзім сынап та, тежеп те көрдім. Болмады...
Өмірдегі аңсағаным сен екесің... Қайтейін, əттең деп бармағымды
шайнаймын. Екеуміздің де жағдайымыз қиын. Бірақ сен үшін мен неге
болса да дайынмын. Өмірімнің мағынасы да, сəні де сенсің.
Екеуі қаланың шетіне таман шығып кішкене тау өзенінің жағасына
тоқтаған. Мұрат қызарып, сұрланып, көмейіне тірелген сөзін күрмеліп əрең
айтқанда, Айша оның жүзіне үрпие дарады. Бірде жанарында бақыт оты
маздап, бірде əлденеден шошынғандай болады. Мұрат Айшаны құшақтап
ұзақ сүйді. Айша Мұраттың құшағынан босанып аз тұрды да, кенет
Мұратты өзі сүйіп алды. Содан кейін біраз уақыт үнсіз төмен қарап тұрды.
Мұраттың «сəулем, жаным» деген сөзіне құлақ аспаған сияқты. Аздан кейін
басын көтеріп алып тура қарады. Зорланып күлімдегісі келіп еді, ерні дір
ете қалды.
– Жоқ, жоқ... Біз асып кеттік,– деді Айша шарпыған жалыннан
жасқанғандай қолымен бетін қалқалап.– Осымен бітсін бəрі. Жоқ, жоқ, мені
шығарып салма, біреу көріп қалар.
Мұрат осымен бітпейтінін білді. Бірақ лекцияда бір столда отырғанда
Айша сөйлеспейді, тіпті тұйық болып алды. Мұратқа бұрылып қарамайды
да. Арада үш күн өткесін Мұрат тағы да бір тілдескісі келіп, Айшаны
шығарып салды.
– Жүр, өзенге барып қайтайық,– деді Айша былай шыққасын.
Екеуі өзеннің жағасына əнеукүнгі орынға келді. Айша сылдырап ағып
жатқан суға қарап аз үнсіз тұрды. Мұрат та ішкі сезімімен алысып, ең
жақсы көретін əйелдің жақындығын сезіп, үнсіз тұр. Кенет Айша басын
көтеріп алып, Мұраттың шынтағынан ұстап, үлкен қоңыр көзі мөлдірей
қарады. Ең соңғы үкім күткендей үрей мен үміт аралас көзқарас.
– Мұрат, сен мені шын жақсы көресің бе? Тек шыныңды айт!
– Айша! Жаным...
– Жоқ, жоқ... Сенемін. Саған сенбесем кімге сенемін.
Айша Мұраттың кеудесіне бетін басты. Ыстық деммен шыққан «сəулем,
жаным» деген сөздер кеудесін қыздырып, жүрегіне бақыт нұрындай
құйылып жатыр.
Екеуінің кейін терең із қалдырған қысқа бақыты осылай басталды. Айша
Мұрат қызуына балқып, өз сезіміне бар жанымен беріліп, тереңдеп кетті де,
əлденеден үріккендей оқыс тоқтады.
Айшаның Мұратқа айтып берген өмірінің сыртқы желісі дұрыс
болғанмен, əлі жақын сырлас болмаған адамнан іркіп қалған астары бар
еді. Оны Мұрат кейінірек келе түсінді.
Айшаның əкесі қазақтан ертерек шыққан аз интеллигенттің бірі еді.
Бұрын мұғалім болып, кейінірек келе Қазақстан республика болып
құрылғасын осындағы бір наркоматта қызмет атқарған. Айшаның шешесі
ел ішінде өскен, кезінде оқи алмай, тұрмысқа шыққасын күйеуінің
көмегімен хат таныған адам еді. Айшадан бұрынғы бір-екі баласы өлген,
əрі қартайыңқырап қалған ата-ана енді үлкені Айшаны əлпештеп бағып еді.
Айша он жетіге қарағанда əкесі қайтыс болды. Содан кейін қызмет істейтін
адамы жоқ үй жүдей бастады. Жақын достардың жақсы көңілден артық
жəрдемі болмады. Ауылда өскен, өзі ерте күйеуге шыққан шешесі – енді
бойжетті деп Айшаны ұзатты. Шешесі өзгелермен ақылдасып, барлық
жағынан ойлап келгенде – үй ішін бағатын, өз тумасы аз, ең ыңғайлы адам
Құдайберген болды. Айша қанша жыласа да шешесінің сөзін қимады. Əрі
үй-іші де жүдеп бара жатты. Сөйтіп ол əйел болды. Бірақ махаббат, сүю
дегенді білмеді. Балалы болды. Оның сұрықсыз, жүдеу өміріне сəн
кіргізген осы кішкене қызы еді. Кейінірек келе күйеуге шыққалы тап
болған көнбісті, бұйығы, меңіреу халінен аз да болса серпіліп оқуға кірді.
Онжылдықты бітірді. Институтқа түсті. Енді күйеудің бəрі Құдайберген,
əйелдің бəрі менің халімде деген ұғымнан арыла бастап еді. Осы кезде
Мұрат кездесті. Өткір жүзді, сымбатты жігіт сонау бір күні коридорда
кездесіп, тіл қатқанда-ақ Айшаның жүрегін дір еткізіп еді. Ол лекция
үстінде өзіне Мұраттың қадала қарап отырғанын да сезді. Білеубай үйінде
қонақта болғанда да Мұрат көркімен де, мінезімен де өзге жұрттан бөлек
көрініп еді. Өз бойында пайда болған тосын сезімді қанша алысса да жеңе
алмады. Соңғы рет бар күшін жиып бір тартынып көрді де жеңілді.
Қараңғы суық қапаста тоңазып қалған гүл күн нұры құйылып, кешеуілдесе
де жайнап, құлпырып ашылды.
Айша əйелге біткен сезімталдықпен күн асқан сайын өзінің құлпырып
бара жатқанын жəне көркінің Мұратқа ұнайтынын сезді. Мұрат сүйсініп
күле қарағанда бойын шексіз бір қуаныш билейтін. Осылай біраз уақыт
бала көңілі қайтып оралып, есепсіз бақытқа мас болып жүрді. Бақыт деген
Мұрат екен. Бірақ кейінірек келе ойда жоқта тап болған есепсіз бақытқа
күмəндана бастады. Өзін қатеден хан көтерілген қайыршыдай сезетін
болды. Бір күні бұлар Құдайберген екеуі Мұраттың үйіне қонаққа барды.
Мұраттың əйелі баласы барын Айша бұрын да білетін, өзі айтқан. Бірақ
олар туралы онша көп ойламайтын. Енді Хадишамен жүз көріскенде,
томпаңдап жүгіріп жүрген, Мұраттан аумай қалған Шерниязды көргенде
Айша қатты өзгеріп кетті. Еш жаманатын көрмеген жазықсыз əйел мен
жазықсыз баланың алдында өзін қылмысты санап, қатты қиналды.
Хадишаның бетіне қарауға шыдамады. Мұраттың үйленейік деген сөзі бар
еді, Aйша соның жауабын созып жүрген. Осы жолы қолы жеткен
бақытының түгел емес екенін, өзге біреуге у екенін бар жанымен сезгендей
болды.
Осылай Айша тыйылып қалды. Мұрат қанша қиылса да болмады.
– Əйел қасіреті ешнəрсе етпес еді. Өз кесірімнен екі баланы екі жақтан
жетім ете алмаймын, – деді.
Мұрат Айшаның бойынан өзі білмеген тағы бір мінез аңғарды. өз
тағдырына мойын сұнған көнбістілік пе, əлде өзгеге бола өз аяулысын
құрбан етушілік пе? Не де болса Айша қатты тұйықталып, екі араны бөліп
тастады. Көп ұзамай соғыс басталды. Мұрат Айшаны ұмыта алған жоқ.
Осы сезімнің ендігі қалған өміріне кететінін де білді. Бірақ өз көңілін
айтып Айшаны қинамады. Тек майданға аттанардан азғана күн бұрын:
«Жүретін түріміз бар. Көріссек» қайтеді» деп хабар айтып еді.
Мына хат соның жауабы екен ғой. Мұрат конвертті ашты. Не айтты
екен? «Мұрат! Атыңның алды-артына əлпештеген сөз қоспады деп
ренжіме. Ондай сөзді бұрын өзіңе айтып тауысып едім ғой. Маған салсаң
«Мұрат» дейтін жалғыз сөз – бар сөзден қымбат. Мен сені ұмытқаным жоқ.
Бірақ дұрысы осы болды. Кешір. Жолықпайын деген жоқпын. Аттанар
кезіңдегі үй-ішіңе деген сезімге ортақ болуды қиянат көрдім. Тілектес
жақын адамдарымен бір көңілде аттансын деп осы хатты да кейінірек
тапсыруды өтіндім. Өткен іс өтті ғой. Мен оған өкінбеймін. Саған алғыстан
өзге айтарым жоқ. Өткенді сен де қозғама. Meн тілеуіңді тілейтін тілектесің
болмақпын қашанда. Соған жарасам да жетер...»
Мұрат хатты аяғына дейін оқып шықты. Көп қинап əрең шыққан келте
сөздердің ар жағында үлкен жан толқыны жатқанын сезді. Қиналып жүрген
жалғыз Мұрат емес екен.
8
Қазақтың ұшы-қиырсыз кең даласы артта қалды. Поезд Москваға
жақындап келеді. Осы күнге дейін соғыс алыс нəрсе еді, оны жауынгерлер
қиялымен ғана шолып көзге елестететін. Бұлар өткен жерлердің де бейбіт
реңі бұзылмаған-ды. Енді соғыстың ызғар лебін жұрт анық сезді.
Төңіректегі жайнаған дүниенің де реңі суып барады. Кейініректе шағын
станцияларға дейін түн болса көз қуантып самаладай жарқырап тұратын,
енді үлкен қалалардың өзі қомақты, ауыр тұлғасымен қалың ормандай
қарауытып қана елес береді. Қарсы лоқсыған екі толқын тоғысып қалды.
Батыс жақтан поездарға тиеліп көшкіндер келе жатыр. Ондай составтар
енді жиі ұшырайды. Бірақ жау апатынан босқан қалың елді поездар
қасықтап тасып тауыса алар емес сияқты.
Бүгін ертеңгісін немістердің екі самолеті жүріп келе жатқан поезды
бомбалады. Ержан есік алдында тұрған. Самолет гүрілін естіп, əлденеге
секем алып қалды. Мойнын созып көз жеткен жеріне қарады. Бір сəтте
қылаң етіп өте шыққан самолеттің баурындағы кресін көріп қалды. Жүрегі
мұздап қоя берді. Поезд дүрсілінің арасынан атылған пулемет даусы талып
естіледі. Вагон іші жым-жырт бола қалды. Шекті суырғандай зуылдап
келіп, жол табанына елу метрдей жерге бомба жарылды. Ержанның есіне
ашық вагондарда самолет атушылар отырғаны түсті. Өзінің солардың
арасында болмағанына қатты өкінді. Қайрат қылар дəрмен жоқ, мынау
жаңқадай жұқа сандықтың ішінде төбеден төніп келе жатқан ажалды күтіп
отыру тіпті ауыр екен. Солдаттар да орындарына жабысып қалғандай тырп
етпей үнсіз отыр. Ержан бойындағы бар қайратымен сығымдап
қорқынышты жеңіп, есік алдынан кетпеді. Ол көз қиығымен болса да
солдаттардың өзіне қарап, төніп келе жатқан қауіптің алыс-жақынын
командирдің түрінен байқағысы келетінін сезді. Зеленин де орнынан тұрып
есіктің алдына келді. Қалтасынан темекісін алып Ержанға ұсынды.
Самолеттің гүрілі бірде алыстап кетеді, енді бір сəтте төбе құйқаны
шымырлатып жақындай береді.
– Жанды! Өртенді сволочь! Ah, капут!–деп Зеленин айқайлап жіберді.
Құйрығында қара түтіні шұбатылып самолет төмендеп бара жатты.
Ержан енді «соғыс шеңберіне кірдім» деп есептеді. Жаудың жүзін
көрмесе де бүгін айқас болды. Əттең, тек мұның взводын самолетке қарсы
қорғанысқа жібермеді. Бірақ төніп келе жатқан қауіпті ол тайсалмай қарсы
алды. Өзінің қиын сағаттағы сабырын жұрттың бəрі көріп, сүйсінгендей
Ержан едəуір көтеріңкі халде болды. Өзінше салмақтанып, іріленіп жүр.
Осы қалпымен екі-үш сағаттан кейін Раушанға келді. Жұрт кіріп-шығып
жатқанға ма, əлде үйреншікті боп алған ба, мұның келгенін ешкім елей
қойған жоқ. Есіктен кіргеннен-ақ оң жақта отырған Раушанды көзі шалды.
Ол бұған бұрылар емес, қарсы алдындағы жігіттің əңгімесін елте тыңдап
отыр. Жігітті Ержан таныды. Ол Дулат дейтін барлаушы болатын.
– Енді бір айналып шүйіле бергенде тұмсықтың алдын-ала көздеп
бастым деймін.– Дулат орташа шымыр денесі жұдырықтай боп, бүкшиіп
құдды пулемет атқан кісінің түріне еніп, қызына сөйлеп отыр.– Сол кезде
түтін бұрқ ете қалғаны.
– Сəлематсыздар ма,– деді Ержан жақындап келіп. Полктың еркесі
барлаушылар əшейінде де кішігірім командирлерді елемейтін, самолетті
атып түсірген Дулат енді Ержанды көзіне де ілер емес. Орнынан тұрып
сəлем берудің орнына басын изей салды да əңгімесін соза берді. Раушан да
Ержанға бұрылып иек қақты да қайтадан Дулаттың аузына қарады. Ержан
не істерге білмей тұрып қалды. Раушан мұның келгенін ұмытып кеткен
сияқты. Дулаттың əңгімесіне ынтыға түседі. Бір түрлі көңілі жүдеп Ержан
шығып кетті.
Өз вагонына қайтып келсе, рота политругі Кусков отыр екен. Ол
Ержанға қысқа көз тастап, бас изеді де қайтадан өзін қоршап отырған
жауынгерлерге бұрылды. Басталып кеткен əңгімесін үзбеді.
– Сөйтіп тіпті қорыққан жоқпын дейсің бе? Кусков Бөрібайдың бетіне
қарап сəл езу тартты. Алдында аздап өтірік айтса керек, Бөрібай сынай
қараған көзден қаймығып қысылып қалды.
– Əрине, енді былай... аздап...– Ол желкесін қасыды.– Дегенмен қорқа
қойған жоқпын.
– Ендеше ер екенсің. Ал, мен едəуір қорықтым. Кусков бұл сөзді
қалжыңсыз ашық айтты. Оған жұрт та сеніп, көздері жылтырап, еркін
сөйлеп кетті.
– Алғашқы рет кісі, əрине, қорқады. Неге қорықпасын.
– Өзімнің іші-бауырымды бүрістіріп-ақ тастады. Біреулер күліп те
жіберді. Вагон ішінде жұрт ойындағысын ұялмай, қысылмай айтатын
кеңістік пайда болды.
– Бомба зуылдап түсіп келе жатқанда мен өзім көзімді жұмып жата
қалдым. Енді біттім ғой деп ойладым,– деді Земцов дейтін жас жігіт.
– Иə, даусы жаман екен құрғырдың,– деп қостады Бондаренко.
– Ал, жау төніп келе жатқанда қайрат қыла алмағаннан жаман нəрсе жоқ
екен,– деді Кусков қайтадан сөзге араласып.
– Дұрыс айтасыз, жолдас политрук. Құдды қол-аяғыңды матап
қойғандай болдық,– деді Қартбай.– Қиыны сол екен.
Жұрт бүгінгі əуе шабуылынан, алғашқы қауіп-қатерден туған əсерлерін
қызу айтысып тоқтады. Политрук аз уақыт үнсіз отырды. Кусковтың жасы
отыздан асса да өңі жас, денесі жұмыр болғанмен, сүйегі кішіліктен болар,
тұлғасы жіңішке, талдырмаш көрінеді. Əдеміше келген ит жақты, кішкене
бетті. Келбетінде, мінезінде артылып көзге түсер ешнəрсесі жоқ, орташа
ғана адам. Тек түріңкі қалың ерні мен пилотка астынан үрпиіп шыққан
толқынды қоңыр шашы ғана байсалды көзқарасына, сыпайы жұқа реңіне,
сабырлы қимылына үйлеспейтін, тікелік беріп тұр. Оның бойынан Ержан
қызғанатын бір-ақ нəрсе: ол кісінің жүрегіне төте жол тауып, бірден ашық
сөйлесіп кете алатын. Мінекей, Ержан бүгінгі ажалмен алғаш кездесуден
туған зор əсерін кеудесінен шығара алмай, ешкіммен сырласа алмай
булығып жүр еді, жұрт мынаған оп-оңай ақтарыла салды. «Егер осы менің
орнымда болса, Раушанмен де əлдеқашан ұғынысқан болар еді»,– деп
ойлады Ержан. Тағы да Дулат есіне түсті. Қаршығадай шымыр денесі
шиыршық атып, кішкене шегір көзі жайнап Раушанды еліктіріп алып
барады. Раушан бұған ешуақытта дəл солай таңырқай сүйсіне, беріле
қараған емес қой. Енді тағы да сонау күнгі Мұраттың көзқарасынан туған
өзін қорсыну сезімі бітеу жарадай сыздап қоя берді.
ЕКІНШІ ТАРАУ
1
Күлгін қоңыр бұлт шығысқа қарай түйдек-түйдегімен жөңкіліп барады.
Жыртылып-айрылып қайта тұтасады. Сол кезде жалба-жұлба бұлт
арасынан айқын көк бояуы оңып жүдеу тартқан күз аспаны көрініп қалады.
Күзгі өкпек жел ызғарсыз сызымен жұмыс істеп қызынып кеткен солдат
жүзін сергітіп, мойнынан, жеңінен кіріп, тершіген ыстық денеге салқын
рахат лебін еседі. Кейде бұлттан үзіліп түскен тамшыны шашыратып кірпік
астына бүркіп өтеді.
Қалың тұтасқан қарағай ормандар мен ұсақ шоғыр ағаштардың алдында
жалаңаш дөңестерде жұрт қыбырлап окоп қазып жатыр. Үйіріле қалған
шоғырлар, арлы-берлі жүгірген жауынгерлер, салдырлап орман ішінен
шыға келіп дөңеске көтеріліп, ылдиға түсіп кетіп жатқан арбалар. Булыққан
машина гүрілі. Сырт қараған адамға жұрт ұзыннан ұзақ иретіле созылған
жүлгенің өн бойына көмген қазнаны аршып, кейінгілері соны тасып алуға
аптығып жатқан сияқты.
Адам қиялы соғыстың қауіп-қатерін қанша анық елестетіп бақса да, ел
басына түскен ауыртпалықты сезсе де соғыс алыста еді. Кісі жаны қиналып
жатқан жаралы жауынгердің қасындағы жанашырдай ғана болатын. Енді
соғыстың ызғары шарпыды. Сонау қою қоңыр бұлтпен тұтасқан батыс
жиектен зілді ыңыранып артиллерия атысы естіледі. Алыстағы айбатты
гүрсіл талып жетіп, бір күрсініп тынады. Анау алдағы деревнядан арбалы
жаяулар шұбырып барады. Алдында ат арба, одан кейін екі-үш өгіз арба.
Жетекке байланған сиырлар тартыншақтап, қайырыла беріп мөңірейді. Бір
бала қайтадан деревняға қарай жүгіріп кетті. Əйел көштен қалыңқырап
балаға қолын сілтеп басын шұлғиды. Бір нəрсе тапсырып жатыр.
Деревнядан кешеуілдеп қалған тағы бір арба, жаяулар шықты. Қашып,
босып шыққан ел сияқты емес, біреуді жерлеуге бара жатқандай керуен
тұнжырап, жай қозғалады. Қабір қазатын күректі ұмыт қалдырып, соған
ана баланы жұмсаған сияқты. Осы ой келгенде Ержанның денесі мұздап
қоя берді. Таңертеңнен бергі зілдей басқан сезім қалжыратып, денесі босап
кетті. Көңілі жүдеп, жетімсіреп кетті. «Бүйткен болмас, бүйткен болмас»,–
деді ол міңгірлеп. Осы сөздің мағынасы миына жаңа ғана жетіп, «бүйткен
болмас»,– деп дауыстап жіберіп, арқасына қапшық артқандай орнынан əрең
көтерілді. Ол үстін қағып, алдыңғы жаққа қарап біраз үнсіз тұрды. Соғыс
жер сілкінтіп, сықырлай ауыр басып, теңселе төніп келеді. Жақындаған
сайын алқымнан қысып, тынысты бітеп барады. «Не де болса, тезірек болса
екен!»– деді Ержан алқына дем алып.
Бастан кешпеген белгісіз қатерді күту ауыр екен. Тұла бойдағы күшті
сарқып, жігерді кеміре түседі. Тəжірибелі, айлалы боксерлер күреске жаңа
шыққан жасты аренада жалғыз күттіріп қойып дəл осылай қажытатын.
Ержан соғысқа кірмей тұрып өзінің жүдеп баратқанын сезді. Мең-зең
болып келе жатып Бөрібайға ұшырасты.
– Команда пунктін қазып жатырмыз, жолдас лейтенант,– деді Бөрібай
күрегін таянып тұра қалып. Оның түрі алаңсыз, даусы жайбарақат.
Ержанды қинаған ауыр ой мұның есіне де кіріп шықпаған түрі бар. Ержан
белбеуін шешіп, траншеяға қарғып түсіп қолына күректі алды. Он
минуттан кейін жұмысқа елігіп бар ойын ұмытып кеткендей болды.
Босаңсып, ауырлаған денесі ширығып; бұлшық еттеріне күш еніп, сергіп
қалды. Ол осылай баяғыдан көпке мəлім шындықты ашты. Ауыр ойдан
сергітетін, қауіп-қатерді ұмыттыратын жұмыс екен. Енді іспен алаң болуға
тырысып взводты аралап əмір етіп, қолына күрек алып жер қазды.
Ержан сырт көзге едəуір пысық, білгір көрінгенмен бүгін өз тізгінін
қолынан шығарып алды. Оның əрекетінде байыпты іскерлік, тиянақты
тындырымдылық жоқ. Бірде солғын тартып, салбырап өз бетімен кетеді де,
бірде жер қазып жатқан солдаттарға килігіп, əлегін шығарады. Байыпты
қимылдап, күрекпен топырақты мол қарпып алып жатқан Бондаренкоға
«тезірек қаз» деп жекіді. Оның мылтық ататын ұясын көріп оған да көңілі
толмады.
– Алдының топырағы биік, аласарт,– деп əмір етті.
Бондаренко көзінің астымен қарап:
– Құп, жолдас лейтенант,– деп ісіне қайта кірісті.
Қартбайдың пулемет ұясынан да мін тапты.
– Траншейді бітіргесін жөндеймін,– деді ол.
Барын салып митыңдап жатқан Көжектің де көзін алаңдатып, бір кейіп
алды.
Взводты бір тықсырып шығып, темекі тартып отырып ойға қалды.
Жауынгерлердің жанын аямай жұмыс істеп жатқанын ұқты. Оның үстіне
мұның барып бəйек болуы тіпті орынсыз сияқты. Əрқайсысы «құп, жолдас
лейтенант» десе де түрлері «бөгет болып қыстырылмаңызшы» дегенді
аңғартқанын енді біліп, өте бір ыңғайсыз жағдайға түсті. Бірақ қайткенде
де взводты басқару керек қой. Ол окопты қайтадан аралады. Темекі тартып
жайбарақат отырған Добрушкинді көрді. Қисық сержант командирі
келгенде де айылын жия қойған жоқ. Темекісін бір езуіне қисайта ысырып
жіберіп, күректің сабын ұстап, ақырын ғана орнынан тұрды. Əдейі көз
қылғанын жасырмай:
– Тез қимылдаңдар!–деп солдаттарына дауыстап қойды.
Басқа жерде иыққа таман келіп қалған окоп мұнда белуардан төмен екен.
Ержан сержантқа ашуланды.
– Жұмыс істемепсіңдер ғой!?
– Істеп жатырмыз ғой. Көрмейсіз бе!?
– Тындырған жұмыстарыңды көрмей тұрмын? Қазған окоптарың қайда?
– Аяғыңыздың астындағы ше!!
– Осы окоп доп атала ма? – деп жекірді Ержан,– Су жіберетін арық та
бұдан терең болады.
Добрушкин қыңа қойған жоқ.
– Осымен де амалдаймыз ғой,– деді желкесін қасып.
– Бұл арада ұзақ отыра қоймаспыз.
Добрушкиннің соңғы сөзінің астары ап-анық еді. Мұндай жауапты
күтпеген Ержан аңтарылып сержантты бастан-аяқ шолып өтті. Оның
түріндегі бір жамандықтан тіксініп қалды.
– Бұл сөзіңді қалай түсінуге болады?– деді Ержан сызданып.
– Е, шабуылға шықпаймыз ба!?– деді Добрушкин түк сезбегендей.
Ержан Добрушкиннің тез өзгеріп кеткеніне қайран болды. Оның түпкі
ойын сезсе де, қалай кінəлаудың, не деп кеюдің ретін таппады. Қолыңнан
келсе «өтірік айтасың» деп көр. Жоқ, мынау терісі жуан елі қайыс болып
қалған, пиғылы қараңғы адам оңайлықпен алдырар емес. Ержан өз
дəрменсіздігіне ыза болып, Добрушкинді көзімен ата қарап, аз тұрды да
жүре берді.
Бұрыла беріп, ананың кекесінмен иек қаққанын байқап қалды.
– Көріп тұрмын, көңіл күйің онша мықты емес қой!?
Траншея ішінде келе жатқан Ержан селт етіп, кілт тоқтады. Алдында
Кусков тұр. Ол езу тартпай, Ержанға байсалды қарады.
– Көңіл-күйім өз нормасында. Артық-кемі жоқ.
Ержан байыпты жауап бермек болса да əлденеден именіңкіреп қалды.
– Нормаң осы болса... онша биік емес екен.
Ержан политрук сөз аяғын əзілге айналдырып езу тарта ма деп еді,
Василийдің жүзі жылыған жоқ, қайта тереңірек қарап үңіле түсті.
– Барым осы. Қосарым жоқ.
Василийдің көзінде «Болдығың осы-ақ па еді» дегендей бір кекесін
жылт ете түсті.
– Сен өзіңнің командир екеніңді сезесің бе?! – деп Василий тіке қарады.
Ержан мен Василийдің арасында достық та, араздық та жоқ. Анау
ротаның политругі, бұл взвод командирі, оған бағынады. Бірақ Ержан одан
аулағырақ болуға тырысатын, өйткені Василийді көргенде, өзінің қайқайдағы кем-кетігін, олпы-солпысын анық сезінеді. Политрук еш уақытта
даусын көтермесе де тіке келеді, бейне жараның аузын шұқығандай, мұның
бір ойсырап тұрған жерінен дəл басады. Ержанның есіне Уəли түсті. Ол
Ержанның ауырған жерін ақырын ғана сипап өтіп, уайым-қайғысын
ұмыттырып жіберетін. Политрук адамға лайықты мінез осы. Уəлидің мінезі
емес пе?
– Сен, сөйтіп, ойлан. Ал, уақыт тіпті аз қалды.
Байсалды аяңдап кетіп бара жатқан Кусковтың желкесіне қарап Ержан
тұрып қалды. Жоқ, мынаның сөзі көңілді жадыратпады, зіл тастап кетті.
Купцианов, Мұраттар келіп алғы шепті аралады. Купцианов окопқа түсіп
əуре болмай кейініректегі биікте тұрып, қолбасшыларша төңіректі шолып
өтті. Иретілген окоптарды қолымен баяу нұсқап сəл тұрды да, байыптап
сөйлеп кетті.
– Жолдас капитан, тым суырылып алға шығып кетіпсіз. Окоптарды дəл
орманның түбінен қазған жөн болатын еді.
Мұрат өзінің кейдегі анайылық мінезі ұстап кетіп, кесіп тастады.
– Қашуға ыңғайлы болсын дейсіз бе?
Купцианов иегін көтеріп, Мұратқа қабақ шыта қарады да, бірақ ашуын
тежеп сəл езу тартты.
– Жоқ, оқ-дəрі жеткізуге ыңғайлы болсын деймін. Жəне де біз шабуылда
емеспіз, егер шегіністе демесек, қорғаныстамыз,– деді ол кекесінді үнмен.
– Одан хабарым бар,– Мұрат «осы арада соғысатын сен емес, мен ғой»
деп қайырып тастағысы келді де, өзін тежеп: – Бұл арадан екінші белдеу
окоп қаздырармын,– деді.
Жұрт митыңдап окоп қазған, оқта-текте əрлі-берлі жалғыз-жарым
шабармандар жүгірген үйреншікті қимыл арасында төбеде оқшау тұрған
азғана шоғыр офицерлер соғыс алдындағы салтанатты көрініс сияқты.
Купцианов өз тобымен бөлініп əрі қарай кетті де, Мұрат окопты аралады.
Ержан командирлердің өз взводына келе жатқанын көріп алдынан
шықты. Комбат оның рапортын тыңдап, қол алысып амандасты. Мұраттың
түрі жинақы, тап-таза қырынып алған, хром етігін де жылтырата тазалаған.
Əдеттегісінен көтеріңкілеу, қимылында да сергек шапшаңдық бар.
– Ал корсет өнеріңді,– деді Мұрат көзінде көңілді ұшқын ойнап,– Бүгін
бар өнерді салатын күн.
Бұлар окоптың ернеуіне жете бергенде жүгіріп Payшан келді. Ол
комбатқа сəлем беріп:
– Жолдас капитан, санитарлық пункт дайын,– деп баяндады.
Раушан... Бүгінгі күннің əлегімен Ержан оны ұмытып та кетіпті. Сол
қалпы. Қолын шекесіне апарып сəлем бергенде саусағының ұшы дір ете
қалғандай болды. Əлде Ержанға солай көрінді ме? Жер қазған болар,
тырнақ астына топырақ толып, қарайып кеткен. Өңін жел қағып тотығып,
бет терісі қалыңдап, көзі кішірейіп, ажары қашыпты. Қонышы қолпылдаған
кирза етік, кең жағалы гимнастерка иесін енді тауыпты. Қыз Ержанға көз
қиығымен бейхабар бір қарады да қойды. Кенет Ержан қатты тіксініп, дір
ете қалды. Егер де бір снаряд келіп түссе... Көз алдына боп-боз болып
етпетінен жатқан Раушан анық елестеді. Ана саусақтар жансыз бүгіліп
топырақ арасында жатар... Мынау үлкен соғыстың, ажалдың қасында
Ержанның махаббат деп жүргені баланың ойыны сияқты. Снаряд үзе
алмайтын екеуінің арасында қандай берік байланыс бар? Екі жүректің
арасында өрмекшінің жібіндей тартылған болмашы ғана нəрсе бар.
Ержанның осы лап еткен ойдан есеңгіреп Раушанға телміре қарап
қалғанын Мұрат байқамады. Бүгін əркімнің өз ойы өзіне жетерлік сияқты.
– Жақсы, өзім барып көрермін,– деді Мұрат Раушанға.
– Жолдас капитан, кетуге рұқсат етіңіз.
«Сендей гүлді мына боранға кім алып шықты екен?» деді ме, əлде қыз
басқа бір жəйтті есіне салды ма, Мұрат реңін бұл көзқарасынан «апырмай,
жазым болмасаң етті» деген күдікті ғана ұғып, тағы да шіміркенді.
Ержан осы ауыр халде иығын зіл басып, Мұраттың соңынан еріп жүре
берді. Бұлар траншеяны бойлай жүріп отырып, пулемет ұясын қазып
жатқан Қартбай мен Көжектің қасына келді. Қартбай жұмысын бітіріп
ұяның алдындағы ернеу топырағын тасалап жүр екен. Көжек митыңдап
артқы траншеяға қосылатын жолды қазып жатыр. Күзгі мол ылғалды
сіңірген сазды топырақ күрегіне жабысып, ісін өндірмей мазасы кеткен.
Əлсін-əлсін күрегін сілкілеп, желімдей жабысқан сазды түсіре алмай
зықысы шығады.
Командирді көріп қалған Қартбай атып тұрды:
– Жолдас капитан, жауынгер Құлбаев окоп қазып жатыр,– деп баяндады,
Оның əдеттегіден сергек ширатыла қалған қимылы, сəл шүйірілген
көзқарасы, мұрт астында шеті көрініп тұрған күлкі табы Мұратқа таныс бір
келбетті тасалап тұрған сияқты.
Мұрат «осы адамды қайдан көрдім» деп өткен-кеткенді есіне түсіріп
қарманып қалды. Бірақ есіне түсіре алмай, жауынгерге тіл қатты.
– Асыра сілтеп алдың. Жұмыс уақытында баяндамас болар.
– Құп, жолдас капитан! Окоп дайын, тек фрицтерді жайпау ғана қалды.
Мұрат ырғып окоптың ішіне түсті.
– Олар да құлай кетейін деп келе жатпаған болар. Байқа, түйенің үлкені
көпірде таяқ жейді деп, жастарға күлкі болып жүрме,– деді Мұрат окопты
бойына өлшеп көргендей теңселе басып,– Окобың тəуір екен. Енді ұрысың
білсін.
– Ұра берсең құдай да еледі деп Жаңғабыл айтушы еді. Немістер де қара
тас емес шығар,– деді Қартбай.
Мұрат тағы да «осыны қайдан көрдімге» түсті. Дулбаев деген
фамилиясы таныс емес. Ол енді:
– Атың кім? – деп сұрады.
– Əкем Қартбай қойыпты атымды,– деді жауынгер Мұраттың жүзіне
қуақы жымия қарап.
– Мен сені бір жерде көрген сияқтымын.
– Мүмкін. Осы батальонда жүрміз ғой, көзіңіз түскен шығар.
Мұрат жауынгердің бір нəрсені бүгіп тұрғанын сезсе де, ар жағын
қазбады. Кері бұрылып пулеметті көздеп байқады. Пулемет орны ұнаса
керек, Ержанға құптай қарады. Окоптан қарғып шығып, үстін қақты да
Көжекке бұрылды.
– Көжеке, хал қалай?
Айбатты командирдің үлкен тұтып сөйлегенін естіп, Көжек көтере
берген күрегін əуеде ұстап аңырып қалды. Содан кейін өзін-өзі билеп,
ыржия күлді де:
– Хал жақсы ғой, əкем... жолдас капитан,– деді.
– Анада поездан қалып қойып бізді бір састырып едің, енді бүгін
немістерді бір састыршы,– деді Мұрат.
Ержан мен Мұрат взводты түгелге жуық аралап шықты. Мұрат
солдаттармен ақжарқын əзілдесіп, бірін арқадан қағып, кейбіріне кейіп
келеді. Ержан оның сұрауына қысқа жауап қайырып соңынан ере берді.
Окоп ішін жарқын, жайдары аруақ аралап жұртты көңілдендіріп, ширатып,
сергітіп өткен сияқты.
Окоптарың маған ұнады. Ал қазір өз взводыңды ғана емес, ротаны
жинаттыра ғой. Соғыс алдында азғана сөйлесіп алайық,– деді Мұрат.
Ержан Мұраттың əдемі сөйлейтінін біледі. Ол сонысын мақтан етіп
жауынгерлердің алдында өзге командирлерден гөрі жиірек сөйлейтін. Сөзі
қысқа, ұтымды, жұп-жұмыр. Кейбір тапқыр сөздерді қайталап баса
айтуына қарап, Ержан оның Мұрат ойында бұрыннан жүрген, піскен сөз
екенін байқайтын. Өзін жұрт алдында ерекше бір сəнмен ойнақы, жеңіл
ұстайды. Бұрынырақта айтқан сөзін қайталаса да ойынан жаңа ғана
туғандай əсерлі етіп береді. Мұрат ауыр жағдайды айтар алдында жұрт
көңілін сергітіп алып, ойнақылықтан сұсты салмақтылыққа ауысты. Мұны
капитанның айтарын күні бұрын білгенсіп, оның мінезіне сынай қарап
тұрған Ержан да аңғармай қалды. Жаңа ғана жымыңдап тұрған
жауынгерлердің жүзіне ызғар еніп, түнере түсті.
– Ойын бітті, енді соғыс басталады!– деді Мұрат жұмырығымен ауаны
ұрып қойып.– Нағыз ауыр соғыс басталады. «Жауды қалпақпен соғып
аламыз» дейтін ақымақтар кейінде, тылда қалды. Ал бізге көк болатты
маңдайымызбен соғатын да уақыт келер!– Мұрат шайнап тастауға
дұшпанын іздегендей көзінен от шашып жан-жағына қарап алды,– Алдыарттарыңа қараңдаршы! Артыңда таяқ тастам жерде Москва тұр. Алдыңда
өрт боп жалап жау келеді. Аяншақ адамның енесі ұрылады! – Мұрат қайнап
кетіп, айқайлап жіберді.– Нең қалды аянатын! Өлісер жерге жеттің!
Ертеден бергі жігерін құм қылып, еңсесін басқан зілді біреу сыпырып
тастап, Ержанды ширықтырып алға нұсқады. Бойын ұрыс қызуы кернеп,
төбелеске құныққан баладай немістерге қарсы тұра ұмтылғысы келді.
Ондай кезде кісі сүйсініп-ақ өледі ғой.
Іңірде аз уақытқа қолы босан қалды да Ержан Раушанды көруге
ынтықты. Əнеугіден бері көңілінде біраз сыр жиналыпты. Енді сол
толысқан дəндей қауызына сыймай кернеп барады. Сөйтсе де осындай алас
қапаста қызбен сырласуды тым ерсі көріп көп қиналды. Бірақ осы түнде не
ертең жазатайым қаза болса осынша сырын арқалап кету аса ауыр көрінді
де санвзводқа баруға бел буды.
– Мен... жарты сағатқа... ə-ə... штаб жаққа барып келем. Сен басқара
тұр,– деді ол Зеленинге, ұрлық қылған баладай кінəлі пішінмен.
Ержанның жол бойғы күдігі рас болды. Санвзводта Раушан жоқ екен.
Жас ағаш өскен тайыз жырадан санитарларымен бірге окоп қазып жатқан.
Коростылев Ержанға басын изей салды. Қара көлеңкені көзімен тінтіп
керек адамын іздеп біраз аңырып қалған Ержанның оғаш қылығын ол
байқамаған сияқты. Ержан əлденеге арбаның үстіндегі жүкті де бір шолып
өтті. Раушанның санитарлық сумкасын көре алмады. Содан кейін арбаға
сүйеніп, Коростылевтің қорбаңдаған ірі тұлғасына қарап үнсіз тұрды.
Қасына Күлəнда келді.
– Жайша келдіңіз бе?– деді ол аз қипақтап тұрып.
– Жайша.
Күлəнда бөгеліп тұрды да:
– Раушан санротаға кетіп еді,– деді.
«Қашан келеді?» деген сауал аузынан шығып кете жаздаса да Ержан тіл
қатпады. Күрегін жерге шаншып, үстін қағып қасына Коростылев келді.
– Ал, кəне, əкеліп қой,– деп күректей алақанымен Ержанның қолын
қысты.
– Хал қалай, қария!?
Ержан бойын билеп екеуінің арасындағы ойнақылыққа ауысты, бірақ
даусы көңілді шықпады.
– Өте жақсы. Кəне темекі тартып алайық. Содан кейін суырша қайтадан
ін қазамыз.
– Тереңірек қаз, қария.
You have read 1 text from Kazakh literature.
Next - Қаһарлы күндер - 07
  • Parts
  • Қаһарлы күндер - 01
    Total number of words is 4074
    Total number of unique words is 2218
    37.9 of words are in the 2000 most common words
    54.8 of words are in the 5000 most common words
    62.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 02
    Total number of words is 4139
    Total number of unique words is 2198
    37.4 of words are in the 2000 most common words
    52.6 of words are in the 5000 most common words
    60.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 03
    Total number of words is 4119
    Total number of unique words is 2250
    36.7 of words are in the 2000 most common words
    52.7 of words are in the 5000 most common words
    60.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 04
    Total number of words is 4090
    Total number of unique words is 2251
    35.9 of words are in the 2000 most common words
    50.4 of words are in the 5000 most common words
    57.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 05
    Total number of words is 4173
    Total number of unique words is 2089
    37.7 of words are in the 2000 most common words
    53.9 of words are in the 5000 most common words
    61.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 06
    Total number of words is 4102
    Total number of unique words is 2204
    35.4 of words are in the 2000 most common words
    51.8 of words are in the 5000 most common words
    59.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 07
    Total number of words is 4014
    Total number of unique words is 2319
    33.0 of words are in the 2000 most common words
    48.2 of words are in the 5000 most common words
    55.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 08
    Total number of words is 4065
    Total number of unique words is 2283
    32.5 of words are in the 2000 most common words
    47.1 of words are in the 5000 most common words
    54.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 09
    Total number of words is 4074
    Total number of unique words is 2163
    34.8 of words are in the 2000 most common words
    49.5 of words are in the 5000 most common words
    57.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 10
    Total number of words is 3971
    Total number of unique words is 2186
    35.4 of words are in the 2000 most common words
    50.7 of words are in the 5000 most common words
    58.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 11
    Total number of words is 3935
    Total number of unique words is 2117
    35.9 of words are in the 2000 most common words
    50.6 of words are in the 5000 most common words
    57.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 12
    Total number of words is 4031
    Total number of unique words is 2296
    35.3 of words are in the 2000 most common words
    49.9 of words are in the 5000 most common words
    58.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 13
    Total number of words is 4051
    Total number of unique words is 2113
    36.5 of words are in the 2000 most common words
    52.5 of words are in the 5000 most common words
    61.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 14
    Total number of words is 3896
    Total number of unique words is 2104
    36.1 of words are in the 2000 most common words
    50.9 of words are in the 5000 most common words
    58.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 15
    Total number of words is 4041
    Total number of unique words is 2139
    36.3 of words are in the 2000 most common words
    51.3 of words are in the 5000 most common words
    60.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 16
    Total number of words is 4030
    Total number of unique words is 2157
    35.3 of words are in the 2000 most common words
    51.7 of words are in the 5000 most common words
    59.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 17
    Total number of words is 3971
    Total number of unique words is 2156
    36.4 of words are in the 2000 most common words
    51.4 of words are in the 5000 most common words
    59.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 18
    Total number of words is 3896
    Total number of unique words is 2160
    34.7 of words are in the 2000 most common words
    49.3 of words are in the 5000 most common words
    57.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 19
    Total number of words is 4009
    Total number of unique words is 2076
    36.0 of words are in the 2000 most common words
    52.3 of words are in the 5000 most common words
    60.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 20
    Total number of words is 4092
    Total number of unique words is 2141
    32.4 of words are in the 2000 most common words
    45.8 of words are in the 5000 most common words
    54.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 21
    Total number of words is 3977
    Total number of unique words is 2150
    36.1 of words are in the 2000 most common words
    51.0 of words are in the 5000 most common words
    59.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 22
    Total number of words is 4107
    Total number of unique words is 2182
    36.3 of words are in the 2000 most common words
    51.5 of words are in the 5000 most common words
    59.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 23
    Total number of words is 4067
    Total number of unique words is 2204
    36.8 of words are in the 2000 most common words
    51.5 of words are in the 5000 most common words
    59.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 24
    Total number of words is 4086
    Total number of unique words is 2165
    35.5 of words are in the 2000 most common words
    50.5 of words are in the 5000 most common words
    58.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 25
    Total number of words is 4077
    Total number of unique words is 2115
    33.4 of words are in the 2000 most common words
    47.9 of words are in the 5000 most common words
    56.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 26
    Total number of words is 3778
    Total number of unique words is 1884
    37.3 of words are in the 2000 most common words
    51.9 of words are in the 5000 most common words
    60.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.