Latin Common Turkic

Қаһарлы күндер - 11

Total number of words is 3935
Total number of unique words is 2117
35.9 of words are in the 2000 most common words
50.6 of words are in the 5000 most common words
57.2 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
алмайсың, – деді Панферов күрсінгендей болып,– Жау осал емес. Кəрі
Европа анау қаусап түскен. Əрине, олардың өздері айыпты оған. Біз
шыдармыз да жеңерміз. Бірақ ертерек қамданғанда... Мүмкін... құрбандық
азырақ болар ма еді? Константин Константинович, сіз бен біз кəрі
командирміз ғой, маған кейде сондай ой келеді.
– Ия... мүмкін...– деді генерал-лейтенант ойланып.– Қате деген болады
ғой. Бірақ кейбір қателерді жібермеуге де болатын еді.
Осыдан кейін екі генерал əрқайсысы өз ойларына үңіліп, аз уақыт үнсіз
қалды. Шын сырласып, көңілдері жақындасқан бастық пен бағынышты
қызмет бабындағы құрғақ сөзге бірден ауысып кете алмай, сəл
ыңғайсыздық сезінгендей. Командашы орнынан тұрып, ақырын теңселе
басып əрлі-берлі жүре бастады. Оның сымбатты ұзын бойы аласа шаруа
үйінің төбесіне аз-ақ жетпей тұр. Панферовқа оқыс бұрылып, жаңағы бір
көңілді толқытқан ойды сілкіп тастағандай даусы сергіп тіл қатты:
– Сөйтіп, немістер кеше кештен бері көп мазаламай тұр ғой, ə?
– Мазаламай тұр. Бірақ оларды менің мазалағым келіп тұр.
– Оған қарсылығым жоқ.
Екі генерал картаға үңіліп, тактикалық жағдайды ұзақ сөйлесті.
Командашы тиісті əмірін беріп, өзіндегі бар мағлұматтарға сүйеніп,
немістердің ойын білгенін аңғартты.
– Дивизияның қорғаныс шебі тым үлкен. Күш кемістік етіп тұр, – деді
Панферов, командашыға көмейін аңғартып.
– Иə, иə... солай екен,– деді генерал-лейтенант.– Шынында да қиын екен.
Бірақ əзірге көмек күтпе. Бере алмаймын.
Ол кетуге ыңғайланып:
– Солдаттарыңның көңіл күйі қалай?– деп сұрады да, жауап күтпестен: –
оны көзбен көрген дұрыс болар,– деп орнынан тұрды.
Панферов те бойын түзеп түрегелді.
– Мен де алғы шепті араламақ едім, жолдас генерал-лейтенант.
– Ендеше тіпті жақсы. Сіз қай полкке бармақ едіңіз, Иван Васильевич?
– Егоров полкына.
– Оған жалғас қай полк?
– Карпов полкы.
– Ендеше мен соған барайын,– деді генерал-лейтенант.– Екеуміз екі
полкты аралағанымыз өнімді болар.
Екі генерал дивизия штабы жанынан айрылысты. Штаб алғы шепке
жақын еді, жаяу кетуге тура келді.
– Мəжіліске шақыра беруге жағдай көтермейді. Осылай, өзім келіп
мазалап тұрармын,– деді генерал-лейтенант қол алысып.
Бұл екі генерал тұлғасы болсын, мінезі болсын бір-біріне ұқсамайтын
адамдар еді. Екеуінің тағдыры да екі бөлек. Бірі жұлдызы жанып, азғана
жылда əскер даңқының аспанына жарқырап шықпақ болса, бірін аз уақытта
елу жылдық қарапайым, адал, еңбекші өмірін өзіне лайық абыроймен
аяқтауға жазған еді.
Панферов алғы шепке келе жатқанда генерал-лейтенанттың бітімі,
қимылы көз алдына елестей берді. «Сымбатты сұлу тұлғасына ширақ əсем
қимылы жарасқан нағыз əскери адам-ау,– деп ойлады ол.– Мінезі қандай
ашық. Кейде жібектей жұмсақ болып, кісіні ішке тартып ала қойса, реті
келгенде аяздай қысып жібереді». Ондағы бар өзінде жоқ, ондағы айқын
өзінде көмескі сияқты көрінеді Панферовқа.
Дивизиядағы бір офицер «біздің генералдың генерал сияғы жоқ» деген
екен Панферов жайында. Осы сөзде аз да болса шындық бар еді.
Панферовта айбат та, сəнді сымбат та жоқ. Жұмыр денесіне қарттық кіріп,
еңкіш тарта бастаған, орта бойлы, жасы елуге келген мосқал адам. Беті
қалың қыртыстанып, өңі ескіріп қалған, кішкене өткір көзін қиғаш жапқан
қалың қабағы, шығыңқы жақ сүйегі оны шығыс адамына ұқсатады. Биік
дөңес мұрнының астында екі жебесін қырған кішкене мұрты бар.
Панферовта шаруа ұрпағының сабырлы ауыр мінезі, қуатты іскерлігі
бар. Оның осы қасиетін бұдан жиырма шақты жыл бұрын бір-біріне
ұқсамайтын екі түрлі адам бірден аңғарып еді.
Азамат соғысы жылдарында Панферов Чапаев дивизиясында эскадрон
командирі болды. Уфа түбіндегі соғыста Ақ Еділден ең алдымен өтіп,
қырғын ұрыста тапжылмай, жағалаудағы плацдармды ұстап тұрды. Қалаға
да бірінші болып кірді. Уфаға бұған ілесе кірген Вихров дейтін казак,
эскадрон командирі екеуін Чапаевқа шақыртты. Чапаев жəне ернін
жымқырып, кең маңдайының астынан сүзе қарайтын жас жігіт комиссар
Фурманов ат үстінде бұларға қарсы жолықты, Чапаевқа еліктеп мұртын
ширатып, басына шалқайта папаха киіп жүретін Вихров атын тежеп,
начдивке өзінің батыр эскадронының ерлігі жайында баяндады.
– Сонымен арғы бетке алдымен өткен қайсың?– деп сұрады Чапаев
басын қисайтып, көзінде қуақы ұшқын ойнап. Вихров мүдіріп қалды,– А,
неге үндемейсің, жойқын казак?– деді Чапаев ащы даусы саңқ етіп.
Фурманов қабаң астынан күлімдеп, Панферовқа миығымен ым қақты.
– Менің эскадроным еді, жолдас начдив,– деді Панферов Вихровтың
тасасынан шығып.
– Чапаев болам деп мұртыңды ширатып, бөркіңді шалқайтыпсың,– деп
кекетті Чапаев Вихровты. Содан кейін Панферовқа бұрылды.– Мінекей
Чапаевқа мұртымен емес, ісімен ұқсайды.
– Бұл жай басса да мығым басады,– деді Фурманов езу тартып.
Тəжірибесі, білімі толысып, дəрежесі жоғарылағаны болмаса Панферов
сол кездегі қалпынан өзгере қойған жоқ.
– Мынау Арыстанов батальонының ауданы,– деді манадан үнсіз келе
жатқан адъютант.
Панферов ойынан тез серпіліп, төңірекке көз жіберді. Əскери адамның
жіті көзі күзгі қоңырқай жер реңінде терең байқалатын, жақсы тасаланған
зеңбіректерді байқады. Зеңбіректер маңында снаряд салған жəшіктерді
шұқырға тасып, бусоль қойып артиллеристер жүр. Қимылдары байсалды,
сабырлы. Алғаш ұрыс алдында солдаттардың дəйек тұтпай, абыржыған
кездері түсті генералдың есіне. Иə, одан бері дивизия біраз шығынға
ұшырап, сан жағынан кемігенімен, буыны бекіп нығайып қалған сияқты.
Дивизияның жауынгерлік тарихына жан-жақтан құйған бұлақтай ерлік
істер қосылып келеді, көп ұзамай ол үлкен, арналы дəстүрге айналады.
Политрук Жандосов он жауынгермен Пронино деревнясы шетінде сарайға
бекінді. Оған қарсы дұшпанның екі ротасы шабуыл жасады. Екі сағат бойы
Жандосов дұшпанды жуытпады. Ақырында елуден артық адамынан
айрылған немістер сарайды қоршады. Бұл кезде Жандосовтың қасында тірі
қалған екі-ақ жауынгер бар-ды. Үш азамат сарайдың үш қабырғасын
паналап, дұшпанға оқ ата берді. Бұларды тірілей қолға түсіре алмайтынын
білген немістер сарайды өртеді. Лапылдап жанып жатқан сарайдың, қасына
бір топ фашистер жақындап келіп:
– Русь, капут, беріл!– деп айқайлады.
Сол кезде үсті-басын жалын құшқан Жандосов от ішінен факельдей
лаулап шыға келіп:
– Русьтер берілмейді!– деп, соңғы гранатымен бір топ дұшпанды жайпап
барып құлады.
Пулеметші Ефремов, көмекшісімен екеуі дұшпанның батальонына
қарсы үш сағат соғысты. Көмекшісі қаза тапқаннан кейін де батыр
пулеметші дұшпанды жайпай берді.
Осындай өжет қимыл, ерлік істердің күн санап көбейіп келе жатқанын
генерал көңіліне тоқ санайтын.
Генерал орманның шыға берісіне орналасқан алғы шепке келді. Қасында
келе жатқан адъютант сəл іркіліп қалды.
– Осы арадан алғы шеп басталады, жолдас генерал.
– Көріп тұрмын.
– Траншеяға түсейік,– деді адъютант.
– Мақұл,– деді Панферов үнсіз езу тартты. Адъютант дегендер
командирге қанша бағынышты болғанмен, осындай жағдайда оларға
шəкіртінше тəртіп үйрететін əдеті жəне олардың тілін алмауға да
болмайды.
– Жарайды өздері, бір күннің ішінде көкіректен траншея қазып
тастапты,– деді адъютант риза болып.
Панферов жаңбырға, күзгі дымқыл ауаға бөккен окоптың ішіне түсті.
Солған шөптің, балшықтың исі келеді. Окоп ернеуіндегі үйінді топырақ
шөппен тасаланған. «Тəуір-ақ бекінген екен. Ұқыпты істеген. Шамасы
шегінгілері келмейді ғой» деп жорыды генерал.
– Стой, кто идет! – деп дауыстады, аласа бойлы, мұртты, егде тартқан
жауынгер, винтовкасын кезеп. Бірақ генералды танып, винтовкасын жинап
ала қойды; көзі алақтап сасып қалды да, сəлден кейін қолын шекесіне
қойды. Генерал қасына келгенде, бұрынғыдан бетер абыржып:
– Шө... шө... жауынгер Шөжебаев, – деді.
– Сəламатсың ба, жауынгер Шөжебаев,– деп генерал қолын ұсынды.
Шөжебаев таңырқағандай аз аңырып тұрды да, кенет ыржиып қолын
созды. Генерал да жымиып күлді.
– Жаңылмасам, біз екеуміз бір кездескен сияқтымыз ғой, Шөжебаев, ə?–
деді генерал оның жүзіне үңіле қарап.
– Кездестік, жолдас генерал. Соғысқа кіретін күні кездестік.
– Бəсе. Мұртыңнан танып тұрмын.
Көжек жымиып, мұртын сипады, кенет саусағы отқа тигендей қолын
жұлып алып, сіресіп тартыла қойды. Үлкен бастықтың алдын көп көрмеген
Көжек тым сасулы еді,
– Сіз қысылмаңыз,– деді генерал. Қалтасынан папиросын алып Көжекке
ұсынды, өзі де алды. – Генералдардың бəрі бірдей қаһарлы бола бермейді.
Көжек енді ғана сабасына түсті. «Мына кісінің алды кең екен, өзі де
келбеті келген адам ғой» деп түйді. Генерал жаңбырлы аспанның астында
қарауытып сұлық жатқан далаға көз жіберді. Ешқандай қимыл-тірлік
белгісі сезілмейді. Тек талып жеткен мотор үнінен, еміс дыбыстан сонау
жазық дала бетінен ісіктей қампия көтерілген дөңестің ар жағында дұшпан
барын, тасада күш жинап тағы да бір ұмтылуға əзірленіп жатқанын
таныды. Генералдың көзі тағы да Кежекке түсті. Соңыра қас дұшпан
снарядымен жерді омырып, ажал сұсты қара болат танктерін алға салып,
қаптай ұмтылғанда, төтеп беретін жауынгердің бірі ғой бұл да. Кішкене
тұлғасынан шақар күш тауып, қарысып қарсы тұра ала ма, əлде жау селі
қаһарлы екпінімен қайыстырып жібере ме мұны! Уақыт тығыз болса да,
генерал осы солдатпен əңгімелескісі келді; өзі де ебелек қаққан сөзшең,
сыршыл болар деп топшылады.
– Ал, жағдайың қалай, Шөжебаев жолдас?
Көжек жымиып, іле жауап қайырды:
– Жаман емес, жолдас генерал.
– Соғысқа дейін қайда істедің?
– Колхозда аға шопан болғанмын. Біздің колхозда қой коп, жолдас
генерал. Бес отар малымыз болды. Ең үлкені менің отарым еді. Менің өзім
жасымнан қой бақтым. Панферов көзін сығырайтып, Көжекке күлімдей
қарады. Ол енді алғашқы қысылудан айығып, еліге сөйлеп барады.
– Ендеше малдың жайын біледі екенсің ғой,– деді Панферов жымия
түсіп.
– О, білгенде қандай. Талай қатты қыстан жұтатпай алып шыққанмын.
Тек қазір мал кəрі-құртаң шалдардың қолында қалды ғой,– деп Көжек
күрсініп қойды.– Кəрі адамның көргені, білгені көп болғанмен, қайраты,
дəрмені аз ғой, тегі.
– Елден хат келіп тұра ма, жағдайлары қалай екен?
– Хат келіп тұрады, жолдас генерал. Жағдайларымыз жақсы деген
болады. Əй, қайдан жақсы болсын, ер азамат кеткесін оларға да қиын ғой,
тегі.
– Иə, қиын екені рас, қазір жағдай солай. Бəрімізге де оңай емес қой,
жолдас Шөжебаев,
– Əрине, кімге оңай болсын. Бірақ біздер əйтеуір салт басты, сабау
қамшы дегендей...– Көжек аз мүдіріп қалды. Өзін көптен толқытып жүрген
бір жағдайды осындай сəтте кезінде сұрап алғысы келді.– Жолдас генерал,
сізден сұрайын деген бір нəрсем бар еді.
Көжек ыңғайсызданып езу тартты. Панферов ол не нəрсе дегендей
қабағын көтерді. Көжек құпия сырласқысы келгендей ілгері ұмсынып,
күбірлей сөйледі.
– Біздің жігіттер айтады, Москва жақын қалды дейді...
Көжек сөзінің ар жағын айтпай, генералдан жауап тосты. Панферов іле
жауап қайырмай, ойлы, терең кескінмен Көжек жүзіне сынай қарады, «өзің
қалай ойлайсың?»– деп тұрған түрі бар.
– Турасын айтқанда, оларға Москваны көру жоқ,– деді Панферов.
– Біз де солай ойлап ек,– деді Көжек ыржиып, желкесін қасып.
– Солай ойлағандарың өте жақсы, Шөжебаев жолдас, бірақ фашистерді
Москваға өткізбейтін де біз екеніңізді естен шығармау керек.
– Тегі солай ғой. Бірақ бізге былай... көмек келетін шығар.
– Сол көмекті сұрамасақ қайтеді, ə?– деді Панферов жымиып.
– Тегі солай ғой. Бірақ... аналардың күші басым болып тұр ғой.
– Тоқтатуын біз тоқтатуымыз керек. Ал қайта қууға келгенде бізге көмек
береді. Үлкен көмек береді. Сонда біздің күш басым болады. Соғыстың
тəсілі солай, жолдас Шөжебаев.
– Əрине, тегі, солай ғой,– деді Көжек.
– Шамасы қиындау соққан-ау өзіңе,– деп генерал күле түсті де, қайтадан
байсалды қалпына енді.– Əрине, қиын екені де рас. Оңай сапар емесін
елден шыққанда-ақ білген шығарсың. Ал бізге бұдан да ауыр соғатын кезі
болады. Жаралы, ызалы жыртқыштың соңғы күшін жиып атылатын шағы
болады.– Панферов өңі суып, жігерлене түсті.– Ол əлі алда. Біз соған
дайындалуымыз керек. Жау күші басым деп мойымай, қайратымызды
шыңдасақ... төтеп береміз. Ал содан кейін дұшпанды қуатын да біз
боламыз. Ертеңгіні де ұмытпау керек, Шөжебаев жолдас.– Көжек бас изеді.
Панферовтың көзіне ойнақы ұшқын ұялады,– Сен генералдан сұрайсың,
жауды қашан тоқтатамыз деп. Ал менің соны сенен сұрағым келіп еді.
Солдат болмаса, генералдың өз басы не бітіреді.
– Жоға, – деп Көжек ыржиып күлді.– Қолбасысыз болмайды ғой тегі.
Жақсы командирсіз жауды жеңу қиын.
– Жақсы командирге жақсы солдат керек. Гəп сонда, Шөжебаев жолдас.
Ал жауды жеңу жағын бірігіп ойлауымыз керек. Ақыл көпте деген емес
пе?!
Генерал Көжекпен едəуір сөйлесті. Əңгіменің аяғында Көжектің əйелі,
баласы барын білді.
– Əйеліңіз сағынбай ма?– деді Панферов сөзінің аяғын қалжыңға
айналдырып. Көжек іле жауап бере алмай, желкесін қаси берді. Ыржиып
күлді.– Менің де əйелім бар. Сағындым деп жазыпты. Мауқы басылмаған
жас емес, сонда да сағынады, ə?
Панферов күліп жіберді, ілесе Көжек те күлді.
– Ал əйеліңе, балаңа менен сəлем айт жəне хатты жиі жазып тұр,– деді
генерал Көжектің қолын алып.
– Айтамын, жолдас генерал,– деді Көжек жүзі жайнап.
– Ал жолыққанша сау болыңыз, Шөжебаев жолдас. Тағы да кездесеміз
ғой.
Ержан мен Уəли ентіге басып, генералдың алдына кеп тоқтай қалды.
– Взвод командирі лейтенант Қайсаров.
– Аға лейтенант Молдабаев.
Панферов Уəлиді бірден таныды. Ол соғысқа алғашқы кірген күні өзінің
жанында байланыс офицері болған лейтенант. Ал взвод командирі бұрын
да бірді-екілі көрген офицері сияқты, бірақ есіне анық түсе қоймады. Өңін
жел қағып, қарауытқанмен, тым жастығы көрініп-ақ тұр. Жас
командирлердің алғашқы көзге аңғарылатын екі түрі болатын. Бірі
айрықша пысық келеді. Киімді де ерекше сəнмен киеді. Бар қимылы
лыпылдап, өкшесін изеп барып сарт соғып, қолын жұлып алып, шекесіне
жып еткізе көтереді, үлкен алдында бой түзегенде де, ішін тартып, ұшып
кетердей боп тұрады. Ондайлар ауыздан шыққан сөзді қағып алып,
заматында жауабын да сарт еткізеді. Енді бірі байсалды, жайлау келеді.
Əскери дағдыға əбден ысылып болмаған қимылынан, биден жаңылғандай,
ебедейсіздік сезіліп қала береді. Ондайлар жауапты да бірден қайырмайды
бірақ ойланып қайырады. Генералдың жіті көзі алғашқы қимылынан-ақ
Ержанды осы соңғы топқа жатқызды.
– Ну что ж, бекінісіңді көрсет, жолдас лейтенант,– деді генерал.
Генерал кеткесін, Көжек ойын толқытқан бір сезімді қалай сыртқа
шығарудың ретін таба алмай, өзінен өзі күле берді. Бірде балаша
жайнаңдап мəз болса, бірде көкірегін мақтаныш кернеп, қабағын түкситіп,
томсырайып, байсалдана қалады. Көжектің қасына Қартбай, оған ілесе
Бөрібай келді. Бөрібай Көжекті аса үлкен құпия сырдың иесіндей көріп,
құрметпен ынтыға қарайды.
– Біз жаңа батып келе алмадық, генерал сенімен көп сөйлесті ғой. Не
дейді? Бізді тылға шығарып, демалыс бере ме екен?
– Кавказға курортқа жіберетін көрінеді,– деп Қартбай Бөрібайға кейіп
тастады.– Онан да Москваға жақындап келеміз, мына немістерді қашан
тоқтатады екеміз, сол жағын сұрадың ба, соны айтшы.
Кежек ентелеген екі жолдасына қапелімде не деп жауап берерін білмей,
мүдіріп қалды.
– Немісті дейсің бе?.. Ие, ие... Сұрадым. Тіпті жуырда тоқтатамыз деді.
Айтпақшы тоқтатамыз деген жоқ-ау, қайтадан қуамыз деді. Əзі де білетін
кісі екен.
– Е, білмесе генерал бола ма?– деп Бөрібай сөзге қыстырылды.
– Қалай, кейінде күш көп пе екен? – деп сұрады Қартбай.
– Күш дегенің сұмдық көрінеді.– Көжек сəл ойланып қалды.– Бірақ
Берлинге баратын мықты сендердің өздеріңсіңдер деді.
– Бізге сенеді екен ғой.
– Əрине.
– Күлкілеріңе қарағанда, Көжек, сен өзің генералмен біраз қалжыңдасып
алдың ғой деймін,– деді Бөрібай.
– Ұлық болсаң кішік бол деген емес пе! Үй-ішімнің жағдайын сұрап,
Балқия мен Еркінжаныма сəлем айтты.– Көжек тамсанып қойды.– Шіркін,
біздің ауданның бастықтары неге осындай болмайды екен.
Генерал Панферов взводтың бекінісін түгел аралап шықты. Əрбір
жауынгердің атыс ұясын, пулемет орындарын қадағалап өзі тексерді. Бір
жерде атыс ұясынан еңкейе сығалап көрді де, жаратпаған пішінмен: «Бұл
неге тайыз?»– деп артына бұрылды. «Бұл менің орным еді, жолдас
генерал»,– деп Бөрібай жауап берді. Жауынгердің бəкене шымыр тұлғасын
қысқа шолып өтті де, генерал мырс етті. «Олай болса ғафу ет. Бойына
қарай шекпені».
Алғы шепке Мұрат келді. Панферов үш командирді оқшаулап алып,
болашақ операцияның жағдайын кеңесті. Дивизия ауыр ұрыстармен
шегініп келе жатты да, кешеден бері осы араға табан тіреді. Дивизияның
орта шеніне орналасқан Мұрат батальонының алдындағы биік дөңес
жаудың қолында қалды. Мұраттың ойы сол биікті алып, бекініс кіндігіне
айналдырмақ-ты. Осы арада бекініс жасап тұрып қала алмаса да, ең
болмағанда, біраз күн қорғаныс ұрысын жүргізу ойы бар-ды. Сол оймен
картада 175 деген цифрмен белгіленген осы төбені, оның ар жаң
баурайындағы Соколово деревнясын алуға Мұрат генералдан рұқсат
сұраған. Шабуылды жеңілдететін бір жағдай – бүгін таңертең полктың
Дулат бастаған барлаушыларының алып келген хабарына қарағанда,
немістер жүйелі бекініс шебін жасамапты. Бірақ шабуылдың күдік
туғызатын қиын да жағы бар. Генерал соны, əсіресе қадағалап тапсырды.
– Жау бекінісін бұзып өту аса қиындыққа түспейді. Ол үшін тек тез
қимылдап, қапыда тию керек,– деді Панферов.– Ал ең қиыны ол маңда
дұшпанның күші мол. Алғашқы үрейден айыққасын-ақ олар контратакаға
шығады. Танктері де бар сияқты.
Генерал аз мүдіріп, командирлерін сынағандай, бағдарлай қарады.
Бастық айтқан күдікке жауап іздегендей үш командир де үндемей тұр.
– Соколовоға бір кіріп алсақ, онда төзуге болар еді,– деді Мұрат.
– Естеріңде болатын нəрсе – төбенің басында сəл де болса аялдап,
тартыншақтап қала көрмеңдер. Сол бір деммен Соколовоны да алыңдар.
Оның арғы шетіне тырнақтарың іліксе, одан артың бекініс таба
алмайсыңдар. Ең керегі шапшаңдық.– Ол Мұратқа бұрылды.– Қарауыңа
берілген артиллерия бастықтарымен байланыстың ғой.
– Хабарластым, жолдас генерал.
Панферов Молдабаевқа бұрылды.
– Жаңылмасам, аға лейтенант, сіз полкта пэ-энша едіңіз ғой!
– Иə, жолдас генерал,– деп Уəли іле жауап берді.– Штаб бастығынан
рұқсат алып, бүгінгі ұрыста Қайсаров взводында болмақшы едім.
– Өте жақсы,– деді генерал,– Лейтенантқа пайдаңыз тиер.
Панферов кетуге ыңғайланды да, аз ойланып тұрып, соңғы тапсырмасын
айтты.
– Бұл операцияның тактикалық маңызы зор екені өздеріңе мəлім. Ал ең
маңыздысы бұл операция біздің жауынгерлік рухымызға сын. Егер
операция іске аспай қалса, осындай қиын кезеңде талай мойынға су
құйылады. Сəтті тындырсаңдар, дивизияның жеңіске деген сенімін
қанаттандырасыңдар. Игі талапқа батыл барыңдар, достарым, бəріміздің
үміт көзіміз сендерде. – Ол үш офицердің əрқайсысымен қол алысып
қоштасты. Ержанның қолын ала беріп оның жүзіне сəл көз тоқтатты,–
Сіздің взводыңыз ударный топта той?
– Иə, жолдас генерал.
– Ұятқа қалдырмассыңдар деп сенем.
Ержан сымдай тартылып, қолын шекесіне қойды.
– Жоқ, жолдас генерал, ұятқа қалдырмаймыз.
Жас жігіттің сəл дірілі бар толқынды даусы – барын аямайтын
дайындығын танытты. Генерал құптап бас изеді.
Соғысқа кіргелі шегінумен келе жатқан дивизияның нақтылы міндетпен
қарсы шабуылға көшкені бірінші рет. Сондықтан да бұл түнгі атака
жауынгерлерге де, командирлерге де алғашқы соғысқа кірген күнгідей қызу
əсер етті. Батальон, полк, тіпті дивизия штабынан əртүрлі өкілдер қаптап
кетті. Атака, тағдырын противогаз шешетіндей-ақ химия бөлім бастығы да
ебелек қағады. Түн қараңғы. Бұлт торлаған қара қошқыл аспанның əр
жерінен көмескі жұлдыз сығалайды. Жалғыздығынан ұялғандай ол да лезде
бұлтқа тасаланады. Түнгі салқынмен жер тоңазып, қатып қалған. Əрліберлі жүрген солдат қадамынан дүңк-дүңк етеді.
Ержан взводына керек жабдығын əбден қамдап алды.
Енді Уəли екеуі өзге істер іс болмағасын окопты аралап жүр. Уəли көп
сөйлеп, осындайда өз ойына тереңдей беретін жас жігіттің көңілін алаң
етті. Оның көтеріңкі көңіл күйі Ержанға да ауысты.
– Меніңше біздер окопқа ең алдымен жетуіміз керек. Мұндайда саспай
тез қимылдаған жөн. Өзі қалай, жігіттерің тартыншақ емес пе?– Уəли
сабыр таппай Ержанның жүзіне тесіле қарады; бірақ лезде көзін тайдырып
əкетті.– Өзіміз үлгі көрсетсек.
– Жігіттерге сенуге болады.
– Ендеше тіпті жақсы. Ал біз екеуміз тізе қосқанда, бүгінгі шабуылдың
абыройын басқа біреу алып кетсе, тіпті ұят болар.
Уəлидің лапылдаған отты сөзі Ержанды да еліктіріп əкетті.
– Жоқ, біз артта қала қоймаспыз,– деді ол Уəлиді қостап.
Бұл екеуі окоп ішінде Кусковқа жолықты. Қараңғыда екі командирді
жүзінен емес, тұлғасынан, қимылынан танын, Кусков қол алысып
амандасты.
– Алғашқы шабуылмен құттықтаймын, жолдастар,– деді ол, күңгірт
жүзінде сəл ағарып тісі көрінді. Күлімсіреп тұр.
– Иə, дивизияда аз да болса тұңғыш шабуыл жасау бақыты бізге тиді,–
деді Уəли,– Жеңіске жетерміз деп сенем, политрук.
Кусков қараңғыда Уəлидің жүзін айқынырақ көргісі келіп үңіле қарап
алды.
– Əзірге шабуыл емес, жай барлау десек. те болар. Бірақ бəрібір жеңу
керек. Сіз осы взводта боласыз ғой, лейтенант?
Молдабаев бас изеді. Кусков Ержанға бұрылып, оның иығына қолын
салды.
– Мен бүгінгі шабуылда сенімен. бірге болмақ едім. Сенің жігіттерің
жақсы. Бірақ енді... лейтенант болса... менің керегім болмас. Фроловқа
барайын,– Ол екі жігітке кезек қарап қош айтысты.– Ал Соколовода
жолығамыз ғой.
Азғана артиллерия атысынан кейін взвод, роталар окоптан шығып, ілгері
қарай беттеді. Ұзыннан ұзаққа созылған батальон шебі қараңғы түнге
сүңгіп кетті. Алдыңғы жақта жау шебінде жарылған снарядтар тұтасқан
түнекті боршалай жыртады.
Осы қара мақпал түн көрпесін жамылып жауынгерлер асыға басып
ілгерілеп келеді. Дұшпан бұл артиллерия атысын атаканың бастамасы деп
ойлаған жоқ, бірақ орыстардың біз білмейтін тағы бір тосын мінезі болар
деп əдеттегісінше ракета да атпады. Ержанның взводы дұшпан шебіне елу
метрдей жер қалғанда жатты. Осы рубежден комбаттың сигналы бойынша
атакаға ұмтылмақ.
Взводтың орта шенін ала жатқан Ержанға, манадан одан қарасып жазбай
келе жатқан Уəли келді. Көңілі алып-ұшып бара ма, əлде алқынын қалған
ба, екі иінінен дем алады. Бұға еңбектеп келіп Ержанмен иін тіресе жатты.
– Қазір атыс басылады, тез атакаға көтерейік,– деді ол Ержанның
құлағын ыстық демімен шарпып.
– Комбаттың сигналын күтейік.
– Алда боламыз деп ек қой... Жұрттан бұрын қимылдайық.
Уəли орнынан көтеріле беріп:
– Алға, алға!– деп шарылдаған ащы дауыспен айқай салды.
Жауынгерлер орындарынан көтеріліп ілгері жүгірді. Ержан да толқынға
ілесіп алға қарай ұмтылды. Жаңа ғана тына қалған қара түнді залппен
атылған мылтық даусы ұстарадай тіліп өтті. Он бес қадам жүгірмей жатып
қардай бораған оқтан взводтың беті қайтып қалды. Жұрт жата бастады.
Взводтың алдынан шыққан атыс екі жағына қанат жайып үдей түсті. Бірі
шошыса, бəрі үрпиетін қоралы қойдай бүкіл неміс шебі дүрлікті. Ең қиыны
енді басталды. Асығыс қимылдаған взвод атаканың жұбын бұзып,
берекесін қашырғанын Ержан сезе қойды. Бірақ енді амал жоқ. Соңғы
қайратын жиып, Ержан жауып тұрған оққа қарсы тағы ұмтылды. Осы кезде
оң жақтан басталып бүкіл шепке тараған айбарлы «Ура!» құдіретті күшімен
оның взводын да көтеріп əкетті. Ержан окопқа жете бере дүрліге қашқан
немістерді байқап қалды. Бұрын жеткен жауынгерлер окопқа қарғып түсе
бастады.
Ержанның ойына генералдың күндізгі айтқан сөзі сап етті.
– Тоқтамаңдар! Алға! Отан үшін алға!
Осы үннің демеуімен взвод төбенің басына көтеріліп қалды. Зеленин
Ержанмен қатарласа беріп:
– Окопта да біраз неміс қалып қоймады ма екен?– деді.
– Ол чепуха!– деді Ержан,– Осы бетпен тарта бер.
Атака қызуы бойын кернеп кетсе де, Ержан алдыңғы жақты бағып
келеді. Ұйлыға қашқан жаудың алды Соколовоға кірді. Деревняда да. үлкен
əбігер басталды. Қапелімде тұтана алмай, үзіліп-үзіліп, булыға гүрілдеген
машина даусы, арба салдыры, айқай-шу естіледі. Деревня шетін көмкерген
қараңғыны желпіп от жалпылдады. Əр жерден жамырап автомат мылтық
атылды. Бірақ екпіндеп келе жатқан батальон берекесіз, шашыранды оқтан
қаймықпай, деревняға іркілместен кірді. Взвод деревняның шетіне шыға
тоқтады. Ержан взводын қорғаныс шебіне орналастырып, жауынгерлерін
түгендеуге кіріскенде, таң саз беріп қалған. Төрт жауынгер жоқ болып
шықты. Екеуі жаралы болғанын жұрт көріпті, Қартбай мен Бондаренконың
қандай халге ұшырағанын ешкім білмейді, Тек əйтеуір деревняға кіргенде
бар екендері анықталды.
– Олар менің оң жағымда келе жатыр еді,– деді Земцов, оның аралығы
жақын қабағы ылғи бүрісіп тұрғандықтан бір қарағанда ашулы адам
сияқты көрінетін.– Оң жақтағы бір үйдің төбесінен мылтық атылды. Мен
оған қайрылмай ілгері жүгіре бердім. Содан кейін оларды көрмедім.– Ол
шүйіріңкі көзі жыпылықтап жан-жағына қарай берді.– Содан кейін
көрмедім,– деді тағы да айыпты пішінмен.– Жазатайым... Мен іздеп келсем
қайтеді?
– Кішкене сабыр етейік... Бірақ түбінде іздеу керек... – деді Ержан.
– Ось кажись наш взводный.
Ержан да, өзгелері де таныс дауысқа жалт қарады. Олар Бондаренко мен
Қартбайды бірден таныды. Екеуі шамасы жаралы болу керек, бұлғаңдаған
біреуді қолтықтап демеп келеді.
– Əнеки, солар,– деді қуанып кеткен Земцов.– Жаралы біреуді əкеле
жатыр.
– Жаралыны мұнда неге əкеледі?!– ден таңданды Зеленин.
Бірақ осы сəтте жұрт істің жайын түсіне қойды. Екі жауынгердің əкеле
жатқаны тұтқын екен.
– Мынау құзғын офицер ғой!– деп дауыстап жіберді Зеленин олар
жақындай бергенде.
Топтың қасына келгенсін Бондаренко былғаңдаған немісті Қартбайдың
иығына сүйей салды да, бойын түзеп:
– Тұтқын əкелдік, жолдас лейтенант,– деп баяндады. Содан кейін денесін
босатып, жеңімен маңдайын сүртті.– Фу, шаршатты-ау оңбаған.
Қатты риза болып кеткен Ержан алғыс айтуды да ұмытып:
– Мұны қайдан іліктірдіңдер?– деп сұрады.
Бондаренконың өзі де мұндай үлкен оқиғаны ішіне сыйғыза алмай келе
жатқан болу керек, бірден шешіліп сөйлеп кетті.
– Көшені бойлап жүгіріп келе жатыр ек, үйдің төбесінен бір фриц оқты
жаудырып қоя бергені. Мен жалма-жан үйдің іргесіне жабыса қалдым.
Қартбай да сонда тоқтапты, фриц атуын тоқтатар емес. Екінші взводтың бір
топ жауынгерлері де ұйлығып оқ астында қалды. Қартбай айтты «мынаның
көзін құртайық» деді. Содан екеуміз, үйге жалғас кішкене сарай бар екен,
сол арқылы төбеге шықтық. Төбеге шықсақ бір фриц көшеге қарап атып
жатыр. Қартбай екеуміз желкесінен жетіп келсек те қайрылар емес. «Курт,
патрон!» деп айқайлайды. Бірақ əлденені сезді ме, бізге жалт қарады да
шошып кетті. «Майн гот!» дейді. Қартбай «мə саған майн гот!» деп
өңменнен мылтықтың дүмімен періп жіберді. Өзі нəзік неме екен талып
түсті. Қартбай енді шекеден соғайын деп жатқанда қолын тоқтата қойдым.
Өзінің тегін фриц емес екенін ішім сезген шығар деймін. Басын көтеріп,
үңіліп қарасам солардың командирі сияқты. Сосын мен айттым. «Тоқта,
Қартбай, бұл важный фашист, мұны лейтенантқа апарамыз» дедім. Содан
басын көтере алмағасын, əлпештеп арқалап келе жатыр едім. Бірақ та есін
жиып иығымнан тістеп алғаны оңбағанның. Сыйлағанды біле ме, бұлар.
Тісі удай екен, бақырып жібергенім. Содан Қартбай мұны иығымнан жұлып
алып, лақтырып жіберді. Жан тапсыра жаздағаны сөйтіп.
Бондаренконың əңгімесінің тұсында, тұтқын əлі кіріп, бойын түзеп
алды. Əңгіменің өзі туралы екенін танып жəне ол əңгіме өзінің абыройын
көтермейтінін сезіп, қалған намысын бергісі келмей кекшие түсті.
Ержан елең-алаңда анық ажырата алмай, немістің погонына үңіле
қарады. Кенет өңі жайнап кетті.
– Майор екен!
Жұрттың бəрі қуана таңданысты. Неміс жұрттың өз атағын танығанын
сезіп маңғаздана түсті.
– Рас па, жолдас лейтенант!– деді Бондаренко көзі адырайып.
– Əрине, рас,– деп Зеленин жауап берді.
Бондаренко қуақы көзі күлімдеп Қартбайға қарады.
– Шишка,– деді ол масаттанып.– Айтпап па едім, важный фашист.
Кенет орыс тілін бүлдіріп, күрмелген тілін созғысы келгендей, қолын
ербеңдетіп, тұтқын сөйлеп кетті.
– Их... я... отпусти. Я Маскау придет, фас жалет будет... Убибат не будет.
– Молчать!– деп айқайлап жіберді Ержан.
Неміс шошып кетіп, сірейіп тартыла қалды. Жауынгерлер де ашуға
булығып сіресіп тұр. Тына қалған тыныштықты Земцов бұзды.
– Тым арсыз екенсің, құзғын,– деді ол немістің бетіне түйіле қарап.
– Иттердің пиғылын қарай гөр!– деді манадан үнсіз тұрған Қартбай.
Талдырмаш денелі, жылы жүзді Зеленин сазарып, темірдей қатайып
алған. Жерді ойып жіберердей нық басып, тұтқынның қасына таяп келді де,
басын шалқақ көтеріп, көзімен алып тістене сөйледі.
– Есіңде болсын, құзғын. Мы вышибем из вашей дурной башки этот
бред. Как пить дать.
– Жаздым, жаңылдым дегеніңе қарамаспыз,– деді Қартбай шамырқанып.
– Қазір-ақ желігі басылады,– деді Ержан. Ол Қартбай мен Бондаренкоға
бұрылды,– Рақмет, сіздерге. Үлкен іс істедіңіздер. Арыстановқа өздерің
апарып тапсырыңдар.
Бондаренко винтовкасын кезеп, тұтқынға бұрылды.
– А ну марш. Енді арқалар жайым жоқ. Өзің-ақ дедектерсің. Қартбайдың
жұмырығын таныдың ғой.– Ол қолымен Қартбайды нұсқап көрсетіп,
жұдырығын түйді.
Жұрт ду күлді.
Ержан Зеленин екеуі взводты жайғастырып, деревняның шетіндегі
жалғыз тас үйді команда пунктіне айналдырды. Тыным алып темекі тартып
отырғанда Зеленин:
– Осы біздің лейтенантымыз қайда? Қайтып кетті ме?– деді.
– Жоқ, айтпақшы ол қайда?–деді Ержан.– Тіпті ұмытып та кетіппін-ау,–
деп өкінді ол.– Мана алғашқы атакаға көтерген сол болатын. Содан кейін
You have read 1 text from Kazakh literature.
Next - Қаһарлы күндер - 12
  • Parts
  • Қаһарлы күндер - 01
    Total number of words is 4074
    Total number of unique words is 2218
    37.9 of words are in the 2000 most common words
    54.8 of words are in the 5000 most common words
    62.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 02
    Total number of words is 4139
    Total number of unique words is 2198
    37.4 of words are in the 2000 most common words
    52.6 of words are in the 5000 most common words
    60.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 03
    Total number of words is 4119
    Total number of unique words is 2250
    36.7 of words are in the 2000 most common words
    52.7 of words are in the 5000 most common words
    60.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 04
    Total number of words is 4090
    Total number of unique words is 2251
    35.9 of words are in the 2000 most common words
    50.4 of words are in the 5000 most common words
    57.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 05
    Total number of words is 4173
    Total number of unique words is 2089
    37.7 of words are in the 2000 most common words
    53.9 of words are in the 5000 most common words
    61.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 06
    Total number of words is 4102
    Total number of unique words is 2204
    35.4 of words are in the 2000 most common words
    51.8 of words are in the 5000 most common words
    59.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 07
    Total number of words is 4014
    Total number of unique words is 2319
    33.0 of words are in the 2000 most common words
    48.2 of words are in the 5000 most common words
    55.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 08
    Total number of words is 4065
    Total number of unique words is 2283
    32.5 of words are in the 2000 most common words
    47.1 of words are in the 5000 most common words
    54.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 09
    Total number of words is 4074
    Total number of unique words is 2163
    34.8 of words are in the 2000 most common words
    49.5 of words are in the 5000 most common words
    57.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 10
    Total number of words is 3971
    Total number of unique words is 2186
    35.4 of words are in the 2000 most common words
    50.7 of words are in the 5000 most common words
    58.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 11
    Total number of words is 3935
    Total number of unique words is 2117
    35.9 of words are in the 2000 most common words
    50.6 of words are in the 5000 most common words
    57.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 12
    Total number of words is 4031
    Total number of unique words is 2296
    35.3 of words are in the 2000 most common words
    49.9 of words are in the 5000 most common words
    58.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 13
    Total number of words is 4051
    Total number of unique words is 2113
    36.5 of words are in the 2000 most common words
    52.5 of words are in the 5000 most common words
    61.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 14
    Total number of words is 3896
    Total number of unique words is 2104
    36.1 of words are in the 2000 most common words
    50.9 of words are in the 5000 most common words
    58.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 15
    Total number of words is 4041
    Total number of unique words is 2139
    36.3 of words are in the 2000 most common words
    51.3 of words are in the 5000 most common words
    60.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 16
    Total number of words is 4030
    Total number of unique words is 2157
    35.3 of words are in the 2000 most common words
    51.7 of words are in the 5000 most common words
    59.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 17
    Total number of words is 3971
    Total number of unique words is 2156
    36.4 of words are in the 2000 most common words
    51.4 of words are in the 5000 most common words
    59.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 18
    Total number of words is 3896
    Total number of unique words is 2160
    34.7 of words are in the 2000 most common words
    49.3 of words are in the 5000 most common words
    57.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 19
    Total number of words is 4009
    Total number of unique words is 2076
    36.0 of words are in the 2000 most common words
    52.3 of words are in the 5000 most common words
    60.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 20
    Total number of words is 4092
    Total number of unique words is 2141
    32.4 of words are in the 2000 most common words
    45.8 of words are in the 5000 most common words
    54.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 21
    Total number of words is 3977
    Total number of unique words is 2150
    36.1 of words are in the 2000 most common words
    51.0 of words are in the 5000 most common words
    59.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 22
    Total number of words is 4107
    Total number of unique words is 2182
    36.3 of words are in the 2000 most common words
    51.5 of words are in the 5000 most common words
    59.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 23
    Total number of words is 4067
    Total number of unique words is 2204
    36.8 of words are in the 2000 most common words
    51.5 of words are in the 5000 most common words
    59.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 24
    Total number of words is 4086
    Total number of unique words is 2165
    35.5 of words are in the 2000 most common words
    50.5 of words are in the 5000 most common words
    58.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 25
    Total number of words is 4077
    Total number of unique words is 2115
    33.4 of words are in the 2000 most common words
    47.9 of words are in the 5000 most common words
    56.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 26
    Total number of words is 3778
    Total number of unique words is 1884
    37.3 of words are in the 2000 most common words
    51.9 of words are in the 5000 most common words
    60.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.