Latin Common Turkic

Қаһарлы күндер - 13

Total number of words is 4051
Total number of unique words is 2113
36.5 of words are in the 2000 most common words
52.5 of words are in the 5000 most common words
61.4 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
Стрелковқа түсті. Панферов аз ойланып қалды да, басын изеді: «Мен
туралы бір нəрсе айтқан болар», – деді Ержан. Содан кейін екеуі де үнсіз
отырды. Жақыповтың сөзіне ықылас қойған түрлері жоқ, бұл əңгімеге
əбден қанық, шешімдерін кесіп-пішіп қойған сияқты. Ержан кешеден бері
талай ойға түскен. Не ойласа да, сайып келгенде, Уəлиді айыптайтын. Бірақ
Жақыпов тексергенде ұрыстың шыққан себептерін айтпады. Түптей берсе,
осындай лас іске Раушанның аты араласар деп қорықты. Əрбір дауға түсер
адам сияқты, келген кезде жұрт ажарынан өзіне жанашырлық іздеп еді,
ондай еш нəрсе таба алмады. Енді бақса, сазарып отырған мына топ мұны
жатырқайды, тіпті жатсынады. Нағыз айыпты болғанын Ержан енді түсінді.
Үйірінен айрылған тайдай, көңілі елегізіп қоя берді.
Жақыпов енді жігерленіп, əр сөзін нығарлап, Ержанға тағылған айыпты
жұмырығымен шегелей түсті. «...Қайсаровтың совет командиріне жат
қылығына жеңіл қарауға болмайды. Бұған саяси мəн беру керек. Қатал
қорытынды шығару керек. Бұл жай ғана тəртіп бұзу емес, сондықтан да
аяусыз шара қолдану керек»... Əр «керекті» жұмырығымен бір ұрып қойып,
Жақыпов қызынып барып тоқтады. Жұрт аз үнсіз қалды.
Мəжіліс басқарып отырған Стрелков:
– Сіздің бұған қосымша айтарыңыз бар ма?– деп Уəлиге бұрылды.
Уəлиге істің осы беталысы ұнап отырған-ды, ар жағын қазбалауды теріс
көріп, орнынан ұшып тұрып:
– Мен несін айта берем,– деді ол.– Жақыпов жолдас дұрыс айтты. Əділін
айтты.
– Жолдас Қайсаров, сіз не дейсіз?
Ержан орнынан тұрып, сұраққа түсінбегендей, аңырып қалды. Кеше ғана
айтатын сөзі көп сияқты еді. Жеме-жемге аузына сөз түспеді.
Стрелков Ержанға қадала қарады.
– Неге үндемейсіз? Жақыпов жолдастың айтқаны рас па?
– Білмеймін.
Кірпіге мінгізіп қойғандай қыпылықтап отырған Уəлидің терісі кеңіп
қалды.
– Басқа айтарыңыз жоқ па?
– Жоқ.
Жұрт арасында байқаусыз отырған Кусков қол көтерді.
– Сұрау беруге бола ма?
Стрелков «сұрайтын несі қалды?» дегендей Кусковқа бажырая қарады
да, рұқсат етті. Кусков орнынан тұрды да, шашаусыз тұрған толқынды
қоңыр шашын бір сипап қойып:
– Жолдас комиссар,– деді. Көзінде бір ызбарлы сəуле жылт етіп сөнді.–
Істің мəн-жайын ұққан сияқтымыз. Бірақ осы шатақтың неден басталғаны
белгісіз болып тұр ғой. Соны анықтайық.
Кешегі оқиға Ержанның көз алдына қайта келді. Раушан жайы. Жалған
мақтау қағаз. Уəлидің жылымшы, жиіркенішті күлкісі. Өз ішінде тұмшалап
тастаған бықсықты қайта түтеткісі келмеді Ержанның. Ол үндемеді.
– Мүмкін сіз айтарсыз,– деп, Стрелков Уəлиге бұрылды.
Уəлидің ең бір тайғақ жері осы еді. Сондықтан да жауабын ертерек
қамдаған, Ержанның үндемей қалғаны да оң болды. Өз намысына тисе де,
Ержанды қоздырмай, жіңішкелеп өтті. Даусы да жұмсақ шықты.
– Мен айттым ғой. Неге екенін білмеймін, мені қорқақ деп сөкті.
«Тіліңді тарт» дегем, сол-ақ екен, түгімді қоймады.
– Сіз қорқақтық істеп пе едіңіз?– деп сұрады Мұрат.
Уəли бұл «Мұраттың қалжыңы ма?» деп, жымия жалт қарап еді,
езуіндегі күлкісін жия алмай, аңтарылып қалды. Мұраттың тіке қадалған
қара көзі көңілдегісін көріп тұрғандай.
– Жоқ, жоқ... Жазықсызбын.
Купцианов қол ұшын берді. Иегін бұра көтеріп, мырс етіп алды да:
– Мұрат,–деді ол.– Аңғарсаңыз, менің білуімше, сіздің батальоныңызды
атакаға ең алдымен көтерген аға лейтенант Молдабаев қой. Батыр деп
қошеметтемесек те, қорқақ деп айыптауымыз обал болар.
Купцианов Мұратты қатырғанына риза болып, өлшеп қана күліп алды..
– Олай болса, бүкіл шабуылды бүлдіре жаздады,– деді Мұрат даусы
қатайып.
Стрелков столды тықылдатты.
– Жолдастар, уақыт тығыз. Көлденең нəрсеге ауытқымайық. Кəне, кім
сөйлейді?
Жұрт қысқа-қысқа, бірақ қатал сөйледі. Кейбіреулер кінəні Ержан
жағына көп аударып, тіпті түгелдей соны айыптады. Кусков кінəні екі
жағына бөліп тастаса да, соның өзінің салмағы түгелдей айыптаудан
анағұрлым артық болды. Кейінгі кезде өзінше меншіктеніп, дос санай
бастаған Кусков енді Ержаннан қашықтап барады. Іш тартып жүрген
адамынан қайыстырар ауыр сөзді Ержанның алғаш естуі осы еді. Екеуінің
көзі кездесіп қалды. Кусков көзін тайдырып əкеткен жоқ, байыпты қатал
қарады. Бұл көзқарасы Ержанды көптің біріне санап тұр. Ержан Кусковқа
ызалана бастады, «түсінетін, қиын кезде жақтасатын жолдас десем...
белгілі болдың...» Бірақ, бір ғажабы, Ержан оған қанша кейісе де, түңіле
алмады. Кусков жанға батар қатты сөздер айтып өзінен қашықтаған сайын,
биіктеп бара жатқан сияқты. Өзіне қатар санап жүрген адамының қолы
жетпес алыста тұрғанын, өзіне таудай биіктігін ашты. Өзін қомсынып
налыды.
– Жел тұрмай, шөп басы қимылдамайды дейді қазақ,– деді Кусков
сөзінің ортасында.– Мен жалғыз Қайсаровты ғана айыптамаймын. Екі жағы
да кінəлі. Бірақ Қайсаров ұрыстың неден басталғанын айтқысы келмейді.
Не де болса жай қақтығыс емес, арға тиетін бір нəрсесі бар сияқты. Ондай
нəрсені ашып айту үшін аяусыз ерлік керек. Қайсаров бойынан ол
табылмады. Ал Молдабаев болса, ол сұраудың үстін баспай, айналасын
сипап өтеді. Соған қарағанда шатақтың бас себебін бүркеу оған пайдалы
сияқты.– Кусковтың сыпайы балғын тұлғасы нығыздала қатайып, аққұба, ат
жақты жұмсақ өңі өткірлене түсті. Майда көкшіл көзі де қадалып тесіп
барады. Кейде ішкі жиіркеніш сезімі өңіне шыға келеді.– Қазір оның бəрін
қазбалап жатуға уақыт жоқ. Біз тіміскілемесек те, ол бықсық қиын сағатта
тағы бір шығады. Ал қазір біз екеуін де айыптаймыз. Жанды құрбан ететін
адалдық пен ерлік қана керек уақытта мұндай қылық желкемізден оқ
атқанмен бірдей. Бұл – жан ауыртқанына қарамай, сылып тастайтын нəрсе.
Мұрат та ұзақ сөйлеген жоқ. Əлдеқандай ойын бүгіп қалғандай, тек
ұсыныс жасап өтті. Ол Кусков сөзін разы тыңдап отырды да, өзінше
байламға келді.
– Ұрыстың болған себебін Уəли айтқан жоқ па,– деді ол, ішкі күлкісін
бір езуінен ғана аңғартып.– Бəрі анық. Қайсаров Молдабаевтың намысына
тиген. Қорқақ деп қорлаған. Солай емес пе?
Ол Уəлиге қарады. Уəли Мұраттың ашық, батыл көзқарасынан
қаймықса да, алғашқы ет қызуымен іле жауап берді.
– Ие, солай. Айттым ғой. Кісінің намысына тиді.
Арыстанов Панферов пен комиссарға бір қарап алып, төтен ұсыныс
жасады:
– Ендеше сіз оның сөзін теріске шығарыңыз. Алғы шепке сұраныңыз.
Қазір рота командирлері жетпейді.– Ол тағы бастықтарға бұрылды.–
Меніңше Молдабаев жолдастың осы тілегін қуаттау керек. Алғы шепке
командирлер жетпей жатыр. Əрі Уəлидің де көңілі тыншысын.
– Меніңше ол əлі ондай тілек білдірген жоқ қой,– деді Панферов.
Енді шегінуге болмай қалды. Көзді жұмып, мұздай суға күмп берген
адамдай, Уəли орнынан ұшып тұрды.
– Meн алғы шепке көптен сұранбақшы болып жүр едім. Кеше де атакаға
өз еркіммен барып қайттым.
– Мінекей сөз осы ғой,– деді Мұрат, құптағаны не сынағаны белгісіз.–
Ал Қайсаровқа шараны қолдана беріңіздер. Ол жазалануға тиіс,– деді де
орнына отырды.
Панферов Стрелковпен қас қағысты да, бірден байламға келді. Содан
кейін айтылар сөздің ауыртпалығы да, кесілер үкімнің салмағы да Ержанға
қарай ойысты.
11
Майдан өмірі қашан да қаһарлы болады. Ал 1941 жылдың майданының
сұсы да, ызғары да ерекше еді. Дұшпанның басым күші үздіксіз шабуыл
жасап келе жатты. Шегінген армия онша көңілді бола қоймайды.
Екіншіден, соғыстың алғашқы кезінде əлі де жауынгерлердің еті өліп,
сұрапыл ұрысқа бойы үйреніп кете қойған жоқ-ты. Майданның өзіндік
тұрмыс салтының да дағдысына түсе қоймаған кезі. Бірақ от ішінде де адам
бойға біткен мінезінен айни бермейді.
Жаудың шабуылы іркіліп, Панферов дивизиясы екі-үш күн тыныс алды.
Дауыл алдында ішін тартқан осы сəл тыныштықтың өзінде Коростылевтың
кішкентай ғана санитар взводы бел шешіп, ес жиып, бір жасап қалды. Жас
шамасы отыздан асқан, кесек тұлғалы, қайқы мұрын қара Коростылев
ыждаһатты, тындырымды адам болатын. Ұрыс тынысымен взводын
деревняның кейінгі жақ шетіндегі шаруаның бөренеден қиыстырған мығым
бір үйіне орналастырды. Өзі бас болып, санитарларына үй артынан терең
шұқырлар қаздырды да, бірақ атыс саябыр кезде үй ішінде болуға рұқсат
етті.
Раушан шеткі бір кішкене бөлмені меншіктеніп, ішін жиыстырып,
ыңғайлап алды. Санитар взводының тəуір деген заттарын сол бөлмеге түгел
жинады. Марліден терезесіне перде ұстады. Коростылев оның бұл ісін
іштей ұната қоймаса да, əйел бала ғой, үй жылуын аңсаған шығар,– деп
үндемеді. Соғыс ызғарын ұмытқысы келді ме, əлде көңілін белгісіз сезім
биледі ме, не де болса, ұясын тазалап алмай, тыныш таппайтын əйел
затының əдеті емес пе, Раушан тіпті аз уақыт болса да осы бір жылы
бұрышқа құмартты. Өз үйіндегі кішкене бөлмесі есіне түсті. Кең ақ шəй
көйлек, жеңсіз қамзол киген, жағын қаусыра ақ орамал тартқан, қыр
мұрынды ақ құба ажарлы анасы көз алдына елестеп жүрегі суырып қоя
берді. «Оқуыңнан қалып қоярсың, қалқам, тұр» деп қасына келгенде,
Раушан ұйқысын аша алмай, «қойшы, апа, қазір» деп аунай беретін. Сонда
анасы қызының мойнынан құшақтап алып, құшырлана сүйетін. Қазір
Раушан анасының жұп-жұмсақ қолының ізін, сондай бір сүйкімді жылы
исін сезгендей болды. Қара көзі дөңгеленіп, кірпік астынан жас іркілді.
Ойда жоқта жанын тебіренткен елестен айыға алмай, аз тұрды. Көзінен жас
тамып кетті.
Жастық қайғысы өткінші жаңбырдай тез өтеді. Бірақ Раушан сол күні
серги алмады. Ыдырап та кетпей, аспанды да түгел бүркей қоймай, қайтып
орала беретін ала-шоғыр бұлттай көңілін мұң шала берді. Қайғы-қасірет пе,
сағыныш па, əлде белгісіз арманға бой ұрған елігу ме əйтеуір көңілі қаяу.
Сыртқа шығып, өзге санитарлармен араласып, жұмыс істеп алаң болғысы
келді. Дəрі-дəрмекті реттеп, жүктерді жинастырып, санитарлардың
əңгімесіне араласты. Бірақ айыға алмады.
Тұлғасы алпамсадай, сөзге сараң Коростылев сырт көзге сезімге шорқақ,
аңқау көрінгенімен, үндемей отырып, адам мінезінің құбылысын
аңғарымпаз болатын. Раушанның əлденеге алаң боп, елегзи бергенін
таныды. Келесі күні де майдан тыныш болғасын Раушанға «демалыс»
берді. «Бүгін жақсылап демал, бар, ұйықта»,– деді ол.
– Жоқ, ұйқым келмейді,– деді Раушан.
– Ұйқың келмесе, менде бір роман бар. Соны оқысаң бірден ұйықтап
кетесің. Морфи орнына пайдаланам.
Раушан Коростылевтың сабырлы жүзіне қарап, күліп жіберді. Дəрігерлік
тəжірибесінде ұйқыны үлкен ем санайтын Коростылев Раушанды еріксіз өз
бөлмесіне қуып жіберді.
Кешке жақын Уəли келді. Əшейіндегі сабырлы, сыпайы сызылып
тұратын, көз астымен кісінің қимылын аңдып, өзін əккілеу ұстайтын Уəли
емес. Сұрғылт жүзі қызара бөртіп, кейде көкшіл тартып, кішкене көзі
көмірдей жылтылдайды. Толықша денесін күш кернеп кеткендей қимылы
тым серпінді. Бүкіл тұлғасынан, өңінен, қимылынан отты күш лебі еседі.
Қыз жүрегі лүп ете қалды. «Аңсағаным осы екен ғой» деген ой жалт етті.
Іле сол ойынан өзі шошынып та қалды. Уəли есіктен ентелей кірген бойы
Раушанның қолын алды.
– Амансың ба, Раушан.
Қыз қолының дірілін сезіп, қаттырақ қысты. Раушан Уəлидің ыстық
уысынан қолын əрең босатып, қапелімде тіліне сез оралмай, төмен қарады.
Сəлден кейін жігітке:
– Отырыңыз,– деді жай ғана.
– Жоқ, көп отырмаймын. Кетемін. Тек қоштасып шығайын деп келіп ем.
Раушан басын көтеріп алып, Уəлидің бетіне дағдара қарады.
– Қайда барасыз?! Неге қоштасасың?!
Уəли жүрегі алып-ұшып тұрса да, қыздың өзіне деген ыстық ықыласын
танып қалды. Аңғармай, ой толқынымен «сен» деп қалғанын да қапы
жібермеді.
– Соғыс кезі... Уақыт тар...– ден Уəли зорланып күлді.– Оның үстіне
алғы шепке бара жатырмын. Танысып қоялық, рота командирі аға
лейтенант Молдабаев.
Түріне қарап, Уəлиден үлкен бір жаңалық күткен Раушан мына сөзге не
деп жауап берерін білмей, аңтарылып қалды. Уəли қолын созғанда еріксіз
бұ да қолын ұсынды.
– Қай батальонға барасыз?– деді аздан кейін Раушан.
– Үшінші батальонға. Кішкене арамыз алшақтау болады. Амал қанша,–
Уəли күрсініп қойды.– Соғыс заңы қатал. Кісінің бар арманы орындала
бере ме?
Қыз жүрегі Уəлидің көмейін сезді. Бүгін осы жігіт көңіліндегі барын
айтатынын да топшылады. «Айтпаса екен, қоя тұрса екен»,– деп лүпілдейді
жүрегі, бірақ... айтпай кетсе, өкініші де ауыр сияқты. Отырсаңызшы» деп
қалай айтқанын өзі де білмей қалды.
– Ендеше өзіңіз де отырыңыз,– деп Уəли Раушанның екі иығынан
қолының ұшымен сыпайы демеп, ұзын скамейкаға отырғызды.– Əдейі
келгесін, тізе бүгейін.
Екеуі азғана үнсіз отырды. Раушан Уəли сөзінің арқауын ұстай алмай,
əңгімеге қалай араласудың ретін таппай қиналды. Бірақ қыздың қысылып
қалғанын сезген Уəли, оны ұзақ уақытқа үнсіз қалдырып, қинамай, өзі
демеп əкетті.
– Штаб өмірі тойдырды. Майданға келіп тұрып соғысқа тікелей
араласпағасын бола ма? Əркімнің взводына барып соғысып көріп ем, одан
абырой таппадым.
– Неге?– деді Раушан таңданып.
– Білмеймін. Менен атағын қызғанады ғой деймін. Өз басым атақ үшін
соғыспаймын. Кеше ана бір Қайсаров дейтіннің взводын атакаға бастап
едім. Артынан өзімді сөгіп пəле қылды. Өзі бір барып тұрған оңбаған екен.
Мен оған абырой əперсем...
– Ержан ба? Ол... ол сізді неге сөкті?– Раушанның даусы қаттырақ
шықты. Қара көзі дөңгеленіп, Уəлиге үрпие қарап қалыпты.
– Сіз оны білуші ме едіңіз?– деді Уəли елең етіп.
– Білемін... Ол ондай жігіт емес еді ғой.
Уəли байқаусызда қыз жүрегінің бір жарасын басып, ауыртып алғанын
білді. Бірақ Ержаннан Раушанды қызғанған жоқ. Əлдеқандай бір əккі
сезіммен енді Ержанды тікелей жамандап кеміте алмайтынын аңғарып,
басқаша кетті.
– Иə, өзі онша жаман да жігіт емес,– Уəли күліп жіберді.– Жігіт деймінау. Бала ғой. Балалығы болмаса, өзіне жақсылық істеген адамға қиянат
жасай ма? Басқа біреу болғанда оңдырмайтын еді. Маған тап болғаны
бақыты бар екен. Кешіре салдым.
Уəли сөзін ынтыға тыңдап отырған Раушан:
– Қалай? Татуластыңдар ма енді?– деді жұлып алғандай. Уəли күліп
жіберді.
– Мен онымен араздасқаным да жоқ. Баламен бала болып қайтейін. Тек
əркімге əкіреңдеп, дөрекі болып кетпесін деп, біраз кейіп алдым. Өйте
берсе... əскердің заңы қатты.
Раушанның бойы жеңілдеп қалды. «Ақыры жақсылықпен тынған екен».
Уəли мен Ержан арасында көңіл қалуға апаратын бір шатақ болғанын
Раушан сезді. Шатаққа бас болған Ержан сияқты. Уəли кең екен, көңіліне
алмай, кешіріп отыр. Өзінің биіктігін тағы да аңғартты.
Ержан... Сүйкімді Ержан, жақсы Ержан. Мінезің бала сияқты-ау. Өзің де
баласың ғой. Бірақ... мұның қалай?
Əй, тентек.
Жас жігіт ғашықтық сырын айтқанда, құптап жауап бере алмаса да, қыз
жүрегі толқып еді. Бірақ осы күнге дейін оянбай келген тың сезім лаулай
қоймады. Қыз сезімін баурап, еліктіріп əкетудің орнына Ержан өз көңілінде
толқыған сезімін сыртқа шығара алмай, əлек болады, қысылады. Біраз
бойын билеп, сөз бастаса, қайдағы бір мағынасыз бөгде əңгімелерді айтып
кетеді. Ержанның осы бір кескініне Раушанның күлкісі келеді. Өзінен бірекі жасы үлкен болғанымен, Раушан Ержанды қатар санап, мектептегі көп
жолдасының біріндей үйренісіп кетті де, оның ғашықтық сырын айтқанын
да ұмыта бастады.
«Жақсы жолдас қой» дей салды. Романдар мен поэмаларды көп оқыған
қыздың албырт қиялында шын ғашық болатын адамы мектептегі
үйреншікті көп балалардың бірі сияқты емес, ерекше болуға тиіс. Жүрек
тереңінде байқаусыз тұтанып, ақырын маздап келе жатқан Ержанға деген
сезімін Раушан осындай албырт қиялға жеңдірді. Мұндай жазығы жоқ
балалық ұғым кейде арылмас өкінішке де ұрындырады.
Раушанның Уəли жөніндегі əсері екі ұдай болатын. Алғаш көргенде...
Айтпақшы қай кезде алғаш көргені Раушанның есінде жоқ. Аңғармапты.
Бір күні эшелонмен майданға келе жатқанда болу керек, толықша келген
қара сұр жігіттің өзіне ұзағырақ қарап қалғанын байқады. Қыз еріксіз
бұрылып, бейтаныс адамның өңін, тұлғасын бір сəтке көзімен шарпып өтті.
Бұрын да бірді-екілі көрген адамы. Сол бір тіміскі сұқ көзқарасын ұнатпай
қатты тіксінген. Кейінірек келе осы полктағы, тіпті дивизиядағы білімі
жоғары адам екені, институтта лекция оқығаны қыздың құлағына жетті. Иə,
дүниеде талай мықты оқымысты адамдар бар. Болса қайтсін. Бірақ...
Раушан техникумнан жоғары оқу орны жоқ кішкене қалада мектеп
бітірді. Жоғары білім алуды аңсап, институтқа түспек болған жылы соғыс
басталды. Əр түрлі кітапты көп оқыған, туғалы тірі оқымыстыны көрмеген
қыз ғалым деген атты əулие тұтатын. Сол оймен Уəлиді іштей қадірлеп,
өзінен анағүрлым жоғары, биік санады. Алғашқы жағымсыз əсері де
басылды. Уəли сол биігінен түсін, күннен-күнге жақындап келе жатқанын
Раушан іштей мақтаныш та ететін.
– Неге ойланып қалдың, Раушан?
Уəли сүйсініп, қыз өңіне күлімдей қарап отыр. Раушан оған жалт қарады
да, көзін бұрын əкетті.
– Жоқ, жəй, əншейін.
Уəли Раушанның саусағынан ұстап, қолын майда сипады. Мұңайып
булыға сөйледі.
– Раушан... Арманымды, ойымды өзіңе түгел айтып едім. Өмір мен
өлімнің арасында тағдыр маған сені кез етті... Аңсағаным жалғыз сенсің.
Тағдырымды өз қолыңа бердім. Тек бір ауыз жауабыңды айтшы.
Уəлидің ыстық қолы саусақтан жоғары жылжып білегіне таман барып
қалды. Раушан төмен қарап отырса да, Уəлидің қадалған көзқарасын, үзіліп
шыққан ыстық демін сезді. Жігіт ықыласы ызғарлы күндер құрыстатқан
қыз бойын жылытып барады. Жан түкпіріне қыз көзі жетіп болмаған жігіт
– жұмбақ сияқты. Сескенеді де, қызығып ынтығады.
– Ертең қанды қырғын соғысқа кіргенде аузымда есімің, көз алдымда
келбетің тұрар. Алғашқы ерлігімді де саған арнаймын. Жебеушім бол,
сəулем.
Раушан көз қарасы үлкейіп, Уəлиге мөлтілдеп қарап қалған. Жігіт үрейі
мен қызық, рақаты аралас белгісіз жаққа бастап барады. Соңғы күшін
жиып, тартыншақтап көрді.
– Мен... Сізге не деп жауап берерімді білмеймін. Сабыр етсеңізші.
– Сезіміңді тежеме, Раушан. Бір ауыз сөзіңмен мені бақытты етесің.
Болмаса бұл өмірдің маған керегі жоқ. Кеудемді оққа тосам.
Уəлидің өңі құлпырып, екі көзі жайнап кеткен. Оның үлкен ерлік үшін
жаратылғанына, Раушанға шексіз ғашық екеніне, оққа кеудесін тосатынына
осы сəтте өзі де сенді, қыз да сенді.
Осыдан арғы жағы оң мен түстің арасындай буалдыр тұман болып кетті.
Кейде əлдеқайдағы бір белгісіз жаққа жүйткіп бара жатқандай, кейде
жұмсақ ұлпа бұлттың үстінде қалықтап бара жатқандай да сезінді өзін.
Уəлидің құшырлана сүйген ыстық ерні, темекі исі аралас үзіліп шыққан
жалынды демі басын айналдырып жіберді. Бірде қызара бөрткен бетін,
бірде жылтыраған көзін көріп қалады, кейде көз алды бұлдырап «сəулем»...
«жаным» деген сөздер талып естіледі, бар тұлғасын ысытып, бойдағы
дəрменін баурап бара жатқан еркек денесінің қызуын сезеді. Уəлидің бір
қолымен өзін қапсыра құшақтап сүйіп тұрып, бір қолымен есіктің
ілгешегін салғанын байқап қалып, Раушан шошып кетті. Бірақ қарулы сақа
жігіт есін жиғызбай отты сөздермен араластырып аузынан, бетінен, көзінен
сүйе берді.

 
ҮШІНШІ ТАРАУ
1
Василий Кусков жаратылысынан сыпайы адам болатын да, сырт көзге
жұмсақ мінезді, кейде тіпті жасықтау да көрінетін. Оның ұяң көзқарасы,
майда қимылы, қоңыр даусы алғашқы көзге осыны аңғартатын. Бірақ істес
бола келген кісі оның иілсе де сынбайтын, былқылдап тұрса да
жұлынбайтын беріктің өзі екенін танитын. Кусковпен алғаш таныс болған
адам оны екінші көруге құштар болмайтын, тез-ақ ұмытып кететін, бірақ
жақындаса келе ажырасуға қимайтын. Бұрқылдап бірден шығып кетпейтін
сабырлы күші, маздаған жылы мейірімі кісіні ақырын баурап, əбден билеп
алатын.
Соғысқа кіргелі Василийдің мінезі өзгерді. Қанды қырғын алып
соғыстың бар салмағын, астанаға қарай шегінудің бар күйінішін сезді ол.
«Қатал болу керек» деді өзіне. Қансырап, шегініп келе жатқан ротаны
күннен күнге нығайтып шыңдай бергісі келді. Солдаттардың да,
командирлердің де жібін босатпай берік ұстауға бар күшін салды. Василий
қашан да өзіне-өзі қатал болатын. Өзгеге қояр талабын алдымен өз бойына
өлшеп алатын: «Өзім қайтер едім? Қолымнан келер ме еді?» Сондықтан да
əр істі өзінен бастап, алдымен өзін қамшылады.
Ұрыс кезінде Василий алғы шепте ауыртпалық пен қауіп-қатерді
солдаттармен бірдей көтерді. Соғыс саябырлап жұрт демалған кезде алғы
шепке мезгілінде тамақ, оқ-дəрі жеткізілуін қадағалады. Салақсыған
шалағай старшиналардың екі аяғын бір етікке тықты. Одан қолы босай
бере бекіністі аралап, əр жауынгермен əңгімелеседі. Рота командирімен
отырып болашақ ұрыс жоспарын ақылдасады. Сырт түрінде əбігер, күйбең
болмады, қашан да сабырлы, тап-тұйнақтай таза жүреді. Солдаттар да
Кусковты шын ықыласымен жақсы көріп кетті. «Біздің политрук» дегенде
қатал өңдері жылып қоя береді.
Кешегі бюродан Василий көңілсіз шықты. Өзі сол істі тексерісуге
араласа алмай қалды; ал Жақыпов істің ішкі дəнінің бəрін сілкіп тастап
сыртқы қауашағын əкеліпті. Бірақ не де болса тыйып тастамаса
болмайтынын байқап қатал сөйледі. Анығын білмей топшылап айтты.
Соның бəрін қазбалап жататын уақыт па?!
Бірақ, өмірінде дүдəмал, дүмбілез нəрсені итіндей көретін Кусковтың
бюродан шыққасын көңілі көншімеді. «Сен де жақсы-ақсын. Саяси басшы.
Анығына жетпей айыптадың, үкім шығардың? Жазықсыз болса қайтесің?
Əрине сенің ешнəрсең кетпес-ау. Ал, оның жағдайы қалай екен, соны білдің
бе?!» — деп өзін айыптады. Жұрт тарағасын Василий Стрелковпен оңаша
сөйлесті.
Стрелков басында Василийдің дəлелдеріне біраз қарсы болып еді, кейін
қатты ойланып қалды.
Иə, иə. Осының ар жағында бір нəрсе бар. Шынын айтсам менің де
Жақыповқа қарным ашты. Өзі бір тым жалаң адам екен. Жағдайдың түрі
мынау. Тəптіштеп жатуға уақыт қайда?! — Стрелков қабағын шытып аз
кідірді. — Иə, уақыт... уақыт... Осы «уақыт, жағдай» деген бізге бір мықты
сылтау болып кететін түрі бар. — Стрелков Василийдің бетіне қадала қарап
аз тұрды, — Вот что. Бюроның қаулысы деген іс емес пе? Сен Қайсаровпен
жақсылап сөйлес. Түрі айтып тұр, адал жігіт сияқты. Сырласып сөйлес.
Оған да қиын шығар. Демеп жібер.
Кусков Ержанға ол күні жолыққан жоқ, оңаша болып көңілін бассын деп
ойлады. Взвод деревняның шетін ала бекінген. Жауынгерлер үй іргесінен
окоп қазып, кейбір үйлердің терезесіне пулемет орнатып тастапты.
Кешеден бері дұшпан ауық-ауық атқылап, кейде ұсақ атакаға шығып тұрды
да, түс қайта тынши қалды. Кейбір жауынгерлер окоптарынан шығып үй
тасасында отыр.
– Қайсаров қайда? — деп сұрады Кусков мылтығын сүрткілеп жатқан
Бондаренкодан.
Бондаренко күйбеңдеп орнынан тұрып жауап берді, көзі күлімдеп тұр:
– Сəлематсыз ба, жолдас политрук. Олар мынау үйде.
Бондаренко бір шетін снаряд опырып кеткен кішілеу үйді нұсқады.
– Жолдас политрук, қараңызшы бүкіл деревняда қирамаған үй аз. Енді
бір-екі атака болса cay үй қалмас.
Бондаренко Кусковтың аялдағанын пайдаланып əңгімеге айналдырғысы
келіп тұр. Василий қысқа жауап берді.
– Соғыс.
– Иə, соғыс, — деп Бондаренко басын шайқады. — Қанша дүние
қирады. Қанша адам баспанасыз қалды.
– Жауды жеңгесін жаңадан саламыз үйлерді. Кең, биік етіп жайнатып
қоямыз əлі.
– Əрине, — деп құптады Бондаренко, — ол үйлер салынып біткенше
осы үйлерді жөндеп кіре тұру керек болар-ау.
Кусков күліп жіберді. «Пəлесін қара». Бондаренко əңгімеге құштар
болып тұрса керек, сөзін жалғай берді:
– Бір үйге бір шірік неміс бекініп алса, соны қуып шығу үшін бүкіл үйді
қиратамыз. Алдыңғы күні осы деревняны алғанда ана бір үйге, анау
қисайып тұр ғой,— Бондаренко төбесіндегі тақтайы қурап оңып кеткен
төрт терезелі кішкене үйді нұсқады. — Он шақты гранат лақтырдық. Үйдің
сау-тамтығы қалмады. Сондағымыз бір шидиген жирен фриц екен.
Кусков күліп жіберді. Бондаренко əдетінше жымиған да жоқ, күрсінін
басын шайқады.
– Иə, соғыс деген сол. Енді бүтінделіп келе жатыр едік, қаншама қазына
қарап болды.
Жақындап қалған қадамды естіп Василий артына бұрылды. Ержан келіп
сəлем берді. Бетінде əлі де күлкі ойнап тұрған Василий Ержанның қатқыл
ренішті жүзін көріп сəл қысылып қалды.
– Хал қалай?
– Хал өте жақсы.
Ержан сəл езу тартқандай болды, даусынан ащы мысқыл сезілді.
Василий əдеттегі байсалды қалпына ауысып Ержан бетіне таңырқай
қарады. Ержанның ашық, балғын өңі бірден есейіп, егде тартқандай. «Тегін
емес. Өзегін өртегендей бір нəрсе бар».
– Ал, бекінісіңді көрсек қайтеді?
– Бекініс деген көз алдыңызда емес пе! — Ержан қолымен алғы шепті
орай нұсқады. — Бірақ көргіңіз келсе жүріңіз. — Бондаренконы енді ғана
байқағандай кейіп тастады. — Неге окобыңда отырмайсың!
– Мен тек əшейін... темекі тартайын деп...
Бондаренко бүкшеңдеп окопқа қарай жөнелді. Ержан бекіністі
аралаймыз деген сөзін, тіпті Кусковтың қасында екенін ұмытып, ойға
шомып сұлқ тұрып қалыпты. «Э-э, кешегі мəжілістің ғана реніші емес қой»
ден ойлады Василий.
– Темекі тартып алайықшы. Кисетіңді əкел.
Ержан селт етіп Василийдің бетіне қарап аз тұрды да, қалтасынан
кисетін алды. Екеуі үнсіз отырып темекі тартты.
– Көңілсізсің ғой өзің.
– Қуанатын не бар.
Василий Ержанның бетіне тура қарап аз отырды. Ержанның қасіретке
толы жүзі сəл жылы тартты.
– Meн өзім барып тұрған ақымақ екенмін. Көп білемін деп жүрсем, түк
білмейді екемін. Кеще екенмін.
– Молдабаевпен шатасуың ақымақтық екені рас. — Василий Ержанға
жылы шыраймен қарады. — Бірақ, менің байқауымша кеще жігіт сияқты
емессің.
Василий күліп жіберді.
– Оның күлетін еш нəрсесі жоқ. Жұрттың бəрін адал, жарқын деп
ойлаушы ем. Ең болмағанда соғыста солай шығар деуші едім. Арам, екі
жүзді сұмырайлар да бар екен. — Ержан тітіркеніп қойды.
– Оны қайдан білдің? — деді Василий Ержанның бетіне қарап.
Ержан қолын сілтей салды.
– Түңілдім.
Василий күле сөйледі.
– Сен өзің бүкіл адам баласынан түңілгеннен амансың ба?
Жаңағы бір əзірде үндемей тұйықталып қалған Ержан енді ашулана
бастады. Іште тұмшаланып, тас түйін болып жатқан қасіреті қозғалып кетті
білем.
– Несіне күлесің!? Менің ішімде не болып жатқанын білесің бе өзің! −
деді ол Василийге ежірейе қарап.
Осы сəтте оның Кусковпен керіскісі келіп кетті.
Бірақ Василий ашуланбады. Ол ойнақы көңілден байсалды, ойлы
мінезге ауысты.
– Біреуге қатты көңілің қалған сияқты ғой. Айтшы. Ішіңде бүркей беріп
қайтесің. Сыртқа шығарсаң жеңіл болады.
Кусковтың сабырлы даусы, достық кескіні Ержанды жібітейін деді.
Несін айтайын, — деп тартыншақтады ол. — Айтқанмен кім түсінеді.
Өзім де ақымақ екенмін. Бір қызға ғашық болдым. Енді мінекей...
– Қыз сені ұнатпай ма? — деді Василий таңырқап.
– Ұнатпай ма?! — Ержан мырс етті. Ұнатпағаны сол, иттің етінен жек
көреді. Мен болсам... Мен... Маған одан асқан адам жоқ еді. Күні кешеге
дейін уайымым да, қайғым да жоқ сияқты еді. Көңілім белгісіз бір
қуанышқа толы болатын. Енді құлазыған елсізде жалғыз қалғандаймын.
Ешкімге керегім де жоқ. Ең жақын деген адамың жат болып шықса, оны
ешкімнің басына бермесін, кісінің өмір сүргісі келмейді екен.
– Жат болғанына көзің жетті ме? — деді Василий жұлып алғандай.
– Екеуін кеше көрдім. Енді несін жасырайын, бəрі-бір, — деді Ержан
Василийдің өңіндегі сұрақты танып. — Уəли екеуін көрдім. Көңілдері
қосылған сияқты.
– Бірге жүргенде не тұр, — деді Василий сенгісі келмей.
– Жай жүріс емес,— Ержан мүдіріп қалды. — Кеше мəжілістен таяқ жеп
ренжіп шыққасын... не істерімді білмедім. Ең жақын, жаны ашиды деген
адамыма барып, ренішімді тарқатқым келді. Санвзводқа келсем Уəли екеуі
шығып келе жатыр екен. Уəлидің маған мейірімі түсе қалды. Мені аяп,
маңдайдан сипап тұрған сияқты. Ондай нəрсе кісіні қорлағаннан жаман.
Өзіңді өзіңе мүсəпір етіп көрсетеді... ЬІзаланып қатты сөз айтып тастайын
деп бетіне жалт қарадым... Сұмдық сыр ашқандай болдым. Май ұрлаған
мысықтай Уəлидің көзі жылтырап тұр. Тез көзін тайдырып əкетті.
Раушанның бұйығы түрі, Уəлиге бір түрлі ыстық көзқарасы... Білмеймін,
қызғаныш па, ыза ма, жиреніш пе, ішім алай-дүлей болды. Не айтқаным
есімде жоқ. Əйтеуір Уəлиге талай сөз айтқан болуым керек. Ұры көзі
ойнақшыған жылымшы бетін қан жоса қылғым келді. Кенет... Өмірі
есімнен кетпес. Раушан маған шап берді. Балапандай шырылдап Уəлиді
жақтады. Сол кезде не күйде болғанымды білмеймін. «Не ғып тұрсың»
деген Уəлидің сөзі құлағыма жетті. Қалай тайып тұрғаным есімде жоқ.
Артымнан Уəлидің «бала, екіншілей тентек болма» ден шықылықтап
күлгенін естідім. — Ержан тіксініп қалды. — Сол күлкі құлағымда əлі тұр.
Қайрылып жауап бере алмадым. Жауап беретін не қалды. Қор болып, қоян
жүрек қорқақша қаштым. — Ержан төмен қарап, қолындағы темекісінің
тұқылын саусағымен умаждай берді. Аздан кейін ащы мырс етті. — Енді
басылған сияқты.
Василий Ержан көңілінің басылмағанын, талай уақыт басылмайтынын
түсінді. Кісіге сенгіш ашық жүзді шалған мына қасірет тез ыдырамайды,
маңдайдан төмен қарай түскен екі сызық енді жазылып кетпейді. Кім
біледі, алғашқы түңілумен бірге балалық аңқаулығы да өтер. Василий
Ержан қайғысын түсінді. Бірақ не деп жұбаныш айтарын білмеді.
Жұбаныш айту керек пе? Ержан үндемей төмен қарап отыр. Тағы да
қасында Василий отырғанын ұмытып кеткен.
– Жүр окопты аралайық, — деді Василий.
Екеуі алғы шепті аралады. Деревняның шетінен басталған жазық бір
шақырымдай созылып, қарағайлы қалың орманға тірелген. Шаншыла өскен
биік қарағайлар қалың тұтасқан қара жар сияқты. Күздің сұрғылт бұлтты
аспаны, дымқыл жұмсақ ауасы қалың қарағайды одан да қоюлатып,
сұстандыра түскен. Батпаққа малтығып қақалып булыға гүрілдеген машина
даусы болмаса, алдыңғы жақтан ешбір тірлік белгісі білінбейді, шөбі
солып, қоңырқай-сұрғылт тартқан жұпыны жер күздің ылғалды қара
суығына жаурап, жүдеу жатыр.
Василийдің сөзге ықыласы болмай солдаттармен шүйіркелесіп сөйлесе
қойған жоқ. Ал, Ержан алғы шепті аралағанда тіпті өзгеріп кетті. Ұсақтүйектің бəріне байланысып, кішкене де болса салақтық жасаған солдаттың
апшысын қуырды. Солдат деген халық жердің астындағыны біледі ғой.
Командирдің аузынан шыққан сөзді қағып алып тым елпілдей
орындауларынан-ақ Ержанның бір ренішке ұшырағанын сезгендері көрініп
тұр.
– Байқап жүрмін, немістер жөндеп бекініс шебін жасаған жоқ, — деді
You have read 1 text from Kazakh literature.
Next - Қаһарлы күндер - 14
  • Parts
  • Қаһарлы күндер - 01
    Total number of words is 4074
    Total number of unique words is 2218
    37.9 of words are in the 2000 most common words
    54.8 of words are in the 5000 most common words
    62.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 02
    Total number of words is 4139
    Total number of unique words is 2198
    37.4 of words are in the 2000 most common words
    52.6 of words are in the 5000 most common words
    60.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 03
    Total number of words is 4119
    Total number of unique words is 2250
    36.7 of words are in the 2000 most common words
    52.7 of words are in the 5000 most common words
    60.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 04
    Total number of words is 4090
    Total number of unique words is 2251
    35.9 of words are in the 2000 most common words
    50.4 of words are in the 5000 most common words
    57.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 05
    Total number of words is 4173
    Total number of unique words is 2089
    37.7 of words are in the 2000 most common words
    53.9 of words are in the 5000 most common words
    61.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 06
    Total number of words is 4102
    Total number of unique words is 2204
    35.4 of words are in the 2000 most common words
    51.8 of words are in the 5000 most common words
    59.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 07
    Total number of words is 4014
    Total number of unique words is 2319
    33.0 of words are in the 2000 most common words
    48.2 of words are in the 5000 most common words
    55.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 08
    Total number of words is 4065
    Total number of unique words is 2283
    32.5 of words are in the 2000 most common words
    47.1 of words are in the 5000 most common words
    54.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 09
    Total number of words is 4074
    Total number of unique words is 2163
    34.8 of words are in the 2000 most common words
    49.5 of words are in the 5000 most common words
    57.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 10
    Total number of words is 3971
    Total number of unique words is 2186
    35.4 of words are in the 2000 most common words
    50.7 of words are in the 5000 most common words
    58.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 11
    Total number of words is 3935
    Total number of unique words is 2117
    35.9 of words are in the 2000 most common words
    50.6 of words are in the 5000 most common words
    57.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 12
    Total number of words is 4031
    Total number of unique words is 2296
    35.3 of words are in the 2000 most common words
    49.9 of words are in the 5000 most common words
    58.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 13
    Total number of words is 4051
    Total number of unique words is 2113
    36.5 of words are in the 2000 most common words
    52.5 of words are in the 5000 most common words
    61.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 14
    Total number of words is 3896
    Total number of unique words is 2104
    36.1 of words are in the 2000 most common words
    50.9 of words are in the 5000 most common words
    58.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 15
    Total number of words is 4041
    Total number of unique words is 2139
    36.3 of words are in the 2000 most common words
    51.3 of words are in the 5000 most common words
    60.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 16
    Total number of words is 4030
    Total number of unique words is 2157
    35.3 of words are in the 2000 most common words
    51.7 of words are in the 5000 most common words
    59.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 17
    Total number of words is 3971
    Total number of unique words is 2156
    36.4 of words are in the 2000 most common words
    51.4 of words are in the 5000 most common words
    59.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 18
    Total number of words is 3896
    Total number of unique words is 2160
    34.7 of words are in the 2000 most common words
    49.3 of words are in the 5000 most common words
    57.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 19
    Total number of words is 4009
    Total number of unique words is 2076
    36.0 of words are in the 2000 most common words
    52.3 of words are in the 5000 most common words
    60.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 20
    Total number of words is 4092
    Total number of unique words is 2141
    32.4 of words are in the 2000 most common words
    45.8 of words are in the 5000 most common words
    54.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 21
    Total number of words is 3977
    Total number of unique words is 2150
    36.1 of words are in the 2000 most common words
    51.0 of words are in the 5000 most common words
    59.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 22
    Total number of words is 4107
    Total number of unique words is 2182
    36.3 of words are in the 2000 most common words
    51.5 of words are in the 5000 most common words
    59.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 23
    Total number of words is 4067
    Total number of unique words is 2204
    36.8 of words are in the 2000 most common words
    51.5 of words are in the 5000 most common words
    59.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 24
    Total number of words is 4086
    Total number of unique words is 2165
    35.5 of words are in the 2000 most common words
    50.5 of words are in the 5000 most common words
    58.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 25
    Total number of words is 4077
    Total number of unique words is 2115
    33.4 of words are in the 2000 most common words
    47.9 of words are in the 5000 most common words
    56.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 26
    Total number of words is 3778
    Total number of unique words is 1884
    37.3 of words are in the 2000 most common words
    51.9 of words are in the 5000 most common words
    60.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.