Latin Common Turkic

Қаһарлы күндер - 23

Total number of words is 4067
Total number of unique words is 2204
36.8 of words are in the 2000 most common words
51.5 of words are in the 5000 most common words
59.5 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
– Ол əнді естідіңіз ғой. Əлгі «Қалқатай» деген əн ғой.
– Ə-ə... Ол əннің тарихы солай ма еді.
– Менің сізге айтайын деген сөзім бар еді, — деп Кəкібай аз мүдірді. —
Көптен бері өзі қажыңқырап қалдық қой. Бүгін бір бас қосып əн салсақ
қайтеді. Көңіл көтерілсін.
– Бұл да дұрыс екен. Ендеше бар, тынығып ал, — деді Ержан.
Кəкібай окоптың арт жағындағы разъездің үйіне қарай кетті. Ержан
солдаттардың жұмысын тексеру үшін əдейі траншейдің ішімен жүрді.
Окоптың дені кісі бойы екен. Тек бір-екі жерінде ғана тайыздап белуарға
таман келіп қалады. Екі иығымен окоп қабырғасына сүйеніп келе жатып
Кəкібай жайын ойлады. «Қандай өнерлі жігіт», — деп таңданды.
Ержан осы күні өзі туралы көп ойламайтын болды. Көбіне өзге жұртқа
көзі түседі, өзгелердің ісіне сүйінеді.
Өзін өзі қалай ұмытып кеткенін сезбей де қалды. Əнеугі бір əзірде өзегін
өртеп өкіндірген: «Сен не тындырдың? Масылдығыңды жасырып жүрген
бишара емессің бе?» деп қуыстандырып, жанын жегідей жеген жүзі суық
сұрақ та енді қайтып келмеді. Кеудесіне кіріп алып, əр адымын аңдып,
тежеп ұстайтын қатал сыншы да ғайып болды. Аурудай меңдеткен ішкі
арпалысы тынған еді. Енді қатты сырқаттан айығып, дем алған адамдай
ішкі сарайы тазарып, көңілі бірыңғайланып қалды:
Ержан жүріп келе жатқан окоп енді тіпті тайыздап кетті. Тізеден аз-ақ
асады. «Бұл қай отделениенің окобы еді? — деп ойлады Ержан. — Ə-ə...
Добрушкиннің отделениесі еді ғой мұнда. Неғып өндіре алмады екен?»
Сөйткенше тырбаңдап окоп қазып жатқан солдаттар да көрінді. Добрушкин
жайғасып темекі тартып отыр.
– Окоптарың неге тайыз?
– Онша тайыз да емес қой. Адам азғантай. Жəне бізге тапсырманы да
көп бердіңіз.
– Окопты иықтан қаз деген бұйрық берілген. Орында соны.
– Əрине, бұйрық берілді ғой. Бірақ адам аз. — Добрушкин бұрынғы
əдеті бойынша Ержанды өз дегеніне иіп əкелгісі келді. — Ұрыста бой
тасалауға жарайды ғой.
Оның есесіне мылтық ататын ұяларды терең қаздырдым.
– Қиқаңды қой! — деді Ержан. Оның даусы қатты шыққанда Добрушкин
жым болды. — Бұйрықты орында. Бүгін жақсы окоп қазуға мүмкіндік бар,
ертең ол мүмкіндікті саған ешкім бермейді.
Ержан енді байқады. Добрушкиннің сырт жағында темекі тартып Уəли
отыр екен. Қолында күрегі де жоқ екен. Түрі «жер қазбағаным рас, өтірік
жалпақтап қайтейін» дегенді анық-ақ айтып тұр. Ержанның сөзінен кейін
Добрушкин де артына бұрылып Уəлиге көз тастады.
Оның көзқарасы да: «Мен қайтейін, амал жоқ, енді сені де жер қазасың
да» дегендей еді. Ержан осыны сезді де кетіп бара жатып:
– Молдабаев, бері жүріңізші, — деді.
Уəли кеше взводқа келгенде-ақ өз таңдауының қате екенін ұғып еді.
«Ержан қанша айтқанмен ескі дос қой, көз көріскенде шыдамас. Ағалығым
жəне бар, бұрын ығымда жүретін еді, — деп ойлаған-ды. Ержанға сырын
айтып, мұңын шағып қайтадан достаспақ ойы бар еді.
Оның жүдеу көңілі біреуден аяныш іздейді. Соңғы кездегі көрген
қорлығы мен азабы ішке сыймай барады, соны айтып шағынғысы келді.
Бірақ бір кездегі сыры мəлім.
Ержан жат болып кетіпті. Тастай түйіліп ішіне жіберер емес.
– Добрушкиннің отделениесіне барыңыз. Сонда қару-жарақ аласыз.
Сізге автомат бергізермін, — деді, алдына айдаладағы бір қарапайым
солдат келіп тұрғандай. Сырласуға ыңғайы да келмеді жəне Уəли бата да
алмады. Кете барды. Қазіргі: «Бері жүріңізші» дегенінде Уəли осы арада
бір сөйлесіп қалуға бекінді.
– Сіз жұмыс істемейтін сияқтысыз. Добрушкин де айтуға именетін
тəрізді, — деді Ержан оңашарақ шыққасын. — Көппен бірге жұмыс істеңіз.
– Енді менен жер қазу қашпас қой,— деді Уəли мұңайып. — Бірақ,
Ержан, сен маған өкпеңді ұмытпай жүрген сияқтысың. Ер шекіспей
бекіспес деген, азамат арасында ондай нəрселер бола береді ғой.
– Сіз қайдағыны айтып тұрсыз. Онда қателік менен болған.
– Жоқ, жасы үлкен мен айыптымын. Бірақ сенің кешірім етуің керек еді.
Ұсынған мойынды қылыш кеспес деген...
– Ол өтіп кеткен нəрсе... Оны қойыңыз... Сондай ұсақ-түйекті ойлайтын
уақыт па, қазір!? — деді Ержан сəл мүдіріп. — Сіз көппен бірге жұмыс
істеңіз. Командиріңізге де арнап тапсырмай-ақ қояйын, өзіңізге де қайталап
айтпайтын болайын.
Уəли тағы да сөйлесе алмай қалды.
Бір кезде өзіне таудай көрінген Уəлидің қазір кішірейіп қалғанына
Ержан қайран болды. «Жау күші ырық бермеді ме, əлде алғашқы соғыста
өзі қорықты ма, əйтеуір бір шатаққа ұрынды. Енді не де болса көтеріп,
қалған абыройын сақтап, сыр білдірмеуге жаралағаны ма, — деп ойлады
Ержан. — Өзі соншалық жүдеп кетіпті. Оңай да емес шығар. Жер қазуға да
арланатын болар. Бірақ ұрлық қылғандай қуыстанып, жұмыстан тасаланып
отырғанша білекті сыбанып жұртпен бірге жер қазғаны көп артық емес пе,
өзіне? Тым болмаса жалтақтамайтын болады ғой».
Соңғы кезде Ержанға маза бермейтін нəрсе жағдайдың ауырлығы еді.
Ақылымен ғана емес, бүкіл жан-тəнімен ел басына түскен ауыртпалықты
сезеді. Дұшпан күшінің таудай ауыр салмағы мұның да қабырғасын
қайыстырып барады. Өзін сол жаныштап бара жатқан салмаққа тіреген бір
тіреудей сезінеді. Осы алғашқы рет келген зор жауапкершілік сезімі оған
сабырлы қайрат əкелді. Ол өзінің өткендегі ағаттығын, шалалығын ойлауды
ұмытып бара жатыр еді. Жаңағы Уəли сөзі соның бəрін қайтадан есіне
салды. Уəлидің не айтқысы келетінін Ержан жақсы біледі. Ол сонау бір
көңілсіз істі қайта қопармақ, кіналаспақ. Ал, ол оқиғаны Ержан қозғағысы
келмейді. Өзінің сондағы осалдығынан ұялады.
Уəли «мен жеңілдім, үлкен басымды идім, сен де кең пейіліңді көрсет»
демек. Бірақ өзге солдаттан оны артық көре алмайды, Раушан жайы да
ұмыт болар емес. Жалған кең пейілдік жасай алмайды. Ажалмен бетпе-бет
келіп тұрғанда кісі өзіне де, өзгеге де өтірік айтпайды. Уəлиге қиянат
етпеске, əділ болуға өзіне серт берген еді, сонысы да жетер.
Сокольская деревнясы жақтан үш салт атты келді. Бұлар Панферов пен
Мұрат екен. Екеуі де аттан түсті. Генерал Ержанмен қол алысып
амандасты. Ержан өз фамилиясын атағанда, генерал бір нəрсені есіне
түсіргендей Мұратқа бұрылды:
– Сабыр етіңіз... Əлгі қоршауда бөлініп қалатын осы емес пе?
Мұрат құптағаннан кейін ол Ержанға көз қиығын тастады.
– Бəсе, мұндай командир қандай қоршауды болса да жарып шықпай қоя
ма! — деп Мұратқа иек қақты.
Бұл мақтаудан Ержан сəл тіксініп қалды. Генерал өзінің бұдан көп
биіктігін танытып баланы алдағандай маңдайынан сипай салды.
Панферов окопты аралап, əрбір атыс ұясын өлшеп көріп, Ержаннан атыс
системасын қадағалап сұрады.
– Осы пулемет ұясы ма? Осындай ұя бола ма екен? — деп кейіді
Панферов.— Пулемет оғы мол оқ.
Ол бүкіл взвод бекінісін түгел қамтуға тиіс. Ал, анау дөңестің тасасын
немен атасың? А? Қуатты қаруды тар қуысқа тығып қойғансың.
Ержанның алғашқы əсері өзгерді. Енді генерал мұны нағыз командир
санап шынымен кейіп тұр. Ол қысылса да өз ойын анық айтты.
– Бұл жер маскировкаға жақсы. Дұшпан пулеметті байқамайды.
– Таса керек болса, орманға тығып қою керек ендеше, – деп кекетті
Панферов. — Ең алдымен дұшпан пулеметтің күшін сезетін болсын.
Байқатпаудың қамын содан соң ойла.
Мұрат генералдың сөзіне қыстырылмай үнсіз жүрді. Бекіністің өзге
жағына негізінен ырза болып Панферовтың беті жұмсарды.
– Қазір майдан саябыр, — деді ол окоптан шығып келе жатып. — Бірақ
неміс шабуылы тоқталған жоқ.
– Олар қазір жарасын жалап, күш жинап жатыр. Ертең-бүрсігүні
Москваға генеральный шабуыл басталмақ. – Ол аз іркіліп, Мұраттың,
Ержанның бетіне бағдарлай қарап алды.— Жаман соғыспайтын сияқтымыз.
Бірақ əлі барымызды берген жоқпыз. Соғыстың үлкені енді келе жатыр.
Москва жап-жақын қалды ғой, — деді ол, соңғы сөзді өзіне айтқандай
күбірлеп, содан кейін іркіліп, қолымен темір жол разъезін нұсқады. —
Мына разъезден пригородный поездар өтетін. Демалыс күні Москва халқы
осы араға серуенге келетін. Ана деревнялардың қатындары Москва
базарына айран-сүтін апарып сатушы еді. – Ол Ержанға бұрылып, оның
иығына қолын салды. – Солай жағдай. Енді шегінуге болмайды.
Немістердің күші əнеугіден басым. Танктері көп... Бірақ енді шегінуге
болмайды.
– Ертең ПТР мылтықтарын жіберем. Батальоннан төрт ПТР мылтығын
ал,— деді Мұрат Ержанға. Содан кейін Панферовқа сөз айтты. — Жолдас
генерал, жаудың танктері көп, гранаттар мен жандырғыш бутылкаларды
көбірек берсеңіз.
– Жарайды. Бүгін əмір етем.
Генерал қоштасып штабқа жүріп кетті. Мұратқа Ержан осы кеште
Кəкібай əнін тыңдамақ ойы бар екенін айтты.
– Уақыт тығыз-таяң. Бірақ солдат көңілін қайтарғым келмеді,— деді.
– Оның өнері бар екен ғой. Мен де тыңдайын. Неміс бар екен деп
қашанғы түнере береміз. Солдат байғұс та бір желпініп қалсыншы, — деді
Мұрат.
Екі командир разъездің үйіне кіре бергенде ашық есіктен қарқылдаған
күлкі естілді.
– Оһо, жауынгерлерің көңілді ғой,— деді Мұрат Ержанға күлімсірей иек
қағып.
– Ұйқы арсыз, күлкі арсыз, тамақ арсыз деуші еді қазақ. Сол үш арсыз
соғысыңа да қарамайды екен, — деді Ержан күліп.
Солдаттардың көңілді күлкісінен тұтанып, екі командир бөлмеге
жайдары кірді.
Командирлерді көріп солдаттар күлкіден тез тыйылып, сəлем берді.
– Өздерің бір қызыққа батып жатыр екенсіңдер. Бұзып жібердік қой, —
деді Мұрат.
– Бөрібай-дағы баяғы. Бұл кісіні қыл көпірдің үстінде тұрғанда да
күлдірер,— деді Қартбай.
– Тұнжырай берсе адамның іші кірлеп кетеді. Күлкі көңіл тазартады, —
деп қалжың айтты Мұрат.
Кішкене бөлмеде он бес шамалы жауынгер отыр. Іштерінде Раушан,
Күлəнда, Уəли де бар екен. Кəкібайдың қолында домбыра, күйге келтіріп,
құлағын бұрап шертіп отыр. Уəли Раушанға жақынырақ келіп, бірақ қасына
жете алмай Күлəндаға жалғас отырыпты. Раушан мен Уəлиді көргенде
Ержанның өңіндегі күлкі тез сөнді.
Оларға қарамауға тырысып, Мұратқа бұрылса да, Раушанның өзіне
бірнəрсе дегісі келген Уəлиді жаман көзімен атып, теріс айналғанын көріп
қалды. Осыған ырза болып қалған да сияқты.
– Кəне, Кəкібай, шырқап жібер. Сенің əніңді естуге келдік, — деді
Мұрат.
– Құп, жолдас капитан. Өзімді де, жұртты да қыздырып алу үшін
алдымен «Жамбас сипардан» бастайын.
Кəкібай «Жамбас сипарды» шырқап жұртты бір желпіндіріп тастады.
Содан кейін «мен шаршап қалдым, кішкене демалайын. Раушан бір əн
айтсын. Қыз даусына қосылмай домбыраның күйі келетін емес», — деп
жармасты. Раушан «айтуға жағдайым жоқ. Басым ауырып отыр»,— деп
тартыншақтап еді, қызып алған жұрт қоймады.
– Неменеге жүдейсің, Раушан. Əн сал. Көңілің ашылады. Біздің де
көңілімізді аш. Тəңір жарылқасын, — деп Мұрат та қолқалады.
Раушан қызара жымиып Күлəндаға қарады. Күлəнда «айт,
айтсайшы»деп сыбырлады. Раушан езу тартып күлсе де көз жанарында
ұялаған суық сəуле жылымады. Ол Кəкібайға бұрылып «Татьянаның əнін
тарт»,— деді.
Тереңнен шымырлап басталатын Абай өңінде үлкен сыр бар екен.
Кеудені кернеп кеткен зор қайғы мен абзал арман ақтарылатын жол таба
алмай, көкіректен сызаттап, тепсіне шығып, бірте-бірте өрлеп барады.
Əннің əсем де тегеурінді əуенінің арасынан ескен мұңды аңсау, тəтті
сағыныш жүректі майда тербеп, еліктіре түседі. Əнмен бірге Раушан да
өзгерді. Салқын реңі жұмсарып, көз жанары дымқыл тартып дөңгелене
мөлдіреп барады.
Қызғылт тартқан жұқа өңін тұман шалғандай. Қыз көңілінде қатқан мұз
— кеудеден шыққан мұңлы тұнық дауысқа балқып еріп барады. Кеудені
басқан зіл салмақ жеңілдеген сайын Раушанның даусы ашылып шырқай
түсті. Енді ол əн қанатымен самғап, ғажайып бір алысқа шырқайды.
Мөлтілдеген көз жасының ар жағынан жалт етіп үміт ұшқыны шыға келеді.
Алыстағы бір бақытын көргендей ынтыға түседі. Ол бақыты сағым сияқты
бұлдыр елес береді. Елестен көз жазып қалам ба деп қорқып үрей мен үміт
аралас телміре қарайды.
Ержанның əлі де əлі келмейтін нəрсесі əн екен. Əн күші оны əбден
баурап алды. Сонау бала кезінде ауылдағы ойын-сауықтарда өзге дүниені
ұмытып, аузын ашып елтіп тыңдайтын қалпына қайта түсті. Сол бір
армандай алыстап бара жатқан тəтті кез, жақсы кез қайтып айналып келіп,
тағы да рақатқа батырды... Раушан оның көз алдында өзгеріп кетті. Осы
кезге дейін ол Раушанды сырты қызыл, іші шірік алмадай сезінуші еді.
ЬІнтықтыратын да жирендіретін. Енді олай емес, қасіретке түскен ғазиз
жүректі көрді. Раушан сол қасіретімен де биіктеп барады. Өткенінен безіп,
балапандай талпынады.
Əн əркімнің «қай-қайдағысын» қоздырды. Əн біткенде жұрттың
əрқайсысы өз көңілдерінде оянған өткен күннің жақсы елесіне беріліп,
елтіп отырып қалды.
– Шіркін, дүние-ай десейші, — деді бір уақытта Көжек күрсініп.
Осыдан кейін барып, жұрт мақтау айтып дабырласын, Раушанға «тағы
айт» деп жармасты.
Раушан көзіне жас келіп тұрғанын білсе де, сүртуге ұялды. Тез бойын
түзеп алып, Кəкібайға жалт бұрылып, «Майраны тарт» деді.
Серпінді, ескекті əн жүйтки жөнелгенде тар бөлменің қабырғасы қақ
жарылып, қазақтың жусанды адыры, бозды даласы, қиқулап шапқан жігіт,
той-думаны атой бергендей болды. Жұрт та серпіліп орындарынан бір
қозғалып қойды.
– Ой, айналайын, осылай серпілші! — деп дауыстады Мұрат.
Ержанның көз алдында Раушан тағы да өзгеріп кетті. Енді жаңағы
қасірет те, арман, аңсау да жоқ. Өңі құлпырып, көзі жайнап кеткен. Тек, ыза
ма, ерегіс пе, көз жанарында бір өткір сəуле бар. Раушан өзінің паң, сұлу
тұлғасымен, ойнақы ұшқыр əнімен жігіт атаулыны қағытып, кемсітіп тұр.
«Қызы едім, мен Уəлидің атым Майра,
Отыз тіс көмекейде, тілім сайра.
Шырқатып домбырамен жөнелгенде,
Ілесер осы əнге жігіт қайда?
Майра, Майра!
Сайра, осындайда!»
– Ой, көп жаса! Ілесе алмайды еш жігіт!
– Мұндай қыз мың жігітті бір таяқпен айдайды.
– Қойдай өргізеді.
Жұрт қошаметі басылған кезде, малдасын құрып отырған Қартбай,
шалқая түсіп, сирек мұртын сипап қойып сөз бастады:
– Əрқайсымыздың бір тəтті, жақсы кезіміз болушы еді. Ол осындай
достарымызбен сауық құратын кезіміз еді. Осынау бір қиын уақытта сол
жақсы сағатымызды қайтып əкеліп беріп бір жасаттың ғой, қарағым.
Көкірегімізге нұр құйдың ғой.
Мұрат түн жамылып штабқа қарай желе-жортып келеді. Азанғы ауыр
істің арасындағы жаңағы бір сауық көппен бірге мұны да қатты тебірентіп
еді. Раушанды көргенде есіне Айша түсті. Оның Айшаға бір ұқсастығы бар
сияқты. Бірақ қандай ұқсастығы барын Мұрат біле алмады. Айша дөңгелек
жүзді. Раушан ат жақтылау келген. Раушанның тұлғасы да талдырмаш,
нəзік. Айша одан толығырақ, ірілеу болатын. Екеуінің арасында ешбір
ұқсастық жоқ сияқты. Бірақ Мұрат бір сəтке Раушанның бейнесінен
Айшаны көріп қалғандай болды ғой.
Көзге көрінбес көңілмен танитын бір ұқсастық бар. Ия, иə... Алғашқы
əнді бітірердегі жас мөлтілдеген көзқарасы... Сол кездегі бүкіл ұяң тұлғасы.
Ол баланың да көңілі жүдеп қалыпты ғой. Қазақ қыздарының қасіреті
қандай ұқсас еді. Мұрат кенет тосын бір сыр ашқандай қайран болды.
«Раушанның көзіндегі əйел қасіреті ғой» деп тіксініп қалды.
Мұрат отыздан асса да Раушанға жігіттік көңілі болған жоқ. Оны ағалық
сезімі биледі. Қарындасындай жақын көріп, іші тартатын. Ол мұның бір
құласа қатты құлайтын, бір тыйылса кесіп тастайтын мінезінен де болу
керек. Кезінде талай сайранды салып еді.
Сұлу қызға қырғидай тиетін. Содан үйленіп тыйылған-ды. Ақыл кіріп,
өзін өзі билеген шағында Айша еркін алып кетті. Айшаға шын ғашық еді.
Онсыз тұра алмайтын күндері де болды. Бірақ Айша өзінің кеш оянып,
тереңдеп кеткен махаббатынан шошып оқыс тоқтады. Бел шешіп шыға
алмады. Өз тағдырына мойынсұнған, көнбісті қазақ əйелінің мінезін
көрсетті. Бірақ Мұраттың Айшаға деген махаббаты суйитын емес, əлі
маздап, көңілін жылытумен келеді. Қазір де қараңғы түнді қақ жарып көз
алдында Айша тұр, Мұрат оны көңіліндегі бар жылуына бөлеп, аялап
келеді.
6
Биыл Алматыда қыс пен күздің жігі білінбей жалғасты. Ноябрьдің
басында жаңбыр мен қар араласып лайсаң болып еді, айдың орта кезінде
аяз қысып қатырып тастады. Көшелерді лас көк мұз басты. Əр жердегі
үйінді қар да ери түсіп, көк мұздақтанып қатып қалған. Орта тұсынан екі-
үш қабат үйлер қылтиып, жаңа ғана бойын көтере бастаған қала əлі де
тарбиып, кең жайылып аласа жатыр. Жаздыгүні көк торғынға бөлеп
тұратын мол ағаш жасыл жапырағынан айрылып, қаланы жалаңаштан
жүдетіп тастаған.
Қала өмірі өзгеріп кетті. Халқы да өзгерді.
Екі-үш ай бұрын эшелонға тиеліп Москвадан көшкіндер келе бастады.
Госпитальдар ашылды.
Майданның қан исі үш-төрт мың километр алыстағы қалаға жетті.
Москвалықтар əзір қала халқының ішіне сіңіп болған жоқ, олардың киім
киісі де, жүріс-тұрысы да бөлек жатыр. Қаптап кино жұлдыздары да келді.
Балалар мен жас қыздарға рақат боп қалды. Кейбір əйгілі артистің соңынан
балалар шуылдап, мəз болып, еріп жүретін. Бірақ қазір олар да таңсық
болмай қалды. Көшелерде денесінің бір мүшесін таңған жаралылар,
мүгедектер де көріне бастады. Олардың ет қызуы басылмаған кейбіреулері
сонау төменгі жақтағы көп будкалардан Алматының əлі де карточка
клеткасына ілінбеген алма шарабын тартып алып, «мен қанымды төккен
адаммын» деп кеудесін соғады.
Қала тығыздала түсті. Ауып келген көп көшкіндерге, бұрын да онша кең
отырмаған қала халқы ығысып өз үйлерінен орын берді. Көңіл сыйса, сыя
береді екен. Кейде көңілге қарамайтын да кез болды. Қаланың оннан астам
шағын вуздарының үстіне көшіп келген бірнеше үлкен институттар да
тығыздалып сыйып кетті. Заводтар да көшіп келе бастады.
Өмірдің ағыны да өзгерді. Бұрын жайбарақат істелетін нəрсенің бəрі
қауырт болды, бұрынғы асығыс нəрсе енді тым шұғыл болып кетті. Жұмыс
күні де тығыздалды. Бұрын кеңседе көбірек отыратын бастықтардың өзі
енді тынымсыз шапқылайтын болып барады.
Жұмысшылар сменадан тыс, демалыс күндері жұмыс істеп, майдан
керегін молырақ өтеуге жан салады. Жайбарақаттық жоқ, бəрі тығыз.
Белбеуді де тығыздаңқырап бууға тура келді.
Айша қаланың төменгі жағындағы мектептен шықты да, жоғары қарай
жаяу жүрді. Үйі алыс, бас арық жақта болатын. Базарға, дүкенге соғатын
шаруасы болды. Ол дүкендерді аралап жеті жасар ер баланы қуантатын бір
нəрсе іздеді. Басында не сатып аларын өзі де білмей «бара көрермін» деген
оймен шығып еді.
Полкалары қурап тұрған дүкендерден еш нəрсе таба алмады. Əрең деп
үлкен гастрономнан қымбат шоколад тапты. Кеше күйеуі Құдайберген:
«Дүкендерде еш нəрсе қалмай бара жатыр. Ең аяғы темекі де жоқ, алты сом
жиырма тиынның папиросы ғана қалыпты. Қамданып, күтініп қалу керек»
деп еді. Айша гастрономнан шығып базарға барды. Бір-екі кило алма сатып
алды. Алма да қымбаттап кетіпті.
Айша мектепте күніне сегіз-он сағат сабақ беретін. Мұғалімдік
тəжірибесі аз адамға бұл ауырлау тиді. Бірақ амал жоқ. Оқытушылардың
жартысына жуығын əскерге алып кетті. Оның үстіне күнара госпитальға
барып жаралыларды күтеді. Бұл жұмысқа оны ешкім қыстаған жоқ еді, өзі
ықылас білдірді. Бір айдан бері жаралылармен танысып, үйренісіп қалды.
Енді бір күн кезегінен кешіксе кəдімгідей елегізіп қалатын болды. Неге
екені белгісіз жаңадан жаралылар келді десе құлағы елең ете қалады.
Қашан жаңа келгендерді көріп шықпай тыныштық таппайды.
– Алматыдан кеткендерді білмейсіздер ме? — деп жаралылардан сыр
тартып сұрап та қояды.
Кеше Панферов дивизиясынан жараланып келген бір орыс жауынгерге
жолықты.
– Арыстанов Мұрат деген командирді білмейсіз бе? — деп сұрады.
– Ой, ол біздің командир ғой. Мықты командир. Неге білмеймін. Жақсы
білем. Біздің батальон дивизиядағы ең мықты. Өйткені біздің командиріміз
жақсы. Жауынгерлер де сорлы емес. — Қызынып кеткен жауынгер, көзі
жайнап елти тыңдап қалған Айшаның бетіне қарап:— Сіздің күйеуіңіз бе
еді?— деп сұрады. Жауынгер «иə» дегеннен басқа жауап күтпей, Айшаның
бетіне тосыннан таныс, дос тапқандай бар ықыласымен күлімдей қарап
қалған.
– Жоқ, жоқ...— деді Айша қатты абыржып. — Біздің танысымыз еді...
Осыдан кейін Айша өзінен-өзі қысылып қалды да, Мұрат жайлы
əңгімеге қана алмады. Бір орайы келгенде асықпай сөйлесермін деп
ойлады.
Айшаға бүгін дүкен аралатқан бір жағдай бар еді. Мана түс кезінде
үзіліске шығып, мектептің алдында Мұраттың баласы Шерниязға жолығып
қалды. Шернияз биыл бірінші класқа түскен-ді. Бала Айшаны танып:
– Айша апай, аман ба? – деп сəлем берді.
Айша жалт бұрылып, баланың бетіне қарап;
– Ой, Шерниязбысың-ай, сен,—деді.
– Иə... Мен Шерниязбын.
Шернияз Мұраттан айнымай қалған екен. Жақ сүйегі сəл шығыңқы,
аққұба өңі, ортасы сəл дөңестеу кең танаулы мұрны, қабақ бітісі, ең аяғы
көзі жалт етін миығынан күлгеніне дейін аумаған Мұрат. Айшаның іші
жылып кетті.
– Сабақтан шықтың ба?
– Иə, сабақтан шықтым.
– Үйіңе неге бармайсың? — деді Айша.
Айша енді байқады. Шернияздың үсті жұпынылау екен.
Шешесі биыл мектепке баруына арнап жаңа киім тіге алмапты. Өскелең
жастағы баланың киімі тарылып, көп ойыннан тозыңқырап та қалыпты.
Пальтосының шынтағына білдіртпей салған жамау бар, жең ұшына да өзі
түстес екі елі қара жалғаныпты. Ананың қамқор қолы қанша қымтаса да
жүдеулік ізі сезіліп тұр.
– Үйде мамам жоқ. Сағат бірде келермін деді. Мен соған дейін ойнай
тұрам,— деді Шернияз үлкендерше байыпты сөйлеп.
– Мамаң жұмысқа кетті ме?
– Мамам базарға кетті. Ол жұмыста жоқ. Базарға киім сатуға кетті. —
Бала Айшаның жеңінен ұстап, жасырын сыр айтқандай сөйледі. —
Папамның костюмін сатсақ қайтеді деп менен сұрады. Мен папамның
киімін сатпа дедім. Мамам да сатпаймын деді. Бізге карточка беріп еді,
жоғалып қалды,— деді бала мұңайып. — Мамам базарда ұн тіпті қымбат
дейді.
– Еш нəрсе етпес. Бір амалы табылар, — деді Айша балаға еміреніп,
еңкейе түсіп. — Папаңнан хат бар ма?
– Папамнан бес хат келді. Мен барлық хатты жинап қоям. Столдың
тартпасына салам. Мамамнан сұрасам айтады, папама əлі орден бермепті.
Неге панама орден бермейді екен? — деп таңданды Шернияз.
– Береді. Неге бермесін.
– Айша шыдай алмай Шернияздың бетінен сүйіп алды.
Мұғалима апайдың мінезіне түсіне алмай таңдана қараған баланы тағы
құшақтап арқасынан қағып:
– Бар, ойнай ғой...— деді.
Жол бойы ойлағаны Мұрат үйінің жайы болды. Хадишаның шұрқырап
қарсы алмайтынын білсе де, сол үйге барып, жағдайын көріп, қолынан
келген жəрдемін істегісі келді. Егерде олай етпесе Мұраттың алдында бір
түрлі айыпты, ұятты болып қалатын сияқты көрінді де тұрды өзіне.
Айшаның үйі əлі соғыс ауыртпалығын сезе қойған жоқ. Азаматы үйінде.
Екеуі бірдей жұмыс істейді. Оның үстіне Құдайберген шаруақор, ұқыпты
кісі.
Жəне таныстары да, араласы да көп. Əскерден есебін тауып броньмен
қалып қойды. Қазір бір үлкен мекеменің OРC-ның бастығы болып істейді.
Карточка шыққалы да бұл үй, ағыл-тегіл болып жатпағанмен, еш нəрседен
тарылып көрген жоқ. Сондықтан ба, бұрын ажарсыз, томырық
Құдайбергенді кемсітіп, Айшаға: «Сенің құдай берген күйеуің қайда?—
дейтін құрбылары, енді «жұрттың бəрімен Құдайберген озды. Саған
шынында да құдай берген екен» дейтін болды. Барлықты қай əйел жек
көреді. Бірақ Айша осы бір қиын кезде өз үйінің бөлекше тоқтығын
ауырлайтын болды. Бүгін Мұрат үйінің халін естігенде, ұрлық қылғандай
қуыстанды.
Айша есікті ашып, киімін іліп жатқанда:
– Мамам келді!—деп қуанып, төрт жасар қызы Мəрияш жүгіріп келді. —
Мама, маған не əкелдің!
Айша қызының қолына бір алма ұстатып, көтеріп алып екі бетінен кезек
сүйді. Баласы кішкентай қолымен екі бетінен шапалақтап, маңдайын бетіне
басып, жол бойғы ауыр ойдан сергітіп тастады. Айша Мəрияшты алдына
алып диванға отыра кетті. Күні бойға шаршағанын енді сезіп, үйреншікті
тыныш, жылы бөлмеде қозғалмай, рақаттанып тыныс алып отыр.
– Қалқам, ас дайын. Құдаш та жұмыстан келді, — деді шешесі есіктен
қарап.
Астан кейіп Айша қамдана бастады. Əкелген шоколадтарын, алмаларын
жəне де бір ораулы заттарын сумкаға салды.
– Қайда барасың? Бүтін госпитальда дежурить етпейсің ғой, — деді
Құдайберген.
– Басқа жерге барам, — деді Айша.
Құдайберген жақында алып келген төрт метр тұтас қалың қара шұға бар
еді, Айша соны сандықтан алып, бір метрден астамын қиып алды.
– Оны қайтесің? — деді Құдайберген ұнатпай.
– Орны бар.
Айша заттарын сумкаға нығыздап алып, ауыз үйге шыға бергенде
күйеуі:
– Сен өзің қайда барасың? Жөніңді айтшы, — деді ашуланып.
– Мұрат... Хадишаның үйіне барам, — деді Айша қайрылып. Содан
кейін анасына бұрылды. — Айтпақшы анау екі карточканың біреуін əкелші.
Құдайберген түнеріп кетті. Ол қатты ашуланғанда темірдің табындай
қара өңі көкшіл тартып кететін. Айшаның Əсіресе ұнатпайтыны осы бір
кейпі еді.
– Немене, үй ішімді асыра деп Мұрат саған хат жазып па?
Құдайбергеннің қызғаныш көрсетуі бір бұл емес-ті; Айша ашуланбай
байыпты жауап берді:
– Хадиша карточкасын жоғалтып алыпты. Ай жаңа басталды.
Баласының пальтосы да тозыпты.
– Айтып тұрғаныңның бəрі өтірік! Онан да маған ғашығыңның хатын
көрсет!— деп Құдайберген орнынан тұра келді.
– Əй, аузыңа келгенді көкіме!
– Қойсаңдаршы, қарақтарым-ау, — деп екі ортада ана байғұс бəйек
болды.— Құдаш жаным, оның не айтып тұрған. Айша қалқам, сен де қой.
Құдашжанның ашуына тиме. Азаматқа қарсы келіп қайтесің!?
Құдашжанды ренжітпе!
Кемпір Құдайбергенді шынында да жақсы көретін. Əсіресе, оның үйішіне қамқорлығын, əйтеуір қолына түскенін шашау шығармай үйге жамай
беретін шаруақор мінезін ұнататын. Іштен шыққан жалғызы Айшаның
жақсы өмір сүргенін тілейді.
– Апа, сен араласпашы осы іске. — Айша бұл сөзді қиналып айтқаны
сонша, кемпір үндемей қалды.
– Жоқ, сен ешқайда бармайсың, — деп Құдайберген Айшаның қолынан
сүйреп төрге əкелді.
Айша Құдайбергеннің уысынан шынтағын жұлқып шығарып, үндемей
оған тесіле қарап, тұрып қалды.
– Мен дүние аяп тұрғаным жоқ, апай, — деді Құдайберген кемпірдің
қасына барып. — Менің табысым кімге берсе де жетеді. Мен қашан осы
табысымды аядым. Бірақ, менің намысыма тиеді бұл. Азамат басымды
қорлайды.
– Сенде намыс бар ма? — деді Айша Құдайбергенді жарға шегелеп
жіберердей тесіле қарап. — Менің арым сенікінен таза. Намысың болса өз
əйеліңнің абыройын өзің төкпес едің ғой.
– Ə-ə... Менде намыс жоқ дейсің бе!? — деді Құдайберген Айшаға жетіп
келіп, бірақ əйелінің көзқарасынан тайқып, өзімен-өзі бұрқан-тарқан бола
берді.— Менде намыс жоқ екен ғой. Мен саған көрсетейін намысты.
Бұлданатын түгің де жоқ. Қазір жас қыздар маған əке деп тиеді. Осы үйден
шықсаң енді қайтып кірмейтін бол.
Айша тез киінді де үйден шығып кетті. Əр жерден дөңгеленіп электрдің
солғын жарығы көрінеді. Көшеде адам аз. Трамвай тоқтайтын жерде үштөрт əскери жас жігіттер қызу əңгімелесіп тұр. Ленин көшесінен төмен
қарай сап түзеп ұзын созылып əскерлер кетіп барады.
«Броня крепка и танки наши быстры» деп əн шырқайды.
Трамвай тез келе қоймады. Əскерлердің бірі қалжыңдап тіл қатып еді,
Айша бұрылып, əрегірек кетті. Айша Құдайбергеннің ашуынан қорыққан
жоқ, ауыр сөзіне ызаланған да жоқ, тек өз өміріне, өз тағдырына налыды.
Құдайбергеннің сыры да, бар болдығы да бұған мəлім еді. Ол əйелін шексіз
жақсы көреді де, шексіз қызғанады да. Бірақ оның махаббаты Айшаға да,
өзіне де қуаныш емес, қасірет сияқты болып жабысты. Ол Айшаны өзгеден
ұрлап алған асыл зат сияқты қоруыштап, қуыстанып, жат кезден жасырмақ
болады. Қызғанышы да оянған намыс емес, айрылып қалам ба деген
қорқыныш.
Шынында Құдайберген намыссыз, жігерсіз жігіт. Оның ашуы да, серті
де түйінді іске апармай, бос бұрқырап будай тарап кетеді. Жаңағы жерде
сонша ашу шақырып, сонша сөзді көкімей-ақ, шын ыза болса, түнеріп
келіп, қойып жіберсе, Айша тіпті риза болар еді.
Құдайбергеннің басқа бар кемшілігін кешірер еді, бірақ жігерсіздігіне,
намыссыздығына қатты налиды. Өзін-өзі сыйламаған адамды сыйлау да
қиын екен.
Əкімшілік сатысының жоғарырақ басқышында тұрғандарға жанасуды
Құдайберген мəртебе көретін. Айшаны солай түсініп, ол ылғи
«пəленшекең, түгеншекеңдердің» қауымына қонаққа апаратын. Бірақ Айша
ондай жердей Құдайберген ойлағандай «бір жасап» қайтпай, арланып, жер
болып қайтатын. «Үлкендер» Құдайбергенді онша қадірлеп жатпайтын.
Əдетте столдың ең шетіне таман отыратын Құдайберген «ананы алып беріп
жіберші», «мынаны бүйте салшы», «пəленшені шақыра қойшыға» өзіненөзі ыңғайлы тұратын. Бір ғажабы, Құдайберген олардың айтқанын жымия
күліп, мəз болып орындайтын. Кейін өзге бір жерде «біз пəленшекеңдікіне
қонақта болғанда, түгеншекең былай деп еді» деп, қайдағы бір татымсыз
сөздерді Жиренше шешеннің лебізіндей көріп айтып отыратын. Күйеуін
елемейтіндер Айшаға да еркін ниет білдіруден іркілмейтін. Осындай
«қонақасылардан» Айша қатты ренжіп қайтатын. Ақыры күйеуімен бірге
ондай жерге барудан тыйылды. Кейінірек бұлар Мұраттың үйімен,
Уəлимен араласатын болды.
Адам танымай, дүние көрмей жастай күйеуге шыққан Айша, «əйел өмірі
деген осы екен» деп, өз тағдырына мойынсұнғанда, сұрғылт реңсіз бұлтты
жарып шыққан күндей жарқ етіп Мұрат көрінеді. Алғашқы рет сүйікті
адамның дүниедегі барлық нəрседен қымбат екенін, бір адамның бір адамға
шексіз бақыт бола алатынын Айша сонда білді. Мұраттың келбеті ғана
сүйсіндіріп қойған жоқ, оның қайсар мінезі де, қанағат таппайтын өршіл
талабы да Айшаның нағыз аңсаған қасиетіндей көрінді. Бүкіл қағылез,
ширақ тұлғасы, қатқыл, тіпті суық өңі əмір етуге жаралғандай қайратты
жігіт ыстық махаббатымен шарпып, билеп əкетіп еді. Ілесе алмай қалды.
Шырмалып қалған торынан шығуға қайраты жетпеді. Енді кеш сияқты.
Айша Мұратқа риза. Сұрғылт көңілдің бір жағына нұр құйып тұрған да
сол.
– Бикеш, бикеш, трамвай келіп қалды, — деп дауыстады əскерлердің
біреуі.
Трамвай жақындап қалған екен. Екі жағынан екі əскер қолтығынан
демеп мінгізді. Трамвайдың ішінде əскердің бірі «сіз отырыңыз» деп ізет
етті де, қапелімде орын таба алмай, теріс айналып, терезеге əдейі үңіліп
отырған бір жас жігітті «ғафу етіңіз» деп, иығынан нұқып тұрғызды.
Анау ажырая қарап еді, сары жігіт «мен сізге сыпайы болуға көмектесіп
You have read 1 text from Kazakh literature.
Next - Қаһарлы күндер - 24
  • Parts
  • Қаһарлы күндер - 01
    Total number of words is 4074
    Total number of unique words is 2218
    37.9 of words are in the 2000 most common words
    54.8 of words are in the 5000 most common words
    62.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 02
    Total number of words is 4139
    Total number of unique words is 2198
    37.4 of words are in the 2000 most common words
    52.6 of words are in the 5000 most common words
    60.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 03
    Total number of words is 4119
    Total number of unique words is 2250
    36.7 of words are in the 2000 most common words
    52.7 of words are in the 5000 most common words
    60.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 04
    Total number of words is 4090
    Total number of unique words is 2251
    35.9 of words are in the 2000 most common words
    50.4 of words are in the 5000 most common words
    57.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 05
    Total number of words is 4173
    Total number of unique words is 2089
    37.7 of words are in the 2000 most common words
    53.9 of words are in the 5000 most common words
    61.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 06
    Total number of words is 4102
    Total number of unique words is 2204
    35.4 of words are in the 2000 most common words
    51.8 of words are in the 5000 most common words
    59.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 07
    Total number of words is 4014
    Total number of unique words is 2319
    33.0 of words are in the 2000 most common words
    48.2 of words are in the 5000 most common words
    55.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 08
    Total number of words is 4065
    Total number of unique words is 2283
    32.5 of words are in the 2000 most common words
    47.1 of words are in the 5000 most common words
    54.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 09
    Total number of words is 4074
    Total number of unique words is 2163
    34.8 of words are in the 2000 most common words
    49.5 of words are in the 5000 most common words
    57.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 10
    Total number of words is 3971
    Total number of unique words is 2186
    35.4 of words are in the 2000 most common words
    50.7 of words are in the 5000 most common words
    58.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 11
    Total number of words is 3935
    Total number of unique words is 2117
    35.9 of words are in the 2000 most common words
    50.6 of words are in the 5000 most common words
    57.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 12
    Total number of words is 4031
    Total number of unique words is 2296
    35.3 of words are in the 2000 most common words
    49.9 of words are in the 5000 most common words
    58.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 13
    Total number of words is 4051
    Total number of unique words is 2113
    36.5 of words are in the 2000 most common words
    52.5 of words are in the 5000 most common words
    61.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 14
    Total number of words is 3896
    Total number of unique words is 2104
    36.1 of words are in the 2000 most common words
    50.9 of words are in the 5000 most common words
    58.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 15
    Total number of words is 4041
    Total number of unique words is 2139
    36.3 of words are in the 2000 most common words
    51.3 of words are in the 5000 most common words
    60.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 16
    Total number of words is 4030
    Total number of unique words is 2157
    35.3 of words are in the 2000 most common words
    51.7 of words are in the 5000 most common words
    59.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 17
    Total number of words is 3971
    Total number of unique words is 2156
    36.4 of words are in the 2000 most common words
    51.4 of words are in the 5000 most common words
    59.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 18
    Total number of words is 3896
    Total number of unique words is 2160
    34.7 of words are in the 2000 most common words
    49.3 of words are in the 5000 most common words
    57.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 19
    Total number of words is 4009
    Total number of unique words is 2076
    36.0 of words are in the 2000 most common words
    52.3 of words are in the 5000 most common words
    60.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 20
    Total number of words is 4092
    Total number of unique words is 2141
    32.4 of words are in the 2000 most common words
    45.8 of words are in the 5000 most common words
    54.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 21
    Total number of words is 3977
    Total number of unique words is 2150
    36.1 of words are in the 2000 most common words
    51.0 of words are in the 5000 most common words
    59.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 22
    Total number of words is 4107
    Total number of unique words is 2182
    36.3 of words are in the 2000 most common words
    51.5 of words are in the 5000 most common words
    59.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 23
    Total number of words is 4067
    Total number of unique words is 2204
    36.8 of words are in the 2000 most common words
    51.5 of words are in the 5000 most common words
    59.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 24
    Total number of words is 4086
    Total number of unique words is 2165
    35.5 of words are in the 2000 most common words
    50.5 of words are in the 5000 most common words
    58.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 25
    Total number of words is 4077
    Total number of unique words is 2115
    33.4 of words are in the 2000 most common words
    47.9 of words are in the 5000 most common words
    56.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 26
    Total number of words is 3778
    Total number of unique words is 1884
    37.3 of words are in the 2000 most common words
    51.9 of words are in the 5000 most common words
    60.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.