Latin Common Turkic

Қаһарлы күндер - 25

Total number of words is 4077
Total number of unique words is 2115
33.4 of words are in the 2000 most common words
47.9 of words are in the 5000 most common words
56.2 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
– Мен осында бола тұрам, — деді əлден уақытта Раушан.
Ержан бұл сөзге іштей риза болса да, кесіп еш нəрсе айтпады. Кенет
оның бойы мұздап қоя берді. Тұтаса шыққан ащы сықыр ауаны қалтыратып
жақындап келеді. Қырқаның басындағы үйдің тұсынан екі танк жылжып
шыға берді. Оған ілесе тағы бірі көрінді.
Біртіндеп көбейіп барады. Ержан демін ішіне тартып, он шақты секунд
қадала қарап тұрды да, жұлып алғандай Раушанға бұрылды. Ол да окоптың
ернеуіне жабысып алдыңғы жаққа көз тігіп тұр екен. Ержанға көзі
дөңгеленіп, үрке қарады.
– Раушан, сен тез қайт. Разъездің үйіне дейін бұғып жүгіріп бар. Ар
жағы ылди.
Раушан Ержанның даусынан бар жанашыр, жақсы ниетін таныды. Жаңа
ғана үрке қараған қыз көзінде ерекше бір ыстық мейірім пайда болды.
– Ал, тез, Раушан, қош, — деді Ержан.
Ол Раушанның көзіне тура қарап тұрды да, қапсыра құшақтап сүйіп
алды.
– Жоқ, жоқ... Ержан. Мен ешқайда кетпеймін. Бірге болам...
Ержан Раушанның бетіне тағы да үңіле қарап, қиналып:
– Бұл жер қауіпті ғой, — деді ақырын ғана.
Бірақ одан əрі «кет» деп айтпады. Окопты бойлап жүре берді.
– Ұрысқа дайындалыңдар! — деп айқайлады.
Жеңістен кейінгі азғана қызу қуаныш тағы да ширыққан шиеленіске
айналды. Жаңа ғана жадыраған көңіл қарысып, тас түйін боп қалды.
Жауынгерлер бейне құмырсқаның илеуіндей бауырынан зіркілдеген көк
темір шұбырып шығып жатқан төбеге қарайды. Ұясынан бəрі шығып
болды ма, əлде тағы да бар ма? Біреу, екеу, үшеу, төртеу... Солдаттар танкты
санайды. Жиырма шақты солдатқа қарсы он танк келеді.. Он танк қатар
түзегенде жерді майыстырып жіберетіндей. Салқын сұсымен қорқытып, оқ
шығармай, ауыр жылжып тұтаса төніп келеді.
Салмағымен-ақ жапырып кететін сияқты.
Василий Добрушкиннің отделениесінде еді. Ол немістің бір атакамен
тынбайтынын білді. Бірақ жаңағыдан кейін кішкентай ғана участокке дəл
осынша танк жібереді деп ойлаған жоқ-ты. Он танктың салмағы алыстан-ақ
белді қайыстырып барады. Белгісіз бір күш екі иықтан басын, окоп түбіне
бұқтырып бара жатқандай. Бұлқынып барып еңсеңді əрең көтересің.
Василий солға бұрылып, өртеніп болып енді селдір түтіні ғана шығып
жатқан свастикалы танкты көрді. Содан кейін барып көңілі орнығайын
деді. Енді ол жауынгерлердің халінің бар қиындығын сезді. Осы бір
қылпылдап тұрған кезде тағы демеу керек. Ержанның берген тұжырымды
командасын естіп сүйсініп қалып еді. Қасындағы Добрушкин өңі сұрланып
Василийге қарады.
– Қалай? Əліміз келе ме? – деді ол.
Василий оған жанған танкты нұсқады.
– Анаған əліміз келді ғой. Бұған да əліміз келеді.
Осыдан кейін Василий даусын көтеріп бүкіл отделениеге естірте
айғайлады:
– Ана танктерді сендер өртедіңдер! Мыналар да майдай жанады. Екеуара
бір танктен.
Ол окопты бойлай жүріп, осы сөзін қайталап, қысылған жауынгерлерге
дем берді. Тар жерде байсалды, жігерлі сөз үлкен сүйеніш болды.
Раушан жаңағы Ержанмен жолыққан жерде тұр. Винтовкасын окоптың
ернеуіне қойып, сығалап алдыңғы жаққа қарайды. Үміт пен түңілу, өжеттік
пен лоблу аралас шытырман сезім билейді. Ұзын созылған шеп үнсіз
жатыр. Қаһарлы, сұсты тыныштық. Раушан окопта отырған жұрттың
өліспей бітіспеуге бел байлағанын сезді.
Танктер жақындап қалды. Ортада келе жатқан бір танк өзгелерінен
суырылып озып шығып, окопқа елу метрдей келіп тоқтады. Төбесіндегі
қақпағы ашылып, ішінен біреу сығалап басын шығарып:
– Русь, здавайсь!— деп айқайлады.
Осы кезде окоптың орта тұсынан біреу өрмелеп, еңбектей шығып,
бүкшиген күйі, мойнын ішіне тартып, екі қолын ербите көтеріп, жүгіре
жөнелді. Бүкшеңдеп жүгіріп бара жатып, жалтақтап артына бір-екі рет
қарап қойды. Раушан оны танып шошып кетті. Уəли екен. Қашқын жиырма
метр ұзамай жатып тасыр-тұсыр оқ жауды.
Уəли бүкірейген белін бір сəтке жазып, қайқайғандай болды да құлап
түсті. Бар денесі бір уыс болып жиырылып, өле алмай тыпыршып жатыр.
Раушан қатты түршігіп тітіркенді. Анау тыпырлаған сұмырай, сорлы
денеден қатты жиренді. Тұла бойын лас жайлағандай сезініп өзін де өртеп
жібергісі келіп кетті.
Неміс жып еткізіп люкты жауып алды. Танк ышқына ырылдап орнынан
қозғала берді. Ержанға қарай тура келе жатыр. Ержан тез бұғып оң бүйірге
қарай бұрыла бергенде дəл үстіне келіп те қалды. Мойнына суылдап
топырақ төгілді. Темірдің ащы сықыры шекесінен өтіп миына қадалғандай.
Бір сəтке бүкіл дүние қап-қараңғы болып, бар салмағымен опырылып
үстіне құлап түскендей болды. Ержан көзін ашып, басын көтеріп алғанда
танк окоптан ұзаңқырап барып, қайта бұрылып жатыр екен. Енді ойысып
оңға таман жүрді. Ержан буыны босап орнынан əрең қозғалды. Ең соңғы
күшін салып гранатын көтере ұстап, траншеяны бойлай, қайта оралған
танкке қарай жүгірді. Окоп ішінде керіліп лақтыра алмайтынын сезіп,
жақынырақ келуге тырысты.
Осы кезде барлық танк ұрысқа кірісіп еді. Небəрі үш жүз метрге
жетпейтін окоп үстінде он танк асыр салып жүр. Булыға өкіріп бір орында
шыр айналып, ытқып жүріп кетіп, бұлталақтап ауытқып шығып барып
қайта оралады. Пулеметтерінен түтін бұрқылдайды. Танктердің темір
табанының астынан шыққандай қылт еткен бастар, сермелген қолдар
көрініп қалады. Гүрс етіп гранаттар жарылады. Бір танк жылан бауыры
сөгіліп, бір орында шыр айналып ақтық рет бір бұлқынды да тұрып қалды.
Екінші біреуі үлкен бір будақ жалынды арқалап алып қаша жөнеліп еді,
ұзамай ол да тұрып қалды. Бірақ өзгелері дүрліккен өгіздердей табанымен
жер қазып, окоп үстін ойып түсірердей жаныштап жүр.
Құлақты темір бұрғымен тесердей тұтасқан ұзақ сықырдан, үсті-үстіне
топыраққа көмген қара темірдің зіл салмағынан есеңгіреп, бастары
қаңғырып кеткен солдаттар жан дəрмен етіп əлі де алысып жатыр. Көп
гранаттар мен бутылкалар танкке жете алмай жерге түседі. Кейбір қол
гранаттары танктың сауырына соғып, түк бітірмей жұмыртқадай
жарылады. Қара албастының болат сауырына қанша сабаса да таяқ
өтпейтін сияқты.
Бір танк Көжектің үстіне екі қайтара төнді. Алғашында окоп түбіне
етпетінен жата қалып еді, топырақтан басын əрең шығарып алды.
Түрегеліп қуыстағы өртегіш бутылканы іздегенше əлгі танк ұзап кетті. Ол
енді бутылкасын қолынан тастамай, танктың қайтып оралуын тосты.
Бүгінгі қырғын соғыста Көжек сабырлы болды. Сонау алғашқы кездегі
көңілін лоблытқан үрейден айығып еді. Ол кезде ұрыс деген Көжекке
керемет дозақ көрінген. Онда оқпен, отпен сайысқан алып машиналар
қатысқан алып айқаста өзін құмырсқадай қораш сезініп еді. Жерді опырып,
төңіректі түгел жалмаған қыруар снаряд, қардай бораған оқ — оған
жапырыла құлаған дүлей толқын сияқты да, өзі сол толқындағы қамыс
сияқты көрінді. Өз дəрменсіздігін, амалсыздығын сезді. Ол қарсы келе
жатқан жаудың бетіне де дұрыстап қарай алмайтын. Жауған оқтан,
ажалдың ызғарынан сескеніп, көзі ажыратып еш нəрсе көре алмай беталды
ата беретін. Енді көзін тұмандай бүркеген соғыс үрейі ыдырап, əр нəрсе апанық өзінің орнында көрінеді. Жауға қарсы адам сияқты қайрат қыла
алатынына көзі жетіп, бойын сенім күші биледі. Ол қазір қарсы келе
жатқан танкты да анық көріп тұр. Қара темірдің жүзі қанша суық болса да
жүрегін басып, бутылкасын қай жерге лақтырарын топшылайды. Танк
үстіне келгенде Көжек жаңағыдай сұламай тізесімен, шынтағын таянып
еңбектеп тұрды. Тез ұшып тұрып танк сауырының үстін ала, бірінен соң
бірін — екі бутылка лақтырды. Қара темірдің үстінен қызғылт-сарғыш
жалын жұлқына жөнелді.
Бондаренко танктер жақындағаннан-ақ атқылай бастады. Бірақ қарсы
маңдайдың қалың бронына ПТР оғы өтпеді. Жылан бауырдан көздеуді
ұмытып кетті қысылшаңда. Орағытып бүйірін тоса ма деген үмітпен дереу
мылтығын оқтағанша танк шытырлап үстіне келіп қалды. Тек өзі ғана
бұғып үлгірді, жинаусыз қалған ПТР-ды танк жаншып кетті. Қайтадан
басын көтеріп алғанда окоптан кеудесін көтере беріп гранат лақтырған
Зеленинді көріп қалды. Гранат гүрс етіп жарылғанда Зеленин де окоп ішіне
құлап түсті. Бондаренко оның қасына келіп бетіне үңілгенше үстеріне
окопты бойлаған тағы бір танк келіп қалды. Бондаренко Зелениннің аяғын
құшып жата қалды Танк өтісімен Зелениннің басын көтерді. Жаралы
сержант шатынап нұры сөніп бара жатқан көздерін ілгері қадап, «ананы...
ананы... құрт»... деді.
Содан кейін қайтадан көзін жұмды. Дəурен мен Добрушкин жерден
бастарын көтеріп алғанда үстерінен өткен танк сұсты свастикасы жалтырап
тез жүйткіп барады екен.
– Ай, кетті-ау! — деп айқайлап Дəурен жүгіре бергенде сүрініп құлады.
– Ах, чорт! Икемің жоқ! —деп ашуланды Добрушкин. — Жіберіп алдың.
Соғыс қызуына лепіріп кеткен Дəурен окоптан қарғып шығып, танктың
соңынан қуа жөнелді.
– Ах, чорт! Жат! — деп айқайлады Добрушкин, окоптың ішімен
Дəуренді қуа жүгіріп бара жатып.
Танк бұрыла бергенде Дəурен де жақындады. Жуан ірі тұлғасымен
керіле беріп бір буда гранатты жіберіп қалды. Қатты қызып, жата қалуды
ұмытып, қалтиып тұрып қалды. Добрушкин «Жат» деп айқайлағанша ол
құлап түсті. Шынжыр табаны сөгілген танк екі-үш айналып тоқтады.
Добрушкин окоптан қарғып шығып, Дəуреннің қасына жетті. Бір қолында
гранаты, сұлық жатқан жауынгерді құшақтап окопқа қарай еңбектеді.
Траншеяға он қадамдай қалғанда тағы бір танк бұлардың үстіне төніп келіп
қалды. Добрушкин Дəуренді жатқыза салып, тізерлеп көтеріле беріп
гранатын лақтырды. Гүрс етіп жарылған гранатымен бірге өзі де Дəуреннің
үстіне жансыз құлап түсті. Бірі орыс, бірі қазақ екі жауынгер қираған
свастикалы екі танктың ортасында құшақтасып жатыр.
Қызу ұрыс тоқтаған жоқ. Жау танктері азайса да шегінер емес. Окоп
үстінде ойран салып жүр. Василий жарылған гранаталардың, ышқына
гүрілдеп басылған танк дауыстарын естіді. Екі-үш жерден будаланып
көтерілген қара қошқыл түтінді көрді. Бірақ сонда да ұрыстың енді қызып
келе жатқанын, жаудың беті кайтпағанын сезді. Дұшпан да өжет қимылға
басқан. Егер фашистер осы бетімен егесе түссе, жеңістің қай жақта болары
белгісіз. Басым күштің жапырып кету қаупі күшті. Ол бір сəтке жаудың
үстемдік алып бара жатқанын танып қалғандай болды. Ана бір-екі танк
окоп үстін қайта-қайта өтектегенде бір граната лақтырылмады.
Біреуі берірек келіп, тұп-тура тылға қарай бұрылды.
Соғыс қызуына еліріп кеткен өзгелері де есін жиын ананың ізімен тылға
өтетінін Василий түсіне қойды. Соғыс тағдырының нағыз қиын кезге
таялғанын ұқты. Алды-арты өлшеуге мұршасы болмай бір сəтте жалт еткен
ойдың ізімен Василий де окоптан қарғып шықты. Тылға қарай енді ғана
жылжи берген танктың қасына жетіп барып бутылкамен соқты. Қайта
бұрыла бергенде екінші танктың оғына ұшып құлады.
Қан соғыста қызу ұрыс азғана минуттардың ішінде взводтың күшін
кеміріп жеп барады. Солдаттар соңғы күшін жиып дұшпанның қалған
танктерімен айқасып жатыр.
Өліспей беріспеуге бекінген екі жағы да таусылып барады. Василий
Кусков өз өмірін құрбан етіп жау танкісінің жолын бөгеді. Ол өз қазасымен
шегінетін жолды да кесіп тастады. Ержанның арқа сүйеген ең үлкен тірегі
морт сынды. Қансырап азайып, əлсіреген взводымен жалғыз қалды.
Дұшпанның темір шабуылының бар салмағы енді соның мойнына түсті.
9
Дивизияның штабында адам көп еді. Толып жатқан байланысшылар,
ординарецтер, писарьлар, саперлар, соғыстың басынан бастап аяғына дейін
химия соғысы болады деп қақсаған химия қызметкерлері, байланыс
командирлері, алуан түрлі тыл бөлімшелері, кішкене деревняға сыймай
кеткен. Сонау төрт-бес километр жердегі қанды қырғын ұрыстың тағдыры
өз қолдарында тұрғандай əрқайсысы салтанатты, байыпты түрге енген.
Панферов Карпов полкындағы қиын жағдайды өз көзімен көріп қайтып
еді. Алғы шеп сиреп барады.
Ол бұрыннан да орта түскен дивизияның бүгінгі ұрыста көп құлдырап
қалғанын сезді. Тек осы тылға, штабқа келгенде ғана дивизияның мұрты
шағылмаған сияқты көрінеді. Штатта көрсетілген барлық орын түп-түгел.
Егер тыл бөлімінен бір-екі адам кемісе, тез орнын толтыра қояды. Бұлар
жабдықтаушылар, қамтамасыз етушілер. Соғысушылардың саны екі-үш есе
азайса да оларға қызмет етушілердің саны өзгермейді.
Панферовтан үсті-үстіне көмек сұраған командирлерге берген жəрдемі:
– Бір солдат бере алмаймын. Бір қадам шегінбе! — деген сұсты əмір
болды.
Генералды штаб бастығы қарсы алды.
– Оң қанаттағы жағдай қалай? — деп сұрады Панферов, аттан түспей
жатып.
– Қиын, Купцианов қайта-қайта көмек сұрайды. Резервтегі жалғыз
батальонды сіздің рұқсатыңызсыз бере алмадым.
– Арыстановтың өзі не дейді?
– Онымен жаңа ғана байланысты. Жағдайымыз өте қиын деді. Бірақ
көмек бер деп еш нəрсе айтпады. Қазір сізді олармен жалғастырайыншы.
– Жоқ... Керегі болмас... Қазір өзім барып қайтам. Жұрт орнында ма
екен?
– Дұшпанның атакасы қатты. Көп танк жіберді. Бірақ əзір шегінген
бөлімдер жоқ, — деді штаб бастығы.
Панферов азырақ ойланып тұрды.
– Сен батальонды дайын ұста. Бірақ менсіз біреуге бір адам беруші
болма. Содан кейін... Осындағы тыл бөлімдерінен рота құра. Писарь,
ординарец, склад қызметкерлерін де қос. Өзіңнің ең мықты
көмекшілеріңнің бірін командир етіп тағайында. Олар да адам сияқты іс
істесін. Бір сағаттан кейін хабарласам... дайын боп тұрсын.
Панферов атқа ауыр мінді. Сүйегі ауырып, шаршап қалған екен. Атын
қозғай беріп, штаб бастығына қайрылды:
– Жаңа құратын батальоныңды мол қаруландыруды ұмытпа.
Генерал үнсіз, желе-жортып келеді. Ілгері жаққа қанша қараса да
ормандар мен қыраттардың ар жағындағы алғы шепті көре алмай, соғыс
дыбысына құлақ тігіп, көңілмен топшылап келеді. Атылған мылтық даусы
талып жетеді. Зеңбірек даусы бірде басылып, бірде үсті-үстіне үдеп
екпіндеп кетеді. Булыққан танк гүрілі естіледі. Осы болмашы, еміс
дыбыстардың өзінен-ақ генерал ұрыс қарқынының əлі бəсеңдемегенін
сезді. Кононада бітіп дұшпан тікелей атакаға шыққалы үш сағат болды.
Əдетте алғашқы атакадан кейін ұрыс саябыр тартушы еді. Бүгін сол
алғашқы атаканың лап еткен қызу қарқыны бəсеңдеудің орнына өршіп
барады. Карпов полкында жау үш жерден шепті үзіп өтті. Қап-қара болып
тотыққан, миы қаңғырып кеткен ызалы солдаттар атака жасаған дұшпанға
қарсы ұмтылады. Кейбір сондай айқастарда екі жағы да қырылып қалады.
Жусап жатқан адамдардың ішінен қолы қару ұстауға жарағандары атыса
береді.
Ең қиыны дұшпан танкісінің көптігі болды. Олар тылға да жиі етіп кете
берді. Кішігірім тыл бөлімдері, санитарлық пункттер орманға тығылды.
Бұл араның қарағай ормандары танк өте алмайтын зор қамал еді. Штабтар
танктерге қарсы айнала бекініс жасап алды. Тылға өткен жалғыз-жарым
танк ең алдымен артиллерия позициясын талқандауға ұмтылады.
Зеңбірекшілер төніп қалған танкты тура маңдайдан көздеп атады. Карпов
полкының екі зеңбірегін танк жаншып кетті.
Панферов жоғарғы ставканың барлық жоспарымен таныс емес-ті. Бірақ
ол алдында тұрған дұшпанды, өз дивизиясының жуырдағы міндетін ғана
біліп қойған жоқты. Жалпы, ұрыстың болашағын да сезетін.
Армия командашысының салмақты, сенімді сөзі, жоғарғы бастықтарға
жақын жүретін офицерлердің «бір мықты іс дайындалып жатыр,
уақытында көрерсің, қазір айтпаймын» дегендей мақтанышты, маңызды
кескіні, барлық алас-қапас қысылшаңға қарамастан жоғарғы жақтан
сезілетін ерекше бір салмақ Панферовқа өзі естіп білген мағлұматқа қоса
біраз жағдайларды ұқтырып еді. Өздері шегініп Москва түбіне келіп қалса
да, жау күшінің соншалықты салмағын анық сезсе де, Панферовтың
немістер Москваны ала алмайды деген сенімі қобалжыған жоқ. Ол өзінің
мол соғыс тəжірибесіне салып, ойлап-пішіп қорытса екі ойлы болып та
қалар еді. Оны істеген жоқ. Бүкіл əскердегі ортақ сенім оны да билеп
əкетті. Əскер мыңнан аса километр шегініп, кейде дүркірей қашып, кейде
қасарыса тістесіп, кейде қоршауға түсіп, қоршаудан шығып қашып келе
жатса да, жеңіске деген сенімін мəпелеп таза сақтап келеді. Қанша ашынса
да түңілмейді, қанша қажыса да діңкесі құрымайды, қанша сасса да есінен
танбайды.
Панферов Москва түбінде немістерге қарсы соққы дайындалып
жатқанын сезді. Бірақ осы. қиын кезде қосымша əскер бермей, майдандағы
шағын күшпен немістерді тоқтатуға əмір берілді. Жағдай өте қиын.
Тəжірибелі əскербасы Панферов қарсы шабуыл дегеннің не екенін жақсы
білетін. Шабуылға дайындалған əскерді жауды тоқтатуға жұмсап, күшті
шашыратып, азайтып алуға болмайды. Осы ащы шындық қабырғасына
қанша батса да көнбеске шарасы жоқ. Ол бүгін өз өміріндегі ең үлкен іс
атқаратынын ұқты.
Немістердің Москваға арналған соққысының ең мықтысы төртінші танк
группасы болатын. Сол группаның мықтап ұратын негізгі бағытының бірі
Москваға апаратын үлкен жол үстіндегі Панферов дивизиясы. Бүгін
таңертеңнен бастап дивизия неміс танктерімен алысып жатыр. Генерал
команда пунктында отырып ұрыстың барысын аңдады. Ондаған
километрге созылған ормандар мен қыраттарға, деревняларға тығылған
майдан шебі бұл арадан көрінбейді. Алысырақ естілген соғыс дүбірі мен əр
полктан түскен хабарлар ғана алғы шептегі жағдайды аңдатады. Уəделесіп
қойғандай бəрі бірдей көмек сұраған полк командирлерінің жау күшін
асырыңқырап айтатынын генерал білді. Бірақ та жағдайдың аса ауыр екені
анық. Əр полктың да қабырғасы қайысып бара жатқан сияқты.
Əрқайсысына көмек керек. Ондай күш қолда жоқ. Көреген басшылық
керек. Анау алғы шепте алысып жатқандары «бір қадам шегінбе!» деген
бір-ақ ауыз бұйрық бар. Оны жүздеген командирлер мен саяси
қызметкерлер қайталап айтып жатыр. Ал, полк командирлерінің бұйрығына
араласып, ісіне қыстырылуды Панферов орынсыз көретін. Бірақ қайткенде
де мынау ондаған километрге созылған қанды қырғын ұрыстың бар
жауапкершілігі Панферовтың мойнында. Miнe енді сол майданның
тамырын ұстап, тынысын байқап келеді. Дұшпан соққысының ең негізгі
бағыты қайсы? Жаудың алдамшы қимылы мен түп мақсатын қалай
айырмақ? Осыған жауап іздейді. Соған көзі жетіп барып бір əрекет істеуі
керек. Бірақ оған жау шыдата ма?
Полктың команда пункты дөңеске өрмелеп келіп тоқтаған орманның
шетінде екен. Қасынан жол өтеді. Жолмен алғы шепке қарай кетіп бара
жатқан арбаның алдынан бір шабарман жүгіріп шығып тоқтатты. Арбакеш
екеуі керісіп жатқан үстіне Панферов келді. Арбакеш те, шабарман да
генералды танып, шаңқылдасқан дауыс тез басылды.
– Немене боп жатыр? — деді Панферов атының басын тежеп.
– Майор Купцианов штабтың қасынан арба жүргізбе деп бұйырды, —
деді шабарман бастапқы екпінінен бəсеңсіп.— Дұшпан КП-ны байқап
қалады дейді.
Команда пунктында жиырма шақты адам болса да кісі көптігі
байқалмайды. Əрқайсысы өз істерімен əлек.
Үзілген кабельді қуалап байланысшылар жүгіріп барады. Жағы сенбей
қақсап телефонистер отыр. Екі-үш офицер картаға үңілген. Тек азғана
шабармандар ғана іссіз бұйрық тосып отыр. КП-да Мұрат жоқ екен.
Панферовты Купцианов қарсы алды. Жағы солып, көзі кіртиіп жүдеп
қалған Купциановта бұрынғы кербездік қалмапты. Шаң-шаң болып
умаждалып сиқы қашқан шинелі, мыжырайған құлақшыны оның əбден
сұрын алып тұр.
Əйтсе де комдив келгенде бойын жинап, бұрынғы мақамына салып
нақыштап сөйлеп рапорт берді.
– Жағдай өте ауыр. Жау күші он есе артық. Көмек жібермесеңіз шепті
ұстап тұру мүмкін емес. Осы кезде телефонист:
– Жолдас майор, сізді үшінші батальон командирі шақырады, — деп
айқайлады.
– Көмек берер халім жоқ, шыда!.. Шыда! — деп айқайлайды Купцианов
трубкаға, көз қиығымен генералға да қарап қойды. — Қайтсең де шыда.
Тоқтат! Танктерге қарсы менің де берер жəрдемім жоқ. Бір қадам шегінбе!
Панферов алдыңғы жаққа көз жіберді. Селдір ағаштың ар жағынан
бұрқылдап түтін шығады. Гүрілдеген танк даусы естілгендей болды. Бірақ
танк көрінбейді. Жарылған снаряд гүрсілі жиілей түсті. Панферов көзіне
дүрбісін тосты. Селдір ағаштан оңға таман ашық жердей үш-төрт жүз
метрдей майдан шебі көрінді. Окоп көрінбейді. Қуқыл қар үстіне қара ала
болып түскен снаряд ізінен алғы шепті топшылады. Тағы да сол жерге
снаряд жиілеп түсіп жатыр. Төмпештеген снаряд астында сұлық жатқан
окоптарда қансырап азайып қалған жауынгерлер тағы да немістердің
атакасын күтіп отыр. Жау дивизияның жанды тірі күшін кеміріп барады.
Осыны көріп Панферов өз қабырғасын кеміргендей қиналады.
Купцианов трубканы тастай беріп, Панферовтың қасына келді.
– Үшінші батальон көмек сұрайды, — деді ол, өз сөзіне дəлел тапқандай
тіпті бір түрлі масаттанып. — Енді бір атака болса олар шыдай алмайды.
Менің оларға көмекке жіберер бір солдатым жоқ.
– Естідім, — деді Панферов ұнатпаған пішін көрсетіп. – Шыдайды.
Немістер осы арадан қадам ілгері баса алмайды.
– Мен оны түсінем. Шегінбе деген бұйрық бердім. Əлі же соны
қайталаймын. Бірақ мен əскери адам болғандықтан да көзім жеткен нəрсені
айтуға тиіспін.— Панферовтың жалт еткен көзқарасынан «мен сонда етікші
ме екем», – деген кейісті танып, Купцианов аз тосырқап қалды. Бірақ
ашынып бастаған сөзін тоқтатпай, ойын айта берді. – Егер үлкен көмек
келмесе, біз шепті ұстап тұра алмаймыз. Қазір полктың сілімтігі ғана
қалды. Неміс шабуылы үдеп барады.
– Сен осы не айтып тұрғаныңа сенесің бе? — деді Панферов
Купциановқа таңырқай қарап.
Купциановтың жапырылып қалған түгі тікірейіп, бір түрлі салтанатты
қалыпқа енді.
– Мен бір қадам шегінбей, осы арада өлімді қабылдауға əзірмін. Бірақ
біз жауды ұстап тұра алмаймыз.
– Сіздің əсем өліміңіздің ешкімге керегі жоқ, — деді Панферов
Купциановқа сыздана қарап. — Бірақ немістерді өткізбейміз. Тоқтатамыз.
Арыстанов қайда?— деді генерал, енді Купциановты ұмытып кеткендей
теріс айнала беріп.
Мұрат та Панферовтың халінде еді. Тек айырмасы Мұрат отқа бір табан
жақындау да жəне бұл сияқты ауыр соғыста полкқа бірінші рет команда
беруі. Ол қанша ақылға салып қорытса да батальондардан түскен хабарға
қарап полктың халін көз алдына анық елестете алмады. Ол батальон
командирі болып жүргенде ұрысқа жақын жерден айқастың барлық
аумағын көріп, бар салмақты денесімен сезгендей болатын. Сондықтан да
тез əмір етіп, қажет жерге қолма-қол араласатын. Бүгін сол ұрыс тамырын
ұстап отыратын үйреншікті орнынан айрылып қалғандай елегзи берді.
Ұрыстың ыстық лебін сезіп, қолма-қол қызу араласып үйренген адам,
қанша толғанып-ақ əмір берсе де бір олқысы бардай көңілі толмады.
Сондықтан да ол батальондарға жиі барды.
Орта бойлы, жуантық келген Қонысбаев, Мұрат келгенде қарлыққан
жуан даусымен трубкадан айқайлап жатыр екен.
– Бəрін көріп отырмын. Фильчагиннің халі сенен де жаман. Шыда! —
дейді, бір командирге, жуан жұдырығымен окоптың ернеуін ұрып қойып.
— Бұрын бұдан сорақысына да шыдағансың. — Ол трубканы тастай беріп
окоптың сыртында тұрған Мұратқа бұрылды.
– Төмен түсіңіз. Бұл жерді жиі атқылайды.
Оның сөзін құптағандай «чшшу-цссзу» деген қаңғыма оқтардың даусы
естілді. Мұрат асықпай бір қолымен ернеуін таянып окоптың ішіне түсті.
– Халің қалай?
– Халдің несін сұрайсың. Кеудеде жан болғасын тырбанып жатырмыз.
Беретін көмегін бар ма?
Мұрат үндемей басып шайқады. Қонысбаевтың бұрыппын да ісік қабағы
томпайып, көз орнында құйрығы қайқиған қос сызық қана қалыпты. Өңі де
айғыздалып, сауыстана қарауытып, бет терісі қалыңдай түскен. Бүкіл
мығым тұлғасын енжарлық жайлап алғандай сөзі де, қимылы да шабан.
– Сендердің айтатындарың сол ғой, — деді Қонысбаев Мұратқа. —
Қайтеміз, шыдағанша шыдармыз. Немістер де темір емес қой, қажыр.
Осы кезде команда пунктының үстіне миналар жауып кетті. Қонысбаев
немістердің жеті атасынан бір жіберіп алып, жүрелеп отырды. Атыс басыла
бергенде қайтадан көтерілді.
– Немістер біліп алған ба?! Тыныштық бермейді. Жаңа ординарецімді
өлтірді,— деді ол.
– Ендеше неге команда пунктыңды алмастырмайсың?— деді Мұрат.
– Қайдан сол шошаңдап жүгіріп жүрем. Бəрібір емес пе. Осы арадан тек
екінші ротаның шебі жөнді көрінбейді. Анау ағаштың ар жағында олар.
Командирі де көмек сұрап мазамды кетірді. — Қонысбаев аз мүдіріп,
Мұраттың бетіне қарады. — Сонымен көмек бермейсің бе?
Мұрат өзінің орнын басқан Волошиннің батальонына келгенде оның көз
алдында Қонысбаевтың ауыр халі жеңіл тартып сала берді. Онда
батальонның КП-на алғы шептегі қызу ұрыстың шарпуы ғана жетсе, мұнда
батальон штабының өзі ұйтқыған жалын ішінде екен. Батальон шебін
атакалаған қырыққа жуық танктың алды штабқа жете жығылыпты. Жанып
болып селдір бу-түтіні оқтын-оқтын лоқсып КП қасында свастикалы танк
тұр. Оның алдында шалқасынан түсіп созылып өлі жауынгер жатыр.
Волошиннің өзі басын таңып алыпты. Шегінген бірінші ротаны тоқтатып,
жаңа ғана келген екен. Бетіндегі қанды да жөндеп сүрте алмапты.
– Сволочьтар танкімен қысып барады. Есімді тандырып жіберді, — деді
Волошин, отыра беріп.
– Алғы шепке оқ-дəрі жеткізіп тұрсың ба? — деп сұрады Мұрат қатал
үнмен.
– Соған тіпті мұрша берер емес.
– Шынында да есіңді тандырған екен, — деді Мұрат. — Далақтап өзің
жүгіре бергенмен түк бітірмейсің.
Барлық роталарға оқ-дəрі жеткізуге əмір ет. Солдаттар артында біреу
барын, көмек барын сезсін. Барлық роталармен байланысың бар ма?
Мұрат тұр деп айтпаса да оның қатқыл, өктем үні қалжыраған
Волошинді тік тұрғызды.
– Үшінші ротамен қатынас үзілді. Анау разъезд түбінде тіпті сұмдық.
Мұрат аз ойланып қалды.
– Aha... Немістер шоссеге шықпақ екен ғой. Ротамен жалғасу керек.
Бірақ... Не тұрыс бар. Жүр, өзіміз барып білейік.
Қозғала берген Мұратты Волошин тоқтатты.
– Мен өзім-ақ барайын... Ол жақ өте қауіпті.
– Оқасы жоқ. Ол жерде үлкенірек əрекетке бел байлау керек болар.
Волошин алғы шепке оқ-дəрі жеткізуге əмір етіп, қасына үш жауынгер
ертті. «Сегодня нам не чикаться» деп жұрттың бəрін танкке қарсы
гранаталармен қаруландырды.
Разъездің сыртындағы қалың қарағай орманның шетіне шыға бере бұлар
ошарылып тұрып қалды. Əрқайсысын аяқ астынан жалынмен шарпып
өткендей төбе құйқалары шымырлап қоя берді. Кейбіреулер шошынып бірекі адам шегініп те қалды. Алдарында будақтаған қара түтін ішінде он
шақты танк асыр салып жүр. Зіркілдеп, өкіріп, жерді таптайды. Жер
астында өші кеткендей тұмсықтарымен жер сүзіп, долдана ұйлығады.
Өздері де жалын шашып будақтаған түтін ішіне сүңгіп шығады.
Алғашқыда алай-дүлей көк түтін, еркін ойқастаған танктер ғана көрініп еді
де, орман шетіндегілер өздерін оттың нағыз өтіне жалаңаш шығып
тұрғандай түйсініп еді. Мұрат енді байқады. Танктер шынжырлап
қойғандай бұлқынып окоп үстінен кете алмай жүр екен. Ана қара қошқыл
түтін — өртенген танктер. Қарайған танктердің де қайсы бірі қимылсыз,
жансыз тұр. Бұрқ-бұрқ жарылған гранаттар да көрінді. Бір көл қолды
майысқан та ширақ дене жерге сүңгіп үстіндегі қара темірмен алысып
жатқан сияқты. Көп қолымен əр танктың табанына жармасып, жібермей
шыр айналдырып жойқын күшті торға түскен шыбындай дəрменсіз еткей.
– Бұл кімнің взводы?
– Бұл жер үшінші ротаның бекінісі, — деді Волошин анық айта алмай.
Мұрат қирап жатқан разъезд үйін көрді. Бұдан екі күн бұрын əн салған
кеш көз алдында жалт етті.
– Қайсаров... Ержан...— деді ол күбірлеп. — Бұлар көпке шыдай алар ма
екен... Бір əрекет жасау керек.
– Тағы біреуі занды! Занды, сволыс! — деп айқайлады Маштай.
Мұрат жалын аралас будақтап бара жатқан дара қошқыл түтінді көрді.
Бұлар қайта бұрыла бергенде Панферовқа жолықты. Ол алдыңғы
жақтағы ұрысқа қадала қарап ақырын аяңдап келеді екен. Атының басын
тежеп, Мұраттарға бас изегендей белгі етті.
– Анда адамдар əлі соғысып жатыр... — деді ол күбірлеп. — Танктер
жанып жатыр... Горят же танки!.. Жгут их!.. — деп, кенет тістеніп дауыстап
жіберді.
Таңертеңнен бері мазалаған ойының шешімін тауып іштей берік
байламға келді.
– Неміс шабуылының темір тұмсығы дəл осы арада. Осы арадан біз
оларды лақтырып тастаймыз,— деді Панферов Мұратқа бұрылып.
– Қазір біз қарсы шабуыл жасай аламыз ба?— Мұрат шəктеніп қалды.
– Жоқ... Қарсы шабуыл біздің ісіміз емес... Бірақ қарсы атака жасап,
шегеріп тастауға міндеттіміз.
– Егерде... Шабуыл жасай қалсақ жаудың осал жерін іздеу керек қой.
– Жоқ... Аналар өз ерлігімен бізге осы міндетті артып, отыр... Дəл осы
арадан... Жаудың тұмсығынан ұрамыз.
Аналар бізге сол тұмсықты сындырып берді. Кəне, капитан, КП-қа жүр.
Мені штабдивпен жалғастыр.
10
Он бес-жиырма минут қана лапылдаған қызу айқасқа он бес жылға
жетерлік қайрат, ыза, қажыр жұмсалды. Қатар түзеп, қаһар төгіп келген он
танктен жұлынған торғайдай болып төртеуі-ақ қайтты. Келердегі тəртіп те,
маңғаздық та жоқ шашырай шұбатылып барады.
Талмаусырап, қаусап қалған жеңімпаздардың да қуануға мұршасы жоқ.
Қап-қара болып түтігіп кеткен жауынгерлер ындыны кеуіп сауырларындағы
құтыларын қармайды. Кезеріп жарылып кеткен ерінге тіл желімдей
жабысады. Тамсанғанда тіске тиіп қиыршық шықырлайды. Миды
солқылдатқан көк темірдің зіркілі құлақта əлі тұр. Кейде бас айналып, көз
қарауытып кетеді.
Ержан екі шекесін қос қолдап қатты қысты. Құлақтағы зіркілдеген шу
басылғандай болды. Құтысынан су ішті. Азғантай су шөлін қоздырып
жіберді. Бүкіл денесі езіліп, шаршап қалыпты. Шалқасынан түсіп
қозғалмай жатқысы келді. Тұла бойын жайлап алған қорғасындай
ауырлықты əрең көтеріп орнынан тұрды. Взводтан не қалып, не қойғанын
білу керек.
Бензин мен қақтаған темір исі аңқыған өртенген танктердің селдір бутүтіні окоп үстін шарпып өтеді. Қоюланып келіп жерге төселіп, көтеріле
беріп қайта сейіледі. Бірі шоңқайып, бірі ауыр жамбастап жан-жаққа бет
бұрып теңкиіп қираған танктер тұр. Өртенген танктердің қап-қара қаңқасы
ғана қалған. Қайбіреулерінен əлі де түтін будақтайды. Өртенбей табаны
сөгілген бір танк сəл шегіне түсіп енді-енді алға қарай ытқып кететін
сияқты.
Соғыс даласының əлі де қызуы басылмаған, бусанып тұр. Төгілген
ыстық қан бу болып көкке ұшқандай, кейде ауадан жылымшы қан исі де
келіп кетеді. Окоп сыртында да сірескен өліктер жатыр. Жаңа ғана бірге
қимылдап, бірге тыныстап жүрген жолдастар — мəңгі қоштасты. Осы
взводқа ұйтқы болып, елден ерек қажыр көрсеткен Кусков енді жоқ. ЬІстық
жүрек, дамылсыз қайрат сөніп, суық дене шалқасынан жатыр. Басынан
құлақшыны ұшып кетіпті. Жақсы мінезді, еңгезердей икемсіз Дəурен де
жоқ. Жырынды болып қалған, қисық тартатын қыңыр Добрушкин...
Бұлардың бəрі Ержанға етене болып кеткен адамдар еді. Бауыр етін
бөлшектеп кесіп алып жатқандай көрінді. Кейбір сəтте өзінің де тірі екеніне
сенбей қалады.
Ержан шошып кетіп қалт кейін шегінді. Окоп ішінде топырақ астынан
қолы мен шинелінің шалғайы шығып жатқан өлікті басып кете жаздапты.
Ол азғана секунд есеңгіреп қалшиып тұрды да, тез еңкейіп қолымен
топырақты қазып, өліктің басын көтеріп алды. Топырақ астынан құп-қу
You have read 1 text from Kazakh literature.
Next - Қаһарлы күндер - 26
  • Parts
  • Қаһарлы күндер - 01
    Total number of words is 4074
    Total number of unique words is 2218
    37.9 of words are in the 2000 most common words
    54.8 of words are in the 5000 most common words
    62.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 02
    Total number of words is 4139
    Total number of unique words is 2198
    37.4 of words are in the 2000 most common words
    52.6 of words are in the 5000 most common words
    60.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 03
    Total number of words is 4119
    Total number of unique words is 2250
    36.7 of words are in the 2000 most common words
    52.7 of words are in the 5000 most common words
    60.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 04
    Total number of words is 4090
    Total number of unique words is 2251
    35.9 of words are in the 2000 most common words
    50.4 of words are in the 5000 most common words
    57.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 05
    Total number of words is 4173
    Total number of unique words is 2089
    37.7 of words are in the 2000 most common words
    53.9 of words are in the 5000 most common words
    61.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 06
    Total number of words is 4102
    Total number of unique words is 2204
    35.4 of words are in the 2000 most common words
    51.8 of words are in the 5000 most common words
    59.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 07
    Total number of words is 4014
    Total number of unique words is 2319
    33.0 of words are in the 2000 most common words
    48.2 of words are in the 5000 most common words
    55.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 08
    Total number of words is 4065
    Total number of unique words is 2283
    32.5 of words are in the 2000 most common words
    47.1 of words are in the 5000 most common words
    54.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 09
    Total number of words is 4074
    Total number of unique words is 2163
    34.8 of words are in the 2000 most common words
    49.5 of words are in the 5000 most common words
    57.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 10
    Total number of words is 3971
    Total number of unique words is 2186
    35.4 of words are in the 2000 most common words
    50.7 of words are in the 5000 most common words
    58.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 11
    Total number of words is 3935
    Total number of unique words is 2117
    35.9 of words are in the 2000 most common words
    50.6 of words are in the 5000 most common words
    57.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 12
    Total number of words is 4031
    Total number of unique words is 2296
    35.3 of words are in the 2000 most common words
    49.9 of words are in the 5000 most common words
    58.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 13
    Total number of words is 4051
    Total number of unique words is 2113
    36.5 of words are in the 2000 most common words
    52.5 of words are in the 5000 most common words
    61.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 14
    Total number of words is 3896
    Total number of unique words is 2104
    36.1 of words are in the 2000 most common words
    50.9 of words are in the 5000 most common words
    58.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 15
    Total number of words is 4041
    Total number of unique words is 2139
    36.3 of words are in the 2000 most common words
    51.3 of words are in the 5000 most common words
    60.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 16
    Total number of words is 4030
    Total number of unique words is 2157
    35.3 of words are in the 2000 most common words
    51.7 of words are in the 5000 most common words
    59.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 17
    Total number of words is 3971
    Total number of unique words is 2156
    36.4 of words are in the 2000 most common words
    51.4 of words are in the 5000 most common words
    59.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 18
    Total number of words is 3896
    Total number of unique words is 2160
    34.7 of words are in the 2000 most common words
    49.3 of words are in the 5000 most common words
    57.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 19
    Total number of words is 4009
    Total number of unique words is 2076
    36.0 of words are in the 2000 most common words
    52.3 of words are in the 5000 most common words
    60.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 20
    Total number of words is 4092
    Total number of unique words is 2141
    32.4 of words are in the 2000 most common words
    45.8 of words are in the 5000 most common words
    54.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 21
    Total number of words is 3977
    Total number of unique words is 2150
    36.1 of words are in the 2000 most common words
    51.0 of words are in the 5000 most common words
    59.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 22
    Total number of words is 4107
    Total number of unique words is 2182
    36.3 of words are in the 2000 most common words
    51.5 of words are in the 5000 most common words
    59.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 23
    Total number of words is 4067
    Total number of unique words is 2204
    36.8 of words are in the 2000 most common words
    51.5 of words are in the 5000 most common words
    59.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 24
    Total number of words is 4086
    Total number of unique words is 2165
    35.5 of words are in the 2000 most common words
    50.5 of words are in the 5000 most common words
    58.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 25
    Total number of words is 4077
    Total number of unique words is 2115
    33.4 of words are in the 2000 most common words
    47.9 of words are in the 5000 most common words
    56.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 26
    Total number of words is 3778
    Total number of unique words is 1884
    37.3 of words are in the 2000 most common words
    51.9 of words are in the 5000 most common words
    60.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.