Latin Common Turkic

Қаһарлы күндер - 01

Total number of words is 4074
Total number of unique words is 2218
37.9 of words are in the 2000 most common words
54.8 of words are in the 5000 most common words
62.3 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
Роман
Елестеп өтті алдымнан
Жаралы жылдар бейнесі.
Қасым.
БІРІНШІ ТАРАУ
1
Ұзыннан-ұзақ қызыл вагон тіркеген эшелон қозғала берді. Шығарып
салуға жиылған қалың топ жапырылып поезға ере жүгіріп, манадан бері
айтып тауыса алмаған сəлем сөздерін айқайлап, қол бұлғайды. Қызыл
вагонның кең есігінен көлденең тіреген тақтайға сүйеніп, біріне-бірі
асылып, үймелесіп тұрған солдаттар да қол бұлғап, айқайлап барады.
Жамыраған қалың шудың арасынан жылаған ащы дауыстар да естіледі.
«Енді ажыраңдар, бəріңнің атыңнан мен қош айтам» дегендей паровоз
шұбалта созып, ұзақ шырқап айқайлады да, жауынгерлерді жақындарының
ыстық құшағынан суырып əкете берді. Осы бір ащы айқай манадан бері қол
ұстасып, құшақтасып, сүйісіп, екі-үш айдан кейін қайта жалғасқан екі
жақтың арасын қақ бөліп, терең бір сызық тартып өтті. Енді олардың бірі
алысқа аттанған, қауіп-қатердің адамдары да, екіншілері солардың тілегін
тілейтін, артта қалған ел-жұрты.
Есік алдында, вагонның биік кішкене терезелерінде жауынгер бастары
сығылысып тұр. Сары будка жылт етіп кейін қалды. Енді станцияның ең
шетіндегі терең жыралардың кемерін өрлей, кішкене төбешіктерге өрмелей
тырмысқан кіп-кішкене ақ үйлер шыға келді. Сыртта жүрген жалғызжарым əйелдер, балалар аңқиып тұра қалып поезға қол бұлғайды. Одан əрі
көк торғын биік ағаштың арасына бұғып бой көрсетпей, шашырай кең
жайылған жатаған, аласа қала жатыр. Сол қала ақырын алыстаған сайын
əркімге, тіпті бұрын онда тұрмаған адамдарға да ыстық тартып барады.
Взвод командирі Ержанға жауынгерлері ығысып есік алдындағы ең бір
таңдаулы орынды беріп еді. Енді оны да қысып тастады. Біреудің шынтағы
бүйірін тесіп барады, еңгезердей ұзын біреу, Добрушкин болар иығына
асылған. Сонда да ол ешнəрсені сезер емес, артта қалып бара жатқан
қалаға, одан əрі Алатауға қарайды. Жиырмадан жаңа ғана асқан жігіттің
бойын билеген алғашқы рет алыс, үлкен сапарға аттанардағы салтанатты,
қызу сезімнің орнын қоштасардағы қимастық басты. Жаңа поезд қозғалар
кезде де барлық көз тек өзіңе ғана қадалып, жұрттың бəрі жауға аттанып
бара жатқан жас батырға қошеметтей, сүйсіне қарап тұрғандай көрініп еді.
Сондықтан да көптің өзіңе түсерліктей ыңғайлы жерде тұрып өзің
көтеріңкі, байсалды ұстаған. Енді қазір командирді сыйлауды ұмытып,
артылып алған солдатты да сезер емес.
Алатаудың қарағай орманды көп жықпылдарында ұйып тұрған көкшіл
мұнар сұйылып, күлгін тарта бастады. Кешкі күннің қиғаш сəулесі тау
жоталарын қызғылт-сарғыш ерекше бір нəзік нұрға малған. Асқар
шыңдардағы аппақ қардың да реңі жұқарып, өңіне тепсінгендей сəл ғана
қызғылт тартқан. Оңтүстіктің осы бір нəзік шырайы Ержанның көңілін
жұмсартты. Ол соңғы екі-үш айдың ішіндегі сонау сұлу табиғаттың
қойнында ащы терге малынған ауыр азабын ұмытты. Енді аса жылы рақат
мекені, анадай ыстық сағыныш мекені жаудырап артта қалып барады.
Əнекей бəрі таныс. Анау үшкір сүйір асқардың бауырында өрмелеген əне
бір жалаңаш төбеге Ержан шығып та көрген. О да едəуір биік еді. Оңға
таман көк орманы тау қойнауына сыналай кіріп Ақсай жатыр. Сол маңда
бұлар талай окоп қазып, талай таңды көзімен атырған.
– Бұрылдайды қара! – деп дауыстады біреу Ержанның ту сыртынан.
Жұрттың бəрінің көзі таудан бергі жазық даланың ортасында жалғыз
тұрған үлкен, биік, қоңыр төбеге түсті. Əрқайсысы ескі танысын көргендей
өңі жылып, жымия қарады.
– Нақ өзі ғой.
– Тұр екен ғой сабазың!
– Тұрмағанда қайда кетуші еді!
– Майданға ала кетейін дегенім де.
Осы төбенің бауырынан солдаттар талай окоп қазған-ды. Штурм жасап
оның басына шығатын. Биік төбе жеткізбей жұртты əбден титықтататын.
Анау баурайында талай ащы тер сығылған. Енді ренжіссе қиыспайтын
ағайындай соның өзі жылы ұшырады.
Солдаттар кейде жамырай, жарыса сөйлеп кетеді де, оқыс басылады.
Көздері мөлдіреп қалып бара жатқан көрініске үнсіз қарайды. Бұл ішкі
ыстық толқынның белгісі.
Аздан кейін есік алдында сығылысқан жауынгерлер тағы да сөйлесіп
кетті:
– Қала көрінбей қалды.
– Енді қайтып көреміз бе, жоқ па? – Біреу ауыр күрсініп те қойды.
Ержан бұл сөзді ұнатпай қалды. Командир есебінде кейіп тастауға тиіс
еді. Бірақ өзінің көңілінің алыс түкпірінде осы бір күдік жатыр екен. Тек оң
жағына бұрылып осы сөзді айтқан Бондаренко деген егде жауынгерге
жақтырмай түйіле қарады. Бұл ылғи кішкене көзінің құйрығында
украиндық бір қуақы ұшқын жылтылдап, езуінде күлкі тепсініп, кісіге сəл
қағыта қарайтын адам еді. Командир кейігенде де осы қалпынан кəп
аумайтын. Қазіргі ажары басқаша екен. Қара торы өңі жұқарып, сəл
қызғылт тартып, Ержанға байсалды қарады.
– Түсінем, жолдас лейтенант. Жəй, сөз реті келгенсін айтқаным ғой.
– Біздің Ваня ағай, үйден шықпай жатып-ақ иманын айта бастады ма,
батырың, – деді Ержанның дəл құлақ түбінен дауыстап Добрушкин дейтін
сержант.
– Жə, менің өлем деген ойымда жоқ, – деп қарсыласты Бондаренко.–
Бірақ отын кесуге бара жатқан жоқпыз. Қайтсең де туған жерді қия
алмайды екенсің.– Ол сəл іркілді де сөзінің аяғын Добрушкинге апарып
тигізді. – Əрине тұрақты, байсалды адамдарға дегенім ғой. Болмаса
көшпелі шегірткеге бəрібір шығар.
– Жə, уайымдама, – деді Добрушкин. – Қатынының етегінен айрылып
көрмегендер жер көріп, көзі ашылып қайтатын болды.
Кейбіреулер күліп жіберді. Бірақ олар да тыйылып, əркім өзінің көңіл
түкпіріндегі ойға берілді. Кісі өз өмірінің аса бір қысылшаң кезеңінде
қайдағы бір болмашы, жеңіл-желпі нəрселерді сөз етеді; ең негізгі, түпкі
сыры тіл ұшында ілініп көңіл тереңіндегі ішкі арнамен аға береді. Қазірде
əрқайсысы туған жермен өзінше қоштасып, өз өмірлеріндегі ең ауыр
сапарға бара жатқанда барынша толғанса да көбіне ұсақ-түйекті сөз етіп,
əзілдесіп келеді.
– Күліп-ойнап аттандық, күліп-ойнап қауыштырғын, – деп түйді жұрт
сөзінің аяғын Қартбай дейтін тікірейген сирек мұртты, кең жауырынды,
мығым денелі жауынгер.
Солдаттар қосылып əн салды. Қарлыққан қатыңқы дауыстардың басы
əрең қосылса да ешкім елер емес. Бəрін бір үлкен сезім, ерекше көңіл күйі
тұтастырып, əркім іште жатқанын тербейді.
Есік алдында ұзақ тұрғаннан кейін жұрт орындарына тарады. Арқа
қапшықтарының аузын шешіп үй-іші, жақын-жарандары əкелген
сəлемдемелерге кірісті. Ержан жалғыз өзі есік алдында тұрып қалды. Əлі
қалмай поезбен жарысып келе жатқан асқар тау жоталарына қарайды.
Қасына Кəкібай дейтін жауынгер келді. Оның бұрынғы мамандығы
тракторист. Өзінің тұлғасы да қапсағай, ірі келген. Бірақ өңінде бір өткір,
нəзік сипат бар. Үлкен жалпақ бетті болғанымен өңі жұқа, лезде қуарып, не
қан тепсініп шыға келеді. Өзі əдемі қоңыр дауысты əнші.
– Анау Талғардың шоқысын көріп тұрсыз ба? – деді Кəкібай қолымен
нұсқап.
– Тамаша емес пе!
– Аһа.
– Мен өзім Талғар МТС-нда істедім ғой... Осылардың ең биігі Талғар
шоқысы. Əне бір сүйір тау, біз қалада жүргенде Талғардың бер жағында
тұра қалып «мен биікпін» деуші еді, көрдіңіз бе, енді алыстаған сайын
Талғардың шоқысының асып бара жатқанын.
Ержан Талғарға енді ғана көз салды . Аспанға қарай шошаң еткен сүйір
шоқының ар жағынан Талғардың қомақты үш өркеші ақырын ғана ауыр
көтеріліп, биіктеп барады екен. Анау шоқы аяғының ұшынан басып,
аспанға қарай мойын созғанда, Талғар бар ауыр тұлғасымен тұтас
көтерілген сияқты. Ержан мырс етіп күліп жіберді.
– Ай, рас екен!
Кəкібай ой толқынына беріліп, аз мүдірді де, əр сөз көмейінен сызаттап
əрең шыққандай ақырын сөйлеп кетті.
– Өмірде де сондай болады екен. Осыны көргенде есіме түсті.
– Иə қандай болады екен? – деді Ержан іркіліп қалған Кəкібайға.
– Осындай кезде кісінің өткен-кеткені еске түседі екен, – Кəкібайдың
дауысындағы дірілден, үзіліп шыққан ыстық демінен Ержан оның жүзіне
тура қарауға дəт бармай, бұрылмай алға қарап тұрып тыңдады. – Мен бал
кезімде жетімдіктің зарын біраз тарттым. Сіз жетім болып көрмеген
шығарсыз. Ең жаманы аштық-жалаңаштық емес. Оған төзе бересің. Нағыз
ауыр тиетіні өзге балалардан кем болғаның. Бала көңілі намысшыл болады
екен. Детдомға кіргесін ғана ел қатарына қосылдым. Бірақ, жасым
ересектеу болды да, алтыншы кластан оқуды тастап тракторист болдым.
Осыдан кейін менің хəлім тіпті өзгеріп кетті. Басында жұмысты тəуір
істесем керек – мені бірден көтеріп əкетті. Таптық жағым да мықты
болатын. Детдомовец. Кедей-батырақ. Қу жетім. Екпінді болдым.
Paйкомолдың бюро мүшесі болдым. Трактористердің бригадирі болдым.
Алдыңғы жылы ауылшаруашылық көрмесіне Мəскеуге де барып қайттым.
Қысқасы, ауданда трактордың құлағын ұстағандардан менен артығы болған
жоқ. Тілге шорқақтау едім, сөз сөйлеуге де үйретіп алды. Жиналыс болса
президиум дегенің менің орным. Кейде кешігіп қалсам да, столдың басына
қарай аяңдай беретін болдым. Құдай бергенге құлай береді екен.
– Егер жұмысты жақсы істеп, абыройлы болсаң несі жаман? – деді
Ержан Кəкібайдың түпкі ойына түсін алмай.
– Əрине ол жаман емес қой. «Ой, тəйір-ай облысыңның өзінде менен
асқан адам жоқ екен ғой» деп жүргенімде, осы өткен жылы көзім ашылды.
– Кəкібай ыңғайсызданып мырс етті. – Көктем егісін мерзімінен екі күн
кеш орындадым. Кейбір бригадалардың менен озып кеткенін естіп те
жүрдім. Арландым да, ұялдым да. Бірақ қайтейін мықтап тұрып сөгіс
естуге ауданға келсем... Озаттардың ішінде болып шықтым. Ойланыпойланып, бір жаңсақтық кеткен шығар деп бастығымызға барып шынымды
айттым. Кейиді екен десем... «Бір жыл ешнəрсе етпес, үйренген орныңда
жүре бер» деп қарап тұр маған. «Тəйір-ау, ұят емес пе?» дедім. «Сен
ауданның бетке ұстар адамының бірісің. Сені жаманатқа қалдыруға
болмайды. Біле білсең бұл саясат» деді маған.
– Иə, содан, – деді ынтыға тыңдап тұрған Ержан.
– Үндемедім. Үйренген орнымда жүре бердім. Бірақ баяғы көңілім
болмады. Енді жан-жақтағының бəрін көретін болдым. Соқыр көргенінен
жазбас дегендей, соқыр басшылар мені қауқитып бетке ұстап жүргенде,
ақырын жүріп, мығым басқан талайлар менен озып кетіпті. Соны білдім, –
Кəкібай аз уақыт үндемей саусағымен тақтайды шертіп тұрды. – Содан бері
қайратымды мүжіп, ішқұса қылған бір сыр еді. Бүгін аузымнан шығып тұр.
Марияшқа да айтқан жоқ едім.
Ымырт үйіріліп қалды. Вагон ішінен əр жерден май шам жағылды.
Ержан мен Кəкібай бір-бірінің жүздерін енді анық көре алмады. Екеуі де
кешкі самалға кеуделерін тосып, қараңғыға сүңгіп бара жатқандай далаға,
алыста əр жерден көрінген шоғыр-шоғыр оттарға, тау силуэтіне қарайды.
Кəкібай Ержан үндемегесін бір түрлі ыңғайсызданып «я-а» деп күрсінді де
өз орнына кетті.
Ержан Кəкібай əңгімесін шын ықыласымен тыңдады. Оның жағдайын,
ұрлық қылғандай қуысты халін түсінді. Бірақ өз басында ондай ешнəрсе
болып көрген жоқ еді. Өмірінде оны қатты ойландыратын нəрсе əзір
кездескен жоқ жəне ондайдың боларын бұл əлі білмейді. Оның алды ашық,
болашағы айқын.
Ержан өмірі деген немене? Анкет толтырғанда өмірбаяны жарты бетке
жетпей қалады. «он жылдық мектеп бітірдім, əскерге алындым. Училище
бітірдім. Осы дивизияға қызметке келдім». Сирегірек жазып созғанда,
əкесінің тегі мен кəсібін қосқанда жарты бетке əрең жетеді. Қалған көп
беттерді толтыратын өмір алда жатыр. Оның ойы көбіне солай қарай
жүгіреді. Оны да біраз жерге дейін өлшеп, біліп қойған түрі бар. Бұл
училищені отлично бітірген. Қазіргі абыройы жаман емес. Ертең соғысқа
кіргесін рота командирі болып кетсе. Содан кейін бес-алты айда батальон
командирі болмайтын несі бар? Оның ар жағында полк та қашық емес.
Ерекше бір артылып көзге түссе... дивизия... Мүмкін тіпті армия. Бірақ
соңғысы биіктеу. Дегенмен... Ержанның бір жерден оқығаны бар. Аркадий
Гайдар он алты жасында полк командирі болған. Атақты Щорс жиырма
төртінде қаза тапты. Сонда 22-23 жасында үлкен əскерді басқарған ғой.
Ержан осылай ойлайтын. Бірақ бұл ойдың өзінен бұрын да талай жас
командирлерді еліктіргенін жəне кейін де еліктіре берерін білмейтін. Ержан
əлі соғысты жанды түрде көз алдына толық елестене алған емес.
Дұрысырақ айтқанда оның бар ауыртпалығын, қауіп-қатерін байыптай
алмаған-ды. Өлем деген ой оны қорқытқан жоқ. Соғыстың қиын нəрсе
екенін сезеді, бірақ сол қиындықтың өзі мұны еліктіретін. Тек бүгін аттанар
кезде ғана бір əйелдің ышқына жылаған ащы дауысын естігенде соғыстың
ызғарлы лебі денесін мұздатып, шарпып өтті.
Жаңағы Кəкібай сөзі тағы да есіне түсті. «Оның жолынан менің жолым
бөлек. Егер мен жоғарылай қалсам да адал жолмен көтерілем ғой. Бірақ
оның да өз басы арамдық істемеген ғой. Сонша неге қиналады?» деп
ойлады Ержан. «Марияшқа да айтқан жоқ едім...» Марияш Ержанның
есінде. Бір-екі рет Кəкібайға жолығуға келген. Əдеміше келген, дөңгелек
жүзді қара келіншек. Бір рет солдаттар қалжыңдағанда қып-қызыл болып
теріс айналып кетті. Өзінде нағыз қазақылық бір ұялшақтық бар. Бүгін...
Ержан өтіп бара жатып, жылаған əйел даусын естіді. Еріксіз жалт бұрылып
Кəкібайдың құшағында тұрған Марияшты көрді. Бетін күйеуінің кеудесіне
басып, тыйыла алмай өксіп-өксіп жылап тұр екен. Кəкібай қысылып қалып,
бірақ өзінің де даусы бұзылып: «Қой, Марияш. Қойшы тəйірі. Жұрттан
ұят» деп əйелін қалқалай, теріс айнала берді. «Марияшқа да айтпаған...»
Ержан Кəкібайдың сырын енді түсіне бастағандай болды. Бірақ Кəкібай
жайын ойлаған сайын, неге екені белгісіз, тынышы кетіп өзінен өзі
қуыстана берді. Бүгінгі қатерлі сапарға аттанардағы көтеріңкі, салтанатты
көңіл күйі будай тарқап барады.
Поезд разъезге келіп тоқтады. Добрушкин Ержанның қолтық астынан
сып етіп жерге секіріп түсті.
– Қайда барасың? Поездың қанша тұрары белгісіз, – деп айқайлады
Ержан.
Əлдеқайда тым асығып бара жатқан Добрушкин оның сөзіне құлақ асуға
мұршасы болмай, «қазір келем» деп дауыстады да, жүгіре жөнелді. Сөзін
тыңдата алмағанына ашуланып қалған Ержан екінші рет дауыстағанша, ол
ұзап кетті. Сирек фонарьдың қара көлеңке сəулесінде қалбаңдап жүгіріп
бара жатқан Добрушкиннің сиқына қарап, ызаланып бармақ шайнағаннан
басқа амал қалмады.
Поезд қозғала бергенде Добрушкин ентігіп əрең жетті. Зығырданы
қайнап тұрған Ержан оған тарпа бас салды.
– Неге рұқсатсыз кетесің?! Саған поездан түсуге кім рұқсат етті!?
Айтшы кəні!
Добрушкин тартылып тік тұрса да, Ержанның бұл сөзіне онша қысыла
қойған жоқ. Түріне қарағанда оны мазалаған басқа бір нəрсе бар сияқты.
– Жолдас лейтенант, – деді ол, «мені қойсайшы, қайтесің» деген
пішінмен. – Шөжебаев жоқ. Барлық вагоннан іздеп таппадым.
– Не дейсің?!
Ержанның төбесінен мұздай су құйып жібергендей болды. Енді
байқады: манадан бері жауынгерлерін түгендеуді ұмытып кетіпті. Поезға
мінерде де өз қиялымен əлек болып олармен онша ісі болмапты. Енді
қайтпек?! Бірақ əр отарбаның командирі өз қарауындағы жауынгер үшін
жауап беруі керек қой. Барлық пəле Добрушкинде. Егер сол сақ болғанда...
Ержан аз уақыт булығып тұрды да, Добрушкинге қайтадан тиісті.
– Не бітірдің!? Айналдырған он адамға ие бола алмай, соншама не
тындырдың!? Неге манадан бері баяндамадың!?
– Мен ертерек-ақ білдім-ау, бірақ басқа бір вагонға іліккен шығар деп
мазаламап едім.
Ержан сержантқа кейи берді. Добрушкин ренішті бір оймен əлек болып
тұр. Бірақ Ержанның сөзінен мұқалған түрі жоқ. Ержан Добрушкинді
бұрыннан да жақтырмайтын. Əрине, командир болғасын əмірін
орындатады, əйтсе де өз дегеніне ие алмай-ақ қойды. Анау ырық бермейді.
«Құп, жолдас лейтенант» дегенінде де ықылас жоқ, «мейлі əйтеуір» деген
сияқты. Ержанды да ыза қылатыны осынысы. Қазір де «болар іс болды, мен
қайтейін, бірақ түбі салмақ өзіңе түседі ғой» дегенді көзі айтып тұр.
– Мен сені сотқа беремін! – деп айқайлайды Ержан.
– Несі бар. Берсеңіз беріңіз.
Ержан өзінің асырып алғанын білді де, булығып үндемей теріс айналып
кетті. Тағы да Добрушкин жеңіп шықты. Бірақ оны ойлайтын шама қайда.
Енді ол бұл іске өзі жауап беретінін, үлкен айыпты болғанын сезді. Өкініш
қанға тараған удай тұла бойын жайлап барады. Енді қайтпек! Шөжебаев
Көжек дейтін қырыққа жуықтаған егде қазақ болатын. Өзінің жөнді сауаты
да жоқ, бұрын шопан болған. Əскери оқу да оған зор қиындықпен қонушы
еді. Оның қандай себеппен қалып қойғанын сайтан білсін. Əйтсе де өзі
адал адам сияқты еді, былай көзге қораш, момын ғана... Бірақ жуастан жуан
шығады деп, оның ішінде не барын сайтан біле ма?! «Ол қалай қалып
қойды? Мен неғып байқамадым?» ––
– Мана, Балқиясы келіп сүйреп əкетіп еді, – деді Қартбай, – Ғашығын
қия алмай тұрғанда қалып қойған ғой.
Ержанның ойына жаңа түсті. Көжек Кəкібайдың қасына барып, көзінде
жас мөлтілдеп: «Келін қарағым, қой, жылама. Азаматтың саулығын тіле»
деп, жұбаныш айтып тұрған-ды. Сол кезде, тура Көжектің əкесіндей,
жалпақ бет, еңгезердей қара қатын жүгіріп келген. «Əкем-ау, мұнда екен
ғой» деп Көжекке ұмтылған. «Балқияшпысың! Ойпырмай, жеттің бе» деп
Көжек əйелінің иығынан сипап, қолынан ұстап, одан əрі өз сезімін қалай
жеткізерін білмей бір əбігерге түскен. Көзінен жасы да тамып кеткен.
Əйелі: «Ибай-ау, алдымен ана қайнағаға сəлем берсейші» деген-ді.
«Қайнағасы» жалпақ тымақ киген, шоқша сақалды біреу екен. Ержан одан
əрі қайрылмай кетіп қалып еді. Сол екі ортада қара қатын байын сүйреп
əкеткен ғой.
Бірақ одан келер жеңілдік жоқ. Ержан даланы жапқан қараңғы түндей
түнеріп, есіктің алдында тұр. Вагон ішіндегі дауыстар да су сепкендей
басылып қалды. Жаңа ғана жайнап тұрған дүние, əсем түн – бар көркінен
айрылып түсі суып барады. Анау алыста бір шоғыр от жылтырайды. Ол
жерде өздерінің жылы үйлерінде майданға кетіп бара жатқан Ержанмен ісі
жоқ, бұл танымайтын адамдар тұрады.
2
Тұрқы қысқа шағын вагонның ішінде кісі көп емес. Ортадағы жəшіктен
қаланып, үстіне тақтай төселіп жасалған столды біреудің епті қолы сұр
плащ-палаткамен қымтап жауып, оның үстіне қатырма көк қағаздар
төсеген. Сырт қарағанда шын столдан айырмасы жоқ. Төменде жалғыз
қабат төселген сəкі, басқа жасталмай, қабырғада ілулі тұрған қынама бел
шинельдер, фуражкалар, мойынға асатын былғары сумкалар, іргеде тұрған
рациялар, стол үстіне қатарынан жанған үш шырақ, жалпы вагон ішіндегі
кеңістік – мұнда командирлер келе жатқанын аңғартады. Стол басында үш
адам тамақ ішіп отыр. Олардың тамақтан гөрі сөзге ықыласы
басымдылығына қарағанда ұзағырақ отырып қалған сияқты. Стол үстіндегі
азайып қалған тағам мен мойны сорайып босап қалған бутылка да осыны
айтады.
Енді тұрып кетуге ыңғайланғандай жəшіктің шетінде сергек отырған ірі,
қағілез тұлғалы, кең жауырынды, қара торы капитан Арыстанов Мұрат –
батальон командирі. Үлкен қара көзін кең ашып қасындағы кісіге
маңдайының астынан сүзе қарайды. Бұл оның қарсы дау айтқысы
келгендегі əдеті болатын. Оған жалғас, ортадағы əдемі жұқа өнді, əсем
майысып толқынданған жұмсақ, қоңыр шашты майор Купцианов –
полктың штаб бастығы. Оның бір қолын столдың үстіне бос тастай беріп,
денесін сəл босаң ұстап, орындықтың арқалығына бір иығын тірей еркін
отырысы, езуіне болмашы ғана кекесін күлкі ойнап, иегін көтеріп кісіге
көзінің астымен қарауы – бойына сіңіп қалған нəзік тəрбиені танытады.
Оның мақпалдай жұмсақ қоңыр даусын естігенде, биязы қимылын,
үстіндегі əшекейсіз əскери киімінің денесіне қонымды ерекше бір
жарастығын көргенде, тұла бойынан еміс қана жақсы əтірдің иісін
сезгенде, өзіңе өзің тəрбиесіз, дөрекі көріне бастайсың. Столдың ана
шетінде Мұратқа қарсы қарап, кішкене көзі моншақтай жылтыраған, денесі
енді толыса бастаған, атжақты қара сұр аға лейтенант отыр. Бұл
Купциановтың алтыншы көмекшісі, əскери тілмен айтқанда «ПНШ-6» –
Уəли Молдабаев.
Майданға, қатерлі сапарға аттанардағы əркімге əртүрлі əсер етсе де
жұрттың бəрін бірдей толқытатын сезім бұларды да биледі. Штаб
бастығының аттанар алдындағы жұмысы онша көп болмады. Ол аға
командир есебінде төменгі бастықтарға тиісті қамқорлық əмірін жасады да,
өзі ұсақ-түйекке араласпай, сыртан бақылады. Ресми шығарып салуға
келген жергілікті үкімет адамдарының қасында болды. Купциановтың үйіші бұл жерде емес-ті, өзін арнап шығарып салған жақындары болмады.
Сондықтан ба, жұрттың ажырасардағы көз жасы онша тебіренте қоймады,
қайта салтанатты сəттің шырқын бұзғандай – ашуына тиді. Ол байсалды,
түнеріңкі жүзбен эшелон бойын ақырын аралап, кей жерде қолымен ымдап
командирлердің бірін шақырып алып, əмір етіп, көзіне ілінген
тəртіпсіздікке тыйым салып жүрді. Əрине, осы бір кездің тым жауапты
сағат екенін, өз өміріндегі үлкен белес екенін Купцианов жақсы түсінді.
Сондықтан да жұрт алдында өзін жүктелген үлкен жауапкершілікке лайық
ұстауға тырмысты.
Уəлиді Купцианов өзіне жақын ұстайтын. Оған себеп болған бір
жағынан Молдабаевтың жоғарғы мектепте сабақ берген білімпаздығы
болса, – Купцианов оқыған адамдарды ұнататын, оның үстіне екеуінің
мінезі де үйлесті. Ол Уəлиге əмір етудің орнына өтініш айтып, өзімен қатар
ұстайтын. Реті келсе қасынан да қалдырмайтын. Уəлиді шығарып салуға
əйелімен еріп бұрынғы қызметтес жолдастары да келген екен. Олардың
бəрі ең бір қимас, жақсы адамын аттандырғандай Уəлиге ерекше құрмет,
ықылас көрсетті.
Бəрі бірдей жамырай сөйлеп «аман барып, сау қайт! Абыройлы бол!
Бізді ұмытпа, хат жазып тұр» деп жалпақтап жатыр. Ең аяғы институтта
жүргенде өзімен оты өрелі жанбайтын, аласа бойлы, тығыршықтай,
көзілдірікті Сəлімгереев те, өңі бұзылып: «Біздің тілегіміз сенде» деп,
мойнын созып Уəлидің бетінен сүйді. Уəли өз қадірін сонда білді. Қанша
айтқанмен жұрт қимайды екен. Осы келген топ бір төбе де, өзі бір төбе
сияқты. Осы сезімнің өзі оның көңілін едəуір марқайтып тастап еді. Бірақ
нақ жүрер кезде оны басқаша бір сезім биледі. Аналардың бəрі жылы
орындарында алаңсыз қалып барады...
Қандай ойдан болмасын адамды алаң ететін жұмыс қой. Мұраттың
кешеден бері тізе бүгуге мұршасы болмады. Əскер тұрмысы қандай
жинақы болғанмен біраз орын теуіп қалған жерден көтерілу – ауыл
көшкенмен бірдей болды. Не нəрсені алу керек, нені тастау керек?
Алынатын əскери жабдықты батальон орнынан үдере қозғалғанда
қиналмай, шашау шығармай көтеріп кете алатындай етіп сиыстыру керек.
Соңыра вагоннан түскенде де іліп алып жүре беретін болуға тиіс. Эшелонға
тиелудің өзі де оп-оңай шаруа емес. Мұрат қарауындағы рота, взвод
командирлеріне əмір етіп, жұртты жұмсап, бəрін өз көзімен тексеріп,
жұмысқа елігіп жүргенде қоштасатын сағаттың келіп қалғанын сезбей
қалған. Ол батальон сапқа тұрып, Бірінші Алматы станциясына кетіп бара
жатқанда үйіне соғып, əйелімен, баласымен қоштасып шықты. Содан
кейін-ақ мойын бұруға мұршасы болмады. Тек поезд қозғала бергенде, қол
бұлғаған қалың жұртқа қарап, əйелі мен баласын вокзалға əкеле
алмағанына өкінді. Онысы орынсыз қаталдық сияқты көрінді. Алыста, көк
орманның ішінде жатқан қаладан көз алмай, өз үйін көңілмен тұспалдап
қарай берді.
Мұрат қаһарлы кезеңнің келіп қалғанын түсініп еді. Біздің армия шегініп
барады. Соғыс хабарында жау басып алған қалалардың аты сирек аталса да
– олар аралары алшақ ірі қалалар болатын. Планшеткасындағы СССР-дың
Европалық бөлімінің картасына ол салған қара дөңгелек көбейіп, кейін
жылжып келеді. Азғана уақытта жау үлкен елді еңсеріп кіріп кетті. Əзіргі
қарқыны шошытарлық. Шекарада қызмет еткендегі екі-үш елеулі оқиға
болмаса Мұрат əлі соғысып көрген емес. Əскери тактиканы жақсы білсе де
нағыз шын соғыс болатынын сезеді. Əсіресе жау жүрекке тақап қалғанда
өлімге қарауға болмайды. Осыны біліп өз өзіне де, өзгелерге де қатал
болды. Майданға тез жөнелтуді күтіп асығып əсерін шыңдай берді. «Неге
бізді жолда ұзақ ұстайды!» – деп те ойлайды. Бірақ аттанар күн келгенде,
əлі де əскерін дайындап үлгіре алмағанын сезді. Не де болса ендігісін бара
бермек. Анау алыстап бара жатқан қалада мұның ең жақын адамдары,
нағыз бір жақсы қызық дəурені, жанының жартысы қалып береді. Олар
алыстаған сайын қадірі артып, қимастығын қоздыра түседі. Мұрат өзінің
осалдығын осы арада сезді. Əбден жасып кетпей тұрып, соның бəрін үзіп
тастау керек. Ол өзін-өзі зорлап есік алдынан əрең шегінді.
Мұраттың ординареці Маштай тілін тістеп сөйлейтін қайраң көз қара
жігіт, вагонның ішін тап-тұйнақтай етіп жинап, ас дайындап қойған екен.
– Жолдас капитан, тамақ ісіңіз. Таң атқалы түк іскен жоқсыз ғой, – деді
поезд ұзай бергенде.
Мұраттың асқа ықыласы болмады. Осы кезде Купцианов араласты.
– Капитан, солдаттың сөзі дұрыс болар. Кəне, столға отыралық, – деді
ол.
– Келіңдер! Кетер аяғымыз болсын, – деп Уəли жарты литр шығарды.
Аттанарда көңілі қозып, іштей ширатылған жұрт Уəлидің сөзін
дабырласа мақұлдады. Манадан бері неше сағат көңілі толқыған
командирлер бір-бірінен ішкі сезімін жасыруға тырысып, сылтау
табылғанына қуанып, жайдары болып кетті. Дабырлай сөйлесіп, қатты
күліседі. Мұрат та жаңағы бір ойынан серпілгендей болып əзіл айтып
көбірек сөйлейді.
Көбіктей бетке ойнап шыға келген шаттық тез басылды. Поезд алғашқы
рет тоқтағанда вагондағы аз ғана командирлер тарап, эшелонды аралауға
кетті. Енді стол басында үшеу ғана қалды. Бұлар да алғашқы көтеріңкі,
реңді сөзден ұзақ жолдың жəй əңгімесіне ауысты.
Купцианов екі-үш ай ғана қызметтес болғанмен, Мұратты онша жақсы
білмейді. ОЛ алғашқыда батарея командирі болатын. ОЛ кезде
Купциановпен онша көп ұшыраса бермейтін. Одан кейін жоғарылап,
артиллериядан пехотаға ауысып, батальон командирі болғалы бір ай
шамасы. Қызмет бабында тікелей қатынасы болғанмен, былай араласып,
сөйлесіп көрген емес-ті. Купцианов Мұраттың іскер командир екенін
сезеді. Ол қолға алғалы батальон едəуір ширап қалды. Бірақ оны тік мінез
дөрекілеу көреді. Бір-екі рет сөзге келісіп те қалған. Мұрат туралы жəне де
бір білетіні – оны дивизия командирі генерал Панферов жақсы көреді. Ұзақ
жол жақынырақ таныстырады. Купцианов сонда генералдың, яғни өз
тілімен айтқандай «шалдың» сүйіктісінің шама-шарқын байқап алады.
Қазір де қабағының астынан Мұратты бағып отыр. Бұрын ескермеуші еді,
сөйтсе бұл қазақ өзіне бола көрікті екен. Əттең, тек беті жалпақтау, болмаса
тік маңдай бітісі пілдің. сүйегінен ойғандай əсем де бір түрлі өткір де
қоқыр жүзі, ортасы сəл дөңестеу, жұқа танаулы қыр мұрны, бүкіл қағілез
сергек тұлғасы – өзінше бір шығыстық сұлулықтың үлгісіндей. Мінезі
қызу, сөйлегенде де қызып кетіп қатты дауыстайды, қолын да орынсыз көп
сермейді екен, Кейде үлкен көзі жарқ етіп, кісінің өңменінен ата қарайды;
онысы тіпті орынсыз. Сөз тапқырлығы болғанмен, кейде тұрпайылау,
тұйық қайырып тастайды. Бірақ, сонда да өзінде ерекше бір тартымдылық
бар. «Тек осы.көркіне сай тəрбиесі болар ма еді», – деп ойлады Купцианов.
Осылай бақылай отырып, ол жарты сағаттан кейін Мұрат туралы ойын
қорыта келіп: «Өзі еті тірі, қатал жігіт сияқты, бірақ мінезі тұрпайылау,
шамасы ой-өрісі тар, талабы шағын болар» деп түйді.
Он бес жылға таяу əскери өмірінің денін ірі қалаларда, үлкен
командирлердің маңында, штаб қызметінде өткізген Купцианов саптағы
командирлерді онша жоғары бағаламайтын. Ескілікті дəстүрі бар, оқыған
семьядан шыққан ол ең алдымен кісінің тəрбиесіне ден қоятын. Ал, өне
бойы қарапайым солдаттардың арасында жүрген, бұрыннан да көрген
өнегесі аз командирлер оның ойынша əбден тұрпайыланып кетпек. Əскер
өмірі қатал ғой, бірақ Купцианов үлкен қажыр көрсетіп, осы қатал
жағдайда да өзінде барын қызғыштай қорып, тұрпайылау командирлердің
қалың тобына сіңіп кетпей, өз тəрбиесін сақтап келеді. Əрине адамға
ортаның əсері күшті. Купцианов марксизмнің бұл қағидасын дұрыс деп
біледі, сондықтан да ол өзіне ой дүниесін үндес болмаса да, өз дəрежесіне
жуық адам іздейді. Əзірге бұл полктан тапқаны Уəли. Ал, өз байқауынша
Мұрат алғыр, өскелең командир. Мұраттың басынан да өз керегін іздеп,
оны сынап отырғаны осыдан.
– Майданға бара жатырмыз-ау, – деді бір кезде Купцианов, иегін бұра
көтеріп Мұратқа қарап, – Бірақ дайындығымыз, аңғарсаңыз, өте аз.
– Иə, аздау болды, – деп қостады Мұрат.
Купцианов Мұрат даусынан бір күрсініс сезгендей болды.
– Менің топшылауымша, қазір қайткенде де жауды тоқтату міндеті
қойылып отыр. Аңғарсаңыз Сталиннің июльдегі сөзі де осыны айтады.
Аңғарсаңыз, бізді дивизияның бір тесігіне тығын етеді. Ал, сол уақытты
пайдаланып шын мəнісіндегі армия дайындауға тиісті.
– Біз немене армия емеспіз бе? – деді төмен қарап столдың шетін
бармағымен сызып отырған Мұрат басын көтеріп алып.
– Біз армиямыз ғой, бірақ аңғарсаңыз, армияның да армиясы бар, – деді
Купцианов Мұратқа байсалды қарап.
– Мен сізді түсінбей қалдым.
– Түсінбейтін несі бар, – деді Уəли сөзге араласып. – Виниамин
Викторович біздің дайындығымыздың кемдігін айтты.
– Сiз сəл сабыр етіңізші Уəли Молдабайш, – деп Купцианов Мұраттың
көзіне сыр тарта қарады. – Шынын айтсаң... Бұл арада бөгде адам жоқ екен,
– деді ол жан-жағын шолып өтіп... – Аңғарсаңыз мен де түсінем... Егер
шынын айтсақ, біздің дивизияның шын мəніндегі əскер бөлімі емес екені
сіз бен бізге анық қой. Аңғарсаңыз, біздің сыбағамыз, кейіннен нағыз əскер
бөлімдері дайындалғанша жауды тоқтата тұру. Əрине мұны ешкім ашып
айтпайды. Оны өзіңіз де түсінесіз ғой.
– Оны мен түсіне алмадым, – деді Мұрат салмақтай сөйлеп, –
Дивизияның дайындығының кемдігін кемдігін мен өте жақсы білемін.
Батальонды қара терге түсіп тоқпақтасам да шыңдай алмадым. Білемін.
Бірақ ендігі қалғанын соғыс шыңдайды, оған шəгім жоқ.
Купцианов Мұратқа «осының тырнағы жоқ па екен» дегендей сақтана
қарады.
– Біз əскери адамдармыз ғой, – деді ол Мұратқа көз тастап, содан кейін
Уəлиге бұрылып, оған бас изетіп. – Өзімізді өзіміз алдарқатып қайтеміз.
Шындықтың жүзі қанша суық болса да тура қарауымыз керек. Əйтеуір
талғажау демесе біз шын мəніндегі армия емеспіз.
– Əрине, тəтті өтіріктен, ащы шындық артық, – деп мақұлдады Уəли.
Mұpат алақанына алып салмақтап көргендей Купциановты көзімен
шолып өтті. Қорғасын тұлғалы салмақты адам, қалайыдан құйғандай жеңіл
тартып кеткендей де көрінді.
– Сіз мені кешіріңіз,– деді Мұрат, бірақ бұл сөзі үкім айтқандай ауыр
шықты. – Мен де ащы шындықты айтайын. Қолындағы мылтығының от
алмайтыны барын білген адам жекпе-жекке тайсалмай шыға ала ма?
Командир де сол сияқты. Мұндай пікірмен соғысқа баруға болмайды.
You have read 1 text from Kazakh literature.
Next - Қаһарлы күндер - 02
  • Parts
  • Қаһарлы күндер - 01
    Total number of words is 4074
    Total number of unique words is 2218
    37.9 of words are in the 2000 most common words
    54.8 of words are in the 5000 most common words
    62.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 02
    Total number of words is 4139
    Total number of unique words is 2198
    37.4 of words are in the 2000 most common words
    52.6 of words are in the 5000 most common words
    60.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 03
    Total number of words is 4119
    Total number of unique words is 2250
    36.7 of words are in the 2000 most common words
    52.7 of words are in the 5000 most common words
    60.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 04
    Total number of words is 4090
    Total number of unique words is 2251
    35.9 of words are in the 2000 most common words
    50.4 of words are in the 5000 most common words
    57.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 05
    Total number of words is 4173
    Total number of unique words is 2089
    37.7 of words are in the 2000 most common words
    53.9 of words are in the 5000 most common words
    61.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 06
    Total number of words is 4102
    Total number of unique words is 2204
    35.4 of words are in the 2000 most common words
    51.8 of words are in the 5000 most common words
    59.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 07
    Total number of words is 4014
    Total number of unique words is 2319
    33.0 of words are in the 2000 most common words
    48.2 of words are in the 5000 most common words
    55.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 08
    Total number of words is 4065
    Total number of unique words is 2283
    32.5 of words are in the 2000 most common words
    47.1 of words are in the 5000 most common words
    54.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 09
    Total number of words is 4074
    Total number of unique words is 2163
    34.8 of words are in the 2000 most common words
    49.5 of words are in the 5000 most common words
    57.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 10
    Total number of words is 3971
    Total number of unique words is 2186
    35.4 of words are in the 2000 most common words
    50.7 of words are in the 5000 most common words
    58.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 11
    Total number of words is 3935
    Total number of unique words is 2117
    35.9 of words are in the 2000 most common words
    50.6 of words are in the 5000 most common words
    57.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 12
    Total number of words is 4031
    Total number of unique words is 2296
    35.3 of words are in the 2000 most common words
    49.9 of words are in the 5000 most common words
    58.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 13
    Total number of words is 4051
    Total number of unique words is 2113
    36.5 of words are in the 2000 most common words
    52.5 of words are in the 5000 most common words
    61.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 14
    Total number of words is 3896
    Total number of unique words is 2104
    36.1 of words are in the 2000 most common words
    50.9 of words are in the 5000 most common words
    58.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 15
    Total number of words is 4041
    Total number of unique words is 2139
    36.3 of words are in the 2000 most common words
    51.3 of words are in the 5000 most common words
    60.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 16
    Total number of words is 4030
    Total number of unique words is 2157
    35.3 of words are in the 2000 most common words
    51.7 of words are in the 5000 most common words
    59.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 17
    Total number of words is 3971
    Total number of unique words is 2156
    36.4 of words are in the 2000 most common words
    51.4 of words are in the 5000 most common words
    59.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 18
    Total number of words is 3896
    Total number of unique words is 2160
    34.7 of words are in the 2000 most common words
    49.3 of words are in the 5000 most common words
    57.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 19
    Total number of words is 4009
    Total number of unique words is 2076
    36.0 of words are in the 2000 most common words
    52.3 of words are in the 5000 most common words
    60.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 20
    Total number of words is 4092
    Total number of unique words is 2141
    32.4 of words are in the 2000 most common words
    45.8 of words are in the 5000 most common words
    54.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 21
    Total number of words is 3977
    Total number of unique words is 2150
    36.1 of words are in the 2000 most common words
    51.0 of words are in the 5000 most common words
    59.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 22
    Total number of words is 4107
    Total number of unique words is 2182
    36.3 of words are in the 2000 most common words
    51.5 of words are in the 5000 most common words
    59.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 23
    Total number of words is 4067
    Total number of unique words is 2204
    36.8 of words are in the 2000 most common words
    51.5 of words are in the 5000 most common words
    59.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 24
    Total number of words is 4086
    Total number of unique words is 2165
    35.5 of words are in the 2000 most common words
    50.5 of words are in the 5000 most common words
    58.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 25
    Total number of words is 4077
    Total number of unique words is 2115
    33.4 of words are in the 2000 most common words
    47.9 of words are in the 5000 most common words
    56.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Қаһарлы күндер - 26
    Total number of words is 3778
    Total number of unique words is 1884
    37.3 of words are in the 2000 most common words
    51.9 of words are in the 5000 most common words
    60.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.