Latin Common Turkic

Алыстан жəне жақыннан - 01

Total number of words is 4065
Total number of unique words is 2738
23.7 of words are in the 2000 most common words
35.4 of words are in the 5000 most common words
43.3 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
І Бөлім
ІІ Бөлім
ІІІ БӨЛІМ
IҮ БӨЛІМ
V БӨЛІМ
VІ БӨЛІМ
ӨЛЕҢДЕР
І Бөлім
ҚАЛАСАҢ ҚАБЫЛ АЛАРСЫҢ
Қаласаң, қабыл аларсың,
Салайын деп ем бір қолқа:
Көңілге демеу боларсың –
Көрініп көзге жүр, қалқа.
Сағынып өмір сүрейін,
Сырыңнан сиқыр құр қалдым.
Сыңғырын естіп жүрейін –
Сыңарын берші сырғаңның.
Ынтықса жүрек шерменде
Басайын іштің күйігін.
Қасымнан өте бергенде –
Көзіңнің қишы қиығын.
Көлденең кісі сенер ме,
Арайлап атсын нұр таңым.
Тұтатсам, жетіп келерге –
Шашыңның берші бір талын!
ӨСКЕМЕН
Қалдырып кетпесем де ештеңемді
Қимайды көңіл неге Өскеменді?
Былдырлап тілі шыққан балам құсап
Шықпайтын болып алды естен енді.
Қол созып махаббаттың жүлдесіне
Шомылсам шолпылдатып Үлбесіне
Өскемен келіншек боп көрінеді
Оранған үлдесі мен бүлдесіне.
Жұлдыздай зерлі аспаннан үзіп алған
Түнгі оттар шыға келсе жүзіп алдан
Көңілдің айдынында ағараңдап
Қаяудай құс жолының ізі қалған.
Қияқтай ай боп көкте тұрса қылыш,
Кетеді жүрек жібіп, жұмсарып іш.
Дүбірлеп түркі атының тұяқтары,
Сібірлеп оянады бір сағыныш.
Күн нұры тозаңдатып гүлдер шаңын
Көшкендей көз алдымда гүлдер сағым.
Санамды сілкілейді сақ кезімде
Сары алтын сауыт киіп жүрген шағым.
Сайы жоқ саясында гүл өспеген,
Самалы сыбырлайды бір ескі өлең.
Киесін Алтай-əжем құрмет тұтқан
Бабамның бөркі шығар бұл Өскемен.
Жеңіспен жалғансын деп жортуылдар
Еңістен ереуілдер еркін ұлдар.
Ішінде қарағайдың қаптап жүрген
Қайдасың, Қаратайлар, Төртуылдар?
Тарихын тергесеңдер Өскеменнің
Жұрты бұл жөңкіп бұлттай көшкен елдің.
Алтайым – ақ бесігі
Ата қазақ
Кіндігін қылышпенен кескен ердің.
Тағдырын кешкен сол ұл Көрғұлының,
Тəңірім, енді ұзартып бер ғұмырын.
Шығыстың шаңырағы жүрген сынды
Шайқалып шүйдесінде Кербұғының.
Рахман суыңда да ырыс қайнап,
Майлайсың мұртыңды енді, мырышты аймақ.
Түбінде қазаныңның тұрсын қаспақ
Қыр асып, қиыр шетке жылыспай бақ.
Бір тылсым бар секілді шипаңда да,
Көзімді кіреукелеп ұйқы, алдама.
Есімді есеңгіреп жиып тұрмын,
Тауып бер тарихымды, титан қала!
ҰЛЫТАУДЫҢ ҚЫМЫЗЫ
Біз үшін атамыздың асы – қымыз,
Қымызбен алшы түсер асығымыз.
Сусынын махаббаттың қанып іш деп
Қолынан қымыз құйсын ғашығымыз.
Бал дəмі таңғалтады, толғантады,
Толтырып тостағанды қолға ал тағы.
Қымызбен қоса жұтқың келеді екен
Қымсынып қымыз берген сол қалқаны.
Қымыз құй!
Қымыз ішсем – бапқа келем,
Қымыздан артық қазақ таппаған ем.
Атамның асын ішсем, желік буып,
Аузымнан ақтарылар қап-қап өлең.
Шөлінен шығып едім сағыныштың,
Қымызын Ұлытаудың қанып іштім.
Аңқаңды алқағанда аппақ сусын
Басылар алаулаған жалыны іштің.
Қадірін қайдан білсін жоқ үлгінің,
Торсықты тосырқайды көп ұл бүгін.
Баптаулы бал қымыздан аңқып тұрар
Түтінін аңсадым-ау тобылғының.
Телміртпей тостағанға, қымызды бер,
Қымызға қазақтай боп кім үздігер.
Мен нағыз қазақпын ба, басқамын ба –
Қызығып жұтқанымда қымыз білер.
Болсын деп үйір-үйір жылқым аман
Көңілім Қамбар ата жұртына алаң.
Балшықтай ұлдарымды баули берсін
Жарықтық жусан исі бұрқыраған.
Шешемнің шелек шайып, іс қылғаны,
Тері мес, жез самауыр, мыс құмғаны
Келеді көз алдыма кино болып
Татыса таңдайыма ыстың дəмі.
Қапысыз қадірлесең қонағыңды,
Қарағым, қылтыңдатпа коньягіңді.
Сарқып құй сабадағы сусыныңды,
Жібітсін жыбырлаған тамағымды!
ІЗДЕУ САЛУ
Жеткіземіз деп жүріп жолдарды Айға,
Жиреншені,
Алмаймыз Алдарды ойға.
Шырт түкіріп, шақшасын қағып қойып,
Қабағымен ықтырар шалдар қайда?
Жеті қырдың астынан тың тыңдаған
Жігіт қайда – сақтайтын жылқыңды аман?
Ажал жетсе арысқа – жоқтау айтып,
Жесір қайда – жұбанбай сұңқылдаған?!
Тұлпарларын жүрсе де мініп қойға,
Тектілігі қанымен тұнып бойда,
Қарындастың басына күн туғанда
Ту түбінен табылар жігіт қайда?!
Бəлесі көп бықсытып өрт-өсегін,
Бұрышында тұрмайтын əр көшенің
Ару қайда – ар, ұят, иманымен
Жайнамаздай күтетін жар төсегін?!
Қыздар қайда – Мəжнүннің ғашығындай,
Келін қайда – аспанның ашығындай
Омпысына қорғасын құйып қойған
Бала қайда – құлжаның асығындай?!
Намыс болса, оянар өзі-ақ бойда
деп жүргенде,
ағарып көз ақпай ма?
Алты алаштың арманын арқалаған
Асып туған атадан қазақ қайда?!
Бар азапты арқама тиегендей
Мен өлуім керек қой,
Кием өлмей.
... Қазақ іздеп жүрмін мен, қазақ іздеп,
Күндіз шырақ ұстаған Диогендей!
ТƏУЕЛСІЗДІК ТАРИХЫНА ТАЛАСУ
(Боямасыз поэма)
Ол кезде мен жігіт едім жастау шын,
Қоғамға да естілмеген еш даусым.
Алаша хан зиратына кідірдік,
Өзбекəлі Жəнібеков – бастаушым.
Ел молдасы оқып сүре-аятын,
Кез болғанда қолды көкке жаятын
Жəнібеков сұрақ қойды:
– Бұл жерде
Кім жатқанын білемісің, ей ақын?
Жəнібеков кісі еді ғой бір беттеу,
Айып емес хатшы алдында дірдектеу.
Мен күмілжіп қалып едім,
Өзекең:
Тарихыңды керек, – деді, – құрметтеу!
Күн көсемнен білуші едік кімді өзге?
– Қазағыңның басын қосқан бір кезде,
Абылайға үлгі болған айбаты
Ақназар хан жатыр осы күмбезде!
Тəлім алған Өзекеңнің мысынан,
Содан бері... күмбез көрсем, қысылам.
Қазағымның ерлерінің бірі-ау деп,
Күмбездерге дұға етемін тұсынан.
Талай ерді келмедік пе танымай,
Соның бірі – ардақты хан Абылай.
Үш жүз жылға толғаныңды ұрпағың
Білмей қалу мүмкін боп тұр, Ханым-ай!
Батыр емес,
Бүрсеңдеген пақырмыз,
Тек тарихты бұрмалауға батырмыз.
Есіміңді ұмыттыру үшін біз
Тыңшылардай
Үн шығармай жатырмыз.
Өмір сүру қолайлы ма мықты ұлсыз,
Патша да үнсіз.
Уəзірлер тіпті үнсіз.
Түркістанда жатқан ұлы хан емес,
Қапастағы қамаулы бір тұтқын – сіз!
Өлсеңіз де, Қаһары бар күшсіз бе,
Қауіптеніп қарап жүрміз біз сізге.
Кемеңгерім келіпті деп 300-ге
Кім жасайды торқалы той үш жүзге?!
Туғаның да,
Өлгенің де бізге анық,
Біле тұра, сыртымызбен сыздадық.
Жүргендейміз дабырайған даңқыңды
Қурап қалған сүйегіңнен қызғанып.
Ақиқаттың үзбей жібек арқанын
Төбесіне көтермес пе ел əр ханын.
Үш жүзіңді тойлатпаған осылар
Сол үш жүзге келмейді-ау деп қорқамын.
Өзімді өзім қайрай-қайрай жұқардым,
Өксігімді өкінішпен жұтармын.
Тəңір маған тағдырын да қимады-ау,
Тоқсандағы тобықтай қарт Бұқардың.
Орыстардың тілін тапқан Абылай,
Қытайдың да жынын қаққан Абылай.
Өлгеніңде түспеп едің тұғырдан,
Құлап жатсың бүгін тақтан, Абылай!
Ақиқаттан адаспаған Абылай,
Болсын иман жолдас саған, Абылай.
Хан сарайда құс жастықты жастанбай,
Ту көтеріп, қол бастаған Абылай.
Заманыңмен тең болып па ең, Абылай?
Сен біреуден кем болып па ең, Абылай!
Есіміңді есімізге алмастай,
Жемқорлыққа жем болып па ең, Абылай?
Əйдік бəрі,
Əкім де əйдік, бай да əйдік.
Неге айтпайды айыбыңды айдай ғып?
Ат белінде аш-жалаңаш жүргенде
Сенің ішіп-жеп қойғаның қай байлық?!
Тағыңды да,
Бағыңды да күндейміз,
Тағлымыңды көзімізге ілмейміз.
Қырық қызың шықпаған ба күйеуге,
Отыз ұлдың құдасын да білмейміз?
Сенің көрген рахатың – дау, тартыс,
Бүгін өмір-сахнаға толды əртіс.
Опырық деп шығарғанша атыңды
Неге салып алмағансың гауһар тіс?!
Тарқамайды жанжал – бисіз,
дау – елсіз,
Əн де əдемі айтылмайды əуенсіз.
Абылай хан, айбарыңды ұмытсақ
Қайтіп толық ел боламыз тəуелсіз?!
Сіз билікке бізден гөрі жақынсыз,
Ұрпағыңды кешіре гөр ақылсыз.
«Той көрмей-ақ,
Сый көрмей-ақ» өткен көп,
Сізге тойдың керегі не?
Жат үнсіз!
Үміт, күдік – қақ бөледі əр күнді,
Тəуелсіздік таразыға тартулы.
Мешітке кеп, дұға тілеп отырмын
Есіме алып Өзбекəлі марқұмды.
Имам отыр «ағузылап», «құлқулап»,
Мен тілеймін тапса екен деп ұлтым бақ.
Білетінім – үш жүз жылдан кейін де
Абылайлап туар талай ұл тулап!
ТƏУЕЛСІЗДІК ТОЙЫ
Аспанға шарбы бұлттан шатыр тұттырып,
Ұлытаудың көлеңкесіне,
Қазақтың кең өлкесіне
Саны жоқ ақ үй тіктіріп,
Жылқыны жусанды жоннан айдатсам,
Желіге құлын байлатсам,
Сала құлаш селебемді
Қарқаралының қайрақ тасына қайратсам,
Сойысқа алдырған
Отар-отар қойымды,
Үйір-үйір жылқымды,
Келе-келе түйемді
Баталы құлдарға жайратсам,
Үш жүзге сауын айттырып,
Саба-саба қымызды
Сарыкеңгірдей ағызсам,
Күбі-күбі қымыранды
Қаракеңгірдей ағызсам,
Құйылып келген мейманды
Шалғынның ішінде шайлатсам,
Мұрттарын майлатсам
Балп-балп сөйлеп
Төрімде отырса байбатшам!
Сарыала сере қазыны
Келіндерім бүл-бүлк қайнатып,
Ақындарыма
Қартаны былқ-былқ шайнатып,
Даңқымды
Дүниенің төрт бұрышына жеткізіп,
Сарарқаны сахна еткізіп
Есік пен төрін жайнатып,
Розаны
Ертелі-кеш бұлбұл құстай сайратып,
Белуардан келер шалғынды
Тайбурылдың тұяғымен жықтырып,
Тəңірім палуандарымды мықты ғып,
Футболдан да ұттырып,
Қуаныштан кірпігіме шық тұрып,
Оралмандардың тізесін
Ордабасыға бүктіріп,
Қожа менен төреге
Қонағымды күттіріп,
Орыстың ойнақтаған сұлуларын
Саулы інгендей ыңырантып
Бура санды бұла жігіттеріме сүктіріп,
Есіл менен Нұраны
Балық сүзген балаларым лайлатып,
Бəйбішем жүрсе
Немерелерім мен шөберелерімді
Кемпірқосақпен ойнатып,
Солтүстіктегі суық көршімді,
Шығыстағы жуық көршімді
Күпті ғып,
Көңіліне қауіп ойлатып,
«Хабарға» тікелей эфир бергізіп,
Көңілімді бірлеп жайлатып
Қуанғаннан жүрегім лүпілдеп,
Бөрігімді айға атып,
Қаптамамды қырға атып,
Саптамамды сайға атып,
Өзім қырға шығып қой бағып,
Ойға түсіп ой бағып,
Елім бейғам болсын деп
Күн күзетіп, ай бағып,
Тəуелсіздігіме тəубе деп,
Төрткүл дүниеге тойлатып,
Алаша ханның басына
Асылдан ақтық байлатып,
Айбыныммен алыс-жақынды ықтырып,
Текті екенімді ұқтырып,
Осынша берген дəулетті
Көтеріп алсам тік тұрып,
Сен менің азат басыма қонбай,
Қайда қонасың, ей Бақыт!
ДАРХАНҒА
Сен – сенгенім!
Сенсіз жерде түседі еңсем менің.
Қапияда көз жазып қалам ба деп,
Көтере алмай еңсемді,
Кемсеңдедім.
Емшім менің!
Тағдырымнан тиген сəл еншім менің
Сені ойласам ұмытып мен өзімді
өзімді-өзім демедім,
Сенсің дедім.
Күнім менің!
Сенен басқа бар еді кімім менің!
Сен от басып қалар деп ойда жоқта
Көрсең еді жүрегім тілінгенін.
Тілінгенін, ей, жалғыз ұлым, менің!
АБАЙ ЕСКЕРТКІШІ
I
Тас болып тұрсың.
Өтеміз күнде осы арадан.
Өзіңнен басқа таппаймыз мұңдасар адам.
II
Абай ағамыз!
«Қазағым-ау» деп Сіз бізді көп аямаңыз:
Қатыгездікке келгенде қарайып əлі
Сабақ алатын жақсыны
Сабай аламыз.
Өтірік! Жалған –
аспанның астын кернеген
Бабаларымыз, меніңше, қасқырды ембеген:
Қақпанға түссе, тірсегін қиып кететін
Бөрінің серті сондықтан дəстүрге енбеген!
Қанағат та жоқ,
Рахымның ізі қалмаған,
Қайырым қылар дегенің – бұзық. Оңбаған.
Патшайым болар дейтіндей періште де жоқ,
Қу аяқ бар ма – қазақтың қызын алмаған!
Адамгершілік айырылды өз бағасынан,
Алдауға келсе, інісі озды ағасынан.
Түндіктен түсіп,
Кіндіктен қылмыс жасайтын
Түңіліп жүрміз қазақтың бозбаласынан.
Мұсылман таппай – отырар тізгін басында,
Тұлпарға тоқпақ таққан соң,
Құзғынға – сырға,
Құдайдан медет болмаса, қазағың əлі
Жылап көрісер, ей, аға, Сіздің ғасырға!
ӨЗІМШІЛ ӨЛЕҢ
Бойы – биік,
Ойы – ұшқыр,
Өңі – тəуір
Азамат боп өссін деп елі таныр
Шайқы-бұрқы біреуді туа салмай,
Махаббатпен жаратқан мені Тəңір.
Өзіме-өзім секілді енді қазы,
Сол тəңірге боламын мен де разы.
Сөз ермейтін соңына сорлы емеспін,
Жараспайды мен жайлы əңгіме азы.
Анам сүйсе қуанып «құлыным» деп,
Сол маххабат жүктейді ұлы міндет.
Патшадан да еңсемді биіктеттім
Мен Тəңірдің сүйікті құлымын деп.
Махаббатсыз шырайы енбес үйдің,
Мені сүйген адамды мен де сүйдім.
Шөліркеген ерінім кезергенде
Мейірі бір қанбаған пендесимін.
Дос өкпелеп жатса егер, жар кіналап,
Сүрінесің – болсаң да арғымақ ат.
Тарыдай мін таудай боп көрінсе егер –
Махаббатта болғаны бар кінəрат!
АҚЫННЫҢ ҮЙІ
немесе
ҚАСЫМ АМАНЖОЛОВТЫҢ
ҮЙІН ҚИРАТУ
Дегені қайда – басылды құйын?
Ақылым жетпей, ашиды миым:
Виноградов көшесіндегі
Қиратып жатыр Қасымның үйін.
Қайтейін, кембақ астана сені –
Тиетіндей-ақ басқаға себі
Қиратып жатыр Қасымның үйін,
Қиналып тапқан баспанасы еді...
Шақыр да шұқыр шаққанда əйнегін
Ажалдың сездім ақпандай лебін.
Біртіндеп сөгіп қабырғаларымды
Кеудемді бұзып жатқандай менің!
Жырды қорғаудың кешікті ережесі,
Қирады, сынды есік-терезесі.
Сəби жырлардың бесігі еді,
Бар екен сонша бесікте несі?
Шашылды жерге – шамдары сыңғыр,
Тағы да үйсіз қалды арысың бір.
Қиратып жатыр Қасымның үйін,
Қатыгез жандар, қолдарың сыңғыр!
Жүйрігім еді жыр көшіндегі,
Бауырын жазып бір көсілмеді.
Қиратып жатыр Қасымның үйін,
... Біздің үй соның іргесінде еді!
ДИЛЕММА
Қимайтын жанды қапа еттім,
Жақындарымды жат еттім.
Ортасында ылғи қаламын
Ербеңдеп жатқан екі оқтың.
Мойындап өмір өкімін,
Берік болмаққа бекідім.
... Сетінеп кете беремін,
Біреу емеспін.
Екімін.
Жібектен болса бір тінім,
Бір тінім – талы шырпының.
Тұтанып қоя беремін
Ойылып отпен жыртығым.
Екімін,
Екі бөлекпін.
Есемді жатыр елеп кім?
Біресе отпын маздаған,
Біресе сулы көнекпін.
Арбаса нəпсі-ыбылыс,
Алаңдай берем ұлып іш.
Көңілге неге сыймайсың
Көзіме сыйған құбылыс?!
МҰХТАР ƏУЕЗОВ
ҚАБІРІНІҢ БАСЫНДА ЖАЗЫЛҒАН ЖЫРЛАР
1
Сыйынайын
«Раббым» деп бір Аллаға,
Орала гөр тіліме, құран дана.
Тау-сəждеге басымды тигізейін,
Жайнамазым өзің бол, қыран-дала.
Түзетпесе қисығын өлім – Ана,
Қыңырым мен қырсығым мəлім, Аға.
Шұбар тілім сыймайды көмекейге,
Келтірмесе тылсымың кəлимаға.
2
Босап аға,
Келетін боздап іні,
Бар қазақтың бұл қабір – өз қабірі.
Итке ашамай салғаннан иман таппай
Сені іздедік – өлгенде сөз қадірі.
Теріс мініп тұғырын
тойсыраған
Үмбетіңбіз – тəубаға ой сұраған.
Күдірейтіп жүрсек те жалымызды
Толар емес орының ойсыраған.
Тұрқың асып тұрғанда көп тұғырдан,
Келмеуші еді шобырлар шоқтығыңнан.
Шыбындасақ соларға шұлғып басты
Бəрі, Мұха, өзіңнің жоқтығыңнан.
Шыққандай-ақ шалдықпай еркін қыстан
Шекесіне киеді бөркін дұшпан.
«Қой» дейтұғын қожасы болмаған соң
Шал көбейді шалдуар, кемпір мыстан.
Қызда – қауіп,
бұл күнде ұлда алаң бар,
Түлкі заман бүлкілін кім бағамдар?
Ішігінің астарын індетіп жүр
Інісіне сақалын бұлдағандар.
Жайлағандай жастықтың дерт денесін
Ұмтылады өңмеңдеп өртке несін.
Арқасынан бір адам қақпағасын,
Маңдайынан бір адам шертпегесін.
Азабына қазақтың қосып азап
Дұшпан таба қылады, досы – мазақ.
Жауға алдырмас жарағын дауға алдырып
Сормаңдай-ау шынымен осы қазақ?
Тұнжыраған көзімде тұнып бір мұң
өксігімді көмейде құмықтырдым.
Қайран Мұха, қадірің жеткен күні
Басыңа кеп, бөрідей ұлып тұрмын!
3
Құрысыншы.
Бəрі де құрысыншы.
Бірі – ақылгөй қазақтың,
Бірі – сыншы.
Бəрімізге жақсатты көрінем деп
Арамтер боп арада жүр үшінші.
Ескі дерті қазақтың дерсің мұны,
Түңілтеді тобасыз ер сұмдығы.
Сарқытыңнан садаға кеткірлер-ай,
Бірі – рушыл ағаның,
Жершіл – бірі.
Солай.
Аза бойыңды қаза қылған
Ит өмірдің несі кем дозағыңнан?
Қазақ, қазақ дегенде қар сындырып
Көресіні көрдік сол қазағыңнан.
Даңдайсыған дəлдүріш данасынар,
Жанап кетсең – жабатын жаласы бар.
Ит тірліктен іргеңді бөлгің келсе –
Жай табатын жалғыз жер – мола шығар...
ЕРТЕГІ
Ғалам жайлы ғажап сырлар шертеді –
Ертегіні тəуір көрем мен тегі.
Осы күні ойлап көрсем,
жасымда
Шешем маған айтпапты еш ертегі.
Балалық-ай – жамау-жасқау көрпелі,
Ақауы бар көңіл енді дертеді.
Айтпайын деп айтпады ма – мұршасы
Болмапты ғой айтар оның ертегі.
Соғыстан соң жимаған кез жұрт есін,
Сəби көздің жасын өзің сүртесің,
Таңсəріде кететін ол шығырға
Əкеміздің киіп солдат күртесін.
Шықпаған кез елдің əлі бүйірі,
Ең тəуір ас – жүгерінің түйірі.
Кешке келсе, күтіп оны тұратын
Жанбаған от, сауылмаған сиыры.
Парыз-бейнет босатпайды арқаны,
Отын шауып, диірменін тартады.
Су əкелу, тезек теру аз болса
Мүгедек боп оралған жар бар тағы.
Қалай бəрін үлгертті екен,
есепте!
Қалай ғана тесілмеді қос өкпе?
Ертегі боп ұйқыны бір қандыру –
Əзер жетіп жығылатын төсекке!
Ертегіде жібердің деп есені
Жазғыруға болмайды енді шешені.
Апашымның азайғанда бейнеті,
Алпамса ұлға ертегі айту кеш еді!
Қартайды ана.
Көп арман бар ойында,
Мазалайды ажал жайлы уайым да.
Мен шешеме айтам енді ертегі
Жүз жасайтын кейуаналар жайында!
ТЕРІСАҚҚАН
Сағымымен даланың жарыса аққан
Жақсылықтың алдынан желі соққан,
Кейінгі елге жылы сөз жеткізбекке
Хабаршыдай қуанып кері шапқан
Арқада бір өзен бар – Терісаққан.
Келісесің, болмаса керісесің,
Айтпағымыз əйтеуір кері шешім:
Терісаққан дейді жұрт бекер сені –
Саған жаңсақ таққан бұл теріс есім!
Жеткілікті болса да зейін-дарын,
Біз аңғарып жүреміз кейін бəрін:
Шөліркеген даланы шыр айналып
Теріс аққан шығарсың, мейірбаным?!
Аптабынан шілденің,
Сартамыздың
Кепкен кезде аңқасы арқамыздың, –
Кейін қарай бұрылып кеттің бе екен,
Келді ме екен далаға нəр тамызғың?!
Қазағымның қақ жарып кең даласын
«Терісаққан» атанып енді ағасың.
Бəлкім, барлық өзендер теріс ағып,
Оң ағатын жалғыз-ақ сен ғанасың?!
Бəлкім, барлық өзеннен сен ғанасың...
Бəлкім емес, менің еш жоқ күмəнім,
Сейілтейін күдіктің көк тұманын:
Терісаққан дегенде,
Терістердің
Бəрі сендей болса ғой деп тұрамын!
ТҮНГІ ТАКСИ
Жексенбі.
Түнгі он екі кезі.
Сəл тінте қарап мені екі көзі
Таксидің ішінде бір ару отыр
Бөлек жамалы,
Бөлек мінезі.
– Атың кім? – деп ем,
– Лариса, – деді,
Бетімді шарпып жалынша лебі.
Тұңғиық жанар тереңге қарай
Батыра берді ағынша мені.
Түріктің қызы – туған ай дерсің,
Жүрегің болса – туламай көрсін.
Қап-қара шашты,
Аппақ иықты
Жолыққан ақын жырламай көрсін!
Ұмытар лезде азабыңды ішік
Сұлулық, сенің ғажабың күшті.
Аққу мойынға жараса қалған
Тарыдай меңге назарым түсті.
Бұрқанса сезім кімді бұзбайды,
Жұтамыз ба екен енді біз қайғы:
Түнгі сұлуға тебіреніп айттым
Хафиздың жырын меңді қыз жайлы.
«Мейірбанды түркі аруы
Сүйсе мендей бейшараны –
Бір меңі үшін қияр едім
Самарқан мен Бұқараны».
Білетін жырым осы бар менің,
Дəулетім болса тосылар ма едім,
Хафиз сыйлаған екі шаһарға
Алматыны да қосып ал дедім.
Еліккен ұлдың кесір мінезін
Көрікті қалам, кешіргін өзің!
Қолымда болса қиятын едім
Ертіс пен Сырды,
Есілдің өзін!
– Алмаймын! – деді –
сыйларың қымбат,
Одан да Хафиз жырларын тыңдат.
Жомарт ақынның дидарын көріп,
Дауысын естіп тұрғаным қымбат.
Кезімде жырды кенет аңсаған –
Өзім-ақ əлі телефон соғам.
Əзірге хош бол,
атымтай ақын,
Тыныққан бүгін жөн екен саған.
– Атың кім? – деп ем,
– Лариса, – деді,
Бетімді шарпып жалынша лебі.
Елеңдеп əлі күтумен жүрмін
Телефон шалар деп сағынса мені.
Түседі жиі есіме тегі,
Тағдырым қандай шешім етеді.
Хафиздың жырын іздеген шақта
Звондай салса несі кетеді...
ЫРҒАЙ ЖЫРЫ
Ырғай, ырғай, ырғайлы,
Ырғай мойнын ырғайды.
Ғұмырыңды қысқартып
Уақытың зырлайды.
Ызыңына пенденің
Мойнын бір сəт бұрмайды.
Ырзығыңды берген боп
Қызығыңды ұрлайды.
Ырғай, ырғай, ырғайлы,
Ырғай мойнын ырғайды.
Баяны жоқ бұл дəурен
Басыңда көп тұрмайды.
Өкінішің өзеуреп
Өзегіңді тырнайды.
Көздің жасы кептеліп
Көмейіңде құрғайды.
Ырғай, ырғай, ырғайлы,
Ырғай мойнын ырғайды.
Ырылдасып қайтеміз
Сенде де бар бір қайғы,
Менде де бар бір қайғы.
Ырғай, ырғай, ырғайлы...
Ырғай мойнын ырғайды...
НƏПСІ ДЕГЕН КЕСЕЛДІҢ
Нəпсі деген кеселдің
Кесірінен неше өлдім.
Терім қалыңдаған соң
Терлемеуге төселдім.
Сөз сөйлесем жобалы
Ол өзімді табады.
Айтылмаса ақиқат
Кімге қалар обалы?
Қарап жүріп күйінем,
Жұдырықтай түйілем.
Жапырылам қоғадай,
Адырнадай иілем.
Түсіп кетсем топқа кіл
Алтын басым – қақпақыл.
Өзгермейді болмысым,
Осы менде жоқ па ақыл?
Көңілімнің жыртығын
Кеңейтеді түртіп ұл.
Дүрдигенмен сырты құр
Тақымында жүр тұғыр.
Жұртқа кінə тақпаймын,
өзіме-өзім жақпаймын.
Шырылдаған жанымды
Қай сандықта сақтаймын?!
ЕКІ СУРЕТ
Сұлу көрсем соңынан жүгіретін
Мынау – менің жас күнгі сүгіретім.
Шарап берсең шалқалап сіміретін
Мынау – менің бүгінгі сүгіретім.
Осы менің бүгінгі сүгіретім,
Қарай берме қажыма түріме тым.
Аяғына жем түскен тұғыр құсап
Етегіме болыппын сүрінетін.
Қашан қалай келтірген кім ретін
Көн секілді тартылған сірі бетім.
Күндер қайда жоғалған
Көлге барсам
Қармағыма ақ сазан ілінетін?
Жігіт едім жақсыға жүгінетін,
Жөнім бар-ау жалғаннан түңілетін.
Сындыр барлық айнаны!
Жырт альбомды!
Көрінбесін көзіме сүгіретім...
Сен не деген шеберсің, құдіретім!?
КҮЗГІ ЖЫР
Жоғал əрі санамнан сары уайым,
Қыркүйегім, келдің бе, шаруа айым.
Қырдың қызыл дүзгенін бір искемей
Мейірімінен даламның жарымаймын.
Жауа берсін ақ жауын себелеген,
Тауып алам бір қуыс шөмеледен.
Шайырлардың көзіне бір шалынбай,
Ши басынан тамшылап өледі өлең.
Қытықтаса желкемді тынысымен
Көк бестінің көремін мұнысын ем.
Саз-саз қылып шетелдік қалпағымды
Толтырамын көсікке құм ішінен.
Шуылынан мезгілдің мезімін бе –
Сабандалып қалғандай сезімім де.
Бір тал изен қыбырсыз салбырап тұр
Көкбестінің қап-қара езуінде!
Күн ашылды.
Бауырлап бу ұшуда,
Қара жидек езілді уысымда.
Бəтіңкемді жалатып маң төбетке
Маужыраймын маяның қуысында.
Тауан тауып таусылған тағатыма
Қарамаймын жаутаңдап сағатыма.
Күздің исі аңқыған күйлі жырды
Оқып берем көнтерлі көк атыма!
ЕРТЕРЕКТЕУ ЕРЖЕТІППІН
Ертеректеу ержетіппін
өтіп дəурен, озып ғалам.
Киіс көрген керзі етіктің
Жұлығындай тозып барам.
Уатылып төзім бордай
Қайда асығыс алып-ұштық?
Қасатталып сезім қардай
Суынды ерте қаным ыстық.
Тұлпарын бір тебінуге
Қысса жастық тақымын сəл,
Жігіт болып желігуге
Жібермеді ақылым – шал.
Саяқ жүрген құландаймын,
Жығылады жығам қай күн?
Ештеңеге қуанбаймын,
Ештеңеге жұбанбаймын.
Жүрегімен арыстанның
Қозыдайын көгенделдім.
Дел-сал болған данышпанмын,
Қайғы жұтқан кемеңгермін.
Ойыма мұң мінгесуде,
Тəңірім-ау, есірке бір:
Тақуа боп күн кешуге
Тати ма екен осы ит өмір?
ТҰРМАҒАМБЕТТЕН ТƏРЖІМА
Ойланып алмай – іс қылма,
Сайланып алмай – күш қылма.
Шамаңнан артық шоқпарды,
Беліңе бекер қыстырма.
Белдігің бекем болмаса,
Екі қол жүрер ышқырда.
Сөзіме бəрі күлді деп,
Үйірсек болма мысқылға.
Қадірі кеткен кезінде,
Алтынды қорлап, мыс қылма.
Сағынтар кезі болады,
Сары аяз буған қыстың да.
Қамыстың күні жетпесе
Себепсіз түспес ұшқын да.
Өшіріп жатса ел өртті,
Шатырым менің шетте деп,
Қауымнан сен де тыс тұрма.
Шуылдың бəрі бір ғой деп,
Дауылмен бірге ысқырма.
Бойыңа шақтап өлшеп ал,
Ұқсағың келсе ұстынға.
Күбіге тиер септігі,
Түтіннен болған ыстың да.
Еліңнің қамын ойлай жүр –
Қырандай көкке ұштың ба.
Көлеңкесі жерде болады,
Аспанда жүрген құстың да!
ƏЙЕЛГЕ ОДА
Қай жерде, мейлі, қай елде
Əлемнің мəні – Əйелде.
Шын мықты болсаң оныңды
Əйелге барып дəлелде!
Əйелсіз айтпан əнді мен,
Əйелмен дəмді əңгімем
Сүйкімді болсаң шынымен
Əйелің сүйсін алдымен!
Əйелге мəлім көп сырың,
Сүрінсең – əйел деп сүрін
Халыққа сыйлы болмайсың
Əйелге болсаң жексұрын.
Əйелсіз қонды бақ қашан,
Əйел деп түстік отқа сан.
Əлемнің тілін таппайсың
Əйелдің тілін таппасаң!
Ананың сорып емшегін
Басылған талай кемсеңің.
Бəдік боп өмір кешесің
Бермесе əйел жень-шенін.
Болмасын əйел назалы,
Болмасын əйел жазалы.
Кеудесін қаққан талайдың
Əйелден болған ажалы!
Əйелден ыстық от бар ма?
Сол үшін түстік көкпарға.
Қарғағың келсе біреуді
Əйелің өлсін деп қарға!
Əйелмен құның өлшенер,
Құдайдан кейін – сол шебер.
Бақытты сен де болмайсың
Əйелің сорлы болса егер!
Сырыңды соған ашасың,
Шөліңді содан басасың.
Адамның күні əйелмен,
Əйелдер мəңгі жасасын!
БАҚ ПЕН СОР
I
Келді-кетті дүниеге бір ақын,
Өмірі тек өксулерден тұратын.
Ешкім оның ұғынған жоқ мұратын,
Ешкім оған жасаған жоқ рақым.
Ойы биік,
Бойы биік ортадан
Жанды-сөнді лапылдаған өрт-адам.
Ешкім оны сыйпаған жоқ маңдайдан,
Ешкім оны қаққан емес арқадан.
Басын исе,
адалдыққа иетін
Ешкім оның түсінген жоқ ниетін.
Өзегінен теуіп жатқан өмірді ол
Өгейсімей,
Өліп-өшіп сүйетін!.
Ғашық еді тіршілікке ол байғұс,
Қасіретке құштар еткен қандай күш?!
Кешіп жүрді ол өлеңнің өзенін,
Басына тек бақыт болып қонбай құс.
Досы да жоқ.
Дос дегені – ол да жау.
Жоқшылықтың көз жасына толды ожау.
Оңды-солды шашты жырдан несібе
Бақытсыздар етсе екен деп талғажау.
Ол жүрегін жүргенімен жырлатып,
Бұйырмады маңдайына бір бақыт.
Арулардың жанарынан сыр оқып,
Аналардың алды жасын құрғатып.
Таусылғанша соңғы демім-тынысым,
Тек өлеңнің тасытам деп ырысын.
Жырдың ғана қабағына қарайлап,
Өмірін де құрбан етті жыр үшін.
Қасіреті қарығанмен қанша ішін,
Жыр-тұлпарға басып соңғы қамшысын.
Келешекке сəлемім деп,
Өлеңге
Сарқып құйды жүректің қан тамшысын.
Қара өлеңмен көгерер деп көсегем,
Жанын жырға жөргек етіп төсеген.
Бір өлеңге бар ғаламды сыйғызды ол,
Соңғы өлеңім емес пе деп осы өлең.
Білуші еді ол ажалдың күтпесін,
Білуші еді бəрін жазып бітпесін.
Қолындағы қалам сусып түскенде
Соңғы өлеңнің қойды соңғы нүктесін.
Қолында өлең –
Қансыраған жансыз хат,
Жылап тұрды жүрегімен жар сыздап.
Тіршілікте қолға түспей,
Өлгенде
Басына кеп қонып жатты арсыз Бақ.
Тасынғанда – теңіз болып толатын,
Ашынғанда – гүлдей қурап, солатын,
Өлең үшін өмір сүрген сол ақын –
Мұқағали Мақатаев болатын!
II
Шаттық жоқ шабандозда Шалкөдесіз,
Шөмиіп, секілді бір шал кəдесіз
Иесі аттанғанда қан майданға
Шалқұйрық Шалкөдеде қалды егесіз.
Ұшқандай дəл сол күні баста бағы,
Жадырап енді шырай ашпағалы
Телмірді күнбатысқа бір жас бала,
Ұқсайтын қыран құсқа қас-қабағы.
Қыран құс түлемесе қомдана ма,
Шілдеде жылына ма тоңған ана.
Иесіз Шалқұйрықтың киесі мен
Шылбыры қалып еді сол балада.
Өмірдің керуені тоқтасын ба,
Жанашыр əкесі де жоқ қасында,
Жамылып атасының жарғақ тонын
Жанығып жыр жазатын от басында.
Тіліне кейде оралып Құран – дана,
Ерте-кеш құмартқаны жыр-əн ғана.
Шаңқылдап шəулі бүркіт болып шықты
Қабағы қатыңқылау қыран-бала.
Қуалап құдірет күш қан тамырды
Елемей жолдағыны жаңқа ғұрлы
Шарықтап кетуші еді шайыр бала
Құшақтап қиялымен Хан–Тəңірді.
Көзіне көрініп бір бақ құсы аппақ,
Жарқылдап шың басында жақты шақпақ.
Үйреніп найзағайдан жарқылдауды,
Тұратын тау басында от құшақтап.
Тұңғиық тереңімен көл шымырлап,
Кететін құлағына жел сыбырлап.
Тілейтін Қарасаздың кемпір-шалы:
Я Құдай, сол балаға берші бір бақ.
Бар ма деп Шалкөдені шолатын күн
Баланың жанарына толатын мұң.
Халықтың қайғысы мен қасіреті
Шер болып шөкті ішіне сол ақынның.
Жыр жазып арасында жүрді ауылдың,
Қойсын ба құдіреті жыр-дауылдың.
Сөзімен сызып заман суретін
Айналды ақынына бір дəуірдің.
Жазғанмен жан жарасын үрлеп уақыт,
Жесірмен қайғы-көлге бірге батып,
Жүретін Қарасаздың көшесінде ол
Басынан Хан-Тəңірдің жыр боратып.
Күзетіп босағасын боздақтардың
Ошақта өлең отын маздатты əр күн.
Есіне түсіп кетсе есіл ерлер
Ызғарын сезінетін жазда ақпанның.
Түнектен тілегендей жанға жалын,
Жүректе тұншықтырып мəңгі азабын,
«Есіктің» кафесінде отыратын
Ішінде жалғызсырап даңғазаның.
Жөңкілген Хан-тəңірі бұлты сынды
Жұмбағын жүрегінің кім түсінді.
Адамзат көктемінің хабаршысы
Жоғалтып алдым бір күн жыл құсымды.
Райымбек! – деп туған ұранды ақын
Түсіріп жырмен елге Құран–хатым,
Шалқұйрық шашасына шаң жұқтырмай
Шалкөде, Қарасаздың шығарды атын.
Еңбегін еткен емес елге міндет,
Естіді ел қыршын күйде өлгенін тек.
Жұрт енді мін тағады сол ақынға
Жамбылдай неге жүзге келмедің деп.
Ақынға мақсат па екен көп жасаған,
Көп күнді көрсетпеді көз жасы оған.
Алыптың бар міндетін атқарыпты
Халықтың ұлы болған жап-жас адам.
Аз жасау болып еді күнə қашан,
Ел неге айтады əнін – ұнамаса əн.
Жоқтауын тұрмын жырмен жеткізе алмай,
Көрісіп Қарасазға жыламасам!
ТАЛҒАР ТАУЛАРЫ
Аспанның алыстығын аңғартар бар,
Армысың, көк тіреген заңғар таулар.
Түсіріп басындағы бөркін жерге,
Қасымды тамсантып ең, Талғар, Талғар!
Сол шыңдар,
Емессіңдер басқа шыңдар,
Келіп тұр етегіңе жас Қасымдар.
Биікке құмар болған жүрегім бар,
Қасыммен достасқандай достасыңдар.
Биікке қарай қалсақ аңырып біз,
Жол беріп жатыр жырға жарылып құз.
Тасыңа тəу етуге рұхсат бер,
Басыңа қонған кезде самұрық – құс.
Таң қылып қыз-жігіттей арша-қайың,
Жаңғырып жатыр менің жан сарайым.
Тіземді бүгіп саған тағзым етіп,
Қыз өңді бір таңыңды қарсы алайын.
Таппадым құпияңды жол аралар,
Сұлуға жасырынған болар амал.
Басыңда аунап жатқан бұлтыңды бер –
Етейін сағынғанда қол орамал.
Төбемнен төге салсаң нөсеріңді,
Түсінем – тірсектен су кешерімді.
Тазарып қайтар едім Алматыға,
Уілдеп өлең қылып əсерімді.
Жұқтырса шыңдарға күн шұғыласын
Сүрініп көк шалғынға жығыласың.
Бетпе-бет келгеніңде шын биікпен
Аласа екеніңді ұғынасың.
Жұпар боп көкірекке кірсін орман,
Жаңғырып жыр ішінде жүрсін арман.
Тілімді кəлимаға келтірейін –
Тартар ма табиғатқа бір шығармам!
ТƏУЕЛСІЗДІККЕ ТƏУЕЛДІЛІК
Ей Аллаһ,
Шашу етіп шаттығымды,
Бұйырттың пешенеме сəтті күнді.
Өзіңнің есіміңмен қатар қоям
Тəуелсіздік деген бұл тəтті ұғымды!
Ұшырып азаттықтың құсын қолдан,
Бабамның тұншыққанда ішінде арман.
Қазақтың тарихында соғыс болса,
Барлығы тəуелсіздік үшін болған.
Шулатып шүршіт-қалмақ шапқанда елді,
Болғандай бір əділет хақтан белгі.
Дұғадай жыры ма едің Доспамбеттің,
Ақтаң ба ең аңсап өткен Ақтамберді?!
Шұбырған көші ме едің «Елім-айдың»,
Суырған сесі ме едің Абылайдың?
Сен менің тарихымды танымасаң,
Тəуелсіздік!
Мен сені танымаймын!
Сен менің тарихымды оң бағала,
Сен маған туысасың сонда ғана.
Құлдықтан құлқым азат болған шақта
Қаймықпай қарсы барам бомбаға да!
Болса егер дінім – дербес, тілім – бостан,
Естілсе ғаламшарға үнім қосқан.
Қазақ боп туғаныма қуана алсам,
Көшер-ау көрген түстей мұңым бастан.
Тапжылмас тұғырым боп тасы берік,
Сен менің беремісің басыма ерік?
Мен төрткүл дүниені шарлағанда,
Қорғаштап жүремісің қасыма еріп?!
Қоғамға басу айтып күнде өлермен,
Саңқылдап мен сөйлесем мінбелерден.
Алаштың сесі болып төбемде тұр,
Түнермей темір торлы түрмелерден!
Таптамай туған жердің гүлін ешкім,
Келеді қадірімді біліп өскім.
Көтеріп Қазақстан көк байрағын,
Жүрейін дүрмегінде ұлы көштің!
Көңілде халқым үшін қалмаса алаң,
Болсын деп елім аман,
Елбасы аман.
Тілеуіңді тілеймін, Тəуелсіздік,
Тəуменмін,
Тəуелдімін онда саған!
БАС
(Мұхтарға)
Басқаларды қайдам:
Менің басым – біреу.
Жалғыз басқа ойдан
Таппай жүрмін тіреу.
Тауға да оны ұрдым,
Тасқа да оны соқтым.
Есеңгіреп тұрдым,
Есті болған жоқпын.
Жарғақ басым қанын
Сорғалатты кілең.
Бірақ, менің жаным
Басымда емес білем.
Тиіп басым тасқа
Кейде ашиды миым.
Дұшпаны көп басқа
Ие болу қиын.
Оңғарылмай жолым
Басым талай сынды.
Тек ішінде соның
Бірдеңе бар сынды.
Көрешегін көрмей
Кірмес сірə көрге.
Мен игенмен жерге,
Ұмтылады ол төрге.
Қадірімді кісі
Біле түссін дей ме:
Ойға толып іші
Сықырлайды кейде.
Бітпей мəңгі егес
Ағарғанмен шашым
Тыншу табар емес
Менің қара басым.
Таусылғанша демім
Қуармын бір елес.
... Тыныш жүрер едім;
Басым екеу емес!
ҚАРАҒАНДЫ
Туған жерге талантыңды қишы бар,
Өлең арна,
Əн асқақтат,
Күй шығар.
Қарағанды – Қазыбектің шапаны –
Шалғайында Сарыарқаның исі бар.
Күдірейсе шахталардың жотасы
Ауасынан көмір дəмін татасың.
Қарағанды – көре білген кісіге
Тəттімбеттің күйлерінің нотасы.
Алмас қылыш, қында жатып жұқардың,
Келер əлі балдағыңнан тұтар күн.
You have read 1 text from Kazakh literature.
Next - Алыстан жəне жақыннан - 02
  • Parts
  • Алыстан жəне жақыннан - 01
    Total number of words is 4065
    Total number of unique words is 2738
    23.7 of words are in the 2000 most common words
    35.4 of words are in the 5000 most common words
    43.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Алыстан жəне жақыннан - 02
    Total number of words is 4022
    Total number of unique words is 2611
    28.4 of words are in the 2000 most common words
    41.9 of words are in the 5000 most common words
    48.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Алыстан жəне жақыннан - 03
    Total number of words is 3944
    Total number of unique words is 2403
    30.9 of words are in the 2000 most common words
    45.1 of words are in the 5000 most common words
    52.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Алыстан жəне жақыннан - 04
    Total number of words is 3872
    Total number of unique words is 2447
    29.5 of words are in the 2000 most common words
    42.8 of words are in the 5000 most common words
    50.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Алыстан жəне жақыннан - 05
    Total number of words is 3862
    Total number of unique words is 2377
    30.6 of words are in the 2000 most common words
    43.7 of words are in the 5000 most common words
    50.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Алыстан жəне жақыннан - 06
    Total number of words is 3841
    Total number of unique words is 2408
    25.2 of words are in the 2000 most common words
    36.7 of words are in the 5000 most common words
    43.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Алыстан жəне жақыннан - 07
    Total number of words is 3939
    Total number of unique words is 2369
    31.2 of words are in the 2000 most common words
    44.1 of words are in the 5000 most common words
    51.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Алыстан жəне жақыннан - 08
    Total number of words is 3821
    Total number of unique words is 2098
    29.9 of words are in the 2000 most common words
    42.9 of words are in the 5000 most common words
    50.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Алыстан жəне жақыннан - 09
    Total number of words is 3885
    Total number of unique words is 2095
    27.9 of words are in the 2000 most common words
    39.8 of words are in the 5000 most common words
    46.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Алыстан жəне жақыннан - 10
    Total number of words is 3858
    Total number of unique words is 2190
    27.8 of words are in the 2000 most common words
    40.4 of words are in the 5000 most common words
    47.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Алыстан жəне жақыннан - 11
    Total number of words is 3828
    Total number of unique words is 2270
    30.4 of words are in the 2000 most common words
    44.4 of words are in the 5000 most common words
    51.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Алыстан жəне жақыннан - 12
    Total number of words is 3890
    Total number of unique words is 2453
    27.5 of words are in the 2000 most common words
    41.1 of words are in the 5000 most common words
    47.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Алыстан жəне жақыннан - 13
    Total number of words is 3919
    Total number of unique words is 2420
    28.3 of words are in the 2000 most common words
    41.9 of words are in the 5000 most common words
    50.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Алыстан жəне жақыннан - 14
    Total number of words is 3961
    Total number of unique words is 2357
    31.7 of words are in the 2000 most common words
    44.1 of words are in the 5000 most common words
    51.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Алыстан жəне жақыннан - 15
    Total number of words is 3724
    Total number of unique words is 2536
    22.9 of words are in the 2000 most common words
    33.2 of words are in the 5000 most common words
    39.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Алыстан жəне жақыннан - 16
    Total number of words is 3909
    Total number of unique words is 2501
    25.1 of words are in the 2000 most common words
    35.9 of words are in the 5000 most common words
    42.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Алыстан жəне жақыннан - 17
    Total number of words is 3837
    Total number of unique words is 2404
    28.5 of words are in the 2000 most common words
    39.3 of words are in the 5000 most common words
    46.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Алыстан жəне жақыннан - 18
    Total number of words is 3925
    Total number of unique words is 2483
    29.7 of words are in the 2000 most common words
    43.7 of words are in the 5000 most common words
    50.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Алыстан жəне жақыннан - 19
    Total number of words is 3914
    Total number of unique words is 2383
    28.3 of words are in the 2000 most common words
    41.3 of words are in the 5000 most common words
    48.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Алыстан жəне жақыннан - 20
    Total number of words is 4116
    Total number of unique words is 2436
    28.6 of words are in the 2000 most common words
    41.0 of words are in the 5000 most common words
    48.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Алыстан жəне жақыннан - 21
    Total number of words is 3854
    Total number of unique words is 2493
    26.6 of words are in the 2000 most common words
    40.5 of words are in the 5000 most common words
    48.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.