Latin Common Turkic

Алыстан жəне жақыннан - 02

Total number of words is 4022
Total number of unique words is 2611
28.4 of words are in the 2000 most common words
41.9 of words are in the 5000 most common words
48.7 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
Алба-жұлба ала бұлттың ішінде
Елесі жүр буырқанған Бұқардың.
Қарағанды – алғы сөзі ғасырдың,
Нүркен болып атағыңды асырдың.
Теміртаудың будақ-будақ түтіні –
Шамырқанған шумақтары Қасымның!
Қажет кезде – патшаға да тақсыңдар,
Қажет кезде – аққа Құдай жақсыңдар.
Қарағанды – замананың бетіне
Былш еткізіп түкіретін С.Ақсұңқар.
Алты алашқа азық болған ақылы
Қарағанды – ол Ақбайдың Жақыбы.
Қарағанды – Қарабастың түрмесі,
Тауқыметтің темір құрсау тақымы!
Кенші қазақ маңдай терін сыдырып
Жатқан жерге келу қиын қыдырып.
Қазағымның қатқан кезде қабағы
Қарағанды – түйілетін жұдырық.
Қарағанды – қасиетті ол Отан,
Қарағанды – ескі тарих, жаңа таң.
Қазағымның ашылғанда қабағы
Қарағанды – аялайтын алақан!
Айтарыңды жасқанбай айт, тіл өткір,
Қарағанды – дүрсілдеген жүрек бұл.
Қарағанды – қара бақан секілді
Қазақстан шаңырағын тіреп тұр.
Көптей көріп, құрметтеген аз ұлын,
Қарағанды – маңдайдағы жазуым.
Қарағанды – қадірімді іздесем –
Қайта айналып тауып келер қазығым!
*****
Құлдың сөзін құрдым заман іріктер,
Майданға əлі шығарсыңдар мініп кер.
Əзəзілдің əлдиіне арбалып,
Ұйықтап қалған жоқсыңдар ма, ей, жігіттер!
МҰСТАФА ШОҚАЙ
Қазақ елі – ел ғой деп енді іргелі
Көңілімді күмəнсіз сендіргелі,
Тарихыма тəу етіп,
келіп тұрмын.
Бейітіне Шоқайдың Берлиндегі.
Үйірілді таңдайға жыр тəттісі,
Үлгі болар кісі еді ұрпаққа ісі.
Тəуелсіздік жолында тəуекел деп,
Құрбан болған қазақтың бір тоқтысы.
Бұлтқа кіріп барады ұрланып күн,
Жетімсіреп бейіті тұрды алыптың.
Бір уыс боп бүрісіп жатуын-ай,
Қайта тумас көсемі бір халықтың.
«Біз – бұлақпыз.
Мұстафа Шоқай – теңіз,
Түркістанмен есімін атайды егіз», –
Деп тілмашқа жатырмын түсіндіріп,
Ұқпады ма, ұқты ма ноқай неміс?!
Жанын баққан жалдама – білер кімді,
Таң еді ғой Мұстафа түрер түнді
Маңдайдағы марғасқа маңғазымды
У берген қасқырдай ғып кім өлтірді?
«Қаһарманым қатарға қосылшы» деп
Отырмады бір қазақ басын сүйеп.
Оралғанмен рухы туған жерге,
Жатыр əлі жат елде асыл сүйек.
Қабыл болмай баяғы ақ батасы,
Күңіреніп жатыр ма датқа атасы.
Кіріп бара жатқандай қара жерге,
«Мұстафа бей» деп жазған тақта тасы.
Жайсыздау боп жатқаны-ай шіркін ердің, –
Деп басыңа күмбездеп үй тігер кім?
Терезеңді тең ұстап, түркімін деп
Жетегіне жүрмеп ең Гитлердің.
Қапияда мерт болған қырғи құсым,
Көсемдердің аузына құм құйды шын.
Шоқайұлы шабына шоқ түсірсе,
Сталин де төрт бөлген түнгі ұйқысын.
Талайлы тағдыры үшін алты Алаштың
Азабын ақыреттің арқаластың
Балапанын алдырған бозторғайдай
Жер мен көк арасында жанталастың!
Асыл еді Мұстафа.
Сол асылдың
Тəу етеді жат жерде моласын кім?
Тасбауыр ел талпынып іздемеді-ау,
Тағдырына тəуелсіз талас ұлдың!
Қадіріне жетпесек бар асылдың
Таусылады тасмаңдай шарасы ұлдың.
Елейді деп ел қашан есіл ерді
Сол бейіттің басында аласұрдым.
Шоқай десе қалады тіл күрмеліп,
Ештеңе айтып елге біз үлгірмедік.
Қор еттік пе бұл сөзді жетесізге,
Шығара алмай шылбырдан бүлдіргелік.
Шенеуніктің тілінде шүлдірледік,
Ел шетіне Шоқайды ілдір дедік.
...Осы арманым аманат саған, Ұлым,
Сен екеуміз кетпеспіз бір күнде өліп!
АБАЙҒА ӨКПЕЛЕУ
Жырымен жүрек дертін емдер кей күн,
Мен Абайды ешкімге теңгермеймін.
Ақиқатын айтқанда, ұлы ұстазды,
Өзім туған əкемнен кем көрмеймін.
Əкеңнен жақын сірə, кісің бар ма,
Бастырса,
Сол бастырар ісіңді алға.
Өлең мені өгейсіп қалса,
Абайдан
Медет сұрап жүремін қысылғанда.
Жыр-жарыста əркімге бас қайғы деп
Абай-əкем жұмбағын ашпайды көп.
...Қазақ бекер айтпаған:
Əкенің де
Жақындығы жездеден аспайды деп!
ҚАЗАҚ БАЛАСЫН ҚАЙРАУ
Шежірені шиырлап тарата алам,
Тусақ, туған шығармыз əр атадан.
Өзіңді өзің сүйрелеп, қатарға қос,
Ей, қазақтың баласы қара табан!
Қарындаспын, қандаспын, жүректеспін,
Сол жүректен мен саған тілектеспін.
Алп-алп басқан аталар əулетіміз,
Сенен асып туған жоқ білекті ешкім.
Көптен көмек күтпей-ақ,
достан – қайыр,
Тасмаңдайдан тағдырды жасқанбай ұр.
Сен туғанда қуанған əке-шешең
Берді ғой деп Тəңірім қошқардай ұл.
Күнге қарап, қырандай қанатың кер,
Сені көріп серпілсін қара түндер.
Сұрамайды Құдайдан ұлды қазақ
Жүрсе екен деп əйтеуір санатында ер.
Жайсаңсың, сен,
Жарқылдап жүр ендеше,
Жігіт оңбас – жігерді шідерлесе,
Үлесіңді тартып ал, сұрап алма,
Ешкімнен де именбе.
Жіберме есе!
Сыр қадірі – тек қана сұрасқанша,
Жат түгілі, жақынға сыр ашпа онша.
Сен басқадан артықсың – анаң егер
Қуанғаны қалжа жеп рас болса!
Болу керек жігітте айла күшті,
Парасатпен пайымда пайдалы істі.
Барша қазақ елінің бақ-талайы
Тағдырыңа бір сенің байланысты.
Жігітсің бе, мақсаты, мұраты бар,
Құз басынан құлжаңды құлатып ал.
Жарқ ететін сағатың соғады əлі,
Оқталмаған мылтық та бір атылар.!
Өз жолыңды табатын жетті күнің,
Алғырлығың көрінсін,
ептілігің.
Болсаң болып, болмасаң – бордай тозып
Танылатын шақ осы тектілігің!
Сен оңбасаң, оңады қайдан халық?
Тойдан қалсаң қамықпа.
Ойдан қамық.
Аламанға түскенде бəйгеңді алып
Сен жүруге тиіссің жайраң қағып.
Тауқыметін тартсаң да азаптың көп,
Қуана біл, қарағым, қазақпын деп.
Атыңды сəл оздырсаң, сол қазағың
Жібереді мықты ғып.
Өзі-ақ, Күндеп!
АҚЫННЫҢ ЖАРЫ
Түндердің енді серпі қанатын,
Күн келді демді еркін алатын.
«Келеді қайтып өлеңін айтып»
Соғыстан тапқан дерті бар ақын.
Тізгіні қолға тиген сəт енді,
Сабаға түспек үйленсе əпенді.
Сабылып іздеп,
Сабырсыз жүрек,
Сағынып құшты сүйген Сəпенді.
Мойнына жар боп келіп асылды,
Көңілдің шемен шері басылды
Сəпен сұлу да серігім деді
Сұр шинель киген сері Қасымды.
Шерлі болмасаң, шерді ұғасың ба,
Еркелесең де, ерді басынба.
Серінің серттей сөзіне сеніп
Тағдырын Сəпен берді Қасымға:
– Айналсын, - деді; – сертіңе сертім,
Дертіңді менің дертім етермін
Əніңді сенің айтып өтермін,
Күйіңді сенің шертіп өтермін.
Бір ғана сөзді сұрасып алмақпын:
Шын сүйсең – сертте тұрасың, ардақтым.
Пейілін маған нəсіп ете гөр
Айшаны сүйген Расул Аллаһтың!
Жүр екен жүрек тек іштен жүдеп,
Таптым-ау жебер періштемді деп,
Сəпен сұраған сол ауыр сертке
Сеніскен жүрек
келісті елжіреп.
– Дауасыз жалғыз себепке айналып,
Тек ажал бізді бөлектей ме анық?
Садағаң болсын Сəпенің онда,
Өтейін сені бөбектей бағып!
Қуантып көзін көрікті Ай, Күні,
Қалар деп шошып сөніп қай күні,
Қасымның жары қасында жүрді
Бөліп бақытты, бөліп қайғыны.
Көрсетпей көзден шық құлағанын,
Уын да бірге жұтты қаланың.
Қасыммен бірге жадырап күліп,
Қасыммен бірге шытты қабағын.
Торғын деп киіп ескі көйлекті,
Қасыммен бірге кешті бейнетті.
Тарпаңдау ақын тарыққан жардың
Кейіген сөзін естімей кетті.
«Қамығып келсем – күліп тұрасың,
Дертімнің барын ұмыттырасың».
Өлеңнің отын лаулатып жағып,
Жаураған жарын жылытты Қасым.
Азайды дерті, басылды мұңы,
Көңілдің жайнап ашылды гүлі.
Сақыпжамалы – Қасымның жары,
Қасымның айы, Қасымның күні.
Жарының көзі – сезім айнасы,
Жалт ете қалған кезін ойлашы.
Қасымның жары – өзі Лаурасы,
Қасымның жары – өзі Лəйласы.
Деген жоқ дертке басым байланды,
Ақынды көрді досындай мəңгі.
Зəредей селкеу арада қалмай,
Сəпеннің өзі Қасымға айналды.
Ақылын құяр арна табылды,
Үйінде жұмақ орната білді.
Махаббатының шырағын жағып
Тəңірге емес, жарға табынды.
Сөзбенен сомдап таза сымбатын
Жүрекке мəңгі жазасың ба атын.
Ақылман əйел – ақынның бағы
Ақынның соры – мазасыз қатын.
Желіксе ақын – жері көтерер,
Желікпен жырдың жерігі өтелер.
Тəңірім, барлық ақынға сондай
Айнымас жарды серік ете гөр!
Қосылып үні егіз бұлақтың
Жемісін халал жегізді бақтың.
Сегіз жыл бірге дəурен кешірді
Салтанатындай сегіз жұмақтың.
Өбектеп дертін, жарасын емдеді,
Алдырды қолға анасын елдегі.
Отқа да түсті пəруана жары,
Ажалға бірақ шамасы келмеді.
Өлеңін жазып хатындай мəңгі
Қасымы өлмес ақынға айналды.
Шарасы қайсы, шырағы сөніп,
Хош айтар сəті жақындай қалды.
Елестет көзге Қасым ажалын,
Суалтты сырқат асыл ажарын.
Өмірден өтер сағаты жетіп,
Шақырды Қасым қасына жарын.
Қалтқысыз сүйген қыз есінде еді,
«Жастығымды өзі түзесін» деді.
Сылқ ете қалды Қасымның басы
Сақыпжамалдың тізесіндегі.
Өмір таусылды. Сайран басылды.
Ажал кеп алды қайран Қасымды.
Ұйықтап кетті Айша анамыздың
Тізесіндегі Пайғамбар сынды.
Сөзінен сыпсың шошымай елдің,
Келеді мен де осылай өлгім.
Пейіште нұрын шалқытсын Аллаһ
Ақынды сүйген асыл əйелдің!
БАУЫРЖАН ЖАҚЫП
Көрдім талай іріні –
Бауыржаным тұр дара.
Қасымдағы бір іні,
Соңымдағы бір қара.
Көңілдегі елесті
Көрсетеді жыр-айна.
Бұлың-бұлың көмескі
Құлын күнің жүр ойда.
Жолығатын жамырап
Қозыдайын көбеген.
Аузын ашса маңырап
Төгілетін көп өлең.
Жазатын ол жыр түмен
Деп ауылда қалды үйім.
Əжесінің құрты мен
Сағынатын əлдиін.
Жүрегінде сөндірмей
Жүрген отын даланың.
Сағынушы ем мен бірге
Əжесін сол баланың.
Зуылдама, зырлама
Десең, уақыт тоқтар ма.
Өлең құмар бір бала
Кіріп кетті көкпарға.
Жолықты ма олжаға
Өмірменен беттесіп,
Уылжыған сол бала
Ақын болып кетті өсіп.
Сіңіп кетті ол сағымға
Жүйрік аттай жыл шығып.
Арқасынан қағуға
Жүрем енді қымсынып!
САЙЛАУ БАЙБОСЫН
Сайлау дос,
Сайлау іні,
Сайлау ақын,
Кез келді сен жайлы да ойланатын.
Ауылдың жаратылған жүйрігісің
Алматыға апарса бəйге алатын.
Болмайды өзің жайлы толғанса артық,
Өлең сөз өзегіңді алған шарпып.
Шетелдің адамына көрсететін
Салдар мен серілерден қалған сарқыт.
Ұрпағың десем сізден бек кем емес –
Бөгенбай бабаң бізге өкпелемес.
Көзіме сен боп кейде көрінеді
Баяғы батырлардан жеткен елес.
Ауылдас ағайынның ұйтқысы ма ең,
Қауымдас қаламгердің мықтысы ма ең.
Жүресің елден саяқ, көптен жырақ,
Алысып Ерейменнің ит-құсымен.
Балқытып баялыштай жанса сезім
Желге ұшып кетіп жатыр қанша сөзің.
Дон-Кихот болған кезде Қанай ағаң,
Қасында жүрген Санчо-Пансосы өзің.
Белгілі əркім түрлі тон пішері,
Бойыңа өнерпаздың қонды шері.
Қанжығалы баласы хан көтерген
Ішінде Сүйіндіктің соңғы сері!
1
ҚАСЫМ ӨЗІ ТУРАЛЫ
Бəйгеден жүргенімен келмей атым,
Туған жоқ тұл ғасырда мендей ақын.
Күркілдеп жүргенімде күнім бітті,
Оқыса, оқи берсін енді аятын.
Ертеңге талпынғанмен ер көңілім,
Шықпайды бұрынғыдай сергек үнім.
Дүние дөңгеленіп өтер шақта,
Көлбеңдеп көз алдыма келді өмірім.
Кешіріп қиындықтың бəрін бастан
Бұл Қасым қияметтің төрін басқан.
Сөзіме сыйғыза алмай жүруші едім,
Көзіме тулақтай боп көрінді аспан.
Алланың жанып тұрса əр күн шамы,
Сынар ма жоқшылықтан ердің сағы.
Апыр-ай, жұдырықтай ғана екен ғой
Шегіне жеткізбеген жердің шары!
Хош, жалған – қызығымен мені арбаған,
Болып ем өлеңге алаң, өнерге алаң.
Жүйткіген келер күндер керуені
Түсіріп тастап жатыр мені арбадан.
Іштегі шемен болған шер басылмай
Сайрап ем тоты құстай торға сыймай.
Қайғы мен қуанышты кезек құшып,
Балқытып құйдым жырға қорғасындай.
Қазақтың керуен болып кең өлкесі,
Шұбырды тұс-тұсынан өлең көші.
Жаныма жуытпадым зұлымдықты –
Жырыма түспесін деп көлеңкесі.
Қарсы алып құмарлана өмір таңын,
Тамсанып келбетіне таңырқадым.
Қара өлең кірпішінен соқтым сарай
Көрсін деп тамашалап жаңа ұрпағым.
Жетелеп жүргенімен жастық үміт,
Қайтейін, көңілімді басты күдік.
Айтылмай қалды қанша ақиқатым,
Тұрғандай тамағыма тас тығылып.
Замана ызғарынан жыр бұғынып,
Мойнымда сүйретіліп жүрді құрық.
Айтақтап ағайыным ит қосқанда
Басында бір төбенің тұрдым ұлып.
Болғанмен туғаным – шын, өлерім – хақ,
Тіледім тапса екен деп өнерім бақ.
Алдым – жар,
Артымда құз тұрғандығын
Түсіне алармысың, келер ұрпақ.
Қайтейін, қол қысқарды, ой тарылды,
Алаңсыз айта алмадым айтарымды.
Күндіз-түн армандадым алаң болып
Халқыма қарызымды қайтаруды.
Өлеңнен қармап қалдым сыбағамды,
Келер жас, кіналама бұл ағаңды.
Жұбаттым жырымменен жылағанды,
Сүйедім қолтығынан – құлағанды.
Кетсе егер төңкеріліп бір күн қайық
Болмас деп жырды сүйген жұртым ғайып,
Жел кернеп жыр-теңізде желкенімді
Ертеңге құшағымды жүрдім жайып.
Өлеңім, өлгенімше сырласымсың,
Қанбадым құмарланып жырға сусын.
Еліме еркелейтін еркін шақта
Қасымға тарлық етті-ау бұл ғасыр шын.
Қорлатпай күншілдерге басымды алтын,
Қасқайып қалсам дедім Қасым қалпым.
Жанымды түйіп едім шүберекке,
Шешер деп керегінде асыл халқым.
Қасыммын, сені сүйген сол Қасыммын,
Алдаспан жарқылдаған алмасыңмын.
Күрмеліп қалған шақта қызыл тілім
Айтарсың əн-жырымның жалғасын кім?
ТҰМАНБАЙ МОЛДАҒАЛИЕВ
Қонардай бақыт құсы өзі-ақ қолға,
Туғанмен жақын жерде – Қазаткомда.
Батқан ол белшесінен бейнет-суға,
Кешірген басынан көп азапты ол да.
Ағаштың бұтағына жеміс байлап,
Жанарын қуантқанмен келісті аймақ
Қамығып он жасында жүретін ол,
Кешіккен күнбатыста жеңісті ойлап.
Қазатком арасында Қыр-Балтабай,
Жар кешіп жалаңаяқ жүрді ол талай.
Құйды оның кеудесіне дыбыстарын
Əнші құстар салтанат құрған тоғай.
Аймаласып аңызақ – аптаппенен
Қыр асып, қырман жаққа кетті атпенен.
Жып-жылы Жетісудің жаңбырлары,
Құйғызып құлағына жаттатты өлең.
Жазуға жаттықпаған саусағы əлі
Сақаны шиыруға ауса-дағы,
Ойынның баласының ойын жаулап,
Сыбырлап сөз үйретті тау самалы.
Толсын деп діңгегінен дарын-ынтаң,
Себелеп жүрегіне жарығын таң
Айналды қыз-келіншек сырласына,
Құрдасына айналды кəрі-құртаң.
Шуақтап шумақ қонып ши басына,
Шара жоқ көздің жасын тыймасына
Жұбатып өзін-өзі уілімен,
Жейдесін жыр-жігіттің киді асыға.
Қол бұлғап қиындықтың көп қамалы,
Ауылдан шықпаса да соқпағы əлі
Шырылдап бозторғайдай бала жүрек,
Оның ақын болмауға жоқ-ты амалы.
Өлең алған, ал десе – алтын алмай,
Жыр үшін жаратылған қалпы қандай.
Ілінді Əуезовтің ауызына,
Аузынан өлең төккен сол Тұманбай.
Бұл күнде алты алаштың болды ағасы,
Жеміске жыр бағында толды ағашы.
Жүр енді жыр елінде билік құрып,
Кешегі Қазаткомның сол баласы!
КӨРКЕМ ОЧЕРКТЕР
ІІ Бөлім
АЛМАТЫ МЕН ҚОСКӨЛДІҢ АРАСЫНДА
Біздің ауыл – жердің түбінде. Біздің ауылдың арғы жағында жер жоқ
болуы да мүмкін. Алматыдан Жезқазғанға дейін бір мың үш жүз
шақырым болса, Жезқазғаннан «Қоскөлге» дейін үш жүз бірдеңе,
Құлжанбай одан əрі қырық шақырым, Аралдың Қарақұмына сұғынып
жатыр. Асфальт деген түсіңе де кірмейді. Ырғаңдап жүре бересің, жүре
бересің...
Алыс деп ауылыңа бармайсың ба? Барасың. Ақшатаудан бұрылған
соң, таныс ауылдар басталады. Мынау – Софы Стамайдың елі, мынау
Бекболат пен Қайраттың Жаңаарқасы, анау – Сəкеннің Иманағы мен
Қарашілігі, анау – Ақселеудің Байдалы биі, Игілік пен Ғалымның
«Жеңісі» деп елеңдеп отырасың. Кешегі Ағыбай мен Кенесары жортқан
құба жон, Шоқан жүрген сүрлеулер бар сырын бауырына басып, сені
менсінбейтін де секілді. Менсінбесе неғыласың, осы елдің сен де бір
түйір дəнісің, туған топырағыңа тəу етпесең тұра алмайтын осалдығың
тағы бар.
Бұл жолы ата-бабам жатқан Құйған мен Қурайлыға бір соғып, балашағама көрсетейін деген ниетім бар еді. Жол бастаған Көбейсін ағам
Бұлантыны жағалата жөнелді. Қурайлы – елсіз-күнсіз жер. Баяғы біздің
мұғалім Əлирахман бір отар қоймен мекендеп отыр деп естиміз.
Атамның түйе-қорасының, кеңестің сауат ашу мектебінің орны болса
керек. Ептеген жын-шайтан да бар дейді. Не көрмей жүрген басымыз,
таныс шайтаннан қаймығамыз ба, тарта бердік. Əуе айналып жерге
түскендей ыстық. Мəшиненің «аут-сайд» деген тілі 50 градус ыстықты
көрсетіп тұр. Əйтеуір тоңазытқыш суға толы – балалар шөлдемейді.
Бір ғажабы, Майтөбеден əрі асқан соң, жан-жағың жағалай өрт. Аспан
мен жер тұтасып кеткен түтін, ыстың исі. Оны сөндіретін қайран,
ешкім де жоқ. Ақыры адастық. Көбейсін көкем баяғы өзі жар жағалаған
өзен бойын танымайды. Қайдан танысын – Кеңес өкіметі құлағаннан
бері де он бес жыл болды. Əр сайдың басын мекендеп, алдыңнан
шауып шыға келетін еркөңіл қойшылар жоқ. Жер тусырап кеткен.
Ауылға арналған үш жылдық бағдарлама бұл жаққа шапағатын шаша
қоймаған. Кешегі тоқсан мың қойымен мақтанатын Байқоңыр осы
өрттің астында, корабль ұшып жатыр ма, ракета құлап жатыр ма, кім
білсін?! Біздің ауылда аспаннан жауған гептиль атамыздың асы
секілді. Бір жерде менің көлігімнің бауырына от тиіп кетті. Жанған
машинадан балалар түсе- түсе қашты. Жабылып отты сөндіріп алып,
қыр басындағы қызыл зиратқа қарап аят оқыдық. Бабалар жатқан
мекен таптырмады.
– Мынау – Бектастың өткелі, – дейді Көбекең. – Егер анау
«Бескесіктің» биігі болса, «Құйған» мына жағыңда болу керек...
Құйған болатын жакқа үш рет шапқылап, болмаған соң
«Итауыздың» бөгетіндегі құрт құжынаған тоспа суға бір-бір сүңгіп,
жолсызбен Тұрсын байдың ауылына құладық. Бүгінде бай атанып
отырған осы Тұрсекең күні кеше ауылдағы аурухананың шопыры еді.
Шөп шабу науқанына Қарағандыдан келген Нұрила қызды алып
қашып, отау тігіп, одан он бала сүйген ер. Кеңес өкіметі тарағанда
бұларға да еншіге отыз қой тиген. Несібесі шығар, екеуі тырбанып
жүріп сол отыз қойды көбейтті. Мың қойы барлар екі кір сабынға бір
тоқтысын айырбастап жүргенде, бұлар тілін тістеп отырды. Он бала
өсті. Еңбек жанып, дəулет тасыды. Кешегі тоқсан мың қой өсірген
ауылда шаруа түзеп қалған төрттің бірі – біздің Тұрсекең болды.
Қуанышбайда, Қалқаманда береке калды деп естиміз. Ауылға
Тұрсынның ұлы Аязби мен келіншегі ие екен. Абылай мен Атымтай
деген ұлдары – көмекші. Кешкі ауыл қандай берекелі. Мың қой өрістен
құлап келеді. Желі басында екі үйір жылқы. Қымыздың сабасы
күмпілдеп тұр. Отызға тарта сиырды келін мен бала үйренген
дағдымен лезде сауып алып, май айыра бастады. Ертең Жезқазғанның
базарына осы майды алып Нұрила жөнеледі деген сөз. Атымтай атты
қаңтарып қойып, мотоциклмен қой қайырып жүр. Еркебұлан шетелдік
қызыл автокөлікпен ойқастайды. Шөп шабатын трактор төбешіктің
басында тұр. Тұрсекеңнің өзі «УАЗ-бен» базарға мал тасиды. Қаладан
балалар үшін екі үй сатып алған. Отыз қой осындай берекеге алып
келді.
Ауыл дегенді естігені болмаса, көзімен көрмеген менің немерелерім
улап-шулап жүр. Айсана мен Айдана қос түбіндегі боталы түйенің
боздағанына мəз болса, Ерасыл мен Қасым-Назар есекке таласады.
Жаздай мініс көрмеген көк есек қоңды. Қаланың балаларынан лезде
мезі болып, үй айнала қашып, мініп алса, мөңкиді. Шаң қауып қалған
екі ұл есекке қайта мінгесіп, кинодан көргенін істеп, таяғын бұлғап,
ешкілерді жаудай қуалайды.
– Осы жақта қасқыр көп дейді ғой, – дейді қызым Ардақ қауіп айтып.
– Көп екені рас. Ана жылы Кішкенбайдың Төлеутайының сегізінші
оқитын қызын касқыр тамақтап кеткен...
Осындай бір трагедияның болғаны рас еді. Мыңғырған киіктерді
мүйізі үшін өзіміз қырып салып, ашыққан қасқыр ауылға кірген кез
болған.
– Онда мен вагонға кіріп ұйықтаймын, – дейді қызым. Бір жақсысы,
Тұрсекең ақ үйдің қасына көк вагон əкеліп қойған. Іші де қапырық емес.
Түнде жаңбыр төге салып еді, біразымыз соған тығылдық.
Баяу сөйлейтін Тұрсекең таңертеңгі қуырдақ үстінде шаруа айта
бастады:
– Сенің балаң былтыр жылқышы Ғалымға «УАЗ» əперіпті ғой.
– Өзің де бір «УАЗ-ды» мініп жүрген жоқпысың?
– Бұл ескірді. Осыны балаларға беріп, жаңасын алсам деп едім.
– Жаңа «УАЗ-дың» бағасын білесің бе?
– Бір миллион теңге көрінеді. Биылғы қой төлінің өзі базарға
шыққанда бір миллион болады. Маған да алып берсінші! Дарханға
тапсыр.
Кешегі күні кеңшардың бастықтары ғана мінетін «УАЗ-ды» бүгін
дəулеті барлар тақымға басады. Бұл жақта басқа көліктің реті жоқ.
Түске таман Қоскөлге бет алдық. Тұрсекеңнің ескі деген «УАЗ-ы»
алдымызда ойқастап, біз мінген қала көліктерін дала шаңына көміп
келеді. Əр тұстан малшы ауылдардың нобайы сағыммен оранып,
көлбең- көлбең етеді. Əне, Ащысудың бойында ақ боз үйлер көзге
шалынады. Балық аулаған қаланың орыстары да жоқ емес. Мынау оң
жақта қалып бара жатқан – менің парталас досым Қожамұрат
Есеновтың шаруа қожалығы. Кезінде «К-700» тракторын айдап,
еңбектің озаты болған Қожа қазір қой бағып, шаруасын күйттеп,
көтеріліп келеді. Қой бағып жүріп «Жұлдыз» бен «Қазақ əдебиетін»,
«Известияны» оқитын, саясатты шемішкедей шағатын Қожекеңмен бір
сөйлескеннің өзі олжа, оның үстіне, былтырғы соғымым осы ауылдан
болғаны есіме түсіп, соғайық десем, қасымдағылар:
– Қожекең қазір қалада жүр. «Орбитаның» базарында қозы сатуда, –
деп көнбейді.
«Қоскөлдің» төбесі көрінгенде, менің жүрегім сыздап қоя берді.
Балам қашан келер деп, жолға қарап жүретін менің байғұс анам енді
анау зиратта жатыр. Жалпы, мен сағынатын аяулы бейнелердің көбі
не зираттан, не қаладан қоныс тепкен. Біз мектепте оқып жүргенде,
осы ауылда өмір қанбазардай кайнайтын. Шалдар қандай көп еді. Бір
сомнан салып бура соғатын Зəбида əкей, Сарбас, Хасен деген
майдангерлер енді осы зиратта дамылдап жатыр. Осы ауылдың көшін
өрге сүйреген «керой» Əбілқас ағамыз, Жұртшыбай, Сайын, Мүгір,
Тапай, Іскендір, Жандарбек, Əбікен ағаларым... Кеңшардың жұмысын
опырып-жапырып, ел ризығын тасытып, осы алыс ауылға жол əкелген,
шам тартқан, мектеп пен аурухана салған солар еді. Осындайда еске
түседі: жеңгелері «шұбар» атаған Нұрпейіс деген ағамыз жаяу
қалжыңға есе жібермейтін редактор Ишанбек марқұмның өзін сөзден
сүріндіретін ділмар, қалжыңқой кісі болды. Дүкен ұстады. Сауда
жасауға келген келіндерінің бірі ауылдағы тели сөйлейтін сөздің
салтымен:
– Аға, дамбалыңыз бар ма? – десе:
– Бар ғой, шырағым, – деп күмілжіп, ышқырын сипайтын көрінеді.
Аңдамай сөйлеген келіні дүкеннен шыға қашыпты. Қылтамақпен
ауырып жатқан Нұрекеңнің көңілін сұрай барғанымда:
– Басқа бір құдай келіп калып, жазып алмаса, мына құдай ауруымнан
жазатын түрі жоқ, алып тынатын шығар, – деп, келіп калған ажалының
өзімен қалжыңдасып еді-ау!
О жасаған, ат басындай ағалардың бір де біреуі қалмаған. Ауыл
көңілсіз. Кешегі озат шопан Мейрам, «опыраулиш» Ахат қалада жан
сақтап отыр. Ауылдың ендігі ағасы Сапар алдымыздан шықты.
– Осы ауылдың əкімдері Кеңес өкіметінен қалған бар техниканы
бөліп алып, сатқаннан басқаға қолы тимеді. Мынау аулымызды көң
басып бара жатыр, – дейді қамығып.
Шынында, тоқсан үйлі Қоскөлдің көшесі малдың қордасынан
көрінбейді. Əркім қорасынан шығарып, үйе берген. Тау-тау. От тие
қалса, ешкім өшіре алмас.
– Осыны біреу күреп берсе, əр њй бір малын беруге дайын отыр, –
дейді Сапекең.
Мен есепке кірісіп кеттім: тоқсан қойдың алпысы техниканың
шығынына, еңбектің өтеуіне кетсе, отызы қалады. Отыз қойдан
ойсыратып табыс тапқан Тұрсекең – мынау. Ауылға көшіп келіп, осы
малға ие болсам, мен де байып кетер ме едім? Отыз жыл баққан өлең
сөздің оңдыратын түрі жоқ! Осы ауылға алпысыншы жылдардың
басында Қасым Тоғұзақовтың келгені, менің алғашқы өлеңімді
тыңдағаны есіме түсті. Содан кейін тірі жазушының келуі – өзім
сексенінші жылдары ертіп əкеп, өлең оқытқан Қайрат Жұмағалиев. Ол
кездегі мектеп те, мұғалімдер де ажарлы еді. Қайран Ұлданай апай,
Роза апай, Ғалиолла ағай, Сапар мұғалім қандай еді!
Елубайдың үйінде енді шайға кірісе бергенде, Өміртайдың баласы
деген бір мұғалім үстімізге кірді. Сүр мас екен. Жалаң аяқ. Киімінің
мөрі көрінбейді. Шатып-бұтып сөйлеп, мазамызды алды.
– Мынадан сабақ алған бала кім болып шығады? – десем, ауыл
ағалары көзімен жер шұқиды.
Осы ауылда мектептен өзге жұмыс көзі жоқ. Азғантай айлықтың
бірін алып отырған мұғалімнің түрі – мынау. Жұмыс табу – ақырет.
Менің Алпыс деген құрдасым биыл қыста Алматыдағы маған қайтақайта телефон шалды:
– Ауылға аңшылық инспекторының орны беріліп жатыр, – дейді
алыстан айқайлап. – Менің құжаттарымды Алматыдағы Черкашин
деген біреу алты ай ұстап отыр. Сол орыстың тілін тауып, маған осы
жұмысты алып бер!
– Ауылдағы күллі киікті, қасқыр мен түлкіні Иманбек досың екеуің
қырып бітірдіндер, – деймін мен де телефонға айқайлап. – Қыста
аэрошанамен, жазда «Нивамен» қуып аттыңдар. Енді не бетіңмен аң
қорғайтын инспектор болмақсың?
– Əй, сен де қайдағыны айтасың. Киікті құртқан Иманбек пен
Аманбай ғой. Əлгі жұмысты əпермесең, тілімізді тістеп отырмыз. Мал
жоқ, мал жоқ болған соң, ақша да жоқ.
– Онда Алматыға кел. Əлгі Черкашинге бірге барып жалынайық.
– Ойбай, Алматының қайда екенін мен білмеймін, тауып бара
алмаймын. Сол жақтан бірдеңе етіп... Мені орналастыр. Бір туысыңның
мəселесін шеше алмасаң, Алматыда отыз жыл не бітіріп жүрсің? – дейді
Алпекең алқымнан алып.
Ауылға барғанда амандасуға жарамай, арқасын көрсететін
Алпекеңнің маған туыс екені рас. Үш атадан қосыламыз. Бірақ,
Черкашин бізге үш атадан қосылмайды екен. Содан бері Алпекеңмен
амандығымыз тағы үзіліп қалды. Есесіне, ауылға барған сайын
Алпекеңнің ағасы Тəлһаға сəлем беру – салтымыз. Қырық жыл дүкен
ұстаған Тəкең қазір ауылдағы бас имам. Аятты заулатады. Жаназаның
бəрін өзі атқарады. Бір қызығы, біздің ауылда мешіт жоқ. Монша да
жоқ-ау деймін. Қоскөлдегі ең ауқатты деген кісі – бұрынғы ауылкеңес
Доскен болса, қалаға автобус жүргізіп отырғанмен, оның да қолы
қысқа. Былтыр келгенімде, құм ішіндегі əкемнің зиратына, Зəбида
қақпан құрған, Молдаш құс атқан, Көжекбай мен Түсіпбек шал жылқы
баққан бұйрат арасына жүрдек мəшинесімен апарып келіп еді, биыл
қозғала қоймады.
– Өз туыстарың бар ғой, – дей салды. Өз туысым дегенде, ет
жақыным – Əбсат көкем елуге келгенде туған Елубай ғана. Көкем
кайтқан соң, алты ұлдың бесеуі қалаға жылжып кеткен. Бірі – шахтада,
бірі – зауытта. Шаңыраққа ие болып қалған Елубай мен келінде жұмыс
жоқ. Биыл төртінші қызы туған Елубай ауылда балық аулайды.
«Жыңғылдыөзекке» су түскелі бері, балығы бірге келген. Ақбалығы,
алабұғасы қалың. Су тартылған сайын балық та қалыңдайды екен. Сол
балықты аумен сүзіп алып, Елекең оны тұздап, ыстайды. Ыстаудың
əдісін өзі тапқан, ешкімге айта қоймайды.
– Өзіміздің ноу-хау, – деп қояды əзілкеш Дəнияхан жеңгеме тартқан
əзілкеш, əнші інім.
Ыстамаған балығын түнімен қамысқа орап, суытып, таң ата
Жезқазғанға жетіп, базарға шығарады. Аптасына бір рет. Келісі – жүз
теңгеден. Екі жүз келі балық апарса, жиырма мың теңге табыс түседі.
Оның сегіз мыңын жалданған мəшинеге төлейді. Қалған он екі мыңын
Сақташтың баласы екеуі тең бөледі. Екеуі – əріптес. Осылай шай-суын
айырады. Биыл көктемде су түспесе, бұл кəсіптері де тоқтайды.
Азғантай су ашып, тартылып барады. Ауылдағы елдің күні осы.
Жұрттың бəрінің баласы қалада. Қолы жеткені жұмыс істейді. Жұмыс
таппағаны көше кезіп, арақ ішіп, бұзақылық жасайды. Тұрсынның бір
баласының көзін Аманғазының баласы шығарған. Аманғазының
баласының көзін де біреу ойып жіберген. Біздің Нариман да төбелестің
арқасында түрмеде отыр. Темір тордың ар жағындағы інім маған андасанда телефон шалып тұрады. Біздің ауыл осындай.
Ауылдан аттанарда тағы да зиратқа соқтық. Аштықты, соғысты
бастан өткеріп, колхоздың бейнетін кешірген қайран анам, аналарым
мəңгі ұйықтап жатыр. Маржангүл апам, Əуеш əжем, Күнжан əжем...
Жеңгелерім...
Қимастарым жатқан бейітке қарай-қарай ауылдан ұзап кеттім.
Алматыға келген соң, бір тойда жолыққан Қайрат Байбосынов:
– Сенің апаңа арнаған бір өлеңіңді 1991 жылдан бері сақтап келемін,
– деді. – Əн шығарсам деп едім. Бір шумағын өзіңе оқып берейін:
Сен өмірдің тауқыметін көп тарттың,
Көп тарттым деп, кімге бірақ өкпе арттың.
Бар сырыңды бүгіп, апа, ішіңе,
Қатарында келе жатсың көп қарттың...
Қайрекеңнің сүзі қамшы болып, əнін өзім шығарам ба десем, қанша
ыңылдағанмен, əуен деген де бір ғайыптың құсы тəрізді, дерексіз нəрсе
екен. Əуре болып жүрмін.
Баяғыда бір көрпенің астында өскен Тұрсекең ауылда қой бағады,
мен Алматы мен Астанада сөз бағамын.
Қайсымыздың мұратымыз ғасыл болары бір Аллаға ғана аян.
Р.S. Осы жолдарды жазып болып, алыстағы ауылымды аяушылық
сезіммен еске алып отырғанымда, ел жақтан тағы бір суыт хабар келіп
қалды. Кезінде облыстың бетке ұстар озат шопаны болып, Лениннің
атымен əспеттелген орденді омырауына тағып, кейінгі жылдары
қаладан кəсіп іздеген екі ұлды сағалап, Жезқазғанға келіп жан бағып
отырған, бүкіл ауылдың тағдырын қамыға ойлайтын сұңғыла қарт
Мейрам Жақайұлы өмірден озып кетіпті.
Тұрсынның, Алпыстың, менің ағамыз еді, Кожамұраттың
қайынатасы еді. Бір бəйтерек құлап түсті, бір қабырғамыз қирап қалды.
Соғыстың соңғы сарбазына топырақ салу үшін екі баламды ертіп, тағы
да жолға шығып барамын.
Алдымызда – мың жарым шақырымдық ұзақ жол...
Алматы – Қоскөл – Құлжанбай – Алматы.
БАҚАНАСҚА БАРАСЫҢ БА...
«Мода» деп аталатын бір құдіретті күш бар.
Алғашқы немереміз туғанда ұлымыз бен келініміз:
– Бала өздеріңдікі ғой. Есімін де өздерің қойыңдар, – деп
Бақытжамал екеуімізге ерік берді.
Əрі ойлап, бері ойлап, кішкентай қызымыздың аты «Асыл-Ажар»
болсын деп ұйғардық. Асыл да, Ажар да менің əжелерім. Екеуі де сүйегі
Найман, қолдары ісмер, ыспадияр, ағайынға шарапаты көп тиген,
заманында атаққа ілінген, көргенді кісілер болған екен. Немеремізге
куəлік алуға барса, азаматтық хал актілерін жазу бөлімі (АХАЖ):
– Мұндай есім біздің анықтамалықта жоқ. Академияның Тіл білімі
институтына барып, қағаз əкеліңдер, – деп, екі баланы əуре-сарсаңға
салыпты. Академияның сөз білетін кісілері анықтама жазып беріп,
əулие əжелеріміздің есімін жаңғыртуға рұқсат алып едік. Ұлымыздың
орысша оқыған жолдастарына Асыл-Ажар деген есімнің ұнағаны
сонша, олардың біразы кейін туған сəбилеріне осындай ат қоя бастады.
– Мен немереме өз əжелерінің атын қосақтап қойдым. Ұмытпасқа
белгі болсын деп едім. Сендердің достарыңа не жорық? – десем, бала
мен келін:
– Мода ғой! – деп күледі. Алматыда қазір біраз Асыл-Ажар бар. Мода
деген құдірет ақын-жазушы ағайынның арасында да билігін жүргізіп
тұрады. Баяғыда аңға шығу, саят құру деген мода болған. Мұхаңның,
Ғабеңдер мен Елағаңның құс атуға барған хикаяларын аузымыздың
суы құрып талай тыңдағанбыз. Кейін преферанс деген үрдіс ортаға
кіріп кетіп, Əлжекеңмен, Ақселеумен, Сəкен серімен, Несіпбекпен ала
қағаздың үстінде талай таң атырдық. Тəуелсіздіктің таңы атқалы бері
бильярд деген мода үстемдік ете бастады. Жазушы атаулының бəрі
бильярдшы. Кеңес өкіметі кезінде Сəкеннің, Қалиханның шар соғысы
деген аңыздар болушы еді. Өзгеміз курортқа барғанда ғана таяқ
ұстаушы едік. Қазір Алматы мен Астананың қай қуысына барсаң да,
қаптаған бильярд клубына тап боласың. Қайсысының босағасын
аттасаң да, кемінде бір ақын, бір жазушы шар қуалап жүреді. Бəрінің де
қолында бір сиырдың құнын төлеп алған таяғы болады. Шетінен
чемпион. Шетінен мақтаншақ.
You have read 1 text from Kazakh literature.
Next - Алыстан жəне жақыннан - 03
  • Parts
  • Алыстан жəне жақыннан - 01
    Total number of words is 4065
    Total number of unique words is 2738
    23.7 of words are in the 2000 most common words
    35.4 of words are in the 5000 most common words
    43.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Алыстан жəне жақыннан - 02
    Total number of words is 4022
    Total number of unique words is 2611
    28.4 of words are in the 2000 most common words
    41.9 of words are in the 5000 most common words
    48.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Алыстан жəне жақыннан - 03
    Total number of words is 3944
    Total number of unique words is 2403
    30.9 of words are in the 2000 most common words
    45.1 of words are in the 5000 most common words
    52.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Алыстан жəне жақыннан - 04
    Total number of words is 3872
    Total number of unique words is 2447
    29.5 of words are in the 2000 most common words
    42.8 of words are in the 5000 most common words
    50.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Алыстан жəне жақыннан - 05
    Total number of words is 3862
    Total number of unique words is 2377
    30.6 of words are in the 2000 most common words
    43.7 of words are in the 5000 most common words
    50.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Алыстан жəне жақыннан - 06
    Total number of words is 3841
    Total number of unique words is 2408
    25.2 of words are in the 2000 most common words
    36.7 of words are in the 5000 most common words
    43.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Алыстан жəне жақыннан - 07
    Total number of words is 3939
    Total number of unique words is 2369
    31.2 of words are in the 2000 most common words
    44.1 of words are in the 5000 most common words
    51.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Алыстан жəне жақыннан - 08
    Total number of words is 3821
    Total number of unique words is 2098
    29.9 of words are in the 2000 most common words
    42.9 of words are in the 5000 most common words
    50.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Алыстан жəне жақыннан - 09
    Total number of words is 3885
    Total number of unique words is 2095
    27.9 of words are in the 2000 most common words
    39.8 of words are in the 5000 most common words
    46.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Алыстан жəне жақыннан - 10
    Total number of words is 3858
    Total number of unique words is 2190
    27.8 of words are in the 2000 most common words
    40.4 of words are in the 5000 most common words
    47.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Алыстан жəне жақыннан - 11
    Total number of words is 3828
    Total number of unique words is 2270
    30.4 of words are in the 2000 most common words
    44.4 of words are in the 5000 most common words
    51.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Алыстан жəне жақыннан - 12
    Total number of words is 3890
    Total number of unique words is 2453
    27.5 of words are in the 2000 most common words
    41.1 of words are in the 5000 most common words
    47.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Алыстан жəне жақыннан - 13
    Total number of words is 3919
    Total number of unique words is 2420
    28.3 of words are in the 2000 most common words
    41.9 of words are in the 5000 most common words
    50.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Алыстан жəне жақыннан - 14
    Total number of words is 3961
    Total number of unique words is 2357
    31.7 of words are in the 2000 most common words
    44.1 of words are in the 5000 most common words
    51.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Алыстан жəне жақыннан - 15
    Total number of words is 3724
    Total number of unique words is 2536
    22.9 of words are in the 2000 most common words
    33.2 of words are in the 5000 most common words
    39.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Алыстан жəне жақыннан - 16
    Total number of words is 3909
    Total number of unique words is 2501
    25.1 of words are in the 2000 most common words
    35.9 of words are in the 5000 most common words
    42.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Алыстан жəне жақыннан - 17
    Total number of words is 3837
    Total number of unique words is 2404
    28.5 of words are in the 2000 most common words
    39.3 of words are in the 5000 most common words
    46.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Алыстан жəне жақыннан - 18
    Total number of words is 3925
    Total number of unique words is 2483
    29.7 of words are in the 2000 most common words
    43.7 of words are in the 5000 most common words
    50.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Алыстан жəне жақыннан - 19
    Total number of words is 3914
    Total number of unique words is 2383
    28.3 of words are in the 2000 most common words
    41.3 of words are in the 5000 most common words
    48.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Алыстан жəне жақыннан - 20
    Total number of words is 4116
    Total number of unique words is 2436
    28.6 of words are in the 2000 most common words
    41.0 of words are in the 5000 most common words
    48.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Алыстан жəне жақыннан - 21
    Total number of words is 3854
    Total number of unique words is 2493
    26.6 of words are in the 2000 most common words
    40.5 of words are in the 5000 most common words
    48.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.