Latin Common Turkic

Алыстан жəне жақыннан - 18

Total number of words is 3925
Total number of unique words is 2483
29.7 of words are in the 2000 most common words
43.7 of words are in the 5000 most common words
50.7 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
бар.Арасы əрі жақын, əрі алыс ұғымдар. Жүрсін дəстүр үзген ақын.
Дəстүр түзу жолында жүрген ақын. Жолайырықта! Сол жолда ақын
арғымағының айыл-тартпасының мықты болмағына тілек қосамыз.
Осындай оймауыт ой айта алған, осындай қасіретті жырлауға ақындық
қуат тапқан ақынға өлең жазба, айтыспен айналыс десек онымыз да
дұрыс болмас абзалы. Айтыспен айналыспа деуге тағы да аузың
бармайды. Жүрсін əңгіме болған жерде айтыстың қалыс қалуы тағы
мүмкін емес. Обалы не, айтыс – бағзы түрік жұртында, бірді-екілі араб
елінде өркендеген жанр. Қазіргі таңда қазақ, қырғыз арасында ғана
қалды десе болады. 1943 жылы айтыстың қазақ арасына өркештеніп
қайта оралуына Ғабит Мүсіреповтен бастап мұрындық болғанын
білеміз. Кейін сүлесоқ тартты. Кеңестік кезеңде қайбір шындық
айтсын ақындар? Міне, осы алдаспан жанрдың шарықтап биігіне
шығуына Ерманның еңбегі ересен. Айтыс кеуделеп кеп бергенде жазба
ақындар алдында елемеді, орта шенінде қорланғандай болды,
ақырында өздері қазылар алқасына кіріп төреші болатынды шығарды.
Айтыстың осылай халқымызбен қайта қауышуында, қауышып қана
қоймай, сүйіктісіне айналуында – Жүрсін ерінбес еңбеккерлігімен
бірге ақындық шексіз мол қуаты жұмсалды. Қалай? Ол айтыс
ақындарын жəй бəйгеге қосушы ғана емес, əр талапкер айтыс
ақынының бойындағы ақындық дəннің өсуіне ықпал етуші, соны
ашып, тауып, жетілуіне барын жұмсап, бірде – біреуін, келесіде біреуін
өзгелерден бөлектей назарға алып, оның бойындағы ақындықтың
табиғатын танып, айтып-айтпай бəйгеде шауып бара жатқан жүйрікке
қосымша ат қосқандай денесін қыздырып баптаушы ақын-бапкер
Жүрсін Ерман! Оны кейбір желауыздар дұрыс түсінбей пендешілікке
жоритыны бар. Өз басым төреші бола отырып екі ақынға «үштік»
қойған кезде Жүрсіннің жүрек қылының қалай қалтырағанынан оның
шынайы бапкерлігін аңғарғанмын, жақсы білемін.Əрине, айтысты
өнер өресіне көтеремін деп Жүрсіннің қаншама қайран уақыты мен
дүлей дарыны негізгі арнадан бұрылып кетіп жатыр. Алайда бір жай
тағы да ақиқат: егер Жүрсін айтысты қолға алмағанда талай айтыскер
ақын ақын райында ашылмай, ақындық бағы жанбай қалатын еді.
Міне, сөйтіп, Жүрсіннің өз тағдыры да өлеңдеріндегі парадоксты
түйіндерге ұқсап ширатылып тұр. Бірі Алланың берген нəсібі, бірі
көңілі қалаған кəсібі! Жүрсін Ерман Жолайырықта! əлі толық Жүрсін,
ЖОЛАЙЫРЫҚТА тұрған, жарылмаған ЖАНАРТАУ!
Құлбек ЕРГӨБЕК
ƏКЕДЕЙ ҚАМҚОР, АҒАДАЙ ЖАНАШЫР...
Əлқисса. Кітапқұмар Ақнұр Жүрсін атасының таңдамалы 70 өлеңі
жарияланған кітабын қолына алып, бір қарап шыққаннан кейін: – Бұл
кісінің өлеңдері түсінікті, оқығанға жеңіл екен, – деп өзінше бағасын
беріп қойды. «Жүректен шыққан сөз жүрекке жетеді» деген сөз рас
екен-ау. Төртінші сыныпқа енді аяқ басқан ерке қызымның ертесі күні
мен жұмыстан келгенімде: «Əке, мен Жүрсін атаның екі өлеңін жаттап
алдым» дегеніне аса мəн бере қойған жоқ едім. Арада 2-3 күн өткен соң
Нарынқол өңіріне жолға шықтық. Қолымыз қалт етсе аспан таулар
аясындағы туған ауылымызға тартып отыратын əдетіміз. 90-ға таяп
қалған нағашы əжесі əр барған сайын Ақнұрдың жаңа жаттаған өлеңжырларын тыңдап, бір серпіліп, тыңайып қалатын. Абай, Мұқағали мен
Еркіннің, Қадыр мен Ұлықбектей ақындардың жырларын жатқа
соғатын қағілез қызым бұл жолы арнасын басқа жаққа бұрды. Əжесіне
өзіне тəн балаң дауысымен Жүрсін ақынның «Ертегі» деп аталатын
өлеңін бабына келтіріп, бастан-аяқ жатқа оқып берді. Өлеңнің əсері
сондай, кейуана екі көзіне жас алып, үн-түнсіз отырып қалды. Əжесінің
ішкі күйзелісін түсінбеген қызым əлденені бүлдіріп алдым ба дегендей
анасы екеумізге жалтақ-жалтақ қарай берді. Сəлден кейін ғана
немересіне көңіл аударған əжесі:
– Айналайын-ай, – деді құшағына қысып, маңдайынан иіскеп. –
Мынау əлгі «ділебизордағы» айтыс жүргізіп отыратын сақалды
жігіттің өлеңі дедің бе? Мың жасасын шырағым! Бұл өлеңі біздің өткен
өмірімізге мəңгілікке қойылған ескерткіш қой, – деп күбірлеп, бетін
сипады. Сірə, ішінен ақынға деген аналық батасын берген болар! Сол
өлең мынау ғой:
Ғалам жайлы ғажап сырлар шертеді, Ертегіні тəуір көрем мен, тегі.
Осы күні ойлап көрсем, жасымда Шешем маған айтпапты еш ертегі.
Соғыстан соң жимаған кез жұрт есін, Сəби көздің жасын өзің
сүртесің. Таңсəріден кететін ол шығырға, Əкеміздің киіп солдат
күртесін.
Шықпаған кез елдің əлі бүйірі, Ең тəуір ас – жүгерінің түйірі. Кешке
келсе, күтіп оны тұратын Жанбаған от, сауылмаған сиыры.
Парыз-бейнет босатпайды арқаны, Отын шауып, диірменін тартады.
Су əкелу, тезек теру аз болса, Мүгедек боп оралған жар бар тағы.
Қалай бəрін үлгерді екен, есепте! Қалай ғана тесілмеді қос өкпе?
Ертегі боп ұйқыны бір қандыру, Əзер жетіп жығылатын төсекке!
Ертегіде жібердің деп есені, Жазғыруға болмайды енді шешені.
Апашымның азайғанда бейнеті, Алпамса ұлға ертегі айту кеш еді!
Қартайды ана, Көп арман бар ойында, Мазалайды ажал жайлы
уайым да. Мен шешеме айтам енді ертегі, Жүз жасайтын кейуаналар
жайында!
«Бір өлеңі – бір əлем». Жүрсіндей жүйріктің жүрек қылын сызылта
шертер өзге де өлең-жырларын, орыс классиктері мен Батыс-Шығыс
əдебиетіндегі айтулы ақындардың шығармаларына жасаған
талдауларын оқып, ой таразысынан өткізуді өзіңізге қалдырдық, көзі
ашық, көкірегі ояу оқырман.
Белгілі ақын, аудармашы, ұлағатты ұстаз Асқар Егеубайдың
«поэзиясыз Жүрсін – Жүрсін емес» деген сөзі бар еді. Иə, Ұлытау
түлегінің тегеурінді жырлары жайында сөзтанушылар тарапынан аз
жазылған жоқ. Бірақ журналист Жүрсін өлеңмен қоса өз мамандығын
да өгейсіткен жоқ. Журналистиканың отымен кіріп, күлімен
шыққандығын өмірінің өткелдері айғақтап тұр.
Ж.Ерман 2006 жылы Қазақ радиосына бас директор боп келген
бетте сөз өнерінің қазанында қайнаған қыздар мен жігіттерді
қызметке шақырды. Жоғары оқу орнын енді бітіріп жатқан жас
мамандарға да сол уақытта радиодан жұмыс табыла кетті. Айтыс
ақындары да үлестен құр қалған жоқ. Əрісін Астанадан шақырса, берісі
осы Алматының өзінде жұмыссыз жүрген айтыскерлердің біразына
жұмыс берді. Жігерін жанып, намыстарын қайрап, алға жетелеп
отырды. Сол жылдары тек қана ақындар емес, есімдері елге мəлім өзге
де өнер иелерінің радиода қызмет атқаруына бас директор жол ашып
берген еді. Өзбекəлі Жəнібеков, Камал Смайыловтай сардарлардың
сынынан өтіп, тəжірибесі толыққан Жүрсін Ерман бір кездері телерадионы басқарған К.Смайыловтан қалған дəстүр – «апталық
лездемені» қайта жаңғыртып, радио жұмысын жандандырды. «Сырт
көз – сыншы» деп кей лездемелерге сырттан кісі қатыстырып, кемкетігіміз бен жетістігімізді жіпке тізгендей талдататын. Осы үрдіс біз
түгілі, сақа журналистердің өзіне едəуір серпіліс əкелді. Жас
мамандардың сауаты шыңдалды. Апта сайынғы лездемеде əр
редакцияның хабарларына шолу жасайтын журналистер эфирден
өткен барлық хабарды мұқият тыңдап, əр хабардың сапасына қатысты
пікірін айтып, ой қорытатын. Жер мен жесір дауына төрелік айтатын
би-шешендер секілді шолушы да бар күш-жігері мен жанын салып
дайындалатын. Сəл тайып кетсең, Жүрсіннің қаһарына ұшырауың да
ғажап емес. Орайы келіп жатса қисынсыз сынға іліккен хабардың
авторына ара түсіп, төрелігін өзі айтып, қорғап алатын. Кей
əріптестеріміз: – Хабардан қате кетсе құримыз, эфирді Жүкеңнің өзі
тыңдап отырады екен, – деп естері шығып жүретін-ді. Осындай қатал
талап пен шынайы жанашырлықтың нəтижесінде Қазақ радиосы
хабарларының сапасы артпаса, кеміген жоқ.
Жүрсін Молдашұлы өз əріптестерінің еңбегін бағалап, оларды үлгі
тұтып отырды. Мəселен, кезекті лездемеде бір журналист «Бұрынғы
директор Нұрлан Өнербаевтың əндерін эфирден неге бергізбей
отырсыз?» деп сауал қойды.
– Н.Өнербаев пен Р.Стамғазиев халық жауы емес, қазақ өнері мен
мəдениетіне бір кісідей еңбектері сіңген Алаштың айтулы азаматтары.
Бұрынғы басшылықтың «салқын самалы» сəл басылсын, Рамазан мен
Нұрланның əндерін бергізбесек не үшін отырмыз?! – деп
азаматтығынан айнымай, өз пікірін ашық айтқаны бəрімізге де ой
салды. Көп уақыт өтпей- ақ, есімдері аталған əншілердің
орындауындағы əсем əндер тыңдаушылар жүрегіне жол тартты.
Радионың 85 жылдық мерейтойы кезіндегі баяндамасында Ə.Меңдеке,
Т.Данияр, Н.Өнербай секілді бұрынғы басшылардың еңбектеріне
тоқталып, олардың радиоға қосқан үлестерін ерекше атап өтіп, өз
ілтипатын білдіргені де күні кешегідей есімізде.
Басшы болғаннан кейін əртүрлі шаруалармен іссапарға жиі шығады.
Айтыстың қыруар шаруасы тағы бар дегендей. Сондай сəттерде
директор жоқ деп арқаңды кеңге салып, сайрандап жүрсең, ертесі келіп
кемшілігіңді көзіңе шұқып, шаңыңды қағып, тəубеңе түсіретін.
Жүкеңнің тағы бір ерекшелігі, тауып айтқан сөзіңе тоқтап, мерейіңді
асыратын.
Бір кездері қаражаттың тапшылығынан болар, радио мен алыс
аймақтардың арасында өзара байланыс үзіліп қалған еді. Осы мəселені
дұрыс жолға қойып, радио қызметкерлерінің іссапарға шығып,
шалғайдағы облыс, ауылдардың тыныс-тіршілігі туралы хабарлар
таратуына да жағдай жасап берді. «Атамекен аспаны» деген
радиожоба соның жемісі еді.
Бізге Жүрсін мырза атына заты сай, тек қана жүре беретін, өмірі
ұйқы дегенді білмейтін пенде секілді көрінетін. Өйткені таңертең
кабинетіне кірмей тұрып, əр редакцияны аралап, тəулігіне 24 сағат əуе
толқынына шығатын хабарлардың мазмұнын тұтас айтып, əрбір
журналиспен кеңесіп, пікірлесіп отыратын. Осы күнде ойлап қарасақ,
радионы мұқият тыңдап, Жүкеңе кеңес беру жағынан Бақытжамал
апайдың еңбегі де орасан зор сияқты.
Түске дейін мүйіз, түстен кейін киіз болсақ, соның барлығы да
Жүрсін ағаның бізді шыңдау мақсатындағы, жалпы, жұмыс жүргізудегі
əдіс-тəсілі екенін енді ғана ұғындық. Əкедей қамқор, ағадай жанашыр,
құрдасыңдай сырлас, турасын айтып, туғанына да жақпай қалатын
батыр тұлғалы, баладай аңғал Жүрсін аға алпыстың асқар шыңына
көтеріліп отыр.
Бақыт Жағыпарұлы
Қыпшақтың қайқы Қылышы
немесе
Жүрсін Ерман жайлы аз сөз
Біздің қазақ атасын айтып мақтанып қоймаса бойына ас батпайды.
Бірақ мақтануға тұрарлық бабаң болса, оны ауызға алғанның еш
сөкеттігі жоқ шығар. Тек сол қасиетті қанның жұрнағы бойыңнан
табылып тұрса кəне! Жүрсін көкемнің аузынан: – Арғы атам əйгілі қара
қыпшақ Қобыланды, – дегенді əредік естіп қаламыз һəм жырларынан
кездестіреміз. Болса болар. Түр-сипаты шынайы батырға келіңкірейді.
Сірə, қазір суреттерін көріп жүрген бұрынғы шалдардың бəрі сақалды
болғасын ба, ежелгі ақындар мен батырлар да Жүкең сияқты
жарасымды сақал қойған шығар деп топшылаймын.Өткір жүзінде
билетпейтін қылыштай қиып түсер мінезін адам түсініп болмайды.
Ашуға мінсе арыстандай айбатты, алшаң басып келе жатқанда алыстан
қарасаң Алатау болмағанмен төбе көшіп келе жатқандай, əзіл айтса
тілінің ұшын кесіп итке тастасаң жемейтіндей «улы», сал-серілігі бір
басына жетіп артылатын, сахнаға шықса елді үйіріп əкететін шешен,
алпысты алқымдаса да өмір сүрудің бар амалын меңгеріп, уақыт, заман
көшінен қалмай келе жатқан Жүрсін Ерманның қазақ өлеңіне сіңірген
еңбегін əркім əрқалай айта жатар. Ал, айтыс ақындары үшін осы бір
«пысық» шалдың (шал деуге ауыз бармаса да көз көріп, көңіл сеніп
отыр) орыны ерекше екенін астын сызып атап өткім келеді.
Бақытжамал апамыздың (зайыбы) ғана аздап билігі жүретін осы
адуынды ағамыздың басында «бəленбай еврей қызмет жасап отырған
шығар» деп таңқаламын. Əйтпесе сан салада қажырлы еңбек ете жүріп,
қазақ халқының ақсүйек өнері – айтысты 26 жыл бойы өгіздей өрге
сүйреп келе жатқан адамның ендігі есебінен жаңылып, «алжып»
кететін кезі келді ғой. Осыншама жыл «перісі» мен «серісі» бар, «сауы»
мен «жындысы» бар өнер адамдарымен алысып, арпалысып жүр.
Қазақ деген халықтың кінəз көңілінен шықсам деп алғыс пен қарғысты
қатар арқалап келе жатқан қайраткердің қайсарлығы еріксіз таңдай
қақтырады.
Ертеректе бір өлеңінде:
Тағдыр деген қағазы туалеттің,
Жыртылмайтын жерінен жыртылады, –
деп жазыпты. Алланың адамға берген асыл сыйын неге соншама
мансұқ етіп, құнсыз нəрсеге теңеді деп басында қабылдай
қоймағанмен, ойлана келе, өмірдің шорт сынуы да, өткінші екені де
шындық болғасын іштей келісесің.
Жүкеңнің аз жазуын сөз құдіреті мен өлең деген сиқырлы да киелі
нəрсеге аса бір жауапкершілікпен қарайтыны деп түсінгеніміз абзал
шығар.
Əйтпесе біраз қалталы азаматтардың тілін тауып айтысқа демеуші
қылып жүргенде өзінің де жеке шаруасын тас түйін қылып, том-том
кітаптарын шығарып алуға мүмкіндігі бар емес пе?
...Тағайын деп тұрғам жоқ
Жоқты кінə
Бұл не дəстүр?
Заманның тоқтығы ма?
...Қуанасың
Қазақтар қағып алар
Қарағайдай мүйізің жоқтығына! – («Мүйіз кесу» деген өлеңінен)
деп өмірге адам болып келгеніне бір тəубе десе:
Алшы түспей асығым
Ашқаннан соң қарыным,
Арбакеш боп тасыдым
Алматының жарымын...
...Тек көңілім кірленбе,
Білем əзір бағамды.
Жұрт сөз тасып жүргенде,
Мен тасыдым Адамды! («Алматыдағы арбакеш» деген өлеңінен) –
деген жыр жолдарынан маңдайы тасқа соғылған сəттерінде де
мойымай, жасымай ақындықтың азапты жолына əбден көндіккен
жанкештінің бейнесін көреміз. Сөйте келе арбакеш болған қиын
күндері де, қайта өрмелеп бастық болған шағы да, айтыс үшін
«сайтанмен де, сайқалмен де» арбасқан кездері де көзінен бұл-бұл
ұшып жанында өлеңнен басқа сырласы қалмаған уақытта былайша
күңірене түседі:
Дос дейтін дос та қалмады,
Санама түсті салмағы.
Шын досты ажал жалмады,
Алдамшылары алдады.
Құлағанымды күтіп жүр,
Қараңдап қасымда қалғаны.
Оң жаққа мені салғалы,
Үш жерден буып-таңғалы.
Сүйегіме түсіп сол күні,
Тонымды талап алғалы!
Асан атамыз Жерұйық іздеп қайғы оранса, Жүрсін ағамыз адал дос
іздеп көңілі құлазиды. Сырт пішініне қарап тұрсаң олай деуіне негіз
жоқ сияқты, əлгінде айтқанымыздай өмір сүрудің бар амалын
меңгерген, материалдық жағдайы біраз ақыннан көш ілгері адамның
«жылай» беруіне болмайтын шығар деп ойлайсың. Бірақ біреудің
ішінде не жатқанын қайдан білейік. Дүниедегі бар құбылысты
жүрегімен қабылдайтын ақын адамның сырты күліп жүргенімен, іші
жылап жататыны заңды құбылыс қой. Əр айтыскерді өз баласындай
қамқорлап, қанаттыға қақтырмай жүретін осы бір кейде қатал, кейде
жұмсақ, кейде жомарт, кейде сараң, бірде көл, бірде шөл ағамызды
айтысқа бола туған шығар деп қаламын. Қуатты қолымен құшақтап
тұрып «бұл бала менің шəкіртім, жындылау» деп қояды кейде.
Менің «жынды» ұстазым, М.Мақатаев атындағы сыйлықтың иегері
Жүрсін Ерман алпысқа толады жақында...
«Деуші еді бізді жас ақын» атты əдемі өлеңінде сарытап болған
сағыныш бар.
...Жан көрінбей көзіңе,
Ой ойлайсың не түрлі.
Қыздың бəрі өзіңе,
Құмартатын секілді.
Өртесе өлең өзекті,
Өзіңдікі – бұл ғалам.
Өлеңің бар газетті,
Оқитындай күллі адам.
Таң қалмасқа таң қалдық,
Көз сүзбеске көз сүздік.
Бұл не деген аңғалдық,
Бұл не деген ессіздік!
...Биік ұстап еңсені
Тасымасқа тасатын,
Сағындым-ау мен сені,
Жайраңдаған жас ақын! –
деп балаң күнін аңсайды, қызық адам...
Болды, енді жасара алмайды ғой, алға тарта берсін, ағамыз кемпірін
танымай қалғанша ғұмыр кешсе екен!
Бауыржан ХАЛИОЛЛА.
Батыс Қазақстан облысы.
ҰЛЫТАУҒА ІНІ ТАУ
Есімі елге елеулі
Ана бір жылы Аягөзде ұлттық эпосымыздың шоқтығы саналатын
«Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырының 1500 жылдық тойы
ұйымдастырылып, ел-жұрт бір мəре-сəре болысты. ЮНЕСКО өзі
атсалысқан торқалы тойда халықаралық ғылыми-практикалық
конференция, дүрілдеген ақындар айтысы өтіп жатқан бір əредікте
қатар отырған қаламдастар ортасына: «Біз осы Қозыдан тараймыз ба,
əлде Қодардың ұрпағымыз ба?» деген əзіл тастадым. Сол кезде
айтыстан қолы қалт еткен Жүрсін Ерманов жұлып алғандай:
«Басқаларыңды білмеймін, мен өзім Қодардың тұқымы болуым керек»,
деп жауап беріп, жұртты ду күлдірді. Шынында да, батыр тұлғалы, ер
мінезді Жүрсінге бұлай айту жарасатын еді. Бірақ бұл бір қарағанда
ғана. Əйтпесе дəл осы Ермановтың нəзік лирикаларын оқығанда ондай
«қодарлық» қырларынан көз жазып қаласың. Кейде баяғының ақкөз
батырларындай алшаң басып жүретін, белден басып сөйлейтін, тізеге
басып қимылдайтын мінезі де кейде адыр-кедір-бұдырлау осы
Жүрсіннің қай жерінен нəзік лирика туады екен деп таңырқаған да
кезім болған. Сөйтсем, өзі алпамсадай Жүрсіннің жүрегі қобыздың
қылындай нəзік екен. Үзеңгілес жүрген жылдарда бұған талай көзім
жетті. Артық айтылған арсың-күрсің сөз бен одағай əзілді ауырлап,
жүрегі жараланып қалғанына да куə болғанмын. Осындайда Лев
Толстойдың жиырма тоғыз жасында отыз жеті жастағы Афанасий Фет
туралы В.Боткинге: «Осы бір добалдай ақкөңіл офицерге ұлы
ақындардың қасиеті, қайдағы бір түсініксіз нəзік сырлы өжеттік
қайдан бітті екен?», деп таңырқай жазған хаты еске түседі. Фет өзінің
«Естеліктерінде» Толстойдың бұл пікірі туралы: «..мен бұл кезде оның
бір де бір жолын əлі оқи қойған жоқ едім, тіпті оны əдеби есім ретінде
де естімеп едім… Дегенмен, тұңғыш танысқан сəттен бастап-ақ жас
Толстойдың бойынан пікір-пайым саласындағы бүкіл қалыптасқан
нəрсенің бəріне деген ымыра-ырықсыз оппозицияны байқадым», деп
жазған. Жə, Жүрсін бар болмысымен Фет тектес нəзік лирик болса
болар, бірақ біз Толстой емеспіз ғой, сөздің тұздығы ретінде мысал
келтіріп жатқанымыз болмаса…
Мен осы екі алыптың бір біріне баға берген өзара пікірлерінде
айтылған нышандарды біздің Жүрсіннің ойы мен бойынан да,
шығармаларынан да тапқандай боламын. Өмірдегі нендей құбылыс,
қандай оқиғаға болса да оның ешкімге ұқсамайтын өзіндік пікірі бары
белгілі. Қисайған жағына жығылатын бірбеткейлігі кейде
сыңарезулікке ұласып кете жаздайтыны да бар. Бірақ арғы түкпірінде
сырт көзден қызғыштай қорғаштап жүрген нұрлы нəзік сезімі
мөлдіреп жататынын «өлең деген өсекші» ғана жаймаса, былайғы жұрт
біле бермес еді.
Осы нəзіктік Жүрсін Ермановтың сонау алпысыншы жылдардың
аяғында жарық көрген жастардың ұжымдық «Жас керуен» жинағына
кірген тырнақалдысынан-ақ байқалған. Сол тұста ҚазМУ-дің
журналистикасында оқитын жас ақын, болашақ сыншы-ғалым Асқар
Егеубаев жазда ауылға каникулға келгенде шөп шауып, қой қырқып,
велосипед теуіп, турникке асылып жүрген маған Алматыда өзімен
бірге оқитын дарынды достары туралы жырдай қылып əңгімелейтін.
Олар: «Бұрай тартқан арқанын, бурлактары Арқаның», деп Асқар
Егеубаев жазған осы Жүрсін, Тұрсын, Несіпбек еді.
Сондағы Асқардың: «Осылардың ішінде Жүрсіннің мінезі қиын. Асау.
Өр. Анау-мынау ықты-жарыңа көнбейді. «Қазақ əдебиетіне» шығайын
деп тұрған өлеңдерін поэзияны қарайтын газет қызметкерінің бір ауыз
сөзіне шамданып, қайтарып алып, қайқайып жүре берді. Бір мұғалімнің
сөзін көтере алмай тіпті оқуды тастап, Жезқазғанына тартып отырды»,
деген сөздері жадымда. Мұны қазақ «бастан сөз асырмау» дейді. Ондай
адамның жолы қашанда кедергіге толы, тағдыры қиын болатыны да
аксиомадай ақиқат.
Сөздің батпан салмағын сездің бе, ұлым,
Əр сөз өзі кеседі өз кіндігін.
Көздің құнын сұрама-сұрамасаң
Сұрау керек алайда сөздің құнын!
Бір сөз үшін азапқа төзгенде адам,
Сөз бағасын қапысыз сезген бабаң.
Аттан жығыл жығылсаң – оқасы жоқ,
Жығылуға болмайды сөзден, балам! – деп жазады Жүрсін Ерманов
«Құдіретке жүгіну» атты кітабындағы «Бəсіре сөз» атты өлеңінде.
Міне, бұл – ақынның кредосы! Сөздің шынайы құнын түсінетін, жоғын
жоқтайтын, сөз өнерін төбесіне көтеретін нағыз қазақ ақынының сөзі.
Екеуміз, екеуміз ғана емес, Көкшетаудан бір мысқал өлеңімен келген
Жəркен Бөдеш те бар, 1973 жылы Жазушылар одағында өткен жас
жазушылардың республикалық кеңесінде Қадыр Мырзалиевтің
секциясында кездесіп, таныстық. Бірден іштесе сөйлескенімізбен,
жақын табысып, достаса кеттік деп айта алмаймын, бірақ тілектес,
ниеттес болып қоштасқанымыз есімде. Ол сол жұмбақ күйінде жалы
күдірейіп Жезқазғанына кете барды. Сондағы Қадыр аға бағалаған
кесек мінезді, кемел өрнекті, кескекті ойға толы шұрайлы өлеңдері
«Жанартау» атты тұңғыш кітап болып шығуы үшін өз жазу жозысында
ма, баспалардың сөресінде ме, аттай он жыл сүрленіп жатуына тура
келді. Сол бұрқ етіп атылған жанартау күні бүгінге дейін əлі сөнген
жоқ, от-жалыны бұрынғыдан да үдей түскенімен аса талғампаз автор
оны əлі күнге дейін өз ішінде өз қолымен тұншықтырып, күргейлеп,
бүркемелеп келе жатыр.
Жүрсін Ерманов саусағын сорып өлең туғызбайды, қайнаған өмірдің
өзінен алады, бастан кешкенін, көзі көріп, көңіліне түйгенін жазады,
жүрегін тербемеген, жанын қозғамаған тақырыпқа бармайды да
баспайды. Өмірі – өлеңімен, өлеңі – өмірімен қабысқан, өрімдей өрілген
санаулының бірі. Кезінде Цветаева Пастернакқа: «Сіздің тақырыбыңыз
– Сіздің өзіңіз, Сіз оны Колумб Американы ашқандай үнемі күтпеген,
ойламаған жерден ашасыз да жатасыз» деп жазған. Жүрсін Ерманов та
дəл сондай ақын. Оның бүкіл ғұмырында жазған өлеңдері əлдеқайда
көп болар, бірақ бізге бар ұсынғаны жүз жиырмадай-ақ жыр, оның да
жетпісін ғана «Құстың көлеңкесі» атты таңдамалы жинағына енгізіпті.
Үлкенімізге де, кішімізге де үйренерлік үрдіс! Осындайда орыстың
əйгілі ақыны Михаил Светловтың: «Егер бір жинақтан тұщымды он бес
өлең табылатын болса, оның мықты кітап болғаны», деген сөзі еріксіз
еске түседі.
«Ұят дейтін бір кінəз, нəпсі дейтін бір кесел – арбасады да жатады.
Содан ба екен, қанағаттың шапаны мен қияметтің кебінін мен алдымен
өзіме өлшеп көремін. Назары сұсты бір құдірет жазғанымды жырттыра
береді, кітабымды кідірте береді. Алпысқа келгенінше бар жазғаны бір
томға жетер-жетпес өлең болған Абай аға да көкжелкемнен қарайды да
тұрады. Ол кісі де қатал-ақ! Осылайша, бар мен жоқтың, от пен судың
арасында қапылған шамшыл шайырдың тым болмаса бір шумақ өлеңі,
тым болмаса бір қайырым сөзі талғампаз оқушының таңдайын
жібітуге жараса нетті деп үміттің шырағын үрлегеннен басқа,
құдіретке жүгінгеннен басқа не шара бар?!», деп жазады Жүрсін
ақынның өзі.
Жүрсін Ермановтың поэзиясында табиғат лирикасы жоқтың қасы,
ол тіпті айналасындағы табиғат көріністеріне, тау, тас, орман, тоғай,
жапырақ, бұлт, ай, жұлдыздарға зер салмайтын да сияқты, егер назар
аудара қалса одан живописьтік картина емес, өз жанының, өз
қоғамының ахуалын ғана көреді. Мысалға, ақынның «Терісаққан» атты
жыры соның айғағы:
Сағымымен даланың жарыса аққан,
Жақсылықтың алдынан желі соққан,
Кейінгі елге жылы сөз жеткізбекке,
Хабаршыдай қуанып кері шапқан
Арқада бір өзен бар – Терісаққан.
Қазағымның қақ жарып кең даласын,
«Терісаққан» атанып енді ағасың.
Бəлкім барлық өзендер теріс ағып,
Оң ағатын жалғыз-ақ сен ғанасың?!
Бəлкім барлық өзеннен сен данасың…
Ешкімге ұқсамау деген осы. Бұл – Жүрсіннің өзі туралы жазған
автопортреті дер едім. Желмаямен жер шолған Асан атасындай, жиһан
кезген жиһангердей өз жанының жаңа құрлығын ашып отыр. Біз Совет
өкіметі тұсында стандартпен өмір сүріп, шаблонды ойлап, қалыптан
аспай, сызды жерді баспай, «құндақтағы адамдай» өмір сүруге
бейімделдік, дағдыландық. Ноқтаға басы сыймағандар көзтүрткі
болды, немесе қапастағы құсқа айналды. Тоталитарлық жүйе үшін
еркін ойлайтын, ерекше түйсінетіндер қашан да қауіпті элемент
санатында. Біздің халық сол Совет өкіметі кезінде əлемдегі ең оқымпаз
ел болды. Бірақ соның өзінде тек арнайы рұқсат етілген əдебиетті ғана
оқуға мүмкіндік берілгені аян. Алаш алыптары мен арыстарымыздың
əдебиеті көзден таса, көңілден тыс тұмшаланып ұсталды. Себебі
ұйқыдағы сананы оятуға болмайтын еді. Міне, сол тұмылдырықты
заманның өзінде осы «Терісаққан» тектес өлеңдерімен сызулы
шеңберді бұзып, қалыптасқан қағиданы талқандай білген ақындар
бізде көп емес.
Бізде уақытқа қызмет ету, өз дəуірін жырлау дейтін мəртебелі
ұғымдар бар. Мұның бəрі сол өткен болмысымыздың бейнесі, бастан
кешкен
қоғамымыздың
көрінісі,
қысқаша
айтсақ,
ескінің
сарқыншақтары деп қайыра салсақ болар еді. Вахтангов ескінің
сарқыншақтарын жақсы сақталған өлікке теңеген. Тəкаппар Цветаева:
«Біз оған қол қусырып қызмет қылатындай уақыт деген соншама
немене өзі?!» деген. Өз дəуірін мадақтай жырлаған ақынның ішіндегі
ең жадағайы да, жағдайы жақсысы да Демьян Бедныйдай-ақ болар, ол
Кремльде тұрып, наркомдармен қоңсы өмір сүрген жалғандағы жалғыз
ақын. Нағыз сарай ақыны. Бүгінде əдебиеттен аты өшті. Алда-жалда
аты атала қалса бүгінгі оқырмандар оған мүсіркеп, күле қарайды. Ең
дарындысы Маяковскийдей-ақ болар, ол да ақыр соңында атылып
өлді. Оған ешкім күле алмайды. Бірақ аяныш білдіреді. Соның бəрін
көріп-біле отырып, даталы күндерге, саяси-қоғамдық маңызы бар
науқандарға неге өлең арнамадың деп Жүрсін Ермановқа қалай кінə
артарсың? Ол көсемдердің туған күніне өлең арнамаса арнамаған
шығар, бірақ өзінің туған күнін ұмытпаған, бір емес екі өлең арнаған.
Бұл да болса ақынның өзіндік, максималистік ерекшелігіне жатады.
Қуанбаймын бұл күні
Қосылды деп жасқа жас.
Мəңгіліктің мылтығы
Мені бейғам тастамас.
Қасіреттің көгенін
Қайратым жоқ елемес.
Күліп тұрмын дегенім,
Жылағаннан кем емес.
«Өміріңді жалмаймын»,
Деп сағатым зырлайды.
Қуана да алмаймын,
Ішті тесіп бір қайғы.
Уыты бар көңілде,
Жазылмайтын жараның:
Неге келдім өмірге?
Неге кетіп барамын?
Неге? Неге? Міне, бұл – сұрақтың сұрағы. Өмірдің мəнін іздеген
қаншама философтарды қинаған, буынсыз жерден пышақ ұрып тұрған
ұрымтал сұрау. Өмірдің ақырында сауал бар, сауалдың соңында зауал
бар. Жүрсін Ерманов ақырет алдында айтылар сауалды өз туған
күнінде өзіне қояды. Бұл Омар Хайямның: «Мен кіммін? Қайдан
шықтым? Қайда барамын?», Шекспирдің: «Бол, болмасаң бордай тоз»,
дейтін аталы сұрақтарымен тайталаса аларлық мəңгілік сұрау.
Бұрынғы өткен мықтылардың: «Өлең жазсаң ақырғы өлеңіңді
жазғандай жаз, өмір сүрсең ақырғы күн өмір сүргендей бол», дейтін
қағидасы да қылаң береді.
Бірақ бүгінгі күннің өз талабы бар емес пе? Жаңа қоғам, жаңа
құрылыс, тəуелсіздік заманын көріп-біліп, бастан кешіп, жемісін тата
отырып, ақын қалай үндемей қала алады? Егер ақын болса? «Егер
Португалияда жер сілкініп, зілзаладан жер-дүние қирап жатса, гүл мен
жапырақты жырлап отырып алған ақыннан не қайыр?» деген сөйлемді
Ян Парандовскийден оқып едім.
Мəселе дəуірді, қоғамды құр мадақтауда емес, мəселе заманның
шындығын аша білуде. Бұл тұрғыдан алғанда:
Ұлытаудың ұраны – ұлар, ұлар,
Ұлары жоқ,
Бұл таудың мұнары бар.
Ұлы тастың алдында ұяттымыз,
Кім ауырар ұяттан, кім арылар?!
Ұлытауға бардың ба?
Ұлар қайда?
Ұлы қайғың уылжып тұнар бойда.
Ұры тісің секілді у сезімің,
Уын жайып уілдеп туар ма ойда…
Ұлытауым, Ұлығым,
Ұлтым менің,
Ұран ілер басыңа бұлт ілмегін.
Ұларыңды ойлама, ұлыңды ойла,
Бауыры бүтін бар дейсің бұл күнде кім?
Ұлытауым, ұлығым, ұлтым менің!
«Ұры тісің секілді у сезімің», дегенді Жүрсіннен басқа қай ақын айта
алды екен? «Ұлытауым-ау, ұларыңның тағдырын ұлдарың
құшпасыншы» деп тұрған жоқ па? Ақыннан бұдан артық қандай
азаматтық позиция талап етуге болады? Оның «Ақынның үйі», «Абайға
мұң шағу», «Жамбылды қорғау», «Кеңшілік Мырзабековті Алматыдан
аттандыру», «Гольфстрим», «Оразалы», «Екі сурет», «Əпке», «Мүйіз
кесу», «Қара шашым ағарады», «Əйелге ода», «Макулатура», т.б. қадауқадау өлеңдерінің əрқайсысы бір бөлек əлем, жырлап тұрған, қобыздың
ішегіндей күңіреніп тұрған дүниелер. Айтыс өнерін тірілту арқылы
өзіне өшпес ескерткіш орнатып үлгірген Жүрсін Ермановтың бұл
өлмес еңбегін айтпағанның өзінде жазба поэзиямызға қосқан сүбелі
үлесін ешкім де жоққа шығара алмайды.
Мұхтар Əуезовтің қойын дəптеріндегі жазбалардың ішінде мынадай
тəмсіл бар: «Түлкі арыстанға: «Менің күшігім қандай көп. Жыл сайын
табам жəне көп-көптен табам. Сенікі не, бəрі біреу-ақ?» – дегенде,
Арыстан: «Біреу де болса ол арыстан ғой!» –депті. Біздің əдебиетімізде
қазір асыра сілтеп, ақтара жазу, қопара қозғап, қотара төгу, көп кітап
шығару етек алып тұрған кезде «жүрегімен арыстанның, қозыдайын
көгенделдім» дейтін Жүрсіннің арыстан мінез, түйетолғағымен
дүниеге ілуде бір келіп жататын ұстындай кітаптары туралы осылай
айтсақ артық емес. Саны аз, көлемі шағын демесең, шынайы сезім,
тұнық ой, еркіндікке суарылған ерке шабыт, қанатты көңіл, тереңнен
бастау алатын тұмадай кəусар қайғы, бұлтқа қол созған биік парасат…
қысқасы ақынның өз оқырманына тартар сыйы аз емес. Жүрсін
таланты – жарқын, айрықша, ерекше, өзгеше талант.
Адамзатта өнердің сызып бергенінен өзге болашақ жоқ, егер олай
болмаған жағдайда біздер өткен шаққа қайта ораламыз деседі
данышпандар. Абзалы, сол өткенге қайта оралмау шығар. Өнер сызып
берген, өлең сілтеп көрсеткен болашақ бүгінгінің де, ұрпақтардың да
еншісінде.
Ұлықбек ЕСДƏУЛЕТ,
ақын, Мемлекеттік
сыйлықтың лауреаты.
Алматы.
«ҚАЛҒЫП КЕТПЕ, ҚАЗАҚЫ ҚАНАҒАТЫМ»
Біз жəне бізден кейінгі ақындар – қаршадайымыздан
социалистік қоғамның идеологиясын жанымызға сіңіріп, билік не
айтса, соған «лəббəй, тақсыр» деп айқайламағанмен, бас изеп
тəрбиеленгендерміз. Қанға сіңіп қалған қасиеттің қандай
сұйықпен немесе қылықпен жусаң да кете қоюы екіталай.
Өмірдің шындығын тұп-тура қаны сорғалаған күйінде жазуға көп
ақынның батылы бармайды, батылы барғандар қоғамның көңілінен
шықпайтындықтарын біледі де, биліктің алдында жаманатты
болғылары келмейді.
Ғасырлар бойы қалыптасып қалған осы жайдың шырқын бұзып,
шеңберден шыққан, өзі өмір сүрген дəуірінің ақиқатын əртүрлі
əдістермен айта білген бірен-сарандарды елеп, бағалап жатқан əдеби
орта не зерделі оқырмандар жоқ. Тəуелсіздік таңы атқан бүгінгі
күндері батыр да, батыл да көбейді. Кешегі темір тордың астында
ақиқатты айту түгілі ауыздарын ашуға жарамағандар қазіргі күндері
«өзім батыр, өзім бай – кімді аяйын» деп, халықтың мұңын мұңдап,
жоғын жоқтағандай адамсиды.
Сол бірен-саран ақындардың арасында Жүрсін ініміз бар болатын.
Жайдақталып кетсе де замана тым,
өңмендеумен шықпасын жаман атым.
Шұға жауып жатса да көктен жерге,
қалғып кетпе, қазақы қанағатым! – деп,
жастайынан жағаласып жүріп жұрттан озуды ар санайтын ақын
бірнеше жыр жинақтарын шығарып, өлең түсінетін оқырманға əбден
таныс болса да, оза шапқанды бағалап бəйге беретін орта болса, өздері
тауып аларды қанағат етумен келеді.
You have read 1 text from Kazakh literature.
Next - Алыстан жəне жақыннан - 19
  • Parts
  • Алыстан жəне жақыннан - 01
    Total number of words is 4065
    Total number of unique words is 2738
    23.7 of words are in the 2000 most common words
    35.4 of words are in the 5000 most common words
    43.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Алыстан жəне жақыннан - 02
    Total number of words is 4022
    Total number of unique words is 2611
    28.4 of words are in the 2000 most common words
    41.9 of words are in the 5000 most common words
    48.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Алыстан жəне жақыннан - 03
    Total number of words is 3944
    Total number of unique words is 2403
    30.9 of words are in the 2000 most common words
    45.1 of words are in the 5000 most common words
    52.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Алыстан жəне жақыннан - 04
    Total number of words is 3872
    Total number of unique words is 2447
    29.5 of words are in the 2000 most common words
    42.8 of words are in the 5000 most common words
    50.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Алыстан жəне жақыннан - 05
    Total number of words is 3862
    Total number of unique words is 2377
    30.6 of words are in the 2000 most common words
    43.7 of words are in the 5000 most common words
    50.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Алыстан жəне жақыннан - 06
    Total number of words is 3841
    Total number of unique words is 2408
    25.2 of words are in the 2000 most common words
    36.7 of words are in the 5000 most common words
    43.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Алыстан жəне жақыннан - 07
    Total number of words is 3939
    Total number of unique words is 2369
    31.2 of words are in the 2000 most common words
    44.1 of words are in the 5000 most common words
    51.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Алыстан жəне жақыннан - 08
    Total number of words is 3821
    Total number of unique words is 2098
    29.9 of words are in the 2000 most common words
    42.9 of words are in the 5000 most common words
    50.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Алыстан жəне жақыннан - 09
    Total number of words is 3885
    Total number of unique words is 2095
    27.9 of words are in the 2000 most common words
    39.8 of words are in the 5000 most common words
    46.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Алыстан жəне жақыннан - 10
    Total number of words is 3858
    Total number of unique words is 2190
    27.8 of words are in the 2000 most common words
    40.4 of words are in the 5000 most common words
    47.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Алыстан жəне жақыннан - 11
    Total number of words is 3828
    Total number of unique words is 2270
    30.4 of words are in the 2000 most common words
    44.4 of words are in the 5000 most common words
    51.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Алыстан жəне жақыннан - 12
    Total number of words is 3890
    Total number of unique words is 2453
    27.5 of words are in the 2000 most common words
    41.1 of words are in the 5000 most common words
    47.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Алыстан жəне жақыннан - 13
    Total number of words is 3919
    Total number of unique words is 2420
    28.3 of words are in the 2000 most common words
    41.9 of words are in the 5000 most common words
    50.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Алыстан жəне жақыннан - 14
    Total number of words is 3961
    Total number of unique words is 2357
    31.7 of words are in the 2000 most common words
    44.1 of words are in the 5000 most common words
    51.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Алыстан жəне жақыннан - 15
    Total number of words is 3724
    Total number of unique words is 2536
    22.9 of words are in the 2000 most common words
    33.2 of words are in the 5000 most common words
    39.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Алыстан жəне жақыннан - 16
    Total number of words is 3909
    Total number of unique words is 2501
    25.1 of words are in the 2000 most common words
    35.9 of words are in the 5000 most common words
    42.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Алыстан жəне жақыннан - 17
    Total number of words is 3837
    Total number of unique words is 2404
    28.5 of words are in the 2000 most common words
    39.3 of words are in the 5000 most common words
    46.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Алыстан жəне жақыннан - 18
    Total number of words is 3925
    Total number of unique words is 2483
    29.7 of words are in the 2000 most common words
    43.7 of words are in the 5000 most common words
    50.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Алыстан жəне жақыннан - 19
    Total number of words is 3914
    Total number of unique words is 2383
    28.3 of words are in the 2000 most common words
    41.3 of words are in the 5000 most common words
    48.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Алыстан жəне жақыннан - 20
    Total number of words is 4116
    Total number of unique words is 2436
    28.6 of words are in the 2000 most common words
    41.0 of words are in the 5000 most common words
    48.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Алыстан жəне жақыннан - 21
    Total number of words is 3854
    Total number of unique words is 2493
    26.6 of words are in the 2000 most common words
    40.5 of words are in the 5000 most common words
    48.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.