Latin Common Turkic

Сүйкімді дос - 18

Total number of words is 4216
Total number of unique words is 2252
34.4 of words are in the 2000 most common words
49.5 of words are in the 5000 most common words
57.0 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
— Жоқ, сен Водректің ашынасы болғаныңды мойында, - деп, баяу
дауыспен-ақ əйелінің бетіне былш еткізді Жорж.
Ол иығын көтерді.
— Сөз емес айтып тұрғаның... Водрек мені қатты сыйлайтын... басқа
ештеңе жоқ... болған да емес... ешқашан...
Күйеуі жерді теуіп қалды.
— Өтірік айтасың. Олай болуы мүмкін емес!
— Дегенмен шыным осы, - деді Мадлена сабырлы үнмен.
Жорж тағы да үйді кезіп жүре бастады, тағы тоқтады.
— Онда ол бүкіл байлығын саған қалдырғанын немен түсіндіресің...
— Оп-оңай, - деді Мадлена беті бүлк етпестен. - Өзің айттың ғой, бізден
басқа, дұрысы, менен басқа оның достары болған жоқ, - ал мені ол бала
кезімнен біледі. Менің анам оның туысқандарымен серіктес болған-ды. Ол
бізге жиі келіп тұратын, содан тікелей мұрагері болмағандықтан, ол мені
есіне алған. Ол маған аздап ғашық болған болуы мүмкін. Бірақ қай əйелдің
ондай қозғашығы болмапты? Мүмкін, оның нақ осы құпия, жасырын сыры
ол қалауын білдірмек болып қолына қалам алған кезде менің атымды
аузына салған болуы да, онда тұрған не бар? Əрбір дүйсенбі күні ол маған
гүл əкелетін. Сен оған тіпті мəн берген емессің, ал саған ол гүл əкелген жоқ
қой, солай емес пе? Осы себепті ол байлығын да маған қалдырып кетті,
өйткені басқа қалдыратын ешкімі де жоқ қой. Керісінше, егер ол саған
қалдырса, сол нағыз оғаштық болып көрінер еді ғой. Ол үшін сен кімсің?
Оның даусынан еш бөгде ой сезілмеді, сондай жайбарақат, Жорж толқи
бастады.
— Бəрібір, - деді ол, - мұндай шартпен біз мұраны қабылдай алмаймыз.
Бұл бізге зиянын тигізуі мүмкін. Өсек таралады, жұрт мені сан-саққа
жүгіртіп, сыртымнан күлкі ететін болады. Қызметтестерім онсыз да мені
көре алмайды, кит етіп шалыс басқанымды аңдып жүреді. Мен басқалардан
да гөрі өз арымды таза ұстап, беделімді сақтауым керек. Бейпіл ауыздар
онсыз да ашынасына балап жүрген адамның мына сыйлығын əйелімнің
қабылдауына жол бере алмаймын. Форестье, мүмкін, келісер де еді, ал мен
өйте алмаймын.
— Жақсы, достым, - деді Мадлена жуас қана, - бар-жоғы бір миллион
ақшамыз болмайды, сол-ақ.
Жорж бұрыштан-бұрышқа адымдай жүріп, өзімен-өзі ойша дауыстап
сөйлескендей болып жүргенімен, сөзі түгелдей дерлік əйеліне арналған еді:
— Иə, бір миллионға!.. Солай болса ше... Не істеуге болады... Өзінің
өсиетін осылай жасағанда ол, сірə, мұнысы еш əдепке жатпайтындығын,
дағдыға сай келмейтіндігін ойламаған болуы керек. Мені қандай тұйыққа
тірейтіндігін білмеген болуы керек... Сəл-пəл өзгеріс болса, жетіп жатыр
еді ғой... Жартысын маған қалдырса, бəрі дұрыс болып шыға келер еді.
Ол құйрық басып отырып, бір аяғын екінші аяғына қойды да, ренжіген,
толқыған немесе терең ойға батқан кезінде істейтін əдетімен, мұртын
тынымсыз ширатуға кірісті.
Мадлена анда-санда айналысатын кестесін қолына алды да, иірілген
жібін жөндеуге кірісті.
— Менің шаруам жоқ. Шешім қабылдайтын сен.
Жорж ұзақ үнсіз отырды, содан кейін сенімсіз дауыспен сөйлей бастады:
— Жұрт Водректің неге сені жалғыз мұрагері деп танығанын, менің оған
неге келіскенімді түсінбейді. Қазіргі жағдай мынадай, егер біз мұраны
қабылдасақ, мұнымыз... сенің қылмысты байланысыңды мойындағаның, ал
мен оған көз жұма қарағаным болып шығады... Біздің келісіміміздің қандай
ойларға жетелейтінін көрдің бе? Осының бəріне лайықты сылтау
боларлықтай айла ойлап табуымыз керек. Мысалы, ол байлығын екеуімізге
тең бөліп қалдырды: жартысы күйеуіне, жартысы əйеліне деп жазыпты
деген сөз таратуымызға болар еді.
— Нақты өсиетінде ондай сөз болмағандықтан, мұны қалай етуге
болатыны миыма кіріп-шығар емес, - деді Мадлена.
— О, бұл оп-оңай! Сен мұраның жартысынан менің пайдама бас тартып,
сыйлық ретінде рəсімдеуіңе болар еді. Баламыз жоқ, сондықтан ешкім
қарсылық та білдірмейді. Сөйтіп біз көре алмаушылардың аузын жабар
едік.
— Мен бəрібір Водректің өзі қол қойған құжат тұрғанда, бəлеқорлардың
аузын қалай жабуға болатынын түсіне алмадым. - Мадленаның даусынан
сабырсыздық сезілді.
— Қалай түсінбейсің! - деп Жорж күйгелектене жауап берді. - Өсиет
қағазды көрсет немесе жарға іліп қой деп бізді біреу зорлай ма? Граф
Водрек байлығын екеуімізге тең бөліп қалдырды деп өзіміз айтамыз... Бар
болғаны сол... Ал менің келісімімсіз сен ол мұраны қабылдай алмас едің
ғой. Ал мен саған келісімді бір ғана шартпен - тең бөлісу шартымен
беремін, əйтпесе мен жұрттың мазағына айналамын.
Мадлена оған тағы да сынай қарады.
— Өзің біл Мен келістім.
Мұны естіген Жорж тағы орнынан тұрып, бөлмені кезіп жүре бастады.
Ол тағы күдік торына шырмалғандай, бірақ бұл жолы əйелінің қадала
қараған көзқарасынан қашқақтап жүргендей сезілді.
— Жоқ... - деді ол. - Жоқ, жоқ, жоқ... Меніңше, мүлде бас тартқанымыз
артық... Мұнымыз адалдық, орынды, лайықты болмақ... Дегенмен бізге
қандай мін тағуға болады, не үшін? Ең бір кінəмшіл жандардың өзі бұл
жерден сөз қылуға тұрарлық ештеңе таппайды.
Ол Мадленаның алдына келiп тоқтады.
— Былай болсын, қымбаттым, мақұл десең, мен Ламанерге жалғыз
барып, неге олай екенін түсіндірейін. Оған өз күдігімді айтып, артық сөз
болмас үшін бөлісуге келіскенімізді жеткізейін. Ал мұраның жартысы
маған тиесілі болғандықтан, ешкім езу тартып та күле алмайды. Бұл деген,
мен жұрттың бəріне: "Мен мұраны қабылдағандықтан, əйелім де
қабылдады, оның ар-ұяты таза екеніне мен куəмін", - деген сенімім болып
шығады. Əйтпесе жанжал тууы мүмкін.
Мадлена қысқа қайырды.
— Өзің біл, - деді ақырын ғана.
Ал күйеуі тағы да ұзын-сонар толғауға түсіп кетті:
— Иə, осы мағынадағы бөлісу кезінде бəрі тайға таңба басқандай анық
болады. Біздің досымыз екеуімізді бөле-жармай, бірдей көріп, өз өсиетімен:
"Мен өмірдегі сияқты, өлгеннен кейін де біреуін артық жақсы көремін" деп
айтқысы келмеген болып шығады. Əрине, ол əйелін артық жақсы көргені
белгілі, бірақ байлығын екеуіне тең бөліп қалдыру арқылы ол мұнысы тек
қана алыстан қызығу болғанын аңғартқысы келгені. Егерде ол бұлай ойлай
алғанда, міндетті түрде осылай жасар еді. Бұл оның басына кіріпшықпаған, ақырына көз жүгірте алмаған. Сен өте дұрыс айттың, ол апта
сайын гүлді де саған əкелетіні сияқты, мына сыйлығын да өзіне-өзі есеп
берместен саған ғана арнаған...
— Бұл шешілген мəселе, - деп шытынаңқырай сөйлеген əйелі оның сөзін
бөліп кетті. -Мен бəрін түсіндім. Бүйтіп егжей-тегжейлі қайталай бергеннің
керегі жоқ. Тезірек нотариусқа бар.
— Дұрыс айтасың, - деп, қызара түскен күйеуі, қалпағын алып, шығар
алдында əйеліне тағы қайырылды: - Мен анау жиені елу мыңға
келісетіндей етемін. Жарай ма?
— Жоқ, - деді Мадлена иегін көтере түсіп. - Оның өз сұрағанын жүз мың
франк бер. Егер қажет деп тапсаң, бəрін менің үлесімнен ал.
Жігіт ұялып қалды.
— Жо-жоқ, бірдей шығарамыз. Əрқайсымыз елу мыңнан бергеннің
өзінде бізде тұтас бір миллион қалады. Көріскенше, кішкентайым менің, деді Жорж.
Нотариуске келген ол бұл ойын əйелінің қалауы етіп жеткізді.
Келесі күні олар сыйлық жазбаға қол қойып, ол бойынша Мадлена Дю
Руа күйеуіне бес жүз мың франк төледі.
Дала тамылжып тұр еді, кеңседен шыққан соң Жорж Мадленаға жаяу
жүруге ұсыныс жасады. Ол қамқоршы, ықыласты, жақсы көретін сүйікті
күйеу болып көрінуге тырысты. Оның көңілі көтеріліп. алып-ұшып келе
жатты, ал Мадленаның түрі ойлы, аздап қатаңдау көрінді.
Салқындау күздің күні еді. Жүргіншілер бір жаққа асыққандай екпіндей
басады. Дю Руа əйелін өзінің арманына айналған хронометрге қарап тұру
үшін жиі аялдайтын дүкеннің алдына алып келді.
— Саған бір зат сыйлауыма рұқсат етші, - деді ол.
— Өзін біл, - деді əйелі немқұрайды үнмен.
Олар дүкенге кірді.
— Не алғың келеді: сырға, жүзік, білезік?
Алтын əшекейлер мен бағалы тастарды көрген кезде əйелдің бояма
салқындығы дереу жоғалып, əуесқойлық ойнап шыға келген жанарын
зергерлік бұйымдар толы жаймадан ала алмады.
— Мына бір əсем білезікті, - деді қызығуын жасыра алмаған түрмен.
Онысы күрделі жасалған, əрбір орамын əр түрлі бағалы таспен
көмкерген шынжыр еді.
— Мына білезік қанша тұрады? — деп сұрады Жорж.
— Үш мың франк, - деді зергер.
— Екі жарым мыңға келіссеңіз, аламын.
— Жоқ, мырза, бере алмаймын, - деді сəл ойланған зергер.
— Тыңдаңызшы, бұған қосымша мына хронометрді мың жарымға
аламын, - сонда барлығы төрт мың болады, қолма-қол төлеймін. Келістік
пе? Келіспесеңіз - өзіңіз біліңіз, мен басқа дүкенге барамын.
Зергер кішкене күмілжіп тұрды да, ақыр аяғында бағасын түсірді:
— Солай-ақ болсын, мырза!
Журналшы өз əдірісін беріп жатып:
— Хронометрге барондық тəжді ойып салып, астына менің есімімнің
басқы əріптері: Ж. P. К. жазылсын.
Мадлена таңғалғандықтан, жымия күліп жіберді. Ал далаға шыққан
кезде ол сондай бір еркелікпен Жорждың қолтығына жабысты. Ол
күйеуінің шынында да күшті де ептейлі адам екеніне көзі жетті. Қазіргідей
ақшалы болған кезде оған атақтың қажеттігі де сөзсіз.
Зергер оларды иіле шығарып салды.
— Мазасызданбаңыз, барон мырза, бейсенбі күні бəрі даяр болады.
Олар Водевил театрының қасынан өтіп бара жатты. Онда жаңа пьеса
жүріп жатыр екен.
— Кешке театрға барғың келе ме? - деп ұсыныс жасады Дю Руа. - Ложа
болса, алып қою керек.
Ложа бар екен, олар оны сатып алды.
— Мейрамханаға кірсек қайтеді? - деді Жорж.
— Қарсы емеспін.
Өзін билеушідей бақытты сезінген ол тағы бірдеңе ойлап тапты.
— Марель ханымға соғып, кешті бірге өткізуге ұсыныс жасасақ қайтеді?
Оның күйеуі келді деп естігем. Онымен көріспегелі де көп болды.
Олар сонда беттеді. Жорж ашынасымен алғаш көрісуден қорықты,
сондықтан қасында əйелінің жүргенін қалаған еді, ең болмаса, ұрыскеріссіз бет ашып алады.
Алайда Клотильда бұған тіпті ренжімеген сияқты, ұсынысты қабылдауға
күйеуін өзі көндірді.
Көңілді отырыс болып, кешті олар жақсы өткізді.
Жорж бен Мадлена үйлеріне кеш оралды. Баспалдақтағы газ сөнген
екен. Журналшы сіріңкенің шиін бірінен соң бірін жағумен болды.
Екінші қабаттағы алаңшада жарқ етіп сөнген сіріңке жарығында
қараңғыдан айна жалт етіп, ондағы екі адамның сұлбасы да көрініп қалды.
Доп бір екі елес көлбең етіп қараңғылыққа сіңіп жоғалғандай болды.
Оларды анықтап көру үшін Дю Руа қолын жоғары көтере түсіп, жарқын
күлкімен даусын шығара тіл қатты:
— Міне, миллионерлер келе жатыр!
VII
Марокконы бағындырғалы да екі ай өтті. Танжерді жаулап алған
Франция Жерорта теңізінің Триполиге дейінгі барлық Африкалық
жағалауының қожайынына айналып, күшпен басып алынған елдердің
бəрінің зайымын қамтамасыз етті.
Жұрт екі міністір бұдан жиырма миллионнан пайда тауыпты десіп.
Ларош-Матьенің есімін ашықтан-ашық ауызға алып жүрді.
Ал Вальтердің бір оқпен екі қоянды бірден атып алғанын бүкіл Париж
біледі - зайымнан ол отыз-қырық миллиондай, мыс жəне темір
кеніштерінен сегіз бен тоғыз миллионның арасында пайда түсірсе, жаулап
алынғанға дейін болымсыз ақшаға сатып алған ал француз отарлауының
келесі күні-ақ отарлаушы компанияларға қайта сатылған орасан ірі жер
үлестерінен пайданың астында қалды.
Бар-жоғы бірнеше күннің ішінде ол əлемді билеушілердің біріне, тіпті
корольдерден де күшті қаржыгерлердің бірегейіне,- алдында жұрт басын
иіп, ауыз аша алмай тұратын, адамзат жаратылысының терең түкпірінде
бұғып жататын ұждансыздық, оңбағандық жəне қызғаныш тəрізді
жағымсыз сезімдерін жарыққа алып шығатын қаржыгер алпауыттардың
біріне айналды.
Бұл енді бұған дейін ешкімнің сеніміне ене алмаған банктің деректірі,
күмəнді газеттің шығарушысы, ұзынқұлаққа сенсек, лас істерге белшесінен
батқан депутат жид Вальтер емес, бұл енді Вальтер мырза, бай еврей.
Ол мұнысын əлемге жария етуді ойлады.
Фобур-Сент-Оноре көшесіндегі Елисей бульварына шығатын бауы бар
ең салтанатты оңаша үйлердің бірінің иесі князь Карлсбургскийдің қиын
жағдайға душар болғанын білген ол оған жиырма төрт сағаттың ішінде бұл
жылжымайтын мүлікті барлық заттарымен, бірде-бір креслосына тиместен
түгел өзіне сатуға ұсыныс жасады. Ол үшін үш миллион ақша беретін
болды. Ақшаға қызыққан князь келісім берді.
Екінші күні-ақ Вальтер жаңа жайға көшіп алды.
Сол-ақ екен оның басына жаңа бір ой келді - бұл тек Бонапарт сияқты
Парижді жаулап алғысы келген жеңімпаздың ғана басына келетін ой еді.
Ол кезде бүкіл Париж венгер суретшісі Карл Марковичтің су бетімен
жүріп келе жатқан Иса бейнеленген картинасын көру үшін, Жак
Ленобльдің делдалдық дүкеніне баратын-ды.
Сурет сыншылары оны ауыздарының суы құри мақтап, бұл біздің
ғасырымыздың мақтанышына айналатын ең үздік туынды деп жүретін.
Вальтер картинаны бес жүз мың франкке сатып алып, өз үйіне алып
келді, сөйтіп, көпшіліктің əуесқой назарын өзге арнаға бұрып, бүкіл Париж
тек өзіне қызығатын, қолдайтын немесе қаралайтын, қысқасын айтқанда,
бəрінің аузындағы сөз тек өзі болатын етті.
Содан кейін ол газеттерге жарнама беріп, өнер туындысын жасырын
ұстап отыр деген сөзге қалмас үшін, жақын арадағы кештердің бірінде
Париж қоғамының көрнекті өкілдерін үйіне, шетелдік суретшінің тамаша
картинасын тамашалауға шақыратынын білдірді.
Оның үйінің есігі бəріне ашық болады. Қош келдіңіздер. Тек қана
кіреберісте шақыру билетін көрсетсеңіз болды.
Шақыру билетіне былай деп жазылды: "Мырза жəне ханым Вальтерлер
сізді отызыншы желтоқсан күні кешкі тоғыз бен он екінің арасында электр
жарығымен Карл Марковичтің "Су бетімен жүріп келе жатқан Иса"
картинасын тамашалауға қатысу арқылы құрмет көрсетуіңізді өтінеді".
Аяғына кіші əріптермен "Он екіден кейін би болады" деп ескертіліпті.
Демек ынта білдіргендер қалуына болады, олардың ішінен Вальтерлер
өздеріне жаңа таныстар таңдап алады.
Өзгелері ақсүйектерге тəн əуесқойлықпен, бетпақтықпен немесе
немқұрайды түрмен картинаны, үйді, үй иелерін қарап көреді де, үйлеріне
қайтады. Алайда Вальтер қария олардың ұзамай қайта келетінін біледі,
өзінің тайпаластары - өзі сияқты байып кеткен иудейлердің айналасынан ол
мұндай адамдарды ылғи көріп жүр ғой.
Ал қазірге керегі - оның үйіне аттары газеттің алғашқы беттерінен
түспейтін атақтылардың келе бастауы. Олар, əрине, келеді,- олар бір жарым
айдың ішінде елу миллионға ие болған адамды көру үшін, оның
қонақтарына көз жүгіртіп, санын шамалау үшін-ақ келеді, өйткені ол
өнегелі, зейінді жан екендігін білдіріп, оларды өзіне, Израиль ұлының
үйіне, Інжіл тақырыбына салынған суретті көруге шақырып отыр ғой.
Бұл əрекетімен ол өзгелерге: "Қараңдар, мен Марковичтің "Су бетімен
жүріп келе жатқан Иса" картинасы үшін, христиан өнерінің жауһары үшін
бес жүз мың франк төледім. Бұл жауһар бұдан былай менің көз алдымда
тұрады, ол жид Вальтердің иелігі" дегенді білдіргісі келген-ді.
Игі жақсылар, герцогинялар мен Жокей-клуб мүшелері бұл шақыруды
ұзақ талқыға салып. ақырында шындап келгенде, ол бұларға еш міндет
артпайды деген шешімге келді. Барлығы бұрын Пети мырзаға барып,
акварельді көргендеріндей ғана мəн беруге тырысады. Вальтерлердің
қолына бір жауһар дүние түскен екен; олар бір кеш есігін айқара ашып,
жұрттың тамашалауына мүмкіндік жасағысы келген екен, онда тұрған не
бар?
Екі апта бойы "Француз өмірі" қоғамның əуесқойлығын қоздыру үшін,
отызыншы желтоқсанға тағайындалған осы кеш жайлы қандай да бір
хабарлар жариялаумен болды.
Бастығының салтанатты жеңісі Дю Руаны жындандырып жібере
жаздады.
Əйелінен бес жүз мың франкті тартып алғандай болған ол өзін бай адам
санай бастаған, бірақ қазір ол өзінің болмашы ақшасының қасынан өте
шыққан миллиондар жаңбырымен салыстырғанда, өзін түкке тұрмайтын
кедей адам сезінді.
Оның қызғанышы күннен-күнге ұлғая берді. Ол бəріне ызалы еді: үйіне
баруды доғарған Вальтерлерге де, Ларошқа сеніп, марокколық зайымды
алдырмай қойған əйеліне де, ең бастысы өзін алдап түсіргенімен қоймай,
бұрынғыша өзінің қызметін пайдаланып, бұрынғыша үйіне келіп, аптасына
екі рет тамақ ішіп жүрген міністірге де ашуы қара қазандай болатын. Жорж
Лароштың атқосшысы, оның хатшысы, жазғышы сияқты еді, əр жолы оның
айтқандарын қағазға түсіріп отырғанда, осы бір кісімсінген немені
қылқындырып өлтіргісі келеді. Міністір ретінде Ларош атаққа іліне
қоймады, сондықтан партпелден айырылып қалмас үшін, оған бұл партпелі
алтынға лық толы екенін мұқият жасыруға тура келді. Ал Дю Руа оның
айналасынан түгел, осы бір мансапқұмар адвокаттың соңғы кезде асқақтай
сөйлеуінен, шектен шыға бастаған арсыздығынан, үзілді-кесілді сарындағы
сөздерінен, өзіне шексіз сенімділігінен де алтынның буын сезінетін.
Ларош Дю Руаның үйінде билеушіге айналды: ол граф де Водректің
орнын басты, сол келетін күндері түстікке келіп, қызметшілермен
қожайынындай сөйлеседі.
Жорж оны жек көріп кетті; ол барда қауып алғысы келгенімен, батылы
бармайтын иттей ызадан қалшылдап кететін. Оның есесіне Мадленаға жиіжиі мінез көрсетіп қалатын болды, ал ол оны тəрбиесі нашар баладай ғана
қабылдап, иығын көтеріп қана қоятын. Дегенмен ол күйеуінің үнемі қабағы
түсіп жүретін болғанына таңырқайтын.
— Мен сені түсінбеймін, - дейді Мадлена. - Сіркең су көтермейді де
жүреді. Ал жағдайың өте жақсы ғой сенің.
Ол үн-түнсіз бұрылып кетеді.
Алғаш ол бастығының үйіндегі кешке бармайтынын, ол жидтің үйіне
бұдан былай аттап баспайтынын мəлімдеді.
Вальтер ханым екі ай бойы бұған күн сайын хат жазып, үйіне шақырды,
өзі бұл үшін ұтып алған жетпіс мың франк ақшаны қолына ұстату үшін қай
жерде болса да кездесуге шақыруын өтінумен болды.
Жігіт бұл жалынышты хаттарға жауап қатпады, алысымен отқа өртеп
жіберіп отырды. Мұнысы ортақ ұтыстағы өз үлесінен еш бас тартқаны
емес, алайда əйелді өзінің немқұрайдылығымен сілесін қатырып, жерге
таптағысы келді. Ол қазір шылқыған бай! Жігіт оған өзінің тəкаппар екенін
көрсетуі керек.
Картинаны көретін күні Мадлена оны, егер ол Вальтерлерге бармайтын
болса, үлкен қателік болып шығатынын айтып, үгіттеп бақты.
— Мазамды алмашы, - деп бұрқ етті Дю Руа. - Мен ешқайда да
бармаймын.
Алайда тамақтанып болғаннан кейін ол кенет өзгерді:
— Дегенмен бұл міндеткерлікті де атқару керек. Киін.
Əйелдің де күткені осы болатын.
— Он бес минутте даяр боламын.
Киініп жатып та Жорж күңкілдеумен болды, тіпті күймеде де кеюін
қоймады.
Карлсбург үйінің салтанатты ауласының төрт бұрышында кішігірім
көгілдір айға ұқсаған төрт электр панарлар ілініпті. Биік кіреберіс
баспалдаққа ғажап əдемі кілем төселіпті де, оның əр сатысында тас
мүсіндей қатып зерлі бас киім киген малайлар тұрды.
— Көзді арбауын! - деп күңк етті Дю Руа.
Ол жаратпағандай иығын қиқайтты, бірақ жүрегін қызғаныш уыты
сығымдап жатқан еді.
- Осындай үйде тұрсаң кім қой депті, ал оған дейін тіліңе ие бол, - деді
əйелі жақтырмай.
Үйге кірісімен олар ауыр сырт киімдерін жүгіріп келген малайларға
ұстатты.
Бұл жерде шешініп жатқан ерлі-зайыптылар көп екен.
— Тамаша! Тамаша! - деген сыбыр сөздер естіледі.
Зəулім кіреберіс залдың қабырғасы Марс пен Венераның хикаялары
кестеленіп бедерленген зерлі матамен қапталыпты. Оң жақта да, сол жақта
да екінші қабатқа барып қосылатын шалқардай кең баспалдақтар қанаты
көрінеді. Темірден құйылған баспалдақ жақтаулары көздің жауын алады;
оған жалатылған алтынның бояуы қызыл мəрмəрдан жасалған сатыларға
күңгірт сəулесін түсіріп тұрды.
Залға кіреберісте екі қыз бала - біреуі делдиген қызғылт көйлек, екіншісі
көгілдір көйлек киген - ханымдарға гүл үлестіріп тұрды. Бəрі бұған
ризашылық білдіріп жатты.
Зал адамға лық толы екен.
Əйелдердің көбі жабық көйлек киіпті,- сірə, олар мұнысымен бұл
шақырумен келген кешті кəдімгі жеке көрме деп қабылдаған сыңай
танытқысы келгендей. Ал биге даярланып келгендер ашық-шашық
көйлекпен жүр.
Вальтер ханым екінші залда сыйлас əйелдердің қоршауында,
келушілердің құттықтауына жауап қайтарып отыр екен. Оны
танымайтындар үй иелеріне көңіл аудармастан, мұражайға келгендей,
бірден бөлмелерді аралап көруге кірісті.
Дю Руаны көргенде əйел құп-қу болып кетті де, алдынан шыққысы
келгендей ұмтылып қалды, бірақ ол өзі келеді деп ойлады ма, іркіліс
жасады. Ол əйелге салтанатты түрмен иіле амандасты, ал Мадлена оған
мадақ сөздерді жаңбырша жаудырды. Əйелін Вальтер ханымның қасында
қалдырып, Дю Руа көпке араласып кетті: ол осындағылардың көпшілігі өзі
сияқты теріс ниеттілер деген сеніммен олардың жамандаған сөздерін
естігісі келді.
Қымбат маталармен, итальяндық зерлі кестелермен, түрлі-түсті
жинақтағы шығыс кілемдерімен жəне көне шеберлер картиналарымен
əшекейленген бес зал бірінен-біріне өте беретіндей етіп жасалыпты.
Көрерменге əсіресе XVI Людовик стилінде жабдықталған, шет-шетіне
ашық көгілдір реңк жүгіртіп, қызғылт түсті жібек матамен қапталған
жатынжай деуге боларлық бөлме қатты ұнады. Алтын жалатылып, ғажап
нəзіктікпен жасалған жиһаз да нақ осындай матамен қапталыпты.
Жорждың көз алдынан атақты адамдар: де Феррачини герцогиня, граф
жəне графиня де Равенелдер, генерал князь д'Андремон, сұлулардың сұлуы
маркиза де Дюн жəне басқа театр премьераларынан ғана тұрақты көруге
болатын игі жақсылар өтіп жатты.
Біреу оның қолынан шап беріп, құлағына жас адамның қуанышты үні
сыбыр етті:
— Ah, сізді де көретін күн болады екен-ау, қырсыққан Сүйкімді дос!
Неге сонша көрінбей кеттіңіз?
Бұрқыраған ақшыл шаштың астынан оған Сюзанна Вальтердің жылтыр
көзі қадалып тұрды.
Жорж оны көргеніне қуанып қалды да, қолын қатты қысып, кешірім
өтіне бастады:
— Еш қолым тимеді. Екі ай бойы жан-жағыма қарауға шамам болмай,
ешқайда шыға алмадым.
— Жақсы емес, жақсы емес, жақсы емес, - деп қайталады қыз шын
ниетімен. - Сіз бізді ренжіттіңіз, біз сізді шын жақсы көреміз ғой, - мен де,
апам да. Мен, мысалы, сізсіз өмір сүре алмаймын. Сіз жоқ кезде, мен
сағынғаннан асылып өлгім келеді. Мен мұны əдейі, сіз бұдан былай бүйтіп
жоғалып кетпесін деп ашық айтып тұрмын. Қолыңызды беріңіз, "Су
бетімен жүріп келе жатқан Исаны" сізге мен өзім көрсетсем деймін, ол анау
шетте, жылыжайдың артында. Əкемнің ол орынды таңдағандағы мақсаты қонақтар оған жеткенше барлық залдарды басып өтуін қалағандықтан. Ол
осы үйді мақтан еткенде бар ғой, тіпті сұмдық!
Олар ақырындап топты жарып келе жатты. Осы бір сұлу жігіт пен
сүйкімді қуыршақ қызға бəрі бұрылып қарап қалып жатты.
— Керемет жұп! Сирек кездесетін жұп! - деді бір белгілі суретші.
"Егер мен, шынында, қу адам болсам, осыған үйленген болар едім ғой,деп ойлады Жорж. - Қолымнан да келіп тұр еді. Қалай ойыма келмеген?
Анаған неге үйлендім десеңші! Неткен жосықсыздық! Алдымен жақсылап
ойланып алып, сонан соң барып əрекет етуім керек еді".
Қызғаныш, зəрлі қызғаныш жүрегінің түбіне тамшы болып тамған
сайын оның барлық қуанышын, жан дүниесін уландыра бастады.
— Рас айтам, Сүйкімді дос, жиі келіп тұрыңызшы, - деді Сюзанна. Əкем байып кетті, енді біз қанша тентектік жасап, қалай асыр саламыз
десек те болады.
Ал жігіттің ойы өз бағытынан ауытқыған жоқ.
— Енді сіз күйеуге шығасыз! Өзіңізге сай бір керемет, бірақ сəл
кедейленген ханзаданы тауып аласыз, сонда ойынымыз жайына қалады.
— О, жоқ, əзірге ондай ойым жоқ! - деді қыз шын көңілмен. - Мен тек
қана өзіме ұнаған, шын ұнаған адамға ғана күйеуге шығамын. Менің
байлығым екі адамға жетеді.
Кекесінді, жымысқы күлкімен Жорж қасынан өтіп жатқан адамдардың
аттарын атай бастады: белгілі ақсүйектер өздерінің тот басқан атақтарын
мына Сюзанна сияқты бай қаржыгерлердің қызына сатып, содан кейін
əйелдерімен бірге немесе бөлек бір-біріне байланыссыз, бұзықтық істермен
айналысады, алайда сый-құрметтен кенде болмайды.
— Жарты жыл өтпей-ақ сіздің де осылардай қармаққа түсетініңізге
сенімдімін, - деді Жорж. - Маркиза, герцогиня, княгиня болып аласыз да,
сүйкімді қарындас, маған аспандай қарайтын боласыз.
Қыз қарсылық білдіріп, оның қолына желпуішімен соққылады, тек
жүрегі қалаған адамға ғана күйеуге шығатынын айтып ант ішкендей болды.
— Көрерміз, көрерміз, сіз махаббат үшін тым ақшалысыз, - деп
шымшылай түсті жігіт.
— Сіз де байсыз, сіз мұрагер болдыңыз ғой, - деп жалтарды қыз.
— Айтуға тұрмайды! - деп тыжырына сөйледі Жорж. - Бар-жоғы
жиырма мың рента. Қазіргі уақытта бұл түк емес.
— Жоқ, сіздің əйеліңіз де мұрагер болды емес пе?
— Иə, екеуімізге бір миллион. Қырық мың жылдық табыс. Мұнымен бір
жаққа шыға да алмайсың.
Олар соңғы залға енгенде, алдарынан жылыжай - неше түрлі көптеген
тропикалық ағаштың төмен иілген бұтақтары қаулап өскен сирек
кездесетін гүлдер тасқынымен астасып кеткен үлкен қысқы бақ көрінісі
ашылды. Арасынан күн сəулесі күміс толқындай төгіліп тұрған осынау
қалың жасыл өскін астынан дымқыл топырақтың жағымды иісі мен
өсімдіктердің хош иісі араласа бұрқырап тұр. Бірақ осы тəтті де құшырлы
иістерден бір түрлі қажығандық, жасандылық, кінəраттық сезіліп, денені
түршіктіретіндей. Екі қатар бұталардың арасындағы аяқжолға төселген
кілемдер кəдімгі қынадан айырып алғысыз болып көрінеді. Сол жақта, биік
пальма ағаштарының бұтақтарынан иіп келтірілген кең күмбез астынан Дю
Руаның көзіне шалынған, сондай үлкен, адам шомылуға да боларлықтай
хауыз ақ мəрмəрмен өріліп, жағалауына төрт дəу жанан аққулар
орнатылыпты; аққулардың ашық ауыздарынан су атқылап тұр.
Түбі алтындай жарқыраған құммен жабылған хауызда үлкен-үлкен
қызыл балықтар -көздері шарасынан шыға адырайған, қабыршақтарына
көгілдір түс жалатылғандай, күрделі қытай кестелеріндей құлпырып,
бірқатары əрі-бері жүзіп жүрсе, бірқатары алтын құмға іліп қойғандай
қозғалыссыз тұр.
Дю Руа тоқтай қалды, оның жүрегі атқақтай соғып кетті. "Міне,
салтанат! - деді ол өзіне-өзі. - Міне, қандай үйде тұру керек. Жұрттың қолы
жетеді. Менің неге қолымнан келмеуі керек?" Ол қол жеткізу тəсілін дереу
ойлап таппақ болды, бірақ ойына ештеңе түсе қоймаған ол өзінің
əлсіздігіне ызаланды.
Оның серіктесі де өз ойымен болып үнсіз қалған. Дю Руа оған қиғаштай
көз салды. "Бар-жоғы мына жанды қуыршаққа үйленсем жетіп жатыр едіау!" - деп ойлады ол Сюзанна кенет өзгерді.
— Дайындалыңыз! - деді де, ол алдарында тұрған топты жарып өтіп,
шұғыл оңға бұрылды.
Жапырақтары адамның ашылған алақанындай жіңішке саусақты
таңғажайып өсімдіктер арасында, теңіз толқындарының үстінде қозғалмай
тұрған адам көрінді.
Алғашқы əсер айтып жеткізгісіз керемет болды. Шет-шеті тірі
өскіндермен көмкерілген картина белгісіз бір қиял-ғажайып дүниесіне
жетелеп ала жөнелетін қақпа, қара тесіктей болып көрінді.
Тек картинаға тесіліп қарағанда ғана шынайы өмірге орала бастайсың.
Жақтау қайықты екіге бөліп тастапты, ал ол қайықта қиғаш түскен шам
жарығының көлеңкесінде қалған апостолдар отыр да, олардың бергі
шеткісі шам жарығын жақындап келіп қалған Исаға бағыттапты.
Исаның бір аяғын толқынға тигізер-тигізбес шағы, ал толқын өзіне тақай
берген құдай табанына өзі жабыса кетердей өбектеп жайыла қалған. Құдайадамның айналасы қаракөлеңкеге айналған. Тек қана аспанда жұлдыздар
жымыңдайды.
Құдайға бағытталған шамның солғын жарығында шəкірттердің жүздері
қасиетті үрейден қисайып кеткендей көрінеді.
Бұл шын мəнінде қуаты күшті, ойды астан-кестен етіп, санада мəңгі
сақталып қалатын, нағыз шебердің қолынан шыққан əсерлі туынды екен.
Жұрт картинаға үн-түнсіз тесіле қарап, ойлы қалыппен бұрылып кетеді,
содан біраз уақыт өткеннен кейін ғана тілге келіп, оның ерекшеліктерін сөз
қыла бастайды.
Дю Руа картинаға қарап тұрып:
— Мұндай картинаға не болу салтанаты - ең тамаша нəрсе! - деді.
Бірақ оны басқа да көргісі келіп үздіккендер итермелеп шығарып
жіберді, содан кейін ол əлі де алақанында жүрген Сюзаннаның қолын қыса
түскен күйі кейін шегінді.
— Шампан ішкіңіз келе ме? - деп сұрады Сюзанна. - Жүріңіз дəмхана
жаққа барайық. Əкем де сол жерде.
Олар аяңдап кейін қарай жүрді. Мұнда өзін үйдегідей сезінген адамдар
тобының - сəнді киінген, дабыр-дұбыры мол көңілді топтар қарасыны арта
түсіпті.
Кенет Жоржды біреудің даусы елең еткізді.
— Əне Ларош пен Дю Руа ханым.
Бұл сөз оның құлағына алыстан желмен жеткен сыбырдай болып естілді.
Кім екен мұны айтқан?
Айналасына көз салған ол, шынында, əйелін көрді, - ол міністір екеуі
қолтықтасып алыпты. Бір-бірінен көз алмай ақырын құпиялай сөйлесіп,
күлімсіреп қояды.
Жоржға жұрттың бəрі тек соларға қарап сыбырласып жатқандай болып
көрінді. Қаны қайнап шыға келген ол аналарға тап беріп, екеуінің де бытшытын шығарғысы келіп кетті.
Əйелі өзін ыңғайсыз жағдайға қалдырды. Ол Форестьені ойына алды.
Мүмкін мұның сыртынан да: "Əлгі мүйізді Дю Руа" десетін шығар.
Сондай-ақ ол кім еді? Айтарлықтай ептілігі бар, бірақ дарыннан құралақан
қалған мансапқұмар. Оның үйіне қонаққа келеді, өйткені одан қорқады,
оның күшті екенін сезеді, алайда осы ерлі-зайыпты журналшылар туралы
сөз бола қалса, ешкім де аянып қалмас-ау. Мына сияқты үнемі өзіне сөз
келтіретін, барлық қылығы жұрттың назарын аударумен болатын, үйіне
абырой əпермейтін əйелмен бұл ешқашан өсе алмайды. Тек аяғына оралғы
болады. АҺ, осының бəрін алдын ала білгенде ғой! Қандай ірі де батыл
ойындарға барар еді. Көзірге мына кішкентай Сюзаннаны салғанда, қандай
ұтысқа ие болған болар еді! Бұрын көзі қайда қараған, неткен
көрсоқырлық!
Олар асханаға - қабырғалары көне зерлі маталармен қапталған, мəрмəр
бағаналары бар зəулім залға кірді.
Қызметкерін көрген Вальтер оған құшағын жая ұмтылды. Ол шаттықтың
шыңына шығып алған екен.
— Сіз бəрін көрдіңіз бе? Сюзанна, сен оған бəрін көрсеттің бе? Халық
деген қырғын, -солай емес пе, Сүйкімді дос? Князь де Гершті көрдіңіз бе?
Жаңа ғана осында келіп, бір стақан пунш ішіп шықты.
Осы кезде ол сенатор Рисоленді көріп, қарсы ұмтылды, оның қасында
жəрмеңкедегі сатушы құсап əлем-жəлем киінген əйелі бар екен; əйелінің есі
шығып келе жатқаны бірден байқалады.
Сюзаннаға ұзын бойлы, жарау аттай жас жігіт келіп иілді,- ақшыл жақ
сақалы мен аздап селдірей бастаған шашы бар оның шаруасы шайқалған
ақсүйектер өкілі екені бірден байқалып тұрды. Біреу оның атын атады:
"Маркиз де Казоль",- сол-ақ екен Жорж Сюзаннаны одан қызғана бастады.
Екеуі көптен таныс па екен? Əрине, қыздың байлығы белгілі болғаннан
кейін шығар? Ол жігіттің үміткер екенін сезді.
Біреу Жорждың қолтығынан ұстады. Бұл Норбер де Варен екен.
Немқұрайды, шаршаңқы жүзді қарт ақынның майлы шашы мен көнетоз
фрагі көзге ұрып тұрды.
— Осыны олар көңіл көтеру деп атайды, - деді ол - Қазір би басталады,
содан кейін бəрі үйді-үйіне тарасып, ұйқыға жатады, қыздарға сол да жетіп
жатыр. Шампан жақсы екен, ішесіз бе?
Осылай деп, ол өзінің бокалына шарап құйып алды, Жорж да қолына
бокал алды.
— Рухани байлықтың миллиондарды жеңуі үшін ішемін, - деп Норбер
Жоржға иілді де, даусын жұмсарта түсіп сөзін жалғады: - Бөтен қалтадағы
ақша маған кедергі емес, əрине, мен оны иесінен қызғанбаймын, мен
принципті түрде қарсымын.
Дю Руа оны тыңдаған жоқ. Маркиз де Казольмен жоғалып кеткен
Сюзаннаны көзімен іздеп тұрған ол Норбердің қасынан ығысып шығып,
оларды іздеуге кірісті.
You have read 1 text from Kazakh literature.
Next - Сүйкімді дос - 19
  • Parts
  • Сүйкімді дос - 01
    Total number of words is 4187
    Total number of unique words is 2253
    34.5 of words are in the 2000 most common words
    49.2 of words are in the 5000 most common words
    57.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 02
    Total number of words is 4146
    Total number of unique words is 2278
    35.1 of words are in the 2000 most common words
    50.3 of words are in the 5000 most common words
    58.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 03
    Total number of words is 4199
    Total number of unique words is 2249
    35.9 of words are in the 2000 most common words
    51.8 of words are in the 5000 most common words
    59.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 04
    Total number of words is 4168
    Total number of unique words is 2101
    35.5 of words are in the 2000 most common words
    49.4 of words are in the 5000 most common words
    56.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 05
    Total number of words is 4247
    Total number of unique words is 2212
    37.5 of words are in the 2000 most common words
    53.5 of words are in the 5000 most common words
    61.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 06
    Total number of words is 4257
    Total number of unique words is 2136
    35.8 of words are in the 2000 most common words
    51.5 of words are in the 5000 most common words
    59.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 07
    Total number of words is 4233
    Total number of unique words is 2172
    36.1 of words are in the 2000 most common words
    51.0 of words are in the 5000 most common words
    58.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 08
    Total number of words is 4243
    Total number of unique words is 2291
    35.6 of words are in the 2000 most common words
    50.6 of words are in the 5000 most common words
    58.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 09
    Total number of words is 4291
    Total number of unique words is 2153
    38.0 of words are in the 2000 most common words
    53.6 of words are in the 5000 most common words
    60.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 10
    Total number of words is 4209
    Total number of unique words is 2149
    36.3 of words are in the 2000 most common words
    51.7 of words are in the 5000 most common words
    58.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 11
    Total number of words is 4266
    Total number of unique words is 2134
    37.7 of words are in the 2000 most common words
    53.2 of words are in the 5000 most common words
    60.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 12
    Total number of words is 4155
    Total number of unique words is 2204
    34.2 of words are in the 2000 most common words
    49.2 of words are in the 5000 most common words
    56.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 13
    Total number of words is 4142
    Total number of unique words is 2280
    34.8 of words are in the 2000 most common words
    49.0 of words are in the 5000 most common words
    56.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 14
    Total number of words is 4143
    Total number of unique words is 2189
    33.9 of words are in the 2000 most common words
    49.0 of words are in the 5000 most common words
    55.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 15
    Total number of words is 4190
    Total number of unique words is 2177
    36.4 of words are in the 2000 most common words
    50.1 of words are in the 5000 most common words
    58.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 16
    Total number of words is 4165
    Total number of unique words is 2187
    34.5 of words are in the 2000 most common words
    48.1 of words are in the 5000 most common words
    54.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 17
    Total number of words is 4208
    Total number of unique words is 2028
    36.9 of words are in the 2000 most common words
    51.5 of words are in the 5000 most common words
    59.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 18
    Total number of words is 4216
    Total number of unique words is 2252
    34.4 of words are in the 2000 most common words
    49.5 of words are in the 5000 most common words
    57.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 19
    Total number of words is 4228
    Total number of unique words is 2120
    36.5 of words are in the 2000 most common words
    51.6 of words are in the 5000 most common words
    59.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 20
    Total number of words is 4225
    Total number of unique words is 2142
    35.5 of words are in the 2000 most common words
    51.9 of words are in the 5000 most common words
    60.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 21
    Total number of words is 3255
    Total number of unique words is 1938
    36.2 of words are in the 2000 most common words
    50.7 of words are in the 5000 most common words
    58.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.