Latin Common Turkic

Сүйкімді дос - 06

Total number of words is 4257
Total number of unique words is 2136
35.8 of words are in the 2000 most common words
51.5 of words are in the 5000 most common words
59.1 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
Мұндай өліп-өшу əйелді рақат сезімге бөлеп, ақыры біртіндеп бір-бір
күннен қысқарта бастады. Бірақ Дюруа оған көнбей:
— Ертең... Ертең деші! - деп, қоймай қайталай берді. Ақырында əйел
оған да көнді.
— Жарайды. Ертең. Сағат бесте.
Ол уһ деп көкірегі қарс айырыла қуанды. Сонан кейін екеуі байсалды
əңгімеге көшті, кəдімгі бір-бірін жиырма жылдан бері білетін адамдар
сияқты сөйлесті.
Əлдекім есіктің қоңырауын қақты, - екеуі де селк етіп, дереу бір-бірінен
алыстаңқырап отырысты.
— Бұл, сірə, Лорина болар, - деді Марель ханым сыбырлап.
Қыз кірген бойда таңғала тоқтап қалды да, артынша қуанғаннан қолын
шапалақтап жүгіріп Дюруаның жанына жетіп келді.
— О, Сүйкімді дос! - деді айғайлап.
Марель ханым күліп жіберді.
— Немене? Сүйкімді дос? Сізге Лорина ат қойып та тастады! Меніңше,
бұл - өте əдемі ат. Мен де сізді Сүйкімді дос деп атайтын болам.
Ол қызды тізесіне отырғызды, енді қызға шешесі қандай ойындарды
үйретсе, соның бəрін ол да ойнауға мəжбүр болды.
Сағат үшке жиырма минут қалғанда бəрімен қоштасып, Дюруа саралқаға
баруға жиналды. Баспалдақпен түсіп бара жатып, жартылай ашық тұрған
есіктен ол тағы сыбырлады:
— Ертең. Сағат бесте.
Марель ханым ерін қозғалысынан ғана оның не айтпағын шамалап,
мақұл дегенді ол да жымиысымен ғана аңғартып ғайып болды.
Саралқаның жұмыстарын бітірген соң, Дюруа енді ашынасын қарсы алу
үшін бөлмені қалай жинастырарын, жұпыны жағдайын қайтіп жасырарын
ойлай бастады, білдірмейтіндей қылып жапондықтардың ұсақ-түйек
əшекейлерін қабырғаның бəріне іліп тастау керек деген ой келді басына.
Бес франкқа əп-əдемі желпуіштің, қалқаншалар мен алабажақ
қиқымдардың тұтас бір құшағын сатып əкеліп, түсқағаздың ең көрнеу
тұрған дақтарын жауып іліп-іліп тастады. Терезелердің əйнектеріне
қызарған көкжиекке шағылысқан теңіздегі кемелер мен құстардың
шоғыры, балконда тұрған сан түсті əйелдер мен жап-жазық жерде ақ
шаңқан қардың үстінде қарайған адамдардың тізбегі салынған, ар жағынан
күн көрініп тұратын картиналарды шаптап қойды.
Оның адам айнала алмайтын қуыршақтай бөлмесі біраздан кейін сурет
салып тастаған қағаз шамға ұқсады да қалды. Сол көрініске көңілі
көншіген ол түрлі түсті қағаздардың қиынды қалдықтарынан кеш батқанша
үйдің төбесіне құс қиып желімдеумен болды.
Сонан соң паровоздардың ысқырығын да елемей ұйықтап қалды.
Ертесі ол ертерек келіп бір кəрзіңке тəтті нан жəне бакалея дүкенінен бір
бөтелке мадера əкелді. Біраздан кейін екі таксы, екі стақан тауып əкелу
үшін, оған тағы далаға шығуға тура келді. Кір қожалақ бетін қағаз
орамалмен жауып, шағын үстелдің үстіне əкелген тағамдарың қойды,
құмған мен шылапшынды үстелдің астына тықты.
Содан кейін күтуге отырды.
Марель ханым сағат бестен он бес минут өткенде келді, көз алдын
бұлдыратып жіберген алабажақ суреттерге таңданып, еріксіз даусы шығып
кетті:
— О, үйіңіз қандай əдемі! Тек бір жаманы кіреберіс баспалдақта адам
көп екен.
Ол əйелді құшақтай алды, құмартқаннан алқынып, шілəпісінің шетінен
шығып тұрған шашын бет перде шілтердің сыртынан шөпілдетіп сүйе
бастады.
Бір жарым сағаттан кейін Дюруа əйелді Рим көшесіндегі күймелердің
аялдамасына шығарып салды. Əйел күймеге отырған кезде құлағына
сыбыр етті:
— Сейсенбіде, дəл осы уақытта.
— Дəл осы уақытта, сейсенбіде, - деді əйел қайталап.
Көз байланған кез болған соң, əйел қорықпастан Дюруаны басынан
құшақтап ашық есіктен өзіне тартты да, ернінен сүйіп алды. Күйме
айдаушы қамшысын көтерген сəт əйел сыбырлап үлгірді:
— Көріскенше, Сүйкімді дос!
Арық ақбоз ат көне күймені орнынан қозғап, шаршау желіспен жөнеп
берді.
Үш апта бойы Дюруа əр екі-үш күн сайын бірде таңертең, кейде
кешқұрым Марель ханымды өз бөлмесінде қабылдап тұрды.
Бір күні күндіз Дюруа тағы оны күтіп отырғанда, баспалдақтан естілген
қатты дауыс еріксіз оны есікке жақындатты. Жас бала жылады. Артынша
еркектің ашулы даусы шықты:
— Үй, сайтанның баласы, неменеге жылай береді?
— Өй, ана жоғарыдағы журналшыға келіп жүрген оңбаған қатын
баспалдақта отырған біздің Николаны қағып құлатып кетті. Мен ондай
жүргіш қатындарды табалдырығымнан аттатпас едім,
Дюруа түршігіп кейін шегініп кетті, - əйелдің асығыс аяқ басысы,
көйлегінің тез-тез қозғалған дабыры құлағына шалынды.
Артынша ол жауып үлгірген есік қағылды. Ол ашқан сəт бөлмеге
аптыққан, ызаланған Марель ханым жүгіріп кірді.
— Сен естідің бе? - деді зорға тіл қатып. Ол түк білмегенсіді.
— Жоқ, не қылды?
— Мені олардың қалай қорлағанын естімедің бе?
— Кім?
— Астыңғы қабатта тұратын оңбағандар.
— Жоқ, естімедім. Не болды, айтшы!
Айтудың орнына ол жылап жіберді. Ол əйелдің қалпағын шешті,
корсетін ағытты, төсекке жатқызып, екі шекесін дымқыл орамалмен
ысқылады. Əйел ызадан тұншықты. Алайда ызасы тарқаған соң, енді əйел
ашуға мінді.
Енді астыңғы қабатқа дəл қазір бар да, быт-шытын шығар, өлтір деп
талап ете бастады.
— Олар жұмысшылар ғой, дөрекі халық, - деді Дюруа. - Ойласаңшы,
өйтсек, соттасуға тура келеді, сені танып қоюы да, қамап қоюы да мүмкін, онда сен құрисың. Одан да мұндай адамдармен байланыспағанымыз
жақсы.
Енді əйел басқаны уайымдай бастады.
— Қалай істейміз? Мен мұнда бұдан кейін келе алмаймын.
— Е, ол оп-оңай, - деді Дюруа, - мен басқа үйді жалдаймын.
— Иə, - деді əйел күбірлеп. - Бірақ ол өте ұзақ қой. - Кенет оның басына
бір ой келе қалды. - Жо-жо, тоқта, тыңдашы, - деді бірден байсалды бола
қалып, - мен амалын таптым, сен басыңды ештемеге қатырма, бəрін маған
жібер. Ертең таңертең мен саған көгілдір қағаз жіберем.
"Көгілдір қағаз" деп əйел қалалық жеделхатты айтып тұрғаны түсінікті
еді.
Əзірше Дюруаға айтпаған өз əрекетіне риза болғандықтан, Марель
ханым жымия да бастаған-ды. Бүгін ол өзінің құштарлығын айрықша
ынтығып көрсетті.
Əйткенмен баспалдақпен түсіп кетіп бара жатқанында, толқығаннан
аяғы тəлтіректеп кетті де, қасында келе жатқан сүйіктісінің қолына бар
салмағын салып сүйенді.
Екеуі, əйтеуір, ешкімге жолықпады.
Ол кеш тұрды, ертесі сағат он бірде уəделі "көгілдір қағазды" əкеліп
бергенде, ол əлі төсекте жатқан болатын.
Қағазды ашып Дюруа:
"Кездесу бүгін бесте. Константинополь, 127. Дюруа ханым жолдаған
пəтерді аш де.
Сүйдім, Кло, " - дегенді оқыды.
Дəл сағат бесте жалға жиһазымен бөлме берілетін дəу үйдің күзетіне
келді.
— Дюруа ханым жалдаған пəтер осында ма? - деп сұрады күзетшіден.
— Иə, мырза, осында.
— Мені сонда алып барыңызшы!
Мұндай аса сақтықты қажет ететін жағдайға күзетші, сірə, əбден
үйренген болу керек, бір топ кілттің ішінен қажеттісін іздеп жатып, оның
бетіне зер сала қарады.
— Сіз Дюруа мырзасыз ба?
— Əрине.
Бірнеше секунттен соң Дюруа төменгі қабаттағы күзеттің қарсысына
орналасқан екі бөлмелі шағын пəтердің табалдырығынан аттады.
Қабырғаларына шұбар түсқағаз ұстаған қонақ бөлмеге жасыл матамен
қаптап, сарымен əдемілеген қызыл ағаштан жасалған жиһаз қойылыпты.
Жерге астындағы еденнің ағашы табаныңа білінетін жұқа гүлді кілем
төселіпті.
Шағын жатын бөлменің төрттен үшін кереуеттің бір өзі толтырыпты,
күдікті дақтары бар мамық көрпе жауып, көгілдір матадан істелген
шымылдықпен қалқаланған төсек түкпірдегі бір қанатты түгел алып жатыр.
Пəтер Дюруаның көңілінен шықпады, оны уайым биледі, "Бұл пəтердің
ақысына менің шашым жетпейді, - деді ол бірден. - Тағы қарызға
белшемнен батуға тура келеді. Оның мынасы тым ақылсыздық болды".
Сол сəт есік ашылды да, жібектерін судырлатып, құшағын айқара ашқан
Клотильда алқына атылып кірді. Шаттығында шек жоқ.
— Қандай ыңғайлы, айтшы, ыңғайлы ғой? Ешқайда көтерілудің қажеті
жоқ, - көшеден келген бойда кіресің де кетесің, астыңғы қабат. Терезеден
түсіп, терезеден шығып кетуге де болады, тіпті күзетші де көрмейді.
Екеумізге бұл ара қандай жақсы!
Ол əйелді салқын ғана сүйді, миын қажап тұрған сұрақты оған қалай
қоярын білмеді.
Клотильда ортада тұрған дөңгелек үстелге дəу пакетті апарып қойды.
Аузын ашып, ішінен сабын, бір құты иіс су, жұмсақ дене ысқыш, бір қорап
шаш түйрегіш, бəтінкенің ілгегін, ылғи маңдайына түсіп бой бермейтін
шашын қайырып қоятын кішкене қысқыштарды алып шықты.
Жаңа қонысқа келіп жатқаны, əр затқа лайық орын іздегені оны қатты
қуантты.
Жəшіктерді орнынан жылжытып жатып та ол тоқтамай сөйлеумен
болды:
— Қалай қалай емес, мұнда біраз ішкиім де əкеліп қою керек, киім
ауыстыру қажет боп қалуы мүмкін. Сөйткен өте ыңғайлы болады. Мəселен,
мен көшеде жауынға тап болып қалсам, жүгіріп кеп осында кептірініп
алам. Əрқайсымызда бір-бірден кілт болады, үшіншісін күзетшіге беріп
қоямыз, өзіміздікін ұмытып кеткен жағдайда керек болады. Мен мұны үш
айға жалдадым. Əрине, сенің атыңа. Мен енді өз атымды айта алмаймын
ғой?
— Қашан төлеу керегін маған айтып қоятын шығарсың? - деді ақыры
Дюруа ретін тауып.
— Бəрі төленген, жаным! - деді əйел жайбарақат қана.
— Онда мен сенің қарыздарың болдым ғой? - деп, Дюруа қазбалай түсті.
— Е, жоға, жаным. Сенің бұған еш қатысың жоқ, əншейін менің
кішкентай еркелігім ғана.
Ол ашуланған сиық танытты.
— Жо, сен мені кешір! Мен ондайға жол бермеймін.
Əйел жаныңа келіп, екі иығыңа алақанын салып жалбарына қарады:
— Жорж, өтінем сенен, осы кішкентай ұяның менікі, тек менікі екенін
сезіну маған сондайлық рақат, соншалық рақат! Ол сенің көңіліңе келмейді
ғой? Солай емес пе? Біздің махаббатымызға деген менің бұл сыйым
болсыншы! Айтшы, келістім деші, Жорж, сүйкімдім менің, айтшы!
Əйел жанарымен, ернінің сүйкелісімен, бүкіл тұла бойымен жалынды.
Ол ұзақ жалындырды, қарсылығын бет əлпетімен білдірді, бірақ
ақырында көнді: жан түкпірінде өзі осыны əділдік санады.
Əйел үйден шығып кеткен соң, қолын сүртіп тұрып Дюруа: "Дегенмен
қандай сүйкімді əйел!" - деді күбірлеп. Дəл бүгін ол туралы мұндай пікірге
неге келгенін ол қазбалап ойламауға тырысты.
Бірер күннен кейін ол тағы "көгілдір қағаз" алды:
"Бүгін кешке бір жарым айлық тексеру жұмысынан кейін күйеуім үйге
оралады. Апта бойы көрісе алмаймыз. Сағыныштан сарғаямыз-ау,
сүйкімдім менің!
Сендік Кло".
Дюруа ұйқыдан оянғандай болды. Оның күйеуі бары тарс есінен шығып
кетіпті. Қызық, бір рет болса да оның өзін көру керек еді, тым құрыса түрітүсін білу үшін!
Күйеуінің кетуін ол шыдамдылықпен күтті, бірақ соның өзінде екі кеш
Фоли-Бержерге барып үлгерді, екі ретінде де Рашель оны сол арадан өзіне
алып кетті.
Тағы бір күні "Бүгін бесте. Кло" деген үш сөз ғана жазылған жеделхат
қолына тиді.
Кездесуге екеуі де уақытынан ерте келді. Құштарлықтың лапылдаған
қызуымен құшағына тығылып жатып, əйел оның бет-аузынан түк қоймай
сүйгілеп шықты да:
— Қазір бір-бірімізден тоят ап біткен соң, сен мені бір жерге
тамақтандыруға алып бар, жарай ма? - деді. - Енді мен еркіңдемін.
Жаңа ай енді ғана басталған кез болатын жалақысын күні бұрын алып
ап, Дюруа əркімнен сұрап қарызбен ғана күн көріп жүрген-ді, бірақ дəл
бүгін күтпеген жерде қалтасына ақша түсіп қалған болатын, соған аздыкөпті əйел үшін шығындануға мүмкіндігі болғанына қуанып қалды.
— Əрине, жаным, қалағаның болсын, - деді.
Жетіге таман екеуі сыртқы бульварға шықты. Оның қолына бар
салмағымен асылып тұрып, əйел құлағына сыбырлады:
— Сенімен қолтықтасып қыдырғанды менің қалай жақсы көретінімді
білсең ғой, сенің қасымда келе жатқаныңды сезіну қандай рақат!
— Латюлюға барсақ, ұнай ма саған? - деді Дюруа.
— Жоқ, - деді əйел оған қарсылық білдіріп, -.ол ара тым сəн-салтанатты.
- Мен қарапайым əрі көңілді отыратын жерлерді ұнатам, мəселен,
қызметкерлер мен жүмысшылар баратын мейрамхана болса. Шағын
қабақтарды жақсы көрем! О-о, егер қаланың сыртына шығып кете алсақ
қой!
Қаланың бұл оралымынан Дюруа ондай лайықты ештеңе таба алмады,
сондықтан екеуі бульвар бойымен, қашан көздеріне тамақ ішуге арналған
шағын залы бар шарап дүкені түскенше ұзақ қыдырды. Əскерилермен
отырған екі жалаңбас қызды Клотильда терезеден байқап қалды.
Ұзын жіңішке бөлменің түкпірінде үш арбакеш жəне орындыққа шалқая
отырып, қолын ышқырындағы белдікке тығып алып будақтата темекі
тартқан ұсқыны күдік шақыратын біреу тамақтанып отыр екен. Əлгінің
күртесін түрлі-түрлі дақтардың мұражайы деуге болатындай. Оның
адамның қарнына ұқсап томпиған қалтасынан бөтелкенің мойны, бір үзім
нан, газетке ораған əлдене жəне жіп арқанның" шеті қылтиып тұр. Қалың,
бұйра, ұйпа-тұйпа шашы кірден салтақ-салтақ болып кетіпті, қалпағы
үстелдің астында еденде жатыр.
Əдемі киінген əйелдің кіріп келуі отырғандарға тосын əсер етті.
Жалаңбас қыздар жым болды, арбакештер таласуын тоқтата қойды, ұсқыны
күдікті еркек темекісін түкіріп тастап ақырын мойнын бұрды.
Мұнда бəрі жарасымды! - деді Клотильда сыбыр етіп. - Риза боп
шығатынымызға мен сенімдімін. Келесі жолы жұмысшыға ұқсап киініп
келем.
Гарсон апыл-ғұпыл сүртіп үлгірген май-май беті жап-жалтыр, төгілген
сырадан сатал-сатал ағаш үстелге кеп əйел еш қымсынбастан, титтей де
жиіркенбестен отыра кетті. Ептеп ыңғайсызданып қысылған Дюруа сопақ
қалпағын қайда қоярын білмеді. Ақыры ілетін жер таппаған соң,
орындықтың үстіне тастай салды.
Қой етінен жасалған рагу, жиго жəне сəй əкелінді.
— Мен осындай тағамдарды ұнатам, - деді Клотильда. - Менің талғамым
тым асқақ емес. Маған ағылшын кафесінен гөрі осы ара ұнайды. - Содан
кейін. - Егер мені шын рақатқа бөлегің келсе, онда билейтін залы бар
дүкенге апар, - дегенді тағы қосып қойды. Осы араға жақын маңайда
қызықты біреуі бар, "Аппақ корольше" деп аталады.
— Оған сені кім алып барды? - деді Дюруа таңданып.
Бетіне жалт қарап, əйелдің қып-қызыл боп кеткенін байқады, өте бір
ішкіл жағдайын еске түсірген тосын сұрақ, сірə, оны абыржытқан болу
керек. Əдетте əйелдердің тым аз ғана уақытын алатын жəне ол жайында тек
жорамалдауға ғана болатын сəл толқудан кейін:
— Достарымның бірі, - деп жауап берді. Аз үнсіздіктен кейін оған - Ол
өліп қалды, -дегенді қосты.
Шынымен-ақ уайымдаған адамның кейпімен көзін төмен салды.
Дəл осы сəт Дюруанын есіне оның өткен өмірі жайлы ештеңе де
білмейтіні түсті. Ашыналары болғандығында сөз жоқ, бірақ қандай ашына,
қай ортадан? Оның бойында бұлдыр қызғаныш, бəлкім, жек көру, əйел
жайында білмейтіндерінің бəріне, оның жүрегінде, өмірінде бұған қатысы
жоқтың барлығына деген жек көру сезімі оянғандай болды. Дəл қазіргі
сəтте, бəлкім, мұнан басқа біреуді немесе біреулерді ойлап қалған əйелдің
басындағы құпияларды білгісі келіп, ол оның бетіне ызалы қарады.
Əйелдің есінде қалғандардың бəрін ақтарып қарап, бəрін біліп, бəрін
анықтап алғысы келді-ау сонда!
— Қалай, "Аппақ корольшеге" барамыз ба? - деді əйел қайталап. - Мен
үшін үлкен мереке болар еді.
"Е-ей, оның өткенінде менің не жұмысым бар! Ондай бір түкке
тұрмайтын нəрсеге бола көңіл күйімді бұзу ақымақтық қой!" - деп ойлады
да, жымия жауап берді:
— Əрине, барамыз, қымбаттым.
Көшеге шыққан соң, əлдебір жасырын нəрсені айтатын адамша Марель
оның құлағына құпиялап сыбырлады:
Осы уақытқа дейін мен осыны саған айта алмай келдім. Мұндай əйелдер
баруға ыңғайсыз саналатын жерлерге менің бойдақ қыдырыстар жасауды
қаншалық жақсы көретінімді сен елестете алмайсың. Карнавал кезінде мен
мектеп оқушысынша киініп алам. Ондай киіммен мен өте өзгеше көрінем.
Би залына кіріп келген кезде, шошына, бірақ риза кейіппен əйел оған
тығыла түсіп, сондағы сутенерлер мен сатылғыш əйелдерге көз алмай
қошемет қыла қарады. Алпамсадай əрі қыбыр етпей тұрған полицейдің
бейнесін Марель Дюруага əлсін-əлсін көрсетіп; бір қауіп төне қалса, бізге
қорған болады дегендей: "Қарашы, тұрқының өзі-ақ көңіліңе сенім береді",
- деп қояды. ІІІирек сағаттан кейін əйел бəрінен жалықты, Дюруа оны үйіне
дейін шығарып салды.
Бұдан кейін де олар қарапайым халық демалатын бұл бұзақы жерге
бірнеше рет жорық жасады. Сонан кейін мұндай қаңғыбас серілердің өмірі
ашынасына аса қатты ұнайтындығына Дюруаның көзі жетті.
Кездесуге Клотильда үстіне жай мата көйлек, басына күлдіргі
спектакльдерде ойнайтын қылжақбас үй күтуші əйелдердікіндей тақия киіп
келді. Киген кəстөмі жарасымдылығымен, қонымды қарапайымдылығымен
ерекше көрінетін, бірақ Дюруаның сонша қарсы болғанына қарамастан,
білезігін, жүзігін, гауһар сырғасын - бəрін тағынып алды, сондағы бар
айтқан себебі:
— Түк те емес! Бəрі əншейін тау хрусталі екен деп қалады, - деу ғана
болды.
Осындай маскарадты өте сəтті деп тауып (түйеқұстан бетер тығылып
жүргеніне қарамастан), Клотильда жаманаты кең жайылып кеткен
орындарға да барып көрді.
Дюруаға жұмысшыларша киініп ал деп өтінді, оның бірақ өзінің қымбат
мейрамханалардың тұрақты қонағына лайық кəстөмінен айырылғысы
келмеді, оның тіпті сопақ қалпағын жалпақ шлəпіге де айырбастағысы жоқты. Еркектің бір мойындығын жеңе алмаған соң:
— Мейлі, мені жұрт, азар болса, ақсүйек жігіт айналдырып жүрген
жақсы үйдің күтушісі екен деп ойлар, - деп, Марель өзін-өзі жұбатқан
болды.
Бұл комедия оны нағыз рақатқа бөледі.
Олар шарап сататын арзан дүкеннің темекі түтіні торлаған тар түкпіріне
барып, ескі ағаш үстелдің қасындағы сауытаяқ орындықтарға отырды.
Түстен кейін желдетілмегендіктен, қуырған балықтың иісі сіңген
қышқыл түтін бөлмені бұлтша торлап алыпты. Кең мол жейделі еркектер
стақандарындағысын асықпай сораптайды. Өзгелерден оқшау көрінген
екеуіне таңдана қарап, гарсон олардың алдына екі рөмке шие шарабын əкеп
қойды.
Бір жағынан дірілдеп, қорқып, екінші жағынан өзін бақытты сезінген
Марель отты жанарымен жан-жағына жалтақтай отырып, қызыл шырынды
аз-аздан ғана ұрттап ішті. Ол шиені əр ұрттаған сайын өзін бір қылмыс
жасап отырған адамдай сезінді, дəмді əрі өңешті күйдіріп өтетін ішімдіктің
əр тамшысы тыйым салынған ұятты бір нəрсені істеп отырғандай, оның
құмарын қандырды.
Біраздан кейін естілер-естілмес дауыспен:
— Бұл арадан кетейікші, - деді.
Екеуі ол арадан да кетті. Басын төмен түсіріп, сахнадан шығып бара
жатқан актрисаша үстелдерде шынтақтай жатқан мастардың ара-арасымен
Марель тез-тез басып сыртқа беттеді, мастар оны жақтырмаған əрі одан
сақтанған көзқараспен шығарып салды. Табалдырықтан аттай бере қатерлі
қауіптен құтылған адамша, үһ деп демін алды.
Бір кезде тұла бойы қалтырап тұрып қасындағы серігінен:
— Осындай бір жерде біреулер мені қорлап мазақ қылса, сен не істер
едің? - деп сұрады. Оған ол жауап қайырды:
— Не істеуші ем, сені қорғау қолымнан келер еді!
Оның жауабына риза болған əйел қолын қысып-қысып қойды, бəлкім,
іштей біреулер өзіне тиісіп, өзін олардан қорғап сүйікті жігіті солармен
төбелессе екен деп те тіледі ме екен, кім біледі.
Алайда аптасына екі-үш рет қайталанып тұратын мұндай қыдырыстар
Дюруаны жалықтыра бастады, оның үстіне əр жолы арбакеш пен сусынға
жұмсайтын жарты луидор табу да бұған тым қиынға айналды.
Оның тұрмысы нашар болатын, теміржол басқармасында істеп
жүргендегісінен де тым төмен еді, себебі журналшылық қызметіне
орналасқаннан кейін алғашқы айларда, əне-міне мол ақша табам деп жүріп,
ақшаны ол қисапсыз көп жұмсап жіберген-ді, ақырында барлық
мүмкіндігін тауысып, ақша табудың бар жолын қиып тастаған болатын.
Ең қарапайым əдіс саналатын кассадан қарыз ала тұрудың өзі ол үшін
қазір еш мүмкін емес-ті, өйткені төрт айлық жалақысын жəне жолма-жол
аударма үшін алты жүз франкты алдын ала тағы алып қойған-ды.
Форестьеге жүз франк қарыз, əмияны елдің бəріне ашық тұратын Жак
Ривальға үш жүз, оның сыртында абырой əпермейтін біреуге бес, біреуге
жиырма франктан ұсақ-түйек қарыздары тағы бар.
Тағы жүз франкты бір жерден қақшып алатын айла таба ма деп, СенПотеннен ақыл сұрап еді, ойлап таппайтыны жоқ оның өзі де түк таппады.
Содан Дюруаның ішінде кедейлікке деген ыза-кегі бас көтеріп, кедейліктен
ол бұрынғыдан бетер қорлық көре бастаған-ды, себебі оның тұрмыс
қажеттілігі де бұрынғыдан көбейе бастаған болатын. Ішін тырнаған ашу,
бүкіл əлемге деген ыза-кек оның бойында күн сайын өршіп келе жатты. Ол
сəт сайын не болса соған, тіпті түкке тұрмайтын титтей нəрсеге де ренжи
салатын болды.
Ол өзіне бір сұрақты жиі қояды: ай сайын орташа есеппен неге оның
шығыны мың франк шамасында болады да тұрады, ол ешқандай сəнсалтанат та, бап тілейтін əрекет те жасап жүрген жоқ қой? Əйткенмен
қарапайым есептің өзі мынандай: лайықты мейрамханадағы таңертеңгі ас
сегіз франк, түскі ас - он екі, осының өзі-ақ бір луидор болады; оған енді
судан бетер саусағының арасынан сусып ағып кететін қалта қаражатына он
франкты қосыңыз, - сонда барлығының жиынтығы отыз франк болады.
Күніне отыз франк дегенің -айына тоғыз жүз франк деген сөз. Ал бұл əлі
сырт жəне іш киімің, аяқ киімің, кір жуудың, тағы басқалар кірмей
тұрғандағысы ғана.
Міне, сөйтіп, ол он төртінші желтоқсанда қалтасында бір су да ақшасы
жоқ тақыр кедей болды да қалды, қарыз алатындай жерді, басын қанша
қатырып ойласа да, таппады.
Бұрын да талай сөйткеніндей, енді ол таңертеңгі астан бас тартуға
мəжбүр болды; жарылып кетердей ызаланып, уайымдап, күні бойы
саралқадан шықпады.
Сағат төрт шамасында ол ашынасынан "көгілдір қағаз" алды: "Бірге
тамақтанғың келе ме? Артынан бір жаққа зытамыз".
Ол қолма-қол жауап берді: "Тамақтану мүмкін емес". Артынша онымен
бірге өткізетін тəтті сəттерден бас тартудың ақымақтық болатынын ойлап:
"Сағат тоғызда сені өз пəтерімізде күтем", - дегенді қосып қойды.
Жеделхатты жіберуге шығынданбау үшін, ол тілхатты қағаз тасушының
бірінен беріп жіберді де, тамаққа қайдан ақша табуды ойлап кетті.
Сағат сегіз болды, ал ол əлі ештеме ойлап тапқан жоқ. Аштықтан оның
таңдайы тарта бастады. Кенет оны амалы жоқтықтың тəуекелі биледі.
Күтіп отырып, бірге істейтіндердің бəрі кеткен соң, ол қоңырауды басты.
Есік күзетте тұрған адам тез жетіп келді.
Дюруа абыржып қалталарын ақтарып жатты.
— Қап, Фукар, көріп тұрсың ғой, - деді асып-сасып, - əмиянымды үйге
тастап кетіппін, ал маған қазір Люксембург бағына барып тамақтану керек.
Маған арбакешке төлейтін елу су қарызға бере тұршы.
Қалтасынан үш франк шығарып тұрып, есіккүзет:
— Басқа ештеңе керегі жоқ па, Дюруа мырза? - деп сұрады.
— Жоқ, жоқ, жетеді! Үлкен рахмет!
Күміс теңгелерді қағып алып, Дюруа баспалдақтан жүгіріп түсті.
Жоқшылық күндері аш қарнын талай жұбатқан асханаға барып
тамақтанды.
Сағат тоғызда ашық пештің алдында аяғын қыздырып шағын қонақ
бөлмеде ашынасын күтіп отырды.
Аяздан екі беті қызара бөртіп, ашынасы үйге көңілді, жайраңдап кірді.
— Əуелі қыдырып қайтуға қалайсың? - деді ол кірген бойда. - Он бірде
үйге қайтып келеміз. Күн керемет боп тұр.
— Қойшы, не бар? Үйде де жаман емес қой, - деді бұртиып.
— Айдын қалай əдемі боп тұрғанын көрсең ғой сен! - деді Клотильда
қалпағын əлі шешпей. - Мұндай кеште қыдыру қандай рақат.
— Рақат болса рақат шығар, бірақ менің қыдыруға құлқым жоқ.
Оның жанары ызалы жалт етті. Клотильда таңданып, ренжіп қалды.
— Саған не болды? - деді түсінбей. - Даусың неғып қатқыл? Менің
қыдырғым келіп тұр, сенің неге ашуланғаныңды түсінбеймін.
Дюруа орнынан ыршып тұрды.
— Мен ашуланған жоқпын! - деді қызына айқайлап. - Мені мұндай
тірлік жалықтырды. Бар болғаны сол ғана!
Марель ханым қиқарлықты ұнатпайтын, ал дөрекілік жынын келтіретін.
— Мен мұндай дауыс көтеріп сөйлеуге дағдыланған емеспін, - деді
салқын үнмен Дюруаға жеккөре қарап. - Мен жалғыз өзім-ақ барам. Қош
бол!
Жағдайдың күрт шиеленісіп бара жатқанын сезе қойып, Дюруа ұшып
түрегеп əйелдің қолын сүйді.
— Кешір, қымбаттым, кешір! - деді міңгірлеп. - Бұған сіркем су
көтермей, көңіл күйім жоқ. Жұмыста жайсыз жағдайлар боп, сан түрлі
реніштен сансырап біттім, тегі...
— Ода менің жұмысым жоқ, - деді əйел əуелгісінен сəл жуасыңқырап,
бірақ əлі де ренішін баса алмай. - Ашуыңды менен алғаныңның қажеті жоқ.
Ол əйелді құшақтап диванның қасына алып келді.
Кішкентайым менің, сені ренжітейін дегем жоқ. Ойланбай айтып
қалыппын.
Диванға күштеп отырғызып, əйелдің алдына кеп тізесін бүкті.
— Кешірдің бе мені? Айтшы, кешірдім деші!
— Жарайды, бірақ бұдан кейін мұндай нəрсе қайталанбайтын болсын. Салқын тіл қатқан күйі əйел диваннан түрегеп кетті. - Қазір енді кыдырып
қайтайық.
Дюруа тізерлеген қалпы əйелді аяғынан құшақтап:
— Өтінем, осында болайықшы! - деді міңгірлеп. - Жалынам, жаным.
Осы жолы менің тілегімді берші. Бүгінгі кешті сенімен оңаша, ашық
пештің алдында өткізгім келеді. "Мақұл", - деші, жалынам саған, "мақұл", деші!
— Жоқ, - деді əйел бұл жолы қатқыл үнмен анықтап тұрып. - Менің
қыдырғым келіп тұр, сенің қыңырлығыңа көнейін деп тұрғам жоқ.
— Жалынам саған, - деді Дюруа қайталай өтініп, - менің себебім бар, өте
маңызды себеп...
— Жоқ, - деді əйел де қайталап, - бармасаң, өз еркің, мен жалғыз өзім
барам. Қош бол.
Жұлқынып Дюруадан босанып алды да, əйел есікке қарай беттеді. Ол да
тұра сап əйелді құшақтай алды.
— Кло, тыңдашы мені! Менің кішкентайым Кло, осы жолы көнші...
Əйел басын шайқап, сүйгізбей бетін алып қашып, құшағынан шығып
кетпек боп жұлқынды.
— Кло, менің кішкентайым Кло, менің бір себебім бар.
Əйел тынши қап, оның бетіне тіке қарады.
— Сен өтірік айтасың... Қандай себеп?
Ол қып-қызыл боп кетті. Не айтарын білмеді.
— Сенің өтірік айтқаныңды көріп тұрмын... Жексұрын! - деді Клотильда
кіжіне ашуланып.
Көзіне жас алып қатты жұлқынған əйел оның қолынан шығып кетті.
Əйтеуір, ажырасып кетпеудің амалын ойлап, əбден қалтыраған ол бəрін
де мойындауға тəуекел етіп, əйелді тағы да иығынан тартып ұстап қалды
да, өкінішпен үн қатты:
— Менің қалтамда бірде-бір су қалмады... Міне!
Əйел бұрылып, шындықты оқығысы келіп оның көзіне қарады.
— Не дедің?
Ол шашының түбіне дейін қызарып кетті.
— Менің қалтамда бірде-бір су қалмады. Түсіндің бе? Бірде-бір франк,
тіпті, жарты франк та қалған жоқ, егер біз кафеге кірсек, бір рөмке ликерге
де төлей алмас едім. Сен мені осыншалық қорлайтын нəрселерді
мойындауға да мəжбүр етіп тұрсың. Сенімен бірге барып, үстелге бірге
отырып, əрнені сұрастырып, артынан түк болмағандай, менің түк те ақшам
жоқ деуім керек пе сонда...
Əйел əлі де оған тіктеп қарап тұрған.
— Солай де,.. демек, шын ғой бұл?
Дюруа сол сəт шалбарының да, пиджагы мен жекетінің де қалтасын
теріс айналдырып көрсетті.
— Ал қалай ...енді ризасың ба? - деді тістене сөйлеп.
Əйел құшағын жайып, мойнына асыла кетті:
— О, менің байғұс балақайым!.. Байғұс балақайым менің... Мен оны
қайдан білейін! Қалайша бүйтіп қалдың?
Оны диванға жайғастырып, өзі оның тізесіне отырды да, мойнынан екі
қолымен орай құшақтап алып, мұртынан, ернінен, көзінен кезек-кезек
сүйіп, мұндай бақытсыздыққа қалай душар болып қалғанын сұрады.
Дюруа оны толқытатындай оқиға ойлап тапты. Оған əкесін қиын
жағдайдан құтқару қажет болады. Ол оған бүкіл жиған-тергенін түгел
беріп, тағы оның үстіне талайларға қарыз болады.
— Аз дегенде жарты жыл аш жүруіме тура келеді, өйткені бар
мүмкіндігімді тауысып біттім, - деп түсіндірді ол. - Жарайды, ештеңе етпес,
өмірде бəрі де бола береді. Қалай дегенде де ақшаға бола таусылуға болмас.
— Мен қарыз берсем, аласың ба? - деді əйел құлағына сыбырлап.
— Менің кішкентайым, сен өте ақкөңілсің, - деді ол еркекке лайық мінез
танытып, -бірақ сенен сұрайтыным, енді екеуміз бұл жайында əңгіме
қылмайық. Бұл - мені қорлайтын əңгіме.
Əйел үндемей қалды.
— Менің сені қаншалық сүйетінімді сен, тіпті, елестете де алмайсың! деді əйел бір сəттен кейін-ақ оны құшағына қысып, сыбырлап.
Сол кеш екеуінің махаббатының ең жақсы кеші болды.
Кетіп бара жатып əйел жігітке жымия қарады:
— Сенің жағдайындағы адамға қалтасынан əлдебір қалтарыста қалып
қойған ақша ма, тиын ба, əйтеуір бірдеме тауып алғаннан артық не бар
дейсің. Солай емес пе?
— Əрине, солай! - дегеннің қалай аузынан шығып кеткенін ол байқамай
қалды.
Дала өте тамаша болып тұр дегенді сылтауратып, олар үйге жаяу
қайтуды ұйғарды. Жол бойы екеуі аспандағы айды тамашалаумен болды.
Салқын ашық кеш болатын, - мұндай кештер қыстың басқы кезінде ғана
болады.
Жұмсақ аяздың қыспағынан қашқан адамдар мен аттар жөңкіліп барады.
Бізөкшелер аяқжолға тық-тық қадалады.
— Қалай қарайсың, бүрсігүні жолығайық па? - деді əйел қоштасар кезде.
— Жарайды, əрине.
— Сол сағатта ма?
— Сол сағатта.
— Көріскенше, қымбаттым.
Екеуі елжірей сүйісті.
Жағдайдан қалай шығып, ертең не істеу керегін ойлап, ол үйге қарай
жылдам-жылдам басып келе жатты. Кенет өз бөлмесінің есігін ашып
жатып, желетінің қалтасынан сіріңке іздеймін деп, саусағы онда жатқан
қатты теңгеге тиген кезде, түкке түсіне алмай қатты таңғалды.
Сіріңкені жағып, теңгені шығарып алып?-:оны əбден аударыстыра
қарады. Жиырма франктық алтын екен!
Есім ауысып кеткен жоқ па өзі деп таңғалды ол.
Теңгені ары да, бері де аударып қарады, қандай құдіреттің күшімен
қалтасынан шыққанын түк түсіне алмады. Оның аспаннан түсуі еш мүмкін
емес қой!
Ақыры ол тапқандай болды да, соған ыза боп жыны келді. Дəл бүгін
ғана ашынасы кейде қалтаңның қалтарысында ақша қалып қойып, соны
қиын жағдайда тауып аласың деп тұрған. Яғни оның бұған қайыр-садақа
бергені ғой. Қандай қорлық!
Ол боқтап та жіберді.
— Жарайды! Бүрсігүні мен оған көресіні көрсетейін! Ол менің қасымда
бір ширек сағатын көңілді өткізер!
Ол əрі ашуланған, əрі қорланған қалпы жатып қалды.
Ертесі кеш оянды. Қарны қатты ашыпты. Екіден бұрын оянғысы келмей,
қайтадан ұйықтап қалмақ болды. Болмаған соң өзін-өзі қайрады.
— Бұл болмайды, мен қайткен күнде де ақша табуым керек.
Көшеге шықсам, басыма бір жақсы ой кіре ме деген үмітпен Дюруа
далаға шықты.
Ақыры түк те ойлап таппады, мейрамханалардың қасынан өткенде,
қайта сілекейі ағып мазасын алды. Түс кезінде ақыры бір шешімге келді:
"Жарайды, мына жиырма франктың біразын жұмсайын. Қалғанын ертең
Клотильдаға қайтарамын".
Сыраханаға кіріп Дюруа екі жарым франк жұмсады. Газет саралқасына
келіп, есіккүзетке үш франкын қайтарып берді.
- Фукар, мə, мынау кеше арбакешке деп сенен алған ақшам.
Ол жетіге дейін жұмыс істеді. Сонан соң тамақтануға барып, тағы үш
франк жұмсады. Кешкісін ішкен екі сыра оның күндік шығынын тоғыз
франк отыз сантимге жеткізді.
Бір тəуліктің ішінде несиені толтыру немесе жаңа тіршілік көзін табу
ақылға сыймайтын нəрсе еді, сондықтан ертесі оған кешкісін қайтарып
берем деген жиырма франктың тағы алты жарымын жұмсауға тура келді,
сонымен, ол кездесуге келген кезде, қалтасында төрт франк жиырма сантим
ғана қалған-ды.
Ол жүз жын қысқандай қатты ашулы еді, бұл жолы ашынасымен ашық
сөйлесуге өзіне-өзі уəде берді. Ол оған былай демек болды: "Сен қалтама
салып кеткен жиырма франкты мен тауып алдым. Мен оны бүгін саған
қайтарып бере алмаймын, себебі менің жағдайым əлі жақсара қойған жоқ
You have read 1 text from Kazakh literature.
Next - Сүйкімді дос - 07
  • Parts
  • Сүйкімді дос - 01
    Total number of words is 4187
    Total number of unique words is 2253
    34.5 of words are in the 2000 most common words
    49.2 of words are in the 5000 most common words
    57.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 02
    Total number of words is 4146
    Total number of unique words is 2278
    35.1 of words are in the 2000 most common words
    50.3 of words are in the 5000 most common words
    58.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 03
    Total number of words is 4199
    Total number of unique words is 2249
    35.9 of words are in the 2000 most common words
    51.8 of words are in the 5000 most common words
    59.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 04
    Total number of words is 4168
    Total number of unique words is 2101
    35.5 of words are in the 2000 most common words
    49.4 of words are in the 5000 most common words
    56.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 05
    Total number of words is 4247
    Total number of unique words is 2212
    37.5 of words are in the 2000 most common words
    53.5 of words are in the 5000 most common words
    61.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 06
    Total number of words is 4257
    Total number of unique words is 2136
    35.8 of words are in the 2000 most common words
    51.5 of words are in the 5000 most common words
    59.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 07
    Total number of words is 4233
    Total number of unique words is 2172
    36.1 of words are in the 2000 most common words
    51.0 of words are in the 5000 most common words
    58.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 08
    Total number of words is 4243
    Total number of unique words is 2291
    35.6 of words are in the 2000 most common words
    50.6 of words are in the 5000 most common words
    58.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 09
    Total number of words is 4291
    Total number of unique words is 2153
    38.0 of words are in the 2000 most common words
    53.6 of words are in the 5000 most common words
    60.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 10
    Total number of words is 4209
    Total number of unique words is 2149
    36.3 of words are in the 2000 most common words
    51.7 of words are in the 5000 most common words
    58.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 11
    Total number of words is 4266
    Total number of unique words is 2134
    37.7 of words are in the 2000 most common words
    53.2 of words are in the 5000 most common words
    60.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 12
    Total number of words is 4155
    Total number of unique words is 2204
    34.2 of words are in the 2000 most common words
    49.2 of words are in the 5000 most common words
    56.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 13
    Total number of words is 4142
    Total number of unique words is 2280
    34.8 of words are in the 2000 most common words
    49.0 of words are in the 5000 most common words
    56.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 14
    Total number of words is 4143
    Total number of unique words is 2189
    33.9 of words are in the 2000 most common words
    49.0 of words are in the 5000 most common words
    55.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 15
    Total number of words is 4190
    Total number of unique words is 2177
    36.4 of words are in the 2000 most common words
    50.1 of words are in the 5000 most common words
    58.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 16
    Total number of words is 4165
    Total number of unique words is 2187
    34.5 of words are in the 2000 most common words
    48.1 of words are in the 5000 most common words
    54.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 17
    Total number of words is 4208
    Total number of unique words is 2028
    36.9 of words are in the 2000 most common words
    51.5 of words are in the 5000 most common words
    59.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 18
    Total number of words is 4216
    Total number of unique words is 2252
    34.4 of words are in the 2000 most common words
    49.5 of words are in the 5000 most common words
    57.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 19
    Total number of words is 4228
    Total number of unique words is 2120
    36.5 of words are in the 2000 most common words
    51.6 of words are in the 5000 most common words
    59.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 20
    Total number of words is 4225
    Total number of unique words is 2142
    35.5 of words are in the 2000 most common words
    51.9 of words are in the 5000 most common words
    60.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 21
    Total number of words is 3255
    Total number of unique words is 1938
    36.2 of words are in the 2000 most common words
    50.7 of words are in the 5000 most common words
    58.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.