Latin Common Turkic

Сүйкімді дос - 08

Total number of words is 4243
Total number of unique words is 2291
35.6 of words are in the 2000 most common words
50.6 of words are in the 5000 most common words
58.2 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
Ал газетке астаналық серпін беру үшін, саралқа əрқайсысының өз
саласында атақ-даңқы бар екі жазушыны қызметке тартты: бірі күнделікті
көкейкесті тақырыптарға фельетон жазатын Жак Риваль де, екіншісі ақын
əрі көркем очерктердің, дəлірек айтқанда, жаңа талапқа сай жазылған
əңгімелердің авторы Норбер де Варен болатын.
Сонан соң бесаспап шебер, сатылғыш жазғыштардың тайпасынан арзан
бағамен көркемөнердің, музыка мен театрдың сыншылары, сондай-ақ сот
туралы жазатын шапқыншы тілшілер теріп алынды. "Алқызыл домино"
жəне "Аппақ алақан" деген лақап аты бар қоғамнан екі əйел ақсүйектердің
жаңалығын хабарлап, сəн туралы, жоғары қоғамның əдеті жайында, этикет
хақында, əдепті сөйлеу жөнінде жазып, ақсүйек əйелдердің шақ-шəлегейін
шығаратын.
Осындай сан алуан азықтандырушылар басқарған "Француз өмірі" терең
сулар мен таяз суларда жүзетін.
Жаңа тағайындаудың қуанышын көріп те үлгірмей жатып, Дюруа бір бет
қатырқа қағаз алды. Онда былай деп жазылыпты: "Вальтер мырза мен
Вальтер ханым Жорж Дюруа мырзаны бейсенбі жиырмасыншы қаңтар күні
қонақасыға шақырады".
Алғашқы шақырудан кейін тез арада тағы бүйтіп рақымшылық
көрсетудің оны қатты қуантқаны соншалық, дəп бір сүйген қызынан келген
хаттай ол шақыру қағазын сүйіп-сүйіп алды. Сонан соң күрделі қаржы
мəселесін шешу үшін кассашыға келді.
Əдетте хроника бөлімі меңгерушісінің өз бюджеті болады, сол ақшадан
ол алғашқы өнімдерін көкөніс сатушыға əкелетін бақшашылар құсап
сапалы жəне сапасы күдікті хабарларын алып келетін тілшілерге төлеуі
керек-ті.
Əуелгі кезде Дюруаға айына бір мың екі жүз франк қаржы бөлінді, ол
оның айтарлықтай бөлігін өз пайдасына ұстап қалмақ ойда болды.
Кассашы, қиылып сұраған өтінішіне көніп, оған төрт жүз франкты
келешекте алуға тиіс ақшасының есебінен берді. Дюруа алғашқыда ол
ақшаның екі жүз сексен франкын Марель ханымға салып жіберемін деп
берік шешкен еді, артынан есептеп көрсе, қалтасында қалатын жүз жиырма
франк істің қанатын кең жайып жүргізуге жетпейді екен, сондықтан
қарызын өтеуді кейінгі күндердің біріне қалдырды.
Ол өзінің жаңа орнына екі күн бойы орналасты: барлық саралқа
орналасқан үлкен бөлменің ішінде енді оның жеке үстелі жəне хаттарға
арналған жəшігі бар. Бөлменің ол бір бұрышын алса, екіншісін көмірдей
қара бұйра шашы қағазға салбыраған Буаренар алады, талай жасқа келіп
қалғанына қарамастан, оның шашы əлі ағаратын емес.
Бөлменің ортасындағы ұзын үстел "ұшып-қонған" қызметкерлерге
арналған. Əдетте ол отырғыш қызметін атқарады: оның үстіне аяғын
салбыратып немесе малдас құрып отырысады. Бірде бес-алты адам осы
үстелдің үстіне дөңбекше дөңкиіп отырып алып, бар ықыластарымен
билбөке ойнап отырды.
Ол ойынға ақыры Дюруа да құмар боп алды: Сен-Потеннің
басшылығымен, соның көрсетулерінің арқасында ол кəдімгідей табыстарға
жете бастады.
Форестье күн өткен сайын бірте-бірте нашарлай берді, енді ол бұған
өзінің жап-жаңа əдемі, бірақ қара ағаштан жасалған ауыр билбөкесін берді,
содан Дюруа қазір салмақты шарды қуатты қолымен тартып қалып,
сыбырлап санай бастайды:
— Бір, екі, үш, төрт, бес, алты...
Вальтер ханымдікіне қонақасыға баратын күні ол бірінші рет қатарынан
жиырма ұпай жинады. "Сəтті күн, - деп ойлады ол, - бəрінен жолым болып
тұр". Билбөкеде ойнай білу "Француз өмірі" саралқасындағы қызметкерлер
үшін кəдімгідей бедел-ді.
Киініп үлгеру үшін ол саралқадан ерте шығып кетті. Лондон көшесінің
бойында дене бітімі Марель ханымды еске түсіретін аласа бойлы əйел
оның алдында кетіп бара жатты. Оның бойы ысынып, жүрегі жиі соққылап
кетті. Əлгі əйелге қырынан қарау үшін, ол көшенің қарсы бетіне өтті. Əйел
тоқтай қалды, - ол да көшенің қарсы бетіне өтпек. Жоқ, ол қателесіпті.
Бойынан ауыр жүк түскендей Дюруа уһ деді.
Ол оңашада жиі дағдаратын болып жүр: онымен жолығысып қалғанда,
өзін қалай ұстауы керек? Бас иіп амандасуы керек пе, əлде көрмегенсіп
тұра беруі қажет пе?
"Көрмегенсимін", - деп шешті.
Суық еді, шөп басын қырау шалды. Аяқжол шам жарығында құрғақ əрі
сұп-сұр боп көрінеді.
Үйге келген соң: "Пəтерді ауыстыратын уақыт жетті, — деп ойлады. -
Мұнда тұру маған енді ыңғайсыз". Оның көңілі көтеріңкі еді, үйдің
төбесіне шығып жүгіруге де дайын болатын. Терезе мен кереуеттің екі
арасында ары-бері адымдай жүріп:
— Бұл не, сəттілік пе? Сəттілік! Əкеме жазуым керек, - деді дауыстап.
Бұл оған сирек жазатын, баласының хаты жол бойындағы, Рузи мен
Сенаның кең аңғары көрініп тұратын төбе үстіндегі нормандық
шарапхананың иесін үлкен қуанышқа бөлейтін.
Бұл да анда-санда ірі, дірілдеген қолмен жазылған көгілдір конверт
алатын, əкесі жіберген сəлемдеме бірде-бір өзгеріссіз былай басталатын:
"Қымбатты балам, осымен саған хабарымды жеткізем, мен жəне шешең
аман-есенбіз Бұрынғыша жүріп-тұрып жатырмыз. Сонымен, саған айтарым
мынау..."
Дюруа ауылдың жаңалықтарын, көршілердің бастан кешкендерін, егін
егу мен астық жинаудың жайттарын ыстық ықыласпен қабылдайтын.
Шағын айнаның алдында аппақ галстугын байлап тұрып: "Ертең əкеме
жазам, - деп ойлады Дюруа. - Бүгін кешке қайда баратынымды білсе ғой,
қарт байғұстың жүрегі қақ айырылып кетер еді! Онда қарттың түсіне де
кірмейтін тамақтармен сыйлайды ғой мені". Содан кейін əке-шешесінің
үйіндегі қаңырап тұрған қонақ бөлменің қасындағы ыс басқан ас үйді,
қабырғаға сүйей салған кəстрөлдер, олардың шағылысқан сарғыш
жалтырақтары, от алдында аңыздағы адам шошырлық аң құсап отыратын
мысыты, уақыт пен төгілген ішімдіктер жалтыратып қойған ағаш үстелді,
буы бұрқыраған сорпа құйылған аяқты, екі тақсының ортасында жанып
тұрған балауыз шырақты көз алдына елестетті. Сонымен бірге сорпаны азаздан сораптап ішіп отырған нағыз шаруа əкесі мен шешесін елестетті. Бұл
олардың қарт жүзіндегі əрбір əжімді, қол сілтестері мен қимылдарын түгел
білетін. Тіпті, олардың кешкі тамақ кезінде қарама-қарсы отырып алып не
туралы əңгімелесетінін де жақсы біледі.
"Қалай болғанда да оларға барып қайту керек", - деп ойлады Дюруа.
Сыланып-сипанып біткен соң, ол шамды өшірді де, басқышпен төменге
түсті.
Сыртқы бульварда жол бойы оны жезөкшелер қаумалады. Олар мұны
төмендетіп, тап бір қорлап тұрғандай, қолын олардан тартып:
"Жоламаңдар!" - деді жиіркене жекіп... Бұл жəлептер кім деп ойлайды
мұны? Немене, кіммен байланысқалы тұрғандарын білмей ме? Үстіне
кигені фрак, ол бай, құрметті, ықпалды кісінікіне қонаққа кетіп барады осының бəрінен ол бейне айрықша, бұрынғыдан басқаша адамға айналып,
бөлек ортадан, орта болғанда да жақсы ортадан шыққан адам болып
кеткендей сезімге бөленді.
Ол биік қола шамдар жарық беріп тұрған ауызғы үйге нық басып кірді
де, пəлтөсі мен асатаяғын жанына жетіп келген екі малайға үйреншікті
қимылмен ұстата салды.
Барлық зал жайнап жарқырап тұр. Вальтер ханым қонақтарды екінші
қабаттағы кең залда қабылдады. Ол мұны сүйкімді күлімсіреумен қарсы
алды. Бұл өзінен ерте келген екі еркекпен - "Француз өмірінің" бүркеншік
сарашылары əрі депутаттар Фирмен мырзамен жəне Ларош-Матье
мырзамен - амандасты. Ларош-Матьенің палатадағы ықпалы аса зор еді,
сондықтан газет саралқасында да өте беделді болатын. Кезі келгенде оның
міністір болатындығына ешкім де күмəнденбейтін.
Форестье əйелімен кірді, оның адамды еріксіз өзіне қарататын əйелі
қызғылт көйлек киіпті. Ол екі депутатпен де тең адамша сөйлесті, - Дюруа
үшін ол жаңалық еді. Ларош-Матьемен алды ашық пештің қасында ол баяу
дауыспен бес минуттен артық сөйлесті. Шарльдің жүзінен қатты
қалжырағандығы байқалады. Соңғы айда ол өте қатты жүдеп кетті,
дамылсыз жөтеледі жəне жаңылмастан: "Қыста оңтүстікке баруға тура
келеді", - деп қайталай береді.
Жак Риваль мен Норбер де Варен бірге келді. Біраздан кейін бөлменің
түкпіріндегі есік ашылды да, Вальтер бірі əдемі, екіншісі ұсқынсыз екі
қызды алып кірді; оның бірі он алтыда, екіншісі он сегізде болатын.
Қожайынның балалары барын Дюруа білетін, бірақ сонда да таңғалды.
Біз жолымыз түскелі тұрған алыс елдер туралы қалай ойласақ, ол да бұған
дейін қожайынның қыздары туралы солай ойлайтын. Оның үстіне оларды
бұл өте кішкентай шығар деп елестететін, ал мына көріп тұрғандары
кəдімгідей бойжеткендер. Бұл күтпеген жағдай оны ептеп толқытқан еді.
Бұған таныстырылған соң, апалы-сіңлілі екеуі бірінен кейін бірі бұған
қолдарын берді де, сонан соң кішкентай үстелдің қасына отыра кетті, сірə,
соларға арналған үстел болу керек, сөйтті де иірген жібек жіпті себеткеге
жинай бастады.
Тағы біреулер келуге тиісті. Бір-бірімен ортақ ісі аз, күні бойы əрбірі əр
түрлі іс атқарып келген, енді кешкісін басы қосылған адамдарды қонақасы
алдында əрқашан кім де болса бастан кешетін айрықша қысылыс сезімі
билеп, бəрі үндеспеді.
Не істерін білмеген Дюруа қабырғаға көз сүзіп қарай берді, соны
алыстан байқап қалған Вальтер өзі жинаған заттарды ашық мақтау
мақсатымен дауыстай сөйледі:
— Сіз менің суреттерімді қарап тұрсыз ба? - Ол "менің" дегенге
айрықша мəн берді. -Мен қазір сізге оларды көрсетейін.
Қонаққа оларды бүге-шігесіне дейін көрсету үшін, ол қолына шам алды.
— Мұнда пейзаждар, - деді ол.
Ортаға Гильменің үлкен полотносы ілініпті - Нормандиядағы теңіз
жағалауының аспанда нажағай жарқылдап тұрған кезі. Төменде - əрпіні
орманы жəне Гильменің қылқаламынан шыққан, көкжиегінде түйе көрінген
Алжирдің жазық даласы, - түйесінің аяғы тым ұзын, əлдебір ғажап
монумент тəрізді.
Басқа қабырғаға өтіп бара жатып, Вальтер құдды бір салтанатта сөз
сөйлеп тұрғандай асқақтата мадақтады:
— Ұлы шеберлер.
Мұнда төрт полотно тұр еді: Жервекстің "Ауруханадағы қабылдау күні",
Бастьен-Лепаждың "Егін орағы", Бугроның "Жесірі" мен Жан-Поль
Лоранстың "Жазасы". Соңғы суретте шіркеудің қабырғасында "көктердің"
отряды атып кеткен вандейлік священник бейнеленіпті.
Келесі қабырғаға жақындаған кезде Вальтердің сабырлы жүзі жылынып
сала берді:
— Ал мынау - жеңіл жанр.
Мұнда Жан Бероның "Жоғары мен төмен" атты суреті бəрінен бұрын
көзге түсті. Париждік жас қыз кішкене басқыштармен өрге қарай ат
сүйреген арбашықпен кетіп барады. Оның басы арбашықтың жоғарғы
ашық жағымен деңгейлес тұр, отырғышта отырған еркектер
орталарындағы жас қызға ішіп-жеп таңдана əрі жұтына қараса, ал төменде
алаңда тұрған еркектер оның аяғына көздерін сүзіп, əрі өкініп, əрі құмарта
қарайды.
— Ал қалай? Қызықты ма? Қызық қой? - дегенді қолына шам ұстаған
Вальтер күле сөйлеп қайталай берді.
Содан кейін ол Ламбердің "Суға кеткендерді құтқару" дейтін суретіне
жарық түсірді.
Ыдыс-аяқты жинап қойған ас үстелдің үстінде отырған кішкентай
мысық стақандағы суға түсіп кеткен шыбынға аң-таң боп абыржи қарайды.
Тез қимылмен шыбынды қағып алмақ оймен ол алдыңғы аяғын көтеріп те
алыпты. Бірақ əлі соған тəуекел ете алмай отыр. Ол əрі-сəрі күйде. Одан əрі
не болады?
Вальтер одан кейін Детайдің "Сабақ" дейтін суретін көрсетті:
казармадағы солдат бұйра жүнді итке барабан соғуды үйретіп отыр.
— Тапқыр ой! - деді қожайын.
Дюруа да құптап күліп, өзінің сүйсінісін аңғартты:
— Тамаша, тамаша, тама...
Кенет қазір ғана кірген Марель ханымның даусын естіп, үндей алмай
қалды.
Қожайын суреттерді көрсетуі мен олардың мазмұнын түсіндіруін
жалғастыра берді.
Ол шамының жарығын Морис Лелуардың "Кедергі" аталатын аквареліне
түсірді. Көшенің қақ ортасында алпамсадай екі дəу жігіт төбелес шығарып,
соған бола күйметақ тоқтап қалыпты. Күйметақтың терезесінен əйелдің
əдемі жүзі көрінеді: оның жүзінен шыдамсыздық та, үрей де
байқалмайды... керек десеңіз, ол екі жыртқыштың жекпе-жегіне қызыға
қарайды.
— Менің суреттерім басқа бөлмелерде де бар, - деп мəлімдеді Вальтер, тек ондағылар əлі жалпы жұртқа танымал бола қоймаған, əлі белгісіздеу
суретшілердікі. Ал мына арада менің "Шаршы залым" бар. Қазіргі кезде
мен жастардың, тым жастардың шығармаларын сатып алудамын, əзірше
оларды мен артқы бөлмеде келешек үшін сақтаймын, қашан олардың атағы
шыққанға дейін күтемін. Дəл қазір суреттерді сатып алудың ең сəтті кезі, деді даусын сыбырға дейін төмендетіп. - Суретшілер аштан өлудің аз-ақ
алдында жүр. Олар көк тиынсыз отыр... Көк тиындары да жоқ.
Бірақ Дюруа енді ештеңені де көрмеді, тыңдап келе жатқанмен, түкті де
түсінген жоқ. Марель ханым осында, мұның ту сыртында. Бұл енді не
істеуі керек? Егер бұл бас иіп амандасса, онда ол сырт айналып кетуі
немесе дөкір сөз айтып тастауы əбден мүмкін. Ал егер бұл оған
жақындамай қойса, онда басқалар қалай ойлап қалады?
"Қалай болғанда да кездесу сəтін кейіндете тұру қажет", - деп шешті
Дюруа. Оның қатты мазасызданғаны соншалық, тіпті ауырдым деп, үйге
кетіп қалсам қайтеді деген де ой жылт етті.
Суреттерді қарау аяқталды. Вальтер шамды үстелдің үстіне қойып, жаңа
келген қонақтарды қарсы алуға кетті, ал Дюруа қараған сайын қарай бергісі
келген адамша суреттерді одан ары қарай бастады.
Оның басы қатты. Не істеуі керек? Ол дауыстарды естіп тұрды, оған
үзік-үзік сөздер жетіп жатты.
— Дюруа мырза, бері қараңызшы, - деді бұған Форестье ханым.
Ол тездетіп солай қарай жүрді. Форестье ханым оны өзінің бір жақын
əйелімен таныстырды, ол əйел бал ұйымдастырып, сол туралы "Француз
өмірінде" мақала жарық көрсе деген ойда екен.
— Міндетті түрде, ханым, міндетті түрде... - деді Дюруа дегбірі қалмай.
Енді Марель ханым оған мүлде жақын арада тұр еді. Оның бұрылып
кетіп қалуға батылдығы жетпеді.
Кенет ол есім ауысып кеткен шығар деп ойлады.
— Сəлеметсіз бе, Сүйкімді дос, - деді Марель ханым ашық үнмен
амандасып. - Мені танымадыңыз ба?
Ол жалт бұрылды. Əйел қарсы алдында қуана күлімсіреп жылы
шыраймен қарап тұр екен. Бұған қарай қолын созды.
Дюруа оның қолын ұстағанда қалтырап кетті: ол əлі де бір құйтырқылық
пен тор құру бар ма деп қауіптенді.
Сізге не болды? Мүлдем көрінбей кеттіңіз ғой, - деді əйел жайбарақат
қана.
— Менің қолым тимей кетті, ханым, қолым тимеді, - деді ол өзін-өзі
билеуге шамасы жетпей былдырлап. - Вальтер мырза маған жаңа міндеттер
жүктеп, содан жұмысым басымнан асып кетті.
Марель ханым мұның бетіне тура қарап тұра берді, оның көзінен бұған
деген жылылықтан басқа ештеңе де аңғарылмады.
— Білем, - деді əйел - Алайда достарыңызды ұмытып кетуге ол сізге
қақы бермейді.
Оларды жағасыз көйлек киген, шашын тым оқшырайта түйіп, тым
оқшау киінген, қолы да қызыл, беті де қызыл, қазір ғана пайда болған жуан
əйел ажыратып жіберді; солқылдата аяқ басқанынан-ақ оның сандарының
қаншалық жуан, қаншалық ауыр екенін аңғаруға болатын еді.
Бəрі оны құрметпен қарсы алып жатқанын көріп, Форестье ханымнан
Дюруа:
— Бұл əйел кім? - деп сұрады.
— Виконтесса де Персмюр, "Аппақ алақанға" қол қоятын осы.
Дюруаның көзі төбесіне шығып кете жаздады, қарқылдап күліп жіберуге
сəл қалды.
— Аппақ алақан! Аппақ алақан! Ал мен оны сіз сияқты жап-жас əйел
деп жүрсем. Аппақ алақаның осы ма? Жақсы, өте жақсы, айтатыны жоқ!
Есіктен малай көрінді.
— Тамақ дайын, - деп хабарлады ол.
Тамақ жеу əдеттегіден гөрі көңілді өтті: бұл өзі тамақ үстінде бəрі
жайында айтуға болатын, бірақ айналып келгенде, түк те айтылмағандай
көрінетін қонақасы еді. Дюруа Вальтердің үлкен қызы ұсқынсыз Роза мен
Марель ханымның ортасына отырды. Соңғысымен көрші отыру оны біраз
ыңғайсыздандырды, алайда əйел өзін өте-мөте еркін ұстады жəне өзіне тəн
мінезбен өткір əзілдеп отырды. Алғашқыда Дюруа толқып, өзін бір түрлі
ыңғайсыз сезініп, дəп бір əуенінен жаңылып қалған музыкантша өзіне
сенімсіз күйде отырды. Əйткенмен бірте-бірте ол өз үрейін жеңе бастады,
екеуінің бір-біріне қайта-қайта қараған сұраулы кескінінде баяғыша ішкіл
дерлік сезім аңғарылып қала берді.
Бір кезде оның өкшесіне əлдене сүйкенгендей болды. Ақырын аяғын
созып, ол Марель ханымның аяғына дейін жеткізіп еді, ол да аяғын тартып
алмады. Бірақ сол кезде екеуі де өз көршілерімен сөйлесіп отырған-ды.
Дюруаның жүрегі жиі соққылап кетті, тізесін жазып, ол аяғын тағы да
соза түсті. Əйел жеңіл ғана итеріп жауап берді. Екеуінің хикаясы қайта
жарасатынын ол сол сəт түсіне қойды.
Содан кейін екеуі бір-біріне не айтты дейсіз ғой? Ерекше ештеме де
айтқан жоқ, алайда көздері түйісіп қалған сəттерде екеуінің де ерні ылғи
дір ете қалып отырды.
Дюруа алайда қожайынның қызын да есінен шығарған жоқ, анда-санда
онымен де сөйлесіп қойып отырды. Қыз да шешесіне ұқсап оған еш
ойланбастан жауап қайтарып отырды.
Вальтердің оң жағына королдің əйелінше кергіп лауазымды əлдекімнің
əйелі Персмюр жайғасыпты. Дюруа оған күлмей қарай алмады. Ол ақырын
ғана:
— "Қызғылт доминоға" қол қоятын əйелді сіз білмейсіз бе? - деп сұрады
Марель ханымнан.
— Баронесса де Ливарды ма? Білгенде қандай.
— Ана əйел сияқты ма?
— Жоқ. Бірақ ол да осы сияқты күлкілілеу. Сырықтай сидиған
алпыстағы кемпірді көз алдыңызға елестетіңізші, - бұрымы жалғанған, тісі
жасанды салынған, талғамы мен киім киісі де өте көне замандікі.
— Ондай жер асты қазынасын бұлар қайдан тауып алып жүр?
— Ал кеуде байлар ылғи да ақсүйектердің сынығын жинап жүреді.
— Бəлкім, басқа да бір себебі бар шығар?
— Басқа ешқандай да себебі жоқ.
Сол арада қожайын, екі депутат, Жак Риваль мен Норбер де Варен бесеуі
саясат жайында өзара айтысып қалды да, ол айтыс содан десерт берілгенге
дейін жалғасты.
Қонақтың бəрі қайтадан қонақ бөлмеге оралғанда, Дюруа Марель
ханымның қасына келіп, сонан соң көзіне көзін қадап тұрып:
— Маған сізді шығарып салуға рұқсат етесіз бе? - деп сұрады.
— Жоқ.
— Неге?
— Себебі менің көршім Ларош-Матье мырза мен мұнда қонақта болған
сайын ылғи да үйге апарып тастайды.
— Сонда біз қашан көрісеміз?
Таңғы асты ішуге маған келіңіз.
Одан өзге бір-біріне ештеңе айтпастан олар сонымен ажырасты.
Кеш Дюруаға көңілсіз боп көрінді, біраздан кейін кетіп қалды.
Баспалдақпен түсіп келе жатып Норбер де Варенді қуып жетті. Қарт ақын
оны қолтықтап алды. Екеуі екі басқа салада қызмет істегендіктен, Норбер
де Варен оны өзіне бақталас санамай, оған əкелік мейіріммен қарайтын.
— Бəлкім, сіз мені біраз жерге дейін шығарып саларсыз? – деді ол.
— Қуана-қуана, шəкірттік ниетпен, - деп жауап берді Дюруа.
Содан кейін екеуі Мальзербе бульварының бойымен аяңдай жүріп кетті.
Мұндай аязды түнде Париждің көшесінде адам болмайды, - аспан
көсіліп кеңейіп, жұлдыздар бұрынғысынан биіктеп кеткендей көрінетін бір
түн екен, желдің мұздай лебінде аспанда жылтырап тұрған сəулелерден де
алыстағы кеңістіктен келіп жеткен бірдеме бар секілденеді.
Біраз уақыт екеуі де үнсіз аяңдады. Əйтеуір бірдеме деу үшін Дюруа:
— Ларош-Матье өте ақылды əрі білімді адамдай əсер қалдырады екен, деді.
— Сіз солай бағалайсыз ба? - деп қалды қарт ақын.
Ол сұрақ Дюруаны ойлантып тастады.
— Иə, - деді сенімсіздеу үнмен жауап қатып. - Оны бəрі палатаның өте
талантты мүшесінің бірі санайды ғой.
— Мүмкін. Балығы жоқ жерде шаян да балық саналады. Байқайсыз ба,
қымбаттым, бұлардың бəрі - шектеулі адамдар, - олардың есіл-дерті саясат
пен пайданың төңірегінде шыр айналады. Тар шеңбердің адамдары, олармен еш нəрсе туралы сөйлесе алмайсың, бізге қымбат нəрсенің бірдебірі туралы сөйлесу мүмкін емес. Аньердің түбіндегі Сена сияқты олардың
миын балдыр басып кеткен, дəлірек айтсақ, қоқыс көміп тастаған. Е-е, таза
ауасын өзенінің жағасында тұрып жұтатын кең-байтақ даланы еске
түсіретіндей кең көзқарасты адамды табу қандай қиын! Ондай адамдарды
білуші ем, бірақ олар қазір жоқ.
Норбер де Варен анық, бірақ ақырын сөйледі, - даусын əдейі тежеп келе
жатқаны сезіліп тұрды, əйтпесе түнгі тыныштықта тым алысқа кететін түрі
бар. Ақын толқып келе жатты: жанын қайғы қажап, бүкіл сезім
талшықтары қалтырап келе жатқандай, - аяз қысқанда жер де солай
қалшылдайды ғой.
— Алайда, — деді ол əңгімесін жалғастырып, жарық дүниедегі нəрсенің
бəрі ақырында бір əйтеуір бітетін болған соң, сенің талантыңның бары да,
жоғы да бəрібір емес пе?
Ол үнсіз қалды.
Жүрегінен жүк түскендей Дюруа жеңілденіп қалды.
— Бүгін сіздің көңіл күйіңіз нашар ғой, - деді ол ақынға күмілжи қарап.
— Менің көңіл күйім əмəндə осындай, шырағым, - деді Норбер де
Варен. - Көр де тұрыңыз, енді біраз жылдан кейін сіздікі де осындай
болады. Өмір деген ол - тау. Шығып келе жатқанда жоғарыға қарайсың, сен
бақыттысың, қалай төбесіне көтерілесің, солай төменге түсе бастайсың, ал
алдында - өлім. Көтерілуің баяу, төмендеуің тез. Сенің жасында бəріміз де
көңілді болатынбыз. Бəріміздің де өміріміз үмітке толы болатын, шынын
айтқанда, оның өзі ешқашан орындалмайтын үміт болатын. Менің жасымда
адам өлімнен өзге ештеңені де күтпейді.
Дюруа күлді:
— Сайтан алғыр, менің өне бойым түршігіп кетті.
— Жоқ, - деді Норбер де Варен басын шайқап, - қазір сіз мені
түсінбейсіз, алайда кейін бір кездерде осы айтқанымның бəрін еске аласыз.
Есіңізде болсын, кімге де болса, ал кейбіреуге көп кешікпей-ақ байтал түгіл
бас қайғы болатындай күн туады, қайда қарасаң да бəрінің артында өлім
тұрғанын сонда байқайсыздар. О, əлі "өлім" деген сөзді ұғуға ақылдарың
жетпейді. Сіздердің жастарыңда ол бір бос дыбыс. Ал маған үрей боп
елестейді. Иə, оны неге екені белгісіз, ешқандай айтулы себепсіз-ақ
кенеттен-кенет түсіне бастайсың, сонда бүкіл өмірдің бет-бейнесі өзгеріп
сала береді. Ішімде бір құрт пайда болғандай, оның мені қалай кеміріп жеп
жатқанын сезгеніме он бес жылдың жүзі болды. Ол мені сағат сайын, күн
сайын аз-аздан кеміріп келеді, қазір мен əне-міне құлайтын қуыс үй
тəріздімін. Оның мені талқандағаны соншалық, мен өзімді-өзім біліп те
болмаймын. Отыз жасымдағы өмірсүйгіш, сергек, мықты жігіттен ең
болмаса елес те қалмады. Оның қап-қара шашымды қандай ызалы,
есебінен жаңылмайтын қанқұйлылықпен аппақ түске бояп шығарғанын өз
көзіммен көрдім! Ол менің жұп-жұмсақ етімді, тісімді, бұлшық еттерімді,
бүкіл менің жас тəнімді алып, тек өкінішке толы жанымды ғана қалдырды,
оны да əлі көп ұзатпай алатын болар. Иə, ол мені мүжіп бітті, азғын. Ұзақ,
бірақ білдіртпей, секунд сайын жəне аямастан бүкіл тіршілігімнің
күлпаршасын шығарды. Қазір енді не нəрсені қолыма алсам да, өлімге
жақындап келе жатқанымды сезем. Əрбір қадамым мені оған жақындатып
келеді, менің əрбір қимылым, əрбір алған демім оның пасық ісінің жүзеге
асуына көмектеседі. Демімді алу, ішу, жеу, ұйықтау, еңбек ету, қиялдану бəрі өлу деген сөз. Қыл аяғы өмір сүрудің өзі - өлу деген сөз! О, сіз əлі
мұның бəрін білетін боласыз! Егер сіз осының бəрі туралы тым құрығанда
ширек сағат ойланған болсаңыз, онда оны көрер едіңіз. Сіз өмірден не
күтесіз? Сүйіспеншілік пе? Бірнеше рет сүйесіз, сонан соң лəззат тату
қабілетіңізден айырыласыз. Тағы не? Ақша ма? Не үшін? Əйелдерді сатып
алу үшін бе? Қуанышым-ақ! Əлде тоя жеп семіріп, содан соң буын-буының
сырқырап түні бойы ойбайлап шығу үшін бе?
Тағы не үшін? Даңқ па? Егер сіз үшін сүйіспеншілік жоқ болса, онда
даңқтың қаншалық қажеті бар?
Ал сонда не үшін? Ақырғы түбінде бəрібір өлім.
Қазір мен оны тым жақыннан көрем, кейбірде қолымды оған созып
көріп, сонан соң итеріп жібергім келеді. Ол жердің бетіне төселіп, бүкіл
кеңістікті толтырып тастайды. Мен оны барлық жерден көрем. Жол үстінде
жаншылып жатқан шыбын-шіркей, қураған жапырақ, досымның ағарған
сақалы - бəрі менің жүрегімді жаралайды жəне бəрі: "Ол -міне!" - деп
тұрғандай.
Ол мен не істеп жатсам, соны; нені көрсем, соны; нені ішсем, нені
жесем, соны; нені жақсы көрсем, соны: айдың сəулесін, таңның атуын, шегі
көрінбейтін теңізді, арнасынан асқан өзенді, ешқашан емін-еркін тоя жұта
алмайтын жазғы кештің ауасын - бəрін улайды.
Ақын ентігіп, содан баяу адымдап, қасында серігі барын мүлде ұмытқан
адамша дауыстай ойланып келеді.
— Ол жақтан ешкім де оралмайды, ешкім де,.. - деді ол ойын
жалғастырып. - Мүсін етіп құйған пошымды, заттардың дəл бейнесін
түсірген қалыпты сақтауға болар, бірақ менің денем, бет əлпетім, ойларым,
тілектерім тағы қайта тірілмейді. Алайда бірақ тағы миллион, миллиард
тірі пенде туады, олардың да бірнеше шаршы сантиметр жерінде мұрны,
көзі, маңдайы, жағы, аузы болады, бірақ дəл мен қайтып келмеймін, ал олар
- сол сан жетпейтін, бір-бірінен бөлек-бөлек, сырты бір-біріне соншалық
ұқсас болғанмен, бір-бірінен мүлдем бөлек тірі пенделер - менен ештеңе де
алмайды.
Сонда неменеге жармасуымыз керек? Мұңымызды кімге шағамыз? Не
нəрсеге сенеміз?
Дін - бəрі шетінен қисынсыз: олардың уағызы балаларға ылайықталған,
олардың айтқандары өзімшіл əрі мүлде ақылға сыймайды.
Тек бір өлім бары ғана күмəнсіз.
Қарт ақын тоқтап, Дюруаны пəлтөсінің қайырма жағасынан ұстап
тұрып, асықпай былай деді:
— Осыларды ойлаңыз, жас жігіт, күні бойы, ай бойы, жылдар бойы
ойлаңыз, сонда өмірге басқаша қарайтын боласыз. Өзіңізді құрсауда ұстап
тұрған нəрсенің бəрінен босауға тырысып көріңізші, өзіңізді жеңу үшін
шектен тыс күш жұмсасаңыз, сонда көзіңіз тіріде-ақ өз тəніңізден, өз
мақсаттарыңыз бен ойларыңыздан ажырайсыз, бүкіл адамзаттан
бөлектенесіз, мəселенің терең түбіне үңілесіз - романтиктер мен
натуралистердің айтысы да, қаржы жайындағы пікірсайыстың да түкке
тұрмайтынын сонда ғана түсінесіз.
Содан кейін ол тез-тез басып ілгері жүрді.
— Бірақ сонымен қабат сіз үмітсіздіктің бүкіл қасіретін де сезінесіз. Сіз
күдіктің тұңғиығына батып, жан ұшыра жанталасасыз. Бар даусыңызбен
айқайлап: "Көмектесіңдер!" – дегеніңізбен, ешкім сізге ара түспейді. Сіз
қолыңызды созып көмек сұрап, сүйіспеншілік сұрап, жұбаныш сұрап,
құтқару сұрап жалынасыз, бірақ ешкім де сізге қол ұшын бермейді.
Неге біз бүйтіп қиналамыз? Себебі біз, сірə, өмірге келгенде жан
дүниеміз үшін емес, тəніміз үшін өмір сүруге келетін сияқтымыз. Бірақ
біздің ойлау қабілетіміз бар, сондықтан біздің күн сайын күшейіп келе
жатқан ақыл-ойымыз тұрмыстың оралымсыздығына көне алмайды.
Жай қарапайым пенделерге қараңызшы: қашан бір қарабастары
бақытсыздыққа ұшырағанша олар өз тағдырларына өте риза, əлемнің
жағдайына қайғыру оларға тəн емес. Оны хайуандар да білмейді.
Ол тағы тоқтады да, бірер секунд ойланып тұрып, бəріне көнген əрі
шаршаған адамның кейпімен былай деді:
— Мен құрып біткен тірі жанмын. Менде əке де, шеше де, аға-іні де,
қарындас та, əйел де, бала да, құдай да жоқ.
Біраз үнсіздіктен кейін:
— Менде тек ұйқас бар, - дегенді қосты.
Содан кейін көзін толған айдың бозғылт сəулесі түсіп тұрған көкке
аударып, өлеңін оқыды:
Түпсіз түннің қойнауында мəңгіріп, Айдың бозғылт сəулесімен
қаңғырып. Қапас өмір құпиясын іздеймін, Тұрғандай-ақ көкте сыры
жаңғырып.
Олар Келісім көпірінен де, Бурбон сарайының қасынан да үндеспей өтті.
— Үйленіңіз, жас дос, - деді Норбер де Варен қайтадан əңгімесіне
көшіп, - менің жасымда жалғыз қалудың қандай екенін сіз елестете де
алмайсыз. Жалғызды қазір мені адам төзгісіз зарықтырады. Кешкісін
үйімде ашық пештің алдында қыздырынып отырғанымда, бүкіл жер
бетінде бір өзім жалғыз қалғандай көрінем, сондай бір қорқынышты
жалғыздық, сонымен қабат мені құпиялы, үрейлі əлдебір бұлдыр қауіптер
қоршап тұрған тəрізденеді. Мені жəне көрінбейтін көршімді бөліп тұрған
қоршау екеуіміздің арамызды мен терезеден қарап жүрген жұлдызға дейінгі
аралықтай алыстатып жібереді. Содан мені бір қалшыл билейді. Əрине,
өкініш пен үрейдің қалшылы, мені қабырғалардың үнсіздігі қорқытады.
Сен өзің жалғыз тұратын бөлменің терең үнсіздігінде қаншама мұң
жатыр десеңші! Тек сенің денеңді емес, тыныштық жаныңды да құндақтап
алады, егер орындық сəл сықыр ете қалса, сен бүкіл өне бойыңмен селк ете
түсесің, өйткені бұл сұрқия үйдегі əрбір дыбыс -күтпеген дыбыс.
Аз-кем үндемей тұрып, тағы сөйледі:
— Қалай дегенмен де қартайғанда балаларыңның болғаны жақсы!
Екеуі жүре-жүре Бургун көшесінің жартысынан асып кетті. Ақырында
биік бір үйдің алдына келіп тоқтап, қоңырауын басты.
— Қарт адамның бұл қыртынбайларының бəрін ұмыт, жас жігіт, өзіңнің
жасыңа үйлес өміріңді сүре бер. Сау бол! - деп, Дюруаға қолын берді де,
қарт қараңғы кіреберіске кіріп көрінбей кетті.
Ауыр жүк арқалағандай болып Дюруа одан ары кетті. Оны дəл бір
өліктердің сүйегі үйілген, əйтеуір, бір кездерде ішіне сөзсіз өзі де құлайтын
шұңқырды көріп шыққандай сезім биледі.
— Шайтан алғыр! - деді күбірлеп. - Оның үйіне барсам, қаншалық
қарық боларымды шамалаймын. Аулақ, ол өзінің ойларын алдыға
тартқанда, мен алдыңғы қатарға отыра қоймаспын, бағынышты құлыңызды
кешіре көріңіз!
Сол арада оған қазір ғана көліктен түсіп үйіне беттеген, үстіне аямай
əтір сепкен əйелді қасынан өткізіп жіберуге тура келді; ауаға ирис пен
вербене гүлдің жұпары жайылып, Дюруа сол жұпарды сүйсіне сімірді. Сол
сəт ертең Марель ханымды көретіні есіне түсіп, оны ойға алуы-ақ мұң екен,
тұла бойын жылы толқын қуалай жөнелді.
Төңірегі түгел күлімдеп, өмір оған оң қабақ танытты. Үмітіңнің
ақталғаны қандай жақсы!
Ол рақатқа батып ұйықтады, таңертең кездесер алдында Булон тоғайын
бір аралап қайтпақ болып, ерте оянды.
Жел өз бағытын өзгертіп, түн бойы ауа райы жұмсарып қалыпты, күн
көкек айындағыдай күлімсіреп, жып-жылы екен. Булон орманын
ұнататындар ашық аспанның еркелете шақырғанын қуана қарсы алыпты.
Дюруа таза, көктемгі көкөністей шырын дəмді ауаны жұтып аяңдай
жүрді. Салтанат қақпасынан өтіп, жол жағасындағы атты адамдарға
арналған кең аллеяға түсті. Ол бірі желіп, бірі шоқырақтатқан ақсүйек бай
адамдардың еркегіне де, əйеліне де бұл жолы қызғанбай, қызғанса да сəлпəл ғана қызғанышпен қарады. Тілші болу оны атақтылардың анықтама
бюросы мен Париждегі дау-жанжалдардың энциклопедиясы сияқты
бірдемеге айналдырып жіберген-ді, содан ол мұндағы мырзалардың бəрін
дерлік фамилиясы мен ақшаға шаққанда айлығы қанша болатынына дейін,
тіпті, өмірлерінің құпия жақтарына дейін білетін.
Оның жанынан қара шұға кəстөм киіп, белін буған, сымбатты салт атты
əйелдер бірінен кейін бірі өтіп жатты, бəрінде де атқа отырған əйелдердің
көбіне тəн иілмес менмендік байқалады. Ал Дюруа болса оларды іштей
келемеж етіп келе жатты: шіркеудің көмекші қызметкерінше əрбірінің
нағыз немесе жорамал ашыналарының атын, қызметін, шен дəрежесін
ыңылдай əндетіп айтты да отырды; бірде аттарын тізбелеп: "Барон де
Танкле, князь де ла Тур-Энгеран", - десе, енді бірде: "Лесбос аралында
туған əйелдер: Луиза Мишо Водевильден, Роза Маркетен Операдан", - деп
ыңылдады.
Бұл ойыны оған өте қызықты көрінді: сыртқы паңдықтың астарында
адамдардың ежелден келе жатқан, əбден тамыр жайып кеткен ұсақтығы
жатқанын ол көзбе-көз көріп тұрғандай сезінді де, соның өзі оны жұбатып,
қуантып, шабыттандырып тастады.
— Екіжүзділер! - деді ол айқайлап, сөйтті де, көзімен ол туралы ең
сұмдық өсек тараған адамдарды іздей бастады.
Атты адамдардың арасында қарта ойынының ептілері деп əңгімелеп
жүргендер де аз емес екен, қалай болғанда да олар үшін ойынханалар
бірден-бір əрі даусыз пайда табудың күмəнді көзі еді.
You have read 1 text from Kazakh literature.
Next - Сүйкімді дос - 09
  • Parts
  • Сүйкімді дос - 01
    Total number of words is 4187
    Total number of unique words is 2253
    34.5 of words are in the 2000 most common words
    49.2 of words are in the 5000 most common words
    57.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 02
    Total number of words is 4146
    Total number of unique words is 2278
    35.1 of words are in the 2000 most common words
    50.3 of words are in the 5000 most common words
    58.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 03
    Total number of words is 4199
    Total number of unique words is 2249
    35.9 of words are in the 2000 most common words
    51.8 of words are in the 5000 most common words
    59.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 04
    Total number of words is 4168
    Total number of unique words is 2101
    35.5 of words are in the 2000 most common words
    49.4 of words are in the 5000 most common words
    56.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 05
    Total number of words is 4247
    Total number of unique words is 2212
    37.5 of words are in the 2000 most common words
    53.5 of words are in the 5000 most common words
    61.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 06
    Total number of words is 4257
    Total number of unique words is 2136
    35.8 of words are in the 2000 most common words
    51.5 of words are in the 5000 most common words
    59.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 07
    Total number of words is 4233
    Total number of unique words is 2172
    36.1 of words are in the 2000 most common words
    51.0 of words are in the 5000 most common words
    58.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 08
    Total number of words is 4243
    Total number of unique words is 2291
    35.6 of words are in the 2000 most common words
    50.6 of words are in the 5000 most common words
    58.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 09
    Total number of words is 4291
    Total number of unique words is 2153
    38.0 of words are in the 2000 most common words
    53.6 of words are in the 5000 most common words
    60.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 10
    Total number of words is 4209
    Total number of unique words is 2149
    36.3 of words are in the 2000 most common words
    51.7 of words are in the 5000 most common words
    58.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 11
    Total number of words is 4266
    Total number of unique words is 2134
    37.7 of words are in the 2000 most common words
    53.2 of words are in the 5000 most common words
    60.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 12
    Total number of words is 4155
    Total number of unique words is 2204
    34.2 of words are in the 2000 most common words
    49.2 of words are in the 5000 most common words
    56.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 13
    Total number of words is 4142
    Total number of unique words is 2280
    34.8 of words are in the 2000 most common words
    49.0 of words are in the 5000 most common words
    56.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 14
    Total number of words is 4143
    Total number of unique words is 2189
    33.9 of words are in the 2000 most common words
    49.0 of words are in the 5000 most common words
    55.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 15
    Total number of words is 4190
    Total number of unique words is 2177
    36.4 of words are in the 2000 most common words
    50.1 of words are in the 5000 most common words
    58.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 16
    Total number of words is 4165
    Total number of unique words is 2187
    34.5 of words are in the 2000 most common words
    48.1 of words are in the 5000 most common words
    54.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 17
    Total number of words is 4208
    Total number of unique words is 2028
    36.9 of words are in the 2000 most common words
    51.5 of words are in the 5000 most common words
    59.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 18
    Total number of words is 4216
    Total number of unique words is 2252
    34.4 of words are in the 2000 most common words
    49.5 of words are in the 5000 most common words
    57.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 19
    Total number of words is 4228
    Total number of unique words is 2120
    36.5 of words are in the 2000 most common words
    51.6 of words are in the 5000 most common words
    59.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 20
    Total number of words is 4225
    Total number of unique words is 2142
    35.5 of words are in the 2000 most common words
    51.9 of words are in the 5000 most common words
    60.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 21
    Total number of words is 3255
    Total number of unique words is 1938
    36.2 of words are in the 2000 most common words
    50.7 of words are in the 5000 most common words
    58.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.