Latin Common Turkic

Сүйкімді дос - 07

Total number of words is 4233
Total number of unique words is 2172
36.1 of words are in the 2000 most common words
51.0 of words are in the 5000 most common words
58.7 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
жəне де ақша мəселесімен айналысуға менің уақытым да бола қойған жоқ.
Бірақ келесі жолы мен қарызыңды сөзсіз қайтарып беремін".
Кірген бойда əйел оған жылы, жасқана, жағына көз тастады. Мені қалай
қарсы алады дегені білініп тұр. Тілдесуді тездеткісі келмей, Дюруаны əдейі
ұзақ сүйді.
Ал ол болса: "Мен əлі айтып үлгірермін. Тек соған сылтау табуым
керек", - деп ойлады.
Ақыры ол еш сылтау тапқан жоқ жəне ештеме де айтқан жоқ: сол бір
секемді əңгімені бастауға батылы бармады.
Əйел де қыдыру жайлы түк демеді, оны тек ынтықтырумен болды.
Олар түн жарымда ғана айырылысты, Марель қатарынан шақырылып
қойған екі-үш жерге қонаққа баратын болғандықтан, келесі аптаның
сəрсенбісінде жолығысатын боп келісті.
Ертесі Жорж Дюруа мейрамханадан тамақтанды, есептейін деп
қалтасында қалған төрт теңгені алып еді, төрт теңгенің орнына бес теңге
шықты жəне оның біреуі алтын екен.
Əуелгіде ол қайырма ақшаға қосып жаңарақта қате беріп қойған екен
деп ойлады да, артынан бəрін түсіне қойды, түсінген бойда жүрегі
атқалақтап қоя берді, - мына қыр соңынан қалмай қойған қайыр оны
соншалық қатты қорлаған еді.
Оған со жолы түк айтпағанына қазір қатты өкінді. Онымен қатқылдау
сөйлескенінде ғой, мына масқарашылық болмайтын еді.
Төрт күн бойы ол сан рет жəне барлық ретінде де нəтижесіз əрекет
жасап бес луидор таба алмады да, ақыры Клотильданың екінші луидорын
да жеп тынды.
Осыдан кейін алғаш жолыққанда-ақ ол: "Бұл сиқырыңды тоқтатпасаң,
мен саған оңбай ашуланып жүрермін", - деп қорқытқанымен, əйел қулығын
асырып, шалбарының қалтасына тағы жиырма франк салып кетті.
Оны тауып алған Дюруа: "О, жын соққан!" - деді күбірлеп, бірақ оның
бір сантимі де қалмаған еді, сондықтан оңайда тұрсын деп, оны желетінің
қалтасына сап қойды.
"Мен мұның бəрін бір-ақ қайтарамын, - деді ол өз ұятын өзі
мəймөңкелей жұбатып. - Қазір бəрін қарызға алып жатырмын".
Оның өлердегі сөзін айтқан өтінішіне ақыры жібіп, кассир оған күніне
бес франктан беріп тұруға келісті.
Ол тек тамағына ғана жететін, ал енді ұзын саны алпыс франкқа жеткен
қарызды қайтару жағын ойлаудың өзі мүмкін емес еді.
Клотильда сол екі арада Париждің түнгі қуыстарын аралап қыдыратын
əдетіне тағы басты, қауіп-қатерлі сол қыдырыстардан кейін бірде
қалтасынан, бірде бəтіңкесінен, тіпті кейде сағат қорабының ішінен алтын
ақша тауып ала бергесін, Дюруа оған ашуланбайтын болды.
Қазір өзі əйелдің қалауын таба алмаған соң, оған ренжудің орнына,
соның бəріне əйелің өзі ақша төлеп жатса, онда тұрған не бар, оған бұл
неге ренжуге тиіс?
Əйткенмен ол əйтеуір бір толық қайтарып берермін деген дəмемен
əйелден алған ақшасын есептеп жүрді.
Бір күні кешкісін əйел оған:
- Білесің бе, мен Фоли-Бержерде бірде-бір рет болмаппын. Барайық па? деді.
Дюруа қипақтап қалды: ол Рашельмен жолығып қалам ба деп қорықты.
Бірақ со сəтте: "Ештеңесі жоқ! Түптеп келгенде, ол менің əйелім емес қой.
Көрсе көрер, істің мəнін түсінер де үндемес. Оның үстіне біз ложада
боламыз ғой", - деп те ойлады.
Оның бұған келісуінде бұдан басқа да бір себеп бар-ды. Марель ханымға
ешбір ақша төлеместен-ақ театрдың ложасын ұсынудың сəті келіп тұр еді.
Оның өзі мұның тарапынан оған көрсеткен сыйға-сый болатын еді.
Клотильданы Дюруа күйме ішінде қалдырып, билетке өзі ғана барды, тегін кіретінін ол оған білдіргісі келмеді, - сонан соң қайта келіп, екеуі
еңкейіп амандасқан билет тексерушілердің ортасынан өтті.
Өтетін жол ығы-жығы көпшілік. Олар еркектер мен өзін саудалайтын
əйелдердің арасынан қысылысып зорға өтті. Ақыры оларды театрдың тыптыныш партері мен улап-шулаған жоғарғы қабатының арасына кіргізіп
жауып қойды.
Марель ханым сахнаға көз салған да жоқ, - оның бар есіл-дерті ложаның
арт жағында қыдырыстап жүрген қыздарда болды. Ол қайта-қайта
бұрылып, əрбіріне зер сала қарап, солармен жанасқысы келіп,
кеуделеріндегі киімдерін, бет-жүзін, шаштарын ұстап көріп, сол жұмбақ
жандардың неден жасалғандарын білгісі келіп отырды.
Күтпеген жағдайда кенет Дюруаға тіл қатты:
— Əне бір қара шашты əйел кешке дейін бізге қарай береді. Тіпті мен
бірдеме айтқысы келіп тұр ма деп қалдым. Сен байқадың ба?
— Жоқ, саған солай көрінген шығар, - деді ол қарсылық білдіріп.
Бірақ ол оны бағана байқаған. Ол Рашель болатын, - ол бұлардың
ложасының қасынан талай рет өтті, жанарынан ызалы от ұшқындап,
тілінен боқтау сөз ағытылып кеткелі зорға тұр.
Дюруа жаңа ғана сығылысқан топтың арасымен өтіп келе жатқанда
онымен кездесіп қалған, ол ақырын ғана: "Сəлеметсің бе?" - деген, оның
қуланып сығырая қалған көз жанары "түсіндім" дегенді аңғартқан, алайда
ашынасынан қорыққан бұл оның сəлемдескеніне жауап қатпастан, басын
жоғары көтерген күйі ернін қымқыра тістеп қасынан паңдана өтіп кеткен.
Бұлдыр қызғаныштың қот-қотымен қыз бұларды артынан қуа келіп, мұны
иығымен қағып қалып, бұл жолы қатты дауыстап:
— Сəлемет пе, Жорж! - деді.
Бұл тағы үндемеген. Содан кейін қайткенде де өзін бұған танытқысы
келіп не иіліп сəлемдестірем деген оймен ол соның сəтін күтіп ложаның арт
жағында жүрді де қойды.
Марель ханымның өзіне қарап отырғанын байқап, ол Дюруаға жақын
келіп иығынан қақты:
— Сəлеметпісің! Жағдайың қалай?
Дюруа бұрылып та қарамады.
— Сен немене, бейсенбіден бері керең болып қалғансың ба?
Бұл оған ешқандай жауап бермеді, - өзінің жақтырмай отырған кейпімен
анандай мақұлыққа қандай да бір сөз айтуды өз беделіне нұқсан деп
санайтынын айқын аңғартып еді.
Рашель ызалы мысқылмен қарқылдап тұрып күлді.
— Сен тағы да мылқау боп қалғансың ба? - деп тақымдады. - Қасыңдағы
əйел емес пе тіліңді тістеп алған?
Дюруа қолын шыдамсыздана сілтеп қалды.
— Менімен сөйлесетіндей сіз кімсіз? - деп, долдана ашуланды.
— Кетіңіз, əйтпесе мен сізді ұстатып жіберем.
— А, солай ма? - Көзінен от шашырап, ызадан булыққан Рашель
бажылдай жөнелді. -Аһ, оңбаған! Қойныма жаттың ба - енді ең құрығанда
бас изеп амандаспайсың ба. Қазір басқа біреумен жүрсең, сонда немене,
мені енді танымауың керек пе? Қасыңнан мен өтіп бара жатқанда, бас изей
салсаң болды ғой, онда сенің мазаңды алмайтын едім. Бірақ сен мені
менсінбей өттің ғой мұрныңды шүйіріп! Менімен өйтіп қылжақтама! Мен
саған достық сыйымды көрсетермін! Саған сол керек! Сен тіпті менімен
жолыққанда амандаспадың да ғой...
Ол əлі ұзақ бақырар ма еді, бірақ Марель ханым ложаның есігін ашып,
сығылысқан жұртты итере-митере тұра қашты да, шығар есікті таба алмай
ары жүгірді, бері жүгірді.
Дюруа оның артынан қуа шықты.
Олардың қашып құтылғанын көрген Рашель мəз боп айқайлады:
— Ұстаңдар ана əйелді! Ұстаңдар! Ол менің ашынамды ұрлап алды!
Көпшіліктің ішінен күлкі естілді. Екі еркек қызық үшін қашып бара
жатқан əйелді иығынан тартып ұстап ап, былайырақ əкетіп сүйіп алмақ та
болды. Бірақ Дюруа қуып жетіп, əйелді қолдарынан жұлып ап көшеге алып
шықты.
Марель кіреберісте тұрған бос күймеге секіріп мінді. Дюруа да артынша
қарғып мініп, арбакештің: "Мырза, қайда барамыз?"- деген сұрағына:
"Қайда болса да", - деп қалды.
Күйме орнынан ақырын қозғалып, Клотильда бетін екі қолымен жауып
алды, - ол есі ауып қалған адам сияқтанды: оған ауа жетіспей, тұншығып
бара жатты. Дюруа не істерін, не дерін білмеді. Ақырында əйелдің
жылағанын естіп, бірдемені міңгірлеген болды:
— Тыңдашы, Кло, менің кішкентайым Кло, маған түсіндіруге мүмкіндік
берші! Менің кінəм жоқ... Мен бұл əйелмен баяғыда жолыққам...онда мен
енді ғана ...
Клотильда қолын бетінен жұлқына жұлып алды, оны сүйген, алданған
əйелдің ызасы, ыза болғанда да долы ызасы булықтырып, содан тағы да
тілге келген əйел тез-тез, үзіп-үзіп, ентіге əрең сөйледі:
— Аһ, оңбаған...оңбаған... Не деген малғұндық! Мұндай болам деп
ойлаппын ба... Қандай масқара! Құдай-ай, қандай масқара!..
Ақыл-есі өзіне оралған сайын, Дюруаның жаңа кінəлері есіне түскен
сайын əйелдің ашуы да бірте-бірте өрши түскен еді.
— Сен оған менің ақшамнан төледің ғой, ə? Мен сонда саған ақшаны...
сол қыз үшін берген екем ғой... Аһ, жексұрын!..
Бірер секунд аралығында жанға қатты бататындай сөз іздеп, бірақ соны
таба алмаған адамша аңырып тұрып қап, кенет бетіне түкіріп жіберетін
кісіше:
— Аһ, шошқа, шошқа, шошқа! - деді былш еткізіп. - Сен оған менің
ақшамнан төледің ғой... Шошқа, шошқа!
Басқа сөз аузына түспей, əйел соны қайталай берді:
— Шошқа, шошқа...
Кенет терезеден басын шығарып, арбакешті қолынан шап берді:
— Тоқта! - деп айқай салды.
Есікті ашып, далаға ытқып шықты. Жорж артынан қуа шықпақ болды.
— Мен саған күймеден шығуға тыйым салам! - деп қатты айқайлағаны
соншалық, сол сəтте-ақ оның төңірегіне жұртшылық жиналып қалды.
Жанжалдан қорыққандықтан, Дюруа тырп етпеді.
Əйел қалтасынан əмиянын шығарып, көше шамының жарығында екі
жарым франк санап алды да, соны арбакешке ұсынып тұрып, долылық
буған дауыспен үзіп-үзіп зорға сөйледі:
— Мəңіз... алыңыз... Мен жылап тұрмын. Мына құйыршықты
Батиниольге, Бурсо көшесіне апарып тастаңыз.
Қоршаған жұрттың біразы жырқ-жырқ күлді.
— Жарайсың, келіншек! - деді ішіндегі бір мырза.
Көшенің тентек бір баласы күйменің басқышына секіріп шығып,
терезеден ішке басын сұғып, ышқына айқай салды:
— Биби, бақытты сапар!
Еріккендердің қарқылдаған күлкісін көміп күйме орнынан қозғалды.
VI
Ертесі Жорж Дюруа көңілсіз оянды.
Асықпай киініп, терезенің алдына келіп отырды да ойға шомды. Кеше
əбден таяқ жеген кісіше, өзінің быт-шыты шығып отырғанын сезді.
Ақыры ақшасыздық амалын құртып, ол енді Форестьеге келді.
Досы өз кабинетінде ашық пешке аяғын қыздырып отыр екен.
— Саған таң атпастан тыным бермей жүрген не нəрсе?
— Маңызды шаруа. Ар-намыстың ісі.
— Қартаға қатысты ма?
— Қартаға қатысты, - деп құптады Дюруа біраз толқудан кейін.
— Көп пе?
— Бес жүз франк!
Ол тек екі жүз сексен ғана қарыз болатын.
— Кімге қарызданып жүрсің? - Форестье бетіне сенімсіздеу қарады.
Дюруа бірден жауап бере алмай қалды.
— Мырзаға... мырзаға... Карлевил мырзаға.
— А-а! Ол қайда тұрады?
— Көшесі... көшесі...
Форестье қарқылдап күліп жіберді:
— Барда-Жоқ көшесінде ме, немене? Білем мен ондай мырзаны. Былай,
сүйкімдім менің: солай болуға тиіс, мен саған əлі жиырма франк қарыз
бере алам, бірақ сен одан артық сұрама.
Дюруа одан алтын ақша алды. Содан кейін ол өзінің барлық танысын
шетінен ақтап шықты, содан кешкі беске таман оның қалтасына сексен
франк жиналды.
Оған əлі екі жүз жетпейтін, бірақ ол осымен доғаруды ұйғарды, жинаған
ақшасын тығып жатып: "Түкіргенім бар ма, со немеге бола қанымды
қарайтып қайтем?! Ақшам қай кезде болса, со кезде берермін".
Ол өзін мықтап қолға алды: бақандай екі апта бойы өзіне-өзі барлық
жағынан қатаң тыйым салып, тəртіпті əрі ізгілікті өмір сүрді. Содан кейін
оны махаббат ашқарақтығы тағы биледі. Ол өзін бірнеше жыл бойы əйел
құшақтамаған адамдай сезіне бастады, жерді көргенде ішкен-жегенін
ұмытып кететін теңізшідей, əрбір көйлектіні көрген сайын көзін ала алмай
дымы құритын болды.
Содан бір күні кешкісін Рашель жолығып қала ма деген дəмемен ФолиБержерге қарай аяңдады. Рашель бүкіл уақытын осы мекемеде өткізетін,
сондықтан Дюруа оны кірген бойда-ақ байқады.
Ол оған күлімсірей жақындап, амандасқалы қолын соза берді. Рашель
оған бастан-аяқ көз жүгірте қарады.
— Сізге не керек?
Ол күлуге тырысып тыраштанды.
— Жарайды-жарайды, жəдігөйленбей-ақ қой.
Рашель одан теріс қарап кетті.
— Мен альфонсаларды5 танымаймын.
Əйел мұның намысына аса қатты тиетін қорлау айтқысы келді, Дюруа
өзінің бетіне қан теуіп бара жатқанын сезді. Фоли-Бержерден ол жалғыз
шықты.
Газет саралқасында оның өмірін аурушаң, қалтыраған, үзбей жөтелетін
Форестье-ақ улап бітті: ол бұл үшін ең бір аса ыңғайсыз тапсырмаларды
əдейі ойлап табатын сияқты. Бір күні ұзақ жөтел бұған сəттен кейін,
Дюруадан қажетті мəліметтерді ала алмаған ол қатты мазасы кеткен
минутте күңк ете қалды:
— Шайтан алғыр, сен мүлде мен ойлағаннан да бетер мисыз екенсің.
Дюруа оның бетінен салып жіберуге сəл-ақ қалды, алайда, əйтеуір, өзінөзі ұстап қалды, бірақ шығып бара жатып тістене күбірледі:
— Тұра тұр, əлі осыңды алдыңа келтірермін.
Кенет бір ой басына сап ете қалды.
— Мен əлі сенің əйеліңді азғырам, достым, - дегенді қосып қойды.
Соған өзіне-өзі риза болған күйі шығып кетті.
Ол өзінің осы ойын тездетіп жүзеге асыру қажет деп тапты. Соның
ертесінде-ақ барлау жүргізу үшін, Форестье ханымға аттанды.
Ол диванда кітап оқып жатыр екен.
Бұл келгенде ол орнынан тұрған жоқ, тек мойнын бұра қарап қолын
созды.
— Сəлеметсіз бе, Сүйкімді дос, - деді.
Ол өзін дəл бір шапалақ жеген адамдай сезінді.
— Сіз мені неге олай атайсыз?
— Өткен аптада мен Марель ханымды көргем, сізді солай атайтынын
маған сол айтты, - деді əйел күлімсірей жауап беріп.
Форестье ханымның сыпайы даусы оны сабасына түсірді. Е, оның, тегі,
қорқатындай да несі бар?
— Сіз оны еркелетеді екенсіз! - деді əйел əңгімесін жалғастырып. - Ал
маған жылына бір-ақ рет келесіз, онда да уəде бойынша немесе сондай бір
жағдайда ғана.
Ол отырып жатып, ерекше бір ынтамен, таңдап үйренген адамның
ынтасымен əйелге сынай қарады. Əдемі сары шашты əйел əдейі еркелету
үшін ғана жаралғандай еді. "Бұл, сөз жоқ, анаған қарағанда əлдеқайда
əдемі", - деп ойлады Дюруа. Ол өзінің оны көндіре алатынына күмəн
келтірмеді, қолын тигізсе болды, ол өзі-ақ піскен жемісше алақанына топ
ете түсетіндей көрінді.
— Менің сізге келмеген себебім сол, солай істегенім дұрыс болды, - деді
ол нық сеніммен сөйлеп.
Əйел оны түсінбей қалды.
— Қалай? Неге?
— Неге? Сіз соны да аңғармай тұрсыз ба?
— Жоқ, шын айтам.
— Өйткені мен сізді сүйіп қалдым... о, онша да көп емес, аздап қана...
сізге жан-тəніммен біржола ғашық болғым келмеді.
Əйел, тіпті, таңданбаған да, намыстанбаған да, масаттанбаған да тəрізді.
Сол баяғы салқын жымиысынан жазбай жайбарақат қана жауап берді:
— Жарайды, қалай болғанда да маған келіп тұруға болады. Мені ұзақ
уақыт сүйіп қалуға болмайды.
Оны əйелдің сөзінен гөрі даусы таңғалдырды.
— Неге?
— Өйткені ол бос əурешілік, мен оны бірден-ақ ашып айтайын. Егер сіз
өз қаупіңізді бұрын ашып айтқаныңызда, онда мен сізді сабаңызға түсіріп,
қайта жиі-жиі келіп тұруға кеңес берер едім.
— Біз өз сөзімізге өзіміз не бола алушы ма едік! - деп Дюруа даурыға
айқайлап жіберді.
— Қымбатты достым! Ғашық еркек мен үшін жоқ еркек. Ол ақымақ
болып кетеді, оның үстіне ол өте қауіпті. Маған ғашық болып қалғандармен
немесе ғашық боп қалғанситындармен мен барлық қатынасымды үзем,
себебі, біріншіден, олар мені жалықтырып жібереді, ал, екіншіден, мен
олардан кез келген уақытта бас салатын құтырған иттен қорыққандай
қорқам. Мен оларды қашан құлантаза жазылғанға дейін əдептіліктің
тыйымымен ұстаймын. Осыны есіңізде сақтаңыз. Махаббаттың сіздер үшін
əлдебір аштық сияқты нəрсе екенін мен өте жақсы білемін, ал мен үшін
ол... еркектер сене қоймайтын бір рухани байланыс секілді. Сіздер оның
іске айналған түр-түрімен қанағаттанасыздар, ал маған оның рухы керек.
Қане... менің көзіме тура қараңызшы...
Əйел енді күлімсіреген жоқ. Салқын, сабырлы қалыппен əйел əр сөзін
шегелей жалғастырды:
— Мен ешқашан, - естисіз бе? - ешқашан сіздің ашынаңыз болмаймын.
Қайтсем де көндірем деп ұмтылудан пайда жоқ, қайта сіз үшін зиянды. Ал
енді... бұл əрекеттен кейін... сіз екеуміз дос болып, дос болғанда да ниеттес
дос болып қала аламыз, тек бірақ шынайы, басқа арам ойы жоқ дос
боламыз. Келісесіз бе?
Бұл үкімнің тиянақты екенін жəне ендігі құлшыныс-ұмтылысының бəрі
бекер болатынын түсініп, ол өз халін мойындады, алайда, екінші жағынан,
өзіне мынандай одақтас тапқанына шаттанғанынан оған екі қолын бірдей
ұсынды.
— Өзіңіз қалай қолайлы көрсеңіз, солай маған иелік ете беріңіз.
Дюруаның даусы шын пейілін сездіріп тұрғандай көрінді, əйел
сондықтан қолын алды.
Ол оның қолдарын бірінен кейін бірін сүйді де, жанарын жүзіне аударып
тұрып, шын жүректен шыққан ойын аңғартты:
— Құдай атымен ант етейін, егер мен дəл сіздей əйелді кездестірсем,
мен оған шексіз қуанышпен үйленген болар ем!
Дюруаның бұл жолғы əйел жүрегіне жол таба алатындай қошемет
қолпашы Форестье ханымды елжірете толқытты, ол Дюруаға жылдам ғана
жаутаң етіп ризашылықпен қарады, ол қарасы кез келген еркекті күл етіп
алатындай қарас еді.
Дюруаның қажетті əңгіменің тақырыбын таба алмай дағдарып тұрғанын
көріп, əйел оның иығына қолын салып, еркелете сөйледі:
— Мен енді достық міндетімді атқаруға кірісемін. Сіз аңқаусыз-ау,
досым...
Əйел мүдіріп қалды.
— Мен сізбен ашық сөйлесе алам ба, өзі?
— Əрине.
— Мүлдем бе?
— Мүлдем.
— Онда былай. Сіз Вальтер ханымға арнайы барып жолығыңызшы, - ол
сіз туралы өте жоғары пікірде, - барып ұнауға тырысып көріңізші. Ол əйел
аса орнықты адам болғанмен, - естіп тұрсыз ба? - Өте орнықты болса да,
сіздің қошемет-қолпашыңыз сол арада орынды болады. Əйткенмен... баскөз жоқ шабуылдау онда да табысқа жеткізбейді. Бірақ пайдалы əсер ете
алсаңыз, онда көп нəрсеге қол жеткізе аласыз. Газет саралқасында сіздің
əлі жұпыны ғана жағдайда жүргеніңіз маған белгілі. Сіз ешқандай
қысылмаңыз: олар қызметкерлерінің бəрін бірдей жылы қарсы алады. Мені
тыңдап, сол əйелге барып көріңізші.
— Сізге рахмет, - деді ол күлімсіреп, - сіз періштесіз, менің қорғаушы
періштем.
Содан кейін əңгіме басқа арнаға ауысып кетті.
Оның қасында болудың бұған қаншалықты қымбат екенін байқатқысы
келіп, ол əйелдің жанында ұзақ отырды. Кетер кезде ол əйелден тағы
пысықтап сұрады:
— Сонымен, шештік қой: біз дос боламыз ба?
— Иə, шештік.
Форестье ханымға əсер еткенін байқап, соны күшейте түспек оймен
Дюруа былай деді:
- Егер сіз күндердің-күнінде жесір бола қалсаңыз, онда мен өзімді
үміткерлікке ұсынамын.
Соны айтты да, əйел ашуланып үлгіргенше əдейі тез-тез тағзым етті де,
шыға жөнелді.
Дюруа арнайы барып Вальтер ханыммен жолығуға ұялды: өйткені ол
мұны ешқашан үйіне шақырмаған-ды, сондықтан əдейі жабысып жүрген
адам боп көрінгісі келмеді. Əйткенмен бастығы бұған іш тарта қарап,
қызметкері ретінде бағалайтын, көп ретте бұған жауапты тапсырмаларды
жүктейтін, - оның үйіне бару үшін неге енді сол жағдайды пайдаланбасқа?
Содан бір күні ол таңертең тұрған соң базарға барды да, он франкқа
таңдап тұрып жиырма тал алмұрт сатып алды. Алыс елден əкелінген
ұқсатып оларды себетке əдемілеп салып, сонан соң оны Вальтердің үйіне
əкеліп, есіккүзетке өздерек кəртішкесін қалдырып, оған былай деп жазды:
"Жорж Дюруа,
Бүгін Нормандиядан келген мына жемістерді Вальтер ханымның қабыл
алуын бас иіп өтінемін".
Келесі күні ол газет саралқасындағы өзінің пошта жəшігінен Вальтер
ханымның конвертке салынған өздерек кəртішкесін тапты, онда Жорж
Дюруа мырзаға ыстық ықыласпен алғыс айтып, өзінің "қабылдау күні
сенбі" екенін құлақтандырыпты.
Сонымен, алдыңғы сенбіде Дюруа Вальтер ханымдікіне арнайы келді.
Вальтер Мальзербе бульварындағы өзінің жекеменшік үйінде тұратын,
өмірдің қыр-сырын білетін адам болғандықтан, үйінің бір бөлігін
біреулерге жалға беріп қоятын. Шіркеу қызметкеріндей сұсты, алтын
түймелі, қызыл жағалы зерленген сырт киімді, жуан балтырын қысып
тұратын ақ шұлықты, екі кіреберістің ортасына орналасқан жалғыз
есіккүзет есік ашты, оның осылай орналасуы қожайын мен тұрғындарға,
бүкіл үйге ақсүйектік салтанат беріп тұрғандай.
Екінші қабаттағы қонақ бөлмеге гобелендермен қапталған дəліз бен
перде ұсталған есіктер арқылы өту керек екен. Онда екі малай орындық
үстінде қалғып отырды. Оның бірі Дюруаның пəлтөсін алды, екіншісі
асатаяғын алып, есікті ашты да, сəл ілгерілеп барып, мұның бос залға өтіп
кетуіне жол берді.
Дюруа дағдарып жан-жағына қарады, кенет айнадан өте алыста отырған
сияқты бірнеше адамның бейнесін байқап қалды. Алғашында ол басқа
жақта жүріпті - оны адастырған айна еді, содан соң бос тұрған екі залдан
өтіп, бір кішігірім əйел бөлмесіне тап болды, бөлме іші сарғалдақ суретті
көгілдір жібекпен қапталыпты, онда шай жасаулы дөңгелек үстелді айнала
төрт əйел ақырын əңгімелесіп отыр екен.
Астаналық өмір мен əсіресе алуан түрлі атақтылармен үнемі
табыстырып отыратын Дюруаның тілшілік мамандығы оны өзін емін-еркін
ұстауға əдеттендірген-ді, алайда мынандай сəн-салтанатты жерге тап келіп,
тырс еткен тірі жан жоқ залдардан өтіп, ол сəл абыржыңқырап қалды.
— Құрметті ханым! Мен өзім... - деді көзімен отанасын іздеп.
Вальтер ханым оған қолын ұсынды. Дюруа белін еңкейе бүгіп оның
қолын алды.
— Сіздің келгеніңіз мен үшін өте құрметті, - деді Вальтер ханым оның
креслоға отыруын нұсқап. Əуелде тым биік көрінген креслоға отырып еді,
Дюруа оның ішіне көміліп кеткендей көрінді.
Бір сəт үнсіздік орнап қалды. Ақыры оны бір əйел бұзды. Ол өте суық
болып кеткенін, бірақ əлі іш сүзегінің нəубеті тоқталатындай суық
еместігін, егер солай болса, онда кəнки тебуге мүмкін болатынын əңгіме
етті. Сол-ақ екен барлық əйел Париждің суығы жайында өз пікірін білдіруді
міндет санады, сондай-ақ жылдың қай мезгілі жақсы екенін сөз етіп, оны
дəлелдеу үшін бөлмеге шөгіп қалатын, шаң тəрізді адамның басына да
қонып қалатын, айта-айта əлдеқашан ығыр болған себептерді айтып кетісті.
Есік естілер-естілмес сықыр етті. Дюруа жалт қарады, сынап қосылған
əйнектің екі арасынан кіріп келе жатқан толық əйелге көзі түсті. Ол əйел
бөлмесіне келіп кірген кезде, отырған əйелдердің бірі орнынан тұрып,
барлығының қолын алды да, үн-түнсіз шығып кетті, Дюруа моншақтарын
жалтылдатып бос залдардан өтіп бара жатқан əлгі қара киінген əйелді
көзімен шығарып салды.
Қонақтардың бірі келіп, бірі кетіп жатқанынан туған əсерлер басылған
соң, кенет əңгіменің ауаны осыған дейінгімен еш байланыспайтын
Мароккодағы оқиғалар жайына, Шығыстағы соғыс пен Англияның
Оңтүстік Африкадағы қиыншылықтарына ауысты да кетті.
Сол мəселелерді қозғап отырған, əйелдер сахнада қойыла-қойыла сірі
болған комедияда ойнап отырғандай жəне əрқайсысы өз рөлін жатқа
білетіндей болып көрінді.
Тағы бір жаңа қонақ келді: кішкентай ғана сары бұйра шаш əйел, соның
артынша-ақ əйел бөлмесінен қартаңдау ұзын арық əйел шығып кетті.
Лине жайында əңгіме қозғасты, оның академик болуға қандай
мүмкіндіктері бар екендігі сөз болды. Жаңа келген қонақ оны Дон
Кихоттың өлеңмен жазылған сахналық нұсқасын жасаған Кабонон-Леба
жеңіп кеткендігіне нық сенім білдірді.
— Білесіздер ме, Одеон қыста оны сахнаға қоюға əзірлеп жатыр!
— Солай ма? Сөзсіз барып көрем, - ол нағыз көркем өнер.
Вальтер ханымның даусы бірқалыпты, сыпайы əрі селқостау шықты: ол
айтар сөзін ойланып жатпайтын, - əрқашан тек даяр пікірлерді ғана айта
салатын.
Əйел бөлмесі қараңғы бола бастады. Вальтер ханым малайды шақырып,
шамдарды жағуды бұйырды, бірақ ол оған тамаққа шақыру кəртішкесін
литографияға бастыруды ұмытып кеткенін ойлауға да жəне сонымен қабат
əйелдердің бұлақ сылдырындай толассыз естіліп жатқан əңгімелеріне құлақ
түруге де кедергі бола қойған жоқ.
Ептеп тола бастаған, бірақ əлі де болса тартымдылығын жоғалта
қоймаған Вальтер ханым əйелдер үшін қауіпті саналатын қайту мезгілі
жақындап қалған жаста еді. Мұқият күтініп, сақтану шараларын жасап,
денесінің тазалығын қадағалап, əр түрлі жағатын жəне сүртетін нəрселерді
пайдалана білгендігінен ғана ол өзін осылай сақтай алған-ды. Ол орнықты
адам боп көрінетін, - ақылды, парасатты əйелдердің бірі секілді еді, оның
ішкі жан дүниесі күтіп бапталған француз бағын елестететін. Ол бақ сізді
тосын ештеңесімен таңғалдырмайды, алайда сонысының өзінде өзіндік
əдемілік бар. Көкірек керудің орнына көзбояушылығы жоқ байқампаз,
ұстамды ақылы басым-тын; оның кімді де болса алаламайтын
қайырымдылығы, үйірсектігі əрі мейірімділігі сезіліп тұратын.
Дюруаның аузынан əлі бір де сөз шығармай отырғаны жəне онымен
ешкімнің əңгімелесе қоймағаны, сондықтан оның ыңғайсызданып
отырғаны - бəрі оның назарынан тыс қалмады. Ақырында əйелдердің əлі
Академиядан аузы босамай, өздері жетік білетін жайттан басқаға ауыса
алмай отырғандықтарын пайдаланып, ол жас жігітке сұрақ қоя көңіл
аударды:
— Дюруа мырза, ал сіз қалай ойлайсыз, - бұл жайында сіздің
мағлұматыңыз кімдікінен болса да мол болуға тиіс қой?
— Мен, ханым, мұндай жағдайда əркімнің əрқашанда күдікті атағына
емес, одан гөрі үміткерлердің жасына жəне денсаулығына көбірек мəн
беремін, - деді Дюруа ойланбастан. - Мен олардың атқарған істерінен гөрі
бұрын қандай аурумен ауырғандығы жайында анықтама жинаған болар
едім. Мен олардан Лопе де Веганың өлеңдерін аударуды талап етпес едім,
бірақ бауырының, жүрегінің, бүйрегінің жəне жұлынының қандай күйде
екендігінен хабардар болар едім. Менің ойымша, жүректің үлкеюі, қант
ауруы немесе одан кем соқпайтын бұлшық еттің жансыздана бастауы
сияқты аурулардың мəселесі жабайы халықтардың поэзиясындағы
патриоттық сарындар туралы жазылған көптомдықтардан əлдеқайда тиімді.
Оның сөзін бəрі таңғалған тыныштықпен қарсы алды.
— Неге? - деп сұрады Вальтер ханым күлімсіреп.
— Өйткені мен əр жерде жəне əрқашан əйелдерге не ұнаса, соны табуға
тырысам, -деп жауап берді ол. - Академия деген, ханым, сіздің
назарыңызды тек академиктердің бірі қайтыс болғанда ғана аударады. О
дүниеге олардың неғұрлым көбі аттанса, сізге соғұрлым жайлы болуы тиіс.
Ал олар тезірек өлу үшін, аурулар мен кəрілерді таңдау керек.
Шамасы, оның не айтпағын əйелдер аңғармаған сияқты, сондықтан
Дюруа өз ойын түсіндіре кеткенді жөн санады:
— Ашып айтқанда, əлдебір академик қайтпас сапарға аттанып кетіпті
дегенді Париж хроникасынан оқуға мен де құштармын. Сол сəтте-ақ мен
бірден өзіме: "Енді мұның орнына кім болар екен?" - деген сұрақ қоям.
Сөйтем де, оның орнына үміткерлерді белгілей бастаймын. Бұл - ойын,
ойың болғанда да тамаша ойын, - өлмейтіндердің арасынан біреу өлген соң,
Париж салондарының бəрінде де сол ойынды - "қырық қарт пен өлім
ойынын" - ойнайды.
Əлі де аң-таң боп отырған əйелдер тек күлімсіреумен тынды, - алайда
бəрі де оның дəл байқағыштығын бағаламай отыра алмады.
— Оларды, сүйкімді ханымдар, сіздер таңдайсыздар, - деді ол орнынан
түрегеле бере қорытындылап, - оларды тек тезірек өлулері үшін
таңдайсыздар. Кəрілерді, ең кəрілерді, тіпті қаусаған кəрілерді
таңдаңыздар, ал қалғандарынан қам жемей-ақ қойыңыздар.
Сонан соң бəріне əдемілеп тағзым жасады да, Дюруа шығып кетті.
— Қызық жігіт екен, - деді бір əйел ол шығып кете салысымен. - Кім өзі?
— Біздің қызметкер, - деп жауап берді Вальтер ханым. - Қазірше оған
газеттің ұсақ шаруалары жүктеліп жүр, бірақ көп ұзамай оның
жоғарылайтынына күмəнім жоқ.
Көңілді, өзіне-өзі риза Дюруа Мальзербе бульварының бойымен билей
басып келе жатып, мұрнынан ғана: "Жаман бастама емес",- деп міңгір етті.
Кешкісін ол Рашельмен татуласты.
Келесі аптада айтулы екі оқиға болды: ол хроника бөлімінің меңгерушісі
болып тағайындалды жəне оны Вальтер ханым тамақтануға шақырды. Бұл
оқиғаларда қандай байланыс барын ол қиналмай-ақ аңғарды.
Баспасөз бен депутаттық атақ сүйреуші күш ретінде қажет болған
коммерсант Вальтер үшін "Француз өмірі" де ең алдымен коммерциялық
мекеме болатын. Үнемі ақ көңіл, емен-жарқын адамның кейпімен аңқаусып
жүріп, ол өзінің алуан түрлі мақсаты үшін бұған дейін өзі тексерген,
тамырын басып көрген, анықтап білген, оралымды, табанды əрі епті деп
санаған адамдарды ғана пайдаланатын. Дюруаны да бақылай жүріп, бұл
жас жігіт хрониканы басқаруда алдына жан салмас деген қорытындыға
келген.
Бұған дейін хрониканы саралқа хатшысы, қарт журналшы, ісін дəл
атқаратын, тілалғыш, шенеунік ретінде жуас Буаренар жүргізіп келген-ді.
Отыз жыл бойы ол он бір түрлі газетке хатшы болып, соның ешқайсысында
да өзінің ойлау жүйесі мен істеу жүйесін ешқашан өзгерткен емес. Ол бір
саралқадан екіншісіне, бір мейрамханадан екіншісіне тамақтарының
басқаша екеніне де зер салмастан бара беретін адамдай ауыса берген-ді.
Саясат пен дін мəселесі оны қызықтырмайтын. Ол газетте қорыққанынан
емес, ұятымен қызмет жасайтын, қай газетте де өз білімі мен қымбат
тəжірибесін аямайтын. Ол ештеңені көрмейтін соқырша, ештеңені
естімейтін саңырауша, ешқашан ештеңе айтпайтын мылқауша жұмыс
істейді. Маман ретінде адалдығымен айрықшалана тұрып, ол сонымен
қабат журналшылық этикасы бойынша адал, ниеті дұрыс əрі игі деуге
келмейтіндей əрекеттерге өлтірсең де бармайтын.
Қожайын оны бағалағанмен де, бəрібір газеттің қақ жүрегі саналатын
хрониканы кімге берсем екен дегенді жиі ойлайтын. Себебі жаңалықтарды
жариялап, өсектерді тарататын, биржа мен көпшілікке əсер ететін дəп
хроника бөлімі ғой. Ақсүйектердің көңіл көтеруіне арналған екі мақаланың
арасында ғана күтпеген жағдайда əлдебір маңызды нəрсені қыстырып
жібере білу керек қой - тіпті, айтудың да қажеті жоқ, ишараласаң да жетіп
жатыр. Əр жолдың арасында ой айта білу керек, өсектің өзін шынға бергісіз
боп шыға келетіндей етіп терістеме жазу керек, тұжырымдағанда да
оқиғаның шын екендігіне бəрі де күмəнденіп тұратындай етіп беру керек.
Хроника бөлімін əркім одан күн сайын өзіне қажетті ең құрығанда бір жол
мəлімет тауып отыратындай қылып жүргізу қажет, сонда хрониканы бəрі де
оқитын болады. Бəрін де, бəрі туралы да, қоғамның барлық саласын,
барлық мамандықты, Париж бен шет аймақты, армия мен суретшілерді,
діндарлар мен университетті, қызметкерлер мен жезөкшелерді де ұмытпау
керек.
Ол бөлімнің бастығы, тілшілер батальонының командирі ылғи да
сақадай сай, мəңгі сақ, ешкімге сенбейтін, алдағыны болжай білгіш,
тапқыр, алғыр, шапшаң болуы керек, зəлім айлалардың бəрін меңгеруі тиіс
жəне жалған мəліметтен шын мəліметті бір сəтте-ақ ажыратып; нені айтып,
нені айтпау керегін жаңылмай біліп; қай хабар оқырманға қалай əсер
ететінін алдын ала елестете білу үшін, қателеспейтіндей сезімтал болуы
керек. Оның үстіне ол бəрін де күшті əсер ететіндей түрде бере білуі керек.
Саралқаларда сан жыл бойы қызмет атқарса да, Буаренардың шеберлігі
мен əсер ете білуі əлсіз-тін. Ең бастысы, қожайынның құпия ойларын ылғи
да таба білуге оның туа біткен тапқырлығы жетіспейтін.
Дюруа жұмысты тамаша жолға қоя алар еді, Норбер де Варен айтқандай,
"Коммерцияның терең суы мен саясаттың таяз суында қалқып келе жатқан"
газеттің саралқасына таптырмастай дəл келетін еді.
"Француз өмірінің" нағыз дем берушілері мен сарашылары газет
шығарушысы қатысатын немесе жақтайтын шытырман оқиғаларды
қолдайтын алты депутат еді. Оларды палатадағылар "Вальтердің шайқасы"
деп атайтын жəне олардың онымен бірлесіп немесе сол арқылы қамтып
қалатын мол олжасын қызғанатын да.
Саясат бөлімін Форестье басқаратын, бірақ ол əлгі пысықтардың
қолындағы қолбаласы, солардың айтқанын орындаушы ғана еді.
Басмақалаларды ол үйінде, өзі айтқандай, "тыныш жағдайда", бірақ
солардың нұсқауы бойынша жазатын.
You have read 1 text from Kazakh literature.
Next - Сүйкімді дос - 08
  • Parts
  • Сүйкімді дос - 01
    Total number of words is 4187
    Total number of unique words is 2253
    34.5 of words are in the 2000 most common words
    49.2 of words are in the 5000 most common words
    57.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 02
    Total number of words is 4146
    Total number of unique words is 2278
    35.1 of words are in the 2000 most common words
    50.3 of words are in the 5000 most common words
    58.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 03
    Total number of words is 4199
    Total number of unique words is 2249
    35.9 of words are in the 2000 most common words
    51.8 of words are in the 5000 most common words
    59.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 04
    Total number of words is 4168
    Total number of unique words is 2101
    35.5 of words are in the 2000 most common words
    49.4 of words are in the 5000 most common words
    56.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 05
    Total number of words is 4247
    Total number of unique words is 2212
    37.5 of words are in the 2000 most common words
    53.5 of words are in the 5000 most common words
    61.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 06
    Total number of words is 4257
    Total number of unique words is 2136
    35.8 of words are in the 2000 most common words
    51.5 of words are in the 5000 most common words
    59.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 07
    Total number of words is 4233
    Total number of unique words is 2172
    36.1 of words are in the 2000 most common words
    51.0 of words are in the 5000 most common words
    58.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 08
    Total number of words is 4243
    Total number of unique words is 2291
    35.6 of words are in the 2000 most common words
    50.6 of words are in the 5000 most common words
    58.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 09
    Total number of words is 4291
    Total number of unique words is 2153
    38.0 of words are in the 2000 most common words
    53.6 of words are in the 5000 most common words
    60.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 10
    Total number of words is 4209
    Total number of unique words is 2149
    36.3 of words are in the 2000 most common words
    51.7 of words are in the 5000 most common words
    58.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 11
    Total number of words is 4266
    Total number of unique words is 2134
    37.7 of words are in the 2000 most common words
    53.2 of words are in the 5000 most common words
    60.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 12
    Total number of words is 4155
    Total number of unique words is 2204
    34.2 of words are in the 2000 most common words
    49.2 of words are in the 5000 most common words
    56.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 13
    Total number of words is 4142
    Total number of unique words is 2280
    34.8 of words are in the 2000 most common words
    49.0 of words are in the 5000 most common words
    56.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 14
    Total number of words is 4143
    Total number of unique words is 2189
    33.9 of words are in the 2000 most common words
    49.0 of words are in the 5000 most common words
    55.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 15
    Total number of words is 4190
    Total number of unique words is 2177
    36.4 of words are in the 2000 most common words
    50.1 of words are in the 5000 most common words
    58.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 16
    Total number of words is 4165
    Total number of unique words is 2187
    34.5 of words are in the 2000 most common words
    48.1 of words are in the 5000 most common words
    54.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 17
    Total number of words is 4208
    Total number of unique words is 2028
    36.9 of words are in the 2000 most common words
    51.5 of words are in the 5000 most common words
    59.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 18
    Total number of words is 4216
    Total number of unique words is 2252
    34.4 of words are in the 2000 most common words
    49.5 of words are in the 5000 most common words
    57.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 19
    Total number of words is 4228
    Total number of unique words is 2120
    36.5 of words are in the 2000 most common words
    51.6 of words are in the 5000 most common words
    59.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 20
    Total number of words is 4225
    Total number of unique words is 2142
    35.5 of words are in the 2000 most common words
    51.9 of words are in the 5000 most common words
    60.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 21
    Total number of words is 3255
    Total number of unique words is 1938
    36.2 of words are in the 2000 most common words
    50.7 of words are in the 5000 most common words
    58.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.