Latin Common Turkic

Сүйкімді дос - 12

Total number of words is 4155
Total number of unique words is 2204
34.2 of words are in the 2000 most common words
49.2 of words are in the 5000 most common words
56.9 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
қалуым да мүмкін. Бірақ сіз мұны, менің өзім рұқсат етпейінше, құпия
ұстауға уəде беруіңіз керек.
Жігіт уəдесін бекітіп, үйіне алып-ұшқан қуанышпен оралды.
Осы күннен бастап ол Форестье ханыммен сөйлескенде ұстамдылық
танытып, нақты жауабын беруге асықтырмады, өйткені əйелдің болашақ
жайлы сөйлеу мəнерінен, екеуінің алда бірге өтер өмірінің жоспарындай
"бұдан былай" дегенді айтқан дауыс ырғағынан жай ғана келісімнен гөрі
маңыздырақ іш тартушылық сезіліп тұратын-ды.
Дюруа күн-түн демей жұмыс істеп, шығынын барынша азайтып,
үйленген кезде көк тиынсыз қалмас үшін, біраз қаржы жинап алуға
тырысты, сондықтан оның қазіргі сараңдығы бұрынғы шашпалығына парапар деуге боларлықтай еді.
Жаз өтті, күз де аяқталды, алайда ол екеуі өте сирек жолығысып, өздерін
мықты ұстай білгендіктен, ешкім ештеңеден сезіктене қойған жоқ.
Бір күні Мадлена оның көзіне тура қарап:
— Сіз біздің жоспарымыз туралы де Марель ханымға ештеңе деген
жоқсыз ба? - деп сұрады.
— Жоқ, қымбаттым. Мен оны құпия сақтаймын деп сізге уəде
бергенмін, тірі жан білмейді.
— Онда енді оған айтуыңызға болады. Ал мен Вальтерлерге айтамын.
Осы аптада. Жарай ма?
Жігіт қызарып сала берді.
— Тіпті ертең-ақ.
— Қалауыңыз білсін, - көзін баяу аударып əкеткен əйел, оның қысылып
қалғанын байқамағандай сөзін жалғастыра берді, - біз мамыр айының
басында үйленейік. Нағыз дер кезі сол болар.
— Айтқаныңыздың бəріне мақұлмын.
— Мен мамырдың онында, сенбі күні болғанын қалар едім. Бұл менің
туған күніме тура келеді.
— Мамырдың оны, өте жақсы.
— Сіздің ата-анаңыз Руан маңында тұра ма? Сіз бір рет солай дегендей
болғансыз.
— Иə, Руан маңында, Кантильде.
— Олар немен айналысады?
— Олар... ұсақ өсімқорлықпен.
— Ə! Мен олармен танысқым келеді.
Дюруа ыңғайсызданып күмілжи берді:
— Бірақ... олар... былай ғой...
Ішінен өзін
жалғастырды:
батылырақ
болуға
көндіріп,
шешімді
түрде
сөзін
— Қымбаттым, олар шаруа баққан жандар, дəмхана ұстайды, мені оқыту
үшін қолынан келгенін аяған емес. Мен оларды қорсынбаймын, бірақ
олардың қораштығы... дөрекіліктері... сізге ұнамай қалуы мүмкін.
Əйел əдемі жымиысымен күлімсіреп еді, өңі нұрланып сала берді.
— Жоқ. Мен оларды жақсы көріп кетемін. Біз оларға барып қайтуымыз
керек. Міндетті түрде. Біз əлі бұл туралы сөйлесеміз. Менің əке-шешем де
қарапайым адамдар болған. Олар қайтыс болды. Бұл жалғанда менің
ешкімім жоқ... сізден басқа, - дегенді қосып, жігітке қолын созды.
Ол толқып, елжіреп, елтіп кетті, - бұған дейін ешбір əйелге мұндайды
сезініп көрмеген еді.
— Менің бір ойым бар еді, - деді Форестье ханым, - бірақ мұны
түсіндіру қиындау.
— Ол не? - деп сұрады жігіт.
— Білесің бе, қымбаттым, əрбір əйел сияқты менің де өзіндік...
ерекшеліктерім бар, мен жарқырап көрінгенді, үндестікті жақсы көремін.
Фамилиям ақсүйекше болса, мен өзімді бақытты сезінер ем. Сіз біздің
некелесуіміз құрметіне... дворянға айнала алмас па екенсіз?
Енді ол қызарды, бейəдеп сөз айтып қойғандай-ақ бетіне қызыл жүгірді.
— Бұл туралы мен де ойлап ем, - деді Дюруа, - алайда бұл оңай бола
қоймас деймін.
— Неге олай дейсіз?
Жігіт күлді.
— Жұртқа күлкі болғым келмейді.
Форестье ханым иығын көтерді.
— Жоқ, о не дегеніңіз! Көпшілігі осылай істейді, оны ешкім де күлкі
қылмайды. Фамилияңызды екіге бөлсеңіз, жетіп жатыр: "Дю Руа". Тамаша
ғой.
— Олай етуге болмайды,- деді жігіт білгіш адамша. - Бұл тым
қарапайым, тым жайдақ, тым қарабайыр тəсіл. Мен əуелде əдеби лақап ат
ретінде туған қыстағымның атын алып, кейін оны ақырындап фамилияма
қосуды, содан кейін барып, сіз айтқандай, екі бөліп қолдануды ойлап едім.
— Сіздің қыстақ Кантиль деп аталады ғой?
— Иə.
Əйел ойланып қалды.
— Маған соңғы буыны ұнамайды. Бұл сөзге аздаған өзгеріс енгізуге
болмас па екен?
Форестье ханым үстелден қауырсын қаламды алып, қағазға əр түрлі
фамилияларды жаза бастады əрі олардың жазылу сипатын мұқият
қадағалаумен болды.
— Болды, міне, қараңыз! - деп, кенет қуана дауыстап жіберді де, "Дюруа
де Кантель ханым" деп жазылған қағазды ұсына берді.
— Иə, мынауыңыз сəтті шықты,- деді бірнеше секунттей ойланған жігіт
маңыздана сөйлеп.
— Дюруа де Кантель, Дюруа де Кантель, Дюруа де Кантель ханым.
Тамаша! Керемет! - деп шаттана қайталай берді Форестье ханым.
— Көрерсіз, жұрт бұны жылдам қабылдайды,- деді ол сенімді үнмен. Тек уақыт оздырмайық. Кейін кеш болады. Ертеңнен бастап
мақалаларыңызға "Дюруа де Кантель" деп қол қойыңыз, ал қысқа
хабарларға жай ғана "Дюруа" дей салыңыз. Журналшылар үшін бұл
үйреншікті жайт, бұл лақап ат ешкімге де ерсі көріне қоймас. Тойымыз
болғанша біз тағы бір өзгерістер енгіземіз, ал достарымызға бұған дейін
"де" шылауын сіз сыпайылықпен қолданбай келгеніңізді, бұған қоғамдағы
жағдайыңыз мəжбүр еткенін айтармыз, мүмкін, тіпті ақталып та
жатпаспыз. Сіздің əкеңіздің аты кім?
— Александр.
— Александр, Александр, - Форестье ханым бұл сөздің дыбысталу
ерекшелігіне мəн бере бірнеше рет қайталады. Содан кейін бір парақ қағаз
алып жаза бастады:
"Александр Дю Руа де Кантель мырза мен зайыбы сіздерге ұлдары
Жорж Дю Руа де Кантельдің Мадлена Форестье ханыммен некелесуі
жөнінде хабарлайды".
Өзі жазған қағазын алысырақ созып сынай қараған ол риза кейіппен:
— Жазуға машықтанған жанға түк те қиындығы жоқ, — деп мəлімдеді.
Қалыңдығының қасынан бұдан былай "Дю Руа", тіпті "Дю Руа де
Кантель" атануға бекініп шыққан жігіт өзінің мерейі өсіп қалғанын сезінді.
Жүріс-тұрысы бұрынғыдан бетер маңызданып, басы қайқайып, тіпті мұрты
да ширатыла түскендей,- өзінің ойынша дворян осындай болуға тиісті.
Көңілі шарықтағаны сондай, тіпті қарсы кезіккен адамдарға:
— Менің атым Дю Руа де Кантель,- деп жар салғысы келетіндей.
Алайда үйіне келісімен ол де Марель ханымды есіне алып, сəл
абыржығандай болды. Дереу хат жазып, оны ертең кездесуге шақырды.
Содан кейін өзінің əдеттегі не нəрсеге де жеңіл қарайтын қамсыздығына
басып, бұған қолын бір-ақ сілтеді де, өзі мемлекеттік бюджетті нығайту
мақсатында жаңа салықтар енгізу туралы батыл мақаласын жазуға кірісті.
Ол дворяндық текті білдіретін шылау үшін жылына жүз франк, ал
бароннан бастап князьға дейінгі дəрежесі үшін бес жүзден мыңға дейін
франк ақша алынғаны дұрыс деп есептейтіндігін білдірді. Соңына "Д. де
Кантель" деп қол қойды.
Келесі күні ашынасынан жеткен "көгілдір қағаздан" ол оның сағат бірде
келетінін білді.
Дюруа оны едəуір дегбірсіздене күтті; ол бірден іске кірісіп, бетіне тура
айтуға, тек сол кейіндеу, алғашқы соққы əсері бəсеңдеген кезде, сенімді
дəлелдерін келтіріп, өзінің өмір бойы бойдақ болып өте алмайтынын, де
Марель мырзаның ана дүниеге аттанар ойы жоқ болғандықтан, өзіне заңды
жұбай қарастыруына тура келгенін түсіндіруді ойлады.
Сонда да өзіне-өзі келе алмай-ақ қойды. Қоңырау соғылған сəтте оның
жүрегі тарсылдай соғып кетті.
Ол бұған құшағын жая ұмтылды:
— Сəлем, Сүйкімді дос!
Жігіт құшағының салқындығын де Марель ханым бірден аңғарды.
— Саған не болған? - деп сұрады ол бетіне тіке қарап.
— Отыр, - деді жігіт,- сөйлесу керек.
Қалпағын шешпей, тек бет шілтерін сол ғана көтеріңкіреген де Марель
ханым сұраулы кескінмен отыра кетті.
Дюруа көзін төмен аударды — оған ойын жинақтап алу керек еді.
— Қымбаттым менің, - деп бастады ол баяу үнмен, - менің саған айтпақ
хабарымнан өзімнің берекем кетіп, қынжылып, қамығып отырмын. Мен
сені шын сүйемін, шын жүрегіммен сүйемін, сондықтан сені азапқа
салатыным мені айтар жаңалығымнан гөрі қатты қапаландырады.
Де Марель ханым құп-қу болып, дірілдеп кетті.
— Не болды? Айтсаңшы! - деп сыбырлай сөйледі ол.
Осы кезде жігіт қамыққан, бірақ шешімді түрмен, əдетте ренішті
болғанмен, өзіне жағымды жағдайды хабарлағанда айтылатын жалған
қайғылы үнмен айтарын айтып тынды:
— Болғаны сол - мен үйленемін.
Əйелдің көкірегінен ышқынған ауыр күрсініс шықты, - əдетте есінен
танып бара жатқан адам осындай дыбыс шығаратын, дем ала алмай
булыққан əйелдің сөйлеуге шамасы келмеді.
— Мұндай шешім қабылдамас бұрын менің қаншалықты қиналғанымды
білсең ғой. -Əйел үндемеген соң, ол сөзін одан əрі жалғастырды. - Менің
ақшам да, қоғамда айқын салмағым да жоқ.
Парижде мен жалғызбын, елеусізбін. Маған қиналғанда ақыл беретін,
жұбататын, арқама тірек болатын бір адамның керегін сезіндім. Мен өзіме
одақтас, серіктес болар əйел іздедім, мен оны таптым да!
Дюруа əйел өзіне бірдеңе деп тіл қатар деп үміттенді. Оның ашулануын,
ауыр сөздермен қорлай сөйлеуін күтті.
Де Марель ханым нақ бір жүрегінің соғуына кедергі жасағысы
келгендей-ақ кеуде тұсын басты. Бұрынғыша үзілтіп-үзілтіп ауыр дем
алғанда кеудесі көтеріліп-басылып, басы да қалтаңдап кетеді.
Жігіт оның кресло арқалығында жатқан қолын ұстай беріп еді, ол қолын
жұлып алды.
— Құдайым-ай! - деп сыбырлады əйел жаны шығып бара жатқан
адамша.
Жігіт тізерлеп отыра кетті, бірақ қолын тигізуге батпады: əйел
тарапынан болар кез келген əрекет оны мына үнсіздіктей қорқытпаған
болар еді.
— Кло, кішкентайым менің,- деп күбірледі ол,- менің жағдайымды
түсінуге тырыссаңшы. Аһ, егер мен саған үйлене алар болсам,- одан басқа
бақыттың керегі болмас еді! Бірақ сенің күйеуің бар. Мен не істеуім керек?
Ойланшы өзің, ойлап көрші! Менің де қоғамда өз орным болуы керек, ал ол
үшін өз ошағым болуы қажет. Сен білсең ғой... Кейде мен сенің күйеуіңді
өлтіріп тастағым келетін...
Оның ақырын шыққан көлгір, жұмсақ үні музыка əуеніндей баурайды.
Əйелдің мұздай қатып қалған көзінен шыққан ірі-ірі екі тамшы жас
бетін қуалай төмен сырғанай жөнелді, ал қалған тамшылар кірпігінде
мөлдіреп тұрды.
— Жылама, Кло, жыламашы,- деп сыбырлай сөйледі жігіт.- Жанымды
ауыртпашы.
Қайткенде сыр алдырмауды ойлап, намысын қамшылаған əйел əрең
дегенде өзіне-өзі келгендей болды.
— Кім ол? - деді Марель ханым тамағына жас кептелген əйелдің өксікті
үнімен.
Жігіт бір сəт үнсіз қалды, дегенмен айтпай болмайтын болған соң жауап
қатты:
— Мадлена Форестье.
Де Марель ханым бар денесімен селк етті де, тағы тастай қатып қалды;
өз ойымен болған əйел жігіттің əлі тізерлеп тұрғанын да аңғармағандай еді.
Мөлдір тамшылар бірін-бірі қуалай сырғанап жатты.
Əйел орнынан тұрды. Дюруа оның тіл қатпай, бір ауыз кінəласпай
кететінін ұқты. Ол бұған ренжіп, бар жанымен қорланды. Жібермес үшін
ол əйелдің топ-толық аяғынан құшақтай алды, бірақ мата сыртынан-ақ
аяқтарының сіресе қалғанынан оның қарсылығын сезінді.
— Бүйтіп кетпеші, жалынамын, - деп өтінді ол.
Əйел оған жоғарыдан төмен жас бұлдыратқан қапалы көзбен қарады,
жан жүрегін булықтырған қайғысын білдіре сөйлеп тұрған аянышты
көзқарас еді ол.
— Менің... айтарым жоқ... - деп булыға сөйледі ол,- маған бұл жерде
ештеңе қалған жоқ... Сен., сен рас айтасың... сен... теңіңді таптың...
Мұның қолынан жұлқына шыққан əйел есікке беттеді, бұл да енді
ұмтылмады.
Орнынан көтерілгенде Жорж өзін балтамен басқа соққан адамдай
сезінді. Бірақ ол бойын тез жиып алды.
— Несі бар... Осылай болғаны тіпті жақсы,- деді ол өзіне-өзі. Жанжалсыз... оңай құтылдым. Маған керегі де осы.
Иығынан тас түскендей жеңілденіп, өзінін бəрінен азат екенін, жаңа өмір
жолындағы кедергіден арылғанын сезінген ол ойлағаны болғанына жаны
семіріп, бойын кернеген күшті қайда жіберерін білмегендей, дəл бір өз
тағдырымен жекпе-жекке түскендей-ақ жұдырығымен қабырғаны қойыпқойып қалды.
Форестье ханымның: "Сіз де Марель ханымға айттыңыз ба?"- деген
сұрағына ол беті бүлк етпестен:
— Əрине - деп жауап берді.
Əйел оған мөлдір көздерімен сынай қарады.
— Ол бұған ренжімеді ме?
— Ешқандай. Керісінше, бұл өте жақсы болған екен деді.
Жаналық тез тарады. Біреулер таңғалып жатты, екіншілері бұлай
боларын алдын ала білгендігін айтты, үшіншілері мұны осылай болуға
тиісті нəрседей қабылдады.
Ендігі жазған фельетондарына "Д. де Кантель" деп, хабарларына
"Дюруа" деп, ал газетке анда-санда беріп тұратын саяси мақалаларына "Дю
Руа" деп қол қоя бастаған Жорж жарты күнін қалыңдығының қасында
өткізіп жүрді. Форестье ханым өзін онымен қарындасы сияқты
соншалықты еркін, табиғи ұстады, бірақ бұл еркіндігінде шынайы
елжіреуімен қатар өзі əлсіздігім деп бүркемелеуге тырысатын ынтықтығы
да байқалып қалатын-ды. Екеуара келісім бойынша, бұлар некелескенде
куəгерлерден басқа ешкім де болмайды жəне олар сол күні кешкісін Руанға
жүріп кетпек.
Қалыңдық бірнеше күн жігіттің əке-шешесіне қонақтап қайтуға шешім
қабылдаған-ды.
Дюруа оны бұл ойынан бас тартуға біраз үгіттеп бақты, бірақ сөзін
өткізе алмағаннан кейін ырқына көнуіне тура келді.
Ешкімнің қатысуын қаламағандықтан, шіркеу ғұрпын өткізуден де бас
тартқан олар оныншы мамыр күні қала басшылығы ғимаратына кіріп
шықты, содан кейін үйлеріне келіп заттарын жинастырды да, Сен-Лазар
вокзалынан жүретін кешкі алтының пойызымен Нормандияға жол тартты.
Олар екеуден-екеу вагонда оңаша қалған мезетке дейін сөйлесуге
мұршалары болмаған еді. Пойыздың қозғалғанын сезген сəтте екеуі бірбіріне жалт қарады да, аздаған қолайсыздықты сездірмеу үшін күліп
жіберді.
Ұзыннан-ұзақ Батиньоль дебаркадерінен өткен пойыз ақырында
жазыққа - қала қамалдарынан Сенаға дейін созылатын қураған кең жазыққа
ілікті.
Жорж əйелімен екеуі анда-санда жоқ-барды айтып тіл қатысқаны
болмаса, екеуі де терезеге үңіле қараумен болды.
Аньер көпірінен өтіп бара жатқанда, олар түрлі кемелер, төрт ескекті
жəне балықшы қайықтары сыңсып жүрген өзенді көріп, қуанышты
толқыныс сезіміне бөленді. Мамырдың өткір сəулесі кемелер мен тыптынық қыбыр-жыбырсыз, шалпыл-шайқалыссыз, нақ бір батып бара
жатқан күннің жарқылында ұйып қалғандай көрінетін су бетіне қиғаштай
төгіліп тұрды. Өзен ортасында желдің əрбір лүпілін қалт жібермей бағатын
екі үлкен аппақ үшбұрышты матаны кере жайған желкені бар қайық ұшуға
даярланған бір алып құсты көзге елестеткендей.
— Мен Париждің төңірегін ұнатамын,- деді Дюруа баяу үнмен,- менің
есімнен қалмайтын бір елес - осы жақта балық жегенімді ұмытпаймын.
— Қайықтар ше? - деп іліп əкетті əйел. - Батып бара жатқан күн
шапағын дыбыссыз сырғыған қайықта отырып тамашалаған қандай
керемет!
Өткенді мақтай беруден сақтану керектігін кенет ұққандай екеуі де үнсіз
қалды; осы үнсіздігімен екеуі де, мүмкін, өкініш əуеніне еліге жөнелген
болар-ау.
Дюруа əйеліне қарама-қарсы отырған; енді оның қолын алақанына
салып сүйе бастады.
— Парижге оралған соң біз ара-тұра тамақтану үшін, Шатуға барып
тұратын боламыз, - деді Дюруа.
— Жұмыстан қолымыз босаса! - деді Мадлена, оның үнінен: "Жан
тыныштығынан гөрі пайдалы енбекті ойлайық", - дегісі келген сыңай
сезілді.
Жігіт оның қолын уысынан босата қоймай, қалай еркелету жолын
ойластырумен болды. Егер алдында аңқаулау қыз отырса, ол еш ойланбас
еді, ал Мадленаның аңғарғыш та мысқылшыл ақыл иесі екендігі оны тежей
берді. Ол арандап қалудан, тым жасқаншақ немесе керісінше, тым
кеудемсоқ, қолапайсыз немесе керісінше, тым өлермен болып көрінуден
қорықты.
Қолын қаттырақ қысып еді, ол жауап қайырмады.
— Сіздің əйелім болғаныңызға əлі сене алмай отырғаным, - деді ол.
Мадлена бұған таңырқағандай болды.
— Неге олай?
— Білмеймін. Бір түрлі сияқты. Мен сізді сүйіп алғым келеді жəне оған
хақым бар екендігіне өзім таңғалам.
Мадлена оған бетін тосты, ол оны қарындасын өпкендей-ақ сүйіп алды.
— Мен сізді ең алғаш көргенде, - деп сөзін жалғады ол, - есіңізде ме,
мен Форестьенің шақыруымен сіздің үйге барғанымда, - "Шіркін, осындай
əйелім болса!" - деп ойлаған ем. Ойым орындалды. Сондай əйелді таптым.
— Сіз əзілқой екенсіз, - деді əйел қулана, оның көзіне тура қараған күйі
сыбырлай күліп.
"Мен тым салқынмын. Бұл дұрыс емес. Батылдау болған жөн", деп
ойлаған Дюруа оны əңгімеге тартқысы келді:
— Сіздер Форестьемен қалай таныстыңыздар?
— Біз осы Руанға сол туралы сөйлесу үшін бара жатырмыз ба? —
Мадлена қуақылана күлімдеген күйі қарсы сұрақ қойды.
Жігіт қызарып кетті.
— Мен ақымақпын. Сіздің алдыңызда жүрексініп отырмын.
Бұл сөз əйелге ұнады.
— Қойыңызшы, неге олай?
Жігіт əйелінің қасына, тақала отырды.
— Бұғы! - деп, Мадлена кенет дауыстап қалды.
Пойыз Сен-Жермен орманын қақ жарып келе жатқан. Үрейі ұшқан елік
көзді ашып-жұмғанша ашық алаңнан қарғып өтті.
Мадлена əлі де ашық терезеден көз алмай отыр еді, Дюруа кенет еңкейіп
оның мойнынан қадала сүйді, - бұл ашыналық сүйіс еді.
Мадлена біраз уақыт қозғалыссыз қалды, сонан соң басын көтеріп:
— Қойыңыз, қытығым келеді, - деді.
Алайда еркелету тоқталған жоқ: аса сақтықпен ақырын-ақырын ол
ширатылған мұртымен əйелдің аппақ терісін қытықтай берді.
Мадлена бойын жиып алды:
— Қойсаңызшы енді!
Жігіт оң қолымен əйелдің басынан орай құшақтап, бетін өзіне бұрып
алды да, олжасына шүйілген қаршығадай ерніне төнді.
Əйел бұлқынып, оны итеріп, қолынан босап шығуға əрекеттенді. Бір сəт
бойын ажыратып алғанда:
— Қой дедім ғой сізге! - деп қайталады ол.
Бірақ жігіт оны тыңдамады; əйелді құшағына қыса түсіп, дірілдеген
ынтық еріндерімен қадала сүйген ол оны жастыққа шалқалата берді.
Əрең дегенде оның құшағынан сытылып шыққан Мадлена орнынан
ұшып тұрды.
— Тыңдаңызшы, Жорж, қойыңыз енді! Біз бала емеспіз ғой, Руанға
жеткенше шыдамайтындай не көрінді.
Əйелдің ақылдылығы есін жиғызған жігіт қып-қызыл болып отырды.
Бұрынғы қалпына түскен кезде, ол көңілдене үн қатты:
— Жарайды, мен шыдайын, бірақ Руанға жеткенше сіз менен бір ауыз
сөз ести алмайсыз, - сізді солай қатырамын. Есіңізде болсын: біз Пуассиден
жаңа өтіп барамыз.
— Мен-ақ сөйлейін, - деді əйел.
Содан кейін оның қасына отырып алып, қалаға қайтып оралғаннан кейін
немен айналысатындарын рет-ретімен айта бастады. Олар Мадлена
бұрынғы күйеуімен тұрып келген пəтерде қала береді, оның үстіне
Форестьенің саралқада атқарып келген міндеттері түгелдей жалақысымен
қоса Дюруаға көшетін болады.
Жалпы, ол екеуінің некелік өмірінің барлық материалдық жағын ұсақтүйегіне дейін қалдырмай ұсынақты əйел дəлдігімен алдын ала есептеп
қойған сияқты.
Олардың одағы бастапқы кезде өз мүліктеріне жеке иелік етуге
негізделеді жəне өмірде болар барлық жағдайларды - ажал, айырылысу, бір
немесе бірнеше сəбидің өмірге келуі -бəрін де олар алдын ала қарастырып
қояды. Дюруада, өзінің айтуы бойынша, төрт мың франк бар, оның бір
жарым мыңын ол қарызға алған. Қалғанын ол биылғы жылы өз өмірінде
болар өзгерісті күту үстінде жинақтаған қаражаты құрайды. Мадленада,
өзінің айтуына қарағанда, Форестье қалдырған қырық мың франк ақша бар.
Шарльді еске алғанда, ол оны мақтаңқырай сөйледі:
— Ол өте құнтты, өте ұқыпты, еңбекқор адам еді. Қысқа мерзімде ол
қыруар қаржы жинап алар еді.
Бірақ өз ойымен болып кеткен Дюруа оны естіген жоқ.
Ара-арасында Мадлена үнсіз қалып, əлдебір ойға беріліп кетеді, содан
кейін басталған əңгімені əрі қарай жалғастырып əкетеді:
— Үш-төрт жылдан кейін сіз отыздан қырық мың франкке дейін ақша
жинай аласыз. Шарль əлі де өмір сүре бергенде, ол да осынша ақша табар
еді.
Оның ақыл айтуынан жалыққан Жорж сөзін бөліп жіберді:
— Менің білуімше, біз осы Руанға сол туралы сөйлесу үшін бара жатқан
жоқ сияқты едік қой.
Мадлена оның жағынан ақырын ғана ұрып қойды.
— Расында, мен тіпті ұмытып кетіппін, - деді күле сөйлеп.
Тəрбиелі бала кейпіне түскен жігіт екі қолын тізесіне салып отырды.
— Ақымақтың қылығын істеп отырсыз, - деді Мадлена.
— Мені мұндай күйге түсірген өзіңіз, - деп қарсылық білдірді жігіт, енді мен осы қалыптан шықпаймын.
— Неге?
— Өйткені сіз біздің шаруашылығымызды ғана жүргізіп қоймайсыз,
мені тəрбиелеумен де айналыспақсыз. Əрине, өмір көрген жесір ретінде
оған қақыңыз да бар.
Əйел шынымен таңырқады:
— Сіз мұнымен не айтпақсыз?
— Менің айтайын дегенім, сіздің ақылыңыз менің саңылауыма сəуле
түсірсе, тəжірибелі əйел ретінде сіз мен сияқты күнəден пəк бойдақтың
көзін ашуға тиіссіз!
— Мұныңыз мүмкін емес! - Мадленаның даусы қаттырақ шығып кетті.
— Əбден мүмкін, - деп қарсыласты жігіт. - Мен əйел көрген жан
емеспін, солай ма? -ал сіз еркек көрдіңіз, - өйткені сіз жесірсіз ғой, солай
ма? - демек сіз мені тəрбиелеуді... бүгінгі кештен бастайтын боласыз, солай
ма? - алайда үйретуді дəл қазір бастасаңыз да қарсы емеспін.
— О, егер сіз дəл осы мəселеде маған сенім артатын болсаңыз!.. - деп
əйел көңілдене сөйледі.
- Əрине, сізге ғана үміт артып отырмын, - Дюруа сабақта жауап беріп
тұрған мектеп оқушысының даусына сала сөйледі.
Ол ғана емес, бір жиырма сабақтан кейін сіз мені тəжірибелі адам етіп
шығарады деп сенемін... Он сабақта негізгі пəндерден... оқу жəне
грамматикасын, қалған он сабақта жаттығу жəне шешендікке үйретсеңіз...
Мен, шынында, түкті білмеймін ғой, нағыз түк білместің өзімін!
— Сен ақымақсың! - деп салды мына сөз жанына жаққан əйел өз сөзіне
мəн берместен.
— Демек сен маған "сен" дей бастасаң, - деп іліп əкетті жігіт, - мен де
соны қаладым, менің айтайын дегенім, қымбаттым, саған деген
құштарлығым секунд сайын артып барады, ал Руанның жолы маған тіпті
жеткізбейтіндей болып көрінеді!
Дюруаның енді актерлік мəнермен, сөз ыңғайына қарай күлдіргі
қылықтар жасап тəлімси сөйлеуі зиялы əдеби ортаның көңіл күй
ерекшелігіне үйренген əйелге қызықты болып көрінді.
Ол жігітке енді басқаша көзбен қарай бастады, барған сайын оның
тартымдылығы артып, ағаш басында салбырап тұрған жеміске аңсары
ауып, бірақ санасы дəл қазір жеуге болмайды, азырақ төзімділік танытып,
тамақтан кейін жеу керек дегендей қызығушылығын оятты.
Санасын билей бастаған күнəкар ойынан əйелдің өңі қызғылт тартты.
— Сүйікті шəкіртім-ау, - деді Мадлена, - менің тəжірибеме, менің аса
мол тəжірибеме сеніңіз. Вагондағы өбісудің еш жақсылығы жоқ, ол тек
тəбетіңді азайтады.
Одан əрі қызара түсіп, сөзін сыбырмен аяқтады:
— Пісуі жетпеген астыққа орақ салмайды.
Дюруа күлді, - мынау əдемі ауыздан шыққан астарлы сөз оның ынтығын
арттыра түсті. Ол дұға оқыған жандай-ақ үнсіз ернін жыбырлатты, содан
кейін шоқынды да, салтанатты үнмен тіл қатты:
— Азғырудан сақтаушы əулие Антонийдің ырқына берілдім. Міне, енді
мен таспын.
Ақырындап ымырт түсіп келеді, іңір қараңғылығы он жақта созылып
жатқан көз жеткісіз алқапты жұқа кездемедей жеңіл мұнарымен көлегейлей
бастапты. Пойыз Сенамен қатарласа жүйткіп келеді. Жас жұбайлар темір
жолмен жарыса, жарқырата тазартылған металдай жалтыраған жалпақ
таспадай созылған өзенге жəне аспаннан төгіліп түсіп, батып бара жатқан
күн сəулесінің қызыл шоқтай жайнаған қан қызыл шұғыласынан көз ала
алмай отырды. Шұғыла біртін-біртін күңгірттеніп, күл түстеніп барып
біржола жоғалды. Ал ымырт қоюланған сайын тұнжырай түскен дала да
біртіндеп қараңғылық құшағына енді.
Ашық терезеден сыздықтаған кешкі мұң бұдан біраз уақыт бұрын ғана
желпініскен көңілдерді тұнжыратып, олар да үнсіз отырып қалған еді. Бірбіріне тығыла түскен олар сондай тамаша, жайдары мамыр айының бір күні
қалай таусылғанын көздерінен өткерді.
Пойыз Мантеде тоқтаған кезде вагонда майлы шырақ жағылды да, ол
жыпылықтаған сарғыш жарығымен купенің сұрғылт реңіне жылу жүгіртті.
Дюруа Мадленаны құшақтап өзіне тартты. Оның тағатсыз ынтықтығы
үздіккен мейірімділікке, алып-ұшусыз бəсең, сəбише əлдилейтін, тыныш
қана еміренуге ауысқан.
— Мен сені əрқашанда сүйіп өтемін, Мад, кішкентайым менің, - деген
сыбыры естілер-естілмес болып шықты.
Оның көлгір үні Мадленаның жанына жағымды тиді, əйелдің денесі
дірілдеп, жып-жылы омырауына бетін басып жатқан жігітке еңкейе түсіп,
ернін тосты.
Екеуі үнсіз, қадала ұзақ сүйісті, содан кейін алқын-жұлқын қимылмен
кенеттен денелері айқаса қалды, əлсіз қарсылықты баса-көктеген қысқа
ғана алыс-жұлыс, көзді ашып-жұмғанша өте шыққан құмар қандыру. Содан
кейін екеуі де аздап абыржыған, əлсіреген, бірақ еміренуден таңбаған күйі
паровоз дабылы аялдаманың жақын қалғанынан хабар бергенше
құшақтарын жазбастан жата берді.
— Ұят-ай! - деді əйел саусақтарымен қобыраған самай шашын жөндеп
жатып. - Біз бала боп кеттік пе.
Ал Дюруа оның екі қолын кезек-кезек асыға-үсіге сүйе берді.
— Мен сені жақсы көремін, Мад, кішкентайым менің, - деді ол.
Содан Руанға жеткенше олар беттерін-беттеріне тақап, ашық терезеден
көздерін алмай, анда-санда шамы жарқыраған үйлер көрініс беретін түн
қараңғылығына қараумен болды. Бір-бірінің жылуын сезіне отырып, бұдан
да ыстық жақындықты, ес-түссіз аймаласуды аңсаған олар қиял дүниесінде
қалықтап жүргендей еді.
Олар қонақ үйдің терезесі жағалауға қараған бөлмесін алып, асығыс
тамақтанды да, ұйқыға жатты. Ертеңгілік қызметкер əйел оларды таңғы
сегізде оятты.
Шайды оларға түнгі үстелшеге əкеліп берді, бір-бір шыны шай ішкен
соң Дюруа əйеліне көз салды да, тап бір мол қазынаның үстінен шыққан
жандай оны шаттана құшақтап:
— Кішкентайым менің, - деп сыбырлады, - мен сені сондай сүйем,
сондай сүйем...
Мадлена оған қалтқысыз сене ризалықпен күлімсіреді:
— Мен де... солай сияқтымын... - деді ол жігітті сүйіп жатып.
Алайда Жорж туған үйіне жақындаған сайын абыржулы еді. Ол əйелін
бірнеше рет бас тартуға үгіттеп бақты, оның бойын үйрете беруге тырысты.
Қазір ол тағы осы əңгімені қозғады.
— Сен түсінші, операдан көретініңдей емес, бұлар нағыз шаруа адамдар.
Мадлена күлді.
— Білемін, айтқансың. Одан да түрегел, əйтпесе мен тұра алмай
отырмын.
Жігіт төсектен секіріп түсіп, нəскиін кие бастады.
— Бізге ол үйде ешқандай жағдай болмайды. Менің бөлмемде сабан
нығыздалған қанар төселген ескі кереует қана тұр, - басқа ештеңе жоқ.
Кантльде жүн матырас дегенді білмейді.
Мадлена қуанып кеткендей болды:
— Тіпті жақсы. Бұдан артық не керек... сенімен бірге ... ұйқысыз өткен
түннен кейін ... кенет əтештің шақырған даусын естігенге не жетсін!
Əйел жұмсақ ақ матадан кең етіп тігілген үй көйлегін киді. Дюруа оны
тани кетті де, əлденеге өзін қолайсыз сезінді. Неге? Ол əйелінің таңғы
мезгілге арналған киімдері жетерлік екенін біледі. Сонда не, ол оның бəрін
де жаңамен алмастыруы керек пе? Ол қалай ойласа да, Дюруа мына сияқты
өзіне дейінгі біреумен өткізген түннен кейін киілген киімдерді енді оның
үстінен көруді қаламайды-ақ. Онда тіпті мына жұп-жұмсақ, жып-жылы
матада Форестьенің жақындасуынан бірдеңе сақталып қалғандай сезім
пайда болды.
Темекісін тұтатқан ол терезеге жақындады.
Айлақтағы желкенді жеңіл қайықтар жəне жүк көтергіш шығырлардың
көмегімен тарсыл-гүрсілді молайта жүктерін түсіріп жатқан ауыр
кемелерге толы жалпақ өзен көрінісі оған бұрыннан таныс болса да, бұл
жолы ғажап əсерге бөленді.
— Түу, қандай əдемі еді! — деп сүйсіне тіл қатты ол.
Жүгіріп келген Мадлена оның иығынан еркінси құшақтап, жабыса
қалды да, таңырқағандықтан дауыстап жіберді:
— Аһ, қандай тамаша, қандай ғажап! - деп қайталай берді ол - өзенде
осынша кемелер топырлап жүреді деп ойламаппын!
Ерлі-зайыптылар таңғы тамақты бұдан бірнеше күн бұрын хабар жіберіп
қойған əке-шешелерінің үйінде ішуге тиісті болатын. Бір сағаттан кейін
олар ескі қазандай сақырлаған ашық көлік үстінде келе жатты. Бұлар
алдымен көңілсіз бульвар арасымен ұзақ жүрді, содан кейін үстінде өзен
ағып жатқан жайылым басталды, одан əрі жол тауға қарай өрмеледі.
Мадлена шаршаған еді; тура түскен күн сəулесінің жанға жайлы жылуы
мен дала ауасының тазалығынан маужыраған ол ескі экипаждың бұрышына
тығыла түсіп, ұзамай қалғып кетті.
Оны күйеуі оятты.
— Қарашы, - деді ол.
Таудың үштен біріндей жерге көтерілген олар кез келген саяхатшыға
мақтанышпен көрсетерліктей тамаша көрініс ашылған жерге тоқтаған екен.
Төменде ақшыл өзен кең-байтақ жазықта ирелеңдей ағып жатыр. Сансыз
көп аралмен шұбартқан өзен көз жеткісіз əлдеқайдан ағып келеді де, Руанға
жетпей доғаша иіліп кетеді. Өзеннің оң жағалауындағы таңғы дымқыл
тұман арасынан шатырлары күнге шағылыса жарқыраған, көптеген сүйір,
жалпақ жəне алып бір бағалы тас сияқты нəзік өңделген аспанмен таласқан
доғалы күмбездер мен гербті тəждермен, үшкір сүмбілермен жəне
қоңыраулармен безенген жұмыр жəне төртбұрышты мұнаралар, ал мұның
бəрінен жоғарыда, готикалық шіркеулерден де биікте үп-үшкір собор инесі,
əлемдегі ең қолапайсыз да еренсіз биік таңғажайып қола ине асқақтап
тұрды.
Қарсы жағалауда біршама жерге шашырай орналасқан Сен-Север елді
мекенінің көкке өрлеген сайын кеңейе беретін, жұмыр, жіңішке зауыт
мұржалары мен мұндалайды.
Өздеріне ұқсас биікке ұмтылған қоңырау мұнараларынан да саны басым
бұл ұзын кірпіш мұржалардан шыққан қап-қара көмір түтіні аспанды
ластап, алыс бір қиырларға қарай ұшып сіңіп кетіп жатыр.
Бəрінен көтеріңкі бір мұржа, Хеопс пирамидасы сияқты биік (ол адам
қолымен жасалған туындылардың ішінде биіктігі жағынан екінші орында)
жəне өзінің асқақ құрбысы - собор инесіне пара-пар алып "Найзағай" су
айдаушы мұнарасы үнемі түтін құсып жататын еңбекқор зауыттардың
патшайымы сияқты болса, оның көршісі сүйір төбелі храмдар
жиынтығының патшайымы секілді көрінер еді.
Шеттегі жұмысшы ауданынан əрі қарағайлы орман созылып жатыр. Ескі
жəне жаңа қала арасын кесіп өткен Сена тік жарлы, орман жамылған
жағалауын бойлай, ал кейбір жерінде ақтасты жарын жалаңаштай аға
отырып, тағы бір үлкен жарты шеңбер жасайды да, көз жеткісіз əлдеқайда
жөнеп береді. Ағыс бойымен жоғарылы-төменді үлкендігі шыбындай ғана
кемелер жосылып, қою түтіндерін бұрқылдата, баржаларын сүйретіп
барады. Су ортасында көрінетін аралдар біресе ұзыннан-ұзақ тізбек жасай
жалғасса, енді бірде əр түрлі көлемдегі жасыл моншақтар тізбегіндей, бірбірінен алысырақ орналасыпты.
Ат айдаушы жолаушылардың таңданысы аяқталуын тосып тұр. Ол
əрқилы тектегі адамдардың тамашалауы қаншаға созылатынын жақсы
білетін тəжірибелі жан еді.
Олар орнынан қозғалысымен-ақ Дюруа бірнеше жүз метр жерде
өздеріне қарсы келе жатқан екі қарияны көріп қалды да, экипаждан басын
шығарып, айғайлап жіберді:
— Бұл солар! Мен танып қалдым!
Екі шаруа - бір əйел мен бір еркек - теңселе басып, бір-бірін
иықтарымен қағып-соға жүріп келеді. Еркегі аласа бойлы, мығым денелі,
бет-аузы қып-қызыл, қарынды, жасына қарамай ол өзі шып-шымыр
көрінеді; əйелі ұзын бойлы, арық, бүкірейгендеу, уайымды жүзді, жасынан
қара жұмысқа жегілген, күйеуі келушілермен арақ ішіп, гүжілдетіп
жүргенде, еш езу тартып күліп көрмеген нағыз ауыл еңбеккері еді.
Экипаждан шығып, мына екі жұпыны жанға көз салған Мадлена кенет
жүрегінің аяныштан сығымдалып кеткенін сезінді. Олар мына маңғаз
мырзаның өз ұлдары екенін танымады, ал мына бір ақ көйлекті сəнді
ханым келіндерің десе, тіпті сенбестей еді.
Олар артынан экипаж еріп келе жатқан бұл қалалықтарға көз салып əуре
You have read 1 text from Kazakh literature.
Next - Сүйкімді дос - 13
  • Parts
  • Сүйкімді дос - 01
    Total number of words is 4187
    Total number of unique words is 2253
    34.5 of words are in the 2000 most common words
    49.2 of words are in the 5000 most common words
    57.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 02
    Total number of words is 4146
    Total number of unique words is 2278
    35.1 of words are in the 2000 most common words
    50.3 of words are in the 5000 most common words
    58.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 03
    Total number of words is 4199
    Total number of unique words is 2249
    35.9 of words are in the 2000 most common words
    51.8 of words are in the 5000 most common words
    59.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 04
    Total number of words is 4168
    Total number of unique words is 2101
    35.5 of words are in the 2000 most common words
    49.4 of words are in the 5000 most common words
    56.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 05
    Total number of words is 4247
    Total number of unique words is 2212
    37.5 of words are in the 2000 most common words
    53.5 of words are in the 5000 most common words
    61.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 06
    Total number of words is 4257
    Total number of unique words is 2136
    35.8 of words are in the 2000 most common words
    51.5 of words are in the 5000 most common words
    59.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 07
    Total number of words is 4233
    Total number of unique words is 2172
    36.1 of words are in the 2000 most common words
    51.0 of words are in the 5000 most common words
    58.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 08
    Total number of words is 4243
    Total number of unique words is 2291
    35.6 of words are in the 2000 most common words
    50.6 of words are in the 5000 most common words
    58.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 09
    Total number of words is 4291
    Total number of unique words is 2153
    38.0 of words are in the 2000 most common words
    53.6 of words are in the 5000 most common words
    60.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 10
    Total number of words is 4209
    Total number of unique words is 2149
    36.3 of words are in the 2000 most common words
    51.7 of words are in the 5000 most common words
    58.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 11
    Total number of words is 4266
    Total number of unique words is 2134
    37.7 of words are in the 2000 most common words
    53.2 of words are in the 5000 most common words
    60.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 12
    Total number of words is 4155
    Total number of unique words is 2204
    34.2 of words are in the 2000 most common words
    49.2 of words are in the 5000 most common words
    56.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 13
    Total number of words is 4142
    Total number of unique words is 2280
    34.8 of words are in the 2000 most common words
    49.0 of words are in the 5000 most common words
    56.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 14
    Total number of words is 4143
    Total number of unique words is 2189
    33.9 of words are in the 2000 most common words
    49.0 of words are in the 5000 most common words
    55.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 15
    Total number of words is 4190
    Total number of unique words is 2177
    36.4 of words are in the 2000 most common words
    50.1 of words are in the 5000 most common words
    58.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 16
    Total number of words is 4165
    Total number of unique words is 2187
    34.5 of words are in the 2000 most common words
    48.1 of words are in the 5000 most common words
    54.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 17
    Total number of words is 4208
    Total number of unique words is 2028
    36.9 of words are in the 2000 most common words
    51.5 of words are in the 5000 most common words
    59.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 18
    Total number of words is 4216
    Total number of unique words is 2252
    34.4 of words are in the 2000 most common words
    49.5 of words are in the 5000 most common words
    57.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 19
    Total number of words is 4228
    Total number of unique words is 2120
    36.5 of words are in the 2000 most common words
    51.6 of words are in the 5000 most common words
    59.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 20
    Total number of words is 4225
    Total number of unique words is 2142
    35.5 of words are in the 2000 most common words
    51.9 of words are in the 5000 most common words
    60.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 21
    Total number of words is 3255
    Total number of unique words is 1938
    36.2 of words are in the 2000 most common words
    50.7 of words are in the 5000 most common words
    58.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.